МұҚАҒали поэзиясы – азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы



жүктеу 399.5 Kb.
бет20/21
Дата13.02.2022
өлшемі399.5 Kb.
#17227
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Мұқағали Мақатаев шығармаларының көркемдік ерекшелігі және балаларға арналған - копия
999999999
Жүргізуші: Мұқаң халқына піріндей болған Мұқағали Мақатаевты оқып-біліп қана қоймай, оны әрдайым қазақ поэзиясының жұлдызы ретінде есептеу керек.

ҚОРЫТЫНДЫ

Мұқағали поэзиясының көркемдеу жүйесі – ойлау деңгейінің биіктігімен, философиялық пайым жасау дәлдігімен, тереңдігімен дараланады. Өлеңдердегі сюжеттік желінің дамытылуы мен үндестігі ерекшелігімен, өлең мен сырласу шеберлігімен, муза құдіретін түйсіндіруімен оқшауланады.

Мұқағали қазақ поэзиясында саяси-әлеуметтік, азаматтық, қоғамдық, табиғат, махаббат, тарихи-танымдық тақырыптағы лириканың дамуына мықтап үлес қосқан. Көркем ойлау жүйесінің соны соқпақтарын шолды, тың сонарларына алып шықты.

Ауыз әдебиеті және Абай, Махамбет бастаған ақындарымыз шығармаларынан тәлім алған Мұқағали оны творчестволықпен дамытып өзіндік ерекшелік қалыптастыра білді, айшықты, көркем тілдің шебері дәрежесіне көтерілді, сапалық деңгейін өсірді, ұлттық сипатын ұлғайтты.



Мұқағали поэзиясының ойлау, образдау, сюжеттік желі, өлең дестесіне түсіру көркемдігі үлгілі әрі айырықша мәнді дәрежеде. Оның өлеңдерін поэзия етіп тұрған ырғақ, ұйқас қана емес, сөздің ішкі құнары, терең мазмұндық қасиеті, асқақ пафостық үлгісі, образдар әлемінің табиғилығы мен ұлттық мінез-құлқында.

Ақын шығармаларындағы аталған келісті көркемдік жүйе, биік эстетикалық мұрат, терең философиялық тұжырымдар “Мұқағали мақамы”, “Мұқағали стилі” екенін бірден аңғартады. Поэмалары мен классикалық үлгідегі өлеңдері арқылы қазақ жырының інжу-маржандарын молықтырды. Өлең өресінің биіктігін, жыр тынысының ұлғайғандығын айғақтады.

Алуан тақырыпта жыр тудырған ақын ұлттық-ұлыстық мәселелерді тарихи таным тұрғысында толғай отырып, поэзиямызда бітім-болмысы бөлекше, жыр жауһарын туғызды.



Поэма, дастандары да замана тынысын танытуымен қатар, көркем ізденістерімен дараланады.“Өмірдастанда” – басты рух лирикалық кейіпкер мен Дариға-жүрек ару болса, “Аққулар ұйықтағанда” аққу ана мен алжасқан ана, “Ару–анада” асыл Ана бейнесі, «Райымбек, Райымбекте!» Батыр баба бейнесі соғылған. “Реквием. Жан азасында” өлімге қарсылық көрсеткен, өмір үшін күрес үстіндегі ақын рухы көрініс береді. Әрі бұл образдар жүйесінің соны байлам, тың тұжырымдарына қанықтырады. Бұлар қоғамның, адамның, өмірдің өз дастаны, өз сыры.

Мұқағали мұрасы ән-күймен егіз. Сымбат, сәулет, сурет өнерімен өзектес. Композиторлардың қанып ішер бұлағы, қисапсыз музыка қазынасы.

Мұқағали өлеңдеріндегі ұлттық көзқарас тілімізді тірілтуге, дінімізді құрметтеуге, ділімізді сақтауға баулитын сипаты мол.

Тарих тұрлауына айналып бара жатқан жиырмасыншы ғасырдың рухани кеңістігімізге тарту еткен осы бір ұлы есімі тіліміздің ұшына оралған сайын, халқының жүрегіне өлшеусіз терең бойлап, елінің шексіз махаббатына бөленген, айдыны кең, асқары биік алып жырдың ұлан ғайыр кеңістігі сана төрінде жаңғырары даусыз. Өйткені бұл есім бүгінде жан мен жүрекке азық болар қуатты жырдың қазақы болмысына айналып, халқының өміртану болмысымен біте қайнасып кетті. Қайда барсаңыз да Мұқағали жырының алдан шығары хақ. Қалаға да, далаға да ортақ, ханға да, қараға да бірдей, кәріге де, жасқа да тән дүниелік құбылыстарды, сезім ахуалын, көңіл ауанын тап басып айтуда дәл Мұқағалидай жеңіске жеткен армансыз ақын кемде-кем…



Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы ұлттық мектептеріміз бен ұлы дәстүрлерімізді жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңылақтарының санатынан. Әбділда Тәжібаевтың сөзімен айтқанда, “қазақ поэзиясының асыл қазынасын өз жырымен молықтырған заманымыздың ғажайып ақындарының бірі”, ақынның өз сөзімен айтқанда, “күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпенжауып өзіне қайтарған” ерен жырдың жаратушысы, ұлы тұлға, ұлы ақын.

Поэзия!


Менімен егіз бе едің

Сен мені сезесің бе,

Неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім

Қарауытқан таулардан сені іздедім

Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.

Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан…

…Сені іздедім.

Іздеймін тағат бар ма?

Сені маған егіз қып жаратқан ба?! –



деген туу алыстан, ғарыш төрінен талып жеткен ғайыпберген сарындай, тумысы бөлек, арыны қатты, тамыры терең жолдарды қайыра оқып, қайта електен өткізе отырып, еріксіз тебіренесіз. Ақын рухымен тілдескендей боласыз. Алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз…

Өмірдің өзіндей қым-қуыт мінезді, алуан-алуан бояулы, қуанышы мен қайғысы, көлеңкесі мен күнгейі, шаттығы мен мұңы қатар өрілген, адам баласына тән толқу, тебірену, сезіну, ойға бату, мұң кешу, табиғат сұлулығы мен даратылыс мазмұнынан үйлесім іздеу: адам жанының терең сырлы қатпарларын зерттеуге ұмтылу, тануға құлаш ұру; туған халқының тағдыр-талайын, бары мен жоғын екшеу – сыры мен жұмбағы мол ғаламмен сыралғы досындай қатар тұрып тілдесу, жан әлдилер жарындай ақ жарыла сырласу бақытына ие болған Ақынның Үні ғой бұл.

Соқ, соқ, жүрек!

Соқ, жүрек, қозғал миым,

Мен қозғалмай, ойды да қозғау қиын.

Жырсыз өмір – мен үшін өмір емес,

Жырсыз өмір – мен үшін тозған бұйым, -



Деген Мұқағали ақынның жүрек жарды сөзіне сенесіз, иланасыз.

Нені жазса да күйіп-жанып, өртеніп жазатын, нені айтса да өзегінен жалын бүркіп айтатын, оқырманын ойымен баурап, сөзімен жадылап, қайталанбас халықтық кең тынысымен шалқытып, тәңір сипатты тектілігімен аспандата көтеріп әкететін өлең мен жырдың осынау телегей-тасқын әлеміне сүйсіну мен таңғалу, қызығу мен табыну ғана жарасатын тәрізді.

Ақын кеңістігін армансыз кезген оқырман жаны күйзелу, күйреу сезімінен гөрі, арылу, тазару, өзін-өзі тану процесін көбірек бастан кешеді. Дүние дейтін алып жүректің кардиограммасы поэзия түрінде, муза тілінде сөйлей бастайды. Мұқағали ақын ұсынар қазақы бейнелеулер адамдық ойлау мен әлемдік ойлау биігіне көтеріледі. Мыңдаған жылдар бойы жоғалған замандары мен күйреген қамалдарын, құм басқан қалалары мен мұң басқан даналарын бауырына басып, бұйығып үнсіз жатқан салқар сахара, сағымды таулар бір сәт өре түрегеліп, өлең болып, өріле құйылып жатқандай көрінеді.

Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,

Су тартылған теңізден, жылғалардан.

Нелер ұрпақ аттанған қуған арман.

Не бар дейсің өмірге тұлға болған

Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!…

…Бәрі өтуде,

Күн батып, кеш кіруде,

Жаңаруда дүние, ескіруде.

Болашақтан – бейтаныс ұрпағымыз,

Босат деп тұр орнымды,

Естідің бе?!

Ескінің жаңаға ығысып, орын беруі, жаңаның жарқырап, көзге түсуі – “Айдың толғанында, жігіттің болғанында” жұрт назарын өзіне бұруы – заңды құбылыс! Тарих пен жаратылыстың мәңгілік тұрпатын айқындар жасару-жаңғыру, алмасу-жалғасу дейтін дүниелік қозғалыстар көзін қазақы ұғымдар аясында толғай отырып, жыр деңгейін кез келген жұмыр бас пендеге ұғынықты, жалпы адамзаттық ұлы биікке көтере жырлау дегеніміз осы емес пе? Мұқағали ақынға ғана жарасар ой өру мен сөз өрудің мектебі ғой бұл. Төркінінде ұлы қасірет пен тегеурінді тектілік жатқан жыр дүниесінің оқырман жүрегін уақыт өткен сайын жаулай түсуі де сондықтан.

Мұңының астарына парасат ұялаған, сырының айдынында күресерлік рух бебеулеген, жеке басының жан толқынын жалпыхалықтық телегейге айналдыра алған ақынның отыз жылға толартолмас шығармашылық ғұмырына ой көзімен қараған жырсүйер қауымның бұл жайды аңғармауы мүмкін емес… Ақын қуанса, ағынан жарыла шын қуанып, мұңайса, таусыла шын мұңаяды. Өтірік мүләйісуге, жалған жалбақтауға жаны қас. Осы бір суреткерлік кредо оны әркез ұстараның жүзінде ұстайды… Арғы–бергі әлемнің ұлы ақындарына тән жыр жаратудың осынау қиямет-қайым үлгісі Мұқағалидың бағы да, соры да болғанын байқаймыз. Бағы - өтірік өлең жаза алмағаны. Соры – тапқан-таянғаны отбасын асырауға жетпей, өмірінің қиыншылықта өткені. Бағы – ойлау мен өлең өрудің теңдесі жоқ классикалық, әлемдік биігіне көтерілгені. Соры – соны дер кезінде өз замандастарының бағалай қоймағаны…

Бағаласын-бағаламасын, танысын-танымасын, өзіне, өзінің қайталанбас ақындық тағдырына іштей қалай сенсе, ол әр жырының ертеңіне, әр өлеңінің болашағына, туған халқының танымпаздығы мен жасампаздығына солай сенген. Мына ойы терең, өрімі өзгеше жолдар соның дәлелі емес пе?

Біз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Халықтың өзі қорғасын құяр қалыппыз…


…Білгендер білсін,

Білместер мейлі білмесін.

Қолдасын мейлі,

Қорласын мейлі,

Күндесін.

Қара тастан да мейірім күткен ақынды

Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін.

Антейміз біздер,

Жеріміз біздің – халық-ты.

Халықсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.

…Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,

Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты, -

деген жолдарды қалай толғанбай оқуға болады? Көне грек мифологиясының алыбы, қуаты мен құдыреті қара жер болған орасан күштің иесі – Антейдің Геркулес айласын асырып, жерден көтеріп алып буындырып өлтірген деседі…Ақындық тағдырды сол Антейге балаған Мұқағали өз қуаты мен құдіретін халқынан, халқымен бірге болар тағдырынан, халқына деген сенімнен іздейді. Бақ пен сордың ұлы майданында жүріп, сол сенімін, сол үмітін ол ешқашан үзген емес…Әрине, бұл “майданда” оның қуанған сәті де, торыққан кезі де, адасқантұсы да болды. Соның бәрі өрттей ыстық өлең болып өрілгенін, жыр болып төгілгенін көреміз…

Ақынды ақын етіп жасаған да, ақынның әр жолын, әр шумағын мірдің оғындай етіп қашаған да осы бақ пен сордың тайталасы ма дейміз. Мына пенделік пен періште-тірлік қатар өрілген күрделі дүниеге өз замандастарының көбінен өзгеше қараған, жаратылысы бөлек адамның жан ашуы менжан айқайының айқын да айбынды көрінісіндей болған жалынды жырларынан осыны аңғарамыз. Адамдар әрекетінен адалдық таба алмаған пенденің Толстойшылап дүниені тәрк етуге бел бууы, адам жанын арашалар жалғыз жолды тек жырдантауып, жырға ғана өзін-өзі байлауы, бағыштауы, онсыз да күрделі пәнәуи тірлігін өз қолымен өзі күрделендіріп жіберуі – сол бақ пен сор майданының жемісі… Мұндай сәттерде ұлы Абайдың “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деп ұлы жаратушыға бұрылғанын, Мағжанның “Тәңірім бе, әлде байғыз ба? Тәңірім болса кел бермен. Қолымды көкке жайғызба!” деп белгісіз ұлы күшке жалбарынғанын білеміз…Ал Мұқағали ше?…”Құдай жоқ, екінші дүние жоқ. Қызықтың бәрі осы жалғанжда…Тек осы дүниеде…” деп тәрбиеленген дәуірдің перзенті болған, әкесі марқұм “ВКПБ тарихын ежіктеген” заманда мойнына пионерлік қызыл галстук байлаған ұлдың қаршадай кезінен-ақ әлдебір киелі ұғымға іштей арқа сүйеп, өсе келе:

Өмір деген осынау майданда бұл

Қолбасы да, қорқақ та сайрандап жүр

Өмір менен өлімнің ортасында

Кетер ме екем келе алмай байламға бір?!

деп, дай-дай тартысқа түскен сәттерінде:

…Періштенің қайғысын бөліспедім,

Сайтанменен болса да келіспедім.

Не істермін? Тәңір-ау, не істермін?! –

деп өзіне дейінгі ұлы ұстаздарына ұқсап ұлы Жаратушысына – тәңірге жалбарынуы таза поэзияға тән құдіретті Мінез екенін енді-енді аңғара бастаған жоқпыз ба?!



Бір иығына – құдай, бір иығына өзі өмір сүрген жиырмасыншы ғасырдың салмағы бар қуаныш-қайғысымен, кесір-кесапатымен қонған ақынның дәуірлік идеологиясының көзсіз жетегінде кетіп, ұраншылдыққа ұрынбауы, кезінде өзіне қаншама тірлік кешу қиындықтарын тудырғанымен, ондаған ғасырлық бай мұрасы бар ұлттық поэзиямызға орасан олжа болып қосылғанын да Мұқағали өмірден өткен соң аңғарып, мойындай бастадық қой…

Жыр жазу – Мұқағали үшін ұйқас құру ғана емес, алып табиғатпен тілдесудің, жанды жаратылыспен сырласудың, өмір қойнауларына ой жүгіртудің, “махаббат пен ғадауаттың мәңгі майданына” өз көзқарасын білдірудің ұлы құралы. Ой мен парасат, таным мен талғам – Мұқағали поэзиясының қос қанаты. Ойы – тұнық, парасаты – биік, талғамы – таза, танымы – терең өлеңнің өрісі қашанда кең.



Мұқағали өлеңін кең өрістерге шығарар өзгешеліктердің бірі – ақиқат кескіні мен шындық болмысын өзгеше өретін көркем сөздің, кестелі ойдың әрі қазақы, әрі әлемдік тұтастықта қолданылуы. Орны-орнымен жымдасып тұра қалар образдар жүйесінен күні кеше ғана өзіміз ауасын жұтып, суын ішкен, қуанышына бөленген, мұңына оранған дәуірдің қазақы суретін қалай тез тауып, тез танысақ, ой-қиялымызды тарих қойнаулары мен жиырмасыншы ғасыр белдеулеріне ала қашар образдар мен географиялық атаулар да солай жиі ұшырасады. Ақын өліммен күресіп, ажалмен алысқан сәттерінің өзінде “сылдыраған” сөз бен “құлдыраған” мұңның қорығында тұншықпайды. Жанымен беріле сырласады. Ең қадірлі, ең киелі ұғымдардың өзін әлгі “әрі қазақы, әрі әлемдік” сипаттарға жүгіндіреді.

Өкінішті…

Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.

Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,

Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.

Өкінішті…

…Не істемекпін?

Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!

Жаралғанда бүтін ем. Үш бөлекпін:

Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр,

Миым – Мұзды мұхиттай…

Не істемекпін?!



Сананы сарсаңға салып сүріндірмей, ойға жетелейтін, тұңғиықтан – талғажау, заңғардан – сүйеніш сұрайтын адам мінезінің осы бір қайталанбас сәті мен жанға – дауа, емге – шипа керексінген кезінің өзінен ақын “Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр, миым – Мұзды мұхитта” деген тосын теңеулер іздейді. Жеке басының әрі-сәрі ауыр халының өзінен әлемдік кереғарлықтар мен үйлесімсіздік нышандарын байқайды. Жаралғанда бүтін ем. Үш бөлекпін…” деген терең де төркінді ұғымға қаншама мағына үстемеленіп отырғанын аңғарамыз…

Мұқағали – Жырдың кеңістігі шексіз.

Мұқағали – Жыр қазақ даласын кезген жолаушының көңіл ахуалын, жан әлемін еске салады.

Жүре берсең, жүре берсең… Көретінің: таусылмайтын салқар сахара… Сағым кешкен таулар… Оқырман ойын әр алуан бағытқа жетелер ірілі-ұсақты андыз-андыз соқпақтар… Жолдар… Даңғылдар… Шоғыр-шоғыр қайыңдар… Шоқпыт-шоқпыт төбелер… Дала төсін оңды-солды тілгілеп, “батыстан-Шығысқа, Шығыстан-Батысқа” оқтай боп зулап, тартылған темір жолдар… Аспан төсіне сынадай боп қадалған Хан Тәңірі… Ұлы таулардың ара-арасына жайғасқан астаудай-астаудай керілген хан жайлаулар… Шашылған ауылдар… Шаншылған ғимараттар… Мұң кешкен мұнаралар… Тізілген тырналар… Төбе басын күзетіп, қалқиған қара шалдар… Құм, шағылдар… Тізіліп өте бастайды… Өте бастайды…



Асылы ұлы ақындар өзінің бүгіннен гөрі ертеңіне сенген. Сене тұра, өмірінің көлеңкесі мен күнгейіне көнген, көп нәрсеге көз жұма қарап, ойының запыраны мен уын жырға төгіп отырған. Мұқағали да өзінің қысқа ғұмырын солай өткерген. Өзіне-өзі сенген… Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлар мен кең тынысты дастандар, сөз жоқ, сол Сенімнің жемісі.

Көрер едің,

Шаламын, отпын ба,

Білер едің,

Ақынмын ба, жоқпын ба?…

Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,

Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең,

Езбін бе әлде ермін бе?…

Байқар едің,

Артықпын ба кеммін бе?

Мен Спартак бола алмадым не шара,

Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!

Сырым да – осы,

Жырым да – осы,

Алдыңда.

Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда! –

деген бас-аяғы үш шумақтан тұратын осынау “Автограф” атты өлең – ақынның сол өзіне, өзінің шығармашылық бақытына деген Сенімнің айқын дәлелі. Үш шумақтың бойына үш бірдей дәуір кеңістігін бар кезеңдік сипатымен, күллі рухымен, өзіндік бояу-реңімен, болмыс-бітімімен, қатал кескінімен, қатыгез мінезімен қиюын тауып, өрімін ұқсатып, сыйғызып жіберген Ақын құдіретіне қалай таңырқамауға болады?!

Ол өмірден өткелі де, міне, ғасыр ширегіндей уақыт өтіпті.



Тылсым сырлы жер үсті мәңгілігімен өзінше тілдесіп, өзінше сырласар, “жалғастардың жалғасы” саналар жас ұрпақ – жаңа адмдар Мұқағали әлемінің ақ шуағына оранып, ақ жауынына шомылып, ақ айдынында жүзіп, ақ самалына кеуде тосып, ақ ұлпа қарын кешіп, ақ аязында тоңып, ақ бұрқасынында адасып, ақ түнегінде ойға шомып, бірде мұңайып, бірде қуанып, бірде шаттанып, бірде шамырқана шатынап, жаңа заманның жалында, жаңа дәуірдің қамында ғұмыр кешуде… Бұлар да өздерінің ата-аналарындай Мұқғали жырымен нәрестелерін бесікке бөлеп, шілдехана тойларын өткізуде…

Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда мына сыры мен сиқыры мол ғаламды өзінің құндағына алып тербетер құдіретті Жырдың да халқымен бірге, ұлы Тауларымен бірге, ұлы Даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.



Өнер мен Өлең мәңгілігі дегеніміз осы емес пе!


жүктеу 399.5 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет