Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)



жүктеу 5.01 Kb.

бет23/29
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріӨмірбаяны
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29

Шәкәрім - әлем ойының алыбы 
      
Аты  аңызға  айналған  ғұлама  ойшылымыз  Шәкәрімді,  сөз  жоқ,  «күллі 
әлемнің  Шәкәрімі»  деуге  керек.  Бірақ  ауызға  жеңіл  болғанымен  де:  «Хош,  
данышпандарыңыздың данышпандығы неде, кемел тұлға дегеніңізде, сахара 
ойшылының кемелдігі немен дәлелденбек?» деген сұрақтың алдан орайтыны 
айтпаса да белгілі. Өзгетілді халықтар осындай сұрақты қоймағанда қайтеді. 
Сондықтан «Шәкәрім  әлем ойының  алыбы» деген тақырыпқа ой жүгіртуді 
жөн көрдік. 
       
Пирамиданың  етегі,  ортасы  және  ұшар  ұшы  бар.  Тәңірі  мен  табиғат, 
жаратылыс  пен  адам,  жан  мен  тән,  ақиқат  пен  жалған  сияқты  адамзат 
нәсіліне  ортақ  та  мәңгілік  проблемалардың  жауабын  іздеу    асқан  ақылды 
адамдардың еншісінде. Абайша айтсақ, ақиқатты іздеуге  «әркімнің де таласы 
бар».  Өйткені,    адамның  адамдығы,  пенде  өмірінің  мәнмағынасы  деген 
сұрақтар  осылардың  жауабын  табуға  тіреледі.  Сондықтан  белгілі  бір  дін 
шеңберінде  я  ұлттық  мәдениет  деңгейінде  ізденген  ойшыл  философтар 
қарамы мол. Бірақ бұлар пирамида ұшына шыға алмайтындар.  

 
195 
       
Өйткені, мәңгілік проблемалардың жауабын іздеп қана қоймай, олардың 
ақиқат  шешімін  тапқан,  нақты  жолын  ұсынғандар  санаулы  ғана  тым  сирек 
ғұлама  ойшылдардың    сыбағасы.  Тәңірінің  хикметін  сезу,  яғни  жан  сырын 
танып білу үшін: «Бастағы көз жан сырын байқамас. Хақиқатты дәл көруге 
жан көретін көз керек»,  дейді Шәкәрім «Тура жолда қайғы тұрмас» өлеңінде. 
«Әлем  ой  алыбы»,  «кемеңгер  ойшыл»  немесе  «данышпан  философ»  деген 
теңеулерге анық сәйкес алыптар осы соңғылар. Дала данасы Шәкәрім анық 
көкірек  көздің  иесі.  Сондықтан  орны  әлем  ой    алыптары  қатарынан  екенін 
ойшыл өзі де жақсы білген. Соның бірі былай айтқаны:  
                           
Бас көзімен сенделуге, 
                                
Бізге рұқсат жоқ, шырақ! 
        
Мұндағы  «бізге»  деген  сөзі  көкірек  көзі  бар  әулиелер  деген  мағынаны 
білдіреді.    
        
Әйтсе  де  данышпанның  не  себепті  данышпан  екендігін  аз  да  болса 
қозғап өтелік.  
       
Ақиқат жалғыз, бірақ оған жету жолдары көп болғандықтан шарқ ұрып 
толассыз  ізденген  ғұламалар  бірі  бірінің  қайталануы  емес.  Әр  данышпан 
хақиқатқа, рух биігіне, әлбетте, өз соқпағымен жетеді.  
       
1895  жылғы  «Лай  суға  май  бітпес...»  деген  өлеңінен  бастап,  Абай  өз 
шығармашылығының  ішкі  мазмұнын,  табиғатын  мүлде  өзгертеді.  Бұл 
бағдарламалық өлең есепті. Өйткені, онда: 
                                  
Мекен берген, халық қылған ол лә мәкан, 
                                  
Түп Иесін көксемей бола ма екен?   
                                   
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай, 
                                   
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?,  
делінген  қос  сұрақтың  жауабын  іздеген  ұлы  ақын  қалған  өмірін  сарқа 
жұмсап, рух биігіне басқыштайтын болады. Шиырлы ізденіс жолының 1902 
жылғы  «Алланың  өзі  де  рас,  сөзі  де  рас»  өлеңінде,  әйгілі  «үш  сүю» 
танымымен тұйықталғаны белгілі. 
       
Шәкәрімнің екінші ұстазы Толстойдың философиясы да «Қайдан келдім, 
Мақсатым  не?»  деген  сұрақтан  бастау  алып,  адам  өмірінің  мақсаты  ішкі 
рухын  өсіру,  гүлдендіру  болуға  тиіс,  зұлымдыққа  махаббатты  қарсы  қою 
қажет  деген  ілімді  жасауға  саяды.  Осы  мақсатты  таптық,  нәсілдік,  ұлттық 
құндылықтардан жоғары қойған жағдайда ғана бақытты адам, бақытты қоғам 
құруға  болады  дейді  орыс  ойшылы.  Оның  білуінше,  зұлымдық  арқылы 
жақсылықты жасамақтық еш мүмкін емес. 
        
Енді  Шәкәрімнің  өзіндік  соқпағына,  ой  шыңына  басқыштау  реттілігіне 
өтелік.  Әуелгі  саты  ислам  діні  болғаны,  келешек  ойшылдың  хақиқатты  дін 
аясынан іздегені күмәнсіз.  
        
Жасыратыны жоқ, мал баққан көшпелі өмір салты ислам дінінің дендеп 
орнығуына  дес  бермей  келді.  Айт  айтпа,  бұрынғы  Тәңірлік  наным-сенім 
үстемірек  болды.  Бірақ  ХІХ  ғасырдың  екінші  жарымы  мен  ХХ  ғасырдың 
алғашқы  кезеңінде  жаңаша  көзқарастардың  уақыты  жеткен  еді.  Өйткені, 
отаршылдық  қысым  қос  өкпеден  қысқан  қысылтаяң  тұста  Ресей 
мұсылмандарының  зиялы  қауымы,  оның  ішінде  қазақтың  озық  ойлылары, 

 
196 
жайбірақаттықты  сілкіп  тастап,  исламға  тәрбие  жолы  ғана  емес,  елдікті 
сақтап қалудың бір қаруы деп те қарай бастағантұғын. Сондықтан осы кезде 
қазақ сахарасында шыққан кітаби ақындардың дені діншіл ақындар еді. Яғни 
оларға дін насихатшылары болу қоса жүктелді. 
      
“ХІХ ғасырдың аяғында қазақ сахарасында кітаби ақындар көп болған, - 
деп  жазады  Т.Әлімқұлов  өзінің  Абай  шығармашылығына  арналған  белгілі 
кітабында.  –  Оңтүстік  Сырда  Мәйкөт,  Молда  Медеу,  Базар  жырау, 
Жылқыбай, Сауытбек, Балта, Шәді-төре, Мәнсұр, Санбай, Өтебақ, Садуақас, 
Айтбай,  Құлыншақ,  Ақберді,  Ораз  Молда,  Омар  Шораяқов  сияқты  хисса 
шығарып, жыр жазған ақындар бар-ды” (Жұмбақ жан. – Алматы, 1993. – 97 
б.).  Міне, осы аталған он алты ақын да діни тақырыпқа қисса шығарған екен.  
      
Енді  Ертіс  өңіріне  көз  салсақ,  Шәкәрім  құралыптас  Ә.Тәңірбергенов, 
Көкбай,  А.  Сабалұлы,  Керекуде  М.Жүсіп  сынды  көрнекті  ақындар  да  діни 
бағыттан  қағыс  қалмаған  екен.  Қай  қайсы  да  мұсылман  ғұламаларының 
жазғандарын көп оқып, дін ислам қағидаларын өте жақсы білген және, діни 
қиссалардың талайын жазған ақындар. Бір сөзбен айтқанда, 1880 жылдардан 
бастап қазақ поэзиясында ағартушылық діни бағытпен астасып жатты.  
      
Бұл  ерекшеліктен  Шәкәрім  аман  болды,  яғни    40  жасқа  дейін  діншіл 
болған жоқ деп айта алмаймыз.  
       
“Абай  жолы”  эпопеясының  ХІХ  ғасырдың  соңында  Тобықты  ішінде 
өткен оқиғаларды арқауы еткен “Қастықта” тарауында М.Әуезов Шұбардың 
(Шәкерімнің) мұсылман іліміне жетіктігін һәм молдалығын оқырманға былай 
деп  жеткізеді:  “Семейдің  мешіт-медресесіндегі  қазірет-халфелермен 
кездескенде,  Шұбар  өзінің  мұсылманша  көп  оқығанын  және  мұсылман 
ғұламаларының  кітаптарынан  қол  үзбей  жүретін  молдалығын  да  іске 
жаратады”.  
        
Әрине, ақынға қасындағы Абайдың ғұрпы исламға деген көзқарасының 
әсері  ерекше  болды.  Мәселен,    ХХ  ғасырдың  басында  Семейде  Жақия 
қажының үйінде өткен бір мәжілісте Абай серігі Көкбайға мынадай бір ауыз 
әзіл өлеңін айтқан: 
                              
Тағат деген не тағат Хақ жолында, 
                              
Мәһам жандар ізденіп жүр соңында. 
                              
Хақтың жолын танымай қалтаң қағып, 
                              
Көт жуғанға мәз болған байғұс молда. 
       
Абай шәкірттерін шын тағат пен хақиқатқа осылай да бұрып отырған. 
        
Діншілдер  мен  пәншілдер  жазғанын  өзі  де  көп  қазбалаған  талапкер   
Шәкәрім  олардан  өзін  алаң  қылған  жаралыс  сырларының  жауабын,  яғни   
көңіл ашар ақиқатты, анықты таба алды ма? 
       
Бір өлеңінде: 
                              
Не сыр бар дін деген жолда, 
                              
Кітап, тәпсір, қожа, молда… - 
десе, тағы бірде: 
                                 
Молдалардан дін сұрасаң, 
                                 
Сандырақтап, сандалар. 
                                 
Пәншілермен бас құрасаң, 

 
197 
                                 
Жан, Құдай жоқ дер тұра-ақ. 
                             …
Таза діннің шын негізін, 
                                 
Ұстаған бір бенде жоқ. 
                                  
Дүние толған көп шатақ дін, 
                                  
Бәрі бірдей шатпырақ, - 
деуіне  қарағанда,  жоқ,  таба  алмаған.  Өз  сөзіне  жүгінсек,  “Үш  анық”  атты 
трактатында: “Ескі дін молдалары, - деп жазады Шәкәрім, - қай дінде болса 
да  жаралыс  жолының  сырына  шорқақтығынан  бұл  туралы  анықтап  ұқтыра 
алмаған”.     
       
Шәкәрімнің  өзі  іздеген  анықтарды  діни  ілімнен  де,  сол  сияқты  пәншіл 
ғалымдардан  да  таба  алмаған  себебі,  діншілдер  өздеріне  дұрыс  көрінген 
пәтуәлар,  түсініктемелер  және  көзқарастар  арқылы  мұсылман  жамағатты 
алдын  ала  сызылған  шеңберге  қамап,  ойлау  еркінен  айырса,  ал  пәншілдер, 
керісінше,  түп  қайнар  -  Құран  мен  Сүннәдән  алыстап  кетіп,  халықты  өз 
білгендеріне  бұрумен  болды.    “Нәтижеде,  -  дейді  иасауитанушы  ғалым  Д. 
Кенжетай,  -  өте  маңызды  екі  жағдай  пайда  болды.  Біріншісі  –  еркін 
ойлайтын, зерттейтін, өндіретін мұсылманның орнын, дәстүршіл, еліктегіш, 
ұраншыл  мұсылман  басты.  Екіншісі  –  факихтер,  кәлламшылар,  хадисшілер 
мен  тафсиршілер  өте  жоғары  беделге  ие  болды.  Құран  мен  Сүннәнің  орны 
исламдық  танымда  екінші  сатыға  түсті”  (Абайтану  оқулары  //  Исламдағы 
дәстүрлі діни таным. -–Алматы, 2004. – 27 б.). 
       
Сөйтіп,  діншілдер  мен  пәншілдер  «анық  нұры  осы»  деп  насихаттаған 
дүниетанымдық    ұстанымдарға  Абай  сияқты  Шәкәрім  де    қанағаттана 
алмаған, бұл бір. Екіншіден,   Шәкәрімнің ойшыл ретінде қалыптасқан шағы 
позитивистік  һәм  ағартушылық  ағымның,  онан  соң  материалистік  ілімнің 
өрістеп тұрған уағына дөп келгенін ескермей болмайды.  
       
Шәкәрімнің  мұрасын  жарыққа  шығару  тілегінде  1969  жылы  3 
желтоқсанда  М.О.  Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер  институтында 
С.Мұқанов,  Ғ.Мүсірепов,  Ә.Тәжібаев,  М.Базарбаев,  Ы.Дүйсенбаев, 
С.Қирабаев, Ә.Нұрпейісов т.б. ақын, жазушылар қатысқан мәжіліс өтеді. Осы 
мәжілісте  С.Мұқанов  былай  депті:  «Шәкәрім  бір  қазаққа  хат  жазған  жоқ, 
маған  ғана  бір  хат  жазған  еді,  сол  хаты  менде  бар,  сонда  барлық  пікірін 
жазған.  Қандай  принцип  ұстанған,  не  істеп  жатыр,  шығармасы  қашан 
жазылған, осылары бар. Осы хатта біраз мән бар. Хаты жазушылық жолының 
есебі  сияқты»  (Шәкәрім.  Шығармалары.  Құраст.  М.Жармұхамедов, 
С.Дәуітов, [А.Құдайбердиев]. – Алматы: Жазушы, 1988. – 560 б.). 
       
Кәне, осы хаттағы “мәндерге” көз тігелік. 
       
Онда:  “Қырық  бес  жасымнан  бергі  өлең  сөздерім  философия  жағына 
салынып: об отвлеченного вопроса объективная рассуждение болғандықтан, 
үкімет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба 
деп  жібермей  қалдым.  Себебі:  жан  сыры,  жаралыс  сыры,  дүниедегі  тәмам 
шатақ  діндер  туралы  жазылған”,    дейді  кеңес  өкіметінен  өгейшілік  көріп, 
«мұтыла» бастаған ойшыл ақын.    

 
198 
       
Мұндағы «Қырық бес жасымнан» деген өз сөзі сыншыл Шәкәрім діншіл 
Шәкәрімді ығыстырған уақыт  1903-1905 жылдарға сәйкес деп кесіп айтуға 
мүмкіндік береді. 
      
Айтпақшы,  Абайдың  философия  мектебінен  өткен  Шәкәрімнің 
Толстойдың жаңашыл  дүниетанымдық көзқарастарын құныға оқып, ындын 
сала тексеретіні осы тұс.  
        
Сонымен  діншіл,  шариғатшыл,  осыған  қоса,  бәлкім,  жәдитшіл  де 
Шәкәрімнің  ғұрпы  исламнан  көңіл  суыта  бастаған,  яғни  ноқтасыз  ойдың 
адамына,  сыншыл  ақынға  ауысу  мезеті  ХХ  ғасырдың  басынан  екені  әр 
қырынан дәлелденбек.
   
        
Бірақ әлемдік ойсана кеңістігіне осы кезден құлашын жаза сермеді деу 
қате. Алда әлі бірталай белдер жатты.  “Мұтылғанның өмірі” жырында ақын 
қажылық сапары қарсаңындағы дөңасты кезеңін былайша өреді: 
                                   
Адасып діншіл азғанын, 
                                   
Пәншілдер ғылым қазғанын. 
                                   
Философ – ойшыл жазғанын  
                                          
Сынауға енді бұрдым бас. 
      
Қадап  айту  қажет,  бас  бұру  бар  да,  онан  соң,  сыншыл  кемеңгер  биігіне 
шығу бар. Бұл ұзақ жол. Мынаған қараңыз,  ғұмыр бойы шарқ ұрып хақиқат 
жолды  іздеген  әлем  ой  алыптары  «тізімінде»  орта  жасқа  келмегендер 
санаулы,  яки  тіпті  жоқ.  Дүниені  көкірек  көзімен  көрудің  тым  қиынын 
осыданақ  аңдайсыз.    Әйтеуір,  нағыз  данышпандық  сатыға,  ой  алыптары 
галереясы  осыған  дәлел,  қартайып,  шау  тартқан  ғұламалар  ғана  жетеді. 
Мәселен,  имам  Ғазали,  Абай,  Толстой  үшеуінің  де  хакімдік  дүниетаным 
тізгінін  елуден  асқанда      ұстағаны  бізге  белгілі.    Шәкәрімге  келер  болсақ, 
оның  55  жасында  «Үш  анық»  трактатын  қолға  алғанын  көреміз.  Абайдың, 
жоғарыда айтылғандай, екі сауалға жауап іздеп, «үш сүю» танымына келгені 
сияқты,  Шәкәрім  де  «Үш  анықта»  қойған  сауалдары  арқылы  үш  ақиқатты 
ашады.   
       
“Өз  ақылым  қабыл  алмағанды  кім  айтса  да  теріс  көрем,  -  деп  имандай 
шынын ақтарады Шәкәрім қажы жаңағы С.Мұқановқа жолдаған хатында. – 
Бірақ ақыл  қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам. ...Ақылым 
айтқан ақиқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін”.  
        
“Мұтылғанның өмірі” жырында ақын тағы айтады: 
                                   
Ноқтасыз оймен тексердім, 
                                   
Бояулы діннен сескендім. 
                                   
Дін шатағын көп көрдім, 
                                            
Қатесін сынап тергенде. 
                                  
…Ақылмен нанбай иман жоқ, 
                                   
Ойлаудан ақыл тиған жоқ. 
                                   
Талай дінді тексердім, 
                                          
Ешбірі миға сиған жоқ. 
       
Осындай  қиядағы  соқпақпен  өрлеген  Шәкәрім  рух  биігіне,  әлемдік 
философия шыңына алпыстан асқанда ғана шығады. Яғни ғылымның асылын 
оқыптоқуға он бес жылдай уақытын сарп етеді.  

 
199 
       
Жаңағы  хатында  айтқан  «жан  сыры,  жаралыс  сыры  туралы»  таза 
философиялық  жырларының  түгелі  дерлік  алпыстан  кейінгі  шығармалары. 
Ал  Ілияс  Жансүгіровтың  жеке  архив  қорында  сақталып  бүгінге  жеткен 
«Иманым» деген 28 өлеңнен тұратын үлкен циклін ақынның өзі «70 жасымда 
жазылған» деп көрсеткен. 
        
Жапандағы  Шақпақтың  бөктерінде,  жалғыз  тамның  іргесіндегі    киелі 
Обалы биіктің басында отырып, жылдар бойы адамның болмысын ғана емес, 
хайуанаттар  мен  өсімдік  әлеміне  дейін    терең  ізерлеп,  әрбірінен  Құдайдың 
ісін  көрген  (мұны  мұсылман  ілімінде  «тәфаккару  фиғла  иллаһи»  дейді) 
Шәкәрімге тылсымның сырлары мысқылдап ашыла бастаған деуге керек.   
       
Оған  дәлел  «Иманым»  жинағындағы  сырлы  сөздері.  Бұл  жинақ  хакім 
Шәкерім  ойшылдығының  шыңы,  «күллі  әлемнің  Шәкерімі»  деуге  тірек 
етерлік ең қымбат бөлігі.  
       
Тегінде  Тәңірінің  ісін  ойлану,  тану  мен  хақиқат-ар  туралы  өлеңдері 
барша адамзатқа ортақ шедевр  маржандар екенін Шәкәрімнің өзі де жақсы 
білген. 
         
“Мен  осыны  айтып  отырғанымда,  -  дейді  Шәкәрім  Сәбеңе  хатының 
соңында,  -  адамшылық  арым  барша  адам  баласына  пайдалы  деп  30  жыл 
инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын 
неге  тіленбейсің  деп  еркімді  билеп,  “Жан  сыры”,  “Жаралыс  сыры”  деген 
қысқаша қорытындымды тағы жібердім”.   
        
Өзі  тапқан  ақиқат  ұшқындары  жалғыз  қазақтікі  емес,  барша  адамзат 
нәсіліне  ортақ  мұра  екенін  жақсы  білгендіктен:  «Әттең  дүние,  осыны  құры 
қазақша  ғана  басып  қоймай,  орысшаға  жақсы  переводпен  смыслін 
переводтап,  ғылымды  азаматтың  бірі  еңбек  етіп,  переводын  өзіме  көрсетер 
ме еді?»,  деп толғана жазады ғұлама.          
       
Шәкәрімнің  әлемдік  деңгейін  көрсету  мен  ғұрпы  дінге  көзқарасын 
тексеру өзара байланыста болуы себепті Шәкәрімнің діні деген сөзімізді әрі 
қарай қаузай түселік. 
        20-
шы  жылдардың  басында  ақын  дін  тақырыбына  қайта  оралып,      өзі 
айтқандай  «шатақ  діндер  туралы»  жырларын  жазады.  Олар  негізінен  «Тау 
басындағы ой» атты 8 жырдан тұратын циклге енген. Қолжазбада автор бұл 
топтағы өлеңдерді 64 жаста (1922 жылы) жазылған деп көрсеткен екен.  
      
Жалпы  сипаты  схоластикалық  діни  таным-сенімді  мінеу  болып 
табылатын бұл жырларында  ойшыл хакім қатты сын айтады.  Мәселен, “Бұл 
кездегі діндердің бәрі нашар” (1922) деген өлеңінде: 
                                   
Бұл кездегі діндердің бәрі нашар, 
                                   
Ешбірі түзу емес көңіл ашар, - 
дейді.  Баршаға  аян,  бұл  кезде  жер  шарының  алтыдан  бір  бөлігінде  дінсіз 
қоғам  салтанат  құрып  жатты.  Сондықтан  жырдың  астарынан  егерде  діннің 
негіздері  мен  хақиқаттары  бұрмаланбай  дұрыс  жеткізіліп  отырған  болса, 
адамзат мұндай бейшара хәлге тап болмас еді деген емеуірін айқын сезіледі. 
       
Сәбеңе хатында өзінің “Жан сыры”, “Жаралыс сыры” жайында жазылған 
өлеңдерін  “бұл  кезде  халыққа  тарату  лайықсыз”  дейтіні  де  сол.  Мұрнынан 

 
200 
шаншылып  «Құдайсыздар  қоғамын»  құрып  жатқан  атеистік  орта  ол 
жырларды қалай қабыл алсын!     
      
Алып рухани ұстаздардың қай қайсы да адамзатқа ортақ, олар белгілі бір 
мәдениет  пен  өркениет  қалыбына  симайды,  сондай-ақ,  дін  шеңберінің  де 
оларға  тарлық  қылатыны  екі  бастан  мәлім.  Кемеңгер  философ  ақынымыз 
Шәкерімнің де “діншіл ақын” да, сол сияқты “сопы ақын” да емесіне қажетті 
дәлелді өз сөздерінен керегінше таба аламыз. 
       
Шәкәрімнің  діні  деген  келелі  тақырыпты  тауыса  айту  мүмкін  емес. 
Сондықтан ғұлама М.Әуезовтың мынадай пікірімен сөзімізді түйіндейік.  
       
“Адамның жаратылысы мен өзінің тұтынған діні турасында Абайдың ең 
үлкен  мән  беретіні  –  адамдағы  сыншы  ақыл,  терең  ой  ғана  болады”,  -  деп 
жазады  М.  Әуезов  (Абай  Құнанбайұлы.  –  Алматы,  1995.  –160  б.).  Осы 
пайымын Мұхаң былайша үстемелей түседі: “Нәтижеде …бар нәрсенің тетігі 
ой дегенге келеді. Сөйтіп, оның діні – сыншыл ақылдың шартты діні болып 
шығады”.  Сан  буын  қазақ  баласы  естіп,  санасына  құйып  өскен  ғұламаның 
осынау дәлді де әдемі пікірі Шәкәрім Құдайбердіұлына да әділетті екені хақ. 
Яғни  Шәкәрімнің  діні  де  –  сыншыл  ақылдың  шартты  діні  десек  қажы 
аруағына қиянат жасағандық болмас деген ойдамыз.  
       
Ескертер  бір  жай,  45  жасында  да,  60  асқанда  да,  Шәкәрім  ислам  дін 
тұтынушы хақ мұсылман болған. Ал, «сыншыл ақылдың шартты діні» деген 
түйінді  сөздің  мәнісі  діннің  ақиқатына,  Абайша  “діннің  хақ  мағрифатына” 
жеткен  данышпан  деген  мағынаны  білдірмек.  Айталық,  алыс  көкжиектер 
биікке шыққан сайын ғана алақанға салғандай анық көрінеді емес пе. Немесе 
жақындауға  еш  мүмкіндік  жоқ,  тек  алыста  ала-құлаң  қарайған  нәрсені  жай 
көзбен  шолған  қандай,  дүрбі  салып  қараған  қандай?  Шәкәрім  имамдармен 
міне осы үшін, өз сөзінше «үш анық» үшін сайысқа түскен. 
 
х  х   х 
       
Шәкәрімнің  әлемдік  деңгейін  бағамдаудың  тағы  бір  сара  жолы  оның 
Шығыстың  жеті  шайырына  жақындығын  қарастыру.  Өйткені,  бұл  өрісте 
жарастық пен жақындық мол.   
       
«Иманым»  жинағына  топталған  Шәкәрімнің  30  тарта  шедевр  жырлары 
ішінде сопылық мәдениетке жақын келетіндері аз емес. Өйткені, олардың қай 
қайсы  да  Тәңірі  бар,  жан  ажалсыз  деген  хақиқаттың  дәлел-дәйегі  болып 
табылады.  Шәкәрім  мен  шығыс  шайырларын  табыстыратын  ортақ  топырақ 
осы емес пе. 
        
Шәкәрім  шығармалары  мен  сопылық  әдебиет  өкілдері  туындылары 
арасындағы  байланысқа  арналған  «Хақиқаттың  шын  нұры»  атты 
мақаласында:  «Олардың  һәммасына  ортақ  сырлы  ұғымдарды,    деп  жазады 
шығыстанушы  А.  Маралбек,    Шәкәрім  жырларынан  жазбай  танимыз. 
Айырмашылығы жалғыз  қазақ тілінде жатық берілуі» (Шәкәрім.  Иманым.  
Алматы, 2000. - 313 б.). 
       
Айтса  айтқандай,  алпыстан  соңғы  Шәкәрім  өлеңдерінде  Шығыс 
шайырларының  желісі  жазбай  танылып  отырады.  Яғни  парсы  поэзиясының 

 
201 
Тәңіріні  Жарға  теңейтін  үлгісі,  «мастық»,  «арақ»,  «шарап»  деп  Құдайдың 
нұрын, оны сіңірген жүректі астарлауын Шәкәрім мол пайдаланған. Мәселен: 
                                 
Көрем десең Жарымды, 
                                 
Мас бол, жүрек тазала,  
дейді қазақ ақыны. Ортағасырлық көне терминдерді ақынның тірілтуі қазақ 
тілі  қорынан  балама  таба  алмағандықтан  емес,  сірә.  Мәселе,  хақиқаттарды 
санаға нық шөктіргісі келгендікте сияқты. Мәселен, Шәкәрім қолданысында 
Жар    Құдай  ғана  емес,  Хақиқат  ұғымына  да  балама.  Сондайақ,  «арождан» 
ұғымын мұсылманша «иман» десе де болар еді.  Бірақ Шәкәрім жаңаша «ар 
ілімін»  қалыптастыруды көздеген, сондықтан үйреншікті ислам терминдері 
орнына  парсы  поэзиясындағы  рухани  астары  айқын  сырлы  сөздерді 
пайдаланған деген ойдамыз. 
        
Енді  әйгілі  Шығыс  шайырларының  бірі  14  ғасырда  өмір  сүрген  Қожа 
Хафиз бен Шәкәрімнің арақатынасына тоқталайық. Оның ойшыл Шәкәрімнің 
сүйікті  ұстазы  екеніне  дәлел  -  “Көрініске  шоқынған”,  “Ей,  жарымыз,  ай 
нұры”,     “Кел,  аяқшы, қымыз құй”,  “Тұр, аяқшы, бер  қымыз”, “Көңіл жібі 
қолымнан”,  “Анық  ерге  жолдас  бол”,  “Мәжілісінде  досыңның”,  “Кешегі 
басшы  піріміз”,  -  деп  басталатын  дін,  иман  иһтихат  бағытындағы  өлеңдер 
топтамасы Хафизден аударылған.   
       
Хафиздің  осы  аталған  өлеңдері  негізінен  1918-26  жылдар  арасында 
аударылуы  мүмкін.  Өйткені,  “Абай”  журналының  1918  жылғы  3  санында 
басылған  “Көрініске  шоқынған”  деп  аталатын  өлеңін  ақын  мынадай 
таныстыру сөзімен береді: “Баяғыда парсы жұртында әрі білгіш, әрі сопы, әрі 
ақын  Қожа  Хафиз  деген  кісі  болған.  Сол  кісінің  өзі  мен  сөзінен  байқалған 
иманына  қазақтың  талапты  жастарын  таныс  қылмақ  үшін,  төменгі  жырын 
қазақ тіліне аудардым”.   
        
Көңіл аударар бір факті, Шәкәрімнің жиені Тауфиқ Досаев өзінің шешесі 
Жәкіштен  туған  жиендерінің  атын  қажының  өзі  қойған  деп  жазады.  
Мынаған  қараңыз:  1921  –  1928  жылдары  арасында  туылған  үш  ұлдың  да 
есімі «Қожа» сөзінен басталады  Қожақапан (1921), Қожахафиз (1924) және 
Қожанияз  (1928).  Демек,  бұл  өмір  дәйек  те    Шәкәрім  осы  кездері  Қожа 
Хафиздің поэзиясына ерекше ден қойғандығын растай түссе керек.    
     
Хафиздің бір өлеңін ақын былайша аударған: 
                                      
Кешегі басшы піріміз, 
                                      
Мешіттен кетті кабакқа. 
                                      
Мүридтер, қалай жүреміз,  
                                      
Түсеміз қандай сабаққа? 
      
Зерттеушілердің пікірінше, сопылық поэзияның ірі өкілі бола тұра, сопы 
ақындардың  арасында  Қожа  Хафиз  өз  дәуіріндегі  ел  билеушілер  мен  дін 
басшыларын  өлтіре  әшкерелеген  өлеңдерімен  көзге  түседі.  Бәлкім,  қазақ 
ақынына  Қожа  Хафиз  осы  қырымен  де  жақын  туыс,  сүйікті  ұстазы  болған 
шығар.  
       
«Хафиздің сопылығы хақында,  деп жазады шығыстанушы ғалым Ислам 
Жеменей,    ешбір  тарихи  кітаптардан  мәліметтерді  жолықтырмаймыз.  Ол 
дәруіштік жолымен жүрмеген, оның ұстазы, не мүриді жөнінде деректерді де 

 
202 
кездестірмейміз.  Сопы,  тақуаларға  тән  ерекше  киім  де  кимеген.  Оның 
қаншалықты  сопылар  тобында  жүргендігі  туралы  да  ешбір  құжаттан 
таппаймыз» (Ислам әлеміндегі сопылық // Абай. – 2005. - №2. – 53 б.). 
       
Осы  жолдарды  оқыған  адамның  көңілінде:  «Олай  болса,  Хафиздің 
сопылығы неде?» деген сұрақтың тууы заңды. 
       
Сөз  жоқ,  ішкі  мазмұнда.  Хафиздің  Аллаға  іңкәрлігі  сондай,  ол  «күндіз-
түні тынбай шарқ ұрады, тіпті жүрегін де аямайды» (И.Жеменей).    
       
Сөйтіп,  Шәкәрімді  Хафизбен,  жалпы  шығыс  классиктерімен  жалғаушы 
басты нәрсе олардың сопылықты Құдайды тану жолы деп біліп ұстануы және 
оны қатып қалған догмаға айналдырмай  пәлсапамен байланыстыру дәстүрі 
десек  қате  болмас.  Айтқандайын,  шығыс  шайырлары  ғазелдерінің  ішкі 
мазмұны  Абайды  да  тәнті  еткен  болатын.  Бұл  жөнінде  Мұхаң  былай  деп 
жазады:  «Абай  сөзі  аз  дәуірден  үлгі  еткен  шығыс  классиктерінің 
шығармаларындағы ішкі мазмұндарға табынған деген пікірді айрықша бөлек 
айтамыз...  Ғашықтық  ісін  Құдайды  тану  жолындағы  жан  әрекеті  есебінде 
жырлау басым еді».   
      
Қорыта айтқанда, дала данасы Шәкәрім Шығыстың жеті жарық жұлдызы 
болған, әйгілі жеті шайырдың жаңа заманда қайталанған бейнесі есепті десек 
артық  айтқандық  бола  қоймас.  Өйткені,  ол  да  солар  сияқты  бес  дастан 
(хамса) жазған автор әрі философияық лирикасы олардың поэзиясына үйлес, 
үндес, жақын туыс.   
       
Абай сияқты Шәкәрімнің мұсылмандық ағым – суфизмді жақсы білгені 
талассыз.  “Анық  асық  -  әулие,  Кереметке  сол  ие,  Жаны  құрбан  Жарына, 
Керексіз  өзге  дүние”  дегені,  сопылық  дәстүрмен  Аллаға  ғашықтың  жүрегін 
көбелек  пен  шамға  теңеуі  сияқты  өлең  жолдары  бізге  ақынның  сопылық 
қылудың ішкі сырына қанық болған жеткізеді.  
       
Бүгінгі  таңда  Шәкәрім  діншіл  ақын  демесе  де,  ойшылды  сопы  ақындар 
тобына қосуға, сопылық жолдан көруге пейілді жас толқын зерттеушілер аз 
емес. Сондықтан айтайық, суфизм ілімі мен қос кемеңгеріміз дүниетанымы 
арасында тұтастық қаншалықты болса, қайшылық та соншалықты. Жайнамаз 
үстінде мүлгіген харекетсіз сопылықты екі ғұлама да аулақ серпеді. Оларша 
жалғыз “растық жолы”, “ғадаләт жолы” бұл емес. Өйткені, тәркі дүниеліктің 
екінші  аты  -  ғұмырсыздық.  Сондықтан  туған  халқын  бұл  жолға  түсуге 
шақырмайды. Мысалы: “Бұл жол - бек шетін, бек нәзік жол”, - деп ескертеді 
Абай,  себебі:  “Ғұмыр  өзі  –  хақиқат.  Қай  жерде  ғұмыр  жоқ  болса,  онда 
кәмәлат жоқ”. 
      
Ал, Абай философия мектебінің тәлімгері Шәкәрім  “Адамдық  борышың 
– 
халқыңа қызмет қыл” деп басталатын өлеңінде: 
                       
Қайтадан қайрылып 
                       
Қауымға келмейсің. 
                       
Барыңды, 
                       
Нәріңді  
                       
Тірлікте бергейсің, - 
деп ұстазына үн қосады.  Тәңіріні танысаң ғана адам атына лайық боласың 
дейді әлемдік діндер.   Хош, ал Тәңіріні танудың амалы қайсы? 

 
203 
      
Шәкәрім мұның әркімге ұғынықты қарапайым жауабын табады: ол үшін 
қиянатты жау біліп, нәпсіні тый! Яғни бақытты өмір сүру айласы: әділ өмір 
сүру. «Ақ жүректі ертерек, Ескердағы, қыл әдет!».  
        
Сөйтіп,  Шәкәрім  «Адам  өмірінің  мақсұты  не?»,  «Адамға  тіршіліктің 
керегі не үшін?», «Ең жақсы адам не қылған кісі?» деген сияқты әрбір саналы 
адамды толғандырмай қоймайтын сұрақтардың нақты жауабын берген, мәңгі 
проблемалар хақында әлемдік философия деңгейінде өз сөзін айтқан ғұлама. 
       
Сөзіміздің  соңын  Шәкәрімнің  ізашар  жаңашылдығы  деген  мәселеге 
бұрып, оны өлеңдерімен дәлелдейік.      
                                 
Жаралыс басы  қозғалыс, 
                                 
Қозғауға керек қолғабыс. 
                                 
Жан де мейлің, бір Мән де,  
                                 
Сол қуатпен бол таныс, 
                                       
Әлемді сол Мән жаратқан,   
дейді ойшыл ақын. Жан дегеніміз кез келген қозғалысқа түрткі бастапқы қуат 
екенін осылайша ашып, ұқтыра алған данышпаның кәне! 
        
Әлемдік  философияның  екінші  жұмбағы    Рух  деген  немене  деген 
мәселе. Ол жайында: 
                                
Рух деген  мінсіз таза ақыл, 
                                
Мінсіздің ісі шын мақұл. 
                                
Айуандағы ақыл ол емес, 
                                
Аз ғана сөзім  аз тақыл, 
                                       
Құранды оқы нанбасаң,  
дейді  данышпан.  Сонымен  «рух»  ұғымына  да  нақты  анықтама  береді.  Ол  
«таза ақыл» екен. Рух пен жанды айыра алмаушық адамның өз болмысын өзі 
ұға  алмауына    басты  кедергінің  бірі.  Діншілдер  рух  пен  жанды  бір  санап, 
«жаныңды  жолдан  қосты»  деп  күңкілдесе,  пәншілдер  «жан  жоқ»  деп  тіпті 
масқара шатасты. 
        
Адамдағы  ақыл  айуанда  да,  тіпті  шөпте  де  бар  «аз  ақыл»  емес  дейді 
ойшыл,  ол  жоғалмайтын  ерекше  ақыл.  Осы  ретте  Шәкәрім  Құранды  оқы 
нанбасаң  деп,  ондағы  «біз  адамға  ерекше  ақыл  силадық»  деген  аятты  еске 
салып отыр. Гәп сонда, рух жанның үстіңгі қабаты, оның үстіне киген киімі 
есепті.  Яғни  адамдардың  жаны  бірдей  болғанымен  рухы  әртүрлі.  Сөйтіп, 
Шәкәрім рух пен жанды айырып береді. Әр адам жанының ерекше болатыны, 
«рух» немесе «таза ақыл» деген категориядан екені айғақталады.    
       
Тоқ  етеріне  келгенде,  Шәкәрімнің  жан  және  рух  жайында  берген 
анықтамалары  мүлде  жаңа,  тың.  Жан  мен  тәнге  ортақ,  екеуінен  туылған 
«көңіл» категориясы туралы да осыны айтамыз.                      
       
Қарт  ойшыл  дінші  мен  пәнші,  Абайша  мұтакаллимин  мен  мантикин 
атаулының қатені мойындамай бірезуленіп, өзіне ермесін біледі: 
                           
Пәнші мен дінші тыңдамас, 
                           
Жиреніп мұны тыңдамас. 
                           
Өйткені, олар бірезу
                          
Әдетін тастап шыдамас, 
                               
Арланбай бұған еруге. 

 
204 
       
Сондықтан: 
                             
Философ сөзін оқыдым, 
                              
Талайын ойға тоқыдым. 
                               
Кітабын да көргемін, 
                               
Әулие мен сопының,  
деуімен  ескі  еңбектермен    мол  таныстығын  аңғарта  отырып,  иманы  кәміл 
кемеңгер мәңгілік хақиқаттарға қатысты жаңалығын жастарға арнайды: 
                                
Шала дін мен қате пәннің, 
                                
Сөзіне ерме, маған ер.    
       
Ойшыл  ақынға  ергісі  келген  адам  оның  философиялық  жырларына,  
сырлы сөздеріне үстіртін қарамай, иждиһатпен ойға тоқуы шарт. 
      
«Ақылдан ойға сыр тарап» деп басталатын сырлы сөзінде: 
                                
Ескі иманды отқа өртеп, 
                               
Асыл иман алған күн. 
                               
Асық Жарды таптым деп, 
                               
Хақиқатқа нанған күн,  
дейді ой алыбы. Көріп отырмыз, 70 жастағы ойшыл шайыр бұл жолдармен 
ғылымда  «мистика»  деп  аталатын  дүниенің  көрінбейтін  жағынан  хабар 
алғанын  сездірген.  «Асыл  иман  алған  күн»  және  «Хақиқатқа  нанған  күн» 
дейтіні сол. Мұндай эзотериялық сырлары мол жыр жолдарын талдау, екшеу, 
әрине, өз алдына ғылымдық жұмыс. 
        
Сөйтіп,  жоғарыда  сөз  етілген  тақуалық  сана,  тариқат  жолы,  шығыс 
шайырларымен  үндестік,  ең  бастысы,  адамның  адамдығы  мен  өмірінің 
мақсаты  туралы  өзінің  философиялық  «Өмір  оқулығын»  жасауы    бәрібәрі 
Шәкәрімнің әлем ой алыбы екендігін дәйектесе керек.   
      
Шәкәрім Тәңірі түсінігіне Батыс ойшылдары секілді болмыстың «бірінші 
себебі» ретінде қарамайды. Әлем, жаратылыс Шәкәрімше Тәңірінің Бар және 
Бір екендігінің белгісі ғана. Яғни ол  кәдуілгі ойшыл философтар қатарынан 
емес.  «Жүз  пайғамбар  «мұғжиза»  көрсетсе  де,  сені  көрмей  мұсылман  бола 
алмаймын»  дейтін  ол  діни  ғұлама  ойшылдардан  да  биікте  тұр.  Сондықтан 
есімі ғасырдан ғасырға асатын ой алыбы екеніне кәмілміз. 
   

1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал