Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)


Ғұламаның Алашорда үкіметіне қызметі



жүктеу 5.01 Kb.
Pdf просмотр
бет18/29
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріӨмірбаяны
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29

Ғұламаның Алашорда үкіметіне қызметі 
     
Жұртқа  мәлім,  Алашорда  үкіметі    1918  жылдың  басынан  келесі    1919 
жылдың  жазына  дейін  бір  жарым  жылдай  өмір  сүрді.  Тұңғыш  қазақ 
үкіметінің  ел  ордасы,  астана  қаласы  болуға  көне  шаһардың  бірі  Семей  
таңдалған еді. Сондықтан 1918 жылдан   20-шы жылдардың соңына шейін он 
жылдай  уақыт  Семей  қаласының  Заречная  слободка  деген  сол  жағалаудағы 
бөлігі «Алаш» деп аталды. Әсілі, таңдаудың Семей қаласына түсуі тегіннен 
емес,  ол  ХХ  ғасырдың  басында  Қазақстанның  өнер,  мәдениеті  және  сауда, 
кәсіптері өркендеген ірі орталығы болды. Жүсіпбек Аймауытовтың сөзінше: 
«ызғындай  елдің  ортасындағы  өнер-білімнің,  сауда-кәсіптің,  от  арба,  от 

 
154 
кеменің  тоғысатын  кіндігі,  қара  шаңырағы,  бір  губерния  елдің  миы,  ақыл-
ойдың табысы, бір губерния елдің жүрегі» еді.    
         
Ұлт-азаттық қозғалысының мұқым қайраткерлері Семей қаласында бас 
біріктірген  уақыт,  сөз  жоқ,  қазақтың  саяси-мәдени  өмірінде  өшпестей  із 
қалдырды.    Мысалға  Әміре,  Иса,  Жұмат  бастатқан  өнер  саңлақтары  мен 
Мағжан,  Бейімбет,  Ілияс,  Жүсіпбек,  Мұхтардай  қаламы  барлар  саяси 
басшылық тізгінін ұстағандарға үзеңгі серік болып, қатарлас өмір кешкенін 
айтсақ та жеткілікті. 
       
Ал,  Шәкәрім,  Турағұл  сынды    Абайдың  туысы  Әлихан  Бөкейханов, 
Ахмет  Байтұрсынов,  Міржақып  Дулатов,  Халел  Ғаббасов,  Мұхаметжан 
Тынышбаев,  Халел  Досмұхамедов,  Әлихан  Ермеков,  Елдес  Омаров,  Жақып 
Ақбаев,  Биахмет  Сәрсенов,  Райымжан  Марсеков,  Ахметжан  Қозыбағаров, 
Мәннан  Тұрғанбаев,  Сұлтанмахмұт  Торайғыров,  Әбікей  Сәтбаев,  Біләл 
Сүлеев, Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, т.б. көшбасшылар шоғырының 
қалың ортасынан табылғаны зор мақтаныш емес пе.  
        
1918 жылдың басында Алаш Орданың  облыстық соты, ескіше төбе биі 
сайланған  Шәкерім  ақсақал  Алаш  қаласына  (қазіргі  Жаңасемей)  тұрақтап 
қызметке  кіріседі  (Ахаттың  сөзіне  қарағанда,  Шәкәрім  қаланың  Жоламан 
жақтағы шетінде, Үдері қажының бір бөлмелі үйін жеке мекендеген).  
       
Өзінің осы байламы жайында ақын “Мұтылғанның өмірі” атты жырында: 
                         
Оқыған жастың етегін, 
                         
Қабыл алдым жетегін. 
                         
Босқа жатып нетемін, 
                         
Бостандық туын көрген соң, - 
деп мәлімдейді.  
       
Шәкәрімнің  Семейдегі  саяси-қоғамдық  қызметі  қалада  бірде  қызылдар, 
енді бірде ақтар ту көтерген аласапыран уақытта өтті. 
       
Әуелгі  аяқ  алысы  көңілдегідей  болған  Алаш  автономиясы  тез  арада  
алынбас  қамалға  тірелді.  Ол  қамал  кеңес  өкіметі  еді.  Олай  болатыны,  бұл 
большевиктер  де  өз  үкіметі  Советтерді  құруға  жанталаса  кіріскен  тұс.  Бұл 
турасында «Сарыарқа» газеті былайша күйіне жазады: «Қай болыс, қай қала 
болсын большевик өкіметі алмаған жер қалған жоқ. Советтен совет шығып, 
жергілікті мекемелердің бәрін төңкерді, иледі, биледі» (Сарыарқа.  - №15. – 
1918 жыл).  
       
Осымен,  Семей  қаласында  билікті  қызылдар  мен  алаштықтар  бес  ай 
бойына  қатар  жүргізіп  бақты.  Мәселен,  қазақы  істерді  тергеу  қызылдардан 
Шәкәрім  бастатқан  алаш  сотына  өтеді.  Қалыптасқан  текетіресті 
ушықтырмауды  ойлаған  Алашорда  үкіметі  кеңес  органдарын  мойындап, 
олармен  байланыс  жасауға  талпынады.  Мәселен,  1918  жылдың  2  сәуірінде 
Халел Ғаббасовтың Семейден тікелей Ленин мен Сталинге шығып, телеграф 
арқылы  келіссөздер  жүргізгені  мәлім.  Бірақ  кіндік  кеңес  өкіметі  Алашты 
мойындауға асықпады, екіжүзді саясатты ұстанып, уақытты әдейі соза берді. 
       
Ахуал  1918  жылдың  мамырында  ғана  кілт  өзгереді.  Себебі  Ресейдегі 
антибольшевиктік  күштер  бас  біріктіріп,  қарулы  күреске  шыққан-ды.  Жер 
жерде  сияқты  маусым  айының  басында  Семейде  де  кеңес  өкіметі  құлап, 

 
155 
Алашорда үкіметі ақыры құлашын кең сермеп, еркін қимылдауға мүмкіндік 
алды. 
       
Ахмет  Байтұрсынов  өзінің  «Большевиктер  лаңы»  атты  мақаласында 
Алаш пен Советтің басын бір қазанға сидырмаған себептерді таратып айтады 
және тарихи тұрғыдан Советте  болашақ жоқ деп түйеді. Ахаңның айтқаны  
70 жылдан соң расталып отыр.      
       
Большевиктер лаңы дегенді нақты дәлелдермен бекітелік. Жоғарыда аты 
аталған  В.  Кашляк  мынадай  дерек  береді:  “1918  жылы  өкіметті  өз  қолына 
алған Семей Совдеп-і аталған газетті контрреволюциялық орган деп танып, 
оны    жабу  жөнінде  шешім  қабылдады.  Бұл  ретте  ең  алдымен 
алашордашылардың  “Қазақ”  газеті  жабылды  да,  “Сарыарқа”  газетін  жабуға 
кейбір  жағдайлар  бөгет  болды.  Өйткені,  бұл  газеттің  редакторы  (Халел 
Ғаббасұлы)  Совдептің  мүшесі  еді  және  большевиктер  қазақ  комитетінің 
интеллигенттерімен  арақатынасты  бұзып  алмау  мақсатымен  газетті  жабуды 
кейінге  қалдыра  тұрды.  Тек  май  айының  ортасында  ғана…  “Сарыарқа”, 
“Халық  сөзі”  газеттерін  және  “Абай”  журналын  жабу  жөнінде  шешім 
қабылданды. …Кейіннен өкімет ақгвардияшылар қолына көшкен кезеңде бұл 
газеттер  қайта  жаңғырып,  1919  жылдың  декабрь  айына  дейін  үзбей  шығып 
тұрды” (Семей таңы. – 1989, 11 тамыз). 
       
Екінші  мысал.  1918  жылдың  6  наурызында  Алаш  Орда  милициясының 
бастығы  (Шәкәрім  төрағалық  еткен  сотпен  қоян-қолтық  жұмыс  істеген)  22 
жастағы  Қазы  Нұрмұхаметұлы  мылтығын  шолтаңдатқан  большевиктердің 
қолынан  мерт  болуы.  Бұл  оқиға  “Сарыарқа”  газеті  бетінде  18  наурызда  
“Тұңғыш құрбан” атты мақалада баяндалған. Содан үзінді аламыз.     
     
“Марқұмды…  қабірге  қойып,  құран  оқылып  болғаннан  кейін,  Шәкерім 
ақсақал халыққа қарап сөз сөйледі: “Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер 
ме?  Бұл  ұлты  үшін  шыбын  жанын  құрбан  қылған  алаш  азаматының 
тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл өлген жоқ. Бұл күнгі және мұнан соңғы 
“ұлтым”  деген  азаматтар,  мына  мен  сияқты  болып,  “ұлтым”  деңдер  деп, 
өзінің  ұлтшылдығын  сөзбен  емес,  іспен  көрсетті.  Марқұмның  аты  да  Қазы 
еді. Қазы – би деген сөз. Қазы билігін айтып кетті. 
      
Қарағым,  Қазы,  өліміңе  өкінбе!  Арманың  жоқ.  Құдай  алдында  да,  жұрт 
алдында да сенің орның бөлек. Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды 
ұмыта  көрмеңдер.  Мұның  үй-ішінің  міндеті  сендердің  мойындарыңда.  Бір 
кішкентай көзінің қарашығы, бір жасар ұл баласы қалыпты. Соны тәрбиелеп, 
адам қылу бәріңнің – барлық алаштың мойнына парыз. Және өздерің де бұл 
оқиғаға  қажымаңдар.  Құдай  тағала  Алашқа  шын  ұл  бергеніне  бүгін  ғана 
көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлты үшін жанын қиып, құрбан 
болатын азаматты көрермін деген үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді бүгін өлсем 
де, арманым жоқ.  
      
Қарағым,  Қазыжан!  Қадіріңді  біліп,  құрметтей  алмасақ  кешу  қыл,  қош. 
Қабірің нұрлы болсын!”, - деді. Жиылған әлеумет жылап-еңіреп жіберді”. 
       
«Шәкерім ақсақал сөйледі» деп болған оқиғаны тәптештей жазған мақала 
иесі  көрнекті  жазушы  Бейімбет  Майлин.    Ол  тағдыры  айдап,  дәл  осы  1918 
жылдың алғашқы жарымында,  4-5 ай шамасында, Семейді мекендеген екен. 

 
156 
Жаңағы  қайғылы  қазаға  байланысты  ұйымдастырылған  митингіні  көзімен 
көрген кісі.  
       
Айтылған  екі  оқиға  алаштықтар  мен  большевиктердің  арасына  сызат 
түсіргенімен  де  түпкі  себеп,  идеологиялық  ымырасыздықта  жатты.  Тапсыз 
ғана  емес,  ескі  салт-ғұрыпсыз,  дінсіз  қоғам  орнатпақ  ниеттерін  ашықтан-
ашық жария еткен большевиктер  өмір тәжірибесі жоқ жастар жағын дүркіре 
еліктіріп ертіп алса да, жалпы дәстүрлі қауымның жанын түршіктіргені анық.       
        
Бір  анығы,  қызылдар  қаладан  қуылған  1918    жылдың  маусым  айы 
Алашорда үкіметі үшін алтын уақыт болды. Маусымның 12 күні Алашорда 
үкіметі,  әрине,  ішінде  Ұлттық  кеңестің  мүшесі  Шәкәрім  де  бар,  өз 
отырысында  заңдық  күші  бар  бірнеше  қаулы  қабылдайды.  «Абай» 
журналының  №6  санында  бұл  туралы  Ж.Аймауытов  былай  деп  жазады: 
«Алаш  қаласында  қазақ  басшылары  жиналып,  Алашордасын  көтеріп, 
қызметке  кірісе  бастады.  Алашорданың  қазіргі  мақсаты  –  қазақты  жұрт 
қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын 
толықтыруға кірісіп жатыр».  
       
Ал,  осы  күндері  Семейде  қазақ  атты  әскер  полкі  жасақталғаны  туралы 
«Сибирская  речь»  газеті  былай  деп  қуана  хабарлайды:  «...Семейге  қырдан 
қырғыз (қазақ деп ұғыңыз – А.О.) отрядтары келді. Маусымның алтысы күні 
кешкі  сағат  алтылар  шамасында  олар  қалаға  кірді.  Никольск  шіркеуінің 
қасындағы  алаңда  оларға  салтанатты  кездесу  ұйымдастырылды.  Уақытша 
Сібір  үкіметінің  өкілі  Давыдов  құттықтаулар  айтты.  Кездесу  кезінде  алаңға 
белгілі ұлттық қайраткер Ә.Бөкейханов келді. Оның құрметіне подполковник 
Тоқтамышевтің  ұсынысымен  салт  аттылар  «Алла»  деп  жар  салды.  Ақ 
жалауларға  қырғыз  тілінде:  «Жасасын  бүкілроссиялық  және  сібірлік 
құрылтай  жиналысы!»,  «Жасасын  Отанның  адал  ұлдары!»  деген  ұрандар 
жазылған». 
         
Төңкерісшіл уақыттың тынысы тұнған бұл мәліметтен   алаштықтардың  
адмирал Колчак билеген Уақытша Сібір үкіметпен тез арада тіл табысқанына 
куә  боламыз.  Ал,  кеңес  өкіметімен  жақындасу  бес  айға  созылса  да, 
келіссөздер айтарлықтай  нәтиже бермеді.  
        
Осымен,  Алашорда  Колчак  үкіметімен  бір  одақ  болды.  Бірақ  олардың 
ара  қатынасы  мінсіз  бола  алды  ма?  Әрине,  жоқ.  Екі  қошқардың  басы  бір 
қазанға қайтіп сыйсын... 
        
Айталық,  ақтардың  соты  алаштың  сотына  үстінен,  менсінбей  қараған. 
Семейде ақтар ту тіккен көктем айлары қалай өткені жайында  “Мұтылған” 
жырында ақын:   
                            
Біреуге кессең абақты, 
                            
Ақ соты оны алмапты, 
                            
Бізде кәдір қалмапты, 
                                 
Байқасам ақтың рабайын, - 
деп мәлімдейді. Соттың, қазы болудың сиқы осы болған соң, шыдамай ақыры 
“Соттықты  тастап  жөнелдім”  дейді  қажы.  Яғни  елге  қайтады.  Алайда 
қызметті тастап кеткеніне іштей өкініп, көңілі алаңдаумен жаз өтеді: 
                            
Жаздай жаттым үйімде, 

 
157 
                            
Келмеді рахат, күйім де… 
                            
Күздікүн тағы шақырды, 
                            
Семейге кел деп ақырды. 
      
Сөйтіп,  ерте  күзде  Шәкәрім  Семейге  өз  қызметіне  қайтадан  оралады. 
Амал қанша, Алаш сотын ақын көңіліндегідей жақсы жолға қою бұл жолы да 
мүмкін болмаған. Екі-үш ай ішінде сот жұмысының қалай жүргеніне, қайтіп 
тексергеніне  мына  сөздері  куә:  “Бұрынғы  орыс  тергеген,  біздің  сотқа 
бермеген,  қазақы  жұмыс  көп  екен”,  соларды  “қызылдан  сұрап  алғанбыз” 
дейді  қажы.  Ал,  қаланы  ақтар  алған  кезінде  “тез  қайтар  деп  жұмысты, 
тарылтқан кезде тынысты, тырысып бермей қалғанбыз”. 
       
Қысқа күнде қырық құбылған қырдың желіндей біресе қызылдар, біресе 
ақтар  қарауына  түскен  сот  істері  қайдан  оңсын.  “Екінші  бұйрық  келгенде, 
еріксіз алам дегенде” мұндай қорлықты көргенше: “құмар болдым өлгенге” 
дей келе, алаш биі былай деп мәлімдейді: “Тағы да мұның үстіне, бір ауыр іс 
түсті де, Ордамыз у ішті де, партия шықты жалғансыз. Болды десең кім үшін, 
Белгібайдың қызы үшін”.       
        
Шәкәрімнің  сегіз  айға  созылған  алашорда  үкіметіне  қызметі 
Белгібайдың  қызы  үшін  болған  сотпен  тәмам  болды.  Бұл  соттың  мән-жайы 
мынадай.   
       
“1918 жыл. Сентябрьдің бас кезі, - дейді Нұрпейіс Ысмағұлов деген адам 
өзінің  естелігінде.  –  Жаңасемей  базарының  бас  жағында  “Қаражан  үйі” 
аталатын  үлкен  көк  үйге  қарай  аттылы-арбалы,  жаяу-жалпы  дүрліге 
шұбырып барады.  
-
 
Көзін ағызу керек!… 
-
 
Өлсе құны жоқ!… 
-
 
Бұл  мәлғұндардың  ызасы  өтті.  “Жырық  етектердің  жазасын  беру 
керек” деген сөздер естіледі. Бұрқ-бұрқ кіжінген топ. 
       
Қаражан  үйінен  бір-екі  көше  жоғары,  Семейдің  сол  кездегі  көп 
қажыларының бірі тұратын. Топтың тоқтағаны соның қақпасы. Қажының үш-
төрт ұлының арасындағы жалғыз қызын енді жөнелтеміз деп отырғанда, сол 
қызды алысқан қол, айтысқан серт бойынша Қабдолла Қоскеев деген мұғалім 
алып қашады. Бірақ қолға түсіп қалады. Қажының алкеуде ұлдары оны аямай 
ұрып, есінен тандырады да, қамап тастайды.  
       
… Мына адамдардың ішінде қажының намысын қорғаушылар да, қолға 
түскен  Қабдоллаға  арашашылар  да  көп.  Айтыс-тартыс  ұлғайған  кезде 
орысша  киініп  салт  атқа  мінген  ақшұбар  біреу  келіп,  жастарды  ығыстыра 
қатты ақырып: 
      - 
Қайтыңдар,  доғарыңдар  көргенсіздікті.  Бұл  не  бассыздық,  -  деді. 
Соңынан білдім, бұл – сол кездегі белгілі қызметкерлердің бірі, осы қажының 
намысын  қорғаушы  Халел  Ғаббасов  деген  кісі  екен.  Бірақ  жастар  одан 
қаймықпады. Жарыса сөйлеп, дауласып жатыр” (Біздің Мұхтар. – Алматы. – 
1976. – 
390 б.).     
       
Шекспирдің  трагедиясынан  кем  түспейтін  бұл  көріністе,  бір  жағында 
жастар  мен  қарапайым  көпшілік,  қарсы  жақта  әлділер  мен  ескі  көшпелі 
салтты  ұстанушылар  болып  тістескенін  көреміз.  Сонымен,  тартыстың 

 
158 
соңында  жастар  жағы  (бұлардың  ішінде  Ә.Қашаубаев,  М.Әуезовтер  бар) 
мұғалім  Қабдолланы  тұтқыннан  босатып,  Белгібай  қажының  үйінен  алып 
шығады.  Басшы  азаматтар  елді  шулатқан  бұл  істің  төрелігін  алаш  соты 
айтсын деген шешімге келеді. 
       
Шамасы,  бір  айдан  соң,  яғни  1918  жылдың  октябрь  айында  өткен  бұл 
істің жалғасы Ахаттың естелігінде толық баяндалған. 
      
Ғалым Қ. Мұхаметханов осы оқиғаға былай деп түсінік береді: “Қаланың 
Белгібай  дейтін  байының  қызын  тобықтының  бір  үлкен  байы  (Оразбайдың 
туысы  –  А.О.)  баласына  айттырып,  қалың  малын  беріп  қойған  екен.  Қыз 
Қабдолла Қоскеев деген жас мұғаліммен көңіл қосып, қашып кетеді. Байдың 
балалары  мұғалімді  ұстап  алып,  соққыға  жығып,  байлап  тастайды.  Осы 
жұмысқа  билік  айтуды  Алашорда  басшылары  Шәкерімге  тапсырып,  қыз 
айттырған  жеріне  баратын  болсын,  -  дейді.  …Халық  алдында  ашық  сот 
болып,  қыз  бен  жігіттің  бірін-бірі  сүйіп,  өз  еріктерімен  қосылғанына  көзі 
жеткен соң, Шәкерім әділ билік айтып, қыз бен жігіт қосылсын, - дейді. Осы 
биліктен  туған  дау  қала,  далаға  тегіс  жайылады.  Халық  Шәкерімге  риза 
болып  алғыс  айтса,  байлар,  алашордашылар  қарғыс  айтып,  наразы  болады. 
Шәкерім өтірік ауруды сылтау етіп, еліне кетеді” (Шәкәрім. “ҚӘ”, 18 сәуір, 
1988).  
        
Байқап отырсақ,  Құнанбай баласының жолын баяғы Оразбай (бұл кезде 
жасы сексеннің сеңгіріне шыққан) мен оның інісі Ыспан тағы бір кес-кестеп 
өткен. Бұлай деуімнің мәнісі Ахаттың мына бір сөздерден түсінікті болады. 
Ол  сот  қарсаңында  әкесіне  екі  жас  жігіттің  келгенін  айта  келіп,  былай  деп 
жазады: “…Бір жігіт: “Ол қыз Оразбайдың жесірі (Оразбайдың аталас адамы 
айттырған  қыз)  екен.  Оразбай  ашуланып,  мен  Алашқа  қырық  ат  бергем. 
Жесірімді қайтарып берсін. Әйтпесе кетісем деп, інісі Ыспанды жіберіпті”, - 
деді.  Әкей:  “Оразбайдікі  де  жөн  емес,  айттым  ғой,  іс  тергеуде  шешіледі”,  - 
деп орнынан тұрды. Олар да шығып кетті”.   
       
Бұл  сөзден  ұғылатыны  -  гәп  Оразбайдың  Алаш  Орданың  атты 
милициясына  қырық  жылқысын  бергендігінде.  Осыған  орай,  Алаш  үкіметі 
басшылары  сот  ісіне  араласып,    Шәкерімге  белгілі  дәрежеде  қысым 
жасалғанын аңдаймыз.  Бір қарағанда “қызды бұрынғы атастырған орнында 
қалдыру” жайында алаш азаматтарының тілегі дұрыс та сияқты. Бірақта бұл 
кезде  қалың  жұртшылықтың  психологиясы  өзгергенін  ескермеу 
алаштықтардың абыройын айрандай төгумен бір. Шәкәрімнің жаңағы сөзінде 
“Ордамыз у ішті де” дейтіні сол. Өйткені, бұрынғы жуандардың айтқанына 
көнбеу,  жарлы-жақыбайға,  әділге  жақ,  әлсізге  арашашы  болу,  қала,  қалама 
сол  заманның  айырықша  белгісіне  айналғантұғын.  Сондықтан  Белгібай 
қызының  дауы  қалай  шешілер  екен  деп  бүкіл    қала  жұртшылығы  құлақ 
тосты.  
        
Қорыта  айтқанда,  Белгібайдың  қызының  соты  әншейінгі  жесір  дауы 
болмай, ескі мен жаңа көзқарастың тіресіне айналды. Осы қырынан да алаш 
биінің  шешімі  дұрыстығы  талассыз.  Бірақ,  Шәкәрім  мен  Алаш  басшылары 
арасына сызат түскені сөзсіз. Осымен, ақын еліне қайтады, соңғылар да оның 
қылығын түсінгісі келмей сырт берді, қажының сөзінше “бойкот” жариялады. 

 
159 
 
Қарт ақын мен алаш зиялылары 
 
арасында түсінбеушілік болған ба? 
        
Бүгінгі  таңда  Шәкерім  мен  алаш  басшылары  арасы  қандай  болғаны 
туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Осыған тоқталмай болмайды. 
        
Алдымен Шәкәрім ұлтжанды болған ба?   Шәкәрімнің космополитшіл, 
ұлтсыз  кісілермен  үш  қайнаса  сорпасы  қосылмайды.  Бұған  жас  қаһарман 
Қазы  Нұрмұхамбетұлының  қазасында  қажының  жиылған  елді  жылатқан 
жүрекжарды сөздердінен артық дәлелдің қажеті шамалы. 
       
Ал, алаш арыстарының ұлтжандылық сезімін Сұлтанмахмұт: 
                                
Алаш туының астында 
                                
Куә болсын арымыз! 
                                
Көркейтуге Алашты 
                                
Құрбандық біздің жанымыз!, - 
деуімен жырға қосады. 
       
Демек, Шәкәрім мен алаштықтардың жан пида деген ой-армандары бір.  
       
Екі  арада  ат  құйрығын  шорт  кескен  ымырасыздықтың  иісі  де  жоқ.,  ал 
Белгібайдың қызының соты ұсақ келіспеушілік, болымсыз қыжыл ғана деуге 
керек.  Егерде  кейіннен  алаш  арыстары  мен  қарт  ақын  кездесуге  мүмкіндік 
тапса,  олардың  бір-біріне  құшақтарын  айқара  ашатынына  қылаудай  күмән 
жоқ. Бірақ қатігез тар уақыт бұл мүмкіндікті қайдан берсін...  
       
1922 жылдың желтоқсан айында Бүкілодақтық Саяси Бас басқарма (ГПУ) 
құрылды.  Келесі  жылы  ол  Айрықша  Саяси  Бас  басқарма  (ОГПУ)  болып 
өзгертіліп, оған сот қызметінің жанжақты құқығы берілді. Яғни жазалаушы 
орган дүниеге келді. Жөнжосықсыз әрі шексіз билікке ие болған шаш ал десе 
бас  алатын  жан  алғыштар  ұлт  зиялыларының  артына  шам  алып  түсті.  Осы 
жылдан  соң-ақ  Алаш  қозғалысына  қатысқан  жандар  түгелімен    Мәшһүр 
Жүсіп: 
                      
Ит дүние, мұнша неге олақ болдың, 
                      
Ұстауға құйрықжалы шолақ болдың,  
дегендей, торғайдай тозып, бүкіл империя кеңістігіне жан сауғалап тентіреп 
кеткені шындық.       
        
Шәкерімнің  Алашорда  үкіметіне  қатысы  бір  ізге  түсіп,  келешекте 
ғылыми шешімін табуы үшін мынадай жайларға назар аударған жөн сияқты. 
      
Біріншіден, Шәкәрім мен алаш арыстары арасында болған түсінбеушілік 
Қазақ  елі  дербес  мемлекет  болса  деген  мақсат  әзірге  іске  аспайтыны 
анықталған тұсқа келеді.   
       
Екінші жай, ежелгі гректің ділмар шешені Демосфеннің мынадай сөзінен 
байқалса  керек.  «Шешен    халықтың  ақылшысы.  Ақылгөй  басшының  сөзі 
ашық, батыл, тіке  айтылады,   дейді ол.   Сол тура айтылған  сөзінің аяғы  өз 
басына хауіп екендігіне көзі жете тұра, ол турашылдықтан, әділдіктен сынық 
сүйем де таймайды».  
         
Шәкерім ұзақ жылдар халықтың ақылшысы, би-шешені болған адам. Ол 
“Әділ  билік  болмаса,  халқыңды  дерт  алады”  деген  қағиданы  ұстанған, 
құбылмалыны сұқаны сүймеген аузы дуалы, сөзі уәлі баба би-шешендердің 

 
160 
сарқыты. Ешкімнің дегеніне көне салмайтын азат, еркін, бостан өскен адам 
екенін «Бойымда бар тағылық» деуімен ескертеді  ақын.    
         
Алдыңғы  екеуден      күрделірек  үшінші  жай  да  бар.  Ол  рухани  көсем 
Шәкәрімнің ойлау жүйесі һәм ойлау деңгейі.   
       
Адамның ой, сана көкжиегі алдына қойған өмір мақсаты, заманы, жасы 
т.б. жағдаяттардың әсерінен үнемі өзгеріске түсіп отырмақ. Осылайша жігіт 
Шәкәрім  әуелде  ырғызбайшыл  болды,  онан  соң  мұқым  Тобықтының 
намысын жыртқан сатыдан да өтті. Қырықтан соң, қалың елім, қазағым деп 
қабырғасы  қайысқан  оның  санасы  өзі  араласқан  мен  білем  деген  алаш 
жастары сияқты  ұлтжанды болу, ұлт мүддесі үшін басты байлау деңгейіне де 
жетті. Көңілі мұны да қанағат тұтпай әрі қарай басқыштай берді.       
       
Мәселе сонда, рухани ұстаздардың, Абай, Толстой, Шәкәрім сынды әлем 
ой алыптарының ұлтын сүюі өзгешелеу. Олар  үлкен жүрекпен, Абай айтқан 
«үш сүю» жөніменен сүйеді. Өйткені, дүниенің көрінбейтін заңдары барын, 
Абайша  Алланың  хикметін  өзгелерден  гөрі  анығырақ  сезеді,  біледі.  Нақты 
айтсақ,  Тәңірінің  тәртібі  мен  заңы  махаббат,  әділет  арқылы  мүлтіксіз 
орындалатындығын. Хакім даналардың осыған сенімі кәміл, осы түпкі ақиқат 
үшін жандары пида.  
        
Дәлелге  Сұлтанмахмұттың  Шәкерім  туралы:  “Бұл  қазақтан  мақсұты 
биік-алыс”    және:  “Қазақ”  деп  жекелеме,  “адамзат”  де,  ол  кісінің  пікірімен 
болсаң таныс” дегенін алайық. 60-тан асқан абыз ақынның тұтастық санаға,  
Тәңірінің  хикметін  сезіп,  нұр-шапағатын  ала  бастаған  деңгейге  көтерілген 
хәлін тани алғандық бұл. 
        
Тағы  бір  мысал.  Оқыған-түйгені  мол  алаш  арысының  бірі  М. 
Тұрғанбайұлының  1918  жылы  “Абай”  журналының  №3  санында 
“Ұлтшылдық”  атты  мақаласы  берілді.  Оған  пікір  айтқан  “Ұлтшылдық 
туралы”  деген  шағын  мақаласында  Шәкерім:  “Ұлтшылдық  мәдениетті 
туғызса да,  ақ жүрек туғыза алмайды. Ақ  жүрек дегеніміз – “ұждан” (әмма 
жанға махаббат, шапағат, ғадәлет), қазақша тамам адам баласын бауырындай  
көріп, жаны ашып, әділет қуу. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып, 
адамшылық жеңе алмайды” – деп мәлімдейді. 
       
Демек,  Абайдың  бас  шәкірті    Шәкерім  мен  кешегі  жолдастары  –  алаш 
арыстарының  ажырасуын  тексерген  адам  соңғы  жәйтті,  ойшылдың  санасы 
бұл кезде рухани дара биікке  жеткенін қатты ескергені жөн деген ойдамыз.   
       
Тақырыбымыздың  тобықтай  түйініне  келер  болсақ,  елдік  жолды 
таңдаудың ең қиын шағы 1918 жылдың қысы мен көктемінде ардақты ақын 
Шәкерім төбе би сапасында Алаш үкіметіне аянбай қызмет қылды. Биліктің 
бір тармағы - сот ісін шып-шырғасын шығармай уысында ұстады. Бұдан да 
маңыздысы,  алаштың  жасы  үлкен  ағасы  әрі  ғұламасы  алаш  қозғалысының 
беделін асқақтатуға зор үлесін қосты. Өйткені, Абайды қастер тұтқан барша 
қазақ, әсіресе, қырдағы ел, шәкірт інісі  Шәкәрімді “екінші Абай” деп білді, 
құрмет  тұтты  әрі  қозғалыстың  рухани  көсемі  ретінде  танып,  сенімін  артты. 
Сондықтан  да  ойшыл  ақын  Алаш  қозғалысының  төрінен  орын  алады  деп 
пікір білдіреміз.      

 
161 
Ақ  пен  қызылдың  бақталасы,  әділет  пен  мейірім  орнына,  жақсылықты 
мылтықпен  орнатам  деп  шатасқан  аласапыраннан  әбден  қажып,  заман 
әлпетінен  көңілін  суытқан  қарт  ақын  1918  жылдың  күзінде  елсіздегі 
Саятқорасына ат басын тірейді. 
Семейден елге кеткені жайлы:   
                       
Сол кеткеннен кетіп ем, 
                       
Ауылға келіп жетіп ем, 
                       
Аз ғана күн кідірмей, 
                             
Елсізге қарай өтіп ем, - 
дей келе, іштегі нала-зарын да төгіп өтеді: 
                              
Үмітпен алдап сүйретіп, 
                              
Сүйегімді күйретіп, 
                              
Тағылыққа үйретіп, 
                                    
Тағдыр-ау, саған нетіп ем?  
      
Сөйтіп,  бұрын-соңды  тарихта,  мемлекетте,  ел  өмірінде  болып  көрмеген 
сұмдық  оқиғалар  тізбегі  (бассыздық,  талан-тараж  бен  қырылыс-қырғын) 
әділетсүйгіш  ақынды  әбден  түңілтіп,  тағы  да  елсіз  аулаққа,  өз  сөзінше 
“тағылыққа”  әкеп  тықты.  Демі  таусылғанша  созылған,  шығармашылық  зор 
табыстар силаған екінші оңашалану осылай басталған болатын.  
  
 
Каталог: files -> pdf
pdf -> Аралады Сәуір айында Бозшакөл мыс кенішіне Павлодар облысының әкімі Болат Ба қауов келді. «Kaz minerals Bozshakol» жшс директоры Джереми Аллен аймақ басшысына жобаның мәртебесі
pdf -> Абайдың рухани мұрасы. Досым Омаров Данышпан берген салауатты өмiр тағлымдары
pdf -> Grade 5 Miras International School of Astana provides an education within a challenging and supportive environment that promotes all aspects of individual student growth, and equips them with the skills for lifelong learning
pdf -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
pdf -> Поэзия падишасы Фариза Мейрам Камила Сүйіндікқызы
pdf -> Сабақтың тақырыбы Р. Акдемір «Анамның қолдары»
pdf -> Сабақтың барысы: Мұғалім: Балалар, біздің бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»
pdf -> Сабақ 19/12/2014 Әдебиеттік оқу Сабақтың тақырыбы Аяз. Құрманбай Толыбаев Жалпы мақсаты
pdf -> Сабақтың тақырыбы: Б. Момышұлы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»

жүктеу 5.01 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет