Республики казахстан


ТАРИХИ ДЕРЕКТІҢ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ КӨРІНІСІ



жүктеу 5.14 Kb.
Pdf просмотр
бет29/44
Дата09.01.2017
өлшемі5.14 Kb.
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   44

ТАРИХИ ДЕРЕКТІҢ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ КӨРІНІСІ 
 
Аннотация. Мақалада кеңес дәуірінде жазылған қазақ және қырғыз тарихи 
романдарына шолу жасалып, өткен тарихтың көркем шығармадағы көрінісі 
зерттелген. 
Тірек сөздер: тарихи дерек, патша өкіметі, Ресей отаршылдығы, тап күресі. 
 
Тарихи  өткенді  бейнелеудегі  басты  нәрсе  –  әр  жазушының  төл  халқының 
ұлттық  мінез-құлқын,  бұрынғы  дәуірдің  рухын  шынайы  суреттеп,  тарихи  ұлы 
оқиғалардың  қайшылықтарына  терең  бойлауы  болып  табылады.  Салыстырмалы 
әдебиеттану  шеңберінде,  тарихы  мен  тілі  ұқсас,  географиялық  орналасуы  жағынан 
бір-біріне  жақын  елдердің  әдебиеттері  арасындағы  байланысты,  өзара  ықпалды, 
ұқсас сюжеттік оқиғаларды зерттеу бүгінгі күні де өте маңызды. Бұл тұрғыда әртүлі 
ел  жазушыларының шығармаларындағы  суреттелетін    ортақ  дәуір,  ұқсас  сюжеттер, 
көркем  бейнелердің  жақындығы  маңызды  роль  атқарады.    Қазақ  және  қырғыз 
әдебиетінде  оқырмандардың  жүрегінен  орын  алған,  олардың  санасына  өткен  өмір 
тәжірибесімен  әсер  еткен  тарихи  тақырыптағы  шығармалардың  өзіндік 
ерекшеліктерімен қатар біршама ортақ, үндес белгілері де айқын аңғарылады. Өткен 
замандағы  тап  күресі,  баққұмарлық  қақтығыстар,  діни  наным-сенім,  көршілес 
елдердің  отарлау  саясаты  міне,  бұл  мәселелер  Орта  Азия  әдебиетіндегі  тарихи 
романдардың  көбіне  тән  негізгі  сарын  деп  айтуға  болады.  Осы  тұрғыдан  алып 
қарағанда, қырғыз жазушысы Төлеген Қасымбековтың «Сынған қылыш» романының 
қазақ қаламгерлерінің тарихи прозасымен елеулі үндестігі бар екені айқын танылады. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №1-2016ж.  
 
235 
Романның  идеялық  бағдары  мен  оқиғалық  өрілімі  кейіпкерлер  мінездемесі  осы 
айтылғанды  дәлелдейді.  Тарихи  тақырыпқа  алғаш  қалам  тартқан  қырғыз  елінің 
көрнекті  жазушысы  Төлеген  Қасымбеков  1931  жылы  дүниеге  келген.  Оның 
тырнақалды  туындысы  «Жылқышының  ұлы»  атты  әңгімесі  қырғыз  мемлекеттік 
университетінде  білім алып жүрген кезінде жарық көрді. Кейін жарияланған «Адам 
болғым  келеді»,  «Жетім»  атты  повестері  оқырманның  ыстық  ықыласына  бөленіп,  
әдеби  сында  оң  көзқараста  бағаланған.  Қырғыз  әдеиеттанушы-ғалымдарының 
айтуынша,  Т.Қасымбековтың  1966  жылы  жарық  көрген  «Сынған  қылыш» 
шығармасы  –  қырғыз  әдебиетіндегі  алғашқы  тарихи  романдардың  бірі.  «Сынған 
қылыш» романының бірінші, екінші, үшінші бөлімдері 1966 жылы жарыққа шықты. 
Кейін  толықтырылып  1971  жылы  қайта  жарық  көрген  соң,  1973  жылы  орыс  тіліне 
аударылып басылған.  Сонымен бірге жазушы Ілия Жақанов аталған романды қазақ 
тіліне  аударып,    шығарма  1981  жылы  «Жазушы»  баспасынан  жарық  көрді.  Яғни 
қазақ  оқырмандары  да  бұл  қырғыз  тарихи  романымен  етене  таныс.  Профессор 
Ж.Дәдебаев  «Өмір  шындығы  және  көркемдік  шешім»  атты  монографиясында 
М.Мағауинның 
«Аласапыран» 
мен 
Т.Қасымбековтың 
«Сынған 
қылыш» 
романдарындағы халықтың дәстүрлі мәдениетінің әдеби шығармада көрініс табуын, 
көркем 
шығарманың 
поэтикалық 
құрылымында 
тарихи, 
этнографиялық, 
фольклорлық және әдеби материалдардың атқаратын танымдық қызметін салыстыра 
зерделейді  [1].  Жалпы,  көршілес  өзбек,  қырғыз,  түркімен,  тәжік,  қарақалпақ  тағы 
басқа елдердің тарихи романдарын салыстыра зерттеу қазақ әдебиеттану ғылымында 
сирек  ұшырасады.  Онда  да  қысқаша  ғана  сипаттама  беріліп,  тек  кейбір  эпизодтар 
ғана  салыстырыла  қарастырылған.  Мұндай  зерттеулер  қатарында  Р.Бердібай, 
Ж.Дәдебаев, Т.Сыдықов тағы басқалардың еңбектері атауға болады. 
«Сынған қылыш» романындағы оқиғалар 1842-1876 жылдар арасын қамтиды. 
Бұл  тарихи  шығармада  XIX  ғасырдың  ортасы  мен  II  жартысындағы  қырғыздардың 
тұрмысы,  Қоқан  хандығы  мен  Қырғыз  еліндегі  қоғамдық-саяси,  әлеуметтік-
экономикалық  жағдай,  орыс  патшалығының  отарлау  мақсатындағы  саясаты 
төңірегіндегі  оқиғалар  сөз  болады.  Романдағы  кейіпкерлердің  барлығы  және  олар 
қатысқан  оқиғалардың  дені  тарихта  болған.  Шығармадағы  оқиғалардың  көпшілігі 
Нүзіп, Әлімқұл, Бекназар, Әбіл би, Әлімбек, Ысқақ, Шерәлі, Құдярхан, Әбдірахман, 
Черняев,  Скобелев  төңірегінде  өрбиді.  Тарихтан  белгілі  он  тоғызыншы  ғасырдың 
орта  шенінде  Ұлыбритания  әлемге  өз  билігін  жүргізуге  күшін  салып,  Үндістанды 
өзіне толық қаратып, Ауғанстанға, Иранға, Түркістанға бақылау орнатуға қолы жетті. 
Сонымен  бірге  Түркістанға  келуді  жоспар  қылған.  Сол  арқылы  Шығыстан  Ресейге 
соққы  беру  басты  мақсаттары  болған.  Ал,  Ресей  болса  Түркістанға  бұрын  жетуге 
барынша  күш  салды.  Тарихшы-ғалым  Н.Г.Аполлованың:  «Орыс  үкіметі  -  өзінің 
құбылмалы  бодандарының  дипломатиялық  байланыстарын  бақылай  отырып, 
олардың  басқа  бодандыққа  ауысу  мүмкіндіктерін  барлық  амалдармен  болғызбауға 
тырысты»  [2,  94  б.],  –  деген  байламы  осы  кезеңнің  тынысын  дәл  танытады.  Бұл 
айтылған мәселеге қатысты Ресейдің қырғыздарға деген ұстанымы романда барынша 
жан-жақты, нанымды суреттеледі. Ресей өкіметі ең алдымен жергілікті хандарға арқа 
сүйеді,  оларды  өз  халқына  қарсы  айдап  салды.  Құдияр  ханға  да  «Мәртебелі»  деген 
титул  беріп,  гауһар  жұлдызы  бар  1-дәрежелі  Станислав  орденін  жайдан-жай  сыйға 
тартқан  жоқ.  Ханға  патша  өкіметі  өз  елінің  наразылығын,  көтерілісін  басуға  сенім 
артты.  Осылайша  Ресей  өкіметі  елдегі  жергілікті  беделді  адамдарға  тарту-таралғы 
жасап, оларды өз мақсат-мүдделеріне оңай көндіре білген. Мысалы, Ә.Кекілбаевтың 
«Үркерінде»  Ресейдің отаршылдық саясаты Тевкелевтің іс-әркетінен айқын көрінеді. 
Романнан үзінді келтірсек: « - Айтпақшы, сұлтан, мен осы сіздің иығыңызға ештеңе 
жаппаған сияқтымын. Сәл кідіре тұрыңызшы. Барып сандығын ашып, ішінен ір бума 
көк  шұға  алып  шықты.  –  Мынадан  шапан тігіп  киерсіз.  Амандық  болса,  сыбағаңыз 
әлі  алда.  Тек  осылай  бізге  де  тілдес,  құлақтас  болғайсыз.  Ел  арасына  көп  жүріп-
тұрасыз. Мына жұрттың ақ патшаға пиғылы қалай аунап тұр екен. Біле жүрерсіз. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №1-2016ж.  
 
236 
«Бұл бір оңынан оралған шаруа болды»,  – деп ойлады Тевкелев, кімге қандай 
сый-сияпат  таратқанын  тіркейтін  журналға  «Нияз  сұлтанға  12  сом  05  тиын»  деп 
жазып  жатып»  [3,  371  б.].  Осындай  Ресей  империясының  қитұрқы  саясатын 
І.Есенберлиннің  тарихи  эпопеясында  орыс  генералы  Неплюевтің  іс-әректінен  де 
көреміз.  «Жанталаста»  Неплюевтің  Жәнібек  батырға  тархан  атағы  берілгенде, 
қазақтар туралы айтқан мынадай сөзі бар: «Бала секілді, бұлардың қуануы да, ренжуі 
де  оп-оңай.  Мұндай  елді  басқару  қиынға  түспейді.  Егер  біреуді  мерт  еткің  келсе, 
өзгеден де оның дәрежесін жоғары көтере қойсаң болғаны». Елдегі  би-батырларды, 
бай-манаптарды алдап-арбап, өз мақсатарын жүзге асырумен бірге, «Сынған қылыш» 
романында  Ресей өкіметінің отарлаушылық жолындағы әректтері Скобелев бастаған 
жазалаушы  отрядтың  айуандық  істері  арқылы  да  ашық  көрінеді.  Осы  отрядтағы 
штабс-капитан  казак  Кривоносовтың  «Санкт-Петербургские  ведомости»  газетінің 
редакторы  Марвинге жазған  хатында:  «Міне,  бұл  жақтағы  жағдай осылай,  Марвин, 
мырза,  бірақ  мұны  газетіңізге  жариялап  жібермеңіз,  мен  Дүние  лигасының  көзіне 
жабайы  жыртқыш  боп  көрініп  қап  жүрмейін.  Менің  ұстаған  бағытым  осы.  Азияда 
елді  қырып  салмай  шатақ  тыйылмайды,  соққы  қаншалықты  күшті  болса  дұшпан 
соншалықты  басылады»  деп  жазады.  І.Есенберлин  романында  Горшаков,  Скобелев 
сияқты  патша  генералдары  түрлі  мінез-құлықта  суреттеледі.  Олар  да  қолдарында 
билік  болса  бүкіл  қазақты  құртуға  әзір.  «Қаһарда»  бұл  кейіпкерлер  орыс  халқының 
өкілі  емес  патша  өкіметінің  қолшоқпарлары  ретінде  суреттелген.  Т.Қасымбеков 
романында халық өкілдері:  ақ жүрек  Құлкиши, диқан Тәңірберді, саятшы Сарыбай, 
оның  інісі  Мадыл,  ақылгөй,  дана  ақсақал  Әлмәмбет,  заман  тынысын,  ел  тұрмысын 
жырлап жүрген қалендерге дейін әрқайсысының жеке-жеке характерлері сомдалған. 
Романда  жұт  кезіндегі  елді  жайлаған  аштық, елдің  ауыр  тұрмысы  саятшы  Сарыбай 
басына  түскен  ауыртпалықтан  анық  көрінеді.  Романда  халық  тұрмыс-тіршілігін 
көрсететін  суреттер,  халықтың  салт-санасы,  әдет-ғұрыптары  –  көш  және  оны 
шығарып салу, құда түсу және келін түсіру, әртүрлі тойлар, ас беру, жаназа шығару, 
жоқтау  айту,  бәйге,  саятшылық  сияқты  көптеген  ұлттық  дәстүр  әдемі  суреттелген. 
Романдағы  табиғат  суреттері  мен  портреттік  мінездемелерден,  драмалық 
диалогтардан  –  жазушының  халық  тілінің  бай  ою-өрнектерін,  поэтикалық 
бейнелілігін жетік меңгергенін көреміз. Шығармадағы мақал-мәтелдер мен теңеулер, 
шешендік толғау сөздер де ерекше бір эстетикалық қызмет қылып тұр. Романды оқи 
отыра,  жазушының  тарихи  деректі  молынан  пайдаланғанын  көреміз.  Романның 
бірінші  бөліміндегі  оқиғалар,  мысалы  орыс  жерлерімен  қақтығыс,  елдегі  дүрбелең 
бесінші  бөлімде  тереңірек  суреттелген.  Мұнда  Ысқақ  бастаған  көтерілісті  басып-
жаншып, жазықсыз елді қырып-жоюдағы патша өкіметінің генералы Скобелевтің іс-
әрекеті  арқылы  оқиға  қоюлана  түседі.  Еркіндікті,  елдің  тыныштығын  сақтауды 
мақсат еткен Ысқақ бастаған көтеріліс жеңіле бастаған тұста оның тамырын біржола 
құрту  үшін  генерал  Скобелев  «Қысқы  экспедиция»  деген  атпен  әскерін  жинақтап, 
тыныш  жатқан  ауылдарды  жаппай  қырғынға  ұшыратады.  Генералдың  әскерін 
бастаушы,  жол  көрсетуші  болып  Құдярханның  ұлы  Насиридин  жүреді.  Романда 
Наймандардың  қыстағын  бірінші  болып  өртеп,  оларға  шабуылды  бастаған  да 
Насиридин  еді.  Үлкен  тартысқа,  шыншыл  оқиғаларға  құрылғандығы,  кейіпкерлер 
мінезінің  екшеліп,  типтендіріліп  берілуі  жағынан  «Сынған  қылыш»  –  тек  қырғыз 
әдебиетінің  ғана  емес,  бүкіл  Орта  Азия  халықтары  әдебиетінің  тартымды 
туындыларының бірі. Бұл шығармада да адалдық пен зұлымдық арасындағы ежелден 
келе жатқан толассыз шайқастың нақты тарихи ситуацияларға негізделген бір үзігін 
көреміз.  Мысалы,  шығармада  Генерал  Скобелевтың  тапсырмасы  бойынша  оның 
жендеттері өлмелі бір шалды тірі қалдырып, ауылдағы барлық адамды түгел қырады. 
Адамдары  қырылған,  өртелген  ауылда  жалғыз  шалды  тірі  қалдырып  оны  қинауда 
нағыз  жауыздықтың  бір  түрі  ретінде,  орыс  әскерлерінің  қаныпезерлігі  суреттеледі. 
Одан кейін Маасы ауылын қырады. Ауылдағы алды он үш арты сегіз жастардағы үш 
бала  қаша  бергенде,  оларды  каратель  Кривоносов  артынан  қуып,  ата  бастағанда, 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №1-2016ж.  
 
237 
көріп  тұрған  ориенталист  шыдамай  генералға:  «  -  Михаил  Дмитриевич,  -  деп  сөз 
бастады ориенталист, қабағы салыңқы, - бұл не боп кетті өзі, қорғансыз елді қырып-
жою,  жас  балаларды  қуып  жүріп  ату,  бұл  тегі  тәрбие  көрген,  цивилизация  көрген 
адамның  қылар  ісі  емес  еді.  ...Жас  баланы  ібілсіндей  қуып  жүріп  ату  не  деген 
сұмдық? Казак Кривоносов жауапқа тартылсын, Михаил Дмитриевич... Әйтпесе...» – 
деп,  булыға  тоқтады,  соңғы  сөзі  жалынышты шыққандай  болды.  Генерал  Скобелев 
салқын ғана күлген боп:  
-  Не  деп  отырсыз  құрметті  Иван  Васильевич?  Россияның  еркіне  бас  игісі 
келмеген,  көнгісі  келмеген  бір  жабайы  азияттың  жазасын  бергені  үшін  бе?  Казак 
крест тағып жүруге арзиды, Иван Васильевич! Сіз келісесіз бе, осыған? 
- Жоқ, келіспеймін,  –  деп ориенталист  ақырын күбірлеп, жүзін үйріп әкетті.  – 
Тұрғылықты ел не дейді, бұған? Көзін тігіп отырған Европа не дейді?» [4, 494 б.]. Бұл 
эпизодта  екі  түрлі  көзқарастағы  орыс  адамдарының  пікірі  айқын  аңғарылады.  Ал 
қырғыз  ауылдарын  шабуға,  өзі  бастап,  генералға  жол  көрсетіп,  орыс  еліне 
берілгендігін  дәлелдеп  жүрген  Насіреддин  бейнесі  де  романда  ашық  көрсетіледі. 
«Сыртта  әлгінде  жанынан  ұзын  пышақ  шыққан  жігітті  солдаттар,  Насіреддиннің 
әулекілері қамшымен, шомбылмен сабап жатқан-ды. Жігіт  тістеніп қыңқ етпеді.  Ақ 
шашты кемпір шырылдап, қайта-қайта үстіне түсе қалды. Зып! Зып! Әулекі жігіттер 
мен  солдаттар  алма-кезек  құлаштап,  тынымсыз  сабай  берді.  Кемпірдің  етегі  жасқа 
толды. – Құлыным, құлыным, сенің осы күніңді көрем деппе ем! – деп шашын жайып 
сап  аңырады.  Жігіт  шамырқанып,  -  Апа...  Апа...  Қарама  маған...  Алып  кетіңдерші 
апамды... – деп ышқына ыңырсыды. Солқылдап үн салып жыламаса да, бірақ аппақ 
сақалынан көз жасы сорғалап тұрған шал, қой дегендей кемпірге ишарат білдірді. Бір 
уақытта жігіт есінен танды. Үн-түнсіз былық етпей жатты. Солдаттар оны дырылдата 
сүйреп апарып, талдың бұтағына аса салды. Жігіт бір-ақ рет тұяқ серпуге жарады да, 
тұмсығынан ілген жолбарыс терісіндей ұзыннан салбырады да қалды. Унтер-офицер 
күліп, қылышымен шалбарының ышқырын қырқып жіберді де, шалбары сыпырылып 
жігіттің  аяғының  басына  ілініп,  бар  әбиірі  көрініп  қалды.  Солдаттар  мен  әулекі 
жігіттер  қарқылдап  кеп  күлді.  Қасқыр  жарға  қамаған  қойдай  дірілдеп  тұрған  жұрт 
жерге  қарады.  –  Көріңдер!  Бізге  қол  көтерген,  ұлы  патшаға  қол  көтерген,  міне, 
осындай  күйге  ұшырайды!  Көріп  алыңдар...  –  деп  айқайлап  тұрды  Насіреддин»  [4, 
497  б.].  Өз  еліне  қарсы  Насіреддин  сияқты  алаяқтардың  жантүршігерлік 
қастандығын,  мұндайлардың  қашанда  адал  қауымның  қас  жауы  болып  қала 
беретіндігін  жазушы  шынайы  жеткізе  білген.  Жазушы  Т.Қасымбеков  өткен 
замандағы  тап  қайшылығын,  үстем  қауым  өкілдерінің  нысапсыз  баққұмарлығын, 
тыюсыз  зорлығын,  мансап  үлесін,  өз  қара  бастары  үшін,  қасиетті,  киелі,  қымбат 
дегеннің  барлығын  құрбандыққа  шалатындығын  Әбіл  би,  Әбдірахман,  Құдярхан, 
Насіреддин  бек  сияқты  бейнелер  арқылы  ашып  көрсетеді.  Романда  мынадай  бір 
қызық  эпизод  бар.  Полковник  Машин  Наманган  қаласынан  Нарынға  қарай  үш  жүз 
әскерімен  келе  жатып,  Әбіл  биге  кездеседі.  Әбіл  би  тілмаш  арқылы  оған  орыс 
халқына берілгендігін, өз үйіне қонаққа шақырып сый-құрмет көрсететінін жеткізеді. 
Машин қонақ болып кетуді жөн көреді. Дастарқан басында Машин арақ құйып, оны 
Әбіл  биге  ұсынады.  Әбіл:  «Ұлы  төрем,  деді  боп-боз  боп,  әрең  үн  қатты,  -  біздің 
құдайымыз  арақ  ішуге  рұқсат  етпейді...  Кешіргейсіз,  ұлы  төрем...  Тілмаш  аударды. 
Полковник  Машин  мырс  етіп  миығынан  күліп,  көк  маржандай  тұп-тұнық  көзі 
күлімдеп: – Ал, біздің құдай сіздермен бірге тегі бірге отырғанды мақұл көрмейді. Біз 
міне, бірге отырмыз ғой?! – деп тықсырды. Тілмаш аударды. Әбіл не істерін білмей, 
амалсыздан жымиып, қып-қызыл боп отырып қалды. «Е, бір құдай, өзің кешіргейсің! 
«Патшаң  кәпір  болса  да,  әміріне  құлдық  ет,  ақсақтың  ақырын  күт»  дейді 
ғұламаларың,  е,  құдай...»  деп  кесені  қолына  алып,  тамсанды  да  тартып  салды. 
Жүзбасылар  қарқылдап  күліп  жіберді.  –  Міне,  мәселе  басқа  енді!  –  деп  полковник 
Машин  де  күлді.  -  Өзі  арақты  ашырқанбастан  мейірлене  ішті.  Сусынға  келгенде 
қалың әскер қымызға тартынбай-ақ кірісті. «Во! Ғажап қымыз!» десіп тамсанып ішіп 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №1-2016ж.  
 
238 
жатты бәрі. Әбіл шынында да қайран қалды: – Е, мұсылман ноғай, - деді ақырын, - 
бұлар да қымызды біледі екен ғой, ә? Құйып жатыр ғой қылқылдатып! – Жылқы етін 
жемейді, сүтін де ішпейді. Көніп кеткен, әншейін. Бүкіл қазақ даласынан өтіп келеді 
ғой. Көніп кеткен, әншейін...  – деп түсіндірді  тілмаш, арақтан көзінің үсті күлдіреп 
қызарып  отырып.  –  Бәріне  көнеді,  бәріне  көндіреді.  Сонысымен  қиын  бұлар...»  [4, 
543 б.]. Осы эпизодқа жақын көрініс М.Мағауиннің «Аласапыран» романында да бар. 
«Шарап  әуелі  Сейтекке  ұсынылған.  Бөлмей  ішу  керек,  үй  иесіне  жаманшылық 
ойлаған  адам  ғана  шашалатыны  ескертілген.  Сейтек  тостағанды  қос  қолдай  ұстап, 
сусап  келгендей  құныға  бас  қойған.  Тамағы  бүлкілдеп,  екі-үш  жұтты  да,  кенет 
құсынған  түйедей,  қақалып,  шашалып,  аузындағысын  жан-жағына  бүркіне  жөтеліп 
қоя  берген.  –  Ниетің  –  харам!  –  деді  воевода.  Келесі  кезек  Қадырғалидікі  еді.  Бек 
әуелі  сұлтанға,  одан  соң  Сейтекке  қарады  да,  не  болса  да  ақырына  дейін  шыдайын 
деген  оймен  созылған  ыдысты  алған.  Асықпай  аузына  апарып,  ернін  тигізіп  дәмін 
алды  да,  қымыз  ішкендей,  баппен  сораптай  бастады.  Бөлмей,  шашалмай  ішіп  бітті. 
Бірақ  болған  сәтте,  бұрын  ішіп  үйренбеген  ішімдіктен  жеркеніп,  болмашы 
тыжырынған. 
- Сен һәм харам! – деді воевода, саусақпен көзге шұқығандай нұқып. – Енді сен 
іш, Салтан, - деген сосын, тістене сөйлеп. 
 -  Маған жарлық берер  –  сен емес! Меймандос үйден сыйлы қонақ қалағанын 
ішеді! – деді ОразМұхамед. 
 -  Сен  екі  мәрте  –  харам!  –  деді  воевода  ащы  жымиып»  [5,  222  б.].  Аталған 
туындылардағы оқиғалардың суреттелуінде уақыт айырмашылығы бар. Десек те қос 
романда  жазушылар  патшалық  Ресейдің  отаршылдық  мақсатындағы  іс-әрекеттерін, 
олардың  жоғары  шендегі  қолшоқпарларының  барша  жұртты  өздерінен  төмен 
санайтын астамшылық мінез-құлықтарын шебер жеткізген.  «Аласапырандағы» Сібір 
ханы Сейтек те «Сынған қылыштағы» Әбіл би де патшалықтың сойылын соғушылар 
ғана  емес,  олар  өз  қара  бастарының  қамын  ойлап,  солардың  арқасында  ел  билеуді 
мақсат  етеді.  Олардың  бар  іс  әрекеттеріне  бас  шұлғи,  яғни  патшадан  қолдау  тапса, 
өздерінің де беделінің де арта түсеріне сенімді. Бір-біріне ұқсас екі кейіпкердің мінез-
құлықтары  осы  бір  шағын  көріністе  таныла  түседі.  Қос  романдағы  аталған 
кейіпкерлердің ішкі ойы, мақсат-мүдделері, іс-қимылдары біріне бірі өте жақын. Бұл 
кейіпкерлер І.Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Қараөткелдің аға сұлтаны болған 
Қоңырқұлжа  Құдаймендин  бейнесін  де  еске  түсіреді.  Аға  сұлтан  Құдаймендин  де 
Омбы  генерал-губернаторының  сеніміне  кіріп,  елді  күшпен,  айламен  бағындырып 
отырған.  «Сынған  қылыштағы»  Әбіл  би  де  орыс  шенеуніктерінің  іс-әрекеттерін  өз 
мүддесіне  пайдаланып,  елді  уысынан  шығармай  билеп  төстейді.  Тіпті  Машиннің 
қолынан  «патшаның  жарлығымен  орыс  әкімшілігінің  тапсырмасымен  елді  билеу 
құқығы  берілген»,  -  деген  қағаз  жаздырып  алады.  Шығарма  мансап  жолының  көп 
жағдайда  арамзалық,  кісәпірлікпен  ұштасып  жатқанын  ұқтырады,  «қулық  асырып» 
басқалардың  сыбағасына  сұқтану,  елін  сату,  қомағайлық,  нысапсыздық  түбі  ойран 
болатынын  тарих  тағылымы  етіп  ұсынады.  Романда  орыс  патшалығының  қырғыз 
елін қырып-жойып та, алдап та, өздеріне жақын бай-манаптарды пайдаланып та, яғни 
барлық амал-тәсілдерді қолданып өздеріне қаратып алғандығы сөз болады. Сонымен 
қатар,  орыс  отаршылдығына  дейін  қырғыз  елінің  салт-дәстүрі,  тұрмысы  қандай 
болды  деген  сауалға  да  романның  өн  бойынан  жауап  табамыз.  Бұдан  автордың 
қырғыз  тарихын  жетік  меңгергендігінің  куәсі  боламыз.  Романның  екінші  бөлімі 
қырғыз  елінің  1842  жылдардағы  тұрмысын  суреттеуге  арналған.  Бұл  бөлімде 
Нүзіптің,  Шерәлі,  Шадының,  Мұсылманкұлдың,  Әбдірахманың,  Алманбет 
төңірегіндегі  оқиғалар  суреттеліп,  негізінен  ордадағы  билікке  талас  баяндалады. 
Әсіресе  Нүзіп  пен  Мұсылманкұлдың  бейнелері  романда  әдемі  көрініс  тапқан. 
Мысалы,  Нүзіптің  бейнесін  «өткір  пышақтың  ұшындай  тік  көздері»  деп,  оның 
қатыгездігін суреттейді. Шерәліні хан көтергенде, Нүзіп бір кемпірдің он бес жасар 
жалғыз  ұлын  садақаға  шалмақ  болады.  Кемпір  шырылдап  келіп  ұлын  құшақтап 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №1-2016ж.  
 
239 
алғанда,  Нүзіптің  «өткір  пышақтың  ұшындай  тік  көзі»  билердің  қатарында  тұрған 
Әбілге қадалады. Қатыгездігі Нүзіптен кем емес, Әбіл жүзбасы өзінің қарамағындағы 
Ашарды  құрбандыққа  шалуға  береді.  Міне,  бұл  көріністен  Нүзіптің  де,  Әбілдің  де 
мейірімсіз  істері көзге бірден түседі. Шерәлінің хандық таққа отыру рәсімінде адам 
құрбандыққа  шалынып,  қан  төгіледі.  Хан  айналасындағылар  құрбандыққа  адам 
шалып,  ханның  қылышын,  ханды  көтеруге  арналған  ақ  киізді  де  адам  қанымен 
бояйды.  Шерәлінің  хандық  дәуірі  осылайша  қан  төгумен  басталады.  Халықтың 
ертедегі  хан  сайлау  дағдысы  туралы  еңбектер  мен  мұрағат  деректерінде  көптеген 
мәліметтер  кездеседі.  А.Левшин,  П.Карпини,  Вельяминов-Зернов,  И.Заседателев, 
И.Бичурин  және  басқа  ғалымдар  түркі,  манғол  халықтарының  хан  сайлау  рәсімі 
туралы  мол  мәліметтер  қалдырған.  Мұрағат  деректерінде  Абылайдың,  Уәлидің  хан 
сайлауы туралы материлдар бар.  Аталған еңбектердің ешқайсысында  да  хан сайлау 
рәсімінде  адам  құрбандыққа  шалынбайды.  Т.Қасымбеков  шығармасындағы  хан 
сайлауы кезіндегі қан төгілу туралы Ж.Дәдебаев: «...Т.Қасымбеков өз шығармасында 
Шерәлінің  хан  сайлануын  тарих  шындығына  сай  суреттемейді  деуге  болмайды. 
Екінші жағынан, Нүзіп пен Мұсылманқұл бастаған қалың топ Шерәліні хан көтеріп 
қана  қоймайды,  Қоқан  ханы  Ибрагим  Хайалға  қарсы  жорыққа  шығады.  Адамды 
құрбандыққа шалудың түп негізі осы кейінгі  жағдаймен тікелей  байланысты болуы 
мүмкін. Ерте дәуір шындығы туралы тарихи-әдеби шежіреде жау жарағын дайындап 
жорыққа шығарда, соғыс құдайына құрбандыққа жеті жасар жас баланың шалынғаны 
жайында  бір  хабар  айтылады.  Романда  Шерәліні  хан  көтеру  мен  жорық,  соғыс 
жолына  шығу  өзара  сабақтас,  бір  тарихи  мезгіл  мен  мекен  аясында  өткендіктен, 
соғыс құдайына арналған құрбандық хан көтеру рәсіміне де қатысты болып шығады» 
[1, 105 б.], - деп сипаттама береді. Хан сайлауы кезіндегі жазықсыз төгілген қанға ел 
жуандары міз бақпайды. Қайта олардың түсінігінде басқа да символдық мазмұн бар. 
Адам қанын төгіп, қанды Шерәлінің астындағы ақ киізге төгіп, қылышына жаққанда, 
оның маңындағылар хан жауларының да қаны осылай төгілуін тілейді. Адам қанын 
жазықсыз төккен қаныпезерлер өз әрекеттерін осылайша ырымдайды. Жазушы көне 
наным-сенімнің  жұрнағын  билік  басындағылардың  өз  пайдаларына  жұмсап 
отырғандығын  сынға  алған.  Алайда  романдағы  басқада  хан  сайланулар  ежелгі  салт 
бойынша өткенін көреміз. Мысалы:  «Ел Ботақора қыстағында Ысқақты ежелгі салт 
жөнімен ақ киізге салып хан көтерді» [4, 396 б.], «Бұл күрестің ұйымдастырушылары 
тағы да сол Әлімбек датқа мен Әлімқұл болатын. Олар бас көтерген мирасқорлардың 
бәрін  қиратып,  1863  жылдың  жазында  Мала  ханнан  қалған  он  екі  жасар 
Сұлтансейітті ақ киізге салып, көтеріп хан деп жариялады» [4, 152 б.]. Сонымен бірге 
романда  Әжібай  датқа  әңгімесінде  Нарботаның  тұңғыш  ұлы  Әлімді  1216  жылы  ақ 
киізге  отырғызып  хан  сайланғаны  туралы  да  айтылады.  Ал,  автор  романдағы 
Шерәлінің  хан  сайлануындағы  адамның  құрбандыққа  шалынуын,  елдегі  қантөгіс 
оқиғаларды,  алда  болар  үлкен  соғысты  тұспалдап  жеткізуді  мақсат  етсе  керек. 
Көздеген  мақсаты  билік  болған  Нүзіп  Шерәліні  хан  көтерген  соң  оның  оң  қолы 
болып,  Қоқан  хандығын  билеу  ісіне  араласа  бастайды.  Ал,  қазақ  тарихи 
романдарында  хан  сайлау  рәсімі  белгілі  қалыптасқан  дәстүр  бойынша  өтеді.  Атап 
айтсақ,  М.Мағауиннің  «Аласапыран»  романында  Ораз-Мұхамедті  хан  сайлау 
рәсімінде барлық этногрфиялық деректер толық сақталған. Ә.Кекілбаевтың «Үркер» 
романында  Болатты  ақ  киізге  көтерсе,  І.Есенберлиннің  тарихи  трилогияларында 
Абылайды боз биенің сүтіне шомылдырады. Қазақ романдарында болашақ ханды ақ 
киізге  салып  көтеріп,  қақпақыл  жасау,  киімдерін  шешіп  хан  киімін  кигізу,  ханды 
қақпақыл  жасаған  киізді,  оның  шешіп  тастаған  киімін  жұрттың  таласып-тармасып 
бөліп  алуы,  ханды  ақ  киізден  түсіріп  атқа  мінгізу,  одан  таққа  отырғызу,  боз  биенің 
сүтіне  шомылдыру  –  бәрі  де  халықтың  әдет-ғұрып  заңының,  салт-дәстүрінің 
ережелеріне сай суреттеледі. Романның кейбір эпизодтарында аз да болсын өздеріне 
лайық  образдармен  көрінген:  Қамбар,  Сарнер,  Шердатка,  Алмамбет,  Қара  бай, 
Науман паңсат, генерал Вейнберг, Фон Кауфман, Әбділдабек, Атақұл, Момын және 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №1-2016ж.  
 
240 
тағы  басқа  кейіпкерлер  бар.  Романның  соңғы  басылымында  бірінші  тарау  «Хан 
Орда»  деп  аталса,  екінші  тарау  «Ерегес»  деп  аталған.  Автор  тарихи  оқиғаларды  өз 
шығармасында нақты көрсетумен қатар, кей тұстарда жазушылық қиялға да беріледі. 
Дегенмен  суреткер  тарихи  деректі  қолдануда  да,  қиялға  ерік  берер  сәтте  де  өте 
сергек.  «Сынған  қылышта»  дәуір  ауаны  бұрмаланбаған.  «Қоқан  билеушілері 
құлатылғаннан  кейін,  қыпшақтар  тұсында  әуелі  Шерәлі  ханды,  алатау 
қырғыздарының  қосшы  руынан  шыққан,  бір  кезде  Медетәлі  марқұммен  ашына-жай 
болған  әйелдің  баласын,  әйтеуір  көрер  көзге  қара  болсын  деп  хан  тағына 
отырғызады.  Бұқаралық  билеп-төстеушілер:  Шолақ  деген  атпен  танылған 
Мұсылманқұл мен Нұрмамбет паруанашы мемлкетті өздері басқарып хандарды таққа 
өздері  тағайындап,  өздері  құлатып  отырған.  Шерәліні  өлтіріп,  орнына  Есенқұл 
датқаны  қояды.  Қыпшақтар  небәрі  жеті  жыл  ғана  билеп  отырған  1851  жылы 
қыпшақтардың  билігі  мүлдем  құриды.  Қоқан  хандығының  тағына  Есенқұлдың  інісі 
Құдияр отырады. Осынау кезеңдердің бүкіл өн бойында сол  төңіректе көшіп-қонып 
жүрген рулардан толық зекет, ал бұғы мен сарыбағыштардан жылқы зекетін жинау 
ісі  тегі  тоқталған  емес»  [6,  256  б.],  –  деген  Шоқан  Уалиханов  дерегіндегі  барлық 
оқиға  романда  көрініс  тапқан.  Мысалы  Медетәлі  марқұммен  ашына  жай  болған 
әйелдің баласының хан болуы романда Әжібай датқа әңгімесінде айтылады. Жалпы 
Ш.Уәлиханов  дерегіндегі  оқиғалар  мен  романдағы  оқиғалар  бір-бірінен  алшақ 
кетпейді. Бұл да роман тарихилылығын дәлелдей түсер нақты мәлімет. Қырғыз тарих 
романдарын  оқи  отыра  байқағанымыз,  бұл  салада  үздіксіз  ізденістер  мен  елеулі 
жемістер  бар  екендігіне  көз  жеткіземіз.  Қазақ  және  қырғыз  фольклоры  мен  жазба 
әдебиетіне  енген  аса  үлкен  тақырып  –  Ресеймен  қарым-қатынас,  тарихи 
тағдырластық.  Бұл  тақырып  екі  ел  әдебиетінде  сонау  XVIII  ғасырдағы  ақын-
жыраулар  туындыларында  көрініс  бере  бастаса,  одан  бергі  кезеңдерде  бірте-бірте 
қомақтылана  түскенін  көреміз.  Қырғыз  әдебиетіндегі  тарихи  романдардағы 
қамтылған  оқиғаларға,  көтерілген  мәселелерге,  кейіпкерлер  бейнесіне,  жанрлық 
ізденістерге  шолу  жасағанда,  соны  сипаттағы  көркемдік-идеялық  жетістіктерді 
молынан көреміз. Кеңестік  дәуірде  дүниеге келген романдардағы  – тарихи деректің 
дәлдігі,  олардың  сұрыпталуы,  кейіпкерлердің  даралануы,  идеялық-эстетикалық 
нысанасы  –  жалпы  маңызы  жағынан  Орта  Азия  әдебиетіндегі  тарихи  роман 
жанрының  қомақты  орны  айқындала  түседі.  Жазушы  Т.Қасымбеков  мұрағаттық 
деректерге,  тарихи-этнографиялық,  фольклорлық  материалдарға  сүйене  отырып, 
өткен  заманның  тарихи  шындығын,  тынысын,  сипатын  төл  халқының  тарихы 
шеңберінде көркем туындыға айналдырған.  
 
Әдебиеттер: 
1.
 
Дәдебаев  Ж.  Өмір  шындығы  және  көркемдік  шешім.  –  Алматы:  Ғылым, 
1991. – 208 б. 
2.
 
Аполлова  Н.  Экономические  и  политические  связи  Казахстана  с  Россией  в 
XVII – начале XIX. вв. – М., 1960. – 94 с. 
3.
 
Кекілбаев Ә. Үркер: Роман. – Алматы: Жазушы, 1981. – 584 б. 
4.
 
Қасымбеков  Т.  Сынған  қылыш  /  Аударған  І.Жақанов.  –  Алматы:  Жазушы, 
1981. – 556 б. 
5.
 
Мағауин М. Аласапыран: Тарихи роман. – Алматы: Жазушы, 1988. – 830 б. 
6.
 
Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б. 
                                                              
Абдешов Б.М., Туганбаева М.С. 
Картина исторического факта в художественных произведениях 
В  статье  представлен  обзор  казахских  и  кыргызских  исторических  романов 
советского периода и проанализированы исследования, проведенные в этом аспекте. 
  Ключевые  слова:  исторический  факт,  царское  правительство,  Российский 
колониализм, восстание классов.   

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №1-2016ж.  
 
241 
 
 
Abdeshev B.M., Tuganbaeva M.S. 
View of historical fact in literature 
This  article describes the historical novels of the Kazakh and Kyrgyz history during 
the Soviet period as well as researches of the historicall summary in the literary work.                         
  Keywords: historical fact, kingship, Russian colony, class conflict. 
 
*** 
 
 
УДК: 82(574) 
Абуханова А.Г. – кандидат филологических наук, доцент,   
ЗКГУ им. М.Утемисова 
Ташенова Г.Ж. – магистрант ЗКГУ им. М.Утемисова 
E-mail: tashenova82@mail.ru 
 

жүктеу 5.14 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   44




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет