«Мәдени МұрА» МеМлекеттік бАғдАрламасының кітАп сериялАры



жүктеу 3.01 Mb.

бет23/38
Дата11.01.2017
өлшемі3.01 Mb.
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   38

269. «Бозторғай» 

Бір жылы ел жазылып жайлауға шығып, төрт түлік мал 

Арқаның апай төсіне тұяқ іліктірген кезде Түсіпбектің үйіне 

әдеттегідей Әупік пен Нақып бастаған Дәулеттің ағайында-

ры келеді. Қадірлі қонақтарына Түсіпбектің үй іші жайылып 


250

күй аңыздар

жастық, иіліп төсек болып, жандары қалмай күтеді. Түсіпбек 

қобызын сирек ұстайтын адам екен. Бірақ сыйлы қонақтары-

ның көңілі үшін қобызын алдырып, әдеттегідей інісі Ақынбайға 

құлақ күйін келтіртеді, шайырын жаққызып баптатып алады. 

Түсіпбек қобыз алдыртқаннан-ақ үй төңірегіндегі бала-

шағаның дабырын тыйып, үй ішіндегілер тиісті орындарына 

жайғасып тыныштық сақтайды. Тек қана босаға жақта тұғыр-

да отырған бүркіт «қияқ-қияқ» деп шақырып, тыныштықты 

бұзғандай болады. Ақынбай кіржің етіп: «Қолбала емес, түзден 

алған құс еді, қайыруға көнбей қойды, қайсар екен»,—деп, 

қонақтардың алдында ақталғандай шырай танытады. 

үйдің ши жағында Түсіпбектің Шәмшиядан туған Шырын 

деген қызы ши түбіндегі қара сабаның сылдырмақты піспегін 

қызықтап тұрады. Жаңа қаз басуға жарап қалған Шырын ның 

үстінде қызыл көйлегі болса керек. 

Содан, Түсіпбектің қобызды қолына алғаны сол екен, 

босағадағы бүркіт дүр сілкінгенде тұғыр басына орай салған 

балақ бауы босап кетеді. Аяғының босағанын сезген асау бүр-

кіт тұяғымен сарт-сарт ұрып, томағасын сыпырып түсіреді. 

Томаға түсісімен жанары жарқ-жұрқ етіп, үйдің ішіндегілерді 

жұтып жіберердей бір шолып шығады да, көзін саба түбінде 

селтиіп тұрған қызыл көйлекті Шырынға қадайды. Іле лып 

етіп тұғырдан қарғып түскен бүркіт балпаң-балпаң басып теріс 

қарап сылдырмақпен ойнап тұрған Шырынға қарай жүреді. 

үй ішіндегілер сілтідей тынып, аңырып қалады. Себебі, түз 

тағысының мінезі аян, дәл қазір тосын қимылды сезсе болды, 

көз алдындағы қызылды қызғанып тұяқ жұмсауы мүмкін. 

Бүркіттің шалт қимылы жай оғындай жылдам екенін, сол 

жер де жат қимылмен жарысып тұяқ жұмсаса, баланы майып 

қылатынын әсіресе құсбегі Түсіпбек жақсы біледі. Жақсы біл-

гендіктен де, Түсіпбек тығырықтан шығар шешімді өзі табады. 

үй ішіндегілер «енді қайттік!» деп булығып отырғанда 

Түсіпбек қолындағы қара қобызын сыза жөнеледі. Қиян дала, 

қиыр шеттен талып жеткендей бір тосын сарын үздіге сұңқыл-

дап келіп, ширыға шырылдайды. 

Сонда, қызыл көйлекті баланың ту сыртына төніп келген 

бүркіт мойнын қылқыңдатып, ашық тұрған түндіктен зеңгір 

көкке көзін төңкере қадап тұрып қалып еді дейді. Бүркіттің 

қобыз үніне алаңдаған сәтін пайдаланған Ақынбай лып етіп 


250

251


күй және күйшілер туралы аңыздар

орнынан тұрып, түз тағысын тік көтеріп әкеп тұғырына қон-

дырады. 

270. «Жалғыз аяқ» 

Бағаналы Сандыбайдың Ерденінің баласы қайтыс болғанда 

ықылас өзінің «Ерден» деп аталып кеткен жұбату күйін 

тартқан. Сол жолы ықыластың арқалы өнеріне тәнті болған 

Ерден Тамалардың барымталанған жылқысының қайтары-

луына себепші болған ғой. оған қоса ықыластың алғаш рет 

алыс-жақындағы бас көтерер білікті адамдарға танымал бола-

тыны да осы кез. Тама руының игі жақсыларына олжа салып, 

өз ағайындарының арасында да зор беделге жеткен. 

осы сапар ықыластың қанатты өнеріне тәнті болған Ерден 

сый-құрмет көрсетіп, астына ат мінгізеді, иығына шапан жабады. 

Содан ұлытаудағы Ерден ауылынан көңілдері көтеріңкі 

аттанған Тама елінің адамдары Сарысу бойындағы қонысына 

ертерек жетуге асығып, суыттау жүрсе керек. Сол суыт жүріске 

шыдамай, ықыластың Ерден ауылынан сыйға мінген аты 

ақсап, қолдауы сөгіліп қалады. Бұл топтың ішіндегі ең жасы 

ықылас болған соң үлкендер жағы әзілдеп: «Әй, ықылас, осы 

сенің қобызыңның дауасы күшті болып тұр. Жалғызынан айы-

рылып, жер бауырлап жатқан Ерденнің қайғысын сейілтіп, 

басын жерден көтерттің. ол аз дегендей, Ерденнің көнтақым 

ұрылары әлдеқашан сіңіріп кеткен малымызды қайтарттың. 

Енді мына Ерденнен мінген пырағыңның жанын қинамай, 

сол қобызыңның өнерін тағы көрсетіп, бір шипа келтірмей сің 

бе»,—дейді. ұзын жолда ерігіп келе жатқандарға ермек керек, 

басқалары да әлгі сөзді қолдап, кеу-кеулеп кетеді. 

Сонда ықылас жасы үлкен ағаларының сөзін әзіл де болса 

жерге тастамай, ат үстінде келе жатып қобыз тартады. Сарын ы 

да, ырғағы да бөлек соны саз әлгінде ғана әзілдеп келе жат қан 

үзеңгілестерін елең еткізеді. Күй еркелей толқып, сырғи созы-

лып барып аяқталғанда тыңдаушылары: «өй, мынауың тың са-

рын болды ғой!»—деп таңданыс білдіреді. 

Сонда ықылас бағанағы әзіл сөзге әзілмен жауап қайырып: 

«Енді қайтейін, иен далада ерімді арқалап жаяу қалар жайым 

жоқ. Мына ақсақ атыма шипа болсын деп тартқан күйім ғой!» 

деген екен. 


252

күй аңыздар

Кейін бұл күйі ел ішіне «Жалғыз аяқ» деген атпен тарап еді 

дейді. 


271. «Жезкиік» 

Көктемнің шуақты күндері бел алып, Арқаның Бетпақ-

дала мен жапсарындағы Ақтау, ортау, Қызылтау деп аталатын 

сілемді таулары ерекше шұрайланған кез екен. Ел жазылып 

жайлауға шыққан, көңілдері көтеріңкі, мәре-сәре. 

осындай бір табиғат пен адам қауышып, жайлаудың қызық 

күндері басталған шақта дәулескер күйші Сайдалы Сары Тоқа-

ның үйінде Арқаға даңқы жайылған күйші-домбырашылар дың 

басы қосылып қалса керек. олар: «Сары Тоқаның інісіндей» 

болып кеткен қобызшы ықылас, ән мен күйді тел меңгерген 

Дайрабай, домбыраға тіл бітіретін Қыздарбек. Бұлардың бәрі-

нің де ауылдары Сары Тоқа ауылына жапсар. Сонсоң да, Тоқа-

ның жасының үлкендігін сыйлап, ел жайлауға шыққан кезде 

арнайы келіп сәлем беруді әдет еткен. 

орайы келген сәтте бас қосу, сырлы сұқбат, кезек-кезек 

тартылған әсем күйлер бұлардың көңілін көтеріп, шабыттарын 

шалқытады. осындай бір шақ болса керек, көгалға сары ала 

сырмақ төсетіп, сары қымыз сапыртып, сұхбат құрып отыр-

ғанда ауыл іргесіндегі жоннан асып төгілген алтындай болып 

қалың киік көрінеді. Ғажайып көрініс әркімді-ақ қайран қал-

ды рады. Сонда, қашаннан ұшқыр ойлы, шалт мінезді Тоқа оты-

рып: «Мынау бір, көз алдыңнан кетпесе деп тілейтін сұлу сурет 

екен. Шыныменен сұлулықты дыбыс етіп саусақтарыңа іл ген-

дерің рас болса, осы суретті күй етіп көріңдерші!»—дейді ғой. 

Табиғаттың еркін өсіп, желмен жарысқан ерке киігін та-

машалап отырғандардың ішінде Тоқаның әлгі өтінішіне ал-

дымен ықылас елеңдеп, аз-кем абыржи толқып отырады да

қара қобызына қол созады. Іле қыл қияқты құшырлана шалып, 

әлгі бір сұлу суреттен бірде кем емес сырлы сазды құйқылжыта 

төгеді. Күй бір тыңдауға ойнақы болып көрінгенмен, осынау 

даланың мұң-сырын тұяғына ілестірген арман-киіктей болып, 

азаттықты дәріптейді. 

Күй де бітеді, қалың киік те қыр асып, көзден таса болады. 

Сонда, көкірекке қуаныш өксігі болып кептеліп, жанары жаса-

урап отырған Дайрабай алдымен тіл қатады. «Апыр-ай, ықам-


252

253


күй және күйшілер туралы аңыздар

ай, адам жанын айтқызбай түсінетін жампоз екенсіз ғой! Ту саң 

ту! Әлгі сырлы саз қырдың қызыл киігін қиялдағы жез киік ке 

айналдырып жіберді-ау!»—деген екен. 

Сол жерде «Жезкиік» деген атпен тұсауы кесілген күй ке-

шікпей-ақ байтақ қазақ даласына тарайды... 

Бұл—қазіргі Жезқазған облысына қарасты Жаңаарқа ауда-

нының жерінде қыз бұрымындай Көктал деп аталатын өзеннің 

бойында 1880 жылы жаз айларының бір мамыражай шағында 

болған оқиға. 

Ел ішінде «Жезкиік» күйіне қатысты мұнан басқа да бір 

аңыз айтылады. ықыластың үлкен әкесі Алтын бармағы майыс-

қан зергер болыпты дейді. Сол кезде тамалармен жапсар Қоңыр 

төренің ауылы отырады екен. Бұл—әйгілі Құдайменде төренің 

бел баласы. Құдаймендеден Қоңыр, одан Бегалы, Жаналы де-

ген екі бала болған. Бегалыдан Жәңгір туған. осылардың қай-

қайсысы да төрелігіне қоса төңірегіне байлығымен де даңқы 

жайылған, жуансіңір шонжарлар болған. 

Бірде Қоңыр төре өзінің бой жетіп отырған қызының жа-

сауын келістіру үшін Алтын зергерді арнайы шақыртып, жаз 

бойы зер бұйым жасатады. Алтынмен бірге ер жетіп қалған 

немересі ықылас еріп келеді. Жай еріп келмейді, жасы 

ұлғайып қалған атасының бірде көрігін басып, бірде көмірін та-

сып, қолқабыс тигізеді. Қоңыр төренің қызы өзіне арнайы зер-

гер бұйым жасалып жатқан соң, күн сайын ұстаханаға келіп, 

бірде саусағын, енді бірде білегін өлшетіп кетіп жүреді. Сөйтіп, 

жүріп ықылас екеуі жақын танысып, сөздері жарасып, бір-

біріне көңілдері құлайды. Әсіресе, ықылас тұңғыш рет бозбала 

сезіммен құлай беріліп, жан дүниесі жалынға оранғандай күй 

кешеді. оның үстіне Қоңыр төренің қызы атастырған жігітіне 

салқындау болса керек. Бұл да ықыластың қабырғасын сөк-

кендей жүрегін сыздатады. Аз уақытта танымастай өзгеріп, 

мұңая тұйықталып жалғыз ғана қобызымен сырласқандай 

ертелі-кеш күй шалады. 

Мұнің бәрін зерек атасы Алтекең сезіп жүреді. Немересі нің 

уыз сезімін аяп, іштей күйзеледі. Бірақ амал бар ма?! 

Содан, күндердің күнінде төре қызының зер бұйымдары да 

жасалып бітеді. Қоңыр төре мейлінше риза көңілмен: «Алте-

ке, қолың құтты болсын, мынау қол майың»,—деп, алдына екі 

үйір жылқы салады. 



254

күй аңыздар

Сонда Алтын алғысын айта отырып: «Көңілің зерек, құла-

ғың түрік төресің ғой, баламның күйін тыңда»,—деген екен. 

Мұнысы, төремен сүйек боламын деп дәмесін зорайтпаса да, екі 

жастың бір-біріне ынтық сезімін емеурін еткені еді дейді. 

Қоңыр төре бұл емеурінді түсінеді. Түсінбегенде ше, атасы 

иек қағуы мұң екен ықылас жаз бойы жас жүрегіне жұбаныш 

болған күйін лекіте шалып жөнеледі. Сырты сұлу тың сарын 

естір құлақты елең еткізіп, жүрдек ырғағына еліктіре үйіріп 

жөнелгенімен, күй астарындағы мұңлы сезім жүректі шымыр-

латып сығымдағандай болады. 

Сонда, Қоңыр төре де іштей мүжіліп, өзінен-өзі шөгіп, үн-

түнсіз отырып қалған екен... 

Кейін, арада жылдар өткенде ықылас жолаушылап келе 

жатып қалың қорым, моланың арасынан әлдекімнің мұңлы 

даусын естіп, ат басын бұрады. Жақындап келсе үсті-басы өрім-

өрім, ағара бастаған шашы ұйысқан, есі кірерлі-шығарлы бір 

бейбақ әйелді көреді. Бұл баяғы Қоңыр төренің ықылас ғашық 

болып, өзінің әйгілі «Жезкиік» күйін арнаған қызы еді дейді. 

ықыластың әйгілі «Қоңыр» күйі осы Қоңыр төреге арналып 

еді деген сөз бар. 



272. «Ерден»

(I нұсқа)

Бірде Ерден жапсар жатқан Таманың Қазы деген әлдісімен 

қырбай болып, қыр көрсету үшін алалы жылқысын ойсырата 

айдатып алады. Жылқышылар дереу із кесіп, ұрланған жыл-

қы лардың Бағаналы еліне тірелгенін анықтайды. Кешік пей-ақ, 

Ерубай би бастаған Байзақ қажы, Берден, иманмырза, Есен-

шора батыр, Барлыбай, Тіленші, Құлтас қатарлы Таманың игі 

жақсылары Ерденнің алдына өту үшін атқа қонады. Берсе, ақа-

дал малын айдап қайтып, бермесе, бетін біліп қайтпақшы болады. 

Сол кезде Дүкенұлы ықылас жиырмаға әлі тола қоймаған 

жігіт екен. өз еліне қобызшылығымен танылып, тіптен өз жа-

нынан күй шығарып, жұрт аузына іліге бастаған кезі болса 

керек. Ерденнің ауылын бетке алған Таманың игі жақсылары 

ықыласты да атқосшы етіп ерте жүреді. 

Содан, Таманың жоқшылары Ерденнің ақ ордасына келіп 

ат басын тірейді. Сол жерде осыдан бір күн бұрын Ерденнің 



254

255


күй және күйшілер туралы аңыздар

Әйменде деген ұлының қайтыс болып, қаралы күйде екенін 

естиді. Маманың игі жақсылары аза үстіне тап болған соң иба 

сақтап, Ерденге көңіл айтудан арыға бармайды. Ерден болса 

жұбату сөздердің бірде-біріне селт етіп мойын бұрмастан, ах 

ұрып теріс қарап жатып алады. 

Ерденнің бұл сияқты қайғы жұтып, қасірет шеккен халі 

тек қонақтарды ғана емес, бүкіл Бағаналы елін дағдартады. 

Сөз біледі, жөн біледі дегендердің көңіл білдіріп, басу айтуы 

Ерденнің басын жерден көтерте алмайды. 

Сонда Бағаналы елінің Шоқай /Құлжабай деп те айтады/ де-

ген шешені келіп былайша басу айтаса керек: 

Ассалаумағалейкүм Ерден! 

Кеткенің бе кердең. 

Мен Шоқай ағаң, 

Алыстан көңіл айта келген, 

Кел, кәне, көріселік, 

Басыңды көтер жерден! 

Басыңа бақыт құсы қонып, 

Жасыңнан орын алдың төрден. 

Жаратқан пұлсыз беріп, құнсыз алды, 

Нең бар еді Құдайға берген?! 

Сенің шикі өкпе балаң түгілі 

Әкең Сандыбай да өлген. 

оны мына мен көзімнен көргем, 

Қолымнан көмгем. 

өлген қайтып келмен! 

Ауырды жер көтереді, 

Жерді жел көтереді, 

Қазаны ел көтереді, 

Қайғыны ер көтереді. 

Қарадан туған хан емес пе едің, 

Айырдан туған нар емес пе едің? 

Кеше әкең Сандыбай өлгенде, 

Қасында мен бар емес пе едім? 

Сен сонда жалаңаяқ бала емес пе едің? 

Жаманның басына іс түссе, бойлай береді, 

Көтер басыңды, 

Қарсы ал досыңды! 

Босатпа беліңді, 

Жасытпа еліңді!—

деп сөз тастайды ғой. Сонда ғана Ерден: 



256

күй аңыздар

—Е-е, бастасым келген екен ғой!—деп, жастықтан ба-

сын көтеріп отырады. Бірақ қайғыдан есеңгіреп, ешкімге на-

зар салмастан еңсесі түсіп отырып қалады. Тек, анда-санда 

құмыға уһілеп, тұсында сүйеулі тұрған қара қобызын сипап 

қойып, шерін босатқысы келгендей шырай танытады дейді. 

Қобызды сипай отырып, «Жазғызым, құлыным!»,—деп булыға 

күбірлейді. 

осылайша қара қобызына Ерден әлденеше рет қол созады. 

Кеудесін кернеген зарды сыртқа шығарар сарын тілегендей бо-

лады. 


Ерденнің басындағы осындай қайғылы халге босаға жаққа 

тізе бүккен ықылас та куә болып отырады. өлімнің жолы ауыр 

ғой, ол да іштей егіліп, Ерденнің басындағы қайғыны қобыз 

тілімен сарната сөйлеткісі келеді. Бірақ осынау азалы шаққа 

қаншалықты араша түскісі келіп отырса да, төрге баса-көктеп 

шығып қобызға қол тигізуге батпайды. 

осындай күйде үш күн, үш түн өтеді. Әймендені арулап 

қойып, өліктің үшін береді. Көңіл айтшылардың алды соңғы 

басу сөздерін айтып аттана бастайды. Ерден болса сол өзімен-өзі 

болып, тіс жармаған қалпы қара қобызына мұңая қарап қойып 

отырған қалпынан танбайды. 

Ал Таманың игі жақсылары болса үн-түнсіз аттанып кетуді 

жөн көрмей, «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тірлігін 

ісейді» деген қисынды сөздерін айта отырып, келген шаруала-

рын емеурін етеді. Сол жерде Ерден бір-ақ ауыз сөз қайтарады: 

—өз малым иесіз қалып жатқанда өзгенің малын қайте-

мін!—деп келте қайырады да, орнынан тұрып, сыртқа шығып 

кетеді. 


Ерденнің бетін білген соң Таманың ер-азаматтары қайтуға 

жиналады. осы кезде неше күндей қобызға ынтық болып, бірақ 

мынандай қаралы шақта қол созуға батылы жетпей булығып 

отырған ықылас төрдегі қара қобызды ала салады да, шалып-

шалып жібереді ғой. Жай шалмайды, үш күн бойғы Ерденнің 

«беу, жалғызым, құлыным!» деп күрсіне егілген сөзін сөйлете 

сызады. Сол қалпы Ерденнің көкірегіне кептелген зарды 

аңырата созып бір қайырады да, қобызды іргеге сүйей салады. 

осы кезде сырттан ентіге басып Ерден кіреді. Көзі жасау-

рап, иегі кемсеңдеп, омырау ашылып кеткен. Кірген бетте үй 

ішіндегі Таманың жоқшыларын бір шолып өтеді де: 


256

257


күй және күйшілер туралы аңыздар

—Апыр-ай, біреуің қобыз тарттыңдар ма, жоқ әлде, менің 

кеудемді кернеген қайғы сыртқа шыққысы келді ме?! Бір сарын 

сұңқылдап есімді алғандай болды-ау!—депті. 

Сонда үй ішіндегілер Ерденнің толқып, бұзылып тұрған 

өңінен қаймығып, жерге кіріп кете жаздап еді дейді. Тек бір 

қарт отырып: 

—Ау, Ерден, сабыр-сабыр! Мұнша неге боркемік болып 

кеткенсің. Мына бір бала балалық жасап, қобызыңа қол тигізіп 

қойды,—деп ықыласты көрсетеді. 

осы кезде Ерден екі иығын басқан зіл батпан жүкті алған-

дай, еңсесін түзеп келіп орнына отырады. Сонан соң басын 

көтеріп, қабағын ашып, Таманың жоқшыларына мойын бұрып 

тіл қатады: 

—уа, Таманың жақсы-жайсаңдары! Тай-тайлақты екінің 

бірі ұрлайды. рас, мен сендерден мал ұрлап едім. Ал сендер 

менен адам ұрлапсыңдар! Неше күннен бері менің қайғымды 

қызықтағанша, сол қайғыма араша түсер адамның барын айт-

саңдар болмай ма?! Іздегендерің мал болса табылар, қайғым-

ды сейілтер күй табылмас... Бел шешіп жайғасыңдар, қобыз 

тыңдайық!—деген екен. 

Неше күн бойы азалы ортада толқумен болған ықылас қо-

лына қара қобыз тиісімен тың сарынды сыза жөнеліпті. Қобыз-

дың қоңыр үні «бе-еу, жалғызым, жалғызым!» деген шерлі сөзді 

жоқтау айтқандай азынай созып бастап, «айналайын қарағым-

ай, үйбай-ай!» деп күңірене толғап, күрсіне қайырады. Қыл 

қобыз ішегін тарта жылап, азалы жанның зарын төгеді. өтпелі 

өмір, опасыз жалған туралы тұңғиық ойларға батырады... 

Сонда Ерден: 

—Пай-пай, мұндай да жорға болады екен ғой! Десе десін-

ау, десе десін-ау!—деп, қайғыдан сейілгендей шырай танытқан 

екен. 


Сөйтіп, осы жолы Таманың игі жақсылары ықыластың 

қобызының арқасында ұрлаған малдардың көзі барына көзін 

алып, көзі жоғына төлеуін алып, ат-шапан айып үшін алдарына 

қосақ салып, арттарына тіркеу ертіп, абыроймен елге қайтады. 

Ал ықыласқа арнайы сый-сияпат жасап, иығына оқалы шапан 

жабады, астына ат мінгізеді. 

ықыластың осы жолы Ерден алдында тартқан көңіл айту 

күйі ер арасына «Ерден» деген атпен тарап еді дейді.

17-136


258

күй аңыздар



273. «Ерден күйі»

(ІІ нұсқа)

ықыластың туған жері—Тама әкімшілік тұрғысынан 

ол кезде Ақмола уезіне бағынатын. ояз бастығы, басқаша 

айтқанда «дуанбасы» Ерден деген біреу болады. ол ешкімнен, 

ешнәрсемен санаспаған ниеті қара, қатал жан атанады. ол 

әсіресе негізгі тұрғындары Арғын руы болып саналатын бұл 

жерге ауып келген Тама руына тым қыспақтық жасайды. Екі 

руды таластырып, Ерден өзінің бас қамын ойлайды. Бір күні 

Тама руының өкілі жинаған алым-салыққа мүсе тұтпаған Ер-

ден, Арғындармен шектес отырған Тамалардың жылқысын 

қуып әкелуге өз шабармандарын жұмсайды. Таманың адамда-

ры «абыройлы, беделді» Ерденге келіп ешбір жазықтарының 

жоқ екенін, тиісті алым-салықтарын тиісінше төлегендерін 

айтып, мал-мүліктерін қайтарып беруін өтінеді. олардың 

сөздерін құлағына ілмеген Ерден, тіпті «түрмеге айдаймын» 

деп қорқытады. Тіпті, ол ол ма, Ерденнен көңілі қалған оның 

бір атшабарманы ықыласты қамшымен сабалап бәлеғаттап 

оның жалғыз атын тартып алады, қобызын тағы сындырмақ-

шы болады. Ашуға булыққан ықылас жаяу болса да Ақмолаға 

барып «дуанбасына» өз көзімен көрген атшабарман әділетсіз ді-

гін айтуға бел буады. Бірақ ауылдастары ықыластың бұл ойын 

мақұлдамайды. Ерден ол ойлағандай ақкөңіл емес, ол қайта 

біздің жылқымызды қайырып беруді өтінген ақылды азамат-

тарымызды дымсыз қуып жіберген, «ол, сені, ықылас тіпті кісі 

құрлы көрмейді» дейді олар. 

Бірақ ықылас ауылдастарының бұл ақылын тыңдамайды. 

Жолда ол «Жалғыз аяқ» күйін шығарады. «Егер би бір ауылды 

ғана билесе,—дейді ықылас,—менде жүрегі таза, ар-ұяты бар 

адамдарды билейтін күш бар, менде, менің өтінішімді «жарым 

патшаның» өзін тыңдауға мәжбүр ететін қобыз бар». 

Жолда—Ақмолаға жақындағанда, ықылас Ерденнің сүйік-

ті ұлы Айменденің өліп, оның ауыр қазаға ұшырағанын, Ерден-

нің кеңсесінде сирек болатынын естиді. Қолтығына қобызын 

қысып, ықылас Ерден үйіне келеді. Алдынан қарсы шыққан 

Ерденнің малайы «дуанбасының» үйде екенін, бақсыны қа-

былдауға құштар екенін айтады. ол кезде қобыз ұстағанның бәрі 

бақсы атанатын. Басын төмен түсіріп, ықылас төр үйге кіреді. 

Қайғысына ортақтасқандай болып, ол қысқаша дұға оқиды да, 



258

259


күй және күйшілер туралы аңыздар

өзінің қобызын ала салып қайғылы-қазалы күйін ойнай ба-

стайды. Күйдің музыкасына шыдай алмаған Ерден мен оның 

үй-іші ұзақ жыласады. Қайталап тағы және тағы ойна деген-

дей Ерден ықыласқа басын изеп белгі береді. Көңілі толған Ер-

ден ықыласқа жақсылап қонағасын беріп, кетерінде: «Қандай 

өтінішің бар еді?»—деп сұрайды. «Менің бір ғана өтінішім 

бар, егер мүмкіндігі болса, Тама руының жылқысын қайтарып 

бергізуіңізді сұраймын»,—деді ықылас. Ерден бұл өтінішін 

орындайтынына уәде береді, ықыластың тағы бірнеше үйінде 

жатып, өзінің қобыз ойнап, үй ішінің көңілін аулауын өтінеді. 

Ерденнің ұлы Айменде өліміне арнап шығарған ықылас күйі 

халық арасына «Ерден күйі» атанып тарап кеткен. 

274. «Қазан» 

«Қазан» күйіне қатысты ел ішінде мынадай бір сөз бар. 

ықылас өз кіндігінен Түсіпбек, Мақұлбай, Ақынбай деген үш 

ұл көрген. үшеуі де әке өнерін шашау шығармай, бойларына 

дарытқан қобызшылар болған. 

осылардың ішінде үлкені болған соң ертерек шаруаға ара-

ласып, ағайынға бас-көз болғаны Түсіпбек. Еті тірі Түсіпбектің 

қотанына мал бітіп, саудасы сәтімен жүріп, әжептәуір дәулет 

иесі болған адам. 

Бір жылы Арқа байлары мен серіктесіп Ірбіт жәрмеңкесіне 

кіре тартады. өзімен бірге «әрі серік боласыңдар, әрі ел-жер 

көресіңдер» деп, әкесі ықылас пен інісі Мақұлбайды ертіп ала-

ды. 

Ірбіт жәрмеңкесінде саудасы сәтімен жүрген Арқа байла-



ры іргеде тиіп тұрған Қазан қаласының қазыналы дүкенде ріне 

соға жүруді ниет етеді. Бірге келіп, бөлек қайтудың қисы нын 

таппаған Түсіпбектер де амалсыз Қазандатып қайтпақ бола ды. 

осы сапар Қазан қаласына жеткенде Мақұлбай тосын бір дерт ке 

шалдығып, дүние салады. 

Сонда ықылас: 

«Қазанға мен барғаным, 

Мақұлбайдан қалғаным!..»—

деп, өзінің жоқтау күйін тартып еді дейді. 

Бұл күйі кейін ел ішіне «Қазан» деген атпен тарайды. 



260

күй аңыздар



275. «Ханшайым» 

Бір жылы Кенесары қалың қолымен Арқаның Бетпақдала 

жақ жапсарындағы Болат, Тайатқан, Шұнақ, Мұңлы, Қулы 

тау ларын тұрақ етеді. Бұл жерлер Шұбыртпалы, Тарақты, Тама 

руларының іргелес қонып жайлайтын мекені. 

Сол жылы Кенесары інісі Наурызбайдың жанына қырық 

жігіт қосып, Кіші жүздің Тілеуқабақ деген ірі байына аттанды-

рып, жасағына жұмсайтын мал алдырмақ болады. 

Наурызбайдың от пен судан қайтпай жалындап тұрған кезі. 

оның үстіне қаһарлы ағасына арқа сүйейді. Сонсоң да батыл 

қимылдап, үшбурыл өзенін қиып өтіп, Тілеуқабақтың үш қос 

жылқысын айдап, жөнелсе керек. Сол кезде Тілеуқабақтың 

ер жеткен Әлі, Мұса деген екі ұлы, Қаншайым атты ақылына 

көркі сай қызы болады екен. 

Қолды болған малының соңына түскен Әлі мен Мұсаны 

Наурызбай жалғыз өзі қарсы алып, екеуін де қуып тастайды. 

Сонда, намысқа шыдамай Қаншайым атқа мініп, Наурызбайды 

жекпе-жекке шақырады. Күш-қайратына сенімді Наурызбай 

қызға қол көтеруге намыстанып, Қаншайымды сөзге тартады. 

«Қол көтеріп қарсыласатын емес, құшақ ашып жар ететін жан 

екенсің»,—депті Наурызбай. Сонда Қаншайым: «Құшақ ашып 

жар етсең, басыңа басым тең, Наурызбай! Бірақ ата салты-

нан үлкен емессің, өлетін мал мен тозатын дүниенің жолында 

аруаққа шет болмағайсың!» деген екен. 

Сол жолы Наурызбай Қаншайымның ақыл-парасатына 

тәнті болып, көңілі құлай беріліп, жылқыны өз өрісіне кері ай-

датады. Сонан соң Тілеуқабаққа кісі салып, құдалық сөйлесіп, 

ақыры Қаншайымды алып қайтады. 

Қаншайымның келін болып түскен жері Болат, Тайатқан, 

Шұнақ тауларының Бетпақдала жағындағы Майтөккен деген 

жер. Кенесары соңынан ерген жалғыз інісінің бас құрауына 

ұлан асыр той жасайды. Көп мал сойылып, ақ май ағып, майлы 

сорпа көп төгілген осы жұрт кейін Майтөккен аталып кеткен. 

Наурызбайдың үйлену тойы дүрілдеп өткен соң, екі жасқа 

арналып алтын үзікті ақ отау тігіледі. Ел-жұрт Наурызбай мен 

Қаншайымға ақ тілеу айтып, оң аяқпен босаға аттатады. 

Жортуылда жүрген елдің ұйқысы сергек, етек-жеңі жинақы 

болатын әдеті ғой. Бірде, Наурызбай ерте тұрып, жасақ қосын 

аралауға кетеді. 


260

261


күй және күйшілер туралы аңыздар

Сонда, сыртта жүрген Кенесары отау үйдің жанынан өтіп 

бара жатып жабықтан қарап еді дейді. Бұл кезде Қаншайым 

отау ортасына қойылған жез леген үстінде суға түсіп тұрса 

керек. Кенесары өңі жылып, жымия күлген қалпы бұрылып 

кетеді. 


Ханның осынау тосын қылығын байқап тұрған бәйбішесі 

«мұның не?» деп сұрағанда, Кенесары: «Бір шүйкебасқа бо-

ла құр қол келгені қалай деп пұшайман болып жүр едім, 

Науанымның қосағы үш қос жылқыға тұрады екен!»—депті. 

Бұл сөзді естігенде ханның ырымшыл бәйбішесі: «Апыр-ай, 

көзің жаман еді, сұғың өтер ме екен, түкір, түкір!»—деп шыр-

пыр болады. 

Айтқанындай, арада үш күн өткенде ару Қаншайым аз сәтте 

қарайып дүние салады. 

Ел-жұрт күні бүгінге дейін Қаншайым сұлуға Кене ханның 

көзі тиіп еді дейді... 

...осы оқиғаны бала кезінде жалықпай тыңдап өскен ықы-

лас есейген шағында күй етіп тартып, оны «Қаншайым» деп 

атаған. «Қаншайым» десе дегендей, күй мейлінше нәзік сыр-

лы, сұлу бітімді. Қарапайым ғана қайырымдары тыңдаушы 

көкірегіне тез қонақтап, бірер толғамда тез жатталып, күй 

тынған соң да әсем сарыны қайта жаңғырығып соңынан қал-

майды. Әсіресе, жалқы ішекпен сыза қайыратын тұстары 

Қаншайымдай арудың ойлы мұңға батқан парасатты тұлғасын 

санаңа ұялатқандай болады. 




1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   38


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал