Механика – денелердiң механикалық қозғалысын және өзара әсерлесуiн зерттейтiн физиканың бөлiмi. Механика екi бөлiмнен тұрады: кинематика және динамика.
Зерттелетiн денелердiң сипатына қарай механика үшке бөлiнедi:
Материялық нүктенiң механикасы. Берiлген жағдайда көлемiн, пiшiнiн ескермеуге болатын дененi - материялық нүкте деп атайды. Егер дененiң өлшемдерiне қарағанда оның жүрiп өткен ара қашықтығы көп есе үлкен болса, бұл дененi материялық нүкте деп қарастыруға болады.
Қатты дене механикасы. Кез-келген екi нүктесiнiң ара қашықтығы өзгермейтiн дененi абсолют қатты дене деп атайды.
Тұтас орта механикасы. Газдардың, сұйықтардың тепе-теңдiгiн және қозғалысын зерттегенде оларды үздiксiз тұтас орта түрiнде қарастырады.