Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкері



жүктеу 26.12 Kb.
Дата13.01.2022
өлшемі26.12 Kb.
#16717
Отырар өңірінің көне атаулары

Отырар мемлекеттік археологиялық

қорық-музейінің қызметкері

Пәрменқұл Сәбит Тұрлыбекұлы
Отырар өңірінің көне атаулары
Бізге көнеден жеткен атаулардың шығу, пайда болу тарихы мен олардың бастапқы тарихи мағынасын ашу, салыстырмалы, типологиялық және лингвистикалық тұрғыда талдап зерттеудің маңызы зор және бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселе.

Көнеден жеткен жер-су атауларының шығу тарихын зерттеуде тарихи оқиғалар мен тайпалардан бөлек, жер бедерінің географиялық орналасу процесі де бізге көптеген мағлұмат береді және осы жерді мекендеген халықтардың шығу тарихы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы басты назарда болуы шарт.

Тарихы тереңнен бастау алатын Отырар өңірі аз зерттеліп, аз айтылып жүрген жоқ. Десек те, Отырар қаласы мен Отырар өңіріндегі ертеден келе жатқан көне атаулар жайында пікірлер көп. Алайда, осы атаулардың түп мағынасы мен шығу тарихы туралы атүсті зерттеліп келе жатқаны шындық. Ортағасырлық жиһанкездер мен тарихшылардың жазбаларында жалпылама айтылғанымен толымды түсінік берілмеген.

Отырар қаласының атаулары әр жиһанкездің жазбаларында әрқалай атпен берілген. Әсіресе, Отырар, Отырарбенд, Фараб, Тұрар, Танбанд, Тарбан деген атаулар жиі кездеседі. Бір деректерде Фараб не Бараб деген жер атауы соғдының Параб, яғни «өзеннің арғы жағалауы», «өткел орны» деген сөзінің арабтық графикалық үлгісі болып табылады [1, 28-29 бб]. Ал, А.Әбдірахмановтың пікіріне сүйенсек, Фараб сөзін Иранның Пуроб, яғни «суы мол, сулы жер» дегенінен таратады [2, 29 б].

Ал, Қожатоғай өңірінің тумасы, өлкетанушы Еркебай Бүрлібаев Тарбан, Тарбанд атауын оғыздардан қалған деген пікір қалдырып отыр. Отырар өңірін Х-ХІ ғғ. аралығында оғыз тайпасы мекендегені белгілі. Бұған осы өңірде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде қол жеткізілген заттай деректер дәлел бола алады. Сонымен, зерттеулерге сүйенсек Х ғасырдын соңы, ХІ ғасырдың бірінші жартысында қыпшақ тайпасы тарапынан жүргізілген жаулап алу нәтижесі оғыздардың бұл жерден көшіп, қазіргі Түркіменстан жеріне қоныс аударуына әкеліп соқтырды. Е.Бүрлібаевтың айтуынша осы тайпаның «Тарбан» атты музыкалық аспабы болған екен. Арыстанды-Қарабас желінің өтінде тұрған қаланың құрылысынан, яғни, мұнаралары мен күмбездерінен қатты жел тұрған күні тарбан аспабының үніне ұқсас үн шығатын болған. Осы себепті Тарбан-Тарбанд атауы «Әуезді қала» мағынасын береді деген пікірді ортаға салады.

Ал, Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелерінің ІІ томындағы Күлтегін бітіктасында «Kenu Tarman» атау кездеседі және сілтемеде Kenu Tarman – Түркі елінің батысындағы жер атауы. Нақты қай жерді атағаны белгісіз, алайда, С.Г.Кляшторный Отырар маңындағы Тарбанд, Дербенд болуы мүмкін деген пікірді қалыптастырады [3, 69 б].

Бұл жерде қазіргі таңда аталып жүрген Отырар атауының қашан пайда болғаны, нақты қандай мағына беретіндігі туралы дерек әлі күнге нақты болмай отырғаны шындық.

Ендігі кезекте, осы өңірден әлі күнге дейін ара-тұра кездесіп қалатын көне атаулар мен киелі орындарға келер болсақ, Нарын мен Қарадария өзендерінің Ферғана қазаншұңқырындағы қосылған жерінен бастау алатын Сырдария өзені туралы алғашқы дерек Геродоттың «Әлем картасы» еңбегінде айтылады. Жалпы, қазіргі уақытта Сырдария өзенінің көне атауларының бірнеше нұсқасы сақталып отыр.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит Шәлекеновтің 90 жылдық мерейтойына арналып шығарылған «Өнегелі өмір» жинағынан Сырдария өзені жайында қызықты мәлімет кездестіруге болады. Ғалым Авеста кітабына жүргізілген зерттеулеріне сүйене отырып Ранхы өзенін Сырдарияның ескі атауы деген пікірді алға тартады.

Сырдария өзенінің бұған дейін де бұдан кейін де көптеген атқа ие болғаны белгілі. Бұлардың ішінде көпшілікке таныс бірқатар атауларға жеке тоқталатын болсақ, көне гректерден жеткен мәліметтен өзен «Яксарт» атауымен кездестіреміз. «Yakhsha Arta», яғни, «Үлкен маржан» атауымен белгілі бұл өзенді Гай Лэ Стрэнждің «Шығыс халифат елдері» атты еңбегінде Сырдария өзенін жергілікті халық «Шаш» өзені деп атайтындығын, ал, XIV ғасырда моңғолдар бұл өзенді Гүлзариян деп атағанын жазады. Ал, түріктердің қойған атауы Сырсу болса, арабтардан жеткен деректерде «Сейхун» деген атпен аталғаны айтылады. «Сейхун» атауының қолданыстан шығуы моңғол шапқыншылығымен байланысты болуы мүмкін. Бізге белгілісі бұл өзен моңғол шапқыншылынан кейінгі жазылған еңбектерде Сырдария атауымен кездеседі.

Осы кезге дейін Сырдария өзенінің арнасы бірнеше мәрте өзгергені белгілі. Өзеннің бастапқы арнасы қазіргі арнаның батысынан оңтүстік-шығыстан солтүстік-батыс бағытында көлбей орналасқан Қызылқұм шөлін бөктерлей аққан.

Археолог-ғалым М.Б.Қожаның «Ортағасырлық Отырар: Аңыздар, Деректер, Зерттеулер» тақырыбында жарық көрген еңбегінде Сырдария өзені мен оның ескі арналары туралы аңыз-әфсаналар жинақтап, көптеген құнды деректер келтірілген.

Ел арасында Сырдың орта ағысын мекендеген ұлыстар мен тайпалардан қалған, қазіргі таңда ұмыт бола бастаған этноатаулар ара-тұра кездесіп қалады. Қазіргі таңда бұндай атауларды тұрақты түрде қолданылмаса да ауызекі диалектикада, мақал-мәтелдер арасында және эпостық жырлар мен аңыз-әңгімелерде кездестіруге болады.

Тарихтан белгілі, ІХ-ХІ ғасыр аралығында Сыр бойын мекендеген оғыз тайпалары қыпшақтардың тарапынан болған қысымнан ата қонысын тастап, қазіргі Түркіменстан жеріне көшкен болатын. Осы оғыз тайпаларынан қалған Шаншар, Өгізсай сынды этимологиялық атаулар Отырар жерінде әлі күнге дейін сақталған. Сырдария өзенінің ескі арнасының оң жағалауында, қазіргі Көксарай ауылының оңтүстік-батысынан 16 км жерде орналасқан Шаншар қалажұрты жайында М.Қожа өз еңбегінде «Отырар ауданында, біздің пікірімізше, хронологиялық тұрғыдан, ең байырғы қалашықтардың бірі – Шаншар. Ол «Мұңлық-Зарлық» хисса-хикаятындағы бас кейіпкер – Зарлықтың әкесі Шаншарханның атымен аталады» дей келе, «Мұңлық-Зарлық» хиссасын келтіреді. Сонымен бірге, хиссада аталатын кісі атауларының оғыз тобына жақын екендігін саралай келе, аңыздың шыққан тегін оғыз-қыпшақ мәдениетіне жатқызады [4, 108-111 бб.].

Ал, Сырдария өзенінің ескі арнасы болып табылатын «Өгізсай» атауы да осы тайпалардан қалған болуы мүмкін деген пікір қалыптасып отыр. Сонымен қатар, Отырар ауданының орталығы Шәуілдір атауы да оғыздардан қалған атау болуы мүмкін деген пікір туындап отырғаны шындық. М.Қашғаридің еңбегіне сүйене отырып, оғыз тайпасы 22 руға бөлінетінін, әр рудың өзіне тән таңбасы барлығын жазған және тағы бір қызықты жағдай, осы жерді мекендеген оғыз тайпасының бір руының аты Жувалдар екенін білеміз [5, 92 б]. Ал, Зейнолла Шүкіровтың «Сыр бойы» тақырыбында жарық көрген романында Арал маңын мекендеген кіші жүз рулары мен түрікпеннің Шәудір тайпасы арасында ұзақ уақыт текетірес болғаны, бір-бірінен мал барымталап отырғаны айтылады. Шәуілдір атауының шығу тарихы осы Жувалдар-Шәудір руымен байланысты болуы мүмкін деген пікір қалыптасып отырғаны шындық.

Көптеген аңыздар мен эпостық жырларға арқау болып отырған осынау киелі өңірден аты әлемге мәшһүр болып отырған Арыстанбаб, Отырар, Оқсыз сынды жекелеген тарихи ескерткіштерден өзге ел арасында аңызға айналып отырған тарихи орындарды да кездестіруге болады.

Бір кездері Сыр өзенінің бойы ит тұмсығы батпас ну тоғай болған екен. Осы тоғайды бір кездері жолбарыс мекендеген болатын. Қазіргі таңда аңыз-әңгіме, естелік ретінде сақталып, ертегі сықылды көрінетін мұндай деректер ел аузында көптеп көптеп кездеседі. Солардың бірі Сырдария өзенінің Отырар ауданына тиесілі бөлігінде орналасқан Жолбарыс аралы болып табылады. Ел арасында сақталған аңызға сүйенсек, Сыр бойын мекендеген жолбарыстың соңғы тұяғы Отырар өңірін мекендеген екен. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары аралығында артында жалғыз сарымағын, яғни, баласын ерткен аналық жолбарыс өмір сүріпті. Жолбарыстың бұған дейінгі сарымақтарын суатқа су ішуге келген кезде жайын жеп кете бергенге ұқсайды. Әбден қартайған жолбарыс соңғы күшігін ертіп суатқа жақындағанда суатты аңдып, осы жерден суатқа құлаған ірілі-ұсақты малды құйрығымен қағып жеп дәнденген жайынның кезекті құрбандығы жолбарыстың күшігі болыпты. Ызаланған жолбарыс жайынды аңдып күні бойы суаттан кетпей жүргенге ұқсайды. Тағы бірде суаттан су ішуге ыңғайланған жолбарысты жайын құйрығымен қағып суға түсірмекке ұмтылыпты. Осы сәтті көптен күткен өлекшін (жолбарыс аналығы) азулы тісімен жайынның құйрығын тістей бере жағаға лақтырған екен. Сол сәтте омыртқасы үзіліп жолбарыс та, суға қайта түсе алмай жайын да мерт болыпты. Ертеңінде осы маңды мекендеген малшылар малын суатқа айдап келгенде өліп жатқан жолбарыс пен жайынды көріпті. Жолбарыстың терісін іреп алып, жайын етін жақын маңдағы ауылдарға таратып, ұзақ уақыт азық еткенге ұқсайды. Қазіргі таңда көнекөз қарттар болмаса бұл аңыздың қашан, қай жерде орын алғандығын көптеген жастар біле бермейтіні шындық.

Отырар өңірінен анықталып отырған көне атауларды зерттеуде тарихи-географиялық маңызы мен ландшафтық ерекшелігіне, шаруашылығына баса назар аударған дұрыс сияқты. Қазіргі таңда Отырар өңірінде толықтай болмаса да топонимикалық атаулар біршама зерттелген. Алдағы уақытта зерттеу жұмысын бұдан ары жандандырып, кең ауқымда жүргізуді қолға алу қажет.

Сөз соңын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбында жарық көрген мақаласында айтқан «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. «Туған жер» бағдарламасы ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді» деген сөзімен аяқтағанды жөн көріп отырмыз.





  1. Ортағасырлық Отырар: аңыздар, деректер, зерттеулер // Түркістан. «Тұран» баспасы.-2006. 28-29 бб.

  2. Ортағасырлық Отырар: аңыздар, деректер, зерттеулер // Түркістан. «Тұран» баспасы.-2006. 28-29 бб.

  3. Қазақстан тарихы туралы Түркі деректемелері // ІІ том. «Дайк-Пресс». Алматы.-2005 жыл. 69-бет

  4. Қожа М.Б. Ортағасырлық Отырар: Аңыздар, Деректер, Зерттеулер / М.Б.Қожа; Түркістан – 2006. –108-111 бб.

  5. Махмуд ал-Кашгари, Диван Лугат ат-Турк // «Дайк-Пресс». Алматы.-2005 жыл. 92 бет.

жүктеу 26.12 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет