СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



жүктеу 4.69 Kb.

бет21/41
Дата09.01.2017
өлшемі4.69 Kb.
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   41

аМаНаТ арқалаҒаН азаМаТ
 (Ұстаз Тұрсынбек Кәкішұлы жөнінде бір үзік сыр)
Сары  күз.  Табиғаттың  жомарт  шағы.  Ағаштың  сарғыш 
тартқан  жапырақтары  үзіліп  түсіп,  қалықтап  келіп  жерге  жә-
йімен  қонады.  Кейбірі  сап-сары,  кейбірі  жартылай  сарғайған 
жүрекше жапырақтарды аяқпен басудың өзі аяусыздық сынды. 
Жүрегіңді  аяныш  сезімі  буады.  Ақырындап  басып  жүріп 
келемін.
Табиғат. Өзгермелі уақыт. Кеше ғана студент едік. Енді, міне 
жоғары  оқу  орнын  аяқтаған,  қалтасында  қалақтай  дипломы 
бар, білдей мамансың. Алда не күтіп тұр? Ол жағы беймәлім. 
Университетте бес жыл бірге оқыған бозбала достарды бірінен 
соң бірін сапарға шығарып саламыз. Бірі туған ауылына, енді 
бірі  өмірі  көрмеген  өңірге  аттанып  жатады.  Әрі  салғанда 
бір  жыл  бедерінде  кездесетін  болып,  сөз  байласасың.  Келе 
алмасыңды  іштей  сезіп,  біліп  те  тұрасың.  Досыңды  мінгізіп, 
ала жөнелген поездың өзіне біртүрлі дұшпан тұтып қарайсың. 
Бұл – ұлы Абай айтқан: “Балалық өтті, білдің бе?!”– дейтін сәт. 
Бүгін де бес жыл бірге оқыған достың сапарға аттанатын күні. 
Вокзалға беттеп келеміз. 
Ертең мен Көкшетау жүремін.
Жастық  буы  бұрқырап,  әрі  әсем  Алматыны,  әрі  парталас 
достарды  қимай,  бір  шоғыр  жігіт  құшақтаса  әндетіп  келеміз. 
Кенет...
...  қарсы  алдымыздан  ұстазымыз  Тұрсекең  шыға  келгені. 
Ия,  бес  жыл  әдебиеттің  қыр-сырын  зердемізге  құйып  берген 
ұстаз, үлкен ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы! Шәкірттік бейілден 
бәріміз шуылдай, дуылдай амандастық.
– Әй, батырлар қайдан жүрсіңдер?
Ұстаз да бәрімізге мейірлене қарады.
– Осылай да осылай, жолдастарды поезға шығарып салғалы 
барамыз.
– Құлбек, сен неге хабарласпайсың?
– Қол тимей жүр, ағай!
– Бейсекеңмен (Кенжебаев. Қ.е.) хабарласып жүрсің бе?
– Иә.
– Қолды тигіз. Маған хабарлас.
Досты Алматы–Мәскеу поезына шығарып салып, ертеңіне 
Тұрсекеңе хабарластым. Ұстаз тікесінен тік сұрақ тастады.
– Сені біз осы қайда жібердік?
– Көкшетауға.
– Иә, онда не істейсің? 
– Облыстық оқу бөліміне барамын. Олар ауданға жіберер, 
аудан совхозға жолдама берер, совхоз бөлімшеге жіберер. Сонда 
барып мұғалім боламын. Мәртебелі мамандық...
– Бейсекең не дейді?
Барсаң бар, бірақ жазуыңды тастап қойма, – дейді.
–  Ой,  әулием-ай.  Ауылға  барып  мұғалім  болған  адам  жа-
зумен айналысушы ма еді?! Ой, жарықтық-ай! Көкшетауға ба-
рарсың. Арқаның бір аруын аларсың. Сонымен бәрі бітті дей 
бер.  Менің  бір  қарындасыммен  Көкшетауда  қаларсың.  Олай 
етуге болмайды.
–Енді не істеймін?
–  Біз  не  ғылымды  ойламаймыз,  не  жастардың  тағдырын 
ойламаймыз.  Сонда  не  ойлайтынымызды  білмеймін.  /Ұстаз 
әлдекімге зекіп ала жөнелді. Бейне маған ұрсып отырған сияқ-
ты. Бірақ, ойы басқа жақта. Әлдекімдерге ұрсып отыр/. Анау 
Жанғара, Бәйділхан, Жарылқасын, Төребай секілді жігіттер де 
ауылға кетіп барады екен. Сен де ауылға кетіп барасың. Сені 
Бейсекең Алматыға алып қалар деп жүр едім. Сырқат қой, енді 
қайтсін?  Былай  келісейік:  мен  бір  іске  бел  байлап  отырмын. 
Сендерден жасыратын не бар, енді студент емессіңдер ғой, Оқу 
министрінің орынбасарымен бір отырыста жүз грамм шарапты 
бірге ішіп едім. Соған сендерді ертіп апарып, мән-жайды айтып, 
Алматыға алып қаламын ба деп отырмын. Содан кейінгісін тағы 
көреміз-дағы...
Ұстазбен  уәделескендей,  таңертеңгілікте  Қазақстан  Жазу-
шылар  одағына  Жанғара,  Бәйділхан,  Төребай,  Жарылқасын 
бәріміз  бірге  келдік.  Пленум  бе,  әлде  басқа  ма,  әйтеуір  бір 
алқалы жиын, келелі мәжіліс өтіп жатыр. Қазақстан Жазушылар 
одағы  басқармасының  сол  кездегі  екінші  хатшысы,  жазушы 
Шерхан Мұртаза күндей күркіреп баяндама жасады. Залда ине 
шаншар орын жоқ. Түрегеп тұрып баяндама тыңдадық. Жазушы 
Қалихан  Ысқақовтың  “Тұйық”  романы  жөнінде  баяндамашы 

288
289
түйіліңкіреп, шүйіліңкіреп сөйлеп жатты. Көзімізді қыдыртып 
залдан  Тұрсекең  ұстазды  іздейміз  баяғы.  Таптық.  Таптық  та 
“бізді  көрсін”  деген  оймен  бесеуміз  қаздай  тізіліп  қасына 
жақындап барып тұрдық. 
Бізді көрген ұстаз “қазір” дегендей емеурін жасады. “Баян-
дама  аяқталсын”  дегені  шығар.  Баяндама  аяқталды.  Ұстаз 
орнынан  асығыс  тұрды  да,  көпшілікті  сығылыса  жарып  өтіп 
бізге жетті. “Жүріңдер” – деп сыртқа бастай жөнелді.
Жазушылар одағы жанында “Балалар әлемі” магазині. Қа-
сында  такси  аялдамасы.  Соған  жарыса  келіп,  қол  көтерісіп 
мәшине  тоқтаттық.  Қарасақ,  анадай  жерде  мәшине  тоқтатып 
балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев тұр. Ол кісіні бірге қамти 
жөнеп бердік.
Оқу  министрлігіне  келіп  ат  басын  тіредік.  Шөпірлеген 
шәкірттер сыртта қалып, ұстаз “Оқу министрінің орынбасары 
Қанапин” деген жазуы бар есікке еніп кетті. Күтіп тұрмыз.
Әлден уақытта іштен күлімдеп шыққан ұстаз:
– Жүріңдер! – деді жайдарыланып. Ілесіп жүріп келеміз.
Алматыдағы  әсем  ғимарататтың  бірі  –  Қазақстан  Ұлттық 
Ғылым академиясының үйі. Сол еңселі ғимаратқа келдік. Ішке 
еніп  келеміз.  Аяқ  басқан  сайын  күмбезі  күмбірлеп  өзіңе  тіл 
қатқандай  болады.  Екінші,  одан  үшінші  қабатқа  көтерілдік. 
М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер  институты.  Дирек-
тордың  кабинетіне  кіріп  кеткен  ұстаз  іле-шала  қайта  шықты. 
“Аңшының кешіккенінен сүйін” дегендей, ұстазымыз кешіксе 
жолымыз  болатындай  көріп  қалған  біз,  ол  кісінің  шортандай 
шоршып шыққанынан шошып та қалдық-ау. Жоқ. “Жүріңдер!” 
– деді. Осы бір “Жүріңдер!”– деген жалғыз ауыз сөзге біздің 
тағдырымыз байлаулы жатқандай. Ұстаз “жүріңдер”– десе жа-
нымыз семіреді. Ұстаз жүзінде жаман рай жоқ, жақсы шырай 
бар.  Ата-анасының  жүзіне  жәутеңдеген  жас  баладай  ұстаз 
жү зіне  қарап-қарап  қойып  тартып  келеміз.  Бейне  бізді  Бақыт 
ауылына бастайтындай ұстаз алда келеді. Шамасы, М.О.Әуезов 
атындағы Әдебиет және өнер институты директоры Әди Шә-
ріпов ұстазымызды бетінен қақпаған болуы керек.
Директордың орынбасары көзілдірікті қараторы жігіт аға-
сы.  Аз  уақытта  ұстазды  алға  салған  бес  бозбала  шәкірт  сол 
кісінің  алдында  тұрдық.  Шаруаның  сәтті  бітуіне  айналғанын 
сезіп, бір-бірімізді түртіп қалып, жымың-жымың етеміз. Бәрі де 
алдын-ала  келісіліп  қойған  секілді.  Құжаттарымыз  директор-
дың орынбасарының қолына өтті. Ол қарап отыр.
– Тұрсынбек, – деді қара жігіт алтын сулы көзілдірігін жалт 
еткізіп, жоғары қарап, – Бұлардың бәрі бірдей сенің ауылыңның 
балалары болып ұят болып жүрмесін. Жымиып күлді. Жүзінде 
“Ұрлығыңды ұстап алдым ба, бәлем?” – деген кісінің жеңісті 
келбеті. Құлағымызға жайсыз сөз шалынған біз қолайсызданып 
қалдық.
Ұстаз күмілжіді. Сөйтті де әлгі кісіге қарады:
–  Айтқандай,  Зәки,  мен  осылардың  қайсысының  қайдан 
екенін білмейді екенмін. Әйтеуір, жақсы оқыған, студенттердің 
ғылыми жұмысында жақсы көрінген жігіттер. Кейбірі сын ма-
қалаларын жариялай бастады. Мен бұларды сендерге осы рет-
пен әкеліп отырмын. Басқасын білмеймін. Өздерінен сұрайық. 
Алтын көзілдірік тағы да жалт ете түсті. Бізге тесіліп тұр.
– Жанғара Дәдебаев – Жамбыл облысы, Талас ауданынан.
– Байділхан Балажанов – Алматы облысы, Ұйғыр ауданы.
– Төребай Омаров – Қызылорда облысы, Қазалыдан.
– Ергөбек Құлбек – Шымкент облысы, Қызылқұм ауданы.
– Жарылғас Әбішев – Көкшетау облысы, Степняктан.
Сөзіміздің  аяғын  ешкім  тыңдай  қойған  жоқ.  Бірде-біріміз 
Тұрсекең туған өңірден болмай шықтық. Жерлес емеспіз. Тұр-
секең шынайы ұстаз келбетін танытып мерейленіп тұрды. 
– Азаматсың Тұрсынбек!
Алтын көзілдірік ризалық кейіп танытты. Бақсақ, бұл кісі 
–  қазақтың  үлкен  ғалымы  Зәки  Ахметов  екен.  Қатар-құрбы 
жігіттер  өзара  сыйластығын  қазақ  қоғамына,  ғылымға  деген 
адалдыққа  бұрып,  принциптілік  танытып  жатыр  екен  ғой. 
Ауадай  қажет  мінездер  екен-ау,  қазақ  қоғамын  таза  ұстауға, 
ұлтты тұтас өсіретін мінез екен-ау, ағалардың ойлағаны. Оны 
біз ол сәтте түсіне қоймадық...
Сол  күннен  бастап  М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және 
өнер  институтының  лаборанттары  атандық.  Сөйтіп,  Жанғара 
Дәдебаев, Бәйділхан Балажанов, Төребай Омаров, Жарылқасын 
Әбішев... дегендей ҚазМУ-дің қабырғасынан бірге түлеп ұшқан 
бір шоғыр жас өмірден өз орнымызды осылай тапқан едік...
Қауырсыны қатпаған түбітқанат балапандардан үміт күтіп, 

290
291
келешек  көрген  ұстаз  жүрегінің  ұлылығына,  әрі  шәкірттерін 
алаламай,  бөлмей  құшағына  тұтас  қысқан  ұстаз  құшағының 
жылылығына біз әлі күнге тәнтіміз. Уақытқа қарай бойымызда 
бір пендешілік ояна қалса – ұстаздың адал бейілі, есепсіз жа-
саған  қамқорлығы  есімізге  түсіп,  қылмыс  жасағандай  ішіміз-
ден ұятымыз түрегеледі қызарақтап. Ұстаздардың бейілі бізді 
иектегелі тұрған сайтандарды қағып-қағып жіберетін періште 
секілді. Қайран, ұстаздар-ай!
...Қай-қайсымыздың  да  бойымызда  да  шешуші  сәтте  ше-
шімді іс атқарып, қамқорлық жасаған ұстаз Тұрсынбек Кәкіш-
ұлына  қарыздар  бейіл,  ризашылық  сезім  жүр.  Бір  ғажабы  – 
уақыт өткен сайын ескіріп, өшіп кету орнына ұдайы жанымызда 
жаңарып,  жадымызда  жаңғырып,  өркештеніп  жүреді  сол  бір 
қастерлі сезім. Өмірінің сары күзінде тұрған аса қадірлі адамға 
күз жомарттығындай дарқан бақыт бергей тәңірі? – деп тілейміз 
іштей риясыз көңілден.
Іштей  “Жақсыдан  шарапат!”  –  деп  қойып  оның  әдеби 
қорығына қарай аяңдаймыз.
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы жайындағы сөз қалайық, 
қаламайық – қазақ әдебиеттану ғылымына барып саяды. Ойлап 
отырсақ, қазақ әдебиеттану ғылымы және оның қайраткерлері 
өткен  жол  –  бұралаң  соқпақты,  өрісінен  еңісі  көп,  табуынан 
адасуы  жиі,  “тар  жол,  тайғақ  кешу”  жолы  секілді  көрінеді. 
Олай  болмағанда  қайтеді,  қазақ  әдебиетшілері  көрмеген  құ-
қай жоқ. Тыңнан жол салған Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Дос-
мұхамедұлы бастаған бір шоғыр әдебиетші ғалымдар атыл ды, 
Е.Ысмайылұлы, Х.Жұмалыұлы, Т.Нұртазин сотталды, М.Әуез-
ов,  Б.Кенжебайұлы  КОКП  қатарынан  шығарылып,  қызметтен 
қуылды. Олардан кейінгі буын да “ұлтшыл” атанып, бір бұй-
рықпен шарпылып барып, “әупірім-тәңірмен” аман қалды әй-
теуір. Міне, осындай қорқыту, үркіту, тұқырту арқылы қа лып-
тасқан  әдебиеттануда,  үрейлене  жүріп  жасаған  әдебиетте  не 
береке болады?!
Мына ғажапқа қараңыз: қаншама қуғын-сүргін көрсе де сол 
аға буын әдебиетші ғалымдар ұлттық болмыстан бір айнымай, 
азаматтық  мұраттан  бір  сәт  те  шегінбей  өтіпті.  Өмірден  олар 
атылып бара жатып та айтқанынан қайта қойған жоқ. Олар қазақ 
әдебиеті тарихы үшін сотталып, жазасын өтеп қайта оралғанда 
ұлттық мұраттан бас тартпай қайта сол келген жерінен әрі қарай 
жалғап жүре берді. Қазақ халқына деген осы бір адалдықты, ана 
тілі үшін алысып, ұлттық мүдде үшін тұрысатын табандылықты 
мирас  етіп  алып  қалған  балауса  бір  буын  ағалар  ізімен  қазақ 
әдебиеті  тарихын  жасауға  білегін  сыбанып  кірісіп  кетті.  Бұл 
–  елуінші  жылдар  еді.  Міне,  осы  буынның  көрнекті  өкілі  – 
Тұрсынбек Кәкішұлы! 
Қазақ Университетінде оқып жүрген 3 курс студенті Тұр-
сынбек  Кәкішұлына  ұстазы  профессор  Бейсембай  Кенжебай  - 
ұлы  студенттердің  ғылыми  қоғамы  ұйымдастырған  қалалық 
ғылыми  конференцияда  баяндама  жасату  үшін  “Сұлтан­
мах мұттың  публицистикасы”  –  деген  тақырыпты  ұсынып, 
жетекшілік  етіпті.  Қазақ  әдебиеті  тарихы  мәселесін  тереңнен 
көтеремін  деп  өз  басы  даудан  ажырамай  жүретін  Бейсекең 
ұзамай  (1953  ж)  партия  қатарынан  шығарылады,  М.О.Әуезов 
екеуі  бір  бұйрықпен  ҚазМУ-ден  жұмыстан  қуылады.  Өз  ба-
сына  туған  қасірет  шәкіртті  қоса  шарпымасын  деген  оймен 
“Сұлтанмахмұт жайлы студенттердің қалалық ғылыми кон­
ференциясында баяндама жасамай­ақ қой” деп сақ тан дырады. 
Алған  бетінен  қайтпайтын  қайсар  студент  Ғылым  академия - 
сына  барып,  академик  Ісмет  Кеңесбаевқа  жолығады.  Ака де-
миктің де қарсылығына қарамастан баяндама жасайды.
Ұстазы  ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  әдебиетіне  маман дан-
дырғысы  келген.  Тұрсекең  университет  бітірген  соң  жиыр-
масыншы  жылдар  әдебиетін  зерттеуге  ден  қояды.  ХХ  ғасыр 
басындағы қазақ әдебиетіне қарағанда да қиын кезең, қалтарыс, 
қатпары көп қауіпті дәуір еді бұл.
Аспирант  болып  кіріп,  күллі  тағдырын  сабақтастырып, 
ауыр бейнетін кешіп, алғыс орнына қарғыс есітіп, тарықса да, 
торықса  да  тартынбай,  ауыртпалықты  қайыспай  көтеріп,  бү-
гінгі  биігіне  ғалым  жиырмасыншы  жылдар  әдебиетін  зерттеу 
арқылы көтеріліп шықты.
Өмірі өнімді еңбекпен өтіп келе жатқан Т.Кәкішұлын “мол 
пішімді” С.Мұқанұлы “тонның ішкі бауындай” жақсы көр ген. 
Е.Ысмайылұлы шәкірт ретінде сүйген, Б.Кенжебайұлы сенген, 
сүйенген  тұлға.  Алдындағы  ағалары  дегеннен  шығады,  абыз 
ақын Әбділдә Тәжібайұлы өмірінің соңғы кездері жарық көр- 
ген бір еңбегінде: “Тұрсынбекті мен әппақ пейілі ақау сыз, кі- 

292
293
сілік пен кішілік бірдей жарасқан аса ірі азамат деп таныдым” 
– деп жазыпты. Дәл бағалау. Ағалар бағалауы осы бір байламға 
келіп  тоғысып  жатады-ау,  асылы.  Ағалары  Тұрсекеңдей  ға- 
лымды тек марапаттап, бағалап қана өтті десек артық болады, 
өздері атқарған, бастап, аяқтай алмай кеткен қазақ әдебиеті жа-
йындағы  ізденістерді  де  аманат  етіп,  міндет  артып  кетті.  Ұс-
тазымыз  Тұрсекең  ағалар  аманатын  арқалап  әдебиетке  келді, 
аманатты адал атқарып, ертеңге адымдап кетіп барады. 
Тұрсынбек  Кәкішұлы  –  арзаннан  олжа  тапқысы  келетін, 
көрініп  қалатын  бейілді  жандардан  емес,  түренді  тереңге  са-
латын  тегеурінді  ізденістің  адамы.  Оның  қайтпас  қуаты  мен 
белшеден  кешкен  бейнетінің  куәсіндей  өзі  ғана  ашқан  әдеби 
өңір, тұтас-тұтас дәуір бар қазақ әдебиетінде. Ол – бұл күнде 
әдеби  мектептің  көшбасшысы.  Сол  көп  еңбекпен  келген 
зерттеулердің  бір  шоқтықтысы  –  жиырмасыншы  жылдар 
әдебиеті жайындағы еңбектері дер едік.
Жиырмасыншы  жылдардағы  қазақ  әдебиеті  –  қазақ  әде-
бие тінің  күрделі  кезеңі.  Өйткені,  бұл  кезеңде  –  адамзаттық 
тарихымызда жаңа дәуір басталады. Әрбір жаңа қоғам өмірге 
келгенде оны қостайтын, қостамай, қарсы тұратын түрлі саяси 
күштерді  туғызары  хақ.  Арғы  бастауын  ХХ  ғасыр  басынан 
алған  жиырмасыншы  жылдар  әрі  саяси  партиялардың  өзара 
айтысқан, әдеби ағымдардың тартысқан, аянбай майдандасқан 
кезеңі.  Марқұм  профессор  Бейсембай  Кенжебайұлы  айтар 
еді:  “Докторлық  диссертацияға  тақырып  етіп  жиырмасыншы 
жылдардағы  қазақ  әдебиетін  алып  тұрып,  зерттей  келе  Ақаң, 
Жақаң, Мағжандарды айтқызбайды ғой деп бас тарттым” – деп. 
Демек,  жиырмасыншы  жылдар  әдебиетін  зерттеуге  өзіне-өзі 
сенген, қиындығына көнген, қателессем халық түсінер, келер 
ұрпақ кешер деген ақ, адал ойлы, арын алдына тұтқан әдебиетші 
ғана бара алады. Аға буыннан Б.Кенжебайұлы, Е.Ысмайылұлы 
тиіп-қашып  қана  барған  осы  бір  күрделі  кезеңнің  түбегейлі 
зерттеушісі  Тұрсынбек  Кә кішұлы!  Күрделілігі  соншалықты 
6әлі күнге жанартаудай қозғалып, қоздап, түрлі айтыс-тартыс- 
қа  дәнекер  болып  жататын  бұл  кезеңнің  бірден-бір  іргелі 
зертеушісі  Тұрсекең  екенін  оның  досы  түгілі  дұшпаны  да 
мойындайды.
Жиырмасыншы жылдар әдебиеті – ғалымның әрдайым ай-
налып соғып, әр қырынан тынбай зерттеп келе жатқан алтын 
көмбесі. Бұл орайда “Октябрь өркені” – ғалымның осы кезеңге 
қатысты басты еңбегі болса, ұстазы – Е.Ысмайылұлы, тұстасы 
–  М.Дүйсеновпен  тізе  қоса  отырып  жазған  “Қазақ  совет  әде-
биетінің алғашқы дәуірі” (“Қазақ әдебиетінің тарихы”, 3-том,  
2  кітап)  аталатын  байсалды  тарау,  “Сын  сапары”,  “Оңа ша  
отау”  ғылыми  дилогиясының  (қазақ  әдебиеттану  ғылымында 
мектеп  қалыптастырған  еңбектің)  сүбелі  бір  тара уы,  “Қызыл 
сұңқар”,  “Сәкен  Сейфуллин”  –  сынды  сәкентануға  айрықша 
үлес болып қосылған еңбектері, С.Шәріпов, Е.Бекенов, Ж.Ті-
лепбергенов әдеби мұрасын жинақтау, алғысөз жазу үстіндегі 
ізденісі басты зерттеуді толықтыра түсерлік қосымша еңбектер. 
Осы толымды еңбектерді өзара салыстырып қарасаңыз “Қазақ 
совет  әдебиетінің  алғашқы  дәуірі”  –  объектісін  тұтастыра 
қарастырған шолу, “Октябрь өркені” – әдеби әдіс, ағымдардың 
табиғат-тағдырын талдай қарастыратын терең зерттеу, маңызды 
ғылыми  монография.  “Сын  сапары”,  “Оңаша  отау”  –  кезең 
әдебиеттеріне белгілі бір жанр өзегімен қараудың әдеби әдемі 
үлгісі,  түрлі  портреттер  –  (“Дәуір  суреттері”)  жиырмасыншы 
жылдар әдебиетіне жекелеген дарындар тағдыры арқылы келіп, 
үңілу, зерттеу нәтижелері екенін көреміз.
Әрбір  кезең,  дәуір-дәуірде  жасалған  руханият  дүниесіне 
өз кезеңі көзімен қарап, өзіне дейінгі жайлармен салыстырып 
барып  бағалағанда  ғана  әділеттілік  болады.  Алпысыншы 
жылдарға  дейін  аяулы  Ақаң,  Жақаңдарды  қоя  тұрып,  Сәкен, 
Ілияс,  Бейімбет  аттарын  ататпайтын,  олардың  әдеби  мұрасы 
жайында  жылы  сөз  айтуға  тиым  салынғаны  мәлім.  Марк-
си зм-ленинизм  идеясы,  кеңестік,  коммунистік  партия  идео-
ло гиясынсыз  сөз  сөйлеу,  зерттеу  жазу  ол  жылдары  мүмкін 
болмағанын естен шығармау ләзім.
Осындай  қысылшаң  уақытта  зерттеуші  Т.Кәкішұлы  өзара 
қайшылықты  көзқараста  күн  кешкен  Алашорда  арыстары 
мен Кеңес әдебиеті арасында өткен тартыс шежіресін, сөйтіп 
жасаған рухани қазынаны ашып, халыққа шежірелеп жеткізді. 
Материалға  кеңестік  идеология  көзімен  қарап  отырып-ақ 
зерттеуші көп мәселенің бетін ашты, көп мәселені объективті 
бағалады.  “Революция  қарсаңындағы  қазақ  әдебиетінің  твор-
честволық  беті,  идеялық  нысанасы  әралуан  болды.  Сөйтіп 

294
295
олар  бір-бірімен  күресе  отырып  дамыды”  –  дейді  зерттеуші. 
Дұрыс байқау. Енді осы өзара күресе жүріп дамыған әдебиетке 
қандай көзбен қарау керек? “Қазақ совет әдебиетінің идеялық, 
көркемдік  бағытын  анықтап  берген  негізгі  фактор  –  Ұлы 
Октябрь  революциясының  жеңісі”  –  дейді  ғалым.  Қазан  төң-
керісі  –  қазақ  азаттығы  ретінде  қабылданған.  Демек,  кеңес 
әдебиетіне  жеңілдік  беріледі.  Алайда,  бұл  ұлтшыл-байшыл 
атанған бір шоғыр ұлы дарындарға үрке қарау емес. Айталық 
Мағжан  Жұмабайұлы  жөнінде  “Білімді,  тәжірибелі  байшыл 
ақын”  –  деп  жазды.  Дұрыс  қой.  Әйтпесе  мына  пікірге  құлақ 
түріңіз:  “Бастауыш,  орта  мектепке  арналған  тіл  мен  әдебиет 
оқулықтары  авторларының  бірқатары  солардан  (буржуазия-
лық-ұлтшылдар,  Қ.е.)  еді.  Педагогикалық  техникумдар  мен 
халық  ағарту  институтының  оқушылары  арасында  М.Жұ-
мабаев  поэзиясының,  А.Байтұрсынов  оқулықтарының  идея-
лық ықпалдары аз болған жоқ. Кадрлардың аз кезінде маман-
дар  ретінде  буржуазияшыл  зиялыларды  партия  уақытша  пай-
даланған  болатын.  Орыс  тіліндегі  ғылыми,  көркем  әдебиет 
кітаптарын  қазақ  тіліне  аударуда,  оқулықтар  жасауда,  әдеби 
тілдің  жаңа  нормаларын  қалыптастыруда  бұл  зиялылардың 
септігі тимеді деуге де болмайды” – дейді ғалым. Осы үзінді-
нің  өзінен-ақ  ғалымның  оларға  деген  оң  көзқарасы  аңғары - 
лып қалып жатқан жоқ па?! Біздіңше, солай! Әйтпесе Алашор-
да көсемінің бірі – Хәлел Досмұхамедовтің қазақ ауыз әдебиеті 
көне мұраларын жинаудағы ролін жоғары бағалауы ше? (“Қазақ 
әдебиетінің тарихы”, 3-том, 2-кітап, 55-бет). Ол жылдары ұлт-
шыл  –  буржуазия  ретінде  әбден  күстаналанған  аяулылардың 
еңбектерін  тисінше  жоғары  бағалап  жатса  ғалым  табандылы - 
ғы, азаматтық батылдығы деп тану керек!
Айтылған  жайлардың  қай-қайсысы  да  Т.Кәкішұлының  өз 
зерттеулерінде  мейлінше  ақиқатшыл  болуға  тырысатынын, 
қытымыр  уақыттың  өзінде  сынаған  болып  отырып  та,  өзара 
сынасқан  кейіп  танытып  та  жабық  жатқан  талай  аяулылар 
еңбегін  дұрыс  бағалауға,  ұрпақтар  жүрегіне  жылы  ұялатуға 
тырысқанын көрсетеді.
“Қазақ  совет  әдебиетінің  қалыптасу  кезеңі”  аталып,  зерт-
теліп келген 1917-29 жылдар әдебиетіне барған қандай да бір 
тегеурінді  оқымыстының  өзі  тарихта  болған  тартыс,  таласты 
аттап  өте  алмасы  хақ.  Ол  да  дұрыс-ау,  ол  кезең  әдебиетін 
Алашорда  өкілдері  мүддесі  тұрғысынан  қарарлық  атмосфера 
алпысыншы жылдары бізде болған жоқ. Бүгін ғана қол жетіп 
отырған  бұл  мүмкіндікті  алпысыншы  жылдарға  алып  барып, 
сол  тұстағы  қазақ  әдебиеті  зерттеушілерін  күстәналап,  ағаш 
атқа мінгізу орынсыз-ақ. Асылы, кеңес өкіметі құрамында өмір 
сүрген  уақытта  С.Сейфуллин,  І.Жансүгіров,  Б.Майлин  баста- 
ған кеңес әдебиеті өкілдерін ақтап алмай тұрып, Ә.Бөкейхан- 
ұлы, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, М.Жұ-
ма байұлы,  Ж.Аймауытұлы  сынды  сөздің  сүйікті  мағынасын- 
дағы  ұлтшыл  жазушы,  ғалымдар  жайында  сөз  қозғау,  мәселе 
көтеру мүмкін емес еді. Әсте мұны естен шығармалық. Демек, 
ол  кезде  алашшыл  аяулыларды  ұмыттырмай,  кейінгі  ұрпақ 
есінде  сақтаудың,  жас  буынның  жүрегіне  ұялатудың  жал- 
ғыз  жолы  –  бопсалап  сынаған  болып  отырып,  баспалап  қана 
айту. 
Коммунистік  партияның  “хрущевтік  жылымық”  кезінде 
жібі  бір  босаңсыған,  соның  арқасында  әдебиеттің  көптеген 
өкілдерін ақтап алып үлгергеніміз баршаға аян. А.Твардовский 
сынды үлкен бедел иесін алға сала жүріп И.Бунинді әупірім-
тәңірмен  қайтарып  алған  империя  ағасы-орыс  әдебиетшілері 
Гумилев,  Мережковский,  Бердяев  сынды  ұлы  тұлғаларын 
ақтай алған жоқ ол жылдары. Орыстың ойшылын да, қазақтың 
алашын да ақтау – қайта құрудан кейінгі демократия жемістері. 
Күннің батуы, таңның атуы сынды – табиғатта орныққан заң-
дылықтарды аттап кете алмаймыз. Сол секілді әдеби-қо ғамдық 
құбылыстардың  әрқайсысын  өз  орын-орындарына  қойып  ба-
ғалау, әрбір кезеңде қызмет атқарған азаматтарды уақытында, 
еткен қызметіне орай құрметтеу қажет. Олай етпеген жағдайда 
кеңестік  кезеңде  асыра  сілтеуге  себепкер  болған  әсіре  бел-
сенділік, ақкөз әпербақандыққа қайыра жол беріп алуымыз оп-
оңай...
Осындай логикалық қисынды ұстанғанда ғана “хрущевтік 
жылымықты”  сәуір  лебіндей  сәтті  пайдаланып,  қазақ  әде-
биетінің  тұтас  алғы  легін  ашып,  қазақ  әдебиетінің  тұтас  бір 
дәуірін ақтарған, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды 
қаламгерлерді  ақтаған,  әдеби  мұрасын  қатарға  қосқан  –  бір 
буын  дарынды  әдебиетшілердің  еңбегін  объективті  бағалай 

296
297
аламыз. Бұл – бір Т.Кәкішұлы үшін ғана керек емес, ғылымға 
елуінші жылдардың аяғында келіп, әдебиетіміздің тұтас-тұтас 
кезеңдерін  қазған,  қазақ  әдебиетінің  қазық-қадасы  секілді 
қадау-қадау қайраткерлерін ашқан бір буын әдебиетшіге, қала 
берді қазақ әдебиетіндегі заңдылық, әділеттілікті қалыптасты- 
ру  үшін  де  қажет.  Осы  тұрғыдан  алғанда,  Т.Кәкішұлы  және  
оның  буындастары  еңбегін  алашорда  өкілдерін  ақтау  алдын- 
дағы тарихи акті, ұлтшылдарды ақтау алдындағы алғышарт деп 
қарау жөн.
Осы  тұрғыдан  келгенде,  көрнекті  ғалым,  филология  ғы-
лы мының  докторы,  профессор  Тұрсынбек  Кәкішұлы  және 
жиырмасыншы  жылдардағы  қазақ  әдебиетін  зерттеуші  өзге 
де ғалымдар еңбегі бүгінгі күн мүддесіне толық қызмет етеді. 
Бұл орайда өзге ғалым еңбегі бір төбе де, әдебиетіміздің осы 
күрделі кезеңін зерттеуге бар ғұмырын сарп етіп келе жатқан 
Тұрсекең  еңбегі  бір  төбе.  Бұл  –  ғалым  тегеурінін  танытатын 
толағай еңбек, толайым табыс!
Алпысыншы жылдар басында, Академияда ғылыми көп ші - 
лік  ашық  сырласқан  маңызды  ғылыми-теориялық,  методо ло-
гиялық конференция өтті. Қазақ әдебиеттану ғылымы қасқа мен 
жайсаңдары  әдебиетке  қажет  тапқан  ой-пікірін  ортаға  салды. 
Әдебиетте айта білсе, келістіре алса кіші проблема жоққа таңдық 
емес  пе?!  Сол  жиында  жас  ғалым  Т.Кәкішұлы  әдебиетіміздің 
алғашқы  адымы  –  арналану  бағытына  еңбек  сіңірген  үлкен 
тұлғалармен бірге, шама-шарқы, дарын қауметінше еңбектеніп, 
хал-хадариқал  үлес  қосқан  “кіші  таланттардың”  да  ескеріліп, 
әдеби  мұрасы  зерттелуі  қажеттігін  еске  салып,  орынды 
проблема  көтерді.  Қашанда  проблеманы  алға  сала  белгілі 
жүйеде  еңбектенетін  ол,  кейін  осы  бағытта  жекелеген  әдеби 
портреттердің  басын  қосып  “Дәуір  суреттері”  (1967  ж)  атты 
сүп-сүйкімді еңбегін оқырмандарына тарту етті. С.Сейфуллин, 
Б.Майлин, С.Шәріпов, С.Ерубаев, Ж.Тілепбергенов, Е.Бекенов 
секілді  әдебиетіміздің  үлкенді-кішілі  дарындары  жөнінде, 
республика оқушыларының жаңа архивтік ақпар, тың па йым-
дауларға тап болуы оның шығармашылық тағдырындағы тағы 
бір сүйсінерлік қасиеті. Ол осы дағдысынан күні бүгінге дейін 
танбай, барша көпшілікке бірдей мәлім емес, көптеген дарын-
дар жөнінде ерінбей-жалықпай архив ақтарып дербес шабыт-
пен жазып келеді.
Әрқайсысы әр кезеңде туып, тіршілік кешкен, үлкенді-кіші - 
лі әдеби-публицистік, ғылыми мұра қалдырған жандар. Әйтпе-
се,  белгілі  бір  кезеңде  жасаған  бір  дәуірдің  адамдары  болса 
бір сәрі. Бір дәуірден бір дәуірге өтіп, “кіші дарындар” әдеби 
мұрасын жинақтау, дәуірдің де, дарынның да психологиясына 
еніп, әлгі дүниелерден рухани құндылық табу, оны жаңа дәуір 
оқырмандарына ұқсатып жинақтап, кітап қылып құрастырып, 
ұсынықты  етіп  ұсыну,  тұшымды  етіп  түсіндіру  қайдан  оңай 
болсын?!  Тіпті  ол  дарындар  бір  дәуірде  өмір  сүрген  күннің 
өзінде  қара  құлып  салынған  есіктерді  еппен  ашып,  архив 
ақтарып,  ескі  газет-жорналдардың  шаңын  қағып,  ептестіріп 
алып  шығып,  кітап  етіп,  әруақтарды  “тірілту”,  жұрт  кәдесіне 
жаратып, рухани игілік сыйлау айтарға ғана оңай. Тынымсыз 
іздену, қауырт қимыл, өлшеусіз уақыт, қыруар қаржы тілейтін 
өнімсіз  тірлік  бұл.  Осы  өнімсіз  істен  де  өнікті  рухани  қа зы-
на-байлық жасаған біздің дархан бейіл ұстазымыз. Егер, Тұр-
секеңнің  ыждағатты  еңбегі  болмаса  ұлты  татар,  қызметін  қа-
заққа  жұмсаған,  алғашқы  елшінің  бірі  –  Сабыр  Шариповтың 
қалың қос томдығы, аз ғұмырда от-жалынға өртеніп кете барған 
Саттар Ерубаевтың жуан бір томдығы жарық көре қоймас еді-ау 
деп ойлаймын. Бұған Жиенғали Тілепбергенов, Елжас Бекенов-
ті қосыңыз. Ауқымды дүние! Олардың ұрпақтары Тұрсекеңді 
әкелерінің көзіндей көретін себебі де осында! Әкелер аманатын 
балаларына жеткізіп жүрген Тұрсекеңдей азамат!
Жинақтаушылық,  жариялатушылық  –  әдебиеттегі  міндеті 
көп,  алғысы  аз,  ауыр,  бірақ  абыройлы  шаруа.  “Хрущевтік 
жылымық”  жылдары  ақталып,  қатарға  қайта  қосылған  Сәкен 
Сейфуллин  көптомдығы  әуелі  Тұрсекеңнің  Мәскеу,  Санкт-
Петербург  архивтерінен  тірнектеп  жинаған  бай  материалы 
(әсіресе  4,  5,  6  томдары)  негізінде  жарыққа  жедел  шығып, 
оқырманға дер кезінде жол тартқаны қапысыз шындық.
Сәкен демекші, аталған дәуір, айтылған еңбектің қайсысы 
болмасын  Қазақ  Кеңес  әдебиетінің  негізін  салушы  Сәкен 
Сейфуллин  есімімен  тығыз  байланысты  жатады.  Ғалымның 
дарынды  қайраткер  Сәкен  еңбегімен  белгілі  тақырыптарда 
етене  келіп  қалуы  кейін  оны  мехнаты  мол  ізденістерге 

298
299
бастайды.  Т.Кәкішұлының  қаламгерлік  жолындағы  жоталы 
тақырып  –  әуелі  “Қызыл  сұңқар”  (1986  ж)  деген  атпен 
арнайы еңбекке айналып, ана тілімізде дүниеге келді. Көркем 
беллетристік,  дерегі  мол  еңбек  жазылу  формасымен  қазақ 
әдебиетіндегі жаңалыққа баланды. Тағы да ілтипатпен қарап, 
тосырқаған  көпке  тойтарыс  берген,  еңбектің  әділ  бағасын 
айтқан  адам  –  Сәбит  Мұқанұлы  болды.  Ол  дұшпан  қайта 
беттей алмастай алғысөз жазып, документалист жазушы бағын 
ашты.  “Ең  алдымен  бұл  кітапта  Сәкеннің  өмір  жолында 
оқырмандарға  бұрын  мәлімсіз  материалдар,  деректер  көп. 
Тұрсынбек  оларды  Сәкенді  көрген,  істес  болған  адамдармен 
жолығысу  арқылы,  Омбының,  Қызылжардың  (Петропавл), 
Ақмоланың (Целиноград)  архивтерін  ақтару арқылы  тапқан. 
Бұлардың бәрі де оқырмандардың Сәкен туралы бұрын біле тін 
материалдарын байыта түседі. 
… “Қызыл сұңқардың” тағы бір құнды жағы, Тұрсынбек 
Сәкенге  тән  деректерге  тоқталып  қана  қоймай,  сол  кездегі 
қазақ  халқының  тіршілігінде  болған  үлкен  оқиғаларды  Сәкен 
өміріне  байланыстыра  жазып,  біраз  шындықтардың  сырын 
ашуға талаптанғандығында” (6-7 беттер) – депті. Сол сияқты 
кітаптың  жанрын  да  тұңғыш  рет  дұрыс  анықтап  “Советтік 
көркем  әдебиеттің  негізін  салған  атасы  –  Максим  Горький 
ұйымдастырған “Тамаша адамдардың өмірі” аталатын серия 
барын,  бұл  серияларда  нелер  тамаша  адамдар  туралы  нелер 
ғажайып  шығармалар  жазылғанын  білеміз.  Тұрсынбектің 
“Қызыл сұңқары” да осы сериялардан өрбіген бұтақ. Мұндай 
еңбектер  бізде  көбірек  жазылуы  керек­ау  деп  ойлаймын. 
Өйткені,  біздің  көне  тарихымызда  болсын,  немесе  советтік 
заманымызда болсын халық үшін, жаңа қоғам үшін күрескен 
азаматтарымыз аз емес” (7-бет) деп, сүйсініс лебізін, ұсыныс-
тілегеін  айтқан  екен.  Бұл  аталы  пікір  көптің  “мезгілсіз”  тани 
алмаған шындығы болар, бәлки әдеби қауымның тани тұра айта 
алмаған пікірі болар. Қалай десек те, Т.Кәкішұлының “Қызыл 
сұңқары”,  оған  жазылған  Сәбеңнің  алғысөзі  С.Сейфуллин 
жөніндегі ағымдағы ағынды бұзды. Зерттеуші мерейі осы тұста 
тағы бір үстем болса керек.
Алғашында қиындау жол кешкен еңбек кейін Сәбең айтқан 
“Өнегелі өмір” сериясына барып қосылды. Орыс тілінде 1972 
жылы  “Молодая  гвардия”  баспасы  арқылы  Мәскеуде  жарық 
көрді. Жарық көру арқылы қазақ әдебиеті мерейін биік көтерді! 
Өйткені  еңбек  өз  жанры  бойынша  Орта  Азиядағы  алғашқы 
қарлығаштай саналады.
Өкініш айтуға, болмаса қуанып қабылдауға келер ме екен, 
біздің әдебиетіміздің жазба дерегі, архивтік сақталысы аз арғы 
дәуірінен бастап, көптеген мәселелері аса бір қиындықпен іске 
асып, қиналыспен жолға қойылып келеді. Осындай, дүдәмал-
күдігі  көп  мәселенің  бірі  –  қазақ  әдеби  сынының  тарихы 
болатын. Көптің көзі түсіп, күдікті көңілі соқпай жүрген осы 
проблеманы  да  қаза  зерттеп,  көмулі  жатқан  көмбедей  арғы-
бергісін  архив  тілімен  тірілте  сөйлетіп,  көріктендіре  ашқан 
ғалым тағы да Тұрсынбек Кәкішұлы! Одақтық деңгейде жақсы 
бағаға ие болып жүрген “Сын сапары” (1971 ж), “Оңаша отау” 
(1977  ж)  осы  қиын  проблеманың  докторлық  диссертацияда 
шешіліп, арнайы кітап болып шығуы! 
Әдебиеттегі бұл проблема белді бір ғалымға жүк боларлық 
бірегей еңбек. Қазақ әдеби сынының жайы сөз болғанда Тұрсекең 
атқарған  тағы  бір  міндет  аталады.  Ол  осы  мәселені  ғылыми 
конференцияларда  мәселе  көтеріп,  жоғары  оқу  орындарына 
“сын тарихы” деп аталатын арнайы курсты ізіне түсіп, қоймай 
жүріп  енгізді.  Жоспар-жоба  жасап  жолға  қойды.  Ғалым  осы 
міндетті  тереңдету,  сын  тарихын  арналандыру  бағытында 
еңбектеніп жүр. Қазіргі таңда бұл еңбек Т.Кәкішұлының зерттеу 
мектебін қалыптастырып отыр.
Әдеби сын тарихын – жанр тарихы арқылы келіп зерттеудің 
бір әдемі үлгісі – “Сын сапары”, “Оңаша отау” аталатын қос 
кітаптан тұратын еңбегі. “Құлағы кесіліп құнтиып, мұрны кесіліп 
шұнтиып” жұлмаланып жарық көрген қос кітаптық зерттеуді 
ойға  алса  ұстаздың  жаны  шырқырап  кетеді.  Кезінде  баспа 
бұл  қос  томдықты  аяусыз  қырқып,  “жүнін  жұлған  тауықтай” 
жұлмалап қысқартып шығарды. Баспаға бірге тапсырылған екі 
том  кітаптың  арасына  он  жыл  салып  барып  жарық  көргенін 
айтыңыз. Олай болатын реті бар.
Сын – қоғамдық ойдың қозғаушысы, ұлтты оятатын, есей-
тетін есті жанр. Ғалым қазақ ұлтының ояну дәуірі болған – ХХ 
ғасыр басындағы әдеби сын жайында айтқанда Патшалық Ре- 
сей қыспағына қарсы небір ащы ойларды, бостандық алдық дей 

300
301
отырып, ұлт оянуын, тәуелсіздік таңын аңсаған небір тотияйын 
ойға  оранған  өткір  пікірлерді  тұтас-тұтас  үзінді  күйінде 
кітабына еркін енгізіп отырған еді.
Әдеби  факты  ретінде  ХХ  ғасыр  басында  баспасөзде  жа-
рияланғанына қарамастан қазақ халқының бар кезеңдегі әлеу-
меттік  жағдайын  жарлай  айтып  тұрған  ол  ұлтшылдық  пікір-
лерден  басшылық  тайсақтамай  тұра  алмасы  хақ.  Ғалымның 
қазақ  елінің  жаңа  буын  жас  ұрпағын  кезінде  айтылған  пікір-
лерді ұсына отырып оятқысы келген ойы барынша ізгі.
Ізгі  ой  ол  кезде  осылай  үлкен-кіші  кедергіге  тап  болып 
жататын.  Сондай  кермелерді  үзіп,  кедергілерді  жеңіп  жарық 
көрген қос томдық бүгінде оқулыққа айналды. “Қазақ әдебиеті 
сынының тарихы” – аталып қайта-қайта басылым көрді. Ұл- 
тын оятып, ұлт ұрпағын ұлттық санамен тәрбиелеп келеді. Ұр- 
пақ танымына тарихи тұрғыдан ықпал етіп, санасына ұлттық 
сапа бітіруден асқан абыройлы міндет қайдан болсын?! Т.Кә- 
кішұлы еңбектері осындай абыройлы міндет жетегінде! 
Қазақ әдебиетіне түрлі аспектіден келіп, жан-жақты зерттеген 
ғалым еңбегі өзіндік бірнеше ерекшелігімен дараланады. Атап 
айтар болсақ, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы зерттеу еңбектері, 
біріншіден,  жан-жақты  терең  зерттеу  нәтижесі.  Екіншіден,  ол 
еңбектерін  ғылыми  концепцияға  құрады.  Үшіншіден,  ғалым 
еңбектері  архивтік  деректерге  толы  келеді.  Бұл  –  еңбектің 
дәйектілігін, ғылыми маңызын арттырады. Төртіншіден, про-
фессор  еңбектері  үлкен  ғылыми  жинақтаулардан  тұрады.  
Оның  зерттеу  еңбектерінен  тұтас-тұтас  дәуірдің  саяси  халі, 
әлеуметтік  ахуалы,  әдеби  процесі  өзара  жымдасып,  тұтаса 
көрінеді. Оның еңбектері – өзі зерттеп отырған дәуір келбеті, 
рухани портреті дәрежесіне жетеді.
Қазақстан  Республикасы  іші-сыртына  бірдей  кең  та ныл-
ған халықаралық академиялардың толық мүшесі (Ресей, Қыр-
ғызстан)  болып  сайланған  көрнекті  ғалым  Тұрсынбек  Кә-
кішұлы  зерттеу  мектебі  қалыптасқалы  қашан?!  Ол  сала-сала 
еңбектердің әрқайсысы арнайы зерттелуге тиіс келешекте!
Тұрсекең тәуелсіздік күндеріне, осылай, “Октябрь өркені”, 
“Сын сапары”, “Оңаша отау” зерттеу еңбектері арқылы әбден 
толысып келген болатын. Тегеурінді зерттеушіліктен оның та-
банды саясатқа ойысып, тәуелсіздік талаптары жайында бір аз 
пікір тербеуі осы орайда заңды-ақ! Өтпелі кезеңде Тұрсынбек 
Кәкішұлы  саясаткер  болып  атқа  мінді.  Кейбір  замандастары 
“Замана  әлдеқалай  құбылып  кетпес  пе?”  деп  әліптің  артын 
бағып,  сақтық  жасап  отырғанда  бодандық  тарихын  егжей-
тегжейлі білетін ғалым жан-жағына жалтақтап жатпай, саясат 
теңізіне  күп  беріп  түсті  де  кетті.  Ғалымның  өтпелі  кезеңде 
дауысының ащы шығып жатуына соның алдында ғана құйын 
болып  келіп,  империялық  құйтырқы  саясаттың  артын  ашып 
кеткен желтоқсан оқиғасы да себепкер болды-ау. Өйткені, 1986 
жылы  Қазақ  ұлттық  университетінің  филология  факультеті 
деканы  болып  қызмет  атқарған  Тұрсекең  тіміскіленген 
қауіпсіздік  органдарына,  студент  балаларын  өз  перзентіндей 
қорғаштап,  бірде-бір  шығын  бермеген,  сөйтіп  сөзге  қалған, 
солдан тұрған жел оңға ойыспаған жағдайда тағдыры не болары 
белгісіз,  бірақ  тәуекел  деп  тас  жұтып,  бәріне  де  белді  бекем 
буған табанды кісіңіз.
Құйын  айналдырған  құйтырқы  кезеңде  сыртқы  тепкінің 
тегеурініне  шыдап,  үлкен  дәреже  көрмесе  де  принциптілік 
үшін  бетбақтырмай,  декандықтан  кетпей  отырып  алған,  сөй-
тіп  былқылдақтау  басқа  басшы  болса  теміртордың  арғы  жа-
ғынан бір-ақ шығар талай көгенкөзді қорықпай қорғап қалған 
шынайы ұстаз – Т.Кәкішұлы! Сөйтті де жағдай оңалып, сібірлеп 
тәуелсіздік  таңы  атқан  сәттен  қызметін  өз  еркімен  тапсырып 
саясаткер  болып  атқа  мінді.  Мақсаты  –  ғасырлар  бойы  ар-
мандаған  тәуелсіздігіне  әупірім-тәңірімен  өлдім-талдым  де-
ген де қол жеткізген жас мемлекеттің буынын бекітісу, тәй-тәй 
басқан  қадамына  баяндылық  тілеп,  аяғынан  тұрғызуға  қыз-
мет  ету.  Тұрсекең  сол  тұста  радиодан,  теледидардан  ты ным-
сыз  көп  сөйледі,  ағымдағы  баспасөз  бетінде  дамылсыз  көп 
мақала  жазды.  Ардақты  ұстаздың  кәнігі  саясатшылардан  бір 
айырмашылығы – реформа неге жедел жүргізілмейді деген ойда 
жүрді де, үндемей қалатын жерлерде де үндемей қала алмады, 
“субординация”  сақтап  жатпады,  айтарын  аянбай,  тапқан 
ойын тартынбай алғаусыз айта берді, айта берді. Бәлкім, жасы 
ұлғайып келе жатқан кісіге бүкіл өмірін мемлекеттік қызмет- 
кер  ретінде  өткізетін,  сол  жолда  аққаптал  баяғы  кәнігі  сая- 
саткердің  тәсілқой  әккілігі  жетіспей  жатқан  шығар.  Алайда 
ол  сөздерде  ғалым,  ұстаздың  туған  ел  мен  туған  жер  жайлы 

302
303
алғаусыз адал ойлары, ақ еден көңілі жатар еді. Көңілге қара- 
май  сөйлегеннен  ұлт  ұтқан  шығар,  көшсем  деген  атажұртқа 
көше алмай, кіндік қаны тамған Ақмоланың құрметті азаматы 
атана алмай, ғалымның өзі зиян шекті. “Нешауа”, Сіз өз қара 
басыңыз  қамы  үшін  күн  кешіп  жүрген  жан  емессіз,  халқы- 
ңызға  аса  қажет,  ділгір  ойларды  дүрілдетіп  айтып,  ұлтты 
ояттыңыз,  одан  артық  не  керек?  –  деп  жұбатамыз  ұстазды, 
әрдәйім.
Ғалымның  “Санадағы  жаралар”  аталатын  публицистік 
кі табы өмірге осылай келген! Ұстаздың өтпелі кезеңде өрісте-
ген ой-пікірлері, сөйлеген сөздерінен бас құраған отты, ойлы 
публицистикалық  кітабын  қазір  де  қайта  бір  бастап  оқысам 
басымды көтере алмаймын. Осы мерейсөзді жазуға дайындық 
барысында  және  бір  рет  оқыдым.  Оқыдым  да,  ойландым, 
толғандым.  Өзгені  де  ойландырарына,  толғандырарына  көз 
жеткіздім.
Бір  кітабын  Тұрсынбек  Кәкішұлы  “Сандалтқан  “Садақ” 
атады. “Садағы” несі? “Сандалтқаны” қалай? Майлин әдеби 
мұрасына байланысты сөз арасында айтылып өтетіні болмаса 
“Садақ”  жорналын  көпшілік  біле  бермейтін.  Ептеп  естіген 
ескі  көздер  сарқылған  кез.  Аға  буын  өмір-тарихында  үлкен 
роль  атқарған,  Биағадан  бастап  бірсыпыра  дарындардың 
ырымалды  туындылары  жарияланған  қолжазба  басылымның 
бірі  –  Тұрсекең  індете  жүріп  тапқан,  кейбірін  “Жұлдызда” 
жариялатып,  әдеби  айналымға  қайта  түсірген  осы  “Садақ” 
жорналы.
“Садақты”  оқып  отырғанда  ХХ  ғасыр  басында  сом-сом 
бұқарашыл  таланттардың  шыққанына,  олардың  аз  жылда 
шапшаң  өсіп,  жедел  қалыптасқанына  куә  боламыз.  Әлеумет 
өміріндегі қайшылықтарды, басы бостандық болып басталған 
жаңа  қоғамның  аяғы  қайда  апарып  соқтырар  екен  деген 
дүдамал ойды да кездестіреміз. Соның маңыздыларын іріктеп, 
сұрыптап  алып,  ара-арасында  зерттеуші  көңіл  күйінен  хабар 
беріп,  мөлтек  сюжет  өріп  жіберіп  көптің  көңілінен  шығатын 
қызық кітап жазды Тұрсекең.
Орыс әдебиетінде ХІХ ғасырдағы бір жорналдың айна ла-
сында сан-алуан таланттар тағдыры әңгіме болып жататын түр-
лі жанр туындылары бары мәлім. Өзгесін қоя тұрып, бертінде 
Ф.Кузнецов секілді үлкен сыншының әдебиет сынынан осы са-
лаға ойыса кітап жазып жүргенін айтсақ та жетеді. Тұрсекеңнің 
майдадан жинақтап ірі шығарған, елеусіздеу дүниелерді уақыт 
көзімен  қарап  елеуліге  айналдырған  еңбегі,  бет  пішімі  де, 
жанрлық  табиғаты  да  өзгешелеу  туындысы  –  осы  “Садақ”. 
Жаңа еңбектің жанры не? Егер “эссе” дей салсақ көп әңгімеден 
ың-шыңсыз  құтыламыз.  Бірақ,  бүкіл  әдебиетшілік  шығарма- 
сын  іздеуге  құратын  Ираклий  Андроников  өз  кітаптарына, 
әсіресе бүкіл өмірінің мәніне айналдырған, соған орай кәделі 
сыйлық  алған  “М.Ю.Лермонтов”  аталатын  кітабының  жан- 
рын “Із деністер мен олжалар” (поиски и находки) деп атаған 
жоқ па? Андронниковты қоя тұрып, өзінің сыралғы досы, татар 
әдебиетшісі Рафаэль Мұстафин да Мұса Жалел жайында жаз - 
ған кітабын “ізденіс” деп атады. Сол секілді профессор Тұр- 
сын бек  Кәкішұлының  “Садағы”да  “ізденіс”.  Ол  Тұрсекеңді 
әуреге салып “сандалтқанымен” қазақ оқырманын кеніш олжаға 
кенелтті.
Қазақ әдебиетінде “Садақ” сынды екінші бір кітап жоқ әл-
әзірге. “Садақ” саяқ тұр.
Қазақта “Жүрген аяққа жөргем ілінеді?” – дейтін сөз бар. 
“Жөргем” деп ертеде ата-бабамыз малдың ішек-қарын секілді 
ішкі  дүниесінен  пісіріліп  ұлы  жолдың  бойына  жолаушыға 
арнап  жерге  көміп  кететін  кайырымдылық  асын  айтқан 
секілді. Аналарымыз малдың ішегін әбден тазалап буып-түюді 
“жөргемдеу” – деп жататын. Дәл қазіргі “жөргем” ізденісте 
жүріп тапқан рухани олжа!
Бала  шағында  география  пәнін  сүйіп  оқыған,  есейгенде 
географ боламын деп ойлаған Тұрсекең табиғаттың өзге ауы-
сымында архив ақтарып, тапқан-таянғанын теориялық ойлар-
мен  толыстырып  тыңғылықты  еңбек  жазса,  жаз  шыға  белгілі 
бір мақсат жетегіне еріп саяхаттап кетер жақсы әдет иесі.
Сүйікті кейіпкері Сәкен Сейфуллин ізімен (“Тар жол, тай-
ғақ кешу”) Омбыдан түсіп, Бетпақдалалатып оралғанын біле-
міз. Сол сапар жақсы еңбектің тууына себепкер болды. Ол аз 
болса бір қиыры Сахалиннен түсіп, екінші бір қиыр Украина, 
Беларуссиялатып тағы бір жортты жиһанкез ағамыз. Нәтижесі 
– “Жол үстінде 80 күн”. Бір сыбаға жақсы жиһанкездік. Бірақ, 
қызыққа берілген ағамыз онымен де тоқтаған жоқ. Түп тарихы 

304
305
туыстық танытатын Татарстан, Башқұртстанға да барып қайт-
ты.  Рухани  ізі  –  “Ұштасқан  үш  өзенмен”,  Кавказ,  Қырым 
сапарын “Жасампаз өлке” деп те кітап етіп жазды.
Т.Кәкішұлының бұл сапарының мәні неде? Жолсапар жаз-
баларын қалай қабылдауымыз керек?
Тұрсекеңнің бұл сапарларының мән-мағынасы қарапайым 
ғана “Атың барда жер таны желіп жүріптен”, тұтас өмірта-
ным ға айналады, ұлт тағдырына келіп-келіп түйісер тарихты, 
соқталы  тағдырларды  іздесуге  ұласады.  Автор  тұлғасында 
әуесқой жиһанкез, із кесуші жорналист, ойы толысқан ғалым, 
ұлтын сүйген қайраткер өзара тоғысып жатыр.
Әлгі аталған жазбалардан тарихтың беймәлім беттері сөй-
лейді, Отан соғысында апат болған боздақтар есімі анықталып 
іздері айқындалады. Әңгімемізге тұздық болсын бір ғана мысал 
келтірейік.  Асау  жүректі  ақын  Сұлтанмахмұттың  бірге  өскен 
досы – Шәйбай Аймановтың Арқадан – қыста ауған арқарадай 
болып, Қарашайстан асу сыры, тағдыр желі айдап апарған аза-
маттың ақыры туған жерден жырақта мәңгілік дамылдап жат-
қан себептерін, деректерін Тұрсекең осы жолсапар жазбалары 
арқылы  білдік.  Мұңды  тағдыр,  тың  дерек.  Бұл  –  Тұрсекең 
жортып  жүріп  тапқан,  жол-жөнекей  ашқан  бір  ғана  дерек! 
Аталған кітаптарда мұндай тосын деректер қаншама?!
Сапарнамалары  Тұрсекеңнің  жорналист-жазушы  ретінде 
халқына қызмет етуінің бір үлгісі, қаламгерлік бір қыры! Бей-
нелеп  айтсақ,  бұл  жазбалар  Т.Кәкішұлының  «жүрген  аяққа 
жөргем ілінер» дегендей, сапарға белгілі бір мақсатпен шық-
қан, жол жүрген, жүргенде ілген «жөргемдері». Аға буын өкілі 
ретінде  Тұрсекең  қазаққа  қатысты  қазына-байлықтың  қайда 
жатқан  көзін  көрсетіп  берді,  көбесін  сөгу  –  ұрпақ  кәдесіне 
жарату кейінгі буын еншісінде!
Жорналист-жазушы Тұрсынбек Кәкішұлының бұл бір сала 
еңбектерінің мән-маңызы да осында! Көркем шығармашылық 
адамдарының әдебиеттің бір жанрынан екіншісіне өте ең бек-
тенуі  –  табиғи  құбылыс.  Ал,  әдебиетші  ғалымдардың  жазу-
шылыққа  ден  қоюы  сиректеу  көрінер  жәйт.  Орыс  Д.Гранин, 
Ф.Абрамов, эстон П.Куусберг көркем прозаға ғылымнан, қазақ 
Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов әдеби сыннан келген. Әдебиетші, көр-
некті ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының деректі прозаға ден деп 
баруы,  беллетристикаға  бой  ұруын  жоғарыда  айттық.  Бір  сәт 
қиял қыдыртып, әдебиетшілік жұмыспен жарыстыра алып ке-
ле  жатқан  бұл  салада  Тұрсекең  соңғы  кездері  «Сәкен  сүйген 
сұлулар»,  «Мағжан  мен  Сәкен»,  «Сайыс»  секілді  кітаптар 
жазды.  Қ.Орманбаевамен  бірге  Агата  Кристидің  шытырман 
оқиғалы шығармасын қазақ тіліне аударды. 
Көріп  отырғанымыздай,  деректі  дүниелердің  дені  Сәкен 
өмірінен өрбіп жатқан еңбектер.
Шәкірт  ретінде  ұстаз  алдын  көрген  біздер  Тұрсекеңнің 
Сәкен  жайында  жанып  лекция  оқығанын,  дәріс  үстінде  әлде-
кімдерге  жауар  бұлттай  түнере  төніп,  төбелерінде  найзағай 
болып  жарықылдағанын,  ақын  трагедиясын  айтқан  сәттері 
сезімге беріліп көзіне жас алғанына талай куә болғанбыз. Бәрі 
де өміріңді арнаған тұлғаны сүйе зерттеуден!
Алпысыншы жылдары «Қызыл сұңқар» қолжазба күйінде 
күйреп кете жаздағанда Сәбит Мұқанұлының алғысөзі сақтап 
қалып,  қиындықпен  жарық  көргенін,  кейін  оқырман  пікірі 
қолдап, қаламгерді қанағаттандырғаны, толымды күйінде «Мо -
лодая  гвардия»  баспасынан  «Жизнь  замечательных  людей» 
сериясы  бойынша,  кейбір  қыспаққа  байланысты,  алды мен 
Москвада орыс тілінде басылғаны, бұл кітаптың түркі халық-
тары арасынан төлбасы екені, кейін «Өнегелі өмір» сериясын 
өзімізде ашып, қазақ тілінде өрістетуде бастамашы болғаны… 
бәрі-бәрі  біреу  біліп,  біреу  білмейтін,  көп  жұрттың  құлағына 
жетпеген өткен тарих. 
Т.Кәкішұлының белетристикаға қаламгерлік жолы осылай 
басталған.  Салынған  осы  сүрлеу  кейін  әлгі  аталған  деректі 
кітаптарға ұласты. Арада қаншама айтыс-тартыс, көзге көрініп, 
көрінбей  жасалар  кермеге  тап  болу,  соның  бәрінен  ширыға 
шығып кезінде басталған істі бүгінге жалғау жатыр. Мақсатты 
ізденіс!  Әдебиет  дүниесіндегі  айтыстан  біреу  жасиды,  енді 
біреу «тасиды». Ұстаз Тұрсекең осының соңғысына жататын – 
табанды, тегеурінді тұлға!
Әрине,  Тұрсекең  Сәкен  Сейфуллинді  өте  жақсы  көреді. 
Сү йіп зерттейді. Сәкен де, өзге де бірсыпыра жазушылар әде-
биетке кеңес жыршысы райында келді. Бойындағы бар дарын 
қуатымен Кеңес өкіметіне қызмет етті. Тарих аренасынан Ке- 
ңес  өкіметі  кетті.  Кеңес  кетті  екен  деп  Сәкен  бастаған  бір 

306
307
шоғыр  топ  тарихи  тұғырларынан  кете  қоймайды.  Алайда, 
олардың әдеби мұрасын жаңаша зерттеу, жаңа қырынан ашуда 
методологияны  өзгертуіміз  қажеттігі  анық.  Сәкенді  сүйген 
ғалым  жаңалықтың  желін,  уақыт  талабын  оң  түсініп,  айтулы 
тұлғаға жаңаша келудің жолын іздестіруде. Онысы бізге үлгі! 
Ғалымның Мағжан мен Сәкен аралық өмірлік һәм өнерлік 
қарым-қатынасын нақты дәйек арқылы ашып, осындай еңбек 
жазуы – тағлымды үлкен іс.
Өтпелі  кезеңде  кеңесшіл  С.Мұқановқа  шүйліккен  әсіре 
әпербақандардан  жазушыны  арашалауға  табиғатынан  айтыс - 
кер Тұрсекең аянбай кірісіп-ақ кетті. Нәтижесі – сапалы зерт-
теу, «Сәбит» аталатын қызықты ғұмырнамалық кітап.
Әдебиетте Сәкенді сүйіп зерттегені секілді, ғылымда ұстаз 
тұтып ерекше жақсы көрері – Есмағамбет Ысмайылұлы. 
Қазақстан Республикасы Архив басқармасына қарасты Ор-
талық  Мемлекеттік  архивте  көрнекті  ғалым  Есмағамбет  Ыс-
майылұлы  жеке  қорында  орайында  еске  аларлық  құжат  бар. 
Өмірде туа дімкәс, оның үстіне қуғын-сүргінді көп көріп, жа-
рық  жалғаннан  ертерек  кеткен  аталмыш  ғалымның  бес  том-
дық жинағын дайындаған. Алғысөзін Сәбит Мұқанұлы жазбақ 
болыпты.  Ұстаз  ғалым  көптомдық  еңбегінің  жобасын  жасап, 
жи нап-теріп  өндіріске  дайындаған,  шәкірті  –  Тұрсынбек  Кә-
кішұлы.
Ұлы ұстаз және шынайы шәкірт Есағаң мен Тұрсекең ара 
қатынасын  осылай  тәспірлеуге  болады.  Ғылымға  талпынған 
балауса  кезінде  адал  жетекшілік  жасаған,  1917-29  жылдар 
әдебиеті  тарихын  бірге  жазған,  дұрыс  бағыт-бағдар  берген 
ұстазға  деген  шәкірт  құрметі  әлгіндей.  Ол  ғана  емес,  «Есма­
ғамбет  Ысмайылов  не  үшін  сотталды?»  «Сын  мен  ғылым 
сардары»,  «Дар  алдындағы  сөз»  –  сериялық  мақалаларын 
жазған, өзі осы тақырыпта шәкірт тәрбиелеген… көп-ақ.
Тұрғыластарының  кейбірі  ұстаздарының  көзі  кеткен  соң 
астарлап  сынап,  кейіпкерге  айналдырып,  күлкі  еткісі  келіп, 
ұшқары мінез танытып, онысы баланың көрпеге басын тығып 
жалаңаш жатып «мен жоқпын» деп айғайлап «жасырынғанын» 
еске түсірерлік іс жасап, күлемін деп өзі күлкіге айналып жат-
қанда  Тұрсекең  ұстаздары  Е.Ысмайылұлы,  Б.Кенжебайұлы 
еңбегіне  алғысөз,  соңғысөз  жазып  жариялатып  жүргені.  Үш 
том,  алты  кітаптан  тұратын  көп  авторлы  «Қазақ  әдебиетінің 
тарихында»,  өзінің  «Оңаша  отау»  атты  еңбегінде  олардың 
шығармашылық портретін жасап жүргені және бар. Міне, кісі-
лік! Тұрсекеңнің Есмағамбет Ысмайылұлы, Бейсембай Кенже-
байұлына жасаған қызметінің үлгілі сипаты міне осындай!
Ол – бейне аманат арқалағандай Азамат! Оның бар шығар-
машылығы сол атқарылған аманаттардай!
Жасырары  жоқ,  ұстаз  ұлғайды.  Алайда,  тұғырдан  түскен 
жоқ.  Қайта  еңбек  көрігін  қыздыра  түсуде.  Өмірлік  қимасына 
айналдырған  Сәкен  Сейфуллиннің  көптомдығын  жары  – 
Күләш  Ахметова  екеуі  әуелгі  нұсқалары  бойынша  баспаға 
дайындау  үстінде!  Бар  ғұмырын  әдебиетке  арнаған.  Әдебиет 
– ұстаз тыныс-тіршілігіне айналған. Тыныстауды білмейтін ол 
тынымсыз тіршілік кешіп келеді.
Қол  созар  қордалы  азамат  табылар  деген  оймен  ұстаз 
жақында өзінің көптомдығын дайындап үлгерді. Оларды шы-
ғарар  иманды  азамат  табылар.  Көп  томдық  ретінде  қайта 
басылар шығармаларына ақ жол тілейміз. Тәуелсіз мемлекеттің 
білімге сусай желкілдей өсіп келе жатқан жас өркеніне рухани 
әр берер, нәр берер еңбектер! 
Ғылыми-публицистік  сан-салалы  еңбегі  өз  алдына,  ұстаз-
дарына деген шәкірттік бейілі студент партасында отырған бәз-
баяғы, мөп-мөлдір таза қалпында екен-ау. Ал, осындай ұстаз-
дың шәкірттеріне деген дархан бейілі әңгіме басында айтқан-
дай мейірімге толы. Қазақ әдебиеттану ғылымының ауыр жү гін 
дабыра-дамайсыз  арқаларына  аударып  алып,  абыроймен  ат-
қарып келе жатқан бүгінгі орта буын, тегеурінді топ профессор 
Тұрсынбек Кәкішұлы мектебінің түлектері, тікелей шәкірттері. 
Біздің  қай-қайсымыздың  да  маңдайымызда  Тұрсекеңдей  ала-
ламай-бөлмей, шәкірттеріне туған перзенттеріндей ықыласпен 
қарайтын, аялай тәрбиелейтін шынайы ұстаз алақанының ыс-
тық табы жатыр.
Өмір сапарымыздың оң  басталуына ықпал  еткен, әдебиет 
дүниесінде ақ жүріп, адал еңбек етуге үндеумен келе жатқан, 
бүтін болмыс ұстаздың өзге де толып жатқан шығармашылық 
жоспары бар. Мақсатына жеткей, шәкірттерін алаламай, бөлмей 
тұтас  жақсы  көріп,  бауырына  бәрін  бірдей  қысқысы  келіп 
тұратын тұтас тұлға, ұлы ұстаз!
Біз Сіздің алдыңызда шәкірттік бейілден, басымызды иеміз, 
қадірлі ұстаз!

308
309

1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   41


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал