ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»


Студентерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар



жүктеу 1.31 Mb.
бет5/60
Дата19.06.2022
өлшемі1.31 Mb.
#20643
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   60
6 Лекция Кыпшактану
Дәріс. Тіл біліміне кіріспе
Студентерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:

  1. Қыпшақтар конфедерациясы қай ғасырларда қалыптасты?

  2. Қыпшақ өркениетін зерттеуде Мурад Аджи еңбектерінің орны.

  3. Алтын Орда мемлекетіндегі қыпшақ тайпаларының орны.

  4. Батыс Түрік қағанатының ыдырауына байланысты Қазақстан территориясында қандай мемлекетік бірлестік пайда болды?

  5. Кимек қағанаты Қазақстанның қай аймағында қалыптасты?

Дәріс №-3.«Қыпшақ» этнонимдері

Түркітануда қыпшақтарға қатысты этнонимдер де күрделі мәселе. Қыпшақ, кун, половец, куман атаулары жөнінде ғалымдар әр түрлі пікірлер білдірген. Орыс тарихшысы П.В.Голубовский 1884 жылы «кумане-кипчаки-половцы есть один и тот же народ» деп кесіп айтқан еді (Голубовский П.В.Печенеги, торки и половцы. Русь и Степь до нашествия татар. М.,2011.). Әрине Еуропа мен Византияда половецтердің гөрі кумандарды жақсы білді, ал шығыста, әсіресе Қытайда половецтер мен кумандардан гөрі қыпшақтарды жақсы білген. Осындай деректерге сүйене келіп, Ю.А.Евстигнеев «кыпчаки, половцы, куманы и куны –это разные по исходной территории, наречию (хотя и одного – древнетюрксого - языка) и самопазнанию племена (этносы)»,-деп қорытынды жасады. Бұл этнонимдер тарихтың әр кезеңінде белгілі болып тұрған. Ең көнесі қыпшақ атауы. VІІІ ғасырдан бергі кезеңдерде исламдық тарихи пен жағырапиялық әдебиеттерде қолданылған. ҮІІІ ғасырларда-ақ қыпшақтар жайлы дерек араб зерттеушісі Ибн Хордабектің «Китаб ал масалик уал мамалик» атты еңбегінде кездеседі. Бұл қыпшақ этнонимінің араб-парсы жазбаларында алғаш көрініс табуы. Ал ҮІІІ ғасыр ескерткіші Мойун Чур жазбасында түрік-қыпшақ этнонимдерінің қатар қолданыста болып, бірінің орнына бірі айтыла беруі олардың тым ежелгі заманда қалыптасқанын көрсетеді. Ескеркіш тіліндегі түрік,қыпшақ этнонимдерін Г.Рамстедт қос сөз түрінде оқуды ұсынып, грамматикаға қайшы келмейтінін айтты. Ал С.Г.Кляшторный «Надписи не знают случаев слияния или отождествления в унитарном написании двух этнонимов...», деп, түріктер мен қыпшақтарды дербес этноним деп танып, ажыратып оқыған дұрыс деп санайды.


Поляк ғалымы А.Зайончковский «Араб-қыпшақ сөздігі» жайлы мақаласында ХІІІ ғасырда түрік, қыпшақ этнонимдері қатар қолданылғанын ескертеді. Сонымен қатар қыпшақ этнонимі 1240 жылдары Моғол мәтіндерінде кездеседі. Моғолдар түркілерден алған болуы керек. ХІІІ ғасырдан бергі кезеңдерде Қытай жазбаларында ұшырасады. Қытайларға моғолдардан көшуі мүмкін.
Ал куман атауы шамамен 1080 жылдардан бастап Византия жазбаларында қолданылған. Осы күнге дейiнгi кұмандарың этникалық тарихына қатысты айтылған пiкiрлердi негiзiнен үш топқа жiктеп қарастыруға болады:

  1. Куман-половец-қыпшақ этнонимдерін бiр халықтың әртүрлi тiлдердегi түрлiше атауы ретінде қарастырған пікірлер;

  2. Кумандарды қыпшақтардан ажыратып қарауға мүмкіндіктің бар екендігін қолдайтын, бірақ оларды дәлелді жолдармен толық ажыратып көрсетпеген пікірлер;

  3. Кумандардың қыпшақтардың батыс бөлiгiн құраған жеке этникалық топ екендiгiн дәйектейтін пікірлер.

Жалпы алғанда, қыпшақ, куман, половец этнонимдерінің арасын ажыратпай “бір халықтың түрлі тілдердегі атаулары” деген түсініктер осы күнге дейінгі зерттеу еңбектері мен оқулықтарда әлі де кездеседі., Ә. Қайдар, М. Оразов, С. Аманжолов сынды түркiтанушы ғалымдар да қыпшақ, половец, кұмандарды бiр халық ретiнде түсiнген. Дегенмен
С. Аманжолов қазақтың кіші жүзі құрамындағы Байұлы тайпаларының кумандармен бірге болғаны туралы болжам жасайды.
Француз қытайтанушы ғалымы П. Пельо өз зерттеуінде кумандарды қыпшақтан бөле қарап, куман атауын қыпшақтан бөлек екенiн аңғартып, половецтердiң атауы олардың этникалық ерекшелiктерiне, оның iшiнде сары шашты болуына байланысты алғашқы ой-пікірлерін түйіндеп айтты.
К. Цегледи кумандарды қыпшақтардың құрамындағы дербес этникалық бөлік ретінде алып қарастыруға мүмкіндік беретін жағдайлардың бірқатарына тоқталған. Оның ішінде кумандарға тән сары антропологиялық ерекшеліктермен қатар ортағасырлық деректерде куман атауының қыпшақпен қатар аталуына назар аударған .
Ю. Немет куман атауы түркi халықтарында құбан және куманды сөздерінде сақталғандығын ұсынып, кумандардың тарихы мен тiлiнiң элементтерiн “Шығыс Европа”, Венгрия кумандарынан және ортағасырлық мамлүк-қыпшақтардан iздестiрдi. Кейiнгi лингвистикалық, тарихи зерттеулер
Ю. Неметтiң бұл ойларының дұрыстығын көрсетiп келедi. Ю. Немет өз зерттеулерiнің ішінде кумандардың бүгiнгi Венгрия жерiне қашан қоныстанғанын, олардың тарихы мен тiлiнде ұзақ уақыт сақталған көне түркiлiк тәңiрлiк наным-сенiмi болғандығы туралы деректер келтiредi. Бұл жағынан алғанда, Ю. Немет пен К. Цегледиді пікірлес деп қарауға болады.
Бұл мәселеде шығыстанушы Б.Е. Көмековтың зерттеулері ерекше маңызға ие екендігін атап өту керек. Ғалым Шығыс (араб, парсы) деректері мен бүгінге дейінгі куман-қыпшақтар тарихын зерттеуші ғалымдар еңбектерінде айтылған пікірлерді талдап, сараптай келе, өз тұжырымдарының негізінде кумандардың жеке этникалық топ екенін ғылыми тұрғыдан негіздеп берді. Ғалымның 1972 жылы жарық көрген “Государство Кимеков IХ-ХI вв. по арабским источникам” атты монографиясы ортағасырлық кимек-қыпшақтарға қатысты тарихи-деректік маңызы жағынан зерттеушілер тарапынан өте жоғары бағаланып келеді. Бұл еңбекте Б.Е. Көмеков Кимек қағандығына кiрген тайпалар тарихына тоқталып, солардың бiрi қыпшақ тайпалары екенiн тың Шығыс деректері арқылы көрсетеді. Ғалымның пікірінше, қыпшақтар алғаш Кимек конфедерациясы құрамында болып, ХI ғасырдың басында бiртiндеп саяси гегомонияға ие болған. Сондай-ақ бұрынғы зерттеушілер назарынан тыс қалған ортағасырлық қыпшақтардың этникалық құрамы туралы араб деректерiндегі мағұлматтарды саралай отырып, кумандардың жеке тайпа екенiн анықтады. Олардың орналасқан географиялық аймағын, астанасы мен қалалары болғанын, олардың қыпшақ тілді болғанын, Қыпшақ хандығына саяси бағынышты болып, кейiн қыпшақтардың алдыңғы легімен бiрге Едiлден батысқа жылжығанын ғылыми түрде дәлелдедi. Ғалым ад-Димашки мен Ахмад ат-Тини еңбектерінде келтірілген деректер негізінде Шығыс Дешті Қыпшақтың құрамына кірген он алты тайпанының (бөрілі, тоқсоба, иетиоба, дурт(оба), ал-арс/ал-ас, бурджоглу, манкуроглу, имак, таг, башкурт, куманлу, базанак/баджанак, баджна, караборклу, уз және джортан (шортан)) болғанын, ал Батыс Дешті Қыпшақта олардың саны он бір екенін (тоқсоба, иетиоба, бурджоглы, елбөрі, кангароглы, анджоглы, дурут(оба), кулабаоглы, джортан, караборкли, қотан) ғылыми түрде дәлелдеп, бұл тайпалардың саяси аренадағы әрқайсысының өз орны бар екенін, олардың бір-біріне өзара бағынышты сипатта болғанын, сондай-ақ билеуші хандар елбөрі тайпасынан шығып отырғанын тарихи деректермен дәлелдеді. Кейінгі зерттеулерінде ғалым көшпелі қоғамда тайпалар шығыстан батысқа жылжығанда да осы жүйені жоғалтпағанын анықтай келе, кумандардың орта ғасырларда қыпшақ тілді Кимек қағандығы Қыпшақ хандығының батыс бөлігінде үнемі алғы шепте жылжып отырғанын және ХІ ғасырдың алғашқы жартысында қыпшақтар Еділден батысқа жылжығанда да солай болғанын көрсете келе, бұл жағдайды көшпелі қоғамдағы заңдылық ретінде қарастырды. Сондықтан батыс елдері ең алғаш кумандарды таныды. Ғалым қыпшақтарға қатысты деректерді саралай келе, өз тұжырымдарын жасап, орта ғасырларда Еуразиялық Ұлы Далада көшпелі қоғамның, өркениеттің үлгісін көрсеткен кимек-қыпшақ-куман үштігі (триадасы) туралы ой түйіндерін ғылыми ортаға ұсынды.
“Куман” атауының шығуын зерттеушілердің барлығы дерлік бұл терминнің алуан тілдердегі түрлі дыбысталуына қарамастан, мағыналарының жақындығына ерекше көңіл бөлген. Мысалы, Шығыс деректеріндегі қыпшақ, куман немесе коман және орыс деректеріндегі половец, мажарлардағы - кун (кун-ок), неміс тіліндегі - Falonen, Phulaqi, Valvi, Valowen, Valwen, польяк тіліндегі - Planci, чехтардың - Plawci және армян тіліндегі-хартеш сөздерінің негізгі мағыналары сары, ақ құба, сабан түсті дегенге саяды. В. Рубрук жазбаларында кумандардың неміс тіліндегі атауы валан деп көрсетілген. 1241 жылы жазылған діни миссионерлік құжаттарда Valwen деп көрсеткен. Ал П.В. Голубовский, А.Н. Кононовтар бұл атаудың поляк жазба ескерткіштеріндегі атаулармен қатар қолданылғанын және түбірі орыс тіліндегі куман-половец атауларымен сәйкестігін көрсеткен .
“Куман” атауын түспен байланыстырмайтын пікірлер де бар. В.В. Бартольд ортағасырлық Лаврентьев жылнамасында куман атауының половецпен қатар аталуын половец көсемдерінiң бiрi куман аталуымен байланысты деп болжам жасайды. Осындай пікірлер негізінде бұл атауды ІХ ғасырдағы қыпшақ көсемі Құнанның атымен байланысты шыққан деп санаған зерттеушілер де бар.
Р. Тоқтаров куман атауын “қыпшақ” атауының бір нұсқасы ретінде санай отырып, бұл атау “қу” (аққу) + “ман”, яғни “адам” деген мағынада түсіндіреді. Қолымыздағы материалдарға қарағанда, куман атауының ақ-сары, сары деген мағынада қолданысқа ие екенiн айтқан зерттеушiлер саны басым. Осындай ой-пікірлер И.Г. Добродомов, С.М. Ақынжанов, С.А. Плетнева еңбектерінде қолдау тапты.
Жинақтай келгенде, куман этнонимінің төркіні ақ, құба, сары өңділер, сабан түстілер деген төл түркілік мағынаға сай келеді деп санаймыз.
Қорыта келгенде, кумандарға қатысты зерттеушілер пікірін негізінен үшке бөліп қарауға болады. Қыпшақ, куман және половец (коман, кун) атауларын синоним ретінде қарастыратын пікірлер. Бұл пікірлер өткен ғасырдың 20-шы жылдарына дейін үстем болып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Ал екінші пікір ортағасырлық жазба деректердегі куман этнониміне, антропологиялық ерекшеліктеріне байланысты деректер негізінде кумандарды қыпшақтардан бөле қарастыруға болады дегенге саяды. Кейінгі бұл бағытта жүргізілген зерттеулер олардың атауы да төл түркілік негізде екендігі, Шығыстағы куманды-кижимен тарихи туыстығы туралы, яғни кумандарды қыпшақтардан бөліп көрсеткен ғылыми тұжырымдар да (К. Цегледи, Л.П. Потапов, А.Н. Кононов т.б.) көп уақыттар өз қолдаушыларын таба алмады. Тек өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына қарай Шығыс деректері негізінде кумандардың тарихи қоныс мекендері, олардың Кимек қағандығы және Қыпшақ хандығының батыс бөлігіндегі жеке тайпа екені ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Куман атауы - төл түркілік атау. Бұл атау Шығыста Куманды-кижи халқының атауы ретінде бүгінгі күнге дейін белгілі. Куман атауына келер болсақ, қазіргі зерттеушілер кумандарды половецтар деп, ал куман этнонимін кун сөзінің бір варианты деп қарайды. Куман сөзін бәз-бір зерттеушілер кума//куба, яғни құба сөзімен салыстырып, қызыл мен сарының ортасындағы бір реңк деп болжайды. Сонымен қатар куман «су толтырылған ыдыс». Куман сөзін құмар сөзімен қатар қойып, кума//құма түбірлері «қайнаған» деген мәнді береді, құмар «есі кетіп қызығу, әуейі болу» мәнін берсе, ал куман (-ан көне сөз тудырушы жұрнақ) «күш-қуатын бойына жинаған, қызу қанды» деген мағынаны береді деп жориды (Дастан Ельдесов).
Сонымен қатар кун сөзі де тарихта жиі кездеседі. Бұл атау мажарлардың половецтер үшін 1086 жылдардан бергі кезеңдерде қолданған сөзі. Кундар тоғыз-оғыз конфедерациясында құрметті орын алған көне түркі тайпасы. 840 жылдары Ұйғыр қағанаты құлағаннан кейін Монғолияның шығысына қоныс аударып, қидандардың ықпалына ұшырайды. Кейін қидандардан ығысып кайлардың жеріне барады. 1029 жылы әл-Бируни енисей қырғыздарымен қатар атап өтеді. «Игор полкі туралы сөз» жырында кундар хинови деп аталады. Кун/хун этноимінің кын/хин/хинове болып өзгеруі Х-ХІV ғасырларда Ежелгі Русьте майда теңгелер кун деп аталған себепті болуы мүмкін. Кун сөзі байырғы ғун//хун атауларының сарқыншағы болу керек.
Половцы сөзінің шығу тегі жайында әр түрлі пікірлер бар. Дәстүрлі пікірдің бірі бұл сөз көне орыс тіліндегі половь «сары» сөзіне шыққан. Половецтер сары-қыпшақтардың ұрпағы, олар сары шашты болған да, кейін монғол тайпаларымен араласып қара шашты, қой көзді түрге енген деген пікір бар. Сонымен қатар половцы, олар далалықтар «жителей поля» деген де тұжырым бар. Тіпті «половцы» сөзі лов/ловы «охота» (шын мәнінде адам аулаушылар) түбірінен шыққан деген пікірлер ғылыми әдебиеттерде орын алған. Орыс дереккөздерінде Дешті Қыпшақ даласы Поле Половецкое деп аталады. Сондықтан біздің ойымызша, половцылар «далалықтар, жителей поля» деген тұжырым бір табан шындыққа жақын шығар.
Ең қөне сөз қыпшақ этнонимінің шығу тегі туралы ғылымда біршама пікірлер, халықтық этимологиялар бар. Әбілғазы баһадүр ханның «Түрікмен шежіресі» деген еңбегінде мынадай мәлімет бар: «Үлкен падишаһларының әдеті – ұзақ соғысқа барғанда әйелдерін алып жүретін, нөкерлерінің кейбіреулері алып баратын. Оғыз ханның бір бегі әйелін алып барып еді, өзі осы ұрыста өлді, қатыны құтылып, екі судың арасында ханның соңынан жетті. Жүкті еді, толғағы ұстады. Күн суық еді, киерге киім жоқ еді, бір шірік ағаш ішінде ұл туды. Мұны ханға мәлім қылды, сонда хан «Мұның әкесі біздің алдымызда өлді, енді қамқоры жоқ», -деп өзіне ұл қылды. Атын Қыпшақ қойды. Көне түрк елінде іші қуыс ағашты «қыпшақ» дейді. Себебі ол ағаш ішінде туылды деп атын Қыпшақ қойды. Осы кезде іші қуыс ағашты «шыпшақ» дейді. Қара халықтың тілі келмегендіктен «каф»-ты «шын» деп айтып, сол «қыпшақ» «шыпшық» деп айтылды» («Жалын» журналы, 16-бет, № 2, 1991).
Шәкәрім қажы да «қыпшақ» атауының мән-мағынасы жөнінде былай дейді : «Бұл қаңлыдан бөлініп елсіз бос жерге кеткендіктен қыпшақ атанған. Мағынасы «бос, шөл, елсіз» деген сөз. Шыңғыс ханнан көп бұрын Еділ-Жайық маңына барып, бір патшалы жұрт болып тұрғанда, Жошы хан алып қаратқан. Солардың атымен ол жақ Дешті Қыпшақ атанған».
Парсы тарихшысы Рәшид әд-дин «Жамиғ-ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты еңбегінде қыпшақ атауы кобук сөзінен шыққан, бұл сөз түрк тілінде «өзегі шіріген ағаш» деген мағына береді деген пікір айтты.
Жазушы-тарихшы ғалым Қойшығара Салғараұлының түрік халықтарының ықылым замандардан орта ғасырларға дейінгі дәуірлері тарихын қамтыған үш томдық зерттеу еңбегі «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер», «Ортағасырлық түріктер» (2012 ж., Астанан, «Фолиант» баспасы) қазақ руханиятына қосылған зор үлес. Осы еңбекте қыпшақ тарихына қатысты пікірлер айтқан бірсыпыра ғалымдар «қыпшақ» сөзінің мағынасын анықтауда аңыз дерегі деңгейінен аса алмағанын және өкінішке қарай, кейбіреуінің тіпті теріс түсіндіруге ұрынғанын көрсетеді. Бұл ретте ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн жазған «Құтты білік» шығармасында кездесетін «қыпшақ» сөзін орыс ғалымы С. Ивановтың «жолы болмаған, байғұс, сорлы» деп аударған аудармасын екінші бір ресейлік белгілі тарихшы ғалым С. Кляшторный ғылымға термин етіп енгізуінің негізсіздігін ашып көрсетеді. Мұның бәрі, сайып келгенде, көшкіншілердің төл болмысын білмеуден, тек сырт елдердегі жазба деректер беретін мағлұматпен шектелуден, қыпшақтың ежелден этникалық атау емес, географиялық-аумақтық орналасуына қарай тайпалар бірлестігіне берілген атау екенін ескермеуден, жеке бір тайпаға телуден туған қателік дейді ғалым. Қ.Салғараұлы «Қыпшақ» сөзі ежелгі түріктің «қыбышы+ақ» деген сөзінен шыққан, (мұндағы «қыбы» – өнім, қыбышы – өнім өндіруші, ақ – сүт) «сүт өнімін өндірушілер, яғни, пайдаланушылар» деген ұғымды білдіреді, Гомер, Страбон, Птоломей жазған «гиппомолги», «галактофаги» атауларының осы «қыбышы+ақтың» латын, грек тілдеріндегі тікелей аудармасы деп өз тұжырымын ұсынды.
«Қыпшақ» атауының этимологиясы жөнінде қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің де өзіндік пікірі бар: «Қыпшақ таңбасы-тік қос сызық. Қазіргі атауы- «қос әліп» (араб әліпбиінің алғашқы әрпі «әлпі» тік сызықпен бейнелейді). Араб жазуы қабылданғанға дейін таңбаның басқаша аталуында күмән жоқ. «Қыпшақ» атауында сол қос тік сызық таңба сақталмады ма екен-ау? «Саз кітапша» («Глиняная книга») деген еңбегімде «ікі-пчак» (екі пышақ) қыпшақ атауының негізі болмас па деген пікір айтқан едім. Олай болмасына кім кепіл? «Екі тік сызық» таңбасының бір уақыттарда ікі-пчак (екі-пышық) болып аталып, осы тіркес сөз тұтас құбылысқа айналу барысында қыпшақ атауы болып қалыптасуы мүмкін. Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай бұл пікірге қисынды күмән келтіреді: «қыпшақ» атауының 8 ғасырдағы сынтаста таңбаланған «қыбчқ» тұлғасы «к» әріпінен басталуы керек еді ғой. Өйткені жіңішке дыбысты «ікі» (іккі) сөзінің жуан дыбысты «бычақ» (пышақ) сөзімен бірігіп, сингармонизм заңына сәйкес үндесіп кетуі үшін біршама уақыт та керек.
Көне түркі замандарында сөз бір-екі буынды болғаны рас. Қыб/қып және қап түбірлерін бір қатарға қоюға болады. Себебі дауысты дыбыстар әр түрлі оқылуы мүмкін. Әйгілі Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-әт-түрк» атты еңбегінде көне түрік тіліндегі «қап» сөзінің «жатыр» (әйелдердің жатыры) деген мағынасы келтірілген. Сондай-ақ бұл сөз ауыспалы мағынада «бауыр, бірге туған» («жатырлас») деген мәнде де қолданылған. Түрік халықтары кім көргенді «бауыр, бірге туған-жатырлас, қарындас» деп айтпайтыны анық. Оның үстіне қазіргі қазақ тіліндегі бір әке, бір шешеден туған деген ұғымды беретін «қабы менен сабы бір» тұрақты сөз тіркесі бар. Осы деректерге сүйене отырып, Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай «қыпшақ» атауы «жатырлас ағайын», «бірге туған бауыр» дейтін ұғымды береді дейді. Қара сөздің қадірін, түп-тамырын жақсы білетін Байбота Серікбайұлының бұл құнды пікірі түркітануға қосылған үлес десе болады. Бұл жерде қыпшақ сөзінің алғашқы буын қып//қап-ты есім сөз ретінде танып тұрғаны белгілі. Есім екені де рас. Бірақ тарихи грамматикада есім бірінші ме, әлде етістік бірінші ме деген даулы мәселе бар. Алғашқы түбірлер негізінде синкретті болған. Яғни әрі етістік, әрі есім. Оның іздері қазақ тілінде әлі де бар. Мысалы көш (Қыз Жібектің көші) және көш (ет.); той (үйлену тойы) немесе той (ет.) т.б. Сондықтан ежелгі қып//қап түбірлерінің бойынан етістік іздеуге құқылымыз. Шәкәрім қажы айтқан «Тіршілік басы-қозғалыс» пәлсәпасы ақиқат. Дүние қимылдан, әрекеттен басталады. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қыбыр сөзі «қимыл, әрекет, қозғалыс» мағынасында деп ұғындырылады. Қыбыр сөзінің түп-төркініне үңілер болсақ, түпкі түбірі қыб екендігіне көзіміз жете түседі. Ал «ыр» жұрнағы көне түркі тілінде жиі және әртарапты (әмбебап,универсал) қолданылған *ур етістігінен қалған реликт екендігі тағы да аян. Сонда қыбыр (қыб-ыр) да, қыпшақ (қып-шақ) та бір етістік түбірден туындап тұрған есім сөздер. -ыр, -шақ зат есім тудыратын жұрнақтар. Сонымен табиғи түйсікпен болжасақ қыпшақ сөзінің этимологиясы «қозғалғыш, жүргіш, жүйрік, шапшаң, жаулағыш, тез, жылдам» болуы әбден мүмкін. Осындай қасиеттерге ие жарау атты қыпшақтар аз уақытта күллі Еуразия даласын жайлап, олар салған дүбір дүниенің төрт бұрышына естіліп жатты.



жүктеу 1.31 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   60




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет