Сөйлеу техникасы



жүктеу 21.78 Kb.
Дата28.04.2022
өлшемі21.78 Kb.
#19408
Сөз

Бұл күнде қазақ тілі білім мен ғылымның, әдебиет пен мәдениеттің барлық саласына қызмет ете алатын мейлінше жетілген тілге айналып отыр. Оның сөз байлығы орасан қолайлы, жазуы орнықты. Әр алуан заңдылықтары нормаға айналды. Қазақ тілінің де өзге тілдер сияқты екшеліп тұрақталған заңдылықтары бар. Ол заңдылықтар сөздерді дұрыс таңдау, орнымен жұмсау, яғни лексикалық заңдылықтар. Сонымен қатар сөздерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып, сөйлемдер құрастыра білу немесе грамматикалық заңдылықтар, дұрыс айту заңдылықтары: сауатты жазу заңдылықтары секілді бірнеше салаларды қамтиды. Қазақ тіліндегі кейбір сөздердің жеке тұрғандағы дыбысталуы мен сөйлеу актісіндегі айтылуы әрдайым бірдей болып келмейді. Сол сияқты сөздердің жазылған түрімен анық оқылуы да бірдей болмайды. Сондықтан мәнерлеп сөйлеу өнері болашақ тәрбиешіден сөйлеу техникасын толық меңгеруді талап етеді.
Сөйлеу техникасы:
Сөйлеу техникасы дыбыстау мүшелерінің қызметімен тығыз байланысты. Сөйлеу техникасына жақсы жаттықпаған адам шығарма мәтінін тыңдаушысына мәнерлеп жеткізе алмайды. Мәнерлеп сөйлеп оқи білу үшін тілдің дыбыс шығаратын мүшелерінің қызметін жақсы білу қажет. Сөйлеу дыбыстарын шығарудағы, жасаудағы дыбыстаушы мүшелердің қызметін артикуляция деп атаймыз. Дыбыстау мүшелері немесе сөйлеу аппаратына өкпе, тамақ, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл, тіс, ерін, иек жатады. Дыбыстау мүшелерінің ішіндегі ең негізгісі - өкпе. Өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің өкпеге қосылатын тармақтарымен тамаққа одан көмейге, көмейден жұтқыншақ қуысына келеді. Жұтқыншақ қуысына келген ауа одан әрі не ауыз қуысы, не мұрын қуысы арқылы өтеді. Өкпе 2 таран қолқа арқылы кеңірдекпен жалғасады және өкпе ауаны ішке тартқанда кеңейіп, ауаны сыртқа шығарғанда демеп отырады. Тіліміздегі дыбыстар өкпедегі ауаның сыртқа шығуымен байланысты жасалады. Сөйлеу процесінде ауа өкпеден біртіндеп баяу шығып, өкпеге бірден тез енеді. Келесі дыбыстау мүшелерінің бірі – тамақ. Ол кеңірдектің жоғарғы тұсына орналасқан. Ал, дыбыстар жасауда басты роль атқаратын дауыс шымылдығы көмеймен байланысты. Дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болып, үн шығады. Дауысты дыбыстар осы дауыс шымылдығындағы дірілден жасалады. Ал үнді дауыссыз дыбыстармен ұяң дауыссыз дыбыстар айтылған кезде дауыс шымылдығы сәл ғана керіліп, діріл өте аз болады. Қатаң дауыссыздарды айтқанда дауыс шымылдығы жиырылып тұрады да ешқандай діріл пайда болмайды. Сондықтан ол дыбыстардың құрамында үннің ешқандай қатысы жоқ. Ал кейбір дыбыстардың айтылуында ауыз қуысы мен мұрын қуысы жаңғырық қосады. Сөйтіп кейбір үнді дауыссыз дыбыстар мұрын қуысы арқылы жасалады. Ал дыбыстардың басым көпшілігінде ауыз қуысы айрықша қызмет атқарады. Дыбыстау мүшелерінің ішіндегі ең негізгілерінің бірі және жылжымалысы – тіл. Тілдің бірде ілгері, бірде кейін жылжуынан, бірде жоғары көтеріліп, бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның ұшының, ортасының, артқы шенінің қимылынан әр түрлі дыбыстар жасалады. Дыбыс шығаруда астыңғы ерін мен үстіңгі ерін де басты роль атқарады. Екі еріннің жымдасуынан Б, П дыбыстары пайда болса, астыңғы еріннің тіске қақтығысуынан Ф, В дыбыстары жасалады. Ал еріннің бірде дөңгеленіп, бірде тартылуы арқылы О, Ө, Ұ, Ү дыбыстары жасалады. Келесі дыбыстау мүшелерінің бірі – таңдай.

Тандай жұмсақ, қатты болып екіге бөлінеді. Қатты таңдай үстіңгі қүрек тіс тұрған қызыл иекпен басталып, ең соңғы тістің тұсынан бітеді. Ал жұмсақ таңдай соңғы тістен басталып, кішкене тілден аяқталады. Келесі дыбыстау мүшесінің бірі – иек. Иек төмен түссе ауыз қуысы кеңейеді. Ашық дауысты дыбыстар пайда болады. Ал иек жоғары көтерілсе ауыз қуысы тарылады да қысаң дауысты пайда болады. Осы дыбыстау мүшелерінің қызметін жақсы меңгергеннен кейін сөйлеу техникасының төселу жолдарына көңіл бөлу керек. Сөйлеу техникасына төселу жолдарына мыналар жатады:


1. дұрыс тыныс ала білу
2. дауысты жаттықтыру
3. үн реңкін қалыптастыру
Сөйлер алдында ауаны ішке жұту керек. Демді ішке тартқанда өкпе ауаға толады да, көкірек қуысы кеңейеді, қабырға көтеріледі. Ал көк ет /диафрагма/ төмен түседі.
Тыныс алудың үш түрі бар:
1. Көк ет арқылы
2. Көкірек арқылы
3. Қабырға арқылы
Ал сөйлеу кезіндегі тыныс алу ерікті және еріксіз болып екіге бөлінеді.
Еріксіз тыныс алу дегеніміз – демді ішке жұту, дем шығару, шұғыл кідіріс жасау. Бұл кәдімгі күнделікті сөйлеу процесінде болады.
Ерікті тыныс алу дегеніміз – демді ішке тарту, кідіріс жасау және дем шығару. Тыныс алудың бұл түрі көркем шығарманы мәнерлеп оқуда, айтуда қолданылады. Тыныс алудың осы түрлерін меңгергеннен кейін тәрбиеші дауысты дұрыс сақтаудың төмендегідей ережелерін білуі керек:
1. Әркім өзінің табиғи дауысымен сөйлеуі тиіс. Айқалап қатты сөйлеуге болмайды.
2. Ұзақ сөйлеуге немесе өлең айтуға болмайды.
3. Тамақты суықтан сақтану керек.
4. Мұрын жолының ауруларынан сақтау керек.
Әр адамның өзіндік дауысы болады. Соған байланысты әр адамның дауысының өзіндік айрықша ерекшеленуі дауыстың биіктігі немесе ырғағы деп аталады. Ал дауыстың мәнерлеп сөйлеу кезінде жоғары, орташа, төмен ырғаққа жеңіл ауыса алуын дауыстың икемділігі деп атайды.
Тәрбиеші өз сөзінің анық, айқын балаға түсінікті болуына көңіл бөлуі тиіс. Өйткені тәрбиеші сөзі балаларға басты үлгі болып есептелінеді. Сондықтан тәрбиеші мәнерлеп сөйлеудің тәсілдерін, орфоэпияның ережелерін мұқият білуі керек. Әр тілдің өзіне ғана тән дыбысталу заңдылықтары сол тілді дербес тіл етіп тұратын белгілердің бірі. Мысалы, алдыңғы сөз А, Е, Ы, І дауысты дыбыстарына аяқталып тұрса, сол сөзбен жалғасып айтылатын келесі сөздің басқы Қ, К дыбыстары айтқан кезде ұяңдап Ғ, Г дыбыстарына айналады. Мысалы, бала, кезде. Менді қыз немесе Ұ, Ү, О, Ө еріндік дауыстылары айтылған кезде өзінен кейінгі буындағы Ы, І, Е дыбыстарын өздеріне икемдейді. Мысалы, Үміт – үмүт, үлгі – үлгү, күміс – күмүс, құлын құлұн.
Орфоэпиялық заңдылықтардың ішіндегі басты ережелердің бірі – элизия. Қатар келген екі дауысты дыбыстардың бірінің түсіріліп айтылуы осы құбылысқа жатады. Мысалы, Сарыарқа – Сарарқа т.б. редукция – сөз ортасындағы кейбір дауысты дыбыстардың айтқан кезде көмескіленуі. Мысалы, Әділет – Дәрігер, Протеза – айтқан кезде сөздің алдына дыбыс қосылып естілуі. Мысалы, Риза – ыриза, рең – ірең т.б.
1. Мәнерлеп сөйлеуде басты роль атқаратын тәсіл –интонация. Оны қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы Құдайберген Жұбанов сөз сазы деп атаған. Интонация немесе Сөз сазы дегеніміз – сөйлеудің мәндік эмоциялық нақыш болуы.

Интонация көркем сөз орындаушының немесе мәнерлеп сөйлеген адамның ішкі сезімінің, ойын білдіретін көркем образдарды бейнелеуге көмектесетін дауыстың алуан түрлі құбылысы. Интонация арқылы тәрбиеші балаларға адамның көңіл-күйіне байланысты болатын құбылыстарды түгел жеткізуі қажет. Сол құбылысқа байланысты дауыстың реңкі кейде ызалы, кейде байсалды, кейде күлдіргі, кейде дөрекі, кейде қызба, кейде назды, кейде қуақы болып шығуы мүмкін.


2. Мәнерлеп сөйлеудегі басты тәсілдердің бірі – екпін.
Қазақ тілі лебізді – динамикалық тәсілдердің қатарына жатады. Лебізді – динамикалық екпіннің ерекшелігі сөздегі буындардың ішінен бір буын ерекше көтеріңкі дауыспен айтылады. Қазақ тілінде екпін сөздің соңғы буынан түседі және сол екпін түскен буын созылыңқы айтылады. Бірақ қазақ тілінде екпін қабылдамайтын қосымшалар да бар: Мысалы:
1. Жіктік жалғауға екпін қабылдамайды / мын, мін, ды, ді, ты, ті, т.б./
2. Болымсыздық жағынан тудыратын ма, ме, па, пе, ба, бе, екпін қабылдамайды.
3. Есімдерге жалғанып теңеулік ұғым тудыратын – дай, дей, тай, тей жұрнақтары екпін қабылдамайды.
4. Етістіктің түбіріне жалғанып тілек, өтініш ұғымының тудыратын шы, ші, жұрнақтары екпін қабылдамайды.
Берші, көрші, жазшы т.б. Қазақ тіліндегі екпін сөз мағынасын айқындау қызметін атқырмайды.
Өйткені екпін үнемі сөздің соңғы буынына түседі. Қазақ тілінде әдетте екпін үш түрге бөлінеді:
1. Сөз екпіні
2. Сөз тіркесі немесе фразалық екпін
3. Сөйлем немесе логикалық екпін
Қазақ тілінде I екпін I ырғақпен айтылатын сөздердің тобы бар. Оған күшейткіш үстеулер жатады. Мысалы, өте, тым, аса, орасан, тіпті. Осы сөздер басқа сөзбен тіркесіп келегнде бір-ақ екпінмен айтылады. Мұндай құбылысты энклитика деп атайды. Ал тіліміздегі күрделі сан есімдермен күрделі сын есімдердің алдыңғы сөздері екпінсіз айтылып, екпін сонғы сөзге түседі де бәрі қосылып бір-ақ екпінге ие болады. Осындай өзінен кейін келген сөзбен қосылып айтылатын екпінсіз сөздерді проклитика деп атайды. Мысалы, жетпіс бес, жүз он, мың бір жүз, торала, ақ сары т.б. Сөйлеуде немесе мәтінді дауыстап оқығанда сөйлемдегі сөздер іркес-тіркес айтыла бермей белгілі сөз тіркесі немесе сөз шумағы бір ғана екпінмен айтылуы мумкін. Осындай бір екпін мен айтылған сөздердің түйдегі – тіркес немесе фразалық екпін деп аталады.
Қазақ тілінде сөздердің төмендегідей тобы айрықша бір комплекс болып келеді, яғни екпінге ие болатын тіркестер:
1. Қос сөздер: қатар-қатар, бала-шаға, ыдыс-аяқ, әке-шеше.
2. Негізгі мағыналы сөздермен шылаулардың тіркесі.: немесе, және , үшін т.б.
3. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер бір комплекс құрап, бір екпінмен айтылады. Мысалы, ән салды, оқып отыр т.б.
4. Анықтауышпен анықталатын сөздердің тізбегі бір екпінмен айтылады. Мысалы: ақ бұлт, биік үй, асқар тау, қызыл алам т.б.
5. Толықтауыш пен баяндауыш болған сөздердің тізбегі бір екпінмен айтылады. Үстеуден болатын пысықтауыш: мысалы: кеше бардым, ертең келеді, бүгін болады.
6. Тұрақты сөз тіркестері бір екпінмен айтылады. Мысалы: ит қияда, көзді ашып-жұмғанда, қой ауызынан шөп алмай т.б.
7. Қосымшасыз тура толықтауыш пен баяндауыштың тізбегі бір екпінмен айтылады. Мысалы: шөп шапты, кітап оқыды, есеп шығарды, ән айтты, би биледі, кино көрді т.б.
Логикалық екпін сөздің белгілі бір буынына немесе сөз тіркесіне түсіп айтылатын секілді кейде сөйлемдегі айтылатын ойдың мәніне қарай, бір сөз айрықша дараланып айтылады. Сөйтіп, ол сөз ой екпініне ие болады да ерекше әуенмен естіледі. Яғни бұндай екпінді логикалық немесе сөйлем екпіні деп атайды. Сөйлемнің айтылу сазына қарай логикалық екпіннің орны өзгеруі мүмкін. Мысалы: лепті сөйлемдерде баяндауыш сөйлем басында келіп, оған ерекше назар аударылса, логикалық екпін сол баяндауышқа түседі. Мысалы: Жасасын 1 май мерекесі! Жазба тілде логикалық екпіннің қай сөзге түсіп тұрғанын сөйлемнің мағынасына қарай табуға болады. Сонда сөйлемдегі екпін түскен сөз басқа сөздерге қарағанда көтеріңкі даыспен мәнерлі етіп айтылады. Сонымен қатар логикалық екпін көркем шығармадағы негізгі айтылатын ойды тыңдаушының дұрыс қабылдауына көмегін тигізеді. Логикалық екпін көбінесе мынадай жағдайларда қойылады:1. Сөйлем ішіндегі бір сөздің мағынасына ерекше көңіл бөлгенде қойылады.
2. Сөйлемдегі қарама-қарсы мағына білдіретін сөздерге логикалық екпін түседі.
3. Сөйлемдегі біріңғай мүшелердің әрқайсысына логикалық екпін түседі.
4. Бастауышы мен баяндауышы зат есімнен болған жалаң сөйлемдерге ой екпіні баяндауышқа түседі. Мысалы: Айжан – мұғалім, Нұрғали – дәрігер.
5. Өз, тіпті, тағы, мүлде деген сөздер логикалық екпін қабылдайды.
6. Сұрау мәнді білдіретін сөздерде де логикалық екпін түседі.
7. Қаратпа сөз сөйлемнің басында келсе логикалық екпінмен ерекшеленеді. Мысалы: Қарағым су әкелші.
Екпіннің келесі бір сиректеу кездесетін түрі эфразалық екпін. Сөйлегенде көңіл-күйдің түрлі толқуларын дыбыстармен жеткізу эмфразалық екпін деп аталады.
Мақұлдау, таңдау, аяу, мейірім, назды білдіретін сөздер екпін түсетін дауысты дыбыстардың созылыңқы айтылуымен беріледі. Мысалы: па-а, шіркін, тамаша-а-а.
Ал жағымсыз эмоцияда /қорқыту, ызалану, зығыры қайнау т.б./ сөз басындағы дауыссыз дыбыстар созылып айтылады. Мысалы, к-көрсетейін т.б.

Негізгі әдебиеттер:


1. Қожахметова Х. Мәнерлеп оқу. А., 1982ж.
2. Дмитриев Е.Д. Практикум по выразительному чтению. М., 1981г.
3. Горбушина Л.А. Выразительное чтение. М., 1978г.
4. Короткова Э.П. Обучение детей дошкольного возраста рассказыванию. М., 1982г.
жүктеу 21.78 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет