Өмірзақ айтбайұлы


ПрОФеССОр қ. қ. ЖұбаНОВ ЖӘНе



жүктеу 7.95 Kb.
Pdf просмотр
бет4/27
Дата09.01.2017
өлшемі7.95 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

ПрОФеССОр қ. қ. ЖұбаНОВ ЖӘНе 
қазақ термИНОлОГИЯСыНыҢ 
Кейбір мӘСелелері
Қарт  тарихтың  қай  бетін  ашсаң  да,  ұрпақ  санасына  
салмақ түсірер саралы жолдар мен сұңғыла соқпақтар кез-
деседі. Сонда елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қана қой-
май, сол үшін күресіп, соны жетілдіре, жеткізе тірлік кеш-
кен  жандарды  әздектете  әңгімелеп,  үлгі  тұтпай  өте  алмай-
сыз. Әр кез өзінің осы тектес ұлдары мен ұлыларының ерен 
еңбектерімен әйгілі.
Рухани  әлемімізді  асқақтатып  кеткен  ұлы  Абайдан  соң 
да тағдыр қазаққа таланттар беруден тарынбаған. Қараңыз, 
XX  ғасырдың  алғашқы  ширегінің  өзінде  Ахмет,  Әлихан, 
Шәкәрім,  Мұстафа,  Халел,  Жаһанша,  Міржақып,  Сәкен, 
Тұрар,  Сұлтанбек,  Ілияс,  Мағжан,  Жүсіпбек,  Мұқтар,  Бе-
йімбет,  Қаныш,  Марғұлан  сынды  алыптар  шоғырын  түй-
дек-түйдегімен  берген.  Бұдан  да  басқа  ғылым  мен  өнерге, 
мәдениет  пен  білімнің  өркендеп  өсуіне  өлшеусіз  зор  үлес 
қосқан  тұлғалардың  өздері  мен  еңбегін  санамалап  тауыса 
алмайсыз.  Бір  ғажабы,  бұлардың  қай-қайсысы  да  халқына 
қалтқысыз  қызмет  ете  жүріп,  ұлт  рухын  асқақтатқан  рухы 
биік  жандар.  Сондағы  олардың  сүйенгені  мен  сиынғаны  – 
қазақ тілі мен тарихы, мәдениеті мен өнері болған.
Құдайберген  Жұбанов  –  осы  қатардағы  ерен  тұлғалар-
дың бірі.

51
Өз  өмірін  тұтастай  қазақтың  тілі  мен  мәдениетінің  өр-
лей  түсуіне  бағыштап,  небәрі  40-қа  енді  шыққан  шағында 
«халық жауы» атанып мерт болған тілшінің өзге еңбекте-
рін  өзге  жұрт  айта  жатар.  Менің  бұл  жолғы  мақсатым  –  
Қ.  Жұбановтың  қазақ  жазуының  емлесі  мен  терминоло- 
гиясына  қатысты  еңбектеріне  назар  аудару,  әсіресе,  тер-
минологияға байланысты ойлары мен пікірлеріне бойлау.
Бір  қарағанда,  оның  термин  туралы  жазған  еңбегі  ша-
малы  ғана.  Атап  айтқанда,  «О  специфике  слов-терминов»  
(1933  жыл),  «О  терминологии  казахского  литературного  
языка»  (1935),  «Принципы  терминологии  казахского  лите-
ратурного  языка,  принимаемые  Государственной  термино-
логической комиссией», «К пересмотру казахской орфогра-
фии» (1935) деп аталатын еңбектерін атауға болады.
Ғалым бұл еңбектерінде емле ережелерінің дұрыс түзіл-
меуінің салдарынан бірнеше жыл бойы қаншама терминнің 
сан түрлі үлгіде жазылып жүргеніне күйінеді. Сауатты жа-
зудың тірегіне айналудың орнына, анархияны үдетіп отыр-
ған бұл жағдайдың себеп, салдарын зерттеп, одан шығудың 
жолдарын  қарастырады,  ғылыми  термин  сөздерге  қойылар 
талаптың басты-басты шарттарын анықтап береді.
Термин  сөздің  тұңғыш  рет  ғылыми  анықтамасын  жа- 
сап, олардың лексиканың өзге қатпарларынан өзіндік ерек- 
шелігін қолға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп береді. Анық-
таманы сол тұпнұсқадағыдай түрінде ұсынамыз:
«Термином  называется  специфический  вид  определен-
ных  словесных  обозначений,  передающих  определенные  
понятия,  установленные  на  данном  этапе  развития  науки  
и  революционной  практики,  причем  передаваемые  терми- 
ном  терминологическое  понятие  может  не  совпадать  со  
словарным  значением,  которое  присуще  данной  словесной 
величине  в  обыденной  жизни»  (Жубанов  К.  Исследования 
по казахскому языку. Алматы, 1966, 273-б.).
Осыдан  аңғаратынымыздай,  термин  дегеніміз  белгілі  
бір кезеңнің сөз әлеміндегі ғылыми атаулық кейпі. Бұл ғы-
лыми ұғым осы сөздің лексикалық мәнімен сәйкес келмеуі 

52
де  мүмкін.  Атом,  психология,  яровизация  тәрізді  термин-
дерді мысалға ала отырып, Қ. Жұбанов бөлінбес ұғым деп 
жүрген бұл сөздер де қоғам дамуының кейінгі кезең саты-
ларында  әрі  қарай  бөлшектеніп,  жаңа  бір  мән  туындатып 
кеткенін әңгімелейді.
Қ. Жұбанов термин сөздердің эволюциялық даму ерек-
шелігін,  өзіндік  даму  заңдылықтарын  дұрыс  болжап  кет-
кен.  Мұндай  процесті  көптеген  терминдердің  де  жасалу,  
қалыптасу  тарихынан  аңғарамыз.  Терминжасамдағы  қате-
ліктің  ең  бастысы,  Жұбановша  айтқанда,  аударылмайтын 
сөздерді аударуға тырысудан, ал аудара қалғандай жағдайда 
терминнің  өзін  емес,  оның  лексикалық  мағынасын  ауда-
рудан  туындайтыны  рас.  Орыс  тіліндегі  лощадь,  корова, 
толстый, мелкий сөздерін қазақ тіліндегі ат, сиыр, жуан, 
жіңішке  сөздерімен  салғастыра  сөз  етіп,  ескермеуге  бол-
майтын қызықты тұстарға мән береді. Мәселен, бұл сөздер 
бір  қарағанда  бір-біріне  тепе-тең  балама  іспеттес  боп 
көрінгенмен,  белгілі  бір  кезеңнің  сұранысына  орай  олар 
ғылыми  ұғымға  ие  бола  алмаса,  терминге  қойылар  талап 
шартына  жауап  бере  қоймағаны.  Қараңыз,  шынында,  ло-
щадь дегенді қазақтар ат деп те, кейде жылқы деп те айта 
береді. Ал қазақтың атын орыстар кей жағдайда мерин деп, 
екінші  бір  тұста  конь  деуі  мүмкін.  Сонда  аударып  термин 
жасауға  мәжбүр  болып  отырған  маман  сөздердің  осы  тек-
тес  құбылысын  дәл  басып  саралай  қолданбаса,  шатасуы 
әбден мүмкін. Сол сияқты толстыйдың қазақта жуан (жуан  
сабақ), қалың (қалың қағаз) боп, мелкийдің – ұсақ (ұсақ тас-
тар),  тайыз  (тайыз  су  –  мелкая  вода)  болып  құбылатыны 
жөнінде жасалған талдамалар терминтану іліміне қосылған 
үлкен  үлес.  Мұны  ол  қалыптасқан  табиғи  заңдылық  қата-
рында сөз етеді. Оның ойынша, сөз дегеніңіз тек зат, нәрсе 
атауы ғана емес, сонымен бірге санаға сіңген, қалыптанған 
заттардың  да  атауы.  Қоғам  дамуының  ерекшелігіне  сәйкес 
бұл  танымдық  құбылыс  әр  халық  ұғымында  әр  алуан  қа-
лыптасуы ықтимал.
Қ.  Жұбанов  1930-35  жылдары  терминология  мәселе- 
сіне жиірек көңіл бөлген. Бұған негізгі себептің бірі жоға-

53
рыда айтылғандар болса, екіншіден, оның 1933 жылы Мем- 
лекеттік терминология комиссиясына төраға болуымен бай- 
ланысты.  Ол  жазу  мен  терминология  мәселесін  нақты  қа-
дағалап,  бір  орталықтан  басқарып,  ұйымдастырып  отыр-
майынша  нәтиже  болмайтынын  ерте  түсінген.  Сөйтіп  же- 
дел  түрде  Мемлекеттік  терминология  комиссиясын  ұйым-
дастырып  қана  қоймай,  онда  қаралған  мәселелерді  дер  ке-
зінде  жұртшылыққа  жеткізудің  жолдарын  қарастырып,  
«Бюллетень»  шығарды.  Ғалым  «Бюллетеннің»  шыққан  
4  санының  өзінде  қазақ  терминологиясының  басты  мәсе-
лелерін қозғап үлгерді. Сонымен бірге ғылымның әр сала- 
сында  бой  көрсетіп,  әрі-сәрі  қолданылып  жүрген  термин-
дердің  дені  (10  мыңдайын)  Мемтерминком  мәжілісінде 
талқыланып,  бекітіліп,  «Бюллетеньде»  жарияланды.  Бұл 
терминдер  кейін  қазақ  ғылымының  қалыптасуына  негіз  
болды деп айта аламыз.
Қазақ  терминологиясының  өзекті  мәселесінің  бірі  – 
оның  принциптерін  қалыптастыру.  Қ.  Жұбанов  өзі  қарап 
бекіткен  10  мыңнан  аса  терминдері  қандай  принциптерге 
сүйеніп жасады. Ол бұл мәселеге алдын ала үлкен әзірлік- 
пен келген. Бұл жөніндегі өзінің ойларын ол әуелі 1935 жы-
лы 20 мамырда Алматыда өткен мәдениет қайраткерлерінің 
бірінші құрылтайында баяндап береді. Ол съезде 11 принцип 
ұсынады.
Профессор Қ. Жұбанов ұсынған бұл принциптер съезде 
10 пунтке шақталып, негізінен қабылданды. Әрине, негізі- 
нен  ғылыми  тұрғыда  дәйектелген  бұл  қисындар  термин  
жасам  процесінде  зор  рөл  атқарғанын  айту  ләзім.  Біз  про-
фессордың осы жүйелеуінің арқасында ғылым тілін бір ізге 
салуға жол ашқандай болдық. 
Алайда  кезінде  қазақ  терминологиясын  жасау  ісінде 
орыс  тілі  үлесінің  ықпалы,  яғни  «орыстандыру»  саясаты-
ның әсері айрықша болғанын аса сауатты лингвист Қ. Жұ- 
банов  еңбектерінің  өзінен  байқамай  өте  алмайсыз.  Соның 
салқыны  мына  принциптерден  аңғарылады.  Қазақ  тілінің 
даму,  қалыптасу  заңдылықтары  мен  ерекшеліктерін  мей-

54
лінше  терең  білетін  тіл  білімпазының  өзі  ұлттық  терми- 
нологияны  ұлттық  негізде  жасауға  кесірін  тигізетін  ұста-
нымдарды  басшылыққа  алуға  мәжбүр  болған  сыңайлы. 
Әйтпесе,  интернационалдық  терминдер  мен  орыс  тілінде 
қалыптасқан үлгілерді олардың қазақ тілінде баламасының 
бар-жоқтығына  қарамастан  бұлжытпай  қапысыз  қабылдай 
берейік  деудің  қисынға  келе  бермейтінін  өмірдің  өзі 
дәлелдеді. 
1990-жылдардан  бері  терминдерді  ұлттық  негізге  қа-
рай икемдеу, ыңғайлау бағыты басымдық ала бастады. Бұл 
ретте қазақ баспасөзінің, журналист қаламгерлердің еңбегі 
зор. Күні бүгінге дейін ғылым тілінің 70-80 пайызын құрап 
келген интернационалдық терминдердің жап-жақсы қазақы 
нұсқасы жасалып отыр. Мұны кезінде кеңестік тәрбие өтің- 
кіреп кеткен кейбір әріптестер әлемдік өркениеттен алшақ-
тау, ұлттық сыңаржақтық деп түсіндіргісі келеді. Қалай де-
генде  де  терминдерді  «қазақшаландыру»  үрдісі  жұртшы-
лық  сұранысы  тұрғысынан  кең  қолдау  табуда.  Шынында, 
бұл  кісі  шошырлық  үрдіс  емес.  Қайта  ес  жиып,  есейген 
ұлттың әлемдік өркениетке нендей өзіндігімізбен барамыз, 
соған еркін апаруға өз тіліміздің қауқары жете ме деген са-
налы толғанысынан туындайтын заңды әрекет бұл. Мұндай 
әрекет қашан да қоғам мен тіл арасындағы өзара байланы-
стан, өзгеріс-өрістер барысынан пайда болады.
Қараңыз, бір кезде программа (бағдарлама), устав (жар-
ғы), совет (кеңес), презентация (тұсаукесер), коррупция (сы-
байлас жемқорлық),  гонорар  (қаламақы),  бартер  (баспа-
бас),  юбилей  (мерейтой),  заказ  (тапсырыс),  самолет 
(ұшақ),  вертолет  (тікұшақ),  церемония  (рәсім),  атмос-
фера  (ахуал),  договоренность  (уағдаластық),  оптималь-
ный  (оңтайлы)  т.т.  қазақша  баламасын  ойластыру  түгілі 
«пәледен  машайық  қашыпты»  деген  сақтық  жетегінде 
жүрдік емес пе?
Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы көптің көңілін күпті етіп 
келді  де,  тәуелсіздік  таңы  атысымен  өзінің  бар  аумағымен 
күн  тәртібіне  қайта  көтерілді.  Терминология  мәселесі  тұң- 

55
ғыш  рет  докторлық  диссертация  тақырыбына  айналып,  
оның  көптеген  көмескі  мәселелері  ғылыми  сарапқа  түсті. 
Содан  бері  қазір  бұл  сала  4-5  докторлық  диссертация  ау- 
қымында қаралды. Ондаған кандидаттык жұмыстар терми-
нологияның  сан  саласын  зертеу  объектісіне  айналдыруда. 
Сөйтіп,  ғылымның  қазақ  терминологиясы  дейтін  жаңа  са-
ласы  қалыптаса  бастады.  Қазақ  терминологиясының  жаңа 
үрдісі өмірге жолдама алды.
Тілші  ғалымдардың  жоба  есебі  бойынша  (Ә.  Қайдар), 
қазақ  тілінде  70  мыңнан  аса  терминологиялық  бірлік  бар. 
Соның  70-80  пайызы  әлі  күнге  терминдік  сұрыпталудан 
өткен емес. Яғни бұлардың бәрі терминделу процесін бас-
тан  кешіруі  тиіс.  Ол  мемлекеттік  тіл  мәртебесі  үшін,  әсі-
ресе,  оның  негізгі  тармақтарының  бірі  –  ғылым  тілінің  
қанат  жаюы  үшін  аса  қажет  шара.  Бұл  көл-көсір  жұмыс. 
Қазіргі  қарастырылып  жүрген  терминдер  теңіз  астында 
жатқан  алып  мұздың  аздаған  үстіңгі  жағы  ғана.  Оның  өзі 
де  көңілден  шығып  жатқан  жоқ.  Бұлай  болуының  себебі 
неде? Не істеу керек сонда? Мұның бірінші себебі мен мұн-
далап  тұр.  Яғни,  терминология  мәселесіне  мемлекеттік 
көзқарастың орнықпауынан, қажетті қамқорлықтың жоқты-
ғынан.  Екіншіден,  әлгіндей  немқұрайдылық  салдарынан  
арнайы  дайындықтан  өткен  мамандардың  жоқтығы.  Үшін-
шіден,  әлі  күнге  қажетті  мамандарды  дайындамай  оты- 
руымыз.
Егер  бұдан  ары  да  маман  даярлау  ісі  дәл  осылай  сөз-
бұйдаға салына беретін болса, қазақ тілінің терминология-
сын  жуық  арада  жөнге  саламыз  деу  асылық.  Өзін  ел  етіп 
ұстап  отырған  мемлекеттің  қай-қайсысында  да  осы  іспен 
шұғылданатын  арнайы  мемлекеттік  мекемелері  бар.  Мә- 
селен,  Ресейде  ғылыми-техникалық  терминология  Коми-
тетінің жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасырдан асты. 
Мына тұрған іргелес көршілер Қытай, Моңғолия, Украина, 
Балтық  бойындағы  тәуелсіз  мемлекеттер  т.т.  бұл  шаруаны 
үнемі назарында ұстайды.
Әрине,  тілді  жұмсай  білу,  сөзден  сөз  жасап  шығару 
кез  келгеннің  қолынан  келе  бермесі  мәлім.  Ол  үшін  тер-

56
минологиялық  лексика  мен  ұғымдар  жүйесінің  ерекшелік-
терін  дөп  басып  тани  білетін  қабілетті  маман  керек,  бар 
маманға жағдай керек. Осыдан барып мынадай мәселе туын-
дайды. Соның бірі – осы күнге дейін халықаралық термин- 
дер жүйесін үш тілге аударудың принциптерінің, ережесінің 
жасалмай  келуі,  оларды  жазу,  қабылдау  тәртібінің  белгі-
ленбеуі.  Көп  кесірін  тигізіп  жүрген  мәселе  осы.  Сонымен 
бірге  термин  шаруашылығын  ғылыми  тұрғыда  жүйелеп,  
оның  мәселелерін  түбегейлі  қарастыру  қажет  екенін  ма- 
құлдайтын болсақ, бұл жұмысты бір орталыққа шоғырлан-
дыру  қажет.  Және  бұған  мемлекеттік  тұрғыдан  қамқорлық 
жасалып  отырмаса  болмайды.  Бұл  шаруа  тек  науқандық 
шараға  ғана  айналып  кетсе,  ең  қиыны  сол.  Қаншама  сөз-
діктер  шығып,  олар  жұртшылық  қолына  тиіп  жатыр.  Ал 
оларды  ғылым  сарабынан  өткізіп,  қазақтың  ғылым  тілін 
қалыптастыруда  септігі  қай  дәрежеде  дегенді  анықтайтын, 
саралайтын  кім?  Әлгі  біз  ұсынып  отырған  Орталық  осын-
дай шаруамен айналысуы тиіс. Бірақ мұндай жұмыс ешбір 
көмек,  қолдаусыз  жүріп  кете  қоймайды.  Тағы  да  қайталап 
айтамыз, оған маман керек, маманға жұмыс істеткізу үшін 
жағдайын жасау қажет.
Әрбір  бас  қосудың  нәтижесі  болып  жатқаны  қандай 
жақсы.  Мына  бүгінгі  жиынның  да  нәтижесі  болғай  деп 
тілей отырып, жоғарыдағы айтылған ойларымды ұсынысқа 
ұластырмақпын.
Қазақ  тілінің  ғылымдағы  орны,  ғылым  тілін  қалып-
тастырудың кезек күттірмейтін мәселелері туралы ой қозғап 
жүргенімізге бірнеше жыл болды. Мұның бәрі мемлекеттік 
тіліміздің  мәртебесін  орнықтыру  амалдары  ғой.  Осы  игі 
мақсатымызға  жақында  жеткендей  болдық.  Ұлттық  Ғы- 
лым  академиясы  мен  Ғылым  және  жоғары  білім  министр-
лігі дейтін мекеме бар екенін білесіздер. Ғылым тілі осында 
қанат  жаймағанда,  қайда  барып  баян  таппақ.  Мемлекеттік 
тілдің де өріс алар жерінің бірде болса бірегейі осы. Атал-
мыш  министрліктің  басшысы  В.С.  Школьник  біздің  кө- 
терген  мәселеміздің  қаншалықты  маңызы  барлығын  түсі-

57
ніп, қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде кеше ғана А. Бай-
тұрсынұлы  атындағы  Тіл  білімі  институтының  жанынан 
бұрынғы  бөлім  негізінде  Ғылыми  терминологиялық  Орта-
лық  құрылды.  Әу  баста  біз  дәріптейтіндей  болмағанмен, 
жылдар бойы қатып, қалыңдаған тоңның қабаты жібігендей 
болып отыр.
Ендігі  әңгіме  осы  Орталықтың  жұмысын  жолға  қою 
жөнінде.  Ол  ондаған  мәселеге  тәуелді.  Ең  алдымен  айта- 
рым: негізгі міндет, лажы болса қазақ терминологиясының 
дамуы мен қалыптасуына септігі тиер жұмыстарды ғылыми 
тұрғыда  зерделеп,  оның  әрі  теориялық,  әрі  практикалық 
мәселелерін  қалыптастыру;  бұрынғы  және  қазір  жасалған 
терминдерді  реттеп,  жүйеге  түсіріп,  қалыптандыру;  бар- 
лық  ғылым  салалары  бойынша  ертелі-кеш  жарық  көрген 
терминологиялық  сөздіктерді  қамти,  саралай  отырып,  ғы-
лыми  жұртшылықтың  сұранысына  жарарлық  терминоло-
гиялық  сөздік  серияларын  баспаға  дайындау;  Қазақстан 
Республикасындағы  терминологиялық  жұмыстарды  үйлес-
тіріп отыру және аспирантура, кандидаттық ізденістер шең-
берін  ұлғайту  арқылы  ұлттық  терминология  мәселесімен 
шұғылдана алатын сауатты мамандар әзірлеу.
Бұл тіпті де оңай шаруа емес. Ол үшін аталмыш Орта-
лықтың  барлық  мұқтаждығы  қамтамасыз  етілуі  керек.  Ең  
алдымен,  қаржы  жайы  алаңдата  береді.  Біздің  министрлік 
қал-қадарынша  жәрдем  қолын  созғанмен,  мәселеге  түбе-
гейлі қамқорлық жасар халде емес.
Термин  мәселесін  қажетсінбейтін  мекеме  жоқ.  Бүгінгі 
мәслихатты  өткізуге  мұрындық  болып  отырған  ҚР  Мә-
дениет,  ақпарат  және  қоғамдық  келісім  министрлігінің  де  
бұл мәселеге тікелей қатысы бар. Егер өзара үйлестіре жұ-
мыс  істейтін  болсақ,  екі  министрліктің  де  терминологияға 
байланысты мұқтаждығы өтеліп қана қоймай, ғылым тілін 
өрістете түсуге мүмкіндік ашылар еді. Осындай мақсатпен  
біз  Тілдерді  дамыту  департаментіне  өтініш  қағаз  түсір-
генімізге біраз болды. 
Біз,  қазір  жоғарыда  еске  салғанымыздай,  бірнеше  сөз-
дік  дайындаудамыз.  Бітуге  таяуы,  жалғасып  жатқаны  бар. 

58
Тіптен  Тіл  департаментімен  осындай  жұмыстар  жөнінде 
шартқа тұруға да бармыз. Ал тапсырыс беретіндей жағдай 
болса, оған да барғалы отырмыз.
Әйтеуір,  ортақ  істі  оңашаға  тарта  бермей,  осылайша 
қауымдасып,  қолға  алатын  жерде  нәтиже  басқаша  болары 
даусыз.
Биыл халық бірлігі мен ұрпақ сабақтастығы жылы. Біз 
елі үшін еселеп еңбек еткен кешегі зиялыларымыз – А. Бай- 
тұрсынұлы,  X.  Досмұхамедұлыы,  Қ.  Жұбановтардың  ғы- 
лымдағы  жолын  жалғастырушыларымыз.  Ұрпақ  сабақтас-
тығының бір түрі осы болса керек. Сонау бодандылық кез-
дің  өзінде  ана  тілін  аялай  тұтынып,  атамекенін  асқақтата 
білген ұстаздардың бүгінгі ұрпақтары тәуелсіздігіміздің бір 
тірегі – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктете түспесе, 
төмендетпес дегем сеніммен сөзімді түйіндемекпін!
термИНОлОГИЯ меН ауДарма ғылымыН 
қалыПтаСтыруДағы қ. ЖұбаНОВтыҢ рөлі
Жалпы  тіл  атаулының  қоғам  өмірінде  атқаруға  тиісті 
басты  қызметтерінің  бірі  –  оның  ғылым  тіліне  айналуы 
деп есептесек, бұл қасиет те белгілі бір даму сатысына тән 
құбылыс  екенін  мойындау  керек.  Қазақ  тілінің  даму  та-
рихына үңілгенде де біз осындай жайды аңғарамыз. 
Тілдің  ғылымға  қызмет  етерлік  қабілеті  болу  үшін,  тіл 
иесі сол халық ғылымның сан тармағын дамытуға тиіс. Ал 
ғылымды  дамытамын  деген  ел,  ең  алдымен,  оның  неше 
алуан  ұғымын,  түсініктерін  нақты  өрнектейтін  арнайы 
лексикасын  жасайды.  Әрине,  бұл  аспаннан  түскен,  не  жер 
астынан алынған нәрсе емес, әрбір тілдің өз мүмкіндігінен 
туындап жататын заңды құбылыс. Бұл арнайы лексика деп 
отырғанымыз  –  тілдің  терминологиялық  жүйесі.  Әрбір  тіл 
өз терминологиялық жүйесін жасау мен қалыптастыруда әр 
алуан кезеңдерді бастан өткізеді. Қазақ тілі де солай.
Сөйтіп,  қазақ  тілінің  терминологиялық  жүйесін  сөз  ет- 
кенде,  біз  осы  проблеманың  тууына,  жасалуына,  қалыпта-

59
суына  тікелей  қатысы  болған,  бастауында  тұрған,  негізін 
салған  екі  алыпты  ең  алдымен  еске  алуға  міндеттіміз.  Бі-
ріншісі – Ахмет Байтұрсынұлы да, екіншісі – Құдайберген 
Жұбанов.
А.  Байтұрсынұлы  қазақ  тілі  мен  әдебиеті  терминдерін 
жасап  қалыптастырушы  болса,  іле-шала  бұның  ғылыми 
мәселелерін  сөз  етіп,  оны  ғылым  объектісіне  айналдырған 
Қ. Жұбанов деп айтуға болады. Ендігі әңгіме осы тұлға жа-
йында.
Тілі  тынысын  жіті  бақылап,  оның  сан  сапасын  сара- 
лауға және өз байқауларын өзгеше шабытпен сауатты жа-
зуға  келгенде  Қ.  Жұбановтан  (1899-1938)  асқан  тілшіні 
таба қою қиынға соғады. Өзінің бүкіл білік-білімін ол, ең 
алдымен,  туған  халқын  сауаттандыру  жолына  жұмсады. 
Алфавит,  орфография,  терминология  мәселесін  қалыпқа 
түсірмей,  ешбір  халық  сауатты  бола  алмайтынын  түсін-
ген  профессор  өзінің  күш-жігерін  осы  салаға  да  жұм-
саған.  Аталған  бұл  үш  проблеманы  біріне-бірін  байла- 
ныстыра,  бірінен-бірін  туғыза  аумағын  қарастыру  ол 
кезде кез келген адамның қолынан келе алмастығы түсі- 
нікті болар. Мұндай шаруаны заманының ғылым-білімін 
терең меңгерген Қ. Жұбанов сияқты зерек мамандар ғана 
қозғай алар еді. Біздің бұл жолғы мақсатымыз ғалымның 
қазақ  терминологиясын  қалыптастырудағы  рөлін  және 
аударма  туралы  ойларын  айқындау  болып  отыр.  Осыған 
орай  оның  «Термин  сөздердің  спецификасы»  («О  спе-
цифике  слов-терминов»),  «Қазақ  әдебиет  терминдері  ту- 
ралы» («Термины казахского литературного языка»), «Қа- 
зақ  әдебиет  тілі  терминологиясының  принциптері» 
(«Принципы  терминологии  казахского  литературного 
языка»)  және  «Этюды  к  переводу  трех  стилей»  деп  ата-
латын  зерттеулеріне  айрықша  назар  аударамыз.  Термин 
жайында жазылған мақалалардың алғашқы екеуі 1935 жылы 
Мемлекеттік  терминология  комиссиясының  «Бюллетенін-
де»  жарияланған.  Ал  терминология  принциптерін  сөз  ете- 
тін  үшінші  еңбек  1936  жылы  шыққан  «Терминология  сөз-
дігінің» алғы сөзі ретінде берілген, кейін бұлардың барлы-

60
ғы  ғалымның  1966  жылы  жарияланған  «Қазақ  тілі  жөнін-
дегі зерттеулеріне» енді. 
Қ. Жұбанов терминология мәселесін «К пересмотру ка- 
захской  орфографии»  және  «Проект  и  изменений  орфо-
графии  и  алфавита»  деген  мақалаларында  да  қозғайды. 
Бұдан  біз  профессордың  бұл  мәселені  ылғи  өзінің  наза-
рында  ұстағанын  байқаймыз.  Соның  нәтижесінде  кейінгі 
ізденушілерге  пайдасы  тиер  бағыт-бағдар  сілтеп  отырған. 
Алдымен  айтар  бір  шындық,  еңбектердің  қай-қайсысы  да  
болашақ  ғылыми  ізденістерге  үлгі  боларлық  дәрежеде  жа-
зылғандығы. 
Мәселен,  «Термин  сөздердің  спецификасы»  деп  атала-
тын мақаласында ол қазақ тіл білімінің тарихында тұңғыш 
рет  термин  дегеніміз  не  екенін,  оны  қалай  түсініп,  қалай  
іске жарату туралы сөз қозғайды, өз анықтамасын ұсынады. 
Сөз бен терминнің аражігін айырып түсіну қабілеті әлі 
айқындала  алмай  жатқан,  сол  бір  сауат  ашу  кезеңінде  бұл 
мақаласының айрықша әсері болғанын сезіну қиын болмас. 
Мәдени революция кезіндегі әр алуан пікірталастар мен 
тартыстар,  көзқарастар  негізіне  қарағанда,  сан  түрлі  жол-
дармен  қилы-қилы  пішінде  жасалып  жатқан  лексиканың  
бұл  тармағын  елдің  бәрі  бірдей  түсініп,  дұрыс  қабылдай 
қоймаған.  Жаңа  өмірдің  тілек-талабына  орай  ғылым  мен 
техниканың сан саласы бойынша толассыз еніп жатқан тер-
миндер  тасқынын  тоқтату  қандай  мүмкін  болмаса,  оларды 
бірден сол қалпында қабылдап, халық қолданысына енгізе 
қою  да  оңайға  түспеген.  Тіл  дамуында  етек  алған  бұл 
құбылысты  ешқандай  қараусыз,  қадағалаусыз  қалдыруға 
болмайтынын  бірден  аңғарған  ғұлама  бұл  процесті  бүкіл 
аумағымен  алып,  оның  даму  арналары  мен  көздерін  түгел 
көрсетеді. Әлгіндей көзқарастар мен таным аласапыранын- 
да  бұл  мәселені  аса  біліктілікпен  талдап,  ол  жөніндегі 
түсінік қандай болу керек дегенді ол кезде Қ. Жұбанов қана 
айта  алды.  Ол  осы  сала  бойынша  ізденушілердің,  пікір 
қозғайтындардың  ғылыми  тұрғыда  қандай  бағыт  ұстануы 
қажет  екенін  танытар  ой  өрбітті.  Өйткені  адамның  ақыл-
пайымына сыйымды іс-әрекеттің сан саласын айрықша да- 

61
мыта  түскен  жаңа  қоғам  жұртшылықтың  білуге  деген 
құштарлығын арттырған ғалымдар тарапынан елеусіз қалуы 
мүмкін емес-тін. Жаңа ұйым, жаңа түсінік қазақ тілінің сөз- 
дік  құрамын  айрықша  қозғалысқа  салып,  осы  заман  іс-
әрекетіне лайықты шапшаң қарқын берді. Сан ғасыр сүрле-
ніп,  сандық  түбінде  жатқан  талай  қазақ  сөзі  қайта  жаңғы-
рып,  жаңа  сапаға  көшті.  Сөйтіп  қоғам  дамуындағы  заңды 
құбылыстар нәтижесі ретінде пайда болған лексикамыздың 
мүлде жаңа қабаты – термин сөздер табиғатын Қ. Жұбанов 
сынды ғұламаның түсіндіріп беруі ғылыми ой-пікірдегі бір 
адым ілгері басқандық болатын. 
Шынында, әуелі термин дегенді анықтап алмай тұрып, 
оның  ғылыми  мәселелерін  қарастыру  мүмкін  емес  қой.  
Қ.  Жұбановтың  алдымен  анықтама  берудегі  көздеген  мақ-
саты осы болатын. 
Терминнің  анықтамасы  берілгеннен  кейін,  термин  жа- 
сау жөнінде белгілі дәрежеде жүйе бола бастайды. Неге де-
сеңіз, терминология технологиясын жолға салып, бақылап, 
тіпті басқарып отыруға мүмкіндік туды. Бұл мақаланың ең 
басты  маңызы  осында.  Мақалада  тағы  бір  құнды  пікір  – 
термин  аудару  мәселесіне  байланысты  ойлар  деп  білеміз. 
Ол  ортақшыл  (коммунист),  пішіндеме  (геометрия),  жан 
жүйесі (психология) т.т. сөздердің қазақылығын сынға ала  
отырып, ол жалпыға ортақ халықаралық терминдерді екін-
ші  тілге  аударып  әуре  болудың  қажеті  жоқ  деп  түйеді; 
мұндағы қателіктердің көбі аударылмайтын дүниені аудару-
дан, жалпыға ортақ сөздерді қазақшалаудан жатады дегенді 
мегзейді  және  мұндағы  қателіктің  негізгі  себебі  терминді 
емес,  терминге  телінген  лексикалық  мағынаны  аударудан 
болып жататынын түсіндіреді. Дәл осыған ұқсас әрекеттен 
біз күні бүгінге дейін арыла алмай келе жатқандығымызды 
ойласақ,  Қ  .Жұбановтың  бұл  пікірінің  өміршеңдігін  аң-
ғарамыз. 
Жалпы  терминдерді  қазақша  тұрақтандыруды  мақсат 
еткен  жақсы  ниетті  қолдай  отырып,  біз  мынадай  жайды 
еске  сала  кеткіміз  келеді.  Әлемге  ортақ,  тілімізге  сіңген 
халықаралық  терминдерді  де  түгел  аударуды  талап  ететін 

62
қаламгерлер  қазір  де  баршылық.  Ондайлар  пікіріне  осы 
мақала толық жауап береді. 
Профессордың  қазақ  терминдерін  жасауға  тірек-негіз 
болған нәрсе не екенін әңгімелейтін тұстары аса маңызды. 
Ол  екі  нәрсенің  басын  ашып  айтады.  Оның  бірі  –  көп 
ұлтты  кеңес  елінің  бәріне  ортақ  халықаралық  сипат  алған 
терминдерді сол қалпында қабылдау болса, екіншісі – қазақ 
тілінің  өз  ішкі  мүмкіндігі  арқылы  жасалған  терминдерді 
дұрыс қолдану. Ол термин жасалу үрдісінде осы екі прин-
циптің қатаң сақталуын талап етеді. Әртүрлі ағым, түсінік 
өрши-өрбіген  30-шы  жылдардың  басында  мұндай  кесімді 
пікір  айту  батылдықпен  барабар  болатын.  Әсіресе,  грам-
матиканы  «тіл  танытқыш»,  теорияны  «қисын»,  базисті 
«түптірек», варваризмді «қотырсөз», стилистиканы «тіл қи- 
сыны», циркульді «жезбе» деп алып, лексиканы «сөз кенін 
тексеру  ғылымына»  айналдырушылар  қарасы  көбейіп  тұр-
ған  тұста  туған  мұндай  батылдыққа  тәнті  болмай  тұра  ал-
маймыз.  Әңгіме  дәлелсіз,  дәмсіз  айқайға  құрылған  құр 
батылдықта емес, ғылыми негізді тірек еткен дәйекті ойдың 
озықтығында еді. 
Қ.  Жұбанов  осы  ойын  «Қазақ  әдебиеті  тілі  терминдері 
туралы»  деген  мақаласында  тереңдете  түседі.  Ол  мәдени 
құрылыс  қайраткерлерінің  Бүкілқазақстандық  бірінші 
съезіне  дайындық  есебінде  мемлекеттік  терминология  ко-
миссиясының мәжілісін өткізіп, 10 мыңдай терминді талқы-
ға  салды.  Талқыға  түсіп,  «Бюллетеньде»  жарияланған  бұл 
терминдер қандай принцип негізінде жасалғанын баяндай-
ды. Ол ұсынған принциптің бірінші пункті бойынша рево-
люция, совет, теория, практика, медицина, т.б. терминдер 
аударылмай  алынуға  тиіс  болатын;  екіншіден,  производ- 
ство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умно-
жение  тәрізді  аударуға  келетін  терминдердің  қазақ  тілінде 
баламасы  болмаса,  не  аудармасы  түсініксіздеу  болып  кел-
се, онда сословие, состав, клетка, слет тәрізді сөздер сол 
күйінде алынды. 
Сондай-ақ, әрқилы ғылым саласында бір мағынада қол-
данылатын  түбір,  форма,  материя,  морфология,  реакция, 

63
экскурсия  тәрізді  терминдерді  бірегейлетіп  алу,  халықара-
лық  терминдерді  (пролетариат,  pyreltarijt  емес)  орысша 
қалыптасқан  түрінде  қабылдау  және  -изация,  -ификация, 
-ациялармен келетін машинизация, электрификация тәрізді 
сөздерді  машина  +  ландыру,  электр  +  лендіру  деп,  -ист, 
-изм және ре-, син-, де-, суб-, анти-, контр- сияқты сөзалды 
қосымшаларымен келетін терминдерді сол қалпында енгізу, 
авто-,  аэро-,  авиа-  формаларымен  келетін  сөздерді  авто-
жол,  аэрошана,  авиақатынас  деп  қазақша  сөздерді  қосып 
жазу сияқты сан алуан ұсыныстарын он бір пунктке шақтап 
береді. Іле-шала бұл ұсынылған принциптер мәдениет қыз-
меткерлерінің съезінде он пункт болып мақұлданды. 
Міне, осыдан былай қарай қазақ жазуында сәл де бол-
са жүйелілік пен сауаттылық негізі қалана бастады. Себебі 
бұл  принциптер  Қ.  Жұбановтың  ойдан  шығарған  туын- 
дысы емес, қазақ терминдерін жасауға себеп болған негіз-
дерден құралған заңды жалғастық болатын. Сөйтіп термин-
жасам принципінде ұстанатын негіз қаланды, халықаралық 
терминдер  мен  өздік  терминдерді  іске  жаратудың,  дұрыс 
жазудың  бірыңғай  жүйесі  жасалды.  Термин  сөздерге  жал-
ғануға  тиісті  қосымшаларды,  әсіресе  орыс  тілінен  енген 
қосымшаларды  қолданудың  тәртібі  қалыптасты.  Мұны  са- 
уаттылық  қарекетімізді  өзгеше  сапаға  көтерген  саналы 
әрекеттің бірі ретінде бағалауға тиіспіз. 
Қ. Жұбанов терминология мәселесін қарастыруда жоға-
рыда  сөз  болған  бірер  мақаламен  ғана  шектеліп  қалмаған. 
Қазақ  тілінің  қандай  да  бір  проблемасын  сөз  етпесін,  ол 
әрдайым терминология мәселесін назарында ұстайды. Әсі- 
ресе  алфавит  пен  орфография  мәселесін  тексергенде,  пі-
кіріне термин сөздер табиғатын тірек етіп, бұларды байла-
ныстыра  біріне-бірін  ұштастыра  қарайды.  Мәселен,  оның 
жоғарыда көрсетілген орфография мәселесіне арналған екі 
мақаласының  екеуі  де  терминологияға  тікелей  қатысты.  
Мұнда ол латын жазуына негізделген қазақ емлесінің кем-
шілігіне  байланысты  аяқ  алып  жүруге  болмайтын  қате- 
лерге талдау жасайды. Әсіресе, орыс және интернационал-
дық терминдерді жазу барысында бой көрсеткен былықтар-

64
дың сан түрін көрсетеді. Paпetijke, revolutsija, gymija тәрізді 
терминдердің  жазылуындағы  өрескелдіктерді  талдай  келе, 
бұлардың  өріс  алу  себептерін  іздестірді.  Оның  себебін  та-
бады  да.  Сөйтіп  одан  құтылудың,  оны  болдырмаудың  жо-
лын  қарастырады.  Мұндай  кемшіліктің  негізгі  себебін  ол 
қазақ  орфографиясында  кейбір  қажетті  әріптердің  болма-
уынан  деп  табады.  Атап  айтқанда,  әлгіндей  сөздерді  то-
лық  пішінде  таңбалау  үшін  «ф»  мен  «х»  әрпінің  жетіспей 
тұрғанын анықтайды. Осындай әріптерді енгізу арқылы ғана 
сорақылықтардан арылуға болады дегенді айтады. Сонымен 
бірге  оның  «у»  дыбысының  қосарлы  таңбасы  жайындағы 
пікірі  де  жұртшылықты  толғандырғаны  мәлім.  Бірақ  өкі-
нішке  қарай,  ғалымның  бұл  әріптер  жөніндегі  ұсынысы 
дер  кезінде  қолдау  таба  алған  жоқ.  Тек,  бірнеше  жылдар- 
дан  кейін  ғана  тіл  мен  жазудың  даму  сатысының  өзі  бұл 
пікірдің дұрыстығын дәлелдеп шықты. Сөйтіп, бұл әріптер 
қазір  қазақ  алфавитінің  толық  мүшесі  ретінде  қатар  түзіп, 
термин қалыптастыру ісінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. 
Аталған  еңбектердегі  өрбітілген  ойлар  мен  қағидаға 
бергісіз  пиғылдар  Қ.  Жұбановтың  тілдің  табиғи  тыныс-
тіршілігін,  өріс-өзегін  мейлінше  терең  сезінген  дарынды  
лингвист, білгір терминолог ғалым екенін дәлелдейді. Мұ- 
ның  құндылығының  тағы  бір  себебі  терминология  мәсе-
лесінің  ғылыми  тұрғыда  тұңғыш  сөз  болуында.  Осыдан 
былай қарай қазақ терминологиясы, үздік-создық болса да, 
ғылыми  зерттеу  объектісіне  айналды  деп  толық  айта  ала-
мыз. Соның бастауында тұрған Қ. Жұбановтың терминоло-
гия саласындағы бұл еңбектерін қарастыру арқылы біз қа- 
зақ тілінің терминологиялық жүйесінің жасалу, даму, қалып-
тасу  іздерін,  жолдарын,  тарихын  дұрыс  түсініп,  дұрыс  ба-
ғалай білеміз деп түюге болады. 
Қ. Жұбанов терминология мәселесінің ғылыми пробле- 
маларын  қарастырумен  бірге,  термин  жасау  ісімен  де  шұ- 
ғылданған. Дара етістік, қаратпа, қыстырма, біріккен сөз, 
біріккен түбір, жетек сөз, түп мүше, жамау мүше, тұйық-
ша, сүйеншек есімше, қосалқы сөз, қиюлы сөз, жалғауыш т.т.  
осыған  дәлел.  1937  жылғы  «Жаңа  грамматиканың  жаңа-

65
лықтары жайында» деген еңбегінде бұрын жасалған термин-
дерді  нақтылай  түсу  бағытында  біраз  әрекеттер  жасап  кө-
реді.  Анықтауыш  пен  толықтауышты  басқаша  түсіндірігісі 
келеді. Үстеуді жұрнақ орнына, жалғауышты жалғау орны-
на  қолдануды  ұсынады.  Алайда  ғалымның  терминжасам 
процесіндегі  әлгіндей  ұсыныстарының  көбі  ұтымды  бола 
қойған жоқ. Оның рөлі термин жасауда емес, осы саланың сан 
қилы мәселелерін ғылыми тұрғыда қарастырып, тіл заңды-
лығынан туындайтын тұжырымды пікір өрбіте білуінде еді. 
Ол  өзінің  ойлы  да  ұтымды  ізденістерімен  терминология- 
ның  лингвистика  ғылымының  үлкен  бір  саласы  ретінде  
дамып, өріс алуына ықпал жасаған дарынды терминолог. 
Қ. Жұбановтың ғылыми жұртшылық назарынан тыс қа-
лып келе жатқан екінші бір қыры оның аудармашылық өне-
рі  мен  аударма  жайындағы  ой-пікірінен  көрінеді.  Ол  бұл 
саламен табиғи мұқтаждық арқасында айналысты. Тілдерді 
салыстыра  қарастыру  арқылы  бір  тілден  екінші  тілге  ау-
даруда  оның  асқан  таланты  байқалады.  Құрылымы  бөлек 
тілдердің семантикалық айшықтарын бірінен екіншісіне ау-
даруда  өзінің  айрықша  қабілетін  танытады.  Жоғарыда  сөз 
болған «Бюллетеньде» жарияланған мақалалары ұдайы екі 
тілде жазылған. Осының өзінен-ақ оның аудару шеберлігін 
байқауға болады. Екі тілді бірдей жетік меңгерген ол ойла-
рын еш қиналмай екі тілде еркін жазады. 
Ғалым  аударма  практикасымен  ертеден-ақ  шұғылдана 
бастаған  сияқты.  Оның  алғашқы  аудармасы  есебінде  
К.К. Юдахиннің 1929 жылы Қызылордада өткен қазақ тілі 
бойынша ғылыми-орфографиялық конференцияда сөйлеген 
сөзін  айтуға  болады.  Дегенмен  Қ.  Жұбановтың  аударма  
проблемасымен  арнайы  шұғылданбағанын,  қайта  жұмыс 
ретіне  қарай  жол-жөнекей  айналысып  отырғанын  ескеру  
керек. 
Әйтсе де Қ. Жұбановтың аудармашылық қызметін бел-
гілі  әдебиет  маманы,  профессор  Б.  Шалабаев  былай  деп 
әңгімелейді.  Ол  30-шы  жылдары  В.Г.  Короленконың  «Без 
языка»  деген  повесін  аударады.  Оны  баспагерлер  ұнатпай, 
аудармашыға қайтарады. Мұны білген профессор баспамен 

66
өзі байланыс жасап, аударманы әдеби өңдеуді өз міндетіне 
алатын болып келіседі. Сөйтіп аударманы түгел қайта өңдеп, 
«Тілсіз» деген атпен баспадан шығартады. 
Аудару  процесінде  Қ.  Жұбановтың  тілдердің  ұлттық 
табиғатына  қатты  мән  бергені  байқалады.  Оның  тікелей 
аудармаға  қатысы  жоқ  ізденістерінің  өзінде  де  сөйлем  құ-
рау  мәселесінде  ылғи  да  өзге  тіл  бітімдерімен  салғастыра 
қарап  отырғаны  қызық.  Әсіресе  оның  қазақ  тіліндегі  сөз 
тіркесімділігі жайында жасаған талдауы көңіл аударарлық. 
Әдетте  қазақ  тілі  аглюнитативті  тілдер  қатарына  жата- 
тындықтан,  ондағы  сөзжасам  түрлері  жалғаулар  көмегі- 
мен  жасалады  дейтін  ұғым  қалыптасқан  ғой.  Қ.  Жұба-
нов  «Жалғамалы  тілдер  тек  жалғамалылықпен  ғана  шек-
телмейді» деп керісінше түйін жасайды. Оның ойынша, бұл  
мәселеде қазақ тілінің сөз тіркесімділігі айрықша рөл атқа-
рады. Осының мысалы ретінде 15 сөзден тұратын сөйлемді 
талдап  көрсетуі  дәлелді.  Сен  көрген  қымбат  алпауыттан 
да  қызылқұрт  Ертай  ұстаның  Темірбайдан  алған  торы 
бесті аты  жақсы. Осындағы 15 сөздің үшеуінде ғана сөз 
тудырғыш  қосымша  бар  да,  қалған  12-сі  түбір  сөз  болып 
келеді. Сөйлемдегі сөздердің орнын ауыстыра отырып, түрлі 
тіркесім  жасауға  болатынын,  сол  арқылы  жаңа  мағыналық 
өзгерістер туғызылатынын тәптіштеп талдайды.
Қ.  Жұбанов  келесі  бір  тұста  түпнұсқаны  қазақ  тіліне 
дәл берудің жолдарын сөз етеді. Сондағы тіліне тиек ететіні  
колхоз  қозғалысына  байланысты  ресми  материалдық  ау-
дармасы. 30-ншы жылдарда пайда болған бұл материалдың  
басы мен аяғы жоқ. Түпнұсқа да, оның аудармасы да қолы-
мызға  түспеді.  Алайда  ғалымның  бұл  жөніндегі  сауатты  
талдаулары назар аударарлық. Ол аударманың басты кемші-
лігі  шамадан  тыс  дәлме-дәлдігінде  деп  түйеді.  Оның  тал-
дамасына  қарағанда  аудармашы  жеке  сөздер  мен  мәнін 
жеткізе  алмаған,  қайсыбір  сөздерді  дұрыс  қолданбаған. 
Сондай-ақ  тілдердегі  сөздер  мағынасы  бір-біріне  сәйкес 
келе  бермейтінін  аудармашылар  үнемі  ескеруі  тиіс  екенін 
мегзейді.  Мәселен,  Қ.  Жұбановтың  айтуынша,  орыстарда 
тектік  ұғым  (пастух)  бар  да,  оның  қойшы,  жылқышы  боп 

67
түрленуі  жоқ,  ал  немесе  керісінше  хлеб,  конюшня  ұғым 
түрлері  бар  да,  олардың  қора  дейтін  жалпы  жиынтық  ата-
уы жоқ. Орыстың тетясын қазақша жеңеше деп те, апа деп 
те аударуға болады, ал қазақтың апасы орысша сестра боп  
кете береді. 
Сөйтіп Қ. Жұбанов әрбір сөздің контекске қарай құбы-
лып  отыратын  қасиетін  ескеріп,  аудармашылардың  бұған 
мән  беріп  отыруы  керектігін  ескертеді.  Сондай-ақ,  ғалым-
ның  контекске  орай  әр  алуан  мағыналық  реңк  алып  жата- 
тын  көңіл  (настроение),  күрес  (борьба)  сөздерін  аударуда  
кетіп  жататын  өрескелдіктердің  талдауы  аударма  саласын-
дағы ізденістерге үлгі болуға жарайды. Мысалы: «Аурудың 
көңіл-күйі  өте  жақсы»  (У  больного  очень  хорошее  нас-
троение) деген сөйлемдегі көңіл сөзі настроениеге дәл ке-
ліп  тұрғанымен,  ғалым  ұғымында  «Повести  решительную 
борьбу с этим и опасными и вредными для дела настроения-
ми и изгнать их вон из партии» деген сөйлемде мұны былай 
деуге болмайды. Сонымен бірге жеке сөйлемдерді аударуда 
да қазақ тілінің мүмкіндігі мол екенін әдемі аңғартады. 
Қ. Жұбановтың аударма тілі туралы айтқан ойларының 
ішінде редакторлық ескертпелерінің де орны бөлек деп бі-
леміз.  Мұнда  ол  С.  Аманжоловтың  мақаласындағы  қайсы-
бір  пікірлерге  қарсы  дау  айтып,  аудармаға  байланысты  
біраз  қызықты  бақылауларын  жазады.  Әсіресе  оның  ха-
лықаралық терминдерді қабылдау тұсындағы фонетикалық 
заңдылықтар әрекеті, сингармонизм туралы, сондай-ақ иди-
омалар  мен  қанатты  сөздерді  аудару  жөніндегі  ойлары  аса 
құнды. 
Қысқасы,  Қ.  Жұбановтың  қазақ  аударма  теориясы  жа-
йындағы пайымдаулары әлі түбегейлі тексеруді талап ететін  
және зерттеушінің зерделі ізденістерінің қатарында бағала-
натын  қазынамыз  болып  саналады.  Оның  бұлтартпас  ло-
гикаға негізделген ойлары мен нәрлі де әрлі тілі, өзінің сөз 
саптауына тән стилі, заманынан озып, ғылым болашағын ой-
лайтын асқан білімдарлығы әлі талай ізденістерге үлгі бола 
берелігі анық. 
 
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет