Салқынбай А. Б. Көккөзова М. Б



жүктеу 2.8 Kb.

бет2/8
Дата09.01.2017
өлшемі2.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8

ҚАЗАҚ ТIЛIН ОҚЫТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ 
ЖОЛДАРЫНЫҢ САРАЛАНУЫ 
 
  
Ұлы далада соғылған алғашқы қоңырау арқылы қазақ баласы 
мектеп  табалдырығын  аттады.  Ендi  осы  бiлiм  шаңырағында 
жүйелi  түрде  iргелi  пән  ретiнде  жүргiзiлетiн  сабақтардың 
оқулықтары 
мен 
оқу 
құралдары 
жазылып, 
олардың 
бағдарламалары  жасалуы  қажет  болды.  Бұл  үлкен  де  ауқымды, 
әрi  жауапкершiлiгi  мол  iс  едi.  Сондықтан  да,  ең  алдымен, 
қазақтың  көзi  ашық  оқығандарының  бәрi  де  бұл  iске  жабыла 
кiрiседi. 
Қазақ  тiлiн  оқыту  мен  оның  әдiстемесiнiң  қалыптаса 
бастауына  ХХ  ғасыр  басында  шығып  тұрған  “Айқап”, “Қазақ”, 
“Мұғалiм”, “Шолпан”, “Шора”, “Сана”, “Жаңа  мектеп”  т.б. 
сияқты  басылымдардың  қосқан  үлесiн  де  айту  парыз.  Бұл 
басылымдарда  жаңадан  ашылып  жатқан  мектептердiң  әртүрлi 
мәселелерi жүйелi түрде сөз болды. Ана тiлiн қалай оқыту керек, 
қазақ  тiлiнiң  оқу  құралын  жазу  мәселесi,  педагогиканың  негiзгi 
ұстанымдарын  анықтау  жайы  үнемi  күн  тәртiбiнде  тұрды. 
Айталық,  Ж.Аймауытовтың  “Ана  тiлiн  қалай  оқыту  керек?” 
деген мақаласы “Жаңа мектеп” журналының № 2 санында 1919 
жылы жарияланады. Мақалада қазақ тiлiн оқытудың өз кезiндегi 
өзектi мәселелерi  көтерiледi.   
Ең  әуелгi  география,  математика,  табиғаттану,  педагогика, 
қазақ  тiлi,  әдебиет,  тарих  т.б.  пәндерiнен  қазақ  тiлiнде  оқулық 
жазу  iсi  белсендi  түрде  iске  асырыла  бастады.  С.Асфендияров, 
Ә.Бөкейханұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұханбетов, М.Тынышбаев, 
Ж.Ақбаев,  Ж.Аймауытов,  А.Байтұрсынұлы  сынды  қазақ 
халқының  бiртуар  азаматтарының  бұл  бағыттағы  бастамалары 
бүгiнгi таңда қалың оқырман қауымға белгiлi.    
 
 
 

 
18 
АХМЕТ  БАЙТҰРСЫНҰЛЫ 
 
Қазақ  тiлiнiң  төл  оқулығын  ана  тiлiнде  алғаш  рет  жазып, 
оның  әуелгi  терминологиясын  қалыптастырған  айтулы  ғалым – 
Ахмет Байтұрсынұлы. А.Байтұрсынұлына дейiн жазылған қазақ 
тiлi  туралы  бiрлi-жарым  орыс  тiлiндегi  оқу  құралдары 
болғанымен,  қазақ  тiлiнде  бұл  мәселе  көтерiлмеген  едi.  Қазақ 
тiлiнiң  грамматикасына  тыңнан  түрен  салған,  оның  барлық 
салалары бойынша алғашқы терминдерiн жасап, негiзгi жүйесiн 
қалыптастырған Ахмет Байтұрсынұлы болды.   
А.Байтұрсынұлы 
Орынбор 
қаласындағы 
Ыбырай 
Алтынсарин  салдырған    мұғалiмдер  даярлайтын  “Учительская 
школаны”  1895  жылы  бiтiредi  де,  ағартушылық  жұмысқа 
кiрiседi.  Содан  13-14  жыл  бойы  яғни  1895  жылдан  1909  жылға 
дейiн ауылдық, болыстық бастауыш мектептер мен 5-6 жылдық 
екi  сыныптық  училищелерде  мұғалiм  болып  iстейдi.  Бала 
оқытумен 
күнделiктi 
айналыса 
жүрiп, 
оның 
негiзгi 
қажеттiлiктерiн, қиыншылықтарын жақсы бiледi. 
Ахмет  Байтұрсынұлы  ұлт  мектебiнiң  бойына  қан  жүгiрiп,  өз 
аяғына тұрып кетуi үшiн, ең алдымен, оның жазуы, яки түсiнiктi 
де  сөздiң  айтылу  жүйесiн  толық  белгiлей  алатын  әлiпби 
қажеттiгiне  әсiресе  қатты  ден  қояды.  Сөйтiп,  1910  жылдан 
бастап  қазақ  жазуын  жаңадан  түзумен  айналыса  бастайды. 
Өзiнiң  негiзгi  ғылыми  ойларын  ғалым  1912  жылдан  бастап 
“Айқап” және “Қазақ” газеттерiнiң беттерiнде жариялайды. Ұзақ 
iзденiстен  кейiн  автордың  өзiндiк  әлiпбиi  дүниеге  келедi.  Бұл 
әлiпби негiзiнен араб таңбасына  негiзделген, қазақ тiлiне толық 
икемделген  нұсқа  саналып,  өз  кезеңiнде  жергiлiктi  ұстаздар 
арасында үлкен қолдауға ие болады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ 
жазуына  үлкен  реформа  жасайды.  1912  жылдан  бастап,  бұл 
ғылыми  негiзге  сүйенiп  жасалған  қазақ  әлiпбиi  жаңа  жазу 
ретiнде iс жүзiнде қолданысқа түсе бастайды. Осы кезден бастап 
көптеген  мұсылман  медреселерi  мен  қазақ-орыс  мектептерi 

 
19 
жаңа  жазу  таңбасын  қолданады.  1915  жылдың  өзiнде  бұл 
таңбамен 15-тей қазақ кiтабы жарық көредi.   
А.Байтұрсынұлы  реформалаған  араб  жазуы  өз  кезеңiнде 
қазақ  мәдениетiнiң  өсiп,  қалыптасуына  үлкен  үлес  қосады. 
Кеңестiң  қатал  саясатының  салқынымен  латын  таңбасына 
көшкенге дейiн бұл жазу қазақ арасына кеңiнен тарап, көпшiлiк 
қолдауына  ие  болған.  1924  жылғы  Орынборда  маусымның  12-
жұлдызында  өткен  “Қырғыз  (қазақ)  бiлiмпаздарының  тұңғыш 
съезiнде”  талқыланып,  көпшiлiктiң  қолдауына  ие  болғанымен, 
1926  жылы  Баку  қаласында  өткен  Бүкiлодақтық  Бiрiншi 
Түркологиялық  съезде  барынша  дәлелдеп  баққанымен,  Ахмет 
Байтұрсынұлының ұсынған концепциясы ақырында ұлтшылдық 
деп айыпталғаны бүгiнгi оқырманға толық таныс.     
Ахмет  Байтұрсынұлының  қазақ  тiлiнiң  оқулығын  жазуы – 
қазақ  тiлiнде қазақша  жазылған  оқулықтың алғашқы бастамасы 
болды.  Автор  1912  жылы  мектеп  балаларына  арнап,  қазақша 
сауаттандыратын  әлiппенi – “Оқу  құралын”  жазғаннан  кейiн, 
мектепте  қазақ  тiлiн  пән  ретiнде  оқытатын  оқу  құралын  жазуға 
кiрiседi. “Бiздiң  заманымыз – жазу  заманы:  жазумен  сөйлесу – 
ауызбен  сөйлесуден  артық  даражаға  жеткен  заман.  Алыстан 
ауызбен  сөйлесуге  болмайды.  Жазумен  дүниенiң  бiр  шетiндегi 
адам  екiншi  шетiндегi  адаммен  сөйлеседi.  Сөйлегенде  сөздiң 
қисынын келтiрiп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздiң 
кестесiн  келтiрiп  жаза  бiлуге,  қай  сөз    қандай  орында  қалай 
өзгерiлiп,  қалайша  бiрiне-бiрi  қиындасып  жалғасатын  жүйесiн 
бiлу керек”,- деп жазады ұлы ғалым (Тiл құрал, 173-бет). 
Заманына  сай  адамы  дегендей,  болашақ  жазудың  заманы 
болатынын  көрiп,  тани  бiлген  ғалымның  түзген  әлiпбиi  қазақ 
тiлiнiң  фонологиялық  сипатын  дәл  танытып,  таңбалай  алды.  
А.Байтұрсынұлы  жазған  бұл  “Оқу  құралы”  1912-1925  жылдар 
арасында 7 рет қайта басылып шығады.  
1926  жылы    А.Байтұрсынұлы  “Жаңа  Әлiп-би”  еңбегiн 
жазады. 
Бұл 
Мемлекеттiк 
бiлiм 
кеңесiнiң 
ұсынған 

 
20 
бағдарламасына  сәйкестендiрiлiп,  суреттермен  безендiрiлiп, 
толықтырылып шығарылады.  
Өзi  ширек  ғасырдай  тер  төгiп  еңбек  еткен  тағылымы  мол 
еңбегiнiң  пайдасы  мен  пайымдылығын  Ахмет  Байтұрсынұлы 
Бүкiлодақтық  түркологтар  съезiнде  дәлелдеп  бередi.  Оның 
пiкiрiнше,  араб  таңбасы  жылдам  оқуға,  сауатты  жазуға  аса 
қолайлы,  жастарды  сауаттылықққа  үйретуге  мүмкiндiк  ашады, 
баспахана техникасы мен өнiмнiң құны жағынан алғанда да араб 
таңбасын  қолдану  өзiнiң  сыйымдылығы  жағынан  әлдеқайда 
арзанға  түседi.  Ең  басты  жайт,  араб  әлiппесiнiң  әрiп  құрамы 
қазақ тiлiнiң орфографиялық қажетiн толық қамтиды. Автордың 
ұсынған араб таңбасындағы жазуын қазақ жұртшылығы, әсiресе 
оқытушы  қауымы  жылы  лебiзбен  қабылдағаны  анық.  Қазақ 
тiлiнiң iшкi фонетикалық  заңдылығына негiзделiп жасалған бұл 
әлiппилiк жүйеде дыбыстық үндесу толықтай сақталды.     
Ахмет  Байтұрсынұлының  мектеп  туралы,  оқу-бiлiм  туралы 
ойлары  1914  жылғы  “Қазақ”  газетiнiң  № 62  санында 
жарияланған “Мектеп керектерi” атты мақаласында  баяндалған. 
Онда  ең  әуелi  мектеп  iсiне  керектi  нәрсе  ретiнде  бiлiмдi, 
педагогика  мен  әдiстемеден  хабары  бар  мұғалiм  деген 
қорытынды  жасайды. “Мектептiң  жаны – мұғалiм” – дейдi 
ғалым.  Мұғалiм  қандай  болса,  оның  мектебi  де  сондай  деген 
тұжырым  айтады.  Екiншi,  оқыту  iсiне  керек  құралдар  қолайлы, 
әрi  жұрттың  бәрi  бiрдей  сыйлайтын  сыйлы  болуы  қажет  деген 
ой  айтады.  Шынында  да,  егер  ұсынған  оқулық  сынға  ұшырап, 
қатесi  көпе-көрнеу  байқалып  тұрса,  онымен  оқу  да,  оқыту  да 
ауыр  екенi  өзiнен-өзi  түсiнiктi.  Ғалымның  ең  қажет  нәрсе 
ретiнде  тағы  да  айрықша  бағалайтыны – бағдарлама.  Оқыту  iсi 
көңiлдегiдей  болып  шығуы  үшiн,  оның  үлгiсi,  мерзiмдi  өлшемi 
болуы қажеттiгiн дәл тауып, тап басып айтады.    
Ахмет  Байтұрсынұлы  көрнектi  ғалым  ретiнде  ғана  емес, 
әдiскер ретiнде де көп еңбек еткен. Алғашқы әлiппе, оқулық, тiл 
құралдарын  жазумен  қатар,  осы  оқу  құралдарын  тәжiрибе 
жүзiнде қалай пайдалану қажеттiгi жөнiнде де ғылыми тұрғыдан 

 
21 
терең  талдаулар  жасайды.  Бұл  тұрғыдан  Ахмет  Байтұрсынұлы 
қазақ  әдiстемелiк  ғылымның  да  алғашқы  бастаушысы  бола 
алады. “Баяншы”, “Әлiппе  астары”, “Нұсқаушы”, “Тiл  жұмсар” 
әдiстемелiк  еңбектерi  мен  “Баулу  мектебi”, “Жалқылау”, “Қай 
әдiс  жақсы”, “Дыбыстарды  жiктеу”  атты  мақалалары  осының 
айғағы болса керек.   
Ғалым өзiнiң оқулықтарында әрiптердi балаларға тез әрi оңай 
үйрету  үшiн  көптеген  әдiстердi  пайдаланған.  Ол  өзi  жасаған 
әлiппидегi  әрiптердi  үйрету  үшiн,  ең  алдымен,  оны  жазып 
үйрену  үшiн,  тiлдегi  дыбыстарды  тани  бiлу  керектiгiне  назар 
аударады. “Әрiптердi тани бiлудi” мақсат ету – таңбаның негiзгi 
белгiлерiн  бағамдауға  үйрету.  Таңбаның  негiзгi  екi  белгiсi  бар. 
Бiрi – сыртқы  тұлғасы  да,  екiншiсi  оның  мағынасы. 
А.Байтұрсынұлы  осының  екi  жақтылық  белгiсiн  балаға  дұрыс 
пайымдатуға  көңiл  бөлген.  Дыбысты  меңгертiп,  оның  әрiптiк 
таңбасын таңбалайды.  
1913  жылы  жазылған  “Қазақша  оқу  жайынан”  деген 
мақаласында  “Бала  оқытуды  жақсы  бiлейiн  деген  адам,  әуелi 
балаға  үйрететiн  нәрселерiн  өте  жақсы  бiлерге  керек,  екiншi 
баланың  табиғатын  бiлiп,  көңiл  сарайын  танитын  адам  боларға 
керек” деп жазады. Мұның өзi, түптеп келгенде, ұстаздың бiлiм-
бiлiгiнiң  жоғарылығы,  бала  зердесiн,  психологиясын  танудағы 
шеберлiгi. Ұстаз – өз бiлгенiн ғана үйретiп қойса, ол ұстаз емес, 
нағыз  ұстаз  болу  үшiн  оқушының  бiлуге  тиiстi  нәрсесiн  үйрету 
парыз.  Балауса  бала  ұстазының  кей  осал  тұстары  болса,  оны 
кешiре  алар,  ал  оның  бiлiмсiздiгiн  кешпейдi.  Бiлiмсiз  ұстаз – 
болашақтың  дұшпаны.  Бала  уақытының  ұрысы.  Алдында 
отырған  оқушының  уақыт  атты  ұлы  қазынасын  алуға  ешкiмнiң 
құқы болмаса керек.  
Ахмет  Байтұрсынұлының  “Баяншы”  әдiстемелiк  нұсқауы 
Қазан  қаласынан  1920  жылы  жарыққа  шыққан. “Сөз  басында” 
автор былай деп жазады: “Үйрену hәм үйрету ең басында қиын. 
Балалар  оқудың  басында  қиналмаса,  оқудан  тауы  шағылмай, 
көңiлi  қайтып,  мұқалмайды;  оқуға  ықыластанып,  оқыған  сайын 

 
22 
қызығады” (Тiл  тағылымы,  1992, 323). Мұның  өзi  қазiргi 
таңдағы  бастауыш  мектептердi  бiлiм  беру  iсiне  басшы,  оның 
негiзгi  оқулық  жазу  жүйесiнде  басты  бағдар,  талап  болатын 
ойлар.  
Жақсы  оқытудың  негiзгi  әдiстерiнiң  бiрi  ретiнде  ғалым 
баланың  бұрынғы  бiлген  бiлiгiн  ұштау,  соның  негiзiнде  жаңа 
хабар  ұсынуды  басты  назарда  ұстаған  сыңайлы.  Айталық, 
“Дыбыспен  жаттығу”  үшiн,  әрбiр  дыбыстарды  саралап  алған 
соң,  оны  жазу  арқылы  ұғындыруда  мынадай  әдiс-тәсiл 
қолданады: “Жазу дегенiмiз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың 
әр  елдiң  таңбасындай  таңбасы  болады.  Таңбасына  қарап  қай 
дыбыс  екенiн  танимыз”.  ХХ  ғасыр  басындағы  бала  үшiн  өз 
елiнiң  таңбасын  бiлу – аса  күрделi  дүние  болмаған.  Әрбiр  ата-
ана  өз  елiнiң,  руының  таңбасын  баласының  санасына  сiңiрiп 
өсiрген.  Мiне  осы  жадтағы  жазу  жүйесiн  ғалым  үлгi  ретiнде 
пайымдатып,  санаға  сәуле  түсiрiп  алып,  аналогиялық  таным 
негiзiнде  оның  жаңа  әрiпке  тез  енуiне,  түсiнуiне  жағдай  туғыза 
алады.  
“Оқу  үйренгендегі  басты  мақсат – керек  сөзді  жаза  білу, 
жазылған  сөзді  оқи  білу.  Сөз – дыбыстың  мағыналы  болып 
тізілгені. Сөз айту дыбысты ауызбен тізу. Оқуға келген балалар 
сөйлей  білсе  де,  дыбыстарды  тізіп  сөз  шығара  білмейді,  Себебі 
олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді” – деп жазады ғалым.  
“Жастардың  оқу-тәрбие  жұмысы  түзелмей,  жұрт  ісі 
түзелмейді”  дегенді  мақсат  етіп  ұстаған  ғалым  “Қазақша  оқу 
жайынан”  атты  мақаласында  бала  оқыту  жүйесін  құрудың 
алғашқы  бастамаларын  көрсетеді.  Әліппеден  өзге  кітаптардың 
әлі  шыға  қоймағанына  қынжылыс  білдірген  автор “...әуелі  біз 
елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастау керек. Неге десеңіз, 
болыстық та, билік те халық та – оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі 
неше  түрлі  кемшіліктің  көбі  түзелгенде,  оқумен  түзеледі. 
...Жаңалыққа  жастар  мойынын  бұрып  қайырылар,  халық 
түзелуінің  үміті  жастарда.  Сондықтан  жастардың  қалай  оқып, 
қалай  тәрбиеленуі  бәрінен  бұрын  ескеріліп,  бәрінен  жоғары 

 
23 
қойылатын  жұмыс” – деп  жазады.  Бұлай  сөйлеудің  ар  жағында 
үлкен мән бар. Орыс  үкіметі жүргізіп отырған оқыту саясаттың 
ар  жағындағы  орыстандыру  жайы  жатқанын  терең  сезінген 
ғалым,  қазақ  балаларын,  жастарын  қазақша  оқытудың  жайын 
осылайша  тұспалдап  жеткізіп  отыр.  Сондықтан  да  қазақ 
баласының  бір  парасы  орысша  оқып  жүргенін  айта  отырып, 
“орысша  оқу  орыс  қолтығында  тұрған  жұртқа  керек,  керек 
болғанда  қазақша  оқығанның  үстіне  керек.  Қазақша  оқи,  жаза 
білген  соң,  шама  келсе  орысша    да  білу  қажет”  екенін  анық 
айтады. 
Ғалым  оқыту  ісіндегі  ең  басты,  әрі  маңызды  нәрсе    оқуды 
дыбыспен  жаттықтыру  деп  түсінеді.  “Дыбыспен  балаларды 
жаттықтыру – оқу  мен  жазу  үйретудің  негізі.  Істің  басы  түзу 
басталса,  барысы  да  түзу  болмақшы”  дегенді  нықтай  айтады. 
Бұл  пікірлерді  қазіргі  кезде  өзге  ұлт  өкілдеріне  қазақ  тілін 
мемлекеттік  тіл  ретінде  меңгертуді  қолдарына  алып  жүрген 
ұстаздар басты бағыт ретінде қолданса мақұл болар еді.    
Ахмет Байтұрсынұлының “Бастауыш мектеп” атты мақаласы 
қазақтың бастауыш мектебі қандай болуы керек? деген мәселеге 
арналған. Қазақ баласын бірден орысша оқыту жөн бе, болмаса 
алдымен  бастауышта  қазақша  оқытуды  міндеттеу  керек  пе, 
орысша  білім  алған  баланың  ертеңгі  дүниетанымы  қалай 
қалыптасады  деген  ұлт  болашағы  үшін  мәні  терең,  мағынасы 
мол    мәселені  көтереді. “Бастауыш  мектеп,  әуелі, миссионерлік 
пікірден,  политикадан  алыс  боларға  керек,  яғни  қазақтың  діні, 
тілі,  жазуы  сұмдық  пікір  суық  қолдан  тыныш  боларға  керек. 
Қазақ  дінге  нашар  күйден  өткен,  енді  қазақты  басқа  дінге 
аударамын деу құр әурешілік” – деп жазады А.Байтұрсынұлы.           
Ахмет Байтұрсынұлының әдiстемелiк бағытта жазылған “Тiл 
жұмсар”  атты  еңбегiнiң  мәнi  зор.  Тiл – құралдың  жеке 
бөлшектерiн  түсiндiру  жолын  белгiлеп  берген  бұл  еңбектiң 
қазақ тiлiнiң әдiстемесi пәнiнде алатын ролi мен маңызы ерекше 
болмақ.  

 
24 
“Тiл  жұмсар” – қазақ  тiлiн  оқыту  әдiстемесiнiң  басы. 
Ғалымның өзi көрсетiп бергендей, тiл туралы еңбек жазу бар да, 
оны  балаға  оқыту  жүйесi  бар: “Тiл  құрал”  қазақ  тiлi  қандай 
құрал  екендiгiн  тұтас  түрiнде  таныту  үшiн  түрлi  бөлшектерiн, 
тетiктерiн  ұсағын  ұсағынша, iрiсiн  iрiсiнше  жүйелi  тұрған 
орнында  алып  көрсетiп  танытады. “Тiл  жұмсар”  сол  үлкен 
құралдың бөлшектерiн, тетiктерiн балаға шағындап бөлек-бөлек 
ойыншық  сияқты  құрал  жасап,  соларды  танытып,  соларды 
жұмсату арқылы барып үлкен құралды танытады” (1992, 336).   
“Жақсы дерлiк те, жаман дерлiк те бiр әдiс жоқ. Олақтықтың 
белгiсi – бiр  ғана  әдiстi  болу,  шеберлiктiң  болуы – түрлi  әдiстi 
болу; керек орнында жоқ әдiстi табу да қолынан келу”, - деп ой 
түйiндеген 
әдiскер-ғалым 
Ахмет 
Байтұрсынұлының 
жазғандарынан  алар  тағылым-үлгi  мол.  Қай  кездегi  мұғалiм  не 
оқытушы  болса  да,  оқыту  әдiсiн  көп  бiлуi  шарт.  Әр  әдiстi 
орынды  қолдана  бiлсе,  қайсыбiр  әдiс  болса  да  өз  орнында 
орынды көрiнерi даусыз.  
Әдiскер-ғалым  оқытудың  дұрыс  жолға  қойылуы  үшiн, 
мынадай әдiстемелiк қағидаларды ұсынады: 
1)  Жаңа берiлетiн сабақты баланың бiлетiн мағлұматтарымен 
ұштастыру; 
2)  Тиiстi 
таныстыру 
арқылы 
сабақтың 
мазмұнына 
ынталандырып, iлтипат аудару
3)  Сабақты  алдын  ала  даярлайтын  сұраулар  қою  арқылы 
ынтасын арттыру; 
4)  Қажетсiз  мағлұматтардан  сақтану,  баланың  iлтипатын 
қоздыратын қызықты нәрселердi ғана сөйлеп, үйрету; 
5)  Баланың  iшiн  пыстыратын  бiркелкi  мағлұматтардан 
сақтану,  лайықты  салыстыру,  теңестiру,  ұқсастыру,  түрлi  әдiстi 
оңтаймен оқытуға, жандандыруға тырысу; 
6)  Алғашқы кездегi оқыту деректiң көрнекi болуы. Оған сай 
жобаларды дұрыс қолдану; 

 
25 
7)  Өзгелердi 
ынталандыру 
үшiн 
оқытушы 
үйрететiн 
нәрсесiне  өзi  де  ынталану,  өзi  де  жақсы  көру,  оқытушы  сүйген 
нәрселердi оқушы да сүйедi. 
Ғалым  ұсынып  отырған  қағиданың  қай-қайсысы  болса  да 
балаға  дәрiс  беру  жүйесiнде  ешқашан  ескiрмек  емес.  Мектеп 
мұғалiмi  үшiн  үнемi  есте  болатын  негiзгi  ұстанымдар  деп 
бағамдаймыз. 
 Ахмет  Байтұрсынұлы  тiл  бiлiмiнiң  басты  салалары  туралы 
ең  алғаш  қалам  тартқан  ғалым  едi.  Алғашқы  сауат  ашу  құралы 
ретiнде  жазылған  “Оқу  құралынан”  бастап, “Әлiп-би”  мен  “Тiл 
құралда”  қазақ  тiл  бiлiмiнiң  басты  әрi  негiзгi  терминдерiн 
жасады.  
Ахмет  Байтұрсынұлының  ұлылығы  оның  тек  тұңғыш  оқу 
құралын  жазғанымен  өлшенбесе  керек,  ең  бастысы  алғашқы 
оқулық 
тiлiнiң 
терең 
халықтығында, 
сапалылығы 
мен  
бiлiктiлiгiнде. “Бiздiң  жасынан  орысша  я  ноғайша  оқыған 
бауырларымыз сөздiң жүйесiн, қисынын нағыз қазақша келтiрiп 
жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебi жасынан 
қазақша  жазып  дағдыланбағандық.  Орысша  оқығандар  орыс 
сөзiнiң  жүйесiне  дағдыланып  үйренген.  Ноғайша  оқығандар 
ноғай сөзiнiң жүйесiне дағдыланып үйренген”,- дейдi автор “Тiл 
құралдың”  кiрiспесi  ретiнде  жазған  “Сөз  басында”.  Яғни  қазақ 
сөзiнiң  қисынын  келтiрiп,  өз  нақышында  жазу  үшiн  сол  тiлде 
сауатын  ашып,  дағдыланған  абзал.  Ғалым  мұны  көрегендiкпен 
айтқан-ау.  Қазiргi  таңдағы  тiлдiк  жағдай  бұған  толық  көзiмiздi 
жеткiзiп отыр.  
Жалпы 
терминологияның 
лексикология 
мен 
концептологиямен  тығыз  байланысы  бар  екенi  белгiлi. 
Ф.Риггздiң  пiкiрiнше,  терминолог  терминдердi  дербес  сөздер 
ретiнде  қарастырады.  Ондай  сөздер  белгiленетiн  түсiнiктерден 
ауытқымауы  тиiс.  Лексиколог  терминдердi  ғылыми  түсiнiктен 
тыс  қарастырады.  Өйткенi  ол  сөздi  тiл  жүйесiнiң  бөлiгi  ретiнде 
зерттейдi. 
Әрине, 
терминолог 
үшiн 
терминдiк 
жүйе 
терминденуге  ұшарайтын  түсiнiктер  жүйесiне  сай  келуi 

 
26 
маңызды  болып  табылады.  Концептолог  үшiн  түсiнiктердiң 
өзара  қатынасы  олардың  жеке  тiлдiк  жүйеде  көрiнiсiнен 
әлдеқайда 
маңызды 
болатыны 
айтпаса 
да 
түсiнiктi. 
(А.С.Суперанская  Общая  терминология.  Вопросы теории.  1989, 
21).  Яғни  термин  мен  оның  таңбалап  тұрған  ұғымы  арасында 
үлкен  танымдық  байланыс  болады.  Осы  табиғи  байланысты 
дұрыс анықтай алған термин ғана ұзақ ғұмырлы. 
Өзге  де  тiлдiк  бiрлiк  сияқты  терминнiң  де  мазмұны  мен 
мағынасы  бар.  Т.Л.Канделакидiң  көрсетуiнде,  терминнiң 
мазмұны – оның  әуелгi  терминдiк  түсiнiгi  де,  мағынасы – 
термин-сөз ретiндегi сипаты. Терминнiң мағынасы мен мазмұны 
өзге сөздердегiден ерекше. Оның өзiндiк сипаты бар. Терминнiң 
мағынасы мен мазмұны сәйкес келiп, бiр-бiрiн анықтап, мағына 
мазмұнды ашса, термин терме сөз ретiнде анықтала алады.    
Ахмет 
Байтұрсынұлының 
жазған 
“Тiл 
құралының” 
өмiршеңдiгi  мен  қажеттiлiгi  әр  түрлi  сипатта,  әр  алуан 
аспектiден  бағалана  алады.  Оның  мәнiсi  профессор  Ө.Айтбаев 
зерттеуiнде көрсеткендей “А. Байтұрсынұлы жасаған терминдер 
жүйесi,  бiр  қарағанда,  оп-оңай  болып  көрiнгенмен,  ол – өте 
күрделi  де  терең  iзденiстер  нәтижесiнде  пайда  болған  ғылыми 
туынды” (Қазақ сөзi, 32-бет).  
Бiз  соның  тек  бiр  ғана  қырын    тағылым  алу  үшiн  саралап 
қарастыруды  мақсат  етпекпiз.  Ол – ғалымның  термин  жасау 
шеберлiгi  мен  ұғымды  таңбалаудағы  дәлдiгi.  Автордың 
жоғарыда  өзi  атап  көрсеткендей,  қазақша  жаза  алу  үшiн, 
қазақша  дағдылану  шарт  болса,  қазақша  дұрыс  оқыту  үшiн 
оқытатын терминдер де ұғым мен түсiнiктi дәл анықтауы шарт. 
Бiз  мұның  кереметтей  үлгiсiн  осы  ұлы  ғалым  жасаған 
терминдерден  аңғарамыз.  Термин  сөздер – терiлiп  алынған 
сөздер. Екiншi сөзбен айтқанда, белгiлi ғылым саласы бойынша 
қажеттi  ұғымды  атау  үшiн  терiлiп,  таңдалып  алынған  сөздер. 
Сонда  термин  сөзiнiң  қазақша  аудармасы  да  өзiнен-өзi 
анықталады. Термин – терiм сөз.  

 
27 
Ахмет  Байтұрсынұлы  жасаған  термин  сөздердiң  басты 
ерекшелiктерi деп мыналарды көрсетуге болар едi: 
-  анықталатын ұғымның дәлдiгi; 
-  таңбаланған атаудың қазақилығы; 
-  терминнiң жалқылық сипаты болуы; 
-  терминнiң нақтылығы. 
Автор терминдерiнiң дәлдiгi мен нақтылығын саралап, оның 
сапалық сипатын дәл бағалау үшiн өзге жасалған терминдермен  
немесе  басқа  түркi  тiлдерiнде,  орыс  тiлiндегi  жасалған 
терминдермен салыстыруға болар едi.  
Ахмет  Байтұрсынұлы  жасаған  кез  келген  термин  сөздi 
мағыналық  сипаты  жағынан  талдап  қарауға  болады.  Қайсы  бiр 
терминдi  алмайық,  ең бастысы  бiлдiретiн  ұғымды  дәл  көрсетiп, 
толық  таңбалайды.  Айталық,  сөздiң  құрылымын  ғалым 
тұлғасына қарай бес түрге бөледi: түбiр сөз, туынды сөз, қос сөз, 
қосалқы сөз, қосымшалар.  
Ендi  осы  терминдердiң  терең  құрылымдық  мағынасы  мен 
тiлдiк термин ретiндегi сипатына назар аударалық.  
Түбiр  сөзiнiң  қазақ  тiлiндегi  негiзгi  мағынасы  “ағаштың, 
өсiмдiктiң  жерде  қалған  түбi“.  Ауыспалы  мағынасында  бiр 
нәрсенiң  түп-тамыры,  төркiнi,  арғы  жағы  деген  мағынада 
жұмсалады.  Ахмет  Байтұрсынұлының  түбiр  сөзiн  алуының 
себебi 
аталған 
сөздiң 
күнделiктi 
қолданыста 
сиректеу 
жұмсалатыны, 
тек 
ботаникалық 
термин 
ретiнде 
жұмсалатынында  болуы  мүмкiн.  Осы  мағынадағы  негiз  сөзi 
күнделiктi  қолданыста  жиiрек  жұмсалады,  әрi  негiз  сөзiнен 
көптеген  сөздер  өрбiп,  оның  қолданыс  жиiлiгiн  тереңдетедi. 
Мысалы: негiзi, негiзiнен, негiзгi, негiзсiз т.б. Түбiр сөзi арқылы 
тiл  бiлiмiндегi  ары  қарай  бөлшектеуге  келмейтiн  сөздiң  түпкi 
мағынасын  анықтайтын  түбiр  сөздi  дәл  де  анық  таңбалауға 
болады. Сонда, түбiр сөзi: 
1. күнделiктi қолданыста сирек қолданылған; 
2. анықтайтын ұғымды дәл берген; 
3. қолдануға ыңғайлы. 

 
28 
Демек,  көрсетiлген  терминдi  басқа  сөзбен  емес,  түбiр 
сөзiмен  таңбалаудың  сөз  мағынасының  дамуы  мен  қолданылу 
сипатында өзiндiк iшкi заңдылығы бар.  
Кей  оқулықтарда  түбiр  терминi  мен  негiз  терминi  қатар 
қолданылып 
жүргенiмен, 
қазiр 
“түбiр” 
терминi 
толық 
қолданысқа  түскен.  Әрi  түбiр  терминi  мен  негiз  терминiнiң 
арасында айырмашылық пен ерекшелiк бар деп қарастырылады. 
Орыс  тiлiндегi “корень”  сөзiнiң  беретiн  ұғымы  мен  түбiр 
терминiнiң беретiн мағыналары бiрдей.  
Туынды  сөзiнiң  мағынасы  да  өте  дәл  және  нақты  берiлген. 
Қазақ  тiлiнiң  күнделiктi  сөйлеу  тiлiнде  туынды  сөзi  де  сирек 
қолданылады. 
Автордың 
көркем 
шығармасы, 
туындысы 
мағынасынан өзге мағынасы кездесе қоймайды. Бұл семаның өзi 
кейiн пайда болып қалыптаса бастаған едi. Ал термин ретiндегi 
туынды  сөзi  тiлдегi  түсiнiктi  толық  таңбалайды.  Шынында  да, 
туынды  сөз – жаңадан  туындаған,  жасалған  сөздердi  көрсете 
алады.  Сонда ғалым қолданып отырған терминнiң мәнi ұғымды 
таңбалауда  өте  қолайлы,  әрi  дәл  бейнелейдi.  Туынды  сөз 
терминiнiң  орнына  өзге  де  бiр  терминдi  қолдану  мүмкiн 
еместей.  
Терминдердiң  ең  басты  бiр  ерекшелiгi  таңдалып  алынған 
сөздердiң  қазақша  ұғымға  сәйкес  аталатыны.  Қазақ  балаларына 
түсiнiктi сөздер мен атаулар болғандықтан, оны оқыту да жеңiл. 
Тiлге  жеңiл,  жүрекке  жылы  тиедi.  Автордың  өзi  көрсеткендей, 
қазақ  балаларын  қазақша  оқыту  дегеннiң  ең  тиiмдi  жүйесi  де 
осындай  болса  керек.  Қазақша  ойлаудан,  сөздi  қазақша 
түсiнуден туған терминдер. 
Оқушыларға  әрбiр  термин  туралы  айтқанда,  оның  тiлдiк 
мағынасын  ашудан  бұрын,  оның  атаулық,  сөздiк  мағңынасын 
ашып алған тиiмдi болар едi. Яғни туынды сөздi немесе түбiрдi 
айтпас  бұрын,  оқушыларға  осы  сөздердiң  атаулық  мағынасын 
ашып,  анықтап  көрсеткен  жөн.  Содан  кейiн  барып,  оның 
терминдiк ұғымын түсiндiрген абзал. 

 
29 
Қосымша  сөзiн  таңдап  алуының  да  осындай  өзгеше 
ерекшелiгi  бар  деп  есептеймiз.  Қосымша  сөзiнiң  атау  ретiнде 
беретiн  мағынасы  мен  термин  ретiнде  беретiн  мағыналарының 
негiздемесi (мотивациясы)  жақын.  Негiзгi  мағыналары  ортақ 
болғандықтан, қосымша терминiн естiгенде әңгiменiң жалпы не 
туралы  болатыны  туралы  тыңдаушыда  белгiлi  дәрежеде  алдын 
ала  түсiнiк  қалыптасады.  Бұл  түсiнiк  қосымша  сөзiнiң  әуелгi 
негiзгi  мағынасы  арқылы  қалыптасады,  ал  арнайы  мағынасын 
оқытушының  түсiнiк  беруi  нәтижесiнде  оқушыға  жеткiзу  онша 
қиындық  әкелмейдi.  Ғылым  тiлiнiң  қазақшалығы,  қазақилығы 
осындай болуы керек болар.  
Ахмет  Байтұрсынұлының  қосымшаны  жалғау  және  жұрнақ 
деп  бөлуiнiң  грамматикалық  жағынан  ғана  емес,  танымдық 
түсiнiк туғызуы мен терминдегi халықтық сипатты танытуда да 
үлкен маңызы бар. Тереңiрек пайымдар болсақ, жалғау деген сөз 
бен жұрнақ сөзiнiң iшкi мағынасының өзiнде үлкен мән-мағына 
жатқандай.  Термин  жай  жасала  салған  емес,  сөздiң  iшкi 
семантикалық  мағынасымен  терең  қабысып  жатқанын  аңғаруға 
болар едi. Жалғау – күнделiктi сөйлеу тiлiнде бiр нәрсенi екiншi 
бiр  нәрсемен  байланыстыру  жалғау  мағынасында  жұмсалады. 
Байланыстырушы,  жалғаушы  нәрсе  болған  соң,  оның  негiзгi 
қызметi  де  осы  ұғыммен  байланысты  болады.  Яғни  сөз 
мағынасына  ешқандай  жаңалық  енгiзбейдi,  тек  байланыстырушы 
рөл атқарады.  
Ал  грамматикалық  термин  саналатын  жалғаудың  да  негiзгi 
мағынасы  осындай  түсiнiкпен  iштей  қабысып  жатады. 
Жалғаулар сөз бен сөздi байланыстырады. Сонда жалғау сөзiнiң 
термин  ретiнде  таңдап  алынуы  оның  iшкi  мағынасымен 
толықтай сәйкес келiп жатады. Iшкi негiздемесi айқын.  
Сондай-ақ  жұрнақ  терминiнiң  де  қабылдану  жүйесiн 
түсiндiруге  болады.  Жұрнақ  сөзiнiң  мағынасы - белгiлi  бiр 
заттан  қалған  қалдық.  Ескiнiң  көзiндей    сақталып  қалған 
қалдықтың, жұрнақтың өзiндiк ерекшелiгi болады. Оның негiзгi 
ерекшелiгi,  ең  алдымен,  бұрынғы  көнелiктiң  бiр  белгiсiн 

 
30 
сақтауы.  Оның  құндылығы  да  осы  ерекшелiгiнде.  Ал 
грамматикалық  термин  ретiнде  Ахмет  Байтұрсынұлы  ұсынған 
термин  анықтайтын  түсiнiкте  де  осындай  ұғым  бар.  Жұрнақ 
ешқашан жалғау бола алмайды. Жұрнақтың iшкi мағынасы, мәнi 
бар.  Қазiргi  түркологиядағы  ғылыми  пiкiр  бойынша  түркi 
тiлдерi  жұрнақтарының  қай-қайсысы  болса  да,  бiр  кездерде 
толық мағынасы бар лексикалық бiрлiк болғаны белгiлi.  
Демек,  жұрнақтың  өзiндiк  iшкi  мағынасы  болады.  Тiлдiң 
дамуы  барысында  өзiнiң  лексикалық  мағынасын  толық 
сақтамай, тек жұрнағын ғана сақтап қалып, жалғанған сөзiне сол 
мағынасын  үстейтiн  қызметi  бар.  Тiлдi  терең  түйсiнген  ғалым 
осының  барлығын, iштей  бiлiп,  көңiлмен  ұққандай.  Сондықтан 
да бұл терминдер өмiршең, сондықтан да бұл терминдер қазақи. 
Осы 
терминдердi 
мектеп 
оқушыларына, 
жоғары 
оқу 
орныдарының студенттерiне түсiндiргенде, ең алдымен олардың 
атау  сөз  ретiндегi  мағынасын  түсiндiрiп,  олардың  ортақ 
мотивациясын  тауып  отырса  құба-құп.  Сонда  оларды  қабылдау 
да қабылдату да оңай болған болар едi деп есептеймiз. 
Ахмет  Байтұрсынұлы  жасаған  термин  сөздердiң  қай-
қайсысын болса да осылай түсiндiруге болар едi. Ғалым жасаған 
терминдердiң  мағынасы  мен  мәнiн  айқындау,  оның  нағыз 
халықтық сипатын бағамдау болашақтың iсi деп бiлемiз. 
Сонымен,  Ахмет  Байтұрсынұлы  қазақ  тiлiнiң  оқыту 
әдiстемесiн  негiздеген,  әдiстеме  ғылымының  көш  басшысы 
ретiнде танылады.  

1   2   3   4   5   6   7   8


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал