Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)



жүктеу 5.01 Kb.

бет11/29
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
түріӨмірбаяны
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29

 
Ұлт тарихын шерткен “Шежіренің” аяқталуы 
      
Жоғарыда  профессор  М.Мырзахметұлы  айтқан  ұзақ  уақыт  жиналған 
тарихи  материалдарды  сұрыптау  мен  жүйелеу  Абайдың  көзі  тірісінде 
негізінен аяқталды деген пікірді келтірдік. Осы пайымға Қ.Мұхаметханов та 
келіп,  “Шаһкәрім”  атты  мақаласынанда  былай  деп  жазады:  “Шаһкәрім  он 
тоғыз жасынан бастап, қазақ шежіресін жазу жұмысына кірісіп, Абайдың көзі 
тірісінде негізінен аяқтап, Абай қайтыс болған соң, баспаға әзірлеп, “Түрік, 
қырғыз,  қазақ  һәм  хандар  шежіресі”  деген  атпен  1911  жылы  Орынборда  өз 
қаражатымен  бір  мың  дана  кітап  бастырып  шығарған”  (Шәкерімтану 
мәселелері // Шаһкәрім. –Семей-Новосибирск, 2006. –66 б.). 
        
Бірақ екі ғалым да Шәкерім “Шежіресі” тарауларының қайсы қажылық 
сапарына дейін, ал қайсы одан соң жазылған деген мәселеге бармаған.  

 
98 
       
Біздің төмендегі міндет – осы мәселені тексеру. Зерттеушінің қаруы екеу: 
бірі - өзге тілдерді білу, бірі - ғылыми кітапхана десек, Шәкерімнің бес тілді 
(араб,  фарсы,  шағатай,  түрік,  орыс)  жетік  білгені  мәлім.  Ендеше    сөзді 
Шәкерімнің ғылымдық кітапханасы деген тақырыптан бастасақ дұрыс. 
      
Шәкәрім  қажы  өзі  пайдаланған  басты-басты  кітаптарды  “Шежіренің” 
кіріспесінде былайша атап өтеді: “Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы – 
ат-Табаридің “Тарих ғұмұми”, “Тарих ән-шар әл-ислам”, Нажиб Ғасымбектің 
“Түрік тарихы”, “Тарих Ғұсмани”, Әбілғазы Баһадүр жазған “Шежіре түрік” 
және  орысша  кітаптан  оқығаным  -  Радловтың  ұйғыр  туралы,  Аристовтың 
түрік  нәсілі  туралы,  сондай-ақ,  орысшаға  көшірілген  түріктің  ең  ескі 
замандағы  кітаптары  –  Құтадғу  білік,  Қоша-цайдам  және  қытайдың  Юан-
шау-Ми-ши  деген  жазушының  сөзі  және  араб-парсы,  рум-европа 
жазушыларының  сөзі”.  Бұл  арада  “Құтадғу  білік”  –  11  ғасырдың  ғұламасы 
Жүсіп Баласағұнның дастаны екені белгілі, ал “Қоша-цайдам” деген түріктің 
ескі сөзі деп, Шәкерім 6-8 ғасырлар көзі Орхон-Енисей жазбаларын айтқан. 
       
Міне,  автор  басты  қайнар  көздерді  атап  қана  қоймай,  оларды 
мұсылманша, орысша және орысшаға көшірілген деп үшке жіктеп те береді.  
      
Ендеше “Шежіре” кітаптың тараулары қай уақытта қағаз бетіне түскенін 
бажайлауға  осы  үш  дерек  көздерінің  септігі  тиері  сөзсіз.  Яғни  “Әрбір  жеке 
тараудың  жазылған  уақыты  қайсы?”  деген  сұраққа  тарихшы  пайдаланған 
кітаптар арқылы жауап беру тәсілін қолданбақпыз.  
     
Әуелі  автор  “орысша”  және  “орысшадан  көшірілген”  деген  дерек 
көздеріне  келейік.  Шәкерім  “Радловтың  ұйғыр  туралы  кітабы”  деп  1893 
жылы  Петерборда  басылып  шыққан  “К  вопросу  об  уйгурах”  деген  кітапты 
атап  отыр.  Радловтың  түрік  тайпалары  туралы  кітабының  ХХ  ғасырдың 
басында  Қазақстан  қалалары  кітапханаларына  жетуі  кім  кімді  де  таң 
қалдырмаса керек. Ал, Аристовтың еңбегін ақын қайдан тауып оқыған?   
      
Орыстың  шығыстанушы  ғалымы,  тарихшы,  этнограф  Н.А.  Аристовтың 
(1847 ж. туған  - өлген жылы белгiсiз)  “Түркi тайпа-ұлыстарының этникалық 
құрамы  мен  саны  туралы  мағлұматтар”  деген    басты  еңбегi  Петербор 
қаласында  шығатын  “Живая  старина”  журналы  бетінде  1894-96  жылдары 
басылған екен. Ендеше бұл журналды тарихшы қай жерден тапқан? 
       
Тарих  ғылымына  ындын  қойған  шағында,  1903  жылы  ғұламаның 
Географиялық  қоғамға  мүше  болып  кіргенін  жоғарыда  айттық.  Демек,  
Радлов,  Аристов,  т.б.  орыс  тарихшыларының  еңбектерін  осы  қоғам 
кітапханасында отырып парақтағаны көкейге қонымды қисын. 
       
Кілтипан сонда, “Шежіре басы”, “Қазақтың қайдан шыққаны” және “Үш 
жүздің шежіресі” деген негізгі үш тарауды да “Аристов былай дейді” деген 
сілтемелер  көктей  өтеді.  Дәлдісінде  осы  тарихшыға  жиырма  рет  (!)  сілтеме 
жасалған.  Салыстырыңыз:  Табаридің,  Ғасымбектің,  Әбілғазы  баһадүрдің 
және  Радловтың  кітаптарына  сілтеме  шежіреде  әрісі  5-6  реттен  ғана 
кездеседі.  Демек,  шежіреші  үнемі  қол  артқан  басты  қайнар  –  “Живая 
старина” бетінде жарияланған Аристовтың зерттеуі десек қате емес. 
     
Сөйтіп,  дерек  көздері  бойынша  да  “Шежіренің”  аталған  үш  тарауының 
материалдары 1903-04 жылдары жүйеге салынғаны байқалады. 

 
99 
     
Енді  “Шежіренің”  келесі  “Хан  шежіресі”  мен  “Шыңғыс  хан  шежіресі” 
деген қос тарауына келейік. Тақырыбы, мазмұны ортақ бұл екі тараудың өз 
желісін Әбілғазы баһадүр хан (1613-1663) жазған “Шежіре түрік” кітабынан 
тартатыны  белгілі.  Оларды  Әбілғазы  дерегі    бойынша  жазғанын  “Әбілғазы 
ханның сөзінше айтамын” деуімен зерттеушінің өзі де жасырмайды.  
       
Әбілғазы баһадүрдің “Шежіре түрік” кітабы патшалық Ресейде бірнеше 
рет  орысша  да,  түрікше  де  басылған  екен  (Айта  кетелік,  Абайдың  өз 
еңбегінде  Әбілғазы  баһадүрдің  “Шежіре  түрік”  кітабымен  таныс  болғаны 
байқалады  дейді  мамандар).    Сондықтан  Шәкәрімге  Әбілғазының  кітабын 
қолға түсіру қиынға соқпаса керек.  
       
Енді  “Шежіренің”  Мекке  сапарынан  соң  ғана  толықтай  біткеніне 
нақтылы дәлел-дәйектердің бірі - өзі атаған мұсылманша кітаптарға келейік.  
       
Шежіреші бұл тізімге бірінші ғып қойған ат-Табари - “ислам тарихының 
атасы”  аталған  бүкіл  мұсылман  әлеміне  әйгілі  тарихшы  ғалым.  Оның 
көптомдық  еңбектері  ішінде  жоғарыда  аталған  “Тарих  ғұмұми”  (“Әлем 
тарихы”)  мен  “Тарих  ән-шар  әл-ислам”  (“Күллі  ислам  тарихы”)  басты 
шығармалары  есепті.  Шәкәрім    “Шежіре  басы”  деген  алғашқы  тарауды 
Табаридің дерегімен ашып, барша халықтар нәсілінің таралу, жіктелу жайын 
Табари өзінің “Тарих ғұмұми” деген кітабында көрсеткен дейді. Шәкерім бұл 
тарихшыны түпнұсқадан, бәлкім, түрікшеден оқыған болар.  
      
Мәселе сонда, ат-Табаридің, сондай-ақ, тағы бір әйгілі тарихшы  Нәжиб 
Ғасымбектің  кітаптары  Ресей  мемлекетінде  жарық  көрмеген  екен.  Олай 
болса, осынау сирек басылымдар: ат-Табаридің  “Тарих ғұмұми”, “Тарих ән-
шар  әл-ісләм”  атты  кітаптары  мен  Ғасымбектің  “Түрік  тарихы  ”  кітабы 
Шәкәрімнің уысына қайдан түсті? Әрине, Мекке сапарынан деуге керек.  
     
Сондай-ақ,  “Шежіре  басы”  тарауында  автор  Стамболдағы  “Ая-София” 
мешітінде  сақталған  “Араб-Жахыз”  кітабынан  мынадай  деректі  келтіреді: 
“Арабтар дұшпанын талқандағанда кітаптың қағазын аударғаннан оңай быт-
шыт қылады деген”. Осы бір ауыз сөздің Мекке сапарынан соң қағаз бетіне 
түскені күмән тудырмаса керек.  
     
Және бір жанама дәлел – кітаптың “Орта жүздегі арғынның рулары” атты 
тарауы  соңында  Шәкәрім  атасы  Құнанбай  қажы,  ағасы  Абай  жайында 
мағлұмат  береді.  Мұндай  қосымшалардың  кейініректе,  кітапты  баспаға 
әзірлеу кезінде  тыңнан қосылғаны өз-өзінен түсінікті. Сондай-ақ, “Шежіре” 
кітабы соңындағы Стамболдағы, Парсыдағы және Закавказдағы түрік нәсілі 
жайлы материалдар да қағаз бетіне қажылық сапардан кейін түскен, сірә.   
     
Сонымен,  Шәкерім  қазақ  шежіресінің  алғашқы  қолжазба  нұсқасын 
Абайдың  көзі  тірісінде  даярлаған  деген  ғалымдардың  пікіріне  қосыла 
отырып, ал “Шежіренің” толықтай біткені - 1908-09 жылдар деп тұжырамыз. 
      
Неге  десеңіз,  бұл  демократ  ақынның  қазақ  ой-санасына  сілкініс  әкеп, 
ойдағыдай  ықпал  ету  мақсатында  өз  шығармаларын  баспа  арқылы  тарату 
керек деген шешімді қабылдаған кезітұғын. 
       
Өзі туралы қара сөзінде: “Елу жасқа тақаған соң, оңашада жатып, басқа 
келген ойлардың барлығын қағазға түсіріп кеттім”, - дегеніндей, қажы 1907-
09  жылдары  тынбай  еңбектенген.  Осы  кезде  бұрыннан  бар  көп 

 
100 
шығармаларын қайта қарап, баспаға әзірлеген десек, соның бірі – “Шежіре” 
кітабының қолжазбасы. “Мақсұт” өлеңіндегі: 
                                   
Бітірдім түрік, қазақ шежіресін, 
                                   
Болса да кемшілікті, қисық-бүкір, - 
деген  жолдар  иығынан  бір  жүкті  алып,  жеңілейген  жайын  сездіретіндей. 
Яғни  санаткер  Шәкерім    ағасы  Абайға  және  халқына  берген  сертінің  бірін 
абыроймен орындап шығады (Кітапты өз қаражатына шығаруы да содан).  
      
Сонымен,  Шәкерімнің  сүбелі  еңбектері  ішінде  алғаш  жарық  көргені  - 
“Түрiк,  қырғыз-қазақ  һәм  хандар  шежiресi”.  Кітап  1911  жылы  баспадан 
шыққанда  жұрт  талап  алған  екен.  Мұның  себебі,  қазақтың  түбі  қайдан 
шыққаны тұңғыш ғылыми дәлелді түрде баяндалып, осыған дейін тек ауызша 
айтылып  келген  шежірелер  алғаш  рет  бір  жүйеге  түсірілді.  Сондай-ақ, 
көшпенділер  тарихы  алғаш  рет  көшпенді  қазақтың  өз  көзқарасымен 
жазылды. Бірақ ең басты нәтиже бұлар да емес, ұлт тарихының ру-тайпалық 
деңгейден исі қазақтық және жалпы түркілік дәрежеге көтерілуі, сірә.  
      
Мысалға  орыс  ұлтының  тарихында  Карамзин,  Ключевский,  Соловьевтің 
еңбектері  қандай  орынды  иеленсе,  қазақ  тарихында  Шәкерім  “Шежіресі” 
сондай  төрдегі  орынды  иеленді.  Олай  болатыны,  ол  ой-санамыздағы  бір 
үлкен олқылықтың орнын дер кезінде толтырған еңбек болды. Алаш көсемі 
Әлихан  Бөкейханов  1913  жылдың  сәуірінде  “Қазақ”  газеті  бетінде  жарық 
көрген  оқшау  сөзі  –  рецензиясында:  “Енді  мұнан  былай  қазақ  шежіресін 
жазбақ болған кісі, Шаһкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа” деуімен бұл 
еңбекке  сол  кездің  өзінде-ақ  жоғары  бағасын  берген  еді.  Осы  пікірдің 
әділдігіне  бүгінгі  күні  де  көзіміз  жетіп  отыр  және,  келер  болашақта  да 
“Шежіренің” құны әсте төмендемек емес.   
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
101 
 
У.  ЖАС ӨТТІ ТЫНЫМСЫЗ… 
  
      
Әлқисса. Бұғалық салынбай бұла өскен бозбала шағы көрген түстей боп 
артта  қалған  алпыстың  өрінде  ақын  сол  бір  қамсыз,  бақытты  күндерін  
былайша есіне алады: 
                                     
Қайран 
                                     
Қайғысыз, қамсыз күндерім, 
                                     
Сайран, 
                                     
Сауықты рақат түндерім, 
                                                      
Сендерден не пайда? 
      
Ал,  «Үш  -  ақ  түрлі  өмір  бар:  бәрі  де  –  мас»  деп  басталатын  өлеңінде 
философ  Шәкерім:  «Өмірдің  басы  –  бала,  ортасы  -  адам,  Қартайып,  шал 
болған  соң  кетті  шамаң»  деп  адам  өмірін  үш  кезеңге  бөледі.  Өмірдің 
ортасына тән ортақ заңды: 
                                    
Ең керекті дегенің – ортаншы өмір, 
                                    
Түгел қолың жетпейтін бір жанталас, - 
деп кестелейді. 
      
Ең керекті - ортаншы өмірдің бірөңкей жанталаспен өтуіне «кінәлі» не? 
Ол  құмарлық.  Шамасы  1910-11  жылы  жазылған  «Махаббат  пен  құмарлық» 
деген өлеңінде: 
                                       
Шын құмар шымырлатпай қоймас сірә, 
                                       
Әр жерге соқтықтырар аққан сеңдей, - 
дейді ойшыл. Әйтсе де ақын еш құмарсыз, сопыға ұқсап  қалудан аулақ: 
                                        
Әрине, бір құмарсыз өмір қараң, 
                                        
Ондай жанның тұра алмас оты сөнбей. 
      
Құмарлық  -  кез  келген  пенденің  ортақ  сыры  болғанда,  қажының  өзінің 
ортаншы өмірі қалай өтті деген сұрақ туады. Иә, ойшыл да ет пен сүйектен 
жаралған  адам  баласы.  Оның  санасын  қандай  құмарлар  жаулаған  екен? 
Мұның жауабын Шәкерімнің өзі береді.  Ол аталмыш жырдың соңында жеке 
басын мысалға алып былайша ақтарылады: 
                                        
Ой құмар, өлең құмар, малға құмар, - 
                                        
Бұл үш құмар қоя ма мені көмбей? 
       
55 жасқа дейінгі Шәкерімнің өмір философиясы, міне осыған саяды.  
       
Төменде  1905-12  жылдар  арасындағы  ақынның  өмір  тарихын  осы  «үш 
құмар» бойынша да тексермекпіз. Ал, әуелі ақынның туыстық айналасы мен 
өмірінің әлеуметтік жақтарына көз қиығын салайық. 
                                      
Күнім жоқ жиынсыз… 
       
Шәкәрім Мекке сапарынан оралған кездері Ресей империясындағы саяси 
шиеленістер өздерінің шырқау шегіне жеткен болатын. Сондықтан қажының 
саясиқоғамдық істердің иіріміне тартылуы таң қалдырмайды. Бірақ алдымен 
Ырғызбай ортасына көз салып, ондағы хәлге тоқталайық.     
        
Ұлы  Абайдың  алаш  асқан  абыройы  мен  атақ-даңқы  мұқым  Тобықтыға 
сәулесін  түсіріп,  әсіресе,  Ырғызбай  руының  шашбауын  көтерген  еді. 

 
102 
Сондықтан Абайдың қайтыс болуы исі Ырғызбайдың шаңырағын шайқалтты 
десек шындықтан шығандап кетпейміз. Орны толмас қазадан соң Құнанбай 
балалары  арасында  да  түрлі  келісе  алмаушылық,  өсек-аяңдар  орын  алды, 
соның бірі мынадай. 
      
Абай  баласы  Турағұл  Ділдәнің  бауырында  өссе  де,  тоқалы  Әйгерімнен 
туған оған қазақтың салты бойынша еселі еншi тимеген  екен. “Ендігі Абай 
артында  қалған  бала-шағасының  бас  көтерер  үлкені  Турағұл  бұрын  өзінің 
туған  шешесі  Әйгерімнің  азғана  дәулетіне  ие  болып,  Абай  мен  Мағауия 
ауылдарына келіп-кетіп қонақ ретінде ғана жүретін еді, - деп жазады Әрхам 
Ысқақов,  -  енді  Абай  өлген  жылғы  сайлауда  Турағұлды  ағайын-туғандары 
Абайдың  мирасқоры  деп  болыс  қойды.  Кеңсесін,  тілмәшін  Жидебайдағы 
Абайдың ауылына орналастырды”. 
     
Болыстық  тізгіні  қолына  тигеннен  кейін,  жаңа  айтылғандай,  бұрындары 
Шыңғыстан,  не  болмаса  Жидебай  маңайынан  қоныс  ала  алмаған  Турағұл 
Жидебайдың  солтүстігінде  екі  шақырым  Барақ  деген  жерден  (бұрынғы 
Оспанның  әйелі  Торымбаланың  қыстауы)  жер  кестіріп  алады.  Бұл  да, 
биліктің Турағұл қолына өтуі де, күншілдік шіркін қалған ба,  кейбір ағайын-
туыстың бақталастығы мен көреалмаушылығын туғызған.  
     
1906  жылдың  күзінде  Турағұл  мен  Әубәкір  арасында  өткен  қақтығыс 
осының  бір  мысалы.  Жидебайдағы  үлкен  үйді  Оспан  мен  Еркежанның 
қолында  өскен  Ақылбай  баласы  Әубәкір  (1881-1934)  еншілеген  еді. 
Турағұлдың Жидебайға таяу жерден өзіне үй салдырғанын басынғандық деп 
ұққан ол, сол жылы Турағұл шапқызған алты-жеті мая пішенді өз қорасына 
тасытып  алады.  Турағұл  амалсыздан:  “Шөбімді  әперсін,  жер  бөлігімізді 
анықтап берсін”, - деп Шәкерімге кісі жібереді. 
      
Әубәкір үлкен үй менікі, маған түседі ғой деп күтсе керек. Бірақ, Шәкәрім 
Турағұл  ауылына  ат  басын  бұрғанын  көріп,  бір  жайдақ  биеге  міне  салып 
Шәкәрімге жетіп: 
                                   
Ассалау-мағалейкум, қажы-биім, 
                                   
Бәріңнің өсіп шыққан үлкен үйің. 
                                   
Әуелі малды бөліп, жерге келдің
                                   
Осы ма, аруаққа тартқан сыйың?, - 
деп сәлемдескен екен.   
       
Сөздің қысқасы, “дос бар, дұшпан бар” демекшi, кешегі дәуiрлеген “жуан 
ауыл”,  дұрысы,  “үлкен  ауыл”  сырт  елге  ендi  “бiткен  ауылға”  айнала 
бастағандай  көрінеді.  Құнанбайдан  тараған  он  арыс  ағайынның  береке-
базары  тарқай  бастаған  осы  тұста  малды,  жерді  бөлуге  қатысты  үлкенді-
кішілі даулы түйіндерді жайғаудың, билік құрып шешудің жүгі, әлбетте, әрі 
қажы, әрі би Шәкерімнің иығына көп түседі. 
      
Осыған  көршілес  ауыл-аймақтың  дауларын  қосыңыз.  Бәрі  де,  айналып 
келгенде,  бітпейтін  “күнде  жиын”  сияқтанған.  Өзінің  жақын  көршілері   
жайында “Жиырма үй менің көршім – Қарабатыр” деп басталатын өлеңінде 
ақын былай дейді: 
                                  
Бәкеме қажы екен бөліп берген, 
                                  
Біледі мұны анық көзі көрген. 

 
103 
                                  
Бәкем өліп қалған соң жастайынан, 
                                  
Әнет пен Қарабатыр маған ерген.   
      
Бұл жерде Бәкем - өз әкесі Құдайберді, қажы - атасы Құнанбай. Аталған 
екі  ата  (алпыс  үй  Әнет  пен  жиырма  үй  Қарабатыр)  Ырғызбай  ішіндегі 
тобықты  рулары.    Осы  таптардан  Шәкерім  қиын-қыстауда  өзіне  жанашыр 
ағайынды да, нағыз адал дос-жаранды да мол табады. Олардың ішінен екі-үш 
жанды атап айтсақ әділеттілік.  
      
Бірі – қарабатыр Өтегелді (Өтеш). Өтеш те, елсіздегі серігі Әупіш сияқты, 
жасынан  Шәкерімнің  адал  жолдасы  болған.  “Абай  жолы”  романының 
“Өкініште” тарауындағы сегіз қырлы (әнші, домбырашы, дойбышы, құсбегі, 
мерген) өнерпаз, сондай-ақ Әбіш пен Мағрипа арасында әзілкеш “кәрі жеңге” 
болып,  ойын-сауықты  басқаратын  епті  жігіт  осы  Өтеш.  “1932  жылы  дүние 
салар алдында, - деп жазады Ахат ақсақал, - Жаңасемейде Өтекелдіге ақырғы 
рет жолықтым. Әкейдің әрбір ісін айтып, көп жылағаны әлі есімде. Мен 1932 
жылы 14 мартта көрдім. Ертеңінде мен поезбен кеткем. 15 мартта Өтеш қарт 
қайтыс  болыпты”.    Бір  қызығы,  ойын-думанның  көркі  Өтеш  М.  Әуезов 
бастатқан оқыған  жастардың да қимас досы болған. Жастар оны “Кәрі Қара” 
деп еркелеткен екен.      
     
Жасынан  адал  досының  бірі  -  әнет  Әнияр  Молдабаев.  Оның  Семейдегі 
үлкен  үйі  Абай  мен  Шәкерімнің  қысы-жазы  еркін  түсіп,  өз  үйіндей 
жайғасатын  бірден-бір  шаңырақ  болғаны  мәлім.  Сапарғали  Әниярұлы 
Молдабаевтың  естелігі  бойынша  Әнияр  1892  жылдан  Семей  қаласындағы 
Банк  мекемесінде  аудармашы  (тілмаш)  боп  қызмет  істеген.  1893  жылы 
мамыр  айында  демалыс  алып,  Абай  ауылына  барады.  Осы  жылы  Абайдың 
және  Мағауия,  Кәкітай,  Шәкәрімнің    көмегімен  Семейдегі  Татар 
слободкасында  көпес  Москвиннің  екі  қабатты  үйін  сатып  алады.  Бұл  үйде 
Абайдың  арнайы  бөлмесі  болған.  Кейініректе  Шәкәрім  қырдан  қалаға 
келгенде осы үйге түсіп жүрген. Қазір бұл үй Абай мұражайының меншігі.  
      
Тағы бір адал досы - әнет Керімқұл. Бұл ақсақал адам туралы тебіренбей 
жазу  мүмкін  емес.  Елсіз  қорада  тұрған  1925-31  жылдары  Шәкәрім 
Бақанастағы  осы  шаңыраққа  ат  басын  жиі  тіреген.  Шашын  алдырып, 
моншаға  түсіп,  көйлек-көншегін  жудыртып  отырған.  Керімқұл  жарықтық 
өлер алдында баласы Қабышқа “мені 1931 жылы ГПУ тыңшылары қолынан 
мерт  болған  қажының      сүйегі  жатқан  құрқұдықтың  қасына  жерлеңдер,  бір 
белгі  болсын”  деп  аманаттаған,  білем.  Айтқанындай,  бәйбішесі  екеуіне 
топырақ сол арадан бұйырған ғой. Ғажап емес пе. Неткен адалдық десеңізші! 
        
Осы  ретте  Шәкәрімнің  өз  туысы  ырғызбай  Әбдіғали  (Әбдеш) 
Аллажарұлын  атап  өтудің  жөні  бар.  Бұл  кісіні  ел  «Шәкәрімнің  әншісі»  деп 
атаған.  Әбдеш  момын,  адал  әрі  бойы  кең  адам  болса  керек.  «Екі  ырғызбай 
төбелессе Әбдіғалидің бір немесе бірнеше малы шығын болады деген мәтел 
болған,  -  деп  жазады  Ниязбек  Әбдіғали  баласы.  –  Олары  рас  еді:  дәйім 
төбелескен, ұрысқан ырғызбайдың ұрпақтары біздің үйге келіп бітісетін». 
       
Әзірге  осы  аталған  адамдармен  шектелсек  те,  олар  Шәкерімге  деген 
халықтың  керемет  құрметі  пен  шын  ілтипаттының  куәсі  есепті.  Және,  осы 

 
104 
абырой жақсы атадан қалған мирас емес. Қажы өзіне ерген жаңағы Әнет пен 
Қарабатыр руларына дәйім арашашы болып, олардың дауларына көп түскен.   
                                    
Көп түстім мен олардың дауларына, 
                                    
Нахақтан бергенім жоқ жауларына. 
                                    
Берекесі кетпеген нашар елді 
                                    
Түсірмедім қулардың ауларына, - 
дейді ақын. 
      
Ағайын  арасындағы  дау  мен  басты  таластар  әуелден  жер  бөлігіне 
тірелетін-ді.  Мысалы,  енші  алғанда  Құнанбайдың  тоқалы  Айғыздан  туған 
кенжесі Смағұл өзіне тәуір қыстау бөлінбегеніне өкпелеп ұзақ жылдар қиыр 
жайлап кеткен екен. Сонда Абайдың інісіне арнаған бір шумақ өлеңі: 
                                
Тау жебелеп жортады көк бөрілер, 
                                 
О - дағы ат артына бөктерілер. 
                                
Қиыр жайлап шет қонған ағайының, 
                                
Талай жанның көзіне жек көрінер.   
      
“Жер өспейді, ел өседі” деген сөз заманында Кеңгірбай, Құнанбайлардан 
қалған  деседі.  Расы,  жердің  тарлығын  әр  жаңа  буын  сезініп  отырған. 
Қасқырдың  бөлтірігіндей  артқы  толқын,  яғни  немере-шөбелер,  аталары 
Құнанбай аға сұлтан болған кезінде өзі бөліп берген жерден әлсіз аталарды 
ығыстырып  бағады.  Айталық,  олардан  қарабатыр  Сеңгірбай,  Серікбай, 
Жүнісбай ұрпақтары “тізе” көрген көрінеді.    
       
Құр  сөз  болмауы  үшін  Ахаттың  естелігінен  шамасы  1912  жылдың 
жазында өткен мына бір мәжілісті мысалға алайық. Шәкерім жерге қатысты 
дау-дамайды  естіп-біліп  жүреді.  Сондықтан  Кәкітай,  Ахметбек,  Турағұл, 
Әзімбай  баласы  Шөпіш,  өзінің  інісі  Ырзықбай  бастатқан  бар  туыстарды 
жинап, әлгі көршілерді сылтауын тауып, жерден, қыстаудан қағу әділетсіздік 
екенін  беттеріне  басқан.  Ұзақ  ырғасқан  таластан  соң  Шөпіш  (Әзімбай 
баласы):  “Сіз  маған  қадаласыз,  олардың  жерін  алып,  қыстауларынан 
көшірген  жалғыз  мен  емес  қой?”,  -  деді.    Әкей:  “Жалғыз  сен  емес,  осыны 
барлығыңа айтып отырмын. Беттеріңді байқадым. Шақырған жұмысым бітті. 
Қайта  беріңдер!”  –  дегеннен  басқа  түк  айтпай,  жазуына  кірісті.  Әупіш 
столдағы  тегене,  тостаған,  дастарқанды  жинады.  Келгендер  теріс  шығып, 
Кәкітай отырып қалды”.    
       
Әр  жылдары  болып  тұрған  ағайын  арасындағы  келісе  алмаушылықтың 
сызы жаңағы “Жиырма үй менің көршім..” өлеңінен де сезіледі. Онда көрші 
момын елдер жайлы: 
                                      
Олар да шықпап еді ақылымнан, 
                                      
Қалмаған жанын аяп мақұлымнан, - 
дей келе, Шәкәрім өзінің кейбір туысы туралы: 
                                      
Әділетсіз ісіне шыдай алмай, 
                                      
Араздасып айрылдым жақынымнан, - 
деп турасын айтады. 
     
Сөйтіп,  жиырма  үй  Қарабатыр  мен  алпыс  үй  Әнет,  тағы  басқа  кедей 
ауылдар  жуандардан  және  “тізгінді  қолдан  алған”  іні-бауырдан  зорлық  пен 
тізені    көргенде  әділдікті,  ақ-қараны  айырар,  тентек  пен  теліні  қайырар 

 
105 
адамды  іздеген.  Сонда  тапқаны,  сүйенгені  –  Шәкерім  қажы  болған.  Себебі, 
бұл лауазымды ұлықтан гөрі абыройлы кісі алдына көбірек жүгінетін қазақ 
салты  әлі  де  қала  қоймаған  кез  еді.  Ақынның  жарлы-жақыбайлардың 
дауларына көп түскенін келесі жолдар бекіте түседі: 
                                   
Зорлық көрген момындар күнде келіп, 
                                   
Жаздырмай жазуымды көңіл бөліп.  
      
Қорыта  айтқанда,  ел  ішіндегі  мазасыз  жайлар  айдан  ай,  жылдан  жыл   
көбеймесе  азайған  жоқ.  Тек  жазуына  ғана  көңіл  бөліп,  таза  ақылмен  ой 
қорытып отыру үшін жалғызілікті өмір керектігіне қажының көзі уақыт озған 
сайын жете түседі.   
 
 
 

1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал