Саясаттану



жүктеу 104.68 Kb.

бет10/21
Дата09.01.2017
өлшемі104.68 Kb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21

4.Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың
негізгі қызметтері, міндеттері.
Қоғамдық-саяси  ұйымдарға  халықтың  белгілі  бір  тобының  мүддесін 
қорғайтын,  алдына  қойған  әлеуметтік  мақсатқа  жету  үшін  ерікті  түрде 
мүшелікке кірген азаматтар бірлестігі жатады.        
Қоғамдық-саяси  ұйымдар  азаматтардың  өз  мүдделерін  іске  асырудың 
құралы ретінде пайда болады. Қазақстанда бұндай ұйымдардың құрылуына жол 
ашқан  1986  жылғы  Желтоқсан  оқиғаларынан  кейінгі  демократиялық  үрдістер 
болатын.
1987-1991  жылдар  аралығында  ғана  Қазақстанда  140  астам  өзін-өзі 
басқаратын  қоғамдық  ұйымдар  пайда  болды,  олардың  23-нің  тәуелсіз 
бұқаралық  ақпарат  құралдары  болды.  Ең  алғашқы  құрылған  ұйымдардың 
қатарына “Азат”, “Азамат”, “Бірлік”, “Әділет”, “Мемориал”, “Желтоқсан” және 
т.б.  жатады.  Сол  уақыттағы  қоғамдық  ұйымдардың  25  пайызы  жастардан 
тұрды.  1989  жылы  тарихи-ағартушылық  “Әділет”  қоғамы  құрылды.  “Әділет” 
қоғамы  сталиндік  зұлымдықтар,  1920-1930  жылдардағы аштық  туралы тарихи 
шындықты қалпына келтіруді, тоталитарлық тәртіптің құрбандарын еске алуды, 
олардың  толық  ақталуына  жәрдемдесуді,  өмірбаяндық  дәйектерді  анықтауды, 
ақталғандар  мен  олардың  отбасы  мүшелерінің  мүдделерін  мемлекеттік  және 
қоғамдық  ұйымдарда  қорғауды  мақсат  етті.  “Әділет”  қоғамы  Ахмет 
Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Жүсіпбек 
Аймауытовтың,  Мағжан  Жұмабаевтың  тағы  басқа  да  көптеген  қазақ 
зиялыларының  әдеби  мұралары  мен  қоғамдық-саяси  қызметтерін  зерттеуде 
республикалық комиссияға көмектесіп, қазақ мәдениетінің осы бір аса көрнекті 
өкілдерінің  рухани  қазынасын  халыққа  қайтару  ісіне  үлестерін  қосты. 
1991жылдың  қараша  айында  “Әділет”  қоғамы  “1917жылдан  кейінгі 
Қазақстандағы 
қуғын-сүргін 
саясаты” 
тақырыбы 
бойынша 
өткен 
республикалық ғылыми-практикалық конференцияның ұйытқысы болды. 
Ең  ірі  республикалық  қоғамдық  ұйымның  бірі  –  “Қазақ  тілі”.  Оның 
мақсаты  қазақ  тілін  мемлекеттік  тіл  ретінде  дамыту,  қазақ  тілі  туралы  Заңды 
іске  асыруға  демеуші  болу.  Бұл  ұйымның  құрама  съезі  1989  жылғы  20-21 
желтоқсанда өтті. Съезге 500 делегат және 300 шақырылған азаматтар қатысты. 

83
Бүгінгі  күні  бұл  ұйымның  қатарында  мыңдаған  Қазақстан  азаматтары  мүше. 
Ұйымның белсенді іскерлік дәрежеде атқарып жүрген қызметі баршаға әйгілі. 
1989жылы “Адам құқығын қорғау” Қазақстандық қоғамдық ұйымы пайда 
болды.  Оның  мақсаты  “Адам  құқықтарының  жалпыға  бірдей  Декларациясы” 
принциптерін  Қазақстанда  іске  асыру.  1990жылы  “Қазақстан  сәуірі” 
(“Казахстанский апрель”) деген қоғамдық ұйым пайда болды. Оның мақсаты –
қайта  құру саясаты  бағдарламасына қолдаушылық көрсету болды. 1986жылғы 
Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековтың рухына қазақ 
жастары 1989 жылы “Қайрат” деген қоғамдық ұйымын арнады. 
Сол  жылдары  Қазақстанда  ұлт  мәселелерінің  толық  шешілмеуіне 
байланысты  Жаңа  Өзенде  “Бірлік”,  Ақтауда  “Парасат”  және  тағы  басқа 
ұйымдар құрылды. 
Еліміздегі  демократиялық  процестердің  дамуына  байланысты  қоғамдық 
ұйымдардың  саны  да  көбейді.  1991жылдан  бастап  бұқаралық  ұйымдардың 
ішінде әлеуметтік талаптар қойылуымен көзге түскендері: “Атамекен”, “Алтын 
бесік”,  “Жерұйық”,  “Шаңырақ”  болса,  қоғамдағы  саяси  белсенділігімен 
танылғандар:  “Ақиқат”,  “Лад”,  “Единство”  және  т.б.  болды.  Сонымен  қатар 
Қазақстанда  ардагерлер,  әйелдер,  жастар  одақтары  және  басқа  да    қоғамдық 
ұйымдары қызмет атақарды. 
Қамтитын  аумағы  бойынша  қоғамдық  ұйымдар  -  жергілікті,  аймақтық, 
ұлттық,  жалпымемлекеттік,  халықаралық  көлемде  бірігуі  мүмкін.  Осындай 
қоғамдық-саяси  ұйымдар  арқылы  миллиондаған  адам  өзін-өзі  басқаруға 
белсенді қатысып, саяси өмір мектебінен өтеді. 
Қазақстанда  жалпы  республика  деңгейінде  бірігіп  отырған  ұйымдардың 
бірі  – Қазақстан  Халқы  Ассамблеясы.  Бұл  қоғамдық-саяси  ұйым  1995жылы 
1наурызда  құрылып  бүгінгі  күнде  тек  елімізге  ғана  емес,  бүкіл  дүние  жүзіне 
танымал болған бірлестік. 
Қазақстан  Халқы  Ассамблеясы  елімізді  мекендейтін  100  астам  ұлт  пен 
ұлыс  өкілдерінің  мүддесін  қорғайтын  ұлттық  мәдени  орталықтарының 
жиынтығы. Бүгінгі күні Қазақстанда Ассамблея құрамында 24 республикалық, 
аймақтық, 470 облыстық, қалалық және аудандық ұлттық-мәдени орталықтары 
ел  бірлігін  сақтау,  халықтар  достығын  нығайту  жолында  белсенді    қызмет 
етуде.  Еліміздің  бұл  үлкен  құрылтайы  мемлекеттегі  саяси  тұрақтылықтың, 
халықтар  арасындағы  ынтымақ-бірліктің,  ұлтаралық  татулықтың  мызғымас 
діңгегі болып отыр. 
Бүкіл  әлемдік  халықаралық  ұйымдар  Қазақстандағы  ұлтаралық 
қатынастарды  нығайтудағы  біздің  Ассамблея  тәжірибесін  зерделей  келіп,  өз 
елдерінде осындай бірлестіктер құруға ұмтылуда.
Біріккен  Ұлттар  Ұйымының  бұрынғы  Бас  хатшысы  Кофи  Аннан  2002 
жылы  Астанаға  келген  сапарында:  “Қазақстан  халықтары  Ассамблеясы  ел 
ішіндегі жанжалдың алдын алатын көшбасшысы” – деп атап өтті. 
Сонымен,  «Қазақстанның  әлеуметтік-экономикалық  саласының  жедел 
дамуының  сыры  неде?»  -    дегенде,  ең  алдымен  тұрақтылық  пен  татулықты 
алдымен  ауызға  алатынымыз  сөзсіз.  Ал  олардың  сақталып,  орнығуына 

84
Ассамблеяның қосқан үлесі  мол. Қазақстан  Халқы Ассамблеясы 2007  жылдан 
бастап Мәжілістен 9 депутаттық орын алуға құқылы болды.
Қоғамдық  қозғалыстар  да  қоғамдық  саяси  ұйымдар  сияқты 
азаматтардың  өз  мүдделерін  іске  асырудың  құралы  ретінде  пайда  болады. 
Қоғамдық  қозғалыс  деп  –  белгілі  бір  әлеуметтік  жағдайды  өзгертуге  немесе 
үкіметке ықпал жасай отырып, оны нығайтуға бағытталған қоғамдық күштерді 
айтады.  Қоғамдық  қозғалыстың  пайда  болуының  негізгі  себебі  -жеке  адам  өз 
ойын,  көзқарасын  өкімет  орындарына  тікелей  жеткізе  алмауында.  Сондықтан 
олар өз мүдделестерімен топтасады. 
Қоғамдық қозғалыстардың көбінің тұрақты ұйымы, жұмысының бірыңғай 
бағдарламасы, басқарудағы айқын принциптері болады. Әдетте, олар: әділеттік, 
бостандық,  қарусыздандыру,  бейбітшілік  үшін  күрес,  ұлттық  өрлеу,  қоршаған 
ортаны қорғау т.с.с. жалпыхалықтық, адамзаттық талаптарға негізделген басты 
мақсаттарды ұстанады. Бұл мәселелер көпшіліктің көңілінен шығып, бастарын 
қосады, тіпті өзара айтарлықтай айырмашылықтары бар қоғамдық топтарды да 
біріктіруі мүмкін. Көп қозғалыстар стихиялы түрде пайда  болады. 
Тарихта  қоғамдық  қозғалыстардың  ішіндегі  кең  тарағаны  -  “Халық 
майдандары”.  Оларға  жалпы  қоғамға  қатысы  бар,  барлық  халықтың  немесе 
көпшілігінің мүддесін қамтитын мәселелерді шешуге бағытталған бірлестіктер 
жатады.  Мысалы,  ұлт-азаттық  күрес  кезеңінде(ХХ  ғасырдың  60-шы 
жылдарындағы  Африка,  Азия  елдері),  қоғамда  саяси  режимнің  құбылмалы 
жағдайға  ұшырауы  тұсында  саяси  билікті  қолға  алу  үшін  (КСРО-дағы  қайта 
құру кезеңінде) құрылды. 
Әсіресе көп жағдайда халық майдандары қозғалысы екінші дүниежүзілік 
соғыста фашизмге қарсы күресте интернационалдық негізде Франция, Испания 
және т.б. елдерде қалыптасты.
ХХ  ғасырдың  80-90–шы  жылдарындағы  Қазақстандағы    демократиялық 
процестер әр түрлі қоғамдық қозғалыстардың пайда болуына жол ашты. Біздің 
еліміздегі  алғашқы және  неғұрлым  бұқаралық  қозғалыстардың  бірі  - “Невада-
Семей”  экологиялық  қозғалысы  болды.  1989  жылдың  көктемінде  ақын 
О.Сүлейменовтың ұсынысы бойынша құрылған бұл қозғалыстың түпкі мақсаты 
- Қазақстан территориясында орналасқан Семей және басқа полигондарды жабу 
болатын.  “Невада-Семей”    мемлекеттік  құпиялықтың  пердесін  ашуды, 
тұрғындардың  шеккен  азаптарының  орнын  толтыруды  талап  етті.  Осы 
мақсатпен  қозғалыс  белсенділері  пикеттер,  демонстрациялар,  халықаралық 
және республикалық ғылыми конференциялар ұйымдастырды. Нәтижесінде бұл 
қозғалыстың халқымызға әкелген пайдасы баршаға әйгілі. 
Келесі  қоғамдық қозғалыс Арал  теңізі аумағымен  байланысты құрылды. 
Мұхтар  Шахановтың  ұсынысымен  Арал  төңірегіндегі  халықтарға  көмек  беру 
үшін  Арал  мен  Балқаш  проблемалары  бойынша  Комитет  құрылды. 
Дүниежүзілік  жұртшылықтың  және  КСРО  үкіметінің  назарын  Арал  теңізінің 
экологиялық  апатына  аудару  үшін  бұл  Комитет  көп  жұмыстар  істеді.  Осыған 
ұқсас  еліміздің  көптеген  қалаларында:  Өскеменде,  Алматыда  алғашқы 
аймақтық экологиялық тазалық үшін күресетін қозғалыстар құрылды. 

85
ХХ  ғасырдың  90-шы  жылдарының  басында  Қазақстанда  пайда  болған 
тағы бір қозғалыс – казактардың (казачество) бой көрсетуімен байланысты еді. 
Казактар  баршаға  әйгілі  Алтын  Орданың  ыдырауынан  кейін  Ресейде  пайда 
болған  әскери-саяси  әлеуметтік  топ.  Көптеген  жылдар  бойы  казактар  Ресей 
патшалығына қызмет етіп, отарлық, басқыншылық саясаттың жазалаушы күші 
ретінде пайдаланылды. 
1917  жылғы  Қазан  революциясынан  кейінгі  Қазақстанда  казактардың 
айырылып  қалған  дәстүрлері  мен  салт-саналарының  қалпына  келтірілуіне 
ешкім  қарсы  болған  жоқ.  Дегенмен  де,  Орал  казактары  басшыларының 
1991жылғы қыркүйектің 15-де өздерінің «Патша мен Отанға қызмет етуінің 400 
жылдығын»  Қазақ  елінде  мерекелеуге  шешім  қабылдауы  мүлдем  түсініксіз 
болды. Облыс басшыларының мұндай айқын, сыңаржақты мерекелеуге кедергі 
жасап,  ақылға  шақыруы  ешқандай  оң  нәтиже  бермеді.  “Азат”,  “Желтоқсан”, 
“Парасат”  қозғалыстарының  басшылары  бұл  іс-әрекетті  қазақ  халқының 
намысын  аяққа  таптау  деп  бағалады.  «Мерекеге»  бірнеше  күн  қалғанда  осы 
қоғамдардың  мүшелері  Орал  қаласына  жиналды.  Олар  қаланың  орталық 
алаңында  қарсы  ұран  көтеріп,  пикет  және  митингілер  ұйымдастырды.  Осы 
уақытта  қазақ  жастарына  қарсы  тұруға  Краснодардан,  Доннан,  Шіләбіден, 
Самарадан казак әскерлерінің өкілдері  келіп жетті. Тартыс қыза түсіп, екі жақ 
бір-бірімен жаппай қақтығысуға өте жақын тұрды. Тек құқық қорғау органдары 
мен  “Азат”  қозғалысы  басшыларының  ізгілікті  қызметі  арқасында  ғана 
қақтығысқа жол берілмеді. 
Оралдағы  осы  оқиға  кез-келген  қоғамдық  ұйымдардың,  қозғалыстардың 
абайсыз  іс-әрекеттері  үлкен  қасіретке  айналуы  мүмкін  екендігіне  тағы  да  бір 
көз жеткізді. 
Қоғамдық  ұйымдар  мен  қозғалыстардың  билікке,  өкіметке  қаймықпай 
қарсы  тұрып,  өз  жақтастарын    батыл  шараларға  шақыруы  жиі  кездеседі.    Ал 
бейресми  бірлестіктер  оппозициялық  күштердің,  жастардың,  студенттердің 
арасында  көбірек  тараған.  Олардың  алдына  қойған  мақсаты,  іс-әрекеті,  оған 
қатысушылардың жасы мен жынысы, қызмет тұрақтылығы  саналуан. 
Сайып келгенде, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың әрқайсысының 
өз  ерекшеліктері  болуына  қарамастан  азаматтардың  мүдделерін  іске  асыру 
құралы  болып  табылады,  әрбір  әлеуметтік  топтардың  тұрмысын  жақсарту, 
жоғын жоқтау жолында олардың өкілі, қорғаны міндетін атқарады. 
Бақылау сұрақтары
1. Қазақстандағы көппартиялықтың қалыптасуы.
2. Саяси партиялардың қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардан 
айырмашылығы.
3. Көппартиялықтың пайда болуы қоғамдағы қандай саяси процеспен 
байланысты болды? 
4. Әртүрлі саяси партиялардың ортақ белгілері қандай? 
5. Партиялық жүйенің түрлері.

86
6. Саяси партия мемлекеттік билік пен азаматтардың арасындағы байланыс 
құралы деген тұжырымдаманы қалай түсінесіз? 
7. Қазақстан Республикасының “Қоғамдық бірлестіктер туралы” Заңының 
негізгі мазмұны.
8. Қазақстан Республикасының “Саяси партиялар туралы” Заңының негізгі 
мазмұны.
9. Қоғамдағы көппартиялықтың маңызы 
10.Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар.

87
YІ тарау
САЯСИ МӘДЕНИЕТ: МӘНІ, ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ 
ДАМУ ПРИНЦИПТЕРІ
1. Ұлттық мәдениет және саяси мәдениет 
«Саяси  мәдениет»    деген  түсінікті  «рухани  мәдениет»  және  «ұлттық 
мәдениет»  ұғымдарынан  айыра  білу  қажет.  Әрбір  қоғамдағы  рухани
мәдениеттің даму деңгейі ең алдымен білімнің жетілуімен байланысты. Рухани 
мәдениет,  әрине,  халықтың,  ұлттың  тарихы,  дәстүрлері,  әдет-ғұрыптарымен 
тікелей байланысты және соларға негізделеді. 
Ұлттық мәдениет -   саяси проблемалардың немесе саясаттың әсерінсіз 
қалыптасатын тарихи процесс саласы. 
Ал  саяси  мәдениетті қалыптастырушы  –қоғамдағы  саяси  процестер. 
Әрбір  мемлекеттегі  саяси  мәдениеттің  қалыптасуы  немесе  өзгеруі  саяси 
режиммен  (саяси  тәртіппен)  байланысты.  Қоғамда  саяси  режим  өзгерген 
жағдайда,  саяси  мәдениет  те  сол  режимге  бейімделіп,  қайта  қалыптаса 
бастайды.  Мысалы,  Қазақстан  өзінің  тарихында  әр  түрлі  саяси  режимдерді  -
хандық, патшалық, тоталитарлық режимдерді басынан өткерді.. Қазіргі кезеңде 
демократиялық  режим  орнықтыру  жолында.  Осы  саяси  режимдердің  ауысуы 
қазақ  халқының  ұлттық  рухани  мәдениетінің  негіздерін  өзгерте  алған  жоқ, 
капитализм  және  социализм  жағдайында  да  рухани  мәдениет  өзіне  тән 
құндылықтарын сақтап қала береді. 
Әрбір елдегі саяси мәдениетті дамытудың негізгі мақсаты – азаматтарды 
мемлекеттік саясатты, қоғамдағы ұстаным етілген саяси идеологияны, мемлекет 
құрылымын,  оны  іске  асыру  тәсілдерін  танып  білуге    мемлекеттік  және 
қоғамдық  істерде  өз  отанының  мүддесі  үшін  қызмет  етуге  бағыттау.  Қорыта 
айтқанда,  саяси  мәдениеттің  маңызы  –  азаматтардың  қоғамның  саяси  жүйесін 
қолдап оны дамытуға белсенді қатысуы. 
Бұл  тұста  саяси  мәдениетті  қалыптастыратын  қоғамдық  күштер  қандай, 
оның мазмұны мен түрін кімдер айқындайды? - деген сұрақ туындайды. 
Қоғам  мүшелерін  мемлекеттік  саясатқа  бағыттау  саясаттануда 
әлеуметтендіру (социализация) деп аталады. Саяси әлеуметтендіру қоғамдағы 
ұрпақтардың дамуына сәйкес бастапқы және соңғы болып екі кезеңге бөлінеді.  
Бастапқы  кезең  отбасы  мен  бастауыш  сынып  балаларын  қамтиды.  Соңғы 
кезеңнің қатарына мемлекет, білім беру жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары, 
саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, мемлекет жатады. 
Саяси  әлеуметтендірудің  алғашқы  кезеңі  отбасындағы  жас  балалардың 
саяси мәдениетінің қалыптасуы - ата-анасының саясатқа деген көзқарастарынан 
басталады.  Билік  саласындағы  белгілі  тұлғалардың,    теледидардан  күнде 
көретін  саясаткерлер  немесе  көшеде  кездесетін  полиция  қызметкерінің 
бейнелері  арқылы  да  баланың  бойында  саясатқа  байланысты  алғашқы  сезім 
қалыптасады.Ал  діни  дәстүрдегі  Иран,  Пәкістан,  Ирак  және  Ауғанстан 

88
мемлекеттерінде  саясатпен  алғашқы  таныстық  дін  қызметкерлері  арқылы 
қалыптасуы мүмкін. 
Бұрынғы  Кеңес  Одағында  мемлекеттік  идеология  тарапынан  балаларға 
арнайы  саяси  тәрбие  беру  үшін  “Октябршылдар”,  “Пионер”  атты  балалар 
ұйымдары  қызмет  етті.  Бұл  ұйымдар  осы  режимнің  саяси  мәдениетінің 
қалыптасуының бастапқы сатысы болатын. 
Саяси  мәдениет  қалыптасуының  соңғы  кезеңіне  жататын  негізгі  ұйым–
мемлекет.  Мемлекет  бұл  қызметті  заң  арқылы  атқарады.  Елдің  барлық 
азаматтарына  ортақ  заңдар  арқылы  саяси  мәдениеттің  негізгі  белгісін,  саяси 
менталитет (адамдардың бірін-бірі түсінушілігін) қалыптастырады. 
Мемлекеттік  рәміздер  (символдар)  қабылданды.  Қазақстанның  басты 
рәмізі  –  Республика  болып  танылады.  Бұл  мемлекет  басқару  түрі  ретіндегі  
демократиялық құндылық. Мемлекет басқа да рәміздерін – Туын, Елтаңбасын, 
Әнұранын  бекітіп,  азаматтарының  өзін-өзі  ұстау  үлгілерін  қалыптастырады. 
Саяси  мәдениет  негіздерінің  бірі  ретінде  патриоттық  тәрбие  беру  мәселесі 
маңызды орын алады. 
Саяси мәдениеттің негізгі қызметтеріне жататындар:
1.Тәрбиелік қызметі: саяси білімі жоғары тұлға дамуына, қалыптасуына, 
олардың саяси ой-санасын кеңейтіп, саяси ынтасын жоғарылатуға бағытталған 
қоғамдық-саяси  мақсаттардағы  іс-қимылына  игі  әсер  етеді,  азаматтардың 
әлеуметтік белсенділігін арттырады. 
              2.Біріктірушілік  қызметі: саяси мәдениет қалыптасатын  жүйенің тірегі 
ретінде қызмет етеді, билік жүйесінің әлеуметтік негізін қалайды. 
             3.Танымдық қызметі: азаматтарды қоғамдық тәртіпке, мемлекеттің ішкі 
және  халықаралық  саясатын  ұғынуына,  бұрынғы  және  қазіргі  саяси  жүйені, 
саяси  қайраткерлер  мен  басқа  да  лауазымды  адамдарды  бағалай  білуге 
үйретеді. 
             4.Қорғау  қызметі:  мемлекеттілікке  бастаушы,  саяси  құрылымның 
қорғаушысы,  қоғамның  жедел  дамуына  сәйкес  келетін  саяси  құндылықтарды, 
игіліктерді сақтау қызметтерін атқарады. 
             5.Сабақтастық  қызметі:  жаңа  ұрпаққа  қоғамдық  сана  мен  тәжірибеде  
танылған қоғамдық тәртіп үлгілерін жеткізу. 
 Саяси  мәдениет    азаматтардың  қоғамның  саяси  өміріне  неғұрлым 
белсене  қатысып,  мемлекеттің  саяси  жүйесін  қалыптастыруға  маңызды  әсерін 
тигізеді. 
Сонымен,  саяси  мәдениет  дегеніміз  -  адамдардың  саяси  білімдерін, 
саяси  ой-пікірлерін  қалыптастыратын  және  олардың  саяси  процестерге 
қатысудағы 
мінез-құлықтары 
мен  іс-әрекеттерін  бейімдейтін 
қоғам 
мәдениетінің ерекше саласы. 
Елдегі  саяси  мәдениеттің  біртұтастығы  қоғамның  тұрақтылығын, 
көптеген саяси құбылыстардың болжамдарын айқындаудың негізін қалайды. 
Қоғамдағы  саяси  мәдениеттің  қалыптасуы  мен  дамуында  әртүрлі 
проблемалар  кездеседі.  Біріншісі, қандай  да  болмасын,  қоғам  бірнеше 
әлеуметтік топтардан тұрады. Олар: кәсіби, ұлттық, діни, жас ерекшеліктеріне 
қарай,  аймақтық  және  тағы  басқалары  болып  бөлінеді.  Осындай  топтардың 

89
кейбірі  қоғамдағы  жалпы  бағытталған  саяси  мәдениеттен  дәстүрлеріне, 
мүдделеріне,  өз  көзқарастарына  байланысты  ерекшеленуі  мүмкін.  Осындай 
ерекшеленуші әлеуметтік топтарды саяси әдебиетте субмәдениет деп атайды. 
Субмәдениет  деп  қоғамда  үстемдік  ететін  саяси  мәдени  бағыттан 
айтарлықтай  ерекшеленетін  саяси  бағдарды  айтады.  Қоғамда  субмәдениеттер 
әртүрлі  болған  жағдайда  қоғамдық,  саяси  өмірдің  тұрақтылығын  әлсіретудің 
негізі қаланады. Яғни, қоғам саяси бағыттары үйлеспейтін топтарға бөлінеді. 
Қазақстандағы  қазіргі  кезеңдегі  үлкен  субмәдениеттердің  бірі- ұлттық 
этникалық  топтар.  Түрлі  субмәдениеттердің  болуы  қоғамның  бірлестігін 
әлсіретеді.  Мысалы,  кейбір  ұлттық  топтардың  ауқатты  уәкілдері  қаржыларын 
өзінің “тарихи отанының” экономикасына салуға тырысады немесе Қазақстанда 
қазақтардан  басқа  ұлт  өкілдерінің  саяси  партияларға  мүше  болуы  да  белсенді 
түрде  емес.  Бұл  факт  өз  кезегінде  саяси  партиялар  құрамының  ұлттық 
өкілеттілігін қамтамасыз етпейді. 
Қазақстандағы  тағы  бір  үлкен  субмәдениет  –  орыс  тілді  қазақтар. 
Олардың  саяси  мәдениетінің  олқылығы  қазақ  халқының  ұлттық  рухани 
құндылықтарын  игере  алмайтындығында.  Ал  қазақ  халқының  өз  арасында 
жерлестік және рулық топтардың да көрінісі бар. Бұл субмәдениеттің ішіндегі 
өзара сыбайластық арқылы руластарын, жерлестерін қызмет саласында жоғары 
лауазымдарға  тарту  демократияның  принциптеріне  және  мемлекеттік  заңға 
қайшы келеді. 
Саяси  мәдениеттің  біртұтастығы  қоғамның  тұрақтылығын,  көптеген 
саяси процестер болашағын айқындау негізін қалайды. Бірақ қоғамда әр түрлі 
әлеуметтік топтардың болуына байланысты, субмәдениеттер болмай тұрмайды. 
Ал  олардың  арасында  үйлеспеушілік  орын  алса,  қоғамдық  саяси  өмірдің 
тұрақтылығы  бұзылуы  да  мүмкін.  Осындай  жағдайда  мемлекеттік  саясатты 
қолдау бәсеңдейді немесе мүлде тоқтайды. 
Қоғамдағы  субмәдениеттердің  көзқарастар  үндестігі  мен  келісім 
проблемасын  шешудің  айқын  жолы  –  демократиялық  саяси  мәдениет 
қалыптастыру. 
Қоғамның саяси мәдениетінің қалыптасу барысындағы екінші проблема –
конформистік проблема. Егер саяси билік, мемлекет тарапынан саяси мәдениет 
мәселелеріне  үстемдік  жасалып,  қатал  бақылау  қойылса,  онда  азаматтар 
әміршілдік  нұсқауларға  бейімделіп,  енжарлық  күйге  түседі,  саяси  әртүрлілік, 
пікірталастық мүлде жойылады. 
Қоғамның  саяси  мәдениетінің  үшінші  проблемасы  –мәдениеттің 
идеологиялық  бақылауға  түсу  мәселесі.  Қоғамдағы  саяси  мәдениеттің 
қалыптасуы сол мемлекеттің саяси режиміне және идеологиясына байланысты 
болады.  Мысалы,  қазіргі  дінидәстүрдегі  мемлекеттерде  адам  діннің 
қағидаларын  жақсы  білетін  болса,  сол  адамның  саяси  мәдениеті  жоғары  деп 
есептелінеді.  Немесе,  бұрынғы  Кеңес  Одағында,  тоталитарлық  режим 
жағдайында  егер  қызметкер  коммунистік  партияның  және  социализмнің 
тарихын  терең  ұғып  алған  болса,  ол  адамның  саяси  мәдениеті  жоғары  деп 
есептелінді. 

90
Оның үстіне Кеңес үкіметі азаматтарды өз мемлекетінің саяси мәдениеті 
шеңберінен  шығармай  қойды.  Соның  салдарынан  кеңестік  азаматтар 
демократиялық  ұстанымдардан,  нарықтық  экономикалық  қарым-қатынастан 
бейхабар  болды.  Нәтижесінде,  мемлекеттің  өзі  дүниежүзілік  саяси  мәдениет 
тәжірибесінен тыс қалып, тоқырауға ұшырап ақыры ыдырап кетті. 
Әлемдік  саяси  мәдениеттің  дамуы  барысында  қазіргі  кезеңде  екі  деңгей 
қалыптасқан.  Бірінші  деңгей  - әрбір  мемлекеттің  өз  саяси  мәдениеті.  Екінші 
деңгей  –  саяси  мәдениеттің  халықаралық,  дүниежүзілік  өркениетті 
мемлекеттерінде  танылған  құндылықтар.  Олар:  демократия,  нарықтық 
экономикалық  қарым-қатынас,  көппартиялық,  либерализм,  реформизм, 
әлеуметтік қорғау жүйесі және тағы басқалары. 
2. Саяси мәдениет - әлемдік саяси тәжірибе жиынтығы ретінде 
Саяси  мәдениет  туралы  ой  ерте  замандарда  пайда  болды.  Мысалы, 
антикалық  ойшылдар  Платон,  Аристотель,  кейінірек  Никколо  Макиавелли, 
Шарль Монтескье және басқалары бұл мәселеге көп көңіл аударған. Олар қатар 
жатқан  табиғи  жағдайы  бірдей,  жер-су,  байлығы  ұқсас  елдердің  тұрмыс-
жағдайының, өмір-салтының әртүрлі болатынын, әр елдің адамының бір саяси 
оқиғаға әртүрлі көзқарас білдіретінін байқаған.Осы саяси құбылыстың себебіне 
жауап іздеген.
Бірақ  олардың  бәрі  де  “саяси  мәдениетті”  саяси  өмірдің  белгілі  бір 
деңгейін білдіретін ұғым ретінде қолданған жоқ. Ал бұны жүзеге асырған ХХ 
ғасыр ғалымдары болды. Солардың бірі - американдық ғалым Габриель Алмонд
. Ол Стэнфорд университетінің профессоры, саяси ғылымдардың Американдық 
ассоциациясының  бұрынғы  президенті.  1955  жылы  Г.Алмонд  өзінің 
“Салыстырмалы  саяси  жүйе”  мақаласын  жарыққа  шығарды.  Бұнда  ол  саяси 
мәдениетті қоғамның рухани өмірінің жеке бір  саласы ретінде талдау жасады. 
Г.Алмонд  1968  жылы  өзінің  “Даму  жолындағы  аймақтардың  саясаты”  деген 
шығармасында  “саяси  мәдениет”  ұғымын  ғылымға  енгізіп,  оған  анықтама 
берді. 
Ал кейін  саяси мәдениет туралы көптеген еңбектер шыға бастады. Олар: 
Г.Алмонд  пен  С.Вербаның  бірігіп  жазған  еңбегі;  Л.Пай,  Р.Фейген,  Р.Такер, 
С.Липсет, Е.Шейх тағы басқа да зерттеушілердің шығармалары. 
Қазіргі  таңда  АҚШ  және  Еуропа  елдерінің  саяси  әдебиетінде  «саяси 
мәдениет» ұғымына байланысты көптеген анықтамалар берілген.. Осы ғылыми 
анықтамалар саяси мәдениет мәселесін зерттеудің төрт бағытын көрсетеді: 
1. “Психологиялық”:  саяси  мәдениет  саяси  өмірдің  бағыттаушы  жүйесі 
ретінде қарастырылады. 
2. “Қамтушы”:  саяси  мәдениет  әрбір  жеке  тұлғаның  саяси  тәртібін  бүркеулі 
түрде мемлекеттік саясатқа бейімдеу қызметін жүргізуші ретінде. 
3. “Объективті”:  саяси  мәдениет  тұлғаның  тәртібін  қадағалау,  азаматтардың 
саяси 
іс-қимылдарын 
қоғамның 
саяси 
жүйесінің 
талаптарымен 
сәйкестендіру үшін бақылау тұрғысынан

91
4. “Эвристикалық”:  саяси  мәдениет  қоғам  өмірін  талдау  үшін  қолданылатын 
жүйе мағынасында. 
Аталған бағыттардың авторлары саяси мәдениетті ақыл-ес, ой саласымен 
тығыз  байланыстырады  да  оған  тұлғаның,  қоғамдық  топтың  іс-әрекетін 
қоспайды.  Ал  америкалық  саясаттанушылар  Р.Карр,  М.Бернстайын  саяси 
мәдениетті тек ғана таным саласымен шектеп қарауға болмайды деп есептейді 
және оған саяси тәжірибені де қосады. 
Ағылшын саясаттанушысы С.Уайттың пайымдауынша, саяси мәдениет –
қоғамның  саяси  режимінен  туындайтын  басқару  және  тәртіп  нұсқаушысы. 
Поляк саясаттанушысы Е.Вятрдың ойынша: “Саяси мәдениет билік пен азамат 
арасындағы өзара қатынастарға қатысты мақсаттардың, құндылықтардың және 
тәртіптік  актілердің  жиынтығы».  Оның  пікірінше,  саяси  мәдениетке 
жататындар: 
а) саяси білім, саяси процестерді тану және қызығушылық деңгейі; 
б) саяси жағдайларды бағалау, биліктің жүзеге асырылуына байланысты құнды 
ой-түсініктер; 
в) саяси талаптардың рухани-сезімдік жақтары
г) қоғамда қабылданған саяси  тәртіп үлгілері. 
(Е.Вятр. Саяси қатынастар социологиясы. М. 1979). 
Бұрынғы  КСРО  қоғамтанушыларының  көзқарастары  бойынша  саяси 
мәдениеттің дамуы мемлекеттік саясат пен жалпы мәдениеттің дамуына тікелей 
байланысты деп есептелді. Сондықтан саяси мәдениет – жалпы мәдениеттің бір 
бөлігі деп саналды. 
Саяси мәдениеттің негізгі элементтерінің бірі – саяси тәжірибеге, идеяға, 
концепция  мен  ұғымға  қатысы  бар  саяси  дәстүрлер.  Ол  белгілі  бір  қоғам 
жүйесінде  қалыптасқан  адамдардың  саяси  бағыттары  мен  мақсаттарын 
қамтиды.  Бұл  элементтер  шартты  түрде  әлеуметтік-экономикалық,  ұлттық-
мәдени, қоғамдық-тарихи болып бөлінеді. 
Қоғамның  саяси  мәдениетінің  қалыптасуына  қоғамдағы  барлық  салалар 
өз  әсерін  тигізеді,олар:  ұлттық  ерекшеліктер,  рухани  құндылықтар,  діни, 
құқықтық,  экономикалық  жағдайлар.  Сол  себептен  де  әр  елдің  саяси 
мәдениетінің  өзгешеліктері  болады.  Бірақ  қандай  қоғамда  болмасын,  осы 
аталған  ерекшеліктерге  қарамастан,  саяси  мәдениеттің  қызметі,  өз  орны  мен 
ролі  барлық  қоғамға  ортақ    адамдардың  саяси  іс-қимылдарын  көрсетеді.  Әр 
елдің  саяси  мәдениетін  тек  сол  іс-қимылдардың  деңгейі  арқылы  анықтауға 
болады.Еуропа  және Америка елдері саяси ғылымдарындағы саяси мәдениетті 
типтерге  бөлу  Г.Алмонд  пен  С.Вербаның  “Азаматтық  мәдениет”  (1963  ж.) 
деген еңбегінен басталады. 
Саяси мәдениет үш “таза” типтерге бөлінеді, олар патриархалдық: бұнда 
азаматтардың  саяси  мәдениетке  қатысуы  да,  қызығушылығы  да  жоқ; 
берілгендік:  бұнда  саяси  институттарға  бағыттаушылық  басымдық  алады; 
белсенділік:  бұнда  азаматтардың  саясатқа  қызығушылығы  мен  белсенділігі 
жоғары  сипат  алады.  Қоғам  өміріндегі  бұл  үш  тип  бір-бірімен  өте  тығыз 
байланыста  болады.  Жоғарыда  аталған  авторлардың  пікірінше,  ең  кеңінен 

92
таралғаны  және  саяси  тәртіпті  қамтамасыз  ететіні  «берілгендік»  мәдениет 
үлгілерін меңгерген “азаматтық” мәдениет болып табылады. 
Адамдардың  “белсенділік”,  “берілгендік”,  “азаматтық”  саяси  мәдениеті, 
зерттеушілердің  тұжырымдамасы  бойынша,  әрбір  оқиғаға  байланысты  іс-
қимылдары емес, олардың дәстүрлі іс- әрекеттері. Азаматтар жағынан дәстүрге 
айналған  әрекеттер  кейін  құндылыққа  айналады,  себебі  әлеуметтік  топтардың 
іс-әрекеттерінің  болжамды  болуы  қоғамның  саяси  қатынастарына  тұрақтылық 
орнатады.  Мысалы,  көптеген  Еуропа  зерттеушілері  бұндай  құндылықтарға 
британ  саяси  жүйесіндегі  мына  дәстүрлерді  жатқызады:  дәстүрлендіру
(традиционализм)  --  лейбористер  өз  бағдарламасын  көптеген  ғасырлар  бойы 
жұмысшылар  қозғалысының  ашық  оппозициялық  дәстүріне  сүйеніп  жасаған; 
асыл тектілік (элитаризм)-- білім беру саласында “елге білімді жұмыссыздар 
керек емес” деген принцип консервативтік үкіметтің бағдарламасында маңызды 
орын  алуы;  жекешілдік  (индивидуализм)  -  жеке  адам  өмірінің,  жеке 
шаруашылықтың мызғымастығын ұстаным ету; викторияндық құндылықтар
- 10 библиялық өсиетті орындауға бойтұмар болу. 
Сонымен  қатар  ағылшын  саяси  мәдениетінде  мемлекеттегі  тәртіпті 
мүлтіксіз орындауға жол ашатын дәстүрлер қалыптасқан. Бұл тәртіпке бағыну 
дәстүрін  Ұлыбритания  басқарушы  топтары  қоғам  мүддесіне  нәтижелі  түрде 
пайдаланып келеді. 
Ал  бүгінгі  Қазақстанға  келер  болсақ,  біздің  елімізде жаңа,  өзіндік  саяси 
мәдениет  қалыптасып  келе  жатыр.  Оны  алға  дамыту  барысында  дүниежүзілік 
саяси  ғылымның  ұсыныстарына  сәйкес  туындап  отырған  мәселелер:  еліміздің 
Конституциясын,  әр  азаматтың  саяси  құқығын,  бостандығы  мен  міндеттерін 
тану;  қоғам  мен  мемлекетті  басқару  түрлері  мен  тәсілдері  жөнінде  хабардар 
болу;  мемлекеттің,  халықтың  асыл  мұратын  білу;  билік  пен  саясат  жөнінде 
жалпы  білім  беру;  әлеуметтік  процестерді  басқарудың  негізінде  жатқан 
саясаттың,  ережелердің,  принциптердің,  идеялардың  мәнін  түсіну;  құқықтық 
мемлекет пен азаматтық қоғам орнатуға ұмтылу. 

1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал