МұҚАҒали поэзиясы – азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы



жүктеу 399.5 Kb.
бет2/21
Дата13.02.2022
өлшемі399.5 Kb.
#17227
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Мұқағали Мақатаев шығармаларының көркемдік ерекшелігі және балаларға арналған - копия
999999999
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР....................................62


КІРІСПЕ
Қазақ поэзиясының жаңаша көркемдік өрлеуі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастау алады. Себебі, бұл жылдар бейбітшілік заманның әбден орнығып, халықтың сұрапыл соғыс жылдарының ауыртпалығынан кейін ес жиып, ғылым-білім дамып, көркем әдебиет саласында, әсіресе, поэзияға талғаммен қарай бастаған кезең еді. Сондай-ақ, осы жылдары Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, А.Сүлейменов, М.Мақатаев, Ә.Кекілбаев, тағы басқа осылар сияқты тарландар легі де ағыла бастаған тұс. Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңындағы жастар поэзиясына шолу жасаған ұлы жазушы, кемеңгер ғалым М.О.Әуезов «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» атты мақаласында сол кездегі жас ақындар І.Мәмбетов, Т.Шопашев, Т. Молдағалиев, М. Мақатаев, С.Жиенбаев, Қ. Мырзалиевтың алғашқы өлеңдерінен-ақ олардың болашағының үлкен екенін анық көре білді. Ал, бұл жөнінде жерлесіміз көрнекті әдебиетші, ғалым Б.Кәрібозұлы: «Қазіргі қазақ өлеңінің жапырағын жайқалта түскені 60-жылдардан бергі уақытты қамтиды. Қазақ лирикалық поэзиясының философиялық тереңдігі артып, мазмұнының баюы, түр жаңалықтарына еркін баруы, уақытпен үндестігі – публицистикалық сипатының молаюы, ақындық даралыққа ұмтылуы, ең бастысы ұлттық дәстүрге бірыңғай бет бұруы – 1960 жылдан басталып күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қазақ өлеңдерінің сапалы қасиеттері »- деп баға берді.

Осы кезеңде поэзияда қалам тербеген ақындарымыз алдыңғы аға буынға қарағанда тақырып аясы кеңіп, тақырыптық жаңашылдығымен, көркемдік ерекшелігімен, поэзиядағы ірі қадамдарымен дараланып көріне бастады. Алдыңғы аға буын ақындардың саясат құрығына айналған Кеңес Одағының жетістіктерін ғана жырлаған өлеңдері қазақ поэзиясына өз салқынын тигізді. Ақындардың ұрандатылған өлеңге көп қалам тербеуіне себеп тоталитарлық кезеңнің қатал тәртібіне де байланысты еді. Кеңес Одағының құрсаулы шеңбері ақындардың кез келген тақырыпта жырлауына мүмкіндік бермеді. Үнемі бақылап отырды. Желкелеріне қадалған қырағы көздің салдарынан қазақы салт-дәстүрді, ұлттық ерекшелікті, қасиетті танытатын жырлар жарық көрмеді. Алдыңғы буын ұшыраған «ұлтшылдық жаласы» жойылып, 60-70 жылдары поэзияда біршама кеңдік орнады. Ақындар әр түрлі тақырыпқа қалам тербеп, ұлттық қасиет пен болмысты танытатын жырлар дүниеге келіп жатты. Сол тұста поэзия әлемінде бірге қалам тербеген ақындар арасында өзіндік қолтаңбасымен жарқырай көзге түскен Мұқағали Мақатаевтың орны бөлек.

Иә, ХХ ғасыр елімізге қазақ жырының айбынын асырып, мерейін аспандатар таланттарды аз бермеді. Сондай таланттардың бірі, әрі бірегейі болған Мұқағали Мақатаев – өзінің өлмес туындыларымен халқының жүрегін мәңгі жайлап, жырына сусындаған әрбір жүректің төрінен орын алды. Ол – бүгінгі әрбір жырсүйер жанның сырласы, мұңдасы, ақылшысы.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының бұрынғы Нарынқол ауданындағы Қарасаз топырағында дүниеге келген. 1948 жылы онжылдық мектепті бітіргеннен кейін өзінің туған ауылында әр түрлі қызмет атқарады. Ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отау меңгерушісі, жергілікті комсомол қызметкері, жетіжылдық мектепте мұғалім болады. Бұл - орта білімді жаңа ғана алған жас жігіттің өмірдегі орнын бағдарлау, кәсіби тіршілік жолын айқындау кезеңі секілді еді. Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарғанда да, республикалық баспасөзде жұмыс істеген жылдарында да әдеби шығармашылық өмір тынысынан бір сәт те ажырамай, туа біткен ақындық қабілетін шыңдады. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімдерінде қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар Одағының поэзия секциясында әдеби кеңесші болды. Аз уақыт Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының жанындағы қысқа мерзімді курста оқыды. КСРО Жазушылар Одағындағы қазақ әдебиеті бойынша кеңесші міндетін де атқарды.

Мұқағали … Поэзия деген сөздің астарлы мағынасына айналып кеткен есім. Мұқағали есімі аңызға айналды. Ол есімді аңызға айналдырып тұрған оның мамыр айындай жап-жарық сәулетті де, дәулетті жырлары. Мұқағали поэзиясы ұлттық болмысты танытуда көркемдік нақышымен, мазмұн тереңдігімен қазақы ұғым мен ырымды өлең жолдарында қолдану шеберлігімен құнды.

Мұқағали поэзиясы бүгінгі таңға дейін біраз зерттеу көзіне айналып келді. Ақынның артында қалған мол мұрасына К.Сейітова, К.Хамидуллаев ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Ә.Тәжібаев, Ә.Жәмішев, Б.Сарбалаев, А.Егеубаев, Қ.Алпысбаев, О.Күмісбаев, Б.Кәрібаева, Т.Шапаев тағы басқа ғалымдар өз еңбектерінде ақын поэзиясына жан-жақты зерттеулер жүргізген.

XV-XVIII ғасыр ақындары поэзиясының сарынымен Мұқағали дәстүр жалғастығын дамытты. Ақын поэзиясының жас ұрпақ бойына ұлттық сезім, қазақы мақтаныш ұғымдарын қалыптастырудағы маңызы ерекше. Кез келген өлеңдерінен халқының мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, дәстүр салты анық байқалады. Өзге халықтардан салт-санасымен, ырым-жорамалымен дараланатын және сонысымен ерекше бағаланатын құнды қазақтың қасиеттерін Мұқағалиша жырлаған бірен-саран. Халықтың тағдыр талайына айналған малшылық кәсіпті, оның қыры мен сырын Абайдан кейін жеріне жеткізе жырлаған да М. Мақатаев еді.

Орыстың ұлы сыншысы В.Г. Белинский:



«Ақын – қоғамның, уақыттың, адамзаттың органы және өкілі»- деген екен. Сол сияқты қандай ақын-жазушының болмасын, шығармашылығын өзі өмір сүріп отырған дәуірдің әдеби процесінен бөліп, даралап қарауға болмайды. Мұқағали шығармашылығы да өз дәуірінің әдеби процесі мен оның даму өресі, көтерген проблемаларымен тығыз бірлікте, тұтастықта болды.

60 - жылдан бермен қазақ лирикасына Мұқағали мен Төлеген әсері үстемдеу болды. Тыныстың кеңдігі, сезімнің ауқымдылығы, қиялдың сергектігі, ойдың тереңдігі жағынан Мұқағали өзгелерден оза шапты, дараланды.Әр ақынның сезім көлемі өлшенетін негізгі өлшемі - оның оқырманға әсері.



«Жұмыр жердің қай түкпіріне барсақ та, Мұқағали алдымыздан шығады. Өйткені, халықтың жыры да, пірі де Мұқағали» - деп ақын Оразақын Асқар ағамыз айтқандай, бүгінгі таңда Мұқағалидың өлеңдерін іздеп жүріп оқитын оқырман өкілдері көбею үстінде. Өйткені, дүниедегі бар құбылысты адамзат санасындағы сан қырлы сезімді сөз арқылы жеткізуге болады. Сондықтан да осы сөз құдіретінің мән-мағынасына терең бойлап, мың сөзден бір сөз таңдап сөз маржанын бейнелі өрнекпен қастерлейтін Мұқағалидай ақын кемде-кем. Жыр әлемінде өз ойын, өмір шындығын көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл шабыты жоғары, өзін жыр жолына арнаған Мұқағалидай үлкен таланттардың ғана қолынан келеді. Өмірінің соңына дейін қолынан жүйрік қаламы түспеген үлкен дарын иесі. Әр дәуір өз ақынын өзі туғызған десек, 60-70 жылдардағы Мұқағали шығармалары сол жылдардың көркем тілменен жазылған тұтас бір шежіресі секілді жайлап қарасаң, көз алдыңа керемет бір көркем сурет галереясы елестейді. Әдебиет есігін алғаш ашқан жылдардан-ақ жыр әлеміне үлкен дайындығын танытқан халқының ауыз әдебиетінің бай мұрасынан терең сусындап, шабытына талмас қанат бойлай келген ақын. Бір оғын да далаға жібермейтін сұрмергендер сияқты ақын сөзінің жүрекке жетпейтіні жоқ. Маздаған көңіл оты лапылдап, қызуы бетті қарып тұла бойды қыздырады. Шебер тіл, шегенделген ой, құс қанатты қиял көзіне табындырып қояды. Мұқағалидың мұңды да сырлы, сан қырлы жырлары, оттай ыстық өлеңдері өз-өзінен әнге, толғауға, термеге сұранып тұр. Самалдай желпіп, маңдайдан сипайтын, жанға ләззат құятын, көкірек көзіңді шайдай ашатын ән-әуез әрқашан да өмір серік, жанға қуат, рухани азық. Мұқағалиды ақын еткен де, мәртебесін биіктеткен де, ақындық ғарышқа самғатқан да – осы қазақтың қара өлеңі. Ол қара өлеңді бағалайды, бас иеді, тағзым жасайды.

Иә, байырғы бабалар дархан даламыздың қас жауына қарсы аттанғанда жазылған қара өлең, ақ жүректі аналар дүниеге сәби әкелгенде ақ сүтімен жазылған қара өлең ақынды барынша баурап алған-ды. Ол шыр етіп дүниеге келгенде, бесік жырымен, ана әлдиімен көзін ашқан-ды. Сол бесіктен басталған жыр оны ақыры ақынға айналдырды. М.Мақатаевтың тамаша шығармашылығы оның ірі ақын екенін пайымдатады. Себебі, ол – нағыз өлеңдер, өрт жүрегінен шыққан пәк өлеңдер, сондықтан да ол өлмейді. Өлеңдері келешектің көшін болашақ ұрпақтармен табыстыра береді. Бұл - мәңгілік өмір. Мұқағалиды қара өлең майталманы еткен негізгі фактордың бірі – импровизация, тапқырлық. Алайда, ол Исаның ізімен шешендік қуып немесе айтыс өнерінің дүлдүлі емес, өзіне тән образдық көш-керуені бар жазба стиль қалдырды. Өлең-жырмен ауызданған бөбек. «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім» - деп, сырлы лирикаға қызмет етті. Бұл – Абай ауылын аңсау еді. Ол, Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін бар өмірін сарп етті. Сондай-ақ, өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмай, аламан бәйгеде үнемі үзіле шапқан ақын М. Мақатаевты иісі қазақ жаппай білгенмен, прозашы, драматург, аудармашы, сыншы Мұқағалиды екінің бірі жақсы біле бермейді. Өйткені, өз өнеріне, жалпы сөз өнеріне аса үлкен жауапкершілікпен қараған қасиетті дарын иесі қасіретті қаламынан туған қилы-қилы әңгіме-повестері мен драмалары және аудармалары саласындағы сан алуан ой-пікірлерін жаза сала жариялауға ұмтылмай, сенім-үмітпен түбінде бір қайта айналып соғармын-ау деген.

Филологиялық арнайы білім алмаса да, Мұқағалидың әдеби мәдениеті өз замандастарының біразынан да жоғары еді. Дарынын білімге, білімін әділетке суара білген Мұқағали Мақатаев әдеби сында әжептәуір дүние қалдырды. Оның Әбділда, Хамит, Жұбан, Тұманбай, Сағи, Жұмекен жөнінде айтқан ой-пікірлері тасқа таңба басқандай әрі анық, әрі дәл. Ары таза азамат ақын мәселеде үлкеніміз бар, кішіміз бар баршамызға үлгі болуға тиіс. Кез келген ақынның, соның ішінде ешкімге ұқсамайды-ау деген айрықша ақынның қайткенде де бір төркіні болады. Өлең-жырдағы әдеби тек табиғатындағы ата-тектен келе рөл атқармайды. Оның өлеңдегі туған анасы – халық ауыз әдебиеті де, кіндігін кескен – көне ақындарымыз.

Ауызданғандардан : Махамбет, Абай, Ілияс, Қасымдардың да тұсауын кескен - әлемдік әдебиеттің озық үлгілері.Оның «Арман қалып барады, оқи алмай», «Абайдың мектебінде» деген егіз жолы кішіпейілдіктен ғана айтылған сөз. Ұлы ұстаздардан бұдан артық үйренуге болмайды. Одан артық үйренсең өзіңді жоғалтып, екінші Абай бола бастайсың. Ал өлең өнерінде екінші Абай болғаннан гөрі, бірінші Мұқағали Мақатаев болғаның абзал.

Мұқағали теңдесі жоқ терең талантты жаратылыс еді. Оның білімінде шеек болмайтын. Орысша-қазақшаны судай сіміретін. Мұқағали ақын ретінде ғана емес, Дантені ана тілінде сөйлеткен қазақ. 32 жасында XVII ғасырда ғұмыр кешкен Дантемен тілдескен. Оны аудармасындағы дәлдік, сөз қолданысы мен терең тыныстылығынан байқауға болады. Тегінде аудармашылық қай-қайсысы да болмасын,өзінің қолайына жаққан дүниеге барады. Оның бір дәлелі - Абай Пушкинге, Лермонтовқа жәй бармаған, жан-тәнімен ұғынған, түсінген. Мұқағали Мақатаев өз кезіндегі қазақтың белгілі ақын-жазушыларымен қатар, орыс және дүниежүзі әдебиеті мен шығыс әдебиеті классиктерінің еңбектеріне көп үңілген,оларды өзіне ұстаз тұтып, бірқатарының шығармаларын қазақ тіліне аудару арқылы ол әдебиеттің озық үлгілерін өз бойына сіңіріп, олардан көп нәрсені үйренген. Ол У. Уитменнің «Шөп жапырақтарын» (1969), В.Шекспирдің «Сонеттерін» (1970), Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бірінші бөлімін (1971) қазақ тіліне аударып, олардан үйрену арқылы өзінің ақындық өнерін жетілдіре, шеберлігін шыңдай түскен. Сондай-ақ, ол Н.Тихонов, Роберт Бернс, Аветик Исаакиян, Акоп Акопиян, Файзолла Ансори, Моргун, Евгений Евтушенко сияқты әр ұлттың ақындарын қазақ тілінде сөйлетті. Ақын шығармаларының тақырыбы әр алуан, бірақ оның ерекшеліктері өзгеге ұқсамас сыры мен қырында жатыр. Мұқағали Мақатаев қалам тартпаған тақырып жоқ. Тіпті өзі өмірден өткеннен кейін өлеңінің қалай өріс алатынын да, қазіргі даңқын да таңқаларлықтай дәл білген. Әсіресе, махаббат тақырыбында көп жырлады. Сондай-ақ, ол поэзиясының бастауы болды. Оған өзінің мына сөзі дәлел: «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс» - дейді ақын. Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кетпейтін ақын жоқ. Махаббат - мәңгілік тақырып. Бірақ әр ақын өз сезімін, өзінің ішкі жан дүниесін әрқалай шығарады. Мұқағалидың сезімінде жасандылық жоқ. Махаббатта бір қуаныш, бір үміт, бір өкініш-күдік болатындығы жасырын емес. Сонымен қатар, Мұқағали әр адамнан тереңдік іздеген. Әңгімелескен адамы көңілінен шықпаса, кәдімгідей мұңайып, таяз екен дейтін болған. Табиғатынан терең толғайтын нәзік иірімді, терең философияға толы Мұқағали жырлары талай кештерде жатқа оқылды. Бұл оның өлеңдерінің өміршеңдігінің, барлық оқырманның жүрегіне жол таба білетін қарапайымдылығының куәсі.

Белгілі қазақтың ақын қызы, М.Мақатаевтың замандасы Ф.Оңғарсынова ақын шығармасына былайша баға береді:

«Мұқағали өлеңдерінің өміршеңдігі - олардың мағынасы терең мазмұнында, кез келген адамның жүрегіне қона кетер қарапайымдылығында Мұқағали жырлары-ел-жұртының қасаңданып бара жатқан жан әлемін Сәуле шуағымен әрлендірер, қуат берер күші болып отырғаны шындық».

Бұған М.Мақатаевтың мына сөзі үндеседі:

«Нағыз ақын, алдымен, ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды, оны тек қызықтауға болады. Ақынның міндеті - суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай. Уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз - өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін “адам жанының инженері” болып қалу керек».

М. Мақатаев поэзиясындағы философия кемелдігі ақын таланты мен парасатының биіктігін аңғартатын көшелі белгілердің бірі. Ақын жырларындағы ойшылдық, философиялық парасат «дидактикалық безендіру» немесе өлең түйіні үшін ғана алынбайды. Оның көбі өлеңнің ішкі қуаты мен иірімінен, мазмұнынан, ақындық-азаматтық тұлғаның парасат-білігінен, өзінен-өзі табиғи қалыпта төгіліп жатқандай. Өмірден көрген-түйгені мен оқыған-тоқығаны ақын көкірегінің мартенінде өзінше қорытылды да, оның сыршыл да шынайы мәйегі жырларынан көрінеді. Мұқағали шығармашылығы бүгінгі қазақ поэзиясында өркен жайған дәстүрімен бағалы. Әсіресе, лирикалық баяндаудың өзгеше бір саздылығы, қоңыр самалдай жағымды әуені Мұқағали арқылы келеді. М. Мақатаевтың шын талант биігіне көз жіберсеңіз бас айналады. Бақсақ, көздің жауын алатын жырдан гөрі поэзия сиқырымен бойыңды бұлайтын жырлары көп. Соның ішінде оның поэзия асқары адам психикасы мен дүниетанымындағы штрихтарды тап басуы биіктеп келеді. Философиялық ілімнің поэтикалық тілмен жазылған трактатына айналады. Философиялық мәні, зор шындық поэзияға айналып тұнып тұр.



Иә, М. Мақатаев психолог қана емес, психологияны кеңінен меңгерген ақын. Әсіресе, оның сезімдік психика циклы - эстетикалық өріс емес, зерттеу. Ол өмірді зерттейді. Өзін-өзі зерттейді. Осы жолда адам өз сезімі арқылы қалай биіктеп, қалай аласаратынын ашты. Адамдық пен хайуандық шекарасын бөлді. Адамдық сезімнің осынша көрнекілігінің өзі жамандықты әшкерелеудің құралы бола алады. Абайша ашық күрес Мұқағали талантынан осылай жаңаша жол тапты.

Сезбейсің ғой,

Сезбейсің ғой, сен мені.

Көрмейсің ғой кереметті мендегі.



Түсінсейші сарсаң болған пендені,

Түсінсеңші!



Ақыл-ойым кем бе еді ?!

Бұл – дір еткен сезім, мөлдір лирика тамшысы ғана емес, бойды буған бұла күш – талант күшінің сыртқа шыға алмай бұлқынған сәті. Іштегі ұлы дүниенің жарыққа шығардағы заңды толғағы. Зәр жұтқандай қиналыс, ерні кезере шөліркей, перзентін көруге зарыққан ананың «жыр» келбетін көргендей боламыз. Бір сәт ақын поэзия анасына айналғандай, қасиетіне, қасіретіне қанығамыз, қамығамыз. Ақын алдымен жарық дүние жақсыны сүюден бастап, өмірді сүюдің құлына айналады. Күрделіліктің көгіне көтерілген ақын о бастағы сәби күлкісіне қайта оралады. Адам болып айқасқан арыстан жүрек, қанатты періште болып қалықтайды. Жер бетіндегі нағыз адам өлмейді, періштеге айналады екен. Ендеше, оның интеллектісіндегі осы ерекшелік бүкіл шығармашылық арқауын белгілейтін өлшем. Азамат ақын адам боп өледі. Нағыз ақын мен азаматты бөлу қиын. Олай болса, М. Мақатаев шығармашылығы ақын-азамат адамша ғұмыр кешкен парасат иесінің жазбаларынан бөтен ештеңе де емес.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қазақ елінің тәуелсіздік алған кезеңінде М. Мақатаев мұрасына жаңаша көзқарас қалыптасты, ақын мұраларын танудың жаңа бір кезеңі басталды. Ақын шығармалары өзі дүниеден қайтқаннан бері де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығымен бағаланды.


жүктеу 399.5 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет