Өмірзақ айтбайұлы



жүктеу 7.54 Kb.
Pdf просмотр
бет1/27
Дата10.02.2017
өлшемі7.54 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

өмірзақ айтбайұлы
ТілТірес 
(Мемлекеттік тілді қалыптастыру 
хақындағы ойлар, сұхбаттар
тұжырымдар, мақалалар)
 
Алматы
2014

УДК 80/81
ББК 81.2
А 32
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі 
Тіл комитетінің тапсырысы бойынша
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 
2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»
аясында шығарылды
 
 
айтбайұлы ө. 
тілтірес:  (Мемлекеттік  тілді  қалыптастыру  хақындағы  ойлар, 
сұхбаттар, тұжырымдар, баяндамалар, мақалалар)/ Ө. Айтбайұлы  – 
 Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 400 бет.
ISBN 978-601-7172-32-9
Автордың кейінгі бес-он жыл ауқымында жазылған ой-пікір- 
лері жинақталған бұл кітапта қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеле- 
нуінің  қиын  да  қызықты  жолдары,  пікірталастар,  тілтірестер 
барланады. Елмен бірге еңсерілген тіл шеруі өзіндік топшылаулар 
негізінде сараланады.
Еңбек қазақ тілі жанашырларына және жалпы оқырман көпші- 
лікке арналған. Мемлекеттік тіл тағдырына қызығушы мамандар 
мен жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттері 
үшін де танымдық мәні бар.
УДК 80/81
ББК 81.2
ISBN 978-601-7172-32-9
© Айтбайұлы Ө., 2014
© «Абзал-Ай», 2014
а 32

қазақ тілі 
ЖӘНЕ 
қОҒам

4
қазақ тілі және «қазақ тілі» қОҒамы
Бірінен бірін айырып бөлуге болмайтын бұл екі ұғымның 
сыры да, жыры да жетерлік. Әуелі айырмашылығы мен 
ерекшелігін  іздесек,  бірінің  баяғы  заманнан  жалғасқан 
байырғылығын, екіншісін – осы замандық қазіргілігін есепке 
алуға  болар.  Басты  ақиқат:  тілдің  мәңгілігі,  Қоғамның 
кезеңдігі,  уақытшалығы.  Ана  тілі  адамзат  қауымының 
аясында әралуан тарихи кезеңдер сүзгісінен өтіп, халықпен 
бірге  жасап  келе  жатқан  басты  байлығымыз.  Ал  Қоғам 
кезең талабы тудырған уақытша ұйым, бұқаралық ұжым. 
Тілге  деген  халық  серпілісінің  сергек  қимылынан,  бейбіт 
кезеңдегі бірауыздылығының, ел мүддесін бірлесе ойлауы мен 
шешудің бір көрінісі іспетті дүниеге келген айрықша одақ.
Алғашқы  жылдары  қарқын  алған  Қоғам  жұмысының 
кейін  бірте-бірте  саябырлаңқыраған  жайы  бар.  Әйтсе  де 
Қоғам жұмысының солғындауына кесірі тиген басты кедергі- 
лердің  қайсыбірін  айта  кеткен  артық  болмас.  Өйткені  бұл 
жан ауыртар шындықтар алдағы тірлігімізде, бәлкім, сабақ 
болып қалар деген ойдамыз. 
Ең алдымен «Қазақ тілі» қоғамының тынысын тарылтып, 
адымын қысқартқан – қаржының тапшылығы. Рас, алғашқы 
екі-үш жылда үкімет қаржылай көмек беріп отырды. Мұның 
үстіне мүшелік жарна да уақытылы төленіп тұрды. Ол кездегі 
Қоғамның қарқынды іс-әрекеттері көпке мәлім. Алайда бұл 
қарқын ұзаққа бармады. Бұған себеп болған нәрсе – Тәуелсіз 
еліміз  нарықтық  экономика  саясатының  асау  тарпаңының 
жалынан  ұстауы.  Бұл  өзі  оңайлықпен  жуаситын  асау  емес 
екен.  Өмірде  талай  асауды  тізгіндеп  мініп,  тез  иліктіретін 
халқымыз  осы  жолы  мықтап-ақ  ойланып,  біразға  дейін 
ыңғайына көндіре алмай, жылжусыз тұрып қалғаны да рас. 
Аздап абыржыңқырап қалғаны да рас. 
Алайда  Елбасының  қажырлы  әрекетінің  және  ұлт  мүд- 
десін  түсінген  сауатты  жандардың  соның  маңына  топтаса 
білуінің нәтижесінде еліміз төрт-бес жылдан соң ғана есін 

5
жиып,  қалпына  келуге  қайта  тырмысты.  Талай  күрделі 
оқиғалар халқымызды алқымнан қысты. Кезінде жіберілген 
асығыстықтар, қателіктерден сабақ алды. Сөйтіп тәуелсіздік 
деген  ұғымның  парқын  білді.  Ел  боламыз  десек,  соған 
қызмет  жасаудан  асқан  парыз  болмайтынын  біртіндеп 
түсініп, жанын сала еңбек ететіндер қатары көбейе бастады. 
Қазақстанның  саяси-әлеуметтік  өмірінде  болып  өткен 
жағдайлардың  бірде-бірі  Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоға- 
мының  жұмысына  әсер  етпей  қойған  жоқ.  Елмен  бірге 
күйзелді,  елмен  бірге  түледі.  Нарық  келіп,  парықты  билей 
бастаған  сол  жылдардың  ықпалы  күні  кешеге  шейін 
жалғасып  келді.  Нарықтың  күтпеген  жерден  тиген  ауыр 
соққыларына  төтеп  бере  алмаған  көптеген  шаруашылық 
орындары өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. 
Зауыт,  фабриктер  жабылып,  колхоз,  совхоздар  тарап 
кетті. Қоғамның көптеген мүшелері байырғы қызметтерінен 
айырылып, қол қусырып отырып қалған жағдайда олардан 
мүшелік жарна сұраудың өзі мұң болды. Ал үкімет қоғамға 
қаржы  бөлуін  тоқтатты.  Тіпті,  «өзіңді  өзің  асыра»  деген 
заң  шығарған  кезі  де  сол  тұс.  «Қазақ  тілі»  қоғамының 
жұмысының  солғындаған  кезеңдері  осы  кез  еді.  Яғни  
ІІІ Құрылтай мен V Құрылтайлар тұсында Қоғам көк тиын- 
сыз тірлік кешті. 
Соған қарамастан «Қазақ тілі» қоғамы өз жұмысын тоқ- 
татқан  жоқ.  Жергілікті  жерлердегі  ұйымдармен  бірлесе 
отырып  және  Президентіміздің  мемлекеттік  тіл  жөніндегі 
ұстанымын  үлгі  тұта  келе  елдің,  тілдің  еңсесін  көтерер 
қыруар  шаруа  тындырды.  Ақтөбе,  Орал,  Семей,  Өскемен, 
Павлодар,  Жезқазған,  Маңғыстау,  Тараз,  Алматы,  Талды- 
қорған, Астанада өткен басқосулар, конференция, дөңгелек 
үстел  тәрізді  отырыстардың  бәрі  Халықаралық  «Қазақ 
тілі»  қоғамының  қажыр-қайратының  нәтижесі  болатын. 
Бұл жөнінде кезінде баспасөз бетінде хабарланып отырды. 
Сондықтан оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталуды артық 
санаймыз. 
Мән бермеуге болмайтын екінші бір мәселе – атқа мініп, 
тізгін  ұстаған  шенеуніктер  легі.  Бұларды  басты-басты  екі 

6
топқа бөліп қарау керек сияқты. Іс-әрекеттер бағыты осыны 
аңғартады:  орыс  тілін  жетік  білетін,  қазақ  тілін  қажетсіз, 
қосалқы  тіл  санайтын  жас  шенеуніктер;  керісінше,  қазақ 
тілінің кәусарынан қанып ішіп, сол арқылы жетілген кексе 
шенеуніктер.  Бұлардың  алғашқылары  сергек  ойлы,  білімді 
де,  алғыр  да  іскер  жандар.  Араларында  қазақтың  қамын 
өзінше  ойлайтын,  ұлт  мүддесі,  ұлттық  рух  дегеннен  аз  да 
болса хабары бар, салыстыру мүмкіндігі мол, таланттылары 
да жоқ емес. 
Алайда  бұл  екі  бағыттың  да  мемлекеттік  тіл  дегенде 
кежегесі кейін тарта беретіні шын. Әңгіме ауанынан байқала- 
тынындай,  бұл  екеуінің  де  қазақтар  екені.  Қазақ  тілінің 
қажеттілігін  сезінбейтін,  оны  артық  жүк  деп  қарайтын 
алғашқыларды арашалап алып қалатын себеп те бар сияқты. 
Ол  –  олардың  уызынан  қағылып,  басқа  тілдің  бауырында 
тәрбие алуы. Қазақ атын иеленіп тұрған Атамекенде туып-
өстім,  жетілдім  деуге  оның  да  хақы  бар.  Бірақ  ана  тілден 
мақұрым қалу нәтижесінде ата-баба рухынан мүлде алыстап 
бара  жатқан,  жатбауыр  жандар  біртіндеп  өздерін  қазақпыз 
деп  айтудан  да  айбынатын  болар.  Сонда  қазақ  елі,  қазақ 
жері, қазақ тілі деген қасиетті ұғымның бұлар қай жағында 
жүрмек. Одан не түсініп, не ұғып, қандай елдің патриотымыз 
деп айта алар? Қазақтың тарихын, әдебиетін, тіпті тілін де 
орысша  оқып  үйренген  қазақтың  баласында  отаншылдық 
сезім  ояна  қояр  ма?  Абайды,  зар  заман  ақындарын,  
М. Әуезовтің шығармаларын орысша оқу арқылы талай мағ- 
лұмат  алуға  болар,  бірақ  Абай  өлеңдеріндегі  басқа  тілге 
аударуға  мүлде  келмейтін,  тек  қазаққа  тән  таңғалдырар 
кереметтер  түпнұсқадан  ғана  оқып  рахаттануға  болатын 
ғажайыптарын  ұғынбай  отырып,  ұлттық  рухыңды  қалай 
көтермексің, ұлттық жаныңды қалай рухтандырарсың?! 
Ал  ана  тілінде  тәрбие  алып,  таза  бұлақ  кәусарынан 
мейірі қанғанша ішіп үлгерген, сонымен бірге орыс тілінің 
де  қадір-қасиетін  жетік  меңгерген  екінші  топтың  таным-
түсінігінде  өмір  ағымына  орай  қилы-қилы  құбылыстар 
болған  сияқты.  Олардың  да  көбі  қайратты,  білім,  жігер, 
парасат жағынан кенде емес. Әттең, не керек, құдай берген 

7
қабілеті  өз  халқының  мақсатына  жұмсаудан  гөрі,  ана 
тілінің мүддесін ойлаудан гөрі басқа бір келеңсіз жайларға 
ойыстырып жіберген сыңайлы. Олардың бірсыпырасы мына 
тектес: жеке байлық мүддесі, есебін тауып байи беру, яғни 
құлқын  мен  қалта  қамы  үшін  орысқа  жағыну,  өз  тілінен 
жеріну, ұлттық мәдениеттен гөрі орыс пен батыс мәдениетін 
көбірек көксеу, т.т. Тәуелсіздік тамыры тереңге кеткен сайын 
мемлекеттік қызмет аясындағы қазақтардың үлес салмағы, 
құдайға  шүкір,  қайсыбір  ақпарат  мәліметіне  қарағанда 
80  пайыздан  асып,  90  пайызды  алқымдап  қалған  деседі. 
Бұл,  бір  жағынан  сөз  жоқ,  көңілге  шүкіршілік  ұялататын 
қуанышты  көрсеткіш.  Екінші  жағынан,  соның  бәрі  бірдей 
ұлт  мүддесін  ойлайтын,  тілге  қамқорлық  жасап  отырған 
жандар  ма?!  Қазақ  тілінің  өркендей  алмай  отырғанына 
осылардың кінәсі жоқ па? Мемлекеттік тілді өз дәрежесіне 
жеткіземіз, шын мәніндегі мемлекеттік мәртебеге көтереміз 
деп әрекеттенгенімізге 20 жылдай болды. Керекті құжаттың 
бәрі  бар:  Конституциямыз  анау,  әлденеше  өңделіп,  сұрып- 
талған  «Тілдер  туралы»  Заңдарымыз  бен  Мемлекеттік 
Бағдарламаларымыз  мынау.  Қазақ  тілін  қанаттандырамыз 
деген жаңа сара жол ашылғандай-ақ. 
Едәуір жұмыстар жасалды десек те, қазақ мектептеріндегі 
қазақ  тілінің  мемлекеттік  мәртебесі  неге  көтерілмейді? 
Балаларымыздың өзі неге орысша сөйлеп барады? Тәуелсіз 
ел  болдық,  өз  қолымыз  өз  аузымызға  жетті  деп  қаншама 
масайрасақ та, тілімізді жұтып жіберетіндей нендей құдіреті 
бар бұл тілдің? Әлде бұл тілдің немесе сол тіл өкілдерінің 
негізгі мақсаты біздің тіл мен мәдениетімізді мүлдем жұтып 
тыну ма, әлде жұтқызып тыну ма?! 
Осы жағдайларды саралай келгенде, жамандыққа қимасақ 
та  өзімізге-өзіміз  сана  биігінен  анықтап  қарауымыз  керек 
сияқты.  Бет-жүзімізге  қарамай  тұла  бойымызды  торлап 
бара  жатқан  жұқпалы  дерт  жөнінде  ащы  да  болса  айтуға 
міндеттіміз.  Яғни  бар  бәле  өз  бойымыздан  табылғандай... 
Егер де атқа мінгеніміз бар, жерге табан тіреп жаяу жүргеніміз 
бар  өз  еліміз  бен  жеріміздің  қадір-қасиетін  тереңірек 
түсініп, Атамекен мен Алла қош көрген ана тіліміздің асқан 

8
байлығын місе тұтып, ұрпағымызды жөргегінен сол негізде 
тәрбиелей  алғанымызда  бізге  кім  мұрнын  шүйіргендей. 
Халықтың біртұтастығы, ұлттың берік негізі осылай қалан- 
баушы  ма  еді?  Біз  осы  негізден,  осы  тірек-тектен,  осы 
қасиетті тұғырдан айырылып қалардай сиқымыз бар. Мұның 
бәрінің негізгі тірегі – тіл ғой. Қазақ тілін мемлекеттік тіл 
еткен тұста біз көп мәселелерде асығыстық жасадық. Тіліміз 
мемлекеттік  мәртебе  алды,  әңгіме  осымен  бәрі  бітті  деп 
ойладық. Мемлекеттік тілдің тұғыр-тірегін беркітіп, іргесін 
кеңейтудің  қандай  жолдары  болуы  керектігін  түбегейлі 
ойланбадық.  Бізге  ана  тілінде  еркін  сөйлеп,  сауатты  жаза 
білетін сан саланың мамандарын даярлау керек еді. Әрекет 
болды, бірақ жоспарланған жүйелі жұмыс болмады. 
Жылдар бойы көкейімізге қадалып ҰЛТ МҮДДЕСІ жатты. 
Оны сыртқа шығарып, еркін әрекет етуге «ұлтшылдық» деген 
сан жылдар бойы үрей туғызып келген қорқынышты сөздің 
құрсауынан сытылып шығу оңай емес еді. Санаға соншама 
сіңген бұл қыспақтан әлі күнге құтыла алмай келеміз. 
Халық  басына  келген  әлденеше  алапаттан,  әсіресе  37 
жыл  мен  51  жылдан  соң  қаймағынан  айырылған  қайсар 
қазақтың  тірі  қалған  өкілдері  өз  басын  арашалау  әрекетін 
қылды. Олар ұлттық мүддеден гөрі бас сауғалау салдарынан 
өз амандығын көбірек күйттеді. Өткенге салауат... 
Біз  халқымыздың  өз  тілінде  сөйлеу  мәселесін  процентке 
шағып әңгімелеуді әдет қылып алдық. Қазақ әлі аз, сондықтан 
сабыр сақтайық, 50 пайыздан асайық деген көңіл жұбатумен 
келдік. Ел тағдырын, тіл тағдырын шешуге келгенде осындай 
да  принцип  бола  ма?  Қазіргі  60  пайызға  жетіп  отырғандағы 
сыйқымыз мынау. Ал кешегі 25-30 пайыз кезімізде қала бер- 
ген жағдайда тілімізді мүлдем құрту керек пе еді? Соған сәл-
ақ  қалды  емес  пе?  Қазақтың  саны  аз,  сондықтан  бұл  елде 
мемлекеттік  тіл  екеу  болуы  керек  деп  аузы-басы  қисаймай 
соққандар (олардың арасында орыстар ғана емес, ең сорақысы, 
қазақтар  да  болды)  түсінік-түйсігінде  титтей  әділет,  иман- 
дылық  болса  «оу,  бұл  қазақтың  санының  осынша  азайып 
кетуінің басты себебі не еді» деп ойланбас па?! Жоқ, олай 
етудің  орнына  процентті  желбіретіп,  ту  етіп  ұстап,  көзге 

9
шұқитын  болды,  негізгі  ұстанар  тірегі,  дәлелі  осы  болды. 
Ұлттық  мәдениет  мәселесінің  болашағы  бұлдыр,  өйткені 
жалғыздың  үні  шықпас,  жаяудың  шаңы  шықпастың  кері. 
«Қазақ аз, сондықтан өзіндік мәселені көтеріп әуре болма» 
деген ағымның күні бүгінге дейін үні өшкен емес. Ең жаманы, 
осындай  пиғылға  жан-тәнімен  шырмалған,  берілген  іштен 
шыққан шұбар жыландардың азаймай тұрғаны. Қайта мұндай 
дүбәраралардың қатары жыл өткен сайын көбейе түсуде. 
Жалпы ұлттық мүдде мәселесі сөз болған кезде процентке 
сүйену  –  барып  тұрған  қасиетсіздік.  Айталық,  өз  жерімізде 
қазақтың саны әлі де аз делік (құдай сақтасын әрине), сонда 
біз  ұрпағымызды  өзге  ұлттар  рухында  тәрбиелеп  барып 
жан  сақтауымыз  керек  пе?  Мемлекетіміздің  қазақ  тілі  мен 
әдебиеті пәндерінен басқа пәндерінің бәрі тек ағылшын тілінде 
жүргізілетін  болса,  онсыз  да  ұлттық  рухымызды  шайқалтып 
отырған  біздің  ұрпақтан  отансүйгіш  азаматты  қалай  баптап 
шығаруға болады? 
Елбасы  екі  сөзінің  бірінде  отаншыл  қазақ  азаматын, 
Қазақстан  патриотын  тәрбиелеу  жайын  сөз  етеді.  Осы 
мақсатты  орындаудың  жалғыз  жолы  мемлекеттік  тілді  қоя 
тұрып, түпкі мүддесі әлемді билеп-төстеу болып табылатын 
Американың  ауанына  түсу  болғаны  ма?  Тарих  тағылымы 
танытқандай,  асығыстық  қашан  да  апанға  апарады.  Ұрпақ 
тәрбиесінде  замандар  бойы  тәжірибе  талқысынан  өтіп 
қалыптасқан  қағидалар  бар,  орныққан  үрдіс  бар.  Соларды 
негізге  алып,  төл  тәрбиеге  жүгіне  отырып,  ұрпақ  қамын 
ойластырмаса  болмайды.  Ұрпағын  тәрбиелей  алмаған  ел 
ұлттық негізден айырылады. Ұлттық негіз – тілмен шегеленеді. 
Бұған көңіл бөлмеген елден не күтуге болады?..
Әрине,  «Еліңді  жамандама  –  шығар  төрің,  Жеріңді 
жамандама  –  кірер  көрің»,  –  деген  сөз  бар.  Сонда  да 
Тіл  отаршылығынан  біздер  түгел  құтыла  алмай  келе 
жатқанымызды  айтпай,  қалай  үнсіз  қаламыз.  Қазақстанда 
орыс  тілінің  өрісі  шексіз  кеңейтілген,  70-80  жыл  бойында 
қазақтардың  арасында  орыс  тіліне  берілгендегідей  артық- 
шылық ешбір елде берілген емес. 
Әлемде кең тараған тілдерді оқып-үйрену жаһандануды 
қолдау  емес.  Глобализацияны  мадақтауды,  үрей  шақыруды 

10
тоқтату  керек.  Жалпы  халықтар  өз  тілін,  өз  мәдениетін 
ұмытуға даяр дегенге кім сенеді? Бірақ... 
Біз өз тілімізді қорлаудың алуан түрін айылымызды жимай 
көрсетіп келеміз. Қалай дейсіз ғой? Бірен-саран облыстарда 
ғана  көпшілік  бас  қосқан  жиналыстарда  ғана  әңгіме  қазақ 
тілінде жүріп жатады. Бұған да құдайға шүкір дей отырып, 
елдің туын ұстап барып, шетелдерде қазақ халқының атынан 
сөйлейтін  қайраткерлеріміз  біздің  мемлекеттік  мәртебе 
алған тіліміз бар еңселі ел екенімізді есепке алмай, қорлаған 
үстіне  қорлай  түсіп,  орыс  тіліне  «жүйріктігін»  танытуын 
қоймай  келеді.  Тәуелсіздік  таңы  атқалы  бері  арғы-бергі 
қарым-қатынасымыз  жиілеп,  тілдің  де  өрісін  кеңейтерлік 
жағдай  туған  еді.  Тіпті  неше  алуан  шетелдерден  келген 
елші-дипломаттар мен делегаттар алдында өз тілі, өз үні жоқ 
байғұс  елдің  кейпін  танытып,  мүсәпірлік  шапанын  тастай 
алмай жүрміз. Өзімізді-өзіміз сонша қор етіп көрсетерліктей 
намыссыздықтың әлемде теңдесі жоқ түріне неге жабысып, 
ажырай алмай қалдық? 
Қайда,  әлем  оқымыстыларына  таңдай  қақтырған  «дала 
Демосфендері». Сансыз дүлдүлдер келтірген, негізгі шешен- 
дік өнер көсемдерін тудырған қазақ тілін неге сонша қорлай 
береміз? Намысты найза қолға алмай, сөз семсерін сайламай 
тіл мұңы сірә да бітер түрі жоқ! Бұл елді жамандау емес, ел- 
дігіңнің тірегі – тіліңнің қазіргі күйін толғап, соның қамын жеу! 
Талай  айтылса  да,  осындайда  сараман  елдердің  саналы 
әрекетін қозғай бергің келеді. Бәлкім осылайша қазбалаудың 
да бір пайдасы тиер. Баяғыда ұмыт болған көне иврит тілін 
тірілткен Израил елінің ұлттық ерлігіне бас иесің. Сондай-
ақ  Испанияда  испан-кастилья  тілінің  отаршылдығынан 
құрып бара жатқан каталан халқының өз тілін өмірдің бар 
саласында  дамыта  бастауын,  Финляндиядағы  финн  тілі, 
даниялықтардың,  норвегтердің  өз  тілдерін  қалай  дамытып 
отырғандары  неге  ойландырмайды?  Бұлардың  саны  біз- 
дерден  әлдеқайда  аз  бола  отырып,  намыс  туын  қолынан 
тастамайтыны  қайран  қалдырады!  Тіпті  кеңестік  дәуірдегі 
эстон,  латыш,  литван,  украиндардың  әрекеттері  (өзбек, 
әзірбайжанды былай қойғанда) неге мысал бола алмайды. 

11
Қысқасы, әлі де үстемдік құрып отырған «тіл отаршыл- 
дығынан құтылу – қазақтығымызды сақтап қалудың кепілі» 
болмақ. 
Ақпарат  құралдары  арқылы  жетіп  жатқан  түрлі  мәлі- 
меттерге  қарағанда,  біздің  шетелдегі  елшіліктеріміздің 
көбінде орыс тілі еркін қолданылады. Яғни олардың қолд- 
анысына қазақ тілі енбеген. Сонда бұлар қай елдің мүддесін 
қолдап, қай елдің намысын қорғап отыр? 
Республика  көлемінде  жүргізіліп  жатқан  іс-әрекеттері- 
міздің көбі қазақ тілінің өмірге керектігін емес, керексіздігін 
дәлелдей  түсетін  сияқты.  Өйткені  аттап  бассаңыз  қазақ 
тілінің екінші қатардағы кейпін көріп, көңілің пәстене түседі. 
Көпшілікке қызмет жасайтын қай мекемеге енсеңіз де орыс 
тілінің үстемдігін көресіз. Қазақша сөйлеп келеге шақырсаң 
«сенің артта қалып қалған мәмбеттігіңді» бажылдап айтып, 
шапылдап  шапшып  тұратын  өз  қандасыңның  орысша 
шапалағына тап боласың. Бұндай пікір мен арызды әсіресе 
оралман  аталып  кеткен  бауырларымыздан  көбірек  естиміз. 
Ал өзіміздің тұрғылықты қазақтың еті өліп тынғаны қашан. 
Тіпті бұған селт етіп те мән бермейтін тасқұлақ болып алдық. 
Әрине, мұның бәрі қоғамның дерті. Ал дерт, ауру емдесе 
ғана жазылады. Сондықтан бәріміз көп болып дерт дауасын 
іздегеніміз жөн-ақ.
«аНа тілі» өмірГЕ ОСылай КЕлДі
Ұлт газеті – «Ана тілінің» дүниеге келуіне сол уақыттары 
шаңырақ көтеріп жатқан «Қазақ тілі» қоғамы зор ықпал 
жасағаны  шүбәсіз.  Осы  бір  жайттың  анық-қанығына 
нақтырақ  қанығу  мақсатында  сол  кездері  аталған  қоғам- 
ның  басшылығында  жүрген  ғалым  ағаларымыз,  қоғам 
қайраткерлері Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлына 
жолығуды жөн көрдік. Өмірзақ ағаны тез тапқанымызбен, 
Әбекең  үйінде  болмай  шықты.  Ауруханада  ем  қабылдап 
жатыр  екен.  Бір  жағынан,  ол  кісінің  жағдайын  білейік, 
екіншіден, «Ана тілінің» жарық көруіне белсене атсалысқан 

12
ардақты  азаматты  газеттің  мерейтойымен  құттықтап 
шығайық деген ниетпен аурухананы бетке алдық. Өмекең де 
бұл ұсынысымызды қолдап, бірге баруға келісімін берді.
Әбдуәли Қайдар: – «Ана тілінің» жарық көруі «Қазақ тілі» 
қоғамымен  тығыз  байланысты.  Алдымен  қоғам  құрылды. 
Содан кейін газет шығару керек болды.
Ол  кезде  Орталық  Комитетте  біреу  қолдамаса,  газет 
шығару қиын еді. Өзбекәлі Жәнібеков біздің ұсынысымызды 
қолдады. Сосын газеттің редакторлығын таңдауды өзімізге 
қалдырды.
Біраз журналистермен сөйлестік. Әңгімелестік. Ақырын- 
да  солардың  ішінде  Жарылқап  Бейсенбайұлына  тоқтадық. 
Біртоға, салмақты жігіт көрінді. Ш. Уәлихановтың еңбектерін 
зерттеп  жүр  екен.  Ғылымға  талпынысы  бар.  Сол  жігітті 
таңдап  алдық.  Бұдан  біз  ұтылғанымыз  жоқ.  Қайта  ұттық. 
Бізбенен ақылдасып отырды. Газетті бұра тартып, бір жаққа 
алып кеткен жоқ. Қызметкерлерді жұмысқа редактордың өзі 
қабылдады.
Газетке  «Қазақ  тілі»  қоғамының  жанынан  орын  алып 
бердік.  Тіл  білімі  институтының  тура  бұрышында  Ауыл- 
шаруашылығы министрлігінің ғимараты бар еді. Осы жерден 
төрт бөлме берілді. Төрт бөлмеге бірден ие болған жоқпыз. 
Алғашқыда  бір-екі  бөлме  ғана  тиді.  Бізге  көмектескен  сол 
кездегі  министр  Балташ  Тұрсымбаев  еді.  Содан  Өмірзақ 
екеуміз «Басқа бөлмелерді босатпай жатыр» деп министрге 
кірдік.  Балташ  бірден  жанындағыларға  «Босатсын»  деп 
бұйрық берді. Өзі келіп, бөлмелерді босатып берді.
Өмірзақ Айтбайұлы: – «Қазақ тілі» қоғамын да, «Ана тілі»  
газетін де дүниеге келтірген «кінәлі» адам бар. Ол – мына 
отырған Әбекең. Біз «Қазақ тілі» қоғамы құрылмас бұрын 
академияда «Қазақ тілі» журналын ашу жөнінде жұмыстар 
жүргізгенбіз. Әбекең бұл туралы үкіметке бірнеше рет хат 
жазды.  Ал  «Қазақ  тілі»  қоғамы  өмірге  келгеннен  кейін 
«Ана  тілі»  газетін  ашқымыз  келетіні  жөнінде  үкіметке 
басқа өтініш жасадық. Осы екі басылымды жоғарыдағылар 
шатастырыпты. Бірде Өзбекәлі Жәнібеков Әбекең екеумізді 

13
шақырды. Жәнібековтің жанында Әбіш Кекілбаев, Мырзатай 
Жолдасбеков, Заманбек Нұрқаділов және басқа да зиялылар, 
өзінің қарамағындағы бөлімдер қызметкерлері отырды.
–  Қуанышты  хабар  айтамын  сіздерге.  Басшыға  қол 
қойдырып шықтым. «Қазақ тілі» журналы ашылатын болды, –  
деді Өзекең.
Таңырқап  қалыппыз.  Әбекеңе  қарасам  аң-таң.  Маған 
қарайды. Мен оған қараймын…
Сосын шыдамадым.
–  Өзеке,  сіздің  жігіттеріңіз  шатастырып  отыр.  Біздің 
сұрап  жүргеніміз  «Қазақ  тілі»  журналы  емес  –  «Ана  тілі» 
дейтін  газет.  «Қазақ  тілі»  журналын  Тіл  білімі  институты 
сұраған. Сал бөксе журналмен өртеніп тұрған қазақ тілінің 
проблемасын қалай көтереміз? – дедім.
Осыны естіп Өзекең де таңырқағандай болды.
– Бұл қалай? Кәне, анықтаңдар. Құжаттарды қараңдар, –  
деп  бөлім  бастығының  орынбасары  Романов  дейтінге 
қарады.
Романов шығып кетті. Сәлден кейін келді.
– Бұл кісілердікі дұрыс екен. «Ана тілі» газетін сұрапты, –  
деді басы төмен салбырап.
Содан  ертеңіне  Өзағаң  бірінші  басшының  алдына  тағы 
барды. «Қазақ тілі» журналы емес, «Ана тілі» газетін шығару 
жөніндегі шешімге қол қойдырыпты.
Газет ашылатын болғаннан кейін редакторлыққа ұмтылу- 
шылар көп болды. Он үштей кандидат болды. Сөйтіп, таңдау 
Жарылқапқа түсті.
Қателеспеппіз. Жарылқап газетті дүрілдетіп алып кетті. 
Ол  төңірегіне  мықты  азаматтарды  жинай  білді.  Ертай 
Айғали, Бақыт Сарбала, Байбота Серікбай, Ғарифолла Әнес, 
Марат Қабанбай… сияқты.
Енді газеттің аты туралы. 1989 жылғы 22 қазанда Алматы- 
дағы  Әуезов  театрында  «Қазақ  тілі»  қоғамының  алғашқы 
құрылтайы  болды.  Сол  кезде  Орталық  Комитет  қоғамның 
атын «Ана тілі» деп атау жөнінде ұсыныс жасады. Жиналыста 
осылай атайық деп сөйлегендер де болды. Алайда құрылтайға 
қатысушылар «Қазақ тілі» атауына тоқталды.  Сөйтіп,  қоғам 

14
«Қазақ  тілі»  аталды.  Ал  кейін  газет  ашылғанда  қоғамға 
берілмекші болған «Ана тілі» атауын газет атына бергенді 
дұрыс көрдік. Газет осылайша «Ана тілі» аталды.


жүктеу 7.54 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет