Заманауи көркем туындылардағы әлеуметтік көріністің суреттелуі
Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
Советова Меруерт,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты
Қазіргі қазақ прозасында сан түрлі тақырыпта әдеби туындылар жазылуда. Жазғанның бәрін жазушы дей бермейміз, сонда да қазіргі әдебиетке сыни тұрғыдан қарайтын кішігірім қабілет пайда болғандай, әдебиетті де таңдап, талғап оқитын оқырман қалыптасты. Қазіргі жазушылардың әлемдері жастарға қызғылықты, бүгінгі күннің тақырыптарын әдемі қозғай біледі. Өзіме қазіргі аға буыннан Тұрысбек Сәукетаев шығармашылығы ұнайды. Сол туралы қысқаша тоқталып өтсем.
Тұрысбек Сәукетаевтай жазушының шығармашылығына «Айқараңғысы» романы арқылы ғашық болсам, «Мен жындымын» мен күткен нәтижеден тіптен асып түсті. Соңғы кезде осыншама иронияға толы, сарказымы басым романды қашан оқығаным есімде жоқ..
Бір жағынан алғанда екі шығарманы оқу барысында ұқсастықты көруге болады. «Айқараңғыда» суреттелетін қарапайым халық өмірі мен «Мен жындымында» бас кейіпкердің кешіп отырған тағдыры. Тәуелсіздікке дейін халық жағдайы, Тәуелсіздік туын желбіреткеннен кейінгі деңгей. «Мен жындымын» романындағы кейіпкеріміз Тәуелсіздікке дейіңгі өміріне риза еді. Білдей бір фирманың экономисті болып, орталықтан үш бөлмеге иемденіп, әйелі екеуі тым жақсы өмір кешіп жатқан болатын.
«Біздің көреген көсемдер де Қызыл өкіметті иттің етінен жек көреді екен, осы күнге қашан жетеміз деп іштеріне қан қатып, «фигаларын» «мә!» деп қалталарының ішіннен шығарып әзер шыдап жүрсе керек, сол күні-ақ қып-қызыл партбилеттерін қып-қызыл отқа лақтырған. Ескімен аяусыз күрес басталып бір кетті дерсің: социализмнің құбыжық көрінісі деп завод-фабрикаларды жапты, колхоз-совхоз түгелдей таратылды. Шіркін, қандай данышпандық көрегендік десеңші».
Осылайша жұмыссыз болып бір күнде шыға келді. Кейін кітапханаға дейін жабылып, әйелі жұмыссыз қалады. Осы жердегі мына сөз қатты әсер етті: «Е, қазір кім кітапті керек қылады нан таба алмай жүргенде. Ол да дұрыс қой». Сол кездегі қарапайым халықтың ауыр жағдайы өте нанымды суреттеледі. «Айқараңғысы» романындағы Әзиз-Сұлтан отбасының жағдайы қандай еді?! Он бір жасар егіз інілерінің көріп жатқан балалығын оқып, қатты намыстанасың. «Он бір жасар қарт» болуына олар кінәлі емес еді ғой. Осындай ауырлыққа ашынасың. «Мен жындымындағы» Қапшағайдан келе жатып, бара жері жоқ кейіпкеріміз бір қазақтың үйіне құдайы қонақ болып барғанда көрген отбасының жағдайы ше? Қарапайым қазақтың төрт баласы. Тұңғышы оннан асса да не әріп танымайды, не санау білмейді. Мүлде мектеп табалдырығын аттап көрмеген. Қалай ішін ашымайды? Бүгінгі күнде мұндай отбасыларды кездестіруге болады. Жындының өзінің сүріп отырған өмірі ше? Сондай-ақ екі шығармадан да интернационализмнің иісі сезіледі. «Айқараңғыда» Сәбираның орыстардан көрген зорлығы адам бойын түршіктіреді. Алаңда болған оқиға ше? Арматурамен итті де олай сабамайтын шығар. Ал «Мен жындымын да» автор кейіпкерді сол орыстармен бір дастарханға отырғызады. Солармен рөмкелес болған жындының әңгімесінен:
«Какая им техника, пусть баранов своих пасут! На заводе только парторг был казахом и то был фронтовиком-инвалидом. Остальние мамбеты мыкались подсобниками, тачку таскали. В декабре 86-го, блин, как мы их шугали арматурой!..»
Керемет империяны құлатқан осылар, қызғыздарға бостандық бермеу керек еді деп өз наздарын айтады онымен қоймай. Жынды ашуланып мынадай ой тастайды::
«Бұлар жақынға жатбауыр, балам, ұрпағым деп емешегі үзілмейді, ата-анаға қайрылмайды, қатігез, мейірімсіз, томырық, лас… бірақ Отан, Россия десе, қылша мойынын қылшылдаған балтаға төсеуге әзір. Көзі үңірейіп аш отырса да, аузы сасып батпаққа аунап жатса да Әлеммен алысады, Россияның намысы деп кіжінеді. Орыс мұжығына теңдік, әділет, демократия керек емес, жапырып-жайпап бәріне үстемдік етсем дейді. Өзі Құл болса да, басқаны өзіне құл еткісі кеп тұрады. Ал, біз ше? Неге елім, қазағым деп өзеуремейміз өліп-өшіп? Ойлайтынымыз — өз бала-шағамыздың қамы, отбасы, қора-қотанның күйбеңі. Одан арғыға көңілімізде алаң жоқ. «Тәңір асыраған тоқтысын бөрі жемейді», «Көппен көрген ұлы той», «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді», «Иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар…» деп сақалы беліне түспек түгілі аяғына оратылып, баяғыда-ақ алжып кеткен қайдағы бір қыртымбай мәтелмен өзімізді алдарқатып, бәрін бір Құдайға тапсырып қойғанбыз. Өзіміз ештеңе істегіміз келмейді. Неге біз осынша бейғам, бойкүйезбіз? Қашан мәңгілік ұйқымыздан оянамыз, қашан?!!»
Жалпы жұртқа осындай ой арқылы жан айқайын шығарған автордың шеберлігене сөзім жоқ.
Қазіргі қазақ қоғамындағы «ақын», «жазушы» рөлі қандай сатыда? Қазіргі Айтматовтар кімдер? Филолог ретінде бір жағынан осы мәселеге жаным ауырды. Талантты жазушылар не себепті көтеріле алмайды, міндетті түрде жағымпаздану керек пе? Біз білетін жазушы, ақын дегеннің қадыры көк тиын екенін түсінесің. Барлығы ардақтайтын Жазушылар одағының дәрежесінің төмендігін көре аламыз.
«Кезінде Мағжан да, Әуезов те жаздық-жаңылдық деп кешірім сұраған. Ол — тайсақтағандық емес, тактика. Егер Әуезов жалаға ұшырап опат болғанда, «Абай жолы» жазылар ма еді? Ең әуелі амандықты ойлайық, аға!»
Романның жазуын жазып алып, оны шығар алмай қыңжылған кейіпкеріміз – талантты экономист-жазушы. Басына тас түсіп, жынды атанып, жазушы болып кетті дейді. Алайда оның бұл жазған романын Гер ағаң, Әбдіжәміл ағамыз құп көреді. Бірнеше жан мақтап айтады. Алайда бұл басылмайды, себебі үкіметті қолдамайды, керісінше мін тағып, халық сөзің сөйлейді. Ондай шығармалар жазылмайды екен... Сонда кейіпкеріміздің көзі шындықты көре бастайды, біз жазушы, ақын деп жүргендердің бәрі жоғары жақтың сөзін жақтап, ақты қара, қараны ақ деп жазуда екен. Нағыз жазушы дегендеріміз бір шығармасын марапат үшін, енді біреу поэмасын астанадан үй алу жазған екен. Осыдан кейін қоғамда ақын, жазушы дегеннің қандай дәрежесі болсын. Қарапайым халыққа ондай шығармаңның керегі жоқ та. Осы тұстан келгенде Тұрысбек Сәукетаев бізге бір сырын айтқанда болды.
Ал «Айқараңғысында» халық ақыны, қолдаушымыз О.Сүлейменов қалай болып еді?! Жастарды қолдаймын деп бір тұрып еді, барлық биліктегелер тырп еткізбеді. Олардың көрген қоғамы осындай? Бізде әлі күнге дейін бұл биліктің алдыңдағы қауқарсыздық жойылмады. Жындының әлгі қырғыздың революционер етікшісі Дөйшенқұлмен айтқан әңгімелері ше:
«-Басшы өмір бойы сүйіп өтетін сұлу қатын емес қой! — деді байкең қызынып. — Осы құрлықтағы жалғыз «демократия аралы» — біздің Қырғызстан! Ол да Ақаевтің еңбегі. Кедей болсақ та құл емеспіз! Ойымыз ашық, сөзіміз еркін.
— Ол жағынан ұяттымыз. — Ұтылатын тұста үнім бәсең шықты.
— Сондықтан да сендердің «махаббаттарың» мәңгілік. Әйтпесе сіздерде қиянат, қорлық қаншама. Бізде ондайдың біріне де төзбейді, бірден төңкеріп тастаймыз. Өткенде төплиін жөндетуге келген бір келіншекпен сөйлестім. Мектепте еден тазалаушы екен. Апта сайын директордың үйін жуып, кілем-көрпесін қағатын көрінеді… Төрт баланың жәрдем ақысын алу үшін, сондағы бастықтарға ай сайын «подарок» жасап, бір баланың ақшасын қалдырып кетем дейді. Жемейтін, пара алмайтын шенеуник жоқ. Ең қызығы, адамдардың соған қыңқ етіп қарсыласпайтынына қайран қаламын…».
Қорытындылай келсем, Тұрысбек Сәукетаев шығармашылығын оқу керек,түсіне білу керек, түсіну үшін тағы оқу керек.
Қазіргі қазақ прозасындағы жаңа туындылардың бірі – Әлібек Асқардың «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді» повестегі әлеуметтік талдау барысында бірден көзге түсетіні жазушының стильдік ерекшелігі. Өр Алтай төріндегі бір кезде айдарынан жел ескен, төрт құбыласы сай болған ауылдың бүгінгі мүшкіл халін суреткер сатылап көрсетеді. Кеңсе, ауылдың мектебі, дүкен, дәрігерлік пункт жабылады, яғни әлеуметтік құлдырау жолымен тұрмыс тауқыметі үдемелі жолмен беріледі. Жазушы әр алуан кейіпкерлерін болып жатқан өзгерістерге қатыстырып, көзқарас пен дүниетанымық ерекшеліктеріне тереңдеп бойлау арқылы өтпелі кезеңнің шындығын аша білген. Тіл, образ, сюжет, композиция тұтас бір өрілімде берілген. Бір кездері азан-қазан боп жататын базарлы ауылдан небәрі жеті үй қалғанымен, осы азғана шоғырдан тұратын сегіз отбасының басынан өткерген қилы, мұңлы да мұңсыз тағдыры бір повеске толық жүк болған. Жұртта қалған жеті үйдің жыры да жеті түрлі. Жазушы бір кездегі базары тарқамаған ауылдың қалай жетімсірегеніне тоқталып, сюжет желісін жетім қыз Сәлиманың тағдырымен ұштастыра суреттеумен жалғайды. Қоғам назарынан тыс қалса да, Алланың кең пейілінен кенде қалмаған алақандай ауылдың өгей тірлігі пошташы Сәлима қыздың пайымы арқылы берілген.
Шығарманың негізгі арқауы – қазақ қоғамының тұтастығын құраған отбасылық ұғымнан ірілеу бірлестік, татулықтың құт мекені саналған ауыл мәселесі. Повесть ауыл жастарының жағдайын жақсартудың әлеуметтік өзекті мәселелерін көтереді. Қазақтың құт-берекесінің бесігі болған ауыл өмірінің кері кетуі, ауыл баласының атажұрттан безініп, өзіне жайлы қоныс іздеуі үлкен символикалық жүк арқалап тұр. Өркениеттің дәстүрлі өмірімен арақатынасын үйлестірмесе, ауыл мәдениетінің тоқырауға ұшырайтындығын қарапайым еңбек адамдарының психологиясына терең бойлау арқылы ашады. Жалпы зерттеу барысында шығарма өзегіндегі бүгінгі қазақ ұлты үшін ең өзекті мәселе болып отырған атажұртқа, туған топыраққа сүйіспеншілік, ауыл мен қала өмірінің алшақтық мәселелері жан-жақты талданады.
Бүгінгі әлеуметтік өмір шындығы Б.Қанатбаевтың «Ескі жұрт» әңгімесінде де шеберлікпен беріледі. Дүние өзгеріп, ұрпақ ауысқан кездегі ұлттық құндылықтардың жұтаңдауына назар аударады автор. «Тәуелсіздік кезеңі тіршілігіміздің алуан саласындағы жаңа да жарқын бетбұрыстарға, жаңғыруларға бастап отыр. Сондықтан өмір шындығын, өмірлік материалдарды авторлық концепция мен өткір проблемалдарға сабақтастыра таңдау мен толғаудың мән-маңызы айырықша».
Көсемәлі Сәттібайұлының «Жылқыбай жездемнің сақалы» атты әңгімесініңастары – бүгінгі ұсақталып кеткен қазақ қоғамының бейбіт күнгі мінез-құлқы, тыныс-тіршілігі. Жазушы қазақтағы ескіліктің қалдығын юмор арқылы шенеуге шебер. Мәтіндегі үш төбеге бөліну – қазақтың үш жүзге бөлініп, трайболистік ойларға ден қойғанын тұспалдап тұрғандай тәрізді. Шығармада қазақтың бүгінгі өмірінің ауыр сыйқы суреттеледі. Қазақ қызын қытай жігіті алған. Қазақтың ұлттық тұтастығына зияны тиетін көріністер көз алдыңызға тізбектеледі. «Бұрын орыс келін мен неміс күйеу балаға бет шымшитын апаларым, қазір африкалық абысындарының «амбициясына» да үйренген. Ол жазғандар да анда-санда ат сабылтып келіп тұрады. Мынау қақсаған ханзу бала да әлгі жампоздар шошып жүрген үдерістің біздің ауылға тән бір сипаты». Жаһандануға салмаса, әңгіме астарынан күрсініс аңғару қиын емес.
Туындыда дін тақырыбы да қозғалады. Қазақ қоғамының өркениет көшіне ілесе алмай, жақсы мен жаманның, асыл мен жасықтың арасын бөліп, ажырата алмай жүргенін жазушы ұлттық қасіретке балайды. Ұтыла беретініміз де сол жақсы, құнды дүниелерді өз деңгейінде бағалай алмай, соның себебінен қоршылыққа ұрынатынымыздан. Ұлттық идея бұл әңгімеде өте бір нәзік һәм сырты юмор, іші зар, астыртын ағыстармен көркем берілген. Бұл әңгімедегі оқиға – қазақтың әр ауылының басындағы хал. Жазушы мұны шебер жеткізе алған.
Т.Шапайдың «Домбыра» атты әңгімесінде автордың дүниені қабылдау сезімі тұнық, нәзік иірімдерге толы мұңымен көңіл аудартады. Домбыра жансыз зат деген ұғым жоқ онда. Әсіресе, ұлттық дүниелерге ерекше елжіреп тұрады. Онысын қазақтығының кепілі дерсің. Кейіпкердің домбыраға деген сағынышы мистикалық сипат алған. Автор екі домбыраны ескі мен жаңаның мәңгілік тартысы, дилемма ретінде алған. Кейіпкер шеберден «домбыра жасап бер» деп сұрағанда, ол «әнші домбыра ма, күйші домбыра ма» деп айырып сұрайды. Бұл екеуі де деп қалады. Расымен сары домбыра ерекше әуезді, үнді болып шықты, шапқан сайын зырлаған Құлагер текті домбыра. Ең кереметі, жаңаға бауыр басқан сайын ескі домбыра құлазыған тәрізді болады, семіп бара жатты дейді. Бұл ненің белгісі? Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының символы. Жаңа әлем кеулеген сайын, модернизация мен ғаламдану молынан енген сайын ескі дүниелер керексіз болып, ысырылып қала береді. Руханиятта да солай. Жаңаның кейде құны жоқ, бірақ оны мүдделі адамдар істейді, сондықтан ескіні асыл зат болса да, уақытша болсын, лақтыруға бейім тұрады. Автор бұл жаңа домбыраны «тылсым, аққу мойын домбыра» деп атайды. Жаңа домбыраға ескі домбыра қарама-қарсы тұрғандай: «дүмі жарық», «қаңсып қалған шанақ үмітсіз, жарықшақ дауыспен мағынасыз қаңқ-қаңқ етті. Домбырада күй жоқ еді». Тұрсынжан Шапайдың барлық әңгімелерінде лықсыған мұңнан көз ашырмайтын булығу бар. Оған жалғыздықты түпқазық қылған гротеск қосылғанда, тіпті үдеп кетеді.
Бұл әңгімедегі домбыра − тұлға. Ол зат емес, адам бейнелі. Жазушының табысы – осы. Домбыра − ұлттық ұғымның символы. Жалпы ұлттық әдебиет – ғасырлар куәсі, бабамыз бен кейінгі ұрпақтың жан сыры, келбеті. Ұлттық болмыс, ұлттық рух, эстетикалық күрделі құбылыс кейіпкер сипатына елеулі әсер етті. Әдебиетімізге М.Әуезов дәстүрінен нәр алған ұлтжанды кейіпкерлер тобы келіп жатты.
М.Мағауиннің «Ұлт аралық жанжал» атты туындысының [13, 324 б] қаны қазақ, рухы қазақ сүйсініп оқитын шынайы әңгіме екендігі көркемдік қуатының кемелділігінен көрінеді. Шығармада сатиралық фон, емеурін, тұспал, символ, күлкі қатар өріліп отырады. Күлкі болғанда, гротеск, ирония мен ащы әжуа.
Әңгімедегі Алматы маңындағы кішкентай Рахман ата ауылы – Қазақстан мемлекетінің моделі тәрізді. Шығарманың басында-ақ автор өзінің танымын айқындау үшін «жол» мотивін таңдап алады. Автор «Анау Марат сияқты бұралқыны төрге шығарудың зардабын да көрсетеді, ұлтаралық келісім дегенді желеу етіп, ата жұрт иелерінің бөтендерге есесі кете беруінің қаупін де алға тартады автор. Тілді, елді, рухты қорлағысы келіп, менсінбеу, қазақтың кеңдігін ұдайы бас пайдаларына пайдалану, қазақтың қашан да ерен төзімділігі, балақтағы биттің басқа шығуы – бәрі сатиралық уытты тілмен әшкерелеген. Әңгімеде ирония құралын ұтымды пайдаланған. «Ал, қазақ… Тәуелсіздік алдың, енді атаңның басы керек пе?! Ел иесі екеніңді қашан ұғасың?» Әңгіме соңы осылай аяқталады. Оқыған жанның ұлттық намысының оянуына түрткі болатын бұл риторикалық сауал саналы әрбір қазақ жүрегіне ой салады. Демек, ұлттық идея қазіргі прозамызда жанама сипатта көркемдік мән иеленеді. “Ұлттық идея біздің ортақ тағдырымыздан туындайды. Ол ащы болсын, тәтті болсын-біздің бүгін де, ертең де өмір сүруіміздің бірден-бір шарты”, – деп түйіндейді Ш.Елеукенов.
Еліміз тәуелсіздік алғасын, өткенімізге көз жіберу мақсатында бұрын айтуға тыйым салынған, «жабық» тақырыптардың бірі − Желтоқсан көтерілісі. Қазақтың қылшылдаған қыз-жігіттерінің көз жасынан тұратын бұл тақырыпты біраз қаламгерлер өз шығармаларына арқау еткені белгілі. Р.Нұрғалиевтың, Т.Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» атты романы мен Н.Құнантайұлының «Қараөзек» романы бұл тақырыпты үлкен прозаға әкеледі. Әңгіме-повестерде бұл тың тақырыпқа – А.Алтай, М.Байғұтұлы, Ж.Қорғасбек пен Қ.Түменбайлар түрен салды.
М.Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» атты әңгімесі оқыс хабардан басталады. «Жұрнақ көке жынданып кетіпті». Әңгіме оқиғаны оқушы баланың көзімен суреттеген. Жұрнақ – желтоқсан қасіретінің құрбаны болған жас жігіт. Бұл – жоғалған ұрпақтың символы. «Жынды Жұрнақ адамдарды бір-бірінен айырмайтын, кісі танымайтын, кімнің кім екенін мүлде білмейтін». Қазіргі қазақ баласының кейпіне ұқсайды, ана тілін білмейді, өзі мен жатты, ақ пен қараны ажырата алмайды. Бұл образ арқылы ұлтсыздану мен жаһандану дертіне шалдыққан ұрпақ қасіреті бейнеленген. Ұлтының қасиетін танудан қалып, қазақтықтан аулақ кетіп барады.
Мұңлық әкенің күйі ол болса, көтеріліске қатысқаны үшін жазықты болып, жынданған бейшара ұлының күні тіптен мүшкіл еді. Барынан айрылған, адамзат баласына тән ең ұлы қасиет – санасынан, ақыл-есінен айрылған, жарым ес атанып, көрінгеннің есігінде қу құлқыны үшін өлместің күнін кешіп жүр. Қаламгер кезінде оқу озаты болған Мәскеу оқу орны студентінің бүгінгі мүшкіл халін суреттеу арқылы тағдыры да, заманы да, солақай саясаты да аямаған жас жігітті туып-өскен ортасы, кіндік қаны тамған ауылдастары да аяды ма, мүсіркегендері бір күндік боқ дүниемен теңелгендігін шебер суреттеген.
Жұрнақ жынды бола тұра туған табалдырығына тізерлеп, кіндік кескен үйіне басын иген қалпы өмірмен қоштасады. Жалпы шығарманың әлеуметтiк мазмұнын, жазушы үй, қара шаңырақ мотиві арқылы айқындап отырады. Демек, қаламгер ұлттық танымға тән мотивтер мен дәстүрлі символдарды шебер пайдалану арқылы Желтоқсан қасіретінің қазақтың халықтық рухына тигізген зардаптарын аша білген.
А.Алтайдың «Прописка» атты әңгімесінің тақырыбы да желтоқсан. Урбанизация қалаға қуған қазақ ұлтының наласы мен шері, пропискаға отырудың соры. Қала қазақты қабылдағысы жоқ. Әңгіме жолға шыққан Арқат есімді жігіттің бір сәт басынан кешкен драмасына құрылған. Алайда бұл жеке бастың қайғысы емес, бүкіл қазақ қоғамының басына түскен ауырпалықты таңбалайды. Алтайда көктем келсе де, бораны басылмай тұрғаны – ол да – тұспал. «Бұландай жігіттер» деп автор тегін айтып отырған жоқ. Махамбетте «Бұландай ерді кескен күн» деген өлең жолдары бар. Үш жігіт – желтоқсан құрбандары. Сол боздақтарды тұспалдайды. Арқат қалаға пропискаға отыру үшін төрт ай қаңғиды. Қала қазақ баласына өгей шешеден бетер. Абайша айтқанда, бір қайғы мың қайғыны қозғайды. Ол – қазақ қоғамындағы шындық.
Желтоқсан тақырыбына арнап жазылған қазіргі қазақ әңгімелерінің ішінде А.Алтайдың «Сібір офицері» атты әңгімесінің түрі мен пішіні бөлек. Көбінесе бұл тақырыпта жазылған әңгімелердің көпшілігінің оқиға желісі желтоқсан зардабынан жапа шеккен Желтоқсанға қатысқандардың өмірін суреттеуге, сол қанды оқиғадан бір үзік сыр түюге құрылатұғын. Ал, аталмыш әңгімеде жағдай мүлдем басқаша суреттеледі.
Қаламгер қаһарлы суықта қарусыз қайрат көрсеткен жұртты жаппай қанға бөктіріп, өзін адал сезінетін, совет заманының азат азаматымын дейтін офицер Бураханның тағдырының тәлкекке ұшырауын шеберлікпен бейнелей білген. Асқар Алтайдың кейіпкері абақтыдағы өмірдің әділетсіз сипатын, кесінді биліктің кесірлі пендесі болып шыққан адам болмысының кері өзгерісін суреттейді. Автор өзінің осы шығармасы арқылы кісенді қоғамның зорлығын, аңқау офицердің әмірлі биліктің құрбанына айналғандығын: партиялық бұйрықтың қаталдығын, кеңес саясатының екі жүзділігін көрсеткісі келген. Отаны алдындағы әскери парызын адал атқарып жатқан кеңес офицерінің жазықсыз қолын жазалы еткен де – саясат. Кейіпкердің жанын жегідей жеген де, намысын жер қылған да – «желтоқсан». Бураханның көзін ашқан да, көңілін басқан да сол желтоқсан деп пайымдайды авторлық таным.
Поделитесь с Вашими друзьями: |