Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі



жүктеу 2.83 Kb.
Pdf просмотр
бет1/12
Дата24.02.2017
өлшемі2.83 Kb.
#3560
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

 №4 (37) 2014. Ғылыми және әдеби-көркем журнал
МЕНШІК ИЕСІ:
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 
Ғылым комитеті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер 
институты 
РЕДАКЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС:
Қалижанов  У. 
–  төраға,  бас  редактор,  филол.ғ.д.,  ҰҒА 
корреспондент мүшесі
Ақыш Н. – бас редактордың бірінші орынбасары, филол.ғ.д.
Ананьева С. – бас редактордың орынбасары, филол.ғ.к., доцент
Ахетов  А.  –  М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет    және  өнер  
институтының  аға сарапшысы
Әбдезұлы Қ. – филол.ғ.д., профессор
Әбдіғазиев Б. – филол.ғ.д., профессор
Әзібаева Б. – филол.ғ.д., профессор
Әлібекұлы А. төрағаның орынбасары, филол. ғ.к., доцент
Елеукенов Ш. – филол.ғ.д., профессор
Ерғалиева Р. – өнертану ғ.д., профессор
Жұмасейітова Г. – өнертану ғ.к., доцент
Күзембай  С.  –  өнертану  ғ.д.,  профессор,  ҰҒА  корреспондент 
мүшесі
Қасқабасов С. – ҚР ҰҒА академигі
Қирабаев С. – ҚР ҰҒА академигі
Мамыраев Б. – филол.ғ.д., профессор
Мұқан А. – өнертану ғ.к., доцент
Мұсағұлова Г. – өнертану ғ.к., доцент
Нұрғали Қ. – филол.ғ.д., профессор
Ісімақова А. – филол.ғ.д., профессор
Сұлтан    Е.  –  М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет    және  өнер  
институтының  баспасөз  хатшысы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР!
Қолдарыңызға  ұстап  отырған  –  ғылыми-көпшілік  және 
әдеби-көркем «Керуен» журналының кезекті саны:
– егер де Сіз тәуелсіз еліміздің әдебиеті мен өнері, фоль-
клоры  мен  рухани  өмірі  жайында  жан-жақты  хабардар 
болғыңыз келсе;
– егер де Сіз ұлтымыздың жан дүниесінің айнасы болып 
табылатын көркем әдебиетіміз жайындағы терең де білікті 
зерттеулерді оқығыңыз келсе;
–  егер  де  сіз  төл  өнеріміздің  әр  саласынан  жазылған 
мазмұнды    мағлұматтарға,  байсалды  талдауларға 
қаныққыңыз келсе;
– егер де Сіз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым 
министрлігіне қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және 
өнер институтының тыныс-тіршілігінен үнемі құлағдар бо-
лып отырғыңыз келсе;
– егер де Сіз өзіңізді төл әдебиетіміз бен өнеріміздің шы-
найы жанашыры деп санасаңыз;
–  бір  ауыз  сөзбен  айтқанда,  бүгінгі  рухани  өміріміздің 
тыныс-тіршілігінен  жан-жақты  хабардар  болғыңыз  келсе, 
онда Сіз...
«Керуен» журналының тұрақты оқырманына айналасыз.
 
Жазылу индексі: 75278
Жазылу бағасы:
2 айға 4 айға 6 айға 8 айға 10 айға  12 айға
Қала үшін 233 тг 233 тг 233 тг 233 тг 235 тг
1400 тг
Ауыл 
үшін
200 тг 200 тг 200 тг 200 тг 200 тг
1200 тг
«Керуен» журналына жазылу жыл бойы жүргізіледі. 
Журнал 
«Қазпошта» 
АҚ-ның 
жергілікті 
бөлімшелерінде  жазылуға  болады.  Оған  ешқандай  шек 
қойылмайды.

3
Әдебиеттану                        
Г.Пірәлі                                       
 ҚАЗІРГІ ПРОЗА: ЖАНР ЖӘНЕ СТИЛЬ 
МӘСЕЛЕЛЕРІ                                      
  
Қазақ    әдебиеттануында    соңғы    жылдары      арнайы  
тақырыпқа  айналып,  жиі-жиі  әдеби  пікірталас  тудырып 
жүрген  қазіргі  прозадағы  қаламгер  қыздар  қолтаңбасы 
қайта  құру  кезеңімен  бірге  келген  жаңа  көркемдік  кеңістік 
пен  уақыттың  лебін  танытады.  Бұрындары  да  өмірдің 
құндылықтарына  қатты  көңіл  бөлетін  қыздар  прозасы 
бүгінде махаббат, отбасы, ұлт пен ұрпақ қамы, әке мен бала, 
ер мен әйел, ана мен бала, қыз бен жігіт, т.б сынды дәстүрлі 
тақырыптардан  биіктеп,  олардың  мәнін  психологиялық 
тұрғыдан  тереңдетіп,  философиялық    мазмұнын  арттыр-
ып,  кейіпкерлерінің  ішкі  жан  әлеміне,  санадағы  сапалық 
өзгерістерге өзгеше өң беруге  әуес. Қазіргі әдеби кеңістікте 
көрініп  жүрген  сан  алуан  бағыт  пен  тақырып  төңірегінде 
талпыныс  жасап  жүрген  жас  прозашылар  кәдімгі  дәстүрлі 
көркем  прозадан  гөрі  мистикалық  сарындағы  туындыла-
рымен  оқырмандарын  баурауға  бейімделіпті.  Айталық, 
Роза Мұқанова,  Айгүл Кемелбаева, Мәдина Омарова, Лира 
Қоныс,  Ділдәр  Мамырбаева,  Гүлзат  Шойбекова,    Әсем 
Қозыбағарова,  т.б  сынды  жастардың  осы  жанрға  жандары 
жақын.  Оқушысының  санасын    сескендіріп,  үнемі  үрейде 
ұстап отыруды саналы түрде таңдаған туындыгерлердің та-
бысы мен тосын ерекшелігінің өзі де осы тұста жатқандай. 
А.Кемелбаеваның «Мұнара» романының «Бала бағушы» 
деген  бөліміндегі  бас  кейіпкердің:  «Асылы,  мистикаға 
сенбейтін  адамдар  дүниеде  ештеңеге  де  иланбас  меңіреу, 
надан жандар. Өмір расында  адамзатқа жұмбақ жасыра бе-
руден  жалықпайды,  оның  шешуі  жарықтың  арғы  бетіндегі 
жарықта ғана» деген сөзіне  кейде дау да айта алмасың анық. 
Шынында  да  табиғаттың  тылсым  сырлары,  жаратылыстың 
жұмбақ қырлары көп-ақ. Бала кезде ертегілер арқылы естіп, 

4
Әдебиеттану                        
санаға  сіңген  үрейлі  оқиғалар,  мистикалық  кейіпкерлер, 
жаратылыстың  сенбесіңе  қоймас  құпия  жұмбақтары 
заманның  осындай  бір  өтпелі,  ауыспалы  шақтарында  өріс 
алуы  да  әдебиет  тарихынан    таныс  жәйттер.  Белгілі  кезең 
аралығындағы  бос  рухани  кеңістікті  толтыруға,  халықтың 
рухани  жүдеуіне  жол  бермеуге  талпынған,  мифологиялық 
логикаға негізделген мистикалық сарынды кие тұтқан көркем 
шығармалар да осы тәуелсіздік жылдары  көптеп көріне бас-
тады. Бұған, бәлкім батыс әдебиетінің де әсері мол болар.
Дәл қазіргі рухани құндылықтар қадірі құлдыраған заман 
бейнесін берерлік қатыгездікті осындай әфсаналық сипаттағы 
мораль кодекстері, ойлы дүниеге опасыздық танытқандарға 
ой саларлық оқшау  оқиғалы, оғаштау ойлау жүйелері, жаңаша 
жазу стилдері бүгінгі көркемдік танымдағы өзгеше өрнекті, 
тың  талпыныстарды  танытады.  Қазіргі  прозадан  біз  көбіне 
өзіне  де  өміріне  де,  қоғамға  да  көңілі  толмайтын  өздерін 
әлеуметтік ортадан шеттетілген, керексіз дүниедей сезінетін 
кейіпкерлерге  кез  боламыз.  Олардың  сорақы  сандыраққа 
толы, қауіп-қатерге толы тағдырлары  авторларының бүгінгі 
өмірге деген көзқарастарын танытады. Таптық идеологияға 
тән, не жақсы не жаман болып бір жақты бейнеленетін кешегі 
прозадағыдай  қаһармандық  қасиет  жоқ  десек  те  болады. 
Идеал  деген  жоқ.  Қаһармансыз  кейіпкерлердің  романдағы 
көрінісі жалпы қазіргі қоғамға тән кемшіліктерді өрнектейді. 
Осы  ретте  ұлы  жазушы  Л.Н.Толстойдың:  «Көркем  өнер 
дегеніміз суреткердің өз жанына терең үңілу арқылы көпке 
ортақ  құпия  сырларды  ашып,  көрсетіп  беретін  микроскоп 
сияқты», – деген сөзін еске алсақ, қазіргі қазақ прозасының 
көркемдік  міндеті де бүгінгі  болмысты, өмір құбылыстарын 
зерделеп, соны халыққа таныту болып табылса керек  (О ли-
тературе. – М., 1955. – стр.310).
Аталған  қаламгерлер  өз  заманының  рухани  қажетіне 
сай  ықшам жазылған, тез қабылданып, жедел оқылатын аз 
көлемді шағын жанрдағы психологиялық мәтіндерді жазуға 

5
Әдебиеттану                        
мәжбүр. Көркем өнердің мәңгілік құндылығынан гөрі бүгінгі 
өмір ырғағына көшкен , көңіл көтеруге бейімделген, барлық 
жастағы  оқырманға  бағышталған    көпшілік  әдебиеттің  –  
детектив,  триллер,  мелодрама,  фантастика,  бестселлер  ,т.б 
сынды  жанрлық  түрлерінің  дәурені  де  бүгінгі  дәуір.  Жа-
зылу  мәнері  жағынан  түрлік  ізденістерге  толы    көркемдік 
танымдағы  тәмсіл-толғаныстар,  эссе-суреттер  бүгінгінің 
болмыс бейнесін бедерлейді.
Мәселен,  Мадина  Омарованың  «Қадір  түні»  (–  Алма-
ты: «Жалын» ЖШС, 2012. – 320 б.) атты жинағына жарты 
беттен  аспайтын  эссе-этюдтары,  әдебиеттану  ғылымында 
қалыптасқан  теориялық  қағидаға  қисыны  келіңкіремейтін 
әңгімелері  (егер  соған  келсе)  енген.  Шағын  мәтіндердегі 
автор  мақсат  тұтқан  идея  екі  ауыз  сөзбен  шешіліп  жа-
тады.    Қаламгердің  тек  өзіне  тән  жазу  өрнегі,  бейнелеу 
дағдысы оның дүниені танудағы тосын танымын танытады. 
Өмірдің өзінен ойып алған бір ғана сәттік суреттер кейіпкер 
тағдырындағы ұзақ жылғы шердің шешуші сәтіндей сезіледі. 
«Ақша  іздеген  бала»  деген  әңгімесінде  аты  жоқ  ағасы  мен 
жеңгесі,  аты  аталмайтын  анасы,  өзінің  де  есімі  белгісіз 
кейіпкер баланың тағдыры бір ғана жиырма теңге іздеу ая-
сында  баяндалып,  бүткіл  бір  әулеттің  тағдыры,  бүгінгі 
ауылдағы  ана  мен  қаладағы  бала  отбасында  кездесетін 
кәдімгі  көпшілікке  аян  тағдырлар,  тіршіліктер  сөз  болады. 
Бүгінгі  өмірдің  еш  жасандылығы  жоқ  шындығы,  шынайы 
өмірі  осы  азғантай  абзацтарға  сыйып  кеткен.  «Қысқалық 
таланттылықтың белгісі» деген А.П. Чеховтың атақты сөзін 
еске алсақ, шынында да бір повестке жүк боларлық сюжеттің 
сөлін  сығымдап  бірер  сөзбен  қайыру  әрі  өте  дәлдікпен, 
кәсіби шеберлікпен берілуі қуантарлық. Бүгінгі уақыты жоқ, 
ынтасы жоқ оқырмандардың талабы мен заман зәрулігіне сай 
ықшам да қысқа жазудың жетік жолын тапқан қаламгердің 
даралығын  танытар  тәсілі  құрғақ  баяндап  отырып-ақ 
жаныңды    жауратар  ауыр  жағдайды,  сүйек  сырқыратар 

6
Әдебиеттану                        
сезімді  сыйлайды.  Мәдина  дәстүрлі  ұлттық  ойлау,  жазу 
машығынан  мүлдем  ажырап  кетпесе  де    бүгінгі  дәуір  мен 
адамның тынысын, тіршілігін, табиғатын танытарлық тапта-
урын емес өзіндік тілді, өрісті, тәсілді тауып алған. Титтей 
туындымен  де  талай  тарихи  оқиғаларды  ойға  алып,  талай 
тағдырлар  тауқыметін  тұспалдап,  тастай  түйін  жасап,  тап-
тұйнақтай етіп  әңгіме шертуге болады екен. Оқып көрелік: 
«...Байғұс  мамасын  жеңгесі  бір  күн  де  қондырмай,  келген 
күні  қайтарған.  «Орын  жоқ.  Онсыз  да  ауа  тар.  Маржанға 
зиян» деді жеңгесі. Ал ағасы «Онда кешкі автобусқа үлгеріп 
кет» деген. Мамасы қайтып кетті. Жол бойы армандаған суы-
на да түскен жоқ, туған кезінде бір көріп жете алмай жүрген 
Маржанды да мауқын басып көтермеді. Баланың көзіне жас 
үйірілген ...» (132-б).
Осы  бес  сөйлем  біздің  өміріздің  қатыгездігін,  ілуде 
біреу емес екінің басында болып жатқан қоғамдық, рухани 
қасіреттен хабар береді. Ағам деп алып-ұшып келген бауыры 
енді ауылға қайтуға, шешесінен ақша алдыруға телефон ша-
латын 20 теңге таппай, табан астын түртініп, жер шұқылап 
жүр. 
«Қария»,  «Кемпір»,  «Әже»,  «Менің  ауылым»,  т.б  туын-
дыларда    да  жалғыз  қалған  қарттар  тағдырын  тілге  тиек 
етеді.  Жарты  беттік  шығармаларда  шыңғырған  шындық, 
шыжғырылған  ақиқаттар  бетті  басады:  «...Көзің  шықсын. 
Көзің шыққыр, сорлы. Балалар жоқ. Өстіп жалғыз қалайын 
деп  таптым  ба  бес  баланы.  Өлсем  келіп  көмуге  жарар  ма 
десеңші, шіріктер. Енді қайтейін. Ой, Алла-ай. Аман болсын 
әйтеуір. Қайтейін...» деген шарасыз аналардың жан айғайы 
бүгінгі  заманның  зарындай  ащы  (134-б).  Жалғызсыраған, 
қасіреттеніп  қапаланған  қарттар,  ұмыт  қалған  ауыл-
дар  тағдыры,  бүкіл  ауылды  жайлаған  жұмыссыздық, 
соның  салдарынан  сандалып  түрлі  сорақылыққа  жол  бер-
ген  жастар,  ертеңге  деген  үміті  жоғалған  жас  ұрпақтың  
қатерге  толы  мағынасыз  өмірлері,  адамдар  санасындағы 

7
Әдебиеттану
бейберекетсіздіктің  болуы,  т.б  мәселелер  жазушының 
философиялық 
ой-пікірінен, 
көркемдік-эстетикалық 
көзқарасынан хабар береді.
Туған бауыры түгілі әулет, елдегі жетім мен жесірін жеу-
ге қара нан таппай отырғанда да қаңғыртпайтын қазақ «қой 
үстінде  бозторғай  жұмыртқалаған»  бүгінгі  бейбіт,  бақуат 
кезде  неге  туған  бауырына  осылай  бейбүйректік  танытады 
екен? Сұрақ көп, жауап жоқ. Өйткені, ол бүгінгі өмірімізге 
тән жаппай құбылыс. Қоғамдық қасірет.
«Мысық» деген әңгімесі де адамнан, оның таза сезімінен 
гөрі жылы жерді, жан тыныштығын ғана ойлайтын тіршілік 
иесін артық көретін қала адамының қауіпті психологиясы сөз 
болады. Бала, отбасы секілді киелі ұғымдарды ит-мысыққа 
алмастырған  қалалықтардың,  әсіресе  өзге  ұлт  өкілдерінен 
жұққан жаман әдеттің  ақыры қандай қасіретке соғады деген 
сауалға жауап іздейді жазушы, мұнда. 
«Күзгі бір кеште» мистикалық сарын билік алған. Бірақ, 
қазіргі қоғамдағы үрейдің үлкені. Аулаға шыққан көршілер 
әңгімесіне құлақ қойсақ: «– Титімтайы титімдай ғой. Кеше  
Асхат екеуі  бұталардың арасына кіріп кеткен. Тіпті жоқ болып 
кеткеннен кейін ақырын арттарынан барсам, құшақтасып жа-
тыр. Не істерімді білмей қалдым...» (138-б.). Бес жасар ұл мен 
қыздың  қылығы  жаға  ұстатады.  Қазір  бұрынғыдай  «қызды 
қырық үйден тию»  дегенді бойжеткендерге бағыштаса, қазір 
қаршадайларға да қарата айтылатыны қандай қорқынышты. 
Бірақ мұндай оқиғалар орын алып жатқаны да шындық емес 
пе? Он жасар оқушылардың үйленуі, 5 жасар періштелерді 
зорлап, өлімге қию секілді адам шошырлық  ақпараттардың 
күн  сайын  теледидардан  беріліп,  санаға  соққы  беруінің  өзі 
әлдекімдердің  ұлттық  рухты  құлдыратудың  қитұрқы  саяса-
тынан сыр беретіндей. 
Ал,  «Қатыгездік»  деген  әңгімесінде  отбасы  бар  жігіт 
ағасына  ғашық  Сәуле  есімді  жас  қыздың  ұлы  сезімге  де-
ген сәби адалдығы алданып,  ақыры ажал құштырады. Ере-

8
 Әдебиеттану
сек  ер    адам  үшін  Сәуле:  «Нұрға  толған  жанары,  күлкіге 
толы  сөздері  осындай  мағынасыз  сенбілерге  мағына  беру 
үшін жаратылған» болса, ал Сәуле үшін бұл сезім: «...Өмір 
–    мен  үшін  үрей,  құпия.  Махабаттың  да  бақыттан  гөрі 
қорқынышы,  адалдығынан  гөрі  арамдығы  басым...»  (176-
б). Және әпкесінің уланып өлгенін хабарлаған баланың үні 
тым жайбарақат болғаны да «Қатыгездіктің» үздік үлгісі. Әке 
атанған ер адамнан кішкентай балаға дейін жалғасып жатқан 
«Қатыгездікті» қаламгер   осылай бүгінгі күннің көкейкесті 
тақырыбы деңгейіне дейін көтеріп,  келелі мәселе ретінде ой 
толғайды.
Өмірдің осындай  көріністерінен үлкен мәселе көтеретін 
Мәдина Омарованың жаңашылдығы кешегі кеңестік кезеңде 
қалыптасқан  құрмалас  сөйлемдер  құрсауынан  босап,  бірер 
сөзбен  де  батпандай  ой  айтуға  болатынын  білдіру.  Бұл- 
тәуелсіздіктен кейін қазақ әдебиетіне келген қаламгерлердің 
қолтаңбасы, дәуір даралығы, жаңа бағыттағы соны стилдік, 
тілдік  ізденістер  десек  те  қателеспеспіз.  Уақыт  талабына 
тез  бейімделген  жастар  шығармашылықтары  аз  сөзге  көп 
мағына  сыйдырудың,  шексіз  кеңістік  пен  уақыт  тынысын 
тым қысқа сөзбен бейнелесе де автордың тереңге жасырған 
мағыналарын ашудың   жаңа бір бағыттарына бет бұрғаны 
белгілі. 
ХХ ғасыр басында Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов,  
Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров,    Міржақып 
Дулатов,  т.б  сынды  суреткерлердің    көркем    прозалары 
шағын  болса  да  шымыр  ойлы,  шырынды  сөйлемдерімен 
ерекшеленсе, қазіргі қаламгерлер де қысқалықпен құнарлы 
ой  айтуға,  шағын  мәтінге  бүкіл  бір  көлемді  туындының 
мағынасын  сыйдыруға,  адам  жанының  арпалысын  ашуға, 
т.б деген талпыныстар жетерлік. Оны әр қаламгер өмірмен 
бірге өзгеріп жататын дүние тану түйсігі мен кәсіби шеберлік 
мүмкіндіктері  арқылы  айшықтап  келеді.  Және  олардың 
көпшілігінің  көркемдік  әлеміне    мистикалық  сипат  тән. 

9
Әдебиеттану 
Қазіргі заман прозасында тез құбылғыш адам жанының ішкі 
әлемі  эпикалық тұрғыда кең тыныспен баяндалмаса да оқиға 
түсінікті, ойлы.
М.Омарованы  қызықтырған  өз  өресіндегі  өнер,  қиял 
әлемі, өз танымы мен өмірді тануындағы, қабылдауындағы 
өзгерістер  мен  дүниені  бақылауындағы  тосын  тәсілдері 
таңба  береді.  Оның  азғана  жолдан  тұратын  туындылары   
бүгінгі  заманның  талабы.  Бұл  бүгінгі  ойлау  формасының, 
көркемдік-эстетикалық  талғамның  бүтіндей  өзгергенінің 
куәсі. Жастардың өз үнін шығарып, өз өрнегін танытуы да өз 
заманының талабына сай заңды да. Өйткені, әр дәуір өзінің 
таңбасын    тарихта өшпестей етіп қалдырары хақ. Ал, оны 
қай  қаламгер  қалай  қабылдап,  қандай  ізденіс,  форма  мен 
мазмұн, түр мен әдіс арқылы айқындап, бейнелейді, ол өзінің 
жеке кәсіби шеберлігі мен  шығармашылық табысына байла-
нысты. Қазіргі қаламгерлердің осы жолдағы ізденістері мен 
жаңашылдықтары  жұртшылықты  жақсылыққа  жүгіндіріп, 
үздіктен үміттендіреді. Қалай болғанда жастардың талпыны-
сы мен табыстарына  ақ ниеттілікпен  қолдау білдірген оң. 
Жалпы  қазіргі  қазақ  прозасында  өзіндік  тілдік,  стилдік, 
көркемдік,  жанрлық  өзгешеліктерімен  өзіндік  өрнек  таны-
тып,  танылған  жазушы  Мадина  Омарованың  бұл  туынды-
сы  шынында  да  тәуелсіздіктен  кейін  келген  көркем  ойдың 
жаңашыл шығармалар шоғырынан табылары сөзсіз. 
«Ауызғы    үйде»  атты  әңгімесінде  хатшы  қыз  отыратын 
бөлмедегі  азғана  уақыт  пен  тар  кеңістік,    психологиялық 
ахуал,  қарым-қатынас  мәдениеті  кейіпкердің  көзімен 
суреттеледі.  Бүгінгі  әкімшілік  мекемелерде    орын  алған 
жүгенсіздік,  сағаттап  басшыға  кіре  алмай  дал  болатын 
жағдайлар, хатшы қыздарға ортақ мінездеме, олардың шы-
найы  бет-пердесі:  «...бастық  отыратын  бөлмеге  өтіп,  емін-
еркін  жүрісі,  тырнақтарының  ұзындығы  мен  көйлектерінің 
қысқалығы,  бейнесінде  дәулетті  кісілерге  құпия  қызмет 
ұсынатын  аруларға  тән  сырбаздықтың  есіп  тұрғаны  ке-

10
Әдебиеттану
ремет»,  –  деп  баяндалып,    соңында:  «Бюрократия.  Адам-
машина.  Жәлап.  Кетіп  қалдым»  деген  кейіпкердің  үш 
сөйлеміне  салмақ  түсіріле  бүгінгі  әкімдерден  гөрі  оның 
әмеңгерлерінің  елге  етер  есерлігі  қатты  сынға  ұшырайды. 
Мұны қазіргі әміршілік бел алған заманда билеуші топтың 
рақымсыздығы мен қатыгездігінің, адамдық қасиеттен айы-
ратын бюрократтық жайлаған әкімшілік органдарының сим-
волы десе артықтық етпейді. Адамгершіліктен, тазалықтан, 
ада болған қайсыбір  бастықсымақтардың адам қабылдаудағы 
қасиетсіздігі,  кісі  құрметтеуден  жұрдайлығы,  өзінің  жұмыс 
орнын  азғындыққа  айналдыруы,  үлкені  бар,  жасы  бар, 
ірі  бар,  кішісі  бар  жандарға  үстемдік  танытуы  да  бүгінгі 
тіршілігіміздегі бейберекетсіздікті бейнелейді. Бұл оқиғадан 
оқырман  автордың    өзі  өмір  сүрген  уақыт  пен  орта  жайлы  
түсінігін тануға мүмкіндік алады.
 Ал, «Ақын» деген әңгімесінде олардың типтік бейнелері 
екеуара  диалог  арқылы  ашылады.  Және  мұндағы  диалог 
өзінің граматикалық талабына сай, төл сөз бен  төлеу сөздің  
ара  жігі  тыныстық  белгілерімен  ерекшеленбей,    бірігіп, 
тұтасып  кету  үрдісі  үстемдік  алған.    Оқып  көрелік:  «Шар-
шап жүрмін» деді ол кісі. «Жалғызбын». «Әйеліңіз қайда?» 
«Әйел  бар  ғой,  сөйлесетін  адам  жоқ».  «М-м-м».  «Бірге 
жұмыс істеп жүргенде мен саған қырындамап па едім осы?». 
«Жоқ,  ешқашан»...  «Шекпеймін...  Одаққа  күнде  барамын...
Босқа  сенделіп  жүріп-жүріп  қайтам.  Ешкім  жоқ»  «Неге 
жоқ?». «Менің достарымның барлығы өліп қалған, о дүниеде 
барлығы».  «Түсінікті...».  «Екеуміз  жүрсек  қалай  болады 
екен, ә?» «Білмеймін, түк қызық болмайтын сияқты». «Жоқ, 
ағатай, жұмысқа баруым керек»... «Шаршап жүрмін» деді ол. 
«Мағына қалмады мына тірлікте. Шаршадым. Барлығы дал-
баса». Қолымды қысты. ...Алматыға күз осылай бір-ақ түнде 
келеді» (225-б.).
  Бүгінгі  рухани  жүдеген  шығармашылық  адамдарының 
арасында болатын әдеттегі әңгіме. Құлазыған қала, құлазыған 

11
Әдебиеттану  
қаламгерлер,  құлазыған  рухани  дүние.  Бәрі  тұспалмен  екі 
ауыз сөзбен баяндалады. Бұл тек екі кісі басындағы тоқырау 
емес, қоғамдағы қасірет. Ақиқаттан алшақтамаған тағдырлар 
өмірінен  үзінділер,  үзік-үзік  ойлар  маңайымыздың  меңіреу 
тыныштыққа  бой  ұрып,  ештеңеге  қызықпайтын  жастар 
табиғатынан  сыр  береді.  Қандай  ұсынысқа  да  жәйбарақат, 
немкетті  жауап  берушілік,  ешқандай  сезім,  эмоциядан 
жұрдайлық  жаныңды  түршіктіреді.  Екі  ұрпақ,  екі  жыныс 
өкілдері  арасындағы  өрескел  айтылған  сөздер  де  қазіргі 
қоғамның  тұтас  болмысын  көрсетеді.    Шығармашылық 
тұлғаға  тән  романтикадан  да  жұрдай,  жұтаң.  Төңірегіңдегі 
жәй қарапайым халық қана емес, ұлт пен елді алға сүйрейтін, 
ұлтқа  рух беретін шығармашылық орта да осындай рухани 
күйреуде,  тоқырауда  екендігінен  сыр  береді,  бұл  туынды.
Жалпы баяндау ырғағын, суреттеу сипатын  осылай күрт ау-
ыстырып  отыру  шығарманың  мағынасын  тереңдетері  хақ. 
Мадина да әңгімешінің интригасына құрылған  микросюжет-
тер жиі кездеседі. 
М.Әуезовтің:  «...Адамзаттың  көп  ғасырлы  мәдениеті 
бізге  қалдырылған  мұра  да  өз  дәуірің  туралы  жауап-
ты,  терең  ойлан  дейді.  Ал  біздің  әдебиетіміз  анық  күткен 
қадірлі  замандасымыздың  өзі  де  өзінің  дәуірін  барлық 
қайшылықтарымен,  бар  кең  көлемінде  даналықпен  қамтып 
тани  білетін  адам....Қай  жерде,  кім  болып,  не  кәсіппен  ай-
налыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі 
оның  иығына  артылған  жауаптылық  күші.  Ол  –    тарих  ар-
насында,  сол  тарихтың  тізбегіне  өзі  де  кіретін  жан.  Міне, 
әдебиеттік  шығарманың  ең  қасиетті  міндеті-дәл  осындай 
адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде 
ашып  бере  білуде»,  –  дегеніндей,  Мәдинаның  кейіпкерлері 
де  өз  заманының барлық қайшылықтарын танитын, өзінің 
келешегі  мен  ұлтының  тағдырына  жауапкершілікпен 
қарайтын  көкірегі  ояу,  көзі  ашық  жандар  («Уақыт  және 
әдебиет».    –  А.,  1962.  –  410-б).  Сондықтан  да  олар  жан-

12
Әдебиеттану
жағындағы құбылыстарға селқос қарай алмайды.   
Қаламгердің  қолтаңбасын  ерекшелендіріп  тұратын 
микросюжетті  шағын  шығармалары,  тіпті  кейде  3-4  қана 
абзацтан  тұратын  көркем  мәтіндері  де  аяқталған  ойды 
білдіретін  синтақсистік,  ырғақтық,  мазмұндық  тұтас 
құрылым болып табылады. Жазушының өзіне тән стилі мен 
оның прозасының дағдылы ырғағын танытатын бұл машық 
Мадинаның өз мәнері болса керек.
 Шағын жанрлы туындылар әр елдің ұлттық құндылықтары 
мен менталитетінен мәнді  рухани мәліметтер береді. «Теңіз 
дәмі  тамшысынан  танылады»  дегендей  осындай  оймақтай 
әңгімелері  арқылы  бүкіл  адамзаттық  ойларды  айта  білген 
әңгімелер  қазақ  оқырмандарына  үлкен  тарту  екендігі  де 
күмәнсіз.  
Қазірде  қаламы  төселіп,  әдеби  ортаға  танылып  қалған 
қаламгердің  бірі  Ділдәр  Мамырбаева  балалар  өмірін  өзек 
етіп,  адалдық  пен  достық,  жақсылық  пен  жамандық,  өмір 
мен  өлім,  махаббат  пен  өшпенділік,  қайырымдылық  пен 
қаскүнемдік  т.б    туралы  өз  әлемін  жасап  алған.  Оның 
кейіпкерлері  қандай  да  бір  қиын  жағдайларға  душар  бол-
са  да  өзінің  табиғи  болмысынан  бөлектенбей,  тазалығын 
сақтауға тырысады. Оның «Махаббаттың ақ жауыны» атты 
әңгімелер  мен  хикаяттар  жинағындағы  аннотациясында: 
«Ділдар адамдар арасындағы, қала берді өзімен өзінің жан-
ды,  нәзік,  «дертті»  жерін  тауып,  оқырманын  жайбарақат 
қалдырмайды. Оның әңгімесінің кейіпкерлері адамгершілік 
қасиетті  ұлықтайтын,  жан  дүниелері  ізгілікті  әрі  шуақты 
жандар» делінген. Шынында да осы күнге дейін 4 прозалық 
шығарманың авторы атанған қаламгер Ділдәр осы дәрежеден 
көрініп,  бағаланып  та  жүр.  Оның  бір  оқиғалы  сюжеттік 
желіге құрылатын шағын жанрдағы шығармаларында бүгінгі 
кезеңнің шындығы  көрініс беріп, осы дәуірдің рухани дерті 
сөз болады. 
Ділдардың  қаламгерлік  мақсаты  –  өз  дәуірі,  өз  заман-

13
Әдебиеттану 
дастары,  олардың  қилы  тағдырлары  мен  көңіл-күйлері, 
қайғысы  мен  қуанышы,  т.б  туралы  толғану.  Адамзатқа 
берілген  өмір  мен  өлім  аралығындағы  азапты  жыл-
дар    барлық  қайшылықтарымен  шынайы  бейнеленсе  ол 
қаламгердің өзіндік қолтаңбасын бедерлейді.  Ділдар да өз 
замандастарының  жүрегін,  жанын,  сезім  сергелдеңдерін, 
мінез қайшылықтарын, тағдыр талқысындағы психологиялық 
қақтығыстарын  нанымды  да  шеберлік  бейнелеуді  басты 
мұрат  тұтқан.  Ділдар  Мамырбаеваның  «Махаббаттың  ақ 
жауыны» атты әңгімелер мен хикаяттарындағы (– Алматы: 
«Алуа»  ЖШС,  2011.  –  300-б.)  «Құмалақшы»  әңгімесіндегі   
көріпкел  әйелден  баласының  болашағын  сұрағанда:  «-Бес 
жастан асқан күннен бастап құмалақ сөйлемей тұр. Ешнәрсе 
айта алмаймын», – деген жауабы кейіпкердің кейінгі өмірінің 
қасіретке  айналғанын  айғақтайды.  Санасындағы:  «-Сол 
күні  бір  қуанышты,  бір  жаманат  хабар  естисіз»  деген  сөзі 
сәт  сайын  есіне  түсіп,  өмірін  тозаққа  айналдырады.    Сау 
басына  сақина  тілеген  Қатираның  құмалақшыдан  естіген 
жұмбағын  баласы  Ержанның  5-ке  толған  туған  күніндегі   
құмалақшы  кемпірдің  қайтыс  болуы  туралы  қаралы  хабар 
шешеді: «Қатира құмалақтың неге сөйлемей қалғанын енді 
түсінді»  деген  сөзбен  тәмәмдалады,  әңгіме.  Бес  жыл  бойы 
ананың бастан кешкен психологиялық күйзелісі, баласының 
өміріне алаңдауы, жанын жегідей жеген үрейін, ішкі шерін 
сыртқа  шығара  алмай  шерменде  болған  екі  ұдай  сезімдері 
соншалықты  сенімді  әрі  көркем,  кәсіби  шеберлікпен 
бейнеленуі қуантады. Күрделі психологиялық тартысқа, ішкі 
жан әлеміндегі сезім мен ой ағысының тереңіне, құпиясына 
үңілу  өмір  шындығын  философиялық  тұрғыдан  пайым-
дауды  танытады.  Ана  мен  бала  арасындағы  махаббаттың 
өміршеңдігі,  оның  жолында  қандай  құрбандыққа  да  батыл 
баратын ана қасіретінің күрделі психологиялық күйзелістерге  
құрылуы  қаламгердің  өзіндік  қолтаңбасын  танытады.    
Жаңа  бір  бетбұрыс  белесін  айқындайтын  мағыналық-

14
Әдебиеттану
мазмұндық,  түрлік,  стилдік  ізденістер  мен  ерекшеліктерге 
ие  Д.Мамырбаеваның    прозасындағы  өмір  мен  өлім 
аралығындағы  мәңгілік  арпалыстарға  құрылған  тағдыр 
қақтығыстары  мен  тіршілік  қайшылықтары,  адамгершілік, 
ізгілік, адалдық т.б мұраттары, ар-ұждан параметрлері қалай 
болғанда  да  оқушысын  ойландырмай  қоймайды.  Көлемі  
шағын оқиға үзінділері, ой үзіктері болса да оларда айтар ой, 
берер бейне, тартымды тіл бар. Эпикалық баяндаудан бөтен 
оқыс  оқиға  мен  оқшау  ойға,  санаңды  селт  еткізер  сезімге 
бөлер  бір  сәттік  қана  эссе-суреттер  өздеріне  тән  суретті 
көркем бейнелей де біледі.  
Ділдәр өз дәуірінің дертін жақсы біледі, ол журналист, ол-
ана,  қоғамдағы  әрбір  қозғалысты  қалт  жібермей  қадағалап 
зерттеуді  міндет  санайды.  Өйткені,  өмірдің  өзгеруі  оның 
ұрпағының келешегін көрсетеді. Оны ана ретінде, қаламгер 
ретінде  де    ертеңгі  елдің  тағдыры,  ұлт  пен  ұрпақ  қамы 
толғандырады. Оны  қоғамдағы құбылыстар толғандырады. 
Сондықтан  да    елдің  құлағы,  көзі,  өзі  бола  білген  газет-
журналдардағы күнделікті ақпараттарды   шығармаларында 
пайдаланып қалуға құмар. Ол шығармаларына жеке адамның 
тағдырын, мінезін, арқау еткенмен бүткіл қоғамдағы тіршілік 
тұтас көрініп отырады. Әдебиет қашанда өз кезеңінің көркем 
шындығы болса онда әр кезеңдегі көріністердің кестеленуі 
табиғи заңдылық. Жасыратыны жоқ, күнделікті өмірде күн 
сайын    кездесіп,  сондай  ортада  өмір  сүргендіктен  олардан 
оңашаланып, оқшау қалмасың хақ. Сондықтан да әр сурет-
кер де өз заманының жыршысы, көркем шежірешісі. Ділдар 
да өзі өмір сүріп жатқан ХХ ғасырдың екінші жартысы мен 
ХХІ ғасырдың басындағы қоғамдық қозғалыстардың құпия 
қалтарыстарын  қойма  ақтарғандай  ақтаруға,    адам  сана-
сында  жүріп  жатқан  психологиялық  өзгерістерді  тереңдей 
зерттеуге зейін қойған. Автордың бірде ғалым болып, бірде 
дәрігер  болып,  енді  бірде  қарапайым  әйел-ана  болып,  кей-
де тіршілігі де түсінігі де тосын кейіпкерлер болып сөйлеуі 

15
              Әдебиеттану                        
де сондықтан. Бүгінгі өмірдің сан алуан өзгерісін   бүгінгі 
күннің  көзқарасымен  бақылаушы,  қабылдаушы,  бағалаушы  
автор өнердің құдіретімен оқушысына жеткізуге құштар.
Тақырыбы бүгінгі болған соң оның берілу, баяндалу фор-
масы да соған сәйкес болуы заңды. Мазмұн мен форманың 
сөзсіз  үндесуі  де  керек,  олар  бірін-бірі  іздеп  табады  әрі 
бірінсіз бірі өмір сүре алмайды.
Қазіргі  қоғамдағы  психикалық  құбылыстар  әр  дәуірдің, 
ортаның  өзіне  тән  әдеби,  табиғи  сөйлеу  тілі  бар  екендігін 
байқатпай қоймайды.
Ділдәрдың  кейіпкерлерінің  тілі  де,  сөйлеу  ерекшелігі  де 
бүгінгі стилдік ізденісті танытады. Және бір ескеретін нәрсе 
–  қазіргі  қазақ  прозасында  сюжеттік  желілердің  күрделі 
қақтығыстарға  құрылуы,  кейіпкерлердің  іс-әрекет,  ой  мен 
сөз  қайшылықтары,  мәтіндегі  оқиғалардың  көркемдік, 
психологиялық құбылыстары көбіне кейіпкерлеріне еркіндік 
беруінен гөрі  автордың  қысқа, біріңғай баяндауыштардан 
тұратын сөйлемдермен баяндап берулері басым түсіп жата-
ды.    
Ділдәрдың «Дарын жасушасы» деген әңгімесінде мүгедек 
балалар  үйіндегі  дарынды  балалардың  ауыр  тағдырлары 
сөз  болады.  Сау  адам  мен  сырқат  жанның    өмірді  түсінуі, 
қабылдау  қабілеттерінің  екі  түрлі  болатындары,  олардың 
көңіл күйлерінің де қайшылықтары дәрігер Темірғалиға аяғы 
жоқ сәби қыз Жанардың суретін бейнелеу барысында баянда-
лады. Көл жағасында көкке қарап отырған әдемі қыз салынған 
суретте  аспанда  бүркіт  бір  қанатын  жайып  бүйірлей  ұшып 
бара жатқаны көрсетілген. Темірғалидың тосын көрінген су-
ретке таңырқап қарағанын байқаған қыздың ойын автор бы-
лай  береді:  «–  Иә,  сіз  білетін  суретшінің      де  дәл  осындай 
суреті бар. Бірақ ондағы қыздың аяғы бар, жер басып жүре 
алады. Жер  басып  жүре  алатындар  онша  қиялдай  алмайды 
ғой. Олардың түйсіктері тұйықталып қалған. Шамадан тыс 
күрделеніп кеткен ойды қиял ғана көтере алады,-Жанар осы-

16
  Әдебиеттану
ны айтты да, екі қолын жерге тіреп, денесін жоғары көтеріп, 
екінші жамбасына ауысты» (97-б.). Дімкәс жандардың жан 
азабын зерттеп жазуда Ділдәр бейне бір дәрігер ғалымдардай   
тереңнен  талдап,  оның  жәй-жапсарын  жан-жақты  әрі  на-
нымды баяндайды. Сондықтан да сөздері де кейіпкерлерінің 
дәлелдері де дәйекті сенімді көрінеді.Көркем мәтіндегі меди-
цинада кездесетін әр түрлі ғылыми түсініктерді түсіндірудегі 
және сырқат жандардың тән азабын талдаудағы талпыныста-
ры автордың көп  ізденгенін байқатады. Тұйықталып қалған 
түйсіктерді ашып, ми бөлшегіндегі дарындылық жасушасын 
ашқан Темірғалидың  тың тәжірибе ретінде ауырып жатқан 
генералға  жасаған  операциясы  оның  математикалық  дары-
нын ашуға дәнекер болғанын, алайда оның ақыры адамдарға 
жасалған  қиянатқа  ұласқанын,  адамзаттың  ақыл-ойының 
жетістігі  Жаратылысқа,  Жаратушыға  қарсы  шығуы  талай 
қасіретке жол ашқанын автор өз тақырыбын терең меңгерген 
маманша шынайы бейнелеп береді.
Бұлардың  бәрі  қаламгердің  «ашушаң,  мәңгірген»  
замандастарының  табиғатын,  ішкі  жан  дүниелеріндегі 
психологиялық  құбылыстарды,  жан  азабы  мен  санадағы 
сырқаттарды суреттеудің сырын шеберлікпен  меңгергендігін 
дәлелдесе керек-ті.
Тосыннан  туылған  осындай  оқиғалардың  тасасында 
тұратын тұспалдар мен себептер бүгінгі дәуірдің сырқатын, 
адамдар жанының жарақаттарын танытады. Бүгінгі адамдар 
тағдыры,  жан  арпалысы,  өмір  өкініштері  қоғамдағы  әрбір 
құбылысты зерттейтін қаламгерлерден   ерекше ықылысты, 
ден қоя тыңдау мен түсінуді талап етеді. 
Жалпы  жазушының  қай  әңгімесін  алсаңыз  да  бүгінгі 
замандастарымыздың  күрделі  тағдырлары,  олардың  жан 
әлеміндегі түрлі сезімдік, психологиялық құбылыстар, ішкі 
сезім    иірімдері,  олардың  іздері  байқалатын  іс-әрекеттері, 
ішкі буырқаныстан, толғаныстан туып жататын   байлаулар, 
кейіпкерлердің шешімі  шынайы бейнеленген.

17
Әдебиеттану  
Ділдар  Мамырбаеваның  әңгімелерінде  ауыз-екі  тіл 
қолданылғандай  сезілгенімен  онда  дәстүрлі,  орнықты  жаз-
ба  тілдің  сөйлем  құрау  дағдысы  сақталған.  Сөйлемдері 
орнықты, бас-аяғы бүтін. Бұл қуанарлық жәйт. 
Дәстүрлі    талғам    мен  қалыптасқан  қағиданы 
қабылдамайтын  жастар  прозасында  кездесетін    тілді 
қолданудағы  мүкістер  мен  кемшіліктер  соңғы  жылдары 
саябырсыған  сыңайлы.  Жаңалыққа  жаны  құмар  жастар 
туған  әдебиетімізге    түбегейлі  өзгерістер  енгізуді  еншілеп, 
жаңа  тынысты,  тың  тәсілді,  жаңа  мазмұнды  шығармалар 
шоғырын сыйлады. Соның бірі – Лира Қоныстың «Құлпынай 
қосылған  балмұздақ»  атты  романы  (Алматы:  Профи  Ме-
диа, 2012. –144-б.). Ұлттық рухани дүниемізді дүрліктірген 
жаңашылдар  дүмпуінде  Лира  Қоныстың  да  қолтаңбасы  өз 
тосындығын  танытты.  Небәрі  142  парақтан  тұратын  осы 
заманның  көркем  шежіресін  шерткен  шағын  романда  ауыл 
мен қала өмірі қатар алынып, кейіпкерінің көзқарасы арқылы 
шынайы  бейнеленеді.  Бірінші  жақтан  баяндалатын  роман 
оқиғасы  мистикалық  таным  желісімен  жазылып,  оқыған 
жұртты  жайбарақат  қалдыра  алмайды.  Қайта  құру  зама-
нында  қазақ  әдебиеті  бастан  кешкен    рухани  дағдарыстан 
аман  алып  шыққан  Лира  сынды  бүгінгі  жастар  прозасын  
санаулы  ғана  көзіқарақты,  талғамы  жоғары  оқырмандар 
түсіне  алса  керек.  АҚШ  ақыны  Э.Л.Паундтың:  «өнер  ада-
мы  өз  ұлтының  сезгіш  түйсігі  тәрізді,  былайғы  қарапайым 
жұрт  оларды  толық  түсініп  кете  алады  деп  ойламаймын» 
дегеніндей,    қазіргі  көркемдік  бағыттың  бет  алысына,  ой-
лау  жүйесінің  сонылығына  соңғы  жылдары  түсіністікпен 
қарай бастағандаймыз. Бүгінгі заманның рухани  зәрулігіне 
сай  әдебиет  әлеміне    жаңа  түйсікке  ие,  өмір  мен  өнерді 
жаңаша қабылдайтын ерекше талғампаз ұрпақтың келгендігі 
қуантады.
    Қаламгер  Лира  Қоныстың    бүгінгі  өмірдің  мәтінін 
қалай,  қандай  форма,  қандай  мазмұнмен  баяндап  берудің 

18
Әдебиеттану
маңызды екендігін ескеріп, осы жолда талай жан арпалысы 
мен шығармашылық азапқа түскені романның аңдатпасында 
баяндалады.  Жас  жазушының  романы      өз  кезеңінің 
кеңістігі  мен  уақытына    деген    көркемдік-эстетикалық 
көзқарастарының  жаңалануынан    дерек  береді.  Оларды  өз 
түсініктерімен  қайта  қаузап,  қайта  қазбалап,  өз  өресімен 
өрнектеп,    мазмұнды  мәтінмен  қысқаша  ғана  айтып  шығу  
жолында  шығармашылық  жанкештілікпен  ізденген.    Лира 
Қоныс  романының  тәсілдік  түрі  тосын,  танымы  мистика 
болғанымен оның ойлау жүйесінен, сөз тіркестерінен өзімізге 
таныс баяндауды танып, бас-аяғы бүтін сөйлемдерді оқимыз. 
  Кітап аңдатпасында-ақ автор өзінің шығармасының жан-
рын,  оның  алып  жүрер  жүгін,  көтерер  көлемін,  көркемдік 
міндетін өзі анықтап береді: «Басымнан өткергенім ұзақ оқиға 
еді, бірақ, қарыстай ғана көлемге сыйдырғым келді, күрделі 
дүниеден түйгенім титімдей тәмсіл еді, тырнақтай түсініктің 
түйедей  құны  бар  еді,  сондықтан  шығармаларымды  роман 
атағым келді»(3 б). Кітаптағы   кейіпкердің творчестволық 
азапты тағдыры мен жан толқыны, рухани болмысы  өзінің 
бала  кезіндегі  бейнесімен  бір  бүтінге  айналып  кеткен.
Бейне  бір  елес  сынды  романның  әр  қилы  тақырыптағы 
әңгімелерінде  әр  түрлі  оқиға  барысында  орайын  тауып 
алдыңды орап бір көрініп қалып отырады. Оның кейіпкерлері 
кісі киік сияқты ортадан сырттап, саяқ жүруге құмар. Тіпті 
кейбірі мына өмірде болған ба, жоқ па деген күдік те туады. 
Көбінде қиял ғажайып ертегінің кейіпкеріндей өң мен түстің 
ортасында  жалт  етеді  де  жоқ  болады.  Бірі  алма  ағашының 
құдайы – Алмагүл болып Армандай асыл жігітті естен айыр-
са, бірі Мәжнүндей ғашық  болып  Бейімбеттің «Шұға десе 
Шұға еді-ау»  дегеніндей, «Айсәуле десе Айсәуле еді-ау» деп 
талайды тамсандырған  аруды айықпас дертке ұшыратады.
Әйтеуір  Лираның  кейіпкерлерінің  бірі  қияли,  бірі  періште, 
бүгінгінің  адамы  еместей.  Мистикалық  реализмнің  миды 
шайқайтыны соншалық санаң сергек, денең діргек қағады.

19
Әдебиеттану  
Лира 
Қоныстың 
прозасында 
постмодернистік 
бағытындағы  жазушылардың  қолтаңбасы  қылаң  береді. 
Оның  кейіпкерлерінің    дені  белгілі  бір  арман  қуып, 
романтикалық  қиял  жетегінде  жүретін  жастардан    гөрі  не 
істеп, не қойып жүргендеріне есеп бермейтін жандар.  Алай-
да,  олардың  санасының  бір  түкпірінде  ескі  ауылға,  ел  мен 
жерге,  ондағы  адамдар  тағдырына  деген  алаңдаушылық 
бары  аңғарылып  қалады.  Бұл  бүгінгі  жас  жазушылардың 
төл  тамырынан  әлі  де  болса  біржола  ажырап  кетпегенін,  
жаңалыққа   өлердей құштар бола тұра, өзінің дәстүрлі өнерін 
де сыртқа теппейтінін танытады.  Осы ретте автордың алды-
на қойып отырған мақсаты орындалған да сыңайлы. Түйедей 
құны бар тақырыптарды тырнақтай түсініктерге сыйдырып, 
тіршіліктен  түйгендерін    түймедей  тәмсілдерге  сыйдырып 
жіберген. Өзінің тіл өрнегі мен тәсілдік, стилдік нақышын да 
қып-қысқа  мәтіндермен нақтылап береді.
«Пролог»  атты  аңдатпасындағы  автордың  айтпағына 
құлақ салсақ: «..Әрбір түні түсімде көктен түсіп келе жатқан 
үзік-үзік  шығарма  мәтіндерін  көрдім,  аптаның  жұма  күні 
кітапханаға  келіп  махаббат  туралы  роман  оқитын  елес 
бойжеткеннің  әруағы  төсегімнің  басында  тұрды,  аяғы  жоқ, 
көйлегінің етегі желбіреп ұшып жүретін сұлу қыз жымиып 
күлді,  жұмақтың  босағасынан    орын  тепкен  Жеңісбек  до-
сым мұңайып қарады, су перісінің алтын қабыршағы көзімді 
қарықтырды,  құлпынай  қосылған  балмұздақ  сататын  Вера 
тәтей әлемімнің тұрғынына айналды, бұл мазалаған муза бо-
лар деген әртіс танысым, мен қайдағыны айтпағын деп күліп 
едім»(4-б.).  Кәдімгі  баяндау,  бірақ  есіткен  құлаққа  тосын 
кейіпкерлер тағдыры елең еткізеді. Оқуға деген құмарлығың 
артады.  Автордың  ішкі  жан  дүниесіндегі  арпалыс, 
шығармашылық шабыт іздеп шалықтауға шақ қалған сәттері, 
жазмыштың  сыйлаған  дарынын  дәріптерлік,  дәлелдерлік  
жазуға  деген  махаббат,  ғашықтық,  бәрі-бәрі  бас  кейіпкер-
автордың көркем мәтін ішіне еніп, тұтасып кеткен монологы-

20
Әдебиеттану
мен берілген. Романдағы авторлық кеңістік, сюжеттік уақыт, 
уақытқа  тән  стиль,  образдар  өмірі,  рухани  орта,  т.б  бүгінгі 
қазақ прозасындағы ортақ көркемдік құбылысты танытады.
 Туындыны тұтастандырып тұрған Лираның 1-ші жақтан 
баяндалатын монологтары әдеттегі әңгімелеуге  ұқсамайды. 
Роман  әрқилы  тағдырды  тірек  еткенмен  ондағы  оқиға 
желістері ортақ ойға құрылған. Бір ғана автор –  кейіпкердің   
алыста  қалған  ауылдағы  балалық  шағы  (көзінде  көл-көсір 
мұңы бар сары қыз) мен қайнаған қала тіршілігіндегі бүгінгі 
тағдыры  қос  рельстің  бағытындай  қанаттас  дамып  отыра-
ды. Оның бәрі кейіпкердің оқшау ойларымен, санасындағы 
мистикалық  қиялмен  қанаттанып,  таратыла  баяндалады. 
Ой  ағымы  арқылы    өрбитін  бүгінгі  өмір  көріністері  еске 
алу мен елестету категорияларымен көмкерілген. Қазақтың 
көркем прозасына Ж.Аймауытовтың «Елес» әңгімесі арқылы 
көркемдік  айналымға    түскен    бұл  тәсіл  қазір  де  бүкіл 
шығарманы  шырмап  алатын  алпауытты  әдеби  әдіс-айлаға 
айналды.    Елес  пен  елестету  сынды  бейнелеу  құралдары 
басым  «Келіншекталда»  ауыр  оқылатын  психологиялық 
мәтін  мол.  Автордың  сөз  саптауы  дәстүрлі,  қалыптағыдай 
қабылданғанымен  айтары  алабөтен.  Мәселен:  «Сол  күні 
мені  Қарамұрын  тастап  кетті.  Екеуміз  үй  ішінде  ашқұрсақ 
үш  тәулік  отырдық,  ешкімнен  қарыз  сұрамадым,  олардың 
ақшасын  беріп  тұрып  қынжылған  жүзін  көргім  келмеді. 
...Сол  күні  ақшаның  шын  мәнінде  қожайын  екенін  және 
жер бетіндегі адам деп аталатын тіршілік иелері оның құлы 
екенін  амалсыз  мойындадым»  (6-б).    Міне,  көп  көріністің, 
көп сөздің қажеті жоқ, нақты бүгінгі өмірдің нақыштары мен 
философиясы.  Және  оларға  соншалықты  көп  жүк  артпай-
ақ  жәй ғана екі ауыз қарапайым сөзбен «сілейте сынаған». 
Әрбір сөйлем, әр абзацында ауыл өмірі де қаланың қым-қуыт 
тіршілігі де өрнек алып, астарлы ойға, метафоралық мазмұнға 
ие.  Кішкене  ғана  мәтінде  кесек-кесек  ойлар  тұспалмен 
тұжырымдалып, күрделі өмір көріністері мен кейіпкерлердің 

21
Әдебиеттану  
қиын тағдырлары мистикалық реализм арқылы елес береді. 
Үзік-үзік  оқиғалар  мен  оқшау  ойлар  шебер  өрістеліп,    бір 
мәтіндей мінсіз оқылады. «Ақылдан гөрі еркелігі басымдау, 
өзі ғана емес, ертегі кейіпкерлері де өмір сүретін, жақсылық 
билік  құрған  шағын  әлемі  болушы  еді,  әжесін  қаралы  топ 
үйден шығарып әкеткен кезде сол ғаламшар біржола күйреп 
қалды»  (8-б.).  Әже  бейнесімен  бірге  кеткен  еркелік,  ертегі 
өмірі  сап  тыйылып,  оның  орнына  кітап  кейіпкерлерімен 
сырласу,  Абайды  оқып  тануға  деген  талпыныстың  туғаны 
сөз  болады.    Көшедегі  орындықтан  орын  алған  «...қайыр 
сұрап  тапқан  ақшасына  сатып  алған  арақты  бөтелкесімен 
ұрттап  ішіп,  рахатқа  батқан»  алпысқа  таянған  қаңғыбасты, 
«өзгелерді бірнеше минут бұрын есінен шығарып » сүйіскен 
қыз бен жігітті, «жетегінде тұмылдырықсыз, салпытұмсық, 
тықыр  жүнді  доберман  иті»  бар  бөксесі  бөлекше  үлкен 
семіз  әйелді  бейнелеу  арқылы  бүгінгі  өмірдің  шынайы 
көріністері  беріледі.  Мұнда  өткен-кеткен  тарих  та,  көз  ал-
дында  өтіп  жатқан  бүгінгі  көріністер  де,  тіпті  теледидар, 
бүгінгі ақпараттар тасқынында ешқандай талдау-талғамсыз 
өтіп жатқан  хабар-ошарға дейін бірі қалмай автордың наза-
рын аударып отырады. Сөз арасында айтылып қалатын  оқыс 
оқиғалар жиі ұшырасады. 
 Роман «Алма ағашының құдайы», «Құлпынай қосылған 
балмұздақ»,  «Жаңбырлы  күні»,  «Ажал  екінші  рет  айналып 
соғар  ма  екен?..»,  «Қош,  Күнекей!»,  «Құлпынай  қосылған 
балмұздақ 2», «Уақыт», «Уақыт 2», «Су перісінің зираты», 
«Махаббат  туралы  роман»,  «Сәкө,  су  және  Андерсеннің 
ертегісі», «Отыз үш тал раушан», «Мамыр айының тоғызы», 
«Ауылда»  атты  жеке  аттардан  тұратын  шағын  әңгімелер 
болғанымен  олардағы  оқиға  ортақ  желіге  құрылып,  бас 
кейіпкердің айналасына шоғырланған. Әр әңгімесінде көрініс 
беретін  көзінде  көл-көсір  мұңы  бар    сары  қыз-кейіпкердің 
балалық  шағы,  ауылдағы  өмірі,  мәңгілік  қимасы-әжесі 
мен  бақытты  балалықтың  базарын  бейнелейтін  құлпынай 

22
Әдебиеттану
қосылған  балмұздақ  сататын  Вера  тәтейі  туралы  әпсана-
әңгімелер  үнемі  үзеңгілес  жүріп  отырады.  «Эпилогтағы» 
:екі  уақыт  пен  кеңістіктің,  екі  ұрпақ  пен  екі  менталитеттің 
- қала мен дала өмірі, ондағы адамдар тіршілігі  әдемі ертегі 
стилінде беріледі: 
Жүрегіңді  шымыр  еткізетін  оқыс  оқиғалар  мен  то-
сын  табиғатты  тіршілік  иелерінің    құлазыған  өмірлері, 
жан  дүниелеріне  маза  бермеген  азаптары,  бүгінгі    рухани 
тоқыраудан туып жатқан қоғамдық қасірет  қаламгердің бас-
ты  тақырыбы.    Көркем  мәтіндердегі    психологиялық  ауыр 
тағдырлар әлемі автор дүниетанымындағы қайшылықтардан 
елес  береді.      Қарапайым  ақиқаттан  тұратын  өмірдің  мәні 
мен  мағынасын  мынау  жақсы,  мынау  жаман  деп  жіктемей, 
бейне бір тап өмірдегідей табиғи таңбалауға талпыну қазіргі 
қаламгерлерден басқаша, жаңаша жазуға мәжбүрлейді.
Оның  баяндауында,  тіршіліктегі  күнделікті  тоқтаусыз 
жүріп  жатқан  көріністерге  автордың  да  кейіпкердің  де 
пікірі  берілмейді,  тек  оны  тануға  деген  талпыныс  қана 
қылаң береді. Бірақ, қаламгердің назарынан еш нәрсе қалыс 
қалып қоймайды. Бүгінгі біздің бәрімізге  таныс қарапайым 
ақиқаттар  елеусіз  түрде  ерекше  мән  берілмеген  сыңайда 
айтыла  салады.  Соның  өзі  санаңды    бір  сілкіп,  азғана 
көңіл бөлдіріп «бұл қалай еді» дегендей өтпелі ойға бөлеп 
кетеді.Көркем  мәтіндегі  авторлық  баяндау  мен  персонаж-
дар сөздерінің қатарласа жүруі, тіпті көбінде кейіпкерлерге 
тікелей сөз берілмейтіні де көп кездеседі. Бұл бір Лираның 
шығармаларында  ғана  емес,  қазіргі  заман  прозасында  жиі 
кездесетін  жәйт.  Олардың  туындыларында  күрделі  оқиғаға 
құрылатын сюжеттік құрылымнан гөрі жеке адамның ойлау 
жүйесіндегі  психикалық  құбылыстарға,  оның  сәулесі  түсіп 
жататын  сөйлем  құрауындағы    түрлі  тосын  құбылтуларға 
ерекше  мән  беріліп,  оны  автордың  әрқилы  тұрғыдан  ба-
яндауы  басым  түсіп  жатады.  Санадағы  өзгерістерге  деген 
қызығушылық бар. 

23
Әдебиеттану
Әрбір  адам  тағдыры  –  тарих,  сол  кезеңнің  шежіресі 
деп  түсінсек,  психологиялық  күйзелістерге  ұшыраған 
кейіпкерлердің  тағдыры  да  бүгінгі  қоғамның  сырқатынан 
сыр береді, заманның болмысын бейнелейді. 
 Ол көп нәрсенің басын қосып ойды тереңнен ширықтыра 
береді,  қоғамдағы  барлық  былықтар  бірігіп  тұтасып  кет-
кен.  Жазушы  оларды  жекелемейді,  сол  арқылы  сапасыз, 
сапырылысқан,  түсініксіз  тіршіліктің  орын  алғанын  айып-
тайды.
Кезінде бір кемеңгердің: «көне құтыға жаңа шарап құюдың 
қажеті жоқ, қайта, жаңа шарап құюға жарайтын жаңа құты 
іздеуге тиіспіз»  дегеніндей  бүгінгі күннің мазмұнына сай 
форма  табу,  көп  компонентті  құрайтын  сан  алуан  амал-
тәсілдерді табу қазіргі заман қаламгерлеріне тиесілі міндет.
Лира  Қоныс  таңдаған  тақырыбы  –  жастар  тағдырын  
қысқа  да  нұсқа  нақылға  бергісіз  философиялық  түйінді 
ойлар    арқылы  жанрлық,  стилдік,  түрлік  табиғаты    өзгеше 
өнер  өлкесін  жасап  алған.  Оның  көркемдік  әлемі  ешкімге 
ұқсамайтын ертегімен етене байланысқан, елес пен кәдімгі 
тірі кейіпкер арасындағы қайталанбас қарым-қатынастарға , 
психологиялық қайшылықтарға толы   диалог, монологтарға 
құрылған.
Мәселен,  Лираның  кейіпкерінің  әдебиет  ауылынан 
екендігі  әрдайым  байқалып  отырады.  «Алма  ағашының 
құдайындағы»  Алмагүл  есімді  қыз  туралы  тәмсіл  тарихы 
мен    журналист    Лаура  мен  қыз-елеске    ғашық  Арманның 
арасындағы  диалогтар  соның  дәлелі.  Алма  бағында  бағбан 
болып жүрген бозбаланы елден, қаладан жырақта жүрсе де  
қиялындағы қызбен тіл табысып, бос кеңістікті өз әлемімен 
толтырып  жүргенін,  кісікиік  баласына  келін  іздеп,  шарқ 
ұрған Нәзипаның  трагедиясы, Лаураның да кезінде Алмагүл 
жайлы жазбақ болған туындысының тағдыры, жалпы адам-
зат  тарихындағы  алма  туралы  тәмсілдердің  берілуі,  т.б  
кейіпкер  автордың  ішкі  интеллектісін  танытады.  Кейіпкер 

24
Әдебиеттану
қыздың кісікиік жігіттің санасындағы кінәратты көзге шұқып 
көрсетпей «жігіттің көкейіндегі  әдемі ертегіні бұзуға баты-
лы  бармағанын»(30-б.),    «жақсылықты  желкен  еткен  жаны 
бар адамдар арамызда өмір сүргені үшін түрегеп тұрып қол 
соғайық, сөйтейік...», – деп аңыз әңгімесін ұрандап аяқтаған 
автор  арамызда  жаны таза, адал адамдардың азайып бара 
жатқанын  аңғартады.  Сондықтан  да  оның  кейіпкері:  «Ер 
жігітке бір тамшысын да қимаймын, бірақ, көз жасы әйелге 
сөзсіз  жарасады»деп  сөйлейді.  Кейіпкер-автордың    азамат, 
ақсақал, қария деген  киелі ұғымдардан айрылған,тіпті бұл 
ұғымдарды ұнатпайтын  ер  жігіттердің  жылауық табиғатын  
бір ғана тілек арман ретінде елеусіз айта салуы да тегін емес. 
Оның астарында қандай қатпарлы ойлар  жатқанын өзің-ақ 
біле бересің. 
Сондықтан  да  қазіргі  заман  прозасындағы    мәтіннің 
тілдік  структурасының  ұйымдастырылу  сипаты    бұрынғы 
қалыптасқан    стереотиптік  белгілерден  мүлдем  бөтен. 
Соған  сәйкес  автордың  да  көркемдік  қабылдауы,  өмірді 
тануы  мен  танытуы  да  тосын.  Оқиғалары  оқыс  сюжетке 
құрылып,  тартыстары    тіршіліктің  түкке  тұрмайтын  тәмсіл 
тектес  түйткілдерге  құрылғандықтан  қарапайым  ақиқаттар 
ауылынан  ұзай  алмаған  деген  ұғым  аңғарылғанымен  оның 
астарындағы  ойлар  ағыны  адуынды.  Жан  азабын  шегіп, 
қоғамнан жаңқадай жырықтап қалған жастар тағдыры бүгінгі  
дәуірдің  рухани  дертті  екендігін  ұқтырады.  Қарапайым 
ақиқат, жаны жаралы жастар өмірі оқыған жұрттың жанын 
жауратады.  Қатыгез қоғамның тілі де қатал болатыны  заңды.
Тіл  мен  түрдегі  ізденістер  де  осы  тұста  танылып  жатады. 
Сондықтан оқырман қазіргі прозадан көл-көсір көңіл-күйдің 
психологиялық құбылыстарын, тамаша пейзаждың бірнеше 
бетке  созылған  көріністерін,  кейіпкерлердің  күрделілікке 
күре  жол  ашатын  күрмеуі  қиын  күрескерлік  табиғатын, 
асықпай  ойланып    ағыл-тегіл  ағылатын  сана  тасқындарын, 
толғаныстарын  таба  алмай,  жандары  жұтаңдап,  жүректері 

25
Әдебиеттану
сыздайды.  Бірақ,  қазіргі  заманның  рухани  зәрулігіне  сай 
қысқа  қайырып  та  құнды  пікірлер  айтуға,  шағын  шермен 
де  заман  шежіресін  шертуге  болатынына  күннен-күнге  көз 
жеткізіп келе жатқандаймыз. Дана халық «үш күннен кейін 
көрге де үйренесің» демей ме?
Логикаға  келмейтін  сөздер  мен  ойлар,    психологиялық 
дайындықсыз  құрылған  тартыстар,  сенімсіз,  абсурдтық 
ақиқаттар еріксіз назар аудартады. Алайда, оны шығармадан 
шымшып  алып  тастай  да  алмайсың.  Онсыз  шығарманың 
шырайы кірмейді. Бәрі де өз бойына жарасымды жейдедей 
жабысып, құлпырып-ақ тұр. Жастарға жарасымды жаңашыл 
ойлар,  тың  тілдік,  түрлік,  стильдік  ізденістер  де  ілгері 
кеткендікті байқатады. Бұл қуанарлық та құптарлық жәйттер.
Қазіргі қазақ прозасы ғана емес әлем әдебиетінде үлкен 
әуестікке  ие  болған  публицистикалық  стиль,  газеттік 
жанрларға  тән  ақпараттық  ағындар,  елді  елең  еткізуге 
құштар  мистикалық  мазмұндағы  психологиялық  мәтіндер  
мұнда  да  жетерлік.  Үзік-үзік  бір  мазмұндағы,  кейіпкер-
автор, кешегі кішкентай сары қыз бен бүгінгі Лаура есімді 
журналист  бойжеткеннің  бастан  кешкен  хикаяттарына 
құралған роман оқуға жеңіл. Сөйлемдері де дұрыс құрылған, 
постмодернистік бағыттағы деп жүрген жазушылардағы тіл 
мүкістерінен ада, қысқа болса да ойлары нақты, бейнелеген 
өмір штрихтары да ширақ, күрделі тартыстар болмаса да сана-
сы кінәратқа ұшыраған жаны күйзелген бүгінгі күннің бейбақ 
кейіпкерлерінің  азабы  арқылы  қоғамды  қаталдандырған 
дәуір  дертін  кәсіби  шеберлікпен,  мистикалық  реализммен 
шынайы шенейді де.
Сөзіміздің соңында кіп-кішкентай мыстан кемпірдің көз 
қалтасындай  қанша  үңілсең  де  күрделі  табиғатын  таны-
тып, тұңғиығына тартатын тартымды туындыны тәуелсіздік 
тудырған  жаңа  бағыттағы  әдебиеттің  әдемі  үлгісі,  жаңа 
көркем  прозасының  жақсы  бір  үйренерлік  үздік  үлгісі  деп 
қабылдауға қарсы еместігімді түсіндім. Бұл жолы сынды қоя 

26
Әдебиеттану
тұрып, біздің қазіргі қазақ прозасындағы жақсы жетістіктерді 
көруге талпындық. 
1990-шы  жылдардан  бері  аузымызды  қу    шүбірекке 
сүртіп, тоқыраудамыз деп төбемізді төбелей бермей, осы 20 
жылға  жуық  аралығында  жаңа  қоғамдағы  психологиялық 
құбылыстарды  бір  кісідей  зерттеп,  зерделеген  жақсы 
ізденістерімен көрінген көркем прозамыз, жаңа әдебиетіміз 
бар  екен  деп  айта  алады  екенбіз.  Атақты  философ 
Ф.Ницшенің: «Жаман деп жүргенімізді жақсы деуге батылы-
мыз жеткен күні біздің өмірімізде ұлы кезеңдер басталады» 
деген даналық сөзіне сүйене отырып, біз де ұлттық рухани 
өмірімізде жаңаша өзгерістер бар екен, ол ұлы кезеңдердің 
басы болса екен деген тілекпен бүгінгі әңгімемізді тәмәмдасақ 
дейміз. 

Каталог: images -> keruen
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> №4 (43) 2015. Ғылыми және әдеби-көркем журнал меншік иесі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
keruen -> Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

жүктеу 2.83 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет