Сборник материалов международного научного форума «филологическая наука в ХХІ веке: проблемы и перспективы»



жүктеу 5.01 Kb.

бет2/30
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріСборник
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30

 
Дәдебаев Ж., 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
профессоры, филология ғылымдарының докторы 
 
АБАЙДЫҢ ІЛІМІ 
 
Адам баласының тіршілігінің мағынасы мен мәні туралы Абайға дейін де, Абайдан кейін де талай 
ойшылдар  ойланған,  ой  айтқан.  Адам  баласының  өмірге  келуінің,  өмірінің  және  өмірден  кетуінің, 
адамдығының  мағынасы  мен  мәні  туралы  Абай  анықтама,  сипаттама  ғана  беріп  қойған  жоқ, 
концептуалды  қағидалар  жүйесін  жасап,  өзінің  ілімін  қалыптастырды.  Абайдың    ілімінің  құрамдас 
бөлімдері  үшеу:  а)  ақыл;  ә)  қайрат;  б)  жүрек  (махаббат).  Абай  ілімінің  құрамдас  бөлімдері  өзара 
тығыз  байланысты.  Абай  ілімінің  әр  құрамдас  бөлімінің  өзі  іштей  бірнеше  категориядан  тұрады. 
Олардың жүйесін анықтаудың ғылыми маңызы зор.  
Ақын  ілімінің  негізінен  мынадай  өзекті  қағидалар  өріліп  шығады:  а)  адам  баласы  сүюге,  жек 
көруге,  сынауға,  суреттеуге,  өзгертуге  болатын  объект  қана  емес,  сонымен  қатар  субъект  екендігі 
туралы  қағида;  ә)  кемел  тұлғаның  адамзат  алдындағы  адамшылық  қарызы  туралы  қағида;  б)  кемел 
тұлға  мен  көп  арасындағы  қатынастың  сипаты  туралы  қағида;  в)  кемел  тұлға  мен  әлеуметтік  орта 
арасындағы  қатынастың  мәні  туралы  қағида.  Бұл  қағидалардың  адамзат  ақыл-ойының  тарихында 
танымдық маңызы, әлеуметтік, философиялық мәні терең. Адам табиғаты, оның екіжақты болмысы, 
кемел  тұлға  мен  әлеуметтік  орта  арақатынасы,  жеке  тұлға  мен  көп  арақатынасы  туралы  терең, 
тегеурінді  әрі  ерекше  маңызды  қағидалардан  Абай  ілімінің  басты  ұстанымдарының  мәнісі  аңға-
рылады.  
Күш-қуаты толысқан шағында Абай өз ілімінің басты қағидалары мен ұстанымдарына сай көпке 
ақыл  берді,  насихат  айтты,  әділет  жолына  шақырды,  наданның  көңілін  ашпақ [2, 95],  заманды 
түземек болды. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген 
кісінің тілін кесер едім» [1, 163], - деп, ішкі қуатын ашты. Өзінің ілімі мен халықтың дәстүрлі мәде-
ниеті, әдет заңы негізінде өз заңын жасап, оған арнайы баптар енгізді. Сол арқылы көптің мүддесін 
қорғаудың,  әділетті  қолдаудың  құқықтық  негізін  жасап,  оны  әлеумет  игілігі  үшін  қолданды.  Соған 
сай әділетті билік шешім шығарды. Жұртын пайда ойламай, ар ойлауға бастады. Халқының бірін-бірі 
дос  көрмейінше,  істің  бәрінің  бос  екенін  сөзімен  де,  ісімен  де  дәлелдеді.  Бірақ  жалғанда  сағымдай 
төңкеріліп  құбылған  жұрты  шынға  шыдай  алмады,  шынға  ынтымағын  қоса  алмады.  Соған  күйінді, 
содан жаны жараланды, қаны қарайды, көкірегі қайғыға толды. Ақынның адамдарды бір-біріне дос, 


 
бауыр  тұтқан  және  адамды,  адамзаттың  бәрін  бауырым  деп  сүйген  жүрегі  қиянатшыл  дүниеден 
қырық жамау болды. 
Адам мінезін түзеуге, наданың көңлін ашуға болмайды емес, болады. Дүниеден өткен нәбилерлің, 
ғұламалардың,  хакімдердің  бәрі  осы  мақсатты  көздеді.  Мұндай  биік  мақсат  алыстан  көрінеді, 
алыстан  көрінсе  де  қол  созым  жерде  тұрғандай  болады.  Бірақ  оған  бір  адамның  ғұмыры  бойында 
жеткізетін  сара  жол  жоқ.  Бүгінгі  күннің  биігінен  қарағанда,  адамзаттың  Адам  атадан  бермен  қарай 
осы  мақсат  жолында  ұдайы  ізденіп,  бір  жығылып,  бір  тұрып  келе  жатқаны  белгілі  болады,  алға 
басқан  аяғы  кері  кеткендей  сәттерінің  шындықтары  да  көзге  түседі.  Бұл  бір  адамның,  бір  буын 
ұрпақтың  басында  ғана  болған  жай  емес,  адамзат  қоғамының  бәрінде  және  адамзаттың  барлық 
буынының  басында  болатын  ахуал.  Адамзат  ұрпақтарының  бір  буыны  жеткен  жетістіктерді, 
игіліктерді, рухани құндылықтарды екінші буынның ысырап қылмай қабыл алып, әрі қарай дамытуы 
оңай емес. Адам баласының өзіне, өзінің заманына дейінгі ақыл-ой жетістіктерін, рухани құндылық-
тардың негізін  толық  білуі  және оларды өзінің, айналасының, қоғамының игілігіне  лайықты  пайда-
лануы – даналықтың  белгісі,  үлкен  жетістік.  Бірақ  мұндай  жетістікке  жеткендер  аз.  Абай  мұның 
заңдылығын білмей қалған жоқ.  Ақынның: «Өмір жолы - тар соқпақ, бір иген жақ» [2, 224], - деген 
пікірінің мәнісі осында. «Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып» [2, 176], - деп, басынан 
өткен кезеңнің шындығынан туған ойын өкінішпен түюде де үлкен мән бар.  
Тіршілікте  адамның  өзін  сүйген,  өзіне  достық  пейіл  танытқан  адамды  сүюі,  өзіне  достық  пейіл 
танытқан адамға достықпен қарауы оңай емес. Екінші жағынан, адамды адамның жек көруі, адамның 
адамға  жат  болуы,  тіпті  жау  болуы  қиын  емес.  Бір  атым  насыбайдан  көңілі  қалатын  қазақ  үшін 
өкпелеу  де,  шекісу  де,  кетісу  де  оп-оңай.  Әлеумет  тарихында  адамдардың  көшетұғын  сай  үшін, 
өлетұғын тай үшін таласып, алты бақан алауыз болған жайлары да болған, бар. Оның үстіне Абайдың 
заманында қазақ баласы «тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін 
қам  жейді  екен,  ол  малды  қалайша  табуды  білмейді  екен,  бар  білгені  малдыларды  алдап,  мақтап 
алмақ  екен,  бермесе  онымен  жауласпақ  екен,  егер  малды  болса,  әкесін  жаулауды  да  ұят  көрмейді 
екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып 
мал тапса, жазалы демесек керек екен» [1, 137]. Өзі үшін, қу құлқынның қамы үшін ұрлық қылып, 
сұмдық сауып жүрген адамдардың бойындағы осы мінездердің адамшылыққа жаттығын ақын асқан 
ақындық  шеберлікпен  суреттеді,  оларға  қарсы  қолма-қол  күш  көрсетпей,  жұрттың  ынтымағы  мен 
бірлігін  қалыптастырып,  нығайтуды  көздеді,  көпті  ғылым  табуға,  өнер  үйреніп,  кәсіп  қылуға, 
адамшылық  қарызы  үшін [1, 183] еңбектенуге, «пайда  ойламай,  ар  ойлауға» [2, 74], «ғадаләттан 
шықпауға» [1, 205] шақырды. Адамшылық қарызы үшін еңбек етудегі ынтымақ пен бірліктің мәнін 
де ашып берді. Халқына ынтымақ пен бірліктің малға сатылуын антұрғандықтың басы деп түсіндірді. 
Ынтымақ пен бірлік малға бірлік емес, малға ынтымақ емес, ақылға бірлік, ақылға ынтымақ екендігі 
туралы бұрын-соңды ешкімнің ойына келмеген құнды қағидасын ұсынды [1, 137].  
Ақынның  ақылға  бірлік,  ақылға  ынтымақ  қылу  туралы  қағидасының  өзегінен  жұрттың  мінезін 
түзеудің мынадай басты жолдары, тетіктері көрінеді: а) жамандықтан, жалғандықтан, әділетсіздіктен 
аулақ  болу;  ә)  жақсылықта,  шындықта,  әділетте  бірігу;  б)  жамандықты  жақсылықпен,  надандықты 
адамдықпен жеңу, тіл ұстартып, өнер шашу, насихат беру жолымен жою.  
Көрсетілген  қағидалар  жамандықтан,  жалғандықтан  қашық  болу,  жақсылыққа,  өнер-білімге, 
әділетке  асық  болу  туралы  ақындық  оймен  толысып,  кемелдене  түседі.  Мұндай  қасиетті  қағида 
қалыптастыруға,  соны  берік  ұстауға,  оны  бірдің  емес,  көптің  игілігіне  жұмсауға,  өмірі  мен  өнерін 
көптің  мінезін  түзеу  үшін  қызмет  етуге  арнау  Абайға  дейінгі  ақындардың  қолдарынан  келмеген, 
олардың мүмкіншіліктерінен биік тұрған айрықша абзал азаматтықтың үлгісі еді. Адал еңбек етудің 
орнына  ауыз  жарымас  бірдеңе  үшін  біреуге  телміріп  көзін  сатқан  жанды,  ұрлықпен,  қулықпен, 
зорлықпен  мал  тауып  жүрген  сұмдар  мен  зұлымдарды,  біреуді  үркітіп,  біреуді  қорқытып  тамақ 
асырап  жүрген  пәлеқорлар  мен  жалақорларды  жаман  жолдан  тыйып,  ақ  жолға,  әділет  жолына, 
ынтымақ пен бірлік, адамшылық жолына салу үшін, солардың жанын тазартып, ниетін ағарту үшін 
аянбай  еңбек  қылуға,  бейнет  кешуге  адамның  асылы  ғана  тәуекел  ете  алмақ.  Абай  адамшылықтың 
қарызы үшін осы мақсат жолында еңбек етті, бейнет кешті.  
Өмірінің белгілі бір кезеңінде ақын көпті, адамның мінезін түземекші кісінің қолында екі нәрсе 
болу керек деп білген: бірінші - бек зор өкімет, жарлық; екінші - есепсіз байлық [1, 216]. Ақын сол 
сеніммен ойы мен қолында барын аямай еңбек етті. Шексіз зор билік ешкімге бітпейді екен. Есепсіз 
байлық  та  жоқ  екен.  Бойдағы  білімді,  қолдағы  билік  пен  қорадағы  байлықты  қолдана  отырып,  бір 
адамның ғұмыры бойында бірдің мінезін түзеуге болғанмен, көптің мінезін түзеу қиын екен, бірдің 
бағын  ашуға  болғанмен,  көптің  көңлін  аршу  мүмкін  емес  екен.  Кейінірек  ақын    көптің  мінезіндегі 
жамандықты жоюдың, көптің көзін ашудың құралы ретінде сөзді таңдайды. Бұл таңдаудың да негізі 


 
тереңде. Осының бәрі - ақынның өз басынан жанын жандырып, жүрегін күйдіріп, өзегін өртеп өткен 
өмір  тәжірибелерін  пайымдаудан  туған  шешімдер.  Екінші  жағынан,  өзінің  өмір  тәжірибелерін 
пайымдау,  тану,  бағалау  барысында  ақын  халықтың  дәстүрлі  дүниетанымынан  тиянақ  тапқан. 
Пайғамбар айтқан екен деседі: «Кісі жамандық көрсе, оны қолымен түзесін, оған әлі келмесе, сөзімен 
түзесін, оған әлі келмесе, жүрегімен түзесін» [Бұхари]. Жамандықты қолмен түзеу үшін кісіде белгілі 
аумақта шексіз билік болуы керек. Басқаша  айтқанда, жамандықты  қолмен  түзеуге  қолында шексіз 
билігі бар әкімнің ғана мүмкіншілігі болмақ. Жамандықты сөзбен түзеу хакімдердің құзіретіндегі іс 
екен.  Ал  жамандықты  жүрегімен  түзеу  қатардағы  иманды  жандарға  тән.  Үш  жағдайда  да  кісіде 
жамандықты түзеу туралы ізгі де берік мақсат болуы қажет. Осы игі мақсат жолындағы адамдардың 
алды  болып  есептелетін  жандардың  бойында,  әл-Фарабидің  көрсетуінше, «ұштасқан  алты  қасиет 
болу  керек» [3, 235-236]. Абай  осы  шарттарды  келістіріп  баяндап,  насихат  етіп  қана  қоймайды, 
оларды өзінің әлі келгенінше орындайды. Жамандық біткенді жүрегімен түзегенмен, сөзімен, қолы-
мен  түзеуге  мүмкіншілігі  шектеулі  болды.  Соған  қарамастан,  ақын  өзінің  заманынан,  заманының 
адамынан  көрген  жамандықты  жақсылықпен  түзеуге  (қолымен,  сөзімен,  жүрегімен)  бар  саналы 
ғұмырын, ақыл-ойын, ақындық өнерін, шығармашылық еңбегін арнады. Бірақ ақын мінезін түземек 
болған  адам  «ар  мен  ұят  ойланбай,  тәнін  асыраудан»  аспады, «ертеңі  жоқ  бүгінге  құмар» [2, 297] 
болған қалпынан өзгермеді. Адамның мінезін, заманды түземек болған ақын «алыс-жақын қазақтың 
бәрін көргенде» де, бірлі-жарым болмаса, «сөзді ұғарлық саналы жан» таппай торықты [2, 53]. Тіпті 
«алдындағы келер заман» келбетіне «үмітті сәуле етіп көзін көп қадаған» күннің өзінде көре алғаны 
«көк тұман» болды [2, 265]. «Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ» [1, 
142], - деп айтуға мәжбүр болды. Сөйте тұра «көкірегі сезімді, тілі орамды жастардан» [2, 126] үміт 
етті.  Адамзаттың  бәрін  бауырым  деп  сүю  туралы  қағидасынан,  жүрегінің  тереңіндегі  әділет  пен 
шапқаттан,  рақымнан  көз  жазбады.  Сондықтан  Абайдың  ілімін,  Абай  айтқан  қағидалар  мен  тұжы-
рымдардың, ойлар мен пікірлердің тұтасқан жүйесін Абайдың имандай  шыны, жан ақиқаты, жүрек  
сыры деп таныған парыз.  
Заманның  тұнығы  шайқалып,  өзі  құбылған  шақта  адам  да  құбылуға  мәжбүр.  Заманның  бір  күн 
шайқалған  тұнығы  бір  жылда  қалпына  келмейді.  Заман  шайқалған  шақта  онымен  бірге  шайқалып, 
бірге  құбылған  адамның  өзгеріп,  тыныш  қалпына  қайта  келуі - бір  жылда  емес,  бір  ғасырда  ғана 
мүмкін  болатын  нәрсе.  Бірақ  адам  бір  күнін,  бір  жылын  ойлай  алғанмен,  бір  ғасырдың  қамын  жей 
алмайды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал», - деген сөз заманның осындай құбылмалы жағдайын-
да туса керек. Қолында ірілі-ұсақты билігі, азды-көпті байлығы барлардың қатарында өзін заманның 
қожасы, заманның биі санамайтын жан жоққа жуық. Олардың бірқатары - жетіліп болғандар мен мал 
жиып толғандар, мейманасы асқандар. Бұлардың ішінде дүниеге бой алдырмағаны кемде-кем. «Көп 
адам  дүниеге  бой  алдырған,  Бой  алдырып,  аяғын  көп  шалдырған» [2, 225], - деген  сөзді  ақын  осы 
шындықты өз көзімен көріп, оның сынын өз көңілінің тезінен өткізіп айтқан. «Адам ғапыл дүниені 
дер  менікі» [2, 265] секілді  өзекті  ойлар  желісі  өмір  шындығын  тану  мен  таразылаудың  осындай 
кеңістігінен тартылады. Түптеп келгенде, адамның заманды билемек болуы «жаманның заманға күй-
лемек» болуымен бір бәс. Адам заманды билемек болғанда да, заманға күйлемек болғанда да нәтиже 
біреу: замана оны илемек.  
Ақындық өнер тарихында адамзат баласының жайсаңдары айтқан жақсы сөздер көп. Бірақ Абай 
айтқан мына сөздің тереңіндей тереңдік ешкімде болған емес. Ой жүгіртіп, ойланып қараған жан сол 
тереңдіктің өзінде шешуі қиын жұмбақ барын сезетінін жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, Абай 
ілімінің  жүйесінде  көрсетілгендей,  дүниеге  бір  бой  алдырып  қойған  жанның  оңалуы  қиын.  Бұл 
тұжырымның өзегінде бір күннің немесе бір жылдың емес, бір ғасырдың да емес, мәңгіліктің шын-
дығы жатыр. 
Ақын  шығармашылығында  жеке  адамдардың  немесе  жалпы  жұрттың  мінездеріндегі,  істеріндегі 
жамандықтар да, әлеуметтік топтардың типтік тілектері мен ниеттері де толық сипатталады. Ұрлық-
пен  мал  табуды  кәсіп  еткен  топ  өз  алдына  бір  бөлек.  Мал  иесі  байлардың  мал  басын  сақтаудың, 
көбейтудің  қамынан  қолы  босамақ  емес. «Сатып  алған,  жалынып,  бас  ұрып  алған  болыстық  пенен 
биліктің  қасиеті  жоқ».  Оған  қолы  жеткендер, «ебіне  қарай  біреуді  жетілтейін,  біреуді  құтылтайын 
деген  бейнетінің  бәрі  басында»,  алып  берем  деп  даугерді,  құтқарам  деп  ұрыны  жеуде. «Мықтыны 
сыйлайын  десең,  жаманшылыққа  елдің  бәрі  мықты».  Есті  кісі  дейтін  болсақ, «әділет,  ұят,  нысапқа 
есті  кісі  елде  жоқ».  Қарапайым  жұрт  та  қарап  қалмайды:  ұрлығын  айтамын  деп  немесе  өткізбесін 
арзанға түсіріп аламын деп, көп бергенге партиялас боламын деп атын сатып әуре. Бұзақылар аз күн 
де болса азық қылайын деп бек болудың, көп болудың, кек алудың, мықты атанудың жолын көрсетіп, 
ауқаттыларды  азғыруда. «Ғарып-қасар  бишара (...) жатқан  түйеге  міне  алмаса (...), ол  момындыққа 
есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар» [1: 141; 145-146; 158].  

10 
 
Адам мен заманның мұншалық бұзылуына елдің жатқа тәуелділігінен, бодандығынан туған бас-
қару жүйесі алып келді. Бұл күйді Ә. Бөкейханов қысқаша былай сипаттады: «Кім орысқа жағымтал 
болса,  сол  жұртты  бір  қамшымен  айдайтын  болды.  Әділ  билік  жорасы  жаман  қарапайым  тұғыр  би 
парасына аяқ-асты болды. Пара беріп ақты қара, қараны ақ қылатын күн туды. Қазақ жақсысы орыс 
етегінен жем жегенді зор өнер көрді» [4, 194]. 
Заманның ес біліп, етек жапқан жақсыларының зор өнер тұтқан істері халықтың бірінен кейін бірі 
келе жатқан бірнеше буынын қамтыды. Елдің жасынан үлкеніне дейінгі аралықтағы қалың жұрттың 
күндегі көргені мен білгені осы өнердің өнегесі болды, кім ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілді.     
Абайдың  заманында  билеуші  де,  билеу  жүйесі  де  қазақ  қоғамының  дәстүрлі  мәдениетіне  жат 
бағытты ұстанды, елді бірлік пен ынтымаққа, жақсылық пен ізгілікке ұйытпай, жамандыққа, надан-
дыққа, жаулыққа жол ашты. Жұрт сағымдай төңкеріліп құбылды. Бас-басына би болған өңкей қиқым 
елдің сиқын бұзды. Ел арасы бүлінді. Бір кісінің мыңға әлі жетпегені сияқты, жүз кісінің сұмға әлі 
жетпеді.  Қу  мен  сұм  белең  алды.  Ар  ойлайтын  адам  азайып,  еңбексіз  пайда  табуды  ойлайтын 
сабырсыз, арсыз, көрсе қызар, жалмауыз жандар шықты. Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек бұ-
лардың ажарын ашатын айрықша көрікке айналды. Алашқа сыртынан күліп, ішінде жаулық сақтады, 
жақынын  тіріде  аңдып,  өлсе  өкіріп  жылайтын  әдет  тапты.  Терін  сатпай,  телміріп  көзін  сатып,  теп-
тегіс аларман болды. Ұрлықпен мал табатын, егессе, ауыл шабатын құдай атқандар, бойы бұлғаңдар, 
сөзі  жылмаңдар,  басында  ми  жоқ,  өзінде  ой  жоқ,  күлкішіл  кердең  надандар  бой  көтерді.  Аулаққа 
шыққыш,  сыбырлап  бұққыш  бұзылғандар,  қулықты  көргіш,  сұмдықты  білгіш  пасықтар  мен  пы-
сықтар қатар түзеді. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ өріс алды, қулық - өнерге, 
ұрлық  кәсіпке  айналды. «Ісі  білмес,  кісі  білер», - деген  мақал  туды.  Жақсылардың  үстінен  бекер, 
өтірік «шапты, талады» деген әр түрлі қылмыстық іс көрсеткен арызқойлар, жалақорлар, пәлеқорлар 
белең алды. Ақты қара деуші, көрмегенді көрдім деуші жалған куәлік берушілерге жол ашылды. Бас 
пайдасы  үшін  біреуге  мақтау  сөзін  айтып,  қошеметін  көрсетіп,  ақыры  оны  аранға  түсіретін  алдам-
паздар  алға  шықты.  Бәрінің  көздегені  мен  көксегені  дүние  болды. «Сұм-сұрқия,  қу  заман» [2, 168] 
солардың көрер көзіне гүл көрінді. Дүние олардың көзі мен көңілінің құртына айналды: біреу шекпен 
кигісі  келді,  біреу  шен  таққысы  келді,  біреу  мал  тапқысы  келді...  Надандар  сол  үшін  дауласты, 
зұлымдар сол үшін жауласты, арамдар сол үшін арбасты, қулар сол үшін алдасты. Сол үшін біреулер 
ар  төкті,  сол  үшін  біреулер  қан  төкті.  Бұлардың  ішкі  мұзын  көңілдің  нұры,  күннің  қызуымен  де, 
көздің жасы, жүректің қанымен де еріту мүмкін болмады. Ақынның қадірлі басы мен қайратты жасы 
осылармен тартыста өтті. 
Абайдың  ілімі  аясында  адамның  адамдығын  анықтайтын  факторлардың  бірі - мақсат.  Адамның 
мақсаты адам баласының бәрін бауырым деп сүюден туатын болса, онда оның ізгі мақсат болғаны. 
Адамның ізгі мақсатқа жету жолындағы әрекеті (іс-әрекеттің мазмұны, амалдары, құралдары, т.б.) де 
ізгі  болуы  шарт.  Дүние  тіршілігінде  мақсаттың  да,  оған  жеткізетін  іс-әрекеттің  сипаттары  да  алуан 
түрлі. Егер адамның дүние тіршілігіндегі мақсаты мал табу болса, адам үшін ол да игілікті, ізгілікті 
болып көрінетіні рас. Бірақ адамның дүние тіршілігіндегі мақсаты мал табу, тек қана мал табу ғана 
болса, онда оның бұл мақсаты ізгі емес. Мал байлығы - сандық категория. Сондықтан мал байлығы 
мұрат  емес,  ол  мұратқа,  мақсатқа  жетудің  құралы  қызметін  атқарады [5, 133]. Абай  өз  замандас-
тарының  мал  байлығына  қол  жеткізуге  ұмтылудағы  түпкі  мақсаттың  мақтан  екендігін  көрсетеді: 
«Барында  баймын  деп  мақтанады.  Жоғында  «маған  да  баяғыда  мал  бітіп  еді»  деп  мақтанады» [1, 
145]. Мұндай мақсат жолындағы әрекет ізгі бола алмайды. Мақтанның алды мен арты – күншілдік. 
Одан  ізгілік  іздеу  бекер.  Ізгілік  жоқ  жерде  игілік  те  жоқ.  Халалдан  харамды  айырмау,  харамнан 
халалды  айырмау – имансыздықтың  көрінісі,  имансыздық – надандықтың  нәтижесі,  надандық – 
білім-ғылымның жоқтығы, білімсіздіктің салдары, ал «білімсіздік хайуандық болады» [1, 207]. 
Ақынның  жанын  ауыртып,  жүрегін  жаралайтын  зіл  замандастарының  «төрт  аяқты  малды 
көбейту»  туралы  мақсаты  емес.  Адал  еңбек  етіп,  мал  табу,  байлыққа  қол  жеткізу  жазықты  іс  емес. 
«Мал, мақтан ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады» [1, 187]. 
Мал  адамды  өзі  іздеп  тапса,  оның  ешқандай  айыбы  жоқ.  Ерінбей,  адал  еңбек  еткен  адамды  «іздеп 
тапқан мал» ғана адамдыққа жарасады. «Жанын қарманып,  адал еңбекпен мал іздемек - арлы адам-
ның ісі» [1, 171]. Абай осы орайда адамның малды «табынып іздеуі» туралы ұғым ұсынады. Мұның 
мәнісі  «құл  болып  іздеу»  дегенді  аңғартады.  Малды,  дүниені  оларға  табынып,  құл  болып  іздеу 
адамшылыққа жатпайды. Егер адам мал, мақтан, ғиззат-хұрметті  «өзі оларға табынып іздесе, тапса 
да,  таппаса  да  адамдығы  жоғалады» [1, 187]. Сөйтіп,  ақын  адамдардың  мал  таппақ  мақсаттағы 
ізденісінің екі түрлі сипатын көрсетеді. Оның бірі - адал еңбекпен мал іздеу. Екіншісі - табынып, құл 
болып  іздеу.  Мақсат - біреу.  Ал  оның  сипаты  екі  түрлі.  Бір  мақсаттың  екі  түрлі  сипатына  сай  екі 
түрлы амал-айла, құрал бар: бірі - ізгілікті амал-айла, ізгілікті құрал; екіншісі - залымдық амал-айла, 

11 
 
залымдық  құрал.  Ақынның  жанын  ауыртып,  жүрегін  сыздататын  ауыр  зілдің  өсіп-өнген  өзегі - 
адамдардың малды, дүниені оларға табынып, құл болып іздеуі және осы өзек бойымен іздеген жоғын 
табу жолында таңдап алған амал-айлалары, құралдары болды: а) ұрлық; ә) алдау; б) зорлық; в) өтірік; 
г) өсек; д) жалақорлық; е) пәлеқорлық; ж) парақорлық, т.б.  
Абай  заманында  адам  баласы  ешкімге  сенбеді,  ешнәрсеге  нанбады,  оның  нанымы  мен  сенімі 
болмады деудің реті жоқ. Оның сенімі мен нанымы да, діні де бар еді. Бірақ оның діні, нанымы мен 
сенімі  өзінің  діліне,  рухани    негізіне  айналмады,  әлдебір  жат,  өзінен  тыс,  сыры  белгісіз  сыртқы 
құбылыстар  туралы  дерексіз  түсінік  күйінде  қалды.  Мұндай  түсінік  адамның  рухани  болмысының 
өзегі бола алмады, адамның рухани болмысының мәнін түзе алмады. Адамның болмысының өзегінде 
болмаған, адамның болмысының мәніне айналмаған нәрсенің адам үшін ешқандай құндылығы жоқ. 
Абайдың ілімінде негізделген ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар Абай заманындағы адам 
болмысының өзегінен орын таба алмаған еді, оның болмысының мәні болып тұрақтай алмаған еді. 
Ақынның  дүние  тіршілігінен  көргендері  мен  көңіліне  түйгендері  оны  күйзелтпей,  түңілдірмей 
қойматын қайшылықтар еді. Абай түңіле, күйзеле отырып та елінің болашағын ойлайды, елдің өсер 
өркенін  оң  жолға  бастар  ғибратын  айтады,  даналық  үлгі  көрсетеді.  Заманның,  қоғамның,  елдің, 
адамның болмысын тану, оның түбіне терең бойлау Абайдың дүниетанымына, дүниеге көзқарасына 
айрықша  философиялық  мазмұн  дарытты.  Ақынның  концептуалдық  қағидаларының  негізі  терең, 
толық болып тұжырымдалуының, тұтаса келе бірбүтін жүйеге, ілімге айналуының сыры осында. 
Абай  өзінің  ілімі  аясындағы  ойлары  мен  пікірлерін  әлеуметтік-этикалық,  философиялық 
көзқарасынан  таратып  айтты  және  солардың  бәрі  дәлелді,  тиянақты,  кемел  болмысымен 
ерекшеленді. Мұндай кемел ілім Абайдың заманында бір-ақ адамда болды. Ол - Абайдың өзі. Ақын 
сол ілімі арқылы адамзат ақыл-ойының кеңістігінде өзінің ұстанымдары мен қағидаларының біртұтас 
жүйесін қалыптастырды, ол жалпыадамзаттық рухани құндылыққа айналды.  
 
Пайдаланылған әдебиеттер 
 
1.  Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. -  Том ІІ. – Алматы, 1977. 
2.  Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. -  Том І. – Алматы, 1977. 
3.  Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы, 1975. 
4.  Бөкейханов Ә. 
5.  Аристотель. Поэтика. Риторика. О душе. – М., 2009. 
6.  Аль-Газали, Абу Хамид. Исследование сокровенных тайн сердца / Пер. с арабского. – М., 2008. 
7.  Йассауи Қ.А. Хикмет. Жинақ: Даналық сыр. - Алматы, 1998. 
8.  Йүгінеки А. Ақиқат сыйы / Түпнұсқаның фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэтикалық аудармасы. 
Баспаға дайындағандар: Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықов. -  Алматы, 1985. 
9.  Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы, 1973. 
 
 
 
Әбдезұлы Қ., 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
профессоры, филология ғылымдарының докторы 
 Алдашова Н.,  
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық 
 университетінің магистрі 
 
ҚЫЗЫЛ СҰҢҚАР 
 
Сәкентану – Т. Кәкішұлының үнемі жалғастыра жазып келе жатқан  сүйікті саласы.  Ғалымның 
ашқан  «ақтаңдақтар» әлемінің  алғашқы бастауын Сәкеннен  тартсақ орынды.  Сәкен әлемі  шын-
шыл ғалым  үшін  тек Сәкен  бейнесімен дараланып қалмайды.  Біле білсек,  Сәкеннің қысқа ғұмыр 
жолы – бүкіл  зиялы  қауымның,  бүкіл  шығармашылық    тұлғалардың  XX ғасыр  басында    зұламат  
зобалаңның  талқысына    түскен  тар    кезеңдегі  қилы  тағдырының    көрінісі.  Сәкеннің    азаматтық  
тұлғасын  таныту, бүкіл бір  дәуірдің  тарихи өзгерісін  айқындау болып табылады. 
Т. Кәкішұлының Сәкенді тануға  келген  ізденіске толы шығармашылық  жолындағы негізгі ныса-
насы – өз  жұртының    тарихы  мен  елдік  қасиетін  қастерлеген,  бар  өмірін  отан  игілігін  еселеуге  
арнаған айбынды  азаматтардан құралған  қазақ мәдениетін жасаушы зиялы ортаны, ол ортаның жеке  
өкілдері  арасындағы    ара-қатынасын  көрсету,  қазақ    әдебиетінің  әр  түрлі    мәселелеріне  зер  салып, 
әдебиет тарихын  шынайы түрде  қалпына келтіру, сәкентануды дамыту деп ұққан абзал.  

12 
 
Ұстаз-ғалым Т. Кәкішұлының «Сәкен Сейфуллин» атты еңбегі Мәскеуде «Жизнь замечательных 
людей» сериясымен жарық көрді. Ал, Қазақстанда – «Сәкен Сейфуллин» атты ғұмырнамалық хикая – 
«Өнегелі өмір» сериясымен басылды. Ғұмырнамалық хикая – «Ұлы белес», «Жаңа өмір өткелдері», 
«Жыр  тасқыны»  сынды  бөлімдерді  құрап,  онда  Сәкен  Сейфуллиннің  өмірі  мен  өнегесі,  революция 
дауылпазы ретіндегі қайраткерлік қырлары, қазақ совет әдебиетіндегі орын-үлесі, қоғамдық-шығар-
машылық  қызметі  күрделі  кезең,  әлеуметтік  тартыс,  қат-қабат  оқиғалар  желісімен  байланыс-
тырылып,  сенімді  сөз  етіледі.  С.Сейфуллиннің  өмірі  мен  жастық  кезеңі,  Нілді  жұмыскерлерінің 
ереуілі,  алғашқы  өлеңінің  өмірге  келу  сәті,  әлеуметтік-қоғамдық  қызмет,  шығармашылық  әсер-
ықпал,  елдік  мүддеге  лайық  тұлға  болып  қалыптасуы,  т.с.с.  нанымды  өріс  алады.  Атақты  ақынның 
есімі мен еңбегі әр қырынан көрініс беріп, оның бәрі – баршасынан ұлтқа қызмет ету, елдік мүддеге 
адалдық,  шығармашылық  іске  табандылық  терең  танылады.  С.Сейфуллиннің  өмірі  мен  өнерпаз-
дығының  белесті  тұстары,  қазақ-орыс  тіліндегі  туындылары,  әдеби-сын,  зерттеу  еңбектері,  негізгі 
және қосымша әдебиеттер де байыпты беріледі. 
Қазақ  зиялыларының  өмірбаянын  там-тұмдап  баяндап  берер  еңбектердің    тапшылығын  түсіне  
отырып жазылған, әрі  дәйекті деректерге  толы еңбек  деп Т. Кәкішұлының «Қызыл сұңқар» (1968)  
тарихи-әдеби    очеркін  атауға  болады.  Жеті  тараудан  тұратын  бұл  еңбектің    жарық  көруіне    айтар-
лықтай    ат  салысқан    сәкентанушы    С.  Мұқанов  «Тұлпардың  тұрмысы»  атты  алғы  сөз    жазуымен 
еңбектің ұзақ жасауына  ақ батасымен  жол ашқандай.  Жалпы  бар ғұмырында  С. Сейфуллинді аға, 
рухани ұстаз  тұтқан  С. Мұқановтың  ақын туралы айтқан, жазған еңбектеріне қарап, оны «Сәкента-
нушылардың – көшбасшысы» деп  таныған орынды. Т. Кәкішұлының  кітабына  жазған  алғы сөзінде 
С.  Мұқанов  С.  Сейфуллинді  зерттеп-тануға    үлес  қосқан,  ол  туралы  көркем  шығармалар  жазған  
адамдардың  туындыларын  санамалай келе ғалым еңбегінің  маңыздылығына  тоқтала отырып: «Сә-
кеннің  өмірін  және  қызметін  көптен  бері  шұқшия  зерттеп  жүрген  адамның    бірі...Тұрсынбек... 
Сәкеннің  өміріне  және ісіне байланысты материалдарды тінте іздеп, талмай тауып, тоқтаусыз  зерт-
теп келе жатқан адам»,-деген сөзі осыдан қырық жылға  жуық уақыт бұрын айтылса да, зерттеушінің 
одан кейінгі ғылыми ізденістерінің шын  сипатын танытады. Тарихи да  көркем  сипатты бұл очерк  
С. Сейфуллиннің өмір сүрген  ортасын, атқарған қоғамдық қызметтерін көрсету арқылы  оның қан-
дай  азамат болғанын анық байқатады.  
Ол еңбегін жазар алдында  ғалым  ақынға  аз да болса  қатысы бар деректерді  талмай жинап, көп-
теген  мәлімет тапқан. Оған еңбекте келтірілген  деректердің  молдығы, мен дәйектемелердің сенім-
ділігі  айғақ.  Омбы,  Қарағанды,  Көкшетау,  Павлодар,  Ленинград,  Москва,  Орынбор  сияқты    қала 
мұрағаттарын ақтарып, ақынмен жолдас болған, дидарласып, бір рет болса да, тілдескен адамдармен  
кездесудің  арқасында  жинаған мол  материалдардың  күші  әдебиетшінің  бала кездегі  С. Сейфул-
линге  деген  ынтықтығын  арттырады.  Ақынның  еңбектерінен  тағылым ала отырып, сәкентанушы 
Т.  Кәкішұлы  өзі  де  Құран  сөзімен  айтсақ, «Талдама»  немесе  терең  білімді  ғалым  дәрежесіне    кө-
терілді. 
«Қызыл сұңқардан» бұрын С. Сейфуллиннің шығармашылығына қатысты бірнеше ғалымдардың 
ғылыми зерттеулері  жарық көрген. Десек те, бұл еңбек қазақ әдебиеті мен пуллицистикасы тарихына 
өзіндік орнын алуға әбден  ылайық.  
Қаламгер  өзіне  ғана  тән  стилінің    барлығын,  публицистикалық  тілді  жетік    меңгергенін    осы 
еңбегінде  көрсете білген. Әр жазу стилінің өзіне ғана тән  айрықша  қасиеттері мен  кемшіліктері  де 
бар екені  белгілі.  Көркем  әдебиет әуезділігімен, қиялдың шарықтауымен, көркемдегіш  әдістермен 
өзгешеленсе, ғылыми стиль  өзінің   нақтылылы,  тіліндегі қарапайым   сөз қолданысына  қоса,  тер-
миндердің  көп пайдаланғандығымен  ерекшеленбек. Ғылыми стильмен  көркем  әдебиет  тілі  бір-
бірімен  өріле  бітісіп, қайнасып кетуі неғайбыл. Ал баспасөзде өзінің  баяндау  әдісінің  айшықты-
лығымен, тіл орамы жағынан ауызекі  сөйлеу  тіліне  жақын  болып келетін  айрықша  ерекшеліктері-
мен  өзіндік  тұғырын  анықтап  алған  публицистикалық  жанр басқа сөз, ой қолданыста кездесе қал-
са, өзгеше реңк беріп, айтылар ойдың  мазмұнына  өз әсерін тигізеді. Осы «Қызыл сұңқар» кітабын-
дағы қаламгердің  пулблицистика  тілімен көркем  әдебиет  жанрының  тоғыстырылу  себебін  тарихи  
фактілердің    көп  қолданысынан    іздеген  абзал.  Бұл – тұңғыш  тарихи-әдеби    очерктің    ең  үлкен  
артықшылығы.  Бұндай  жазу стилі  әдеби  туындының  оқылуы  жеңіл болып, мағынасының  оңай  
ұғылуына көмектеседі.  
«Дәуір  суреттері» (1967) зерттеу  еңбегінде    біздің  әдебитте  тарихымыздың  елеулі  бір  кезеңі – 
кеңес  дәріндегі    қазақ  әдебиетінің  негізін  қалаушылар  негізін  шығармашылығы,  қазақ  кеңес  әде-
биетінің жалпы бағдары, өсу жолдары баяндалғаны белгілі.  
Еңбекте  Т.Кәкішұлының  Сәкен  Сейфуллиннің  әдебиет  тарихы,  ұлт  тағдырындағы    орнын  зерт-
теудегі  өзіндік  бағыты  да  бағдарланған.  Зерттеуші  бұрын  әдебиеттану    ғылымында  көбірек  сөз 

13 
 
болып, халыққа әбден таныс жазушылар өмірінен де қызғылықты тың деректер таба білген. Мәселен, 
С.  Сейфуллин  туралы  талай  монографиялар  мен  зерттеулер  жарық  көрді  гой.  Соған  қарамастан    Т. 
Кәкішевтің  кітабындағы  «Дәуір  дауылпазы»  деп  аталған  тараудан  Сәкен  жөніндегі  орнықты,  бай-
салды  тұжырымдар  табамыз;  түпнұсқа  материалдары,  мұрағат  деректерін  меңгерген  ғалымның  аяқ 
алысын көреміз. Әсіресе, С. Сейфуллиннің творчествосындағы эволюция хроникалық ізбен нанымды 
көрсетілген», -дегендей пікірлер [1] Тұрсынбек Кәкішұлының Сәкен тақырыбына толымды  дайын-
дықпен кіріскенін көрсетіп жатты. 
Қарап  отырсақ,  Тұрсынбек  Кәкішұлы  өзі  ондаған  жылдар  бойы  үзілісі  бар,  үздіксіз  ізденуі  бар 
қайта-қайта  айналып  соғып  отырып,  толықтыра  түскен,  толтыра  берген  сакентанудағы  Кәкішев 
зерттеуінің бар бағдарын сол алғашқы ізденістерінің өзінде-ақ байқаған, анықтап алған екен.  
«Дәуір суреттерін» қарап отырғанда жаңа, кеңестік қазақ әдебиетінің қаз тұрып, тұсауы кесілген, 
қадым  басқан  кезеңінен  көп  елес-суреттері  көз  алдымызға  келеді.  Соның  ішінде  сұңқардай  саң-
қылдап, дауылпаздай қанат қомдаған Сәкен Сейфуллин үні өзгеше естіліп тұр. Автор жаңа әдебиет  
іргесін қалаушы, оның сан-сала жанрларының бастаушы болған Сәкен туралы бұрын баршағы жария 
емес жәйттерді де алға жаяды.  
Т. Кәкішұлының «Қызыл сұңқар» кітабына арнайы  жазған  алғы сөзінде  қазақ әдебиетінің клас-
сигі, қазақтың әйгілі қаламгері Сәбит Мұқанов Тұрсынбек Кәкішұлының Сәкен Сейфуллин ғұмыр-
баянын,  шығармашылық  өрісін  зерттеген  еңбегінің  жаңа  сипат,  бар  құндылығын  айқындап  берген 
тамаша тұжырымдарын жасады.  
Осында өмірдің небір өткелдерінен өтіп, кемел шағына келген заманалық тұлға алысқа беттеген 
сәкентану ілімі жайлы көргендікпен ой түйді.  
Сәкентанудағы іргелі ізденіс нәтижелеріне тоқтала келіп, Cәбең былай дейді: 
«Бірақ,  бұдан  Сәкен  туралы  айтылатын  сөздер  таусылып  қалды  деуге  болмайды.  Аталған 
еңбектер  ұлы Сәкенді сипаттаудың бастамасы ғана. Ол туралы жазылатын шығармалар әлі көп  те, 
көлеміді болуға тиісті.  
...Сәкеннің өмірін және қызметін көптен бері шұқшия зерттеп жүрген адамның бірі – филология 
ғылымдарының  кандидаты  Тұрсынбек  Кәкішев.  Оның  «Октябрь  өркені»  деген  атпен  жазылған  
көлемді  еңбегі оқырмен көпшілікке мәлім. 
Т.  Кәкішев  онымен  тоқырамай,  Сәкеннің  өміріне  және  ісіне  байланысты  материалдарды  тінте 
іздеп, талмай тауып, тоқтаусыз зерттеп келе жатқан адам. Сол істерінің нәтижесінде көпшілік оқуына 
ұсынылған  «Қызыл  сұңқар»  атты  осы  көлемді  кітап  туып  отыр.  Сәбит  Мұқановтың  кітапқа  жазған 
«Тұлпардың  тұрмысы»  атты  алғы  сөзіне  қайта  оралатынымызды  ескере  отырып,  біраз    ілгері  озып, 
Тұрсынбек Кәкішұлының 1997 жылы «Рауан» баспасынан соны деректермен толықтырылып жарық 
көрген «Сәкен Сейфуллин» кітабының алғы сөзіне  жүгінуді жөн көрдік. Бұл «Автордан» атты алғы 
сөз – сәкентанудағы Т. Кәкішұлы ізденіс-зерттеулерінің екінші кезіңін таныта түсетін, сол кезеңнің 
дерегін, сол уақыттың беталыс, бағдарын, мінез-құлқын байқататын алғы сөз. 
Тұрсынбек  Кәкішұлы  Сәкен  Сейфуллин  өмірін  зерттеу  тарихын  жинақтай  жеткізіп,  ендігі  бет-
алысы жайлы былай дейді: 
«Әйтсе  де,  Сәкен  сынды  алыптар  өмірі – мәңгілік  өмір,  оның  тындырған  ісі,  арманда  қалған 
мұрасы – бүгінгі және келер ұрпаққа өшпес өнеге. Сондықтан да мен абзал ағаның өміріне, шығар-
машылық  қызметіне  байланысты  ізденіс-зерттеулерді  бір  сәт  те  тоқтатқан  емеспін.  Сәкен  ағаның 
Қаскей  сияқты жан-жолдастарының, ақынды көріп едім, табақтас болып едім, біздің ауылдың тұсы-
нан  өтіп  еді,  жабықтан  қарап  едім  дегендердің  де  естеліктерін,  сөздерін  қағазға  түсіріп,  үнтаспаға 
жазып  алып  жүрмін.  Оның  үстіне, 1987 жылы  Сәкеннің  жары  Гүлбаһрам  апайдың  архиві  қолыма 
түсті. Ондағы  дерекерідң шет жағасы  «Лениншіл  жас» газетінде  «Сәкеннің  сегіз  хаты» деген  атпен 
эссе болып жарияланды. Ал оның негізгі сөлі мен нәрі осы кітапқа енгізіліп отыр. Бұған қоса, мемле-
кеттік мұрағаттардан жиналған деректер де аз емес. Осылардың барлығын кітіпты өңдеу барысында 
толық  пайдалауға  тырыстым.  Сонымен  қатар  кезінде  алаш  деп  таңбалаған  адамдардың  ақталуы, 
олардың Сәкенмен қарым-қатынасты кітапта  түгелдей  ескеріліп отырады» [2]. 
Сәбит  Мұқанов  «Қызыл  сұңқарға»  алғы  сөзде  Тұрсынбек  Кәкішұлының  сәкентанудағы  өз  соқ-
пағы қалыптасып отырғанын  бірнеше  нақтылы  өзгешелігін көрсете отырып, саралап берген. Жазу-
шының, қазір қарап отырсақ, Сәкен тұлғасын  замана, уақыт желі, қалай қарай бұрқасындатсын мей-
лі, тұғыры шайқалмайтын, ақындық, азаматтық орны ақиқат тарихи тұлға мәнінде таныған. 
Тұрсынбек Кәкішев еңбегінде сол негізде сыры мол, астарлы қалың, баянды пікір айтқан.  
«Ең  алдымен  бұл  кітапта  Сәкеннің  өмір  жолында  оқырмандарға  бұрын  мәлімсіз  материалдар, 
деректер  көп.  Тұрсынбек  оларды  Сәкенді  көрген,  істес  болған  адамдармен    жолығысу  арқылы, 
Омбының, Қызылжардың, Ақмоланың архивтерін ақтару арқылы тапқан... 

14 
 
«Қызыл  сұңқардың»  бағалы  жағы  мұнда  ғана  емес.  Бұған  дейін  Сәкеннің  өмірбаяны  қысқаша, 
немесе эпизодтық түрде баяндалса, Тұрсынбек Сәкеннің бай өмірін кеңінен толғап, жан-жақты толық 
сипаттайды... 
«Қызыл сұңқардың» тағы бір құнды жағы, Тұрсынбек Сәкенге тән деректерге тоқталып қана қой-
май,  қазақ  халқының  тіршілігінде    болған  үлкен  оқиғаларды    Сәкен  өміріне    байланыстыра  жазып, 
біраз шындықтардың сырын ашуға талаптандырғандығында... 
«Қызыл  сұңқар»  жарық  көрген  тұста  оның  жаңашыл  сипаттары,  сәкентанудағы    жанрлық-көр-
кемдік ерекшелігі жайлы көптеген оң пікірлер айтылып, еңбек лайықты бағасын алды.  
Сыншы Төлеген Тоқбергенов бұл кітапты «Нағыз тарихи-әдеби очерк жанрына сай еңбек» деді. 
Шығарманың  жалпы  мәнін  жан-жақты  айқындай  отырып  айтқан  қазақтың  белгілі  сыншысының  
талғам-таразысы  туғызған  ақиқат  тоқтамдар  өміршең  зерттеудің    өзекті  арқауын    айқындай  түседі 
дегеннің  өзінде қайсыбір  тұжырымдар автордың  өзіндік пікірі екендігін ұмытпаған жөн. 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал