ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет10/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19
 
Төртінші тарау 
 
ҚАНДЫ ЖОЛ 
 
Елісхан ордасы аз қараң-құраңнан бір ақ серке мен қара қойды қатарынан 
әкеліп жиналған жұрттан бата сұрады. Әншейінде болса «қара малы несі» деп 
өре  түрегелуге  даяр  тұратын  қызу  қанды  керей  жігіттері  бұл  жолы  бірін-бірі 
кірпігінің  қимылынан-ақ  ұғып  отырған  түрі  бар.  Кеуделеріне  шөккен  қара 
нардай  қамырықты  серпіп  тастауға  шамалары  келмегендей  дәрменсіз 
күрсінеді. 
Отырғандардың үлкені жәдік руының залыңы аталған Сабырбай еді. Шағын 
денесін  бір  ырғап,  бет-ауызын  жапқан  сақал-мұртын  сылап  қойып,  қоңыр 
үнмен баяу сөйледі. 
–  Кішік  бала,  –  ол  Елісханға  қарады.  Сөз  арасына  «кішік»  дегенді  қосып 
сөйлейтін әдеті еді, – сені жас та болса бас санаймыз. Осы елім деп, бәрімізді 
қанаттыға  қақтырмай,  тұмсықтыға  шоқтырмаймын  деп  көшті  бастап  едің. 
Қарағым, досымыздан жауымыз көп болды. Десе де, ерсің ғой. Еркек боп туған 
адам  еркекше  өмір  сүреді,  –  Сабырбай  осы  сөздерді  айтып  айналасын  бір 
шолып шықты. Жұрт үнсіз тыңдап отыр, – баяғыда Ер Жәнібек бабамыз Сырға 
дейін босып барған керей елін Алтай тауының аяққы сілеміндегі Қалба тауына 
дейін әкеліп көшін доғарған екен. «Ұлы Ертістің бастау алған Өр Алтай жеріне 
қарай  көше  бермейміз  бе»  деген  жас  батырларға:  «Өр  Алтайдың  суы  тентек, 
ағыны  қатты.  Қан  көп  төгілер  жер  болар  ма  екен.  Қабанбай  батырмен  ілесіп 
Ауған деген елдің шетіне дейін барып едім. Сол өңірдің халқы тегіс мұсылман 
екен.  Одан  ары  Кеңтүп,  Тартүп  деген  керемет  жерлер  бар  деп  естідім.  Бірақ 
атымның  аяғы  жетпеді.  Ойдағы  орыс  пен  қырдағы  қытайдан  мойны  қашық, 

түбі  біздің  қазақ  баласының  бір  тиянағы  сол  мұсылман  елдері  болар  ма  деп 
ойлаушы едім. Сол үшін де бірден көшуге асықпайық.  Алды-артымызды, оң-
солымызды  барлап  алып,  баратын  жерімізді  әбден  бағамдап  алайық»  депті 
десуші  еді  ұлы  кәрілер.  Жарықтық  сол  мұсылман  елдерін  бекерге  ауызға 
алмаған шығар. Сол айтқан Кеңтүп, Тартүбінің біріне жетсек қор болмаспыз-
ау деп ойлаймын. Басқа не айтамын. Менің де азу тісім босап, ақылым азайып 
отыр. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Не айтамын. Ақыл – жастан деген. 
Енді  қайда  барамыз,  не  күн  көреміз.  Қара  қойдың  қанына  қол  матырып 
қасамдасар  сәттің  жеткенін  жастар  жағы  да  аңғарып  отырған  шығар.  Ендігі 
сөзді осылардан тыңдайық.  
Осыны айтқан Сабырбай оң жағында отырған Аңғалбай мен Сауытбайға аз-
кем қарап отырды да, онан солындағы Айылбай, Жәукіш бастаған Омар, Көки, 
Мұңлық, Беги, Байеке, Рақи молда, Қойшы, Ілияз, Ыдырыштарға жағалата көз 
жүгіртті. 
Жұрт бір сәт тығырыққа тірелгендей үнсіз қалды. Сөз кезегін Елісхан алды. 
–  «Жақсыға  басын айтсаң  аяғын өзі  түсінеді»  демекші,  Алтайдан  ауған  ел 
Баркөлге  келсе,  Баркөлден  үркіп  мұнда  келгенімізде  бұл  жердің  де  мекен 
болар  түрі  жоқ.  «Кеңеспен  пішкен  тон  келте  болмайды».  Баяғыда  Баркөлден 
көшерде  де:  «Ілесемін,  ілеспеймін  дегенді  өздеріңіз  шешіңіздер,  ешкімді 
зорлап  обалына  қалмаймын»  дегенмін.  Қазір  де  сол  сөзімді  айтамын.  Өз 
тағдырларыңызды өздеріңіз шешсеңіздер өкінбейсіздер. Менің ойлап жүргенім 
жалғыз  қара  басымның  қамы  емес.  Қазақтың  қара  қазан,  сары  баласының 
тілеуі.  Осы  отырғандарымыздың  ұл-қыздарымыздың  ертеңі.  Ендеше,  не 
істейміз. Көшсек қалай көшеміз. Жаңа Сабырбай залың да бәрін айтты. Тоқсан 
ауыз сөздің тобықтай түйіні осы, – деп тоқтады ол. 
–  Қарағым,  Елсіхан,  –  сөзге  енді  Айылбай  араласты.  –  Біз  сені  қой  асығы 
демедік, қолымызға жағып, сақа болдың, жасың кіші демедік, ақылың асып аға 
тұттық.  Бізге  іні  болғаныңмен  осындағы  ел  сені  серкесі  санайды.  Баяғыда  ел 
Баркөлден  бұзылғанда  көп  адам:  «Елісхан  елді  бүлдіріп  қайда  барады»  деп 
сөгіп  еді.  Бұзауға  туған  күн  бұқаға  туып  тақымына  қытайдың  қылбұрауы 
түскенде:  «Елісханның  соңынан  кетпесек  болмады»  деп  дүркірей  қозғалған 
болатын.  Жаныңның  адалдығына,  арыңның  тазалығына  бүкіл  ел  басын  иіп 
отыр.  Сенің  айтқаныңды  бұрмаймыз,  ел  серкесі  өзіңсің,  біз  соңыңнан  еруге 
бармыз, – деді ағынан ақтарылып. 
–  Бәрі  де  Алланың  қолында  ғой.  Дегенмен  де,  дініңді,  тіліңді  қорғау 
жолында  жауына  бас  имей  күресу  нағыз  ерлердің  ісі,  –  Рақи  молда  шоқша 
сақалын  тарамдай отырып  әңгімесін  соза  түсті,  –  төрт би, төренің  заманында 
қазақ өзін өзі басқарып біраз жыл тыныш өмір өткізіп едік. Арамызға кәпірлер 
қалай  кірді,  берекеміз  солай  бұзылды.  Ағайын  арасының  да  іріткісі  көбейді. 
Ақтай  бастаған  шерушілер  мен  Асылбек  бастаған  базарқұлдардың  біразы 
Қобдаға қарай қотарылғанда, Бөке батыр бастаған біраз ел Шіңгілден Шонжы 
жеріне  ауды.  Шонжыдан  Дихуа  өңіріне  жақын  Еренқабырға,  Боғда  төңірегін 
мекендеп еді, онда да қытай ұлықтарына жақпады. Ақыры Тибет жеріне көшті. 
Бөке  өлгеннен  кейін  көрдегі  өліктің  басын  кесіп  алған  қытай  қуғыншылары 

басшысыз қалған елді шырқ иіріп кері айдап әкетті ғой. Сол қуғыншылардан 
бөлініп  қалған  қазақтар  да  көп  болған  екен.  Солардың  ішінде  Жетпісбай, 
Бортан,  Қайса,  Қақыш  деген  кісілер  көрмеген  азапты  көріп,  тентіреп  жүріп 
Үндістан жеріне өтіп кетіпті. Ол елде мұсылман қауымы көп екен дейді. Беті 
жылтырап тұрғанымен ішінде мұз жататын дүңгендерге қарағанда қайырымды 
халық болса керек. Мешіттерге келіп қайыр тілеп жүрген әлгі төртеуін көріп, 
ішер  ас,  киер  киім беріп  бір жыл бағыпты.  «Енді  қайда барасыңдар»  дегенде 
бейшаралардың  ауызына қажылық  түссе  керек.  Сөйтіп, өз  тілектері бойынша 
қажышыларға  қосып  Меккеге  жіберген  екен.  Олар  Меккеге  баруын  барса  да 
қалай  қайтарын,  қайда  барарын  білмей  тағы  да  мүсәпірлік  күй  кешіпті.  Сол 
жерде  сенделіп  жүргенде  1908  жылдары  шамасы  бақтарына  жарай  Алтайдан 
Ақыт  қажы,  Тарбағатайдан  Мамырбек  төре  бастаған  бір  топ  қазақ 
қажышылары Меккеге барғанда оларға кезігіп қалыпты. Бұл кезде Жетпісбай 
Меккеде  өліп,  үшеуі  ғана  қалған  екен.  Ақыт  қажы  қажышылардың  басын 
қосып ақша жинап оларды  Алтайға  аттандырып  жіберіп, өзі  артынан келіпті. 
Сол  Бортанның  Бөке  көшінде  туған  ұлы  Сейітхан  Қарамолда  аталып  осы 
көште жүр, – Рақи молда сөзін осы араға әкелгенде аз кідірді,  – мұның бәрін 
неге айтып отырмын. Іштегі елге қарағанда сырттағы мұсылмандар бауырмал 
екен.  Хотан  мен  Қашқар  жағының  ұйғыр  саудагерлерінің  сол  жаққа  аяғы 
үзілмейді екен. Осы жағын да ескергеніміз жөн шығар. 
– Барған елі керемет болса әлгі төрт жаяу неге сонда тұрып қалмаған. Қиыр 
қонып, шет көшкен Бөкенің тағдыры не болды. Көше беру деген айтарға оңай 
болғанмен оның да азабы ауыр, жолы қия. Бұл жағын да білген дұрыс, – Көки 
жай ғана күңк етіп, көптің көңіліндегі бір күдіктің шетін жылт еткізді. 
Осы  кезде  киіз  үйдің  есігі  айқара  ашылып,  ашаң  жүзді,  аққұба  келген 
сындарлы жігіт сәлем бере кірді: 
– Ассалаумағалейкум. 
– Уағалейкумассалам. 
–  Төрлетіңіз,  аға.  –  Елісхан  төс  соғыстыра  амандасып  кірген  жігітті  көпке 
таныстырды,  –  Ахметқали  деген  ағамыз  –  арғы  беттен  асып  келген  найман 
азаматы.  Шақабай  ауылдарына  сіңіп  кеткен.  Көп  ел  бұл  кісіні  «Ақмолда» 
дейді. 
Ахметқали дегенде үдірейе қарап отырған жұрт «Ақмолда» дегенде барып: 
«иә, иә, әлгі Нәзір тәйжінің ауылынан келген Ақмолда деген кісі осы екен ғой» 
десіп  сырттай  танитындықтарын  білдірісті.  Мардан  үкірдай  бірде  осы 
Ахметқалиды  Елісханға  таныстырып:  «оқыған-тоқығаны  көп,  білімді  азамат, 
үйір-шүйір  жүрсең  бір  керегіңе  жарайды»  деген  болатын.  Елісхан 
жайшылықта адамдармен көп сөйлесе бермегенмен өзінен білімді, білетіні көп 
адамдарды  көргенде  бүйрек  бұрып  мәслихаттасып  тұруды  ұнататын  еді.  Сол 
әдетімен  Ахметқалимен  де  көп  мәрте  кеңескен  болатын.  Әсіресе,  Кеңестер 
Одағы  және  оның  саясаты  мен  ондағы  халықтардың  тағдыры  туралы  талай-
талай әңгіменің тамырын тереңнен суыртпаған. Енді мына топтың үстіне әдейі 
шақырып, сол әңгімелерді қайта қозғағысы келіп отыр.  

Ахметқалидың  басынан  аяғына  дейін  барлай  қарап  отырған  шалдардың 
бірі: 
– Е, мизамша тік жаға кигеніне қарап бөтен ауылдың баласы-ау деп ойлап 
едім. Найман атаңның балаларының көбі шолақ етек болушы еді. Бұл жігіттің 
етегі едәуір ұзын екен ғой, – деп әзілдей тиісті. Әзіл болса да оның астарында 
«не дер екен» деген сынау сыңайының жатқанын бірден түсінген ол бүйірінен 
атқылаған ақсақалға бұрыла күліп: 
– Кәменестер етегімді қысқартамын деген соң, олардан қашып шығып кең 
қолтық керейдің арасына келіп шапанымды ұзартып алдым емес пе, – деп тіл 
қатты.  
Отырғандар ду күлді. 
– О, бәрекелді, дәл айттың. Жөн, жөн. Бәсе, бекер адам Ақмолда аталмайды 
ғой, – деп қостады Сәдей. Арадағы аз әңгімеден кейін Елісхан: 
–  Бұл  ағамызды  мен  қысқа  ғана  таныстырдым.  Ұзын  хикаясын  сіздер  өз 
аузынан тыңдасын деп отырмын, – деп Ахметқалиға қарады. 
Өзінен  сөз  күтіп  отырған  көптің  ыңғайын  тез  аңғарған  Ахметқали 
ақсақалдар жағынан қарап: 
–  Аталар  рұқсат  етсе  өз  жайымды  айта  кетейін,  –  деп  әңгімесін  арыдан 
бастады. 
– Айта ғой, айта ғой, – десті кәрілер жағы. 
–  Руым  найман  ішінде  саржомарт,  әкем  Жайсаңбай  Өскемен  өлкесінде, 
Ертіс бойында Қаршыға еліне он екі жыл болыс болған. Ел қамын ойлайтын, 
халқына өте сыйлы адам болыпты. Ақ патшадан алтындаған тон киіп, капитан 
шенін  таққан  екен.  Халқын  патша  үкіметіне  жәбірлетпей,  айналасындағы 
ағайын-туғандарымен, атқа мініп бас көтерер азаматтармен дұрыс тіл табысып
елін, жерін бейбітшілікке ұстай білгеніне қарағанда дана, саятшы адам болған 
секілді. Ескіше оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу жан болумен бірге сол өңірдің 
атақты байларының бірі екен. 
1917  жылдан  басталған  сәбеттік  қызыл  үкіметті  орнату  төңкерісі  қазақ 
жеріне  үлкен  зобалаң  ала  келді.  Сталин  үстемдігі  орнап  оның  қолшоқпарына 
айналған  Голощекиннің  Қазақ  өлкелік  комитетінің  бірінші  хатшылығына 
келуімен қазақтардың басына қара бұлт үйірілді. Ол келе салып дін адамдары 
мен ірі байларды жазалау жорығын жасады. 
Біз  бір  әкеден  –  Ақмәди,  Ахметжан,  мен  –  Ахметқали  жиыны  үш  ұл  едік. 
Бастапқы  да  ескіше  оқысам,  кейіннен  жаңа  оқумен  сауат  аштым.  1920 
жылдардан  бастап  жаңаша  оқытуды  даярлайтын  мұғалімдер  жетілдіру 
курстары  ашыла  бастап  еді.  Үлкендердің  қарсылығына  қарамай  Семейдегі 
мұғалімдік  семинарияға  жаңаша  оқуға  кіргенім  үшін  молдаларды  жазалауда 
аман қалдым. Бірақ көнеше десе көнешеге жүйрікпін, бай десе бай, болыс десе 
болыс  болғаным  үшін  «байларды  жазалау»  науқанынан  құтыла  алмадым. 
Жалғыз-ақ  түнде  бас  салып  қолыма  көзір,  аяғыма  кісен  салып  ала  жөнелді. 
Мал-мүлкіміз  бен  неше  жылдай  жинаған  көп  кітабымыз  талауға  түсті.  Сол 
сүйрелгеннен мол сүйреліп Өскемендегі Крепость түрмесінен бір-ақ шықтым. 

Алғашқы  әйелім  Рухия  екінші  балаға  жүкті  болып  жүріп  туыттан  қайтыс 
болды.  Артында  София  деген  қызымыз  қалған  еді.  Кейіннен  Оразай  деген 
кісінің  Нұрқатия  деген  қызымен  үйлендім.  Одан  Күлсай,  Марғума  деген  екі 
қызым бар. Әкем Құдай ажалынан өліп, орнында шешем Сиса қалып еді. Өзі 
ноғай  қызы  болатын.  Мен  түрмеде  жатқанда  әйелім  Нұрқатия  мен  қызым 
София  тамақ әкеліп  түрмеге  келіп-кетіп  тұрды.  Түрменің іші  тастай  қараңғы, 
асты-үстінен шегенің ұшы қадалған тар қуысқа қамап, күні-түні қинап, ойға да 
кірмейтін сұрақтармен діңкелететін еді. 
Софиям өңді болды. Сол қарғам түрмеге келіп жүргенде түрме бастығының 
көзі түсіп, жас қызды алдауға кірісіпті. Әкеңнің тірі қалғаны жақсы ма, өлгені 
жақсы ма деп сұраса керек. «Тірі қалғаны керек» деп жылапты қызым. «Онда 
сен маған тиесің, әйтпесе әкең өледі» деп қысайды. Байқұс бала көз жасын көл 
қылып  оны  алдау  үшін  ақыры  мақұлдық  білдірген  болады.  Бірақ  маған 
айтпаған, ештеңеден хабарсызбын. Бар болғаны: «Сені құтқарып әкететін адам 
бар»  деп  мені  қоқыс  салынған  арбаға  жатқызып,  үстіме  қоқыс,  күл  басып 
түрмеден  ұрлап  шығарды.  Ағам  Ақмәдидің  қызы  Рәзипа  ер  жігітке  бергісіз 
ақылды қыз еді. Маған арнап бір арғымақ жаратып отыр екен. Сенімді адамдар 
қосып түнделетіп шекарадан өткізіп жіберді. 
Сөз  осы  араға  келгенде  Ахметқалидың  көзі  жасаурап,  тұнжырап  отырып 
қалды. Ақшыл өңі күреңітіп кетті. 
–  Кәпір  ғой,  кәпірлер  аямайды,  оңбағандар.  Лағынет  жауғырлар!  –  деп 
қарғанды Жәукіш. 
– Неткен зұлымдық. Бар пәленің бастауы орыста екен ғой, – деді Беги. 
–  Айта  бер,  қайтсін  енді.  Іштен  шыққан  шұбар  жылан  оңай  ма.  Болмаса 
мұсылман емес, кәпірдің қылығын қарашы. Айта ғой, сонан, – деді кәрілердің 
бірі. 
Ахметқали жөткірініп алып қайта сөйледі: 
–  Айта  берсе  хикая  көп.  Мылжыңдай  беріп  бастарыңызды  ауыртатын 
болдым-ау.  
–  Әңгіменің  қызығына  енді  келдің.  Айт,  шеріңді  айтсаң  ішің  кеңиді. 
Көңілдің кірі айтса кетеді, көйлектің кірі жуса кетеді. 
–  Арғы  беттен  қашып  келген  біраз  найман  сіздердің  қолтықтарыңызға 
тығылды ғой. Кең қолтық керей деген сөз тегін емес. Алла разы болсын, бізден 
қайтпаса  Алладан  қайтатын  шығар.  1929  жылдың  аяғы  қыс  ерекше  қатты 
болды. 1930 жылды жұтпен қарсы алған Өр керейге қашып келдім. Ол жақтың 
найманы  Өр  Алтайда  екі  адамның  есіміне  қанық  едік.  Оның  бірі  Тары  би 
болса,  бірі  Мәми  бейсі  еді.  Сол  жылдары  қашып  өткен  Әбдікәрім  болыс  – 
Қамбар,  Шабдан  деген  балаларымен  Мәми  ауылын  паналады.  Одан  бұрын 
Төлебай, Әлкенбай, Шәкен, Жақия молда, Арғынбек ақын секілді адамдардың 
Шіңгілге келіп Тары ауылына күйеу болған Ниязбайға арқа сүйеп, керейлерді 
паналап  аман  қалғанын  білетінбіз.  Шақабай  ауылы  мені  де  сырт  тепкен  жоқ. 
Қанатының  астына  алып,  бауырына  тартты.  Бірақ  көңілім  құлазып  ел-жұрт, 
бала-шағамды  ойлап  мазам  кетті.  Арада  бірнеше  жыл  өткенде  Кеңес  Одағы 
мен  Шынжаң  арасында  сауда  қарым-қатынас  жасалып,  екі  елдің  байланысы 

жақсара  қалды.  Өзім  жақсы  араласып  жүрген  ауыл  адамдарына  «ел-жұртыма 
ұрланып барып қайтсам» дегенді айтып едім: 
–  Ойбай-ау,  сені  жалғыз  жіберіп  не  көрінді  бізге.  Жердің  тесігін  жамап 
жүрген  бірнеше  жырынды  жігіт  қосып  берейік.  Керек  болса  Сталиніңді  де 
ұрлап әкеледі, – деді. Бірақ оған мен көнбедім. Бірі – адам көбейсе дабырасы 
көп  болады,  екіншіден,  арандалсам  өз  басыммен  кетсін,  жалғыз  көрейін  деп 
ойладым.  Шақабайдың  ел  иелері  жүйрік  қосар  ат  беріп,  ақ  батамен 
аттандырып  салды.  Бөрінің  аңдуымен  жортып,  шекарадан  ұрланып  өтіп, 
Семей,  Өскемен  өңіріне  де  ат  басын  тіредім.  Мен  қашып  кеткеннен  кейін 
шешем Сисаға қызылдар көрмеген қорлықты көрсетіп, соның тақсыретінен көз 
жұмыпты.  Жылағанмен  орнына  келетін  іс  жоқ.  Оңаша  орманның  арасына 
тігілген  жыртық  киіз  үйді  паналап,  туыс-туғандарды  бір-бірлеп  шақырып, 
ақырын-ақырын қоштастым. Қызым Софияны көре алмадым.  
Ақыры  екі  қызым  мен  Нұрқатияны  алып,  Ертісті  өрлеп  Өр  Алтайға 
тарттым.  Қызылдарға  бүйрек  бұрған  Шырақ  деген  жан  туысым  сатқындық 
істеп,  жауға  хабар  беріп  қойыпты.  Шекараға  таяп  қалғанда  соңымыздан 
қуғыншы  көрінді.  Алтайдың  күдірінде  шауып  үйренген  менің  қос  күреңім 
ілдірмегенімен  балаларымның  мазасы  кетіп  ақырындай  бердік.  Шекараға  бір 
шақырымдай ғана қалғанда Нұрқатия көз жасын көлдетіп: 
–  Тағдыр  бізді  қосуды  жазбаған  екен.  Енді  кешіксең  бәріміз  де  құримыз. 
Сен аман бол. Қатын-балаға түк те қылмайды. Мен жауды шырғалап, беталды 
шаба жөнелейін. Сен жылғаны құлдап өзеннен өтіп кет, – деді. 
–  Жоқ.  Олай  істей  алмаймын.  Не  көрсем  де  сендермен  бірге  көремін,  – 
дедім мен. 
Әйелім зар еңіреді: 
–  Қызылдар  қынадай  қырып  жатқан  мына  күнде  артыңда  бір  тұяқ  та 
қалмасын  деп  тұрсың  ба.  Сен  еркексің,  аман  болсаң  тағы  да  үйленіп  балалы 
боларсың, ұрпақ үзілмесін, бізге енді келме! Құрисың! – деді. 
Мен сонда да болмай: 
– Болмаса балаларымның бірін алып кетемін, – дедім. 
–  Зар  жылап  тұрған  түрлері  мынау.  Жауға  дыбыс  беріп  қояды,  қолды 
боласың,  қаш  деген  соң  қаш!  –  деп  атымның  сауырына  қамшымен  тартып 
кетті.  Ауыздықпен  алысып  тұрған  жүйрігім  өзен  арнасына  қарай  тік  секірді. 
Нұрқатия дөңестеу бір биікке шығып алып, өзеннің өр жағына шаба жөнелді. 
Ағынды  құлдилап  егіліп  барамын.  Әйелімнің  ерлігіне  таңқалып,  ет-бауырым 
езіліп  барады.  Солайша  туған  жер,  өскен  өлке,  қатын-баламнан  тірідей 
айырылдым. Ахметқали тағы да үнсіз отырып қалды. Аздан соң басын көтеріп: 
– Бәрі де Алланың жазған жазуы, сызған сызығы шығар. Оны бұзып кететін 
дәрмен бізде жоқ. Солай болса да, жүрегің еттен жаралған соң езілмеске дәтің 
жетпейді, – деді де, әлдебір өлең жолдарын қинала күбірледі. 
Құзғынды мен Жайдағым, 
Жайлаушы едік аймағын. 
Қаратай мен саржомарт, 
Мекендеген найманым. 

Ойлағанда іш күйер, 
Алтайдың қызық сайранын. 
Атамекен жеріңнен, 
Енді айырылып тайғаның. 
Қалам алсам қолыма
Көңілге түсер қайдағым. 
 
Арада Қалжыр, Тақыр-ай, 
Қалдың алыс, апыр-ай. 
Жер сағынып жылайды, 
Қазақтың бала, қатыны-ай. 
Бөтен жерде тығылып, 
Зарланып қазақ жатыр-ай. 
Жер – адамның анасы, 
Шыдаймыз қайтіп япыр-ай... 
Ахметқалидың  жанарынан  лықсып  шыққан  мөлдір  жас  бірін-бірі  қуалай 
сорғалап  кетті.  Тағы  бірнеше  адамның  танауын  тартып  қорс-қорс  жылағаны 
білінді. 
–  Арғынбектің  өлеңі  екен  ғой.  Қайран  мұңлық-ай.  Оның  да  өзегі  өртеніп 
жүр екен ғой. 
– Қайран Алтай, қайран жер, көре алар ма екенбіз! 
– Қайран Баркөл, сен де сөйтіп қалдың-ау! 
Ахметқали қатты бір жөткірініп алып, дауысын көтере сөйледі. 
–  Осының  бәрі  –  қызылдардың  зұлматы.  Сол  Қызыл  империя  өз  халқын 
отқа қақтап болып, алыстағы бізге де ауыз салды. Алтайдағы арыстар мен ел 
ағаларын айтпаған күннің өзінде арғы беттен келген Шәкәрімнің ұлы Зиятты, 
Әбдікәрім  ұлдары  Қамбар  мен  Шабданды,  күйеу  баласы  Ғазез  Қалбановты, 
Мәметек  бидің  немересі  Айдархан,  Мұхтарханды,  Сәлім  Жаназаровты, 
Әбдікерімнің  қайын  ағасы  Изеттің  Ысқағын  ұстап  із-тозсыз  құртты.  Сол 
қырғыннан  шыбын  жанын  алып  қашып  жүрген  мен  пақыр  Алланың 
бұйрығымен араларыңызда жүрмін. Енді қанша дәмім болады, ол бір Алланың 
қолында.  Ал  айтайын  дегенім,  жүрген  жеріне  шөп  шықпайтын  Қызыл 
империядан,  олардың  зұлымдығынан  қашқаннан  басқа  амал  жоқ.  Бұл  жер 
мекен болмайды. Кету керек, қалайда кету керек! 
– Бұл қызылдардың әкесін қазақ өлтірген жоқ еді ғой. Осығұрша қудалап, 
сары ізіне шөп салып, тұқымын тұздай құртпақ болған зұлымдықтары не! Неге 
бұлай?! – әншейінде көп сөйлей бермейтін Қойшы батыр осылай деп кіжінді. 
Жұрт Ахметқалидың аузына қарады. 
–  Жердің  арғы  бетіндегі  Америка  құрлығына  ағылшындар  алғаш  кіргенде 
индиандарды  қырып  та,  ашықтырып  та  құрта  алмапты.  Ақыры  алдымен  ел 
серкелерін құртып, онан соң мәдениет, білім, ғылым ағарту жолымен ұлттың 
өзегіне құрт болып үңгіп кіріпті. Ағылшындардың бейбіт жолмен жаулап алу 
мақсаты  осылайша  іске  асқан  екен.  Зұлымдықтың  бәрі  де  бақа  тілдес,  балық 
үндес  ағайындасып  жатады  ғой.  Мұны  орыстар  көшіріп  қолданып  қазақты 

торғайдай тоздырды. Енді орыстыкін Шың Шысай бастаған қытайлар көшіріп 
қолданып,  «алты  саясат»  арқылы  арамдық  торын  жайды.  Ел  ішіндегі  сорпа 
бетіне  шығарларды  қойдай  көгендеді.  Мұндайға  қазақтың  «иілген  басты 
қылыш  кеспейді»  деген  сөзі  жүрмейді.  Керісінше,  басыңды  идің  –  бітті, 
қылышпен  қағып  түсіреді.  Допша  тебеді.  Қазіргі  Сталиндік  қырғын,  Шың 
Шысайдың зауалының түп-тамыры міне осында. 
–  Кәпір  қашанда  кәпірлігін,  аярлығын  қоймайды.  Тісінің  ағын  көрсетіп 
тұрып,  аузыңа  ақ  май  тығып  қойып  бауыздай  салады,  –  деп  сөзге  араласты 
Ыдырыш  молда,  –  баяғыда  біздің  ауылдарға  түрік  молдалар  келіп  бізді 
Мұстафа Кемал Ататүрік деген патшамыз жіберді. Орта Азиядағы түркілердің 
жағдайын  біліңдер  деп  еді  деуші  еді.  Сол  Түркияң  алыс  па.  Қажышылар 
айтқанда жердің түбі қылады ғой, – деп тамсанды. 
–  Сіз  айтқан  әңгіменің  жаны  бар.  1917-1918  жылдары  Мұстафа  Кемал 
Ататүрік  түрік  халқының  ұлт-азаттық  күресін  бастады.  Қазақстан  жерінде  де 
«Алаш»  партиясы  құрылды.  Шындыққа  жүгінер  болсақ,  бұлардың  арасында 
сабақтастық  бар  еді.  Сол  жылдары  Алаш  арыстары  Ахмет  Байтұрсынов, 
Міржақып  Дулат  Шәуешекке  дейін  келді.  Ал  Мұстафа  Кемал  Ататүрік  1923 
жылы  Түркия  республикасын  құрып  оның  президенті  болғаннан  кейін  түркі 
халықтары отырақтасқан өңірлердің бәріне өз адамдарын жіберді. Олар Кеңес 
құрамындағы қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен секілді бауырлас ұлттарға барып 
қана қоймай, қытайдағы ұйғырлар мен қазақтардың арасына да келіп қайтқан. 
Сол  үшін  де  Мұстафа  Кемал  Ататүрік  бір  сөзінде:  «Кеңестік  империя  біздің 
дос  көршіміз, бірақ  күндердің бірінде ол  құлауы  мүмкін  ғой. Сонда біз оның 
бұғауында отырған түрік бауырларымызды өзіміз іздеп тауып алуымыз керек» 
деген екен. Егер олар бізді тауып алғанша біз оларды тауып алсақ нұр үстіне 
нұр болар еді. Әттең, арамыз тым шалғай! 
– Бәрінен қорқа бергенше неге болса да тәуекел дегеніміз дұрыс. Шешінген 
судан тайынбайды. 
– Ел аралап сауда жасап жүрген екі сарттың бірі Үндістанды мұсылмандар 
елі  деп  мақтайды.  Сарттар  мекендеген  Қашқар  мен  Үндістанды  Қарақорым 
деген тау ғана бөліп жатыр дейді ғой. 
–  Туған  жерімізден  жырақтап  қаша  бергенде  алдымыздан  қандай  жұмақ 
кезігеді  дейсің.  Одан  да  Алтайға  қарай  тартып,  ондағы  көтерілісшілерге 
қосылып, қытайлармен қырқысып өлгеніміз артық. 
– Алтайға өту үшін арамызда дүңген жатыр, одан ары Баркөл жатыр. Екеуін 
кесіп  өтіп  боламыз  дегенше  қырыла-қырыла  құрып  болатын  шығармыз. 
Кәпірлердің  бетін  ары  қылсын.  Өлсек  те  жаназамызды  шығарып  қоятын 
мұсылманның қолынан өлгеніміз жөн. 
–  Қанша  дегенмен  де,  бұл  елдің  патшасы  –  қытай.  Қытай  патшасының 
қолына  қарағанша  мұсылман  патшасы  бар  елге  кеткеніміз  дұрыс.  Кемінде 
балаларымыз ізгі жүректі мұсылман болып өседі. 
Жұрттың көңіліндегі толқу осыған ойысқанда олар енді Ахметқалиға емес, 
Елісханға қарады. Ол да осы сәтті күткендей ағытыла жөнелді. 

–  «Көп  тілеуі  көл»  дегендей,  сіздердің  арман-тілектеріңізді,  ойларыңызды 


1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал