СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



жүктеу 4.69 Kb.
Pdf просмотр
бет30/41
Дата09.01.2017
өлшемі4.69 Kb.
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   41

жылдар МеН жеМІСТер
(1983 жылы жарық көрген әдебиеттану және сын 
еңбектерін талдау)
Әдебиеттану мен сын жанрының бір жылдық тәжірибесін 
жинақтауда  әдеби  сын,  зерттеу  еңбектеріне,  ұжымдық  жи-
нақ тарға  назар  аудару  жөн.  Өйткені,  мейлі  жеке  автор,  мейлі 
көпшілік жинақ болсын, кітап болып басылған еңбек бағдарлы 
ізденіс, белгілі көзқарас-концепция жемісі. Республикамыздың 
«Ғылым», «Жазушы», «Мектеп», «Жалын», «Өнер», «ҚазМУ» 
баспаларынан  жылына  жиырмадан  астам  зерттеу,  әдеби  сын 
кітаптары жарық көріп жатады.
Бір  қарағанда  сан  мөлшері,  сырт  көлемі  олқы  соқпастай. 
Сапа  тұрғанда  санға  тоқмейілсу  орынсыз  екені  мәлім.  Әдеби 
сын сапасы – көтерген мәселесіне, автордың жасаған ұтымды 
шешіміне байланысты. Осы көзқарасты өлшем етіп ұстануымыз 
жөн. 
Сын – жадау, жалқы құбылыс емес, жалпы әдеби процестің 
бір құрамдас бөлігі. Ол ғылыммен қойнауласа дамиды. Әдебиет 
тану ғылымының қос саласы бір-біріне ықпал етіп, бірін-бірі 
байытып отыратыны белгілі. 
көне әдебиетке көз салсақ…
Қандай халық болмасын өзінің азаматтық тарихына енжер 
қарай  алмаса  керек.  Әдебиет  тарихы  –  халықтың  азаматтық 
тарихымен  сабақтас  құбылыс.  Өткен  жылы  әдебиет  тари-
хына  қатысты  бірнеше  кітап  жарық  көрді.  Олар  –  М.Әуезов 
атында ғы  Әдебиет  және  өне»  институты  ғалымдары  жазған 
«Ерте  дәуірдегі  қазақ  әдебиеті»  («Ғылым»),  жас  арабист-ға- 
лым Әб  саттар Дербісәлиевтің «Араб тілді Марокко әдебиеті» 
(«Ғылым»),  Алма  Қыраубаеваның  «Мұхаббат  нама»  және  ол 
жөнінде  түсінік»  (ҚазМУ)  деп  аталатын  зерттеулері.  Бұған 
«Жұл дыз»  журналының  бірнеше  санында  ауыз  әдебиеті,  та-
рих, этнография, жеке ақындар жайында жарияланған матери-
алдар,  «Қазақ  әдебиеті»  газетінің  көне  ескерткіштерді  қазіргі 
қазақ  тіліне  аударып,  жариялауын,  «Қазақ  филологиясының 
актуальды  мәселелері»  (авторлары  Қ.Өмірәлиев  пен  М.Мыр-
захметов)  секілді  проблемалық  мақалалар  жариялауын  қосар 
болсақ, өткен жылы зерттеуші ғалымдарымыздың әдебиет та-
рихына мықтап ден қойғанын аңғарамыз. Бұл – кездейсоқтық 
емес. Ұлттың есеюі. Есейген ұлт «рухани қайнарын» іздемей 
тұрмайды. Әдебиет тарихына ден қою, оны проблема ретінде 
көтеру – көбіне ұлттық жетілу, танымдық ілгерілеу және зертте-
уде жаңа методологиялық жетістіктерді қажет еткен сәттермен 
сәйкесіп  отырады.  Ұлы  ойшыл  Мұхтар  Әуезов  басқаруымен 
1959  жылы  Қазақстан  Ғылым  Академиясында  «Әдеби  мұра 
және оны зерттеу» жайлы конференция тәжірибесі бізге соны 
ұқтырған. Аталған ғылыми-теориялық конференциядан кейін, 
әдебиет тарихы жайындағы айтыс «Қазақ әдебиеті» газеті беті-
не көшіп, ақыр-соңы әдебиетіміздің тарихын түркі халықтары-
на  ортақ  кезеңдерден  бастау  жөнінде  ғалымдарымыздың  бір 
бәтуаға  келгені  есімізде.  Сол  жолы  ғалым  Бейсембай  Кен-
жебаев  концепциясына  тоқтап  елдік  танытқан  республика 
ғалымдары  әдеби  жазба  ескерткіштерді  тыңғылықты  зерттеу 
жолына көшкен.
Шегініске барып, өткен тарихты қайта қаузап отырған себе-
біміз – әдебиет тарихына қатысты өткен жылғы еңбектер сол 
жолғы дұрыс шешімнің нәтижесі, оң шешімнің жемісі дерлік. 
Ауызбірліктің әдебиетке әкелген ырысы дерлік нәтиже еді бұл. 
Ол жылдары қолында қаламы бар арабист кездестіру мұң 
болса,  бүгін  республикамызда  араб  әдебиетін  арнайы  қарас-
тыратын маман бар. Ол жылдары ерте дәуір әдебиеті хақында 
бірді-екілі  мақаланы  оқысақ,  бүгін  ХV-ХІІІ  ғасырдағы  қазақ 
поэзиясын  көп  болып,  проблемалық  тұрғыдан  талдайтын  ең-
бек қолымызға тиіп отыр. Одан да ілгерілеп «Мұхаббат нама-
ны»  қазақ  тіліне  аудару  және  ғылыми  тұрғыдан  талдауға  қол 
жеткізсек неге мақтанбасқа? Қазақ әдеби сынының бүгінгі ірі 
тұлғасы Мұхамеджан Қаратаевтың жас маман арабист Әбсат-
тар  Дербісәлиев  еңбегіне  алғысөз  жазуын,  мерзімді  баспасөз 
бетінде академик Әлкей Марғұланның ілтипат білдіруін де осы 
шын ықыласты мақтанға балаймыз.
Ғалымдар  Қ.Өмірәлиев  пен  М.Мырзахметов  жоғарыда 
атал ған мақаласында тарихи ескерткіштерге жаңаша жүйемен 
келейік деп отыр. Көне әдебиет жайлы алғашқы қадамдар жа-
салмаған  болса,  қос  ғалым  айтып  отырған  проблемалық  тал-
дау  түсімізге  де  кірмеген  болар  еді.  Немесе,  жалаң  ұсыныс 

420
421
қана  болып  қалар  ма  еді,  қайтер  еді?  Бүкілодақтық  деңгейде 
көтеріліп  жатқан  «комплексті  зерттеу»,  «типологиялық  зерт-
теу»,  «системалық  анализ»  –  мәселелері  де  методологиялық 
жетілдіру  бағытында  туындап  отыр.  Демек,  ертедегі  тарихи 
және  жазба  ескерткіштерді  қазақ  тіліне  аудару,  оны  тарихи, 
этнографиялық,  әдеби,  лингвистикалық  тұрғыдан  жеке-жеке, 
әрі жинақтай талдау – уақыт талабы!
Әдебиет тарихы жайлы жоғарыда аталған еңбектердің қай-
сысын да табыс тұта отырып, аңғарған бір жайды жасырып қала 
алмадық. «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» зерттеуінің авторла-
ры  да,  «Қазақ  филологиясының  актуальды  мәселелері»  ма қа- 
ласының  проблематиктері  де,  қазақ  әдебиетінің  ерте  ке зеңдік 
тарихын зерттеуде әлі күнге бізде ештеңе де істелген жоқ, «бәрін 
біз бастадық», әйтпесе, «бастағалы отырмыз» дегісі келеді. Бұл 
– ғылыми этика тұрғысынан қарағанда жарамсыз мінез. 
Ғалымдар  бір  мәселені  ескермеген.  Әрбір  объектіге  жа-
ңаша  келу  –  белгілі  дәрежеде  бұрынғы  материалды  ескіртіп 
көрсететіні рас. Бірақ, сол жаңаша келу үшін бұрын істелген іс, 
тіпті қарапайым қалпында да баспалдақ болады емес пе? Бүгін 
кешегі  істелген  істі  жоққа  шығарсақ,  келешек  ұрпақ  бүгінгі 
әрекетімізге қандай қатынаста болады деп те ойлауға керек! 
Қазақ  әдебиеті  тарихын  түркі  халықтарына  ортақ  кезең-
дерден бастау жөніндегі мәселе профессор Б.Кенжебаев тара-
пынан отызыншы, қырқыншы жылдары әр қырынан айтылып, 
елуінші жылдардың аяғында принципті түрде қайта көтерілді. 
Алпысыншы  жылдары  айтыс  «Қазақ  әдебиеті»  газеті  бетіне 
көшті. Ежелгі әдебиет жайындағы айтыс біртіндеп белең алып
алпысыншы  жылдары  айдындана  түсті.  Ақыры  Б.Кенжебаев 
жүргізген табанды күрестің арқасында жоғары оқу орындары-
на бағдарлама жасалып, оқулық жазылды. Оқу құралы шығып 
үлгерді де, оқулық жауып тасталды.
Алпысыншы жылдардан бастап әдебиетіміздің ерте дәуірі 
жайында  профессор  Б.Кенжебаев,  Ә.Қоңыратбаев,  Х.Сү йін-
шәлиев, М.Мағауин, М.Жолдасбеков, А. Қыраубаева, Ш.Ыбы-
раев, Б.Керимов секілді ғалымдар жазған мақала, зерттеу, оқу-
лық, қорғалған диссертация бар емес пе? «Ерте дәуірдегі қа ­ 
зақ  әдебиеті»  авторлары  ол  еңбектерді  көргісі,  бағалағысы 
келмейді.  Орыс  поэзиясының  ғажайып  өкілі,  О.Сүлейменов - 
тің ұстазы Леонид Мартынов творчествосы хақында сөз бол-
са,  ақын  мұрасының  бір  проблемасы  жөнінде  диссертация 
қорғаған  Алматы  ғалымы  Мучниктің  авторефераты  міндетті 
түрде  аталып,  сілтеме  жасалып  отырады.  Ал  бір  Алматының 
ішінде тұрып, бір терінің пұшпағын илеп жүрген ғалымдары-
мыз бірінің кітабын, диссертациялық еңбегін екіншісі бағалау-
ға, ғылыми еңбекте пайдалануға бармайды. Бұл – ғылымдағы 
антиғылыми  тәсіл  ме,  немене?  Аталмыш  ұжымдық  еңбектің 
бағасын төмендететін де осы «мінез».
Айтылуға  тиісті  тағы  бір  ақиқат  –  аталған  еңбекте  астам 
пікір, пікір қайшылығы, дәлелсіз ойлар, стильдік кемшіліктер 
көп-ақ. «Қазақ әдебиеті» (1983 жыл, 25 ноябрь) газетінде Көбей 
Сейдеханов  атап  көрсеткен  кемшіліктерді  толық  қостай  оты-
рып, қосымша мыналарды айтар едік:
Еңбектің  аннотация-анықтамасында:  «Кітап  ХV­ХІІІ  ға­
сыр лардағы  қазақ  поэзиясы  туралы  алғашқы  /?/  моногра­
фиялық  зерттеу  болып  табылады»  –  депті.  Сонда  бұдан  он 
жыл  бұрын  жарық  көрген  М.Мағауинның  «Қобыз  сарыны», 
Х.Сүйіншәлиевтің  «Ақындар  поэзиясы»  атты  еңбектерін  қай-
да қоямыз? «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» аталатын ең бектің 
олардан  асып  бара  жатқаны  да  шамалы.  Ғылыми  моногра-
фия  дерлік,  мақала  авторларының  әдебиет  тарихы  жайында 
айтқанда біресе ХV ғасырға, енді бірде ХVІІІ ғасырға бүйрегі 
бұрып,  жазба  әдебиеттің  басы  дегісі  келіп  тұратынын  қалай 
түсінеміз?
Ғалымдар  бірінің  еңбегіне  бірі  көзін  жұмып  қарап  көр-
мегенсіп,  білмегенсіп,  іштей  тартысқа  түсіп,  бір  мәселені  әрі 
тарт-бері тарт етуі жараспайды. Одан да, ортақ мүддеге келіп, 
өзара ойласып, тоқырап тоқтап тұрған «өлі нүктеден» қозғалып, 
ілгері жүріп кетуі жөн.
Абзалы  тағы  да  бір  ғылыми-теориялық  конференция  өт-
кізіп,  бір  бәтуаға  келуі  жөн  шығар  ғалымдарымыздың.  Орыс 
кеңес  әдебиетінің  көп  томдық  тарихы,  Сібір  әдебиетінің  екі 
томдық  очеркі  жарық  көріп  жатқаны  оқушы  жұртшылыққа 
мәлім.  Әлгіндей  бір  көзқарасқа  келіп  бәтуаласқан  соң  қазақ 
әдебиеті тарихын қайта жазу қажет болар. Бұл – уақыты жет-
кен, тәжірибе талап етіп отырған мәселе!
 Әдебиет тарихы қайта жазыла қалса есте болар деген ой-
мен тағы да бірсыпыра кемшіліктерді көрсетуіміз керек.

422
423
Монографиядағы  мақалалардан  ортақ  жүйеге  түскен, 
белгілі  бір  көзқарасқа  келген  пікір  арнасын  аңғара  алмадық. 
Ғалым  атанған  көп  кісі  жазған  еңбекте  бірі-бірінің  пікіріне 
қайшы келуі өз алдына, өзіне-өзі қарсы шығу, бір мақалада екі 
түрлі сөйлеу кездеседі.
Зерттеу авторының бірі – Б.Ақмұханова «Аталған екі та ­
қырыпта  бір  ел  тұтас  алынып,  оның  барша  жұртшы лы ғы­ 
на ортақ тілек, талаптар қарастырылады да, ал қа уым ның 
ішкі  тірлік  жайлары  қозғалмайды»  /92-бет/  –  деп  жазады. 
Қарадай түсінуге қиын сөйлем. Әрі қарай оқиық. «Бірақ сырт­
тай  ағайыншылық,  туыстықты  бүркенген  патриар халды­
рулық қоғамның ішкі әлеуметтік, таптық қайшылық, тарты­
стар мен қанау, езгіге толы болатын» – дейді келесі сөйлемде 
мақала  авторы.  «Қауымның  ішкі  тірлік  жайлары  қозғалмаса» 
әлгі айтылған қайшылық, тартыстарды қайдан білеміз? – деген 
заңды сұрақ тумай ма?
Ол  аз  болса  үшінші  сөйлемде  «Қоғамдық  болмыс  шын­
дығы мен әлеуметтік қарым­қатынастар сипаты қазақ әде­ 
биетінде  осы  тап  мүдделерінің  қайшылығы  мен  әлеу мет­ 
тік  қақтығыстар,  теңсіздік  көріністерін  суреттеу  тұ сын­ 
да  недәуір  ашылады»  /92-бет/  деген  түйінге  келеміз.  Егер, 
ғалым байламына сенсек, онда қоғамның ішкі тірлік жайлары 
қозғалғаны болып шығады…
Үш  сөйлем.  Үш  пікір.  Бірін-бірі  басып  қалып,  бірін-бірі 
теріске шығарып жіберіп жатады.
Зерттеуші  Өтеген  Күмісбаев  осы  еңбектің  312  бетінде  
«Шал ақын өлеңді жазып та шығарған» – деген пікірге қарсы 
келіп,  «Ақынның  өлеңді  жазып  шығаруы  жайында  әлі  нақ­ 
тылы  деректер  жоқтың  қасы  демекпіз,  импровизатор  екен­ 
дігіне  ешкімнің  таласы  болмаса  керек»  –  десе,  320-бетінде  
«…көркемдігі, шыншылдығы, тілі жағынан Шалдың қолтаң­ 
басын /?/ танытады» – деп өзіне қайшы келеді. Өлеңді жаз-
бай  ауызша  шығарған  ақында  қолтаңба  қайдан  болсын?  Мә- 
нері десе сөз басқа.
Орынсыз салыстыру, жөнсіз ұқсатулар көп. Еңбектің 327- 
бетінде  бес-алты  ғасыр  бұрын  өмір  сүрген  Шал  ақын  әлі  қа-
бірінің  топырағы  кеппеген  Американ  жазушысымен  салы-
стырылып: «Шал атамыз У.Сарояннан бес ғасыр бұрын жас 
уақытты босқа өткізбеуге үндеп, табиғат сыйлығын аз ғана 
ғұмырды  еңбекпен,  ерлікпен,  ізгілікпен  өткіз  деп  шырқа ған 
/?/»  (327-бет)  дейді.  Ал  мысалдарға  зер  салсақ  салыстыруға 
келмейтін, табиғаты бөлек-бөлек жатқан ойлар.
Сол  секілді  венгр  саяхатшысы  Вамберидің  «басын  қаты-
рып», Мақтымқұлымен (неге екенін Ө.Күмісбаев «Мактумку-
ли» деп жазады) жөнсіз салыстырылады. Авторға сөз берсек, 
«Айталық  мына  бір  ишан,  молдалар  жайындағы  жолдары 
Шалмен шымырласа /?/ сыналасып /?/ кетеді» (328-бет).
Біздің  ойымызша  «шымырласып»  «сыналасып»  жатқан 
жоқ. 
Енді бірде «фәлсапаға салып жіберсе /?/ Омар Хайямнан 
осал түспейді» /33-бет/ деп көсіледі.
Біз  салыстыруға  қарсы  емеспіз.  Салыстыру  –  ақиқатты 
танудың бір жолы. Бірақ салыстыруда логикаға бағынған белгілі 
бір мақсат болуы керек емес пе?
«Вамберидің  айтуынша…»  /328-бет/,  «Ә.Дербісәлин  айт­
қандай…» /326-бет/ … әрі қарай кете береді.
Жә,  кім  айтса  ол  айтсын,  егер  мәтінді  ашып,  талдауға 
септесіп жатса қарсы болмас едік қой. Ең бастысы Шал ақын 
солардың тасасында қалып қояды.
«Марқасқа жырау» – зерттеу мақаласының авторы Мәш - 
һүр  Жүсіп  Көпеевтің  Есім  хан  жайында  жазып  алған  аңыз 
әңгімесін қайталап айтып беруден аспаған.
Бір бұл мақала емес, бірсыпыра мақала поэтикалық талдау 
дәрежесіне жетпей қалған. Мазмұндаудан аспайды.
Көптеген стильдік кемшілік орын алған.
«Айқын  Нұрқатов  жазып  берген  /?/  нұсқасы  күштілеу 
шыққан» /320-бет/ деген пікірді қалай түсінуге болады?
«Шалды  түбегейлі  білмейтін  кісі  мынау  бір  өзі  қал­
жыңбас ақын деп, қағытып /?/ тастауы да мүмкін. Рас. Шал 
әзіл­қалжыңды қатты айтқан адам, бет­жүзің бар демейді. 
Әйтпесе тәйірі Шал бола ма? Кезінде бәрі де қалжыңдас қан» 
/331-бет/  деген  сөйлемді  ғылыми  танымы  бар  кісі  жазды  деп 
қалай айтарсың?
Ғалымдар жасағы жазған, әдебиет тарихын зерттейтін жа-
уапты  еңбекте  мұндай  кемшіліктерге  орын  берілуі  өкінішті. 
Қазақстан  Ғылым  Академиясында  орындалған  еңбекті  ортаға 

424
425
салып  оқып,  жабыла  талдайтын  жақсы  дәстүр  бар  емес  пе 
еді?  Кезінде  М.Әуезов  ұжымдық  еңбектің  редакциясын  бас-
қара қалғанда зер сала оқып, әрбір авторға дос көңілден кем-
шіліктерін көрсетіп арнайы хат жазатыны да есімізде. Еңбек ав-
торлары осы жақсы дәстүрді неге ұстанбаған? Зерттеу ееңбек-
тің рецензенттері не көрген?
Ерте дәуір әдеби ескерткіштеріне еркін бару үшін ғалым-
дарымыздың  ауыз  бірлігі  керек-ақ.  Шынтуайтында,  қазақ  ға - 
лымдары түркі халықтарына ортақ әдеби ескерткіштерді зерт - 
теуді  Қарақалпақ,  Башқұрт,  Татар  әдебиетшілерінен  бұрын 
бас таған еді. Ең алғы міндет – ол жазба ескерткіштерді қазіргі 
тілге  аудару  болса,  бұл  мәселеде  қазақ  ғалымдары  бұл  күнде 
аталған республика әдебиетшілерінен кейін қалып қойды. Бұл 
–  қарапайым  оқушыға  түсінікті,  жаның  ауыратын  ащы  шын- 
дық.  Бұрынды  қайтейік,  қайта  қаузап,  дәл  қазір  ғылымда 
схоластикаға  ұрынсақ  ұят-ақ  болатын  шығар.  Бұл  мәселелер-
ді  тәптіштеңкіреп  айтып  отырған  себебіміз  «Қазақ  әдебиеті», 
«Қазақ ССР Ғылым Академиясы хабарлары» (1983 ж. 3-саны), 
«Лениншіл  жас»  басылымдары  бетінде  қазақ  әдебиетінің  та-
рихы жайында ұшқарылау пікірлер айтылып қалып жүр. Егер, 
ежелгі әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар бір бәтуаға келіп, 
өзара  ортақ  мәмлелі  пікірге  тоқтаған  болса,  Қ.Өмірәлиев  пен 
М.Мырзахметов  те  «Қазақ  филологиясының  актуальды  мә-
се лелері»  мақаласындағыдай  өздеріне  дейін  жасалған  үлкен-
кіші  жұмыстарға  көзін  жұмып,  «аузын  қу  шөппен  сүртіп», 
бәрін өздерінен бастауға тырыспаған болар еді. Мақала қазіргі 
қалпында алдымен қайталау, содан соң орынсыз көсемсу болып 
шығыпты. Ал, көне әдеби жәдігерлікке тереңдейік деген мәселе 
қоюы – қайталау да болса, көңіл қуандырады. 
Ендігі  бір  құлаққағыс  –  араб  әдебиетін  зерттеме  демейік, 
бірақ білікті мамандардың алдымен туған әдебиетіміздің араб 
тілінде  сақталған  көне  мұраларына  назар  аударуы  ауадай 
қажет.
Міне,  осы  секілді  кейбір  әттегене-айларға  қарамастан 
«Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті», Ә.Дербісәлиевтің «Араб тілді 
Марокко әдебиеті», А.Қыраубаеваның «Мұхаббатнама» жай-
лы зерттеуі өткен жылдың табысы саналуы керек.
Сөз туралы сөз, тіл туралы тілек
Әдебиет  тарихымен  жалғас,  сабақтас  қаралуға  тиісті  ен-
дігі  бір  сала  еңбектер  –  Б.Кенжебаевтың  «Сөз  туралы  сөз», 
Қ.Өмірәлиевтің «Қазақ поэзиясының жанры және стилі», ав-
торлар қосыны жазған «Жазушы және тіл мәдениеті» – зерт-
теу  еңбектері.  Аталмыш  үш  зерттеуді  ортақ  жүйеге  келтіріп, 
табиғаттастырып тұрған мәселе – тіл.
Лингвистік  талдау  бұрын  текстологиялық  зерттеуде  ғана  
пайдаланылар болса, қазіргі уақытта сыншылар бұл тәсілді бел-
гі лі бір автор шеберлігін ашуда, жеке шығарманы талдауда жиі 
қолдана бастағанын академик М.Б.Храпченко атап өтті. («Кон­
текст 1982», М.1983, стр 6) Расында да бұл соңғы жылдарда-
ғы әдеби зерттеуде орын ала бастаған орынды іс. Жоғарыдағы 
үш еңбекте тіл үш түрлі жағдайда, үш түрлі мақсатқа қызмет 
етеді. Профессор Бейсембай Кенжебаев жеке сөздің халықтық, 
ғылыми этимологиясын ашу арқылы әдебиет тарихына, халық 
тарихына  тереңдейді.  Құлмат  Өмірәлиев  Дулат  Бабатай  ұлы - 
ның  шығармаларына  жанрлық,  мәтіндік  саралау  жасайды,  ал 
соңғы жинақта қазіргі әдеби процес, жеке жазушылар шығар-
малары  лингвистикалық  тұрғыдан  қарастырылады.  Үшеуі  де 
қызықты. Қызықты болғандықтан қажетті. Қазіргі әдеби про-
цес сусап отырған мәселелер. 
Орыс  тілінің  тағдыры  жайлы  тамаша  еңбектің  авторы 
А.Югов: «Писатель – это словарь. Сейчас же начну огавари­
ваться. Словарь народа – это ведь и мышление народа; это 
его  история,  его  быт  и  труд»  /«Судьбы  родного  слова», 
М,  1962,  стр  6/  –  деп  жазады.  «Сөз  туралы  сөз»  зерттеуінің 
авторының  мақсатын  осы  пікірмен  сабақтас  түсінуіміз  керек. 
Ол  сөз  төркінінен  халық  тағдырын,  тарихын,  бағзы  тұрмыс-
тіршілігінің  сырын  іздеген.  Мейлі  М.Қашқари  сөздігімен  са-
лыстырсын,  фольклорлық  шығармаларға  ден  қойсын  халық 
ау зындағы әңгімені тілге тиек етсін… әйтеуір ғалым іздегенін 
тапқан.  «Анда»,  «Тарғытай»,  «Еңлік»,  «Андыз»,  «Бауыршы» 
секілді  толып  жатқан  сөздердің  төркінін  ашқан,  өлі  сөздерді 
тірілткен. Қарт ғалымның бұл еңбегі – ерлікке бара-бар. 
Кезінде Л.Успенскийдің сөз тарихы, тегі жайлы осы тектес 
еңбегі жарық көргенде Константин Федин:

426
427
«Уважаемый  Лев  Васильевич,  большое  спасибо  за  Ваше 
«Слово» – книгу, котрую я ценю за то, что она легко застав­
ляет  взрослых  испытывать  удовольствие  ученика,  вдруг  от­
крывшего, что школьный «предмет» необычайно полон инте­
реса и увлекает. Очень рад за Вас, что написали такую книгу» 
(30…ІV.1956 г, «Литературная газета» 1982 г, 7 апрель) – деп 
хат жазып, көл-көсір ықылас білдірген ғой. Ал біз ше?
Профессор  Бейсембай  Кенжебаев  осы  кітапты  бар  өмірін 
сарп етіп, жылдар бойы жазғанын, ақыры аяқтап, бір баспаға 
ақы-пұлсыз  шығарсаңдар  да  ризамын  деп  ұсынғанын,  баспа 
ғалым ықыласын қайтарып тастағанын білетін едік. Енді міне 
араға  жылдар  салып,  Т.Қожакеевтей  шәкіртін  қасына  алып, 
бүгін  ҚазМУ  баспаханасынан  шығарғанына  куә  болып  отыр-
мыз. Игілікті ортақ іске қуана білейік. 
Санкт-Петербургта Ларин мектебі бар екені баршаға мә лім. 
Ғалымның өзі қайтыс болғанымен, шәкірттері жолын жалғас-
тырып, лингвистика, стилистика, текстология саласында жеміс 
беріп  келе  жатыр.  Құлмат  Өмірәлиев  сол  Лариннің  әдеби-
лингвистік мектебіне жақын қалыптасып келе жатқан талант-
ты ғалым. Оның бұдан бұрынғы «ХV­ХІХ ғасырлардағы қазақ 
поэзиясының тілі» /1976 ж/ аталатын зерттеуі де, қолымыздағы 
жаңа  кітабы да  құбылысқа баларлық  соны,  күрделі еңбектен. 
Өткен жылдың ең сүбелі, ойлы туындысы деп Құлматтың осы 
кітабын айта аламыз.
Қазақстан Ғылым Академиясы, Тіл білімі институты ақын-
жазушылар тілін зерттеуге бұдан бұрын екі жинақ арнаған еді. 
«Жазушы  және  тіл  мәдениеті»  сол  жинақтардың  дәстүрлі 
жалғасы. Жинақтағы Р.Сыздықова, М.Серғалиев, А.Алдашева 
мақалалары  әдебиет  пен  тіл  мәселелерін  сабақтастыра  қарас-
тыратын жаңа бетбұрысты танытады. Солай дей тұрсақ та, тіл 
ғалымдарының  әлі  де  диалект,  кәсіптік  сөздерді  кездестірсе 
үрке  қарайтынын  аңғардық.  Тілші  ғалымдарымыздың  Тәкен 
Әлімқұлов, Дүкенбай Досжанов шығармаларындағы бейтаныс 
сөздерге қолдану мәнерін аңғармай, тосырқай қарайтындарына 
куә болдық. Біздіңше – жеке сөздерге сақтана қарау орынсыз. 
Қазіргі  орыс  әдебиетінің  қаймақты  шығармаларын  дү ние-
ге  әкелген  В.Белов,  В.Распутин,  В.Астафьев  секілді  «дерев-
нялық стиль» жазушылары тілімен ерекшеленеді. Олар өз шы-
ғармаларында  Сібір  диалектісін,  көне  сөздерді  мол  да,  еркін 
қолданады.  Шығармасының  тілін  сынағанда  Виктор  Аста фь-
евтің  қайтарған  жауабы,  жазушы  Сергей  Залыгинның  Васи-
лий  Белов  әңгімелерінің  тілі  жайлы  ойлы  пікірі  бар  еді.  Сол 
пікірлерді тілшілердің құлағына сала кету артық емес секілді. 
С.Залыгин: «…а язык прошлого  приходит к нам  почти  един­
ственно  через  художественную  литературу…»  /С.Залыгин 
«Собеседник», 1982 г, стр 124/ – дейді. Ал Астафьев «…Дело 
писателя – напоминать и полузабытые слова, давать им новую 
жизнь…» /«Литература и современность», М, 1978 г, стр 328/ – 
дейді. Екі жазушының пікірі де ұлы ақын А.С.Пушкиннің «Да, 
вот мы пишем, зовемся тоже писателями, а половины русских 
слов не знаем» – деген өкінішіне барып сабақтасып жатқан жоқ 
па?
Демек, біздің лингвист ғалымдарымыз да тілге қатып қал-
ған қағидамен емес, диалектикалық тұрғыдан, жазушының тіл 
байыту мұратын түсіне қабылдағаны жөн болар-ау…
Толқыннан толқын туады
Белгілі ғалым Р.Бердібаветың «Сарқылмас қазына» («Мек-
теп»),  Б.Уахатовтың  «Қазақтың  тұрмыс­салт  жырларының 
типологиясы»  («Ғылым»),  Ш.Сатбаеваның  «Достық  дастан­ 
да ры»  («Жазушы»),  Т.Қожакеевтің  «Сатиралық  жанрлар» 
(«Мектеп»),  Ә.Оспанұлының  «Қаратау  атырабының  ақын­
дары» («Ғы лым») – фольклор, әдебиеттер байланысы, ақындар 
шығар машылығы, жанр табиғаты жайлы зерттеулер. 
Бұдан  біраз  жыл  бұрын  «Қазақ  фольклорының  типоло­
гиясы» /Ғылым 1981 ж/ аталатын зерттеу кітабы жарық көр ге ні 
есімізде.  Еңбектің  тосындығы  –  мақала  авторларының  типо - 
логиялық  зерттеуге  ден  қойғандығында.  Ол  жинақта  Р.Бер ді-
ба евтың  да,  Б.Уахатовтың  да  зерттеу  мақалалары  жариялан  - 
ған еді. Сол мақалалардан бастау алған екі кітап та ауыз әдебие-
ті асыл үлгілерін әрі жанрлық, әрі типологиялық тұрғыдан те-
рең қарастырады.
Әдебиеттер байланысы – Ш.Сәтбаеваның, қазақ сатирасы – 

428
429
Т.Қожакеевтің жылдар бойы ізіне түсіп, індете зерттеумен келе 
жатқан мәселелері. Сәтбаеваның еңбегін тосын факті, соны де-
ректер ерекшелесе, Қожакеев біреу бар деп, біреу қайдан бол-
сын деп жүрген қазақ сатирасын жанр талабы тұрғысынан са-
ралайды, сараптайды. Сатириктер мойындасын-мойындама сын 
бір  жанрдың  жүгін  бір  өзі  арқалап  келе  жатқан  –  ғалым  осы 
Қожакеев.
Ә.Оспанұлының «Қаратау атырабының ақындары» – зер 
салып іздесе, уақыт бөліп зерттей берсе, ақындар мұрасы мол 
да, қызықты екен-ау деген ойға әкеледі.
Жылдағы «дәстүрді» бұзып, жоғарыда әдебиет тарихы, әде-
биеттің  белгілі  проблемаларына  қатысты  еңбектерді  талдауға 
бардық. Және ҚазМУ баспасынан методикалық құрал ретінде 
басылып шыққан кітаптарға дейін назарға алдық. Неге?
Өйткені әдебиет тарихы – халқымыз сусап отырған мәселе. 
Азаматтық  тарихына  енжар  қарайтын  халық  болмауға  тиісті. 
Әде биет  тарихы  –  шынтуайтында  –  халықтың  рухани  тари-
хы. Халықтың азаматтық тарихымен сабақтасып жатқан жан-
ды  құбылыс.  Оны  назардан  тыс  қалдыру  –  азаматтық  тари-
хына дұрыс қатынаста болмау деген сөз. Бұл – әлсіздік, тіпті 
дәрменсіздік. Азаматтық тарихымыз таяз, жазба әдебиет тари-
хы саяз болуға тиісті деген пікірді туған халқына, оның рухани 
қазынасына  қаскөй  пиғыл  ретінде  қабылдағаннан  өзге,  қалай 
түсінуге боларын білмеймін!
Әдебиет  тарихы  жайлы  әңгіме  –  қолына  қалам  ұстаған 
әрбір азаматты толғандыруға тиісті. Түркі халықтарына ортақ 
дәуір  әдебиеті  жөнінде  қазір  кенжелеп  қалып  қойғандықтан 
да бұл мәселеге қатысты еңбекті республикалық баспалардан 
жарық  көрмеген  деп  кергімей,  қажет  болса,  қолжазбасынан 
танысып,  талдап,  авторына  жәрдемге  келуіміз  керек.  Кеш  те 
болса халқымыздың рухани қазынасы – әдебиет тарихын ортақ 
проблема ретінде ойланып, көп болып көтеруіміз керек. Бұл – 
азаматтық парыз, қаламгерлік міндет!
Толқыннан  толқын  туады.  Ағаға  қарап  іні  өседі.  Туған 
әдебиет тарихы мәселелерін тереңнен толғай зерттеуді бүгінгі 
ұрпақ алдындағы ағаларынан үйренеді. 
Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 4.69 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   41




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет