Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)



жүктеу 5.01 Kb.

бет8/29
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріӨмірбаяны
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29

«Қазақ айнасы» жинағы  
      
Шәкәрімнің бұл жинағы жасы қырықтан асқан соң тапқан алғашқы жаңа 
қыры,  тың  бағыты  дегенде  сүйенер  діңгегіміз  өмірбаяндық  жырдағы  мына 
бір шумақ: 
                     
Жас қырыққа кірген соң
                     
Бір ой түсті жаңадан. 
                     
Қылығын сынап білген соң
                     
Дедім қазақ неткен жан? 
    
Қазақтың  мінін  айтып,  қылығын  сынауға  Шәкәрім  қай  кезде,  қай  жылы 
кіріскен?  Мұны  тексеруші  кісі  сұрағына  жауапты  осы  шумақтан  табады. 
Күмәнің қалмасын оқырман дегендей, 40 жастан соң “жаңадан түскен” ойдың 
қандайлығын  ақынның өзі былайша тарата айтады: 
                  
Жаздым “Қазақ айнасын”, 
                     
Мінез түзеу айласын. 
                     
Ел көрсін деп пайдасын, 
                     
Бастырып, елге тараған. 
                              
Қазаққа қалай қарадым
                              
Қандайлық мінін санадым, 
                              
Қанша жыртық жамадым, 
                              
Біледі оқып, қараған. 
      
Сонымен,    “бір  ой  түсті  жаңадан”  деп  ақынның  нені  меңзегені  осы 
жолдардан ұғынықты: ағасы Абайдың ізіне түсіп, жалғыз қаруы - өлеңіменен 
қыңырды жөнге, қисықты тезге салуға бел буғанын аңдау қиынға соқпайды. 
Яғни  надандық  түнегіне  қамалған  қалың  елі  қазағы  тәлім  алу  үшін  оның 
мінін қазып, мінезін түзеуді  мақсат тұтқанын паш еткен.  
      
Қыр сахарасында осы ахуалды терең сезініп, алғаш түршіккен жан - Абай 
еді.  “1886  жылы  41  жасқа  келген  Абай  өлеңдерін  “Қартайдық,  қайғы 
ойладық” деген сөздермен бастайды, - деп жазады Мұхаң. – Анығында, бұл 
жылдарда Абай қартайған жоқ. Оны жасынан ғана айыру керек емес, халық 
қамқоры боп, азамат ақын боп, осы жылдан бастап жазған сөздеріне қарасақ, 

 
73 
ақын анық үлкен тартысқа барынша белсеніп кіріседі. Ызалы ашумен, қайсар 
қайрат, өнімді қажырмен араласады. Олай болса, жаңағы “Қартайдық, қайғы 
ойладық”  деген  сөздерді  Абай  басқаша  бір  мән-мағынада  қолданады” 
(Жиырма томдық шығ. жинағы. – 20-шы том. – Алматы, 1985. –117 б.).  
       
Сол сияқты Шәкәрім де ұстазы өткен соқпаққа түседі. Елді ел қылудың 
жолы,  айласы  қандай?  Ақынның  өз  сөзіне  бақсақ,  ол  айла  -  елдің  мінезін 
сынауға  және  өнер  тап,  оқы,  әрекет  қыл,  адал  бол  деп  үгіттеген  насихат 
өлеңдер жазып, оларды бастырып мұқым елге таратуға саяды.  
       
Иә,  1898-1905  жылдарға  келетін  туындылары  айқын  мақсат,  нақты 
бағдармен  нұрланған.  Өйткені,  осы  жеті  жыл  ішінде  ақын  алған  басты 
бағыты  –  ағартушылықтан  сынық  сүйем  де  ауытқымайды.  Ағартушылық 
қызмет  ойшыл  ақынның  санаткерліктен  кемеңгерлікке  өту  жолында  аса 
қажетті бел, зор саты болғаны айтпаса да белгілі.  
      
“Қазақ  айнасы”  жинағы  1912  жылы  Семей  қаласында  жаңа  ашылған 
“Жәрдем”  баспасында  жарық  көрдi.  Көлемі  50  бет.  Барлығы  –  30-ға  тарта 
өлең.  Шәкәрімнің  өз  сөзінше  қазақтың  “жыртығын  жамап”,  “қотырын 
қасыған”  өлеңдер.  “Қазақ  айнасы”  дегенi  –  елдiң  қисығын  түзейтiн,  оң-
терiсiн  көрсететiн  айна  екенiн  бiлдiредi.  Әдебиетшi  ғалымдар  Ә.  Тәжiбаев 
пен Ш. Сәтбаеваның пiкiрiнше, аталмыш кiтап ақын өлеңдерiн “сұрыптап, өзi 
жүйелегендiгiмен,  және,  өзi  бастырғандығымен  де  қымбат”.  Өлеңдердің 
жазылған жылы белгіленбеген. 
      
“Өзінің шығармаларын, - деп жазады М. Әуезов, - халық жүрегіне кеңінен 
ұғындыру,  ілгерідегі  жолын  кеңінен  ашып,  халқының  ақыл-ой  парасатын 
жетілдіру  –  міне  халық  ақынының,  классикалық  ақынның  мағыналы  орны 
осында” (Жиырма томдық шығ. жинағы. –Алматы, 1984. –15 том. – 143 б.).   
     
Халық  ақыны,  классик  ақын  кім  дегенге  қатысты  осы  анықтама    “Қазақ 
айнасы”  жинағы  иесіне  дөп  келері  сөзсіз.  Талғампаз  ақынның  қатал 
сұрыптауынан  өткен  ғибратты  өнеге  жырлары,  яғни  азаматтық  лирикасы  
халық  жүрегіне  жол  тапқаны  осыған  дәлел.    Олар  тіпті  баспа  бетін  көрген 
1912 жылға дейін-ақ қолжазба түрінде я ауыздан ауызға кең таралып кеткен-
ді. 
       
Шәкәрім  шығармаларын  ең  алғашқының  бірі  болып  зерттеген  көрнекті 
әдебиеттанушы  ғалым  Мүслім  Базарбаев.  «Қазақ  поэзиясының  Абай 
қалдырған  дәстүрін  ілгері  созып,  -  деп  жазады  ол,  -  көп  жаңалықтармен 
байытқан  Шәкәрім  Құдайбердіұлының  көркем  мұрасы  туған  әдебиетіміздің 
елеулі  белесінен  саналмақ»  (Базарбаев  М.  Көрікті  ойдан    -  көркем  сөз.  – 
Алматы:  Рауан.  –  1994.  -  55    б.).    Бұл  пікірін  ғалымның  Шәкәрімнің 
ойшылдық мұрасына емес, ағарту дәуіріне келетін, негізінен «Қазақ айнасы» 
жинағына енген өлеңдері топтамасына қатысты айтқанын көреміз. 1960 – шы 
жылдардың  екінші  жарымында  жазылған  бұл  еңбегінде:  «Шәкәрімнің  өз 
басы  да,  творчествосы  да  қазақ  әдебиеті  тарихындағы  қайшылығы  көп, 
дағдарысы  мол,  жіті  зерттеуді  керек  ететін  көрініс»,  -  деп  ғалым  болашақ 
жаңа заман зерттеушілеріне жол сілтейді.   
       
Көктей өтетін желі тек азаматтық лирика – елдің мұңын мұңдау, жоғын 
жоқтау болғандықтан бұл кезгі Шәкәрімде - әшекейге, жылтыр сөзге әуестік 

 
74 
жоқ.  Әсіре  сезім  мен  махаббат  лирикасын  да  көре  алмайсыз..  Есесіне 
құнарлы  ойға,  қысқа  да  нұсқа  афоризмге  бай  болып  келеді.  «Халық 
фольклорындағы,  -  деп  көрсетеді  замандасымыз  шәкәрімтанушы  ғалым  Б. 
Әбдіғазиұлы осы ерекшелікке баса назар аударып, - дәстүрлі мақал-мәтелдер 
қатарынан  өз  орнын  табарлықтай  бұл  нақышты  нақылдар  ақын  ойының 
көркемдік-эстетикалық асқақтығын аңғартумен бірге, бұл қазынаның тамыры 
құнарлы топырақтан, халықтық сөз өнері дәстүрінің ыстық қайнарынан нәр 
алып жатқанын көрсетеді (Абай. – 2006. – №1.  -  50 б.). 
       
Қорыта айтқанда, 1898-1905 жылдары Шәкәрім Құдайбердіұлы Абайдан 
соңғы ірі «жаңа бағыт ақынына» айналды. Ғасырлар тоғысына келетін әдеби  
көркем еңбегі, әсіресе, сөз етілген «Қазақ айнасы» осының жарқын куәсі.  
 
 
Ғылым сарасы һәм жәдидизм  
       
ХХ  ғасырдың  алғашқы  кезеңі  надандықтың  қою    түнегін  сейілтіп 
көшпелі қалың елді қараңғыдан жарыққа алып шығу талабын әлеуметтің күн 
тәртібіне өткір қойды. “Басқа жұрт аспан-көкке асып жатқан” (Мағжан) кезде 
жайбірақат  көшпенді  тұрмыстың  күні  өткені,  әсіресе,  бадырайып 
көрінгентұғын.  Сондықтан  барша  ұлт  зиялылары  халықты  ғылымға  үндеді. 
Ал,  ағартушы  болмаған,    халықты  ағарту  ісіне    өзінің  еселі  үлесін  қосуға 
талпынбаған  қазақ  қаламгері  жоқ  десе  де  болады.  Басқа  да  көзі  ашық  озық 
ойлылар  қатарында  Шәкерім  1898  жылы  жасы  40-тан  асқанда,    “Қырықтан 
соң  астым  бел”  деп  өзі  айтқандай,  азаматтық  лирикаға  бар  дауысымен  үн 
қосып, ағартушылық арнада көп жылдар қызмет қылады.  
      
“Қоғамдық  ой-сана  тынымсыз  ізденісте  болып,  -  деп  жазады  әдебиетші 
ғалым Ш. Сәтбаева, - көркем сөз салмағы мен ықпалы да молая түскен шақта 
Шәкерім әдеби өмірге құлшына араласты”.  
       
Абай тағлымы санасына нық шөккен шыншыл Шәкерім әуелде бар күш-
қажырын  еліне  тәлім  беріп,  оның  мінезін  түзеуге  жұмсаған.  Оған  айқын 
айғақ  -  “Қазақ  айнасы”  жинағын  үстіде  сөз  еттік.  55  жасқа  дейін  Шәкерім 
“елім тәлім алсын” деп жазған басқа да   өлеңдер циклі бар. Бұл циклдердің 
қай  қайсында  да  халықты  ғылым-білім  жолына  шақыру  желілі  тақырып. 
Әсіресе,  «Сен  ғылымға...»  атты  тамаша  өлеңіңде  Шәкәрім  өзінің  ғылымға 
деген көзқарасын кескіндеген. Онда: 
                                       
Сен ғылымға болсаң ынтық, 
                                       
Бұл сөзімді әбден ұқ: 
                                       
Білгеніңнің жақсысын қыл, 
                                              
Білмегенді біле бер. 
                                       
Білген ердің бол шәкірті, 
                                       
Білмегенді қыл шәкірт. 
                                       
Үйренуге қылма намыс, 
                                               
Үйретуге болма кер, - 
дейді  ақын.  Осы  айтылған  шарттарды  ақын  ең  алдымен  өзі  орындауға 
тырысқан. Мысалға Абайды, Гаспринскийді, Толстойды, Қожа Хафизді ұстаз 
тұтып, олардан көп үйреніп, өнеге алғанын айтсақ та жеткілікті. Шәкәрімнің 
өзі атаған осы төрт ұстазы ішінен әуелі Гарпинскийді сөз етелік. 

 
75 
       
Шәкәрімнің  «Тәржіман»  газетін  жаздыртып  алып,  оның  тұрақты 
оқырманы болғаны өз сөзінен мәлім. «Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» 
газетінің иесі Исмағұл Гаспринский десем бек дұрыс, - деп жазады ойшыл,  - 
оның үшін сол кісінің газетін оқып бек көп пайдаландым». 
        
Осы  дерек  көңілге  көп  ой  салады.  Абай  да,  Шәкәрім  де  осы  басылым 
арқасында ХІХ ғасырдың соңында патшалық Ресейдегі елеулі рухани-мәдени 
жаңалықтарға  қанық  болған.  Біз  тек  Ресей  мұсылмандарының  мәдени 
қозғалысы – жәдидизмге қатысты жаңалықтарға ғана азғана аялдайық. 
        
Бұл  ағымның  дүниеге  келуі  әсте  кездейсоқтық  емес-ті.  Оның  өзіндік 
себебі мынадай. Өркениеттер жарысында мұсылман әлемі прогресс жолынан 
шеттетіліп  шаң  қауып  артта  қалды.  Осы  жағдай  қаншалықты  анық  болса, 
жәдидизм қозғалысының тарихи қажеттілігі, пісіп-жетілгені де соншалықты 
анық  нәрсе-тұғын.  Ал,  аталмыш  қозғалыстың  тығыны  ағытылуына  Эрнст 
Ренан  деген  көрнекті  ғалым-жазушының    1883  жылы  Сорбонна 
университетінде оқыған «Ислам және ғылым» атты лекциялар циклі себепкер 
болған деседі. Өйткені, француз ғалымы: «ислам және ғылым үйлесе алмақ 
емес» деген қорытындыға келіп, оны ашықтан ашық жария еткен. 
      
Мұсылман  ғалымдары  мен  зиялыларын  ширықтырған  мәселенің  тап 
осылай  қойылуы  болса  керек.  Әділ  сын  істі  түзейді  демекші,  дәл  сол  кезде 
ауыр    соққы  болып  көрінген  Ренанның  ғылымдық  тұжырымы,  сайып 
келгенде  оң  өзгеріске  мұрындық  болады.  Басқасын  қайдам,  Түркия  мен 
Ресейде  жаңа  үлгідегі  мектептердің  салынып,  мұсылманша  оқу-ағарту  ісін 
қайта құрудың шылбырын тартқаны анық. Айталық, осы 1883 жылы Ренанға 
наразы  оқымыстының  бірі  –  татар  халқының  зиялысы  Ш.Маржани 
ғылымдарды жіктеу туралы «Мұқаддим» атты еңбегін жазуды қолға алады. 
       
Тағы осы жылы: «И.Гаспринский Қазан қаласына келіп, Ш.Маржанимен 
өзінің  реформалық  жоспарымен  бөлісті,  -  деп  мәлімдейді  ғалым  А. 
Хабутдинов, - ал 1884 жылы ол Бақшасарайда тұңғыш жаңа үлгідегі мектеп 
ашты»  (Хабутдинов  З.А.  Философия  и  теология:  сходство  и  различие  // 
Религиозное и светское начало в идеологии джадидизма. Сборник статей. – 
Казань, 2004. – С. 34-35).      
       
Сөйтіп,  Түркиядағы  «Танзимат»  деген  жаңару  қозғалысы  көңілдегідей 
іске  асқанын  көріп  біліп,  қадағалап  отырған  Ресейдің  прогрессшіл 
реформаторлар тобы мұсылманша оқу жүйесін жаңартуға жан сала кіріседі. 
Алайда «қадымшылар» атанған ескішіл дін жетекшілері жеңісті қолдан бере 
қоймаған. Жаңашылдар қарсылыққа тап болып, етекбастылық көреді. Осыған 
байланысты  жәдидизм  өкілдеріне  ғұрпы  исламның  ескірген  догмалық 
қырларын қатаң сынға алуға тура келген еді.  
       
Дей  тұрғанменен,  жәдитшіл  зиялылардың  мәселе  тереңіне  қажетінше 
бойлап,  жеріне  жете  қазбалауға  өрелері  жете  бермеді.  Бірі  –  дін  негіздерін 
қайта қарастыруды қозғаса, енді бірі – Европа өркениетіне сай «евроислам» 
жасауды  күйттеді,  тағы  бірі  –  Татарстан  мен  Орта  Азия  үшін  екі  бөлек 
жәдидизм  керектігін  дәлелдеп  бақты.  Осылайша  қозғалыс  тым 
идеологияландырылды  һәм  мақсаты  және  идеялары  жағынан  бірауызды 
пікірде  бола  алмады  деп  түйеді  жәдидизм  тарихын  зерттеуші  жаңа  аталған 

 
76 
А.Хабутдинов,  сондай-ақ  А.Юзеев,  Р.Бикмухамедов  деген  татардың  қазіргі 
ғалымдары.        
       
Жазда  Сарыарқа  жонын,  қыста  Шыңғыстау  бауырын  мекендеген 
«Тәржіманның» екі оқырманы – Абай мен Шәкәрім санасында газет бетінде 
жарияланған  пікірталастар  қандай  із  қалдырды?  Әйтеуір,  із-түзсіз  өтпегені 
сөзсіз.  Қос  алыптың  мұсылман  ғалымдары  тарапынан  айтылған  қилы 
көзқарастар  мен  ой-пікірлерді    өздерінің  ой  қазанында  қорыта  отырып, 
дүниеауи  ғылым  туралы  да,  діни  білім  жүйесіне  қатысты  да  тұғырлы 
тұжырымдар жасағаны хақ. 
      
Кім кімді де ұшпаққа шығарар құдірет бар болса, ол ғылым. Сондықтан 
оған әркімнің де таласы бар. Бірақ Абай: 
                                      
Иждиһатсыз, мехнатсыз, 
                                      
Табылмас ғылым сарасы, - 
демей  ме.  Ғылым  сарасын,  өзегін  табу  түпкі  хақиқатқа  жету  деген  сөз. 
Қиынның  қиыны  бұл.  Ағартушылықпенен  қоса-қабат,  ғылым  жолына  да 
өзіне  тән  қайсар  мінезбен,  өзгенің  бәрін  серпе  тұрып,  құлшына  түскен 
ізденгіш Шәкәрім дін мен философияны шегере тұрып, хақиқатты алдымен  
тарих  саласынан  іздестіреді.  Қазақ  тарихын  зерделеген  “Шежіре”  кітабы, 
міне осының татымды жемісі.   
      
1899  жылдан  орыс  халқының  көркем  әдебиетіне  ерекше  ықылас  қойған 
Шәкерім, бұл бағытта да шапшаң дамып, 1902-1904 жылдары одан аударма 
жасау дәрежесіне жетеді, өз сөзінше “перевод” жасайды. Орыс тарихшылары 
еңбектерін  екшеп  саралайтыны  да  осы  тұс.  Төменде  осы  жайларға  рет-
ретімен тоқталатын боламыз.  
 
Ақынның  орыс тілі мен әдебиетін меңгеруі 
      
Жұртшылыққа  белгілі,  ХІХ  ғасырдың  соңында  қалың  қазақ  орыс  тіліне 
бет  бұрды.  Абайдың  жиырма  бесінші  қарасөзінде:  “Орысша  оқу  керек, 
хикмет  те,  мал  да,  өнер  де,  ғылым  да  –  бәрі  орыста  зор.  Сен  оның  тілін 
білсең, көкірек-көзің ашылады. …Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті”, 

деуінде  сол  кездің  талабы  һәм  шындығы  тұр.    Балаларды  орысша  оқуға 
беруге,  әсіресе,  жуандар  жағы  қызыға  түсті.  Өйткені,  бұл  кезде,  мейлі 
әкімдік-болыстық  қызмет  делік,  мейлі  патшалықтың  отаршылық 
аппаратының кез-келген тетігі делік, тек орысша оқуы барлар ғана сайланып, 
тағайындалатын  тәртіп  күшіне  енген  еді.  Осыған  байланысты  баласын 
орыстың  тілін  үйретуге  тартып,  сол  арқылы  билік  пен  мәнсапқа  жеткізсем 
деген ой қазақтың әлді, жуан дейтін кісілерін жылма-жыл баурай бастағаны 
растық. Осыған көзі жеткен  Абай: “Бірақ осы күнде орыс ғылымын баласына 
үйреткен  жандар  соның  қаруымен  тағы  қазақты  аңдысам  екен  дейді.  Жоқ, 
олай ниет керек емес”, - деп ескертеді жаңағы сөзінде.  
     
Тұжыра  келгенде,  орысшасы  бар  кісілердің  қатары  қазақ  ішінде  уақыт 
озған сайын молая түскені, осымен әуелде босағадан сығалаған орыс тілінің 
қазақтың төріне шығып, бір ғасыр шегінде толықтай  “жаулап” алған шеруі 
басталғаны анық. 

 
77 
      
Орыс  тілін  ең  алғаш  меңгерген  қазақтың  бірі  –  Абай.  Ол  он  сегіз  жыл 
бойы Статистика Комитетінің толық мүшесі болды. Абайтанудың білгірі Қ. 
Мұхаметханұлы  өзінің  “Ұлы  ақынның  қайраткерлік  қызметі”  атты 
мақаласында  (Абай.  –  1992.  -  №1.  –38-42  бб.)  Семейдің  өлкетану  музейіне 
1885-
1893 жылдар арасында Абайдың “киіз үй бастатқан елуден астам нәрсе 
сыйлағанын”  жазады.  Мұншама  мол,  бағалы  заттарды,  әсіресе,  қол  өнер 
бұйымдарын  жинастыру  ісінен  Шыңғыс  өңіріндегі  шебер,  ұста  ретінде  аты 
шыққандарды  жақсы  білетін  және,  осы  кезде  елдің  бар  жұмысы  мен  сөзіне 
араласып жүрген Шәкерім де шет қалмаған болар.   
      
Осы  жоруға  “Абай  жолы”  роман-эпопеясының  1892-93  жылғы  оқиғалар 
суреттелген  “Қоршауда”  деген  тарауында  кемеңгер  жазушы  М.  Әуезовтің 
Абай шәкірттері арасында отырған Шәкерімді: “Бұл үйде отырған жиыннан 
жасы  үлкен,  және  елдің  бар  сөзіне  араласып  жүрген  өзі.  Қазір  ағайынның 
пысығы да, белдісі де осы Шұбар”, - деп сипаттауы  жетелей түседі. 
       
Абайдың    өз  балалары  мен  тәрбиесіндегі  Кәкітай,  Шәкәрім  сынды 
інілерін  Семейдің  кітапханасына,  музейіне,  басқа  да  қоғамдық  ұйымдарына 
апарып  қана  қоймай,  өзінің  орыс  достарымен  таныстырып  отырғаны  да 
белгілі.  Қысқасы,  Абай  айналасы  орыс  тілін  басқалардан  бұрынырақ  естіп, 
білген.  
       
Тобықты ортасында Абайдан бұрын орысша оқи білетін, сөйлей білетін 
адамдар  болған  жоқ  деп  жазады  Әрхам  Кәкітайұлы  өз  естелігінде  (Ұлы 
Абайға  адалдық  //  Әрхамның  естелігі.  –  Семей,  2005.  –  205  б.).  Сондай-ақ, 
Әрхам ақсақал: “Абай ауылында болып, орысша сөйлей, оқи, жаза білетұғын 
мынадай адамдар болды: Абайдың өз інісі Ысқақ, Оспан, Шәкәрім, Кәкітай, 
балалары  Турағұл,  Мекайл,  көршілері  Хабидолла,  Сүлеймен,  Махмет, 
Мүрсейіт,  Солтабайдың  Ысқағы,  Ырсайдың  Ысқағы”  -  деп  саусақпен 
санарлық адамдардың ғана атын атап өтеді.  
       
Шәкерімнің  замандасы  Оңтүстік  Қазақстаннан  шыққан  кітаби  ақынның 
бірі Мұсабек (Молда Мұса) ақынның: 
                              
Бірдеймін парсы, түркі, арабшаға, 
                             
Тек тұрмай орысша да балдырлаймын, - 
дегеніндей,  балдыр-бұлдыр,  шала-пұлалау  болса  да,  орысша  тіл 
сындырғандардың ішінен Шәкәрімнің есімін де көреміз. Бірақ бізге бұл емес,  
ақынның бөтен тілді мықтап меңгерген мезеті керек. 
      
Патшалық үкімет 1898-99 жылдары болыс-болыстың арасына жаңа меже 
салуды,  сол  кездің  тілімен  грань  жүргізуді  қолға  алған  еді.  Сөйтіп,  1899 
жылдың жазында Шыңғыс және Мұқыр болыстары арасына шекара сызығы - 
грань жүргізуге облыс орталығынан Иванов деген жер өлшейтін (землемер) 
маман келген екен. “Бір жылы біздің Жонды аралап шығуға орыс инженері 
келмек  болды,  -  деп  әңгімелейді  Шәкәрімнің  өзі  бұл  туралы.  –  Абай  сол 
землемерге  мені  қосты,  әрі  орыс  тілін  үйрен,  әрі  өнерін  үйрен  деп.  Мен  ол  
адаммен  үш  айдай  бірге  жүріп,  жер  өлшестім.  Осы  үш  айдай  күнім  –  үш 
жылдай  болды.  Землемер  менің  шала  білетін  орыс  тілінде  дұрыс сөйлеуіме 
үлкен көмектесті”. 

 
78 
      
Осылайша Абайдың қамқорлығымен үш жылға парапар болған үш айлық 
жақсы  даярлықтан  өткен  Шәкәрім  енді  орыс  әдебиеті  өз  есігін  айқара 
ашқандай  еркін  сезінеді.  Осы  бағытқа  бар  ынта-жігерін  салып,  адымын 
ұлғайта береді. 
       
Абай 
берген 
бағдар 
бойынша 
орыстың 
ақын-жазушылары 
шығармаларын  тынбай  оқып-тоқу,  зерек  ақынның  оқымыстылығын 
арттыруымен  қатар,  өзімшіл  мінезден  арылтып,  жан  сарайын  нұрландыра 
түсті  деуге  керек.  Өйткені,  Шәкерімге  (ерке  жетім  болып  өскенін,  бойдағы 
көп  мінді  әркез  өзі  де  ескертіп  отырады)  мақтанқұмарлық  пен  өзімшілдік 
мінездерден тазара қалу әсте оңайға соқпаған.   
                                    
Талпынып орыс тілін үйренумен 
                                   
Надандықтың тазарып, кетті кірі, - 
деуімен, бәлкім, ақын өз мінезіндегі шапағатты, оң  өзгеріске сілтеген болар. 
     
Шәкәрiм қазақ жастарын бiлiм-ғылымға үндеген бір өлеңінде: 
                               
Бiлсе егер Салтыков пен Толстойын, 
                               
Сезсе олардың айтылған терең ойын.  
                               
Гоголь мен Пушкиндерден ғибрат алса
                               
Қазақтың бөлер едi-ау нұрға бойын. 
 
                               
Лермонтов, Некрасовтай ақындарын, 
                               
Өнеге етсе солардың мақұлдарын. 
                                
Өзiмшiл, надандықтан көзi ашылып
                               
Аңғарар адал жолға жақындарын, - 
деп  орыстың  алты  ақын-жазушысын  үлгі  ретінде  ұсынады.  Бұлардың  қай 
қайсы да, өз елінің мұңын мұңдаған һәм мінезін сынаған атақты  ағартушы-
демократтар.  
      
Батыс  және  орыс  көркем  әдебиеті  телегей  теңізінен  мейірі  қанғанша 
сусындап,  ой-сана  көкжиегін  кеңейтті  дегенімізде,  қазақ  ақыны  көп 
кітаптарды қайдан алып оқыған деген сұрақ туады.  
       
ХІХ ғасырдың екінші жарымда Семей қаласы Қазақстан мен Батыс Сібір 
аумағындағы  сауда-саттықтың,  өндірістің  сонымен  бірге  мәдениеттің  ірі 
орталығының бірі болды. Қаладағы басты мәдени ошақ екеу: бірі – қоғамдық 
кітапхана, бірі – музей  еді. Кітапхана 1883 жылы ашылғанда онда барлығы 
750 том кітап, оның ішінде: философия мен саясаттану саласынан -  94 том, 
тарихтан  –  75  том,  жаратылыстанудан  –  120  том,  көркем  әдебиеттен  –  410 
том  болған  екен.  Ал,  1888  жылы  кітапхана  қоры  750-ден  1068  том  кітапқа 
жеткен.  Жігіт  Шәкерім  қалалық  кітапхананың  (1902  жылдан  Гоголь 
атындағы  кітапхана)  оқырманы  болды  ма,  әлде  әуелде  ағасы  Абайдың 
кітапханасын пайдаланды ма бұл жөнінде нақты дерек-дәйектер қолымызда 
жоқ. 
      
ХХ  ғасырдың  бірінші  ширегінде  Шәкерімнің  өз  ақындық  кітапханасы 
болғаны  мәлім.  Ахат  ақсақал  өз  естелігінде:  “Сол  кезде  мен  әкейдің 
кітапханасындай  мол  кітаптары  бар  кітапхана  көрмедім”,  -  дей  келе,  ол 
жайлы  мынадай  мағлұматтар  береді:    “Әдеби  кітаптардан  Гомердің 
поэмалары,  Бичер  Стоудың  шығарма  кітабы  (“Том  ағайдың  балағаны”), 
Байрон,  Щедрин,  Крылов,  Гоголь,  Некрасов,  Пушкин,  Лермонтов,  Толстой, 

 
79 
Фердауси,  Науаи,  Сағди,  Низами,  Физули  сияқты  басқа  елдердің  де  ақын, 
жазушыларының  кітаптары”.  Шәкерім    “Дубровскийдің”  сюжетіне  бірден 
кіріспей, пролог ретінде 124 жолдан тұратын “Сөз алдынан” деген арнау жыр 
жазған.  Онда  ағылшын  Байрон  есiмi  аталады.  Дала  ақыны  немiстiң  ұлы 
ақыны Гетенi орысша аудармалары арқылы жақсы бiлген деген де пікір бар 
(Сейсекенова  А.Б.  Шәкәрім  және  Гете.  –Алматы,  2003).  Қалай  болғанда  да 
орыстың  мәдениеті  мен  әдебиеті  нәр  алған  қайнар  –  Батыс  өркениеті  екені 
сөзсіз. Осыны ескергенде, орыс халқының әдебиеті арқылы Шәкерімнің бүкіл 
Батыс әдебиетімен таныстығы, оны жақсы білгендігі ақылға сиымды қисын. 
“Оятқан  мені  ерте  -  Шығыс  жыры”  деп  өзі  айтқандай,  Шығыс  елдерінің 
әдебиетіне ақын балалық шақтан қанық болып, араб, фарсы, шағатай, түрік 
тілдерін  бұрыннан  жетік  білсе,  енді  осыған  дейін  үлкен  олқылығы  болған 
Батыс жағалауын де еркінше аралайды. 
      
Орыс  тілі  мен  әдебиетін  індете  оқып,  аз  уақытта  жете  меңгере  білген 
Шәкәрiм 1902-03 жылдары алғашқы аудармаға кіріседі. “Алғашқы” сөзі, бұл 
арада  тек  орысшаға  ғана  қатысты.  Бұрындары  түрікше  кітаптар  бойынша 
“Қазақтың  түп  атасы”  мен  “Мұсылмандық  шартын”  жазғанын,  араб-парсы 
әдебиетінің  әйгілісі  “Ләйлі-Мәжнүнді”  тәржімалағанын  ойға  алғанда, 
Шәкерім  үшін  бұл  өнер  жаңа  емес.  “Шығарманы  аударушы  адам,  -  деп 
жазады  Шәкерім,  -  сол  шығарманың  барлық  мазмұнын  түсінумен  қатар, 
жазушының  нәзік  сезімін,  шеберлігін,  шығарманың  қандай  күйде,  қандай 
рухта  жазылғанын  жақсы  білу  керек”.  Бұл  сөзінен  ақынның  көркем 
шығарманы басқа тілден аудару ісіне жауаптылықпен қарағанын аңдаймыз. 
Өзі де, жаңағы айтқан шартына сай орыс тілін ғана емес, оның әдебиетінің 
табиғатын, рухын жақсы білген кезден ғана алғашқы аудармаға кіріседі.  
      
Орыс әдебиетінен аударма Абай айналасы үшін  жаңалық емес-тін.  
     
М. Әуезов: “Абай шәкiрттерi өз ұстазына әр алуан жақтарынан елiктедi” 
деп жазған болатын (Қазақ әдебиетiнiң тарихы // Абайтану дәрiстерiнiң дерек 
көздерi.  –  Алматы,  1997.  –105  б.).  Еліктеудің  бір  алуаны  аударма  жасау  ісі 
болғаны  анық.  Мысалы,  Абай  айналасынан  шыққан  Әсет  Найманбайұлы 
Абайдан  кейін  екінші  адам  болып  “Евгений  Онегинді”  қазақ  халқына 
жырлап, өз нұсқасында жеткізеді. Кейінгі толқын жастар ішінен Турағұл М. 
Горькийдің  “Челкаш”,  тағы  бір  орыс  жазушысы  Неверовтың  кітабын  “Мен 
өмірге  жерікпін”  деген  атпен  қазақ  тіліне  аударады.  Мұхаңның  жан  досы 
Даниял Кәкітайұлы да шебер аудармашы болған екен. 
       
Бір қызық сәйкестік, Абай сияқты (ұлы ақын 44 жасында, 1889 жылы, ең 
алғаш      Пушкиннiң  “Онегин”  поэмасынан  жетi  үзiндi  аударған  болатын), 
Шәкәрiм де   бұл өнерді Пушкиннен бастап, 44 жасында “Дубровский” атты 
романды  (“Дубровский  әңгімесі”  деген  атпен),  қазақша  өлеңмен  аударады. 
Осыған  қоса,  оның  “Боран”  деген  бес-алты  беттік  шағын  әңгімесін  де 
Шәкерім 248 жол өлеңге түсіреді.  
 
       

1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал