Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)



жүктеу 5.01 Kb.
Pdf просмотр
бет20/29
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріӨмірбаяны
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   29

Ғұламаның қырдағы ортасы 
1920  жылдардың  басында  Шәкәрім  өсіпөнген  бәйтеректей  жайқалған 
үлкен  шаңырақтың  иесі  болатын.  Жаз  жайлауда  барлық  ауылдар  Бақанасқа 
көшіп  келген  кезден  Шәкәрімнің  шошаласы  қайнаған  өмірдің  ортасына 
айналып  отырған. Шәкәрімнің немерелері ішінен Кәмила Ғафурқызы өзінің 
сегіз  беттік  естелігін  жазып  қалдырды.  Кәмиланың  сөзінше,  Шәкәрімнің 
ағасы  Шәкенің  немерелері  де  қажыны  «өз  атасы»  санап,  үлкен  үйді 
төңіректейді  екен.    Бір  жолы  Шәкенің  Дудіриінің  баласы  Бағдаулет 
қалыңдық әкеп ауыл дүбірге толады. Елдің бәрі қалыңдықты көруге асыққан, 
өйткені,  ол  татар  қызы  екен.  Шәкәрімнің  балаларды  жақсы  көретіні 
соншалықты  осындай  жағдайдың  өзінде  бізге  кішкентай  балаларға  көңіл 
бөліп,  үйге  кіруге  рұқсат  етті  әрі  әр  балаға  әдеттегідей  өзі  кептірген  жиде, 
қарақаттан үлестіруді де ұмытпады дейді Кәмила. 
Ол  кездері  ауыл  әйелдері  қосақтап  қой  сауады  екен,  он  жасар  Кәмила 
әйелдер әлі келе қоймағанын пайдаланып, қойды саууға бұрыннан қызығып 
жүргендіктен, бір саулықтың желінін ебедейсіз ұстай бергенінде қоршаудағы 
бүкіл  қой  дүр  етіседі.  Осы  кезде  атасы  Шәкәрімнің  саңқ  етіп,  қойды 
қайырған  дауысын  естиді.  Сөйтсе  ол  кісі  киіз  үйдің  қасында  Кәмиланың 
қылығын  бағанадан  білдірмей  бақылап  тұрыпты.  Сондағы  атамның  сөздері 
мен мейірімге толы ақжарқын күлкісі менің  жадымда мәңгі бақи жатталып 
қалды деп жазады естелік иесі.          
Енді  әңгіме  арнасын  атқа  мінер  жастар  жағына  бұрсақ,  олар  шежіре 
ақынды ұмытпай, ат басын арнайы тіреп отырған. Бір кездесуді Ахат ақсақал 
былай  деп  есіне  алады:  «Ел  жайлауға  шығып  бара  жатқанда,  «Барлыбай» 
деген қоныста (Барлыбай – Шыңғыстан ағатын шағын өзен – А.О.) бір топ 
адам  келді.  Олар  әкейге  сәлемдесіп,  әңгімелесіп,  кешке  дейін  отырды. 
Келгендер – Турағұл, Әрхам, Бердеш, Дүдіри, Медеухан. Бұлар Құнанбайдың 
немере,  шөберелері.  Көтібақтан  –  Орынқожа,  Кенжебек,  Жігітектен  - 
Әзімхан,  Бөкеншіден  -  Әлімбет,  Торғайдан  –  Төлепберген,  Тұмабай, 
Бәкеңнен  –  Ақымбай,  Рахымжан,  Әнеттен  –  Балаш,  Кәрімқұл.  Бұлардың 
ішінде әкейден кіші болса да, тұрғыласпын деп қалжыңдаса беретін сөзшең, 
өжет Байсалдың баласы – Орынқожа.  
Сол Орынқожа әкейге: «Біздің келген шаруамыздың алды – Сізді көріп 
амандасу.  Әрі  Сізден  сұрамақ  екі  сөзіміз  бар.  Біріншісі,  осы 
отырғанымыздың  қайсымыз  адал?»,  -  деді.  Әкей  ойланған  жоқ.  «Ең 
адалдарың - Әрхам. Ол түптеп келгенде адалын айтады, адалына тоқтайды. 
Өзінің қол астындағы кінәлі жолдас, достарының кінәсін айта алады. Арамын 
арам  дей  алады.  Ол  партиянан  кетіп  қалады  ғой  деп,  қысылмайды.  Кетсе 
өкінбейді,  ақ  ісінде  табан  тіреп  қала  алады,  бұл  Әрхамның  адалдығын 
көрсетеді»,  -  деді.  Әрхаммен  құрдас  Бердеш  (Әзімбайдың  баласы,  Тәкежан 
немересі,  сол  жылдары  болыс  болған  –  А.О.):  «Әрхам  адал  болайын, 
адалдықты ұстайын деген жоқ. Ол партия құмар емес, болыс болу қолынан 
келмейді. Сондықтан оған жолдастың да керегі жоқ. Тек көзге адал көрінейін 
деп  қана  істейді»,  -  деді.  Әкей  күліп:  «Жоқ,  Бердеш!  Егер  Әрхам  сендей 
болыс  болса,  сенен  артық  болар  еді  де,  елге  қадірлі  болар  еді.  Әрхамның 

 
171 
адалдығы өзіне тән, туа біткен адалдық. Жүре адал болатын да адам болады. 
Әрхамда  қулық,  бұлтақтау,  өтірік  айту,  кезең  асырып  жіберу  жоқ,  шын 
адал!»,  -  деді.  …Орынқожа:  «Әрхам  адал  дегеніңізге  ешкім  таласпайды, 
қажы.  Енді  кім  шешен,  соны  айтыңызшы?»,  -  деді.  Әкей:  «Сенің  бұл 
сұрауыңа айтатыным: осы отырған сен шешен! Бірақ сенде екі мін бар. Бірі – 
даудың ең әлді, ұтымды жерін алдына салып жібересің. Жығар ұтымдысын 
артына  сақтау  керек.  Және  сен  дауласқанда,  жанаспайтын  жанама  сөздерді 
қосып жібересің», - деді.  
Орынқожа:  «Дұрыс  айтасыз.  Бірақ  менің  дауласатын,  айтысып, 
тартысатын кісілерім кім? Осы отырғандар, не осылар сияқтылар. Бұлардың 
жайы  маған  белгілі.  Сондықтан,  шүу  дегенде  ұтымды,  әлді  сөздермен 
төбеден  ұрғандай  ұрып  жығам,  бұлар  ештеңе  таба  алмай  тілі  буылып 
қалады»,  -  деді.  Отырғандар  қатты  күлісті.  Тағы  Орынқожа:  «Егер  менің 
айтысатын кісім бұлардай болмаса, мен оны байқап, салмағын өлшеп алам. 
Ол  адам  әлді  көрінсе,  сіз  айтқандай  қажасып  келіп,  жығар  жерім  жетті-ау 
деген  жерде,  ұтымды,  әлді,  күшті  сөзді  сонда  ғана  қолданам.  Күшті 
түйіндісін аяғына сақтаймын», - деді.  «Қажы! Екінші сөзге айтарым, Сіздей 
ақын,  жазушылар  әңгіменің  болар  уақиғасын  бірден  бастамай,  «сылдырап 
өзен  ағып  жатыр,  шөп  жайқалып  тұр»,  -  деген  сияқты  сөздерді  әңгімем 
гүлденсін,  түрленсін  деп  қосатын  сияқтысыздар.  Мен  де  дауым  өтімді 
болсын деп, жанама сөздер қосатыным рас. Бірақ теріс кетіп, не өтірік қосып, 
ұтылып  қалудан  сақтанамын»,  -  деді.  Жұрт  және  күлісті.  Әкей: 
«Орынқожаның осы айтқан екі жауабынан-ақ тауып айтқыштығы, шешендігі 
байқалып  отырған  жоқ  па?  Шынын  айтсақ,  «Әрхам  –  адал,  Орынқожа  – 
шешен», - деді. Келгендер қайтты». 
1921  жылдың  жазында  болған  осы  кездесуден  Шәкерім  ғұламаның  ел 
өмірінің  тыныс-тіршілігін  жіті  қадағалап,  кімнің  кім  екенін  жақсы  біліп 
отырғанын көреміз.  
Оның кісі танығыштығы мен көрегендік қасиетінің мысалы, көп ұзамай-
ақ,  Әрхам  Кәкітайұлы  Ысқақов  туралы  «шын  адал»  дегені  айнытпай  келді. 
Ескі  Саятқора  тұрған  «Кең  қоныс»  жайлауында    М.Әуезовтың  тікелей 
көмегімен  «Бақанас»  қауымдастығы  дүниеге  келгенде,  соның  тұңғыш 
ұйымдастырушысы  басқа  емес,  Әрхам  болды.  1922  жылдан  1929  жылға 
дейінгі аралықта ол адал, іскер басшы ретінде ел құрметіне бөленді.  
                         
Бақанас сағынамын өзеніңді, 
                         
Тік жартас, биік асу кезеңіңді. 
                         
Тал, қайың, мойыл, терек араласқан 
                         
Көк жасыл, ұзын аққан өзегіңді. 
                             
….Бұраңдап ұзын аққан арығыңды
                                  
Тойдырған аш-жалаңаш, ғарыбыңды. 
                                   
Су жайған жалаң аяқ, күрек ұстап, 
                                   
Талапкер, ер еңбекшіл халығыңды. 
                           
Шын тілеу, ақ ниетпен барып едім, 
                           
Жолыңа мал мен басты салып едім. 
                           
Әр түрлі мәдениет белгісі орнап, 
                           
Елім-ай, іретке кеп қалып едің.      

 
172 
Бұл Әрхамның  «Бақанас» атты өлеңі. 1930 жылы Ташкенде айдауда ел 
мен жерді сағынып жүргенде шығарған. 
Замана  түрленісін  қалт  жібермей  қадалаған  Шәкәрім  албырт  жастарды, 
оның  ішінде  алғашқы  «комсомол»  атанған  бөлігін  де,  бауырына  тартып, 
жатсынбаған.  1925  жылдың  жазында  Шыңғыстау  өңірінде  алғашқы 
комсомол  мүшесінің  бірі  болған  Садық  Қасиманов  (1904  жылы  туған) 
Шәкәріммен кездесуін былай деп есіне алады: «Бұзылған там» деген жерде 
отыр  екен,  менің  қасымда  мамай  руынан  Арыстанбайұлы  Ботабай  деген 
орысша  оқыған  жігіт  пен  бөкенші  руынан  Дуланбеков  Кенжетілеу  деген 
Совпартшколдың курсанты бар еді, соңғы екеуміз де комсомол болатынбыз. 
Жасыратыны жоқ, біздер – комсомолдар ол жылдары қожа, молда, қажы, бай 
дегендерге  тіпті  өш  болатынбыз,  оларды  ылғи  мазақтап,  мұқатып  жүруші 
едік. Бірақ не себептен екенін толық айыра алмаймын, әйтеуір, Шәкәрімнің 
өз басын  өте жақсы көріп, оны сыйлайтын едік.  О кісіні біз «екінші Абай» 
деп атайтын едік.  …Шәкәрім ұранқайдың алдында бүркітіне жем беріп отыр 
екен.  Үстінде    құлын  терісінен  жарғағы  бар.  Біз  келіп,  үлкен  ізетпен  сәлем 
бердік.  Қажы  дәл  бір  бұрыннан  таныс,  құрбылас  адамдарша  өте  жарқын 
жүзбен  бізді  қарсы  алды,  құсын  томағалап  көлеңкеге  қондырды  да,  қолын 
жуып  бізге  «қосқа  кіріңдер»  деп  есік  ашты.  Қостың  іші  жабайы  ғана 
жинаулы,  оң  жақта  қажының  жер  төсегі  бар,  төрде  бір-екі  ағаш  сандық, 
ортада кішілеу дөңгелек стол тұр.  
Қымызды сапырып отырып, бір түрлі жылы шыраймен бұрын көрсе де 
ұмытып  отырған  адамның  түрін  көрсеткендей  болып,  бізден  жөн-
жосығымызды сұрап алды.  
Кенжетілеудің жөнін біліп отырып: 
     - 
Сен Арқатқа телеграм ағашын орнатып жатқандағы осы елдің айтқан 
бір  қалжыңын  естіп  пе  едің?  –  деді.  Ол  естімегенін  айтты.  Бөкенші  атам 
жігіттері көбінесе сері, кербез келеді, қаракетті де аз істейді екен, тегі сөзуар 
да болса керек, сондықтан ел арасында біреу: «Осы орыста да ақыл жоқ екен, 
қанша  ақша  шығарып  телеграм  ағашын  орнатқанша,  Арқат  пен  Семейдің 
арасына  он  бөкенші  қойса,  бар  хабарды  қолма-қол  жеткізіп  тұрар  еді-ау» 
депті. Бәріміз ду күлдік. 
Әңгіменің желісінде бізге «оқудан қол үзбеңдер, оқуға түсу керек: кейін 
өкінесіңдер»  деген  ақылын  айта  отырып,  оған  Абайдың  өкініш  өлеңдерін, 
өзінің  өкініш  өлеңдерін  қоса  айтып  отырды»  (С.Қасиманұлының  естелігі  // 
Қазақ әдебиеті. – 2000, 30 маусым).  
Міне,  кімге  де  болса,  әсіресе,  жас  буынға  ақыл-кеңесімен  шапағатын 
тигізуге даяр, айналаға тек махаббатпен қараған гуманист ақынды көреміз.  
       
1924  жылы  жазылған  Шәкәрімнің  «Кешегі  Қаражан  мен  Байғұлағым» 
деп басталатын өлеңі ескікөздерге – кешегі сахара элитасына арналған. Онда: 
                                  
Кешегі Қаражан мен Байғұлағым, 
                                  
Жобалай Әділ, Мыңғат, Байұзағым! 
                                  
Пірадар Рақымберді, Ұсабай мен, 
                                  
Тоғалақ Тәкей менен болды Ысқағым, - 

 
173 
дейді  ақын.  Мұндағы  Қаражан  –  Тобықты  ішінде  Сақ,  Тоғалақтың  басшы 
ақсақалы,  Байғұлақ  –  Жуантаяқ  Бәзіл  батырдың  баласы.  Шежіреші  Бекен 
Исабаевтың  айтуынша,  Байғұлақты  Құнанбай  ұнатып,  қасына  алып,  ел 
ұстатыпты.  Абай  мен  Шәкәрім  де  Құнекең  үлгісін  ұстанып,  БәкеңБайғұлақ 
дүниеден қайтқанша алдынан шықпай, силап өтеді.  
        
Өлеңдегі  өзгелері  де  Байғұлақ  сияқты  әділдігімен  көзге  түскен  өз 
заманының би, шешен, көшелі көсем ардалары. Мәселен, Байұзақ би (Бәкең 
руынан) де Құнанбайдың досы болған. Басқалары әкесі Құдайбердіге үзеңгі 
серік,  кейіннен  өзімен  де  сыр  шертіскен  (Жобалай  Әділ,  Тоғалақ  Тәкей 
дегенде,  жобалай-керейдің,  тоғалақ-тобықты  руының  таптары).  Аталған  9 
адам да бұл күнде өмірден қайтқан қарттар еді.  
      
Ақын осы өлеңінде тағы төрт кісіні бөлек атаған: 
                                   
Сәкен, Көжек, Молдабай, Әкежандар – 
                                   
Қамшы, құрық, жанторсық, саптаяғым.     
      
Аталған  төртеу  -  ырыздық-дәулетін  де,  жылқы,  түйесін  де  сеніп 
тапсырған шын достары. Олар жайында былайша ақтарыла айтады: 
                                    
Не малыма қызықпай, не асыма, 
                                    
Қиянатсыз дос болып жүрген шағым. 
                                    
Іні-ағалар, туғандар көп болса да, 
                                    
Жалғанда шын дос еді сүйген бағым. 
       
Осы жырын тамам замандастары  аруағына арнап, былайша толғайды:    
                                    
Айрылдым ақ жүректі замандастан,   
                                    
Қайда екен, қайран достар, аруағың?! 
                                    
Бүгін бар есендіктен кәрі Қыздар 
                                    
Солардың көре қалған бір тырнағын. 
ЕСКЕРТПЕ:  Қыздар  деген  сөз  1988  жылғы  «Шәкәрім  шығармалары» 
жинағында «Кәріқыздар» деп қате басылған. Сондықтан соңғы екі жолды 
оқырман түсіне алмайды, ұғымсыз. Гәп – Қыздар кісінің есімі екендігінде. Ол 
Бәкең  (Бәйбөрі)  табының  атқамінері,  Абайдың  құрдасы.  Абайдың  бұл 
адамға  «Қыздарға»  атты  сын  өлеңін  арнағаны  мәлім.  85  жасында  1930 
жылы  қайтыс  болған  Қыздарды  Шәкәрім  алда  аталған  ардагер 
қарттардың  «көре  қалған  бір  тырнағын»  деп  отыр,  өйткені,  1924  жылы 
өлең жазылғанда ол тірі - 79 жастатұғын. «Кәрі Қыздар» дейтіні сол.   
Шыңғыстау  өңіріне  есімі  белгілі  Көкбай,  Махмұд,  Ақтан,  Самарбай, 
Мүрсейіт сияқты молдалар Шәкәрімді, әлбетте, өз адамы деп білген. Сондай-
ақ, қажылар тобы бір төбе. Мәселен, ырғызбай Алдажар, Ахметжан қажылар 
өз  туысы,  Махмутұлы  Сүлеймен  қажы  туған  құдасы  (Шәкәрімнің  қызы 
Жәкіш  1921  жылы  Сүлейменнің  Қабибулла  деген  баласымен  тұрмыс 
құрады). Ал, Мекке сапарына Шәкәріммен бірге Бөрлі, Шаған болыстарынан 
Құрманқожа  Күденов,  Құтан  Жолжасаров,  Күренші  Шоқин  деген  кісілер 
барған еді. 
Шәкәрімнің шошаласына бөтен көзге түспей аракідік келіп-кетіп жүрген 
көзкөргеннің  бірі  ноғай  Ысқақтың  Мұса  деген  баласы-тұғын  (жаңағы 
Сүлеймен  қажының  әкесі  Махмут  Ысқақтың  інісі).  Осы  Мұсаға  арнаған 

 
174 
қажының «Ойласам тауға шығып дүниені» деп басталатын 20 жолдық өлеңі 
бар. Онда әуелі Ысқақты таныстырып: 
                            
Ол байдың елге мәлім кім екені, 
                           
Салақтап солдат болып жүрмеймін деп, 
                           
Осы елге Тәңір айдап кез келгені. 
                           
Сансыз мал мен саналы бес ұл бітіп, 
                           
Мың-мыңнан ауыл сайын жылқы өрген, - 
дей келе, ақын ары қарай былай деп мәлімдейді: 
                                 
Мұсабай кенжесі еді, Мұса ағасы,  
                                 
Үлкені Жақып, Абай, Сүлеймені. 
                                 
Қартайып, бәрі кетіп қалдың жалғыз
                                 
Неменемен уатам Мұса, сені, 
                                 
Басы әке, төрт бауырды бірдей жұтып, 
                                 
Қаңғырған көрмейсің бе мына мені… 
     
Көріп  отырмыз,  өлең  мұңын  шағып  келген  құрдасы,  өзі  сияқты  жалғыз 
тұяқ әрі «байдың тұқымы» деп мұқатудан қажыған Мұсаны уатуға айтылған. 
Түсінік бере кетейік. Халық «Бай ауыл» атап кеткен ағайынды ноғай Ысқақ 
пен Махмуттың ауылдары мен Құнанбай тұқымының тығыз қарым-қатынасы 
үзілмеген. Өйткені, олар қыз алысып, қыз берісіп, мың жылдық сары-сүйек 
құда  болған.  Мысалы,  Абайдың  баласы  Әбдірахманның  жұбайы  Мағрипа 
(Мағыш) Сүлейменнің қызы болса, Шәкәрімнің өз әйелі Айғанша Ысқақтың 
інісі  Махмұттың  қызы  еді.  Шәкәрімнің  ортаншы  қызы  Жәкім    1920  жылы 
Сүлейменнің ұлы Қабибуллаға (Қабыш) тұрмысқа шыққанын айттық.  
       
Ал «басы әке, төрт бауыр» деп қажы әкесі Құдайбердінің, одан соң аға-
інілері  Әмір,  Мұртаза,  Шәке,  Ырызықбайдың  дүниеден  қайтқанын  айтып 
отыр.  Яғни  Ысқақ  әулетінен  Мұса,  Құнанбай  әулетінен  Шәкәрім  жалғыз. 
Сөйтіп,  ақын  өлеңінде  досы  Мұсаны  екеуінің  тағдырлары  егіз  қозыдай 
ұқсастығын айтып жұбатқан ғой.   
 
Екі су  Бақанас, Байқошқар алабында 
        
Жер мәйегі деуге болатын Бақанас пен Байқошқар өзендері ағатын кең 
өзекті  негізінен  Ырғызбай  руы  жайлаған  еді.  Жаз  айларында  Құнанбайдан 
тараған  он  арыс  ағайынның  ауылауылдары  Көпбейіт,  Кеңқоныс,  Керегетас, 
Тасшоқы, Балашақпақ сынды бұлақ бұлақтың тұсына орналасқан ежелгі көп 
қоныстарға  тұтастай  келіп  қонатын.    Міне,  осы  алапта  1920  жылдардың 
басында  «Бақанас»  атты  артель  орнығып,  ғасырлар  бойы  қалыптасқан 
көшпелі тұрмыстіршілікті сенің күнің өтті дегендей ығыстыра бастаған.  
        
Көрші  Ресейде  Н.А.  Бердяев  (1874-1948)  деген  философ  болған.  Ол 
большевиктерді  өле-өлгенше  сынап  өткен,  орыс  коммунизмінен  бірер  ғана 
дұрыс  пікірді  көрген  адам.  Соның  бірі  туралы  былай  дейді:  «Коммунизмде 
мынандай  дұрыс  пікір  бар:  ол  –  адамдардың  бір-бірімен  топтасып,  бірігіп, 
әлеуметтік өмірді ұйымдастыруы» (Истоки и смысл русского коммунизма. – 
М., 1990. –  С.125 ).    
       
Сол  айтқандай,  қазақ  даласында  алғашқы  қауымдастық  -  артельдер 
дүниеге  келді.  Ал,  саяси  -  мәдени  өмірдегі  айта  қаларлықтай  құбылыстар: 

 
175 
жергілікті  биліктің  «сельсовет»  уысына  түсіп,  ауыл-ауылдарда  «саужой» 
(«сауатсыздықты  жою»),  «қосшы»,  «құдайсыздар»  қоғамдары  және 
«комсомол»  ұйымының  құрылуы  болды.  Яғни  қоғамдық  сана  түрленісі  де 
сырт  өзгерістерден  қалыс  қалмай  тұп-тура  «сананы  тұрмыс  билейді»  деген 
маркстік  қағидаға  сәйкес  өтті.  Дінге,  жалпы  ескі  салт-ғұрыпқа  қарсы 
пәрменді  майдан  ашылып,  тіпті  тарихы  терең  Наурыз  мейрамына  да  қатаң 
тыйым  салынды.  Мешіт-медреселер  бұзылды  немесе  басқа  мақсатта 
пайдаланылды.  Бұрынғы  игі  жақсылар  қудаланып,  оларды  бұрынғы 
атақтарымен  (би,  қажы,  молда,  бай,  мырза  т.б.)  әспеттеу  де  мүмкін  болмай 
қалған.  Мәселен,  Шәкәрімді  айналасы  бұрынғыдай  «қажы»  дей  алмай, 
«Шәкең»  деуі,  ал  аты  дардай  молда  Көкбайды  көптің  «Көкең»  ғана  деуі 
осының титтей дәлелі.   
1923 жылы Шыңғыстау өңірінде алғашқы боп «Бақанас» артелі шаңырақ 
көтергенін    жаңа  айттық.  Өйткені,  жоғарыда  аталған  екі  өзен  арасы  егін 
шаруашылығын дамытуға аса қолайлы жер болатын. Оған кірген мүшелердің 
дені, әрине, Шәкәрімге бұрыннан көршілес жұрттар еді.  «Жиырма үй менің 
көршім – Қарабатыр» өлеңіндегі: 
                           
Ақылым – еңбек істе, егінің сал, 
                           
Ерінбей жерді емсең, табылар мал. 
                           
Партияға салынба бірлік бұзып, 
                           
Желіктірсе, желікпе, тілімді ал,- 
деген  шумаққа  қарағанда,  өзіне  ерген  Қарабатыр  (жуантаяқ  руының  табы) 
мен Әнет руы адамдарына отырықшылыққа ауысып, артельге кіруге кеңесті 
қажының өзі берген сыңайлы. 
       
Ескі  Саятқора  тұрған  жер  артель  меншігіне  кесілген  соң,  «1925  жылы 
Шақпақтың  күнгей  бетінен,  -  дейді  Ахат,  -  бұрынғы  қорасынан  он  бес 
шақырымдай ары жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Тұратын үйі мен 
шошаласы,  айналдыра  салған  пішен  қорасы  мен  ат  қорасы  болды.  Әкей 
дүниеден өткенше осы қоныста өмір сүрді». 
       
Әрірекке, жайлаудың ең шетіне жаңадан салынған шошалаға көшкенімен 
де қажы Бақанас, Байқошқар тұрғындарымен, әсіресе, ежелден өзіне ерген, өз 
сөзінше  «алпыс  үй,  бәрі  кедей»  Әнет  руының  адамдарымен  қатынасын 
үзбеген.  Олармен  тығыз  байланыста  болып,  Шақпақтан  келген  сайын  өлең 
сөздерін  оқып,  ақыл-кеңесімен  ұйытып  отырғаны  байқалады.  Мәселен, 
«Мұңлы шал» (1924) өлеңінде:  
                               
Ауыз сөз, насихатты неге аяйсың, 
                               
Ақ жүрекпен айтқанға мал шыға ма?, - 
дейді ақын өзіне өзі.       
      
1930 жылғы «Қоңыр ат» деген өлеңде мынадай шумақ бар: 
                               
Кәрімқұл мен Ғылымбай, 
                               
Миғраж бен Идәят, - 
                               
Боранда қайда барасың, - 
                               
Деп еді, - бүгін мұнда жат! (Абай. – 1994. - №9. – 13 б.). 
      
Көп  азаматтар,  әсіресе,  аталған  төртеуі  жапанда  жалғыз  қалған  пірадар 
қарттың  тұрмыс  тауқіметін,  қиындықтарын  жеңілдетуге  риясыз  қызмет 

 
176 
қылғаны  хақ.  Кір-қоңын  жуғызу,  шашын  алдырып,  жуынып-шайыну 
мұқтажымен  12-13  шақырым  жердегі  Саятқорасынан  Қоңыр  атына  мініп,  
Байқошқарға  ат  басын  тірегенде  онда  тұрып  жатқан  оннан  астам  отбасы 
аяғынан  тік  тұрттып,  қажыны  аялап  күтіп  алатұғын  (ГПУ-дің  солдаттары 
саулық қойын атып алатын Миғражың осы. Бұл оқиға жайлы сөз алда).  
       
Сөйтіп, қажының 1923 жылдан былайғы өмірі осынау «Бақанас» артеліне 
қарасты  Бақанас,  Қызыл  өзен,  Жәнібек  және  Байқошқар  ауылдары 
тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста өткені шүбәсіз.  
       
Сондай-ақ,  қажы,  әрине,  Шыңғыс  ішіндегі  өз  ағайыны  Ырғызбайлар 
қыстауларына  әркез  қатынап  отырған.    Әбдіғали  Алдажаровтың  қыстауы 
Шыңғыс  тауынан  бастап  ағатын  Бөкенші  өзенінің  бойында,  Арқалық  деген 
адырдан екі шақырымдай жерде болатын. «1923 жылы көктемде, ел жайлауға 
көшерден бұрын, - деп жазады Ниязбек Әбдіғали баласы, - Уәйіс ақын біздің 
үйде қонақта еді. Әкем екеуі сұхбаттасып, ұзақ әңгімелесіп отырды. Бір кезде 
қасында  үш  жолдасы  бар,  Иса  Байзақов  кіріп  келді.  Сәлемдесіп,  жайғасып 
отырып, шай үстінде қонақтар әңгіме шертісті.  Әңгімелесіп отырып, Иса мен 
Уәйіс  өлеңдетіп,  екі  ақын  қағысып  кетті.  Айтыс  қыза  бастады.  Менің 
байқауымша, Исаңыз өткірлеу сияқтанды. Бірақ айтыс ұзаққа созылған жоқ. 
Отырғандар Исаға: «Мына кісі әкең сияқты ғой, осы да жетер» деп, айтысты 
одан ары создырмады. 
       
Менің  әкем  Әбдіғали  Алдажарұлы  сол  кезде  Шыңғыстың  болысы 
болатын.  Сонымен  бірге  бес  болыс  тобықтыға  әйгілі  әнші  еді.  Уәйіс  пен 
Исаның біздің үйде кездесуінің себебі осы». 
      
Осы  тұста  жоғарыда  келтірілген  С.Қасиманов  естелігінің  жалғасын 
тыңдайық.  «Екінші  кездесуім,  -  дейді  ол,  -  осы  1925  жылдың  қысында 
Алдажаров  Әбдіғали  дегеннің  үйіне  қонайын  деп  келсем,  Шәкәрімдер  де 
сонда  қонақ  екен.  Мұндағы  әңгіме  бірыңғай  бүркіт  салу,  өлең  шығару, 
домбыра,  скрипка,  мандолин  ойнау,  киім  пішу,  ән  салу  туралы  болды. 
Үйткені,  Әбдіғали  әнді  жақсы  айтатын,  домбыраны  жақсы  тартатын 
сауыққой, биязы жігіт еді. Мен сол үйде Шәкәрім жасаған мандолинді көріп, 
өте  қайран  болып,  таңдандым.  Себебі  қолдан  кәдімгі  қырдың  қайың  ағашы 
мен  тасқа  шығатын  аршаның  қызылынан  оюластырып  істеген  осы 
мандолинді фабрикада істемеді деуге сенуге болмайды, сондай мінсіз, әдемі. 
Осы үйде мен Шәкәрім әндерінің, Абай әндерінің түгел дерлік орындалуын 
өмірімде бір-ақ рет көрдім».  
      
Нығмет  Мағауияұлы  деген  азамат  «Шәкәрім  қажыны  көрдім»  атты 
естелігінде жігіт шағында қажыны екі рет көргенін айтады. Бірі: «1925 жылы 
ауылымыз  Әбілпейіз  өзені  (Бақанасқа  құятын  судың  бірі  –  А.О.)  өлкесінде 
отырған. Бір күні біздің үйге Шәкәрім қажы келіп қонды. Ертеңінде атақты 
әнші  Ағашаяқ,  Абай  ертекшісі  Мамық  Қазанбайұлы  және  мен,  төртеуміз 
Сұркезең  деген  жерде  болатын  сабан  тойына  келдік.  Семей  қаласында 
оқыған «қаратаяқтар» ішінде Әміре Қашаубаев та осы тойға келіпті». Келесі 
көргені: «1930 жылы Ағашаяқ мені атқосшы қылып ертіп алды, со бетімізбен 
біз Шыңғыстауға, аудан орталығы Қарауылға келдік. Жыпырлаған ақ үйлер. 
Біз  орналасқан  үйге  Шәкәрім  де  келді.  Ағашаяққа  қажының:  «Саған  ойын 

 
177 
көрсет» – дейді, ал бұлардың мені неге шақырғанын білмеймін», - деген сөзін 
естідім» (Жұлдыз. – 1993. - №4. – 196 б.). 
      
Бұл  сөзді  шақырған  жерден  қалмау  Шәкәрімнің  дағдысы  болғанын 
көрсету үшін де келтіріп отырмын. 
    
«Шәкәрімді,  -  деп  жазады  Қ.Мұхаметханов,  -  бұқара  халық  ерекше 
құрметтеп, адамгершілігі зор, адал жүрек ақынын ардақтаған». 
     
Өзін  пір  тұтқан  қарапайым  көпшілікке  ризалығын  қажының  өзі  де  осы 
1930 жылғы тағы бір өлеңі «Елсіз қорада»: 
                               
Бұл елдің байынан да кедейі мәрт
                               
Күн ұзай тағы кел деп қылады шарт.         
                               
Астығы аз, соғымшасын ерте сойған, 
                               
Демейтін ашығамыз, неткен жомарт, - 
деп жырға қосады. Алғыс көңілін білдіреді. 
       
Осымен, «Ғұламаның ортасы» деген үлкен тақырыбымызды түйіндейік. 
Шәкәрімнің  елден,  отбасынан  безіп  кеткен  кісі-киік  болмағаны  талассыз. 
Туыстық  айналасы  ғана  емес,  Семейдегі  зиялы  қауыммен  де  байланысын 
үзбегені  дәйектеледі.  Алайда  халықшыл  Шәкәрімнің  қайнаған  ортасы 
қырдағы  бұқара  халықтың  өкілдері  болды.  Бұл  орта  ежелгі  дәстүрлі 
қоғамның  әдет-машығын  сақтауымен  ерекшеленеді.    Мұның  үстіне  Абай, 
Шәкәрімдей  даналардың  әдетін  күнделікті  өмірден  көріп,  насихат  сөздерін, 
«ой  қозғайтын  толғаулармен,  түйін  термелерін»  (Ә.Марғұлан)  көп  тыңдап, 
санасына  сіңірген,  сондықтан «лепіріп лағуды білмей, сөзді әдейілеп тосып 
сөйлейтін», сөзді ұғарлық көкірек саңылауы ашылған мәдени орта-тұғын. 
 
  
 
 
Каталог: files -> pdf
pdf -> Аралады Сәуір айында Бозшакөл мыс кенішіне Павлодар облысының әкімі Болат Ба қауов келді. «Kaz minerals Bozshakol» жшс директоры Джереми Аллен аймақ басшысына жобаның мәртебесі
pdf -> Абайдың рухани мұрасы. Досым Омаров Данышпан берген салауатты өмiр тағлымдары
pdf -> Grade 5 Miras International School of Astana provides an education within a challenging and supportive environment that promotes all aspects of individual student growth, and equips them with the skills for lifelong learning
pdf -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
pdf -> Поэзия падишасы Фариза Мейрам Камила Сүйіндікқызы
pdf -> Сабақтың тақырыбы Р. Акдемір «Анамның қолдары»
pdf -> Сабақтың барысы: Мұғалім: Балалар, біздің бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»
pdf -> Сабақ 19/12/2014 Әдебиеттік оқу Сабақтың тақырыбы Аяз. Құрманбай Толыбаев Жалпы мақсаты
pdf -> Сабақтың тақырыбы: Б. Момышұлы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»

жүктеу 5.01 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   29




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет