Сборник материалов международного научного форума «филологическая наука в ХХІ веке: проблемы и перспективы»



жүктеу 5.01 Kb.

бет20/30
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріСборник
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   30

Пайдаланған әдебиеттер 
1.  Кенжебаев Б. «Әдебиет және сын мәселелері». Еңбекші қазақ. – 1932, 26 қыркүйек. 
2.   Мүсірепов Ғ. Әдебиет айтысына. // Еңбекші қазақ. – 1932, 4 тамыз. 
3.  Тоғжанов Ғ. Әдебиет және сын мәселелері. Қызылорда: –1929. 
 
 
 
                                                             Оспанова А., 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  
университетінің оқытушысы 
 
ҒҰМАР ҚАРАШ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ЗЕРТТЕУ 
 
1910 жылы жарық көрген «Тумыш» кітабында Ғұмар Қараш ел жақсыларының азаматтық  намы-
сын қозғап отырған. 
Айрылып пана болған ағалардан 
Күн қалған тұқым бұзар таналарға. 
Қор болып ер қазақтан күн кеткен соң, 
Тілі бар дұспандардың табаларға. 
Ақын  халқының  қамын  молдалардың  да  ойлауы  керек  екендігін,  дүмше  оқу  емес,  дұрыс  оқу 
болуын  міндеттейді.  Жастарға  жаман  әдеттен  аулақ  жүріңдер  дейді.  Ретімен  біріншіге,  екіншіге, 
үшіншіге, төртіншіге қаратып отырып айтып, бесіншіге былай дейді: 
Бесінші, кесіп кезек жас жандарға, 
Ақылы жастықпенен мас жандарға. 

125 
 
Жасынан жаман әдет тауып алып,  
Әдептің  сызығынан асқандарға. 
Адасқан әркімдердің жолын қуып, 
Жолынан жақсылықтың қашқандарға. 
Әй, сіздер адаспаңыз, жас балалар, 
Жақсылықты, жамандықты тастаңдар да, 
Әдепке осы күннен мойын қойып, 
Адамдық жақсылыққа бастаңдарда. 
Жасыңда жақсылыққа үйренбесең, 
Түзелу қиын жасы  асқандарға. 
Сіңеді сүйегіне жастағы әдет. 
Аяғын өнбес асып басқандарға. 
Қалмайды бір бойыңа сіңіп алса, 
Қаншама бұл әдеттен қашсаңдар да. 
Құдайым жатса берер берген жанға. 
Ұстатпас жас өткен соң атсаңдар да. 
Құйрығы қолдарыңа ілінбейді, 
Ұстарға айла құрып басқандарда. 
Баланы  жастан  тәрбиелеу – ақын  ұстанымында  ұлттық  міндет. «Жаста  үйрет  жақсылықтың 
өрнегіне» дейді. 
Алтыншы сөзді әйелдерге қаратып айтқан ақын қыз баланың тәрбиесіне талап қою жайында, оны 
тұрмысқа бейімдеу турасында ой қосып сөйлейді. Әйелдің тұрмыста кемдік көруінің жайы да назарда 
болған.  Шариғат  жөніне  жетіп,  өзі  оқымысты  молда  Ғұмар  Қараш  мұнда  исламдағы  әйелге  араша 
тұру, әйел құқын қолдау негізінде ой төккен дейміз. 
Кейбір жан санға әйелді есептемес, 
Хақы бар нендей үлкен оны білмес. 
Атына ашуланса қатын соғар, 
Бейне бір оны күңнен артық көрмес. 
Жұмсайды отқа, суға, күл, көмірге, 
Үстіне өңді киім алып бермес. 
Ақын  осы  ұзақ  толғауында  тағы  да  заман  халін,  оның  жеке  өкілдерінің    тура,  немесе  бұрыс 
бағытын саралайды. Атап айтар бір мәселе, қай дәуірде де нақыл айтып, тәлім үйретіп отыру желісі 
жарысып  отыратын  қазақ  поэзиясының  дәстүрлі  сипаттары  Ғұмар  Қараш  шығармашылығында  да 
көрініс тапқан. 
Сонымен  бірге  жаңа  дәуірдің    көркемдік-эстетикалық  мұраттарының  талап,  талғамына  жауап 
беретін  сұлу  тіркесті,  жанды,  астары  қалың,  айтпағы  жартылай  жұмбақ  өлеңдер  де – Ғұмар  Қараш 
шығармашылығының етене бір сипаты. 
Ғұмардың  ақындық  айналымында  «ырыс  қайтып,  бақ  сөну»  сынды  сақтандырып  отыратын, 
ұлттық тағдыр-талайының кие, қорғанындай оралымдар жиі ұшырасады.  
ХІХ  ғасырдың  ен  ортасында  далаға  «мініп  көрер  күші  жоқ,  сауып  ішер  сүті  жоқ – ақша  дейтін 
мал  шыққанда» (Шортанбай  Қанайұлы),  сол  ақшамен  бірге  дендеп  жайылған  дерт – атасын 
сыйламайтын ұл, апасын тыңдамайтын қыз, бауырдан байлық қымбат, билік қадірлі  болған күндер 
туды  ел  басына.  Сол  жағымсыз,  жат  құбылыстар  отарлық  езгіде  тұншыққан  елді  қара  албастыдай 
қаптап басып алған болатын. Ғұмар  өлеңдерінің негізгі өзегі жұртын осы кеселден  сауықтырудың 
мұңы.  
«Қазақтың  атқа  мінген  адамдарына»  атты  шығармасында  Ғұмар  қазақтың  таза,  нұрлы,  табиғи 
жаратылысынан аттамаған өткен дәуір, алыста қалған аяулы күндерін сағынады.  
Бай еді ер қазақтың  жарық күні, 
Басып тұр қараңғылық нұрсыз түні. 
Байқасам жан-жағыма көзім салып, 
Келмейді замананың ешбір сыны. 
Жайылып ұрлық, өтірік тегісінен, 
Жойылды бұ заманда сөздің шыны. 
Әкеге бойсұнбайды туған ұлы, 
Аға тілін алмайды жаман іні. 
Бастаған халықтың көшін адамдары 
Шықпайды ел қамында еш бір үні. 

126 
 
Көш бастай ел бастаған басшыларға 
Осылай болар ма екен  істің жөні. 
Қайғы етіп кесер басын халқын көрмеу, 
Айтар ма оңған деп ешкім оны. 
Қоймаса бұл мінезді бас адамдар 
Қорқамын қайнай ма деп елдің соры, 
Ғұмар  негізінен  өсиет,  өнеге  өлеңге  басымдық  берген.  Соған  қоса  шынайы  поэтикалық 
тылсымның  дәмін  сезінуіне  де  айрықша  талғам  көрсетіп  отыратыны  болады  дедік. «Шәңгерей 
өлеңдерін оқығанда» атты қысқа туынды ақын талғамы, ақынның өнерге қойған талабы дегізетіндей. 
Көріп ғажап бұл ғазалны* қалдым қайран, 
Мафһумы** неше түрлі алуан-алуан. 
Теріліп Пушкин, Лермонд*** – қылса баян, 
Айта алмас жүз мыңнан бірін ғаян****. 
Ғұмар  Қараш 1875 жылы  Ішкі  Бөкей  Ордасына  қарасты  Қырқұдық  деген  мекенде    дүние  есігін 
ашқан. Қазіргі Батыс Қазақстан облысында. Әуелде ауылдағы молдадан сауат ашқан. Кейінде білімін 
кеңітіп,  Ғұбайдолла  Ғалінеевтің  медресесін  бітірген. 1902-1910 жылдарда  өз  елінде,  Тіленшісай, 
Борсы  атты  жерлерде  жаңа  оқу  жәдитпен  балаларды  оқытқан.  Борсы – қазақтың  ХХ  ғасыр  басын-
дағы  әдебиетінде  айрықша  көркемдік  тәсілдерімен  олжа  салған  әйгілі  ақыны  Шәңгерей  Бөкеевтің 
мекені. Осы ауылда бала оқытқан Ғұмар Шәңгерейдің тәлімін көрген. Заман беталысына орай өзіндік 
шығармашылық бағытын түзе бастаған.  
«Шәңгерей  Ғұмарға  орыс  тілін  үйретеді,  орыс,  еуропа  өлеңдерінің  көрнекті  шығармаларымен 
таныстырады,  басты-бысты  роман,  повестерді  әңгімелеп  береді.  Ғұмар  осы  естігендерін      ауыл 
адамдарына  айтып  таратады.  Табиғатында  зерек,  білімге  құштар  Ғұмар  өздігінен  әр  саладағы  орыс 
тіліндегі кітаптарды оқитын дәрежеге жетеді. Бұған куә оның А.Некрасовтың «Соғыс қаһары» өлеңін 
аударуы Л.Толстой философиясымен таныстығы сияқты жайлар» (1, 6-б.). 
Ғұмар Қараш 1917 жылғы Ресейде өткен Ақпан төңкерісін үміт-күдік аралас көңілде қарсы алған. 
Бұл  тұрғыда, алда  сынақты күндер барын Ғұмар білді, тым  қуанып, әсериеле қойған  жоқ  деп, «ХХ 
ғасырдағы қазақ әдебиеті» зерттеу еңбегінде Сәбит Мұқанов дәл байқап айтқан болатын.  
Ғұмардың  заман  ыңғайын  саралау  сұңғылалығы,  жан-жақты,  дүние  біліміне  көз  тастаған  сергек 
қалпы оны тек дін оқуын үйрету міндетінде қалмай, аумалы-төкпелі уақыттың ағынына түсіреді. 
Ғұмар Қараш өмірін зерттеушілердің келтірген деректері халқына қызмет етуді өмірінің мақсат-
мұраты санаған адамзат ақынның 1918 жылы діни мансабын біржола тастап, елге нақты қызмет ету, 
әлеуметтік өмірге белсене араласу жолына ойысқанын, туған  елі Жәнібекке келіп, Ордадағы педтех-
никумда  сабақ  бергенін, 1918 жылғы 24-ші  қыркүйекте  болған  Бөкей  губерниясы  мұғалімдерінің  І 
съезінде және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния  кеңестерінің І, ІІ, ІІІ, ІV съездерінде  делегат 
болып қатысқанын айтады. Съездерде жарыссөзге шығып, өз пікірлерін ашық білдіріп отырған. 1919 
жылы  Бөкей  губисполкомында    істейді,  сол  жылы  оған  Ордада  ұйымдастырылған  айына  екі  рет 
шығатын  «Мұғалім»  атты  тәлім-тәрбие,  ғылыми-пән  журналының  шығарушылар  алқасын  басқару 
жүктелген.  Бұл  өзі  тұңғыш  қазақ  кеңес  педагогикалық  журналы  екен.  Ғұмар  Қараш  осында  «Педа-
гогика» атты еңбек жариялаған. Ордада қазақ жазушыларының одағы іспетті ұйым құрып, «Дұрыс-
тың  жолы»  атты  газет    шығарады.  Шаруашылық  жұмыстарымен  шұғылданып, «Қырқұдық»  атты 
артель құрысқан. 
Ғ.Қараштың өмірінің ақыры қайғылы қазаға ұшырауымен ауыр ойға батырады. Көпшілік деректе 
1921 жылы оны Құнаншапқан деген жерде өлтіріп кетеді. Сәбит Мұқанов дерегінде Ғұмардың қазасы 
1927 жылмен даталанған. 
«Қазақ тілі» газеті (1921, №36): 
«Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне 
білімді,  пікірлі  қызметкерлердің    өте  керек  болып  тұрған  заманында  Ғұмар  сияқты  зор  ғалымның 
қашқындар  қолынан  қылышпен  кескіленіп  өлтірілуі  жанды  күйдіреді,  жүрегімізге  от  жағады. 
Уақытсыз  кеткен  есіл  ер,  топырағың  торқа  болсын,  сенің  атың,  қызметің  қазақ  халқымен    бірге 
жасайды деп жазған». 
Ғұмар  Қараш  ғұмырбаянын  зерттеуде,  оның  әдеби  мұрасын,  қайраткерлік  ісін  танып,  бағалауда 
қилы  көзқарастар  болды.  Қайшы  пікірлер  көп  айтылды.  Қилы  қаулы-қарарлар  бірде  ақтап,  бірде 
айыптап отырды.  
Зерттеуші  Қабиболла  Сыдиықов  Ғұмардың  шығармашылық    өмірбаянын  түзіп  отырып,  ақын 
туралы оң пікір айтқан ғалым Есмағамбет Ысмайыловты айрықша ілтипатпен атайды. 

127 
 
«1943  жылы  «ХХ  ғасырдағы  қазақтың  демократияшыл  әдебиеті»  деген  кандидаттық  диссер-
тациясында  ақын мұрасының мейлінше әділ бағалануы. Бірақ бұл кезеңде де әдеби мұраларымызға 
үрке  қараған  солақай    белсенділер,  сыңаршақ  айтыс-тартыстар,  баспасөз  бетіндегі  тырнақ  астынан 
кір іздеген дүбәрә, дүмше сындар аз болған жоқ. Сондай сойқанды сындарға зерттеушілер де, олар 
тарапынан мұрасы дұрыс  бағаланған Ғұмар сияқты ақындар да қайта ілікті. 1947 жылы «Қазақстан 
Коммунистік    большевиктер  партиясы  Орталық  Комитетінің», «Қазақ  ССР  Ғылым  академиясының 
Тіл және  әдебиет институты жұмысындағы  саяси өрескел қателер  туралы» дейтін  қаулысы  шықты. 
Онда Балқы Базар, Шортанбай, Мұрат, Шәңгерей, Сұлтанмахмұттармен бірге Ғұмар да феодалдық-
реакциялық,  буржуазиялық-ұлтшылдық  сарындағы  ақын  делініп,  шығармаларын  оқуға  тыйым 
салынды. Ғұмарды сол қаулыда «революцияға дұшпан буржуазиялық-ұлтшылдық Алашорда партия-
сының  қайраткерлерінің  бірі»  деп  көрсетті.  Бұл  қаулы    қазақ  әдебиеті  тарихын,  сондай-ақ  Ғұмар 
сияқты  көрнекті  ақындар  мұрасын  жинап,  зерттеуге,  жариялауға  кесек  болған  бірден-бір  қанды 
қақпан болды» (1, 9-б.). 
Ғұмар  өз  дәуірінің  тынысы  түскен  өлеңдерді  өнімді  жазған  ақын. 1911-1918 жылдар  арасында 
бірнеше өлең жинағы шығады. Ғұмар Қараш тек өлең емес, түрлі жанрда, халқы қажет еткен салада 
тынымсыз еңбектенген, үзбей жазып отырған.  
Бір жылда үш бірдей кітабы шыққан  кезі де бар. 1911 жылы шыққан «Бала тұлпар», «Тумыш», 
«Қарлығаш»  сынды  кітаптарында  ақын  халық  қамын  ойлау  үстінде,  мазақ  ғұмыр  кешіп  жатқанын 
көрсетіп отырады.  
Кезінде  шеберлікке  шыңдалу  барысындағы    Сәбит  Мұқанов  айрықша  атап  көрсететін  «Аға 
тұлпар» өлеңдер туралы жинағы туралы кейінгі зерттеушілер де оң пікірлер айтады.  
«Аға тұлпар» (Орынбор, 1914) жинағында Ғұмардың ақындық шоқтығы бұрынғыдан да биіктей 
түскен. Ол өз сөзімен айтқанда «Заман жайын көзге алар» шын азамат ақын ретінде танылады. Уағыз, 
өсиет, насихат, тілек түрінде келетін өлең, толғауларының қай-қайсысында да замана, замана адамы 
жайында  бағзы жыраулар өнегесімен өзінше толғанады. 
Ақынның қасірет-қайғысы: патша отаршылары еркіндеп қазақтың бағзы қоныстан айрылуы: ары, 
діні мал болып ел ағасы жетім-жесірге  қарамай, атақ, дәреже үшін арын сатуы, екіжүзділік, паңдық, 
арызқойлық, мансапқорлық, жіншілдік, надандық, парақорлық жол алып, елдің азуы: Ғұмар халықты 
өнер, білім жолына бастауды жастарға ғана аманат етеді, соларға үміт артады. 
Ақынның бұл жинағында болмыс, ғарыш әлемі хақындағы өлеңдері де бар» (1, 14-б). 
Ғұмар  Қараш  мұрасын  танып,  бағалауда  кезінде  қағаберіс  қалған  бір  мәселе – ақынның 
ағартушылық  бағыттағы  еңбегінің  жалпытүркілік  рухани  кеңістіктегі  мәні  дер  едік.  Ғұмар  Қараш 
поэзиясының пәлсапалық арқаулары, дәстүрлі поэзиямен сабақтасып жатқан негіздері, адамгершілік
ізгілік ұстанымдары, үйрену мектебінің халықтың, әлемдік құнарлары туралы, өлең құрылысындағы 
сипаттар,  шеберлік,  шешендік  үздік  қырлары  көзге  ілініп,  ара-тұра  болса  да  бағаланып,  танылып 
келгенімен, жәдитшілдік ағым аясындағы елеулі еңбегі кейінде ғана назарға алынып, ой талқысына 
түсе бастады. Осында Мақсат Тәж-Мұрат зерттеуі мәнді (4). 
Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздік  алған  кейінгі 20 жыл  көлемінде  әдебиет  тарихын  зерттеу, 
әдеби мұрасын тану ісінде елеулі өзгерістер өтуде.  
«Бүгінгі Тәуелсіздік биігінен қараған сәтте артта қалған тарихи кезеңдер өзіне айрықша тартып, 
қоғамдық ой-сананың  сан-саласын күн өткен сайын өзіне қызықтыра түсуде» (2, 3-б. Ө.Ә.). 
 
Пайдаланған әдебиеттер: 
1.  Мұқанов Сәбит. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті: – Алматы: Атамұра, 2008. – 384 бет. 
2.  Әбдиманұлы Ө. Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух. – Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 192 бет. 
 
Резюме 
Автор затрягивает актуальные вопросы изучения художественного наследия видного поэта  Гумара Караша. 
 
Summary 
By studying current issues zatryagivaet artistic heritage of a prominent poet Gumarov Karash. 
 
 
 
 
 
 
 

128 
 
 Есентаева А., 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  
университетінің магистранты 
 
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ  
ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІ ДӘСТҮРІНІҢ КӨРКЕМДІК, ТАНЫМДЫҚ МАҢЫЗЫ 
 
 ХХ  ғасырдың  басы  қазақ  қоғамы  үшiн  рухани  құндылықтардың  жаңғыруы,  гуманизм  идеяла-
рының  кең  таралуы  және  қазақ  халқының  мәдени  санасының  даму  кезеңi  болды.  Себебi,  рухани 
сiлкiнiс  осы  кезеңдегi  ақын,  жазушылардың  шығармашылықтарынан  анық  байқалады.  Алдыңғы 
қатарлы  қазақ  зиялылары  халықты  адамзат  өркениетi  жолымен  дамыту  бағыттарын  бiлдi.  Олардың 
негiзгi  мақсаты – адамды  iзгiлікке  тәрбиелеу,  бiлiмге,  өнерге  және  кәсiпкерлiкке  баулу  болатын. 
Қазақ  ойшылдары  «адам  түзелмей,  қоғам  түзелмейдi», – деген  қағидалық  ақиқатқа  ден  қойды. 
Халықты «адамды түзету» арқылы өркендету идеясына ерекше ден қойған философ – ақын Шәкәрiм 
Құдайбердiұлы. 
Ақын поэзиясындағы өзіне тән өлеңдік өрімдер мен өрнектерді, түр мен мазмұнды ашып көрсету 
маңыздылығы, сонымен қоса ақынның сан қырлы да, сырлы поэзиясының жан-жақтылығын да тану 
мәселесі де үлкен мақсатты істерді қажет етеді. «Ақынды зерттеп алғаннан кейін, ақын даралығының 
құпия  сырын  тауып  алғаннан  кейін,  ақын  даралығының  құпия  сырын  тауып  алғаннан  кейін,  міне 
сонда,  оқушы  оқыған  ақынның,  өзін  бүкіл  дүниені  ұмытуы  керек  деген  Гетенің  ережесін  қажетсіз 
басы  артық  нәрсе  деп  тастауға  еріктісіз.  Сонда  ғана,  сіздің  қара  басыңыз  қайтадан  ерікті  болып, 
шәкірттікте, төрешіге айналасыз. Сіз ақыннан алдын ала өзіңіз кесіп-пішкен бағытыңызды емес, ол өз 
ұстаған  жолына  адал  болуын,  өзіне  өзі,  және  тұлғасына  қайшы  келмеуін,  өзінің  бетін  тұрған 
бағытынан  бұрмауын  талап  етесіз  (өйткені  сіз  оның  бағытын  оның  өз  шығармаларының  түсіндіңіз, 
оған  өз  ойыңызды  таңған  жоқсыз), - қысқасы,  сіз  оның  өзінің  алған  жолына  тыңғылықты  болуын 
талап етесіз, бұл тыңғылықтылық ақыл – парасат еңбегінің қажетті шарты болып табылды» [8, 216], – 
деген  В.Белинскийдің  пікірі  ақынның  дара  қолтаңбасын  оқырманның  танып-білуі  ғана  емес,  оны 
зерделей білу керектігін танытады.  
Адамның жетілуі жайында Ж.Баласағұн «Құтты білік» еңбегінде көп келелі мәселелерді көтерген. 
Жеке  адамның  қалыптасуы  жөнінде  адамгершілік  қасиеттердің  маңыздылығын  қоғамның  дамуына 
етер әсерін көрсетіп берді. Қоғам дамуындағы адам ролінің ерекшеліктеріне, адами құндылықтардың 
маңызына көңіл бөлді. Ортағасырлық түркі әдебиеті дәстүрін Шәкірім де жалғастырды. 
Ол  адам  бойындағы  адамгершілік  қасиеттер  мен  тұрпайы  мінездің  ара  салмағын  ашып,  жіктеп, 
саралап  отырады.  Адам  болмысының  рухани  дені  қандай  болуы  керек  дегенде,  адамда  ізгілік,  ұят, 
сабыр,  ар,  мейірімділік,  білімділіктің  болуы,  сонымен  қоса  Аллаға  деген  ыстық    ықылас  пен  таза 
сезімнің  болуын  қастерлейді.  Жүсіп  Баласағұнның  бұл  еңбегі  тек  қана  кісіліктің,  парасатылықтың 
адам  болмысын  жақсартатын  күш  екені,  бүкіл  бір  қоғам  болмысы,  адамның  осы  бір  ішкі  әлемінің 
сұлулығынан туындайтын содан жалғасатын тірек екендігін айқын көрсетеді. 
Жүсіп  Баласағұн  шығармашылығында  көрініс  беретін  Әділет,  Бақыт,  Ақыл,  Қанағаттың  адам 
дамуына,  оның  кемелденуіне  тигізер  әсерінің  күштілігі  айрықша. «Құтты  біліктен»  алар  өнеге  өте 
мол.  Соның  ішінде  адамның  өзін-өзі  тануы,  жетілдіруі  ерекше  сыпатқа  ие.  Дастандағы  кейіпкерлер 
сұхбатынан үлкен ізгілікті танымды танимыз. Сонымен қоса, дастаннан алар ой, идея – адам бойын-
дағы  жаратылыстан  бар  адами  қасиеттер  мен  ізгілікті  ашу,  оны  дамыту.  Мұнда  адами  қалыпты 
сақтау,  әдеп,  білім  дүниелерімен  қарулану  үлкен  маңызға  ие.  Адами  қалыпты  сақтаудың  жолы  ұят 
пен  әділет  оларға  қарама-қарсы  адамды  кісіліктен  ажырататын  арсыздық,  мақтан,  жамандық, 
сараңдық,  еріншектік  сияқты  қасиеттерді    нақты  мысалдармен  жүйелейді.  Адами  сапаны  жойып 
жіберетін  ең  бір    қауіпті  дүниенің  бірі – зұлымдық.  Сондықтан  ол  «зұлымдық - өрт,  тисе  өртеп 
қырады»,-дейді. Адами сапаны күшейтудің бірден бір жолы осылардан бойыңды аластатып, ада болу, 
өзіңді-өзің тазарту. Жан дүниеңді руханиландыру адамгершілік қасиетіңді сақтап, кемелденуіңе жол 
ашады  деп  түйіндеуге  болады.  Адамзат  баласының  өркендеуіне  ішкі  адами  сапаларды  күшейтіп, 
қалыпты  жағдайда  өзін-өзі  сақтау,  өзін-өзі  меңгеру,  сонымен  қоса  кіршіксіз  тазалыққа  да  адами 
болмыстың  жетіле  алатындығы  жайындағы  танымды  Иассаудің  «Диуани  хикметінен»  табамыз. 
Әрине, бұл еңбек сөзсіз сопылық танымның ең бір өзекті дүниесі: Алла тану мен адам тану мәселесі. 
Себебі,  адам  баласына  өзін-өзі  жетілдіру,  өзін  Жаратушымен  үйлесімділікке  ұмтылу  ол  оңай  жол 
емес. 
«Бір»  және  «Барым  өзіңсің»  деген  Иассауи  танымына  жету  бұл  екінің  бірінің  қолынан  келе 
бермейді. Жан мен тән тазалығын қатар ұстап, әлі де жетіле алмай, оның «дидарына» ғашық болып, 

129 
 
әлі  де  күнәлімін  деп  көз  жасын  көл  дария  еткен  Иассауи  бабамыз  үлкен  махаббат  иесі.  Ол  өзінің 
аллаға  деген  ыстық  ықыласы  мен  сезімін,  махаббатын  «Диуани  хикматінде»  әдемі  поэтикалық 
образдар арқылы суреттейді. Хаққа деген махаббатқа бөленген Иассауи дүниетанымынан адам  жан 
дүниесінің  кіршіксіз  тазалануының  тамаша  үлгісін  көреміз.  Ол  дәріптеген  адами  қалыпты,  иман-
дылықты тізгіндеп ұстайтын: ақыл, сабыр, мейірімділік, қайырымдылық, рахымшылық, т.б. қасиет-
тер. 
Иә,  Алла  пендесіне  мейірімді,  кешірімді.  Адам  баласының  осы  ізгілікті  қасиеттерді  қалыпты 
жағдайда  ұстап,  Алласын  тануға  ұмтылу,  Түп  Иенің  мейіріміне,  шапағатына  бөлері  хақ.  Сонымен 
қоса,  Иассауи  шығармашылығының  негізгі  кейіпкері – Адам,  Адамның  Алламен  байланысы.  Ал 
рухани жетілу, тазару, махаббат, қоғам, заман, ғылым, білім, жаманшылықтан сақтану, нәпсіні тыю – 
адам  үшін  өзекті  мәселе.  Иассауи  шығармашылығынан    адамның  рухани  жетілуі  мен  Аллаға  деген 
пендесінің махаббат үлгісін, өнегесін көреміз. Оның дүниетанымын жалпы сопылықтың сатыларын 
айшықтайтын мына өлең жолдарына назар аударайық: 
1351. Өтті ғұмырым, шариғатқа жете алмадым, 
1352. Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым. 
1353. Ақиқатсыз мағрипатқа бата алмадым, 
1354. Жолы қатты пірсіз қалай өтер, достар [38, 67]. 
Міне, Иассауи сопылық жолдың өтер сатылары мен жетер шыңын осылай айғақтайды. Сопылық 
таным мен поэзия Иассауи хикметтерінде әдемі өлең өрнегі мен небір нақыштарға толы. Онда Алла 
мен  адамның  арасындағы  махаббат  пен  терең  таным  бірлігі  жатыр.  Сопылықтың  өзіндік  сөз 
қолданыстары, шарттары мен сопылық символдар арқылы тамаша поэзияның үлгісін көресіз. Бұнда 
адам  жайлы  оның  ішкі  әлемін  бірыңғай  қалыпты  жағдайда  ұстаудың  өнегесі  бар.  Адамды  рухани 
тазалыққа  үйретер  тәубә  ету,  қанағат,  сабырлылық,  нәпсіңді  тыю  т.б.  сияқты  адами  болмысты 
айқындар тағылымдық дүниелер көп. 
1571. Уә, дариға, арманменен өмірім өтті, 
1572. Нәпсім мені алжастырды, шектен асты, 
1573. Жан құсы шарықтады, рухым қашты, 
1574. Надандардың өмірі желге ұшар, достар [38, 76]. 
Осылай өрілген Иассауи өнегесі өрісіңді кеңейтер, танымыңды ұштар, ойыңа ой салар үлкен бір 
ғибратты  дүние  екені  сөзсіз.  Адамның  өзін-өзі  жетілдіру  үшін,  жандүниеңді  тазалау  үшін  қандай 
қасиеттерің басым болуы керек. Міне, осы мәселелерге Шәкәрім ақын өз шығармашылығында «Ашу 
мен ынсап», «Анық пен танық», «Ер қоспақ пен сөйлемек», «Мақтау мен сөгіс», «Талап пен ақыл», 
«Өзіме» т.б. өлеңдерін арнаған. Осы өлеңдерінде адам мінез-құлықтары жайында, оның жақсы болып 
қалыптасуына  оған  қандай  мінез-құлық  сапалары  әсер  етеді  деген  ойлар  жатыр.  Сонымен  қоса  ол 
адамның  қандай  шебер  әдістермен  жақсы  мінез-құлыққа  жететіні  және  олардың  адами  қасиеттерге 
айналу  жолдарын  көрсетеді.  «Ашу  мен  Ынсап»  өлеңінде  алдымен  адамның  сапасыз  қасиеттерін 
көрсететін  жаман  мінез-құлықтар  жөнінде  мысалдар  келтіреді.  Ол  еріншектік  пен  ашудың  адамға 
кері әсерін көрсетеді. Осы қасиеттерге жан бітіріп, оларды кейіптеу арқылы сөйлетеді: 
Бір жағымнан Еріншек 
Тағы келді салпылдап, 
Болмаймын деп келіншек, 
Ашу келді арсылдап. 
«Елді сөк те жаманда»,  
Деп ұрысты Ашуым, –  
Иә, Осыдан кейін Сабыр келеді: 
Сабыр келді аяңдап, 
«Жарамас – деп, – сасуың. 
Бәріне де хабар сал, 
Рақым, ұят, ар қайда? 
Қаруыңды жиып ал, 
Құр ашудың не пайда? 
Қайратың мен Сақтығың 
Көріне ме маңайда? 
Өлше істің ақтығын, 
Ынсап бар ма оңайда» [16, 51-52]. 
 Осы  өлең  жолдарынан  адамға  тамаша  іс  әрекеттер  жасау  үшін  де  жаман  істер  жасауға  да  өз 
бойында мүмкін қабілеттер бар екенін байқаймыз. Алайда, Шәкәрім сапалы қасиеттерді баса айтып, 

130 
 
жаман  мінез-құлықты,  жаман  іс-әрекетті,  сапасыз  дүниелерді  қалай  жоюдың  болатын  жолдарын 
көрсетіп  отыр.  Яғни,  адамның  өзінің  бойындағы  сапалы  қасиетін  қалай  туындата  алады  еріншектік 
пен ашуды жеңу үшін, сабырға төрелік айтқызып, ол арқылы рахым, ұят, ар, ынсап дүниелерін адам 
бойына  орнықтырудың  қажеттілігін,  олардың  адамның  бойына  жоғалмайтын  қасиеттер  етіп  сіңіру 
керектігін насихаттайды. 
Адамның өзінің ішкі әлемін бағындырып, руханилық сапаны арттырудың бірден бір жолы – өзін-
өзі  тануы. Адамның ізгі жақсылығына кедергі  болатын небір сапасыз ішкі дүниедегі нашар қасиет-
терді  жоюдың  көздерінде  Шәкәрім  ақын  поэтикалық  өрнекпен  көркемдеген.  Ол  адамның  салдыр-
салақтығы,  жалқаулық,  ашу  сияқты  дүниелердің  адами  қасиеттерді  тұмшалайтын  жағымсыз  дүние 
деп есептеген. 
Еріншектіктен – салақтық, 
Салақтықтан – надандық... 
Бірінен-бірі туады, 
Жоғалар сүйтіп адамдық [16, 102]. 
Өзін-өзі жеңіп, жалқаулыққа бой алдырмай, тәннің емес, жанның тілегін бірінші қойып әдеттен-
ген адам ғана биіктіктен көріне алады. Осындай баяндаулар арқылы поэтикалық әдемі де әсерлі «ішкі 
әлемнің» қасиеттерінен де кейіпкер, образдар туындатады. Ол кейіпкерлері адамның ішкі болмысын 
айшықтайтын ой-образдар. Жалқаулық, еріншектік, салақтық, надандық еңбектен қорқады. Адамның 
адамшылығын ұштайтын рухын шыңдайтын да осы еңбек. Ақын еңбектің адам өміріндегі мәні мен 
маңызын  жоғары  қояды.  Иә,  адам  баласы  өз  бойын  билей  алып,  жанды  рухани  жетілдіруге  қызмет 
етсе ғана, оның өмірі маңызды болмақ, ақын ойы осындай. Өлең сөзінің байыбына терең мән беріп, 
сөз  өнерінің  құдіретін,  әдемілігін,  нақышын  келтіріп  сөз  кеңістігін  байытқан  ақынның  көркемдік 
әлемі  мен  талғамы  биік  болатыны  сөзсіз.  Өлең  өлшемі,  өлең  өнері  ақындық  жайында  Әбунасір  әл-
Фараби былай дейді: «Біздің жазбамыздың осы жеріне жеткенде ақындық түйіндеудің әр қилы түрін 
белгілеу ләзім. Ақындык түйіндеуді өлшеміне, яки мазмұнына қарай топтау мүмкін. Өлшеміне қарай 
топтау  әуенділікке  немесе  екпінге,  тұжырымдау  қай  тілде  екеніне  байланысты,  сонымен  қатар 
музыканың деңгейіне де қатысты. Мазмұнына қарай ғылыми тұжырымдау тап басып болжау, поэзия-
ны талдаушының, поэтикалық мәнді зерттеушінің, әр түрлі халық поэзиясы мен оның әрбір мектебін 
білетіндердің  харакетіне  кіреді.  Ондай  араб  пен  парсы  поэзиясын  бүге-шігесіне  дейін  білетін 
білімдарлар біздің кезімізде де өмір сүріп отыр» [49, 71]. 
Ақын  өлең  өнерінің  сәнін  келтіріп,  мазмұн,  мәніне  жоғары  талаптар  қоя  білген.  Сөздің  өлең 
сөзіндегі орын мен талабын жақсы түсінген. Сөз – құдіретті. Сөз – бір әлем. Оның жұпынылығы оған 
бей-жай  қараудан  шығады.  Сөз  адам  өмірін  айшықтайтын,  адам  танымын  танытатын  дүние.  Осы 
жөнінде  академик  С.Қасқабасов: «Ал,  Абай  ең  басты  мәселе  етіп  Адамды,  оның  жеке  ісін,  сезімін, 
тұрмысын,  көңіл-күйін,  басқа  кісілермен  қатынасын  алады.  Оның  поэзиясында  Адам – Алланың 
махаббатпен жаратқан ең ұлы, ең сүйікті туындысы. Сол себепті бүкіл әлемнің, қауымның, болмыс-
тың темірқазығы – Адам. Оның мүмкіндігі мен құдіреті – орасан. Адам - өмірдің өлшеуіші, қозғаушы 
күші, тірлікті дамытушы, қоғамды түзеуші. Міне, осы адамды түсіну мен осы адамды тану міндетін 
алға  қойып,  Адамды – дүниенің  биік  мұраты  деп  түсінуі – Абайды  Ренессанстық  тұлға,  ал  оның 
поэзиясын қазақ Ренессансының басты екенін айғақтайды. 
Адам баласы өмірде түрлі көңіл-күйді бастан кешеді. Оның қалай көрінуі адамның болмысы мен 
парасатына, мінезі мен ақылына байланысты. Абай лирикасы – оның барлық қуанышы мен қайғысы-
ның, үміті мен күдігінің... жалпы көңілінің айнасы», – деген ойды айтады [50, 33]. 
Шәкәрім  ортағасырлық  түркі  әдебиеті  дәстүрін  жалғастыра  отырып,  адамгершілік,  ізгілік,  ру-
хани  дүниелерді  жырлағанда  ой-образдарды  қолданады. «Иманым»  топтама  өлеңдері  өте  сырлы  да 
бейнелі көркем сөздерге толы. «Ақ жүрек», «ақ ниет», «ар-ұждан», «таза ақыл», «шатақ дін», сынды 
сөз  тіркестерінде  поэтикалы  бейнелі,  мазмұны  терең  сөздер  қолданылады.  Осы  сөз  тіркестері 
астарында үлкен философиялық адамның ішкі құндылықтары жайлы терең толғамдар жатыр. 
Кейіпкер  бейнесін  сомдауда  адамның  ішкі  әлемін,  сан  түрлі  қырын  танытатын  сөздерді  жиі 
пайдаланады. Бір ғана «көз», сөзінен адамның ішкі әлемі жайлы, оның «ішкі көзі», «көңіл көзі», «кеу-
десінде болса көз», «жан көретін көз керек», «көкірек көзі» сөздері арқылы  абстрактылы образдарды 
аша  түседі.  Қазақ  поэзиясын  биік    белеске  көтеретін  тың  туындылар  арқылы  ақын  шығыс  поэзия-
сының  тамаша,  сұлу  поэзиялық  өрнегін,  мазмұнды,  ойлы  толғамдарын  қазақи  өрнекпен,  нақышпен 
көркемдейді. 
Шәкәрімнің  әсіресе  «Иманым»  атты  топтама  өлендерінде  сопылық  сарын  мен  сопылық  таным 
қазақи жүйеге сай жүйеленген: 
Кел, аяқшы, қымыз кұй, 

131 
 
Көпке бер де, маған бер. 
Махаббат салды ауыр күй, 
Жан кысылып, ақты тер [13, 148]. 
Осы  өлеңнің  соңында  Шәкәрім  өз  түсініктемесін  берген: «Бұл  парсы  жүртының  баяғы  өткен 
атақты  білгіш  ақыны  Хожа  Хафиз  сөзінен  қазақ  тіліне  аударылған.  Осы  күнгі  Алаш  ұранды 
халықтың  һәм  басшыларының  басына  келіп  тұрған  ауыртпалыққа  дәл  келетұғын  сөз  болған  соң 
насихат болар деп жаздым. Оқушылар, естерінде болсын: Хожа Хафиздің «арақ» деп жазғанын мен 
көбінесе  «қымыз»  деп  жазамын.  Оның  «арақ» («қымыз»)  дегені – ақыл,  ғылым,  хақиқатта  «жар» – 
дос  дегені,  Алла  тағала  һәм  табиғаттың  көркемдігі.  Мысалы: «Жаз  таңының  нұр  желі»  деген 
жырының  мағынасы – бостандық  келерде  адамдардың  әртүрлі  партия  толқыны  табиғат  тұрмысын 
шайқалтып, бізді қатты қайғыға салып тұрады дегенге келеді» [13,  149]. 
Шәкәрім  Құдайбердіұлы    поэзиясында  адамгершілік,  гуманистік,  ағартушылық,  демократиялық 
және  діни  философиалық  мәселелерді  көтере  білді.  Қазақ  қоғамы  үшін  тағдырлық  мәнді  мәселе-
лердің  Шәкәрім  өлеңдерінде  синтезделініп  көрініс  табуы – қазақ  поэзиясына  енгізілген  жаңалық. 
Ақынның  көптеген  өлеңдерін  философиялық  лирика  ретінде  бағалауға  болады.  Себебі,  ақынның 
ойшыл,  терең  әлеуметтік  мәселелерді  қозғайтын  поэзиясы  оқырманын  тәрбиелейді  және  парасат-
тылығын  қалыптастырады.  Өлеңдері  мен  дастандарында  әлеуметтік  шындыққа  адекватты,  сол 
кезеңдегі тарихи дәуірге саяси өзгерістерге сәйкес келетін терең психологизм де бар. Кейіпкерлері – 
сол  тұстағы  қоғамдық  ортадан  алынған  шынайы  образдар.  Олардың  сезімі,  жандүниесі,  болмысы 
өмір  құбылыстарын  түсінуі,  адами  күйзелісі  өмірде  болып  жатқан  шындықтармен    қабаттасып 
жатады. 
Ақын пәлсапаға толы толғаныстармен қоса монологтар мен дастандар үлгісінің өрісін кеңейтіп, 
өмір  құбылыстарынан,  тіршілік  заңдылықтарынан  әдемі  әуезділік  тауып,  оны  көркем  сөзбен  бей-
нелей білді. Шәкәрім ақын қазақ поэзиясын мазмұн, түр жағынан дамытып жаңа бір белеске көтерді. 
Осымен  бірге  қазақ  поэзиясының  көркемдік-эстетикалық  талаптарының  тұғырын  биіктетті.  Демек, 
Шәкәрім  ақын  көркем  сөз  шебері  ретінде  қазақ  әдебиетін  мазмұн  мен  пішін  жағынан  нығайтып, 
ұлттық поэзиямызды классикалық  үлгіде жазылған туындыларымен байытқан суреткер. 
Ұлттық  өлең  дәстүрінің  тамаша  үлгісін  және  жаңаша  мазмұндау  мен  өрнектеуді,  өлшем  ырғақ-
тарын түрлендіруді сан қилы әдіс-тәсілмен өрнектеу   ақын поэзиясының жаңаша қыры. Көркем сөз 
шебері  өзінің  ақындық  дүниетаным  мен  идеяларын  бейнелеуде  көркемдік  құралдарды  құбылта 
пайдалануға шебер. 
Ақын  поэзиясындағы  философиялық  көзқарастары  поэмалары,  азаматтық  лирикалары,  адам 
жөніндегі  ұлағатты  ойлары  мен  жаратушыны  тану  идеялары  да  қазақ  әдебиеті  мен  мәдениетін, 
дүниетанымдық  бағытын  алға  жылжытты.  Шәкәрім  ақын  философиялық  терең  толғамдары  мен 
дастандар үлгісін, қазақ өлеңінің өлең жүйесін ілгері дамытты. 
Адамзат  баласының  «көкірек  көзін  ашуға», «жүрек  пен  қабылдау», «ақыл»,  махаббат,  білім, 
ғылым дүниелерін мәңгілік адамзат өркеніне дамытатын күш екені айғақ. Міне, осылар жайында ой 
толғаған Абай мен Шәкәрімдерге дейінгі мұраларымыздың, түркі әдебиетінің берері мол.  
Шәкәрім  ортағасырлық  түркі  әдебиеті  дәстүрін  жалғастырып,  қазақ  поэзиясын  тақырыптық, 
мазмұндық,  жағынан  да  байытып,  сонымен  қоса  ол  адам  болмысы  жөніндегі  тың  ойларымен  қазақ 
өлеңінің,  қазақ  дүниетанымының  шеңберін  кеңейтті.  Адамның  ішкі  әлемін  суреттеуде  ешкімге 
ұқсамайтын даралық, өзгеше өлеңнің түрлерін әкелді. Оның өлеңдері қазақ дүниетанымының өрісін 
кеңейтіп,  жаңаша  ойлау,  жаңаша  тану  үлгілерін  көрсетті.  Әсіресе  адам  психологизмін  айқындауда 
өлең құдіретінің тамаша үрдісін таныта білді. 

1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   30


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал