Жылына 4 рет шығады



жүктеу 10.91 Kb.
Pdf просмотр
бет25/29
Дата26.04.2017
өлшемі10.91 Kb.
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

                                              

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
228 
                                                      *** 
 
ӘОЖ 82-93(574) 
Ерғалиева Б.Ж. 
магистрант, М.Өтемісов атындағы БҚМУ 
 
ДҮКЕНБАЙ ДОСЖАН – БАЛАЛАР ЖАЗУШЫСЫ 
 
Балалар  әдебиетіне  өзіндік  үлес  қосып,  «Балалықпен  тілдесу»  (2005  ж.) 
атты  әңгімелер  мен  хикаяттар  жинағын  жарыққа  шығарған  жазушы  Дүкенбай 
Досжан шығармашылығы - тартымды суреттер мен тың дүниелерге толы. Балалар 
тақырыбын  ұлттық  болмыста  көтеруді  мақсат  тұтқан  жазушы  туындыларында 
қазақтың  қара  баласының  бойындағы  ұлттық  рухты  басты  назарда  ұстай  отырып 
суреттейді. 
Кейбір  әңгімелері  балаларды  қызықтыру  мақсатында  аңыздық  желіге 
құрылады.  «Келіншектаудағы  тас  түйелер»  деп  аталатын  повесі  аңыздық  прозаға 
негізделіп, баланың қиялын өсіріп, дүниетанымдық шеңберін молайтуға зор еңбек 
сіңіріп  тұр.  Д.Досжанның  балаларға  арналған  шығармаларының  сюжеттік 
құрылымы  өте  шымыр,  оқиғалары  кең  тынысты,  композициялық  құрылымы  көп 
қырлы.  Кей  шығармалары  шығарманың  шиеленісуінен  немесе  шарықтау  шегінен 
басталады.  
Поэтикалық  тілі  жұп-жұмыр,  балалар,  жасөспірімдер  жасына 
сәйкестендірілген.  Д.Досжанның  балаларға  арналған  шығармаларының  көпшілігі 
негізінен    мектептің  орта  жасындағы  балаларына  арналған,  яғни  көбіне  бұғанасы 
қатпаған,  әлі  де  кішкентай  балалар  оқиғаларына  сайма-сай.  Оның  «Ардақ  деген 
баланың бастан кешкен қызықты оқиғалары», «Нағашы», «Нан туралы екі әңгіме», 
«Қара нар», «Камин пешінің қызуы», «Қойшы мен қарлығаш», «Бәйге», «Қарықбол 
мен Ақбата» секілді шығармаларын алатын болсақ, бұлардың барлығы дерлік бала 
сезімі мен танымына орайластырылған, бала мәнерімен жымдасқан дүниелер. 
Кітаптың  алғашқы  туындысының  өзі  «Атшабар  бала»  әңгімесімен 
басталған.  Қазақтың  бар  баласы  балалығын  ең  әуелі  ат  жалын  тарта  мініп,  тай 
үстінде  өткізетінін  есімізге  түсірсек,  жазушы  Дүкенбай  Досжан  да  балаларға 
арнаған  жинағындағы  алғашқы  «тоқым  қағарын  да»  «Атшабар  баладан»  бастаған. 
«Тарт!»,  -  деп  басталатын  әңгіме  бірден  сәйгүлік  шабысымен  басталып  кетеді. 
Желмен  жарыса  шапқан  Бекбаулы  баланың  мінезі  мен  болмысы  бала  болса  да, 
даналыққа тән көрегендікпен сәйгүлік халін тани білетін психологиясы оқырманын 
бей-жай  қалдырмай  қоймайды.  Нағыз  қазақ  баласы  –  міне,  осындай  болу  керек 
деген  көңіліне  қуаныш  ұялап,  намыс-жігеріңді  жана  отырып  оқисың.  Әңгіме 
динамикасы  оқырманын  өзімен  бірге  ілестіре  отырып,  тақымын  мықтап  қысып 
отырып шауып келе жатқан Бекбаулы күйімен бірге болады. Бекбаулы да, оқырман 
да  мәреге  бірге  келіп  жетеді.  Әңгіме  бір  деммен  оқылады.  Артық  ауыз  сөз  жоқ. 
Құйрық-жалы  сүзе  таралып,    сөреге  қойған  сәйгүліктей  төрт  аяғын  тең  басқан 
туынды.  
 «Қазақ  бәйгесінің  Бекбаулы  білетін  екі  түрі  бар.  Бірі  –  айналма  бәйге, 
екіншісі – айдама бәйге. Айдама бәйгеде аттар күні бұрын белгіленген алыс жерге 
апарылады да, кейін қарай, елге дейін тура шабады. Мұнда жұрт ат шабысын көре 
алмайды. Тек бәйгеден қалай келгенін көреді. Ал  айналма бәйге кең жазықтың әр 
тұсына  қадаған  қарауыл  қадалардан  айналып  шабылады.  Мұнда  жұрт  аттың 
шабысын  да,  бәйгеден  қалай  келгенін  де  көріп  тұрады.  Бүгінгісі  –  айналма  бәйге 
болатын» [1.3]. 
Міне,  осындай  қазақтың  ұлттық  спорты  ат  жарыстың  түр-түрінен  мол 
мәлімет  беретін  шығарманы  оқып  отырған  бала  атқа  мінгісі  келіп  кететіні  хақ. 
Бабын  келістіре  сәйгүлігін  сылап-сипаған  атбегінің  әрбір  іс-әрекеті  бала  түгілі, 
үлкендердің  өзіне  үлкен  өнеге,  сабақ  болмағын  мына  бір  жолдардан  аңғаруға 
болады: 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
229 
«Кішкентай  Бекбаулының  көз  алдына  сайыпкер  әкесі  елестеді.  Қашан  да 
қатулы жүретін. Ат суытқанда: «Бүгін қатты шауыпсың», «үйге жеткенше тізгінін 
тартпайтының  қалай»  -  деп  көңілі  бітпейтін.  Ентіккен  жылқының  алқымына  қол 
жүгіртеді, біле қояды. «Арам тері шығыпты», «Ертең қамау терін аламыз», «Арғы 
күнге  қаңтар  тер  қалады».  «Сосын  бәйгеге  қосамыз»,  Міне...  осылай,  ат  бабы  бір 
таусылмайды.  Мазасыз-ақ,  бәйге  болады  деген  күні  түннен  тұрады.  Түнімен  аш, 
таңасулы  қалған  атқа  қайнаған  арпа  береді.  Сосын  мұздай  суға  салады.  Құйрық-
жалын сүзіп тарайды. Тізгінін түйеді», - деп  [2.4] бәс тіккен бәйгеде  сәйгүлігінің 
сырын тереңнен ұққан бала-көңілдің көзқарасынан өткен қазақ деген ұлтымыздың 
көрегендікке толы ғұмырын танимыз.  
Балалығы  мен  даналығын  қатар  қоя  сомдаған  Бекбаулы  мінезі  –  жылқы 
мінез, табиғаттың өз баласы. Әке аманаты – құлағында қалған өнегелі сөзі, жылқы 
жануарының  жанын  тереңнен  түсінуі  –  кісіліктің  белгісі  екенін  жазушы  тамаша 
тартысты сәйгүліктің жарысы арқылы береді. Сезімтал бала бейнесін автор тамаша 
суретпен  бере  білген.  Егер  академик  З.Қабдоловтың  пікірімен  қарасақ:  «Суреткер 
үшін керемет қиын нәрсе «адам жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді» 
(Гоголь) табу, тану және жазу. Сезімнің тілі – бір түрлі, тілсіз тіл. Сол тілсіз сезімге 
тіл  бітіргендей,  қағаз  бетіне  адамның  ішкі  күйінің  суретіне,  құбылысына, 
қимылына айналдыру – суреткердің қаншалықты нәзікті, шеберлікті қажет ететінін 
түсінікті болуға тиіс», - [3.103] деп тұжырымдаған. Ал  осы жерде жазушы берген 
суретпен дәлелдейтін болсақ, ол былай: 
«Ат  шабысы  мүлтіксіз.  Бір  қалыпты,  созылмалы.  Дала  бетімен  қалыпты 
ұшып  келе  жатқандай  сезіледі.  Құлағына  жел  ысқырады.  Ат  жалы  бетін  осады. 
Әріпжан  Күреңмен  құйрық  тістесті.  Күрең  ақ  көбік  терге  малшынған.  Қатты 
қиналып шауып барады. Бұл суытуы кем аттың шабысы.  Керкиікті алғаш бәйгеге 
қосқанда Бекбаулы да  осындай күйге түскен.  Атшабар бала күреңге қамшы ұрды, 
тағы ұрды, тағы ұрды... Тізгін тістесіп бара жатып байқады. Күрең аттың көзі жасқа 
толы екен. Бекбаулының жүрегі шым етті» [2.4]. 
Жүрегі  шым  еткен  балада  салмақты  мінезге  тән  көрегендікті  автор  нағыз 
қазақ  баласының,  ауыл  баласының  болмысына  сай  туа  бітті  ірілікті  асқан 
шеберлікпен бере білген.  
Жазушының  осы  жинақтағы  «Атшабар  бала»  тақырыбымен  өзектес 
«Шабандоз»  атты  әңгімесінен  де  халқымыздың  атбегілік  өнерінің  көркемдігінен 
тек  қана  ләззат  ала  отырып  оқисыз.  Бұндағы  бір  замандарда  шабандоз  атанған 
Шортанбайдың  ат  бабын  келтіре  баптаудағы  шеберлігіне  тәнті  боласыз.  «Әке  -
балаға сыншы» деген халық даналығы айтқандай, Шортанбай да өзінің ата кәсібін 
енді өз баласының бойына сіңіруін арман етеді. Және  оған әке ретінде әр  уақытта 
көңілі толмай, сын айтумен болады. Он жасар бала Мейірбан болашағынан зор үміт 
күткен  әке  арманы  –  қазақ  халқының  өмірлік  асыл  мұраттарының  бірі.  Адам 
ұрпағымен ғана көрікті деген қағиданың идеясы осы әңгімеден анық байқалады.  
Екі әңгіменің тақырыбы бір, идеялас болса, ішкі шешім, иірімі жағынан екі 
түрлі. Алғашқысы сәйгүліктің шабысымен желдей есе отырып баяндалса, екіншісі, 
Шортанбайдың  ішкі  психологиялық  тартысымен,  мұңымен  оқушысына  терең  ой 
сала суреттелген. Бұндағы жазушы шеберлігіне тек қана таң қаласыз:  
«Екеуі де батар күнге қарады. Қызарып Қаратау өркешінің айрығына тақап 
қалыпты.  Күні  бойы  ыстығын  төгіп-төгіп,  сөнуге  айналған  сексеуіл  шоғындай. 
Шортанбайдың қой көзі де қанға толып, шоқтай жанып келеді... 
-
 
Енді  есіме  түсті.  Жаңа  сенімен  әңгімеге  алданып  жүріп,  байқамай... 
Шаптауына  ескі  тартпа  салып  жіберіппін  ғой.  Қараң  қалғыр  шіріп  тұр  еді.  Ат 
арындап  алғасын  шарт  үзіледі-ау...  Ау,  Тоқбала  не  ғып  жүрсің?!  Қойсаңшы,  енді 
сиырдың желінін соза бермей!..» [4.22]. 
  Батып  бара  жатқан  күннің  қызылы  мен  Шортанбай  көңілінің  қыжылын 
психологиялық  параллелизммен  бере  білген  автор  кейіпкер  мінезінің  өзгеру 
сипатын  табиғат  болмысымен  салыстыра  отырып  тамаша  берген.  Суреткерлік 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
230 
мақсат орындалды деп  осы суретті  оқығаннан кейін тап басып айтуға толық негіз 
бар.  Осы  арада  мазмұн  мен  форманы  дәл  таба  білетін  Д.Досжан  қаламының 
ұшқырлығы мен қарымдылығына қайран қаламыз.  
  Жазушы  осы  шағын  жанр  –  әңгіме  жанрына  келгенде  ерекше  шабыттана 
жазатынын  жалпы  шығармашылығындағы  әңгімелер  мен  хикаяттар  тынысынан 
байқалады.  Таза  ұлттық  нақышта  бояуын  келтіре  салатын  суреткерлік  қасиеті 
жазушы  Дүкенбай  Досжанның  ең  бір  ұтатын  тұсы  деуге  толық  негіз  бар. 
Ұлтымыздың  салт-дәстүрі  мен  әдет-ғұрпын  жазуда  этнографиялық  әңгімелері 
өмірдің  өзінен  алынып,  шынайылығымен  оқырманын  әр  уақытта  сүйсіндіріп 
отыратын  жазушының  осы  жинағындағы  «Қымыз»  атты  әңгімесін  ерекше  атап 
айтуға  болады.  Жанға  шипа,  көңіліңе  сергектік  сыйлайтын  қымыз  сусынын 
қазақтан  басқа  дәмді  етіп  дайындайтын  халық,  сірә,  жоқ  шығар?..  Қымыз  ашыту 
үрдісін  бала  кезінен  көріп-біліп  өскен  автор  осы  әңгімесі  арқылы  өте  сәтті  бере 
білген.  Бұдан  біз  қазіргі  кезеңде  ұмыт  бола  бастаған  қымыз  түрлері  мен  оның 
дайындалу  әдіс-тәсілінен  мол  мағлұмат  аламыз.  Әңгіме  Далабай  арқылы  бірінші 
жақтан  баяндалады.  Ақтәтенің  бабына  келген  қымызы  талайдың  таңдайынан  дәмі 
кетпес сусынын оқырман да бірге отырып дәм татады.  
 «...Айдың  жаңасында  жайылған  биенің  қымызы  қулық,  емдік  қасиеті  аз, 
сусын  ғана.  Айдың  ортасында  жайылған  биенің  қымызы  дәрі.  Жылқы  ай 
жарығымен жайылып таңдаған шөбін еріп жейді, әсіресе ай сәулесімен ашылатын 
шашыратқы,  өңіл  деген  шөптердің  гүлі  неткен  қасиетті  десеңші!  Айдың  аяғында 
жайылған  биенің  қымызы  арақ  қана  деп  атам  айтып  отырушы  еді»,  -  [4.116]  дей 
келіп,  қымыздың  өзін  ыдыстың  бірнеше  түріне  ашытатынын,  мәселен,  тай  саба, 
құнан  саба,  жылқы  терісінің  мойнынан  жасалған  торсық,  қауақ  сынды  ыдыстарда 
әзірленетінін,  олардың  бірін  тобылғымен  ыстап,  енді  бірін  өрік  талдың  немесе 
ұшқаттың  сөлін  сіңдіріп  ашытқанда  ғана  бал  татыған  қымыз  шығатынын  бүгінгі 
жас  ұрпақ  осы  туындыдан ғана  оқып  біледі.  Өйткені,  мұндай  тұрмыстық  өмірдегі 
жәдігерлерді  болашақта  тек  мұражайлардан  ғана  көруіміз  мүмкін.  Ал  осы  асыл 
қасиетті бойына сіңіріп өскен әке-аналарымыз бен ата-әжелеріміз үшін бұл туынды 
көптен күткен көзайымындай болмақ.  
 «Ақтәте  биелерді  теріп  сауды.  Байқаймын,  кәрі  тіс  биелерді  тастап  кетіп 
барады. Жақында ғана желіге үйретілген, әлі шабының қытығы кете қоймаған жас 
биелерге жанасады. Оларды сауу  ешкі баққаннан бетер қиын. Елеңдеп бір орында 
тұрмайды,  шелекті  тебеді,  құлынына  иімейді.  «Басын  ұстап  көмектесейін»,  -  деп 
көріп едім. Ақтәте: «Бөгде иістен мүлде құтырады», - деп жолатпады» [4.119]. 
Осының  бәрін  көңіліне  тоқып  тұрған  бала-жігіт  Далабайдың  зеректігі 
бүгінгі ұлттық рухта тәрбиеленетін ұрпақ үшін үлкен үлгі-өнеге екенін атап өтуіміз 
керек.  Зеректік,  ұқыптылық,  әрбір  қазақы  жөн-жоралғылардың  мәнін  ұғып,  оны 
ұрпағының  бойына  сіңіруді  мақсат  еткен  ата-ана  үшін  де,  ұлтының  өзіндік 
болмысын  танимын  деген  ересектер  үшін  де  құнды  еңбек  болып  табылатын  бұл 
туындының шоқтығы биік деп білеміз.  
Жалпы осы біз қарастырған үш әңгімені сюжеті тұрғысынан алып қарасақ, 
жылқы  малының  айналасына  құрылып,  балалық  таным-түйсікпен  түйін  түйеді. 
Дүкенбай  Досжанның  балалар  тақырыбына  жазған  шығармаларынан  біз  білетін 
Қожа (Бердібек Соқпақбаев «Менің атым - Қожа» повесіндегі) сияқты образдарды 
көре алмайсыз. Өйткені ұлттық болмысты ашуда бар шеберлігін аямайтын жазушы 
үшін  қазақтың  өз  болмысы  әр  уақытта  сұранысқа  ие  деп  біліп,  білмекке  құмар, 
жақсыны көруге ынтық балалардың образы кеңінен суреттеледі. Атшабар Бекбаулы 
болсын, шабандоздың баласы Мейірбан болсын немесе бала-жігіт Далабай болсын 
бір-бірінен  еш  бөліп  қарай  алмайсыз.  Бірте-бірте  өскен,  таным-түйсігі  толысқан 
бала,  одан  соң  жасөспірім  бала,  одан  соң  бала-жігіт  образдары  сан  қырынан 
ашылып,  мінездері  түрлі  тенденцияда  көрініс  табады.  Тілі  жас  оқырманға  оқуға 
жеңіл, жатық келетін бұл әңгімелерден оқушы қауым өзіне керекті мол қазынасын 
оңай алады.  

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
231 
Жазушының «Қойшы мен қарлығаш» әңгімесі әдемі лиризмге, бала көңілін 
жібіп,  оның  жүрегін  сүйіспеншілікке  баулуға  деген  ниеттілікке  толы.    Бұл 
шығарманы  оқып  отырып,  көзіңе  жас  аласың.  Әңгіме  өте  қысқа  желіге  құрылған. 
Бұл да  - балалардың жас ерекшелігіне  орай берілген деп ойлаймыз. Шығарма бір 
жолаушының  Күмісті  асуынан  асып,  елге  келе  жатқан  бетінен  басталады.  Осы 
жерде жазушы ерекше бір деталь келтіреді. Қаратау тауымен құрдас кәрі қыранның 
осы  маңайдағы  әрбір  адамды  танып,  көре  қалса,  бәйек  болып,  аспанда  қалықтап 
ұшып  жүретінін  адами  қасиеттерге  тели  суреттейді.  «Қыран  өзге  құстардай  суық 
түсе  жылы  жаққа  безіп  жоғалмайды.  Осында  қыстап  үйренген.  Топшысын  талай 
үсіткен,  аңшыға  тап  болған;  бірақ  Күмісті  құзынан  қанат  серіпкен  емес.  Қайта 
қартайған сайын үйкүшіктене береді. Бұл маңайдың жұрты кәрі қыранды аспаннан-
ақ  айна-қатесіз  таниды.  Құс  та  екі  аяқты  жерлестерін  алыстан  ажыратады,  білем. 
Асудан  түсіп,  жазыққа  шыққанша  кәрі  қыран  төбемнен  кетпей  қойды.  Көрмегелі 
көп  болса  да,  танығаны.  Бауырмалдығына  ішім  еріді.  «Атамекенді  кәрі  қыранша 
сүйсек қой!...» - деп ойладым» деген жолдарды алар болсақ, қыран-екеш қыранның 
да  екі  аяқтылар  секілді  туған  жерге,  өз  өңіріне  деген,  адамдарға  деген  әлі  де 
сүйіспеншілігінің  толастамағанын  айтып  отыр.  Осындай  бауырмалдық  адамдарда 
да  болса  екен  деп  балаларға  үндеу  тастап  отырғандай.  Шығарманың  желісі 
бойынша,  жолаушы  қойшының  үйіне  қарай  беттейді,  бірақ  басқа  қойшылардан 
гөрі,  бір  ерекшелігі  ретінде  оның  таулы,  сулы  жерлерге  көшпей,  мидай  жазық 
даланың  арасында  топырақпен  жағаласып  отырғанына  түсінбейді.  Осы  жерде  де 
оқырманның  ойы  сергиді,  шындығында  «неліктен?»  деген  сұрақтың  туатыны 
мәлім.  Осы  жерден  шығарма  шиеленіседі.  Жолаушы  атын  қаңтарып,  үйге  кіреді, 
бірақ үй иелері болмай шығып, жалғыз күтіп отыра береді. Бір уақытта қойшының 
кіргенін  біліп,  алдынан  шығып  амандасып,  жөн  сұрасқаннан  кейін,  кемпірінің  де 
қурай  теруге  кеткенін  де  біледі.  Иесіз  үйдің  осылайша  сүреңсіз  жағдайы  арқылы 
жазушы  ол  үйде  бала  қарасы  көрінбейтінін  тағы  да  меңзейді.  Көрісіп-біліскеннен 
кейін жолаушы қойшыдан неліктен тауды сағалап кетпегенін, оның жұрттан екі есе 
артық бейнет көріп отырғанын сұрағанда, қойшы былай деп жауап қайырады:  
«  -  Мына  мақұлықтар  шаңыраққа  ұя  салып  қойыпты.  Айдың  жаңасына 
дейін  балапан  ұшырар.  Ұясын  бұзып,  көше  жөнелуге  обалсындық  тегі...».  Бұл 
қойшының  ең  ізгі  жүректі  адам  екендігін,  адамның  досы  ретінде  ел  жадында 
айтылып  жүрген  қарлығаштың  ұясын  қимай  отырғандығы  –  нағыз  азаматтықтан 
туған  ізгі  бейнелілік.  Бұл  жерде  жазушы  қойшыны  әйгілі  Қарлығаш  әулие  деп 
аталып  кеткен  Төле  биге  ұқсас  сюжетке  сай  суреттеп  отыр.  Бүкіл  ел  дүркіреп, 
қалмақтар  соғыс  ашқан  мезетте,  жалғыз  Төленің  үйі  көшпей  отырған  көрінеді. 
Сонда не қылған үй екен деп, қалмақтың сарбазы келгенде, Төле би үйінің төбесіне 
қарлығаштың  ұя  салғанын,  оны  ешқайда  тастап  кете  алмайтынын  ерекше 
шешендікпен  жеткізген  кезде,  қалмақтар  сөзден  ұтылып  қалса  керек.  Сол  секілді 
бұл  жерде  де  қойшының  асыл  да  жанашыр  қасиетін,  табиғаттың  жаратылған 
кішкентай  құстың  қамын  ойлағандықтан  ауыр  да  күйзелісті  жолды  таңдап  тұр. 
Қарлығашты  қимағандықтан,  ол  елден  жырақ  отыр,  таулы,  көлеңкелі  жер  емес, 
топырақ қарыған кең сахарадай құмның арасына көміліп отыр. Одан кейінгі мына 
сюжетпен шығарма аяқталады: «Ақтала сөйлеп отыр. Әрідегі көңіл-күйін түсінбес 
деп  ойлады. Қарт мінезі қатты толқытты. Туған табиғаттың титімдей мақұлығына 
дейін сүйе білген шалдың үлкен жүрегінің лүпілін сездім. ...Күн ата атқа қондым. 
Бұлекеңнің  қос  қарлығашы  көп  жерге  шейін  шығарып  салды.  «Жұрттың  бәрі 
табиғатты Бұлекеңше сүйсе ғой, шіркін!». Бұл аяқталымды жазушы өте шебер бере 
білген. Өйткені терең де саф, таза да аппақ оймен баланың ақ жүрегіне әдемі әнді 
құю  мақсатында  жазушы  ерекше  пафоспен  аяқтады.  Осылайша  жұртшылықты, 
әсіресе  жас  оқырмандарды,  балаларды  табиғатты  сүюге,  табиғаттың  таңғажайып 
тірі  мақұлықтарына  да  жанашырлықпен  қарап,  жалпы  өмірді,  қоршаған  ортаны 
сүюге тәрбиелеп тұр. Сонда бұл шығарманың негізгі тақырыбы – қойшының өмірі 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
232 
болса,  жазушы  осы  тақырып  арқылы  табиғатты  қорғап,  табиғатты  сүю  идеясын 
алға тартып отыр. 
Сонымен,  қорытар  болсақ,  жазушы  Дүкенбай  Досжанның  «Қойшы  мен 
қарлығаш» атты әңгімесі өте қысқа да нұсқалы түрде берілген. Сюжеттік желісі аса 
терең  иірімдерден  тұрмаса  да,  композициялық  бөлшектері  сайма-сай  құрылған. 
Оқырманын  өзіне  баурап  әкетерліктей  ерекше  сезімді  аңдатпа  –  жазушының  ең 
басты  қаруы  десек  те  болады.  Идеялық  мазмұны  жағынан  терең  мәнге  құрылған 
бұл әңгіме балалар қауымын жақсылыққа үндейді деуге толық негіз бар.  
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 
1. Д.Досжан. «Балалықпен тілдесу». Алматы: «ҚАЗ ақпарат» 2005, 3 бет. 
2. Сонда 4 бет. 
3. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: «Санат», 2002 ж. 103 бет. 
4. Д.Досжан. Балалықпен тілдесу. Алматы: «ҚАЗ ақпарат» 2005, 22 бет. 
5. Сонда 116 бет. 
6. Сонда 119 бет. 
7. Досжанов Д. Келіншектаудағы тас түйелер. Алматы: «Жалын», 1979 
ж., 80 бет. 
8. Сонда 81 бет. 
*** 
В  данной  статье  рассматриваются  произведения  казахского  поэта 
Д.Досжана, посвященные детям.  
*** 
The given article speaks about works of the Kazakh poet Doszhan D. devoted to 
children’s literature. 
 
 
ӘОЖ 821.512.122:323(574)  
                 Кенжеғалиева А.С. 
магистрант, М.Өтемісов атындағы БҚМУ  
 
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ 
                                                                                                                
Тарихымыздың  арғы-бергі  тұстарын  шолып  қарасақ,  осынау  ұшы-қиыры 
жоқ  сайын  даланың  төсінде  халқымыз  басынан  не  кешпеді.  Осы  бір  ұлы  далада 
жұртты  аузына  қаратқан  Темір,  Мөде,  Бумын,  Естеми,  Тоныкөк,  Білге,  Күлтегін, 
Қорқыт,  Қазтуған,  Төле,  Әйтеке,  Қазыбек  билер,  Абылай,  Абай,  Жамбыл,  Ахмет, 
Мұқағали, тағы басқа ғұлама, абыздар өмір кешті. 
Қазақ  ғылымында  тұлға  тану  мәселесінің  қалыптасып,  жоғары  кәсіби 
деңгейге    көтерілгеніне  бір  ғасырдың  жүзі.  Әрине,  алғашында  бұл  ағартушылық 
бағытта басымдық алса, кейіннен мұның арнасы ұлғайғандығын байқаймыз. Өткен 
ғасырдың  соңында  қазақ  елін  басқарған  немесе  құзырлы  орындарда  жауапты 
қызметтер атқарған тұлғалар болмысын тану, бағалау қоғамдық өмірімізде көрініс 
ала  бастады.  Бұл  өзін-өзі  тануды  ұмытпаған  елдің  ертеңі  баянды  дегенді  аңғартса 
керек. XX ғасырдың басында қазақ азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен  Мұстафа 
Шоқайды, Димаш ағаны, тағы басқаларын тануға ұмтылу - осының дәлелі. 
Қазақстан Республикасы  тәуелсіздігін    алмастан  бұрын  жұрт  көшбасшысы 
деп таныған, сенім артқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел экономикасы мен 
мәдениетін қатар іргелілетіп келе жатқан сарабдал саясаты бүгінгі таңда жан-жақты 
талдануын  тұлға  танудағы  желісі  үзілмеген  сабақтастық  деп  қараған  жөн. 
Елбасының  қайраткерлігі  жөнінде:  «Нұрсұлтан  Назарбаев  -  әлем  мойындаған, 
жаһанға  атағы  жеткен,  жер  бетіне  сөзін  өткізіп,  дегенін  істетіп  отырған  бүгінгі 
заманның ұлы саясаткері, лидері, ата кіндігінен ерекше дарынды туған, тумысынан 
қасиет дарыған қайраткер, табанды күрескер, гуманист, туған халқының  бәйтерегі, 
көсемі» (20)–деп, Мырзатай Жолдасбеков баға берген болатын. «Ел өмірінің алуан 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
233 
салалы тіршілік тынысын терең білу, маңдай тіреген проблемалардың ең елеулісін 
тап басып тани алу, ел ішіндік және әлемдік ахуалдармен санаса отырып, ұрымтал 
әрекеттерге  бару,  сол  жолда  таңдаған  бағытын  табандылықпен  жүзеге  асыру  – 
Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаевтың  мемлекет  басшысы  ретіндегі  басты  қасиеті» 
(20),  -  деп  жазушы  Ақселеу  Сейдімбек  жоғары  бағалаған.  Елбасының  халықпен 
кездесулері  мен  Жолдаулары,  сұхбаттары  мен  еңбектері,  қайраткерлігі  белгілі  бір 
деңгейде  жете  сараланды  десек  те,  кейбір  қалыс  қалып  жатқан  тұстары  да  бар.  
Соның бірі - тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбевтың қазақ әдебиетіне  қатысты әр 
жылдары  айтқан  ой-толғамдары  мен  қазақ  әдебиеті  үшін  жасаған  қамқорлығы. 
Әрине, Н.Ә.Назарбаев әдебиет зерттеуші ғалым емес, бірақ бұған қарап Елбасының 
қазақ  сөз  өнеріне  қатысты  айтқан  толғамды  ойларын  тасада  қалдыру  елдігімізге 
сын.  
Халықты,  мемлекетті  басқару  өнері  күнделікті  ел  тағдырына  қатысы  бар 
үлкенді-кішілі  заңдар,  шешімдер,  қаулылар  қабылдаумен  ғана  шешілмейді.  Ол 
сондай-ақ  халқыңмен  күнбе-күн  жүздесіп  отыруды,  өз  ойыңды  көркем  тілмен 
кестелі етіп жеткізе білуді, мақсат-міндеттерді айқын ұғындыру арқылы жұртыңды 
ұлы  істерге  ұмсындырып,  соны  орындауға  жұмылдыра  білуді  қажет  етеді.  Ал  сол 
орнықты ой мен кестелі сөз өмірде нақты іспен өріліп жатса, әрі соның нәтижесін 
халық  өзінің  күнделікті  тіршілігінде  нақты  сезініп  отырса,  мұндай  елдің  бүгіні 
қандай жарқын болса, келешегі де сондай кемел  болады деп үміттенуге негіз  бар. 
Сондықтан  да  халқының  көңілінен  шығатын  Елбасының  ойға  терең,  сөзге  шешен 
болып  келуі,  ең  алдымен,  елдің  бағы  деуіміз  керек.  Тәуелсіздік  жылдарынан  бері 
елдің  жүгін  аудырмай  алып  келе  жатқан  кемел  көшбасшымыз,  талантты  тұлға, 
халқын  сүйетін  ұлтжанды  азамат,  тұңғыш  Елбасымыз,  екі  тілде  шешен  де  көсем 
сөйлеп,  көсілте  жаза  білетін  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаевты  сондай  айтулы 
тұлғалардың  қатарынан  көреміз.  Оның  тәуелсіздік  алған  жылдардан  бергі  түрлі 
мінбелерден  сөйлеген  сөздері  мен  халық  өкілдерімен  өткізген  кездесулерінде 
ағынан  жарылып  айтқан  пікірлерінің  арасында  оқырманы  мен  тыңдарманын  елең 
еткізіп  қана  қоймай,  жан-жүрегін  баурап  алатын  өрісті  ойлар  мен  толғамды 
пікірлер аз емес. 
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет басқару ісіндегі қауырт та 
кезек  күттірмес  сан-салалы  қызметтеріне  қарамастан  әдебиет,  мәдениет 
мәселелерін тыс қалдырған емес.  
Мемлекет  басшысы  «Қазақ  әдебиеті»  газетіне  берген  сұхбаттарының 
бірінде:  «Ауыз  әдебиетін  оқығанда  бәріміз  де  бала  жүрегімізден  Қозы  боп 
қайғырып,  қыз  Баянды  аяушы  едік.  Ауыз  әдебиеті,  салт-дәстүр,  иман  біздің 
болмысымызға  осылай  сіңген»(10)-деп  өзінің  бала  кезінен  бастап-ақ  қазақтың 
ақын-жазушыларының  шығармаларын  оқып  есейгенін,  қазір  де  қаламгерлер 
қауымымен,  олардың  шығармаларымен  таныстығын  кеңінен  әңгімелейді. 
Халқымыздың  баға  жетпес  байлығы  әдебиет  қайнарымен  сусындап  өскен 
Елбасының  сырт  көзге  қарапайым  көрінгенмен,  мағынасына  терең  үңілген  жанға 
жеткізер  жүгі  салмақты  ой-пайымдауларында  мол  өмірлік  тәжірибе,  шиыршық 
атқан ой тебіренісі, ғибратты тағылым жатқаны ақиқат. 
Мысалы,  Елбасының  «Түркі  әлемінің  эпостары  -  қазіргі  түркі  тектес 
халықтардың  тарихы  мен    мәдениетінің  біртұтас  екендігін  терең  түсініп,  жете 
сезіну үшін теңдесі жоқ құнды қазыналар. Сонау есте жоқ ежелгі замандардан бергі 
бауырлас  түркі  халықтарының  асыл  қазынасы  болып  табылатын эпостар  олардың 
даму  тарихындағы  небір  қиын-қыстау  кезеңдерде  халықпен  бірге  жасасып,  бірге 
сақталып  келеді»  (5)  немесе  «  ...Қазақтардың  рухани  әлемі,  негізінен,  ауызекі 
поэзия  дәстүрінің  ықпалымен  қалыптасып  отырған.  Қазіргінің  талай  елін  қайран 
қалдыратын  осынау  байтақ  кеңістікті  кернеген  поэзиялық  әлем  тек  қана  сұлулық 
пен  сезімнің  шеңберінде  шектелмеген.  Ол  жаңашылдықтың  жалынын  лаулата  да 
білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең 
танымдық  қасиеттер  бар.  Сондықтан  да  қазақтың  дәстүрлі  поэзиясы  ұдайы 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
234 
философиямен  шендесіп  жатады»(5)-деген  сөздерінде  талғамы  терең  түсінікпен 
айтылған ойлар бейне бір жақсы жыр секілді төгіліп жатыр.  
Халық бар жерде онымен бірге жасайтын поэзия өнерінде терең танымдық 
қасиеттер  бар  екенін  көрсеткен.  Талай  тарихи  кезеңдерді  басынан  өткерген 
халқымыздың  ел  арасында  ауызекі  поэзия  арқылы  тарап,  осы  күнге  жеткен  бай 
мұрасын айрықша бағалайды. Небір жаугершілік заман, аласапыран кезеңдерде де 
жоғалмай  халықпен  бірге  жасап  келген,  жасай  беретін  асыл  қазынасы  туралы 
осылай ой түйеді. 
Енді  бір  сөзінде:  «Қазақ  даласында  поэзия  тек  ақын-жыраулардың  ғана 
еншісі  болып  қоймаған,  ол  қазақ  мәдениетінің  барлық  тамырына  нәр  берген»(5)- 
деп қазақ мәдениетінің түп тамыры поэзияда жатқандығын айтып, поэзияға ерекше 
баға береді.    
Н.Ә.Назарбаев:  «Қазақтың  тек  өз  төл  тарихы,  әдебиеті  мен  мәдениеті  әлі 
талай ұрпақ үшін таусылмайтын қазына. Ұрпаққа өнеге болар өзіміздің хан-сұлтан, 
батыр-бағлан, би-шешен, ақын-жазушыларымыз қаншама. Ендеше, біз неге әйтеуір 
киіз туырлықта дүниеге келді екен деп, есте жоқ ескі дәуірдің ерлерінің жыртысын 
жыртамыз.  Қайта,  керісінше,  бүгінгі  ұрпаққа  өз  ата-бабамыздың  өнегелі  тарихын 
ұсынбаймыз ба?! Ұлттық тәрбиенің өзі осындайдан басталмаушы ма еді?!»(3)-деп, 
ата-бабадан  қалған  асыл  қазынаны  сөз  ете  келіп,  келешек  ұрпаққа,  болашақ 
иелеріне  үлгі  етуді  ұсынады.  Немесе  «Абайдың  ақылы,  Жамбылдың  жырынсыз 
өскен  ұрпақ  уызына  жари  қоя  ма?»(3)  -  деген  иірімі  мол  өрнекті  ойларынан  дана 
бабаларымыздың  ұрпағына  берері  көп  екенін  мақтаныш  тұтатынын  сеземіз. 
«Қазіргі ұрпақ - бақытты ұрпақ. Таңдайымен тасқа ойып таңба салған сөз сүлейлері 
Ахмет,  Мағжан,  Жүсіпбектердің  жауһар  туындыларымен  сусындап  отыр»  (8)  - 
деген  сөздерінен  сонау  қуғын-сүргін  заманының  кесірінен  қазақ  қауымының  бір 
буыны әдебиетіміздің небір айтулы қаламгерлерінің шығармаларынан  рухани  нәр 
ала алмаған болса, қазіргі ұрпақтың қолы жеткен бақытын жақсылыққа балайды. 
Біз  еліміздің  экономикасындағы,  саясаттағы  басымдылығымыз  жөнінде 
айтқанда  еліміздің  дамуын  қамтамасыз  ету  үшін  жасалып    жатқан  еңбектің 
барлығы,  айналып  келгенде,  халқымыздың  әлеуметтік-мәдени  дамуының  нақты 
мақсаттарымен  анықталады.  Сондықтан,  Елбасы  отандық  тарихи-мәдени 
құндылықтарымызды сақтауға, дамытуға және  еселей түсуге, жасампаз дәстүріміз 
бен  оны  жасаушы  тұлғаларымыздың  қайта  жаңғыруына,  жаңа  дарындарды 
анықтауға,  рухани  саланың  материалдық  базасын  нығайтуға  бағытталған  кең 
ауқымды іс-шаралар жүргізді. Қазақтың бүгінгі жаңарған мәдениетінің қалыптасуы 
үшін  құнарға  бай  мәйекті  болып  табылатын  өзіміздің  рухани  кемеңгерлерімізді 
қашан  да  қадір  тұтатын  Елбасының  «Шығармашыл  тұлға  әсершіл,  көңілі  нәзік 
келеді  емес  пе.  Ауызда  -  оты,  қағазда  –  хаты  қалады,  бақытты адамдар.  Алдымен 
айтарым,  біз  елімізге  зәрулігі  туса  мұнай,  көмір,  темір,  тіпті  кез  келген  байлықты 
сатып  ала  аламыз.  Ал,  дарынды  ше?  Жоқ.  Ешкім  сатпайды.  Мүмкін  емес.  Бұл 
адамдар  -  мемлекеттің  бәс  жетпес  байлығы.  Сондықтан  әрдайым  жүрегімнің 
жылуын  бөліскім  келеді  де  тұрады»  (7)  -  деген  сөздерінде  талант  иелеріне  деген 
үлкен құрметпен қоса, қалам қайраткерлеріне артылған зор сенімін де көреміз. Ал, 
«Ғылым  мен  өнерге  мемлекет  тарапынан  жасалатын  қамқорлық  елдігімізге, 
кемелденуімізге,  келешегімізге  қызмет  ете  алатындай  шоқтықты  шығармалар  мен  
зерделі  зеттеулерге,  соларды  дүниеге  әкелетін  ғалымдар  мен  суреткерлерге  ғана 
бағышталып, сүреңсіздік топанына тосқауыл қойылатындай шынайы талапшылдық 
пен  бәсекешілдік  ахуалын  орнату  –  кезек  күттірмейтін  міндет»  11)-деген  сөзінен 
Президенттің  қазақ  елінің  бүгіні  мен  болашағы  жайындағы  толғанысқа  толы 
пайымдаулары мен кейбір жәйттерге алаңдаушылығы көрінеді. 
Қай  халықтың  болмасын  өзге  жұртқа  ұқсамайтын  бөлек  болмыс-бітімін 
даралап,  өзіндік  тағдырын  айқындайтын  басты  белгі  -  мәдениеті.  Мәдениет  - 
ұлттың бет-бейнесі рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең 
алдымен,  тарихымен,  мәдениетімен,  ұлтын  ұлықтаған  ұлы  тұлғаларымен,  әлемдік 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
235 
мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек 
өзінің 
ұлттық 
мәдениеті 
арқылы 
ғана 
басқаға 
танылады. 
          «Қазақстандағы  күллі  ұлттық  топтардың  өкілдері  қарапайым  ғана  ақиқатты 
қазақ мәдениетінің Абай мен домбыра ғана емесін, тіпті ол Мұхтар Әуезов немесе 
Мағжан  Жұмабаев  та  емес  екенін  түсінуі  керек.  ХХ  ғасырдағы  қазақ  мәдениеті 
дегеніміз - Мұқан Төлебаевтан Ғазиза Жұбановаға дейінгі ең бір тамаша сазгерлік 
мектеп, Ермек Серкебаевтан Әлібек Дінішевке дейінгі әлемнің кез келген тетрының 
сәні  болар  опера  әншілері,  бұл  дегенің  –  жас  Қазақстан  суретшілерінің  жаңалық 
ашулары  мен  қазақ  философтарының  тың  ізденістері,  бұл  дегенің  -  Әлкей 
Марғұланның этнологиялық айқындамалары мен Алматының әсем сәулет ансамблі, 
бұл  дегенің  -  Мұқағали  Мақатаевтың  лирикасы  мен    Асқар  Сүлейменовтың 
эсселері, бір сөзбен айтқанда, бұл дегенің  сырты жылтырақ жаттанды бірдеңе емес, 
жанасып  кетсең,  жаныңды  байытар  байтақ  әлем  –  қазақ  мәдениеті»  (11),-  деген 
Елбасының  түйдекті  ойларынан  қазақ  мәдениетін  күллі  жұртқа  мақтаныш 
ететіндігін көреміз.  
 «Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да -кейінгіге 
үлгі.  Ал  үлгіге  қарап  ұрпақ  өседі»,  «Бар  өнерін  бармақтың  басына,  тілдің  ұшына 
қондырған халқымыздың көп шежіресі, көнекөз естелігі осы әні мен күйінде, жыр-
толғауларында жатыр»  деген сияқты сөздерді де жай ғана айта салмаған, кей ақын-
жазушылардың  қаншама  айтса  да  жүректерге  жеткізе  алмай  жүрген  пікірлері 
іспетті.  
Ұлтының  ұлы  мұратына  басын  тіккен,    саналы  ғұмырын  ел  мүддесіне 
арнаған  Елбасының  баяндама,  Жолдау,  сұхбаттарынан    сөздің  орайын  келтіре 
айтатын шешен  екенін көреміз. А.Ахметбекұлының «Көсем де, шешен де өзі көре 
алғанға» атты еңбегіндегі «Әрдайым көсем халқының перзенті ретінде өз ұлтының 
дәуірлегенін, өз мемлекетінің гүлденіп толысқанын қалайды. Нұрсұлтан Назарбаев 
бір  ұлттың  өкілі  емес,  Отаны  ортақ  барлық  халықтың  көсемі  ретінде  көрінеді. 
Өмірді  бар  болмысымен  оймен,  санамен  саралап  қабылдайды.  Нұрсұлтан 
Назарбаев көре алғанға көсем де, шешен де өзі екенін шексіз дәлелдеді»(21) деген 
пікірі - осы сөзіміздің дәлелі.  
Халықтың өткендегі ұмытылмас ерліктерге, шежіреге толы ғажап тарихын 
барынша  мұқият  зерттеуге,  ұзақ  уақыт  бойы  қағажу  көріп,  орынсыз  түртпекке 
түскен  қазақы,  ұлттық  салт-дәстүрлеріміздің  саф  алтындай  жарқырап  қайта 
оралуына,  күнделікті  өмірімізге  кеңінен  енуіне  де  қаншалықты  көңіл  бөлініп, 
қамқорлық жасалып келе жатқаны аян. 
Елбасы    «Біз  мәдениетіміздің  алдында  қарыздармыз»,-деп  Жолдауында 
көрсетіп  қана  қоймай,  қашан  да  төл  әдебиетіміздің  негізін  салған,  дамуына  үлес 
қосқан  ақын-жазушы,  әдебиетшілеріміздің  мерейтойларын  атап  өтуді  назарынан 
тыс  қалдырған  емес.  «Абайды  өзге  елдер  әлі  танып  білген  жоқ»,  «Тарихымыздың 
ашылмаған  сырлары  көп»,  «Ұзақ  уақыт  ескілік  саналып  келген  ежелгі  салт-
дәстүрімізде  қаншама  тәрбиелік  мазмұн  жатыр»  деген  сияқты  сөздерді  жай  ғана 
айта  салмағанына,  бұл  жайлардың  оны  шындап  толғандырғанына,  сол 
олқылықтардың  орнын  толтыру  үшін  қажырлы  қайрат  көрсетіп,  үлкен  істердің 
ұйымдастырушысы  бола  білетініне  көзіміз  жетті.  Абайдың  150-жылдық  тойы 
бұрынғыдай Алматы мен Семейде, Қарауыл мен Жидебайда ғана емес, Нұрсұлтан 
Әбішұлының  күш  салуы  арқасында  бүкіл  адамзат  әулетінің  мәдени-рухани 
тынысын  қадағалап,  зерделеп  отырған  аса  беделді  халықаралық  ұйым  ЮНЕСКО-
ның  арнайы  шешім  қабылдауымен  дүние  жүзінің  көптеген  іргелі  елдерінің 
астаналарында тойланса, сол ұлы тойға ілесе келесі жылдарда Жамбыл Жабаевтың, 
Мұхтар  Әуезовтың,  Махамбет  Өтемісұлының  тойлары  да  тағылымды  болып  өтті. 
Осындай мерейтойларда  Елбасы өз баяндамаларында ұлылардың өмір өткелдерін 
құр  сөзбен  баяндап  қоймай,  шешен  сөзбен  баға  беріп,  шығармаларын  талдап,  ой 
түйіп,  бүгінгі  күнмен  байланыстырады.  Елбасының  «Абайдың  сөзі  -  қазақтың 
бойтұмары. Абайдың мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
236 
дүние  дидары  өзгерсе  де  халықтың  Абайға  көңілі  айнымайды,  қайта  уақыт  өткен 
сайын  оның  ұлылығының  тың  қырларын  ашып  жаңа  сырларына  қаныға  түседі. 
Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, 
қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. 
Абайдай  данышпан  перзентті  дүниеге  әкелген  қазақ  халқы  ата-
бабаларының  арланы  болып  келген  ел  тәуелсіздігін  көзінің  қарашығындай 
сақтайтынына, қорғайтынына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге 
жетсін  деп  тілеймін»  (17)  -  деген  сөздерінен  Абайды  дүниеге  әкелген  халқы  мен 
халқына  ұлы  мұра  қалдырған  Абайды  мақтан  ететіндігін  көреміз.  Қай  уақытта 
болмасын  ең  алдымен  өз  ұлтының  рухын  көтеруді  ойлаған,  сол  үшін  күрескен, 
қамыққан, уайым жеген Елбасы өз арманын Абай арманымен ұштастырады. 
«Абайды  мұқият  оқыған  адам  оның  көзқарастары  күні  бүгінгі  нарық 
экономикасымен де тікелей үндес  екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі  бізді жеті 
түнде  адастырмас  темірқазық  іспетті.  Соған  қарап  тірлігіміздің  дұрыс-бұрысын 
сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай 
әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге 
салып алуға  болатын  еді.  Сорлатқанда  біреудің  уақыты  жетпейді,  біреудің  ұғымы 
жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ. 
Әйтпесе, көп дүние әуелі сол әркімнің өзін-өзі түзей алмайтындығынан өрге 
баспай жатыр емес пе?  
Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі 
барлық  ел,  барлық  халықтармен  ынтымаққа  да,  мәдениеттер  арасындағы 
сабақтастыққа  да  Абайша  қарап,  Абайша  қастерлеуге  ерекше  мән  береміз.                                                        
Менің  балаларым  мен  ертеңгі  ұрпағыма  Абайдан  артық,  Абайдан  ұлы,  Абайдан 
киелі ұғым болмауға тиіс»,(17)-деп Абайды барша жұртқа үлгі етеді. Нағыз шешен 
сөйлей білетін адамның пікірі. 
Немесе  «Жамбылдың  тұғыры  биік  заңғар  халық  жыршысы  екендігінде 
ешкімнің де күмәні болмауға тиіс. Ол - XVIII ғасырдың тарихи қаһарманы Өтеген 
батырды, XIX ғасырда елін Қоқан хандығының езгісіне қарсы көтеріп, қол бастаған 
Саурық,  Сұраншы  батырлардың  есімін  дәріптеп  жырлаушы  ғана  емес,  Кеңес 
кезеңінің  ұлы  оқиғаларының  да  жалынды  жыршысы,  алдына  жан  салмаған ақиық 
ақыны.  Ол  кімді  жырламасын,  папаниншілерді  ме,  әлде  Хасан,  Халхингол 
соғысында 
ерлік 
көрсеткен 
ел 
сарбаздарын 
ба, 
қоршауда 
қалған 
ленинградтықтарды  ма,  қай-қайсысын  да  селқос  қабылдаған  жан  болған  жоқ, 
әлеуметтік мәні, қоғамдық салмағы, бойындағы құдіреті арқылы уақыт талабымен, 
дәуір  тынысымен  тел  қозыдай  табысып,  миллиондардың  арман-тілегімен  табиғи 
табысып  жатқанын  атап  өту  парыз»(16)-  деп  жыршының  ақындығына,  қабілетіне 
зор баға берген. 
Қашан да тауып айта білетін шешен, не айтса да, не жазса да ел мүддесі мен 
ұлт  тағдырын  арқау  ететін    Н.Ә.Назарбаев  Мұхтар  Әуезовтың  туғанына  100  жыл 
толуына  арналған  салтанатты  жиында  сөйлеген  сөзінде:  «  Қай  жағынан  алсақ  та 
Мұхтар Әуезов - бақытты адам. Ол - көзінің тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін 
де  халқының  қалтқысыз  сый-құрметіне,  сүйіспеншілігіне  бөленген,  осындай 
мерекелі  күндерде  ғана  емес,  әрдайым  жұртының  жадында  жаңғырып  тұратын, 
тарихтың да, тағдырдың да сынына төтеп берген Ұлы Тұлға» (13) ,- деп тереңнен 
толғап  сөйлейді.  Елбасы  «Бейбітшілік  эпицентрі»  атты  кітабының  «Ядролық 
қарудан  бас  тарту»  атты  бөлімінде  халықтың  орны  мен  рөлі  баса  көрсетіледі. 
Кеңестер  одағы  ондаған  жылдар  бойы  ядролық  сынақтар  жүргізіп  келген  жердің 
қасиетін  Қаз  дауысты  Қазыбек,  Тәттімбет,  Абай,  Шәкәрім,  Мұхтар  есімдерімен 
байланыстыра  отырып,  даналық  пен  адам  рухының  кіндігі  болып  келген  қасиетті 
жердің  сынақ  алаңына  айналуын  ауыр  қылмыс  деп  айыптайды.  Әсіресе,  ақын 
Олжас  Сүлейменов    еңбегін  ерекше  айтады.  «Ханы  ақынын  іздеген  ел  бақытты 
ел»,-  деп  дана  халқымыз  тек  айтпаған.  Есімін  елі  емес,  әлем  таныған  саяси  тұлға 
Н.Ә.Назарбаев қашан да әдебиет өкілдеріне қамқорлығын аяған емес. 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
237 
Талантты  ұйымдастырушы,  көсем  қайраткер,  көреген  басшы,  табанды 
саясаткер  Н.Ә.Назарбаевтың  бойынан  ақындық  қасиеттерді  де  көреміз.  Біз, 
қазақтар  -  талант-дарынға  бай  елміз.  Бабаның  қаны  мен  ұлы  дала  топырағынан 
даритын ақындық қасиет Елбасымызға  да тән. 
                              Бабамның қаны, анамның жасы, 
                              Сіңген бұл далам, қымбатсың маған. 
                              Береке-бірлік - қамалдың басы, 
                              Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы далам. 
                              Қазақстаным - жасыл орманым, 
                              Қуанышымды жасыра алмадым. 
                              Аңсаған бабам, аңсаған елім, 
                              Бостандық еді-ау асыл арманың. 
                              Жасай бер, жаса қазағым менің(19)- деп ағынан жарылып, 
асыл арманын жыр жолдарымен көрсеткен. 
                                      Отан –Ана! 
                                      От бердің жүрегіме, 
                                      Риза боп қараймын гүл-өңіңе. 
                                      Бабаларым сомдаған бағзы бейнең 
                                      Тәуелсіз боп түрленді, 
                                      Түледі де! 
                                      Менде қандай арман бар, 
                                      Асыл Ана, 
Жарай алсам халқымның тірегіне?!(19)-  деп ағынан жарылады. 
Жүрегін  жарып  шыққын  «Үшқоңыр»  өлеңінің  туу  тарихы  туралы  Елбасы: 
«Үшқоңыр»... Әлемнің барлық құрлығына өкшем тиді. Көптеген елдерді араладым. 
Табиғаты ғажайып талай өлкенің сұлулығына көз құмарымды суардым. Бірақ бәрі 
де  өзім  туып-өскен  қазағымның  жеріне,  Алатаудың  бір  бөктеріне  жамбастай 
жығылған  үш  қоңыр  төбеге  жетпейді.  Балалығымның,  сағынышымның  алтын 
қазығы сонда екен. 
Сол  бір,  жері  -  жәннат,  бұлағы  -  бал,  ауасы  -  нәр,  ғажайып  мекен  көз 
алдымда  көлбеңдеп  тұрып  алды.  Тебірендім,  толқыдым.  Санада  алтын  шуақты 
сәуле  ойнап,  көкірекке  лықсып  өлең  келді.  Жаздым.  Кей  тармағын  сызып, 
өзгерттім. Бар-жоғы сол. Екі ауыз сөзім елімнің кәдесіне жараса, арман не?» (10) ,-
деп жазады. Осы секілді Елбасының туған жеріне, табиғат, қазақтың өнері туралы 
өлеңдерінің өзіндік өрнегі, өзіндік орны бар. 
 «Ердің  бағасы  елге  еткен  еңбегінің  зор,  яки  көпшілігінде  емес,  елге  деген 
жүрегінің таза болуында, тілегінің  елмен  ортақ болуында өз өмірінің өрі мен  көрі 
де  ел  өмірінің  өрі-көрімен  бір  болуында»,  -деп  М.Жұмабаев  айтқандай,  Елбасы  -
қашан да елдің жоғын жоқтап, барын бағалайтын тарихпен тұтасқан тұлға.  
Халықтың өткендегі ұмытылмас ерліктерге, шежіреге толы ғажап тарихын, 
сол  тарих  көрініс  алатын  қазақ  әдебиетін  барынша  мұқият  бағалап,  ұзақ  уақыт 
бойы  қағажу  көріп,  орынсыз  түртпекке  түскен  қазақы,  ұлттық  салт-
дәстүрлеріміздің  саф  алтындай  жарқырап  қайта  оралуына,  күнделікті  өмірімізге 
кеңінен  енуіне  көңіл  бөлініп,  асыл  қазынамызға    қамқорлық  жасап  келе  жатқан 
Елбасының осындай ой-пайымдары зор маңызға ие. 
Сөзді кие тұтқан, бір ауыз сөзге тоқтаған, «Айтылмаса сөздің атасы өледі»,- 
деп  қарайтын  дана  халқымыз  үшін  Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  аузынан 
айтылып,  қаламынан  туындаған  осынау  қадау-қадау  пікірлердің  қадір-қасиеті 
қашан  да  өзгеше  деп  түсінеміз.  Соларды  оқысаң  ойың  байып,  жан-дүниең  кеңіп, 
тынысың ашылғандай күйге енесің. 
 
 
 
 

 
                     
Вестник
 

1-2011
г

 
 
238 
 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 
1.     Н.Назарбаев. «Тарих, тағдыр, тұлға». Қазақ әдебиеті, 1997жыл, 16 
қыркүйек. 
2.  Н.Назарбаев. «Қазақтың бүкіл тарихы - бірігу тарихы, тұтастық 
тарихы».  Егемен Қазақстан, 1998ж.,18 наурыз. 
3.  «Өнер мен әдебиет - халықтың жаны».  Қазақ әдебиеті, 2010ж.,12 
ақпан. 
4.  Н.Назарбаев пен Нұрлан Оразалиннің сұхбаты. Егемен Қ.,1995ж.,               
14 сәуір. 
5.  Н.Назарбаев. «Ой бөлістім халқыммен». Алматы: Мектеп, 2006. 
6.  Н.Назарбаев. «Өзекжарды ойлар».  2003 жыл. 
7. Н.Назарбаев. «Тарих тағылымы зердеде мәңгі жатталады». Егемен Қ.,                                                                                                                                                                                                                                                       
1997, 3маусым 
8. Н.Назарбаев. «Халқымыздың рухани қазынасына қамқорлық -
реформаның басты бағыттарының бірі». Егемен Қ.,1997, 4 шілде. 
9. Н.Назарбаев. «Бұл  -  ізгі дәстүрлерді түлету мен жаңа бастамалардың 
мейрамы». Егемен Қазақстан, 2003,19 ақпан. 
10.  Н.Назарбаев. «Әдебиет - руханият қайнары» Қазақ әдебиеті, 2006,                
31 наурыз. 
11.  Н.Назарбаев. «Тарих толқыны». Алматы: Атамұра. 2003-288 б. 
12.  Н.Назарбаев. «Көркем шығарма оқымауға болмайды». Қазақ әдебиеті,  
2007,13 сәуір. 
13.Н.Назарбаев. «М.Әуезовтың шығармашылық мұрасы - бүкіл 
адамзаттың байлығы». Қазақ әдебиеті,   1997жыл, 30 қыркүйек, №30. 
14.Н.Назарбаев.     Ж.Жабаевтың 150-жылдығына арналған баяндамасы, 
1996, 23 тамыз. 
15.Н.Назарбаев.  «Махамбет ұлт атынан тіл қатады». Егемен Қ.,2003 
жыл,16 қыркүйек.       
16.Н.Назарбаев. «Ұлы жырау рухына тағзым». Егемен Қ.,1996, 27 тамыз. 
17.Н.Назарбаев. «Абай сөзі - қазақтың бойтұмары». Егемен Қ., 1995,                 
15 тамыз. 
18. Н.Назарбаев. Әнұран туралы, «Елім менің», «Үшқоңыр» өлеңдерінің туу  
тарихы. Қазақ әдебиеті, 2006, 24 наурыз. 
19. Н.Ә.Назарбаев. «Жан шуағы». Астана, Сарыарқа, 2010 -72 бет. 
20.«Бәйтерек». Президент Н.Назарбаев туралы толғаныстар.  
Астана, Күлтегін, 2003. 
21. А.Ахметбекұлы. «Көсем де, шешен де өзі көре алғанға».  Астана, 2005. 
 
*** 
В данной статье приводятся  мысли главы государства Н.А.Назарбаева о 
казахской литературе в разные года. 
 
*** 
In this article is said the head of start Nursultan Abishuly Nazarbaiev's ideas 
about Kazakh literature in different years. 
 
 
 
 
 
 
 
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет