Өмірзақ айтбайұлы



жүктеу 7.95 Kb.

бет16/27
Дата09.01.2017
өлшемі7.95 Kb.
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   27

қОС қаНатты ғалым
Қазақ тіл білімінің іргетасын қалап, негізін салған ұлы  
Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының жасампаз ісі бір сәт тоқ-
талып  қалған  емес.  Оның  алғашқы,  ізашар  «Оқу  құралы» 
мен «Тіл-құрал» еңбектерінің жарық көргеніне бүгінде бір 
ғасыр толса, міне, содан бергі кезеңдерде тілтанымның сан 
саласында  лек-лек,  шоғыр-шоғыр  маман-зерттеушілеріміз 
шығып, таңдап алған жекеленген бағыттағы тақырыптарын 
індете  қазып,  жүйелі  арнаға  салып,  ауыз  толтырып  айтар-
лықтай  табысқа  жетіп  отыр.  Сондай  талантты  да  танымал 
тілші ғалымымыздың бірі Мырзатай Серғалиұлы Серғалиев 
болатын. 
Ол  қазақ  тіл  білімінде  стилистика  мен  тіл  мәдениеті, 
көркем  әдебиет  тілі  мен  лексикография  саласында  толас-
сыз  тер  төкті.  Әсіресе  лингвистикалық  стилистикамызда  
синтаксистік синоним мен синтаксистік семантикаға қатыс-
ты  орныққан,  мойындалған  ғылыми-теориялық  көзқарас  
бар  десек,  ол  тікелей  академик  М.  Серғалиевтің  есімімен 
байланыстырылады. 
Сонымен бірге ол көпке танылған сыншы, мойындалған 
әдебиеттанушы  да  бола  білді.  Оның  замандас-әріптесі, 
тілтаным  мен  әдебиеттануға  бірдей  үлес  қосқан  таланты 
ғалымдарымыздың  бірі  марқұм  проф.  Ербол  Жанпейісов  
осы тұрғыда былай деген екен: «Кеңес Одағы кезінде еліміз- 
ге,  тіпті  әлемге  есімдері  әйгілі  болған  В.В.  Виноградов-
ты,  В.М.  Жирмунскийді  орынды  мақтан  тұтып,  қадірлеп 
жүргеніміз  ақиқат  еді.  Ондай  құрметке  бұл  ғалымдар  өте 
лайық,  себебі  бірі  –  атақты  тіл  маманы,  екіншісі  –  әде-
биеттанушы  бола  тұра,  лингвистика  мен  әдебиет  тарихы 
мәселелерін  бөле-жара  қарамай,  тең  ұстап,  құнды-құнды 
пікірлер айтатын. Өкінішке орай, қазақ топырағында ондай 
дарындылардың жоқтығын сөз еткенімізді де жасырмалық. 
Кейінгі  ондаған  жылдар  аумағында  осындай  кең  ауқым-
дылықтың  нышандары  арамызда  да  көрініп  жүргені  қуа-
нышты.  Әңгіме  Мырзатай  Серғалиұлының  әдебиет  сын-

221
шысы немесе журналист ретінде де еңбек беріп жүргенінде 
болып  отыр.  Сыншы  әдеби  процеске  белсене  араласады: 
жазушылар мен әдебиет зерттеушілерінің портреттері, жаңа 
шығармалар мен шығармалар тобына тың пікір, орайы кел-
генде  пікірталасқа  қатынасу  сияқты  мәселелерді  жүйелі 
де  нақтылы  әңгіме  ету  ерекшеліктерін  автор  кітаптарынан 
кездестіреміз» (Жанпейісов Е. Ой өрнегіндегі өрістер. – Кі-
тапта: Лебіз. Астана: Нұра-Астана, 2008),
Осы  орайда  бәріміздің  ұстазымыз,  қазақ  тіл  білімінің 
корифейі  Мәулен  Балақаевтың  есімі  мен  еңбегін  еске  ала 
кеткеніміз өте орынды. Бүгінгі айтар сөзіміздің тақырыбы-
на шығарылған анықтама ең алдымен осы М. Балақаевтай 
таутұлға  ұстазымызға  тиесілі.  Аспирант  М.  Серғалиевті 
өрге  сүйреп,  өз  жанына  ассисент  қылып  алып,  одан  соң 
ғылым кандидаты, докторы болған жылдарда оған тақырып 
ұсынып, тың арнаға салған да аяулы Мәкең болатын. Қазақ 
тілінің  мәдениетін  көтеруге  бар  ғұмырын  арнаған  Мәкең 
оның бойынан осы егіз негізді көре білді, бұл да болса оның 
тіл тамыршысы ретіндегі көрегендігінің бірі еді. Кейін, 1990 
жылдардың  ортасында  М.  Серғалиев  ұстазының  атақты 
«Қазақ  тілінің  мәдениеті»  атты  кітабының  3-ші  басылы- 
мын баспаға дайындап, оған өз жанынан «Тіл мәдениетінің 
негізгі сапалары» атты тың тарау қосты. Осы көпке мәшһүр, 
сан  қайталанып  басылған  еңбегін  ұстазымыз  М.  Балақаев 
былайша бастаушы еді ғой: «Буыны бекімеген икемсіз сау- 
сақтарын  ананың  жылы  төсіне  жүгіртіп,  ана  сүтін  қылқ-
қылқ жұтып жатқан нәрестенің құлағына алдымен ана сөзі 
естіледі. Ана сүті баланың қанына тарап, ана сөзі баланың 
сезімін  оятады.  Бара-бара  баланың  тілі  шығып,  ата-ана-
ның,  отбасының,  бүкіл  халықтың  дәстүрімен  емін-еркін 
сөйлесетін  болады.  Сүтпен  еніп,  миға  сіңген  сол  тіл  есей-
ген  адамның  саналы  өмірінің  аса  көрнекті  рухани  байлы- 
ғы,  адамның  адамдық  белгілерінің  бірі  болып  табылады». 
Және  оның:  «Тілді  жақсы  білу  оңай  жұмыс  емес.  Өйткені 
оның  шегі  жоқ.  Тіл  адамдардың  еңбек  ету  процесінде,  қа- 
рым-қатынас  жасау  тәжірибесінде  мыңдаған  жылдар  бойы  

222
жұмсалған.  Оның  орасан  көп  байлықтары  сол  тілде  сөй-
лейтін  халықтың  бастан  кешірген  ұзақ  өміріндегі  ойлау 
жұмысының нәтижесі ретінде үнемі дамып отырады. Тілді 
сіресіп  қатып  қалған  қалпында  емес,  сол  даму,  жетілу 
процесінде  үйренеміз.  Сондықтан  тіл  байлықтарын  түгел 
меңгердім,  мен  білмейтін  ештеңе  қалған  жоқ,  тіл  өнерінің 
шыңына  шықтым,  болды  деп  ешкім  айта  алмайды»,  –  де-
ген толғаныстары (Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің 
мәдениеті. Ықшамдалып, өңделген үшінші басылымы. Ал-
маты: Мектеп, 1995, 7-8-бб.) тек жалғыз оның шәкірті һәм 
ісін жалғастырушы ғалым М. Серғалиевке ғана емес, барша 
тіл  жанашыры  мен  тіл  зерттеушісіне  қашанда  Темірқазық 
болмақшы.
Көркем  туындыларға  кәсіби  тілші-ғалымның  көзімен 
қараған М. Серғалиев кейін қазақ сөз зергерлерінің шығар-
маларын  талдау  үстінде  ұстазы  М.  Балақаевтың  идея,  ұс-
танымдарын  одан  әрі  жалғастыра  түсті.  Ол  бұл  тұрғыда: 
«Прозаик, ақын иә сыншы болсын – қай-қайсысы да жалпы 
халықтық тілді пайдаланатыны баршаға мәлім. Солай бола 
тұра,  жеке  таланттың  тілі  деген  ұғымды  қолданатынымыз 
да белгілі. Сол шарттылықтың өзінде шындық барын тағы 
ескермеске болмайды, өйткені көпшілікке етене таныс сөз- 
дерді жаңа қырымен, соны бояуымен, өзгеше өңімен жұм-
сай білушілік – жазушы талантын танытатын құбылыс. Әр 
қаламгердің  сөйлем  құру  даралығы  да  осыны  дәлелдейді. 
Жазушының  сөз  қолдануындағы  жаңалық  алғашында  жат-
тау  көрінуі  мүмкін,  алайда  өнердің  қай  саласындағы  да 
әртүрлілік, әр алуандық сияқты, көркем шығармадағы сөз-
дердің  де  орайы  келгенде  жаңаша  түрімен,  мазмұнымен 
қолданылмағы жөн», – деп нақтылайды (Серғалиев М. Сөз 
сарасы (сын мақалалар). Алматы: Жазушы, 1989, 134-б.). 
Қазақ әдебиетінің классиктері Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, 
Ғабит, Ғабидендердің барша туындыларын стильдік тұрғы- 
да талдап-тексеріп, Қ. Аманжолов, Х. Ерғалиев, Ә. Тәжібаев, 
Ғ. Орманов, Ж. Саин өлеңдерінің тілдік өрнектерін жарқы-
рата ашып көрсетіп, белгілі қазақ романшылары С. Жүнісов, 

223
Ш. Мұртаза, Қ. Ысқақов, Р. Тоқтаров, А. Жақсыбаев, Р. Сей-
сенбаев, Жайсаңбек Молдағалиев, М. Сүндетов, Д. Досжан, 
Ә.  Тарази,  Ә.  Нұршайықов,  Ә.  Сарай  және  басқалардың 
сүбелі туындыларының тіл кестесіне баға беріп, ең басты-
сы,  кейін  өзінің  артынан  ерген  ондаған  шәкірттеріне  осы 
қаламгерлердің  стильдік  даралық  ерекшеліктері  туралы 
диссертациялық жұмыстар жаздырып, қорғата білді. Ал бұл, 
шындығында, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануы үшін ғана 
емес,  барша  қазақ  мәдениеті  үшін  тазалық  пен  таразылық 
рөлін  атқарған,  көзге  көп  көрінбейтін  және  бағалана  бер-
мейтін еңбек еді. Осылайша академик М. Серғалиев фило-
логияның қос қанаты – тіл мен әдебиетті тел емген, екеуін 
де  қажет  кезде  қос  өрім  қамшыдай  қатар  қолдана  білетін  
мамандар тобын дайындап шығарды. 
Ол М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің жауһар туындылары-
ның  тіл  ерекшеліктерін,  стильдік  даралықтарын  ғана  сөз  
етіп  қойған  жоқ,  олардың  әр  жылдары  ана  тіліміз  туралы  
айтқан келелі пікірлеріне арнайы тоқталып, толымды қоры- 
тындылар шығарды. Ұлы жазушының «Қазақ әдеби тілінің 
кейбір  мәселелері»,  «Көркем  әдебиеттің  тілі  туралы»  ма-
қалалары,  әрине,  тек  әдебиеттанушылар  арасында  ғана  
емес,  тіл  ғалымдарына  да  көптен  танымал,  ауызда  жүрген 
зерттеулер.  Өйткені  Мұхаңның  өзі  әдеби  тіл  мен  оның 
көркемдігі туралы сөз еткенде араға «қытай қорғанын» ор- 
натпайды,  қайта  күш  біріктіріп,  білекке  білек  қосуды 
үндейді:  «Бұл  жөнінде  жазушы  мен  тіл  зерттеушілерінің 
арасында  үлеспей  жүрген  енші  жоқ.  Қайта,  екеуі  қосыла  
ойласпаса, талай күрделі мәселе көмескі, кемшін, сыңаржақ 
шешілуі  мүмкін.  ...  Жазушы  мен  тіл  маманының  еңбегі 
қосыла  қабысып,  дұрыс  іздену  үстінде  жараса  табысып 
отырса,  бәрімізге  ортақ  міндет  өнімді  түрде  ада  болмақ». 
Маржан-нәрі  тым  тереңде  жатқан  классиктің  тілдік  мұра-
сын  жан-жақты  талдап-таразыламас  бұрын  М.  Серғалиев: 
«М.  Әуезовтің  көркем  әдебиет  тіліне  деген  көзқарастарын 
шартты  түрде  үш  салада  қарастырған  жөн  сияқты:  көркем 
әдебиет  тіліне  қойылатын  негізгі  талаптар,  Абай  тіліне 

224
қатысты  мәселелер,  замандас  ақын-жазушылардың  тілі  ту-
ралы  ойлар»,  –  деп  алдын  ала  өзіне  бағдар  тауып  алады 
(Сонда, 162-б.). 
Сонан  соң  ұлы  жазушының  шығармашылық  лаборато-
риясының  тілге  қатысты  тылсым  беттерінің  кейбір  қырла-
рын  ашпаққа  ұмтылады,  әсіресе  қатпар-қыртысы,  саты-
деңгейі  шыңырау  терең  мен  шырқау  биікке  қол  созатын 
«Абай  жолының»  синтаксистік  құрылымының  қазақ  әдеби 
тіліне  олжа  салған  соны  жаңалықтарын  ашып  көрсетуге 
тырысады.  Әрине,  мойындауымыз  керек,  Әуезов  биігіне 
де,  оның  тереңіне  де  әлі  ешкім  толыққанды  бойлай  алған 
жоқ. Бір ғана М. Әуезов туындылары емес, барша классик 
ақын-жазушыларымыздың  шығармаларынан  рухани  азық 
алып қана қоймай, олардың тіл кестесі мен өрнегін бүгінгі 
көркемсөз өрмегінде көмескілетпей, одан әрі құлпырта, кес-
телендіре түсу – жаңадан мемлекеттік мәртебеге ие болған 
ана тілімізді жаңғыртудың, түлетудің бірден-бір жолы. Сол 
себепті де Тәуелсіздігіміз қолға жаңа тиген заманда акаде- 
мик  М.  Серғалиев:  «Қолына  қалам  алып,  қалың  оқырман 
қауымға  эстетикалық  тәрбие  беруді  мақсат  тұтқан  адам  өз 
заманының алдыңғы қатарлы мәдениет иесі болғандықтан, 
оның  сөзге  деген  талабы  мен  талғамы  сол  мәдениеттің 
биігінен көрінуге тиісті. Дәлірек айтқанда, ана тілінің заң- 
дылықтарын жете меңгеру үстіне, баршаға мәлім сөз қолдану 
тәртібінен  айнымай,  өзгеріссіз  қалып  қоймай,  көркем  шы- 
ғарманың  мазмұны  мен  идеясын,  қаһармандардың  ерек-
шеліктерін айқындайтын сөз өрнектерін жаңа бояумен, тың 
мағыналық  даралықпен  қолданудан  жасқанбаған  ләзім»,  – 
деп осы мақсат-үдені алға шығарады (Серғалиев М. Көркем 
әдебиеттің тілі. Алматы: Мектеп, 1995, 98-б.). 
Осы  тұста,  тақырыптан  сәл-пәл  ауытқысақ  та,  бір  мә-
селені тағы бір қайталап еске салмай, тоқталмай өте шығу 
мүмкін емес. Өз қолымыз өз аузымызға жеткелі, әрине, қазақ 
тілінің  өрісі  кеңіп,  төрге  шығып  кетпесе  де,  өрлеп  келеді. 
Оны тек көрсоқырлар мен көре алмайтындар ғана көрмеуі 
мүмкін. Өзге ұлт өкілдері мен өз қандастарымыздың, оның 

225
ішінде еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бар, «тілін 
сындырудай-ақ  сындырып»  жатырмыз.  Алаштың  ақша-
қаражаты мен қор-қаржысы негізінен «тіл үйренушілердің» 
диірменіне  құйылып  жатқаны  ешкімге  жасырын  емес.  Тіл 
үйрену  мен  үйретудің  ая-өрісін  қаншама  кеңіткенімізбен, 
жиырма  жылдан  астам  уақыттан  бері  ғаламат  жетістікке 
жеттік деп тағы ешкім айта алмасы анық. Былтыр оқығанын 
биыл  ұмытып  қалып  жатқандар  арасынан  топ  жарып  шы-
ғып,  қолына  қалам  ұстаған  бір  адамды  тауып  бере  аласыз 
ба?  Мемлекеттік  қызметшілерімізге,  депутаттық  корпусқа 
мемлекеттік  тіл  оқытылмай,  үйретілмей  отыр  ма?  Жоқ, 
оларға  да  жыл  сайын  қыруар  қаржы  бөлініп,  бір-екі  жыл 
емес, 20 жылдан бері бар жағдай жасалып келеді. Сол ла-
уазымды тұлғалар бүгінде аудармашы қызметінен бас тарт-
ты ма? Болмаса депутаттарымыз ана тілінде, ең болмаса, бір 
Заң жобасын жасап шыға алды ма?.. Сұрақ көп, жауап жоқ... 
Мемлекеттік тілдің «майын тамызып», теледидар мен шар-
шы топта сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдері, жас «жұлдыздар» 
кімдер?  Шындығын  айтсақ,  олар  –  қазақ  тілінде  білім 
алып,  орта  мектепті  мемлекеттік  тілде  бітіргендер.  Қазақ 
тілі  мәдениеті  ғылымының  негізін  салушы  ғалым-ұстаз  
М. Балақаев айтқандай, олардың бойына қасиетті қазақ тілі 
«ана  сүтіндей  бойға  тарамаса  да»,  оның  есесіне  қазақша 
«Әліппемен» көзін ашып, «Абай жолымен» сусындағандар. 
Осы  орайда,  көп  кілтипан  мектепте,  бала  тәрбиесінде  жа-
тыр-ау  деген  ой  көкейден  кетпейді.  Баба  тілінде  тәрбие-
леніп, ана тілінде білім алған буын, ұрпақ ғана тіл қадіріне 
жетпек. 
Ал  осы  20  жылдан  астам  уақытта  ана  тіліміздің  –  дү-
ниедегі  жалғыз  тіліміздің  мәдениетін  көтеруге  қанша 
қаражат бөле алдық? Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы  
сөз  де,  қолға  алған  іс-шара  да  жетерлік,  десек  те  Ана 
тіліміз, Қазақ сөзі құлпыра, кестелене, өрнектеле түсу үшін  
арнайы  жоспар,  бағдарлама  түзе  алдық  па?  Осы  жолда  
ақын-жазушы,  әдебиетші-тілші,  жалпы  барша  зиялы  қауы-
мымыз не істеді? Не істемек? Тіл мәдениеті жоғары, стилі 

226
сараланған,  терминологиясы  тұрақтанған  кемел  тіл,  ХХІ 
ғасыр  басындағы  жаңғырған,  түлеген  жаңа  әдеби  тілді 
тұғырына  қондыру  жаңа  айтқан  «тіл  сындырушылар»  мен 
«тіл  үйренушілердің»  емес,  ең  алдымен,  қазақ  атын  иеле- 
ніп  отырған  мемлекеттің  һәм  алты  Алаштың  парызы  мен 
қарызы болса керек. Сондықтан да біз бүгінгі әңгімеміздің 
арқауын  ана  тіліміздің  тіл  мәдениетін  жаңа  саты-деңгейге 
көтеру,  соның  нәтижесінде  әдеби  тілімізді  жаңғырту,  тү- 
лету  турасында  құруға  тырыстық.  Бүгінгі  қоғамдық  пікір- 
дің қазанын қайнатып, қақпағын қақ айырғалы тұрған латын 
әліпбиіне  көшу  мәселесін  де  біз  Елбасы  «Қазақстан-2050» 
стратегиясында  айтқан  ана  тілімізді  түлетуге,  модерниза-
циялауға  тікелей  қатысты  деп  білеміз.  Жаңа  жазу  қазақ 
тілін жаңа белеске көтермек. Оның жаңа орфографиясы мен 
орфоэпиялық  қағидаттары,  жаңа  емлесі  мен  пунктуация- 
лық  ережелері  өзгеге  жалтақтаған,  жалынышты  болған 
кейіптен  айырып,  тілімізді  жаңа  даму  арнасына  түсірмек. 
Осы жолда қолға алынар басты шаруа, ұлы ұран – «бір Ел, 
бір Тіл, бір Жазу үлгісі». Сонан соң сол жалғыз да мәңгілік 
тіліміздің мәдениетін көтеру, нәрі мен бәрін жарқырата ашу 
болмақ. 
Міне,  біз  бүгін  арнайы  жиналып,  еңбегі  мен  есімін 
ұлықтап отырған академик Мырзатай Серғалиев та осы ба- 
ғытта,  атап  айтқанда,  қазақ  тілінің  стилистикасы  мен  тіл 
мәдениеті  саласында  елеулі  із  қалдырды.  Осы  абырой-
лы  істі  өзі  тәрбиелеп,  қанаттандырып  ұшырған  шәкірттері 
жалғастырып  отыр.  Ұстаздың,  ғалымның  бар  да  бақыты 
осында болса керек. Соларға ақ жол тілелік! 
* * *
Көрнекті  тіл  маманы,  әдебиет  сыншысы  және  публи-
цист  Мырзатай  Серғалиұлы  СЕРҒАЛИЕВ  1938  жылғы 
наурыздың 17-ші жұлдызында Солтүстік Қазақстан облысы, 
Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданындағы «Жаңажол» ұжым 
шаруашылығының  мүшелері  Серғали  Махметұлы  мен 

227
Нүрилә  Сыздыққызы  Махметовтердің  отбасында  дүниеге 
келді. 
Әкесі Ұлы Отан соғысы бастала салысымен қан майдан-
ға  аттанып,  содан  оралмады.  1955  жылы  Қостанай  облы-
сы,  Урицкий  (қазіргі  Сарыкөл)  ауданына  қарасты  Қараоба 
орта  мектебін  тамамдаған  Мырзатай  сол  жылы  С.М.  Ки-
ров  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  университеті  филология 
факультетінің студенті болып қабылданды. 1960 жылы қазақ 
тілі  мен  әдебиетінің  жоғары  білімді  мамандығын  алған  ол 
осы университеттің қазақ тілі (1990 жылдан қазақ филоло- 
гиясы)  кафедрасына  ассистенттік  кызметке  қалдырылып, 
өзіне  білім  берген  университетте  1999  жылға  дейін  про-
фессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы дәрежесіне 
дейінгі  ұстаздық-ұйымдастырушылық  жолдан  өтті.  Қазақ 
ССР  Ғылым  академиясының  Тіл  білімі  институтының  екі 
тілді  сөздік  және  терминология  бөлімінде  кіші  ғылыми 
қызметкер  болған  жылдары  да  (1966-68)  кафедрадан  қол  
үзген  жоқ,  ұстазы  проф.  М.  Балақаев  шәкіртінің  ғылыми 
дәрежесінің  болмағанына  қарамастан,  қосымша  оқытушы-
лық жүктеме беріп отырды. 1968 жылдан осы университет- 
тің  философия  кафедрасында  аға  оқытушы  болып  жүрген 
оны  ұстазы  1971  жылы  өзінің  кафедрасына  шақырды,  
1989-99  жылдары  әл-Фараби  атындағы  ҚазМҰУ  жанын-
дағы  қазақ  тілі  мен  орыс  тілі  мамандықтары  бойынша 
кандидаттық (кейін докторлық) диссертация қорғайтын ма-
мандандырылған  кеңестің  төрағасы  болды.  Аталған  уақыт 
ішінде 8 докторлық және 90-нан астам кандидаттық диссер-
тация қорғалды. 
1999 жылы арнайы шақыртумен Л.Н. Гумилев атындағы 
Еуразия ұлттық университетіне келген ол дүниеден озғанша 
қазақ  тіл  білімі  кафедрасының  меңгерушісі  қызметін  ат-
қарды.  М.  Серғалиевтің  ұсынысымен  кафедрада  аспиран-
тура мен магистратура ашылды; 2000 жылдан бастап қазақ 
тілі мен орыс тілінен кандидаттық диссертация қорғайтын 
диссертациялық  кеңес  жұмыс  істеді,  60-тан  астам  жас  
ғалым  диссертациялық  жұмыстарын  қорғады.  Кеңес  2008 

228
жылдан  бастап  қазақ  тілі,  түркі  тілдері,  орыс  тілі,  салыс- 
тырмалы-тарихи, типологиялық, салғастырмалы тіл білімі-
нен  докторлық,  кандидаттық  диссертациялар  қорғайтын 
диссертациялық кеңес болып қайта бекітілді. 
Ұстаздық  қызметімен  қатар  ондаған  жылдар  бойы  ғы-
лыми-зерттеу  жұмысымен  шұғылданды.  Ғалымның  негізгі 
ізденістері  –  қазіргі  қазақ  тілінің  синтаксисі,  лингвистика-
лық  стилистика,  тіл  мәдениеті,  шешендік  өнер,  көркем 
әдебиет тілі, лексикография мәселелері. 
Профессор  М.  Серғалиев  –  танымал  синтаксис  маман-
дарының бірі. Өткен ғасырдың 60-жылдарында бастау алған 
оның синтаксистік көзқарастары кеңестік кездің өзінде рес-
публикамыздан  тыс  жерлерге  де  белгілі  болған-ды.  1991 
жылы  монография  түрінде  жарық  көрген  «Қазақ  тіліндегі 
етістікті  сөз  тіркестерінің  синонимиясы»  тақырыбына 
қорғалған  кандидаттық  (1967)  және  1981  жылы  басылған 
«Синтаксистік  синонимдер»  монографиясының  негізінде 
қорғалған докторлық (1988) диссертацияларында ғалым си-
нонимдік құбылыстардың лексика мен фразеологияда ғана 
емес,  сонымен  бірге  еркін  сөз  тіркестері  мен  сөйлемдерде 
де болатынын нақтылы деректермен дәлелдеді; оларға ұқсас 
ұғымдар  мен  категориялардың  өзгелік  жақтар  мен  ұқсас 
сәттерін  сипаттады.  Сөйтіп,  автор  қазақ  тіл  біліміндегі 
синтаксистік  синоним  туралы  теорияның  негізін  салушы 
ретінде белгілі болды. 
Авторлар  ұжымымен  бірлесіп  жазған  «Қазіргі  қазақ 
әдеби  тілі»  (1991,  2006)  оқу  құралының  «Сөз  тіркесі», 
«Құрмалас сөйлем» және «Күрделі синтаксистік тұтастық» 
тарауларының  авторы  –  М.  Серғалиев.  Жоғары  оқу  орны-
на  арналған  бұл  құралда  синтаксистік  тұтастық  теориясы 
тұңғыш  рет  берілді.  «Синтаксис  және  стилистика»  моно-
графиясында  (1997)  қазақ  синтаксисінің  мәселелері  соңғы 
жылдардағы  жетістік  деңгейінен  сөз  болады.  ЖОО-ның 
талапкерлеріне  ұсынылған  «Қазақ  тілі»  (екі  автордың  бірі, 
1979;  1994)  оқу  құралының  синтаксис  тарауларын  және 
сөз таптарына байланысты біраз материалды М. Серғалиев 

229
жазды. ЖОО-ның талапкерлеріне арналып М. Серғалиевтің 
жеке авторлығымен ұсынылған оқу құралы да («Қазақ тілі», 
1992) жарық көрді. 
Ғалымның  қазіргі  қазақ  тіліндегі  салаласа  байланыс- 
қан сөз тіркестері, сөйлемнің күрделі мүшелері, үйірлі мү-
шелері, еркін сөз тіркесі мен сөйлемнің арақатынасы, сон- 
дай-ақ  еркін  сөз  тіркесі  мен  тұрақты  сөз  тіркесінің  ара-
қатынасы  мәселелеріне  байланысты  өзіндік  пікірлері  де  
авторлар  ұжымының  «Қазақ  грамматикасы»  (2002);  «Син-
таксистік  зерттеулер»  (2004);  «Синтаксистік  зерттеулер» 
(Павлодар, 2006); «Синтаксис мәселелері» (2006) т.б. бедел-
ді  басылымдардан  орын  алған.  Профессор  М.  Серғалиев- 
тің  зерттеулерінің  бір  тобы  тіл  мәденитіне  арналған.  Ұс-
тазы,  көрнекті  ғалым  М.  Балақаевпен  бірлескен  авторлық-
пен  шығарған  «Қазақ  тілінің  мәдениеті»  оқулығының  
(1995, 2004, 2006) «Тіл мәдениетінің негізгі сапалары» тара-
уын жазды. Тілдің мұндай сапалары туралы ой-түйін бұған 
дейін мұндай оқулыққа енгізілген емес. «Сөз өнері» (1978), 
«Жазушы және сөз мәдениеті» (1983) сияқты академиялық 
жинақтарындағы,  мерзімді,  ғылыми  баспасөз  беттері  мен 
республикалық  конференцияларындағы  өзекті  жайларды 
сөз  ететін  пікірлері  де  осы  мәселені  қозғайды.  Авторлар 
ұжымының  «Тіл  саясаты:  тағылым  мен  тәжірибе»  (2006) 
деген  кітабында  БАҚ  пен  электрондық  баспасөз  бетіндегі 
тілдік құралдардың қолданылу мәдениетін тілге тиек ететін 
мақалалар топтамасы көлемді орын алады. 
«Қазақ  тілінің  қысқаша  орфоэпиялық  сөздігі»  (1996) 
сөйлеу тілінің сұлулығы мен тазалығын сақтауға жәрдемін 
тигізсе,  «Орысша-қазақша  сөздіктен»  (1993,  1995,  2001, 
2003)  мемлекеттік  тілді  оқып-үйренушілердің  тіліміздің 
байлығы туралы алатын пайдасы аз болмаса керек. Ал Ал-
матыда  бір  мұқабамен  басылым  көрген  «Орысша-қазақша 
сөздік» пен «Қазақша-орысша сөздікті» (2004) оқырман қа-
уым зор ықыласпен пайдалануда. 
Профессор М. Серғалиев бар саналы ғұмырын ҚазҰУ-
дың,  одан  соң  ЕҰУ-дың  студенттеріне  қазақ  тілінің  сти-

230
листикасынан  дәріс  оқуға  арнады.  Бұл  пәнге  қатысты  көз-
қарастары  бірнеше  рет  үлкенді-кішілі  басқосуларда,  БАҚ, 
электрондық  баспасөз  беттерінде  ортаға  салып  жүрді.  
Осындай ғылыми-әдістемелік жұмыстарының және тіл білі-
міндегі соңғы жылдарғы табыстарды ескерудің нәтижесін-
де  «Стилистика  негіздері»  оқулығы  жарық  көріп  (2006), 
білім берудің пайдалы құралына айналды. 
Ғалым  көркем  шығарма  тіліне  қатысты  еңбектерінде 
мәселені  екі  жағынан  –  біріншіден,  көркем  әдебиет  тілі 
хақындағы  өзінің  қалыптасқан  түсінігі  тұрғысынан,  екін-
шіден,  жазушылардың,  демек,  шығарма  авторларларының 
көркем  туындылар  тіліне  өзіндік  талғамы  тұрғысынан 
қарастырады. Бұл ретте көрнекті прозашылар С. Мұқанов, 
Ғ. Мұстафин, З. Шашкин, С. Шаймерденов, танымал сын-
шы  М.  Қаратаев  сияқты  қаламгерлер  тілінің  стильдік 
өзгешеліктері жайындағы тұжырымдарды айтуға болар еді 
(«Сөз сарасы», 1989; «Көркем әдебиет тілі», 1989, 2005; екі 
автордың  бірі,  «Қазақ  ауызекі  тіліндегі  эмоционалдылық 
және экспрессивтік лексика», 1995). 
Автор қазақ лингвистикасында тұңғыш рет М. Әуезов-
тің  әңгімелері  мен  повестерін  жан-жақты  ғылыми-сти-
листикалық тұрғыдан талдады («Мұхтар Әуезов және көр- 
кем  шығарма  тілі»,  1998).  Сондай-ақ  Ғ.  Мүсреповтің  ше- 
шендік өнері де алғаш рет әңгіме арқауы болды («Ғ. Мүс-
репов және тіл мәдениеті», 2003). 
Қазақ  тіл  білімінің  негізін  салушы  А.  Байтұрсынұлы-
ның,  оның  лайықты  ізбасарларының,  сондай-ақ  бүгінгі 
өнімді  еңбек  етіп  жүрген  лингвистердің  ғылыми  туынды- 
ларын  көпшілікке  насихаттау  мақсатында  көптеген  мақа-
лалар жазып, баяндамалар жасады. 
«Кең  өріс»  (1983),  «Сөз  сарасы»  (1989),  «Ой  өрнегі» 
(1995)  атты  сын  кітаптары  мен  «Уақыт  және  қаламгер»  
(1975,  1978,  1982),  «Сөзстан»  (1980,  1982)  ұжымдық  жи-
нақтарда  қазіргі  әдеби  процестің  елеулі  мәселелеріне  қа-
тысты  ой  түйеді,  белгілі  қаламгерлердің  шығармашылық 
портреттері,  тақырып,  кейіпкерлерді  бейнелеу  жайлы  түй-
сік-түсініктерін білдіреді. 

231
«Өнеге»  (1998,  2006)  кітабы  мен  баспасөз  беттеріндегі 
М.  Әуезов,  І.  Кеңесбаев,  М.  Балақаев,  Ш.  Есенов,  К.  Аха-
нов, З. Қабдолов, Е. Букетов бастаған көрнекті ғылым қай-
раткерлері,  С.  Қожамқұлов,  Қ.  Жандарбеков,  А.  Тоқпанов 
бастаған  театр  тарландары,  мектептегі  шәкірттік  жылдар 
туралы естеліктері мен эсселері оны публицист деуге негіз 
болып табылады. 
Ол көркем аудармамен де айналысты. Мұндай қабілеті-
нің арқасында Я. Камал, К.С. Вирх, М.А. Заряб, К.С. Дугал, 
В. Валаж, Ә. Қадыров, В. Лацис, В. Кожевников т.б. шетел 
прозасы классиктерінің әңгімелері мен новеллаларын қазақ 
оқырмандарына таныстырды. 
Академик М.С. Серғалиев республика өміріндегі қоғам-
дық жұмысқа да белсене араласты. Лингвистикалық комис-
сия  құрамында  Қазақстан  Республикасы  Президенттігіне 
үміткерлерден  мемлекеттік  тілді  меңгеру  дәрежесін  анық-
тайтын емтихан алуға (1998, 2005) қатынасты. ҚР Үкіметі 
жанындағы  Мемлекеттік  терминологиялық  комиссия  мен 
Астана қалалық ономастикалық комиссияның, бірқатар га- 
зет-журналдардың  редакциялық  немесе  ақсақалдар  алқа-
сының мүшесі. 
Еңбегі  әркез  марапатталып  отырды.  Ол  –  Қазақстан- 
ның  еңбек  сіңірген  қайраткері,  ЖОО-ның  үздік  оқытушы-
сы, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, ҚР білім беру 
ісінің  үздігі,  «Еңбек  ардагері»  медалінің,  Қазақстан  ғылы- 
мы  мен  техникасына  аса  көрнекті  үлес  қосқаны  үшін 
берілген мемлекеттік стипендияның иегері. 

1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   27


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал