МұҚАҒали поэзиясы – азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы


Ақынның азаматтық лирикасы



жүктеу 399.5 Kb.
бет6/21
Дата13.02.2022
өлшемі399.5 Kb.
#17227
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Мұқағали Мақатаев шығармаларының көркемдік ерекшелігі және балаларға арналған - копия
999999999
1.3 Ақынның азаматтық лирикасы
М.Мақатаев шығармаларында өмірдің күресін, шым-шытырық қайшылығын реалистік не романтикалық тұрғыдан көрсете білген. Бұл туралы Ә.Тәжібаев: «…Азаматтық лирика әрбір ақынның барлық саладағы шығармаларының бірден-бір барометрі» - десе, бұған жауап ретінде ақынның «Поэзия», «Қара өлең», «Сыр» тағы басқа өлеңдерінен ақынның тереңнен тебіреніп, философиялық ой тұжырымдағанын көреміз. Ақынның бүкіл жырының өзегі – шындық, сезім, ой, сенім. Оның поэзиясындағы философиялық ойдың тереңдігін, ақынның асқақ талантын, ұлағатты парасаттылығын биік тұрғыдан аңғартатын ерекше белгілер осылар. Сондай-ақ, ақынның табынып өткен тақырыбы – поэзия жайлы жырлары еді. Поэзия – ақын жүрегінің үні. Оның әрбір соққан жүрек дүрсілінен поэзияға деген шексіз махаббаты сезіледі. Ақынның бар асыл- арманы сезімі, ақын жанын торлаған мұңы, қайғы-шері поэзиясында көрінеді. Сол сезім астарынан философиялық ой түйіндейсіз.

Поэзия !

Менімен егіз бе едің ?

Сен мені сезесің бе,

Неге іздедім ?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Иә, өнерге ғашық, өмірге ғашық ақын осылай дейді. Өмірдің, тіршіліктің өз қалпы көркем өнерге өнім шығарар құнары болып отырса, адамның жан-дүниесіне осының барлығы өз әсерін тигізеді. Болмысында бітімі бөлек, өмірге деген өзегі толған, тіршілік әлеміне, өнер айдынына осылай өз үнімен, өзгеге ұқсамас мөлдір сезім, терең танымымен келген Мұқағалидың өнерге деген көзқарасы, талғам биігі өз алдына өлмес өмір. Меніңше, поэзия - өмірдің көркем бейнесі. Ақын осы бір ғана өлеңінің өзінде-ақ поэзия мен өмірдің біртұтастығын көрсетеді. Бұл өлеңде ешбір ғайыптан болған, қияли-фантастикалық дүниенің елесі де жоқ .Ол қайнаған тіршілік кені қайда болса, өлеңді де сонан іздейді. Ақын үшін поэзияға айналар сөз тиегі – күн мен түн, тау мен тас, шаттық пен мұң, түршігу мен күрсіну, адамның нарқы мен ата-баба тарихы. Мұнда «іздедім, сені іздедім» деген сөздерді сөз басында немесе әр жолының соңындағы қайталану арқылы эмоциялық әсерлілігі мен әуезділігін арттырып, өлеңге ерекше көркемдік сипат беріп тұр. Ақын өлеңі - тіршіліктің тынысы.



Махаббаттан іздедім,сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып ұшқан,

Сәттерімнен жаңылысқан,

Сені іздедім жадырау, жабығыстан .

Осы бір шумақ өлеңнің өзінде жырланатын қаншама тақырып жатыр.Тіпті болашақ өлеңдерінің обьектісі де, жырламақ бағдарламасы да анық. Осының бәрі де адам баласының тіршілігінде оның өмірлік күрес жолында басынан өткізер тағдырлары. Ес біліп, етек жапқан сәби балалығынан, өмірінің соңғы күніне дейінгі әрбір басқан ізі, өмірбаяны, мұң-мұқтажы, шаттығы мен қуанышы, сарғайған сағынышы, махаббаты бәрі-бәрі қайталанбас лирикаға айналып, ақын өзіне ерекше енші сыйлаған муза мен поэзиядан бір мезет те ажырай алмайды. Поэзия туралы философ Ғарифолла Есім сөзімен айтқанда:

«Поэзияның поэзия екенін тек поэзия ғана түсіндіре алады. Болмыс қайшылығында абайсызда сүрініп кеткен сізге қол ұшын беретін де осы - поэзия. Тек ол үшін поэзиядағы философия таяздамай көркемдік солмасын. Поэзия дүниенің ләззатын ғана ұсынбайды , ол оны танудың, меңгерудің, болжаудың таптырмас құралы, міне, осы тұста ол философиямен туыстас».

Сондай-ақ, ақын Мұқағалидың:

Қуаныштан,түршігу-күрсінуден,

Жүректердің іздедім дүрсілінен

Немесе


Сені іздедім,

Іздеймін тағат бар ма

Сені маған егіз ғып жаратқан ба ? - деген жолдарда адам жан-дүниесінің қым-қиғаш қайшылықтары, психологиялық толғаныстарының терең сырлары жатыр емес пе ?! Тегінде ақын осы бір ғана өлеңнің өзінде-ақ поэзия мен өмірдің біртұтастық алаңын, жігі білінбейтін, ажыратылмайтын кеңістігін сезімталдықпен көрсете білген. Өнерге келген жас талапкер өз ортасына көз салмай өнердің сол саласындағы өзінен бұрынғы талант иелерінің ішінен біреуді ұнатып, соған ұқсауға тырыспай оны өзіне үлгі-өнеге ұстаз тұтпай тұра алмайды. Өйткені, өмір шындығына өз көзімен қарайды, оны өзінше пайымдайды. Мұнда ол аға суреткердің әдісі өмірді өнерге айналдырудың амал-тәсілдерінен ғана үйренеді. Өткенімізге ой жүгіртсек, қазақтың ұлы ақыны Абайдан үйренбеген, оны ұстаз санамаған ақын-жазушы жоқ. Мұқағали да Абайды ұстаз тұтты.

«Мен-дағы өлең жазбаймын» деген өлеңінде ұлы Абайдың үлгісімен жазуды өзіне мақсат еткенін ашық айтады.

Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден.
Өлмеу үшін құлқынды жемдеу үшін,

Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін, - деп, ұлы Абайдан көп нәрсе үйреніп, сөз құдіретін, сөз сарасын ақындық сезіммен қабылдап, өзі қазақ поэзиясында Абай салған соны соқпақ жолды, әдеби ұлттық дәстүрді одан әрі жалғастыру жолында Абайға көбірек үңілгенін байқатып тұр. Мұнда ақын сөз аяғында «үшін» деген сөзді қайталауы – сөз қадірін ұғар жастарға айтар ойын нығарлап, Абайдың жас ұрпаққа мұра етіп қалдырған мол дүниелері сұраусыз қалмай сөзі де, өзі де өлмей мәңгілік оқырмандарымен бірге жасасып, келер ұрпақтар да үлгі алып, олар да адам жанын тебірентерліктей, ойлы, сезім қылын шертетін өлең тудырса деп – асқақтата толғайды. Ұлы Абайдың әдебиетіміз бен мәдениетімізде өзіндік мектебі бар. Мұқағали осы мектептің қарлығашы, түлегі. Сондықтан да Мұқағалидың Абайша ойлап, Абайша жыр бұлағын жалғастыруына жоғарыдағыдай парасатты тұжырым жасауы заңды. Екі үлкен ақын шығармасында іштей үндестік, жай көзге байқалмайтын ұлттық дәстүр жалғастығы бар. Абай өлеңнің «бөтен сөзбен былғанбай, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюін» қаласа, Мұқағали қазақтың қара өлеңін ой мен сезімге байытып, реалистік тұрғыда оның құдіреттілігін танытады. Мұқағалиға дейін қара өлең қазіргі дәрежедегі мазмұнға, түрге, қара өлеңнің құпиясын өрелі өріске көтерілмеген. Мұндай тылсым сырлы қара өлеңнің құпиясын ашу – ең алдымен табиғи таланттың құдіретінен болса керек. Ұлы Абайдың идеясы көңіл көзі ашық, сергек жастарға ақыл- кеңес беру болса, Мұқағали тіптен басқаша сара жол тауып, өз идеясын өзіндік өрнегімен адамдардың қуанышын, шаттығын, мұң-наласын жырлап, солардың «жаралы жүректерін емдеу үшін» жырлаймын дейді. Көркемөнердің мән-мағынасы да бірін-бірі қайталамайтын жаңашылдығында десек, Есенин мен Маяковский орыс әдебиетіндегі біріне-бірі көрік беріп тұрған, бірақ бірін-бірі қайталамаған өзіндік әсемдігімен, сырлы бояуымен келген ірі екі өкілі. Мұқағали өзі де басқа ақындардан осындай арақашықтықта тұрған ақын. Ол Пушкинді, Есенинді, Маяковскийді терең білгенде оларға ешбір еліктеу белгісі жоқ. Сондай-ақ, Мұқағалидың басты ерекшеліктерінің бірі - қазақтың қара өлеңінің құпия сырын терең түсініп, оның көшін ілгері жылжытып,одан әрқашан тылсым сыр іздейтіні :



Қалқам,

Мен Лермонтов,Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен.

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, - деп жырлайды. Қара өлеңді өле-өлгенше құдірет көрді. Осы өлеңді ол көркемдік көгіне кө-терді, өнердің тылсымына бойлады. Осы орайда ғұлама К.Маркстің өнер жайлы қалдырған өнеге сөзі еске түседі.

«Өнер туындысы - өнерді түсінетін және сұлулықтан ләззат алуға қабілетті адамдарды тудырады».

Өзінің өсіп-өніп шыққан топырағындағы әсемдікті тани білу ақынның қабілет қарымын, эстетикалық танымын айқындап тұр. Жаратылыспен біте қайнасып, ұлтымыздың рухани байлық берекесі болып келген шынайы және қарапайым өнерінде неге құдірет болмасын.



Түзу-түзу тілінген таспадайын,

Қамшы өремін таспадан басқадайын.

Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін,

Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын !

Мұнда ақын «таспадайын», «басқадайын» секілді теңеу сөздерді әдемі келтіре отырып, сол таспадан қамшы өрген секілді, өзінің өне бойы шындықпен кестеленген қара сөзден өлең өретіндігін тілге тиек етіп, тігісін жатқызып көркем суреттейді. Сөзден жасалған сурет, суреттегі айқын көрінер әсем нақышты ұлттық бояу жүрекке жылы тиіп, көңілге нұрлы әсерін құяды. Қарапайым атаулар қарапайым сөздермен қатарласып келіп, жанды іс- қимылға, көркем көрініске айналған. Жұртқа мәлім ұғым, таныс өнер, таныс сөз - өз қаны өз жан-дүниесі, өз тілегі, өз талабы. «Іші – алтын, сырты – күміс» осы емес деп кім айтар: түзу тілінген таспа, өрілген қамшы, қараша үй, ағайын көңілі, қараша үйдің есігі. Ақынның ақындық қасиетінің өзі де осы қазаққа тән қарапайым заттарды әсем бейнеге дейін көтеруінде. Өлеңнің сыртқы түрінің өзінде-ақ ұлттық бейне, ұлттық психология, ұлттық жүрек қағысы көрініп те, естіліп те тұрғандай. Ақын әсемдік әлем жасайды. Кімде-кім түсінбесе, талғамы жетпесе, ондай киіз кеудеге мейірімсіздікпен қарайды. Көкірегінде зердесі, ойында сәулесі бар адам ғана одан рахат таппақ.



Түзу –түзу жыртылған ауыздайын ,

Аңызыма неге нәр тамызбайын .

Қара өлеңі қазақтың қаза болса ,

Қара көзден неге қан тамызбайын .



Ақын қара өлеңін енді түзу жыртылған аңызға теңеп отыр. Халқын өлеңінің балдай тәтті шәрбәтінің нәрімен сусындатып, кенезесін кептірмей, шөлін қандырғысы келеді. М. Мақатаевты жан ұшыра толғандыра-тын нәрсе, өлеңге деген құштарлық қана емес, ұлтының рухына,мәдениетіне, өнеріне деген шынайы сүйіспеншілік, оны тежейтін қауіп-қатер болмаса екен, болашағына , дамуына көлеңке түспесе деген ой. Қазақтың қара өлеңін ғасырлар бойы бірге жасасып, біте қайнасып, оның бүкіл жан-дүниесінің түрлі тебіреністерінің күйттеп келген өнері, рухы емес пе! Ұлт бар жерде өлең бар. Ендеше, өлеңі жоғалу сол ұлттың соқыр мен мылқауға айналуы десек, ондай тіршілікте не қасиет, не мағына қалмақ ! Өнерді өрелілікпен жаңартып отыру - тот басқан ескіні жарқырата қайта көрсету, қайта тірілту. Рас, ол өнер иесінің бойындағы халықтық мұраға деген шынайы адалдықтан, таза сүйіспеншіліктен туындап жүзеге асады. «Елім» деген - ердің ісі. Қазақтың қара өлеңінің құдіретін, терең сырын бір ғана адам меңгерген болса, соны арқалы ақын Мұқағали меңгерді дей аламыз.

Ақынмын деп мен қалай айта аламын ,

Халқымның өз айтқанын қайталадым .

Күпі киген қазақтың қара өлеңін ,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, - деп бар даусымен мойындап, әділ бағасын өзі айтқаны бекер емес. Себебі, ақын поэзия әлеміндегі әсем де нәзік сезім құдіретін, ақындық музаны осы қара өлеңнен іздеді. Осылай деуінде де ыстық жүрек, шын ықыластан шыққан таза ниет, маңдай тер көрінеді. Ұзақ таңға сарғайып, ұзақ күнді қинала батырған, толғаныс үстіндегі ақын бейнесі, құм астында қалған керемет ғимараттарды аршып алып, қайта жаңғырта тұрғызып, жатқан сәулетші елестейді. Қалайда өнердің жеке бастың даңқы үшін емес, халық үшін екендігін айтудан мүлт кетіп отырған жоқ. Өлеңнің шыншылдығы осында.

Мұқағали өлең, ақындық туралы «Ақынды ақын ...» жырында өлеңнің өміршеңдігін, ақындық қадір - қасиетті ерекше күйттеп, салихалы ой тастайды.

Ақынды ақын оятпаса, болмайды,

Ақынды ақын таяқтаса, ол – қайғы.

Ақынды ақын сүйемесе болмайды ,

Ақынды ақын күйелесе, ол – қайғы, - дейді ол бірде. Ақын бастапқы сөз қайталау әдісін осы өлең жолдарында өте орынды пайдаланған. Шығармашылық шабыт «ақынды ақын» деген сөздерді қосарлана қолдану арқылы оқылу жүйесін жеңілдете түседі де, адам санасына бірден жатталып қалуын тездетеді. Мұқағали сөз қадіріне аса мән берген. Сондықтан да қайталау әдістерін қолдануда оның бояуын баттастыра түсу әсіре қызылдыққа соқтыратындығын жақсы білген.

Сондай-ақ, «жақсы сөз - жарым ырыс»- дейді ғой. Ақынды ақын көр-генде, өлеңнен өлең оқылғанда, ойды ой қозғап, шабытқа шабыт түрткі болатыны шындық. «Өнер адамы өнер адамын көргенде арқасы қозады» деген нақыл сөз бар. Ең қиыны – ақынды ақын орынсыз жәбірлеу. Тумысынан жаны нәзік, сезімтал ақын орынсыз қылжақ сөз-ге төзбейтіні анық. Ақын - адам баласының ойынан өрбіп, әр тұсқа шашырап жатқан асыл маржанды жинаушы ғана емес, оны теріп жібек жіптің сабағына тізуші де. Ақын көзі тірісінде Әбділда ақын сияқты ағаларының оң батасын алды, сыңаржақ содырлардың күншіл күңкілін де көрді. Бірін – бірі көре алмай, ішмерезденіп аяқтан шалушылар ақындар арасында да орын алады. Қай ақын көтеріліп, мақтау сөздерге көп ілініп кетсе, қалай да оның бойынан кемшілік іздеп, ілік іздеп отыратындар да баршылық. Осының бәрі - пендешілік. Сондықтан да ақын :

Ақынға ақын , ете көрме пенделік !

Ақын , ақын ! Пенделікті жөнделік, - дейді. Ақындар қашан да бір - біріне демеу болу керек. Жалған өмірде бір – бірімен дүрдараз болып, жүз шайыспай, өзара шүйіркелесіп, бірінің жақсылығына бірі қуанып, қайғырса, қайғыларына ортақ болып жүрсе, жүрегі нәзік ақындардың біріне – бірі арқауы сол емес пе ?!



    1. жүктеу 399.5 Kb.

      Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет