Оқу-танымдық уәждеме



жүктеу 0.57 Mb.
бет1/4
Дата10.04.2022
өлшемі0.57 Mb.
#18835
  1   2   3   4
4 Оқу-танымдық уәждеме
Абай қара сөдері негізінде оқыту әдістемесі

Оқу-танымдық уәждеме

Уәждеме адамның болмысы мен санасын, практикалық әрекет арқылы объективтi дүниемен байланыстырушы дәнекер ретінде қызмет атқарады. Философиялық таным теориясы бойынша сана-сезім - болмыстың ғaнa бейнесі eмeс, oл адамның практикалық қажеттiгi мен мүддесiнiң де көpініcі болып саналады. “Уәждеме дегеніміз – ағзаның бастапқы қалыбы, оның жағдайға қатынасы, уәж дегеніміз - әрекет немесе мінез-құлықты тудырушы себеп” [173, 58 б.]. Психологтардың айтуынша, адамның кез келген іс-әрекеті белгілі бір уәждемелерден туындайды да белгілі бір жағдайларда өтеді. Ф.Н.Гоноболин ұсынған анықтамаға жүгінсек: «Уәждеме дегеніміз – іс-әрекетке итермелейтін себеп, ал мақсат дегеніміз – адамның белгілі бір істі орындауға талпынуы. Мақсатты іс-әрекеттің мотиві болуы маңызды. Сол кезде адам алдына қойған міндеттерді мүмкін болғанынша жақсы орындауға талпынады. Бұл оның мұқтажына айналады» [83, 32 б.].


«Уәждеме – адамның саналы мінез-құлық, іс-әрекетінің негізі» [93, 70 б.]. Яғни адам бір іске саналы түрде, өз ерігімен бел байлаған болса, демек, солай етуге бұлтартпас, нақты уәждемелері бар деген сөз. Кейде «адамда мықты уәждемелер мен қажеттіліктер болған жағдайда оның еркі мен қалауы маңызды болмай қалады» [93, 81 б.]. Жалпы, балалар мен жасөспірімдерге қарағанда үлкен адамдарға тіл үйрету оңай мәселе емес. Бұған қатысты Л.В.Щерба: «Наконец, особой задачей нашей эпохи является обучение иностранному языку взрослых. Очевидно, что нельзя обучать взрослых во всем так, как обучают детей и подростков. Оказалось, что у взрослых должна быть разработана особая методика, чего по правде сказать, не сделано еще и до сих пор. Трудность тут, между прочим, лежит и в том, что учителю часто неясны те цели, к которым стремятся взрослые учащиеся. Тем более, что и сами учащиеся зачастую не отдают себе в них отчета», - деп жазады 174, 31.
Адам алдына айқын мақсат қойып, соған жету үшін бар ынта-ықыласымен еңбек етсе, нақты нәтижеге қол жеткізуі мүмкін. Ал адамның міндеті мен қажеттілігі немесе қызығушылығы мен ынтасы, яғни бұлтартпайтын уәжі болмаса, кез келген ісінен нәтиже шықпайды. Демек, оқу уәждемесі болмаған жерде, қандай керемет әдіс-тәсілдерді, ең озық технологияларды қолданса да, оған тілді үйрету ешқашан мүмкін емес. “Мемлекеттік тілге қажеттілік туғызу, елдегі тілдік ахуалды қазақ тілінің мүддесіне сәйкес қалыптастыру арқылы, тіл үйренушілердің уәжін арттыру – оқытудың тіл саясатымен байланысты шешімін табуға тиісті қырлары”, - деп атап көрсетеді Ш.Құрманбайұлы [175, 30 б.].
«Адам әлеуметтік тіршілік иесі ретінде қоғамда тұрады, әрекет жасайды, сондықтан оның іс-әрекеті қоғамға бағынады, қоғамдық мұқтаждықтарды белгілі дәрежеде қанағаттандыру үшін қызмет етеді. Нағыз саналы қызметінде жеке адам мотивтері қоғамдық мақсаттармен ұштасып жатады» [83, 36 б.]. «Адамның әлеуметтік қажеттіліктері мен уәждері өз кезегінде материалдық және рухани болып екіге бөлінеді» [93, 71 б.]. Қазақ тілін оқып-үйрену адамның әрі материалдық, әрі рухани қажеттіліктерін өтейді. Ол біріншіден, мемлекеттік тілде сөйлесу мүмкіндігін беретін қарым-қатынас құралы болса, екіншіден, сол тілде сөйлейтін ұлттың рухани байлықтарын қабылдауға, түсінуге көмектеседі.
Адам әрекетін дұрыс басқару тек уәждемелерді басқару арқылы мүмкін болады. Уәждеме қажеттілік, міндет, жауапкершілік, сезіну, тілек, қызығушылық тағы басқа жағдайлардан туындайды. Уәждемелердің “қажеттiк”, “қатынас”, “мақсат”, “сана” т.б. категориялармен байланысын тану арқылы оның мәнін толық ашу оқу әpeкетін дұрыс ұйымдастыруға жол ашады. Оқу әрекетіне бірнеше уәждемелер себепші болады, олар өз кезектері, өзектіліктері жағынан өзара орын алмастырып отырады, сол себепті арнайы зерттеулерде көп уәждемеліктің динамикасы жайында сөз болып жүр.
А.К.Маркова: «Оқудың уәждемесі үнемі өзгеріп отыратын, өзара жаңа қарым-қатынастарға түсіп отыратын бірнеше сезімдерден құралады. Сондықтан оқудың уәждемесі дегеніміз – барған сайын тереңдей беретін оқуға деген дұрыс қарым-қатынастар мен кейде өзара қайшы түсіп жататын оқуға деген теріс қарым-қатынастан құралған жүйе», - деп жазады [177, 99 б.]. Психолог ғалымдар оқу iсiн әрекет тұрғысынан зерттеп қарайды да, оның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, мақсатқа жетуі, нәтижелі болуында оқу мотивтерiнiң шешуші роль атқаратынын сөз етеді [178, 10 б.]. “Оқу әрекетінің уәждемесі дегеніміз – оқудың түрлі уәждерінің өзара байланыста болып келуі. Олардың ішінде әдетте біреуі негізгі, бастаушы уәж болып табылады. Ол оқудың танымдық немесе әлеуметтік уәжі болуы мүмкін ” [179, 139 б.].
Әрекеттің мәні тек белгілі бір нәтижеге жетуінде ғана емес, сол әрекеттің жүру процесінде адамның ақыл-ой белсенділігінің артуында. Белсенділіктің бағытын анықтайтын уәждеме болғандықтан, оның мазмұндық жағы адамның қажетіне барып тіреледі. Сондықтан сабақта тілдік деректерді қызықты, тартымды етіп іріктей отырып, нақты өмірмен тығыз байланыста ұсыну - уәждеме тудырудың негiзгi жолдарының бірі. Қазақ тілінің тілдік материалдарын сұрыптағанда, оны білім алушы қажет деп танып, саналы түрде меңгеруге ұмтылатындай уәждеме болуға тиісті. Ол уәждеме сұрыпталған тілдік материалдардың тікелей өмірде пайдалануға қажетті болуынан туындайды. «Оқу әрекеті негізінен танымдық уәждеме арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар оған өз мүмкіндігін өзіне дәлелдеу, жоғары сапаға ұмтылу, парыз, қажеттілік тәрізді ішкі уәждемелер де түрткі болады. Адамның өз оқуына көңілі толатын болса, ол оқуға көбірек көңіл бөледі, нәтижесінде оның әлеуметтік белсенділігі күшейеді, сонымен қатар оқуының сапасы да арта түседі» [66, 100 б.].

Ғылыми-теориялық тұжырымдар мен жеке тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тілін жеделдете оқытуда білім алушылардың оқу уәждемелері ішкі немесе жеке бас, сыртқы немесе қоғамдық-әлеуметтік болып екіге бөлінетінін анықтадық. Ішкі немесе жеке бас оқу уәждемелері өз ішінде танымдық, қатысымдық, материалдық және рухани уәждемелер деп топталады. Оқу уәждемелері сауалнамалар, жеке әңгімелесулер арқылы анықталады. Уәждемелерді анықтағаннан кейін, оларды қозғаушы күштерді қолдану, арттырудың жолдары қарастырыла бастайды.


Қызығу жұмыстағы қиындықтарды жеңуге жәрдемдеседі, қол жетпейтін нәтижелерге жеткізеді. Сол себепті әрбір ұстаздың алдында тұрған негізгі міндет – білім алушы үшін қызықсызды қызықтыға айналдыру. Қызығушылық қажеттіліктен туындайды, ал қажеттілік адам санасы мен іс-әрекетінің белсенділігіне тікелей әсер етеді. Бүгінгі күнде «қызығу» түсінігі, оның даму сатылары нақтыланған, танымдық қажеттіліктер мен қызығулардың байланысы, танымдық қызығудың мәні мен өзіндік ерекшеліктері ашылған. Ғылыми-технологиялық үдеріс қарқындап бара жатқан қазіргі заманда қазіргі алынатын мәліметтердің осыдан біраз уақыт бұрынғы мәліметтерден өзгешелігі болады. Бұған белгілі дәрежеде қоғамымыздың рухани мәдениетінің өсу деңгейі де әсер етеді. Оқытушы үздіксіз ақпараттар тасқынынан керектіні алып үлгеруі қажет.
«Адамның интеллектуалдық-танымдық уәждемелерінің жиынтығы оқу ісінде аса жоғары рөл атқарады. Бұндай уәждемесі бар адам шаршағанына, уақытының жоқтығына, басқа да көңілін бөлетін факторларға назар аудармастан оқу мәселелерін шешу үшін тынымсыз, беріліп жұмыс істейді» [180, 17 б.]. Адамның кез келген іс-әрекеті белгілі себептен туып, нақты мақсатқа жетуге бағытталған. Сондықтан да тіл үйренуге қызығулары туындауы үшін олар нені үйренетінін, қалай, қандай жолмен үйренетінін, қанша уақыт аралығында қандай нәтижеге қол жеткізетінін айқын білулері қажет. Кез келген іс-әрекетте уәждеме болмаса, ол белгісіз үдеріске айналуы мүмкін. Ал оқу әрекеті ешқандай уәждемеге негізделмеген болса, ол әрекеттен нәтиже күту де орынсыз. Оқытушы мен білім алушыға тиісті уәждемелерді білу оның әрекетінің мақсатын дұрыс анықтау үшін аса қажет. Қажеттілік пен қызығу осы түрткіге негіз болады. Оқуға байланысты негізгі түрткінің бірі – қызығу. Оқудың жемісті болуы - оған деген қызығудың нәтижесі. Қызығудың тағы бір ерекшелігі, оның әсерінен іс-әрекет сипаты тез өзгереді. Қызығу бар кезде іс-әрекеттің жақсы нәтижесі ғана қамтамасыз етіліп қоймай, оның сипаты да белсенді, дербес, жан-жақты, шығармашыл болып, тұтастай өзгереді.
Адам баласының бүкіл өмірі бойында оның даму үдерісі жүріп жатады. Адамның танымдық қызығуының өзіндік мазмұны, ерекшеліктері зерттеушілер үшін қиындық тудырады. Өйткені, танымдық қызығудың қалыптасуы және дамуы – жеке бастың дамуы барысында жүзеге асатын өте күрделі үдеріс. Жалпы алғанда, танымдық қызығудың қалыптасуы адамның айналысатын қызметіне, іс-әрекетіне, қоршаған әлеуметтік ортасына, жеке өмір тәжірибесіне байланысты болады.
Адамның өзін-өзі дамытуы, өздігінен білім алуы, үздіксіз ішкі қозғалыста болуы оның соған деген қажеттілікті сезінуі негізінде жүзеге асады. Қажеттілік - өте күрделі категория. Ағзаның биологиялық, психологиялық, әлеуметтік, рухани проблемалары қажеттілік негізінде туады. Қажеттілік – ағзаның өзін-өзі сақтау және өзін-өзі дамыту, жетілдіру мақсатындағы әрекетін ұйымдастырушы тетік. Әрбір жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуы – елдің болашақ мүмкіндіктерінің көрсеткіші болып табылады.
Адам оқуға өзі қызықпаса, оны зорлап оқытуға болмайды, ондай оқу ешкімге де таным мен қуаныш әкелмейді. Әрекет уәждемелерiнiң бірi болып табылатын қызығушылық - адам танымының негiзгi алғышарты. Сондықтан таным үдерісiнің қалай жүзеге асуы субъектінің әрекет нысанасына қызығуының мазмұнына тікелей байланысты. Әрекет құрылымында қажеттік уәждеме тудырудың ең басты алғышарты болып саналады, бірақ ол өздiгiнен әрекетке нақты бағыт бере алмайды. Қажеттік әрекеттің ең негізгі қозғаушысы болып табылады да, өзін қанағаттандыруды талап eтeдi, ал уәждеме оны қанағаттандырудың жолы болып есептеледі.
Қазақ тілін оқытуда ұйымдастырылатын белсенді тілдік қатынас оқытушы мен білім алушы арасындағы оқу үдерісінің негізгі әлеуметтік-психологиялық жағдайын көрсетеді. Ол оқу әрекетінің әлеуметтік уәждемесін тудыруға себепші болады. Бірлескен белсенді оқу-танымдық, қатысымдық әрекеттерді реттеуші тұлға аралық қатынас жүйесі оқытушы-білім алушы, білім алушы -топ және білім алушының жеке бас уәждемесін арттырудың да тәсілі болады.
Қазақ тілін оқытуда белсендіруден, әдістің тиімділігіне иландырудан, өз күшіне, нәтиженің алыс еместігіне сендіруден, жігерлендіруден, мақтаудан, жарысқа шақырудан т.б. тұратын уәждеме тудыру тактикасы оқуды жеделдетуге жағдай жасайтын шешімдермен ұштастырылады. Сондықтан жеделдете оқытуда негізгі назар уәждемеге аударылады. Андрагог, акмеолог оқытушының әдістемелік қоржынында әдеттегі дәстүрлі жоспармен бірге уәждемелік жұмыс жоспары болады. Білім алушылардың оқу-танымдық уәждемелеріне оқу жылының ең басында және ортасында, қажеттігіне қарай бірнеше мәрте диагностика жасалып отырады. Диагностикалау нәтижелеріне қарай уәждемелік жұмыс жоспарына түзетулер мен толықтырулар енгізіліп отырады.
Қазақ тілін оқытуда білім алушының оқу-танымдық, қатысымдық уәждемесін арттыратын факторлар:

  • білім мазмұнын жаңартып-жаңғыртып отыру, оқытудың мақсат-міндеттерін субъектілердің екі жақты бірлесе қоюы;

  • оқытуды ұйымдастырудың белсенді әдістері: проблема қою, ми шабуылы, пікірталас, оқу ойындары, қатысымдық-шығармашылық тапсырмалардың молдығы;

  • аз уақыт ішінде мол ақпаратты аудио-видео әсерлер арқылы жеткізу мүмкіндігіне ие мультимедиалық-компьютерлік бағдарламалардың тиімді қолданылуы;

  • оқытуды ұйымдастыруда топтық, жұптық, ұжымдық жұмыстардың қарқынды, пәрменді жүзеге асуы;

  • өзіндік бақылау, қайтарымды байланыс, рефлекцияның жүзеге асуы.

Уәждемелік аяның қалыптасуына оқу-танымдық қызметтің қаншалықты әсер ететінін зерттеген ғалымдар ерекше ұйымдастырылған оқу жүйесінің қажеттігін қолдайды, сол себепті оқытуды қатысымдық бағытта, жаңа технологияларды қолдана отырып ұйымдастыру білім алушылардың оқу уәждемелерін арттыруға зор әсер етеді.
Сұрақтар:



  1. Уәждеме туындайтын жағдайлар

  2. Қажеттілік және қызығу

  3. Оқу уәждемесінің түрлері

  4. Оқу-танымдық, қатысымдық уәждемені арттыратын факторлар

Әдебиеттер:



  1. Маслоу А. Новые рубежи человеческой природы / Пер. с англ. М.: Смысл, 1999. - 425 с

  2. Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Оқу құралы. – Алматы, 2009. - 263 бет.




жүктеу 0.57 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет