Пәннің мақсаты мен міндеттері



жүктеу 5.88 Kb.

бет6/15
Дата13.09.2017
өлшемі5.88 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Өзін-өзі бақылау сұрақтары: 
1.
 
Қай ғасырда араб елінде алғашқы қауымдық құрылыспен, құлдық 
қоғам орнай бастады? 
2.
 
Мұхаммед пайғамбардың өмір сүрген жылдары? 
3.
 
Ислам дінінің тарала бастаған ғасыр? 
 
4 Дәріс. X-XV ғғ. Жапония. 
Негізгі сұрақтары: 
1. Феодалдық Жапониядағы өзгерістер. 
2. Самурайлардың қалыптасуы. Жапон мемлекетінің ыдырауы. 
3. Қолөнері мен сауданың дамуы. 
5. Қаланың, мәдениеттің дамуы. 
 
     IX—X  ғасырларда  жекелеген  адамдарға  берілген  мемлекеттік  жерлердің 
сол адамдардың жеке меншігіне айналу процесі кең өріс алды. Ол жерлердегі 
шаруалар жекелеген феодалдардың басыбайлы шаруаларына айнала бастады.  
Мемлекеттік  жерді  жеке  меншікке  иемдену  жердің  кейбір  түрлерін  сатып 
алуға ресми түрде берілген рұқсаттың арқасында жеңілдей түсті: иесіз жерді, 
жаңа  өңделетін  жерді  ақысын  төлеп,  жеке  меншікке  айналдыруға  рұқсат 
берілген болатын. Жапон феодалдары бұл жағдайды ірі жер иеліктерін түзіп 
алуға пайдалана қойды. VIII ғасырдан бастап үстем таптың ішінде үш топқа 
бөлінушілік  байқала  бастайды.  Бірінші  топқа  астаналық  үлкен  қызметтегі 
феодалдар  кірсе,  екінші  топқа  —  аймақтардағы  /провинция/  мемлекеттік 
аппаратта  үлкен  қызмет  атқаратын  феодалдар  кірді.  Олар  астанада 
тағайындалатын,  бірте-бірте  провинцияға  сіңіп  кететін.  Үшінші  топ 
провинциядан  ешқашан  шығып  көрмеген  жергілікті,  төменгі  ақсүйектерден 
шыққан феодалдардан тұрды. Олар жапон феодалдарының ең төменгі тобын 
құрады.  Біріншілері  сонау  VII  ғасырда  Сұмэраги  үйінің  жеңісіне  үлес 
қосқандар болатын. Олардың ішіндегі ең ықпалдысы Накатоми әулеті болды. 

Бұл  әулет  атам  заманнан  бері  діни  басшылықпен  байланысты  болатын,  сол 
себепті  бүкіл  елдің  алдында  беделі  өте  жоғары  болатын.  Бұл  әулеттің 
басшысы  Каматари  VII  ғасырдың  ортасында  үкіметтің  саясатын  жүзеге 
асырушы  белсенді,  елдегі  ең  беделді  адам  болды.  Фудзивара  деп  атанған 
оның ұрпақтары бұл бедел мен ықпалды сақтап қалып, үкімет билігіндегі ең 
көрнекті қызметтерді өз қолдарында ұстады.  
    Астаналық  ақсүйектердің  материалдық  базасы  —  жер  иеленудегі 
артықшылықтар  болды.  Олар  рангысы  үшін,  қызметі  үшін  және  сіңірген 
еңбегі  үшін  берілген  жерлерден  табыс  тауып  тұрды.  Сондай-ақ  олар 
қазынадан да маусымдық қаржы алып отырды. Бұл әскери жеңістерді ірі жер 
иеліктері  мен  үлкен  саяси  қызметті  алып  қалуға  пайдаланып  отырған  топ 
болды. Феодалдардың екінші тобы жергілікті әкімшілікте шоғырланды. Олар 
губернаторлар мен олардың орынбасарлары, көмекшілері болды. Алғаш бұл 
топ бірінші топпен тығыз байланысты болды, өйткені жергілікті әкімшілікке 
де  сол  астаналық  аристократияның  өкілдері  тағайындалатын.  Жергілікті 
әкімдердің  күшейіп  кетпеуі  үшін  оларды  әрбір  3  жыл  сайын  ауыстырып 
отырды. Бірте-бірте жергілікті әкімдер өз орындарында көбірек отырып қала 
беретін  болды.  Тіпті  өз  қызметтерін  әкеден  балаға  мұра  ретінде  қалдыра 
бастады.  Провинцияларды  басқару  феодалдарға  едәуір  табыс  түсіріп  тұрды. 
Жерден  түсетін  табыстың  белгілі  бір  бөлігі  жергілікті  әкімдердің  қолында 
қалатын.  Орталықтың  бақылауы  әлсіз  болды.  Жол  қатынастарының 
нашарлығы бақылауды жүзеге асыруды онан сайын қиындата түсті. Мұндай 
қиындықтар  жергілікті  әкімдер  жағдайын  жақсартты.  Олар  өз  иеліктерін 
қолынан  келгенінше  ұлғайтып  алып  жатты.  Феодалдардың  үшінші  тобын 
патша  сарайындағы  талас-тартыстан  шет  қалып  отырған  ру  басшыларының 
тұқымдары құрады. Олар соншалықты байып кетпесе де, өздерінің бұрынғы  
жағдайларынан  төмен  түскен  жоқ,  бірқалыпты  өмір  сүріп  жатты.  Жер 
иеліктері  сол  күйінде  сақталып  қала  берді.  Келе-келе  соңғы  топ  араласып 
кетті де, феодалдар тобы екі топтан тұрды. Бірінші тобына сарай маңындағы, 
орталық өкімет басындағы феодалдар жатты. Бұл топтан будда дін басылары 
шығып отырды. Екінші топқа провинциялардағы билігін нығайтып жатқан  
жергілікті  феодалдар  жатты.  Император  үйі  іс  жүзінде  биліктен  шеттетілді. 
794  ж.  астананы  Хэйанға  /қазіргі  Киото/  көшіру  сарайға  жақын  тұрған 
Фудзивара  әулетінің  жоғарғы  үкімет  билігін  басып  алу  әрекеті  болды. 
Алдымен император тек Фудзивара әулетінің қызына үйлену тәртібін енгізді.  
Кейін,  858  ж.  фудзиваралар  регенттік  билікті  өз  қолдарына  алды,  ал  887  ж. 
бастап  жоғарғы  кампаку  (канцлер)  лауазымын  иеленді.  IX—XI  ғасырларда 
фудзиваралар  барлық  өкімет  билігін  қолында  ұстады.  Фудзиваралар 
регенттік билік құрған 858—1068 жылдар аралығы Жапония тарихында  
сэссё жылдары деп аталды. 
      Феодалдардың  барлық  топтары  өздерінің  экономикалық  позицияларын 
нығайтып,  онан  әрі  кеңейтуге,  жаңа  жерлер  басып  алуға  тырысты.  «Жаңа 
жерлер» басып алу тиімді болды. Ондай жерлер салықтан босатылатын. Тіпті 
кейбір  феодалдар  өздерінің  ескі  иеліктерін  «жаңа  жер»  деп  жаздыруға 
тырысты.  Провинциялық  чиновниктер  «жаңа  жер»  деп  қазынаның  жерінен 

жырымдап  жер  алып  қалып  отырды.  Мемлекеттік  шаруалардың  үлестерін 
тартып алу аяқталды. Жеке адамның басына тиісті үлестерді қайта бөлу ұмыт  
бола бастады. Мұндай қайта бөлу әр жылда бір рет жүргізілудің орнына 50—
60  жылда  жүргізілді.  Мемлекеттік  шаруалардың  жер  үлесімен  қамтамасыз 
етілуін  бақылайтын  чиновниктердің  өздері  шаруалар  жерлерін  сіңіріп  кетіп 
отырды. Жердің көп бөлігінің жеке меншікке айналып отыруына байланысты 
қазынаға түсетін табыс азая берді. Сонымен қатар, сарай мен орталық үкімет 
орындарындағы  аристократияның  шығындары  жылдан-жылға  ұлғая  түсті. 
Астаналық,  сарай  маңындағы  ақсүйек  феодалдардың  табыстары  олардың  
талаптарына сай болмады, яғни  жетпеді. Мемлекеттік жерден  түсетін  табыс 
жеке  меншік  поместьеден  түсетін  табыстан  әлдеқайда  аз  болды.  Сарай 
маңындағы  ақсүйектер  провинциялық  феодалдар  сияқты,  жаңа  жерлерді 
игеруге тырысты. Бірақ астанадан шығып, сарай төңірегіндегі өз ықпалынан 
айырылып  қалудан  қорыққан  үкімет  басындағы  феодалдар  жаңа  жер  игеру 
саласында табысқа жете алмады. 
        Жаңа  жерлер  иемденіп  жатқан  феодалдар  қуаттылығы  күн  санап  өсе 
түсті.  X—XI  ғасырларда  олардың  иеліктері  тек  салықтан  босатылып  қойған 
жоқ,  сондай-ақ  жергілікті  өкіметтің  қол  сұғуынан  да  қорғалды.  Император 
сарайы  мен  астаналық  аристократияның  табыстары,  керісінше,  кеми  берді. 
Олардың  табысы  тек  мемлекеттік  шаруалар  жерінен  ғана  түсіп  отырды. 
Осының  салдарынан  шаруаларға  салынатын  салық  ұлғая  берді.  Ауыр 
мемлекеттік салық төлеумен қатар шаруаларды чиновниктер аяусыз қанады, 
әсіресе  артығымен  қайтарылатын  қарыз  шаруаларды  қатты  титықтатты. 
Губерниялық және уездік қамбаларда орталыққа жіберілген салықтан қалған  
егіннен ерекше қор жиналатын. Үкімет ол қордан мұқтаж шаруаларға қарыз 
беретін де, кейін артығымен қайырып алатын (30-дан 50 %-ке дейін өсіммен 
қайтаратын). 
       Мемлекеттік  жердегі  шаруа  шаруашылықтары  күйзеліске  ұшырады. 
Жұрдай болған шаруалар жерлерін тастап тауға, тоғайға лағып кете бастады. 
Олар  отрядтар  құрып,  тонаушылықпен  айналысты,  сөйтіп,  өкіметті, 
жергілікті әкімшілікті әбігерге салды. IX—XI ғасырлардың арасында бірнеше 
ірі  шаруалар  көтерілісі  болды.  Мысалы,  IX  ғасырдың  екінші  жартысында 
Канто  ауданында  шаруалар  көтеріліске  шықты.  Қарулы  көтеріліс  пен 
мемлекеттік  жерден  қашудан  басқа  шаруалар  жеке  феодалдарға  паналауды 
шығарды. Жеке феодалдарға кеткен шаруалар мемлекет тарапынан алынатын 
салықтардан  босатылды.  Жаңа  қожайынға  алғаш  тек  оброк  төлейтін.  Ал 
бара-бара барщина өтеуге де мәжбүр болатын. Мемлекеттік үлестен қашқан 
шаруалар  отрядтар  құрып,  тонаушылықпен  айналысты.  Жергілікті  поместье 
иелері  үкімет  әскерінен  көмек  күтпей-ақ,  өз  қарулы  отрядтарын  құрып, 
қарақшылармен  күрес  жүргізді.  Олар  кейде  қарақшылар  отрядтарын  да 
жалдап алып отыратын. 
      IX—XI  ғасырларда  құлдар  мен  қарызын  өтей  алмаған  шаруалар 
жағдайлары  теңестірілді.  Басты  аралдар  Кюсю,  Сикоку  және  Хонсюды 
келімсектермен  толық  қоныстандырған  соң  жергілікті  халықтарды  құлға 
айналдыру  аяқталды.  Құлдар  алу  көзі  таусылды.  Сонымен  қатар,  ауыл 

шаруашылығы  мен  қолөнерінің  жоғары  дәрежеде  дамуы  бұл  салаларда 
мардымсыз құлдар еңбегін пайдалануды қажет етпеді. Бұрынғы құлдар енді 
мемлекеттік  жерлердегі,  жеке  феодалдар  жерлеріндегі  жетіспей  жатқан 
шаруалар  қолдарын  алмастыра  бастады.  Құл  жер  үлесін  алып,  өзінің 
шаруашылығын  ұйымдастырды.  Жеке  феодалдар  иелігіндегі  құлдар  мен 
ерікті шаруалар арасындағы бөліністер /ерекшеліктер/ толық жойылды. Егер  
құлға  бостандық  тимесе,  ол  басқа  феодалға  қашып  барып,  сонда  бостандық 
алатын. Олардың мұндай бір қожайыннан екінші қожайынға қашуын шектеу 
үшін  барлық  феодалдар  өз  құлдарына  бостандық  беруге  мәжбүр  болды. 
Сондықтан  IX  ғасырдан  бастап  феодалдық  Жапонияда  негізгі  екі  тап:  жер 
иелері — феодалдар мен оларға тәуелді шаруалар таптары болды. Құлдық X 
ғасырдың  басында  ресми  түрде  жойылды.  Жергілікті  феодалдардың 
нығаюының  белгісі  —  олардың  өз  қарулы  күштерін  құруы  болды.  Оған 
мемлекеттік  басқару  жүйесінің  әлсіреуі  де  себеп  болды.  Бұл  жүйе 
шаруалардың  әскери  міндеткерлігіне  негізделді:  шаруалардың  белгілі  бір 
проценті  әскерге  алынып,  провинцияларда  гарнизондар  құрылатын. 
Шаруалар 
әскери 
қару-жарақтарын, 
киім-кешектерін 
өз 
есебінен 
жабдықтайтын. Тамағын да өз отбасы қамтамасыз ететін. Шаруалар әскерге 
барудан қашқақтайтын. Тіпті әскерге алынбау үшін жерін де тастап кететін  
жағдайлар  болатын.    Қашқын  шаруалар  отрядтарға  бірігіп,  тонаушылықпен 
де айналысты. Жергілікті поместье иелері үкімет әскерінен көмек күтпей-ақ  
өз  қарулы  отрядтарын  құрып,  қарақшылармен  күрес  жүргізді.  Олар  кейде 
қарақшылар  отрядтарын  да  жалдап  алып  отыратын.  Мұндай  жағдайда 
«келісім»  жасалатын.  Ол  отрядтың  қожасына  қорғануға  жан-тәнін 
салатындығын,  ал  қожайын  –  отрядтағы  жасақшыларды    үй-жаймен, 
тамақпен  қамтамасыз  етуге  міндеттенетін.  Сөйтіп,  поместьелерде  қожайын 
мен шаруалардан басқа жасақшылар пайда бола бастады. 
       XI—XII  ғасырларда  поместьелердің  саны  өсіп  қана  қойған  жоқ,  сондай-
ақ  олар  нығая  түсті.  Ұсақ  жер  иелерінің  жағдайы  аумалы-төкпелі  болды. 
Олар  ірі  жер  иелері  мен  жергілікті  әкімшіліктің  зорлығына  қарсы  тұра 
алмайтын.  Сонымен  қатар  қашқын  шаруалардың  қарақшы  отрядтары  да 
оларды  оңай  тонап  кете  беретін.  Осы  жағдайларға  байланысты  ұсақ  жер 
иелері кейде өз еркімен, кейде зорлықпен ірі феодалдардың қол астына көше 
бастады.  Мұндай  ұсақ  жер  иелері  ірі  жер  иесі  (барон,  герцог,  князь)  — 
сюзереннің  вассалына  айналды.  Сюзерен  вассалын  өз  жасақшыларымен 
қорғап  отыратын  болды.  Жер  иелену  қатынастарындағы  өзгерістер  саяси 
өмірге де өзгерістер енгізді. XI ғасырдың ортасынан Фудзивара әулетінің  
билігі шайқала бастады. Қызмет орындары үшін әулет мүшелері өзара талас-
тартысқа түсті. Екінші жағынан әулет пен император арасындағы қатынастар 
шиеленісе  түсті:  император  Фудзивара  әулетінің  ықпалынан  құтылуға 
тырысты.  Бұл  күресті  күшейту  үшін  императорлар  тақтан  түсіп,  мо-
настырларға кете бастады. Алым-салықтан босатылған монастырлардың жер 
иеліктері барған сайын ұлғая берді. Бұл иеліктердегі шаруалар саны да өсті. 
Монастырлар  өз  әскери  күштерін  құрды.  Монастырлардың  экономикалық 
және  саяси  ықпалы  күшейе  берді.  Монастырларға  сүйене  отырып, 

императорлар  Фудзивара  әулетін  әлсіретті.  Бұл  күрес  1069  жылдан  1167 
жылға  дейін  созылды.  Ол  «Инсэй»  —  «Экс-император-монахтар  басқаруы» 
деп аталған кезең болды. 
      XI—XII  ғасырларда  феодалдық  поместьенің  екі  түрі  пайда  болды.  Оның 
бірі  —  Жапонияның  шығысы  мен  солтүстігінде,  екіншісі  орталық  пен 
оңтүстік-батысында қалыптасты. Біріншісі — орталықтан қол үзген және  
айну  тайпасымен  тынымсыз  күрес  жағдайында  қалыптасты.  Мұнда 
феодалдық  поместьелердің  жаңа  түрлері  тез,  қысқа  мерзімде  пісіп  жетілді. 
Шығыс-солтүстікте  қашқын  шаруалардың  көп  шоғырлануы,  ірі  жер 
иеленушілердің  өз жасақтарын  құруы, ұсақ жер иелерінің қол астынан пана 
табуы  өте  тез  қарқынмен  және  ашық  түрде  жүрді.  Жасақшылар  өз 
қожайындарынан  жер  үлесін  алды.  Сөйтіп,  солтүстік-шығыста  жаңа  тап  — 
самурайлардың  қол  астында  ұсақ  тоғайлық  жер  иеліктері  өмірге  келді. 
Самурайлар  бір  әскер  басының  үйінің  төңірегіне  топтасатын.  XII  ғасырға 
қарай солтүстік-шығыстағы мұндай үй Минамото  үйі болды. Бұл солтүстік-
шығыстағы  жер  иеленушіліктің  жаңа  түріне  қарсы  Жапонияның  оңтүстік-
батысында поместьенің ескі түрі көпке дейін сақталды. Мұнда ұсақ үлестерге 
бөлінбеген  ірі  жер  иеліктері  сол  күйінде  қалды.  Ірі  жер  иелері  тек  өз 
жерлерін ішкі Жапон теңізіндегі, Кюсю мен Сикоку жағалауларындағы теңіз 
қарақшыларынан  қорғауға  жарайтын  шағын  жасақшылар  отрядын  ұстады. 
Бұл жақта жасақшыларға жер үлесін тарату солтүстікке қарағанда аз орын  
алды.  Оңтүстік-Батыс  Жапонияда,  әсіресе  Тайра  үйі  зор  ықпалға  ие  болды. 
Ол  1156  жылы  үкімет  билігін  басып  алып,  оны  1185  жылға  дейін  қолында 
ұстады.  Император  атынан  қимылдай  отырып,  олар  өз  қарсыластары  — 
солтүстік-шығыс  аудандарының  феодалдарымен  күрес  жүргізді.  Солтүстік-
шығыс  феодалдары  мен  оңтүстік-батыс  феодалдарының  күресі  ықпалды  екі 
үйдің — Тайра мен Минамото үйлерінің күресіне ұласты. Бұл күресте әскери 
күшке ғана емес, мықты феодалдық ұйымға арқа сүйеген Минамото үйі  
жеңіске  жетті.  1185  жылы  Данноур  /қазіргі  Симоносэки/  маңында 
тайралықтар жеңілді.  
        Минамото  үйі  бұл  соғыстың  нәтижесін  өз  мүддесіне  пайдаланды.  1192 
жылы  әскер  қолбасшысы  Еоритомо  «Сёгун»  деген  атақпен  мемлекеттің 
жоғарғы  басшысы  деп  жарияланды.  Сёгун  —  «сейи  тайсёгун»  деген  сөздің 
қысқартылған  түрі.  Ол  сөзбе-сөз  варварларды  бағындырушы  ұлы  қолбасшы 
дегенді  білдіреді.  Бұл  атақ  алғаш  794—811  жылдары  Хэйаннан  (қазіргі 
Киото)  Хонсю  аралының  солтүстік-шығысындағы  эбису  халқын  бағындыру 
үшін  жіберілген  әскер  басшысына  берілді.  Іс  жүзіндегі  өкімет  билігінің 
императордан  Минамото  әулетіне  көшуінен  кейін  сёгун  деген  атақ  осы 
әулеттің 
басшысы 
Ёоритомоға 
берілді. 
Сёгунат 
— 
феодалдар 
диктатурасының  саяси  түрі  болды.  Оның  үкіметі  бакуфу  деп  аталды.  Елдің 
саяси  орталығы  Хонсю  аралының  шығысындағы  Камакура  қаласына 
көшірілді.  Тайраларды  жеңген  соң  Минамото  үйінен  шыққан  жаңа 
басшыларға  қарсы  император  мен  Фудзивара  үйі  бастаған  астаналық 
ақсүйектер күрес жүргізді.  

         Бұл  күресте  Минамото  үйі  шаруалар  қозғалысын  өз  мүддесіне  сай 
пайдаланып  қалды.  1185—1192  жылдары  император  мен  астаналық 
/хэйандық/ ақ-сүйектер іс жүзінде биліктен айрылды. Бірақ император атағы 
сақталып қалды. Астаналық ақсүйектердің 1221 жылғы әскери бүлік арқылы 
билікке  қайта  оралу  әрекеті  жеңіліс  тапты.  Жапонияда  көп  уақытқа  дейін 
Минамото әулетінен шыққан сегундар билігі орнады. Ёоримото императорды 
тақтан  қуған  жоқ.  Оны  Киотода  қалдырып,  әскери  гарнизонға  күзеттіріп 
қойды.  Астана  Хонсю  аралының  шығысындағы  Камакура  деген  ауылға 
көшірілді. Сондықтан да Минамото мен Ходзё әулеттері (Ходзё Минамото  
Ёоритомоның  қайын  атасы  болатын)  билік  құрған  1192—1333  жылдар 
аралығы  Камакуралық  сёгунат  деп  те  аталады.  Минамото  жасақшылары 
жеңілген  қарсыластарының  біраз  жерін  тартып  алып,  өзара  бөліске  салды. 
Әскери комиссарлар өз үлестерін басқалардың есебінен ұлғайта түсті. Кейін 
олардың көбі ірі феодалдарға — даймелерге айналды. 
       XIII  ғасырдың  ортасына  қарай  жер  иеліктерінің  көп  бөлігі  Минамото 
жасақшылары мен Ходзе фамилиясына қарады. Бұлар сегунның вассалы деп 
есептелді.  Билік  негізінен  осылардың  қолында  болды.  Сөйтіп,  ұсақ  жер 
иелері — самурайлар тобы қалыптасты. Олар жерді өздерінің сюзерендерінен 
алған  “сыйлық  грамоталары”  негізінде  иеленді.  Сонымен  қатар,  ұлан-ғайыр 
монастырлар  жерлері,  император  сарайының  жері,  император  резиденциясы 
болып  қала  берген  Киото  қаласы  ақсүйектерінің  жерлері  сол  күйінде  қала 
берді.  Үстемдік  етуші  феодалдар  табы  —  әскери-поместьелік  дворяндар 
/”буси”,  “самурай”/  елдің  негізгі  жер  қорын  қолында  ұстап,  өзінің 
мемлекеттік  аппаратын  құрды.  Дворяндардың  ең  сыйлы  тобын  гокэниндер 
құрды. Бұл самурайлардың жоғарғы сюзерен — сегунге вассал болып келетін  
тобы. Бұл Минамото үйінің билікті жеңіп алуына атсалысқан самурайлардың 
ұрпақтары  болатын.  Екінші  топты  сегунның  тікелей  вассалы  емес 
самурайлар  құрады.  Бұл  астаналық  ақ-сүйектердің,  монастырлардың, 
император  сарайының  иеліктеріндегі  жасақшылардың  ұрпақтары  болды. 
Мемлекеттің басында сегун тұрды. Ол әскери өкімет “бакуфудың” басшысы 
және самурайлардың қолбасшысы болды. 1199 ж. Минамото Еоритомо өлген 
соң үкімет билігі оның қайын атасы Ходзё Токимасаның қолына көшті. 1219 
ж. экс-император Готаб басқарған сарай төңкерістері болып,  ол  1221 жылға 
дейін  созылды.  Бұл  жылдар  жапон  тарихында  “Сёкю”,  яғни  төңкеріс 
жылдары деп аталды. Экс-император жеңіліп, билікті қайтарып ала алмады. 
1232  ж.  51  баптан  тұратын  заңдар  жинағы  қабылданды.  Ол  жинақ  “Дзёэи 
сикимоку”  деп  аталды.  Ол  заңдар  самурайлар  тобының  сот  істерін  шешуге 
арналды.  1252  ж.  Ходзё  өз  қарсыластарын  әлсірету  мақсатымен 
Фудзиваралар  үйін  бес  тармаққа  бөлу,  оларға  регенттік-канцлерлік  атақты 
кезек-кезек  беріп  отыру  туралы  жарлық  шығарды.  Әскери-феодалдық 
сословие негізінен шаруалардан тұратын бонгэнің /халық/ үстінен өз билігін 
орнатты.  Бонгэ  самурайлар  жерінде  тұрып,  ол  жерді  өңдеді,  өз 
қожайындарына  салық  төледі,  барщина  өтеді.  Шаруалардың  бір  тобы  бұл 
салықтармен  қатар,  өз  қожайындарының  қасында  жүріп,  көмекші  қызметін 
атқарды.  Натуралды  рентаның  мөлшері  түсімнің  /өнімнің/  40-тан  60-қа 

дейінгі  проценті  болды.  XIII  ғасырға  қарай  егіншілікте  айтарлықтай  даму 
байқалды.  Жеке  аудандар  белгілі  бір  түрге  мамандана  бастады.  Оңтүстік 
аудандарда жылына 2  рет өнім алатын  болды.  Бір ауданда жібек  өсірсе, бір 
ауданда  кендір,  бір  ауданда  арпа,  бидай  т.б.  өсірілді.  Қолөнершілік  және 
сауда-өсімқорлық  ұйымдар.  Құқысыз  халықтың  құрамына  шаруалармен 
қатар,  қолөнершілер  мен  саудагерлер,  өсімқорлар  да  кірді.  Бірте-бірте 
қолөнершілер  “дза”  деп  аталған  бірлестіктер  құрды.  Олар  XII  ғасырдың 
басында  Хэйан  /Киото/  және  Нара  сияқты  ірі  қалаларда  құрылды.  Дзалар 
алдымен  император  сарайына  қызмет  етті,  сонан  кейін  киотолық  сарай 
ақсүйектері  мен  бай  монастырлар  үшін  еңбек  етті.  Ол  кезде  дзалар  әрі  цех, 
әрі гильдия қызметін атқарды. Өзара қырқысулар тоқтап, Минамото сегунаты 
орнаған  соң  XIII  ғасырда  дзалар  бүкіл  елде,  Камакура,  Осака  қалаларында, 
барлық  провинцияларда  кең  тарай  бастады.  Кейін,  XIII  ғасырдың  аяғында 
даймелердің қамқорлығымен ірі феодалдық иеліктер де құрылды. Дегенмен, 
XII—XIV  ғасырларда  ең  күшті  және  ең  бай  дзалар  монастырлар  мен 
киотолық  сарай  ақсүйектерінің  қамқорлығындағы  дзалар  болды.  Дзалар  өз 
қамқоршыларынан бұйым түрлерін шығаруға, оны сатуға құқ алып отырды. 
Қамқоршыларына  дзалар  өз  бұйымдарынаң  бір  бөлігін  салық  ретінде  төлеп 
отырды. 
        Астанада,  провинцияларда  тұрақты  базарлар  ашылды.  Олардағы  сауда 
мейрамдар  кезінде  қызу  өткізіліп  отырды.  Алғаш  сауда  аптасына  1—2  рет 
өткізілсе, бірте-бірте күнде өткізілетін болып кетті. Саудагерлер гильдиясы  
накама  деп  аталды.  Азық-түлік  дайындап,  сататындардың  да  бірлестіктері 
құрылды. Олар феодалдар иеліктері мен монастырларда, Киото сарайында  
пайда болды. Олар балық, құс, мал етін сатып отырды. Сондай-ақ  бірден көп 
мөлшерде  сататын  “тоя”  деген  саудагерлер  шықты.  Олар  салықтан  түскен 
азық-түлікті  ірі  тұтыну  орталықтарына  жеткізіп,  алыпсатарларға  өткізіп 
отырды. Бұл кезге /XIII ғ./ қарай өсімқорлық капиталы едәуір дамыды. Ол  
самурайлардың  жер  иеліктерін  өз  қолына  алуға  тырысты.  Моңғол 
шапқыншылығына қарсы күрес жағдайында сауда өсімқорлық капиталының 
жағдайы одан сайын нығая түсті. Моңғол шапқаншылығына қарсы қорғаныс. 
Өзара қырқысудың басталуы. 1260—1285 жылдардағы моңғолдардың та- 
рапынан төнген қауіп Жапонияны барлық күш-жігерін, назарын қорғанысты 
ұйымдастыруға  бөлуге  мәжбүр  етті.  Кюсю  мен  Хонсю  аралдарының 
жағаларында  ірі  бекіністер  салынды,  самурайлар  топтары  жинақталды. 
Қытайды  бағындыруды  аяқтауға  кірісіп  жатқан  Шыңғыс  ханның  немересі 
Құбылай  Жапонияны  да  бағындыруға  әрекет  жасады.  Құбылай  1266—1273 
жж. Жапаонияға елші жіберіп, оның қарсылық көрсетпей-ақ бағынуын талап 
етті.  Жапония  сиккэні  (өкімет  басшысы)  Ходзё  Токимунэ  (1251—1284) 
Құбылайдың  талабын  орындаудан  бас  тартты,  тіпті  моңғол  елшілерін 
өлтірткізді. 1274 ж. қараша айында Құбылай Жапонияға шабуыл бастады. Ол  
15  мыңдық  моңғол-қытай  әскерімен  қоса  8  мың  нашар  қаруланған  кәріс 
әскерін аттандырды. Бұл әскер Цусима мен Ики аралдарын басып алды. Бірақ 
жапон  әскері  мен  халқының  ерлікпен  шайқасуының  нәтижесінде  моңғолдар 
жағы 13,5 мың адамынан айырылып, қалғаны Кореяға қайтты. 1275 ж. Ходзё 

Токимунэ  Жапонияның  Ұлы  ханға  тәуелділігін  мойындауын  талап  етіп 
келген  Құбылайдың  елшілерін  өлтіруге  бұйрық  берді.  1279  ж.  Қытайды 
толық  бағындырып,  Құбылай  Жапонияға  қарсы  1000  кемеден,  100000 
әскерден тұратын екі флот жіберді. Бір флот Кореядан, екінші флот Оңтүстік 
Қытайдан  шықты.  Екі  флот  Кюсю  аралының  жағасында  кездесуі  тиіс 
болатын.  Бірақ  оңтүстік  Қытайдан  шыққан  флот  белгіленген  мерзімде  жете 
алмай,  кешігіп  калды.  Ол  келгенше  жапондықтар  әлсіздеу  Шығыс  флотты 
талқандап  үлгерді.  Басты  күш  келіп  жеткенде  Жапонияны  басып  өткен 
жойқын  дауыл  моңғол  флотының  көп  бөлігін  суға  батырып,  қалғанын 
бытыратып жіберді. Оның қалған-құтқаны ғана Қытайға қайтып оралды. Енді 
үшінші  жорыққа  қауырт  дайындық  басталды.  Бірақ  моңғол  феодалдарының 
өздерінің  арасындағы  айтыс-тартыстар  мен  Үнді-Қытайдағы  сәтсіздіктер 
Құбылайдың Жапонияға жаңа жорықтан бас тартуына себеп болды. Сөйтіп, 
моңғолдардың теңізде соғыс жүргізе алмауы ғана жапондықтарды құтқарып 
қалды.  Бірақ  1281  жылғы  жорықтан  кейін  де  моңғол  шапқын-шылығы 
тоқтаған  жоқ.  Моңғол  шапқыншылығына  қарсы  қорғаныс  ұйымдастыру 
шаруалардың  тұрмыс  жағдайын  төмендетіп  жіберді.  Самурайлардың  да 
жағдайы  нашарлады.  Моңғолдардан  қорғануды  ұйымдастыру  барысында 
барлық  қаражат  пен  қару-жарақтың,  әскердің  оңтүстікте  шоғырлануы 
сондағы  феодалдардың  /даймелердің/  күшеюіне  әсер  етті.  Оңтүстікте  ірі 
порттар пайда болды. Күшейіп алған оңтүстік феодалдары Ходзё үйінің жеке 
билігіне  қарсы  шыға  бастады.  1333  ж.  Оңтүстік-батыс  даймелері  Канто 
ауданының  ірі  жер  иесі  Асикагамен  бірлесіп,  Ходзё  үйіне  қарсы  күрес 
бастады.  Олар  Камакураны  басып  алып,  өртеді.1334ж.  қаңтарда  билік  осы 
даймелер  қолдаған  император  Годайгоға  көшті.  Бірақ  көп  ұзамай  оңтүстік-
батыс  даймелерінен  бөлінген  Асикага  үйі  императорға  қарсы  шықты.  Бұл 
үйдің  басшысы  Такаудзи  1336  ж.  ақпанда  Киотоны  басып  алып,  император 
Годайго  Ямато  провинциясына  қашқан  соң,  таққа  өз  адамын  отырғызды. 
Такаудзидің өзі сегун атағын иемденді /1335 ж./ Сөйтіп, 1335 жылдан бастап 
Жапонияның екі астанасы, екі императоры болды. Бұл қос өкімет билігі 1392 
жылға  дейін  созылды.  Бұл  жылы  елдегі  барлық  билікті  Асикага  үйінен 
шыққан жаңа сёгундер басып алды. Бұл әулет билік құрған 1336—1568 жж. 
Муромати сёгунаты деп те аталады — Такаудзи Асикага 1336 жылы 11 ақпан  
күнін  мемлекеттің  құрылған  күні  деп  жариялады.  Содан  бері  ол  күн 
Кигэнсэцу мейрамы деп тойланып келеді. 
        XV—XVI ғасырларда Жапония қалалары, қолөнері мен саудасы дамып, 
жетіле  түсті.  Елдің  экономикасындағы  сауда  —  өсімқорлық  капиталының 
салмағы  ұлғая  түсті.  Сауда  саласында  әсіресе  тоялар  күшейе  түсті.  Олар 
барлық күріш өнімдерін сатып алып, жүк тасымалдарын ұйымдастырды, жол 
бойында  мейманханалар  салды.  Оларға  Киотодағы  үкімет  басында  отырған 
Асикага әулетінің сёгундері және жергілікті феодалдар өз иеліктерінен салық 
жинауды тапсырды. Тоялар өсімқорлық әрекеттерін дамытып, шаруаларды  
қарыздан-қарызға ұшыратып отырды. Тоялар арасынан күріштен арақ жасап 
сатушы іскерлер шыға бастады. Бұл іскерлер сонымен қатар феодалдар үшін 
алым-салық  жинауды  да  жалғастыра  берді.  Асикага  үкіметі  шырмауына  тек 

шаруаларды  ғана  емес,  сондай-ақ  үстем  тап  өкілдерін  де  түсірген 
өсімқорлармен  күрес  жүргізді.  Сёгундер  бірнеше  рет  феодалдар  мен 
самурайлардың бұл өсімқорларға барлық қарыздарын жою әрекетін жасады. 
Тек  Есимас  сегунның  билігі  кезінде  бір  айдың  ішінде  тоғыз  рет  осындай 
әрекет жасалған көрінеді. Бірақ сауда — өсімқорлық капиталының маңызы  
күннен-күнге  арта  түсті.  XIV—XV  ғасырларда  Жапонияда  үлкен  рөл 
атқарған  сыртқы  сауда  айтарлықтай  дамыды.  Олардың  кемелері  Қытай  мен 
Корея, Вьетнам, Сиам мен Камбоджа жағалауларын аралап жүрді. Олар  
көбінесе тонаушылықпен айналысып, кейде сауда да жасайтын. XV ғасырда 
Қытай  үкіметі  бұл  қарақшылармен  нағыз  соғыс  та    жүргізді.  Жапония 
үкіметінің,  феодалдарының  атынан  Қытаймен  жүргізілген  ресми  сауда 
ерекше  орын  алды.  Ол  сауда  Жапон  үкіметінің    Қытай  сарайына  жіберіп 
отыратын  елшілігі  арқылы  жасалатын.    Бұл  елшілікпен  бірге  тауарлармен 
лық толтырылған 10—15 кеме жіберілетін. Сегун бұл сауданы реттеуді будда 
монастырларына  тапсырып  отырды.  Оларға  Қытаймен  сауда  жасау 
лицензиясын  сатып  тұрды.  Кейін  мұндай  лицензияны  кейбір  феодалдар  да 
сатып алды. Бірақ сауданы негізінен көпестер жүргізді. Олар монастырларға, 
сегунге, феодалдарға тапқан табысының біраз процентін /бөлшегін/  
беріп  отырды.  Жапония  Қытайға  көбінесе  онда  жоғары  бағаланатын 
қылыштар сататын. Сонан кейін мыс, күкірт, алтын, күміс, желдеткіш апара- 
тын.  Ал  Қытайдан  негізінен  мақта,  жібек,  мыс  монеталар  әкелінді.  Сауда 
едәуір  табыс  көзі  болды.  Жапония  желпуіштері  Қытайда  10  есе  артық 
бағамен сатылатын. Мыс пен алтын үшін қытайлықтар 5 есе артық төледі. Ал 
Қытай  мақтасы  Жапонияда  2—3  есе  қымбат  сатылды.  Қытай  жібегінің 
сапасы  жапон  жібегінің  сапасынан  әлдеқайда  жоғары  болды,  ол  Жапонияда 
қымбат сатылатын. 
          Саудаға  сегунмен  қатар  барлық  оңтүстік  феодалдары  араласуға 
тырысты.  Сауда  егіншіліктен  гөрі  жеңіл  табыс  келтіретін.  Сол  себепті 
қолөнері  қолдаушылыққа  ие  болып  отырды.  Қолөнершілерге  жеңілдіктер 
жасалатын, көпестер де құрметке ие болып отыратын. Сауда, қолөнері басым 
қалалар тез дамыды. Жапонияның батысында Химедзи сарайы. 1610 мұндай 
қалалар тізбегі жеткілікті болды: Кюсюдегі Хаката, Хонсюдің оңтүстігіндегі 
Ямагути, ішкі теңіз бен Хонсю аралығындағы Хего мен Сакай... Қалалармен 
бірге 
сауда-өсімқорлықпен, 
қолөнерімен 
айналысатын 
топтардың 
экономикалық  қуаты  өсе  түсті.  Сакай  мен  Хаката  сияқты  біраз  қалалар  өз 
дербестігін  алды,  өз  жалдамалы  отрядтарын  ұстады.  Соның  арқасында 
феодалдық  өзара  қақтығыстар  зардабынан  құтылды.  Қытаймен  сауданың 
дамуы  Жапонияның  өнеркәсібіне  пайда  келтірді.  Феодалдар  қазба 
байлықтарын  игеруге  қолдаушылық  көрсетіп  отырды.  Садо  аралы  мен 
Кюсюде  алтын  және  күміс,  Суруга  провинциясында  —  алтын,  Кай,  Синано 
провинцияларында  алтын  мен  мыс  кеніштері  ашылды.  Бұл  кейбір 
феодалдарды онан сайын күшейте түсті. 
Жапониядағы басыбайлы шаруалар гэниндер деп аталды. Шаруаларды қанау 
бұл  кезде  бұрынғыдан  да  күшейе  түсті.  Кейде  феодалдар  әртүрлі 
жағдайларды сылтау етіп, жаңа салықтар енгізіп отырды. Өзара қырқысулар  

феодалдардың  шаруаларды  қанауын  күшейте  түсуіне  себеп  болды.  
Феодалдардың  әскерлері  шаруалар  жерлерін  таптап  кетіп  отырды.  Бұл 
қиыншылықтарға 
өсімқорлар 
қанауы 
қосылып 
отырды. 
Шаруа 
шаруашылығы  зор  күйзеліске  ұшырап  отырды.  Деревняларда  балаларды 
өлтіру орын алды. Балалар мен әйелдерді сату, қыздарды жезөкшелер үйіне, 
балаларды монастырларға өткізу кең өріс алды.  
     Мұның  бәрі  шаруалар  наразылығын  күшейтті.  XV—XVI  ғасырларда 
шаруалар көтерілісі жиі болып тұрды. Олар кейде үлкен соғысқа да айналып 
отырды.  Көтерілісшілер  негізінен  қарыздарды  жоюды  талап  етіп, 
өсімқорларға  қарсы  күш  қолданды.  1428  жылғы  Киото  мен  Нарадағы 
көтерілістер талабы сондай болды. Кейде көтерілісшілер тікелей феодалдарға 
да  қарсы  шығып  отырды.  1428  жылғы  Харима,  Исэ,  Тамба,  Игадағы 
көтерілістер «самурайлар жойылсын» ұранымен өтті. 
       Шаруалар  қозғалысына  кедей  қала  қолөнершілері  де  қосылып  отырды. 
Тіпті  көтерілісті  кейде  кедейленген  самурайлар  ұйымдастырды.  Мысалы, 
1441  жылғы  көтерілісті  қаңғыбас  самурайлар  —  рониндер  ұйымдастырды. 
Көтерілісшілер  храмдарға  басып  кіріп,  сонда  бекінді.  Жолдарды  жауып, 
Киотоға  азық-түлік  әкелуге  мүмкіндік  бермеді.  Көтерілісшілер  кейде 
өздеріне  қарсы  жіберілген  отрядтарды  да  талқандап,  жеңіске  жететін. 
Мысалы,  Ямасиродағы  /Киото  маңында/  көтеріліс  жеңіске  жетіп, 
көтерілісшілер 7 жылға жуық өз биліктерін орнатты. Олар өз әскерін құрып, 
өзара  соғысатын  феодалдарды  қуып  шықты.  Халық  жиналысы 
провинцияларды  өз  заңдарына  сүйене  отырып  басқарды:  салық  мөлшерін 
анықтады, монастырларға салықты ұлғайтты. Халық жиналысы 36 адамнан  
тұратын басқарма сайлады. XVI ғасырда шаруалар қозғалысы бәсеңдеді. Ол 
қала  кедейлерінің  көтерілістеріне  ұласып,  немесе  діни  қозғалысқа  айналып 
кетіп  отырды.  XV  ғасырдың  аяғында,  XVI  ғасырда  діни  секталардың 
басшылығымен  бірнеше  діни  қозғалыстар  болды.  Олар  елдің  едәуір  бөлігін 
қамтыды.  1532  ж.  Киотода  кедейленген  самурайлар  көтерілісі  болды.  Оның 
негізгі  күші  —  қала  кедейлері  еді.  Шаруалар  мен  қала  кедейлерінің 
көтерілістері  феодалдық  қатынастарды  әлсіретті,  феодалдық  құрылыстың 
ыдырай бастауының басты себептерінің бірі болды. XVI ғасырдың ортасына  
қарай  Жапония  іс  жүзінде  дербес  князьдықтарға  бөлінді.  Олардың 
басшыларын  еуропалықтар  корольдер  деп  атады.  Киотодағы  сегун  үкіметі 
елдегі  маңызын  жоғалтты.  Феодалдардың  өзара  қырқысулары  тоқтамады. 
Елде  шаруалар  қозғалысы  күшейді.  Осы  жағдайлар  ел  басшыларының 
бірігуге ұмтылысын тудырды. 
Мәдениет 
         IX  ғасырда  Жапонияда  өз  жазуы  қалыптасты.  Ұлттық  жазудың 
қалыптасуы  көркем  әдебиеттің,  әсіресе  лирикалық  поэзия  мен  прозаның 
дамуына  кең  жол  ашты.  925  ж.  IX—X  ғасырлардағы  ақын  жазушылардың 
таңдаулы  шығармаларының  жинағы  –  «Кокинсю»  жарық  көрді.  Өлеңнің 
ішінде  31  буыннан  тұратын  «танка»  деп  аталған  түрі  кең  тарады.  X—XII 
ғасырдың аяғында Жапон поэзиясында екі ағым байқалды: 
— өлеңдер жинақтарын құрастыру; 

—  поэзия  түрін  бекіту.  951  ж.  сарайда  «Вакадокоро»  деген  жапон 
поэзиясының  ведомствосы  құрылды.  Оның  мақсаты  жоғарыда  аталған 
бағыттарды қолдап, жүзеге асыру болды. X—XI ғасырларда Вакадокороның 
басшылығымен  көптеген  өлеңдер  жинағы  жарық  көрді.  Олардың  бірі 
«Гэндзи  моногатари»  («Гэндзи  туралы  повесть»)  болды.  Бұл  X—XI 
ғасырлардағы  жапон  классикалық  әдебиетінің  жоғарғы  шыңы  еді.  Оның 
авторы  Мурасаки  Сикибу  (978—1016)  деген  император  сарайының 
фрейлинасы  болатын.  X—XI  ғасырлар  аралығында  дзуйхицу  (эссе) 
жанрындағы  ең  алғашқы  шығарма  «Макура  но  соси»  («Жастық  астындағы 
жазбалар») жазылды. Оның авторы да Сэй Сёнагон (966— ?) деген әйел  
болатын. 
       XII—XIV  ғасырларда  өзара  қақтығыстар  мен  саяси  биліктің  әскери 
күштер  қолына  көшуі  кезінде  мәдениеттің  жаңа  салалары  өмірге  келді. 
Әсіресе  рыцарлар  өмірін  баяндайтын  эпикалық  әңгімелер  кең  тарады. 
Мұндай  әңгімелерден  үлкен  жинақ  құрастырылды.  Сондай  жинақтың  бірі 
«Хэйке — Моногатари» /Тайра туралы повесть/. Онда Тайраның Жапонияны 
гүлдендіру  үшін  күресі  баяндалады.  XIV  ғасырда  кезбе  жыраулар  айтатын 
«Сеген»,  «По»  деген  сахналық  өнер  түрлері  қалыптасты.  Пьесаларды  будда 
шіркеуі  дінді  насихаттау  үшін  шебер  пайдаланып  отырды.  Сонымен  бірге 
пьесаларда  батырлық  пен  адалдық  кеңінен  насихатталды.  Сондай-ақ  сәулет 
өнері  де  кең  қанат  жайды.  Ою-өрнектермен  безендірілген,  бірнеше  қабатты 
пагода — храмдар, даймелердің үйлері мен князьдер сарайлары салынды.  
 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал