Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі



жүктеу 2.87 Kb.
Pdf просмотр
бет1/9
Дата17.02.2017
өлшемі2.87 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9

 №3 (48) 2016. Ғылыми және әдеби-көркем журнал
МЕНШІК ИЕСІ:
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 
Ғылым комитеті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер 
институты 
РЕДАКЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС:
Қалижанов  У. 
–  төраға,  бас  редактор,  филол.ғ.д.,  ҰҒА 
корреспондент мүшесі
Ақыш Н. – бас редактордың бірінші орынбасары, филол.ғ.д.
Ананьева С. – бас редактордың орынбасары, филол.ғ.к., доцент
Ахетов  А.  –  М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет    және  өнер  
институтының  аға сарапшысы
Әбдезұлы Қ. – филол.ғ.д., профессор
Әбдіғазиев Б. – филол.ғ.д., профессор
Әзібаева Б. – филол.ғ.д., профессор
Әлібекұлы А. – төрағаның орынбасары, филол. ғ.к., доцент
Елеукенов Ш. – филол.ғ.д., профессор
Ерғалиева Р. – өнертану ғ.д., профессор
Жұмасейітова Г. – өнертану ғ.к., доцент
Күзембай  С.  –  өнертану  ғ.д.,  профессор,  ҰҒА  корреспондент 
мүшесі
Қасқабасов С. – ҚР ҰҒА академигі
Қирабаев С. – ҚР ҰҒА академигі
Мамыраев Б. – филол.ғ.д., профессор
Мұқан А. – өнертану ғ.к., доцент
Мұсағұлова Г. – өнертану ғ.к., доцент
Нұрғали Қ. – филол.ғ.д., профессор
Ісімақова А. – филол.ғ.д., профессор
Журнал Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және 
спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінде 2005 
жылдың 24-наурызында тіркелген. 
Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәлік
N 5844-Ж.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР!
Қолдарыңызға  ұстап  отырған  –  ғылыми-көпшілік  және 
әдеби-көркем «Керуен» журналының кезекті саны:
– егер де Сіз тәуелсіз еліміздің әдебиеті мен өнері, фоль-
клоры  мен  рухани  өмірі  жайында  жан-жақты  хабардар 
болғыңыз келсе;
– егер де Сіз ұлтымыздың жан дүниесінің айнасы болып 
табылатын көркем әдебиетіміз жайындағы терең де білікті 
зерттеулерді оқығыңыз келсе;
–  егер  де  сіз  төл  өнеріміздің  әр  саласынан  жазылған 
мазмұнды    мағлұматтарға,  байсалды  талдауларға 
қаныққыңыз келсе;
– егер де Сіз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым 
министрлігіне қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және 
өнер институтының тыныс-тіршілігінен үнемі құлағдар бо-
лып отырғыңыз келсе;
– егер де Сіз өзіңізді төл әдебиетіміз бен өнеріміздің шы-
найы жанашыры деп санасаңыз;
–  бір  ауыз  сөзбен  айтқанда,  бүгінгі  рухани  өміріміздің 
тыныс-тіршілігінен  жан-жақты  хабардар  болғыңыз  келсе, 
онда Сіз...
«Керуен» журналының тұрақты оқырманына айналасыз.
 
Жазылу индексі: 75278
Жазылу бағасы:
2 айға 4 айға 6 айға 8 айға 10 айға  12 айға
Қала үшін
350 
700 
1050 
1400 
1750 
2100 
Ауыл 
үшін
300 
600 
900 
1200 
1500 
1800 
«Керуен» журналына жазылу жыл бойы жүргізіледі. 
Журнал 
«Қазпошта» 
АҚ-ның 
жергілікті 
бөлімшелерінде  жазылуға  болады.  Оған  ешқандай  шек 
қойылмайды.

3
Әдебиеттану
Орда Г.
«ҚАНДЫ ҚАСАП ЖАСАҒАН, ҚАНДЫ ҒАСЫР»  
Қазіргі  қазақ  әдебиетінде  тарихи  тақырыптың  молы-
нан  қаузалып  жатқандығы  белгілі.  Қаламгерлер  біздің 
эрамызға  дейінгі  дәуірлерден  бастап,    ХХ  ғасырдың  та-
рихи  шындықтарына  жан  бітіріп,  ұлттық  әдебиетті 
жаңа  мазмұнмен,  жаңа  кейіпкерлермен  байытуда.  Сон-
дай  тақырыптың  бірі  –  қазақ  халқының  тарихына  қара 
әріппен жазылған ХХ ғасырдың ғана емес, ұлт тарихының 
қасіретіне  айналған  сталиндік  репрессия.  Бұл  тақырып 
алаш азаматтары ресми ақталғаннан бері біршама игерілді. 
Алайда, соңғы жылдары табылып жатқан тарихи құжаттар 
мен  тың  мәліметтер  сол  бір  зобалаң  жылдардың  жанды 
картинасын жасауға түрткі болып жүргені жасырын емес. 
Бұл тақырыптың игерілуі туралы соңғы ширек ғасырдағы 
әдебиеттің  негізгі үш жанрынан көптеп мысалдар келтіруге 
болады.  Бірақ,  ауа  жайылмас  үшін  бір  тақырыпты  әр 
қырынан  толықтырған  екі  ақынның  поэмасы  жөнінде  сөз 
қозғағанды  жөн  санап  отырмыз.  Оның  бірінші  себебі  – 
үстіміздегі  жылы  Алаш  көсемі  Әлиханның  Бөкейханның 
150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталуы болса, 
екінші себебі – қуғын-сүргін құрбандары күні қарсаңында 
бүгініміз  үшін  шейіт  болған  боздақтарымыздың  рухына 
тағзым жасау. Ал, үшінші себебі – Ғалым Жайлыбай, Сәуле 
Досжанова  тәрізді  бір  дәуір  ұрпақтары  ойларының  бір-
бірімен үндесіп жатуы. 
2014 жылы шілдеде ашылған ҚР Ұлттық мұражайының 
экспонаттары қазақ ақындарының бәріне дерлік ой салғаны 
белгілі.  Осы  мұражайдағы  АЛЖИР    тұтқындарының 
ұстанған  заттарының  ішінен  ерекше  көзге  түсетіні  –  Гер-
труда Платайстың естелігі. 1938 жылы Ақмолада ашылған 
әйелдер лагеріне тұтқындардың түкпір-түкпірден әкелінгені 

4
Әдебиеттану     
белгілі. Репрессия құрбандарының сол бір ауыр жылдардан 
біраз мағлұмат беретін естеліктерді олардың кейбірі өзі жаз-
са, енді бірінің айтқандарын қолына қалам ұстағандар жазып 
алған. Осындай бір естелікке жан бітірген өлеңнің жазылу 
тарихы да ерекше. 1938 жылы Бутырская түрмесінен АЛ-
ЖИРГЕ ауыстырылған тұтқынның бірі – Гертруда Платайс. 
1910 жылы Германияда дүниеге келген, ұлты – неміс. 1938 
жылы 5 жылға бас бостандығынан айрылған ол 1946 жылы 
ғана босатылған. АЛЖИР мұаражайының қызметкері айтып 
берген естелік бойынша жазылған өлең «Курт – драгацен-
ный камень» деп аталады. Оны жазған Ақмола облысының 
тұрғыны, тарих пәнінің мұғалімі – Раиса Голубева. 
Бір  күні  тұтқындарды  Жалаңаш  өзеніне  қамыс  шабуға 
алып  келеді.  Оларды  көрген  үлкен  ақсақалдар  мен  бала-
лар тұтқындарды таспен атқылай бастайды. Күзетшілер: – 
Көрдіңдер ме? Сендерді Мәскеуде ғана емес, мұндағы ауыл 
тұрғындары да жек көреді, – деп қарқ-қарқ күледі. Сол кез-
де сүрініп құлаған бір тұтқын әйелдің мұрнына қатықтың, 
сүттің  иісі  келеді.  Мұздың  үстінде  жатып  біреуін  аузына 
салып көрсе, дәмі ауызды үйіреді.  Ұсақ тастардың сүттен 
жасалған тағамның  бір түрі екенін білген ол әлгі тастарды 
еңбектеп жүріп теріп қалтасына салады да кешке казармаға 
алып келеді. Келген соң қазақ әйелдерінен сұраса, шыны-
мен күнге кептірілген қатықтан жасалған құрт екенін біледі. 
Мұражай  қызметкеріне  Гертруда  Платайс  осы  оқиғаны 
көзіне  жас  ала  отырып  айтып  береді.  Осы  естелік  қатты 
әсер  еткендіктен  Раиса  ол  жөнінде  өлең  жазады.  Автор 
тұтқындардың аштан өліп қалмағанына қазақ құртының көп 
септігі тигенін, олардың жергілікті халықтың қамқорлығы 
мен қонақжайлығының арқасында тірі қалғандарын былай-
ша суреттеген:  
Я, немка, молилась мусульманскому богу,
Да ничего не просила себе.

5
Әдебиеттану
Я просила старикам здоровья,
Женщинам-матерям – счастья.
Особенно я молилась за детей,
Чтобы они не видели несчастья.
Я прошла все круги ада,
Потеряла веру и друзей,
Но одно я знаю,
Что только так и надо воспитывать детей.
Басқа  жерлерге  жіберілген  тұтқындарға  қарағанда, 
Қазақстанға жіберілгендерінің көпшілігі аман қалуын олар 
жергілікті  халықтың  қамқорлығынан,  мейірбандығынан 
деп  түсіндіреді.  Қойшылар  қой  баққан  болып  жүріп  бұта 
түбіне  түйіншекпен  бірде  нан,  бірде  ет,  бірде  құрт  тастап 
кетіп  отырған.  Айтуларына  қарағанда  олар  тұтқындарға 
қай  бұтаның  түбіне  тастағандары  туралы  белгі  қоюды  да 
ұмытпаған. 1930 жылдардағы аштықты, одан кейін жаппай 
қудалауды, сталиндік зұлматты көрген қазақтар бұл лагерь-
ге халық жауларының жарлары емес, ұлтын шынайы сүйген 
азаматтардың  аяулылары  тоғытылғанын  білді,  түсінді. 
Сондықтан оларға қолдарынан келгенше қамқорлық жаса-
ды.  Неміс  қызының  бір  түнде  мұсылман  дінін  қабылдап, 
Аллаға құлшылық жасауы, Жаратқаннан жергілікті халыққа 
тілек тілеуі осының жарқын көрінісі болса керек. Мұражай 
қызметкері  Раиса  Жақсыбаеваның  айтуына  қарағанда  бұл 
лагерьдің тұтқындары 1938-1939 жылдары ғана қаза болған. 
Ол: – Тұтқындардың дені қарындаш пен қалам ұстаған ин-
теллигенция өкілдері болғандықтан жер жыртып, қамыс жи-
нап, тракторда ауыр жұмыс істеуге жарамағандықтан қайтыс 
болған, – дейді. Ал тірі қалғандары қазақ деген халықтың 
жомарттығын,  қонақжайлылығын  күні  бүгінге  дейін  өз 
ұрпақтарына  түсіндірумен  келе  жатқанына  жоғарыдағы 
өлең жақсы мысал бола алады. 

6
Әдебиеттану          
Осы оқиғаны және алаш арыстарының тағдыр тауқыметін 
негіз  еткен  шығармалардың  қатарында  Ғ.Жайлыбайдың 
«Қара  орамал»  (2014)  поэма-реквиемін,  С.Досжанның 
«АЛЖИР-дегі  арулар»  (2015)  атты  ақ  өлеңмен  жазылған 
поэмасын  атауға  негіз  бар.  Ақындардың  бұл  тақырыпқа 
бірсыпыра  жаңа  мәліметтер  жинап,  үлкен  дайындықпен 
келгені  мәлім.  Ғ.Жайлыбайдың  Ахмет  Игүнекидің 
«Жамандық  жасасаң  да,  жақсылық  жасасаң  да  жауапсыз 
қалмайды»,  «Андре  Жидтің  «Шындыққа  жеткен  адамға 
емес,  оны  іздеп  жүрген  адамға  сеніңдер»  деген  ұлағатты 
сөздерін  эпиграф  ретінде  алуы  оқырманға  ой  салған. 
ГУЛАГ-тың  құрамында  61  лагерь  болғаны,  Карлаг-тың 
солардың  ең  ірілерінің  бірі  ретінде  танылғаны  жөнінде 
айтылған. «... КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқармасына 
қарасты қапастар мен түрмелерде жалпы саны 4 миллионға 
жуық сотталғандар отырса, олардың 1-1,5 миллионнан аста-
мы  Карлагтан  өткен»,  –  деген  деректің  өзі-ақ  бұл  лагерь 
туралы мол мағлұмат беріп тұрғаны анық. Сонымен бірге 
ақын жер атауларының тарихи оқиғаларға негізделгендігіне 
назар  аударып,  сол  өңірдің  кешегі  аласапыран  күндерінен 
хабар  береді.  «Степлаг»,  «Карлаг»,  «Қоңыртөбе»  («До-
линка»),    «Қарабас»,  «Просторный»,  Шерубай-Нұра  өзені 
тәрізді  жер  атаулары,  «Ақой»,  «Бұрма»,  «Батық»,  «Жар-
тас»,  «Жалаңашкөл»  (Қызжылаған),  «Бидайық»,  «Дәрия» 
сынды  КарЛаг  нүктелері,  Ахметжан  Сармантайұлының 
«58-статья» күйі, Ирина Борхманның «Үзілген сапар» кар-
тинасы,  «Мамочкино  моласы»,  «Гармоншы.  1973»,  «Ал-
жир  тұтқыны  Гертруда  Платайстың  естелігі»  тәрізді  де-
рек көздерін тиімді пайдаланудың нәтижесінде Карлагтың 
адам  құйқасын  шымырлатар  шындығына  жан  бітірген. 
««Жалаңашкөл»  жанында  қыз  жылаған  –  Орап  алып  сүт 
аққан омырауын» немесе «Аза бойды қаза ғып Ана біткен 
–  Аңырайды  «Алжирде»  шашын  жайып»  деген  жолдарда 
ХХ ғасырдың қазақ халқының тарихына қара әріппен жа-

7
Әдебиеттану
зылатын  қаралы  жылдарындағы  әзиз  аналардың  көз  жасы 
шынайы  бейнеленген.  Ұрпақ  жалғастырушы  аналардың 
басына түскен бұл қайғы қазақ халқының тағдыр тәлейіне 
жазылған қасірет еді. Қазақ халқы осындай оқиғаларды жер 
атаулары  арқылы  ғасырдан-ғасырға  жеткізіп  отырғанын 
мына жолдардан көруге негіз бар: 
Арын төксе анаңның
құзғын,
арам,
жүргеніміз не керек біздің аман.
Көз жасына ескерткіш – «Жалаңашкөл» – 
қазақшасы «Алжирдің» – «Қызжылаған».
Қызжылаған...
«Адамзаттың аққуы аналар ғой – қорықпайтын қай қоғам 
киесінен?» деген ақын осы поэмасы арқылы қуғын-сүргін 
құрбаны болған аналарымыздың рухына бағыштап сөзден 
ескерткіш тұрғызды. 
Сонымен  бірге  ақынның  келтірген  дерек  көздері 
шығарманың  мазмұнын  толықтыруға  қызмет  етіп  тұр. 
Қарағанды  облысы,  Абай  ауданы,  Жартас  кентінің 
аумағындағы  «Мамочкино  моласы»  атанған  мола  тура-
лы  мынадай  мәліметті  атауға  болады.  «Мұрағат  деректері 
бойынша,  мұндай  үйлерде  балалар  өлімі  өте  жоғары  еді. 
Мәселен,  1941-1944  жылдары  924  бала,  ал  1950-1952 
жылдары  1130  сәби  опат  болған...»,  не  болмаса:  «Кар-
лаг»  тұтқындарының  арасында  ғалымдар,  ойшылдармен 
қоса 1000-нан аса әртіс, 360 пианист, 100-ге тарта суретші 
болған...», – деген мәліметтердің шығарма мазмұнын байы-
тып тұрғаны даусыз.  
Осы  тақырыпты  екінші  қырынан  толықтырған 
С.Досжанның  «АЛЖИР-дегі  арулар»  поэмасы.  «1938 
жыл.  Жиырма  алтыншы  нүкте»  деген  бірінші  бөлімде  еш 

8
Әдебиеттану
дәуірде  болмаған  «АЛЖИР»  деген  тозақ  туралы  мәлімет 
береді. Ақын 1938-1953 жылдар аралығында жұмыс істеген 
АЛЖИР  –  «жер  бетінің  тозағы»  атанған  лагерь  болғанын 
ондағы оқиғалармен растай түскен:
Жиырма алтыншы нүктеге жиырма мың жан қамалды,
Кеше жүрген зиялы бүгін тұтқын саналды.
Жібек көйлек үстінде күн көзімен ыдырап,
Төзімдері тулақ боп, сезімдері тоналды.
Үш жүз алпыс әйелден барақтарға қамапты,
Ауа жетпей түнімен бүргелері талапты.
Тікенекті сымменен қоршап, итпен күзетіп,
Отыз еркек күніне отыз рет санапты.
«Түнгі барақта» деп аталатын екінші тарауда тұтқындағы 
әйел-аналардың мүшкіл хәлі,  тас еден, тас қабырға орта-
сында  жатқан  жандардың  аянышты  тағдырлары  «Құстай 
боп  қыста  жұлған  қауырсынын»,  «Сыздайды  сүт  кер-
неген  омырауы,  Жоқтаумен  балапанын  ембей  қалған», 
«Бұл дала бұрын-соңды көрді ме екен, Тірідей ананы отқа 
салғандарды»,  «Жендеттер  жасап  жатқан  сұмдықтарды, 
Естіген  түнгі  дала  мүлгіп,  талды»,  «Көз  жасы,  адам  қаны 
еден  жуып,  Бетондар  сіңіретін  шындықтарды»  деген 
жолдарға сиып тұр. 
Бес  бөлімнен  тұратын  поэманың  біріншісінен 
айырмашылығы  –  жекелеген  кейіпкерлер  өмірінің  тара-
тыла  сөз    болуы,  олар  туралы  оқырманға  кеңірек  мәлімет 
берілуі. Ол кейіпкерлер: Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 
төрағасы, Қазақ Кеңес республикасын құрушылардың бірі 
Ұзақбай Құлымбетовтің жары – Айша, Солтүстік Қазақстан 
облыстық  атқару  комитетінің  төрағасы  Ораз  Дәулетовтің 
жары  –  Мәриям,  Түркістан  Орталық  атқару  комитетінің 
төрағасы Тұрар Рысқұловтың жары – Әзиза, «Социалистік 

9
Қазақстан»  газеті  редакторының  орынбасары,  жазушы 
Бейімбет  Майлиннің  жары  –  Гүлжамал,  Халық  ағарту  ко-
миссары,  Түркістан  уездік  атқару  комитетінің  төрағасы 
Сұлтанбек  Қожановтың  жары  –  Гүлжиян  және  Фатима 
Диваева,  Мағрипа  Досжанова,  Мая  Бағысбаевалар.  Айша 
жер  қазып,  батпақ  құйып,  балшық  тасыса,  Мәриям  жүз 
саулықтың бақташысы болды. Әзиза бір табын ірі қара мен 
бес саулықты алдына салса, Гүлжамал мен Гүлжиян да жас 
өмірін мал соңында өткізді. Арқаның бет қаратпас аязынды 
күндіз-түні  мал  соңында  жүрген  нәзік  жандылардың  жан 
жарасын «Асыл жарлар» атты үшінші бөлімде:
Бұзау үшін көктемде өліп қалған,
Жендеттер үш әйелді атып салған.
Шошынып сол сұмдықтан күзет қойды,
Өздері бір-біріне болып құрбан, – 
деп  олардың  күндіз  күлкіден,  түнде  ұйқыдан 
айырылғандығымен  еске  салды.  Жүздеген  аналарды 
ішіндегі баласымен соттағандықтан олардың сәбилеріне де 
«Отанға жау», «Халықтың жауы» деген айыптар тағылғаны 
белгілі. Төртінші «Нәресте «Жаулар» тағдыры» бөліміндегі 
сәбилердің тағдыры одан да аянышты еді. 
Шетінеп кетсе «өлігін көрмейміз» деп,
Іздеген жан боп жатса, «бермейміз» деп.
Бөшкеге салып жинай береді екен,
«Көктемде тоң ерісе» жерлейміз деп, – 
деген жолдарды оқып отырғанда, адам баласының қолымен 
жасалған жауыздықтардың осындай да түрі болғандығына 
еріксіз жағаңды ұстайсың. Ақынның «...Арқа жаққа елеңдеп 
жүрем қалқам, Зарлы үні естілгендей жетімдердің» деп оты-
руы  тегін  емес.  Өзі  де  бала  тәрбиелеген  ананың  ана  мен 
Әдебиеттану

10
Әдебиеттану
бала  қасіретін  егіле  отырып  жырға  қосуы  да  осыдан.  Ал, 
«Қазақтың қасиетті құрты» атты бесінші бөліміне Гертру-
да Платайстың естелігі негіз болған. Ақын қанша жанның 
өмірін  сақтап  қалған  қазақтың  қасиетті  құрты  жөнінде 
«Қазақтардың құртының сол бір дәмін, Ұмытпайды татқан 
жандар аштықта» деген түйін жасайды. 
Қорыта  айтқанда,  жоғарыда  сөз  болған  екі  поэманың 
бір  мүддеге  қызмет  етіп  отырғандығы  қуантады.  Ол  – 
азаттық, бостандық үшін арпалыста шейіт болған бабалар 
рухына  тағзым.  Қазақ  барда  «Еркек  тоқты  құрбандық» 
деп  ұлты  үшін  құрбан  болған  боздақтарымыздың  есімі 
ешқашан  ұмытылмақ  емес.  Сондықтан  да  өткенімізді 
ұлықтаған  ақындардың  өскелең  ұрпақты  патриоттық  рух-
та тәрбиелейтін поэмаларының ғұмырлы болатындығы дау 
туғызбаса керек.

11
Әдебиеттану
Алпысбаева Қ.
«КӨРҰҒЫЛЫ»  ЖЫРЫНЫҢ  ЖИНАЛУ  ТАРИХЫ
«Көрұғылы»  жыры  –  түркітілдес  халықтар  арасына 
ең  көп  тараған  фольклорлық  мұраның  бірі.    Оны  қазақ, 
түркімен, әзірбайжан, түркмен, тәжік, қырым, сібір татар-
лары, өзбек, құмық, қарақалпақ, анадолы түріктерінің ара-
сынан кездестіруге болады. Сол  сияқты жыр араб елдері, 
армян, грузин, дағыстан, күрділер арасынан кең тараған.
Барлық  халықтың  да  «Көрұғылы»  жырының  негізгі 
сюжеті  ұзақ  жылдар  бойы  Иран  шахы  мен  түрік  пади-
шасына    қарсы  шыққан    Көрұғылы  батыр  болып  келеді. 
Жырды  қай  халық  жырласа  да  эпостың  негізгі  идеясын 
өзгертпейді.  Бас  кейіпкер  хандарға,  патшаға,  үстем  тапқа, 
халықты зәбірлеушілерге қарсы күреседі. Яғни эпостың бас 
тақырыбы – басқыншы елден өз елін, жерін қорғау.
Әр халық «Көрұғылы» жырын жырлағанда өз ұлтына тән 
фольклорлық дәстүрді, поэтикалық шеберлігін, өз халқының 
өміріне  әсер  еткен,  тарихында  із  қалдырған  жағдайларды 
қоса отырып, өзіндік төл туынды жасаған.
Жырды  жазып  алу  және  зерттеу  ісі  ХІХ  ғасырдан  ба-
сталды.    ХІХ  ғасырдың  30-жылдары  саяхатшы  И.Шопен 
Оңтүстік Әзірбайжанда болып,  түркітілдес айтушының ай-
туынан «Көрұғылы» аңызының бір нұсқасын жазып алып, 
«татар аңызы» ретінде жариялаған.
И.И.Шопен  (1798-1870)  –  этнограф,  тарихшы.  Ұлты  – 
француз. 1820 жылы Ресейге келген. Ұзақ жылдар Кавказ-
да  тұрып,  сол  өлкенің  сипаттамасын  жазған.  И.И.Шопен 
аңыз  мәтінін  жазып  алып  қана  қоймай,  Көрұғылы  өмір 
сүрген  қамалды  суреттеп,  жырдың  тарихи  мәселесін  де 
қарастырған [1]. 
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында поляктың зерттеуші-
ғалымы  А.Ходьзко  Астрахань  маңайындағы  ноғайлардан 

12
Әдебиеттану
«Көрұғылы»  жырының  бір  ннұсқасын  жазып  алып, 
«Парсының халық поэзиясы» деген кітапта жариялаған [2]. 
Осы шығарманың орыс тіліндегі мәтіні 1856 жылы жарық 
көрген.
Белгілі ғалым И.Н.Березин  ХІХ ғасырдың орта шенінде 
Көрұғылы  жайындағы  өлеңді  жазып  алып,  өзі  бастырған 
хрестоматияға  енгізген  [3].    Академик  В.В.Радлов 
жариялаған  көптомдыққа  жырдың  түрік  тіліндегі  бір 
нұсқасы енген [4, 323-324]. Сібір татарларының арасынан 
жазылып алынған бір аңыз А.Володин еңбегінде басылым 
көрді [5, 46-57]. 
Н.Я.Марр Көрұғылының Ғират атты  тұлпарын Хамзаның 
ұрлайтын  көрінісін  жазып  алып,  өз  еңбегінде  бастырып 
шығарған [6]. 
Н.Я.Марр (1864-1934) – шығыстанушы, лингвист, СССР 
ҒА-ның  академигі.  1890  жылы  Петербор  университетін 
бітірген. Армян, грузин т.б. тілдерді  жақсы білген. Көптеген 
көне ескеерткіштерді зерттеп, оларды жариялауда көп еңбек 
сіңірген.
«Көрұғылы»  жыры  нұсқалары  әр  елдің  ғалымдары  та-
рапынан  көптен  зерттеліп  келеді.  «Көұғылы»  жырын 
В.М.Жирмунский, Г.Көроғылы, Б.А.Каррыев, А.К.Боровков, 
И.С.Брагинский,  Л.И.  Климович,  А.Ходзько  т.б.  сияқты  
зерттеуші-ғалымдар  түркі  халықтарының  эпостарын  са-
лыстырмалы түрде зерттеген еңбектерінде сөз етеді. Олар 
эпостың екі саласы бар деп қарайды. Бірі – әзірбайжан са-
ласы, оған кіретіндер: әзірбайжан, армян, грузин, курд және 
түрік версиялары. Екіншісі түркмен саласы, оған жататын-
дар:  түркімен, өзбек, тәжік, қазақ, қарақалпақ, бұхар араб-
тары, сібір татарларының нұсқалары.
  Ал,  қазақ  зерттеушілерінен  Ә.Марғұлан,  С.Садырбаев, 
Ә,Қоңыратбаев,  Р.Бердібай,  Ш.Ыбыраев,  М.Ғұмарова, 
Б.Әзібаева    сынды  ғалымдар  қазақ  эпосына  арналған 
зерттеулерінде  құнды  ой-пікірлер  келтірсе,    «Көрұғылы» 

13
Әдебиеттану
жырының  қазақ  және  түрік  нұсқаларының  мотивтік 
және  образдық  ерекшеліктерін  кешенді  түрде  салысты-
рып,  саралап  талдаған  Ахмет  Аляздың,  жырдың  түрлі 
халықтар мәдениетіндегі жиналу, жариялану және зерттелу 
кезеңдерін қарастырған, жыр сюжетіне енген көптеген көне 
фольклорлық сарындардың жырда қалай көрініс тапқанын 
синхрондық  және  диахрондық  салыстырулар  негізінде 
қарастырған Зада Сахитжанованың және эпостың көптеген 
халыққа  ортақ  негізгі  сюжеттерін  қамтыған  Р.Мәзқожаев 
нұсқасын  алғаш  рет  кешенді  ғылыми  зерттеу  нысанасына 
алған Азамат Аханның зерттеу еңбектері жазылды.
«Көрұғылы»  жырының  кейбір  нұсқалары  Қазан 
төңкерісіне  дейн  бірнеше  рет  басылым  көрген.  Мысалы, 
В.Мощенский 1905 жылы «Бозай батыр және оның баласы 
Көрұғылы» деген аңызды орыс тілінде бастырса, 1906 жылы 
В.Карлсон  Қазақпай  ақынның  «Көрұғылыны»  жырлағаны 
туралы дерек келтіреді. Хасан Мирбаба жазып алған «Хи-
каят Көрұғылы» атты нұсқа 1885 жылы Қазан университеті 
баспасынан жарыққа шығып, жырдың осы нұсқасы Қазан, 
Ташкент  қалаларында  1890,  1895,  1902,  1909,  1911,  1915 
жылдары жарияланған [7].
1973  жылы  жарық  көрген  «Көрұғылы»  жинағына 
Р.Мәзқожаевтің, 
Е.Есенжоловтың, 
Қошановтың, 
Қ.Өтешовтың  жыр  варианттары  енген.  Бұл  жинақ  1989 
жылы  толықтырылып,  қайта  басылды.  Оған  Тәжібайұлы 
тапсырған  «Көрұғылы  мен  Безерген  және  Қазанда  жарық 
көрген «Хикаят Көұғылы» мәтіндері енді.
Халық мұраларының шын мәнінде мол көлемде жиналуы, 
зерттелуі Кеңес дәуірінде қолға алынды. Ғылыми тұрғыда 
жинау,  жүйелеу,  сақтау,  зерттеу  шаралары    бір  орталыққа 
шоғырландырылып,  ұлттық  қолжазба  қорлары  ашылды. 
Олар: Ұлттық кітапхана, Орталық ғылыми кітапхана және 
М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер  институтының 
қолжазбалар қорлары. Бұл қорларда халық әдебиеті үлгілері 

14
Әдебиеттану
мен  әдебиет  тарихына  қатысты  деректрдің,  қолжазба 
мұралардың  мол  қазынасы  сақтаулы.    Олардың  басым 
көпшілігі Қазан төңкерісінен бұрын хатқа түскен. 
Солардың бірі – «Көрұғылы сұлтан хикаясы». Бұл эпос 
1885 жылы Қазанда басылған мәтіннен алынған. Эпос екі 
саладан  тұрады.  Біріншісі  «Хикаят  Көрұғылы»  деп  атала-
ды.  Сонда Көрұғылының қызылбас Күнхар ханмен соғысы, 
қасапшы  Бұлдырықтың  баласы  Ғауазханды  әкелгені  ба-
яндалады.  Екінші  «Қисса  Ғауазхан»  деп  аталады.  Онда  
Көрұғылының қызылбас Күнхар ханмен екінші рет соғысып, 
жеңгені, Ғауазды зынданнан босатқаны суреттеледі.
Эпостың Қазақстанның шығыс пен солтүстік өңірлеріне 
кең  таралған  нұсқасын  Қызылжар  (Петропавл)  қаласында 
тұратын,  сол  жердегі  медреседе  істейтін  Хасан  Мирабин 
ХІХ  ғасырдың  сексенінші  жылдарында    ел  арасынан  жа-
зып алып, өзінше өңдеп, Қазан баспасына ұсынған. Аталған  
мәтін  Қазандағы  университет,  Домбровский  баспаларын-
да  және  Ташкент  қаласында  бірнеше  мәрте  жарияланған 
(1885,1890, 1895, 1902, 1909, 1911, 1915, 1916 жылдар). Бұл 
кітаптың сыртында «қазақ тілінде» деген жазу болғанымен, 
тілі қазақ  оқушыларына түсініксіздеу болып келуіне бай-
ланысты жырды 1940 жылы Қазақстан зерттеу қоғамының 
тапсыруымен көне қазақ тілінен таза қазақ тіліне аударған – 
қазақтың көрнекті ақыны Жақан Сыздықов.  Ол (1901-ө.ж.б.) 
Көкшетау  облысы,  Чкалов  ауданы,  Қарағаш  деген  жерде 
туған. Ақын кейін Алматы қаласында тұрған. Жақан  ССР 
халықтарының  әдебиет  үлгілерін  қазақ  тіліне  аударуда 
елеулі  еңбек  еткен.  В.Маяковский,  Д.Бедный,  Я.Купала, 
Ғ.Тоқай, Ш.Руставели, Ә.Новаи, Ә. Низами шығармаларын 
және қырғыздың «Манас» эпосын қазақ тіліне аударған [8, 
81].
ОҒК-нің қолжазбалар қорында (Ш. 672) «Көрұғылының 
қиссасы»,  дәптердің  сыртында  «Көрұғылы»  делінген 
қолжазба сақтаулы. Жинаушысы – Айдарханов 1940 жылда-

15
Әдебиеттану
ры СССР Ғылым академиясының филиалында істеген деген 
мәлімет бар. Қолжазба 1929 жылы Қызылорда облысында 
жазылған.  Шығарманың қысқаша мазмұны төмендегідей.
Түркменнің  Мұңлыбек  атты  батыры  бір  күні 
Арқаруымдағы қалмақтарға барып, сол соғыста қаза таба-
ды. Оның екіқабат әйелі Алтыншаш  ауырып өліп, бір айдан 
соң  көрде  босанады.  Бала  шешесінің  қасында  көрде  жеті 
жыл  өмір  сүреді.    Алтыншаштың  ағасы  Бозұғылан  аңнан 
қайтып  келе  жатып,  зират  маңында  ойнап  жүрген  баланы 
көреді.  Бір  күні  айламен  баланы  ұстап  үйіне  алып  келіп, 
көрде  туған  бала  деп,  атын  Көрұғылы  қояды.    Көрұғылы 
аңда жүріп, қалмақтың батыры Сапабекпен соғысып, өзіне 
бағындырады. Арабтың Райхан атты патшасы Бозұғыланның 
әйелі  Ақбілекке  ертеден  ғашық  екен,  күйеуі  аңға  кткенде, 
Райхан Ақбілекті алып қашып кетеді. Көрұғылы Ғират аты-
на мініп, Райханды іздеуге аттанады. Көрұғылы  Ақбілекті 
кездестіреді, оны алып кетпек болғанда, Ақбілек алдымен 
Райхан  арабты  қарындасы  Күләйімді  алып,  Бозұғыланға 
апар, сонан соң маған келерсің дейді. Көрұғылы Күләйімді 
алып қашады, Райхан соңынан қуғанмен, жете алмай қалады. 
Көрұғылы  келсе,  Сапабек  бас  болып  Жәмбілбел  шаһарын 
салып жатады. Көрұғылы Бұлғар тауын мекендеген Ахмет 
сардар,  Қабыл,  Дабыл  деген  байларды  көшіріп  алады.  Он 
үш жастағы Көрұғылыны ақ кигізге салып хан көтереді.
Жеңгесін  іздеп,  Қалдархан  мен  Райхан  еліне  аттанады. 
Ғират Көрұғылыны Ақбілек жатқан зынданға алып келеді. 
Ақбілекті босатып, Райхан патшаны іздейді. Райханды ұстап 
алып  келсе,  Ақбілек  жоқ  болады.  Ғират  Ақбілекті  Зәңгі 
дәудің  алып  кеткенін  айтады.  Райханды  азаптап  өлтіреді. 
Жыр аяқталмаған.
Орталық  ғылыми  кітапхананың  қолжазбалар  қорында 
«Көрұғылының қиссасы» (672 бума, 6-дәп.)  атты қолжазба  
сақтаулы.  Бұл  қолжазба  ХХ  ғасырдың  басында  Қостанай 
обылысында  жазылған.  Аталған  қолжазбаны  қорға  1935 

16
Әдебиеттану
жылы  тапсырған  –  Ақтөбе  облысының  тұрғыны  Жамал 
Балғынбайұлы.  Ел  арасына  қолжазба  күйінде  таралған. 
Мәтін еш жерде жарияланбаған.
Мазмұны  Айдарханов  жинап,  қорға  тапсырған  жырмен 
ұқсас болып келгенмен, кейбір айырмашылықтары да бар. 
Олар:  Айдарханов  нұсқасындағы    қарасөзбен  баяндалған 
тұстары өлеңмен өрілген. Көрұғылы көрден шығып ойнап 
жүріп, өзінің болашақ Жәмбілбел шаһарын тұрғыза баста-
уы, Бозұғыланның әйелі Ақбілекке ғашық адам көп екені, 
Бозұғыланның ел-жұртынан бөлініп, Күйген тауды мекен-
деп жүруі, Күйген таудың басынан әйеліне ғашық 41 адам-
ды көруі, Көрұғылының 41 жігітпен соғысуы т.б. көрністер 
т.б. Айдарханов нұсқасын толықтыра түседі.
Қазақтар арасынан жазылып алынған Көрұғылы туралы 
жырлардың ендігі бір нұсқасы – «Қисса-и Көрұғылы» атты 
шығарманы Ерғали Есенжлов 1910 жылы хатқа түсірген.
Есенжолов  Ерғали  (1888-1953)  Торғай  ауданы  (қазіргі 
Аманкелді)  Қостанай  облысынан.  Ерғали  1902  жылы 
аудандық мектепті, 1907 жылы Қостанай қаласындағы екі 
кластық училищені бітіреді. 1907-1921 жылдар аралығында 
ауылда мұғалім болып істейді. Мұғалім болып істеп жүрген 
кезінде ел арасынан естіген қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін 
жинап, жазып алып жүрген. Есенжоловтың 1907-1925 жыл-
дар арасында хатқа түсіргендері ХІХ ғасыр ақындарының 
өлеңдері,  айтыстар,  ертегілер,  батырлар  жыры.  Өзі  аздап 
өлең шығаратын болған. Ерғали өзі жинаған қолжазбаларды 
Кәрім  деген  баласына  береді.  Кәрім  1947  жылы  Тіл  және 
әдебиет  институтының  қолжазба  қорына  тапсырады. 
«Көрұғылы» – сол қолжазбалардың бірі [8].
Жыр мазмұны Айдарханов тапсырған «Қисса Көрұғылыға 
ұқсайды.  Бұл  нұсқада  Көрұғылыны  хан  көтеру,  Ақбілекті 
Зәңгі  дәудің  алып  қашуы,  сиқыршылармен  кездесуі, 
Көрұғылының  олармен  соғысатын  тұстары  суреттелетін 
көріністер кездеспейді. Мұнда бас қаһарманның қызылбас 

17
Әдебиеттану
ханы Қалдарханның баласы Райханмен соғысы толығырақ 
суреттеледі. Жыр мәтіні алғаш рет 1973 жылы жарық көрген 
«Көрұғылы»  жинағында,  1989  жылы  толықтырылып, 
қайта  басылым  көрген  жинақта  және  «Бабалар  сөзі» 
жүзтомдығының  49-томында  (Астана,  2008)  жарияланды. 
Түпнұсқасы  ОҒК-нің  қолжазбалар  қорында  924-бумада 
сақтаулы.
Халық  әдебиеті  мұраларын  ел  арасынан  жинап,  зерт-
теуге  айрықша  үлес  қосқан  зерттеушілердің  бел  орта-
сынан  Бозтай  Жақыпбаевты  (1887-1970)  көруге  болады. 
Ол  1937  жылы  КСРО  Ғылым  академиясының  Қазақ  фи-
лиалы  ұйымдастырған  «Жетісу  экспедициясына»,  1939 
жылы  «Маңғыстау»,  «Семей»,  1946  жылғы  «Ақмола-
Көкшетау»  экспедицияларына  қатысып,  халық  ақындары 
шығармаларын,  Молда  Мықан  Машанұлының  жинағынан 
көшірілген  «Көрұғылы»  деген  жырды  жинап  ОҒК-ның 
қолжазба қорына тапсырған.
Машанұлы Молда Мықан – ХІХ ғасырдың екінші жар-
тысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Павлодар облысы, Бая-
науыл ауданында өмір сүрген ақын. Төңкеріске дейінгі ауыз 
әдебиеті  үлгілерінен  қазақтың  көптеген  жырларын  және 
ақындардың айтыс өлеңдерін қағазға түсірген белгілі жина-
ушы.
Нұсқаның қысқаша мазмұны төмендегідей болып келеді:
Көрұғылы  Ғауаз  баласымен  аңға  шығады.  Сол  кезде 
қатты  дауыл  тұрып,  Ғауаз  құсын  іздеп  кетеді.  Көрұғылы 
баласын таба алмай қалады. Ғауаз адасып жүріп бір қызды 
көріп,  ғашық  болып  қалады.  Қызды  қуып  жүріп,  Ерназар 
деген  патшаның  ордасына  кез  болады.  Оның  қарындасы 
Зейнеп  Ғауазға  ғашық  болады.  Сол  жерде  Жұлдызайым 
деген  сұлу  қыз  жігіт  таңдап  той  жасап  жатады.  Ғауаз 
киімін  өзгертіп  тойға  келіп,  атын  бәйгеге  қосады.  Аты 
бірінші  келіп  Жұлдызайды  алады.  Олар  елге  келе  жа-
тып  жолда  қызылбастармен  соғысып,  жеңіске  жетеді.  Бұл 

18
Әдебиеттану
нұсқа басқа варианттарға ұқсас болып келгенімен, өзіндік 
айырмашылықтары  да  бар.  Солардың  бірі  Ақбілекті  алып 
кететін Зәңгі дәу бұл нұсқада кездеспейді т.б. Молда Мықан 
нұсқасы аяқталмаған. 
«Көрұғылының мәшһүр болып ерлігі,
Талай жерге таныс болған бектігі.
Мұнан кейін білсеңіздер қиссасы
Хасанхан мен Әуезханның ендігі» 
– деп жыр аяқталады. Осыған қарағанда, Молда Мықанның 
Көрұғылының балалары Әуез, Хасан туралы да жырлағанын 
аңғарамыз.  Бірақ  олар  туралы  қолжазбаны  кездестіре 
алмадық.
Жыр мәтіні еш жерде жарияланбаған. Қолжазбасы ОҒК-
нің (672-бума, 9-дәп.) сақтаулы.
Мәшһүр  Көпеевтің  (1858-1931)  ХХ  ғасырдың  басынан 
халықтың  рухани  мұрасын  жинауға  ынталанып,  акаде-
мик  В.В.Радловпен  танысып,  ауыз  әдебиеті  үлгілерін  жи-
нау  ісімен  айналысты,  жар-жар,  ұлағатты  сөздер,  ертегі, 
аңыздарды, діни қиссалар, батырлық жырларды жинап жа-
риялайды.  Сондай  жырлардың  бірі  –  «Көрұғылы»  жыры. 
Мәшһүр жинаған «Көрұғылы» жырының нұсқасы татардың 
көрнекті  жазушысы  Наки  Исәнбеттің  кітапханасында 
сақтаулы. Сол нұсқаның микрофильмі1956 жылы  түсіріліп, 
кітапхана  қорына  тапсырылған.  Бұл  нұсқаның  Жолмұрат 
Жүсіпұлы (Мәшһүрдің жиені) жазып берген бір көшірмесі 
(1173-бумада)  Орталық  ғылыми  кітапхананың  қорында 
сақтаулы. Көшірушінің айтуына қарағанда, «Көрұғылыны» 
Мәшһүр 1894 жылдан бері біледі [9, 93].
М.Ж.Көпеев  нұсқасында  Көрұғылы  ат  жалын  тартып 
мініп азамат болған шағында ант-су ішіп Сапабекпен және 
оған  ерген  қырық  жігітпен  достасады.  Райхан  араб  пен 
Қызылбай ер текжәумітті шабуға келгенде Көрұғылы қырық 

19
Әдебиеттану
бір ермен бірге жауға қарсы тұрады. Сондай-ақ, Көрұғылы 
Арзурумға қашқан Райхан арабты шауып келугше қырық бір 
жігітті жібергенде, олар тұтқынға түсіп қалады. Қырық бір 
жігітті қамаудан құтқаруға Көрұғылы келгенде, қырық бір 
жігіт шылбырдан босанып шығып, Райхан арабтың әскерін 
быт-шыт қылып жеңеді. Жыр сюжеті Е.Ерғалиев нұсқасына 
өте ұқсас.
  «Көрұғылы»  жырының  Қарағанды  облысында  хатқа 
түскен бір нұсқасын Нәби Балабекұлы 1940 жылы кітапхана 
қорына  тапсырған.  Балабекұлы  Нәби  Қарағанды  облысы, 
Жезді ауданында туып-өскен. Сол жерде өрт сөндіруші бо-
лып істеген. Нәби қазақ ауыз әдебиетін жаттап алып айтып 
жүретін, өзі де өлең шығаратын ақын болған. Бұл нұсқа ба-
спада жарияланбаған. Жырдың сюжеті Айдарханов жинаған 
мәтінге ұсас болып келгенімен, кейбір айырмашылықтары 
да  кездеседі.  Ол  айырмашылық  –  Көрұғылының  көрден 
шығып отырып: «Жәмбілбел шаһарын салып, соған сұлтан 
болсам, 120 жыл өмір сүріп, жауымның бәрін жеңсем» деген 
қиялы. Нәби жинаған нұсқа толық емес, кейбір парақтары 
жоқ.  Шығарма  7-8  буынды,  11  буынды  қара  өлең,  кей-
де қара сөздер араласып отырады. Мәтін бұрын еш жерде 
жарияланбаған, қолжазбасы кітапхана қорынағы 672-бума-
да сақтаулы.
«Көрұғылының  қиссасы»  атты  жырды  ел  арасынан 
жинаған  адамның  бірі  –  Сәлібаев  Ысқақ.  Ол  –  ел  ақыны, 
қолжазба  қорында  бірнеше  өлеңдері,  айтыстары  бар. 
Өкінішке орай Ысқақтың туып-өскен жері, тұрағы туралы 
мәліметтер  табылмады.  Ысқақ  жинаған  жыр  мәтінін  1935 
жылы Рахмет Көшербаев деген кісі көшіріп алып, ОҒК-нің 
қолжазба қорына (1037-бума, 1-дәп.) тапсырған. Жыр мәтіні 
жарық көрмеген.
Ысқақ нұсқасында Көрұғылының ата-тегі айтыла келіп, 
Алтыншаштың өліп, Көрұғылының көрде тууы баяндалады. 
Бұл нұсқаның басқалардан айырмашылығы жыр көлемінде, 

20
Әдебиеттану
жыршының тыңдаушыға жеткізу формасында көрінеді.
  Қошанов  –  ХХ  ғасырдың  отызыншы  жылдарын-
да  көптеген  ауыз  әдебиеті  үлгілерін  ел  арасынан  жа-
зып  алып,  Қазақстан  зерттеу  қоғамына  тапсырған.  Сол 
қолжазбалардың  ішінде  «Көрұғылы  сұлтан  (көрден 
тірілгені)  және  «Әуезханның  қиссасы»  атты  екі  жыр 
кездеседі.  Кейін  бұл  қолжазбалар  1937  жылы  Қазақ  ССР 
Ғылым  академиясының  Орталық  ғылыми  кітапханасына 
түскен.  Аталған  қолжазбалар  672-буманың  3  және  4-ші 
дәптерлерінде сақтаулы. Қолжазбаның қай жылы, қай жер-
де жазылғаны белгісіз. Мәтін еш жерде жарияланбаған.
Көріғұлы  сұлтан  жырының  мазмұны  Айдарханов 
жинаған мәтінге ұқсас болып келеді. Тек Мұңлыбектің он екі 
мың жаумен соғысы, Алтыншаштың баласын Бозұғыланға 
тапсыруы,  оның  өлімі  қара  сөзбен  баяндалса,  Қошанов 
нұсқасында  7-8  буынды  өлеңмен  суреттелген  және  Зәңгі 
дәуге бару көрінісі кездеспейді.
Ал  «Әуезханның  қиссасы»  Молда  Мықан  нұсқасына 
ұқсас. Сонда мазмұны былай болып келеді:
Ғауаз  бір  күні  аңға  шыққанда  қатты  дауыл  соғып, 
қолындағы  сұңқарынан  айырылып  қалады.    Құсын  іздеп 
жүріп  дарияның  жағасында  отырған  шалға  және  оның 
қасында отырған кез болып, қызға ғашық болады. Қыз Қап 
тауындағы Ахмет перінің қызы екен. Қыз аққуға айналып 
ұшып кетеді. Әуез осы қызды іздеп жүріп Райхан арабтың 
баласы  Ерназарбектің  ауылына  кез  болады.  Одан  соң 
Көриханның еліне келеді. Жан қызы Жұлдызайымның шар-
тын  орындап,  оған  үйленеді.  Жұлдызайымның  көмегімен 
аққу болып ұшып кеткен Құндызайымды алады. 
Көрихан  күйеуі  Көрұғылының  ұлы  Әуез  екенін  біліп, 
онымен соғысады. Әуез жаралы болып жатқанда Ерназар-
бек  көмекке  келіп,  Көриханды  жеңеді.  Әуезді  еліне  алып 
келіп, қарындасы Зейнепкүлді береді.

21
Әдебиеттану
Халық арасына кең таралып айтылып жүрген Көрұғылыға 
қатысты  жырдың  «Қисса-и  Көрұғылының  көрден  шыққан 
жері»  деп  аталатын  нұсқасын  жинаған  –  Құлмұхамед 
Байғұлыұлы.  Құлмұхамед  Қостанай  облысы,  Тобыл  ауда-
нында туып-өскен. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 
басында  өмір  сүрген.  1880-1927  жылдар  аралығында 
Қостанай облысының Тобыл аумағындағы елден дастандар, 
айтыстар,  шежірелер,  өлеңдер,  тарихи  деректерді  қағазға 
түсірген  жинаушы.  Солардың  арасында  Қостанай  облысы 
Затобол ауданында жазылған «Көрұғылы» жыры да бар.
Бұл  қолжазба  1961  жылға  дейін  Асылбек  Ташбаевтың 
қолында  сақталған.  Ташбаев  Асылбек  –  жинаушы.  1894 
жылы қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданы, «Совет туы» 
совхозында  туып,  1911-1912  жылдары  Троицкіде  оқыған. 
1912 жылы «Өнер» атты мектеп ашып, көп уақыт мұғалім 
болып қызмет атқарған. Сол жылдардан бері ауыз әдебиеті 
үлгілерін  жинаумен  шұғылданып,  баспасөзде  жариялауға 
талпынған.  Солардың  бірі  –  институт  қорында  сақталған 
«Бекентай мен Сейітахмет» айтысы. 1961 жылы М.О.Әуезов 
атындағы  Әдебиет  және  өнер    институты  ұйымдастырған 
«Қостанай-Уфа экспедициясы» Орынбай, Өске, Шортанбай, 
Күрдері, М.Сералин, Ж.Шайхисламұлы т.б. шығармалармен 
бірге «Көрұғылы» жырын да әкеліп, институт қорына (127-
бума, 3-дәп.) тапсырған. Мәтін еш жерде жарияланбаған.
Жыр «Алқисса бұл сөзді айтып, Алтыншаш бәйбішенің 
інісі  Бозұғыланға  ауырып  жатқанда  айтқан  сөзі»,  « 
Алқисса бұл сөзді айтып, Алтыншаш бәйбіше ертең бесін 
уақытында  дүниеден  қайтады  т.б.  тақырыптарға  бөлінген. 
Бұл тақырыптар жыр оқиғасын ашып береді. Мазмұны Ай-
дарханов жинаған нұсқамен ұқсас болып келеді.
(Жалғасы бар)
 
                                     

22

Каталог: images -> keruen
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> №4 (43) 2015. Ғылыми және әдеби-көркем журнал меншік иесі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

жүктеу 2.87 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет