Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)



жүктеу 5.01 Kb.

бет4/29
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріӨмірбаяны
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

       
Сонымен,  үстіде  сөз  етілген  диалог,  яғни  шығармашылық  байланыс, 
әрине,  Абай  мен  Шәкәрім    үндестігі  емес,  бірақ  ол  қос  ғұламаның  жақын 
табысуының табалдырығы деп нық айта аламыз. Ең бастысы, Шәкәрім ағасы 
Абай «Сегізаяқта»  діттеген ел мұңын-зарын сезінудің, шыншыл, халықшыл 
ақын болудың жолына беттейді. 
 
Жалыналық Абайға, жүр, баралық! 
      
Шәкәрімнің  осынау  сөзі  Абай  ауылдарын  сағалап,  төңіректеген  барша 
жастардың,  яғни  Абай  мектебінің  ортақ  ұраны  есепті.  Өйткені,  1889-90 
жылдан Абай айналасына өңкей бір талантты жастар жиналған еді. Олардың 
өзге  жастардан  ерекшелігі  -  өңге  қызықты  серпіп  тастап,  өмірін  өнерге 
арнаған  аса  бір  талаптылықта  ма,  әлде  өздеріне  тағдыр  силаған  Ұстаздың 
ұлылығын өзгелерден гөрі жақсы танып бас игендігінде ме? Әйтеуір, олардан 
ұстазына  адалдық,  күнделікті  тұрмыстың  ыстық-суығын  елемеген 
шыдамдылық сияқты қасиеттердің керемет үлгісін көреміз.  
        
Айталық, суырыпсалма Көкбай ақын Абайға 25 жыл адал серік болды. 
Скрипкашы,  домбыра  жасайтын  шебер  әрі  ақын  Мұқа  Әділханұлы    Абай 
ауылына жас жігіт кезінде келіп, туған мекені – Көкен Уақ еліне жігіт ағасы 
болған шағында бірақ қайтады. Сонда жүріп Абайды сағынып, “Көкен” деген 
өлеңінде “Бейіліңмен Абай аға, кел қонаққа!” деп ұстазын еліне шақырады. 
Ал,  өз  інілері  Шәкәрім,  Кәкітай,  балалары  Ақылбай,  Мағауия,  Турағұлдар 
қандастықпен  қоса,  рухани  жақындығы  жөніменен  Абайдың  сенімді 
қолғанаты  болып,  өле-өлгенше  ұлы  ұстазды  әулие-пір  тұтып  өтті.    Мұның 
бәрі  Абайдың  шапағатты  тұлға  болғанының  куәсі  әрі  ақыл-ой  бірлігінің 
құдіреті десек дұрыс.  
     
Осы    аталған,  аталмаған    өлең  жазуға  талаптанғандармен  бірге  Абай 
қыстауында  өткен  мәжіліс,  басқосуларға  тілегі  бөтен  емес,  басқа  да 
өнерпаздар: ертегіші Баймағамбет, әнші-гармоншы Ысқақ (ырғызбай Ырысай 
деген  кісінің  баласы),  әншілер  Мұхаметжан,  Әлмағамбет,  Орынбасар, 
Өтегелді,  тоғызқұмалақ,  дойбының  шеберлері  -  Көрпебай,  Ырсалды, 
Құттықожа,  Нақыштың  Смағұлы,  Құдайберді,  Текжан  т.б.  дәйім  қосылып 
отырған.  Бұлардың  бәрі  Абай  насихатын  тыңдаған  адамдар,  кең  мағынада 
Абай мектебінің тәлімгерлері. 
      
Табиғи  талантты  Шәкәрім  кейінгі  топтың  да  өз  кісісі  болған.  Яғни  ол 
жүйрік  күйші-домбырашылар  санатында  жүрген  әрі  тоғызқұмалақ,  шахмат 
ойындарын да бір кісідей жақсы меңгерген екен.  Бірақ, қыстың көзі қырауда 
Шәкәрім  Абай  ауылына  жиі  қатынаған  дей  алмаймыз.  Өйткені,  Шәкәрім 
қыстауы мен Ақшоқының арасы шалғай, 50 шақырымнан астам жер еді.  

 
38 
     
Ұлы  ақынның  өмiрi  мен  тапқан  бағыт-бағдарын  терең  таныған  да 
танытқан  М.  Әуезов  өзінің  “Абайдың  өмірі  мен  туысы”  деген  еңбегінде: 
“Осы жылдан (89-шы жыл – А.О.) бастап, Абайдың бiлiмi мен өсиетiне құмар 
болған,  ел  iшiнiң  көзi  ашық  жастарына  Абайдың  ауылы  үлкен  бiлгiштiктiң 
медресесi  сияқты  болады.  Абай  ұстаз  да,  сөз  ұғатын  ынталы  талапты 
жастардың бәрi – шәкiрт. Абай iнi, бала, ағайындарына мағыналы тәрбиешi 
бола  бастайды”,  -  деп  жазса,  ал,  Абай  баласы  Турағұл  өз  естелігіне  бұл 
жайды    былайша  үстемелейді:  “Осы  жылдар  мәжiлiсiнде  iлiм  сөзiнен  басқа 
сөз  жоқ.  Бастығымыз  Шаһкәрiм  болып,  бiз  шәкiрт  есебiнде  әкемнiң  сөзiн 
тыңдап, мұсылманның медресесiндегi шәкiрттерше: ақиқат олай емес, былай 
деп, дауласып жатушы едiк…”. 
     
Көрдіңіз  бе,  Мұхаң  да,  Турағұл  да  Абай  мектебінің  1890  жылдардың 
басында қалыптасқанын айтқан. Сөйтіп, Абай мектебiнiң шәкiрттерi, әр буын 
өкiлдерi  –  Ақылбай,    Мағауия,  Көкбай  ақын,  уақ  Мұқа,  топай  Бейсембай 
ақын,  керей  Уәйіс  ақын,  Кәкiтай  және  Турағұлдар  еді.  Әрине,  осы  аталған 
шәкірттердің  маңдайалдысы  Шәкерiм  болады.  Турағұлдың  “бастығымыз 
Шаһкәрім болып” деуі де содан ғой.  
     
Абайдың  ақындық  мектебі  қалыптасуының  бір  сәтін  Мұхтар  Әуезов 
“Абай  жолы”  романында  былайша  кестелейді:  “Бір  топ  жолдасымен 
Байғабылдан  Ақылбай  келген.  Абайдың  сәлемімен,  осы  соңғы  жылдарда 
“ақын” деген атағы шыққан керей Уәйіс, топайдан Бейсембай деген ақындар 
келіпті. Түстен бері осы қонақтар Абайдың үйіне келіп, сәлем берісіп, түстік 
астан,  күндізгі  шайдан  ішті.  Отаулар,  қонақ  үйлер,  көрші  үйлердің  қазіргі 
жататын орындарын анықтасты” (“Абай жолы”, екінші кітап).  
       
Бұл 1894 жылғы оқиға. “1894 жылы Абайдың шақыруымен келген Уәйіс, 
ұлы ақынның талантты, білімді шәкірттері Мағауия, Ақылбай, Көкбайлардың 
тобына қосылады” дейді ғалым Қ. Мұхаметханов (Абайдың ақын шәкірттері. 
– 
Алматы,  1994.  –  186  б.).  Уәйіс  те,  Бейсембай  да  –  ірі  ақындар.  Уәйіс 
Шондыбайұлымен бір елдің адамы әрі құрдасы ақын Төлеу Көбдіков (1874-
1954) те Абай ауылына бірнеше рет ат ізін салады.   
      
Абайдың  ақындық  мектебі  қалыптасуына  ұлы  ақынның  1891  жылдан 
бодан елдің билік жүйесінен суынып, яғни болыс болудан да, би болудан да 
біржола  қол  үзуінің  өзгеше  әсері  болған  сыңайлы.  Қалайда,  осы  жылғы 
“Менсінбеуші ем наданды” деген өлеңінде бодандық жағдайда елді бағу мен 
оның  мінезін  түзету  ісінен  түңіліп,  “түзетпек  едім  заманды”  деген  арман-
қиялынан босанғанын паш етеді.  
       
Құрамында  бұрынғы  15  старшын  елден  небары  8  старшын  ел  қалған 
шағын Шыңғыс болысының тізгіні 1890 жылдан Оспанда болған. Оспан осы 
жылы  Абайдың  діттеуімен  екі  жақтағы  болыстарға  өкпелеп  шығып  кеткен 
ағайындарымен  татуласады.  Партиядан  қажыған  Тобықты  ішінде,  өстіп, 
біршама  тыныштық  орнап,  ел  тартысы  тоқталғандай  болған  соң,  Абай 
“бірбеткей ілім іздеу жолына бұрады” (М. Әуезов).  
       
Бірақ, 1891-95 жылдар iшiнде Абайды қатты күйдiрген iнiсi Оспан (1851-
1891)  мен  баласы  Әбiштiң  (1868-1895)  өлiмi  болды.  Ол  аздай,  Оразбаймен 
ұстасқан  жаулық  өрті,  партия  таласы  қайта  тұтанып:  “Тағы  да  отырғызбай 

 
39 
кеттi”  дейдi  Турағұл.  Десек  те,  бұл  ақынның  толассыз  iзденiстерге  толы 
өрлеу  (“Шарықтап  шар  тараптан  көңiл  сорлы,  Таппаған  бiр  тиянақ  неткен 
қуыс?”)  шағы  да  болды.  Мәселен,  ақын  аударма  iсiмен  көп  шұғылданады 
және 1894-95 жылдан “Қарасөз” деген жаңа жанрды бастайды.  
      
Бірінші  қарасөзінде  кемеңгер:  “…Жер  ортасы  жасқа  келдік;  қажыдық, 
жалықтық,  …енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба 
алмай өзім де қайранмын” демей ме.  Осы айтқандай ел жұмысынан босаған 
шақта Абайдың тапқан, құлшына кіріскен бір ісі - ақындық мектебі болса, ол 
да  үнемі  өрлеу,  шарықтау  үстінде  болды  дей  алмасақ  керек.  Бұған  бөгет 
жайлар  аз  болмаған.  М.  Әуезовтің  білуінше,    Абайдың  ақын  шәкiрттерiмен 
көп  әңгiме-дүкен  құрып,  оларды  ақындық  өнерге  баулуға,  әсіресе,  белсене 
кiрiскен екі уағы: 1889-90 және 1894-95 жылдар.   
    
Абайдың ақындық мектебі айтылмай-жазылмай жүрген тың тақырып емес. 
Белгілі абайтанушы Қ. Мұқаметхановтың “Абайдың ақын шәкірттері” деген 
төрт  кітабын  атасақ  та  жеткілікті.  Әйтсе  де,  ұлы  ақынның  бас  шәкіртінің 
өмірі  сөз  етілген  еңбекте  Абай  мектебінің  тынысын,  сол  заманның  дәлді 
пішінін көрсету бізге міндет. Сондықтан төменде ұлы ақын мектебінің “Абай 
ауылдары” деген бір қырына ғана тоқталмақпыз. 
 
Абайдың ауылдары 
       
Құнанбай  1861  жылы  Ұлжаннан  туған  үш  ұлы  –  Тәкежан,  Абай  және 
Ысқақты бір мезгілде үйлендіріп, тойын бір-ақ істеп, үш отауды бөлек ауыл 
ғып қондырады. Сонда Құнекең үш баласына еншіні бір жерден - Бауырдағы 
Ащысу  өзенінің  жағасынан  алуға  байлау  айтқан  дейді.  Бірақ  ол  аумақты 
қомсынған  Тәкежан  “біздің  шешеміз  күң  емес,  біз  құл  емес”  деп,  әкенің 
дегеніне көнбей еншіге қыстауды Құнанбайдың өзі отырған қаражұрт - Хан 
өзені  бойынан  Шәкәрімнің  әкесі  Құдайбердімен  қатарлас  алды  деседі. 
Айттым  болдыға  үйренген  Құнанбай  Тәңірберді  қылығын  естігенде  ойға 
шома тосылып қалып, ақыры, “бұл иттің де сөзі жөн екен” деген екен. 
      
Ал, Абай мен тете інісі Ысқақ әке айтқанын екі етпей, Құнекең сілтеген 
Бауырдағы  Ақшоқыға  (Ақшоқы  -  Жидебай  мен  Семей  арасында, 
Жидебайдан  45,  Семейден  140  шақырымдай  тұста.  Құнанбайдың,  Әбіштің, 
Мағауияның,  Ысқақтың,  Кәкітайдың  т.б.  зираты  осында)  барып    отау 
тіктейді. 1860 жылдардың басында Ақшоқы шилі қорық, шұрайлы шабындық 
болғанымен ескі тасқора мен бір нашар тамнан басқа ештеңе жоқ, қыста елсіз 
қаңыраған  қарадыр  аумақ  екен.  Сондықтан  тыңды  игеру  оңайға  соқпаған. 
Бірнеше жыл ағалы-інілі екеуі қыста да, жазда да көшпей Ақшоқы тауының 
бауырынан арасы бір шақырымдай жерден әрқайсысы өзіне қора, там салып 
орнығып алады.  
       
Осы  жайларға  тоқтала  келіп,  бұл  кезде  “Абайдың  тапқан  ермегі  аң 
болады,  -  дейді  Әрхам  Кәкітайұлы  өз  естелік  жазбасында.  -  Өткен  жылы 
Құдайбердінің  қасына  еріп  жүріп  құс  салу  жайын  түсініп  алған  еді.  Құсын 
(Қарашолақ деген бүркітін – А.О.) баптап алып, Ақшоқы, Қоянды, Қайрақты, 
Ешкіөлмес,  Аршалы  деген  жақын  жердегі  тауларға  барып  аң  қағады”  (Ұлы 
Абайға  адалдық.  –  Семей.  –  2005.  –  101  б.).  Аталған  жерлер  қыста  елсіз 

 
40 
тұрған, аңға бай балақ таулар. Абай, Ысқақ қағушы кісілерін ертіп, көп түлкі, 
қасқыр алып, ғанибет қызық көреді. 
     
Бұл  кездергі  елдің  ортасы  -  Жидебай  қыстауы.  Онда  Ұлжан,  Зерелер 
тұрған. Бұл келімді-кетімді көп қонағына асы мол ауыл болған. Зере отырған 
үйге ел құрмет көрсетіп  “үлкен үй” атаған. Кейініректе Жидебай  мен оның 
айналасын (Борсықбай, Мұсақұл, Барақ деген жерлер) Құнекеңнің кенжелері 
Оспан мен Смағұл еншілейді.  
      
Абайдың  бәйбішесі  балалы-шағалы  Ділдәға  Ақшоқыдан  гөрі  Ұлжан 
шешесімен бірге Жидебайда тұру жайлырақтұғын, сондықтан оған екі ауыл 
да  өз  ауылы  болғанға  ұқсайды.  Белгілі,  Абай  1875  жылы  екінші  әйелі 
Әйгерімге үйленген. Бұл кезде “Ділдәнің келіншек болып түскеніне 14 жыл 
болған,  -  дейді  Әрхам.  –  Сол  жылдарда  алты  құрсақ  көтеріп,  тұңғыш  ұлы 
Ақылбайды  Құнанбайдың  кіші  әйелі  Нұрғаным  бала  ғып  бауырына  салып 
алған.  Одан  кейінгі  ұлы  Әкімбайды  Ысқақтың  қатыны  Мәніке  бала  ғып 
алған.  Енді  қолында  Күлбадан,  Райхан  деген  екі  қыз,  Әбдірахман,  Мағауия 
деген  екі  ұл  бар.  Олардың  алды  9  жаста,  арты  бес  жаста.  Бұл  кезде  Ділдә 
балабасты болып, тез қартаюға айналған. Жас тоқалдың келгеніне ренжіген 
жоқ”. 
      
Осымен  Ақшоқы  қыстауында  жаңа  отау  там-қора  салынып,  1878-79 
жылдан Әйгерім сонда тұрған. Жасы ұлғайып, жүріп-тұруы қиындаған кезде 
Ұлжан  ана (1810-1887) кенжесі Оспанның қолына қарап,  Ділдә Ақшоқыға 
біржола тұрақтаған сыңайлы. Осыған орай, Абай Әйгерімге тыңнан, Семейге 
небары 70 шақырымдай Бөрілі деген жерден қыстау соқтыртады.   
      
Алайда  Әйгерімнің  ауылы  80-ші  жылдардың  соңында  Бөрліден  тағы 
көшеді.  Тышқан  бұлағына  қатарлас  Аралтөбе  деген  жерге.  Сонда  жаңадан 
үй-қора салынған. Неге?  
       
Мұның өзіндік тарихы мынадай. Тобықты Мамай руы мен найман Сыбан 
руының шебінде “қожа” деп аталатын адамдар келіп, қыстап отырыпты дейді 
Әрхам  ақсақал.  Сол  қожалардың  бірі  –  Бердіқожаның  ер  жеткен  Үсен, 
Бурақан,  Әуезқан,  Кенжеқан,  Самарқан  деген  ұлдары,  бой  жетіп  отырған 
Нұрғаным  деген  келісті  қызы  бар  екен.  Оған  1863-64  жылдың  шамасында 
Арқат тауына бір келелі басқосуға барған Құнанбайдың көзі түсіп, тұрғыласы 
Қаратаймен  ақылдаса  келе,  сөз  салады.  Құнекеңдей  адаммен  сүйек  болу 
үлкен  мәртебе  емес  пе  деп  кеу-кеулескен    ұлдары  Бердіқожаны  көндіреді. 
Сөйтіп,  Әрхамның  сөзінше:  “Көп  кешікпей  Бердіқожа  Құнанбай  ауылына 
көшіп келеді. Оған Шыңғыс бауырындағы Қызылшоқы деген жерден қыстау 
беріп, біржола өз адамы қылып ұстайды”.  
     
Абайдың тұңғышы 1861 жылы туған Ақылбайды Нұрғаным бір жасынан 
бауырына салып, ерке мырза қылып өсіреді. Ол өз әкесіне жатбауыр болып 
өседі.  1885  жылы  Құнанбай  өзіне  тең  жерден  –  қарадан  хан  болған  Қисық 
мырзаның  Жұмақан  деген  баласының  қызы  Ізханға  құда  түсіп,  Ақылбайды 
үйлендіреді.  
      
Бірақ  1886 жылы қажы дүниеден өткен соң Шыңғыс ішіндегі Құнанбай 
нәсілі  қожа  әулеттерін  Бөрліге  көшіру  қажет  деп  табады.  Әрине,  жер 
тарлығына орай. Және, бұған “асылданмын” деп өзін асқақ ұстаған жас келін 

 
41 
Ізхан  мен  Нұрғанымның  сыйыса  алмауы  да  себепші  болған.  Бұл  жайлы 
Әрхам  былай  айтады:  “Құнанбайдың  жылы  өткен  соң  Нұрғаным  екеуі 
сыйыса алмай, жанжал бола бастаған соң Абай Ақылбайға енші беріп бөлек 
отау  ғып  шығарып,  Нұрғанымды  өз  қарамағына  алады.  Енді  Нұрғанымды 
паналап  келген  Бердіқожа  балалары  жеке  Абайдың  ғана  нағашысы  болып 
саналып,  Абай  оларды  бұрынғы  отырған  қыстауы  Қызылшоқыдан  көшіріп, 
Бауырдағы  Бөрілі  деген  қарағанды,  пішенді  жерге  орналастырады. 
Ақылбайға да соған жалғас Тышқан бұлағы деген жерден қыстау береді”. 
      
Осылай  Бердіқожа  балалары,  оның  ішінде  ұлы  Мұхтардың  атасы  Әуез 
(Қызылшоқыда  өз  үй-жайларын  қалдырып,  есесіне  дайын  қыстау  алып), 
Шыңғыстан  ауып  Бөріліге  орныққан.  Айтқандайын,  қожа  ауылын  көшіру 
ісінің басы-қасында Тәкежан, Ысқақ, Оспандармен бірге Шәкәрім де жүреді.  
      
Шәкәрім Құдайберді балалары ғана емес,Құнанбай кіндігінен тараған жас 
буынның басы болған. Эпопеяның «Қоршауда» тарауында Мұхаңның: «Бұл 
үйде отырған жиынның жасы үлкені және елдің бар сөзіне араласып жүрген 
өзі. Қазір ағайынның пысығы да, белдісі де осы Шұбар», - дейтіні сол.  
       
Әуездің әулетін, оған көршілес Әйгерім мен Ақылбайды орналастырған 
Абай, 90 жылдардың басында Ділдәнің бауырында өскен баласы Турағұлды 
үйлендіріп,  лайықты  еншісімен  Әйгерімнің  қолына  Аралтөбеге  қайтарады.  
Айта  кетер  жай  –  Ділдә  дә,  Әйгерім  де  осы  Аралтөбеде  жерленген.  Екі 
шешесін бірге жерлеу, сірә да,  Турағұлдың ұйғарымы. 
        
Осымен,  Абайдың  сыйлас  досы  Әуездің  ауылы  Құнанбай  ұрпағының 
қоршауында қалады. Ақшоқы, Ойқұдық жағы – Абай, Ысқақтың ауылдары, 
ал  Еспе  жазығы  жағы  -  тап  иек  астында  Ақылбайдың  және  Әйгерім-
Турағұлдың ауылы.  
        
Қазақ  мәдениеті  үшін  қандай  сәттілік  десеңізші!  Осы  ауылдардың 
жастарымен  құлын-тайдай  тебісіп,  қайнаса  бітіскені  «Абай  жолы» 
эпопеясының  келешек  авторы  Мұхаңа  қаншалықты  әсер  еткенін  бұл  арада 
қозғауға дәрменсізбіз. Айтқандайын, Шәкәрімнің Қабышы  Мұхаңмен түйдей 
құрдас. Домбыра мен скрипка тартудың шебері ол ағасы Тұраштың ауылына 
зауқы соққанда келіп-кетіп жүретін-ді.  
х      х       х 
       
Абай мектебінің көрнекті өкілі - Көкбай өзінің естелігінде 1890 жылдың 
соңында  Ақшоқыда  өткен  бір  мәжілістен  соң,  ұстазы  Абай  жоғарыда 
айтылғандай дастан жазуға Абылай-Кенесары тақырыбын беріп: “Абылай да, 
Кенесары  да  қазақтың  мақтан  қылатын  ерлері.  Бұлардың  еңбегі  де  айта 
қалғандай,  ұмытпастық  еңбек.  …Сен  үйіңе  барып  орнығып  отырып,  осыны 
өлең қылып кел деді”, - дейді (Абай. – 1992. - №1. –50-51 бб.). Көкбайдың үйі 
Тақыр  деген  өзеннің  бойында  екен.  Шыңғыстың  сай-саласынан  Бауырға 
қарай ағып шығатын сулар көп. Солардың ішінде қатарлас екі қысқа өзен – 
Мұқыр  мен  Тақыр  негізінен  тобықтының  Көкше  руына  тиесілі  болған. 
Тақырдағы  Көкбай  ауылы  Шыңғыс  пен  Орда  тауының  аралығында, 
Шыңғысқа жақындау, одан 10 шақырымдай берідегі жазықтатұғын. Көкеңнің 
туысы әрі шәкірті ақын-педагог Е. Бердин былай деп есіне алады: Көкбай “43 
жасында  (1904  жыл  –  А.О.)  өзінің  Тақыр  өзеніндегі  қорасының  қасынан 

 
42 
медресе  салып,  бала  оқытуға  кіріседі.  Медресесі  сегіз  бөлмелі,  асты-үсті 
тақтайлы,  кәдімгі  қала  медресесінің  үлгісімен  салынған  еді”  (Байлардың 
қаржысына  салынған  мешіт-медресенің  көкшіл  күмбезі  Орданың  биігіне 
көтерілген адамға көрініп тұрған). 
      
Не  керек,  Абайдан  тапсырма  алып  Тақырға  қайтқан  соң:  “Сонан  кейін, 
үйге  келісімен  өлең  жазуға  кірісіп,  күндіз-түні  тыным  алмай,  5-6  күнде 
бітіріп,  Абайға  қарай  қайта  жүрдім”  дейді  Көкбай.  Бұл  қыстың  басы  елдің 
қысқы  соғым  қамына  кіріскен  уағы  екен.  Осы  шаруамен  Абайдың 
Ақшоқыдан Аралтөбеге кеткенін естіген Көкбай Тақырдан төте тартады (бұл 
екі ара 70 шақырым жер). Жол бойы өз жазған дастанды жаттауға кіріседі: 
“Күн  суық,  қағазды  екі  жеңіммен  ұстап,  атымның  басын  жолдасыма 
жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым”. Өйткені, Абай машығы бірден “айт” 
дейді,  әйтпесе  тыңдамай  қояды  екен.    “Абай  бұл  уақытта  үлкен  ауылынан 
Бауырдағы ауылына, тоқалыныкіне барып сонда жатыр екен, - дейді Көкең. - 
Кіші ауылы “Аралтөбе” деген жерде, үлкен ауылынан 35 шақырым жерде еді. 
…Сонымен  кеш  болып  ел  орынға  отыратын  кезде  кіші  ауылға  жетіп  Абай 
отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі 
шайды  жаңа  алған  екен.  Кірген  жерде  сәлемімді  алмастан  “Абылай  келді 
ме?” деді”. 
       
Орайы  келген  соң,  айталық  –  Абай  Абылай  хан,  Кенесары  туралы, 
олардың  тума-туыстары  туралы,  уақиғаның  қалай  басталып,  өрбіп, 
аяқталғаны  туралы  қанық  болған.  Абай  бұл  жайында  әкесі  Құнанбай  және 
әкесі  құралыптас    үлкендерден  естіген  шығар.  Ал,  қазаққа  танымал 
этнографтың  бірі  Садық  Қасиманов  өз  әкесі  Қасиман  ақсақалдан  естіген 
мынадай әңгімені айтады. ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңына таман ел 
жайлауға  шыққан  кезде  Абай  Абылай  ханның  ұлы  Қасымның  қызы, 
Кенесарының  қарындасы,  кезінде  батырлығымен  аты  шыққан  Бопай 
ханшаны  ат  шаптырып,  қонаққа  шақыртқан  көрінеді.  Бопай  нөкерін  ертіп, 
Абай  ауылына  қонаққа  келгенін  естігенде,  маңайдағы  елдің  бәрі  келіп 
Бопайға  сәлем  беріп,  арты  ұлы  дүбір  тойға  айналыпты.  Қасиман  ақсақал 
Бопай  ханшаның  Абай  ауылына  келіп,  қайтқанына  дейін  басы-қасында 
күтушілердің бірі бопты (Ертіс өңірі. – 2006. – 12 қаңтар). Айтайын дегенім - 
Наурызбайдың  барымташылдығы  хан  Кенеге  кедергі  болғанын,  Кенесары 
көтерілісіне  қатысты  тағы  басқа  нақты  мағлұматты  Абай    осы  Бопайдан 
естіп-білуі мүмкін.  
       
Мәселен: “Сонымен, үшінші самауырын келгенде, - дейді Көкбай жаңағы 
сөзінде,  -  Абылай  менен  Кенесарының  жорығын  аяқтатып  болып,  енді 
Наурызбайға қарай көшіп едім. Бұған келгенде “Енеңді ұрайын жаман ұры, 
ханның бағын да осы алып еді. Енді шайыңды іш” деп, Наурызбайдың жайын 
бұл арада тыңдағысы келмеді”.  
      
Абайдың жақын серігі Көкбай сөзінен 1894 жылға дейін жас ақындардың 
мәжілісі  қыста  үлкен  ауыл  Ақшоқы  қыстауы  мен  кіші  ауыл  Аралтөбеде 
(арасы 35 шақырым) өткенін аңдаймыз. Бұл кезде Абай ауылы шалғай болуы 
себепті Шәкәрімнің мәжілістерге жиі қатынай алмағанын жоғарыда айттық. 

 
43 
        
Әрхам ақсақал 1962 жылы Шәкәрімді ақтап алуға байланысты құрылған 
комиссияға берген түсінік хатында былай деп жазады: «1893-94 жылдардан 
бастап  Шәкәрім  мен  Абай,  Ысқақ  ауылдары  жаз  жайлауы,  қыс  қыстауы 
жақын қонады. Мен күн сайын сол ауылға барып ойнап қайтушы едім. Абай 
ауылы келіп-кетушіден арылмайды, оның бір талайы жастар болатын. Олар 
ән  салып,  өлең  айтады.  Скрипка,  гармон,  домбыра  тартады,  тоғызқұмалақ, 
дойбы ойнайды. Басқа да неше алуан өнер көрсетіп, бәсеке-жарысқа түседі, 
ойы-сауық  құрады.  Сол  жиынды  бастаушы  Шәкәрім  болатын.  Қысы-жазы 
Шыңғыстағы ауылынан келіп, екі ағасының ауылында сайрандап, он күндей 
жатып қайтады». 
        
Міне  Абай  мен  Шәкәрімнің  шын  жақындасуы  осы  кездерден  деген 
пайымды растайтын құнды  мағлұматымыз осы.     
 
Ел жайлауы - Бақанас 
     
Тобықты  елі  май  айының  10-15-інде  Бауырдың  шыбыны  шыққан  кезден 
Жонға-жайлауға  асыға  көшеді  екен.  Жон  деп  ел    батыс  жақты,  Шыңғыс 
тауына  қатарлас  созылған  Сарыарқа  жотасын  айтқан.  Осы  кең  жотада 
Тобықты  “Жондағы  Жобалай,  Шақантай”  дейтін  Керей  елі,  яғни  Дағанды 
болысымен  шектескен.  Сырт  Шыңғыс  өзен-суларға  бай.  Олар  (Құр,  Балға, 
Қаранай,  Жыланды,  Тай,  Байқошқар,  Балқыбек,  Балашақпақ  және  Жәнібек) 
Балқаш көліне ағатын ұзын өзен - Бақанасқа құяды. 
       
Екі су – Бақанас пен Байқошқар алабы Абай мен Шәкәрім поэзиясының 
алтын бесігі. Бауырдағы Жидебай сияқты киелі қоныс. 
     
Абайдың  “Жаз”  деген  өлеңінің  жазылу  тарихы  жайлы  Көкбай  былай 
дейді:  “1886  жылдың  жазында  ел  жайлауға  шықты.  Абай  ауылының  ең 
өрістеп  барып,  орнықпақ  болған  жайлауы  Бақанас  өзенінің  бойы  еді.  Осы 
жылы Абай ауылында доктор Долгополов та қонақта еді. Ауыл Бақанастың 
бойындағы  Көпбейіт  деген  жерге  қонып  жатыр  екен.  Абай  қонып  жатқан 
ауылды  көріп:  “Осы  суретті  өлең  қыл”  деді.  Мен  біраз  өлең  қылып  едім, 
жақтырмады да, өзі жазбақшы болды”. 
     
Зейін  қойсақ,  өлең  “Жаздыкүн  шілде  болғанда”  деп  басталады.  Демек, 
Бауырдан майдың 10-15-інде қозғалған ел күніне қозыкөш қашықтықты ғана 
еңсере  отырып,  Шыңғыс  асып  (Шыңғыстың  ені  20  шақырымдай),  Жонға 
жеткенше  шілде  айы  болған  да  қойған.  Яғни  Бауырдан  Жондағы  жайлауға 
жылжуға  бір  айдан  астам  уақыт  кеткен.  Өйткені,  30-дан  астам  Құнанбай 
ауылдары  әуелі  Жон  мен  Шыңғыс  арасына,  екі  өзен  -  Тоңаша,  Барлыбай 
бойына  10-15  күн  аялдап,  ол  араны  тоздырған  соң  ғана  әрі  қарай  өрістейді 
екен.  Шілде  айы  болғанда,  ақыры,  көш  жотадан  асып  мол  сулы,  қалың 
шалғынды, кең қоныстарға жетіп, қарақұрым ауылдар “қоңыр салқын самал 
жел соғып тұратын” шыбынсыз Жонды еркін  жайлайтын, жалпы көшіп-қону 
салтанатының бәрі үлкен-кішіге құтты бір ұзақ мейрам сияқтытұғын. 
       
Сөздің  қысқасы,  Жондағы  жайлауда  Абайдың  қатысумен  өткен 
мәжілістер бек көп болған. Осында Абай ауылына алыс-жақын елдің кісілері, 
сондай-ақ,  әр  жылдары  Біржан  сал,  Әсет,  жаңағы  Долгополов  пен 

 
44 
Кенесарының  қарындасы  Бопай  сияқты  сыйлы  қонақтар  қатынаған.  Әрине, 
жайлау төсінде Абай Шәкәрім сияқты шәкірттерімен де жиі жүздеседі. 
      
Кең  жайлаудан  “июль  айының  бас  кезінде  қайта  көшіп,  Жоннан  асып, 
Барлыбай, Тоңаша өзендеріне аз күн аялдап, қозы қырқып, күзем алады да, 
Шыңғыс  тауынан  Бауырға  аса  көшеді,  -  дейді  Әрхам  ақсақал.  …-  Үш  айда 
жайлауда  шалғын  мен  бетегеге  жайылып  ащылы  жерді  аңсаған  мал  осы 
Бауырға  келгенде  құрт  көргенде  аузынан  су  ағатын  қышқыл  сағынған 
адамдай  құмартып,  құшырлана  жеп,  мейірі  қанады”.  Осы  кезден  сатарлық 
малды Семей базарына айдау, яғни сауда-саттық көрігі қызатыны түсінікті. 
 
х     х      х 
      
Енді  Жидебай  қыстауына  қайтадан  ойысалық.  1894  жылдан  былайғы 
уақытта  басқосулардың  күз  бен  қыс  айларында  тек  осы  қоныста  өткендігі 
талассыз.  
      
1891 жылғы Оспан қазасынан соң, артында үш жесірі мен шалқыған мол 
дәулеті  қалған.  Оспан  сауданың  тегін  біліп  алып,  қайнағасы  Ысқақты 
(Еркежанның  ағасы)  бас  қылып,  Қоянды  жәрмеңкесіне  мал  төгіп  отырған 
екен. Осымен оған мың жарым жылқы, 300-дей түйе, 2-3 мыңдай қой біткен. 
Мұнша дәулеттің ағайын арасында ұзақ айтыс-тартыс тудырмай қалсын ба. 
Әсіресе, Оспанның үлкен әйелі, ауылдың, малдың қожасы Еркежанды алам 
деушілер көбейсе керек. Бірақ Еркежан ешбіріне көнбей, ырықсыздық болса, 
“төркініме  кетем”  дейді.  Төркіні  –  көрші  болыс  Мәмбетей  тобықты.  Осы 
жайларды  баяндай  келе,  Әрхам  Кәкітайұлы  былай  деп  жазады:  “Төркін 
жұрты  –  Мәмбетей  адамдары  Еркежанды  оңаша  алып,  көп  ырғасып  келіп, 
аяғы  Абайдың  өзін  таңдатады.  Екі  болыс  елдің  адамдары  бір  күн,  бір  түн 
жабылып отырып Абайды еріксіз көндіріп, Оспанның үйіне кіргізеді”. 
      
Әкесі  Абайдың  әмеңгерлік  салтты  ұстануын  бұл  кезде  ел  жұмысына 
араласып, әке алдын кісіден босата бастаған Мағаш (Мағауия) қостап, дұрыс 
көрген  екен.  Ал,  Мағаштан  екі  жас  үлкен,  бірақ  көп  жылдар  елден  саяқта 
жүріп,  қазақ  тұрмыс-салтынан  қол  үзе  бастаған  Әбіш  (Әбдірахман)  мұны 
құптай  алмаған.  Демалысқа  келгенінде,  Әрхамның  айтуынша,  ол  әкесіне 
үлкен  қате  жасадыңыз  дей  келе:  “Енді  менің  тілімді  алыңыз.  Ақшоқыда, 
Аралтөбеде  қатыным  бар,  балам  бар  еді  деп  қыдырмаңыз,  егер  оларды 
сағынсаңыз шақыртып алып, 5-10 күн қонақ ғып қайтарып отырыңыз, екінші, 
Семейге  барып  көп  жатып,  кітап  оқып  білімді  адамдармен  әңгімелесуді  де 
тоқтатыңыз.  Енді  сізге  оқуға  керекті  кітаптарды,  ұғарлық  сөздерді  мен 
жеткізіп беріп тұрайын” депті.   “Абай Әбіштің сөзін ықлас қоя тыңдап, хұп 
алады,  айтқанын  орындайды”,  -  дейді  Әрхам  Кәкітайұлы  (Ұлы  Абайға 
адалдық. – Семей. – 2005. – 188 б.).  
       
Сөйтіп,  Абай  Жидебайға  1894  жылдан  біржола  орнығады.  Құнанбай 
әулетінің  құт-берекесіндей  болған  Еркежан  Абайдың  шығармашылыққа 
еркін  құлаш  ұрып,    өнімді  еңбек  қылуына  барлық  жағдайды  туғызады. 
“Еркежанды  Абай  өле-өлгенше  аса  жақсы  көрумен  кеткен,  -  деп  жазады 
Мұхтар  Әуезов.  –  Мұны  алған  соң,  өзге  екі  әйелге  көп  жуымайды”  (20 
томдық  шығ.  жинағы.  –1984.  -  15-ші  том.  –  187  б.).  Осы  кезден  Жидебай 

 
45 
Абай  айналасындағы  жастар  жиналатын  “үлкен  ауыл”  ғана  емес,  исі 
қазақтың рухани құбыласына айнала бастағаны хақ.  
        
Шәкәрімнің  ата  қыстауы    «Шымылдық  шаттың»  бүйіріндегі 
Қарашоқының  бауыры,  басқаша  айтқанда  Бөкенші  асуының  алқымындағы 
Қаражартас  деген  мекен.  Бір  қыстаукүзеуі  Бауырдағы  Сырт  Қасқабұлақта 
екен. Ал, Жидебайдың батысында 10 шақырымдай жерде “Көлқайнар” атты 
шағын көлді айнала жайлап ағасы Шәкенің ауылдары отырды.  
       
Бір  сөзбен  айтқанда,  Абайдың  Жидебайға  орнығуына  байланысты 
Шәкәрімге,  басқа  да  шәкірттеріне  ұстазға  жиі  қатынауына,  бір-бірімен 
араласып,  қолда  бар  кітап-газеттерімен  алмасып,  пікірлесіп  отыруына 
қолайлы жағдай туады.  
     
“Абай  ауылдары”  деген  тақырыпты  қорыта  келе  айтарымыз  –  Абайдың 
жазушылық еңбегінің аса маңызды бөлігі - діни-философиялық өрісіне жетуі 
Жидебайға  орнығуымен  сәйкес  келеді,  осы  кез  Абай  мектебіне  де  соны 
серпін  әкелді.  Қайталап  айтсақ,  осы  кездерден  қос  алыптар  арасындағы 
шынайы табысу, түсінісу, рух туыстығы жылдан жылға бекіп, нығая берді.   
 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал