Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)



жүктеу 5.01 Kb.

бет12/29
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріӨмірбаяны
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29

Төртеудің достығы 
       
Ағайын  арасынан  жік  шығып,  суысып  кетуіне  себептер  «татуды  араз, 
жақынды жат қылған қу өмірде» (Абай) қашанда баршылық. Бірақ араздық 
пен  бақастық  Құнанбайдың  үш  немересі  –  Шәкәрім,  Кәкітай,  Турағұл 
арасына өз көлеңкесін түсіруге дәрменсіз болған, бұл үшеуі бір-біріне кәміл 
сенген, кеудеден жан кеткенше өзара адалдықта болған туыстар. 
        
Шәкәрімнің  әкесі  -  Құдайберді,  Кәкітайдікі  –  Ысқақ,  ал  Турағұл 
Абайдың баласы. Артқыға ынтымақты үлгі еткен осы үш әке! Құдайбердінің 
шешесі  Күңке  Ысқақты  өз  бауырына  салып  өсірген-тұғын,  ал  Құдайбердіні 
болыстық  қызметте  бірге  жүріп  жақын  таныған  Абайдың  оның  адамдық 
мінезіне тәнті  болып қатты силағаны мәлім.  Міне, кейінгі үшеудің бір-біріне 
деген  ерекше  құрметі  мен  қалтқысыз  достық  көңілдері  әкелері  салған 
дәстүрден  бастау алады.   
      
Қазақтың  қыз  айттыру,  құда  түсуден  бастап,  шілдехана,  сүндет  тойына 
дейінгі  той-домалақтары  ол  заманда  көп  еді.  Ағасы  Абайдың  бұл  қатарлы 
қызығынан  өнерлі  Шәкерім  ешқашанда  шет  қалмаған.  Ал,  1900-04  жылдар 
арасында абыройлы әке-ағалар: Ысқақтың, Шәкенің, Мағауияның, Абайдың, 
Ақылбайдың қабырғаны қайыстырған ауыр қазасы өтті. Мұның қай қайсы да 
біріге жүріп, ақылдаса отырып өткізуді қажет қылатын зор науқандар. Оны 
атқару  жүгі  басқа  туыстар  ішінен,  әсіресе,  Құнанбайдың  үш  немересіне 
түскені сөзсіз.  
      
Осындай біте қайнастырған туыстыққа саяси-әлеуметтік істерде тізе қосу 
жаңа серпін беріп, үшеудің достығы тіпті нығайғаны даусыз. 
       
Ал төртінші дос кім дегенге келсек, ол  исі қазақтың саяси көсемі болған 
Әлихан Бөкейханов. 
                                    
…Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі, 
                                       
Демейді қандай қазақ оны оң көзі. 
                                       
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан 
                                       
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі. 
       
Сұлтанмахмұт  Торайғыров  осы  сөзінде  айтқан  «қазақтың  оң  көзі»  әрі 
«
талассыз жеке-дара тұрған» тұлғамен тегін адамның дос бола алмасы анық.      

 
106 
       
Санкт-Петербург  институтының  студенті  кезінен  саясатқа  араласқан 
Әлихан  Бөкейханов  1905  жылы  Ресей  кадет  партиясының  мүшелігіне,  ал 
1906  жылы  оның  Орталық  Комитеті  құрамына  енген  еді.  Аталмыш  
партияның  қазақ  даласындағы    ұйымдастырушы-өкілі  болған  ол  1905-1906 
жылдары Құнанбай баласымен «Саясат ісінде бір одақ болдық» деп жазады.  
       
Қызығы  сол,  «Бір  одақ  болудың»  бастауы    ұлы  Абайдың  өлеңдерін 
баспаға біріге әзірлеуде жатқан болатын.     
       
Мысалға  1905  жылдың  маусым  айында  төрт  азаматтың  Семейде  бас 
қосып, мәз-мәйрам шат-шадыман көңіл-күйде анық достасқаны, осы күндері 
Абайдың  тұңғыш  жинағын  қалай  жүйеге  салуды  кеңесіп,  қоштасар  кезде 
бірге  суретке  түскені  жайлы  маңызды  дерек  Кәкітайдың  бәйбішесі  Бибі 
әжейдің естелігінде тұр.  
       
Бұдан  соң  болған  оқиғалардың  реттілігі  төмендегідей.  Әлихан 
Бөкейханов 1905 жылы Семей облысынан Бірінші Думаға депутат сайланған-
ды.  Айта  кеткен  жөн,  Кәкітай  Әлиханның  депутат  сайлану  науқанына 
белсене  атсалысады.    «Қазақ»  газетінде  жарияланған  (1915  жыл,  қаңтар) 
«Қош,  қарағым!»  атты  Кәкітайдың  кенеттен  қайтыс  болуына  байланысты 
жазған мақаласында Әлихан оның өзіндік пікір-сенімі бар, сөзге ұста екенін, 
орысша  қысылмай  сөйлейтінін  айтады.  Орыс  зиялылары  бас  қосқан  бір 
жиында  Кәкітай:  «Біз  Михаэлис  пікіріндеміз,  солардың  шәкірті  Әлиханды 
сайламағымыздың себебі – осы» деп суырылып сөйлегенін есіне алады. 
       
Екінші Дума сайлауы таяғанда Әлихан абақтыға алынып, депутат болып 
сайлану    құқынан  айырылған  соң,  жаңа  сайлау  науқанына  өзінің  тілектес 
достарын қосады. Бұл жайлы Әлекең былай дейді: «Екінші Дума сайлауында 
ынтымақ  қылмай,  Темірғалимен  таласқа  түсіп,  Кәкітай  бүктелді.  Шәкерім, 
Кәкітай, Темірғали, Хасен, Омарбек  осылардың бірін сайлаңдар деп, жұртқа 
мен  көрсеткен  бес  кандидат  еді.  Сонда  осы  істің  ағат  болғанын  Кәкітай 
мойнына  алған  еді.  Ер  жігіттің  белгісі    адасқанын  мойнына  алғаны.  «Шын 
сөзге жан пида»,  деп Шәкерім айтар еді». 
        
Күрделі  уақыттың  тынысы  хатталған  бұл  сөздерде  астарлы  мән  көп.  
«Темірғалимен таласқа түсіп, Кәкітай бүктелді» дегені соның бірі.  Ресейдің 
ІІ  Мемлекеттік  Дума  сайлауына  бүкіл  Қазақстан  бойынша  небары  бес 
депутаттық  орын  берілген.    Семей  облысынан    сайлануға  тиісті  депутатқа 
кандидаттарды  жұртқа  Әлекеңнің  өзі  көрсетіп,  осы  бес  кандидат  өзара 
ынтымақтаса  отырып,  ортасынан  Екінші  Думаға  (1907)  Темірғалиді  өткізіп 
жібергенін құп көреді. Неге? 
        
Өйткені,  Темірғали  Түйтеұлы  Нұрекенов  (1856-1919)  көп  оқыған,  ең 
бастысы, орыс тіліне аса жетік адам болған. Дәлелге оның 1905 жылғы патша 
ағзамға жолданған Қарқаралы петициясын орыс тіліне аударғанын және осы 
құжат  соңына  қол  қойып,  басын  бәйгеге  тіккен  бес  азаматтың  бірі  екенін 
айтсақ та жеткілікті.  «Жеті қазына» атты кітаптың (Алматы, 2000) соңында 
берілген  энциклопедиялық  мәліметте  ІІ  Мемлекеттік  Думаға  сегіз  қазақ 
қатысты, солардың ішінен Темірғали да «сөз сөйледі» деп көрсетілген.  
       
Екінші  Думадан  соң  репрессия  басталған  жылдары  Темірғали  туған  елі 
Сейтен  болысына  оралады  да  үлкен  мешітмедресе  салдырып,  біржола  дін 

 
107 
жолын  қуады.  Ол  Құнанбаймен  бірге  қажыға  барып,  Меккеде  тәкие  салуға 
қомақты  қаржы  берген  Кереку  өңірінің  он  мың  жылқы  біткен  әйгілі  байы 
Нұрекен  (Нұрмұхамед)  деген  адамның  немересі.  Мәшһүр  Жүсіп  Көпейұлы  
осы Нұрекен жайлы былай дейді: «Қазақта бірінші рет Меккеге қажылыққа 
Орта жүз Уақ тайпасы Жансары руынан Нұрекен бай төрт жыл жолаушылап 
жүріп аман сау елге оралыпты». Ал 1874 жылы Құнекеңдермен бірге баруы 
Нұрекен  байдың үшінші қажылық сапары-ды.  
        
Сонымен, Кәкітай өзгелер сияқты көне қалмай, Темірғали Түйтеұлымен 
таласқа түседі. Әлекеңнің «Кәкітай бүктелді» дейтіні осы.  
       
Тегінде депутат болып сайлану Кәкітайды ғана емес, Шәкерімді де қатты 
қызықтырғанын  шамалауға  болар.  Өйткені,  үлкен  астана  қаланы  көріп,  ұлт 
тағдырын шешуге септігін тигізу, зиялылармен ой бөлісудің өзі неге тұрады. 
Әсіресе, кітапханаларды аралап, білім қорын толықтыру қандай ғанибет!   
        
1908  жылы  Семейде  абақтыға  алыну  алдында  маған  жолығу  үшін 
«Шәкерім,  Кәкітай,  Турағұл  әдейі  қалаға  келді»  дейді  Әлекең  жаңа  аталған 
«Қош,  қарағым!»  мақаласында.    Абақтыға  жабылған  соң    да,  амандық 
біліскен осы үшеуі ғана болады. Бұл жайлы саясаткер былай айтады: «Мен 
абақтыда жатқанымда келіп, амандасқан да осылар болды. «Бұған өзге қазақ 
жарамады-ау», - деп налыдым».  
      
1908  жыл  репрессиялық  қатаң  шаралар  қарқын  алған,  сәл  нәрсе  үшін 
сенімсіздер тізіміне ілігуің мүмкін қаһарлы уақыт болды. Осыған қарамастан 
үш туыстың Әлекеңе екі рет арнайы келіп жүздескенінің куәсіміз. 
      
Ал, келер 1909 жылы Шәкерім мен Кәкітай Столыпин реформасын жақсы 
білетін,  саясат  ісіне  жетік  Әлекеңе  хат  жазып:  «…Қарауыл  өзені  мұжыққа 
кетіп барады, 15-тен жер ал дейді, аламыз ба?» деп ақыл сұрағанда, Әлихан 
оларға «Не болса да жұртпен бірге көр» деп ақыл қосады. Осы ақылға бағып, 
Құнанбай  ұрпағы  «кір  жуып,  кіндік  кескен  ата  қоныс»  Қарауыл  бойынан 
кесікті жер алудан бас тартқан болатын. 
       
Достарының бұл қадамын Әлекең әділ бағалап әрі өзге жұртқа үлгі қыла, 
«Қазақтың»  бетінде  былай  дейді:  «Құнанбай  баласы  жұрт  қамы  деп  және 
шыға  жайылып,  көгермейік  деп  15-ті  алмай  Қарауылдан  айрылды.  Саясат 
жолында  мұндай  ерлік  қылған  қазақ  басшысынан  көргенім  жоқ»  («Қазақ» 
газеті. Жинақ. – Алматы, 1998).  
       
Алаш  көсемі  Әлекең  1915  жылғы  арнау  жазбасында  марқұм  болған 
тұрғыласы Кәкітайды «ер жігіт», «асыл ер» деген сөздермен  адақтап    еске 
алады. Абайдың тұңғыш өмірін жазып, жинағын әзірлеген зор еңбегі  үшін 
де,  ақ  дастарханын  жайған  қонақжайлығы  мен  ақ  көңіл  тазалығы  үшін  де 
қатты  силаған,  сірә.    Қулық-сұмдықтан  ада  ақжүректілік,  таза  ниет,  өзгере 
бермейтін  «асыл  адам  айнымас,  бір  бетінен  қайырылмас»  мінез.  Осындай 
қасиет  Абай  шәкірттерінің  қай  қайсына  да  тән  болған.  Олардың  осымен  өз 
ортасынан дараланғаны хақ. 
        
Бірде  жер  дауына  байланысты  Шәкерім  туыстарын  шақырып,  жиын 
ашады. Жиынның соңында Кәкітай жалғыз қалғанда әкесінің айтқан шешімі 
туралы  Ахат  былай  деп  жазады:  «Қарағым,  Кәкітай!  Мен  дегенде  сенің 
ниетіңнің,  жүрегіңнің  ақ  екенін  айтпай-ақ  білем.  Сен  бұған  әуре  болмай-ақ 

 
108 
қой! Неге десең, мұны істерсің, басқа дұшпандар – қажының балалары тағы 
таласып  жатыр  дер.  Онсыз  да  араздықтарыңды  пайдаланатын  қулар, 
араларыңа  шоқ  салар  да  тұтар.  Бұларды  өзім  жайғастырармын,  қарағым. 
Қыстауынан  айрылған  Жүнісбайға  жер  бердім,  орналасты.  Ендігі  қалған 
Сеңгірбайдың екі баласы - Өтегелді, Баймұрынды орналастырамын».  
      
Осы  тұста  Шәкерімнің  Кәкітайды  (ақын  оны  Кәкең  деген)  қалай 
бағалағаны туралы: «Әкей бар туғаннан Кәкітайды өте жақсы көретін, - дейді 
Ахат ақсақал. – Келген сайын құшақтап, маңдайынан иіскейтін».  
       
Әрине,  өз  кезегінде  Кәкітай  Ысқақұлы  да  аға  жолын  кесе-көлденең 
өтпеген. Әлгідей көңілін көре тұра, кішілік қарыздығын неге ұмытсын! 
        
Ал жаңа Шәкәрімнің «қажының балалары тағы таласып жатыр дер» деуі 
жайдан  емес,  күндестік  деген  пәле  Құнанбай  балалары  арасына  да  сызат 
түсіріп отырған. Нақты айтқанда, Құдайберді мен Тәкежан, сондай-ақ, бірге 
туған  Тәкежан  мен  Абай,  олардың  балалары  Әзімбай  мен  Мағауия  тағы 
басқалар  арасында  белгілі  дәрежеде  қырғиқабақ  қыжылдың  орын  алып 
отырғаны  өтірік  емес.  Бірақ,  қайталап  айтайық,  Шәкәрім,  Кәкітай  және 
Турағұлдың қарым-қатынасы мұндайдан аман болды. 
         
Енді  төртеудің  ішіндегі  жасы  ең  үлкені  Шәкәрім  мен  ең  кішісі  Абай 
баласы Турағұлдың (1875-1934) достығына келейік. 
         
Қазіргі  күні  баршаға  таныс  фотосуретте  Шәкерім  54  жаста.  Осынау 
тарихи сурет бүгінге қалай жеткен?  Алматыдағы С.Мұқанов мұражай үйінің 
қорында  Шәкәрімнің  «Ардақты  Сәбит  бауырым»  деп  басталатын  белгілі 
хаты,  фотосуреті  және  кітабы  сақталғанын  айта  келіп,  фотосурет  жайында 
әдебиетші  ғалым  Ә.Қайырбеков  былай  дейді:  «Біріншіден,  бұл  фотосурет  – 
көшірме  емес.  Түпнұсқа!  Екіншіден,  фотосуреттің  ерекше  құндылығы  – 
сыртындағы Шәкерімнің кирилл жазуымен орысша, араб жазуымен қазақша 
қалдырған қолтаңбасында!».   
        
Олай  болса,  сурет  иесі  сурет  сыртына  не  деп  жазған  екен?  Онда  екі 
қолтаңба  бар:  бірі  -  «Любезному  брату  Тугрулу  Ибрагимовичу  на  добрую 
память  от  Шаһкарима  Худайбердина.  15  февраля  1912  г.»,  -  деп  кирилл 
әрпімен,  бірі  - «Сүйікті  бауырым  Тұрағұл  Ибраһим  марқұм  ұлына  ұмытпас 
белгі үшін Шаһкарим Құдайбердіұлынан. 15 февраль, 1912 жылы», - деп араб 
графикасымен жазылған екен.  
       
Шәкерім тобықтының ең қалың, жуан ортасы Олжайдан шыққан ардақты 
ақын. Абайдың бас шәкірті әрі шәкірттері мен інілерінің үлкені. Сондықтан 
Шәкерімнен  17  жас  кіші  Турағұл  өзінің  естелігінде  былайша  жазады: 
«Бастығымыз  Шәкерім  болып,  шәкірт  секілденіп  сөзін  (Абайдың  –  А.О.) 
тыңдап,  медреседегі  шәкірттерше:  ақиқат  олай  емес,  бұлай  болады  деп  бір 
бірімізбен дауласып жатушы едік…».  
        
Шәкерім мен Турағұлдың арақатынасы 1928 жылмен тұйықталады.  
        
Бұл  жылдың  күзін  Ахат  ақсақал  былайша  есіне  алады:  «Осы  кезде 
бұрынғы Шыңғыс болысы – Досов болысы болып атанған. Досов болысынан 
бірнеше адамдар кәмпескеге ілінетін болды. Солардың ішінде малы толмаса 
да  болыс  болған,  ақсүйек,  аға  сұлтан  болған  шонжар  Құнанбайдың 
немересінен  біреуі  ілінуі  қажет  болды.  Бұған  орай  Шәкерім  кәмпескеленіп, 

 
109 
жер аударылатын болды».  Бұл заңдылық пен демократия ұғымдары біржола 
аяқасты  етіліп  үлгермеген  өліара  шақ  еді.  Сондықтан  көп  жиналыстарда 
халықтың  өзі  арашашы  болып  «Шәкерімді  толық  ақтап,  бермей  қалады» 
(Ахат).   
       
Ал,  Турағұл  1927  жылы  жазғытұрым  тағы  тұтқынға  алынып,  1928 
жылдың көктеміне шейін түрмеде жатады. Түрмеден шыққан соң көп ұзамай-
ақ  жаңа  науқанға  ілігіп,  Шымкентке  жер  аударылады.  Айдауда  жүрген 
Турағұлға ел ішінен қабырғаны қайыстырып, өзекті өртеген хабарлар жетіп 
отырған. 1931 жылы Тобықтының 70 адамымен бірге інісі Мекайыл (Мекеш), 
онан  соң  ағасы  Шәкерім  оққа  ұшты.  Ең  ауыр  соққы  –Томскі  институтында 
оқып жүрген сүйікті баласы Жебірәйілдің (Жебеш) өлімі болды. 
        
Мәкен  Турағұлқызы  әкесінің  Шымкент  қаласына  жер  аударылып,  бір 
сарттың  үйінде  пәтерде  тұрған  шағын  былай  айтады:  «1934  жылы  қатты 
ауырып  жатты.  Бір  күні  мен  ағамның  ауыр  хәлде  жатқанын  көріп,  шыдай 
алмай,  егіліп  қатты-қатты  жылап:  «Сен  де  өлесің  бе?»  деп  үстіне  құлай 
кеттім.  Сол  кезде  басын  көтеріп  алып:  «Сен  мені  өлме  дегенің  қарғағаның 
ғой.  Мен  сенің  қолыңда  өлейін  деп  жатырмын.  Болмаса  мені  түрмеде 
өлтіреді», - деді. Мен шошып кетіп: «Не дейсіз, аға», - деп едім: «Оны кейін 
білерсің», - деді де, басқа ештеңе айтпады. Ақыры айтқаны – 37 жыл келді 
ғой».  
        
Енді  сөзіміздің  өзегі  -  Әлихан  мен  Шәкәрімнің  достығына  қайтадан 
оралып,  кейбір  тұстарын  нақтыламақпыз.  Екі  тұлға  ескі  таныстар.  «Абай 
жолы»  эпопеясында  Көксеңгір  жайлауында  Әлиханды  (Әзімхан  деп 
өзгертілген)  тобықты  елі  үлкен  қошаметпен  қарсы  алғанын  суреттей  келе, 
құрметті қонаққа арналып түні бойы жалғасқан жиын соңын Мұхаң былайша 
тиянақтайды:  «Бұл  түні  таңға  тақау  қалың  жұрт  Әзімқанды  қошеметтеп 
мақтаумен  болып,  тарап  кеткенде  Шұбар  әлі  де  оған  жабыса  түсіп: 
«сұрайтыным бар, айтатыным көп» деп қонақ үйлерге кетпей қонып қалды».  
      
Көркем шығарманың аты көркем шығарма десек те, әйгілі эпопеяда әрбір 
деталь  болған  шындыққа  негізделген,  өмірдің  өзінен  алынған.  Жоқ  дегенде 
автор  көзі  көргендердің  сөзіне  сүйене  суреттеген.  Мұны  Мұхаңның  өзі 
«Абай»  романының  жазылу  жайынан»  атты  мақаласында  былайша  атап 
өтеді:  «Сөз  жоқ,  тарихи  романшының  правосы  бойынша  менде  ой  жоба, 
топшылау,  елестету,  өзімше  қорыту  дегендер  болды,  бірақ  соның  бәрінің 
негізінде  нағыз  болған  шындық  жатыр»  (Әуезов  М.О.  12  томдық  шығ. 
жинағы. - Алматы, 1968. - 12 том. – 110-111 б.).   
       
Осыны ескергенде, Әлихан мен Шәкерімнің жүздеген адамдар ортасынан 
сырылып қалып, сыр шертісуі негізсіз емес-ау. Сөйтіп, екі тарихи тұлға ХХ 
ғасырдың соңынан біліскен ескі таныстар болса керек. 
        
Дәлел  ретінде  Ә.Бөкейхановтың  1915  жылы  «Қазақ»  газетінің  121-ші 
санында Шәкәрімнің эпикалық дастаны «Қалқаман-Мамырға» пікір білдіріп 
жазған мақаласынан мына бір деректі келтірелік:    «Шәкәрім… Абай барда 
таласып  ақындық  қылып,  жарыққа  шықпай,  көлеңкеде  жүре  берген.  1900 
жылы Шыңғыс елін жазған Иван Филиппович Гусев Шәкеріммен сөйлескен. 
Маған  сонда  айтты:  «Жұрттың  бәрінің  аузына  алғаны  Абай.  Бірақ 

 
110 
Шәкерімнің  білімі  де  қазақта  жоқ  екен!»  деді.  Гусев  Шәкерімнің  тамырын 
тауып ұстаса керек».  
       
1896  жылдан  Ресей  императорлық  география  қоғамының  мүшесі 
Әлекеңнің  1901  жылы  оның  басқару  комитетіне  сайланғаны  мәлім. 
Сондықтан  аталмыш  комитеттің  мүшесі  Гусевті  Омбыдан  Шыңғыстауға 
арнайы  бағыттаған  және  онда  кімдермен  жолығудың  жөнін    айтқан  
Әлиханның өзі десек қате болмас. Беймәлім Шыңғыстау жеріне Гусевтің өзі 
қайдан біліп барсын. 
       
Осымен,  Әлихан  мен  Шәкәрімнің  Гусев  Шыңғыстауға  келетін  1900 
жылдан бұрынырақта жақын жанасқанына көз жеткіземіз.  
        
Шәкәрім  қажылық  сапардан  оралған  1905  жылдың  көктемінде  Ресей 
империясындағы  саяси  шиеленіс  өзінің  шырқау  шегіне  жеткен  еді.  Осы          
жылғы  «қанды  жексенбіден»  кейін  патшалық  билік  саяси  реформа  жасауға 
ниеттеніп,  уақытша  болса  да,  елде  демократиялық  еркіндікті  кеңейту 
әрекетіне  көшкенде,  саяси  жылымықты  пайдаланып  қазақ  көсемі  Әлихан 
Бөкейханов 1905 жылдың жазында Қоянды жәрмеңкесінде 14 мың қазақ қол 
қойған әйгілі «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырған болатын. 
       
Онан  соң,  осы  жылдың  күзінде,  Орал  қаласында  қазақ  зиялы  қауымы 
арасында  кадет  партиясын  құрды  да,  келер  жылдың    маусымында  Семейде 
партия құру съезін ұйымдастырып, оған Шәкәрімді де шақырған-ды. 
      
Тарихшы ғалым М. Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» атты кітабында Ә. 
Бөкейхановтың 1906 жылы Қазақстанда кадеттер партиясын құруға кіріскен 
жайына  тоқтала  келіп,  осы  жылдың  10-шы  маусымында  Семейде  өткен 
сайлаушыларды кадет партиясының бағдарламасымен таныстырған жиында 
басқа  шешендер  қатарында  Шәкәрім  Құдайбердиев  те  сөйледі  деп  дерек 
береді (Ұлттық саяси элита. - Алматы, 1999. – 149 б.).  
       
Болыстыққа  таластықтан  туатын  анау  партия    болмаса,  елдің  мүддесін 
алдыға  қойып,  сол  үшін  күресетін  саяси  партия  құру  дегеніңіз  қазақ  үшін 
бұрын-соңды  болмаған  таңсық  нәрсе.    Сондықтан    1906  жылғы  сайлау 
қарсаңында  қалада,  әсіресе,  қыр  қазақтары  арасында  талай-талай 
жиындардың өткені таң қалдырмайды. «Жас өтті тынымсыз» деп басталатын 
өлеңінде Шәкәрімнің: 
                                  
Бақ қайда қиынсыз, 
                                  
Бос тілек сыйымсыз. 
                                  
Қазақ та қажытты, 
                                  
Күнім жоқ жиынсыз, - 
деуі осының куәсіндей.   
        
Кадет  (конститутционная  демократия  деген  тіркестен  қысқа  түрі)  – 
монархияға  қарсы  құбылыс.  Ол  халықтың  бостандығы,  жеке  адамның 
азаттығы  сияқты  құндылықтарды  алдыға  қойды.  Яғни  Батыс  Европаның 
саяси  партияларының  үлгісін  ұстанған  партия  болды.  Шәкәрім  «бос  тілек 
сыйымсыз» деуімен бұл партия қазаққа оңай бақ әкеледі деп сене алмағанын 
да аңдатқан. Әйтсе де, кадеттің құрылуы із-түзсіз өткен жоқ, келешек қазақ 
партиясы «Алаштың» іргетасы осы жылдарда қалана бастағаны ақиқат. 

 
111 
       
Әлекең  үстіде  Кәкітай  қазасына  арнаған  сөзінде  Шәкәрімді  «шыншыл» 
деп мінездейді. Бұл жоғары баға бізге өлеңдерінде халқына жанашыр, әділ, 
шыншыл ақын саяси істерде де қалпынан аумағанын жеткізсе керек. 
        
Енді қос арыстың шығармашылық қарым-қатынасына келейік. 
        
Әлекең  1913  жылы  «Қазақ»  газетінің  12-ші  санына  Шәкәрімнің  1911 
жылы  жарық  көрген  «Түрік,  қырғыз-қазақ  һәм  хандар  шежіресі»  атты 
кітабына пікір білдіріп, мақала жазады. Осы мақалаға орай «Қазақтың» 1914 
жылғы  61-ші  санында  Шәкәрімнің  мынадай  қысқа  лебізі  жарияланған: 
«…Шежіремді  бағасынан  артық  мақтағаныңызға  қуанбасам  да,  қазақты 
шежіре оқуға қызықтырғаныңызға Тәңірі жарылқасын». 
       
Білімі  кемел  Әлекең  қазаққа  тезірек  әдеби  сынды  қалыптастыру  қажет 
деп санаған. Қазақ әдебиеті тезірек ширап, бауыры жазыла көсілуі үшін. Өзі 
де осы мақсатпен қолына қалам алады. Мәселен, 1915 жылы «Қара қыпшақ  
Қобыланды» атты жеті тарауға бөлінген, жырдың тарихы, көркемдігі туралы 
сын мақаласында Шәкәрімге көп сілтеме жасап, оның шежіресін басшылыққа 
алады.         
        
Келтірілген  деректерден  Абай  мұрасының  жанашыры  Ә.Бөкейханов 
ниеттес досы Шәкәрім мұрасын да алғаш танушы әрі насихаттаушы адамның 
бірі болғанын аңдаймыз. Яғни екі тұлғаның жақын жанасуына саяси істермен 
қоса, қазақ тарихы мен әдебиетінің мәселелері себепші деп білсек дұрыстық. 
        
Сонымен,  бір  жағынан  туған  халқына  деген  сүйіспеншілік,  екінші 
жағынан  Абайдың  асыл  мұрасы  табыстырған  төртеудің  достығы  –  таза 
көңілдің  достығы  болды.  «Балапан  басына,  тұрымтай  тұсына»  болған  қилы 
заманда  да  артқыға  үлгі  етерлік,  риясыз  таза  көңілден  туған  шынайы 
достықтар болғанын бүгінгі жастардың біле жүргені абзал деген ойдамыз. 
 
х     х      х 
     
«Қазақ  халқының  арасында,  -  деп  жазады  Ә.Бөкейханов  1910  жылы 
жарияланған  «Қазақтар»  атты  әйгілі  мақаласында,  -  саяси  партиялар  әлі 
пайда  бола  қойған  жоқ.  …Қазақ  халқы  да  үкіметке  қарсы  пікірде  және 
орыстың  оппозициялық  партияларына  көңіл  қояды.  Жақын  болашақта 
қазақтар арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай, екі саяси 
партия құрылуы мүмкін. Бірінші бағыт – мұсылман татар партияларын үлгі 
тұтар,  екіншісі  –  оппозициядағы  орыс  партияларын,  атап  айтқанда,  халық 
бостандығы партиясын үлгі етпек».   
      
Міне,  Әлекең  кадет  партиясының  қазаққа  не  үшін  керек  болғанын 
соқырға таяқ ұстатқандай қылып айтқан. Мәселе сонда, екінші бағытты үлгі 
еткен  (халық  бостандығын,  яғни  ұлттық  мемлекетті  көксеген)  қазақтың 
тұңғыш саяси партиясы «Алаштың» іргетасы дәл осы 1905-06 жылдар алғаш 
қалана  бастаған-ды.  Сондықтан  «Жас  өтті  тынымсыз»  деген  өлеңінде 
Шәкәрімнің «Қазақ та қажытты, күнім жоқ жиынсыз» деуінде бүгулі сырлар 
баршылық.  
        
Мәселен,  қазақ  кадет  партиясының  мүшелері    «Фикер»  («Пікір») 
газетінде  өз  бағдарламаларын  жариялады.  Онда  қамтылған  басты  ұлт 
мәселелері:  Орыстардың  көшіп  келуін  тежеу.  Жердің  қазақтікі  екенін 

 
112 
дәлелдеу.  Кедей  жұмысшылардың  құқын  қорғау.  Қазақ  балалары  үшін 
мектеп, медресе, университеттер ашу.  
        
Келтірілген  дерек-дәйектерден  1905-06  жылғы  аласапыранда  қажының 
қызмет  аясы  тек  шығармашылықпен,  сондай-ақ,  араағайындық  дауларды 
жайғаумен  шектелмей,  келешек  Алаш  автономиясының  төрағасы 
Ә.Бөкейхановпен  бірге  саясат  жолына  түсіп,  оның  да  «дәмін»  татқанын 
көреміз.  Қалай  болғанда  да,  ғұламаның  жалпықазақтық  саяси-әлеуметтік 
істерге  араласып,  қоғамдық  істерге  бірталай  уақытын  сарп  еткені  сөзсіз. 
Болашақ  «Алаш»  партиясының  ірге  тастары  осы  кезде  қаланғандықтан 
Шәкерімнің саяси науқанға араласуы ізсіз өтті, ал жұмсаған қымбат уақыты 
зая кетті деуге қиын. 
 
 

1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал