Оқулықтар мен әдебиеттер. «ҚР әлемдік қауымдастықта» пәні «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»



жүктеу 1.53 Mb.
бет45/62
Дата08.02.2022
өлшемі1.53 Mb.
#17070
түріОқулық
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   62
«Қ Р әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша дәрістер.Смағұлов С. 09.06.2020 2
Дисс.-Қазақстан-және-Халықаралық-қауіпсіздік
21 – лекция. 1 сағат.

Қазақстанның аймақтық ынтымақтастық ұйымдармен байланыстары

1. Қазақстан және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ).



2. Қазақстанның Еуразия экономикалық қоғамдастығына (ЕурАзЭҚ) қатысуы және оның осы ұйымдағы рөлі.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) 1985 жылы құрылды және ол қатысушы елдердің жедел де тұрақты дамуына жәрдемдесу мақсатымен 1977 жылы наурызда құрылған Дамудың аймақтық ынтымақтастығы ұйымының (Иран, Пакистан және Түркия) құқықтық мұрагері болып табылады. Алғашқы құрамында Иран, Пәкстан, Түркия болды. Осы ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықтың алғашқы кезеңі негізінен екі жақты сипатта болды. 1992 жылғы қарашада Исламабадта болған мәжілісінде жаңа жеті мемлекет - Қазақстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан ЭЫҰ құрамына кіргеннен кейін аталған бірлестіктің қызметі елеулі түрде жанданды. Бүгінгі таңда ұйымның құрамында Азия құрлығында маңызды географиялық-стратегиялық жағдайға ие 10 ел бар. ЭЫҰ түрлі аймақтық және халықаралық ұйымдармен байланысты нығайтып келеді. Атап айтқанда, ол БҰҰ-ның және Ислам конференциясы ұйымының бақылаушысы мәртебесін алды (Қазақстан.Ұлттық энциклопедия.10-том. - Алматы, 2007. 34-б.). ЭЫҰ-ның негізгі міндеті - мүше елдердің үздіксіз әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, аймақ мемлекеттері экономикасының шаруашылық байланыстарының әлемдік жүйесіне дәйекті түрде және бірте-бірте кірігуі үшін, сондай-ақ мәдени, техникалық және ғылыми салаларда белсенді ынтымақтастықты жолға қою үшін жағдай жасау болып табылады.

ЭЫҰ өзінің қызметін іс-қимылдың Кветта жоспары, Стамбул, Исламабад, Ашғабат декларациялары, Аймақтық көлік секторын дамытудың негізгі Алматы жоспары және жаңартылған Жарғы-Измир Шарты сияқты негізге алынатын құжаттарға сүйеніп жүзеге асырады. Осы құжаттардың барлығында да ЭЫҰ-ға мүше елдер Ұйымның мақсаттары мен міндеттерін анық белгіледі, көлік және коммуникация, энергетика және сауда сияқты ынтымақтастықтың стратегиясы мен басымдық берілетін бағыттары айқындалды. ЭЫҰ шеңберінде маңызды шешімдер қабылдау үшін және міндеттемелердің орындау барысын қарау үшін Министрлер кеңесінің отырыстары, сондай-ақ мүше мемлекеттер басшыларының кездесулері өткізіледі.

1993 жылғы 5-7 шілдеде өткен ЭЫҰ саммитінде (Стамбул) іс-қимылдың Кветтин жоспары мен ұйымның ұзақ мерзімді перспективасының Стамбул декларациясы мақұлданды. Сондай-ақ ЭЫҰ-ның 4 ірі институттарын: Сауда және даму банкін, Авиа және Кеме қатынасы компанияларын, Сақтандыру ком-панияларын құру туралы шешім қабылданды. 1995 жылғы наурызда Исламабадта болған ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының үшінші кездесуінде аймақ мемлекеттерінің бұдан былайғы экономикалық интеграциясының мәселелері қаралды. Ішінде Қазақстан да бар бірқатар елдер аймақтық мекемелерді: Сауда және даму банкін, Сақтандыру компаниясын, Кеме қатынасы компаниясының Келісімі мен Жарғысын, Транзиттік сауда туралы келісімді, ЭЫҰ-ға мүше елдердің бизнесмендері үшін визалық рәсімдердің жеңілдетілген тәртібі туралы келісімді, Ғылыми қор мен Мәдениет институтының Жарғыларын құру жөніндегі негізге алынатын құжаттарды бекітті, Исламабад декларациясын қабылдады.

1996 жылғы мамырда Ашғабадта өткен төртінші кездесу ЭЫҰ аймағы үшін бірінші дәрежелі маңызы бар оқиға болды. Мемлекеттер басшылары аймаққа ықпал ететін халықаралық сахнадағы экономикалық және саяси өзгерістерді ескере отырып, бұдан бұрын әзірленіп, қайта қаралған және жаңғыртылған Ұйымның негізге алынатын құжаттарын мақұлдады. Кездесудің қорытындылары бойынша Ашғабат Декларациясы, ЭЫҰ-ны қайта ұйымдастырудың және қайта құрудың мәселесі бойынша өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды.



Ұйымның жаңартылған Жарғысы - Измир Шартына 1996 жылғы 14 қыркүйекте Измирде өткен (Түркия) Министрлер кеңесінің кезектен тыс сессиясында қол қойылды. ЭЫҰ БҰҰ (ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, ЮНФПА және басқалары) жүйесінде және одан да тыс түрлі аймақтық және халықаралық ұйымдармен байланыстарын жолға қою арқылы өзінің халықаралық беделі мен жағдайын тұрақты түрде нығайтып келеді. ЭЫҰ БҰҰ-да және Ислам Конференциясы Ұйымында байқаушы мәртебесін алды. 1995 жылғы өзінің 50-ші сессиясында БҰҰ Бас Ассамблеясы ЭЫҰ-мен ынтымақтастық туралы қарарды бірауыздан қабылдады. Ұйым, сондай-ақ ЭСКАТО, АСЕАН және ЕО сияқты басқа да ірі аймақтық құрылымдармен өзара жемісті қарым-қатынас орнатуға ұмтылып келеді.

ЭЫҰ-ға мүше елдермен Қазақстанның ынтымақтастығы практикалық бағыт алды. Біздің еліміз көлік және коммуникация, сауда және энергетика сияқты салаларға басымдық береді. Ауыл шаруашылығы, ғылым және мәдениет, экология сондай-ақ денсаулық сақтау, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес сияқты салалардағы өзара қарым-қатынастардың да маңызы аз емес.

Еуразия құрылығында интеграциялық процестердің күшеюіне байланысты көлік, байланыс және коммуникация құралдарын дамыту, көліктік-коммуникациялық қызмет көрсетуді өзінің сапасы жағынан әлемдік стандарттарға жақындату мәселелері экономиканың басқа да салаларын дамыту үшін негіз қызметін атқаратын болады.

1993 жылы Алматыда ЭЫҰ-ға мүше елдердің көлік министрлерінің кеңесі болды, онда ерекшелігі бар жобалар мен жұмыстардан тұратын, осы заманғы көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі Алматы жоспары қабылданды. 1993 жылғы наурызда Парсы шығанағы жағалауындағы оңтүстік иран айлақтарын елдің солтүстік бөлігімен бірыңғай темір жол желісімен біріктіретін темір жол құрылысы аяқталды. 1996 жылы мамырда Мешхед-Серахс-Теджен учаскесінде трансазиялық темір жол арнасының түйісуі болды, ол одан әрі 700 километрлік Бафа-Бендер-Аббас темір жолымен жалғасады. Нәтижесінде Қытайдың шығыс жағалауындағы Ляньюньган теңіз айлағы Парсы шығанағындағы Бендер-Аббас Иран айлағымен темір жол арқылы бірікті. Жол Үрімші, Алматы, Ташкент және Тегеран қалалары арқылы өтеді, сол арқылы Қазақстанға бір жағынан ашық теңіздерге шығу мүмкіндігіне және екінші жағынан Стамбул арқылы Еуропаға шығу мүмкіндігіне жол ашады. Бұл ретте жүктерді тасымалдау мерзімі 25-30 пайызға қысқарады.

Трансазиялық темір жолды пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін мүше елдер тауарларды транзиттеу саласында бірыңғай тарифтік саясатты қабылдау мәселелерін қарауы қажет. Мұнымен қатар аймақтың қазіргі бар автокөлік инфрақұрылымын жетілдіру және халықаралық ережелерге, сондай-ақ Иранмен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, Түркиямен және Пакистанмен жасалған халықаралық автомобиль қатынасы туралы екіжақты үкіметаралық келісімдерге сәйкес жүк автотасымалдарын ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар белгіленді. ҚХР-мен, Пакистанмен және Қырғызстанмен төртжақты келісімдер шеңберіндегі транзит, сондай-ақ мультимоделдік тасымалдарды қамтамасыз ету, аймақта көліктік-экспедициялық қызмет көрсету жөніндегі бірлескен акционерлік комиссияны құру мүмкіндіктерін қарастыру көзделуде.

Әуе қатынасын дамыту бағдарламасы шеңберінде ЭЫҰ-ға мүше елдердің астаналары мен ірі қалалары арасында тікелей авиарейстер ашылды.



Жоғарыда аталып өтілгеніндей Қазақстан кеме қатынасының компаниясын құру туралы келісімге және оның Жарғысына ЭЫҰ-мен қол қойды. Қазіргі уақытта Кеме қатынасы компаниясы жұмыс істейтін ұйым болып табылады және біздің елімізде осы саладағы ынтымақтастық жөніндегі қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау іске асуда. Ақтау айлағын қайта құру жөнінде бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі қарастырылуда.

Елеулі отын-энергетика ресурстары бар Қазақстан жұмыс істеп тұрғандарын үдемелі түрде өндіру және жаңа кен орындарын игеру нәтижесінде мұнай мен газ өндіруді ұлғайтуды көздеп отыр. Алайда мұнай мен газды тасымалдау жөнінде мүмкіндіктердің шектеулілігіне байланысты оларды өндіруді ұлғайту мәселесі проблемалық сипат алуда. Сондықтан Қазақстан энергетика саласында ЭЫҰ елдерімен ынтымақтастық жасасуға мүдделі, бұл ретте аймақтың мұнай-газ жүйесін дамыту жөніндегі ғана емес, сонымен бірге ЭЫҰ-ға мүше елдердің энергетикалық жүйелерін біріктіру жөніндегі жоспарды әзірлеу керек.

1996 жылғы наурызда Иранда Каспий теңізі арқылы Солтүстік Иранға Ақтау айлағынан қазақстандық мұнайды тасымалдау жобасын іске асыруға байланысты негізгі техникалық аспектілер бойынша мұнай алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар келісім-шарт жасасқаннан кейінгі бірінші жылы ирандық Каспий айлақтарының біріне Қазақстан 2 млн. тонна көлемінде шикі мұнай жеткізеді деп уағдаласты, кейін бұл көрсеткіштің мөлшері жылына 5,5 млн. тоннаға дейін ұлғаюы тиіс болатын. Оның есесіне Иран тиісті транзиттік бажды ала отырып, Парсы шығанағында осыған ұқсас көлемде мұнай алмастырады. Ашғабат Саммитінде қозғалған мәселелердің бірі ЭЫҰ-ға мүше елдердің үлкен бөлігі арқылы Түркияда газ құбырын төсеу туралы ұсыныс болды, оның соңғы нүктесі Пакистанда аяқталатын.

Қазіргі уақытта аймақ мемлекеттерінің отын-энергетика ресурстарын пайдалану мәселелерінде әзірге жеке экономикалық мүдделерді қорғау тенденциясы басым болып отыр. Нәтижесінде энергия көздерінің ішкі және сыртқы рыноктардағы бағалары арасында белгілі бір сәйкессіздіктер қалыптасты. Бұл ретте Қазақстанның оңтүстік аудандарына жеткізілетін өзбектің табиғи газының және Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және Түрікменстаннан келетін электр энергиясының құны осы энергия ресурстары түрлері құнының әлемдік деңгейімен шамалас немесе одан асып түседі. Көрші елдерден алынатын энергия ресурстарына әлемдік бағалар бойынша төлем төлеу елеулі экономикалық шығыстарға әкеледі және Қазақстанды өзінің жеке энергетикасын дамытуға инвестициялар салуға мәжбүрлейді.



Мүдделердің ортақтығын ескере отырып, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үкіметтері 1996 жылғы 5 сәуірде Ташкентте Орталық Азия аймағында отын-энергетика және су ресурстарын пайдалану, газ құбырларының құрылысын салу мен пайдалану туралы келісімге қол қойды. Осы келісімді іске асыру Сырдария өзені алабындағы гидроресурстарды анағұрлым тиімді пайдаланумен байланыстыра отырып, электр энергиясын, газды, көмірді және мұнай өнімдерін өзара жеткізудің экономикалық тұрғыдан негізделген мәселелерін шешуге, отын-энергетика кешенінде баға мен тарифтік саясатты жақындастыруға мүмкіндік береді.

ЭЫҰ-ға мүше елдердің бизнесмендері үшін визалық рәсімдерді жеңілдету тәртібі туралы келісімнің және Транзиттік сауда туралы келісімнің күшіне енуінің зор маңызы болды (ҚР Парламенті 1996 жылғы 9 қазанда бекітті), мұның өзі Қазақстанның сауда-экономикалық байланыстарына серпін берді. Біздің еліміз осы құжаттарға қол қойған мемлекеттердің аумақтары арқылы өз тауарларын баж салығынсыз транзиттеуге мүмкіндік алды.

2001 жылғы 4 мамырда Душанбеде ЭЫҰ-ның Сыртқы істер министрлері кеңесінің 11-ші отырысы болды. Кездесуге қатысушылар Ұйымның қызметі туралы Бас хатшының баяндамасын тыңдады, хатшылықтың 2001 жылға арналған бюджетін, хатшылықтың жыл сайынғы іс-шаралар жоспарын және 2001 жылға арналған жұмыс бағдарламасын, ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасының жай-күйін, бюджеттік және аудиторлық мәселелерді талқылады. Бәрі де ЭЫҰ-ға мүше елдер бірте-бірте ішкі аймақтық тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жоюы, көлік пен коммуникацияны одан әрі дамытуға жәрдемдесуі, мемлекетаралық келісімдерді бекітуді жеделдетуі тиіс деген пікір білдірді. Сауда-саттық алмасуын жеделдету мақсатында сауда туралы аймақтық келісімді әзірлеу (ЕСОТА) ұсынылды. Ынтымақтастықтың басымдық берілетін бағыттары мен жобалары тізімін келісіп алудың, күш пен қаражатты ұтымсыз пайдалануды болдырмас үшін, сондай-ақ ресми іс-шаралардың жоғары деңгейдегі өнімділігін қамтамасыз ету үшін ресми іс-шаралардың ЭЫҰ желісі бойынша санын қысқартудың орындылығы танылды.



11-ші отырыстың қорытындылары бойынша Душанбе коммюникесі қабылданды, онда ЭЫҰ мемлекеттерінің, оның қызметінің тиімділігін арттыруда және Ұйымды аймақтағы көпжақты ынтымақтастықтың сенімді құралына айналдыруда күш-жігер жұмсайтындығы айтылды.

Қазақстан ЭЫҰ ірі аймақтық ұйым ретінде өте үлкен әлеуеті бар деген пікірді ұстанады. Еуразия құрлығында жалпы саны 300 млн. жуық адам өмір сүретін мемлекеттерді біріктіретін орасан зор табиғи байлықтары, кеңінен өрістеген коммуникациялық жүйесі бар Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, сөз жоқ, барлық мүше мемлекеттерге пайда әкеліп, шаруашылық байланыстарының әлемдік жүйесінде өсе түсіп отыратын рөл ойнайтын болады. Қазақстан Ұйым қызметінің практикалық қайтарымын, оның тетіктерінің тиімділігін арттыру қажет, сондай-ақ оның мүшелерінің өзара сындарлы іс-қимылын жолға қою қажет деп санайды (Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. Алматы, 2002. 330-336-бб.).


жүктеу 1.53 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   62




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет