Тастамашы, ана! Хикаят Меніңше, біздің əкеміз əлемдегі ең жақсы əке. Ешкімге қатты



жүктеу 0.7 Mb.
Pdf просмотр
бет1/15
Дата09.09.2022
өлшемі0.7 Mb.
#21089
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Tastamashy ana 33 Aygiz Baym 1201 khametov




Айгиз Баймұхаметов
Тастамашы, ана!
Хикаят
Меніңше, біздің əкеміз əлемдегі ең жақсы əке. Ешкімге қатты
сөйлемейді, ешкіммен ренжіспейді. Біздің сабақтарымызға
көмектеседі. Ал жазда біз əкемізбен орманға кіріп кетіп,
саңырауқұлақтар тереміз, бүлдірген, қойбүлдірген сияқты орман
жидектерін үйімізге шелектеп теріп əкетеміз. Бірде тіпті əкеміз
бізге бұғыларды көрсетті!
Анамыздың бақиға аттанғанына төрт жыл болды. Əкеміздің қолында
жеті бала қалдық. «Балаларды балалар үйіне өткіз де, үйлен. Ғиззат,
өзіңді бекер қинама, саған əлі талай жыл өмір сүру керек»,-деп оған
көп адамдар ақыл айтты. «Сен жалғыз өзің балаларды өсіріп-жеткізе
алмайсың, оларды балалар үйіне жібер»,- деп барлығы əкемді үгіттеуге
тырысты. Əкеміз болса оларды тыңдағысы да келмеді. Жауап біреу
болды:
Мен тірі тұрғанда балаларымның бір тал шашы да
түспейді! Біз оларды дүниеге əкелгенде балалар үйінде
өссін деген жоқпыз...
Осылайша əкемізбен өмір сүріп жатырмыз. Бірақ кейінгі кезде ол жиі
ауыра бастады. Əрине, сырт көзге білдірмеуге тырысты, бірақ болып
жатқан нəрсені жасыра алмайсың, — қолдары менікі сияқты кіп-
кішкене болып қалды. Қақпадан сыртқа шықпай қалғанына бір
жылдай болды. Оған не болып жатқаны бізге белгісіз. Анамыздың
өлімінен кейін көп түндер бойы ұйықтамады. Терезенің алдында
қозғалыссыз ұзақ тұрды, біреуді күтіп тұрғандай. Бір күні түнде мен
ыстықтап оянып едім, əкемнің анамның суретін құшақтаған калпы
отырғанын байқап қалдым. Ол кезде оның не ойлап отырғаны маған
беймəлім болатын...


Менің екі үлкен ағам мен əпкем қазір қалада оқиды — училищеде
білім алып жатыр. Ендігі екі əпкем Алсу мен Əлия, мен, қарындасым
Зульфира əкемізбен тұрамыз, мектепке барамыз. Кейінгі кезде əкем
тіпті тамақ дайындауға да əлі келмей қалды. Сондықтан да бесінші
сыныптағы Əлияға көже қайнатып, нан илеп, оны пісіруді үйренуге
тура келді. Оның пісірген күлшелері кішкене, ал біз болсақ анамыз
пісіретіндей, үлкенін сұраймыз.
Үлкен болайын, сол кезде үлкенін пісіретін боламын,
жарайды ма? Ал қазірше маған соншама нан илеп, пісіру
өте қиын болып тұр, - деп əпкеміз ақталатын.
Көктемнің шуақты күндерінің бірі еді. Қар баяғыда еріп кеткен.
Алғашқы гүлдер шыға бастады. Көшеде қандай керемет! Əкеміз ғана
үйден шыға алмайды, ол күні бойы төсек тартып жатады.
Балам, маған келші,— деп мені өзіне шақырды.
Иə, əке...
Міне, жатып, өткенді есіме алып жатырмын. Неге екенін
білмеймін, ойым мені жас кезіме қарай ала қашады. Мен
сендердің аналарыңды осындай тамаша бір күнде
кезіктірдім. Содан бері қаншама су арнасымен ақты, сол
кездегі сəттерді бүгінгі күн сияқты есімде қалдырыппын.
Сол шақтарда Гүлнұрыма алғашқы рет бəйшешектер
сыйлап едім.
Əкем үндемей қалды да, қабырғаға қарай бұрылды, ойланып жатты да,
сергек үнмен:
Ұлым, жазыққа барып, бəйшешек теріп келші. Осы
көктемде мен бəйшешектерді əлі көрген жоқпын. Сен
теріп əкелген гүлдерді төсегімнің жанына қойып, қарап
жатайын!
Мен тез келем, əке! — басымды изеп, мен бірден үйден
жүгіріп шығып, тез арада ең əдемі гүл шоғырын алып
кірдім. Бөлменің ішінде жұпар иіс қалқып жүр. Үйіміз
жап-жарық болып, əкеміздің де көңілі бір серпіліп қалды.


Мен əкемді қуанта алғаныма қуанып, күні бойы көтеріңкі
көңіл-күймен жүрдім.
Ұйықтардың алдында əкем мені тағы да өзінің жанына шақырды.
Сен енді үлкенсің, балам, бəрін түсінесің. Мен де осылай
тез қартайып қаламын деп ойлаған жоқпын. Сендерді
аяққа тұрғызып, оқытам-тоқытам, үйлендіріп, той
жасаймын деп армандадым. Байқаймын, оған жете
алатын емеспін.
Оның сөзінен мен өзімді жаман сезіне бастадым. Əкем болса ары
қарай сөзін жалғады:
Ешкім де өзін алдыда не күтіп тұрғанын білмейді. Егер
кенеттен мені ауруханаға алып кетсе, менсіз тіршілік етіп
үйреніңдер. Ұсақ-түйекке бола ұрсыспаңдар, тату өмір
сүріңдер! Өмірде көп қиындықтар болады, сен бірақ
барлығын жеңе біл. Мен ауруханада болғанда сабақтан
қалып қойма. Əпкелерің мен қарындасыңа қамқор бол.
Сен енді қолыңа балта ұстай аласың, үйге,
шаруашылыққа қара. Мен сені жаныма жайдан-жай
шақырмадым, мен үшін құнды бір зат бар еді, соны саған
берейін деп едім...
Осы сəтте əкем қатты жөтелге булықты. Мұндай жөтелі ұзаққа барушы
еді. Сонымен қатар əкем жөтелген сайын жанындағы шелекке қоңыр-
қызыл сұйықтықты түкіретін. Содан кейін күші қалмай, əлсіреп, басын
жастыққа сүйеп, үнсіз жататын. Міне, қазір де солай, маған енді
бірдеңе берейін деп еді, қайтадан жөтелі асқынып кетті.
Жарайды, балам, ертең жалғастырамыз, — деп, əкем
терең демалды, — басым қатты айналып кетті.
Əкем ауырғалы бері мен үлкен төсекте əкеммен бірге ұйықтайтынмын.
Түнде оған дəрі мен су беретінмін. Бүгін бірақ əдеттегідей емес,
басқаша.
Балам, бүгін мен өзім жалғыз ұйықтаймын, — деді əкем.
Мен оның жанына жатуымды өтініп қанша сұрасам да ол көнбеді.


Біз əпкем Əлия екеуіміз мектепке таңертең барамыз, сондықтан ерте
тұрамыз. Кейде мен қулық жасап, ұйқыдан оянсам да, жылы төсектен
тұрғым келмей, жатып аламын. Міне, осылайша Əлия тамақты
ысытып, шəй əзірлегенше жатамын. Үйдің ішін тəтті иістер алып
кеткенде ғана төсегімнен атып тұрамын. Бүгін де көбірек жатқым
келді. Əпкем тұрды, жуынды. Шəйнек те қайнады. Ыдыстардың
сыңғыры естіле бастады. Мен болсам əлі ұйықтап жатқан кейіп
танытудамын. Əдетте əкем де бізбен бірге шəй ішетін. Сондықтан
Əлия алдымен дастарханға əкемді шақырды:
Əке, мен саған шəй құйып қойдым.
Жауап болмады.
Əке, шəй суып қалатын болды... , — деп əпкем шақырса
да əкем орнынан тұрмады...
Əлия оның төсегіне жақындады.
Əке, əке... Əкешім! — жантүршігерлік айқайдан мен
төсегімнен құлап түстім. Əлия ақ жаймадан да аппақ
болып кеткен. Көздерінде қорқыныш, өзінен бірдеңені
қуып жатқандай екі қолын сермей береді. Бұл шудан
басқалар да оянды. Əлия болса бір сөзін қайталай берді:
Біздің əкеміз өліп қалды! Көмектесіңдер! Қайтыс болып
кетті!
Мені ток соққандай. Қалайша қайтыс болды?! Бұл сөздерді менің сəби
санам қабылдамады. Тісім-тісіме тимей сақылдап, тыныстау тым
қиындады. Бір орнымда қаққан қазықтай тұрып қалдым,— жылай да
алмадым, бір сөз де айта алмадым.
Балалардың ең кішісі, бірінші сыныпта оқитын Зульфира , нəзік
дауысымен жылап жіберді. Менің құлағымда енесінен алғаш
айырылған күшіктің өксігіндей сол бір аянышты дыбыс əлі тұрғандай.
Кішкентай қарындасымнан кейін Алсу да жылап қоя берді.
Үйіміз тоқтамайтын жылауға, жан күйдіретін өксікке толып кетті.
Біздің жасымызды тоқтататын əлемде ешқандай күш жоқтай сезілді.
Айналамыз қап-қара, көңілсіз болып қалды. Əкемнің төсегінің


жанында төртеуіміз ұзақ жылап отырдық. Əкеміз бізді аяп, орнынан
тұрып кетер деп ойладық па екен мүмкін?
Əкетай, ояншы, бізді жылатпа! — деп Зульфира оның
қолынан тартқылады. Ол болса еш қозғалыссыз жатты.
Сөйте тұра оның көздері ашық болды. Ал өлгендердің
көздері ылғи жабық жатады! Мүмкін, əкеміз бізбен ойнап
жатқан шығар? Біз оның иықтарынан сілкіледік,
Зульфира тіпті оның шашынан да тартқылап көрді. Бір
кезде біз əкеміздің алақанын қатты жұмып бірдеңені
ұстап жатқанын байқадық. Бұл біздің отбасылық
фотосуретіміз болатын. Арамызда анамыз да бар еді.
Қайда кетті сол бір бақытты күндеріміз?!
Мен өзімнің орманға қалай кетіп қалғанымды білмеймін. Сірə, биік
қарағайлардың арасынан жан тыныштығын іздеген болармын. Түске
қарай үйге оралдым. Қақпалар айқара ашылып, аулаға адамдар лық
толыпты, барлығының жылаудан көздері ісіп кеткен. Əр жақтан
құлағыма əңгімелердің үзінділері жетіп жатыр:
Əй, сорлы, байғұстар. Əлі тіпті кіп-кішкентай ғой.
Жылытатын бір жақын жандары да қалмады.
Айтпа, аталары мен апалары да жоқ...
Қыздар жылай бергеннен ісініп кетіпті. Ақ матаға оралған əкемді
бөлменің ортасына жатқызды. Үлкендер бізді жұбатып,
тыныштандыруға тырысты:
Иə, жер бетінде ешкім, ештеңе мəңгілік емес...
Сендерге ауыр тиді, бірақ құдай қаласа, аяқтарыңнан тік
тұрып кетесіңдер.
Бұлайша көп жылай беруге болмайды. Көз жастарың
əкелеріңнің қабіріне кіріп, ол содан кейін сыз жерде
жататын болады.
Кешке қарай қаладан үлкендеріміз — екі ағамыз бен əпкеміз келді.
Біреулер оларға оқу орындары арқылы хабар бергенге ұқсайды.


Қайтыс болған адамды бір түнге үйінде сақтау керек екен. Түнге қарай
əкемнің мəйітінің жанына жасы үлкен көршілеріміз жиналды.
Балаларға марқұм болған адаммен бір үйде ұйықтау болмайтындықтан
бізді қарама-қарсы үйге алып кетуге бекінді. Мен көршінің үйіне
баруға қарсы болдым, өйткені əкемнің өліміне əлі сенбеген
болатынмын. Əкемнің жанында болғым келді.
Жақсы, ұлына қалуға болады, - деп ақсақалдар маған
рұқсат берді.
Көзімді жұмып қоймайын деп қорқып түні бойы əкемнің мəйітінің
жанында отырдым. Кенеттен ол терең демалды!
Əкем тірі, қараңдар! Ол дем алды! Əкем өлген жоқ!—
деп айқайлап, орнымнан атып тұрдым. Бетінен барып
сипадым. Мен бірде естігем, біреуді қайтыс болды деп
ойлаған екен, ал оның уақытша ғана жүрегі тоқтапты. Ол
адам өзіне-өзі келіп, орнынан тұрғанда бəрін таң
қалдырған екен. Мүмкін, біздің əкеміз де өлмеген шығар!
Үлкендер селт ете қалды.
Бала шаршады, ұйқыға жатқызыңдар, — деді біреу.
Таңертең мен көршінің үйінде ояндым.
Деревняда барлығы əкемді «ағай» дейтін, əдетте өзінен үлкен ер
адамды солай айтады. Ауылдың ақсақалдары да оны «кустым» демей,
«ағай» дейтін. Оған себеп те бар еді. Əкемнің техникадан хабары бар
еді. Бір күннің ішінде тракторды бір бөлшегіне дейін қалдырмай
шашып тастап, келесі күні қайта жинап алатын. Өзіне өтініш білдірген
адамнан ешқашан аянып көрмеген еді. Техниканың ақауын
қозғалтқыштың дауысынан-ақ білетін. Апталап тұрып қалған
тракторды бір-ақ күнде қалыпқа келтіріп жөндеп, тракторшыны қатты
қуантушы еді ғой.
Бірде əкемді колхоздың бас механигі етіп тағайындады. Жұмысына ақ
жейде киіп шыққан екен. Қараса, жас механизатор өзінің тракторын
жөндеп жатса керек. Əкем оған керекті бөлшекті қалай дұрыс шешіп,
қайта ауыстырып, бекітуді көрсетіпті. Түстен кейін əлгі адамға келіп


білсе, ол əлі аяқтамапты. Əкем шыдап тұра алмай, өзі кірісіп кетіп,
жөндеп тастапты. Жұмыстан барлық жері қарамай болып келген екен.
Ертеңінде колхоздың төрағасына барып:
Маған тракторымды қайтарып беріңіздерші. Басқаларға
үйреткенше маған өзім жұмыс істегенім артық, — депті.
Міне, осындай қарапайымдылығы мен елгезектігі үшін ауылдастар
оны «ағай» дейтін.
Əкемізді үйден шығарды. Көше толы əкемді ақырғы сапарға
жөнелтушілер болды. Тек сол кезде ғана əкемнің үйге қайта
оралмайтыны миыма жеткендей болды. Біз енді оның үнін ести
алмаймыз. «Ұйқыдан тұратын кез келді, балам»,- деп мені енді ешкім
оятпайды. Сыныптастарымның арасында əке əперген жаңа киімдермен
де мақтана алмаймын енді. Кім бізді енді орманға жидек теруге
апарады?
Мəйітті сыртқа алып шыға бастағанда Зульфира нəзік үнімен:
Əкемді əкетпеңдерші! Оны үйде қалдырыңдаршы! –деп
шырылдап жылады.
Əлия да жасын іркіп тұра алмай:
Менің өмір сүргім келмейді! Əкесіз қалай енді күн
көреміз?- деді.
Ол бізді тастап кетпеймін, сендер үлкен болып
өскендеріңше жүре тұрамын деп еді ғой, -деп Алсу да
жылады.
Бейіт басына кіре берісте молда құран оқып, дұға бағыштады. Одан
кейін мəйітті терең қазылған шұңқырға əкелді.
Əкелеріңді ақырғы рет бір көріп қалыңдар,- деп молда
бізді шақырды,- ылғи да осындай мейірімді, тату
болыңдар. Тірілерге тіршілікті жалғастыру керек. Көп
жылауға болмайды, əйтпесе əкелеріңнің жаны да
қиналады.
Мен соңғы рет əкемнің бейнесіне үңілдім. Соңғы рет... Оның жансыз
денесін қазылған көрге ақырындап түсірді.


Əке, əкешім! – деп мен емес, жүрегім бірге жұлынып
кетіп бара жатқандай айқайладым. Бізге үш уыс топырақ
алып, қабірге тастауды бұйырды.
Əкемді топырақпен көмбеңдерші! — Зульфира жігіттерге
жүгіріп барып, күректерін тартып алмақшы болып жүр,
— Өтінемін, керек емес! Кетіңдер, сендер жаман
адамдарсыңдар. Анамызды да сендер жерге көміп
тастадыңдар. Мен білемін, ол жақтан ешкім қайтып
келмейді.
Ол кіп-кішкене қолдарымен жігіттердің күректерін тартып алғысы
келіп жанталасып жүр. Оны қабір басынан алып кетейін деп біреулер
ұмтылғанда Зульфира қолынан шығып кетіп, шалынып, шұңқырға
құлап кете жаздады. Үлкендер оны əрең дегенде ұстап қалды. Тез
арада əке қабірі төмпешікке айналды. Оны ағаштармен қоршап қойды.
Бұл адам тірі кезінде қандай жан еді? – деп молда салт
бойынша жиналғандардан сұрады.
Жақсы! – деп барлығы бірдей жауап берді.
Ағай қайырымды, ықыласты адам болатын.
Жаны жəннəттан болсын!
Топырағы торқа болсын!..
Пейіште нұры шалқысын!
Оның жаны жəннатта дамылдасын. Енді, қадірлі қауым,
үйлеріңізге қайтыңыздар. Бейіт басында көп тұруға
болмайды, - деп молда сөзін қорытындылады.
Жетеуімізді кішкене төмпешіктің жанынан алып кету қиын болды. Біз
ол жерді айнала тұрып, жылап-сықтап, өксіп, қиын күйге түстік.
Əсіресе кішкене Зульфираның қайғылы күйін көру бəрімізге ауыр тиді.
Бұл жерде əкемізді қалай тастап кетеміз? –деп өкірді ол,-
Оған бұл жерде қорқынышты. Кім оған дəрісін əкеледі?
Мен оны бұл жерде тастамаймын. Қане, оны үйге алып
кетейік. Біз əкесіз қалай өмір сүреміз?!


Біз қабір басында ұзақ тұрдық. Менің жаңа үйілген топыраққа жата
кетіп, құшақтап, бар дауысыммен: «Əкетай, мен сені ерекше жақсы
көремін! Əлемде сенен артық ардақты жан жоқ!» - деп айқайлағым
келді. Бірақ ол менің кеш айтылған жүрек сөзімді бəрібір естімейді.
Бұрын тіршілік қайнап жататын біздің үйіміз бірден босап, тып-тыныш
болып қалды. Теледидар да, шкафтағы əдемі ыдыстар да көңілсіз
жағдайды өзгерте алмады. Мен əкеме жұлып алып келген
бəйшешектер де қурап қалды...
Əкемді жерлеп келген соң оны үйде еске алу үшін адамдар жиналды.
Əйелдер дастархан жайып, барлығын еске алу асына шақырды. Бəрі
дастарханға енді отырып жатқанда үйге бір милиционер мен бейтаныс
екі əйел кіріп келді. Милиционер үлкен əпкемді өзіне шақырып алып,
құлағына бірдеңелерді сыбырлап жатты. Оған не айтқанын білмеймін,
бірақ əпкемнің беті бірден бозарып сала берді.

жүктеу 0.7 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет