Сборник материалов международного научного форума «филологическая наука в ХХІ веке: проблемы и перспективы»



жүктеу 5.01 Kb.

бет9/30
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріСборник
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   30

Использованная литература 
 
1.  Койгелдиев  М.К.,  Омарбеков  Т.О.,  Сармурзин  А.Г.  Рецензия  на  учебник  для  вузов  Г.В.  Кана  «История 
Казахстана»// 
almatykitap.kz/press/2/47.jsp
 
2.  Алтаев  А.Ш.  Рецензия  на  учебник  для  вузов  Г.В.  Кана  «История  Казахстана»//  Информационно-аналитический 
журнал «Саясат», ноябрь, 2005. № 11. 
 
Резюме 
Тарихшы  Г.В.  Кандың  жоғары  оқу  орындарына  арналған  «Қазақстан  тарихы»  атты  еңбегінде  түрлі  методикалық 
тәсілдерді қолдану бойынша ерекшеленеді. Ғалым қазақ тарихын арнайы моделдік қубылыста зерттеген.    
 
 
 
 
Үмбетаев М. 
                                                Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 
                                                Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы 
                                           кафедрасының доценті 
 
 
МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ХАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІН САРАЛАУ САБАҚТАРЫ 
 
Қазақ халық әдебиеті мұраларының әу бастағы туу заманалары мен көтеріп тұрған әлеуметтік зор 
салмақ-жүгі  жайлы  зерттеулерін  Мұхтар  Омарханұлы  Әуезов  соно-оу 1920 жылдардан  бастаған. 
Даңқты  ғұлама-ғалым,  майталман  дәріскер-профессор  Мұхтар  Әуезовтің  бүкіл  ғұмырының  оқу, 
іздену,  толғанумен  өткендігі  әмбеге  аян.  Сан-салалы,  әр  тарапты  әдеби-қоғамдық  жұмыстарының 
арасындағы ең алдымен назар аударатыны оның халық әдебиеті турасындағы зерттеулері болды. Әсі-
ресе,  Мұхтар  Омарханұлы  қазақ  халық  ауыз  әдебиеті  үлгілерін  жинап,  жүйелеу  ісінің  аса  байыпты 

50 
 
майталманы, жанашыр ұстазы ретінде танылды. Қадау-қадау мәң-мағынасы ескірмес, ғибратты ойлар 
айтты. Ықылым, арғы замандарда өмір сүріп, дүниеден баяғыда көшіп кеткен жыру-жыршыларымыз, 
ертекші-аңызшыларымыз, азуын айға білеген айтыскер ақындарымыз бен от көмей шешен-билеріміз 
бүгінгі  көркем  жазба  әдебиетіміз  үшін,  ақын-жазушыларымыз  үшін «...көркемөнердің  баға  жетпес 
меруерт-маржандарын  қалдырды»(1, 205) деген  еді  ұлы  қаламгеріміз.  Сөзіне  ісі  сай  ол  қазақ  ауыз 
әдебиетінің  барлық  жанрлары  бойынша  аса  бағалы  зерттеулер  жүргізді,  алуан  түрлі  ғылыми  мақа-
лалар, монографиялық еңбектер жариялады, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар 
жазды.  Мысалы,  халық  ақындары  поэзиясының  келелі  мәселелері  «Әдебиет  тарихы»(1927), «Әр 
жылдар ойлары»(1959), (Уақыт және әдебиет»(1962) дейтін кітаптарында жан-жақты сөз етілсе, 1960 
жылы  Ұлттық  Ғылым  академиямыз  шығарған  «Қазақ  әдебиетінің  тарихы»  атты  көп  томдықтың 
бірінші кітабының әрі авторы, әрі жалпы редакциясын басқарды. Мұнан басқа да көптеген қоғамдық 
жұмыстарына  қоса,  көңілі  көреген  оқымысты  өмірінің  соңына  дейін  қазіргі  Әл-Фараби  атындағы 
Қазақ  ұлттық  университетінде  қазақ  ауыз  әдебиеті  пәнінен  дәріс  оқыды, «Абайтану»  курсының 
негізін қалады. 
Қазақ  халық  әдебиеті  мұраларын  мазмұн-мағынасына  орай  жіктеп,  топтастыру  ісін  арнайы 
ғылыми  жолға  қойды.  Нәтижесінде,  өзі  жинаған  материалдарының  негізінде 1927 жылы  «Әдебиет 
тарихы» оқулығы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында басылып шықты. Бірақ 
та  империялық-большевиктік  идеологияның  кесірінен  бұл  кітап  көп  уақыт  бойы  қалың  оқырман 
қауым назарынан тысқары қалды. Тек Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана 1991 жылы 
«Ана тілі» баспасы Мұқаңның аталған еңбегін жұртшылыққа қайта ұсынды. Зерттеушінің «Әдебиет 
тарихы»  кітабы,  ақиқатында,  ұлттық  фольклордың  зәру  проблемаларын  қозғаған,  тыңнан  түрен 
тартқандай  тұңғыш,  тұрпат-түрі  басқаша  монография  еді.  Бұрындарғы  тәжірибеде,  көбінесе,  халық 
әдебиеті үлгілерін жинау-жариялау жағы ғана басым болатын. Біздіңше, халықтың ауызша сақталған 
әдеби  шығармашылықтарын  жоғары  деңгейдегі  ғылым  объектісіне  айналдыра  отырып  қарастыру, 
ұлтжандылық  сезім-күйменен  байыптау  Мұхтар  Омарханұлының  тура  осы  еңбегінен  басталады. 
Өйткені, білімпаздың аталған еңбегі бастан-аяқ, тұтастай қазақ ауыз әдебиеті шығармаларының мән-
маңызын  ашуға  бағытталған.  Даралығы  сонда,  бұған  дейін  өзінің  алдында  үлгі  аларлық  белгілі  бір 
көмескі  болса  да  сүрлеу-соқпақтың  болмағандықтан,  автор  бұл  жұмысынан  «көңілдегідей  толық-
тықты іздеуге болмайтындығын» алдын ала ескертеді: «Сондықтан бұл кітап «Қазақ әдебиеті» деген 
толық  атты  аламын  деп  дәмеленбейді.  Қазақ  әдебиетіне  көз  салып  жүрген  адамдардың  алдында 
ескілік-нобай суретін қалқитып беруге жараса, өз міндетін атқарғаны деп білеміз»,-дейді жазушы (2, 
9). Мінеки, осынау мақсатқа сәйкес кітап мынандай бөлімдерден тұрады: 1. Сыршылдық салт өлең-
дері; 2. Батырлар әңгімесі; 3. Ел поэмалары; 4. Тарихи өлеңдер; 5. Ертегі; 6. Айтыс өлеңдер; 7. Зар 
заман ақындары. 
Біздіңше,  қазақ  ауыз  әдебиетін  осылайша  топтап  талдаудың  өзі  сол  кездің  көзімен  қарағанда 
елеулі  жетістік  болып  табылады.  Жаратылысында  зиялы  Мұқаң  данышпандарға  ғана  хас  сыпайы, 
кішілік мінез танытып, тындырған ісін асқақтатпай, тек өзімен тұстастар мен кейінгілерге әдебиетті 
зерттеудің  «нобай-суретін»  үлгі-жобасын  ұсынғандығына  назарымызды  аударады.  Дегенмен,  ауыз 
әдебиетін  саралаған  алғашқы  еңбек  еді  десек  те,  М.Әуезовтің  мұндағы  мәселе  қойысы,  өткір 
тұжырымдары – жаңашыл, соны ойларға өте бай. 
1920 жылдар ішінде небәрі жиырма бес жастардағы, әлі отызға да келе қоймаған жас Мұхтардың 
қазақ  әдебиеттану  жұмыстарының  балаң  шағында-ақ,  аса  байсалды,  ұсынықты  пікірлер  айтып, 
өркеш-өркеш  ғылыми  байламдар  жасауы  кім-кімді  де  қатты  қайран  қалдырады,  таңдай  қақтырады. 
Мысалы, сол жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ Мұқаң «Сыршыл салт өлеңдерін»: -Жалпақ елдің 
салтымен байланысқан шер өлеңдері; Дін салты мен ұғымынан туатын өлеңдер; Қыз ұзату үстіндегі 
салт  өлеңдері,-деп  үшке  ажыратады  да,  олардың  әрқайсысына  тиянақты  анықтама  береді.  Ал 
«Батырлар әңгімесі», «Ел поэмалары» дейтін бөлімдерінде «Едіге», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер 
Сайын», «Шора  батыр», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр», «Қозы  Көрпеш – Баян», «Қыз  Жібек» 
жырларына талдау жасаған.  
Талдау барысында бір қызық, оңтайлы әдіс тауып, әуелі әр жырдың «қысқаша әңгімесін»-оқиға-
лық  желісін,  мазмұнын/  баяндайды  да,  сосын  әр  жырдың  «қысқаша  мәнісін»/тарихқа,  шындыққа 
қатысын,  образдар  жүйесін,  т.б./  ұқтырады.  Сондай-ақ, «Тарихи  өлеңдер», «Ертегі», «Айтыс  өлең-
дер», «Зар  заман  ақындары»  бөлімдерінен  де  М.Әуезовтің  өзіне  тән  зерттеушілік  машығы  айқын 
аңғарылады.  Қазақ  фольклорын  ғылыми  бағытта  бажайлаудың  елең-алаңы  дерлік  сол  бір  қиын-
қыстау 1920-1930 жылдар иінінде М.Әуезовтің өзге де толып жатқан творчестволық шаруаларын қоя 
тұрып,  халық  ауыз  әдебиетіне  беріле  ден  қоюы  оның  болашақты  болжаған  көрегендігін  әйгілейді. 
Сайып  келгенде,  жалпы  жұртшылыққа,  соның  ішінде  өнер  адамдарына  қазақ  ауыз  әдебиетін  терең 

51 
 
оқып, түйсінудің шарт екендігін фольклорист-ғалым былайша тұжырады: «Рас, өткен күннің әдебиеті 
біздің  сүюімізді  тілемейді.  Сүюімізбен  семірмейді  де  түрленбейді.  Жек  көруімізбен  жоғалып  та 
кетпейді. Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымына түсіну – біздің өзіміз үшін керек. Бүгінгі 
әдебиетке  белгілі  жол  салып,  дұрыс  бағыт  береміз  дегенде,  жалпы  қазақ  әдебиетінің  өткен  күнін, 
бүгінгі  қалпын  һәм  келешегін  де  түгел  түсіну  керек.  Сонда  ғана  әрбір  жазушы  хақиқатқа  жақын 
сөйлеуі де мүмкін(2, 227). Мұқаң бұл данышпандық пікірін, керек десеңіз талабын «қазақ әдебиетіне 
көз  салып  жүрген  адамдарға»/ақын-жазушыларға/  әдейілеп,  арнайы  айтып  отыр.  Әрбір  қазақ  жазу-
шысы сонда ғана хақиқатқа жақын ойлауға, сөйлеуге, жазуға үйренеді. Бұл – бір. 
Екіншіден,  ұлттық  фольклорымыздың 1930-1960 жылдар  аралығындағы  жиналу  және  зерттелу 
барысына  да  М.Әуезов  қосқан  олжа  өте  зор.  Оның  айрықша  толыққанды,  мән-маңызы  терең  фоль-
клортану  саласындағы  еңсесі  биік  еңбектері  де  осы  кезеңдердің  үлесіне  тиеді.  Бұл  ретте  дана 
оқымыстының 1939-1940 жылдарда жазылған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деп аталатын 
зерттеуінің  орны  ерекше.  Ілгерідегі  айтқан  ойларын  кеңейте  келіп,  автор  бұл  жұмысында  қазақ 
фольклорын топтап зерттеудің мынындай тәсілдерін ұсынады: 
1.  Халық  поэзиясының  шағын  түрлері:  үйлену-салт  жырлары/«жар-жар», «бет  ашар», «сыңсу»/; 
мұң-шер өлеңдері/«жоқтау», «қоштасу», «естірту»/. 
2. Ертегі, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер - /«хиял-ғажайып ертегілер», «хайуанат 
жайындағы  ертегілер», «салт  ертегілер», «балаларға  арналған  ертегілер», «аңыз  ертегілер», «күй 
аңызы»/. 
3. Батырлар жыры/»Қобланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын»/. 
4. Ғашықтық жырлары/«Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан»/. 
5. Тарихи жырлар. 
6. Айтыс өлеңдері(1, 207). 
Академик  М.Әуезовтің  қазақ  фольклорына  жасаған  осы  классификациясын  кейінгі  жылдардағы 
үлкенді-кішілі  зерттеушілер,  негізінен,  өздерінің  ғылыми  ізденістерінде  басшылыққа  алып  келеді. 
Аталған ауыз әдебиеті шығармаларын жеке-жеке даралап, түбегейлі талдау арқылы Мұқаң олардың 
идеялық  мән-маңызын  халықтың  заманалық  тілек-мүддесіне  сай  шешіп,  бағалап  байыптаудың 
бірегей  шынайы  әдіснамасын,  іргелі  ізін  салып  берді.  Үлкен  болсын,  кіші  болсын  белгілі  бір  ру-
тайпа,  ұлт-ұлыстың,  халықтың  көп  бе,  аз  ба  бастан  кешкен  тарихынан,  өмір-тіршілігінен  сырт 
тұратын  өнер  туындысының  болмайтындығына  көзімізді  жеткізді.  Оның  жарқын  айғағы – 
М.Әуезовтің  туысқан қырғыз елінің  атақты  «Манас» эпосы туралы  жазған  еңбектері. Қазақ-қырғыз 
тарихында  «Манас»  эпосына  ә  дегенде  ыстық  ыждаһатпен  назар  салған  өте  көрнекті  үш  ғұлама 
ғалым бар. Олардың бірі – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, бірі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов, бірі - 
Әлкей Хақанұлы Марғұлан. 
Түркі  тұқымдас  елдер  ауыз  әдебиеті  ішінде  өзінің  көлемі,  оқиғасының  қамтитын  аудан-аумағы 
жағынан  бірінші  орынды  қырғыздың  «Манас»  дастаны  иеленеді.  Тіпті,  мұны  айтасыз,  арысы 
дүниежүзілік фольклорда бұл жырға жақын келіп, иықтаса алар шығарма жоқ! Сан ғасырлар көшінде 
ауызша сақталып, атадан-балаға мирас етіліп келген қырғыздың энциклопедиялық маңызы өлшеусіз 
«Манас»  жырының  бір  көлемді  бөлігін  ХІХ  ғасырдың  орта  шенінде/1856/  қазақтың  ұлы  саяхатшы-
білімпазы  Шоқан  Уәлиханов  қағазға  түсірді,  содан  барып, «Манас»  айдай  әлемге  жайылды. 
Дастанның сол Шоқан жазып қалдырған «Көкетайдың асы» нұсқасы ұзақ уақыттар бойы еш жерден 
таптырмай  оқырмандарды,  ғылыми  ортаны  едәуір  толғандырған  еді.  Бұл  бейнетті,  мәртебелі  істі 
еңбекқор  зиялымыз  Әлкей  Марғұлан  жарқырата  орындап  шықты. 1971 жылы  әдебиетші-этнограф 
Ә.Марғұлан  «Шоқан  және  «Манас»  атты  кітабында  өзінің  Омбы  шаһарының  мұрағатынан  тапқан 
Шоқанның араб қарпімен жазылған қолжазбасын жариялап, Шоқантану, Манастану ғылымдарының 
көкжиегін кеңейте түсті. 
 «Манас»  эпосының  идеялық-көркемдік  мәнін,  халықтар  мәдениеті  сапындағы  орнын  тексерген 
жұмыстар санының өзі осы күні бірқыдырау жерге барды. Кандидаттық, докторлық диссертациялар 
қорғалып, қазақ-қырғыз фольклоршыларының тың тұрпатты манастанушылар легі өсіп шықты. Ауыз 
әдебиеті мұраларын халықтық көзқарас үдесінен екшеп қабылдаудың ұлағатты мектебі қалыптасты. 
Ондай жоғары елдік мұраттарды ту қылып көтерген мектептің негіздеушісі, тұңғыш тәлімгер ұстазы 
Мұхтар  Омарханұлы  Әуезов  болды.  Зайыбы  Валентина  Николаевна  Әуезованың  естеліктеріне 
қарағанда, Мұқаң Жетісуға 1927 жылы келген(3, 378). Сол шақтан бастап ол Алатау өңіріндегі қазақ-
қырғыз арасында айтылатын ауыз әдебиеті үлгілеріне үзбей көңіл бөліп, зерттеу жұмыстарымен қызу 
шұғылданған.  Туысқан  халықтар  әдебиеті  тарихында  М.Әуезов  алғаш  рет  «Манас»  жырын  егежей-
тегежейлі  зерттеп,  құнды-құнды  жаңалықтар  ашты. «Қырғыздың  батырлық  эпосы  «Манас»  атты 
монографиялық  еңбегінде/1936-1959/  манасшылар  дәстүрі,  олардың  орындаушылық  шеберліктері, 

52 
 
жырдың  оқиғалық  желісі,  құрылысы,  батырлық  жорықтар,  алуан  түрлі  мазмұндық  тақырыптары, 
дастанның  тарихқа  қатысы,  образдар  жүйесі  және  поэтикалық  қырлары  туралы  ешқашан  әдеби-
тарихи маңызы ескірмейтін ойлар қорытты. 
Үшіншіден,  адамгершілік  ұстындары  шайқалған  қызыл-коммунистердің  нәсілшіл-шовинистік 
билік  дәуірінде  орыстан  өзге  ұлттардың  мәдениетіне,  өткен  тарихы  мен  әдебиетіне  шектен  тыс 
қиянат,  қысым  жасалғандығы  белгілі.  Қазақ-қырғыз  елдерінің  бостандық  сүйгіш  мінезін,  азаттық 
жолындағы  батырлық  күрестерін  дәріптейтін,  ізгілікке  толы  әдет-ғұрып,  салттарын  сипаттайтын  ең 
мағыналы,  ең  көркем  жырларына  әдейі  жала  жабылды.  Ата-баба  жолынан  адастырып,  тілінен, 
ділінен  бездіруге  барынша  күш  салынды.  Бүкіл  орыстық-мемлекеттік  машина  ұлттарды  есінен 
тандырып, мәңгүрттендіру бағытында барпәрменімен жұмыс істеді. Соның кесапат-кесірінен кезінде 
қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», т.б. жырлары және 
ақылды,  ұлтжанды  азаматтары  адам  айтқысыз  зәбір-қорлық  көрді,  зардап  шекті.  Мәселен, 1950 
жылдары қырғыздың «Манас» эпосының да тағдыры талқыға түсіп, басына  
қара  бұлт  үйірілді.  Жырдың  әлеуметтік  сипаты,  идеялық  мәні,  халықтық  қадір-қасиеті  туралы 
әрқилы  қияс-қыңыр  пікірлер  өрбіп,  дау-дамай  өршіді.  Қырғыздың  ертедегі  дуалы  ауыз  Келдібек, 
Балық,  Найманбай,  Тыныбек,  Ақылбек,  Диқанбай  сынды  жомықшылары  және  берідегі  аты  шулы 
Сағымбай  Оразбақов,  Саяқбай  Қаралаев  сияқты  манасшыларының  «Манас»  жыры  арқылы 
отаншылдыққа,  тәуелсіздікке  үндеген  ойларының,  ұлттық  таным-түсінікке  бай  пәлсапалық 
тұжырымдарының бағасы кемітіліп, жоққа шығарыла бастады. Осындай қатерлі сәтте М.Әуезов тек 
қырғыздарға  ғана  емес,  күллі  түркі  халықтарына  да  қымбат,  телегей-теңіз  «Манас»  жырын 1952 
жылы 8 шілдеде  Фрунзе/қазіргі  Бішкек/  қаласында  өткен  ғылыми  конференцияда  жан  сала  қорғап 
қалды.  Сондағы  «Манас»  эпосының  халықтық  нұсқасын  жасау  керек»  деген  тақырыптағы  сөзінде 
Мұқаң  арғы-бергі  түркілік  көне  тарихты  тереңнен  қопара  қозғап,  бұлтартпайтын  нақты  мысалдар 
аясында «Манас» дастанының халықтық болмыс-табиғатын жан-жақты дәлелдеп берді.  
Қорыта  келгенде,  міне,  нақ  осындай-осындай  тағлымды,  зор  еңбектері  арқылы  Мұхтар 
Омарханұлы  Әуезов  қазақ-қырғыз халық  әдебиеті  мұраларын  шынайы  бағалап, танудың өзінше  бір 
соны соқпақ-сабақтарын, әдіс-тәсілдерін жасап көрсетті. 
 
Пайдаланған әдебиеттер: 
1.  Әуезов М. Шығармалар. Он екі томдық. 11-том. – Алматы: Жазушы,1969. -480 бет. 
2.  Әуезов М. Әдебиет тарихы: Жоғары оқу орындарының студенттеріне  арналған. – Алматы: Ана тілі, 1991. -240 бет. 
3.  Біздің Мұхтар (М.О.Әуезов туралы естеліктер). – Алматы: Жазушы, 1976. – 432 бет. 
 
 
 
                      Әбдіқұлова Р.,  
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
доценті, филология ғылымдарының кандидаты 
 
МОТИВ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ДАМУЫ 
 
 
Мотив (moveo) – латын  етістігі, «қозғаймын»  деген  ұғым  береді.  Мотив  термині  тек  әдебиет-
тануда  ғана емес, тілтану, заң, психология және басқа ғылым салаларында қолданылады. Әдебиет-
тануға  «мотив»  ұғымы  музыкадан  келді  деген  пайымдар  кездеседі.  Әдебиеттануда  мотив  мәселесін 
зерттеу  ерекше  маңызды  болып  табылады  Өйткені,  мотивтік    тұрғыдан  талдау  көркем  мәтінді  жа-
ңаша  қырынан  пайымдауға,  атап  айтқанда,  оны  нақты  автордың  мәтіндер  жүйесіне,  сол  кезеңдегі  
әдеби дәуірге тән элемент сипатында қарастыруға мүмкіндік береді.  
Алайда,  мотивтің  әдебиеттану  термині  ретіндегі  мән-маңызын    айқындау  оңай  емес.  Ғұлама  
А.  Байтұрсынов  мотив  терминін  арнайы  қолданбағанмен,  ауыз  әдебиетіндегі  мазмұны,  мағынасы, 
қызметі жағынан мотивке  жақын мәндегі ұғымдарды қарастырады:«Сарындама (сарын сөз)  саласы. 
Сарындама үш тарау: 1. Салт сөзі. 2. Ғұрып сөзі. 3. Қалып сөзі» /1,422 / Қазақ әдебиеттануында мо-
тивті әдебиет пен фольклорға  қатысты жүйелеу үрдісі қалыптасып келеді. Мәселен, С. Қасқабасов, 
Ш. Сәтпаева, Ш.Ыбыраев, А. Жақсылықов , Е. В. Корнеева,  Н. И. Колодина, Ж. Сыдықова сияқты 
тағы  басқа  көптеген  ғалымдардың  еңбектерін  атауға  болады.  Дегенмен,  қазіргі  қазақ  прозасын,  
әсіресе поэзияны мотивтік  тұрғыда талдау енді ғана қолға алына бастады десек те болады. 

53 
 
Зерттеушілер  мотив  туралы  сөз  қозғағанда,  тарихи  поэтиканың  негізін  салушы  А.Н.  Веселов-
скийдің әйгілі «Историческая поэтика» еңбегіндегі мотив жайлы алғашқы пайымдауларын дәйім алға 
тартады. Әдебиет теоретигі В.Е. Хализев: «Так, А.Н. Веселовский в своей незавершенной «Поэтике 
сюжетов»  говорил  о  мотиве  как  о  простейшей,  неделимой  единице  повествования,  как  о  повто-
ряющейся схематической формуле, ложащейся в основу сюжетов (первоначально – мифа и сказки)» 
/2,280/,- деп жазады. А. Н. Веселовскийдің бұндай мотивтерге сұлу қызды әлдекімнің  алып қашуы, 
оны  күшпен  немесе  тапқырлықпен  тауып  алу,  күнді  әлдекімнің  ұрлауы  т.с.с.  мысал  етіп  келтіргені 
белгілі.  Осындай  мотивтердің  әралуан  тайпалар  ортасында  өздігінен  туатынын  айта  келіп,  олардың 
біркелкілігін  немесе олардың ұқсастығын алмасумен түсіндіруге болмайтындығын,  керісінше олар-
дың  тұрмыс-тіршілік  шарттары  мен  оларда  қалыптасқан  психикалық  үдерістердің  біртектілігімен 
түсіндіру  керектігін  ескертеді.  Сондай-ақ,  ғалым  мотивтің  мынадай  қарапайым  формуласын 
көрсетеді: « а+b: жауыз кемпірдің сұлу қызды жеккөруі – оған өмірге қауіпті тапсырма беруі» . Осы 
формуланың  әр  бөлігінің  түрін  өзгертуге,  әсіресе b-ның  өсуге  қабілетті  екенін  дәлелмен  көрсетеді. 
А.Н.  Веселовскийдің  тұжырымдауынша,  мотив  өсіп,  ұлғайып,  сюжетке  айналады,  сюжет  мотивтер 
жиынтығы  болып  табылады./3, 301/. Бұл  айтылғандардан  ғалымның    мотивті  сюжетпен  тығыз 
байланыста  қарастырғанын  түсінуге  болады.  Мотив  те,  сюжет  те  тарих  айналымына  енеді:  бұл 
ұлғайып отыратын идеялық мазмұнды беру формалары. Осы талапқа жауап бере отырып, сюжеттер 
вариацияланады: сюжетке бірнеше мотивтер кірігеді, немесе сюжеттер бір-бірімен тоғысады./3, 305/. 
Мотивтер, Веселовскийше, тарихи тұрақты және шексіз қайталанып отырады./3,281/ Түптеп келген-
де, мотив сюжетпен тығыз байланысты, сюжет мотивтер жиынтығы болып табылады. В. Я. Пропп та 
мотивті сюжеттік сарындармен байланыста қарастырады 
Әлем әдебиеттануында мотивтің мәні қаншалықты кең болса, ол жөнінде қалыптасқан теориялық 
тұжырымдар  да  соншалық  қайшылықты  деуге  болады.  А.Н.  Веселовкий  тұжырымдарына  
О.М.  Фрейденберг,  В.  Томашевский,  В.Я.  Пропп  сияқты  ғалымдардың  сын  көзбен  қарағанына    көз 
жеткізуге болады. /3,400-401/   
Көрнекті  орыс  ғалымы  М.  Бахтин  «Эстетика  словесного  творчества» (1986) деген  еңбегінде 
сюжет  пен  мотивтерді  көркемдік  сипатта  байланыстырып,  маскарадтық  мотивтер  табиғатын  ашып 
береді./4/ Маскарадтық мотивтер өзін-өзі таныту әлеміне құрылады. 
Шетелдік ғалымдар Р.Уэллек, О. Уоррен «Теория литературы» еңбегінде : «Мотив – қайталанып 
отыратын  сөз,  сөз  тіркесі,  оқиға,  зат  және  идея.  Көбінесе,  мотив  термині  әдеби  шығармаларда 
қайталанып  кездесіп  отыратын  оқиғаларды  білдіру  үшін  қолданылады.  Мысалы,  кедейдің  кенеттен 
байып  кетуі»(5,230).  Ал, «Аналитика  художественного» (2001) деген  еңбегінде    мотивті  шығарма 
фабуласының  элементі ретінде қарастырады,  фабуланы барлық мотивтер жиынтығы деп пайымдай-
ды. Белгілі орыс ғалымдары В. И. Тюпа мен Е. К. Ромодановская: «Мотив - это прежде всего повтор. 
Но повтор не лексический, а функционально-семантический»,-деп жазады./6,15/ Б. В. Томашевский,  
Р.Уэллек,  О.  Уоррен    мотив  пен  лейтмотивтің («лейтмотив»  неміс  термині – жетекші  мотив  деген 
мағынаны  білдіреді)  тығыз  байланыстылығын  ескертеді.  Лейтмотив  деп  бір  шығарма  ішіндегі 
қайталауды айтуға болады. Ол мәтіннің қандайда бір компонентін күшейтуге қызмет етеді.    
Мотив терминіне әйгілі орыс ғалымы  Б. М. Гаспаров: «В роли мотива может выступать любой 
феномен, любое смысловое "пятно" – событие, черта характера, элемент ландшафта, любой предмет, 
произнесенное слово, краска, звук и т. д.; единственное, что определяет мотив  – это его репродукция 
в  тексте», - деп  кеңінен  анықтама  береді /7, 30/.  Ғалым  мотивтің  мәтін  өріліміндегі  «қозғалмалы 
компонент»  екенін  және  оның    тек  басқа  компоненттермен  тоғысу  үдерісінде  өмір  сүретінін,  оның 
ерекшеліктері әр жолы қайтадан өсіп отыратынын, өзін-өзі талдау үдерісінде және әрбір жаңа қадам 
сайын, жалпы мағыналық өрілімнің әрбір өзгерісі сайын түрленетінін айрықша айтады./7,301/    
Жалпы, мотивтің ең басты сипаты оның бір немесе бірнеше шығармада, жеке шығармашылықта 
қайталанып  отыратындығы.  Зерттеуші  Н.  Е.  Меднис:  «Мотив,  при  его  огромной  эстетической  и 
семантической  значимости  в  художественном  тексте,  не  имеет  собственной  очерченной  телесной 
оболочки.  Он  являет  собой  нечто  вроде  души,  которая  в  конкретном  тексте  может  обретать 
сюжетное, временное, пространственное или какое-то иное воплощение, не замыкая себя при этом в 
жестко  обозначенных  границах»,-деп  атап  көрсетеді./8,79/  Анығында,  ғалым  мотивке  сюжетке 
қатысты  анықтама  береді.  Қорыта  келгенде,  мотив  сюжет  құраудың  негізі,  композиция  түзуде 
белсенді қызмет атқарады, мотив оқиға барысымен, кейіпкер әрекеттерімен, сезім құбылыстарымен, 
салт нұсқаларымен тығыз байланысты.  
Егер  мотивті  көбіне  прозалық  шығармаларға  қатысты  сөз  еткен  зерттеушілер  пікіріне  сүйенер 
болсақ,  сюжет  элементі  немесе  нақты  бір  танымал  дәстүрлі  сюжет  сипатында  түсінуге  болады. 
Зерттеушілердің    пайымдауынша,  мотив  зат  немесе  дерексіз  құбылысты  білдіретін  көбінесе 

54 
 
архетиптік,  мәдени  танымға  және  авторлық  семаға  ие  символикалық  мәні  бар  жеке  сөз  болуы  да 
мүмкін. 
Мотивке  анықтама  беруде  көбінесе  прозалық  шығармаларға  қатысты  тұжырымдарды  қарастыр-
ғанымыз  рас.  Өйткені,  поэзияға  қатысты  зерттеулер  орыс  әдебиетінде  болмаса,  қазақ  әдебиет-
тануында  жоқтың  қасы  деуге  болады.  Дегенмен,  көркем  шығарманы  мотивтік  тұрғыда  талдауға 
байланысты  тұжырымдардың  әрқилылығы  байқалады.  Бұл  мотив  теориясының  қалыптасып  бол-
мағандығын, мотивке нақты анықтама берудің қиындығын көрсетеді. 
Мәселен, поэзиядағы жалғыздық мотиві орыс әдебиетінде А. С. Пушкин,  М. Ю. Лермонтов пен  
М.  И.  Цветаева  лирикаларына  қатысты  зерттелгені  белгілі.  Жалғыздық  мотиві  Абайдан  бергі 
ақындардың бәрінде де ұшырасатынына  күмән туғызуға болмайды. Бірақ, олардың мотивтік талдау 
тұрғысынан  зерттелмегені  белгілі.  Мысалы,  әралуан  ақындардың  шығармашылық  жүйесінің  түйісу 
тұстарын  мотивтік  талдау  арқылы    айқындау  зерттеушілердің  қызығушылығын  туғызуға  тиіс. 
Біздіңше, жалғыздық мотиві  қазақ лирикасына қатысты  арнайы сөз  болған  емес. Егер  бұл мәселені 
қазақтың  біртуар  ақыны  Мұқағали  Мақатаев  лирикасы  төңірегінде  қарастырар  болсақ,  Мұқағали 
лирикасының  философиялық  мазмұнынан  адамның  жатсырауы  мен  жалғыздығы  мәселесі,  өмірдің 
мәні,  жақсылық  пен  жауыздықтың  мәңгілік  күресі,  үндестік  пен  үйлесімсіздік  мәселелері  көрініс 
берері анық. 
 

1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   30


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал