Сборник материалов международного научного форума «филологическая наука в ХХІ веке: проблемы и перспективы»



жүктеу 5.01 Kb.

бет3/30
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріСборник
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30

 
Пайдаланылған әдебиеттер 
 
1 Д. Ысқақов, «Жетісу» газеті, 1968, 18 қаңтар 
2 Кәкішев Т. Сәкен Сейфуллин. – Алматы, 1997. – 384 б 
 
Summary 
This article examines the scientific work of  professor T. Kakishev  S.Seifullin about creativity and scientific views in the field 
of  literary studies in the early XX century.  
 
 
 
Сейітжанұлы З., 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  
университетінің профессоры, 
 филология ғылымдарының докторы 
 
 
БУЫРҚАНҒАН ХАЛЫҚТЫҢ ДАУЫЛПАЗЫ 
 
«Егеулі  найза  қолға  алып,  ереуіл  атқа  ер  салып»  ұлы  мұрат – елінің  еркіндігі  үшін  күрескен 
ерлерді халық ешуақыт есінен шығармаған. Ел мен жерінің бүтіндігі үшін жан аямай, ұлттық батыр 
биігіне  көтерілгендердің  бірі – Кенесары  мен  Наурызбай.  Олар  бастаған  ресей  отарлығына  қарсы 
бағытталған  күрес  ауыз  толтырып  айтуға  тұрарлықтай  он  жылға (1837-1847) созылғаны  белгілі. 
Елінің  тәуелсіздігі,  халқының  қамы  жолында  «түн  қатып,  түсі  қашқан»  жаужүрек  батырлардың  іс-
әрекеттері  мен  ерліктері  жайында  ауызша  да,  жазбаша  да  сан  алуан,  үлкенді-кішілі  шығармалар 
туған. Солардың бірі атақты ақын Нысанбай Жаманқұлұлының (1822-1883) «Кенесары - Наурызбай» 
атты тарихи дастаны. 
Ақын көтеріліске қатысқан, оқиғаны өз көзімен көрген адам. Оның: 
Өлең-жырға Нысанбай, 
Мәшһұр шешен, нар еді. 
Бір естіген адамдар, 
Сөзіне тағы зар еді. 
Көзімен көріп, сөз қылған, 
Соғыста  өзі  бар  еді (1,55б.) – деуіне  қарағанда,  біріншіден,  Нысанбай  жырау  Кенесары  мен 
Наурызбай  бастаған  көтерілісті  қолдаған,  олармен  тілектес,  досжар  адам  болған.  Екінші  жағынан, 
оның айтулы ақын «өлең-жырға мәшһұр шешен, нар болғанынан» хабар табамыз.  
Жырау алдымен Кенесары-Наурызбайдың ата-бабалары мен олардың туып-өскен мекенін таныс-
тырып өтеді. 
Кенесары-Наурызбай – 
Абылай хан-ды бабасы. 
Әуелгі мекен – тұрағы, 
Көкшетаудың даласы. 
Жазғы жайлау қонысы, 
Ұлытаудың саласы (17б.). 

15 
 
Нысанбай өз шығармасын осылай бастауының да өз себебі бар сияқты. Өйткені дастанның негізгі 
кейіпкерлері – Кенесары мен Наурызбай. Бұл шығарманың шындықтан алшақ емес екенін көрсетеді. 
Тәуелсіздік  алғаннан  кейін  ғана  Кенесары-Наурызбай  жайындағы  шығармалар  ғылыми  айналымға 
түсіп, лайықты бағысын  алды.  Нысанбайдың  «Кенесары-Наурызбай» дастаны  жайында: «оның  дас-
таны  отаршылдықтан  туған  ел  қайғысы,  еңбекші  халықтың  басына  түскен  ауыр  жол,  Кененің  қол 
бастап күреске шығуы, жорықтары мен ұрыс суреттері, жүрген жолы, жеңілісі – бәрі толық күйінде 
көрініс  табады.  Кенесары-Наурызбай  қолға  түсіп,  көтеріліс  жеңілгеннен  кейінгі  елдің  көңіл-күйі, 
«бет-бетімен»  тарауы  жарқын  суреттеледі»(2,106-107б.) – деп  академик  Қирабаев  орынды  баға 
береді. 
Кенесарының  атқа  мініп,  азаттық  туын  көтеруі  патшалық  озбырлықтың  әбден  шектен  шығуы 
себеп  болғаны  белгілі.  Ол  патшаға  хат  жолдап  басқыншылықты  тоқтатуды  талап  етсе,  Батыс  Сібір 
генарал-губернаторы Горчаковқа жазған хатында ата-бабадан мұра болып қалған көптеген жерлердің 
тартып алынғанын айта келіп: «Енді біздің жерімізді күн сайын басып, оған бекіністер салып жатыр. 
Сөйтіп,  халықты  барынша  ашындырып  отыр.  Бұл  біздің  болашағымызды  ғана  емес,  тіпті  қазіргі 
тірлігімізге де үлкен қауып туғызып отыр»(3,255б.) – деп өзінің наразылығын ашық білдіреді. 
Мұндай қысым-қиянатқа шыдамаған Кенесары-Наурызбайлар да ата қонысынан көшуге мәжбүр 
болған. Бұл жағдай дастанда былай суреттеледі: 
Қонысты кәуір алған соң, 
Кенекем көшкен жерінен. 
Бауыры суып ол жақта, 
Қарашы болған елінен (35б). 
Жаулықты  қоздырып,  жамандыққа  барғысы  келмесе  де,  еркіндігінен  айырып,  жерін  алып, 
ауылын шапқан өктемдікке шыдамаған намысты ер «мен, Кенесары Қасымов, қолға қару алып, ұлы 
күресті бастауға аттандым» - деп тәуекелге бел буғанын көреміз. 
Кенесары, Наурызбай, 
Атағы шыққан аңқылдап. 
Жауды үркітіп қашырды, 
Ақ алмастай жарқылдап, - (18б.) 
деген  жолдар  да  ешқандай  асыра  көрсетіп,  әсірелеу  жоқ.  Қайта  күрес  күндерінің  нақтылы  көрінісі 
десек болады. 
Патшалық Ресей Кенесары бастаған жойқын жорықтардан қатты сескенеді. Қалайда бұл күресті 
тұншықтыруды  мақсат  етеді.  Бір  жағынан  патша  әскерлері  қазақ  ауылдарын  бұлап-талап  жатса, 
екінші  жағынан,  ерікті  елдік  үшін  күрес  бастаған  Кенесары-Наурызбайлардың  соңынан  шам  алып 
түседі. Оларды жан-жақтан қыспаққа алады. Белгілі бір жерді мекендеп тұруға мүмкімдік бермеуге 
ұмтылады.  Патша  әскернінің  кесірінен  Кенесары  Жетісуға  бет  алады.  Кейбір  қара  басының  қамын 
ойлаған  атқа  мінерлер  патшаның  шен-шекпенін  алып,  Кенесарыдан  сырт  айланғандары  да  болмай 
қалған  жоқ.  Мұндай  ала  ауыздықтың  да  ықпал-әсері  аз  болмайды.  Осындай  ащы  шындықтарда 
дастаннан  көрініс  тауып  отырғанын  байқау  қиын  емес.  Кенесарының  аузымен  айтылған  төмендегі 
сөздер де ынтымақтың аздығына өкініш білдіреді. 
Ойда қоқан, қырда орыс, 
Хакім болды қаласы. 
Кімнен таяқ жегендей, 
Біздің қазақ баласы! 
Алдырып жүрген дүспанға –  
Ауызының аласы.(26б.) 
Кейбір сұлтандар Кененің азаттық туын көтерген күресіне қолдау көрсеткені былай тұрсын, тіпті 
керісінше әрекетке барған. Сондықтан Кененің: 
Дін мұсылман әлеумет, 
Бірге мінсе кемеге. 
Үш алаштың баласы, 
Тізгін берсе Кенеге! – (26б.) 
деп  армандауы  өте  орынды  еді.  Бұған  қазақ  билеушілерінің  арасында  бақталас,  көре  алмаушылық, 
қара басының қамынан арыға бара алмаған бейбақтардың болғанына көзіміз жетеді. 
Патша үкіметі көтерілісті күшпен басып-жаншуға тырысқан, бірақ ойын орындай алмағандықтан 
көтерісшілерді оқшаулауға кіріседі. Осы арқылы олардың күшін әлсіретуді мақсат етеді. Сондай-ақ, 
екі  ұлт – қазақ  пен  қырғызды  бір-біріне  айдап  салуға  әрекеттенеді.  Белгілі  тарихшы  Еркебұлан 
Бекмаханов  өзінің  «Қазақ  халқының  Кенесары  бастаған  азаттық  қозғалысы»  атты  зерттеуінде: «... 

16 
 
Үкімет  Кенесары  қозғаласын  бөлектеуге  қолынан  келгенінше  тырысып  бақты.  Ол  үшін  өздері 
ұнататын  әдісі – қырғыздарды  қазақтарға  айдап  салу,  яғни  патшалық-крепостниктік  құрылыстың 
ұлттық  саясатына  тән  әдісті  пайдаланды» (4,396б.) – деп  жазады.  Сөйтіп,  Ресей  мен  Қоқан 
билеушілері  Кенесарының  қырғыздармен  бірігу  мақсатына  сына  қағады.  Екі  халықтың  ортасына 
үнемі от тастап отырады. Мұндай зұлымдық айла өз нәтижесін бергені белгілі. 
Ақын дастанындағы оқиғалардың ешқайсысы ойдан шығарылмаған, қайта тарихи құжаттардағы 
деректермен сәйкес келіп отырады. Сонымен бірген автор Кенесары-Наурызбайды біріңғай дәріптей 
бермей,  қзінің  көзқарасын  білдіріп  отырады.  Кейде  олардың  іс-әрекеттеріне  сын  айтып, 
ағаттықтарын  да  ашып  көрсетеді. «Қарсы  келген  адамның,  көзінің  жасы  көл  болды.  Ақылымен  іс 
қылмай, ақырында қор болды» - деуі де шығарманың шынайлығын көрсетеді. 
Нысанбай ақын дастанның басында-ақ өзінің айтпақшы ойын, көтерілістің немен бітерін сездір-
гендей болады. Мәселен: 
Күмісті садақ, алтын оқ, 
Кенекең жауға жолықты. 
Ақ білегін сыбанған, 
Балуанды тойға жолықты. 
Алыстан тоят іздеген, 
Ақ сұңқарға жолықты, 
Айшылықты бір басқан, 
Қас тұлпарға жолықты. 
Асқындаған пейілмен, 
Кенекем зорға жолықты. 
Нөкерімен теп-тегіс, 
Бір ажалға молықты, (19б.) – дейді. 
«Асқындаған  пейілмен  бір  кеселге  жолыққанын»  хабардар  етеді.  Кенесары-Наурызбай  бастаған 
көтерілістің тұйыққа тірелетінін білдіреді. Ақынның бұл сөздерінде ешқандай жалғандық жоқ. Ақын 
өз кезінің шындығынан ауытқымаған, тарихи оқиғаны нақты бейнелеген.  
Жанрлық  сипаты  жағынан  Нысанбай  ақынның  бұл  туындысы  авторлық  тарихи  жыр  сипатына 
жатады.  Өйткені  бұл  шығарма  да  болған  оқиға  негізінде  туған.  Орыс  отарлығына  қарсы  күрескен 
Кенесары-Наурызбай бастаған батырлардың ерліктерін тілге тиек еткен. Тарихи жыр жайында акаде-
мик М.Әуезов былай дейді: «бұл жырлардың бәрі де ертеде туғандары да, кейініек шығарылғандары 
да  ашық  тарихи  оқиғаларға  негізделген,  ал  басты-басты  кейіпкерлер – тарихта  болған  адамдар. 
Жырлардың авторлары – көбіне сол оқиғаларды көзімен көрген тұстастары. Авторлар көзімен көрген, 
өздері  басынан  кешірген  оқиғаларды  уақытына  қарай  сап-сабымен  баяндайды.  Тарихи  жырлардың 
батырлық  эпостан  айырмашылығы  бар.  Яғни  тарихи  жырларда  эпостық  баяндауға  тән  объективтік 
сарынның  орнын  оқиғаларды  тікелей  қабылдаған  автордың  әсері  араласқан  субъективтік  баға 
басады»(5,76б.). біз сөз етіп отырған дастан да ғалымның осы пікірін райтай түседі. Сонымен бірге 
бұл дастанда батырлық эпосқа тән көркемдеу құралдары мен әсірелей айтуда ұшырасып отырады. 
Нысанбай ақынның дастанында эпикалық сарындарға тән көтере көрсету мен лирикалық мотив-
тер де қадыса келіп отырады. Мәселен: 
Хандарынан айырылған, 
Иесіз жұртта сын бар ма?! 
Кенесары, Наурызбай, 
Бір көрінер күн бар ма?! – (54б.) 
деп көңіл түкпіріндегі өкініш пен арманды бүгіп қалмайды. Кенесары мен Наурызбайды қимастық-
пен еске алады. Бірақ жазмыштың жазуы осылай болса не істемек?... 
Немесе: 
Наурызбай төре кеткен соң, 
Бастан ауды бағымыз. 
Кенесары кеткен соң, 
Иесіз қалды тағымыз. 
Бұлбұлдай сайрап жүр едік, 
Байланды тіл мен жағымыз. 
Артында қалған жетім ел, 
Келіспей кетті сәніміз. 
Ақырында әлеумет, 
Осылай болды халіміз (55б.). 

17 
 
Бұл  жолдардан  да  ақын  налысы  бірден  аңғарылады.  Көпті  бастаған  екі  батырынан  бірдей  айы-
рылу басынан бағы тайғанмен бірдей деген байлам айтады. Батырлардың  қапыда өмірден өзғанына 
күйініш білдіреді. Бодандық бұғауындағы халықтың да жан сырындай әсер қалдырады. 
Дастанның  басты  кейіпкерлері  Кенесары  мен  Наурызбай.  Кенесары  елінің  ертеңіне  алаңдап, 
бодандық бұғауын кигісі келмеген батыр. Ол – орыс отарлығына саналы түрде қарсы шыққан ерен 
ерлік  пен  ақылдың  иесі.  Сондықтан  қалың  бұқара  оған  сенеді,  соңынан  ілеседі.  Батыр  атасы  Абы-
лайдың ерлік дәстүрін жалғастырып, жолын қуады. «Кенекем келді біз үшін, үш алаштың қорғаны» 
деп  сипаттайды.  Енді  бірде  ақын  Кене  ханның  тұсында  талай  озбырлықтарды  ойран  еткенін  еске 
алады.  
Кене ханның тұсында,  
Қарт бурадай жарадық. 
Жауды жасқап, жапырып, 
Жауған қардай борадық. 
«Абылайлап» ат қойып, 
Дұспанның алдын орадық (54-55б.). 
Бұл жыр жолдары Кене ханның ерлік тұлғасын айқындай түседі. Мұны да нақты тарихи оқыға-
ларға  байланысты  туған  өлең  қатарлары  десек,  артық  айтқандық  болмайды.  Осылай  болмаса  Кене-
сары бастаған көтеріліс он жылға созылмаған болар еді. 
Нысанбай ақын дастанында Наурызбай қорқып, сескенуді білмейтін қызуқанды батыр бейнесінде 
көрінеді. Білегіне жүрегі сай, күш-қуаты жағынан да, ақыл-айласы жағынан да кезкелген адамнан кем 
түспейтін  жалынды  жас  батыр  сипатында  мадақталады. «Наурызбай  гүл-гүл  жайнады,  ақ  білегін 
сыбанып»  десе, «Жолсыз  әсті  қылмаған,  Наурызбай  асыл  ер  еді»  деп  ақыл-адамгершілік  пен  әділ-
дігінде аңғартып өтеді. Шығармада  жас батырдың жекпе-жектері мен соғы сураттері біршама көте-
ріңкі суреттеледі. Сондай-ақ туынды да Наурызбайдың мінген аты мен киген киіміне, сыртқы кейіп-
кескінінеде назар аударады.  
Ор қояндай бұлтиған, 
Көк дөнен ат астында, 
Камзол ішік құнтиған, 
Ақ орамал басында. 
Сол уақытта Наурызбай, 
Жиырма бес жасында (27б.) – деуі күнделікті тұрмысқа сай көрініс. Бұл арада Наурызбай «шапса 
қылыш  кеспейтін  атса  мылтық  өтпейтін»  эпикалық  батырларға  ұқсамайды.  Ақын  Наурызбайдың 
өзіне тән мінез-құлқын, батылдығын үнемі іс-әрекет үстінде көрсетеді. 
Дастанда  Кенесары  мен  Наурызбайдан  басқа  біршама  батырлардың  есімдері  аталады.  Олар: 
Құрман, Байұзақ, Ағыбай, Дулат, Меңдібай, Әнәуке, Толыбай, Рүстем, Сыпатай, Бұхарбай, Бұғыбай 
т.б. бұлардың бәрі де Кенесары бастаған көтерілісті қолдап сенімді серік бола білген тарихи тұлғалар 
екені  мәлім.  Туынды  да  ел  қамын  ойлаған  ерлердің  ынтымақ-бірліктері,  бір-біріне  деген 
сыйластықтары ашық сезіледі. Мысалы: 
Мәмбеттің ұлы Байұзақ, 
Балқожа, Медеу ер келген. 
Жауың қайда? Мен жолдас – деп, 
Хан Кенеге дем берген (20б.) 
Не: 
Сиынады батырлар, 
Аузы кетпей тілектен. 
Шұбыртпалы Ағыбай, 
Талайды шанышты жүректен (50б.). 
Бұдан  байқайтынымыз,  батырлардың  қай-қайсысы  болса  да  намысты  қолдар  бермейтін,  жігерлі 
жандар. Барлығында бір ғана мақсат бар. Ол – ел мен жердің бүтіндігі мен тәуелсіздігі. Дастанда ха-
лық батырларының жарқын бейнесі шынайы көрініс тауып отырады. Сонымен бірге шығармаларда,ы 
жер-су  атаулары  да  өз  қалпында  берілген.  Бұл  да  тарихи  дастандарға  тән  ерекшеліктердің  бірі. 
Сонымен,  Нысанбай  жыраудың  бұл  шығармасы  ел  қорғау  мен  ерлік  идеясын  дәріптейді.  Елінің 
еркіндігі жолында басын қатерге тігіп, сол жолда құрбан болған батырлардың әрекеті нағыз ерлік пен 
даңықтың өшпес өнегесі болмақ. Сондықтан дастанның танымдық та, тәрбиелік те мәні зор. 
 
 
 

18 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
 
1.  Хан Кене. - Алматы, 1993. – 448б. бұдан кейінгі үзінділер осы кітап бойынша беріледі. 
2.  Кенесары  Қасымұлы  (туғанына 200 жыл  толуына  арналған  халықаралық  ғылыми-теориялық  конференция 
материялдары). Алматы, 2003. – 290б. 
3.  Мырзахметов Е. Сыр даланың сардары// Хан Кене. – Алматы, 1993. 
4.  Бекмаханов Е. Қазақ халқының Кенесары бастаған азаттық қозғалысы// Хан Кене. – Алматы, 1993. 
5.  Әуезов М. Уақыт және әдебиет. – Алматы, 1962.    
 
                                                              
 
 
Тілепов Ж., 
 
 
 
 
 
 
 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық 
университетінің профессоры, 
 филология ғылымдарының докторы 
 
 
СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ӨРЕН ЖҮЙРІГІ 
(З.Қабдолов шығармашылығының негізгі ерекшеліктері) 
 
Өмір  бойы  «Әдебиет – ардың  ісі»  деп,  сол  әдебиетке  елдің  арындай,  тек  жалқының  ғана  емес, 
жалпақ жұрттың – қалың қауым халықтың ары мен намысындай қарап, сол үшін қайрат етіп өткен 
халық перзенті, «қазақтың Қабдоловы» атанған қайраткер қайсар жанның туғанына биыл – 85 жыл. 
Зейнолла аға сан қырлы талант болатын. Ол - ақын, ол – драматург, ол - романист, ол – публи-
цист, ол – аудармашы, ол – әдебиет сыншысы, ол – әдебиеттану ғылымының санаулы сардары, көш 
бастаған  көсемі,  ел  ұйып  тыңдайтын  шешені.  Оның 1949 жылы  күллі  қазақ  ақындары  қатысқан 
аламан бәйгеде топ жарып келуі қапысыз ақындығының көрсеткіші болса, 1967 жылдан бастап ұзақ 
уақыт бойы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында қойылып, 
Серке  Қожамқұлов,  Нұрмұхан  Жантөрин,  Ыдырыс  Ноғайбаев,  Мүлік  Сүртібаев,  Шахан  Мусин, 
Қамал  Қармысов,  Зәмзәгүл  Шәріпова,  Есболған  Жайсаңбаевтар  сынды  қазақ  өнерінің  ылғи  бір 
жайсаңдары ойнаған «Сөнбейтін от» драмасы оның үлкен драматург екеніне кепілдік береді. Сондай-
ақ,  сол  театрда  өткен  ғасырдың  алпысыншы  жылдарында  көрермендерін  көзайым  еткен  Назым 
Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесасының тәржімасы мен ертерек кезде  
А. Пушкин, Н. Гоголь секілді қуатты сөз шеберлерін ана тілімізде жазылған шығармадай сөйлетуі 
оның ерекше аса зор қуатқа ие аудармашылығына дәлел. Ал, проза жанрының шебері екендігі оның 
ширек  ғасыр  өмірін  арнаған  «Ұшқын» (әуелгі  повесть  түріндегі  атауы  «Өмір  ұшқыны»), «Жалын» 
атты  романдары,  яки  «Біз  жанбасақ»  деген  атпен  басылып  келе  жатқан  дилогиясы.  Бұл  туынды-
лардың  әр  кездегі  жарияланымдарына  кезінде  Ғ.  Мүсірепов,  І.  Омаров,  М.  Қаратаев,  С.  Қирабаев 
секілді  әдебиеттің  тамыршысы  іспетті  белгілі  қаламгерлер  әділ  бағаларын  берген.  Шығарма  қазақ, 
орыс тілдерінде тек Алматыда ғана емес, Мәскеуде де бірнеше рет басылып, жұмысшы тақырыбына 
арналған Одақтық бәйгеде жүлде алды. «Жалын» романы вьетнам тіліне аударылды.  
Жұмысшы  тақырыбы  дегеннен  шығады,  бұл  шығармалар  кешегі  қанды  майдан – Ұлы  Отан 
соғысы  кезінде  Кеңестік  алып  елдің  жердегі, көктегі  барлық  техникасына  жан  беріп,  Ұлы Жеңістің 
мүмкіндігінше  Отанымызға  барынша  ертерек  жетуіне  қайрат  еткен  Ембі  мұнайшыларының,  оның 
«Үлкен  Ембіні»  өмірге  келтірген  жасампаз  еңбеккерлерінің,  яғни,  З.  Қабдоловтың  кейіпкері  Қабен 
тілімен айтқанда, үш ұрпақтың, яки, Сардар, Азаматтар бастаған «самородоктар» мен екінші ұрпақ – 
Мәскеу мен Бакуде институт бітіріп белгілі дайындықпен келген Ізбектер, үшінші ұрпақ – Қабендер, 
Тайман,  Жанар  тұрғыластардың  (З.  Қабдолов.  Біз  жанбасақ.  Дилогия.  Алматы:  Жазушы, 1974. 424-
425-беттер), еңбек жолына арналған.  
Шығарманың – қазақ  авторы  жазған  қазақ  ұлтының  мұнайшыларына  арналған  тұңғыш  туынды 
болғандығымен қатар, тек қазақ әдебиетінде ғана емес, жалпы кеңестік әдебиеттегі жұмысшы табы 
туралы  жазылған  үлкен  бітімді  прозалық  еңбектер  қатарында  ерекше  аталып,  бәйге  алуының  өзі 
қаламгердің  қандай  деңгейдегі  көркем  сөз  шебері  екендігіне  берілген  зор  баға  болатын-ды.  Ал, 
автордың  кейіпкерлері  басы  Лениндік  сыйлықтың  лауреаты  Халел  Өзбекқалиевтен  (Ізбек  Қалиев) 
бастап, кейін филология ғылымының докторы, профессорлық дәрежеге жеткен Тауман Амандосовқа 
дейінгі өмірде бар күрескер жандар-ды.  

19 
 
Зекеңнің  шығармаларының  прототиптеріне  байланысты  айтар  болсақ,  тек  «Біз  жанбасақ»  дило-
гиясындағы  кейіпкерлер  ғана  емес, «Менің  Әуезовым»  роман-эссесіндегі  образдар  галереясында  да 
М. Әуезов араласқан, негізінен қызметтес, сондай-ақ, автордың өзі көрген-білген жандардың талайы 
қарсы  алдыңыздан  шығып, «Иә,  мен  сол  адаммын»  дегендей  болып  қасқайып  қарсы  тұра  қалатын 
сияқты.  Бірақ,  солардың  көбінің,  яки  Мұхаңның  өзі  мен  Сәбең  (Сәбит  Мұқанов),  Мәлік  Ғабдул-
линнен  өзгесінің,  қоғам  қайраткері,  белгілі  ғалым  Мұхтар  Құл-Мұхаммед  тап  басып,  анық  көр-
сеткеніндей, «Қашанда сыпайы Зекең кейбірін әдеп сақтау үшін, енді бірін даралау, мінездеу, мүсін-
деу, жинақтау, типтеу үшін, бір сөзбен айтқанда, көркем проза критерийіне жақындату үшін» (Құл-
Мұхаммед М. Шебер // Бүтін бітім. Астана: Фолиант, 2012, 14-15-беттер) аты-жөндерін өзгерткен.  
Кемеңгер  жазушының  Абай  атындағы  Қазақстан  Республикасы  Мемлекеттік  сыйлығын  алған 
«Менің  Әуезовым»  роман-эссесі – қырық  жылға  жуық  өмірін  арнаған  шығармасы.  Автор  бұл 
туындысын  Мемлекеттік  сыйлық  алғаннан  кейін  де  жалғастыру  үстінде  болатын...  Амал  нешік, 
жүйрік ой, терең білім, көркем сөз иесі бұл еңбегін өзі ойлаған меже  - деңгейге жеткізе түсу жолында 
жүріп өмірден өтті. Сондай-ақ, ол «кескекті ердің» сойы,  алдаспан жырдың иесі Махамбет туралы 
туындысын да аяқтай алмай бақи дүниеге сапар шекті...  
Сонымен,  қалам  қайраткері  Зейнолла  аға  Қабдоловтың  керемет  көркем  сөз  шебері – жазушы-
лығына  қоса  әдебиеттану  ғылымы  саласында  өз  мектебін  қалыптастырған  ғұлама  ғалым,  қоғам 
қайраткері  екенін  елдің  бәрі  біледі.  Білгеннен  кейін  сан  қырлы  таланттың  осыншалық  өнерімен 
өзгелерден  оқ  бойы  озықтығын  әркім  өзінің  шама-шарқына  қарай  пайымдайды.  Ал,  Зекеңнің – 
Зейнолла  Қабдолұлының  осы  саладағы  қалам  тартқан  мәселелері – сан  тарау.  Соның  бір  саласы – 
қазақ әдебиеті мен ғылымының көркейіп, көріктенуіне әр тұстарда  жанын сала қызмет еткендердің 
еңбегіне  әділ  бағасын  беруге  барлық  білімі  мен  күш  қайратын  жұмсап,  таным  таразысына  тартқан 
зерделі зерттеулері, толымды толғаныстары.  
Әдетте, ғылымның бір саласын, соның ішінде еңбегі зор оқымыстыларды, немесе көрнекті көркем 
сөз шеберлерінің жарияланбаған, жарияланған еңбектерін індете іздестіріп, талмай еңбектеніп, талай-
лы  зерттеулер  берген  адамдарды  шығыстанушы,  фарабитанушы,  лермонтовтанушы,  абайтанушы 
деген  секілді  зерттеген,  зерделеген  саласының  атауларымен  тізбектете  атап  жатады.  Бұл  тұрғыдан 
келгенде Зейнолла Қабдолұлын әлгіндей тұғырлы есімдердің танушысы ретінде ресми тұрғыдан атап 
жатқанын  әзірге  кездестірген  емеспіз.  Тіпті  жарты  ғасырға  таяу  уақыт  өмірін  арнап,  елін  сүй-
сіндірген, елеулі танымдық еңбектер жазған, «Менің Әуезовым» атты романымен Республикамыздың 
мемлекеттік  сыйлығын  алған  оны  көпшілік  қауым  Әуезовтанушы  деп  те  атамайды.  Олай  болса,  ол 
кісінің  Бейімбеттанушы  деп  те,  Махамбеттанушы  деп  те  дабыралатылып  аталмайтыны  өзінен-өзі 
түсінікті. Бірақ соған қарамастан замандас әріптесі академик Серік Қирабаев айтқандай, оның ауди-
ториясы  өз  қатарластарынан  әлдеқайда  ауқымды  болатын.  Әдебиетіміздің  ілгергі-кейінгі  дәуірінен 
хабардар  әдебиетшілер  қауымы  мен  оқырмандар  әулеті  Зейнолла  Қабдоловты  осынау  ұлт  әде-
биетінің іргесін қалағандар мен кейінгі ересен дарын иелерінің қай-қайсысының да шығармашылық 
әлемін танытудағы барша еңбегіне тәнті болатын. Ал, мұның сыры неде десеңіз, ол бір ғана шығар-
машылық  тұлғаның  емес,  елге  ересен  қызмет  еткен,  қазақ  деген  қауымның  халық  болып  қалып-
тасуына,  ұлт  болып  ұюына  басын  қауіп  пен  қатерге  байлап  өмір  кешкендердің  еңбектерін  таным 
таразысына  тарта  отырып,  қалың  қауымға  ұғындыруға  аянбай  тер  төккен  пейілді  қызметіне 
байланысты еді. Оның әрідегі Абай, Махамбет, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, берідегі Ғабит 
Мүсірепов,  Ғабиден  Мұстафин,  Қасым  Аманжолов,  Әбу  Сәрсенбаев,  Қажым  Жұмалиев,  Хамит 
Ерғалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Садықбек Адамбеков, Салық Зиманов, Темірбек Қожакеев, Жабай-
хан  Әбділдин,  т.т.  туралы  толғаныстарын  қазақ  оқырманының  әр  буынының  үлкен  сүйсініспен 
қабылдауларының ар жағында нені айтса да, жеріне жеткізе айтатын кемел ойлы, көркем сөздің хас 
шебері болғандығында еді. Бірақ хас шеберге де сын көп, хас жүйрікке де сын көп. 
1990 жылы шілдеде Қазақстан жазушылар Одағы Ахмет Байтұрсынов шығармашылығына арнап 
ғылыми  конференция  өткізді.  Сонда  «қазақ  халқының  рухани  көсемі» (М.  Әуезов)  Ахаңның  «Әде-
биет танытқышы» туралы Зекең баяндама жасаған. Сол еңбегіне ғалым 1995 жылы қайырыла соғып, 
1996 жылғы «Көзқарас» атты жинағына кіргізді (Қабдолов З. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996, 67-88 
беттер).  Мұнда  автор  Ахаңның 1926 жылы  жарық  көрген  «Әдебиет  танытқышын»  біздің  жыл 
санауымыздан 326 жыл  бұрын  өмірге  келген  Элладалық  Аристотельдің  «Поэтикасымен»  салысты-
рады.  Бірін  грек  әдебиеттануының,  екіншісін  қазақ  әдебиеттануының  өз  тұсындағы  мінсіз  «әліп-
билері»  ретінде  бағалайды.  Қазақ  топырағына  Ахаң  әкелген  әдебиеттің  тегі  мен  түрі  туралы 
терминдерді  біраз  бажайлап, ««Әдебиет  танытқыштың»  ең  басты  бағалылығы – әдеби  терминдерді 
қазақша  қалыптастырғандығы» (Қабдолов  З,  Көзқарас, 72-б),  қазіргі  әдеби  жанр  мәселесінде 
қалыптасқан,  әбден  орныққан  ғылыми  тұжырымдардың  табиғатына  бойлай  отырып  ғалым  «Қазіргі 

20 
 
қазақ  өлеңінің  теориясы  Ахаңсыз  аттап  баса  алмайды», - (Қабдолов  З.  Көзқарас, 86-бет)  деп  ой 
түйеді. «Мәселен, - дейді  ғалым, - Айшықтаудың  (фигураның)  Арнау  деген  бір  түрі  бар.  Бүкіл 
дүниежүзілік  әдебиет  теориясында  Арнау  деген  бір-ақ  түр;  шауып  шықса,  бұған  Шешендік  сұрау 
қосылып  қана  аздап  ажарлануы  мүмкін.  Ал,  қазақ  поэзиясында  Ахаң  осының  үстіне  үш  түр  (сұрай 
арнау,  зарлай  арнау,  жарлай  арнау)  қосып,  құбылтып,  тотының  түгіндей  құлпыртып  әкетеді». 
(Қабдолов З, Көзқарас. 70-71 беттер). 
Міне,  осы  үш  түрлі  болып  жіктелетін  арнауларды  студенттер  Зекеңнің  «Әдебиет  теориясының 
негіздері» («Сөз  өнері»)  оқулығынан  оқитын.  Ахаң  кітабын  бұрыннан  білетін  бірлі-жарым  Москва, 
Ленинградтың кітапханасынан А. Байтұрсынов еңбегімен таныс әдебиетші ғалымдар ара-тұра оқта-
текте ауызға алып қалатын-ды. Ол әңгімелердің кейбірін Зекеңнің өзі де естігені даусыз. Бірақ, сол 
терминді пайдалануда тұрған қандай кемшілік бар еді? Сол мін болып саналуы тиіс пе еді? Әйтсе де 
әсіре қызыл саясаттың тұсында, әсіреңкі жандардың көзімен қарағанда бұл да үлкен кемшілік болып 
саналатын. Соны Зекең төмендегіше келтіреді: «Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш 
түрлі  арнауды  әрқайсымыз  өзімізше  пайымдап,  қисындап,  кейде  тіпті  қиыннан  қиыстырып,  біз  де 
(Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ, амал не, бұл жаңалықты 
тапқан Ахаң екенін кезінде ешкім айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық» (Қабдолов 
З. Көзқарас. 71-72 беттер). Мұнан артық ағынан жарылу мүмкін бе? 
Әйтсе  де,  ғалым  «Ахаңның  әдеби  қисындары»  атанатын  тап  осы  зерттеуінде  А.  Байтұрсынов 
сынды ұлттың рухани ұстазының әдебиеттану ғылымы саласындағы ұлы еңбегін жан-жақты талдау 
барысында ол ашқан жаңалық атаулының бәріне сүйсіне отырып, кей тұстарда таңданып, тамсанудан 
кілт кідіріп, басқаша толғанады. «Ал, енді бар ма, Аристотель мен Ахаңның өз мезгілі мен мекенінде 
«мінсіз»  көрінген  осы  қисындары  мен  қағидалары  әдебиет  туралы  ғылымның  бүгінгі  деңгейінен 
қарағанда,  шынын  айтсақ  сын  көтермейді, - деп  алады  да  ғалым, - онда  қалайша  мінсіз?»-  деп  өз 
сөзіне, өз пікіріне қарсы сұрақ қояды. Және «Гәп осы арада» дей келіп, соны қазақ әдебиеттануының 
үш  саласында  жасалған  еңбектерді  алға  тарта  отырып,  өз  пікірін  ғылыми  тұжырыммен  шегелей 
отырып  дәлелдейді. «Біздің  бұл  пікіріміз, - дейді  ол, - Ахаңды  сынау  үшін  айтылып  отырған  жоқ. 
Ахаң  өзінің  әдеби  қисындарын  туғызып,  тыңға  түрен  салған  тұста  қазақ  қоғамындағы  әдебиет 
туралы  ұғым-түсініктің,  жалпы  эстетикалық  ой-сананың  дәрежесі  қандай  екенін  аңғарту  үшін 
айтылып  отыр.  Демек,  Аристотельдің  «Поэтикасын»  қаншама  әлемдік  әдебиет  теориясының  басы 
дей тұрсақ та, біздің дәуіріміздегі әдеби қисындар Аристотель тұсындағы дәрежеден әлдеқайда ілгері 
кеткені  секілді,  Ахаңның  әдеби  қисындарын  қаншама  қазақ  топырағындағы  әдебиет  теориясының 
басы дей тұрсақ та, біздің бүгінгі әдеби-теориялық таным-толғамдарымыз Ахаң тұсындағы деңгейден 
әлдеқайда  биіктеп  кеткенін  мойындамасқа  болмайды.  Әйтпесе,  біз  қазіргі  қазақ  қоғамындағы 
көркемдік  дамудың  байыбына  бара  алмас  едік». (Қабдолов  З.  Көзқарас. 82-бет).  Бұған  не  айтасыз? 
Келісесіз.  Келісіп  қана  қоймайсыз,  бар  ниетіңізбен  дұрыс  айтылған  пікір-тұжырым  екеніне  риясыз 
көңілмен риза боласыз.  
1990  жылы  ұлы  қаламгер  Сәбит  Мұқановтың  өмірге  келгеніне 90 жыл  толды.  Бұл  заманында 
«Советтік сөзге қаламы – көрмеген әсте мұқалып» деп, өзі туралы ағынан ақтарылатын қазақ көркем 
сөзінің ақ дариясының елеулілігі ерекше елдік мерекесі болуға лайықты мерей тойы өтуге тиіс тұсы 
еді.  Бірақ  сол  тұстағы  қазақ  оқырманы  баяғы  отызыншы-елуінші  жылдардың  адамдарының  идеал 
тұтқан  мемлекеттік  идеяға  тосырқай  қарап,  ұлы  туындыгердің  көзқарасынан,  сол  арқылы  оның  өз 
кезіндегі шырайлы туындыларының өн бойынан ойдай олқылықтар тапқандай болып жүрген кездері 
еді.  Оны  тек  бір  Зейнолла  Қабдолов  қана  емес,  үлкенді-кішілі  әдебиет  ұстаханасының  маңында 
жүргендердің  барлығы  да  көріп,  барлығы  да  сезіп  жүрді.  Сондықтан  бұл  мәселе  қалай  болғанда  да 
әркімдердің  ара-тұра  сөз  етіп  жүретін  пыш-пыш  әңгімесінің  тақырыбы  емес,  ұлттық  әдебиеттің, 
керек болса елдік келбетіміздің жүзіне шіркеу түсетіндей жай болмас үшін, сол әдебиеттің басалқы 
пікірін айтуға лайықты көрнекті адамдардың араласуын қажет ететін хәлге жеткен тұсы еді. 
Міне,  осы  кезде  адамзаттың  жан  дүниесінің  барометрі  сынды  көркем  әдебиет  турасында 
«Әдебиет – ардың ісі» деп тебіренетін Зекең қолына қалам алды. 
Еңбек  «Сәбит  Мұқанов – өз  дәуірінің  айнасы»  деп  аталады.  Академик  З.  Қабдолов  «Қаламгер 
Сәбит Мұқанов кім еді?» деген оқырман көңіліндегі сұраққа «Көзінің тірісінде Сәбиттей халқымен 
біте  қайнасқан,  халық  алақанында  Сәбиттей  ардақталған,  Сәбиттей  көзі  тірісінде  аңызға  айналған 
ақын-жазушы қазақта болған емес» (Қабдолов З. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996. 135-бет) деп жауап 
береді де, сол сөзін нақтылы тұжырымдармен дәлелдеуге кіріседі.  
Ең алдымен қазіргідей жүздеген адам өлең өлкесінде ат жаратып, бәйге алып жүрген кезде елдің 
біраз  жағдайда  жаңа  түр,  жаңа  пішін  әкелген  кімдер  бар  деп  толғанысатын  мәселесіне  жауап  бере 
кетейік  дегендей  болып, «Керек  десеңіз,  өмірде  революционер  Сәбит  Мұқанов – өнерде,  өлеңде 

21 
 
реформатор болған ақын», -  дейді де, соның дәлеліне жүретін классик қаламгердің «Мәдени бәсеке» 
деген  өлеңін  толығымен  келтіре  отырып, «Бұл  жырында  Сәбең  дәстүрлі  өлең  ұйқасын  бунақ  пен 
шумақтың  аяғынан  басына  шығара  төңкеріп  түсіріп,  силлабиканы  силлаботоникаға,  тіпті  тоникаға 
айналдыра жаздайды» (сонда, 128-бет), -  деген пікір түйеді. Бұдан кейін өлең өлкесіндегі Сәбеңнің 
пішіндік өрнек тұрғысындағы жаңашылдығы осындай болса, ал мазмұн, идея турасындағы жаңалығы 
қандай екен деп, онсыз да көңілінде біраз сұрақ бүршік атыпжүрген кеңестік дәуірдің жариялылық 
кезеңінде өмір сүріп жатқан «батыл пікірлі» оқырманның дегбірсізденіп отырған мәселелеріне жауап 
беруге асығады.  
Қазан  төңкерісі  өмірге  келген  жылы  он  жеті  жасқа  шыққан  С.  Мұқановтың  бірінші  өлеңінен 
бастап,  соңғы  туындысына  дейінгі  барша  шығармашылығы  сол  төңкерісті  өмірге  әкелген 
коммунистердің  идеясына  қызмет  етті.  Өзі  коммунист  болды.  Және  қатардағы  көптің  бірі – жай 
коммунист  болған  жоқ.  Қаламгер  коммунистердің  көшбасшысы  болды.  Нені  айтса  да,  жеріне 
жеткізіп  айтты.  Талант  қуаты  сол  өз  қатарларынан  озық  болған  соң  тап  жыршысы  ретіндегі  оның 
таптық  үні  кім-кімнен  де  асқақ  естілді.  Ол: «Бесіктен-ақ  маған  тап  белгі  таққан,  тапты  шапқан – 
бесікте  мені  шаққан.  Есті  біліп,  етекті  жапқан  кезде,  табыма  оғын  атқандар – маған  да  атқан. 
Сақылдаған өмірдің аязында, тапқа мұз боп қатқан кек маған қатқан. Мені дағы, мен сенген тапты-
дағы – Кісендеуден  Октябрь  таңы  ағытқан.  Сен  жыласаң – көзімнен  қан  тамызам.  Сен  қуансаң – 
тілімнен  бал  тамызам.  Сенің  егер  өзегің  талып  кетсе,  басқадан  бұрын  саған  нәр  тамызам», - деп 
миллиондаған  өз  табының  өкілдеріне  өзінің  кім  екенін  жеріне  жеткізе  жырлады.  Бұны,  әрине, 
жиырмасыншы  ғасырдың  соңғы  ширегіндегі  кінәмшіл  оқырмандар  құп  алмаса  да,  тап  пәлендей 
осқырынып қарсы алмайды. Олардың жиырыла қабылдайтыны Сәбеңнің басқа сөзі. Ол сөздер ақын 
мен оның таптастарының, яки езілгендер партиясының көшбасшыларына арналғандығы болатын. 
Және  ондай  туындылар  Сәбеңде  біраз  болған («Көп  жасасын  Сталин», «Біздің  күш – ұлы 
Сталин», «Сталиндік татулық», «Мен кіммін деп мақтанам?»). Ал осыларға әлгіндей кінәмшіл қауым 
қатты  тыжырынады.  Тыжырынып  қана  қоймайды,  ұлы  қаламгер  С.  Мұқанов  шығармашылығына 
осының бәрін кінә етіп артқысы келеді.  
Міне,  осылардың  барлығын  Зекең  қамырдан  қыл  суырғандай  қалыппен  айта  отырып,  ара  –тұра 
ұлы Абайдың адамды заман билейтіндігін аңғартатын сөзін, сонау өткен ғасырдың алғашқы жиырма-
отыз жылы ішіндегі М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов секілді қазақ көркем ойының кемеңгерлерінің ел 
ерекше  құрметтеген  туындыларынан  үзінділер  келтіреді.  Оны  Сәбеңнің  қалай  қабылдағанын  да 
айтады. Қорытындысында қаламгер: «Қазіргі жағдай басқа. Бүгінде біздің Сталин туралы ұғымымыз 
Мұқановтың тұжырымына қарама-қарсы! Енді қайттік? Қайтетін түгі де жоқ. Бәрі түсінікті. Егер дәл 
бүгінгі күні Сәбеңнің көзі тірі болса, ол да дәл бүгінгі біздің ұғымымызда болар еді. Ал кеше біз де 
дәл  Сәбеңнің  тұжырымында  емес  пе  едік?  Сәбит  Мұқанов  бұл  ретте  де – өз  дәуірінің  айнасы.  Ал 
айнадағы – Сәбиттің заманы һәм замандасы» (Қабдолов З. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996, 132 -бет), - 
деп ой түйеді. 
Ал  осының  барлығы,  қысқадан  қайырсақ, «ешкімнің  бетіне  жел  боп  тимеген» (Ә.  Кекілбаев), 
«жүрегі адамды сүю үшін, жақсыны тану үшін жаралғандай жанның» (С. Қирабаев), «ел сөзін сөйлей 
алар кемелділігіне»    (З. Ахметов) кепілдік береді. 
 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал