Темірбек Қожакеев шығармалары 8-том Алматы 2014



жүктеу 4.1 Kb.

бет1/12
Дата08.09.2017
өлшемі4.1 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Темірбек
ҚОЖАКЕЕВ
Шығармалары
8-том
Алматы
2014

УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5 Қаз)-44
Қ 56
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі “Әдебиеттің 
әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы 
бойынша жарық көрді. 
         
ҚОЖАКЕЕВ Т.
Шығармалары  
– Алматы: Айғаным баспа үйі, 2014. 
        ISBN 978-601-03-0261-7
        Т.8. - 286 б.
        ISBN 978-601-03-0269-3
Қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосқан ұстаз
ғалым, сатирик-жазушы Темірбек Қожакеев шығармалары 
жинағының бұл томына автордың сатиралық жанрда жазған 
көркем-әдеби еңбектері еніп отыр. Жазушының уытты да 
 
өткір туындылары оқырманды езу тартқыза отырып ойландырады.
                                                           
УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5 Қаз)-44
ISBN 987-601-03-0261-7
© «Айғаным баспа үйі», 2014
ISBN 978-601-03-0269-3
Қ 56

3
БІРІНШІ БӨЛІМ
ШАНШУ СӨЗДЕР
ЕСКІ ЖЫЛДЫҢ ЖАҢА 
ЖЫЛҒА ХАТЫ
Ал, Жаңа жыл, қош келдің!
Тарихқа  сен  менен  кеш  келдің.  Сондықтан  “іні” 
деп сөйлеуге рұқсат ет!
Қарағым,  інім,  1960  жыл!  Мен  кетіп  барам,  сен 
менің орнымды басып жайланып отырсың. Сен маған 
мұрагерсің. Сондықтан, не істедім, не қойдым, неге 
сүйіндім, неге күйіндім, сенің үлесіңе не қалдырып 
барамын  –  сол  төңіректе  саған  қысқаша  есеп  бере 
кетейін. Ағалық ақыл айтып, кеңес берейін. 
Мен небәрі он екі ай өмір сүрдім. Тарихтың кесіп-
пішіп берген өмірі сол болды. Көп жасадым демеймін. 
«Көп  жасағаннан  сұрама,  көпті  көргенен  сұра»,  – 
дейді  ғой  халық.  Аз  жасасам  да,  көпті  көрдім,  көп 
нәрсені аңғардым.
Ең алдымен аңғарғаным – жер кіндігінде айналып 
тұрған екі түрлі дүние бар екені: бірі – социалистік 
дүние,  екіншісі  –  капиталистік  дүние.  Бұл  екеуі 
күн мен түндей – бірі – жарық бірі – қараңғы екен. 
Социалистік  дүниедегі  өмірді  көріп  сүйіндім, 
капиталистік дүниені көріп күйіндім.

Бірінші  дүниеде  “өмір  жазы”  дегенге  жұмыла 
ұмтылған елді көрдім. Есіл-дерті бейбітшілік болып, 
бүкіл  адамзат  баласына  бақыт  тілеген  ізгі  ниетті 
жұртты көрдім. Олардың қан төгіп қорғап, тер төгіп 
құрған шат-шадыман өміріне дән риза болдым. Бұған 
қалай сүйінбейсің.
Қараңғылық жарықтан қорқады ғой, қарағым. Күн 
шықса, түн түріле бермей ме?! Социалистік дүниедегі 
сәулелі  нұрдан  капиталистік  дүние  сескенеді  екен. 
Оның  көш  бастаған  кейбір  серкелері  бізді  тарих 
сахнасынан    түріп  айдап  шығар  ма  екен?”  –  деп, 
нұрлы  дүниеден  қауіп  етеді  екен.  Сондықтан,  сол 
нұрлы дүниені құрту, сірә, керек шығар деп жаппай 
қарулану идеясын уағыздайтын көрінеді олар. 
Осы  ниетпен  жанұшыра  қарулану  –  көп  елдегі 
халықтардың  қаны  мен  терін  сорып  барады.  Сан 
миллион  адамдар,  көптеген  халықтар  шын  өмірден 
мақрұм  қалып,  қайыршылық  қақпанынан  шыға 
алмай  жатыр.  Олар  жан-жұтына  ұшырап  жартылай 
“оразада” отыр. Міне, міне, осыны да көрдім. Бұған 
қалай күйінбейін! 
Қарағым, інім, маған дейін осы екі дүние арасында 
бір-біріне  сенбеушілік  күшейіп,  ара-қатынас 
шиыршық атып шиеленісіп-ақ тұр екен. Мақтанып-
ақ айтайын, менің тұсымда осы шиеленістің бұрауы 
біраз босатылып, бәсеңсіген сияқты. «Апырай, қайтер 
екен?» – деп соғыс өртінен қауіптенген халықтар бір 
«уһ» – деп, жаны жай тапқандай болды. 
Халықаралық өмірдегі бұл тарихи өзгеріс жөнінде 
әлемдегі  бейбітшіл  жандар  социалистік  дүниенің 
көш басшысы– совет елі алдында борышты. Өйткені, 

5
«Келіңдер,  түсінісейік!”,  “Келіңдер,  жаппай  және 
толық  қарусызданайық!”,  “Келіңдер,  бейбіт  қатар 
өмір сүрейік!” – деп ақ ниетін ортаға алғаш салған 
осы совет халқы болды. Ол капиталистік дүниенің ірі 
өкілі – Америка халқына достық қолын ұсынды. Бұл 
ақ ниетті құптап созған қолды мейірлене қысқандар 
ол елде де көп болды. 
Осындай  батыл  қадам,  игі  шаралар  әркімдердің 
есін  кіргізді.  Халықтар  тағдырын  шоқпардың 
күшімен  шешкісі  келгендердің  бірсыпырасы  «қой, 
болмайды  екен  мұнымыз»  деп  шоқпарын  жерге 
қойды.  «Көрсетеміз  көресінді»  деп  күш  көрсету 
саясатын жүргізушілердің көпшілігі өкпесін басты, 
райдан қайтты.
Қарағым,  інім,  шиеленістің  осы  бәсеңдеуін 
баянды  бейбітшілікке  айналдыру  үшін  енді  сен  де 
өз үлесіңді қос. Сен де талай әумесерлердің демігін 
бас. Қатты ескертем, «Ескінің үні кейбір жерлерде әлі 
де естіліп жүр». Батыстағы барып тұрған бірсыпыра 
соғысқұмарлар  «социалистік  дүниеге  қарсы  соғыс 
күшін қолдану» ниетін әлі тапсырмай отыр архивке. 
Бұлар  есептен  қатты  жаңылып  жүр.  Олардың  есі, 
мүмкін, сенің тұсыңда кірер. 
Қарағым,  мұрагерім,  менің  екінші  аңғарғаным– 
ғылымдағы жаңалықтар мен техникадағы жетістіктер 
болды.  Мен  кейбір  жаңалықтарға  сенерімді  де, 
сенбесімді  де  білмедім.  Бірақ  сенбеске  лажым 
болмады,  көзбен  көріп,  қолмен  ұстадым.  Өзім  сол 
жаңалықтардың  куәсі  болдым.  Әлгі  айтқан  совет 
елі  өзімнің  көзімше  дүние  жүзін  дүр  сілкінткен  үш 
космос  ракетасын  ұшырды.  Бұл  ғажап  іске  біреу 

қуанып  сілкінсе,  біреу  таңданып  сілкінеді,  біреу 
намыстанып сілкінсе, біреу үрейленіп сілкінді.
О,  ғажап!  Сол  ракеталардың  бірімен  совет  елі 
айға апарып ту тікті. Жасампаз халық айдың да тілін 
тапты. Ұялған арудай бір бетін көлегейлеп көрсетпей 
келген ай сұлуды пәренжесін тастауға көндірді. Қазір 
совет адамдары «Айдың да айқындалды тегіс қыры» 
деп жырлауда. Онысы рас, олар айдың екінші бетінен 
Циолковский,  Ломоносов,  Жолио-Кюри  кратерлері 
мен  Москва,  Арман  теңіздерін  ашты.  Ақындар 
айтуына қарағанда, кейбір ерке әйелдер: 
Курорт болса Марста,
Қыс та болса барар ем.
Өз үйімнен алыста
Табар едім таныс та,
Жылды қарсы алар ем,–
дейтін көрінеді. Інім, сен ерке әйелдің бұл қиялына 
қынжылма.  Бұл  шындыққа  айналып  кетуі  де  ғажап 
емес.  Қарағым-ау,  сенің  тұсыңда  болмаса  да,  сенің 
мұрагерлерің  тұсында  «жол  болсын»  деген  сұрауға 
«Марс  курортына  бара  жатырмын»  деген  жауапты 
естір  құлақ  болар  да.  Жердегі  ұйқышыл  жалқаулар 
жасырынып, Айға қашып кетіп, сол жақтан ұйқысын 
қандырып  қайтар  кездің  болуы  да  ғажап  емес.  Екі 
ғашық оңаша сырласпақ болып “қайда кездесейік?–
Айда кездесейік”, десіп сол жақтан түсінісіп қайтар 
да  күн  туар.  «Айды  аралағанда»  деп  очерк,  «Ай 
сапарынан» деп жырлар жазып та жатырмыз.
Тағы  бір  айтар  жаңалық,  менің  тұсымда  “Ленин” 
деген  ұлы  есіммен  аталатын  алып  атом  кемесі  теңіз 

төсіне  шықты.  Бұл–  дүние  жүзіндегі  тұңғыш  атом 
мұзжарғышы. Жұрттың айтуынша, оған «алынбайтын 
құз  да  жоқ,  ерімейтін  мұз  да  жоқ».  Демек,  енді  біз 
Арктиканың  мұз  тұтқынында  қала  алмайтын  халге 
жеттік. 
Байқайсың ба, інім, сөйтіп, мен атом, электроника 
игеру  ғасырының  табысына  өз  үлесімді  қосып 
барамын.  «Аға  бордан,  іні  зордан»  дейді  ғой,  сен 
ғасыр табысына менен де зор үлес қос! Осыны талап 
етемін мен сенен!
Менің  тұсымда  ұлы  жоспарды  орындауға 
бүкіл  ел  болып  жұмылды.  Бұл  жаппай  аттаныс  өз 
нәтижесін  берді.  Қазір  совет  адамдарының  аузында 
«халық  шаруашылығының  жылдық  жоспары  асыра 
орындалады»  деген  жақсы  лебіз  бар.  Менің  тұсымда 
жеке облыс, жеке аудан мен ауыл, жеке шаруашылықтар 
мен жеке адамдар ерлік еңбек етті. Ірі көрсеткіштерге 
қолы  жетті.  Мысалы,  Қазақстанда  көмір  мен  темір, 
мыс  пен  полиметалл  рудаларын  шығаратын,  цемент 
пен  түсті  металдар,  темір  бетон  бұйымдар  өндіретін 
жаңа өндіріс қуаттары сапқа тұрды. 
Қазақстанның  ауыл  шаруашылық  еңбекшілерінің 
де мемлекетке тартқан табағы зор болды. Ол табақпен 
636,7  мың  тонна  ет,  836,4  мың  тонна  сүт,  149,4 
миллион жұмыртқа, 77,8 мың тонна жүн, 204,5 мың 
тонна  мақта,  1240,5  мың  елтірі,  700  миллион  пұт 
астық  өтті.  Демек,  көп  ел  сүтке  кенелді.  Көбіміздің 
ұртымыз  да,  мұртымыз  да  май  болды.  Қазір  «Апа, 
нан!» деп қыңқылдайтын бала жоқ. Әрбір сәби керек 
болса, дәу кесе сүтті өңгеріп, бір таба нанды құшақтап 
отыр.  Айтпақшы,  қаракөл  елтірісінен  папақ  киіп, 

8
жағалы болған мүлде көп. Тіпті қаракөлден тон киген 
де келіншектер жоқ емес. О, молшылық-ай деңізші!
Мемлекетке  тартылған  әлгі  зор  табаққа  200  мың 
тонна  мақтасымен  оңтүстіктер,  166,7  миллион 
пұт  астығымен  ақмолалықтар,  мол  да  семіз  етімен 
ақтөбеліктер  үлес  қосты.  4,6  мил.пұт  астықты 
Қостанай облысындағы «железнодорожны» совхозы 
апарып салды. 
Бұл молшылықты жасауға қолқабыс еткен,қолқанат 
болған оқушы, студенттер мен оқытушы мұғалімдер 
ісін де мақтан етпей кете алмаймын. Олардың ісіне 
де ел риз, мен риза.
Бұл  бұл  ма,  қарағым  інім!  Қазір  Қазақстан 
еңбекшілері сені ауыл шаруашылығын бұрынғыдан да 
өрге бастыру жылына айналдырамыз деп құлшынып 
отыр.  Көкшетаудағы  арықбалықтықтар  сенің 
тұсыңда астық өндіруді еселеп арттыруды ұйғарды. 
Семейліктер  ет  өндірудің  жеті  жылдық  жоспарын 
үш-ақ жылда орындап шығады деп міндеттелді. 
Інім, сен енді осы міндеттемелердің орындалуына 
күш сал, жұртты жұмылдыр. Соған барлық жағдайды 
жаса. Көктемде – нөсерлі, жазда–ашық, күзде шуақты 
жыл бол! Қарлы-аязды қатал болма!
Ағаңның  тағы  бір  байқағаны  мынау  болды, 
қарағым. Совет елінде «істе, өндір, молайт, көбейт!» 
деп тек құрғақ талап қоя бермейді екен. Соны істеу 
үшін, молайту үшін адамға деген барлық қамқорлық 
жасалады екен. Ел оқыса екен, білсе екен, сау-сәлемет 
болса екен, жақсы үйде тұрса екен, сәнді өмір құрса 
екен дейді екен.
Осы  үшін  де  менің  тұсымда  мыңдаған  жайлы 

9
пәтерлер, жарық та сәнді мектептер, ауруханалар мен 
асханалар, клуб пен мәдениет үйлері жұрт игілігіне 
берілді.
Іс  бар  жерде  кемшілік  болады,  табыс  көп  болса, 
олқылық  та  мол  болады  емес  пе.  Бұл  салада  мені 
ренжіткен  жайлары    да  жоқ  емес.  Биыл  тұрғын 
үйлерді  іске  қосу  жоспарының  орындалуы  мені 
қанағаттандырмады.  Шығыс  Қазақстан,  Ақтөбе 
облыстарында  мектеп,  балалар  яслиі  мен  балалар 
бақшасын салу ісі өгіз аяңмен жүргізілді. Осы үшін 
де  ондағы  оқушылар  мен  жас  сәбилер  биыл  өкпелі 
болып қалды. 
Сөз соңында айтарым, інім, жалпы қарқын мықты. 
Бұл шабыстан танбасақ, жетіжылдықты бес-ақ жылда 
орындаймыз.  Тек  тыныштық  болсын,  бейбітшілік 
баянды болсын деп тіле!
Ал, енді, мен кеттім. Қош, қарағым! Менің сүйікті 
ұлдарым  еңбек  озаттарына,  мектептегі  балғын 
балаларға,  оларды  тәрбиелеп  жатқан  мұғалімдер 
мен ата-аналарға сәлем айт менен. Олардың ісі мен 
өмірі, бақытты болашағы мен саулығы саған аманат. 
Сенің тұсыңда да олар сау-сәлемет болсын. Табысты, 
бақытты болсын. Солар арқылы сенің өзіңнің де 12 
айлық өмірің менен де жемісті болсын!
Сен  өз  жеткіншегің  –  1961  жылға  менен  де  зор 
мирас қалдыр, қарағым!
1960 ж.

10
ТЕЛЕСТУДИЯНЫҢ ТЕКЕСІ  
Естімеген елде көп.
Есек мінген молда көп.
Мен бір қызық айтайын,
Ал, тыңдаңдар, бұл не деп!
Осыны айтып, баяғыда біреу жар салған екен. Сол 
сияқты біз де «тыңдаңыздар, тыңдаңыздыр!» демекпіз. 
Бір қынжыларлық хикаядан хабар бермекпіз. 
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, 
бұл  хикаяның  басы  Қазақ  киностудиясының  артист 
қошқарынан шықты. Экраннан ай мүйізді, аша тұяқ 
жануардың  адамша  сайрап  тұрғанын  көргенде, 
Алматының  телестудия  басшылары  біріне  бірі 
қарасты.
– Міне, жаңалық!
– Бұл ғажап екен!
– Тапқырлық деп осыны айт! – десіп олар таңдай 
қағысты.  Келесі  күні  студиядағы  творчестволық 
бірлестіктердің  бас  көтерер  адамдары  бас  қосып, 
ақылдасты. Біреуі:
–  «Көрмес  түйені  де  көрмес»  деген.  Қошқарды 
олардан бұрын біз неге көрмегенбіз десе, екіншісі:
– Жұрт осындай тамаша нәрсені тауып ала қояды. 
Ал  «барымен  базар»  деп  отыра  береміз,  –  деп 
қынжылды. Тағы бірі:
–  Бізде  құлшыну  жоқ,  іздену  жоқ,–деп  кейіс 
білдірді.  Ақыры  біз  де  бір  жаңалық  табалық  деп 

11
тарасты.
Осы шешім студия қызметкерлеріне қамшы басты. 
Әркім-ақ жаңалық іздеп шарқ ұрды. Творчестволық 
топтар  тебінгі  тістесіп  жарысқа  шықты.  Алғашқы 
жүлдені екінші шығармашылық бірлестік әкетті. Ол 
«Жаңалық» табу жағынан киностудиядағылардан да 
асып түсті. Олар экранға қошқар алып шықса, бұлар 
сақалын салбыратып бір көк текені сүйреп шықты. 
Телестудиядағылар  қошқардан  текені  тиімді  деп 
білді.  “Атамзаманнан  бері  теке  қой  бастаған,  теке 
жол бастаған. Бұл теке бізді де жарылқайды, қойды 
бастай  білген  теке  бізді  де  бастай  біледі,  абырой-
атаққа жеткізеді”,– деп текені таңдады. 
Осы  үмітпен  текеге  телевизияның  төрінен  орын 
берілді.  Қарағайдай  мүйізін  қайқайтып,  сақалын 
сүзіле  сүйретіп,  көгілдір  экраннан  ол  жиі  көрінетін 
болды. Телевизия текенің от оттап, су ішетін өрісіне 
айналды.  Сөйтіп,  ондағы  елге  үлгі  ретінде,  ұнамды 
іс-мінездің иесі ретінде көрсетілетін заман озатының, 
жасампаз  адамның  орнын  теке  басты.  Енді  текеге 
еліктеп, текеден үлгі алатын болдық.
Текенің  де  текесі  бар  емес  пе?!  Телестудияның 
текесі  ерекше  теке  болып  шықты.  Ол  сый-құрмет, 
қадыр-қасиетке бөленді. Ондағылар текесі түшкірсе, 
«жәракемалда,  мың  жаса!»  деп  бәйек  болды. 
«Айналайын  мүйізіңнен  иірілген,  айналайын 
тұмсығыңнан  шүйірілген»  деп  оның  бетін  сүйіп, 
аймалайтынды шығарды. 
Телестудияның текесі– ғажап дәулеттің иесі. Олай 
дейтініміз, ондағылар текеге қарап «сен – етсің, сен 
–  сүтсің,  сен  –  құтсың»  деп  егіледі.  «Сен  сүтсің» 

12
дегеніне қарағанда, осылардың текесі ұрғашы болар, 
сауылатын шығар деп те қаласың.
Текеге  деген  жылы  сөз  мұнымен  бітпейді. 
«Талтақтап жүргеніміз сенің арқаң», «сенің арқаңда 
бейнет көрмей, зейнет көріп отырмыз» деп те соғады 
олар.  Сірә,  сол  текенің  дорбасында  таусылмас  бір 
қазына жатқан болу керек.
«Сыйға–сый,  сыраға–бал»  деген.  Телестудия-
дағылар  барын  беріп  отырған  текесінің  алдына 
қарыздар  болып  қала  алмапты.  Қолдан  келген 
жақсылықты  олар  да  аямапты.  «Алдына  балықтай 
он шыбышты салып беріпті» (көрген шығарсыздар, 
текесін  қалай  жарылқағанын).  Қазір  олар  текесіне 
дән  риза.  «Бойың  толған  күш-қуат-ау  сенің.  Әй, 
қуатыңа болайын!» деп, текенің шыбыштарға деген 
ықыласына қол соға қуанды. 
Олар  қазір  текесін  бағып-қағып,  күйек  алуға 
күйлендіріп  жатқан  көрінеді.  Бұл  салада  жаңа 
теориялар  да  жоқ  емес.  Текеге  табынушылардың 
айтуынша,  «насыбайшы  теке  күйекте  күшті 
болады».  Сондықтан  да  олар  өз  текесін  насыбай 
иіскетіп,  насыбай  аттыруда.  Көргендер  текенің 
насыбайы студияда бір дорба деседі. Бірақ көгілдір 
экраннан  бұл  «жаңалық»  қанша  насихатталса  да, 
шопандарымыздың күйекке текесін насыбайшы етіп 
дайындап жатпағанына кәміл сенеміз. 
Бұл    зор  дәулеттің  текесі-ғажайып  ақыл-ой, 
парасаттың  да  иесі.  Киностудияның  қошқары 
«маңыраған  маржан  үнмен»  білгір  пікірлер  айтса, 
телестудияның  текесі  «дүниеде  әділет  бар,  әділетті 
әлі-ақ  табасыңдар»  деп  адамға  ақыл  айтады. 

13
Демек,  бізге  әлемде  әділеттілік  жеңетінін  адамзат 
кемеңгерлері  айтпапты,  теке  айтыпты,  маңыраған 
мал  айтыпты.  Ендеше,  болашақ  тағдырын  білгісі 
келетіндер телестудияның сәуегей текесіне барсын.
Ал,  оқушы,  күлдірер  де  күңірентер  осы  хикаяға 
«сенейін  бе,  сенбейін  бе»  деп  жүрмеңіз.  Сеніңіз! 
Сенбесеңіз телестудияның жақында көрсеткен «Теке 
мен  Текебай»,  «Әділ  билік»  атты  «туындыларын» 
көргендерден сұраңыз.
Мүмкін,  телестудия  қызметкерлері  “текеге 
табынған біз емес, Текебай ғой” дейтін болар. Олай 
десе,  олар  түрік  әпендісі  Бұ  Адамның  кебін  кигені. 
Бұ Адам бір жолы үзеңгіге оң аяғын салып жіберіп, 
есегіне қаңғып мініпті. Сонда оның алдына есектің 
басы емес, құйрығы тұрыпты. Мұны көрген біреу:
– Неге теріс міндіңіз? – депті. Сонда Бұ Адам:
–  Мен  теріс  мінгенім  жоқ,  есектің  өзі  теріс  тұр 
ғой,– деген екен.
Телестудиядағы  жолдастардың  қызығы  текені 
таққа тұрғызып дәріптеумен шектелмейді. Олар ара-
тұра  идеясыздықтың  батпағына  да  батып  қалады. 
Текебайдың  аузына  салған  сөздеріне  қарағанда, 
Майасар  деген  алаяқ  тексеруге  келген  өкілді  күрке 
тауықтың жілігін аузына көлденең тістетіп, шығарып 
салған. Енді мен Текебайдың өзі тауықтың жілігімен-
ақ ұрып алған өкілдерді «бүйрегі бітеу бір тушаның 
басымен  қалай  ұрып  алмаймын»  деп,  алақанына 
түкіріп отырған көрінеді.
Бұл  бұл  ма,  «қуырдақтың  көкесін  түйе  сойғанда 
көрерсің»  дегендей,  бұдан  да  сұмдықты  «Әділ 
биліктен  көресіз.  Онда  экранға  қай  заманды  алып 

14
шығып,  қандай  сырбаздарды  сарнатып  отырғанын 
түсінбейміз.  Бір  түсінікті  нәрсе–  онда  билер  мен 
бектер заманы дәріптеледі. «Қара қылды қақ жаратын, 
әділдікті  ту  қып  ұстаған  бұрынғының  билері-
ай,  шіркін!»  деген  өксіктің  үні  естіледі.  Мұндағы 
емеурінге  қарағанда,  қаратабан  халық  әділдікті  тек 
билерден ғана тапқан. 
Міне,  бұны  бисаясаттық  пен  идеясыздық  емес 
десе, телестудиядағы жолдастардың өзі айтсын. Бұл 
талғампаздық  пен  тұщымсыздық  емес  десе,  елден, 
жұрттан сұрасын.
Киностудиядағы  қошқардың  экрандағы  ойыны 
бір  жарым  мыңға  түссе,  телестудияның  текесі  де 
тегіне түскен жоқ. Өтірік болса, текені бағып-қағып 
отырғандар  айтсын.  Қазір  телестудия  басшылары 
біреу  сойып,  етін  қуырдақ  қып,  терісін  жайып  кете 
ме деп қауіп қылатын көрінеді. Бірақ, текені жетектеп 
творчестволық қанша шырқау биікке көтерілерімізге 
көз жетпейді. 
Баяғыда бір әпенді өзіне тиісті жерін сатып, есек 
алған екен. «Неге бұлай еттіңіз?» дегендерге ол:
– Бұрын көп шығындап арпа алушы ем, енді арпа 
шығындап көң алатын боламын,– депті.
Сол құсап, телестудия басшылары текемен өнерді 
өрге сүйрейміз деп жүргенде, көгілдір экранды көң 
сасытып алмаса болғаны да. 
1963 ж.

15
АЙЛАР АЙТЫСЫ
Міне, ескі жылдың да күні бітті, қоштасар сағаты 
соқты. Кетер алдында ол он екі баласы – он екі айды 
жинап алды. 
– Ел сендердің әрқайсың туғанда «Ай көрдік, аман 
көрдік»  деп  қуанады.  «Ескі  айда  есірке,  жаңа  айда 
жарылқа!» деп жалбыранады. Кәне, сендер әрқайсың 
елді немен есіркеп, немен жарылқадыңдар, айтыңдар! 
– деп оларға сауал қойды.
Он екі ай сәл ойланып қалды. Бәрі де өткенге ой 
жүгіртіп, өз істерін көз алдына келтірді. Аздан соң, 
«жасың  үлкен  ағасың,  жыл  басысың,  жол  сенікі, 
сен сөйле! дегендей, олардың бірі қаңтарға қарады. 
Қаңтар орнынан тұрды:
– Айт, десеңдер, айтайын. Меніңше, дүниеге бос 
келіп,  бос  кетіп  бара  жатқан  ешқайсың  жоқ.  Осы 
отырған бәріңнің де отыз күн өмірің – игі іс, тамаша 
табыстарға  толы.  Кейбіреулерің  тіпті,  үлкен-үлкен 
жаңалықтар  мен  ұлы-ұлы  оқиғалардың  иесісіңдер. 
Менің тұсымда да ел-жұрт назар қойған бір іс болды. 
Кең пейіл қазақ елі өз ағасы – өзбекке сыбаға беріп, сый 
тартты. Оған ақ алтынды Мақтаарал мен бірсыпыра 
жер суын берді. «Досы жоқ–басым, тұзы жоқ–асым» 
деп қарайтын бауырлас елге бірлік белгісі, ынтымақ 
белгісі деп берді. “Ырза болсын, өз ағамдай өзбегім» 
деп  берді.  Бір  тал  кесіп,  он  тал  егетін  еңбекшіл  ел 
құлпыртсын, ақ алтынды аймақты!” деп берді.
Міне, мен осындай мырзалықтың, еншілесе елден 

16
ешнәрсе  аямайтын  қазақ  елінің  кең  пейілділігінің 
куәсі  болдым,  иесі  болдым.  Сөйтіп,  ел  достығын, 
жұрт ынтымағын нығайтуға өз үлесімді қостым. 
Қаңтар  осыны  айтып  отыра  бергенде,  суырылып 
Наурыз шықты:
–  Менің  мақтана  айтар,  шаттана  айтар  бір 
ісімді,  әсіресе  жазушылар  жақсы  біледі,  –  деп  бір 
қойды  ол.  –  Менің  тұсымда  жоғарыдағы  бастығым 
әдебиет,  өнер  өкілдерімен  кездесті.  Бұл  бір  ойда 
қалар,  идеологиялық  өмірімізді  дұрыс  жолға  салар 
кездесу болды. Үлкен елдің парасатты отағасы «нені 
тілесем, соны істеймін, нені жазу да өз ісім: қандай 
көзқараста  болам  десем  де  өз  еркім»  деп  қарайтын 
өзім білермендерді біраз ойға қалдырды. Бұл зиянды 
түсініктің көптеген сырларын ашты.
Бұл кездесуде абстракционизм, формализм сияқты 
шатпақтар шапалақ жеді. Бұл «измдердің» құлдары 
салқын «душ» алды. Осыдан олардың бойы сергіп, 
есі  жиылды.  Бұл  душтың  астында  Т.Ысмайлов 
пен  Ж.Қыдыров,  А.Сүлейменов  пен  О.Сәрсенбаев 
сияқты  қазақтың  жас  творчество  өкілдері  де  бір-
бір  тұрғызып  алынды.  Қазір  Қазақстан  әдебиеті, 
Қазақстан өнерінде де өрлеу бар, өсу бар.
Көңіл  назы  ретінде  Қазақстан  қаламгерлеріне 
айта  кетер  өкпе  де  бар.  Сол  өкпені  жасырмай 
айтсақ, олардың арасында татулық, бірлік жетпейді. 
Қаламдастың  табысына  шын  көңілден  сүйсіну, 
шаласына  ақ  жүректен  күйіну  жетпейді.  Оның 
орнына  авторлармен  «отношениесіне»  қарай 
санасып,  мадақтау  бар.  Тек  кемді  көріп,  кемсіте 
сөйлеу бар. Қыбын тауып, қағып түсіруге бейім бар. 

17
Мынау  тұрған  сәуірде  жарияланған  «сын  түзелмей, 
мін түзелмес» деген мақала – осының айғағы. (Осы 
тұста  сәуір  «не  дейді?»  дегендей  селк  етіп,  басын 
көтеріп тыңдай қалды).
Бұл мақала көргенсіздіктің бір көрінісі болды. Онда 
О.Сәрсенбаев  өз  ұстазы  профессор  Е.Смайыловтың 
жағасына  жармасты.  Жөнсіз  жармасты.  Қазақ 
әдебиетінің  «еңбек  торысы»,  әдебиетшілер  ағасы 
Есақаң  одан  «жанр  табиғатын  мүлде  білмейді 
екенсіз»,  «ештеңе  айта  алмаспыз»,  «одан  дәмеңіз 
болмасын» деген сияқты ерсі сөздер есітті. Осының 
бәрі  маған  арсыз  бала  туған  әкесін  сақалдан  алып, 
сабап жатқандай көрінді. 
Мұндай  қазымырлық  жасап,  қаралап  шыға  келу, 
әсересе, осы біздің тұсымызда жиілеп кеткен сияқты. 
Қазір көзге түртіп тұрған қараны ақ деп ақтап кетуді 
ұят деп білмейтіндер де жоқ емес. Міне, мен осыған 
ренжимін. Жаңа жылда жазушылар арасы жақсарса 
екен деп тілеймін. 
Ескі  жыл  бұл  тілекті  құптағандай  бас  изеді. 
Орынан Сәуір тұрды.
–  Наурыз  айтқан  әлгі  мәнсіз  мақала  маған 
сипаттама бола алмайды. Менің тұсымда Ай сұлуға 
жаңа аттаныс жасалды. Оған қарай тағы бір космос 
ракетасы ұшырылды. Ол жай ұшпады, салмағы 1422 
кг. «Луна-4» автоматты станцияны алып ұшты. Бұл да 
космос кеңістігімен Күн системасының планеталарын 
зерттеудегі  жаңа  қадам,  жаңа  жеңіс  болды.  Демек, 
түпсіз тұңғиық аспан әлемін игеруге мен өз үлесімді 
қосып,  өз  сөзімді  айтып  бара  жатырмын.  Мені 
сипаттайтын оқиға, міне, осы.

18
Менің  байқауымша,  совет  елі  Айды  Марс  пен 
Шолпанға  бара  жатқан,  одан  қайта  тартқан  космос 
корабльдерінің  тоқтап  өтетін,  экипаждардың  тамақ 
ішіп,  тынығып  алатын  алаңына  айналдырады. 
Алдағы  уақытта  «жол  болсын,  қайда  жүрдіңіз?» 
деген сауалға «Айды аралауға» деген жауапты есітер 
құлақ  болады.  Екі  ғашық  оңаша  сырласпақ  боп, 
«Қайда  кездесейік?»,  «Айда  кездесейік»,  –  десіп, 
сол  жақтан  түсінісіп  қайтар  күн  де  туады.  «Айды 
аралағанда» деп очерк, «Ай сапарынан» деп жырлар 
да жазып жатады жұрт.
Бұл  орынды  оптимизмге  ескі  жылдың  еңсесі  бір 
көтеріліп қалды. Ол қуанғаннан қол соғып та жіберді. 
Сөзді Маусым алды.
–  Мен  де  бос  кеттім  деп  өкінбен.  Әлемді 
таңырқатқан  ұлы  бір  оқиғаға  мен  де  ие.  Валерий 
Быковский  мен  Валентина  Терешкованың  зеңгір 
көктегі үні менің уақытымда естілді. «Қаршығаның» 
қалықтап,  «шағаланың»  шаңқылдап,  жер  жүзін 
жалт  қаратқаны  мына  менің  тұсымда  болды.  Ұшу 
ұзақтығы  жағынан  теңдесі  жоқ  рекорд  осы  менің 
кезімде жасалды.
Гәп  мұнда  да  емес,  басқада.  Адамзат  ардақтаған 
ананы  космосқа  тұңғыш  рет  алып  шыққан  мына 
мен  болдым.  «О,қыздар,  күнің  бұл  мақтанар!»  деп 
,маған  арнап  айтылды.  Өйткені,  «Айды  аспанға  бір 
шығардым»  деп  Қожанасыр  айтқандай,  мен  де  ана 
даңқын әлемге бір шығардым.
–  Маусым  бауырым,  тым  мақтанып  кеттің  бе 
деймін, – деп бастады Шілде сөзін.
– Олай деме, мақтанарлық іс іспетті,– деп қойды 

19
Мамыр майысып.
–  Көкке  ұшу  да  табыс  болар.  Ал  жердегі  біздің 
табыс  қай  табыстан  кемдік  қылар,  –  деп  жалғады 
сөзін  Шілде.  –  Мен  де  ел  даңқына  даңқ  қостым. 
Менің  тұсымда  да  өндірістьік  тапсырманы 
орындағандар 
көп. 
Экономикалық 
жоғарғы 
көрсеткіштерге жеткендер де жеткілікті. Соның бірі– 
Өскеменнің  қорғасын-мырыш  комбинаты.  Ол  оза 
шауып  жүлде  алды.  Ленин  орденімен  наградталды. 
И.Алдабергенов,  А.Вартаниян,  В.Дегтяров  сияқты 
комбинат  саңылықтары  Социалистік  Еңбек  Ері 
атанды. Сөйтіп, мен де ерлер даңқын шығардым. 
Мұнан соңғы сөз Тамызға тиді. 
– Ау, ағайын, бірінен де осы менің тындырғаным 
басым  ба  деймін.  Мен  бейбітшілік  ісіне  белсен 
араластым. «Бейбітшілік – береке» , «Соғыс – сор» 
деп отырған ел үніне үн қостым. Қарулануға кеткен 
қаржы  «баспанамыз  болсын,  асханамыз  болсын!», 
«темір жол торабымыз, егін орар орағымыз болсын», 
«жерде  жүйткитін,  суда  жүзетін,  көкте  самғайтын 
көлігіміз болсын, өмірді қайнатар көрігіміз болсын!» 
деп отырған ел тілегін қостадым. 
Қостағаным–  ядролық  қаруды  біраз  қаңтардым. 
Оны су астында, атмосфера мен космос кеңістігінде 
сынауға тыйым салдым. Сөйтіп, соғыс апаты бұлтын 
ыдыраттым.  Бұл  ісіме  тыныштықты  –  “тыныс”  деп 
білетін әлем еңбекшілері сүйсінді. Ендеше, мен де ел 
алдында мақтана алам, шаттана алам.
Тамыз осылай тебіреніп, термелеп барып орнына 
отырды. Мұнан соң ешкім сөйлей алмай  қалды. Ескі 
жыл – әке  сәл күтіп отырды да ,балаларына қарап:

20
– Ал басқаларың не айтасыңдар? – деп сұрады.
– Әке, серпіле сөйлер сөз бәрімізде де бар. Бәріміз 
де  құр  алақан  емеспіз.  Оның  қайсыбірін  айтайық,– 
деді Қыркүйек.
–  Шынында  солай  ғой,  әке,  солай,–  деп  қостады 
оны  Қазан.  Осы  сәтте  басқа  айлар  Қарашаға  бет 
бұрды. «Сен бірдеңе айтпайсың ба?» дегендей болды. 
Олардың  нені  айт  деп  отырғанын  Қараша  да  сезе 
қойды.
– Мен де ерен шабыссыз, тамсана айтар табыссыз 
емес едім, – деп ол орынан тұрды. Бірақ сол табыс, сол 
шабысты  жайсыз  бір  жайт  жуып-шайып  кеткендей. 
Олай дейтінім, менің тұсымда ұят бір үлкен іс болды. 
Американың  реакцияшыл  топтары  өз  президентін 
атып өлтірді. «Итің жаман десе, ит жының ұстайды» 
дейді ғой, тексіз немелердің осы көргенсіздігі менің 
бетіме шіркеу салды. Бірақ ,өскен, өнген елдің білгені 
осы  болса,  мен  қайтейін?!  Өздеріне  өздері  таңба 
басты, күйе жақты. Бұған мені несін кінәлайсыңдар!
Қарашаның осы сөзі үстіміздегі айдың да, жылдың 
да, ғасырдың да бұл сұмдықтан бетін басып ұялғанын 
байқатты.
Осы кезде ескі жылдың ең кенжесі – Желтоқсанның 
соңғы сәті соқты. Ақ басты, қарт әке – Ескі жыл:
–  Рахмет,  балаларым,  бәрің  де  ел-жұртты  жақсы 
іспен  жарылқаған  екенсіңдер!  –  деп  ризалығын 
білдірді  де,  он  екі  баласын  ертіп,  қол  бұлғап,  қош 
айтысып, жүріп кетті.
                                                                  


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал