Сборник материалов международного научного форума «филологическая наука в ХХІ веке: проблемы и перспективы»



жүктеу 5.01 Kb.

бет19/30
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріСборник
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   30

Пайдаланған әдебиеттер: 
1.  Аймауытов Ж. Ақбілек: роман. - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет. 
2.  Ысқақов Қ. Қараорман. –Алматы: Өлке, 2005.-368 бет. 
 
 
 
 
Мекебаева Л., 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
доценті,, филология ғылымдарының кандидаты 
 
ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ РОМАНДАРЫ:   
ӨМІР  ШЫНДЫҒЫ МЕН КӨРКЕМДІК ШЕШІМ 
 
 
Қазақ  әдебиетінің  даму  арналарынан  проза  жанрының  бағыт-бағдарламаларымен  бірге – "жаңа 
дәуір эпопеясы" (В. Белинский), "ұлы әңгіме" (А. Байтұрсынов) – деп бағаланған романның да бітім-
болмысы,  жанрлық-көркемдік  қырлары,  тұтастай  табиғаты  терең  танылады.  Сонымен  қатар  қазақ 
әдебиетінде  роман  жанрының  тарихы  мен  теориясы  тақырып  табиғатымен,  мазмұн,  түр  ерекшелік-
терімен,  суреткерлік  әдіс-тәсілдермен  де  дараланды.  Романда  суреттелінетін  дәуір  дидары,  ондағы 
өмір  шындығы  мен  көркемдік  шешім  сипаттарын  ашуға  арналған  еңбектер  туды.  Олар  баяндау 
үлгісіне қарай әлеуметтік, мемуарлық тарихи, отбасылық-тұрмыстық, ал поэтикалық бітіміне сәйкес 
роман-пародия,  роман-гротеск,  тақырыбына  қарай  жастық,  махаббат,  өндіріс,  колхоз,  соғыс  т.б. 
болып  жүйе  құрайды.  Бұдан  басқа  ашық,  жабық  романдар,  саяси-философиялық,  мемуарлық,  ли-
рико-драмалық роман, роман-зерттеу, роман-памфлет, роман-сапарнама, роман-трагедия т.б. түрлері 
де бар. 
Осы  секілді  өзгешеліктер  әлем  әдебиетінде,  орыс  қаламгерлерінің  шығармашылықтарында  да 
кеңінен ұшырасады. Әдеби-ғылыми еңбектерде –реалистік психологизм, романтикалық психологизм, 
реалистік шындық, атау, ұғымдар көптеп кездеседі. Демек, бүл роман жанры кең тынысты болуымен 
бірге  әр  алуан  амал-тәсілді,  әдіс-бағытты  кеңінен  қолдануға  да  мүмкіндіктері  мол  деген  сөз. 
Профессор Б. Майтановтың зерттеу-салыстыруларында: "Достоевский шығармашылығының ұтымды, 
жаңашылдық  қырлары,  ал  Толстой  шығармашылығының  сын  көзбен  бағаланатын  тұстары  әдебиет 
тарихынан  белгілі.  Барша  классиктердің  мұрасы  жекелеген  үздік  жетістіктері  мен  қымбат  дәстүр 

119 
 
үлгілерін байыта тұрып, әр бағыттағы күрделі тың идеялық-көркемдік ізденістерге тосқауыл болып 
көрген емес," – дейтіні де сондықтан. Оның тағы да: 
"Достоевскийдің  өздері  үшін  маңызды  қырынан  ұғынып,  рухани  ұстазы  санаған  Джойс,  Кафка, 
Пруст, "жаңа роман" өкілдері сияқты "сана тасқынын" пір тұтатын модернистермен бірге XIX ғасыр 
классиктерінің  шығармашылығындағы  жетістіктерді  жаңа  дәуір  биігінен  жаңғырта  пайдаланатын  
М. Горький, М. Шолохов, Т. Драйзер, К. Федин, А. Толстой,  Л. Леонов, А. Фадеев, Э. Хемингуэй,  
У.  Фолкнер,  Я.  Кавабата,  Г.  Белль,  Р.Роллан,  М.  Әуезов,  Ш.  Айтматов,  Ю.  Бондарев,  В.  Распутин,  
Э.  Ветема,  Р.Салури  сияқты  қаламгерлер  қоғамдық-саяси,  моральдық-эстетикалық  ақиқаттарды 
терең  дүниетанымдық  позициядан  суреттеуге  өнердің  "тектік  белгісі" – психологизм  принциптерін 
жанр  сипаттарына  сәйкес  соны  стильдік  нақыштар  арқылы  байыта  түсіп  отыр"  деуі  де  осыған 
байланысты [1, 7 б.]. 
Ұлттық  сөз  өнері  тарихында  қазақ  прозасының,  соның  ішінде  роман  жанрының  тақырыптық, 
көркемдік-стильдік  өзіндік  ерекшеліктері  жетерлік.  Айталық,  М.  Дулатовтың  "Бақытсыз  Жамал",  
Т.  Жомартбаевтың  "Қыз  көрелік",  С.  Көбеевтің  "Қалың  мал",  М.  Көшімовтің  "Мүңлы  Мариям",  
С.  Торайғыровтың  "Қамар  сүлу", "Кім  жазықты?",  С.  Сейфуллиннің  "Тар  жол,  тайғақ  кешу",  
С. Мұқановтың "Адасқандар", Б. Майлиннің "Азамат Азаматыч", С. Ерубаевтің "Менің құрдастарым" 
т.б.  шығармаларда  жаңа  уақыт  тынысы,  өмір  шындығы,  адам  мен  оның  іс-әрекеттері  нақтылы 
суреттеледі.  Әсіресе,  С.  Сейфуллиннің  "Тар  жол,  тайғақ  кешу",  С.Мұқановтың  "Адасқандар",  
Ж.  Аймауытұлының  "Қартқожа", "Ақбілек"  романдарында – қазақ  өмірі  мен  тұрмысы, 1916 жыл 
оқиғасы, кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарындағы уақыт пен кеңістік ерекшеліктері, таптық күрес 
пен тұғырлы тұлғалар тағдыры, адамдық іс-әрекет пен сүйіспеншілік сыр-сезім тартымды да көркем 
суреттелінеді. 
Қазақ  прозасындағы  мұндай  үлгі-үрдістер  кейінгі  тұстарда  да  жарасымды  жалғасын  тапты. 
Халықтың  дәстүрлі  мәдениетінің  небір  әсем,  ғибратты  үлгілері,  олардың  кейбір  негізгі  өлшемдері 
қазақ  әдебиетінің көрнекті өкілдері М. Әуезовтің, С. Мұқановтың, Ғ. Мүсреповтің, Ғ. Мұстафиннің 
үлкен  көлемді  эпикалық  шығармаларында  суреттелініп  отырған  кезеңнің  шындығын  танытудың 
басты  қызметін  атқарады.  Қазіргі  күнгі  қазақ  тарихи  романы  саласында  М.  Мағауиннің  "Аласа-
пыран", Ә. Кекілбаевтың "Үркер", "Елең-алаң", С. Сматаевтың "Елім-ай" және басқа шығармаларда 
белгілі тарихи оқиғалармен қатар халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі де кең суреттеледі. Белгілі 
кезеңнің тарихи шындығымен қатар рухани, мәдени бейнесі де көркем бейнеленеді [2, 72 б.]. 
Қысқасы,  қазақ  романы  арқылы  дәуірдің  үнін,  уақыт  бедерін,  өмір  шындығы  мен  тұрмыс 
сырларын  кең  көлемде  танып-таразыласақ,  танымал  тұлғалардың  ел  алдындағы  қарыз-парызын, 
игілікті істерін жан-жақты көріп, сезінеріміз хақ. 
Қазақ  прозасының  бастапқы  кезеңдерінде – Абай  қара  сөздерінің,  Ыбырай  әңгімелерінің  әсер, 
ықпалы мол болды. Сондай-ақ, "Бақытсыз Жамал", "Қалың мал", "Қамар сұлу" сынды романдардың 
жарық көруі XX ғасырдың басындағы ұлттық прозаның қалыптасу, даму жолдарын кеңінен танытты. 
Басты ерекшелігі: " ... XX ғасырдың басында жазылған шығармалардың көркемдік деңгейлері әркелкі 
екені  белгілі.  Ақынның  не  жазушының  білімі  мен  біліктілігіне,  таным  өрісіне,  шығармашылық 
шеберлігіне  сай  түрлі  деңгейде  жазылуы  заңды  да.  Өйткені,  ол  кезде  прозамыз  үйрену,  қалыптасу 
сатысында  еді.  Ал  олардың  ортақ  жетістігі  бұл  шығармалардың  роман  жанрының  алғашқы  қарлы-
ғаштары болуымен бірге, замана шындығын ашып көрсетуде ілкі қадам жасап, прогресшіл ой-пікірді 
дәл  уақытында  айта  біліп,  ұлттық  сөз  өнерінің  қажетіне  жарап,  кейінгі  өскелең  прозамыздың 
дамуына игі әсерін тигізуінде", – еді [3, 104 б.]. 
Ұлттық  сөз  өнерімізге  айрықша  еңбек  сіңірген  Ж.  Аймауытұлы  әлгі  жоғарыда  сөз  еткен  проза 
жанрында да өнімді істер атқарды. Ең алдымен, шағын жанрдан көлемді романға дейін өнімді еңбек 
етті. Соның ішінде 1916 жыл оқиғасы мен қазақ әйелінің өмір тағдырын арқау еткен – "Қартқожа", 
"Ақбілек" романдарының алатын орны да, маңызы да зор. 
"Қартқожа" романы 1926 жылы Қызылорда қаласында жарық көріп, онда дүрбелең жылдардағы 
қазақ  өмірі,  әлеуметтік-қоғамдық  жағдайлар,  қыр  көріністері,  ондағы  кедейдің  түрмыс-тіршіліктері 
кеңінен көрсетіледі. 
Роман  табиғаты  мен  көркемдік-стильдік  сипаттары  туралы  академик  С.Қирабаев: "Бұл  қазақ 
кедейінің  өмірін,  оның  әлеуметтік  бейнелеуге  арналған  қазақ  әдебиетінің  алғашқы  елеулі 
шығармасы" десе, [4, 6 б.] профессор Р. Сағынбекұлы: "Автор романның үш бөлімінде Қартқожаның 
адамдық, азаматтық әлемін, жаңалық-жақсылыққа құштар көңілін кезең келбетіне сай суреттеп, сол 
арқылы есею, өсу жолдарын тартымды баяндайды", – деп жазады [5,49 б.]. 
Роман  табиғаты  мен  жазылу  сыр-сипаттарында  да  өзіндік  өзгешеліктер  бар.  Ақын-қаламгер  
Д.  Әбілев  "Жүсіпбек  аға"  атты  естелігінде  романның  жазылу  тарихынан  былай  деп  бірсыпыра 

120 
 
мағлұматтар  береді: "Не  жазғалы  жүрсің?  Нені  өрнектеп  жатырсың?"  деп  сүраған  С.  Дөнентаевтың 
сұрағына  Жүсіпбек: – Екі  романға  ойым  бар,  Сәбит!  Бірінің  аты – "Қартқожа",  екіншісінің  аты – 
"Ақбілек"  болмақ  керек.  Мұнымның  өзі  күлкілі-ау  деймін.  Құрсақта  әлі  қимылдай  да  қоймаған 
балаға ат қойған әке тәрізді боп отырмын-ау өзі... 
Сәбит: – Ондай  перзентке  бүкіл  ел  боп  зәруміз  ғой.  Перзентіңнің  екеуінің  аты  да  періштенің 
құлағына шалынсын! 
Мағаз аға: – Әлгі ... ертегіде "Қарт қожақ" батыр ма оның? 
Жүсіпбек: – Ертеде  Қарт  қожақ  емес,  Маға.  Бүгінгі  Жұман  ақсақалдың  баласы – Қартқожа. 
Білесіз. Өзіңіздің Қартқожаңыз.  
Маға: – Соны роман етпексің бе? 
Жүсіпбек: – Ия, Маға! Гәп, міне, сіздің осы таңдануыңызда. 
Тасқа ылғи қына шыға бермей. Шынар шығаруымыз керек. Кешегі өмір шиырынан бүгінгі өмір 
туралы. "Қартқожаң туады... 1916 жылғы көтеріліс есіңізде ме? Алабас тауындағы көтеріліс... Сонда 
көтерілісшілер ішінде, көтерілістің мәнін әлі түсініп те болмаған, босаң, момын, уыз жігіт Қартқожа, 
көтерілісшілер  тарай  бастағанда  салы  суға  кетіп,  арық  торы  байталына  солбырайып  мініп,  солғын 
тебініп  үйіне  қайтып  бара  жатқан  Қартқожа 1920 жылы  апрель  айында  Сұлтанмахмұттың  көңілін 
сұрай барады. Сонда орысша оқуға Сұлтанмахмұтқа уәде береді. Артынан Қартқожа Омбыға оқуға 
кетіпті. Рабфакқа түсіпті. Енді соның былайғы жәйін сөз етпекпін... Жаза бастасам да жазым баспау 
үшін аяқтауын асықпаймын". 
Қартқожа  бейнесі – бүкіл  қазақ  кедейінің  жиынтық  бейнесі.  Осы  бейненің  ішкі  тілінде  қазақ 
халқының феодалдық қоғамда көрген зорлық-зомбылығы да, ел билеген, ел басқарған даналығы мен 
батырлығы да, жаңа заман лебізін сезініп, күресе алатын қадір-қасиетін көреміз.                                           
"Қартқожа" романында ұзақ заман хикаясы баяндалады. Ірі тұлғалар, мықты характерлер, мінез-
қүлықтар бар. Ескінің өшіп, жаңаның өсіп келе жатқан заманында күрескерлік дәрежеге көтерілген 
Қартқожадай  қажырлы  жанмен  танысамыз.  Қартқожаның  көзқарасындағы,  дүние  танымындағы 
үлкен  эволюция  нанымды  дамып  отырады.  Бұған  романның  соңғы  бөлімінде  Қартқожаның – саяси 
күрескер, қоғам қайраткері ретінде көрінуі дәлел бола алады. 
Қартқожаның өсіп-жетілуі, қалыптасуы – романның өзекті желісі. Оның іс-әрекеттерін бұл арада 
түгел айтып шығу мүмкін емес. А. Зейнуллина айтқандай: "Оқиға желісі – феодализм топырағында, 
феодализм дәуірінде өмір кешкен адамның қазақ даласындағы ғажайып құбылыстарды жіті аңғарып, 
жаңа адамның қандай қат-қабат жағдайда қоғамдық, таптық, ағартушылық идеяға қарай жылжуының 
заңды жолы баяндалады". 
Мұның  бәрі  сайып  келгенде,  Қартқожаның  жүріп  өткен  жолы,  өмір-тағдыры  арқылы  көркем  де 
кестелі,  кемел  суреттелінеді.  Жазушы  қолтаңбасынан  өмір-тұрмыстың  сырлы  суреттері,  ой-сөз 
жүйесінің үйлесім-өрнектері, стиль сұлулығы ерекше серпінмен, шабытпен баяндалады.  
Романның  өріс-арнасынан  Қартқожаның  бойындағы  қасиет,  ерекшеліктер  терең  танылады. 
Әсіресе,  Қартқожаның  білім-өрісі  мен  саяси  көзқарастарына  "Табан  жалтыратты"  тарауы  арқылы 
бұрынғыдан  да  жіті  көз  жеткізер  едік.  Осындағы  "Алаш  қаласы", "Алашорда"  мекемесіне  қатысты 
роман  желілері 20-жылдар  оқиғасын  еске  түсірсе,  басты  тұлғаның  іргелі  ақыны  Сұлтанмахмұттың 
жүздесуі т.б. жайлар кезең шындығын тануға, таптық күрестің сыр-сипатын ашуда көп көмегі бар. 
Жазушы  игерген  әдеби  әдіс  өзінің  стилімен,  өзінің  тіл  өрнегіне  қатысты  ерекшелігімен  тұтас 
бірлік  тауып,  шығарманың  идеялық,  көркемдік  сапасын  анықтаған  жағдайда,  сол  сапаның  белгісі 
шығарманың  мазмұны  мен  пішінінің  жарасымды  бірлігі  деп  қаралған.  Әдеби  әдісті  жазушының 
жалпы дүниетанымына сай өмірді көркемдік заңымен игеру жолы деп білуіміз керек. 
Қорыта   келгенде,   Ж. Аймауытұлының "Қартқожа", "Ақбілек"   сынды романдары қоғамдық-
әлеуметтік құбылыстарды, өмір-уақыт  шындықтарын, қазақ ауылындағы дәстүр өнегелерін, тұрмыс-
салт  суреттерін  басты  тұлғалар  (Қартқожа,  Ақбілек)  төңірегінде  топтастырып,  сол  арқылы  адам 
әлемін еңбегі мен мақсат-мұраттарын көркем, нанымды баяндайды. 
Жазушының "Қартқожа", "Ақбілек" романдарындағы көшпелі өмірдің көріністері, өмір шындығы 
мен уақыт сырлары тарихи дәлдікке, ақиқат жайттарға негізделеді. 
Қартқожа  жолы  мен  Ақбілек  әлемі – қазақ  халқының  басынан  өткерген  әр  алуан  құбылыс, 
көріністермен үндес, сәйкестікте суреттелінеді. 
Жазушы  еңбегі  мен  шығармашылық  ізденістерінен  өмір  шындығы,  оны  көркемдікпен  игерудің 
алуан  үлгі-өрнектері  бар.  Халық  әдебиетінің  үлгілері,  адами  құндылықтар  мен  өмірдің  шынайы 
шындықтары  кеңінен  орын  алған  "Қартқожа", "Ақбілек"  романдары – қоғамдағы  адам  факторын, 
адамгершілік-рухани  мәселелерді,  ең  негізгісі,  қазақ  халқының  қиын  да  күрделі  кезеңдерін  көркем, 
шебер де шешен сөз етеді.  

121 
 
"Қартқожа", "Ақбілек"  романдарының  рухани  байлығы – халқымыздың  өткен  өмір-тарихы 
туралы көркем де жүйелі баяндап, ондағы басты тұлғалардың (Қартқожа, Ақбілек) адами әлемі мен 
азаттықты  аңсаған  асыл  бейнелерін,  сол  жолдағы  саналы  да  сапалық  қырларын  кең  көлемде 
керсеткен тағылымды туындылар қатарына жататыны толық танылады. 
 
Пайдаланған әдебиеттер: 
1.  Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. – Алматы: Санат, 1996. – 335 б. 
2.  Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – Алматы: Ғылым, 1991. – 360 б. 
3.  Әбдіманұлы Ө. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 104 б. 
4.  Аймауытов Ж. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1989. - 345 б. 
5.  Сағынбекұлы Р. Жүсіпбек Аймауытұлы (Өмірі мен қаламгерлік хақында). – Алматы: Рауан, 1997. – 102 б. 
 
 
 
 
Түсіпхан Н., 
Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы 
кафедрасының оқытушысы 
 
ҒАББАС ТОҒЖАНОВТЫҢ «ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ 
СЫН МӘСЕЛЕЛЕРІ» ЕҢБЕГІНІҢ МӘНІ 
 
Ғаббас  Тоғжанұлының  артында  қалған  әдеби  сын  мұраларының  ішіндегі  ең  бір  шоқтығы  биік 
еңбегі ол – «Әдебиет және сын мәселелері» деген кітабы. Тақырыбына қарап ішкі мазмұнымен таныс 
емес адам бұл еңбекті әдебиет теориясы және әдебиеттану бағыттары баяндалатын еңбек деп қалуы 
әбден  мүмкін.  Бірақ,  кітаппен  танысқан  соң  ол  пікір  мүлдем  басқа  жаққа  өзгереді.  Өйткені,  мұнда 
Ғаббас  әдебиеттің  теориялық  мәселелерімен  қатар,  көп  бөлігін  сол  кезде  аты  шыққан,  жазушылық 
келбеттері  қалыптаса  бастаған  ақын-жазушыларға  айтқан  өз  сынымен  толтырады.  Барлығы 192 
беттік кітаптың басынан аяғына дейін пролетариат әдебиеті қалыптасты ма, қалыптаспады ма деген 
сұрақтарға жауап іздеп, қазақ совет әдебиетінің жүріп келе жатқан жолына, беталысына баға бермек 
болады.  
Әрине, бүгінгі көзқараспен, ұлттық дүниетаным тұрғысынан қараған адамға Тоғжанов еңбегінің 
ерекше әсері, берер мәліметі аз сияқты сезілуі де ғажап емес. Бірақ, әдебиет тарихы да ел, ұлт тарихы 
сияқты  түгелдей  зерделеуді  қажет  етеді,  сонымен  қатар  қия  тартып,  бұрмалауды  көтере  алмайды. 
Алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Тарих дегеннің өзі кейде көңілшек келіншек 
іспетті»  дегеніндей  әр  заман,  әр  қоғамда  тарих  сол  кездегі  билік  жүргізіп  отырған  үкіметтің, 
идеологиялық орталықтардың дегенімен жүріп кетеді. Ал, түп негізі өтірікке, жалғандыққа құрылған 
тарихтың  келешегі  күмәнді,  ғұмыры  ұзаққа  созылмайды.  Бүкіл  әлемді  аузына  қаратқан,  батыс  пен 
шығыс санасып, алыстағы Американың адымын аңдып басуға мәжүр қылып отырған КСРО бас-аяғы 
бірер жылда жоқ болды. Қатал тәртіп пен айғайшыл, ұраншыл идеология үстемдік қылған мемлекетті 
досы  тұрмақ  жауы  да  дәл  бұлай  тез  арада  жойылып  кетеді  деп  ойламаса  керек.  Алайда,  төрт  аяғы 
көктен келген коммунизмді бүгінде жамандаушылар, даттаушылар өте көп. Тіпті, кешегі коммунист 
ақсақалдар  да,  шенді-шекпенділер  де  өткендеріне  лағынет  айтып,  қайтып  келмеуін  тілейді.  Кейде 
соның  кесірінен  де  кеңестік  дәуірге  қызмет  қылған,  оның  қазақ  даласына  тезірек  орнауына  жұмыс 
істеген  қоғам  қайраткерлерін,  ақын-жазушыларды  жұдырық  астына  алушылар  саңырауқұлақтай 
қаптап  алды.  Біліп  айтса,  қандай  да  бір  дерекке  сүйеніп  айтса  түсінуге  болар  еді.  Ал,  естігенін 
көргендей,  оқығанын  дәл  сол  арада  өзі  болғандай  жазатындарға  не  жорық?  Осындай  шабуылға 
Ғаббас  Тоғжановтың  да  тап  келгені  рас.  Әлі  күнге  дейін  оның  еңбектері  жарыққа  шықпай,  зерде-
ленбей,  ғылыми  айналымға  түспей  келе  жату  себебі  де  осындай  жазғырушылардың  көптігінен  деп 
білеміз. Әйтпесе, қанша жерден ұлтшылдарды сынады, олардан қателік іздеді, тілегін түсінбеді деген 
күннің өзінде де әдебиеттану тарихы өзінің жүір өткен жолына бағдар жасау мақсатында ол еңбек-
терді бір керекке жаратуы тиіс еді. 
Ғаббастың  «Әдебиет  және  сын  мәселелерін»  зерделеп  оқыған  және  оған  әділ  бағасын  берген 
ғалымдар  саусақпен  санарлық.  Мұнда  біз  «әділ  баға»  тезисін  Ғаббасты  мақтау  жөнінде,  не  даттау 
жайында  қолданып  отырған  жоқпыз.  Керісінше,  еңбектің  ғылыми  негіздері  қандай  және  саяси 
тілекпен  жазылса  да  сыншының  білім  дәрежесі,  сыншылық  қарымы  қай  жерден  көрінеді  дегенге 
үңіле қараған ғалымдарды айтып отырмыз.  

122 
 
Ғаббас  кітабына  сын  айтқан,  пікір  білдірген  алғашқы  ғалымдардың  бірі  қазақ  әдебиеттану 
ғылымының  қара  нары,  әділ  төрешісі  профессор  Бейсенбай  Кенжебаев  болды.  Ол  кітаптың 
жетістіктері  мен  кемшіліктерін  санамалап,  қысқаша  сыни  мақала  жазыпты.  Алдымен,  сол  мақалаға 
шолу жасап байқайық. Мұнда да тағы бір ескерер жайт бар. Мақала – Ғаббас еңбегіне сын айтушы 
Бейсенбай Кенжебаевтың да жас кезі, албырт шағындағы пікірі еді. 
Б.Кенжебаев алдымен Ғаббас кітабының жарыққа шыққанына, әдебиет сыны тарихында бұрын-
соңды болмаған еңбек екенін баса айтып өтеді. «Ғаббастың бұл кітабы – әдебиет, сын жөнінде үлкен 
олжа,  ірі  табыс.  Ғаббас  кітабының  маңызын  талдап  айтсақ:  бірінші – Ғаббас  кітабында  қазақтың 
қазіргі  әдебиеті  мен  ақын-жазушыларының  барлығына  да  қысқаша  шын  Маркс  көзі,  партия 
бағытымен  сын  берілген.  Былайғы  сыншыларға,  сын  жазамын  деп  талаптанып  жүрген  жастарға 
Маркс жолымен сынаудың нысанасын, әдісін көрсеткен», – дейді. [1] 
Осы тұста шағын болса да бір мәліметті қоса кеткен жөн сияқты. Ол – атақты жазушы, академик 
Ғабит  Мүсіреповтің  де  Ғаббас  Тоғжанұлының  «Әдебиет  және  сын  мәселелерін»  сынаған  сөздері. 
1932  жылы 4 тамызда  «Еңбекші  қазақ»  газетіне  Ғәбит  Махмұтұлы  «Әдебиет  айтысына»  дейтін  бір 
мақала  жазады.  Жазушы  Ғабит  Мүсірепов  мақаласының  тағы  бірер  тұсында  Ғаббасқа  қарата  сын 
сөздерін қадап өтеді. Әсіресе, «Әдебиет және сын мәселелері» деген кітабына қарасты мына айтқаны 
сол  кездегі  саяси  көзқараспен  қараған  адамға  тіптен  «ащырақ»  болып  тиетін  секілді.  Ол: «Әрине, 
Ғаббас жаңа пікір айтудан аман. Бұл ертеден бергі ұлтшылдардың, Ысмағұлдың «жоғы». Одан кейін 
өзінің  жоғы,  соны  дәлелдеп  отыр.  Бірақ,  бұл  пікірмен  жиырма  тоғызыншы  жылы  жарыққа  шығуы 
Ғаббасқа ерсірек. Егер Ғаббастың кітабын жиырма тоғызыншы жылы ұлтшылдардың бірі жазса, оған 
жарасып тұрар еді. Керек болса, ашықтан ашық айтуға оның тілі де күрмелер еді, ұрлап айтар еді», - 
дейді.  [2] Яғни,  Ғабит  Мүсіреповтің  Ғабас  Тоғжанұлының  «Әдебиет  және  сын  мәселелері»  деген 
кітабына  қатысты  пікірін  сиырқұймышақтатып  болса  да  «ұлтшылдықтың  сарқыны,  солардың  ойы» 
деп отырғаны сезіледі 
Бұл  кітап  өзі 1929 жылы  Қызылордада  шыққан.  Бүгінде  Алматы  қаласындағы  Ұлттық  кітап-
хананың «сирек кітаптар және қолжазба қоры» бөлімінде тек бір ғана данасы сақталған екен. Оның 
өзін кітапхана Түркіменстаннан алдыртса керек. Ары-бері ақтарып, беттерін парақтап қараған адам 
еңбектің тиянақты, айтар ойын жеткізе білген, дәлелдерін өз пікірі бойынша жетік меңгере алғанын 
көрер еді. Жалпы, кітап 8 бөлімнен тұрады.  
Алғашқы кіріспе орнына жазылған  «Екінің бірі ақын бола ма?» деген теориялық анықтамасында 
сыншы «Екеу» мен (Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов бірігіп жазған мақалаларында әрдайым 
осы  бүркеншік  есім  пайдаланылған – Н.Т.)  Сәбит  Мұқановтың  ақындық  өнер  жайындағы  айтыс-
тарын сынға алады. Онда Ғаббас: ««Екеу» ақынды тұрмысынан бөліп, ақынның қандай ақын болуын, 
ақын  сезімінің  күресіне  байласа,  мейлі  қиялшыл,  мейлі  уайымшыл  ақын  болсын,  мейлі  нағызшыл 
ақын  болсын,  жаратылысында  осындай  болады.  Ақылы  күшті  болса  нағызшыл,  материалист  ақын, 
сезімі күшті болса уайымшыл-қиялшыл ақын болады десе, Сәбит ақындықты үйренуге ғана тірейді. 
Етікші,  иші,  диқаншылардың  ақыннан  түк  айырмасы  жоқ,  миындағы  ақындық  бөлшегін  қозғап 
жіберсе,  ақын  болам  деген  кісі  ақын  болады  дейді. «Жүсіпбектің  сыны,  Мағжаның  ақындығы 
туралы»  деген  кітабымызда  бұл  мәселе  туралы  өз  пікірімізді  қысқаша  жазған  едік.  Сол  пікірімізді 
тағы айтамыз: «Ақын өлең, әңгіме жазса пернемен (образбен) жазады. Көзі көргенді, көңілі сезгенді 
өзінің  сол  көрген,  сезген  түрінде  жазады.  Ақын  қарапайым  жазушылардай  (публицистердей)  сөзін 
дәлелдеп,  толғап,  ойлап  тұрмайды.  Нағыз  ақындар  өзінің  айтайын  дегенін  суретті,  әдемі  сөзімен 
мұңды күйді, сырлы жырмен айтады. Алдымен оқушының жүрегін, сезімін қозғайды. «Ақынның сөзі 
ақылға, ойға қонбайды. Алдымен адамның сезімін қозғайды. Сезім көңіліне қонады» (Плеханов)».  
Екінің бірі ақын бола алмайды. Ақын болу үшін адамда ақындық қуат болуы керек. Ақын өлеңін 
ақылға  салып  отырса  ол  өлең  болып  шықпайды.  Көркемдігі  өшіп,  өлеңнің  аяғы  ұйқастығы,  өлшеуі 
келгендігі  ғана  жетпейді.  Дәлелдеймін  деп,  құрап,  жамап  келтірген  пернеде  әдебиет  пернесі 
болмайды.  Бұлай  жазған  ақын  ақын  емес», – деп,  тұжырымдайды  Ғаббас. [3, 10 б.].  Бұл  сөздерін 
орыстың  әйгілі  әдебиет  сыншылары  Белинский,  Плеханов  сөздерімен  нақтылап  отырады.  Ғаббас 
Тоғжанұлы мұнда «шын ақын ешқашан күшеншектік әрекетке, жоқтан құрап, ұйқас іздеп сандалуға 
бармайды, керісінше төгіліп, бірден жазады» дейтін ойларын анық жеткізе белген. 
Ғаббас  кітабының  бірінші  тарауы  «Қалай  сынауымыз  керек»  деп  аталады.  Осы  сұраққа  сыншы 
алдымен өзі жауап беріп: «Көркем әдебиетті қалай сынауымыз керек дегенде біз «сынның әліпбиін» 
жазбақшы  емеспіз.  Бас-аяғын  атап,  қандай  тәртіппен,  қандай  формамен  сынау  керек  деп  сыншыға 
жазу  планын  жасап  беру  іске  аспайтын  жұмыс.  Қандай  тәртіппен  сынайды,  қандай  жазу  түрін 
қолданады – ол сыншының өз еркі», – дейді. [3, 19 б.]. Міне, осы сөздерінен-ақ Ғаббас Тоғжанұлы-
ның  әдебиет  сыны  жайында  қасаң  қағидамен  жүрмегенін,  білімінің  көптігін  тануға  болады.  Осы 

123 
 
тарауда  сыншы  Смағұл  Садуақасовтың,  Сәбит  Мұқановтың  сын  мақалаларына  пікір  білдіріп, 
олардың саяси және әлеуметтік тұрғыда жіберген бірер «кемшіліктерін» көрсетеді. 
«Әдебиет және сын мәселелері» сын кітабының «Қандай әдебиет үстем болмақ, қандай әдебиеті-
міз бар» делінген екінші тарауы көлемі жағынан өте шағын жазылыпты. Мұнда Ғаббас көптен бері 
дау  болып  келе  жатқан  «пролетариат әдебиеті бар ма, жоқ па» деген  әңгімеге байланысты өз ойын 
ортаға  салады.  Ол  «орыс  әдебиетіндегі  жұмысшы  таптың  үлесін  айта  келе  Қазақстанда  да  проле-
тариат әдебиеті үстемдік алып келеді» дейді. Алайда, сыншы «қазақ көменес сыншылары ішінде әлі 
күнге Троцкийдің «пролетариат әдебиеті болмайды» деген пікірін қолдаушылар бар» деп табады.  
Ал,  еңбектің  үшінші  тарауы  өзге  тарауларға  қарағанда  әлдеқайда  кең  көлемді  жазылған. «Төң-
керісшіл ақындарымыздың кемшіліктері» деп ат қойылғанымен сыншы бұл тарауда коммунист ақын-
жазушылардың 1929 жылға  дейінгі  жазғандарына  шолу  жасайды.  Ол  ақын-жазушылардың  жас-
тайынан тым саясатшыл, ұраншыл болып бара  жатқанына қынжылып, оларға нағыз жазушы болуы 
үшін тек әдебиетпен шұғылдануы керек екенін ескертеді. «Қанша қақсадық, осы біздің ақындарымыз 
өзінің  тиісті  ісін  істемейді  деп.  Біздің  барлық  ақындарымыз  тұрмысты  тексеріп,  бақылап  білудің 
орнына,  оқып,  үйреніп,  білім  алудың  орнына,  қалың  бұқарамен  араласып,  байланысты  күшейтудің 
орнына,  сөйтіп  нағыз  ақындық  дауысын  шығарудың  орнына  шетінен  сыншы,  саясатшы,  ұйымдас-
тырушы болып кетті», – дейді. [3, 47 б.].   
 «Әдебиет  және  сын  мәселелері»  кітабының  төртінші  бөлімі  «Жас  жазушыларға»  арналыпты. 
Олардың  қатарына  Ғаббас  Асқар  Тоқмағамбетов,  Қалмақан  Әбдіқадыров,  Жақан  Сыздықов,  Ғабит 
Мүсірепов, Шұға, Жұмабай, Елжас  Бекенов, Ғалым Малдыбаев, Өтебай  Тұрманжановтарды  жатқы-
зады.  Бұлардың  шығармашылық  жұмыстарына  да  ретімен  тоқтала  келе  Ғаббас  жас  азушыларға 
алдымен білімдерін толықтырсын, сосын шығарманы қалай  жазау керектігі жөнінде әдіс-тәсілдерін 
үйренсін дейді. 
Ғаббас  кітабындағы  ең  өзекті  тараулардың  бірі  бесінші  тарау.  Бұл  да  өз  кезегінде  сол  жылдары 
өте үлкен айтыс-тартысқа түскен «Жолбике жазушылар» туралы еді. Осыны өз еңбегінде түсіндіруді 
мақсат еткен Ғаббас: «Соңғы кездері таласта жүрген сөздің бірі осы сөз. Көменес емес сыншыларды 
былай  қойып,  көменес  сыншыларымыздың  өз  арасында  осы  сөзді  түрліше  ұғып  жүрміз.  Бұдан  екі 
жыл  бұрын  Әбдірахман  бір  мақалаларында  «біздің  ақын-жазушыларымыздың 98 проценті  жобике» 
деп  еді. «Мұхтар,  Жүсіпбек,  Міржақып,  Қошкелер  қазақ  әдебиетінің  қол-аяғы,  бұларсыз  қазақ 
әдебиеті  қол-аяғы  жоқ  адамдай  болады.  Бұлар  біздің  дұшпанымыз  емес,  досымыз.  Жаңа  жұрт-
шылықтың  жазушылары»  деп  Смағұл  жазып  отыр. «Жолбикелер  тамақ  үшін  жазатындар.  Бұлар 
тамағы  тойса  Кеңесті  жақтайды,  қарны  ашса  боқтайды («Еңбекші  қазақ», 19276 №3)»  деп  Сәбит 
жазып  отыр. «Бізде  жолбикелер  «Алашордашылар»  кесірі  жұқпаған  жаңа  жазушылардан,  жас 
жазушылардан шығуы тиіс. Әйтпесе, «алашорданың» шәуілдегі, «топбасары» болған адамдар еңбек-
ші топқа еш уақытта шын жолдас болып кетуі қиынырақ болар... Мұнда бір гәп болуы керек» деп көп 
тарқатып Сәкен жазып отыр.  
Осыны  жазып  отырғандардың  бәрі  де  көменестер.  Әрқайсысы  әр  түрлі  жазып  отыр.  Қайсынікі 
дұрыс, қайсынікі бұрыс әлі де екшеп-теңшеп бір пікірге келгеміз жоқ. Біз де осы туралы өз пірімізді 
айтпақпыз», – деп, [3, 126 б.]  мәселенің  мән-жайын  оқушы  қауымға  ашығырақ  түсіндіріп  алады. 
Бұдан  кейін  Ғаббас  жоғарыда  айтылған  пікірлердің  ара-салмағын  өз  ойынша,  партия  заңдары 
бойынша талдайды да, ең соңында барып өз тұжырымын ұсынады. Мұнда сыншы «менің пікірім ғана 
дұрыс, қалғандарынікі теріс» деген көрсоқырлыққа бармайды.   
Алтыншы  тарауды  Ғаббас  тек  қана  «Байшыл  жазушыларға»  негіздейді.  Олардың  ішіне  Мұхтар 
Әуезов пен Мағжан Жұмабаевты жатқызады. Шығармаларын талдап, саяси жолдарына көз жүгіртеді. 
Алдымен  Мұхтар  жайында  бірер  пікір  білдірген  Ғаббас  Тоғжанұлы  оның  ұлтшыл  бағыттан  ауыт-
қымай, коммунистер жолына әлі де дұрыс түспей келе жатқанын айтса да, шығармашылық қуатына, 
дарынына  тас  лақтырмайды.  Ол  Мұхтар  әңгімелерінің  кемшіліг  деп  кейіпкерлерінің  көбі  ойдан 
құралатынын  алға  тартады.  Ал,  жетістігіне  келгенде: «Мұхтар  өз  тілегінше  жасаймын  деген  типін 
жақсы  көрсетеді.  Типтеріндегі  мінез-құлық  өзгерістерін  қара  басындағы  өзгешеліктерін  өзге  қазақ 
жазушыларына  қарағанда  Мұхтар  анық  көрсетеді.  Бұл  жағынан  Мұхтардың  өзге  жазушылардан 
артықшылығы, жақсылығы бар, – дейді. Сонымен қатар, Мағжанды да «ұлтшылдық жолдан тайқы-
маған ақын, сондықтан, әзірше көменестерге жолбике бола алмайды» дейді. 
«Әдебиет  мұрасы,  үлгі  алу,  үйрену,  тағы  басқалар».  Бұл – Ғаббас  кітабының  жетінші  тарауы. 
««Ілгерінікі  кейінгіге  мұра»  деген  қазақ  мәтелі.  Осы  сөз  тұрмыстағы  тәжірибеден  айтылған  сөз. 
Шынында, ілгерінікі соңғыға мұра болып отырмаса, өткендегіні білуге, өткендегіден үлгі-өнеге алып, 
жақсысын пайдалануға, іске жаратпауға болмайды да ғой. Өткендегіні білу, жақсысын, пайдалысын 
іске жарату қай тапқа болса да керек. Әсіресе, жұмысшы табына, еңбекшілерге керек», – дей отырып, 

124 
 
[3, 171 б.]. Ғаббас Тоғжанұлы қазақтың бұрынғы ауыз әдебиеті үлгілерін «жерлеуге, көмуге» қарсы 
екенін  сездіреді.  Ол  осы  ойларын  тағы  бірер  мәліметтермен  толықтыра  түседі  де: «Қазақтың  ауыз 
әждебиетінде өз тұсында қазаққа үлгі болған, оқығандары, батырлары, билері, шешендері де болды. 
Осылардың  айтып  кеткен  өлеңдері,  тақпақ  сөздері,  өз  тұсында  сілтеп  кеткен  жолдары  бар.  Міне, 
осыларды бізге білу, үйрені керек пе? Керек дейміз. Себебі, өткенді білмей жаңаға негіз жасау қиын», 
–  деп,  қостайды. [3, 174 б.].  Ал,  алашордашыларға  келгенде: «Біздің  қазақ  жазушылары  да  ескі 
әдебиетті,  байшыл  әдебиетті  оқуы  керек.  Білуі  керек.  Абай,  Ахмет,  Омар,  Сұлтанмахмұт,  Мағжан, 
Жүсіпбек  сынды  жазушылардың  түр  жағынан  жақсы,  әдеби  жазғандарынан  үлгі  алып,  солардан 
үйренуі керек. Әдемілік, көркемдік жағынан Абай, Мағжанға жеткен бізде әлі ақын жоқ. Тіл байлығы 
жағынан Жүсіпбекке жекткен жазушы жоқ. Осының бәрі аз-маз қазақ әдебиетімен таныс адамға тіпті 
ап-анық нәрсе», – деп, [3, 179 б.]. нақты шешімін айтады. Яғни, қазақ әдебиетінің келешектегі бет-
бейнесін  жасауда  коммунист  жазушылар  ұлтшыл  ақын-жазушылардың  идеясын  қолданбаса  да, 
көркемдік тәсілдеріне міндеті түрде жүгіну керектігін меңзейді.  
«Әдебиет және сын мәселелері» кітабының қорытынды сегізінші тарауы өте шағын. Тіпті, тарау, 
бөлім деуге де келмейді. Есесіне, еңбекті жазудағы мақсатын түсіндіріп, сынның алдағы міндеттерін 
таразылайды. «Біз  әрине,  бұл  кітапшамызда  әдебиет  сынындағы  бар  мәселелерді  түгел  тексере 
алмадық. Көп мәселелерге тоқталмадық. Көп ақын-жазушыларымыз туралы тіптен ештеңе жазбадық. 
Жоғарыда да айттық. Біздің сыншыларымыздың ендігі бір үлкен міндеті әр ақын-жазушыларды жеке 
алып тексеру керек. Әр ақын-жазушының бар жазғандарын түгел алып сынау керек. Сонда ақынның 
жақсы жағы да, жаман жағы да түгел көрінеді. Біз кітапшамызда мұны істей алмадық. Бұл кітаптағы 
мақсатымыз  да  әр  ақын-жазушыны  жеке-жеке  тексеру  емес  еді,  біздің  мақсатымыз  көбінесе  қазіргі 
әдебиет  сынындағы  кемшіліктерді  ғана  айту  еді.  Соны  түзеу  шарасын  қарастыру  еді.  Осы  жөнінде 
азды-көпті  білгенімізді  жаздық». [3, 192 б.].  Бұл – Ғаббас  Тоғжанұлының  сын  кітабындағы 
қорытынды  сөзі.  Бұдан  асып-тасқан,  менменсіген  ештеңе  де  сезілмейді.  Шағын  еңбекті  қомақты 
дүние  деп  жарнамаламағаны  да  анық  көрініп  тұр.  Демек,  әдебиеттегі  сын  мәселелерінің  кейбірінің 
себебін және әдістерін нақтылауды мақсат еткен кітап өз үдесіне шыға білген. Рас, көп тұстарында 
бүгінгі  ардақталып  жүрген  алашордашы  ақындарға,  жазушыларға  байланысты  коммунистк 
көзқараспен, таптық тілекпен орынсыз пікірлер жетерлік. Бірақ, мұны біз осы күнгі түсінікпен емес, 
«нағыз,  шынайы  коммунист  көзімен»  саралайтын  болсақ – Ғаббас  ойларынан  алыстап  кете  қоймас 
едік.  Демек,  Ғаббас  сыны  қазақ  елінің  ұлттық  мүддесі  мен  егемендік,  тәуелсіздік  түсінігіне  қайшы 
келер  сәттері  кездессе  де,  өз  заманының,  тілегінің  қалауы  жөнінен  біршама  жетістігі  бар  сын  деп 
білеміз.       
                                              

1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   30


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал