СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



жүктеу 4.69 Kb.

бет18/41
Дата09.01.2017
өлшемі4.69 Kb.
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   41

КӨШБаСШы
(Академик Зәки Ахметов туралы толғаныс)
Аға  буын  әдебиетке  жаңа  келген  жастарды  жақсы  пайда-
ланатын әдеті. 
Аға буын өкілінің бірі өзінің жетпіс жылдық мүшеліне Қа-
зақстан Жазушылар Одағы жанынан мерекелік комиссия құр-
ғызып, жауапты хатшылығына қантуыстығы бар мені сайлады. 
Мен  комиссия  мүшелерін  жинадым.  Жазушылар  Одағының 
«әруағы» әлі тірі кезі. Міндет бөлістік. «Сен мына газетке ма-
қала жазасың мақтап», ал сен ана газетке... Ұялмай, қызармай 
өзі қатысып отырған ағам көңілді-ақ. «Тағы да ана бір шағын 
календардың қалып қойғанын» еске салып маңғазданып отыр... 
«Жас  келсе  –  іске!»  Мойнына  алған  міндеттерін  мойындап 
болған,  білек  сыбанған  жастар  мәслихаттан  кейін  «Барға» 
барып бір желпініп алғысы келді. Менің ағамның шәй бермеу 
үшін  үйіне  емес,  Жазушылар  одағына  шақырып  отырғанын 
қайдан білсін аңғал жастар. Емеурін олардың тарапынан. Мең-
зеу  менің  міндетім.  Ишаралап  айтып-ақ  жатырмын.  Қумүйіз 
ағам ишараңа «и» дейтін емес, емеурінге езуді әуре қылғысы 
келмейді.  Аңқаусып  отыр.  Шарап  ішіп,  шалқып  қайтпаса  да, 
шашырай  күліп,  жадырай  қайтсын  деген  оймен  әзіл-шыны 
аралас сұрақ жолдадым маңғаз ағама:
–  Осы  былтырлы-биыл  әдебиеттану  ғылымы  үшін  дихан-
шылық жылы болды-ау, аға. Ана замандасыңыз, ана құрдасы-
ңыз 70 жасқа толды. Қатырып тұрып тойладық. Енді Сіз, со-
сын  ана  досыңыз  дегендей...  Айтыңызшы,  осы  біз  былтырлы 
биыл шын 70-тің тойларын тойлап жатырмыз ба? Әлде жасын 
жасырып,  соғыстан  жалтарғандардың  өтірік  жетпіс  жылдық 
тойын тойлап жатырмыз ба?
Әудемде арқа-жарқа көңілді отырған ағам әп-сәтте шарт ете 
қалсын. Өзі де мінезсіз кісі еді жарықтық. Бұғағы салбыраған 
ағам ерін бауырына алып тулап, орнынан бүйі тигендей атып 
тұрып  шығып  кетті  бұрқылдап.  Қатарластарыма  мен  пақыр 
түстім...
1927, 1928 жылдары жарық дүниеге келіп, асарын асап, жа-
сарын жасап өмірден өтіп жатқан бір буын әдебиетші ға лым  дар 
жайында сөз болса осы бір шалағай тірлігім есіме тү сіп, ішім-
нен ұятым қызарып қоя береді. Біртүрлі ыңғайсыз данамын...
Әзіл әңгімеге арқау болып отырған тұтас бір буынның бел-
ді бір өкілі қимас аға Зәкең – Зәки Ахметов жайындағы есте-
лікті  осы  бір  жағдайсыз  ситуацияны  еске  алумен  бастағалы 
отырмын.
Зәки Ахметов есімін алғаш өз басым профессор Бейсембай 
Кенжебайұлы аузынан естідім. Және бір мен емес шығармын 
шәкіртін  мақтаған  сөзді  Бейсекең  аузынан  естіген.  Бейсекең 
шәкірттерін кіндігінен өнген перзентіндей көретін. Сондықтан 
да  болуы  керек,  кейбір  замандас,  дос-жарлары,  шәкірттерін 
сабақ үстінде, сұхбаттасу сәтінде түрлі ситуацияға байланысты 
мақтаныш  көре  айтып  отыратын.  Біз  Әмір  Нәжіп,  Мәдина 
Богданова,  Натан  Маллаев,  Әуелбек  Қоңыратбайұлы,  Қайым 
Мұхамбетханов, Сәйділ Талжанов секілді өзінің замандастары, 
Әбен Сатыбалдиев, Зәки Ахметов, Мұхтар Мағауин, Мырзатай 
Жолдасбеков, Әбіш Кекілбайұлы, Рымғали Нұрғалиұлы, Қадыр 
Мырза  Әлі,  Ермек  Өтебаев,  Қабиболла  Сыдиықұлы  сынды 
шәкірттері есімін алғаш Бейсекең лепесі арқылы есітіп, білдік.
Соның бірі – Ахметов Зәки есімі.
«Қазақ  әдебиеті»  кафедрасының  меңгерушісі  профессор 
Бейсембай  Кенжебайұлы  Әмір  Нәжіп,  Кононов,  Баскаковты 
Мәс кеуден  арнайы  шақыртып,  бізге  лекция  оқытты.  «Сәйділ 
Талжанов, Әбен Сатыбалдиев, Зәки Ахметовті үйдің іргесінен 
шақыртып келтіре алмай жүрмін» – дейтін жарықтық. «Неге?» 
дегендей аңырап біз отырар едік. Оның бәрі оқу орнының бі-
рінші басшысына, оның түркологияны түсіну-түсінбеуіне бай-
ланысты болатынын «кісідегінің кілті аспанда» екенін қайдан 
білейік ол кезде. Сондай сәттері Бейсекең бізге Зәки Ахметов-
тің «Қазақ өлеңінің құрылысы» аталатын орыс тілінде жазыл-
ған кітабын оқуды жиі айтып жүрді. «Теориялық жағынан қа зақ 
өлеңі жіті зерттелген байсалды еңбек» – деген пікірін нық-нық 
айтып  қоюды  ұмытпайтын  жарықтық.  Зәкидей  білімпаздың 
өзі нің шәкірті екенін Бейсекең айтқан емес, біз білген емеспіз. 
Жастарды білімге құштарландыру, ғылымға ынталандыру үшін 
айтатын шынайы педагогтық мінез болуы керек. Тең-дәрежелес 
әріптесі райында айтар еді. Зәки Ахметов есімін біз алғаш осы-
лай Бейсекең аузынан есітіп білдік. Бейсекең айтса, бейсауыт 
сөз айтпайтынын білетін біздер сол күні – ақ З.Ахметовтің орыс 
тілінде жазылған «Қазақ өлеңінің құрылысы» аталатын кітабын 
іздеп кітапханаға барып, алдымызға өңгеріп отырдық.
Талай жасқа пана, махаббатта ана болған «Виноградов 88»  

246
247
ғимаратында (жатақхана) жатамыз. Біздің Серік Оразбаев курс -
тасымыз  екі  жыл,  екі  курс  жоғары  оқитын  Серік  есімді  (фа-
милиясын  ұмыттым)  бозбаламен  бір  бөлмеде  жатты.  Орын 
бөлінгендегі  рет  солай.  Досымызға  барып  жүріп,  аяқтаушы 
курс студенті райында диплом жұмысына қызу кірісіп кеткен 
аға  Серікті  көріп  таңырқай  қараймыз.  Айналасы  толы  кітап. 
Кітап болғанда да – Зәки Ахметов еңбектері. «Лермонтов және 
Абай» – дейсіз бе, «Қазақ өлеңінің құрылысы» дейсіз бе, бәрі 
сол  Серіктің  айналасынан  табылады.  Кітапханадан  жаз ды-
рып  алған  кітаптары.  Тақырып  беруші  кім-кімге  де,  тіпті  за-
мандастарына да қызғанышсыз кеңпейілдікпен қарайтын Тұр-
сынбек Кәкішұлы. Ол кезде – ғылым кандидаты. Әр сөзін «Осы 
ретпен келген уақытында...», «осы ретпен келген уақытында...» 
–  деп  сабақтайтын  ұстазымыз  Тұрсекең.  (Бейсекең  де,  оның 
сүйікті шәкірті Тұрсекең де қызба болуы мүмкін, бірақ шешен 
сөйлейтін  қызулы  лектор  емес-ті).  Бір  рет  емес,  бірнеше  рет 
барып жүріп байқаймын: аға Серік қиналулы. Қиналатыны тү-
сінікті.  Зәкең  қаламынан  туған  дүниелер  –  таза  академиялық 
стильде орындалған ғылыми терең еңбектер. Оған кез-келген 
кісінің  тісі  бата  беруі  неғайбіл.  Бейсекеңнің  айтуымен  барып 
Зәкең кітаптарымен бетпе-бет келгенде талай рет тауымыз ша-
ғылып жүр. Ал, аға Серік университетті бітіруші курс...Сөйт-
сек, ол да тістене ұмтылып, тісі батпай, ұмсына түсіп тауы ша-
ғылып, тауаны қайтып, салы суға кетіп сүмпиіп отырады екен. 
«Бекер алған екенмін бұл тақырыпты – деді Секең бірде, – Кә-
кішев  ағай  ұсынған  соң  ала  салып  едім.  Қиын  екен».  Ол  кез 
диплом жұмысына талаптың күшті кезі.
Зәки Ахметов есімімен екінші рет осындай жағдайда кез-
десіп едім.
ҚазМУ-ді  біз  де  аяқтадық.  Кезіндегі  Қазақ  ССР-ның  бес 
шалғайына арнайы жолдама алып, министрліктің көтерме қа-
ражатын  қалтаға  ұрып,  енді  аттанғалы  тұрған  бес  бозбаланы 
ұстазымыз  Тұрсынбек  Кәкішұлы  кездейсоқ  ұстап  алып,  Оқу 
министрінің  орынбасары  Әуезхан  Қанапинге  кіріп  босатып 
алып  шықты.  Алып  шықты  да  кезіндегі  Қазақ  ССР  Ғылым 
ака демиясының  М.О.Әуезов  атындағы  әдебиет  және  өнер 
инс титутына  ата  қаздай  алдымызғы  түсіп  бастап  алып  келді. 
Алдын-ала  келіскен  институт  директоры  Әди  Шәріпов  ор-
нын  да болмай шықты. Есесіне бізді өзінің орынбасары – Зәки 
Ахметовке  мықтап  тапсырып  кетіпті.  «Тұрсынбек  алып  кел-
ген балаларды ретіне қарай институттың бөлім-бөліміне лабо-
рант етіп орналастыра бер». Директордың орынбасарына тап-
сырмасы осындай! Оны «Аманбысың Зәки?» – деп ұстазымыз 
еркін  амандасқан  орта  бойлы,  бұйра  шаш,  алтын  көзілдірікті 
жігітағасы  жасындағы  азаматтың  өзі  жеткізді.  Жеткізді  де 
Тұрсекең бастап келген бес баланы кабинетіне қарай жетелей 
жөнелді.  Кабинет  есігіне  «Директор  орынбасары  Ахметов 
Зә ки» – деп жазылыпты. Тұрсекең ұстазымызбен қатар-құрбы 
екені әңгімелерінен анық аңғарылып тұр. Әзіл-қалжыңы аралас. 
Жарасымды. Кенет Зәкеңнің есіне әлдене түскендей:
–  Әй,  Тұрсынбек,  осы  жігіттердің  бәрі  сенің  ауылыңнан 
болып шығып ұят болмасын!-дегені.
Ұстазымыздың аққұба әдемі жүзі өрттей қызырып ала жө-
нелсін.  Құдайдай  көріп  отырған  ұстазымыз  безгек  тигендей 
абдырады да қалды. Әлден уақытта барып, тұтығыңқырап:
–  Зәки,  шынымды  айтсам,  осы  жігіттердің  қайдан  екенін 
өзім де білмеймін – деді. – Дұрысы – өздерінен сұралықтағы!
«Балажанов  Байділхан  –  Алматы  облысы,  Ұйғыр  ауда ны-
нан», «Жанғара Дәдебаев – Жамбыл облысы, Талас ауда нынан», 
Омаров Төребай – Қызылорда облысы, Қазалы қала сы нан», Ер-
гөбеков  Құлбек  –  Шымкент  облысы,  Қызылқұм  ауда нынан», 
Әбішев Жарылқасын – Көкшетау облысы, Степняк қала сынан» 
Бойымызбен (ойымыз да сол шамалас болатын) қаздай тізіліп 
тұрған бес бала өзіміздің қай өңірден екенімізді сарт-сұрт баян-
дадық та шықтық.
Аққұба ұстазымыз қайтадан ай жүзденді.
– Зәки, маған мына көкшетаулық бала жақын келеді екен. 
Туысым болып шығуы ғажап емес. Оның үстіне мен Көкшетау-
да  оқығаным  бар  ғой.  Қызметке  алмаймын  десең  –  осы  бала 
құрбан – деді.
Енді қараторы жігітағасының жүзі қызараңдады. Қыза раң-
дап тұрып:
– Азаматсың Тұрсынбек! – болды айтқаны! Зәкеңдей аяулы 
ағамен біз алғаш рет осылай бетпе-бет жүздестік.
Әрине, екі ағамыздың да ойында ешқандай жаман пікір жоқ-
ты. Тіпті екеуі бір өңірдің азаматтары десе де болады. Есесіне 
бұл  екі  ағамыздың  өздері  де  бөлінбей  (бүгінгі  сияқты),  алаш 
азаматтарын да алаламай тұтас қамқор болуының көрінісі еді. 
Ойлағаны  –  біздің  қамымыз.  Ойлағаны  –  қазақтың  бүтіндігі! 
Біз алдымыздағы ағаларды жақсы көріп кеттік.

248
249
Бесеуіміз  аталған  институттың  бес  бөліміне  лаборант  бо-
лып қызметті бастап кеттік. Бесеуімізді бастап келген Тұрсекең 
жағасы жайлау болып жалғыз қайтты. Көлікпен жеткізіп салу, 
шығарып салу да ойымызға келмепті. Ұят-тағы!.. 
Зәкеңмен бір институттамыз. Мен институттың «Бейнелеу 
өнері» бөліміне түстім. Бөлім меңгерушісі – өнертанушы Гүл-
шара  Сарықұлова.  «Театр.  Кино»  бөлімімен  бір  бөлмедеміз. 
Ол  бөлімнің  бастығы  –  ақын  Әбділда  Тәжібайұлы!  Ауылша-
руашылығы жұмысына адам сұрайды. Жастар – біз аттанамыз. 
Институттың шұғыл шаруалары болады, жастар – біз атқа ра-
мыз.  Қолымыз  қалт  еткенде  ғылыммен  ауызданамыз.  Жа зу ға 
шұғылданамыз.  Сол  жылдары  Зәкеңнің  басшы  ретінде  жұм-
сауын  да,  жас  азамат  ретінде  қамқорлығын  да  көрдік.  Өкін-
бейміз.  Қайта  атақты  ғалым  ағалардың  өздерімен  сұх батта-
сып, еңбектерін оқып, ғылымға баулыну үстінде жүрдік. Сту-
дент кезде тісіміз батпаған «Қазақ өлеңінің құрылысы» моно-
графиясын қайта оқып, ішіне кіре бастадық. Дұрыс-ақ болды.
«Бейнелеу  өнері»  –  маған  Алматыда  қалғаным  үшін  тая-
ныш болды. Әйтпесе, қазақ тілі мен әдебиеті маманы – маған 
бөлім қол емесі белгілі. Бейнелеу өнерінің бояу иісі мұрныма 
бармайды.  Бейсекеңнің  халін  біліп  барып  тұрамын.  Сырқат. 
Бір  қол,  бір  аяғы  нашар.  Миына  қан  құйылған.  Бір-ер  рет 
күр  мелген  тілмен  қайда  орналасқанымды  сұраған.  Жөнімді 
айттым.  «Зәкиге  айтайын  ба?»  –  деді.  Басымды  шайқадым. 
Бей секеңе қатысым бар бала екенімді біле бастаған кейбір аға-
ларым  ақыл  қосты.  «Зәки  –  Бейсекеңнің  шәкірті.  Бейсекеңе 
айт қыз.  «Бейнелеу  өнері»  бөлімі  саған  тұрақты  қызмет  орны 
болмайды.  Өнертанушы  болмайсың  ғой.  Басқа  бөлімге  ауыс. 
Мақала жазып, жарияланып жүрсің, Бейсекеңе айтып ғылыми 
қызметкер  бол!»  –  деп  сыбырлайды  олар.  Денем  қыза  тұра, 
ауыр  сырқаттан  бойын  тіктей  алмай  отырған  адамды  әуреге 
салғым келмеді. Оның үстіне кісі салып қызметке тұру, кісіге 
айттырып  қызмет  өсіру  –  біздің  жас  уақытымызда  жағымсыз 
мінезге жататын. Біреуге айтқызып мансап жасау – азаматтыққа 
жатпайтын. Ұзамай институтқа «штат қысқарту» келді. Әрине, 
жаңадан келген жас маман – мен академиямен хош айтыстым...
Менің  қызметтен  қысқарғаныма  өкінген  жандар  көп  бол-
ды.  Соның  бірі  –  Бейсекең.  «Қап!  Әттегене-ай,  әнеугі  күні 
Зәкиге  айтайын  дедім.  Көнбедің.  Қап,  әттегене-ай»  –  леумен 
бол ды.  Айтқызсам  ауырып  қалар  деп  ойлаған  Бейсекең  қыз-
меттен  қысқарғанымды  біліп,  айтқызбағаным  үшін  ауырып 
қа ла  жаздады...  Қайран,  Бейсекең!  Сөйтсем,  Зәки  Ахметов  – 
Бей секеңнің тонның ішкі бауындай жан тартып жақсы көретін 
сирек шәкірті екен.
...Кейін білдім. Бейсекең Зәкидің ұстазы, ұстазы болғанда 
да әкесіндей қамқорлық жасаған, бауырынан өнген баласындай 
ғылым-білімге  баулыған  ұстазы  екен.  Әкесіндей  демей  қай-
тейік,  мектепті  жасынан  бұрын  бітіріп  университетке  келіп 
«математика», «филология» факультетінің қайсысын таңдарын 
білмей  аңтарылып  тұрған  тәрбиелі  биязы  баланы  ішке  тарта 
әңгімелесіп,  филология  факультетінің  журналистика  бөліміне 
құжатын тапсыртыпты. Төрт жыл әдебиет теориясы, баспасөз 
ісі,  қазақ  әдебиеті  пәндерінен  сабақ  беріпті.  Үмітті  шәкіртін 
ұдайы  назарда  ұстапты.  Бақылап  отырыпты.  Оқу  бітіретін 
жылы  «Абайдың  эстетикалық  көзқарасы»  аталатын  тақырып 
ұсынып, дипломдық жұмысына жетекшілік жасапты. Диплом 
жұмысының ғылыми нәріне ден қойып «бестік» бағасын беріп-
ті. «Абайдың өлең текстінен қате жіберген» – деп қынжылып 
«төрттікті»  қонжитқан  аға-досы  –  Мұхтар  Әуезовке  жата-
жастана  өтініп  «бестік»  бағасын  қайта  қойдырыпты.  Сөйтіп, 
Зәки  –  «аса  үздік»  (с  отличием)  бітіріпті  ҚазМУ-ды.  Бітіруін 
бітірді-ау,  оқу  бөлімінің  бастығы  Хасен  Ибрашев:  «Жасы 
жет пейді.  Диплом  беруге  болмайды»  –  депті  министрліктің 
ресми құжатамасынан асып кете алмай. Тағы да жалыну. Боз-
баланың келешегі мол екенін алға салып үгіттеу... Ақыры дип-
ломын  алып  беру.  Өзі  басшы  болып  істеген  «Қазақтың  мем-
лекеттік  біріккен  баспасына»  қызметке  жіберту.  Екі-үш  ай 
іс теген соң баспаның бас редакторы, досы Ғалым Ахмедовке 
айтып, қағаз дайындатып босаттырып алу, соғыс жылдарында 
Санкт  Петербургтен  уақытша  ығысып  келіп,  ұйғыр  ақыны 
Қадыр  Хасановтың  үйінде  тұрған  орыстың  аса  ірі  түркологы 
Сергей Ефимовичпен аралас-құралас сыйлас, достығын кәдеге 
жаратып, сағынышты сәлем хатын жазып Зәкидей шәкіртінің 
қолына ұстатып Санкт Петербургқа жіберіпті. Бейсекең хатын 
апарып  берген  С.Е.Малов  досының  жай-күйін  сұрап  жік-жа-
пар болыпты. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауызынан кет-
пепті...»  Үшбу  хатты  алып  оқып  отырып  көп  ойланып,  бала 
Зәкиді аспирантураға түсіріп, өзі жетекшілік жасап, дос тілегін 
мүлтіксіз  орындапты.  Зәкең  Бейсекеңдей  шынайы  ұстазының 
арқасында Леинград аспирантурасында біліммен еркін сусын-

250
251
дапты. Бейсекеңнің сәлемін жеткізіп ұстазының тағы бір досы 
– Жирмунскиймен танысыпты. Ғылымда жеміске жетіп, «тасы 
өрге  домалай...»  бастапты.  «Абай  және  Лермонтов»  аталатын 
кандидаттық диссертация жазылып аяқталыпты. Қазақстаннан 
шәкіртінің  жақсы  лебізін  есітіп  Бейсекең  ұшақпен  ұшып 
жетіпті.  Қасындағы  темір  кереуетте  жатып,  шәкіртінің  аяқта-
дым деген еңбегін бастан-аяқ оқып, тиянақтап қарап шығыпты. 
С.Е.Маловтың  үйінде  қонақта  болып,  Зәкиін  қайта-қайта  та-
быстапты.  Бокалдар  бала  шәкірттің  сәтті  қорғауы  үшін  деп 
сыңғырлапты әлденеше рет.
Әне-міне  аспирантураны  аяқтаймын,  аяқтаймын  да  қор-
ғауға  шығамын  деп  тұрған  жалынды  жас  алдынан  тағы  бір 
керме кезіге кетеді. Аспирантураның соңғы жылында институт 
қайта құрылып, аспирантура жабылып қалады. Аспиранттарға 
төленетін стипендия төленбейді. Тоқтатылады. Анасы ерте көз 
жұмған.  Әкесі  жұмысшы  адам.  Не  істеу  керек?  Бейсекең  ба-
қандай жүз сом салып жібереді шәкіртіне.
Шәкірті  –  Зәки  Ахметов  кандидаттық  диссертациясын  өз 
мерзімінде  тарықпай  қорғап  Санкт  Петербургтан  қазақ  еліне 
табыспен қайта оралды.
Ғажап  емес  пе?  Ғылымға  талпынған  жас  адамды  аяқтан-
дыруда  бұдан  асқан  қамқорлық  бола  ма?!  Болмас-ау,  сірә?! 
Ұстаз  дерсің  бе?  Әке  дерсің  бе?  Кім  десең  де  жарасқандай 
тамаша қамқорлық емес пе?! Дұрысы – әкебейіл ұстаз! Солай!
Бейсекең кісіге жасаған қамқорлығын айта бермейтін. Бір 
шаңырақтың астында әкелі-балалы болып бірге тұрып, өмірінен 
кітап  жазу  мақсатында  шыр  айналдырып  сұрағанда  амалсыз 
айтқан сыры еді. Әрине, етек-жеңі молдау әңгіме. Үзігін алдық. 
Оның  үстіне  Бейсекең  шәкірттерінің  күнделігін  жүргізгендей 
етіп,  сырттай  бақылап  «шәкірт  дәптерін»  жүргізетіні  тағы 
бар.  Онда  да  уақытына  қарай  осы  ойлар  аса  бір  мейіріммен 
дәптерге түсіпті. «Бастан өткендер, ойға келгендер мен жиған-
тер гендер»  аталатын  дәптерінің  3-ші  санының  3-4  беттерінде 
Зә кидей  шәкіртіне  артқан  міндеті  мен  күткен  зор  үміті  ғазиз 
жүрекпен жазылыпты.
Ғылымның  қадір-қасиеті  бар  шақта  Зәки  аға  Ахметов  өз 
биігін алқынбай алды, ғылыми мансапты бір кісідей қызықтады. 
Бозбала  жастан  бозбастанған  кешегі  күндерге  дейін  сирек  те 
болса Зәкеңмен Бейсекең шаңырағында кездесіп қалып жүрдік. 
Ұстаз бейілі қандай аппақ болса, шәкірт көңілі де сондай тап-
таза  еді.  Бейсекең  мерейтойларына  атсалысудан  бір  танбады. 
Зәуде (80 жылдығында) іссапармен сыртта жүрсе, жүрекжарды 
ойын жазып, хат жіберетін.
Кейін Зәкең докторлық диссертация қорғады. Онда да Бей -
секең ресми оппонент болып, шәкіртін қолдады. (Оппо ненттік 
пікірі «Заки Ахметов: Материалы и исследования», «Академик 
Зәки Ахметов және руханият мәселелері» ата латын кітаптарда 
жарияланды.)
З.Ахметов  –  өлең  сөздің  тамаша  теорияшысы  еді.  Бізде 
көп  теория,  әйтпесе әдебиет теориясының  көп  мәселесі орыс 
әдебиеттанушыларынан  еркін  аударылып,  көшірме  түрде  жа-
са латыны  жасырын  емес.  Тіпті  орыс  әдебиет  теорияшылары 
ең бегін тікелей аударған да кезеңдер болған. Әдебиетте теория 
жасаушы ғалымдарды қазақта көзі тірісінде мақтап, мадақтап, 
өзі, көзі кеткен соң қолды бір-ақ сілтейтін себебі де сондықтан. 
Ал, Зәки Ахметов – өлең теориясын әлем әдебиеті тәжірибесін-
де қарастыра білді. Соның негізі болар – өзі де әлемдік деңгейде 
мойындалды  әдебиет  теориясын,  оның  ішінде  өлең  сөздің 
теориясын  жасаушы  ретінде.  Бұл  –  қазақ  үшін  мақтанышты 
жағдай.  Ол  жасаған  «Өлең  сөздің  теориясы»  әлі  талай  уақыт 
қолданыста болары хақ.
З.Ахметов  –  «Абай  жолы»  эпопеясын,  оның  жазылу  пси-
хологиясы  тұрғысынан  талдап,  көркем  шығармашылық  ше-
бер ханасын  (лабораториясын)  зерттеудің  методолгиялық  не-
гізін қалады деуге болады. Көп әдебиетшілер белгілі бір шы-
ғар маның жазылу тарихын қарастырудан аспай аласарып қа ла 
берер болса, Зәкең бұл мәселені автордың дүниетанымы, шы-
ғармашылық психологиясымен жіті сабақтастырып мето доло-
гиялық тұрғыдан жүзеге асырды. 
Зәки  Ахметовтің  әсіресе  осы  екі  сала  еңбектері  ғылыми 
мектеп ретінде келешекте де арналана береді-ау деп ойлаймын. 
Бұл  ойларымызды  таратып  айтуға  тап  қазір  жер  тар.  Кезекті 
әуелгі ниетке орай естелікке берейік.
1992 жылы Түркістан қаласында бұдан жыл бұрын «Түр-
кістан  мемлекеттік  университеті»  болып  ашылған  оқу  орны 
Қ.А.Ясауи  атындағы  халықаралық  қазақ-түрік  университеті 
болып  қайыра  жасақталды.  Тарыншылық  уақытта  бауырлас 
Түркие елі оқу орнының аяғынан тұрып, өркениет көшіне ілесіп, 
ілгері басып жүріп кетуіне өте көп көмек етті. Жоғары оқу орны 
үшін  екі  қазық  болады.  Бірі  –  студент,  екіншісі  –  оқытушы-

252
253
профессорлық құрам. Осы екеуінің бірі ақсаған жерде еңбегің 
еш, бейнетің сор...
Жаңа оқу орнын аяғынан тұрғызу үшін, әрі Алматыда қа- 
ражаттан қинала бастаған ғалым-ұстаздарға демеу, көмек бол- 
сын  деп,  кезекпенен  Түркістанға  студенттерге  дәріс  оқуға 
шақырдық.  Кейде  көршілес  Өзбекстанның  ірі-ірі  оқымыс ты-
ларын да қамтып отырдық. Қазақстаннан қалап шақырған оқы-
мыстымыздың бірі – Зәкең болды. Зәкеңді Түркістанға қызметке 
алып, дәріс оқыту идеясы әсіресе оның қимас шәкірті – Болат 
Байтанаевтан туындады. Аталған оқу орнында ректордың оқу 
ісі  жөніндегі  орынбасары  болып  істейтін  марқұм  Болат  Бай- 
танаев Зәкеңді ұстаз тұтты. Бар ынты-шынтымен жақсы көр- 
ді. Шәкіртінің көңілін жықпай Зәкең жылына бір-ер рет Түр- 
кістанға келіп, студенттерге дәріс оқыды. Дәріс оқығанда сту- 
денттерді  былай  қойып,  оқытушылар  алдымен  келіп  отырып 
алушы  еді  аудиторияға.  Бұл  орайда  біз  Зәкеңнен  қайыра  бір 
лекция  тыңдап,  азды-кемді  білімімізді  қайтадан  тиянақтап 
алған едік.
Ауыл  сипатындағы  қалада  жағдай  жоқ.  Аты  дардай  бол-
ғанымен қонақ үй секілді мәселелерден ұяттымыз. Зәкең шә-
кірті  Болат  Байтанаевтың  үйінде  қона  жатады.  Таңертеңгілік 
және кешкілік Зәкең екі мезгіл сейілдеуді ұмытпайды. Қасында 
Болат  марқұм  екеуміз  жүреміз.  Кешке  қонаққа  шақыру  ұзын 
бір  тізім...  Қонақтыққа  Зәкең  қызықпайды.  Қонақтық  кісіні 
шаршатады  –  дейді  Зәкең.  –  Ертең  оқитын  сабағымыз  бар. 
Біз  қиылып  болмаймыз.  Кейде  біздің  көңіліміз  үшін  қонаққа 
барады. Ас ішіп-жеп, әңгіме-дүкен құрып қайтар едік. Зәкеңдей 
ұлы  оқымыстыны  еңсесін  жаңа  көтеріп,  өсу  жолына  түскен 
Түркістандай  жәдігер  қаланың  ғылымталап  жастары  көрсе, 
тыңдаса, тәлімін алса деген ой еді. Болат аға жұмысбасты. Жа-
ңа  ұйымдастырылып  жатқан  оқу  орнының  ұйымдастырарлық 
істері  ұшы-қиыры  жоқ.  Ұстазына  қимай-қимай  қарап-қарап 
қойып  қызметіне  кетеді.  Маған  мықтап  тапсырады.  Кейде 
таңертеңгілік сейілге сөйтіп Зәкеңмен бірге шығамын. Ағалы-
інілі болып сырласқан сәттер еді ол. Ұстазы Бейсекең туралы 
шешіліп  сөйлеген  кездері  еді  ол.Кешке  Болат  аға  дастарқаны 
басына қайта жиналамыз. Жары – Рима қолы тәтті аспаз. Бөкең 
бәйек болып хал сұрайды:
– Құлбектің адютантығымен бір күнді өткіздік, – дейді Зә - 
кең.  Майы  жоқтау  сөздің  өзіне  менің  қалпағым  көтеріліп  қа-
лады.
Ол шынайы ұстаз ретінде әсіресе Болат ағаны, қала берді 
мені  «докторлық  диссертацияны  қашан  бітіресіңдер?»  –  деп 
қамшылаумен болады.
Сабақ  беруін  бергенімен  ол  кісінің  қаражатын  қолма-қол 
бере  қоймайды.  Есеп-қисаптың  өз  жолы  бар.  Зәкең  де  солай. 
Лекциясын оқиды. Алматыға қайтады. «Сенім хат» қалдырып 
кетеді.  Алғашқы  кезде  Зәкеңнің  айлығын  мен  апарып  беріп 
жүрдім. Бірақ, ұзамай мен де Алматыға – Академияға қызметке 
ауысып кеттім. «Сенім хатқа» әдебиеттен дәмесі мол бір ініміз 
жауапты болып қалды. Айлықтың Алматыға келіп жету ырғағы 
бұзылды. Жоқ-жітік жігіт еді. Жаратып қойып жүрді. Ол үшін 
мен ұялайын. Бір күні жағдайды Зәкеңе жасырмай айттым. 
«Әй, қоя бер! Бір білгені бар шығар!» болды Зәкең аузы нан 
естігенім.  Кейін,  бірсыпыра  уақыттан  кейін  әлгі  азаматы мыз 
докторлық диссертация қорғады. Ішім қылп ете түсті. «Қалай 
болар екен?». Ішім қылпылдады. Басқадан бұрын ол азаматты 
Зәкең қолдады.
Аға  буын,  бала  буын  ғалымдар  Академияда  аптасына  екі 
күн,  кейде  үш  күн  кездесеміз.  Тұратын  үйіміз  бір  бағытта 
бол  ғандықтан қызметтен әңгімелесіп бірге аяңдап «жаяу сал-
данып»  қайтатын  кездеріміз  жиі.  Аға  болып  қамшылайды: 
«Құл бек диссертация бітейін деді ме?». Мен желкемді қасимын. 
Академияда  бір  кездескенде  Зәки  аға  қуана  сөйледі,  қулана 
сөйледі.
– Болаттың жұмысы жақсы екен. Әй, осыны қорғатып жі-
берсек қайтеді, Құлбек?
Өзінің мәнеріне салып тұрғаны. Әйтпесе менімен кеңесіп 
тұр дейсіз бе?!
– Сіздің шәкіртіңіз. Қорғамаса Сіздің атыңызға ұят шығар, 
–деймін «моп-момақан» қалыпта.
Зәкең қарқылдап күледі.
– Әй, қулар-ай, – дейді содан соң.
Жазды шығара диссертациялық кеңестің ең соңғы отыры-
сында  Болат  Әбішұлы  Байтанаев  докторлық  диссертациясын 
Зәкең же тек шілігімен (кеңесші) сәтті қорғап шықты.
Болат ағаның докторлық диссертациясын сәтті қорғағанын  
бір  мектептің  залына  дастарқан  жайып  тойладық.  Онда  рес-
то ранда  тойлау  салтқа  кірмеген.  Тойдың  басында:  «Құлбек, 

254
255
мен бастап берейін. Әрі қарай өзің алып кетесің» – деп қасына 
отырғызып алды. Академик ағамызды «асаба» қызметінде та-
машаладық.  Сүйікті  шәкіртінің  дастарқанын  «жүген  қақтыр-
май, қамшы салдырмай», бастан аяқ тізгінді өзі ұстап, тамаша 
басқарды.  Шапшаң  сөйледі.  Шабытты  сөйледі.  Тіпті  тойдың 
орта  шенінде  баяу  басып  келіп:  «Зәки-ау,  қалайсың?  Екеуміз 
бірге оқып едік қой» – деген Жұмабике Байтанаеваға да мойын 
бұрып қарар көрінбеді. «Қой, қой Жұмабике, қайдағыны айтпа!» 
–  деп  бір-ақ  қайырды.  Сөйтті  де  қасында  жәрдемші  райында 
отырған  маған  бұрылып:  «Қартайып  кетіпті-ау»  –  деді.  Неге 
екенін жүзінде үрей тұрды...
Зәкең шәкіртінің докторлық диссертациясын табысты қор-
ғағанына  ақ  жарылып  қуанды.  Шәкірт  той  дастарханына  де-
йін  ұстазы  басқарғанына  одан  сайын  жүрегі  жарыла  қуанды. 
Бәріміз де қуандық! Зәкең шәкіртінің табысын – өз табысындай 
көретін шынайы ұстаздан еді.
Араға жыл, жыл жарым салып мен де ниеттендім докторлық 
диссертация қорғауға. Серік Қирабайұлындай ұстазың болса – 
диссертация қорғамауың мүмкін де емес. «Сәбит Мұқановтың 
шығармашылық лабораториясы» аталатын докторлық диссер-
тацияны бөлімге әкеліп талқыға тапсырдым. Әрине, аға буын 
ғалымдардың қайсысы да ыждағатты, ықыласты қарады. Соның 
бірі – бөлім бастығы марқұм Мүсілім Базарбайұлы! Олардың 
қай-қайсысынан да көрген ағалық қамқорлықты ұмытармыз ба 
тіріде!? Мәселенің қойылысына қарай диссертациямды Зә кең 
оқыса  деп  армандадым.  Алайда,  Зәкең  оқуы  да  мүмкін,  оқы-
мауы да мүмкін. Өйткені, ол кісі басқа бөлімді (теория бөлімін) 
басқарады. Алайда, М.Әуезовтің шығармашылық лабора то рия-
сын  методологиялық  негізде  зерттеген  оқымыстының  С.Мұ-
қанов  шығармашылық  шеберханасынан  жазылған  зерттеуді 
оқыса, айтар адал сыны мол болар ма деймін ғой баяғы. Бөлім 
талқылауы қатты болса диссертациялық кеңеске дейін айтыл-
ған  кемшіліктерді  жөндеп  алып  баруға  болады.  Зәкең  уақыт 
табар  ма?  «Бейсекеңнің  баласы»  деген  атым  бар.  Аға  тұтып, 
назданып өтініш айттым. Сөзге келмей келісті. Қысқасы тәп-
тіштеп оқып, пікірін тезис күйінде қағазға түсірген екен. Аса 
қадірлеп  сыйлайтын  оқымыстының  мақтауынан  сыны  басым 
қолжазбасын  сұрап  алған  едім.  Менің  архивімде  сақталып 
келеді. Енді, сол ағаның қолжазбасымен сырласып көрейін.
«Ергөбеков Құлбек!» – деп жол басына жазыпты да, ас­
тын сызып қойыпты.
Онан  соң  «1)  источники  –  әрқилы,  мол.  Шығарманың  за­
мыселы – жоспарлануы (ой­ниеті), алғашқы нұсқасы мен ке­
йінгі нұсқалары, прототиптері. 350, 400 бет.» – деген тезис 
түсіпті ақ қағаз бетіне.
«2) письма, дневник, записи, архивные материалы разных 
городов!»
Разделы:
3. Хат – жазушының жан сыры.
4. Күнделік – көңіл айнасы.
Материалы  –  тың,  жаңа,  көп  (қыруар).»  Екінші  бір  ой 
осылай жосықталады.
«Бісімілдасы «Диссертацияның арнайы зерттейтін мәсе­
лесі.  Дұрысы:  Диссертацияда  арнайы  зерттелетін...,  немесе 
диссертанттың..». Бұл – диссертанттың стиліне сын айту.
«Сәбитті шет елде сынағандар да болды ғой. Қытай, үнді 
т.б. Көтермелеудің де орнымен, шекттен шықпай, айтылғаны 
жөн.
Сәбиттану – дербес ғылым саласы деуге бола ма? «Мір­
жақыптанушы», «Байтұрсынов Ахметтанушы». Қанша жа­
зу шы болса сонша ғылым бар ма?»
Сын. Сөзінде «біздің Марат Әпсеметов мақаласына «Мір­
жақыптанушы» деп қол қояды» – деген пікірді қосып айтты.
«Сталинді  сынаған  дейді.  Онысы  Сталин  өлгеннен  кейін 
(1964), тіпті Хрущев (кететін, түсетін) жылы жазылған сөз. 
(Және өзі қолжазба).»
«Жазу стилі кейде зерттеу, кейде очерк, кейде мақала».
«Үлкен жүректен туған үлкен құбылыс қой бұл!» восторг 
керек пе?
«Тым  көп  білетіні  кейде  өзін  шиырға  тартып  кететін 
секілді.»
«Сәбит С.М реализм әдебиетінің өкілі деп келдік. Оны бү­
гін қалай түсіндірген дұрыс. Осы мәселені орағытып, айналып 
өту – күрделі әдеби процесті жеңілдету болмай ма?»
«М.Дулатов  («Адасқандар»)  бұл  сюжетті  жазбағын,  өзі 
айтқан. Ал М.Әуезов туралы жорамал неге керек (дерек жоқ 
қой).»
«Адасқандар» дерек, сот материалы көп, шұбалаңқы, ық­
шамдап алу қажет емес пе?»

256
257
«Аққан  жұлдызға»  қатысты  да  осыны  айтуға  болады. 
Шо қан Парижге барды дегенге Сәбит айтты деп диссерт. өзі 
сеніп қала жаздайды. 60­жылы барса, бес жыл ол жайында 
үндемей, ештеме айтпай жүрер ме еді?»
«Басы артық цитаталар да жоқ емес»
Ұлы Абайда «Адам заманды билемек
Заман  адамды  илемек»  –  деген  сөз  бар  емес  пе?  (Жоқ.) 
Дұрысы: Әркімді заман сүйремек, 
Заманды қай жан билемек.?
Заманға жаман күйлемек, 
Замана оны илемек!»
«Өмір мектебі» А.Байтұрс. Ә.Бөкейх, С.Қожанов, М.Жұ­
мабаев – ұнамсыз кейіпкерлер. Алашорда бар.»
«Лаборатория  –  шеберхана  десек,  ол  тек  жинау,  құ рас­
тыру, үйме­жүйме материал болмауы керек қой. Жазушының 
көркемдік шеберлігін, талғампаздығын, сезімталдығын көр се­
ту жағы басым болса керек. Лаборатория емес, шеберлік сыры 
емес, кухня болып кетеді. Жазушы өзі сырт көзден тасалаған 
нәрсені жариялауда да мөлшер (мера!) болуы керек.»
Міне, Зәкеңдей ұстазымыздың менің докторлық диссер та-
циямды қолжазбадай оқып, білдірген пікірінің нобайы. Оқыр - 
ман бір жәйтқа таңырқауы мүмкін. «Оу, бұл нобайда дис сер-
тацияны  мақтау  жоқ  қой»  –  деп.  Диссертация  ұнамаса  осын-
шалық  сын  пікір  айтпас  еді  Зәкең.  Диссертация  ұнамаса 
–  айтылар  үкім  біреу  ғана  болады  –  «Диссертация  қорғауға 
ұсы нылмасын».  Ал,  Зәкең  диссертацияны  мақұлдап,  мақтап 
барып,  ширату  үшін  осыншама  кемшілігін  тізіп  көрсетіп  бер-
ді. Өз басым Зәкең көрсеткен кемшіліктерді қайта-қайта оқып, 
диссертацияны  қайта  жөндеп  шықтым.  Зәкең  сынын  –  ағалық, 
жанашырлық  деп  қабылдадым.  Ал,  шын  жанашырлығы  дис-
се р  тация  қорғау  барысында,  мамандандырылған  арнайы  ке- 
ңес   те сөйлеген сөзінен айқын аңғарылып тұрды. Ол диссер тация 
қор ғау  рәсімінің  құжаттамасында  бар.  Мақтау  бағы тын дағы  ол 
пі кірлерді  бұл  жерде  ұсынып  жатқым  келмейді.  Дис сертация-
лық  еңбекті  оқып,  сын  пікір  айтқан  оқымысты  шын  жанашы- 
 рың  болып  есептеледі.  Көлгірсіп,  өтірік  мақтаған  адамнан 
сақ тану  керек.  Ізденуші  диссертациялық  еңбек  қор ғауға  ұсы-
нылғанға дейін осындай шын пікір – сын пікірге зәру болады.
Зәкең  жастардың  диссертациясын  ерінбей  оқып,  пайдалы 
осындай  пікірін  айтудан,  методологиялық  көмек  беруден  жа-
лықпайтын.  Мақтауын,  талдауын  ауызша  жеткізген  Зәки  аға- 
ның сын пікірін іріктеп алып беріп отыруымның сыры да сон-
да!
Докторлық  диссертацияны  да  ойыншыққа  айналдырмай, 
ойдағыдай қорғадық. Өзге ағалармен бірге, тіпті олардан ала-
бөтен Зәки ағаның қамқорлығын диссертация қорғау процесін - 
 де анық көрдім. Бұл – бір жағы соңымнан ғылымға ынталы ұр-
пақ ілессін деген ой, екінші жағынан мені «Бейсекеңнің бала сы» 
деген бейілі, содан туындаған қамқорлығы еді, жа рықтықтың!
Жастар диссертация қорғайды. Шабылып дастарқан жаяды. 
Бәріне  бірдей  бара  бермейсің.  Кейбіріне  бармасаң  болмайды. 
Дастарқанда Зәкең болса «Отырысымызды Құлбек басқарсын!» 
–  дейтін.  Әзіл,  қалжыңмен  осындай  шағын  отырыстарды 
да  өткізер  едік.  Байқамай,  бірде  қате  қалжыңдағаным.  Өзім 
құралпы  жігіттердің  біріне  сөз  беру  үшін:  «Зәкеңнің  буыны 
біздің толқынға қарыздар. Біз Зәкеңдердің бар жазған еңбектерін 
кейінгі буынға алып барушы алтын көпірміз. «Алтын көпірдің» 
бір  өкілі...»  –  дей  бергенім  сол  еді,  Зәкеңнің  тарғыл  дауысы 
әдеттегіден қаттырақ шықты: «Скромно! Құлбек. Очень скром-
но!» – дегені... Ұялып қалсам болмас па?! Жәй «бозадағы» сөз 
еді. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі...»
Одан кейін де ағалық қамқорлығын аз көрмедік Зәки аға-
ның.  Әзіл-қалжыңымыз  да  жүруші  еді  арамызда.  Бірде  қа-
тарласы,  қанаттасы  –  Тұрсынбек  Кәкішұлы  70  жасқа  толды. 
Зәкеңмен бірге Академиядан шығып ҚазМУ-ге тарттық. Уәде 
бойыншы  Зия  жеңгемізді  университет  алдында  күтіп  алуы-
мыз  керек.  Жеңгемізді  қашан  қасымызға  келгенше  байқамай 
қалыппыз. Байқамағанымызды жуып-шаю үшін «Жеңгей, сту-
дент қыздардың бірі екен деп назар аудармай тұрсақ, Сіз екенсіз 
ғой..»  –  деп  қалжыңдай  сәлемдестім.  «Ә,  қу  бала  қалжыңың 
шықты. Жеңгеңнің шәйін ішетін болдың» – деді ағам ақ жары-
лып күліп. Сонымен тоқтай қалуым керек еді. Тоқтамай «мақ-
тасам жеңгем ағама тоқал әпере ме» – деп жатқаным. Әйтпесе, 
шәйді ойлайтын шал емеспіз ғой» – дейін. «Әдемі қалжыңыңды 
шайып жібердің. Мына қалжыңың шықпады, бала» – деді Зәкең. 
Есесіне «Как медик айтайын, бала дұрыс сөйлеп тұрсың, надо, 
надо!» – деп зият жеңгеміз Зия әзілді әдемі іліп алып кетіп, мені 
құтқарды.
Мен  Зәкеңе  еркелесем  Бейсекең  арқылы  аға  тұтар  едім, 
Зәкең мені еркелетсе Бейсекең арқылы іні тұтар еді... Жарасып 

258
259
тұрушы еді. Соңғы бір кездесуде мен ол кісіге Бейсекең, қызы 
–  Шолпан,  бала  Зәки  үшеуі  бірге  түскен  фотосуретті  бермек 
болып, ол Бейсекең жайында естелік жазуға уағдаласқан едік. 
Қайтесің,  тағдыр  жеткізбеді  ол  кісіні  дегеніне.  Бұл  күнде  ол 
күндердің бәрі де келмеске кетті. Сағынышқа айналып сағымға 
ұласып  кетті.  Ал,  ағалық  азаматтығы,  ғалымдық  жетекшілігі, 
ұстаздық ұлағаты мәңгі жадымызда!
Әрине,  Зәкең  замандастары  тегеурінді  бір  буын  болғаны 
рас. Атын атап, түсін түстеп жатпасақ та тұтас бір буын – 1927, 
1928, 1929, 1930 жылдары жарық дүниеге келгендер. Олардың 
қай-қайсысы да хадари-хал еңбек беріп, академиялық атақтарды 
маңдай терінен өзге ақылмен, айламен, қулық, сұмдықпен алып, 
бес  күн  жарық  дүниеде  әлгі  жалған  жолмен  алған  атақтарын 
арқаланып, халыққа еңбегім сіңді деп өзі сеніп қалып, қарадай 
күпсініп, жалған ғұмырдан жалған жолмен алған атағына зор 
қанағаттанғандық сезіммен өтіп жатыр. Қалғаны тірідей өзіне 
мұнарлы мінбер жасап, соның төбесіне шығып, тірі ескерткіш 
болып, айналасындағы жұртқа кемеңгерсіп айқайлап ақыл ай-
тып отыр. Ал, біразының еңбектері болса, баяғыда жарамсыз 
болып қалған... Соның көбі кезінде өздерін Зәкиден анағұрлым 
жоғары  санайтын.  Туыстық,  жерлестік  жөнсіз  жөнмен  келіп, 
тірісін тірідей асыра дәріптеп, жалған даңқ тұғырына көтерісіп 
мәз болып, өлісін «жоғалған кездіктің сабы алтынсып», қайғы 
шеккен адамсып атын аспанға жазып жатқанымызбен – тарих 
талқысында, қолын жүрегінің тұсына шын қойып сөйлей ала-
тын қолына таразы ұстай келер келешек есті ұрпақ көз алдында 
олардың біз жасаған жалған бейнесі Астананың «мұзқалашы-
ғы»  секілді  шөмиіп  еріп  кете  барары  хақ.  Сондай  күндерде 
қайта  туғандай  болып,  қайыра  абырой  биігіне  көтерілетін  аз 
ғана адамның бірі – шын ғалым Зәки Ахметов болмақ. Ол тұтас 
бір буынның көшбасы, дүркін-дүркін келер жас өркеннің ұзақ 
уақыттық ұстазы! Аға, ұстаз рухына тағзым!
                     16 қаңтар, 2010 ж.

1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   41


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал