Жүнісов С. Ж88 Пьесалар



жүктеу 6.82 Kb.
Pdf просмотр
бет3/14
Дата26.04.2017
өлшемі6.82 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

 Үшінші  көрініс
Шағын жүдеу бөлме. Тап ортада үстіне неше түрлі 
тағам, ішімдік қойылған ескі үстел. Бөлмеде жалғыз 
әйел: Миссис адвокат – надзирательдің қызы. Сырттан 
надзиратель кіреді. Қызы құшақтап мойнына асылады.
М и с с и с. Папа!
Н а д з и р а т е л ь .  Қызым, жалғызым менің!
М и с с и с. Туған күніңмен құттықтаймын, папа, міне, 
туған күніңе тартуым.
Н а д з и р а т е л ь .   Рақмет, қызым, рақмет! Мұндай 
сыйлықты ғұмырымда бірінші рет алуым.

40
М и с с и с. Есіңде ме, папа, сен менің туған күнімде, ылғи 
қатырма қағаздан не ағаштан қуыршақ жасап беруші едің 
ғой. Мен солардың бәрін бертінге дейін сақтадым. Жақында 
ғана жағып жібердім.
Н а д з и р а т е л ь .  Неге?
М и с с и с (қабағын шытып). Қайыршылықпен өткен 
балалық шағымды, бір түрлі еске салатын сияқты.
Н а д з и р а т е л ь .   Иә,  ол  рас... Ал енді қызметің қалай?
М и с с и с. Қызмет қалай десем екен енді... Онша жеңіл 
емес. Әйткенмен, үш ай боп қалды ғой, төселе бастадым. 
Айтқандай, қазір виллада тұрамын.
Н а д з и р а т е л ь .  Виллада?! Қайдағы Вилла?
М и с с и с. Пап, сен ұрыспайсың ба? Мен сенің ұлық-
сатыңсыз күйеуге тидім.
Н а д з и р а т е л ь .   Не  дейсің?!
М и с с и с. Құттықтауыңа болады, мен қазір миссис ад-
вокатпын.
Н а д з и р а т е л ь .  Миссис? Күйеу бала қандай адам, 
кім?
М и с с и с. Бір курста оқыған студент. Қазір ол да ад-
вокат. Әкесі бүкіл аймаққа белгілі адам. Бұрын-соңды 
болмаған керемет той жасады.
Н а д з и р а т е л ь .   Оған ұл әкесі қатысқанда, қыз 
әкесі неге қатыспайды?
М и с с и с. Папа, ренжіме, кейін өзің ұға жатарсың, 
сәл ғана жасырынбақ ойнау керек болды. Біздің тілімізді 
«конс пирация» дейді. Сосын, тойға қатысқан күнде саған 
өте қызықсыз болар еді. Және сен өзіңді ол жерде қолай-
сыз сезінер едің. Өйткені тойға жиналғандар кілең ақсүйек 
адамдар мен әскери қызметкерлер.

41
Н а д з и р а т е л ь .  Ақсүйек деймісің... Әрине, әрине, 
түсінем...
М и с с и с. Жақында пенсияға шығасың, сосын менің 
қолыма келесің. Ол кезде жұрт сенің надзиратель екеніңді 
білмейді. Пенсионер дейді.
Н а д з и р а т е л ь .   Надзиратель екенімді білсе, онда 
тұрған не бар?
М и с с и с. Жо-жоқ, папа! Қызыңның абыройы үшін 
онда үлкен мән бар. Сосын...
Н а д з и р а т е л ь .   Әрі қарай айтпай-ақ қой, қызым, 
түсіндім. Сенің болашағың үшін мен капиталист, фабри-
кант, тым құрығанда, фермер, латифундист болуым керек. 
Ал пенсионерден не пайда?
М и с с и с. Болмаған соң, оған өкінбе, әке. Ал қызыңның 
келешегі үшін ата текті білдірудің зияннан басқа, түк пайда-
сы жоқ .
Н а д з и р а т е л ь .   Солай еді де. Мен арымды төгіп, 
барымды беріп жүріп, нақақтан жаза тартқандар болса, 
қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да, ара түсер әділ 
адам болар деп адвокаттықты оқытсам, ол әділдіктен қалай 
жалтарудың оқуын оқыған екен ғой.
М и с с и с. Әке, адам көп оқып, білімді болған сайын 
өмірдің қат-қабат жолына соғұрлым көбірек түседі, одан 
адас пай шығу үшін бар амалды үйрене де біледі. Әр заман-
ның, әр ортаның белгілі бір өз әділдігі бар.
Н а д з и р а т е л ъ .   Сен соттағыларды да осылай 
ақтаймысың?
М и с с и с. Қылмысына қарай!
Н а д з и р а т е л ь .  Ендеше, мен саған әкелік бір қолқа 
салайын. Орындаймысың, миссис адвокат?

42
М и с с и с. Айтыңыз, көрейін.
Н а д з и р а т е л ь .  Маған қарасты камерада бір ком-
позитор бар. Сен сияқты жас күнінде түсіп еді. Үш жыл бол-
ды отырғанына. Сырттан да, іштен де ешкім қатынамайды. 
Соның ісін алсаң!
М и с с и с. Кісі өлтірген бе?.
Н а д з и р а т е л ь .  Жо-жоқ!
М и с с и с. Банк тонаған ба?
Н а д з и р а т е л ь .  Жо-жоқ, қылмысы мүлдем аз. Бар 
болғаны өз жүрегі қалаған сөзді айтқан. Көңілі сүйген әнді 
шығарған. Соғысты жек көреді. Кей жерлерде әділетсіздік 
туралы сөздер сөйлеген, нағыз адал жан.
М и с с и с. Саяси тұтқын болды ғой онда.
Н а д з и р а т е л ь .  Иә, солай. Коммунист.
М и с с и с. Коммунист?!
Н а д з и р а т е л ь .  Егер соны ақтап шығарсаң...
М и с с и с. Оны неге мүсіркейсің?
Н а д з и р а т е л ь .   Оның ісін, оның ойын жасымда 
мен де мақсат етіп ем. Қолымнан келмеді.
М и с с и с. Әке, оны ақтау менің де қолымнан келмейді.
Н а д з и р а т е л ь .  Неге?
М и с с и с. Олар үшін үкіметтің заңы біреу-ақ. Оны 
ақтарлық екінші заң жазылмаған.
Н а д з и р а т е л ь .  Адамгершілік заңы қайда?
М и с с и с. Әке, сен өзі саясатшыл болып алыпсың ғой. 
Бұл сөздеріңді мен ғана естиін, осы жерде қалсын.
Н а д з и р а т е л ь .  Мен сақаумын, кереңмін, бірақ 
милау емеспін, қызым!
М и с с и с. Мен де милау емеспін, кереңмін, сақаумын, әке!
Н а д з и р а т е л ь .  Ендеше, сенің ақтайтындарың кім?

43
М и с с и с. Ұрылар, саудагерлер, жалақорлар, парақорлар...
Н а д з и р а т е л ь .   Түсіндім, қызым, түсіндім. Енді 
көмусіз қалсам да өкінбеймін.
М и с с и с. Тілесең, ол да болады!
Н а д з и р а т е л ь .   Не  дейсің?
М и с с и с  (ашынып). Ғұмыр бойы тартқаның азап, 
көр генің қорлық, сенің әділдігің, адамгершілігің кімге дәрі, 
кімге қажет. Жалаңаш-жалпы қалай тусаң, солай өлесің. 
Кімнің оған қабырғасы қайысады. Ал мен өйтпеймін. Же-
теді туа жоқшылықта өскенім. Мен дүниені өзгерте алмай-
мын, тек оның шетінен жұлып, қысқа өмірімде өз үлесімді 
ешкімге жібермеймін. Оны істеймін де. Ол үшін жолыма 
кесе-көлденең тұрған пенде болса, алдаймын, арбаймын, 
жалынамын, қорқытамын, бірігемін. Сен сияқты түрмеде 
отырарым жоқ. Маған ауа, күн керек. Сені де соған алып 
шығамын. Түсінсең етті. Сен қараңғы болғаныңмен, менің 
көзімді аш тың ғой. Неге енді менің қолымнан ұстамайсың, 
жетегіме ермейсің? Ертең өлсең де, неге таза киімге 
оранбайсың? Үс тінде бір киер ештемең жоқ. Жұрдайсың. 
Тым құрығанда, табытқа түскенде киер бір таза костюмің 
болсайшы. Не өмір бұл!
Н а д з и р а т е л ь .   Оның рас, қызым, жиырма жыл 
бойы сендерді жеткізсем деп, киім де ала алмаппын, жетпе-
ді. Қайтейін.
М и с с и с. Жетпесе, енді жетеді. (Пауза.) Әке, кешір, 
қаттырақ кеттім білем. Бәрі де – қайыршылықпен ашынып 
өскеннің салдары.
Н а д з и р а т е л ь .  Иә, қызым. Ашынғандардың көбі 
араңдап түрмеде жатыр. Сен де «арандап» қалған екенсің.
М и с с и с (түсінбегенсіп). Енді түрме дегенді ұмытасың. 

44
Өле-өлгенше қайда курорт, қайда қызық, сайранды көр. 
Оны істеуге шамам келеді. Қарашы, әке, мынау – сенің ен-
дігі алғашқы серігің. (Қара шөлмек ұсынады.)
Н а д з и р а т е л ь .   Менің ендігі болмағаным маскү-
немдік пе, қызым?
М и с с и с (сықылықтап күледі). Сен мұны шарап деп 
тұр екенсің ғой. Жо-жоқ. Микрорадиоқабылдағыш, Жапо-
ния шығарған. Қарашы! (Миссис кішкене қара шөлмектің 
тығынын бұрайды.) Әуелі бір ән орындалады. Тағы 
бұрайды, ду қол шапалақтау. Ту-Һ, әлі беріп жатыр ғой. 
(Бұрап тастайды.)
Н а д з и р а т е л ь .  Бұрашы, бұрашы, не беріп жатыр?
М и с с и с. Мәскеу ғой... Қанша саясатшыл болғаныңмен, 
әке, халықаралық жағдайды білмейді екенсің. Онда қазір 
жұмысшылар мен коммунистер партиясының халықаралық 
кеңесі өтіп жатыр. Тыңдамай-ақ қой. (Алып қояды.) Әлі-
ақ жалығарсың тыңдаудан. Пенсияға шығысымен бір минут 
қоймаймын, жарық дүниеге алып кетемін.
Н а д з и р а т е л ь .   Е-е, қызым, енді мені жарық дү-
ниеге шығарып қайтейін деп едің.
М и с с и с. Неге, әке, әлі өмірің алда емес пе?
Н а д з и р а т е л ь  (қабырғада ілулі ескі гитараны 
алып, сәл ойланады). Ертеде, шахтада істеп жүрген ке-
зімде жер астында тас таситын бір ат болды. Кейін сол ат 
әбден қартайып алжыған кезде екі көзін байлап, сыртқа 
шығардық. Көзін таңған шүберекті біртіндеп, күн сайын 
жұқартып, ақыры мүлдем ашып, бос қоя бердік. Көзіне 
зақым келмеді. Бірақ әлгі байғұстың басы айналған ба, әлде 
бауыр басып үйреніп қалған ба, кең далаға еркін жайылу 
орнына айналшықтап, бір қылтанақ көгі жоқ тап-тақыр 

45
шахтаның төңірегінен ұзамайды. Ақырында, бір жауынды 
түні ашық забойға құлап өлді.
М и с с и с. Аянышты екен.
Н а д з и р а т е л ь .   Ешкімге қажетсіз алжыған аттың 
аяныштан басқа бұл тіршіліктен не үлесі бар дейсің. (Гита-
раны тартып.)
Көк теңіз, түбі жоқ, шегі жоқ, 
Сапырып толқынын шулайды. 
Тұтқынның баратын жері жоқ, 
Тек қана жүректер кеудеде тулайды.
Еркін ек кеше біз, 
Құл болдық бүгінде. 
Ескекті есеміз 
Галера түбінде.
Шақырып жауынды, 
Дауылды тілейміз, 
Толқынмен алысып көретін. 
Не жетсін сол күнге, 
Жаныштап жауыңды, 
Теңіздің түбінде армансыз өлетін.
М и с с и с. Жаңа ән ғой?
Н а д з и р а т е л ь .   Тұтқын композитордың әні ғой. 
Ал, мен кетейін.
М и с с и с. Кешке күйеу балаң келеді. Туған күніңді 
тойлаймыз. Өзің қашан келесің, тамақ та ішпедің, мынау 
тамақтардан ауыз тисең етті.
Н а д з и р а т е л ь . Жоқ, қызым, аш емеспін. Кешке 
жұмыста бөгеліп қалсам, маған қарамай, бастай беріңдер. 
Анаң үшін тост көтеруді ұмытпағайсыңдар. Ол байғұс ме-
нің туған күнімде жаңа бір үйренген әнін сыйлаушы еді. 
Қолы қысқа адам ғой, қайтсін... Мен үшін де ән айтуды 
ұмытпағайсыңдар.

46
Миссис жалғыз. Бір рөмкені қағып салып, өз-өзінен 
есірік адамша билейді. Соған лайық музыка.
Төртінші көрініс
Үміт кеші
Камера. Композитор торкөз терезеден көрінген ұл та-
рақтай аспанға қарап, ауа жұтып тұр. Салдыр-күл дір 
құлып ашылып, надзиратель кіреді. Композитор бұрыл-
майды. Надзиратель жөтеледі. Композитор селк етіп 
бұрылады.
К о м п о з и т о р .   Ой, керең адам да жөтеледі екен. 
(Надзиратель жымиып күледі.) Мынау өзі күледі. Мылқау 
да күледі екен-ау. Әлде бұл байғұс та алжаса бастаған ба? 
Жоқ, маған күледі... Мендей дәрменсізді мазақ етпеген сен 
ғана едің. Жылтыраған көрер көз болған соң, сен миғұла да 
өзіңнен әлсіз, қамаудағы бұратылған аш жанды басынасың. 
Күл, күле түс, тағы күл. Мен де, үш жыл болды, сен сияқты 
тас кереңмін, бейхабармын тіршіліктің лебінен, адам деген 
атаулыдан бар көрерім – сенің жүзің меңіреу, ал екеуіміз 
күлейік, сен маған күл, мен күлейін саған қарап, мылқауым! 
(Күледі.) Ах-ха-хаха!..
Н а д з и р а т е л ь .  Жетер енді, жарқыным! Тамағыңды 
іш.
К о м п о з и т о р   (шошынып). Әй, мынаның тілі бар 
ма, әлде қағыс естідім бе бірдеңе.
Н а д з и р а т е л ь .   Тілім де, бар миым да бар, айтар 
саған сөзім де бар, біраз ғана әлденіп ал, үндеме.
К о м п о з и т о р .   Үш  жыл бойы шын зарығып бір-ақ 

47
ауыз сөзіңе, отырушы ем ішқұса боп, зығыр қайнап, тым 
құрымаса ит байлап та қоймады деп тырп етсем үретін. Енді 
саған тіл біткенде бұрынғыңнан қандай сұмдық үрейлі ең.
Н а д з и р а т е л ь .   Үрейленбе, мен де өзіңдей адам-
мын.
К о м п о з и т о р .  Садаға кет адам деген атаудан, сө-
зін қарашы есіктегі кілт ұстаған наданның. (Пауза.) Сен 
бұрын да естіп жүруші ме едің, әлде бүгін ашылды ма 
құлағың?
Н а д з и р а т е л ь .  Менің құлағым да, көкірегім де әу 
бастан сау. Бірақ екеуі де бітелгелі қай заман – табандатқан 
20 жыл.
К о м п о з и т о р .   О,  сұмдық-ай! Тап желкеңнен дү-
ние дегі бар балағат сөзді айтып, етіңнен ет кескендей бол-
сам да, тым құрымаса бір рет ауырсынып қыңқ етпедің. Не 
деген безбүйрек, берік ең?!
Н а д з и р а т е л ь .  Менің етім түгілі, өзім өлгелі қашан.
К о м п о з и т о р .  Егер өлсең, сүйегіңді сүйретіп, түрме 
есігін несіне күзетіп жүрсің, тірі аруақ! Өзің өлік болған соң, 
тірілерді бұл дүниеге қалдырғың келмей жүр ме?!
Н а д з и р а т е л ь .   Не  десең де мен сөзіңе үйренгенмін.
К о м п о з и т о р .  Әлде адам бағып, есік аңдып тап қан 
табысыңды, қамаудағы тұтқыннан алған сыбағаңды қимай 
жүрмісің. Ұялмастан сен де жұма сайын мойныңа қарғыбау 
тақпай бос отырып адам күзеткенің үшін ақы аласың, ә? Ар-
ланбайсың! Осы түрмеде үш жыл отырмыз екеуіміз де. Сен 
сыртта, мен іште. Сол үшін жылда тым құрымаса үш ауыз 
сөз айтпай, жарық дүниені бір көруге зар болып, сарғайып 
отырған адамға бір тіл қатпауға қалай дәтің шыдады?
Н а д з и р а т е л ь .   Егер бір ауыз қатты сөз айтсам, 

48
кейін бір ауыз жылы сөз айтып қалуым да ықтимал. Сол 
себепті жұмған аузымды ашпауға өзіме-өзім серт бергем.
К о м п о з и т о р .   О,  маубас, бар тапқан жұмысың қа-
мау дағы жанды кірпік қақпай бағу болса, содан айырылып 
қалам деп өмір бойы қалтырап өткізсең тіршілігіңді, се-
німен сөйлесіп, санаулы минуттарымда қияли болғанша, 
екеуіміздің меңіреу күйіміз артық. Бар онда, таза өліммен 
өлейін, мазамды алма!
Н а д з и р а т е л ь .   Тыңда, балам, мен бар шынды-
ғым ды айта келдім, ағымнан жарыла келдім!
К о м п о з и т о р .  Балам деймісің?!
Н а д з и р а т е л ь .  Мен де өзіңдей жас күнімде теңдік 
үшін, елді азапқа салған фашистерге қарсы тұрған адаммын. 
Бірақ қолымнан ештеңе келмеді. Қараңғы екенмін. Қайда 
барсам да, жарық жолды таба алмай адасып, басымды тасқа 
ұра бердім, жараландым, қажыдым. Талай рет қамауға да 
алындым. Талай рет босатып та жіберді. Сен құсап камерада 
отыруға да татымадым.
К о м п о з и т о р .   Сондағы бар тапқан бостандығың 
тұтқын күзету ме?
Н а д з и р а т е л ь .   Амалым болмаған соң, қайтейін. 
Өстіп жүргенде, көкірек ауруынан әйелім қайтты. Жалғыз 
қызым және көшеде болған бір атыста қаза тапқан інімнің 
үйелмелі-сүйелмелі жас балалары аштықтан ісіп-кеуіп, 
жетім қалды. Сол күннен бастап күресті тастап, тек әке 
деген атты ақтау жолына түстім.
К о м п о з и т о р .  Сондағы тапқан әкелік жолың не?
Н а д з и р а т е л ь .  Балаларды асырау, аштықтан сақ-
тау. Басқа барар жер болмаған соң, түрмені қалаушы боп 
жұмысқа тұрдым.

49
К о м п о з и т о р .   Бұл қапастың іргетасын өзім қалап 
едім де.
Н а д з и р а т е л ь .  Иә, әр тасын қалаған сайын, кейін 
осыған қамалар жазықсыз жандардан кешірім сұраумен 
болдым. Ақыры түрме де қаланып бітті. Тағы да жұмыссыз 
қалдым. Содан надзиратель болдым.
К о м п о з и т о р .  Қайда барсаң да, түрменің асырағаны 
жақсы болған екен.
Н а д з и р а т е л ь .  Күрес жолындағы жолдастарымнан 
айырылған соң, маған лайықтысы да түрме ғана еді.
К о м п о з и т о р .  Оның рас, камерада отырмадым де-
месең, сенің менен не айырмаң бар.
Н а д з и р а т е л ь .  Менің күнім сенен де төмен. Достан 
да, жақыннан да айырылдым. Көршілеріме дейін жиіркеніп, 
теріс айналып кетті. Басқан ізім, жүрген жерім – бәрі харам. 
Бәрінен де тек түрме иісі аңқиды. Мен сенен де мүсәпір 
тұтқынмын. Сен қамауда отырсаң да, өз ойыңды айта аласың. 
Не мұнда, не түзде, не үйде бір ауыз тіл қату мен үшін өз 
еркімнен айрылу ғана емес, балаларымды да тіршілігінен 
айырумен барабар. Мен содан бері екі құлағымды бітеп, 
тілімді тістеп, мылқау болдым. Тіршілікте не болып жатыр 
– бәрінен қағыс қалдым. Мәңгірген меңіреу қалыпқа түстім. 
Тек ойлайтыным жұма сайын беретін ақы, қашан балаларыма 
тамақ алып жеткізгенше асығам. Бүгін, жиырма жыл өмірімде, 
түрме бастығына тіс жарып бір ғана шындықты айтам деп, 
сол үшін жаза тарта жаздадым.
К о м п о з и т о р .   Ол  не  шындық?
Н а д з и р а т е л ь .   Осы камерада отырып шығарған 
«Галера түбінде» атты әнді сенікі екенін айтып ем, шыдай 
алмадым. Ол әнің қазір ел аузына тарап кеткен.

50
К о м п о з и т о р . Қалайша? Сен оны менің қолымнан 
тартып әкеткенің қайда. Содан кейін тергеу үстінде менің 
бар саусағымды сындырып, жансыз қалдырғаны қайда?!
Н а д з и р а т е л ь .   Жоқ, ол әніңді құртқан жоқпын
жұртқа жасырын таратқан мен едім.
К о м п о з и т о р .   Оныңды маған бұрын неге айтпа-
дың?
Н а д з и р а т е л ь . Сенбедім. Қинаған кезде аузыңнан 
шығып кетер деп сенбедім.
К о м п о з и т о р .   Сенбедім!.. Сен... маған сенбедің 
бе?! (Ызалы күлкі.)
Н а д з и р а т е л ь .   Иә, саған сенбедім. Күлме, ба-
лам, есіңде ме, бұдан үш жыл бұрын өзіңмен бір камерада 
отырған адамға сен де сенбегенсің.
К о м п о з и т о р .  Иә, ол да сенбеп еді ғой. Жыланның 
ордасында отырып қалай сенерсің. Осы күнге дейін өкінемін. 
Әттең, кім екенін де біле алмай қалдым.
Н а д з и р а т е л ь .  Оны сол күні өлтірген.
К о м п о з и т о р .   Бұл дүние не болып барады. XX 
ғасыр ғажайып жаңалықтар ғасыры. Космос ғасыры дей-
міз. Жо-жоқ. Сенімсіздік ғасыры. Бір камераның ішінде 
бір тағдырмен өлім аузында отырып, бір-бірімізге сенбе-
дік. Бүйте берсе, келешек ұрпақ өзіне де сенбейтін жаппай 
дүдәмалдық дертіне шалдықпасына кім кепіл.
Н а д з и р а т е л ь .   Мен қазір өз балама да сенуден 
қалдым.
К о м п о з и т о р .  Ендеше, сен айдаладағы біреу, маған 
неге ағыңнан жарылып тұрсың?
Н а д з и р а т е л ь ( есікке барып, тың тыңдап қайта 
келеді).  Менің бүгін туған күнім.

51
К о м п о з и т о р   (еріксіз күліп). Немене, мені тойыңа 
шақыра келдің бе?
Н а д з и р а т е л ь .  Бүгін сенің өлетін күнің.
К о м п о з и т о р .   Не  дейсің? Жарық дүниеден жаңа 
хабар айтып, қуанта келді десем, табалай келген екенсің 
ғой.
Н а д з и р а т е л ь .   Балам... Сені түнде ауруханаға 
апа рып, шприцпен тамақтандырмақ.
К о м п о з и т о р .  Шприцтен!
Н а д з и р а т е л ь .  Иә, бұл – олардың саяси тұтқын-
мен соңғы рет қоштасу жолы. Талайлар осы жолмен кұрбан 
болған. Сенің тағдырың да қыл үстінде.
К о м п о з и т о р .  Онсыз да өлтіру қолдарынан келмей 
ме.
Н а д з и р а т е л ь .  Есіңде ме, қарт коммунистің «Түр-
меде отырып та күресе білу керек» дегені. Сенің күрес 
жолыңдағы әндерің тегін кеткен жоқ. Аштық жариялағаның 
әлемге аян. Жер шарының адал жандары сенің босатылуыңды 
талап етіп, жар салып жатыр. Сондықтан да сенің көзіңді 
жасырын құртпақ.
К о м п о з и т о р .  Қашан?
Н а д з и р а т е л ь .  Бүгін түнде. Міне, сені алып шыға-
тын қағаз.
К о м п о з и т о р   (ұнжырғасы түсіп). Оны несіне 
көр сетесің?
Н а д з и р а т е л ь   (тағы да есіктен тың тыңдап 
келіп). Бұдан құтылудың бір-ақ жолы бар. Мен сені белгі-
леген уақыттан бұрын алып шығамын.
К о м п о з и т о р .  Иә, содан соң?
Н а д з и р а т е л ь .   Портқа өзім жеткізіп саламын. 

52
Онда ескі досым бар. Ол кемеде істейді. Біз жеткен кезде 
шетелге қарай ол да жылжиды. Кетесің.
К о м п о з и т о р   (сенімсіз). Сіз  не айтып тұрсыз? 
Бүгін шала ұйқы емессіз бе?
Н а д з и р а т е л ь .  Жоқ, ұйқым қанған. Енді сөз талас-
ты ратын уақыт аз. Мезгіл таянып келеді.
К о м п о з и т о р (әлі де сенімсіз). Сонда өзіңіз де бірге 
аттанасыз ба қиыр шетке?
Н а д з и р а т е л ь .   Менің халімді ойламай-ақ қой. 
Мен ешқайда бармаймын, түрмеге қайтып келемін.
К о м п о з и т о р .   Не  дейсіз?
Н а д з и р а т е л ь .  Енді, осында келмегенде, мен қай-
да барып, не бітірем, кімге қажетпін. Түрмеде тудым, түр-
меде өлемін.
К о м п о з и т о р .   Ал, әлгі айтқан балаларыңыздың 
күні не болмақ?
Н а д з и р а т е л ь .  Балаларымның алды жетілді, бізді 
ақтамаса да, өзін ақтап аларлық шамаға жетіпті. Ал, уақыт 
таянып қалды. Тез енді. Менің алдымнан жүріп отыр.
К о м п о з и т о р .  Жоқ, ешқайда бара алмаймын.
Н а д з и р а т е л ь .   Не  деп тұрсың?!
К о м п о з и т о р .  Көзім жетпей тұр.
Н а д з и р а т е л ь  (асыға басып есік алдына шығып, 
қайтып келеді). Ал жүр. Уақыт болды. Кемеге үлгере ал-
маймыз. Тез, кәне.
К о м п о з и т о р .  Мың сан есіктен кім өткізеді бізді?
Н а д з и р а т е л ь .  Онда шаруаң болмасын. Жүр тез.
К о м п о з и т о р .   Үш  жыл бойы тілге келмей, бүгін 
адамша сөйлескеніңізге рақмет. Енді мазаламаңыз.
Н а д з и р а т е л ь  (жыламсырап). Балам, жалы-

53
намын, ақ басымды аяғыңа иіп сұраймын. Сен халықтың 
ұлысың, сенің әнің бар әлемге аян. Ұрпақ үшін керексің. 
Жиырма жыл бойы, қолдары адам қанына боялған екі аяқты 
хайуандардың арасында дәрменсіз күнелткен мендей сор-
лыны ая. Тым құрыса дүниеге келген күнімде, тым құрыса 
қартайған шағымда, соңғы рет, бір адамға жақсылық жасап, 
ақ өліммен өлейін. Бұдан басқаға менің дәрменім жоқ. Адам 
боп туып ем, адам боп өлейін. Бер тілегімді, жүр... Уақыт өтіп 
барады. Уақыт. Таянып қалды.
К о м п о з и т о р .   Рақмет, қария. Үш жыл бойы дү-
ние ден еш хабар ала алмай, тілсіз жүрген саған қарап, 
үнсіз меңіреу тас қапасқа қарап, бар тіршілік семгендей, 
тор көзден үнсіз қылмыңдаған аспандағы қол жетпес сан-
сыз жұлдыздарға, қала шуылы қиянда күрсінген теңіз үніне 
айналғандай болып, тіршіліктен күдер үзе бастап едім. 
Қажыған екенмін, қуат бердің. Адамға деген сенімді қайта 
тірілттің, рақмет, қария! Енді не өлім, не еркіндік.
Н а д з и р а т е л ь .   Балам, кешіктік. Енді бәрібір 
үл гере алмаймыз. Сені алып шығатын уақыт өтті, мейлі, 
енді өздері келіп көрсін. Сен әлемде не болып жатқанына 
құштар едің ғой, мә. Тумысымда туған күніме алған тұңғыш 
сыйлық еді, тыңдашы тым құрымаса. Ендігі қолымнан 
келгені – осы. Ал, мә, тыңда!
Композитор Надзиратель ұсынған транзисторды 
бұрай бастайды. Транзистор бір-екі шиқылдап барып, 
қол соққан дауыс шығады.
К о м п о з и т о р .   Қол шапалақтау! Не деген бақыт 
десеңізші – адамдардың қол соғуын тыңдау.

54
Н а д з и р а т е л ь .   Мәскеу. Революция бесігі. (Тран-
зис торды қатты қояды. Дауыс саңқылдап кетеді.)
Т р а н з и с т о р д а н   д а у ы с .  Жолдастар, дүние-
жүзінің әр түкпірінде, капиталистер жайлаған елде өз бос-
тандығын қорғау жолында тор көзді түрмеде сарғайып, 
жылдар бойы зарығып отырған халық ұлдары, дарынды та-
ланттар бар. Оларды дүренің астына алып, аямай азаптайды, 
дарға асады, атады. Біз оларға қарсы аянбай күрес ашамыз. 
Бүкіл еңбекші халық бірлігіне, бостандыққа атылған оқты 
тұншықтыруымыз керек. Ол күн алыс емес, жолдастар!
Ұзақ қол шапалақтау, халықаралық жұмысшылар 
гим ні – «Интернационал». Транзистордан сөз баста ла 
бергенде, апы кіріп, күпі шығып түрме начальнигі кел ген. 
Ол тұтқынмен құшақтасып, бірге тұрған надзиратель-
ді көріп, аңырып қалады. Тек «Интернационалға» екеуі 
қосылғанда барып бар даусымен айғайлайды: Тоқ-
татыңдар, тоқтатыңдар! «Интернационалға» басқа 
камерадағы тұтқындар қосылып кетеді. Айналма дөң-
гелей береді, жарық тұтқындардың бетіне түсіп оты-
рады. Түрме начальнигі бәріне де «тоқтатыңдар» деп 
тап-тап береді. Бірақ гимн тоқталмайды. Бүкіл түрме 
«Интернационалды» айтып, күңіреніп кетеді.
С о ң ы .
Ескерту: Прологтегі сөздер белгілі құжаттардан алынды
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет