МұҚАҒали поэзиясы – азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы



жүктеу 399.5 Kb.
бет10/21
Дата13.02.2022
өлшемі399.5 Kb.
#17227
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21
Мұқағали Мақатаев шығармаларының көркемдік ерекшелігі және балаларға арналған - копия
999999999

Бәрін де қойшы…


Бәрі де өтер тоқтаусыз,

Өмір ме өмір ?

Өнбей де өспей жоқ-барсыз ?

Кезегім келіп,

Кеткенде келмес сапарға,

Хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз…

Мұқағали жырларына талдау жасай отырып, оның прозасына соқпай өту қиянат болар еді. Оның “Қош махаббат!” атты кітабындағы проза тілімен жазылған әрбір үздік сырдан да сол ақын Мұқағалидың Хантәңірінің шыңындағы кіреуке түспеген қардай адал ниетті, Шалкөденің сайына асып-тасып аңғал құлаған бұлақтай сайран сезімі бірден жүрегіңді баурап алады.

Кітаптың беташары – “Құлпытас”. Әңгіме, новелла, тіпті эссе десе де болатындай. Қала тірлігіне үйренбеген, әділет соқпағымен ғана жүріп өтем деген Смағұлдай мұғалімнің әлдекімдердің алайған көзінен діңкелеген шарасыз кейпі, жатаған көрінгенмен бала жанының саясындай ауылдағы мектебі – бәрі-бәрі кішкентай Зияшқа трамвайы сартылдаған, мүгедек қарияны “билеті жоқ” деп түсіріп жіберген қатыгез кондукторлы қаланың у-шу өміріне қарама-қайшыдай көрінеді. Және бұл керемет табиғи, нанымды шыққаны сондай, кішкене қыздың сағынышына ілесіп, өзің де әңгімеде үлкендердің – яғни өмірді құрап тұрған адамдардың – түсініксіз, оғаш қылықтары, тіршілікке тән қайшылықтар мен қақтығыстар, жаңа ортада, цивилизация бесігі – қалада, ауыл адамының психологиясына түсетін салмақ, содан жан әлеміне таршылық пен қытымырлық ену трагедиясы шебер көрсетіледі. Жаңа ортаға – қалаға көшіп келгелі Зияштың анасы ашушаң, тырысқақ болып кеткені, самай шашы үкінің жүніндей қобыраған момақан әженің (болашақ жазушының анасы) есеп шығара алмай отырған оқушыдай, баласы мен келініне жаутаңдай қараған бейнесі тұп-тура көз алдыңда тұра қалады. Ауылын аңсап, “жазушы болам” деп қалаға көшіп келген әкесінің қылығына түсіне алмай, мектепке томпаңдап бара жатқан кішкене қызды машина қағып, қаза табуы жүрегіңді шымырлата, сыздата отырып, көп ойлауға меңзейді. “Құлпытасты” оқығанда ақынның “Майгүлге” өлеңі бірден есіңе түседі.

“Марусияның тауы” да суретке толы. Қазақ арасына сіңіпкеткен орыстар қай жерде де кездеседі ғой. Тағы да сол өз ауылыңдағы “қазақшаға судай – орыс деген аты болмаса, қазағыңнан артық” деп бүкіл ауыл сүйсінетін орыс семьясы елес береді. Жаңалықтың бәрі оп-оңай келмейтінін, әділдік салтанаты үшін құрбандықтар қахет екенін тәптіштеп түсіндірмей-ақ, сағи ақсақалдың әңгімесі арқылы ойлы оқырман өзіндік пікір-түйінге келері сөзсіз. Ауыл баласы, қазақ Сағидың ұлты басқа, бірақ өзіне керемет ұнайтын Марусияға деген сүйіспеншілік сезімі, айтылмай қалған сезімі, жас кеңес өкіметінің жауларының қолынан жазатайым қаза тапқан сол қызға деген сезімі осынау шалқар дала, ақиық таулардың тірлігіндей мәңгілік секілді. Осы әңгіме бүгін біз көп айтып аузымыздан тастамай жүрген халықтар арасындағы достық, бауырластық мәселелері төңірегінде де үлкен ой салар шығарма дер едім.

Мұқағали шығармаларының қай-қайсысында болмасын ақын жүрегінің лүпілі көрініп тұрады. “Өзгермепті”деген әңгімесі де осы ойды дәлелдейді. Жас ұрпақты тәрбиелеу құқына ие болып, мұғалімдік тұғырына отырған Әбен не адамдық, не адалдық қасиеті жоқ, өз қарнының аш-тоқтығымен бүкіл әлем тынысын өлшейтін тоғышар қалпында көз алдында тұра қалады. Әңгіменің эпиграфы ретінді “Оқытушы барлығын да білу керек қой, әкем-ау, барлығын да”, - деген А.П.Чеховтың сөзін алуы да тектен-тек емес. Осының өзінен автордың неден жиіркеніп, неден тітіркегенін айқын көруге болады.

“Әже” деген тақырыпқа біріктірілген үзік сырлар мен “Қос қарлығаш” әңгімесінің айтар ойы сабақтас жатыр.

Жалпы Мақатаев творчествосында қазақ ұғымындағы қасиетті Ана образы, сол халық түсінігінде болмыс бітімімен, ақыл-парасатымен елес береді.

“Қос қарлығаш” повестінде келіншегі мен кішкене перзенті Мәлікті, анасы Жамашты ауылда қалдырып, жаңа семья құрған суретші жігіт Манастың сырдаң бейнесі өзі оқиғаға қатынаспай-ақ, шығарманың өн бойында қатынасып отырады. Ауылдағы шофер Әмірдің бірге өсіп, мектепте бірге оқыған Зияшқа деген махаббаты да сендіреді. Жамаш ананың келіні мен немересіне деген сезімі тіпті өз ұлына деген махаббатынан да басым. Және бұл қазақ психологиясы үшін таңданарлық құбылыс емес. Дәл осындай қасірет басқа түскенде екі оттың арасында қалатын ананың жай күйі Мұқағали қаламынан тағы да нанымды шыққан.

Ал “Қош, махаббат!” пьесасында студенттік өмір, жастық шақ, Айбар мен Айнаштың, Бану мен Бағдаттың, Асанның арасындағы махаббат шырғалаңы суреттеледі. Тағы да зұлымдық пен аңғалдықтың, арсыздық пен адалдықтың заңды жалғасындай автордың позициясы - әр өлеңінде шындық салтанаты деп жанұшырған Мұқағали ақынның позициясымен бірдей. Өлімнен басқа ешнәрсе ажыратпайды деген Банудың Бағдатқа деген адал сезімі тірліктің бұралаң соқпақтарымен бұрыла келіп, басқа арнаға құйғанда, қиналасың, қинала отырып нанасың.

Өмірдің өзіндей өткінші адамзаттың баянсыз сезімі-ай деп үнсіз мойып, мойындайсың. Осы тұста да дүниедегі барлық қара бұлттар шуаққа ғана, шапағатқа ғана тоғысса деп көксеген ақылшың аппақ арманын, өзінің көркем қиялымен иіп әкеліп, Банудың да Бағдаттың да, оның жан жолдасы Айбардың да жанына кірбің түссе де, ең соңында ертегідей жарасым тапқызған “бақытты” түйіннен көреміз. “Ей, адамдар, ат құйрығын үзіспей, келісім, жарасым тапсаңдаршы, мынау жердің үстіндегі аз күндік ғұмырда татулықтан асқан табиғат үйлесімі бар ма ?! – деген Мұқағалидың жан даусы естілгендей әсер қалдырады.

“Жыл құстары” – осы кітаптағы көлемі жағынан да, қамтитын оқиғасы жағынан да үлкен шығарма. Автор ойдан жырақтап бара жатқан оқырманды ойлауға меңзейді. Ой мен сезім еліне жетелейді. Жаңа өмірдің – шындық салтанантының жолында құрбан болғандардың рухын қастерлеуге шақырады.

Мұқағали Мақатаев – қазақ тарихындағы ең оқырманы көп, қалың халық басты жанашыры болған суреткер. Ол – ең алдымен ақын. Қазақ жырының құдыреті.

“Қош, махаббат!” – сол жыр құдыретінің қарасөзбен жазылған ой өрнектері. Мақатаев үлкенді-кішілі прозалық туындыларында да сол ақын Мақатаев күйінде қалған. Өнердің биіктігі мен адам биіктігінің тұтастығын, жарасымын іздеген ойлы оқырман үшін керегі де сол болса керек.

Жыр әлемінде өз ойын, өмір шындығын көркем тілде ақындық биік тұғырдан тұтас шеберлікпен жырлау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл тек шабыты жоғары, өзін жыр жолына арнаған үлкен таланттың ғана қолынан келеді. Сондай таланттың бірі – Мұқағали Мақатаев. Ол - өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспеген үлкен дарын, үлкен талант иесі.

Әр дәуір өз ақынын өзі туғызған десек, 60-70 жылдардағы Мұқағали шығармалары сол жылдардың көркем тілімен жазылған тұтас бір шежіресі секілді. Жайлап қарасаң, көз алдыңа керемет бір көркем сурет галереясы елестейді. Мәселен, қазақтың қара өлеңінің құдыретін, терең сырын бір ғана ақын меңгерген болса, соны арқалы ақын Мұқағали меңгерді десек қателеспейміз.

Ақынның:

Ақынмын деп мен қалай айта аламын.

Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, -

деп бар даусымен мойындап, әділ бағасын өзі айтқаны бекер емес. Себебі, ақын поэзия әлеміндегі әсем де нәзік сезім құдыретін, ақындық музаны осы қара өлеңнен іздеді. Ақын шығармаларының тақырыбы әр алуан, бірақ оның ерекшеліктері өзгеге ұқсамас сыры мен қырында жатыр.

Дүниедегі бар құбылысты, адамзат санасындағы сан қырлы сезімді сөз арқылы жеткізуге болады. Сондықтан да осы сөз құдыретінің мән-мағынасына терең бойлап, мың сөзден бір сөз таңдап, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелейтін Мұқағалидай ақын кемде-кем. Ақынның көркемдік ерекшеліктеріне, әсемдік әлеміне, ондағы көркемдеу құралдарына, тіл байлығына, өлең өріміне, ақындық шеберлігіне азды-көпті тоқталып өтсем деймін.



Сөздердің реңін кіргізіп, ажарлап, көркемдеп үйлесімге келтірудің бірнеше түрлері мен тәсілдері бар. Сондай көркемдегіш құралдар – теңеу, қайталау, арнау және диалогтар. Ақын өз шығармаларында көркем бейне жасауда, сөзбен сурет салуда теңеу сөздерді талғампаздықпен шебер пайдаланып, заттың, құбылыстың ерекше ұқсас белгілерін екінші нәрсемен салыстырып, құбылтып, түрлендіріп, эстетикалық әсерін одан әрі күшейтіп отырған.
Қартың қазір бір бәйтерек мәуелі,

Сексен емес, жүзіңнен де дәмелі.



* * *

Бұзаудың тіліндей-ақ ала қағаз,

Ағадан ұшып жеткен кептер ме едің ?!

* * *


Абыржып асаңды ұстап отырғаның,

Ашулы Грозный патшадайын.



* * *

Бар байлықты қойныма тығып алып,

Әлде мына құмардай өлсем бе екен.

Әлде мына таулардай бүркеніп ап,

Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба екен?!

Мұқағали лирикасында кездесетін көркемдегіш құралдың бірі – кезекті қайталау, яғни эпифораның үлгісі:


Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Осы шумақта қайталаудың эпифоралық және анафоралық түрімен қатар, ойды үдемелетіп дамыту, яғни градацияның да элементінің аралас келгенін байқаймыз.

Ақын өлеңдерінен сұрай арнауды да кездестіруге болады. Мәселен, “Не керек?…” деген өлеңін оқып көрелік:

Не керек осы адамға ?

Бүгін бе, болашақ па ?

Ақылгөй кәрілік пе, бала шақ па ?

… О, өмір !

О, неғылған сиқыр едің,

Қалай-қалай соғады құйты желің ?!

Діңкелеп, шаршап келіп жантайғанда,

Тәтті бір түс көрсеткен ұйқы ма едің?!



Бұл өлеңде ақын адамдарға қойған сұрақтарына жауа күттіріп отырған жоқ, себебі өлең мәтінінен оның жауабы өз-өзінен түсінікті болып, жауабын да өзі беріп отыр.

Мұқағали Мақатаев жырларының көркемдік ерекшеліктері өте мол. Онда троп пен фигураның түр-түрі, бірнеше жолдармен жасалған теңеу мен эпитет, жансыз нәрсеге жан бітіре суреттеу, арнау түрлері, диалог тәсілі өте шебер әрі орынды көріне білген. Мысалы, ақын диалог тәсілін, яғни сұрақ-жауап түріндегі әдістің поэзияда қолдануында өте шеберлік танытады. Оның “Махаббат диалогы”, “Менің анкетам” секілді өлеңдері тек диалогқа құрылған.



  • Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?

  • Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.

  • Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?

  • Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.

  • Бұлдырасам сағымдай, не етер едің?

  • Жел боп қуып, ақыры жетер едім.

  • Қайғы әкелсем басыңа, не етер едің?

  • Қойшы сәулем, бәрін де көтеремін – деп келетін

осы жолдар сырлы сезімнің құпиясын ашып, бар асылын көрсетуде басы артық сөзге, қиялға бой ұрмайды. Тек қана бір-біріне ұмтылған қос ғашықтың тілдесуі бұл. Бар-жоғы сегіз ғана жолдан тұратын бұл өлең бүкіл бір поэманың жүгін арқалап тұрғандай. Әр сұрақ – жаңа бір жол, тың бастама, яки бір қасіреттің шоқтануындай болса, әрбір берілген байсалды, сезімге толы жауап – сол жолдың жеңісті жарқын қорытындысындай.

О, муза!


Мәңгі жастық!

Қайран досым!

Қай күні ауар екен сайран қосым, - деп ағына

жарыла бар құпиясын алдына жайып салса, бірде:

О, жастық!

Сен өлгенде, мен өлемін,

Сенсіз мен қиылған бір бөренемін,

Енді бірде:

О, Махаббат!

Сен әлі тірі ме едің?

Көзімнен ғайып болған күнім едің,

Гүлім едің…

Елтіген түнім едің,

О, Махаббат!



Сен әлі тірі ме едің?! – деп, ақын жүрегі табына жырлайды. Ақын күйкі тірліктің қоңыр тірлігінен көрінбей ескерусіз қалған дүниелерді асыл сүзгендей жүрегінен өткізіп, от тілімен жалынды жырға айналдыра біледі.

Ақынның жайшылықта тумаған әрбір өлеңінен оқырман қауымының әрқайсысы өз дегенін, өз қажетін, тіпті айтылмаған сырын, мұңы мен арманын, қанатты қиялын да таба алады. Мұқағали поэзиясын оқи отырып, іштей де болса “мынау мен ғой”, “мынау менің өмірім ғой”, “мынаны мен де осылай деп едім-ау” – деген ой туса ақын міндетінің орындалғаны.

Ақын мақсаты – шындықты жазу. Себебі, ақынның ақындығы – шындығында, жүрек сөзінде. Ол не туралы жазбасын, не нәрсені жырына арқау етпесін, өз құбыласын әділдікке қарап түзейді. Ал әділдіктің жолы қашан да бұралаң… өлең жолдарын айшықты етудің тағы бір тәсілі – қайталау. Мұқағали поэзиясында ақындық дарындылық осы тәсілдерді ойната қолдану арқылы өлең құрылысын қарапайым әрі ерекше тілге жатық етіп қолдана білген. Мысалы, ақын бастапқы сөз қайталау әдісін:

Ақынды ақын оятпаса, болмайды.

Ақынды ақын таяқтаса, ол – қайғы.

Ақынды ақын сүймесе, болмайды.

Ақынды ақын күйелесе, ол – қайғы –

деген өлең жолдарында өте орынды пайдалана білген. Шығармашылық шабыт “ақынды ақын” деген сөздерді қосарлана қолдану арқылы оқылу жүйесін жеңілдете түседі де, адам санасына бірден жатталып қалуын тездетеді. Қайталау әдісін қолдануда оның бояуын баттастыра түсу әсіресе қызылдыққа соқтырады. Ондай өлең тез оқылып, әдемі көрінгенімен, сонымен бірге құлаққа ерекше болып естілгенімен ол ішкі мазмұн сабақтастығын, идея құрылысын жоғалтып алады.

Анафора, эпифора тәсілдері Мұқағали өлеңдерінде ерекше көрініс тапқан. Сөз қайталаудың мақсаты – қолданылып отырған ұғымның мағынасын аша түсу деп те айтуға болады. Мұқағали сөз қадіріне баса мән берген.

Мұқағали поэзиясының ерекшелігі сол оның әр дыбысы да өз орнын тауып “ойнайды”. Ақын өзінің атышулы “Райымбек! Райымбек!” атты поэмасын:

Қаратаудың басынан көш келеді.

Қара жорға шайқалып, бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді, -

деп әдемі бастаған.

Бұл бастама барша қазақ халқына таныс Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманында дүниеге келген халық әнімен астасып жатыр. Ақын көпшіліктің көңілінде жатталып қалған сол әнге өзінше өң беріп, түрлендіре түседі. Ақынның сөз шеберлігі бір ғана “қ” қатаң дауыссыз дыбысын өлең жолының басында бірыңғай қолдану арқылы қайғы, қазақ, қанат секілді сөздерге өзгеше бояулы ұғыс береді. Қалың қазақ басындағы қасіретті тарихи шындықпен ұштастыра отырып оны бір ғана “қара” сөзімен мән-мағынасын тереңдете түседі. Өлеңде “қара” сөзі күн, түн, қайғы, жау секілді ұғымдармен тіркесіп келеді.

Әр тіркесте анықтаушы міндетіндегі “қара” сөзі бірнеше қырынан көрінеді. Ақын қолданған аллитерация (дауыссыз дыбыстың қайталануы) тәсілі өз мақсатын ғана емес, “өлең – сөздің патшасының” да талап-тілектеріне жауап береді. Бүкіл бір тарихтың ауыр жүгін арқалаған поэманың тілі көркем, тартымды. Табиғатына тән айбарлылық пен асау сезімнің жан тебіренісі ақынның төл туындысынан көрінбей қалмайды емес, көрінеді. Түсіне білген адамға сөзбен салған Мұқағалидың әр сурет-өлеңі тарихқа толы. Жүрегіне от тұнған Мұқағали әр өлеңіне үлкен жауапкершілікпен қараған, оның үлкен тақырыпқа зер сала, зерделей келуі де сондықтан. “Қара тастан да мейірім күткен ақынның” зерек зердесі ешнәрсені де қалтарыста қалдырмайды.

Ақынның ұғымына “қара” сөзі жат емес. Керісінше Мұқағали сол түсті ғажап, сиқырлы деп таниды. Сондықтан да болар туындыларынан қара қазақ, қара өлең, қара тас, қара уайым, қара шаша, қара көз, қара ниет, қара түн т.с.с. сөз тіркестерін жиі кездестіруге болады. Арындап алға тартқан ақын таланты көл-көсір. Оның жаны мен мәні көңіл көзімен зерттеліп, поэзияға деген сырлы махаббатымен жалғасын тауып жатады.



Шебер сөйлеудің мықты бір ұшы – синонимдерді талғап, орнымен қыбын тауып лайықтап жымдастырып, жұмсай білуде. Синонимдер – тілдің байлығын, оның шексіз оралымдығы мен дамығандығын көрсететін көрсеткіш деп бекерге айтылмаған. Синонимдік қатарды құрастырушы сөздер бір-бірімен мағыналық жақтан жақын, өзара мәндес болуымен бірге, барлығының бір сөз табына қатысты сөздерден жасалуы шарт. Белгілі бір синонимдік қатардың жасалуы үшін, оның құрамына енетін сөздердің барлығы да бірөңкей етістік сөздерден болуы керек. Синонимдік қатарлар әр сөз табының құрамында бар.

Логикалық ұғымы жағынан ең айқын сөз табы – зат есімдер. Ақынның “Шындық туралы” өлеңінде мұндай синонимдер көп екен.

Шындық көзге шұқиды қашаннан да,

Шыбын жаның шындықтан қаша алған ба.

Ар ақиқат үкімі жасалғанда,

Қолға тұрар ноқтасыз асаулар да.

Қолға тұрар қулар да, зұлымдар да,

Ат жалынан мал тапқан жылымдар да.

Арамзаны, ұрыны жұлып түспей,

Ақиқаттың алмасы суынған ба ?!

Алғашқы шумақта қолданылатын “Шындық – ақиқат” зат есім синонимдері стильдік синонимдер болады. “Стильдік синонимдер деп мағына жағынан ұқсас тең бола отырып, бір-бірінен стильдік бояуы арқылы өзгешеленетін мәндес сөздердің тобын айтамыз.

“Шындық” сөзі жалпы халықтың жиі қолданылатын бейтарап сөз болса, “ақиқат” сөзінің белгілі дәрежеде шектелген шегі бар. “Ақиқат” сөзі әдеби тілдің өз ішіндегі белгілі бірлі-жарым сөздермен ғана тіркесіп айтылады. Сөйтіп мұндай синоним сөздер тілдегі стильдік синонимдердің сан мөлшерін көбейтуге атсалысады.

Екінші шумақтағы “зұлымдар, қулар, мал тапқан жылымдар, - деп қоғамдағы әр түрлі ісімен бүлік жасап, бүлдіріп жүрген екіжүзді, түлкі мінезді, сұрқия, “сырты жылан, іші шаян” көп надандар. Синонимдік қатарлар арқылы ақын тұтас типтік бейне жасаған. Бұндай адамдар қай дәуірде де өмір сүрген және өмір сүре береді. Екінші шумақтың үш жолы дыбыстық ассонансқа негізделіп, өлеңнің әуенін биіктете түседі. Ал жылымдар – ақынның өз қолданысы, яғни контекстік синоним. Мал тапқан сөзімен тіркесіп жылымдардың кім екені ашыла түседі. Бұлар да біреулердің еңбегімен күн көріп жүргендер.

Көгере бер мәңгілік сен, өлеңім…

Жырсыз менің өмірге не керегім,

Жырданбасқа жұртыма не беремін ?

Мына өлеңнің үзіндісінде “өлең, жыр” –



кілең түбір сөздерден болған синонимдер. Бұған ешқандай сөз тудыру амалдарынсыз-ақ, түбір күйінде келіп, бір-бірімен мағыналас болып келген сөздер жатады. Соңғы екі жолдың басы "жыр" сөзінен басталып, эпифоралық қайталама қолданылып, өлеңге өте күшті экспрессиялық өң беріліп тұр.

Ақынның өлеңдеріндегі синонимдерді аталған қызметтерін негізге ала отырып аса мол, ұтымды қолданғандығын байқау қиын емес. Өлең тіліндегі синонимдердің стильдік мәні, қызметі өте күшті. Өлең тілі синонимдерге неғұрлым бай болса және олар ойды жеткізуде өз орнында тұрып қызметін мүлтіксіз атқарып тұрса өлең шынайы, бейнелі болады.

Жоғарыда айтқанымыздай, кейде қаламгер бір сөзді бірнеше рет қайталап, сөйлеу тілі стиліне көлеңке түсірмес үшін сол сөздің синонимін пайдаланады. Мысалы, “Мен сендерді іздеймін” өлеңінде: майдандас, қарулас, құрбылас сияқты сөздердің бәрі де “ардагер” сөзінің орнына қолданылған.

Қайран достарым менің!

Майдандастарым менің!

Жеңіспенен оралған бауырларым,

Сағынамын сендерді, сағынамын.

Бауырластарым менің!

Қаруластарым менің!

Қай жерлерде жүрсіңдер, майдандастар?

Тағдырларың не болды, қайран достар?!.

Бұл шумақта қатар тізбектелген персондық синонимдік қатарлар берілген. Синонимдердің бір сөз табынан болатынын ескерсек бұлардың бәрі түбір зат есім синонимдер. Мұнда негізгі доминант сөз – дос.

Синонимдердің қайталануы арқылы ақынның эмоционалдық реңктерін күшейтеді, өлеңде майдандық достықтың мәңгі, өшпес жалынын жоғарылатады. Автор өзінің майдандастарын, әскери ерліктерін еске алып, ескі достарымен кездескісі келеді.

Тағы бір мысал келтірейін:

Ойым бар менің,

Ойым бар менің ерекше.

Жақсылық жауып,

Дүниені мынау сел етсе,

Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын



Көрге алып кетем, керек пе, -

… Жамандық іздеп бақпасын!

Жауыздық жатқан,

Арамдық жатқан көрімнің,

Қақпасын келіп қақпасын, -

деп тебіренген Мұқағалидың азаматтық көңіл-күйі, жүрек лүпілі осылай соғады, егер де өзінен кейін жер бетінде жауыздық пен жамандықтар жойылатын болса, ол үшін соның жолына қиятынына еш күмән келтіруге болмайды.

Бірінші екі жолында ақын “ойым бар менің” сөйлемін қайталап, лексикалық анафора жасайды. Екінші шумақта автор “жаман, жауыз, арам” сөздеріне дық жұрнағы жалғану арқылы, сөздерді абстракт мағыналы зат есімдерге айналдырады. Сондай-ақ “жауыздық, жамандық, арамдық” сияқты қабаттаса келген синонимдер плеонастық қабаттарды жасайды. Мұнда негізгі доминант (тірек) сөзі – жамандық.



Ырғақ, интонациялық шумақ-буын өлшемі жағынан жоғарыдағы Мұқағали өлеңдерінен бұра тартпайды. Бұл жолы ол әсемдікті сезінуі жағынан тікелей әлгі стильді пайдаланады. Табиғаттың әсем көрінісін пейзаждық құбылысты беруде ақын санаға сіңісті болған суреттеу тәсілінен бойын аулақ ұстап отыр. Суретті сезім қозғалысы күйінде беруге тырысады. Сөйтіп барып бұл жерде де ол оңашаланады. Хабарлы ғана ойды білдіретін сөйлемдер эстетика мұратын өтей алатыны сөзсіз. Сөз жоқ, мұның бәрі ізденіс жемісі.

Білмедім құмармын ба, ғашықпын ба,

Білмеймін ынжықпын ба, жасықпын ба.

Білмей жүріп қырықтан бір-ақ шықтым,

Болуға бәріне аға асықтым ба?

(Ақ қыздар, арым таза алдарыңда)

Осындағы құмармын-ғашықпын, ынжықпын-жасықпын қатар келген параллель синонимдер көп ойды жеткізеді. Жіктелген формадағы синонимдік қатарлардың алғашқы сыңарынан екінші сыңарының мағынасы басым. Құмармыннан ғашықпынның, ынжықпыннан жасықпынның қолданылу аясы кең әрі әсерлі. Бұл сын есім синонимдер адамның бір қасиетіне байланысты айтылады. Ойды үстемелету үшін “ба” шылауының қызметі ерекшеленіп көрініп тұр.

Сондай-ақ “білмедім, білмеймін, білмей жүріп” сияқты лексикалық анафорлар өлеңнің саздылығын, әуезділігін арттырып, өлеңге айрықша көркемдік сипат береді. Шумақтың төртінші жолы дыбыстық аллитерацияға құрылған.

Етістік лексика-семантикалық мағынасы жағынан болсын, грамматикалық тұлғалары жағынан да сөз таптарының ішіндегі ең күрделі де көлемдісі деп есептеледі. Етістік – тіліміздегі бейнелеу құралы. Ақын етістік тұлғалы синонимдер арқылы ойды өрнектеп, тіл мүмкіншілігін көрсетеді. Мысалы, “Қуанайын” өлеңінде етістік синонимдердің қайталануын көруге болады.

Қуан дейсің,

Ал енді қуанайын,

Қуаныштан қолыма ту алайын…

… Шаттан дейсің,

Ал енді шаттанайын.

Шаттанайын,

Шарқ ұрып мақтанайын.

Мұнда “қуану-шаттану” секілді жағымды мағыналы, адамның қуанышты көңіл-күйін білдіретін екі етістікті синоним қолданылады. Екінші синонимдік сыңарға қарағанда алғашқы сыңардың салмағы басымдау көрінеді. Сондай-ақ, ақын ойын үдемілетіп беруде “Қуан дейсің, ал енді қаунайын”, “Шаттан дейсің, ал енді шаттанайын” сияқты күшейткіштік қайталама пайдаланып, күшейту мәнін үстейді.

“Сені азамат дегенге” өлеңінде анафоралық қайталаманың түрін байқауға болады. Автор өлеңінде “сенбейін бе, сенем бе”, “көнбейін бе, көнем бе”, “нанбайын ба, нанам ба” секілді сөздермен өзі айтқан сөзіне, ойына сенімсіздік білдіреді.

Сені де адам дегенге,

Сенбеймін бе, сенем бе ?!

Ойнақ салдың төбемде,

Көнбейін бе, көнем бе ?!

Сендей сұмдық адамға,

Нанбайын ба, нанам ма?!.



Мұндағы доминант сөз – сену етістігі. Анафора қолдануымен қатар параллельді қайталама кездесіп отырады. Өлеңнің мазмұнын аша түсетін негізгі өлең жолдары параллельдік түрде қойылған.

Сөйтіп, М.Мақатаев өлеңдеріндегі анафора мен эпифораларын бар екендігін анық көреміз. Анафора мен эпифора өлеңге ерекше сипат, мәнерлілік, бейнелілік береді, ол арқылы ақынның айтар ойын күшейтіп отырады. Мұқағали жырларындағы зат есім, сын есім, етістіктен жасалған синонимдер жиі кездесіп, қайталанып, айтылатын ойға айрықша әуез беріп, шығарманың тіл шұрайын келтіріп тұрады.

Мұқағали қолданған ажарлау құралдарының бірі – аллитерация. Бірыңғай дауыссыз дыбыстардың қайталанып келуін аллитерация деп атайды. “Райымбек, Райымбек!” поэмасында ол былай өрілген:

Құлашыңды бауыздар желіге айдап,

Құраныңның өртенер соры қайнап,

Қайда барсаң Қорқыттың көрі болып,

Қонысыңнан ауарсың “Елімайлап”

немесе,


Қайда барсаң, бәрібір кірерің көр,

Қабылдайды қойнына түнеріп жер.

Қапталына түсіріп күреңімнің

Қамыс артып, жігіттер, жіберіңдер.

Осы үзінділерде бірыңғай “Қ” дауыссыз дыбысы әр тармақтың басында келген. Бұл құлаққа жағымды естіліп, ішкі көркем үндестікті қалыптастырып тұр. Мұндай құбылысты ақынның “Өмір дастанынан” да кездестіруге болады.

Жатыр таулар, кемедей қайырлаған,

Жатыр дала, әлдене уайымдаған.

Жатыр бәрі, жатыр бір сол тіршілік,

Жер төсінен уыстап айырылмаған.

Жалпы, тумысынан шешен, кестелі көркем сөзге бай суреткер табиғатын тосын ойлар, күтпеген тұжырымдар әркез әрлендіріп, айналасына шуақ-нұрын мол шашып, қуаттандырып отырғандай елестейді…

Қалқам,

Мен Лермонтов, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен.

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Жат жерді жастанғанда жазатайым,

Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым,

… Қасиетіңнен қара өлең, айналайын,

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым… -



деген шумақтардың абыройын асырып, аруағын аспандатып тұрған орнымен қолданылған екі-үш киелі сөз, қасиетті ұғымдар екенін байқаймыз. Олар – “қара өлең-құдіретім”, “онда бір сұмдық сыр бар естілмеген…” және “қазақтың дәл өзіндей қарапайым” деген ғажайып мойындау. Міне, туған халқынан алған қазына-байлығын өзіне қайыра сый етіп ұсынар ақынның ой өру символикасынан ұлт пен әлемнің тұтаса кіріп, бірігіп кеткен кескінін көреміз.


жүктеу 399.5 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет