Өмірзақ айтбайұлы


ПеДаГОГтіК ЖӘНе қОғамДық қызметі



жүктеу 7.95 Kb.
Pdf просмотр
бет11/27
Дата09.01.2017
өлшемі7.95 Kb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27

ПеДаГОГтіК ЖӘНе қОғамДық қызметі 
туралы Сөз
Ақтөбе  облысының  Ойыл  қалашығында  1924  жылғы 
тамыз  айының  17-сі  күні  Сәтіғали  есімді  қызметкер  от-
басында  дүниеге  келген  Рәбиға  Ғалиқызы  Сыздық  туралы 
сөз  қозғап,  осы  екі  аралықта  өтіп  келе  жатқан  оның  өмірі 

157
мен  шығармашылығын  баян  ету  мен  үшін  тіпті  оңай  бо-
лып  тұрған  жоқ.  Өте  күрделі  де  қызық  өмір.  Бір  жағынан 
қызығып, екінші жағынан қиналдым.
Қырық  жылдай  уақыт  бірге  қызметтес  болып,  оның 
көптеген еңбектеріне куә адамдардың бірі ретінде айтатын 
әңгімем біраз бар сияқты көрінген. Сөйтсем «білем дегенім 
бір  тоғыз,  білмейтінім  тоқсан  тоғыздай»  екен.  Дегенмен 
тәуекелдің  қайығына  мініп  алып,  ескекті  қолға  ұстауға  
тура келді.
Зады,  «Ұяда  не  көрсең,  ұшқанда  соны  ілесің»  деп  қа-
зекем  тегін  айтпаса  керек.  Рәбиға  өскен  ұяның  азамат  пен 
адам  тәрбиелеудегі  өнегесі  өзгеше  болған.  Яғни  адамдық 
тәрбиенің  уызын  ол  осы  ұяда  татқан.  Әкесі  Сәтіғали  Құт-
қожин  1937  жылы  «халық  жауы»  аталып  атылып  кетіпті. 
Осы  деректің  өзінен-ақ  оның  елге  танылған  білікті  адам 
болғаны байқалады. Ал анасы Жеміс Қалуқызы сауаты ша-
малы болғанмен, жақсы-жаманның парқын білетін көрген-
білгені,  оқыған-тоқығаны  жетерлік  намысты  адам  бо- 
лыпты. Әкеден жастай қалған балалардың еркін де намыс-
шыл болып өсуіне осы ана себепші болса керек. Рәбиғаның 
бұлардан кейінгі пір тұтқаны өзінен екі жас қана үлкен туған 
ағасы  –  Хамит  Құтқожин.  Ол  кісіні  біз  де  көрдік.  Оның  
бойынан бір бекзаттық болмыс байқалып тұратындай еді. 
Сірә,  кемел  жасқа  келіп  отырған  Рекеңнің  ағасын  әлі 
күнге  аузынан  тастамай  «маған  барлық  атақ,  лауазымнан 
да  «Хамиттың  қарындасы»  деген  атымды  биік  қоямын!» 
деуі  тегін  емес.  Соның  атына  ұят  келтірмесем  деген  ой 
оны  әлі  күнге  мазалайды.  Шынында,  Р.  Сыздықтың  адам 
болып  ел  қатарына  қосылуына  Х  Құтқожинның  атқарған 
қызметі  мол  болған.  Ол  кісінің  дүниеден  өткеніне  он  жыл 
болса да қарындастың ойынан кеткен емес, үнемі аруағына 
тағзым етіп, Құран бағыштап отырады. Ағайын арасындағы 
өзара  махаббат,  әсіресе  ағалы-қарындастың  осындай  өзара 
сыйластығы қазаққа үлгі боларлықтай. Ойлай білген адамға 
осының өзі бір өнеге.
Рекең  бала  кезінде  аурушаңдау  болыпты.  Содан  да  бо- 
лар,  сабақты  үзіп-жұлқып  оқыған  тәрізді.  Ол  кезде  мұға-

158
лімдер де қым-қуыт ауысып жатады екен. Соған қарамастан 
мектепте өте жақсы оқыған балалар қатарында болған. Бір 
ерекшелігі  қуыршақ  ойнаудан  гөрі  Хамиттың  достарымен 
доп ойнап, суға жүзіп, сырғанақ тебуді қатты ұнатқан. Ша-
масы,  осы  ұл  балаларға  үйірсектік  оның  намысын  қайрап, 
жігерлі де өжет болып өсуіне септік жасаған. Бұл – Рекең- 
нің  оң-солын  танып,  ғылымға  жетілгенге  дейінгі  жүріп  
өткен өмір жолы. Бұдан оның турашыл да өжет қызға айнал-
ғанын көреміз.
Оның  еңбек  жолы  1940  жылы  Алға  стансысындағы  
бастауыш  мектепте  мұғалімдіктен  басталыпты.  1942-45 
жылдары Темір қаласындағы орта мектепте, педучилищеде 
ұстаз  қызметін  атқарады.  Бұл  білімнің  жетімсіздеу  екенін 
ерте  байқаған  Р.  Сыздық  енді  Алматыға  аттанып,  Абай 
атындағы Қазақ педагогика институтына түседі (1942). Оны 
1947 жылы бітірген соң, осы институттың аспирантурасын-
да  оқиды  (1947-51).  Ал  1951-57  жылдары  Қазақтың  оқу-
педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, редакция 
меңгерушісі қызметін атқарады. Бұл кезде оның әдебиетке, 
өнерге  құмарлығы  артып,  қаламгерлікке  ойысардай  сыңай 
танытып жүрген шағы болатын.
Алайда  М.  Балақаев,  І.  Кеңесбаев,  Ш.Ш.  Сарыбаев,  
А.  Ысқақов  тәрізді  тілші  ұстаздарының  ықпалымен  ол 
1957 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясына ауысып, әуелі 
кіші  ғылыми  қызметкер  (1957-61),  аға  ғылыми  қызметкер 
(1967-80),  1961-67,  1980-94  жылдары  бөлім  меңгерушісі 
болады.  Қазір  осы  институттың  бас  ғылыми  қызметкері. 
Сөйтіп әдебиетке бейім Рекең керемет тіл маманына айна-
лады. Мұнысына ол өкінбейді, бұдан Тіл білімі институты 
да ұтылған жоқ. Бұл Рәбиға Сәтіғалиқызы өтіп келе жатқан 
қызмет баспалдақтары.
Рәбиға  Сәтіғалиқызының  жеке  өмірінде  тағылым  алар-
лық сәттер мол. Туралық пен әділдіктің ақ жолында ол өзін 
тұрақты  мінезге  баулыған  адам  екені  байқалып  отырады. 
Адамды  жақсы  көру,  бағалауда  айқынырақ  аңғарылатын  
бұл қасиет Рекеңді жар таңдауда да адастырмаған. Бұл жа-

159
йында  сөзге  тартсаңыз  Рекең  өзгеше  толқыңқырап  барып, 
тағдыр  қосқан  алғашқы  жары  –  Сыздықов  Мақаш  деген  
азаматты елжірей есіне алады.
Бұл кісі, шынында да, Рекең талғамына толық татитын, 
қазақша айтқанда, көрік десең көрік, білік десең білік бар, 
өте  білімді  азамат  болған  болса  керек.  Мәскеудің  жоғары 
оқуын бітірген. Бірнеше шет тілін меңгерген, халықаралық 
құқық саласынан диссертация қорғаған алғашқы қазақ жас- 
тарының арасынан шыққан дипломат. Сол азамат 1954 жы- 
лы  32  жасында  дүниеден  озған.  Рекеңнің  асыл  жарға  де-
ген  қимас  сезімінің  керемет  бір  белгісі  ретінде  оның  әлі 
күнге Сыздық деген фамилияны берік ұстап келе жатуынан 
көрінеді. Қазақ әйелдерінің бойындағы сүйген жарға деген 
осынау  ғажап  қасиеттің  Рекең  болмысынан  да  баян  табуы 
кісіні сүйсіндіреді. Ерекше ризалық сезімге бөлейді.
Р.Ғ.  Сыздықтың  ғылым  қайраткері,  азамат  ретінде  қа-
лыптасуына туған ұжымы – А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл  
білімі институтының орны айрықша. Осы институт қабыр-
ғасында  1957  жылдан  басталған  қызмет  нәтижелі  жалға-
сып келеді. Институт – өзінің ежелден қалыптасқан дәстүрі 
бар  өзгеше  ғылыми  орта.  Бастауында  А.  Байтұрсынұлы, 
Қ.  Жұбанов,  С.  Аманжолов,  І.  Кеңесбаев,  М.  Балақаев,  
Ғ.  Мұсабаев  сынды  тұлғалар  тұрған.  Тіпті  Ұлттық  Ғы-
лым академиясының шаңырағын көтеріскен бұл ғылыми 
орта  Рәбиға  Сәтіғалиқызы  үшін  де  мейлінше  баянды  да 
бақытты  мекенге  айналды.  Ол  осы  институттың  кейінгі 
елу жылғы шежіресімен біте қайнасып, бірге жасап келеді. 
Ыстығын да, суығын да көріп, ұжымдағы әріптестерімен 
бірге тіл білімінің сан саласына бойлап, тамаша пікірле-
рін өрбітіп, ерен еңбектер туындатып келеді.
Ғылыми  мекеме  болған  соң,  оның  ішінде  ойлайтыны 
қазақ тілінің қамы болған соң, соның неше алуан мәселеле-
рі  ғылыми  кеңестерде  сөз  болып  жатады.  Міне,  осындай 
басқосуларда Рәбиға Сәтіғалиқызының ашық та айқын, дә-
лелді  де  дөп  түсіп  жататын  пікірлерінің  ел  көкейіне  қона 
түсетіні тегін емес. Кейде ол қатты айтады, бірақ ол зілсіз 

160
айтады, айтса да мәселенің жөнін біліп айтады. Сондықтан 
ғылымға  бет  түзеген  жас  буынның  көбі  алдымен  Рекеңнің 
сынынан өтуге тырысады.
Сонымен  бірге  байқалатын  бір  ерекшелігі  –  оның  инс-
титут  ұжымындағы  түсіністік  пен  тілеулестіктің  тізгінін 
ұстап  отыратыны.  Өзінің  Әбдуәли,  Шора  тәрізді  құрдас, 
замандастарының бәрінің бойына тән осы мінез, осы қасиет 
ұжым  адамдарының  парасатты  болмысын  қалыптастыруға 
ықпал ететіні даусыз. Шамасы есті адам есейген сайын өз 
бойындағы  жылдар  бойында  жинақталған,  қордаланған 
асыл  қасиеттерін  төңірегімен  бөлісе  бастайтын  болса  ке-
рек.  Әсіресе  жастарға  қамқорлық  жасауға  дайын  тұратын 
Рекеңнің ынта, ықыласынан осыны байқауға болады. 
Бұл аға ұрпақ пен келешек иелерінің арасындағы таби- 
ғи  жалғастықтың  бір  түрі.  Жастардың  ғылыми  жолын  ай-
қындап, олардың қорғауына қамқорлық қолын аямай созып 
отыратын Рекеңнен олар да інілік, кішілік ізет, құрметінен 
тартынған  емес.  Осындай  өзара  жарасымды  ортада  өмір 
сүрудің өзі бір ғанибет қой.
Рәбиға  Сәтіғалиқызын  ғылымға  өмірдің  өзі  алып  кел- 
ген.  Кейде  «ғалым  болуды  жастайымнан  армандап  едім» 
деп  жататындар  да  кездеседі.  Рекең  табиғаты  шамасы  сәл 
басқаша қалыптасқан. Өзінің айтуына қарағанда, онда арман 
қуатын  жастық  шақ  болмаған.  Әсіресе  соғыстың  4-5  жы- 
лында  арман  аулаудан  гөрі,  аштан  өлмеудің  қамын  ойлап 
күнелткен. Адам өміріне кейде кездейсоқтықтың қатты әсер 
ететіні  бар.  Рекең  өміріне  де  осындай  бір  емес,  бірнеше 
кездейсоқтық  әсері  тиген  тәрізді.  Баспа  қызметінде  редак-
тор  бола  жүріп  Академияға  ауысуы.  Әдебиетшілікті  қалай 
жүріп, тілге берілуі т.т. осыны аңғартады. Сөйтіп оның бүкіл 
ғылыми ізденістері осыдан былай қарай өрбиді.
Рекеңнің басында ғылым адамдарының көбінде кездесе 
бермейтін  тағы  бір  қасиеті  бар.  Ол  –  оның  өнер  мен  өнер  
адамдарына,  ақын-жазушылар  мен  олардың  өлең  туынды- 
ларына  деген  тойымсыз  құмарлық.  Яғни  оның  ықылас-
ынтасының  бір  бөлігі  ғылымда,  яғни  тілде  болса,  екінші  

161
бөлігі осы жағында. Есейе келгенде оның сал-серілер мек-
тебінің  үлкен  өкілі  Шахан  Мусиннің  етегінен  ұстауының 
сыры  осыдан.  Бұл  өзі  өмір  дариясының  екі  бетінде  тірлік 
етіп жатқан екі асылдың, тіпті бейнелеңкіреп айтсақ, «суық-
қандылау»  ғылым  өкілі  мен  өрт  құшақты  өнер  адамының 
қауышуы еді. Қазақы ұғымға салсақ, ел жағынан да, жер жа-
ғынан да, тірлік-кәсіп жағынан да бір-бірінен алшақ жатқан 
бұл  екі  жанның  бас  біріктіруіне  таңғалғандарға  Рекең 
«Шахаң мені жан тебірентерлік Арқаның әндерімен баурап 
алды ғой» деп әзіл айтса да, шынын айтатын. Осыдан оның 
ән  өнеріне,  әсіресе  халық  әндеріне  деген  өзгеше  құмар- 
лығы мен талғампаздығын танимыз.
Ол сөз құдіретін біліп қана қоймай, соның сиқырын да 
танытатын ақын, жазушылардың бәрін өзіне жақын санайды. 
Әсіресе, О. Сүлейменов, О. Бөкей, Ф. Оңғарсыновалардың 
талантын  керемет  бағалап,  туысынан  бетер  жақын  тартып 
отырады.  Ш.  Мұртаза,  С.  Бердіқұлов,  Ә.  Кекілбаев  шы-
ғармаларын зерттеу нысанына айналдырып, тілдік тұрғыдан 
талдай жүретіні тағы бар. Бұрынғы, кейінгі, орта буын, жас 
буын  қаламгерлердің  қай-қайсысын  да  көзден  таса  етпей, 
жылт  еткен  жақсылықтарын  атап,  өз  мақтанышындай  ма- 
саттана білетін осы бір жанға олардың да ықыласы бөлек. 
Әрбір  сөзін  он  өлшеп,  бір  пішетін  Қалихан,  Ақселеу,  Қа-
дірбек,  тіпті  кешегі  Мараттардың  (Қабанбаев)  өзін  Рекең 
көркем тілдің шеберлері деп бағалайды.
Ол  үшін  әсіресе  нағыз  ақын  атаулының  жөні  бөлек. 
Оларды  сөз  құдіретінің  сиқырмандары,  ғаламат  адамдар 
деп біледі. Абай, Махамбет, Дулат, Мағжан, Қасым тәрізді  
алыптарды (бұлардың тіл кестелері туралы керемет дүние-
лер жазылған) былай қойғанда, кешегі Мұқағали, Төлеген, 
Ізтайлар,  қазір  арамызда  өмір  кешіп  келе  жатқан  «Қыз-
келіншектерге барғанда мені де ала кет» деп Шахаң ағасын 
«шайтан  жолға»  итермелейтін  Тұманбайдан  бастап  (бұл 
Рекеңнің өз сөзі) Өтежан, Ақұштап, Марфуға, Нұрлан (Ора-
залин),  Светқалиларды  тебірене  оқып,  олардың  сөз  саптау 
машығына  таңданыс  білдіріп  отыратын  Рекеңнің  оқырман 
ретіндегі талғамына сүйсінбеу мүмкін емес.

162
Проза  өкілдерінің  тіл  кестесін  лингвистикалық  тұрғы-
дан зерделеп, монографиялық еңбектер мен мақалалар жа-
зып,  баяндамалар  жасап  келе  жатқан  Рекеңмен  сырласа 
келе, ол кісінің тағы бір шығармашылық шабыттың үстінде 
отырғанын байқадық. Алла жазса, алдағы мүмкіндікті пай-
далана келе, ол поэзия тілін зерттей түсуді мақсат етіп отыр. 
Тіпті осы ниетпен ол Ф. Оңғарсынованың шығармашылық 
табиғатына  байланысты  материал  жинауға  кірісіп  кеткен 
тәрізді.
Р. Сыздықованың ғалымдығын сөз еткенде, оның Абай- 
ға  барған  батылдығына  ерекше  тоқталуға  тура  келеді. 
Өйткені  біз  оның  бұл  әрекетінен  өмірді  Абайша  толғап,  
адамды ақынша танып, оның жазған өлеңдерінің адам жа- 
нына  әсер  етерлік  сиқырлы  сырын  тіл  көркемдігі  арқылы 
сезінуге  тырысатындығын  көреміз.  Мұны  «Абай  проза-
сы тілінің  ерекшеліктерінен»  (1959)  бастап,  «Абай шығар-
маларының  тілі»  (1968),  «Абай  өлеңдерінің  синтаксистік 
құрылымы»  (1970)  және  Абай  жылы  тойланатын  шақта 
жарық көрген «Абайдың сөз өрнегі» атты еңбектерінен ай- 
қын аңғаруға болады. Алдыңғылары кезінде ғылыми жұрт-
шылыққа үлкен ой салған, Абайға тілдік тұрғыдан барудың 
кілтін  ашқан  дүниелер  еді.  Ал  араға  жылдар  салып  барып 
қолға  алынған  кейінгі  кітап  ұлы  ақынның  сөз  өрнегін  бұ-
рын ескерілмей келген жаңа бір қырынан сөз ететін өзгеше 
туындылар  қатарына  жатады.  Міне,  бұл  еңбектердің  бәрі 
Р.Ғ.  Сыздықты  нағыз  абайтанушылар  қатарына  қосты. 
Жалпы  ақын-жазушылар  тілін  зерттеуді  мақсат  еткен  жас 
ізденушілерге  бұл  еңбектер  таптырмайтын  үлгі  болып  та-
былады.
Абай  тілін  зерделеуге  бағышталған  1968  жылғы  «Абай 
шығармаларының тілі» атты монографиясы үшін оған Ғы-
лым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы 
берілді. Бұл еңбекте автор қазақ әдеби тілін қалыптастыру-
дағы  ұлы  Абайдың  қосқан  зор  үлесін,  орнын  дәлелдейді. 
Абай  тіліндегі  лексика-морфологиялық  ерекшеліктерді  са-
ралай келе, ақын өмір сүрген кезеңдегі қазақ әдеби тілінің 

163
де  жағдайын  жан-жақты  қарастырған.  Суреткер  қолданған 
лексикалық, грамматикалық қатпар-қабаттарды әр қырынан 
талдап  береді.  Онда  жаңадан  жасалған,  көнені  жаңартқан, 
мүлде  тың  қолданыстардың  себеп-салдарын  анықтап,  ұлы 
ақынның шығармашылығын даралай түсетін тұстары ерек-
ше  зерделілікпен  баяндалады.  Сөйтіп,  «Абай  –  қазақтың 
қазіргі  әдеби  тілінің  негізін  қалаушы»  деген  тұжырымды 
тілдік деректермен тәптіштейді, беркіте түседі.
Жоғарыда аталған «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970) 
атты монографиясы жалпы өлең синтаксисіне арналған ал-
ғашқы  еңбек  десе  болады.  Мұнда  Абай  тілінің  құрылым-
құрылысы соншама бір сарамандықпен, жаны сүйе отырып 
қарастырылған.  Осынысымен  де  ол  ізденушілер  мен  сту- 
денттер  қолынан  түспей  келе  жатқан  бірегей  еңбек  қа-
тарында.
Рәбиға  Сәтіғалиқызының  қазақ  әдеби  тілі  жөніндегі,  
оның  теориясы,  қалыптасу  тарихы,  бағыттары  мен  аспек-
тілерін жан-жақты таратып, талдап беретін еңбектері өз ал-
дына бір төбе. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1993), «Сөздер 
сөйлейді»,  «Жами-ат  Тауарихтың  тілі»  т.б.  зерттеулерінен 
әдеби  тіл  тарихына  қатысты  бұрын  қалыптасқан  пікірлер-
ден өзгеше тың ойлармен танысамыз. Бұл жерде әдеби тіл 
мәселесіне  қатысты  тарихи  деректерге  молынан  жүгіне  
отырып  және  тілдің  даму  процесін  қуалай  іздестіре  келе, 
әдеби  тілдің  тарихын  бірнеше  ғасырға  тереңдетіп  батыл 
тұжырым  жасайды.  Асанқайғыдан  Махамбетке  дейін  ұла- 
сып жатқан бес ғасырлық жыр әлемін саралап шығады да, 
ғылыми  ортаға  «ауызша  әдеби  тіл»  деген  жаңа  ұғымды 
ұсынады. Бұл қазір жаңа ғылыми термин ретінде қалыптас-
ты. Осының негізінде пікір тұрақталып, әдеби тіл мәселесі 
барлық  оқу  орындарында  Р.  Сыздықова  ұстанымдары  не-
гізге алынған.
Жалпы  қазақ  әдеби  тілінің  қалыптасу  тарихын,  тілге 
тиек  етер  ескерткіштер  мен  үлгілерді  жеке-жеке  жіліктеп 
әкетуден гөрі, оларды белгілі бір тұтастық өлшеміне салып 
зерделеу  керек  екенін  айтып,  соны  өзі  бастаған  болатын. 

164
Әрине, ол жалғыз болған жоқ. Ұстазы М. Балақаев, қалам-
дас  інісі  Е.  Жанпейісовпен  бірлесе  жазған  «Қазақ  әдеби 
тілінің  тарихы»  (1968)  атты  кітап,  Рекеңнің  әлгіндей  ойда 
жүрген  кезінде  жазылған.  Ол  кезде  әдеби  тіліміздің  тари- 
хын  қай  кезден,  кімнен  бастау  керек,  қандай  үлгіге  сүйе-
неміз, қай дәуірге апарамыз деген сан алуан сұрақтарға әлі 
жауап жоқ болатын. Тіпті әдеби тілдің статусын айқындау, 
анықтау жөнінде де әрқилы пікір өрбіп тұрған кез еді, бұл.
Ол  кезде  көбіміз  жазба  тіл  ғана  әдеби  тіл  бола  алады  
деген  қағиданы  ұстанатынбыз.  Ал  кейбір  жазу  үлгілері  
XVІІІ  ғасырдың  ортасында  әйгілі  бола  бастағандықтан, 
әдеби тіліміздің бастауын да сол кезеңге апарып жүрдік.
Ал  Р.  Сыздық  XV-XVІІІ  ғасырларда  өмір  сүрген  ақын-
жыраулар тілін зерттей келе, әдеби тіл тарихы осы кезеңнен 
бастау  алады  деп,  оны  бес  ғасырға  тереңдетті.  Сонымен  
бірге қазақ халқының қалыптасу, даму тарихының өз ерек-
шеліктері  бар.  Сол  ескермеуге  болмайтын  ерекшеліктерді 
ескерсек,  біздің  әдеби  тілімізді  жазумен  байланыстырып, 
таңып  тастауға  болмайды.  Көптеген  әдеби  үлгілер  мен 
фольклорлық  мұраларымызды  ақын-жыраулар  ел  арасына 
ауызша  таратып  отырған.  Сондықтан  біз  өз  халқымыздың 
тарихында орны бөлек мұндай феноменді есепке алу қажет 
деген  ыңғайдағы  бұл  пікірді  әуелі  1984  жылы  жариялаған 
«XVІІІ-XІX  ғғ.  Қазақ  әдеби  тілінің  тарихы»  атты  моно-
графиясында  әйгіледі.  Сосын  бұл  зерттеуін  кеңейтіп, 
тереңдетіп «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (XV-XІX ғғ.) деген 
атпен 1993 жылы екінші басылымын жариялады. Мұнда ол 
жазба  тіл  мен  ауызша  әдеби  тілдің  өзара  айырмашылық-
тары  мен  ұқсастықтарын,  әрқайсысының  өзді-өзіне  тән 
ерекшеліктерін талдап көрсете келе, ауызша әдеби тіл де-
ген  терминді  ендіріп,  мүлдем  жаңа  бағыт  ұсынды.  Рәбиға 
Сәтіғалиқызының  тіл  біліміндегі  бұл  батыл  бағыты  қазір 
өзінің өміршеңдігін танытып отыр.
Р.  Сыздық  түркі  тілдері  тарихына  байланысты  ізденіс-
терін  Қожа  Ахмет  Ясауи  хикметтері  арқылы  XІІ  ғасырға 
қарай тағы да тереңдете түседі. Атап айтқанда, «Самарқанд 

165
немесе  Залеман  нұсқасы»  деген  қолжазбаның  тілін  лекси-
ка-грамматикалық, текстологиялық тұрғыдан талдаған зерт-
теу  жұмысын  35  баспа  табақтың  көлемінде  баспаға  ұсы- 
нып отыр.
Көркем мұраларды құмарта оқитын жұртшылықтың қо- 
лына  тиген  «Сөздер  сөйлейді»  (1980,  1994)  деген  еңбегі 
ғалымның  аса  бір  зеректікпен  орындаған  жұмысы  болды. 
Онда ақын-жыраулар тілінде кездесетін сан алуан тұрақты 
тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердің 
байырғы мағыналарын ашып, олардың семантикалық өрім-
өзгерістерін  саралап  береді.  Мұның  тарихи  лексикология 
бойынша  өте  қажетті  оқу  құралының  біріне  айналуы  да 
сондықтан. 
Тіл мәдениеті мен қолданбалы лингвистика Рәбиға Сә- 
тіғалиқызы зерттеулерінің ішінде өзгеше сипаттағы дүние- 
лер.  Бұл  сала  бойынша  ол  қаншама  жылдар  бойы  өте  нә- 
тижелі  еңбек  етіп  келеді.  Ғалымның  сондағы  көңіл  бөлің-
кірейтіні  шешендік  сөздер,  сөзқолданыс,  әдеби  норма  мә- 
селелері. Осы ыңғайда оның жетекшілігімен бірнеше ұжым- 
дық жұмыс орындалды. Мәселен, «Жазушы және сөз мәде-
ниеті» (1983), «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1987), т.б. 
«Тілдік  норма  және  оның  қалыптасуы»  (2001)  атты  жеке  
монография  да  норма  мәселесі  теориялық  тұрғыда  сөз 
болған тұңғыш еңбек.
Сондай-ақ,  Рәбиға  Сәтіғалиқызының  қазақ  орфогра- 
фиясына  қосқан  үлесі  де  мол.  Ол  қазақ  тілінің  орфогра-
фиялық сөздігін түзісуге 1960 жылдан бері үзбей қалам тар-
тып  келеді.  Оның  тікелей  басшылығымен  жуырда  «Қазақ 
орфографиясы  негізгі  ережелерінің  жаңа  нұсқасы»  жа- 
салды.
Р.  Сыздық  –  қазақ  тіл  білімінің  көкейкесті  мәселелерін 
баспасөзде үзбей жазып, теледидар, радиодан үздіксіз наси-
хаттап келе жатқан сергек ойлы, зерек тілші. Ол қоғамдық 
мәдени өмірдің қайнаған ортасында, әсіресе тілге қатысты 
мәселенің  бәрінде  өз  үнін,  өз  пікірін  ашық  та  анық  айтып 
отыратын тіл сыншысы.

166
Кешегі репрессия құрбандары А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұ-
банов  сынды  ғұламалардың  өмірі  мен  шығармашылығын 
насихаттауда жүргізген жұмыстары өз алдына бөлек әңгіме. 
Бұлар  жөніндегі  танымдық  мәні  айрықша  еңбектері  сту-
дент қауымының қолында. Оның редакторлық жұмысы мен 
ұстаздық қызметінің де жөні бөлек.
Р.  Сыздық  туралы  ұстаздары,  қызметтес  қатар  құрбы-
лары, замандас қаламдастар тебіреніске толы пікірлерін жаз-
ған.  Солардың  ішінен  М.  Әуезовтің  Рекең  туралы  айтқан 
мына бір ойларын қайталап еске алсақ артық бола қоймас.
«…  Оның  (Р.  Сыздық  туралы)  сөзіндегі  бір  ерекшелік: 
тіл  мамандары  мен  әдебиетшілерге  қатар  айтар,  орынды, 
кенеулі  ойы  бар  және  сол  ойды  таратып  айта  аларлық  тіл 
құдіреті  мейлінше  жеткілікті  екендігін  аңғартты»  деп  жаз- 
ған  екен  Мұхаң  «Әдеби  мұра  және  оны  зерттеу»  деген 
кітапта (351-бет). Ол ғылыми кадрлар дайындауда да сүбелі 
үлес  қосып  келеді.  Бес  доктор,  жиырмадан  астам  ғылым  
кандидаты осының айғағы.
Ғалым  Р.Ғ.  Сыздық  еңбектері  Үкімет  тарапынан  әлде-
неше  рет  жоғары  бағаланды.  Құрмет  грамоталарымен  ма-
рапатталды.  «Құрмет  білгісі»  орденіне  (1972)  ие  болды. 
Қазақ  ССР-інің  еңбек  сіңірген  ғылым  қайраткері  құрметті 
атағы  (1954)  берілді.  Есімі  Қазақ  ССР-інің  «Құрметті  Ал-
тын  Кітабына»  жазылды  (1981),  Ш.Уәлиханов  атындағы 
сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лау-
реаты атанды.
Егер  Р.Сыздық  еңбектерінің  мән-мағынасын  ары  қарай 
жеке-жеке талдап отырар болсақ, әлденеше мақалаға тати-
тын  ұзақ-сонар  әңгімеге  ұласар  еді.  Сондықтан  академик 
Рәбиға  Сәтиғалиқызы  туралы  бұл  жолғы  сөзді  былайша 
түйіндегенді жөн көрдік.
Сегіз  онның  ғажайып  қақпасын  еркін  де  серпе  ашып, 
неше алуан сиқырлы сөз бен сергек ойдың әлдиінде жүрген 
Рекең,  сол  отты,  жігерлі,  қайсар  мінезінен  таймай,  өзіне 
жарасқан  көркем  де  көсем  қалпында,  қазақ  тілінің  тағы 
бір  келелі  мәселесі  бойынша  пікірталасқа  қазір  кірісіп  ке-

167
тердей  сыңай  танытады.  Ол  кісінің  академиядағы  қызмет 
орнына келіп енгенінің өзі ұжымды өзгеше қозғалысқа са-
лып,  жан  бітіргендей  болады.  Қысқасы,  Ұлттық  Ғылым 
академиясының  академигі,  профессор,  ғылым  докторы  
Р.Ғ. Сыздықтың өмірде тынымсыз еңбекпен өрмелеп шық-
қан  өрелі  биіктерін,  көркем  дүниедей  оқылатын  ғылыми 
еңбектерін, жоғарыда ескерткеніміздей, ежіктеп баян етуден 
гөрі,  қарапайым  қазақ  әйелінің  кәдімгі  адами  болмыс-біті-
мін де сөйлетсек деп едік. Сол мақсатымыздың бәрі бірдей 
орындала қоймағанын сеземіз.
Дегенмен  мына  ғажайып  өмірде  қазақтың  қыздары 
мен  аналарына  ғана  тән  мінез  бен  қазақ  тілінің  құдіретін 
танытып,  өнеге  таратып  жүрген  осынау  жанмен  қатар 
еңбек етіп жүрудің өзі бір ғанибет емес пе? Ендеше өзінің 
болмыс-бітімімен ел анасы дерлік дәрежеге жеткен Рәбиға 
Сәтіғалиқызының  бүгінгі  мерейлі  биігін  осылайша  да 
әйгілеп,  шын  көңілден  құттықтап,  ғұмыр  тілейік,  ағайын, 
дей отырып, сөз түйінін ұлы Абай өлеңінің:
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек! –
деген екі жолымен бітіргенді жөн көрдім!

жүктеу 7.95 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет