Жамбыл Омари



жүктеу 5.01 Kb.

бет6/23
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

     Уыз  хан  туралы  шежіреде  дәстүрлі  қазақ  тұрмысы  мен  түсініктеріне 
негіз  болған  толып  жатқан  мәліметтер  бар:  «...  Мұғол  ханлығы  тоғыз  атаға 
шейін  келді.  Түркі  халқының  ішінде  әр  нәрсені  тоғыз-тоғыздан  қылу,  санның 
толығы-  тоғыз»-деп,  сондықтан  болған    деседі»  дейді.  Мәтіннің  екінші  бір 
тұсында  «Уыз  хан  атымен  «Түркіден  дәл  өзіме  шейін  тоғыз  атаға  хандық 
үзілмей келді және өзімнен кейін тоғыз ата толғанша үзілмейді!» деп тоғызды 
толық  сан  қылды»  делінеді.  Біз  тоғыз  санының  қазақтың  әдет  –ғұрып 
түсініктеріне  кеңінен  енуіне  осы  айтылған  соңғы  сәйкестіктің  әсері  болуы 
мүмкін  деген  пікірдеміз.  \сонымен  бірге  шежіреде  аталатын  тарихи 
тұлғалардың  аттарына да ерекше көңіл бөлген дұрыс. Егер Уыз ханның насаб-
намасын  қарасақ  «Уыз  оның  әкесі  Қарахан,  оның  әкесі  Мұғол,  оның  әкесі 
Алаша  хан  (Алынша),  оның  әкесі  Киік  хан,  оның  әкесі  Деббақой,  оның  әкесі 
Еділше,  оның  әкесі  Түтік,  оның  әкесі  Түрік...».  Түркі  халықтарының  жазба  
шежіренің  негізін  салған  Рашид-ад-дин  мен  Әбілғазы  хан  Түрікті  Йафеттің 
үлкен баласы дейді. Осы атаулардың бәрі де қазақ даласының ежелгі замандағы 
тарихын жазуда таптырмайтын  дерек көзі болып қызмет атқара алады. 
      Уыз  хан  шежіресінде  айтылатан  «шүлен  тамақ»-  Еуразия  көшпелі 
халықтарында ертеден бар мырзалық дәстүрі. Қазақ қоғамында ХІХ ғасырдың 

61 
соңына  дейін  «шүлен  беру»  оқиғалары  кездесетіні  біздің  этнографиялық 
зерттеулерімізде  айтылады.  Әдетте  шүлен  беру  туралы  шешімді  асқан  бай 
адамдар ақсақал, ел ағаларымен келісіп жасайды және мал-дүниесінің 1/10, не 
1/5  бөлігін  жұртқа  еш  ақысыз  таратып  береді.  Шүлен  тарату  мал  иесінің 
қоғамдағы әлеуметтік орынын аса көтереді. Бұл мәтінде ел-жұртқа тегін тамақ 
пісіріп, той жасап мырзалық көрсету туралы айтылып тұрса керек. 
       Тағы  бір  қызықты  мәселелер  тым  ерте  замандарға  қатысты  болса 
керек,  мысалы  шежіреде  «Ол  заманда  «оқ»,  «жақ»  дегенді  жұрт  көрмеген, 
білмеген  нәрсе»  дейді,  бұл  мәтіндегі  қызықты  деректердің  бірі.  Осы  мәлімет 
Әбілғазы баһадүр хан шежіресінде жоқ.  Менің ойымша «оқ пен жақ болмады» 
деген  сөз  белгілі  дәрежеде  Уыз  хан  заманының  тым  көнеге  баратынын 
нұсқайды. Біз оқ пен жақтың пайда болған дәуірі мезолит деп жүрміз, яғни орта 
тас ғасыры, біздің заманымыздан оншақты мың жыл бұрынғы кезең. 
     «Бір  шебер  кісі  екі  аяқты  арба  жасады.  «Қаңқ-қаңқ»-  деп  ат  қойды... 
оны  жасаушыны  «Қаңқылы»-  деді.  Бұл  күнгеше  ат  қалды.  «Қаңлы»  деген 
жұрт-  соның  ұрпағы,  жұрағаты»  -деп    мәтінде  айтылатын  ру-тайпалардың 
бәрі де (Итбарақ, Қарлық т.б.) тым ерте кезеңге қатысты, ал олардың атауларын 
түсіндіру халықтық этимология дәстүрінде жасалған.  
      «Сондағы  «Орда»  деп  жүргендері-  керегесіз  ағаш  шаншып,  кигіз 
жапқан  жолым  үй»-  бұл  да  Уыз  хан  туралы  әңгімелердің  тым  көне  заман 
дүниесі  екенін  дәлелдейтін  қызықты  мәлімет.  «Жолым  үй»  кигіз  үйдің 
шаруашылық жұмыстарында немесе әскери жорық кезінде қолданылатын түрі. 
Еуразиялық  түркі-моңғол    халықтарында  осындай  үйдің  бір  түрін  «алашық» 
деп  атайды,  бұл  керегесіз,  уықтардың  үстіне  кішкене  шаңырақ  бекітілген  үй. 
Ендеше  біз  қазақтың  қазіргі  қолданыстағы  кигіз  үйі  мыңдаған  жылдар  бойы 
тұрмыс  эволюциясының  жемісі  деп  атаймыз.  Уыз  жасаған  кигіз  үйдің 
қолданыла бастауы шамасы  ерте темір дәуірі. 
 «Бірінің  аты-Күн,    бірінің  аты-  Ай,  бірінің  аты  Жұлдыз  екен..»-  Уыз 
ханның  баларының  аттары  да  алғашқы  дүниетаным  модельін  айғақтаса  керек.  
«Уыз  үйлі  Айдаболдан  таппағаның  ба?»  бұл  жерде  Орта  жүздің  бір  руы 
аталады. М.Ж.Көпейұлының өмірінің  көп кезеңі осы рудың арасында өтті.     
 
Шығыстың  ғұлама  тарихшылары  Рашид-ад-дин,  Әбілғазы  т.б. 
еңбектерінде  кездесе  бермейтін  маңызды  деректер,  мәліметтерінің  толықтығы 
т.б. қазақ деректерінің көнелігін дәлелдейді. Ерте замандарда түркі мен моңғол 
арасында Оғыз хан жайында жойқын циклды әңгімелердің болғанын, олардың 
жартылай Шығыс тарихшыларының еңбектеріне еніп, ал негізгі бөлігінің қазақ 
қарияларының жадында сақталғанын жоғарыдағы мысалдан аңғаруға болады. 
Сонымен  қазақ  шежіресіне  ден  қойсақ  Уыз  хан  халқымыздың  этникалық 
негізінде  тұрған  іргетас,  яғни  этноарх,  рухани  және  материалдық  мәдениеттің 
негізін  салушы  қаһарман.  Уыз  хан  есімімен  қазақтың  қара  шыңырағы  –  кигіз 
үйі,  қай  тіршілігін  болсын  тоғызға  жетелейтін  ырымы  т.б.  құндылықтары 
байланысты. Бір сөзбен айтқанда Уыз хан туралы деректер бұл қасиетті де ұлы 
кемеңгер  тұлғаның  адамзат  баласының  Тәңіріні  жаңа  мойындай  бастаған, 

62 
тіршіліктегі орнын жаңа анықтай бастаған ең кәрі кезеңінен бастау алып түрік 
заманындағы  оқиғаларға  келіп  байыздайтындай  көрінеді.  Уыз  хан  бейнесінен, 
іс-қимылынан  Еуразия  көшпелілерінің  құрылықты  меңгеру,  билеу  қабілеті 
танылады,  ол  тарихтан  көшпелілердің  алғашқы  империялық  ұмтылыстарын 
байқаймыз.  
  Сегіз-оғыз әңгімесі қайдан шықты дегенде осы мәселе есте болуы керек, 
бұл Шыңғыс ханмен бірге атойлаған ортағасырлар емес, одан да әрі, тым ерте 
дәуірдің жәдігерлігі. 
 
   
 
5. Найман мен  қарақытай 
 
  «Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай,  анық шежіре жоқ. «Оқуға 
сенген ұмытшақ» деп оқуды керек қылмаған. «Жазуға сенген жаңылшақ» деп 
жазуды  керек  қылмаған.  Оқу  мен  жазу  жоқтығынан  жазылған    шежіре 
болмаған. Естігенін ұмытпайтұғын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, 
ұқпа  құлақ  жандар  болған.  Сондай  жандардың  айтуымен  «кеудесі  хат», 
«естігені, көргені жад» болған қариялар кейінгіге ауыздан ауыз алып айтумен 
үлгі-өсиет қалдырған» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (11,-227 б.).  
  Осы  қанатты  сөздердің    мағынасын  айыру  үшін  Платонның  қызықты 
этюдтерінің  біріне  көңіл  бөлген  дұрыс.  Философ  жазу  пайда  болғаннан  кейін 
оның  адам  өміріне  қаншалықты  теріс  әсер  еткенін  Мысыр  патшасының 
аузымен  баяндайды:  «Енді  жазудың  пайдасы  туралы  әңгіме  басталғанда  оны 
ойлап тапқан Тевт: «Бұл ғылым, патша ием, мысырлықтарды дана және есте 
сақтағыш  қылады,  себебі  ол  даналық  пен  жадыны  күшейтудің  құралы»  деді. 
Патша  болса  «Ғажайып  өнерлі  Тевт...  сен  жазудың  атасысың,  оны  жақсы 
көретінің  соншалық,  жазуды    мақтаймын  деп  пайдасын  теріс  түсіндірдің. 
Жазу адамдардың жадын ұмытшақтыққа үйретеді, себебі жазуға сеніп жады 
күнделікті  шынығудан  қалады:  енді  адам    ішкі  рухани  күшпен  жаттамайды, 
сыртқы  белгісіне  қарап,  адам  жанына  бөтен  әріпке  сеніп  естеріне  түсіреді. 
Қарап  отырсам,  сен  жадыға  көмекші  емес,  еске  түсіруге  арналған  құрал 
таптың. Шәкірттеріңе де сен нағыз даналықты емес, даналықтың шартты 
белгілерін ғана беріп жатырсың, олар көп нәрсені жете түсінбесе де білетін 
түр  жасайды,    мылжыңдығынан  жанындағы  адам  шаршайтын  надандар  
жазудың  арқасында  көп  білетін  сияқты,  осылайша  олар  нағыз  дана  емес, 
жасанды дана болып шығады» деп ойымен бөлісіпті (95, 248-249 бб.).  
  Біз  жоғарыда  Шоқанның  қазақ  фольклорының  тарихи  шындықты  қаз 
қалпында  беретіні  туралы  пікірін  келтірдік.  Найман  ортасында  өмір  сүрген 
атақты  шежіреші  Құрбанғали  Халид  те    аңыздардың  қазақ  тарихы  бойынша 
негізгі қайнар көз ретінде маңызын аса жоғары бағалаған. Оның пікірі бойынша 
қазақтың  ауызша  дәстүрінде  шынайы  тарихтың  сюжеттері  басым  және  осы 
тұрғыдан  келгенде  ол  жазба  қайнар  көздерден  еш  кем  емес:  «көнеден  келе 
жатқан  жазылған  тарихы  болмағанымен,  ата-бабалары  мен  түрлі 
ұрпақтарының ақпарлары ауыздан  ауызға аңыз болып ұласып келе жатқанын 

63 
ешкім    жоққа  шығармайды.  Дегенмен,  уақыт  оза    келе  бұл  шежірелер  өз 
негізінен  артық-кем  болып,  ілгері  кейінді  айтылып,  шатастырарлықтай 
жағдай  болса  да,  өзге  тарихи  мәліметтермен  салыстыра  отырып, 
реттестіру  нәтижесінде  белгілі  бір  шындыққа  жақын,  тоқтамды  пікірлер 
айтуға  болады.    Бұл  хабарлар  негізсіз  дәлелденбесе  де,  себепсіз  жалғанға  да 
шығарылмайды.  Негізінде  шындығы  басым,  тарихи  оқиғалары  анық.  Себебі 
бұл  тайпалар  өздерінің  тарихты  тереңдетіп  оқымағанының  салдарынан 
нақтылы  анық  айтып,  білімге  таласатындары  болмағанымен,  бабаларының 
сөздерін бар зейінімен тыңдап ұғып, олардан естіген шежірелерін еске алып әр 
мәжілісте,  әр  жиында,  отырыстарда  үнемі  қайталап,  шын  ниетімен 
ойларында  ұстап,  ұрпақтан  ұрпаққа  жалғастырып,  нассабшыларына 
шежіреші деп ат қойған»  (125, с. 51). 
   Найманның  ежелгі    тарихы  да  аңыздармен  өрілген  тарих.  Наймен  мен 
Қарақытай  арасын  да  біз  тек  аңыздарға  қарап,  оларды  тәпсірлей  отырып 
түсіндіре аламыз, басқа амал жоқ. Екі ортада бір байланыстың бары сөзсіз. Ел 
аузында  жүрген  осындай  аңыздардың  көпшілігінде  тұтқиылдан  тиген  жау 
Найман ақсақалдың ауылының бүкіл еркек кіндігін қырып кетеді. Осыдан кейін 
осы  шаңырақтың  оты  сөнеді  -ау  деп  уайымдаған  ақылды    келіні  тоқсандағы 
атасына  жас  қыз  алып  беріп,  екеуінен  жалғыз  ұл  қалады.  Ұлдың  аты  бір 
шежіреде - Өкіреш. Келесі бір аңызда – Қытай аталады. Енді бір нұсқада Қытай 
Өкірештің  баласы.  Енді  бір  нұсқада  Өкіреш  Қытайдың  баласы.  Қазақ 
шежіресінің  негізгі  нұсқаларында  Қытайдан  тарайтын  төрт  ұл:  Садыр,  Матай, 
Төртуыл,  Қаракерей  Өрнайманы  аталады.  Ел  арасындағы  шежіре 
жазбаларының    бірінде  Қытай  Төлегетайдың  баласы.  Кейбір  нұсқада  барлық 
найман  Өкірештің  баласы  Қытайдан  тарайды.  Сары  жомарт,  Төлегетай, 
Терістаңбалы яғни барлық найман Қытайдың ұрпағы болып таратылады. Қазақ 
шежіре  дәстүрінің  шоқтығы  болып  табылатын  Мәшһүр  Жүсіп  Көпейұлы 
жазбаларынан  мысал  келтірейік  :  «Жанарыстың  бәйбішесінен  туған  төрт 
қожаның  бірі-Қарақожа,  одан  Арғын  дедік.  Бірі-Аққожа,  бұл  Аққожадан  -
Найман,  кейбір  сөйлеушілер  Момынқожа  дейді.  Найманнан  жалғыз  бала-
Шұбартай.  Бұл  Шұбартайды  да  зарығып  көрсе  керек.  Шұбартай  қыршын 
жасында  өліп,  келіншенгі  жесір  қалса  керек.  Сонда  Арғынның  көп  балалары 
«Мен алам!» , «Мен алам!»- деп таласты дейді. Қатын: 
  -Мен  тоқсандағы  атамның  көзін  бақырайтып,  тірі  тұрған  күнінде 
жалғызының жайрап қалғандығының үстіне күңірентіп ешқайсыңа тимеймін. 
Мына  тоқсаннан  асқан  атамның  бір  атары  бар  шығар,  -деп,-құрбы-
құрдастарына жалынды дейді: 
      -Атамның  сиген  жерін  байқаңдар,  сідігі  көпіре  ме  екен  ?  Жерге  із 
салуға жарайды ма екен ?-деп. Сонда байқаған біреуі айтыпты: 
        -Із салуға жоқ, бірақ көпіреді,-депті. 
    -Бір атары бар екен. Малды аямай беріп, бір кедейдің жалаң бұт қызын 
қойнына жатқызыңдар,-дегенмен, бір қызды алып беріп, қойнына салған екен. 
Жұмыс  үстінде  өкіріп  өліпті.  Найманның  «Өкіреш  шал»  атанған  себебі  сол 

64 
деседі. Шал өлді, қыз тірі қалды. Қыз сол жұмыстан буаз болып, ер ұл туып, 
атын Төлегетай қойыпты. Шұбартайдан жесір қалған келін осы Төлегетайдің 
өсуін, ер жетуін күтіп қалыпты.  
  Төлегетай  сол  заманда  жұрт  аузында  әулие  атанған,  Қылыш  қожаның 
қойын бағып, қойшысы болған. Қылыш қожада ұл жоқ, жалғыз қызы бар екен. 
Қыз жасқа толып бой жеткен соң, сарт-сауанның байлары құдалық сөйлесіп, 
балаларына Қылыш қожаның қызын айттырмақшы болып, анауы да, мынауы 
да  қалың  мал  беруге  қожаны  қызықтыра  бастағанда,  қой  бағып  жүрген 
Төлегетай қойшыларға айтқан екен: 
          -Бұл қазақ қатынсыз өлейін деп жүрсе, қожа қызын сартқа береді-
ау !-деп. Қойшылардан  бұл сөзді естіген соң, Қылыш қожа қарқ-қарқ күліп: 
    -Рас айтады, сөз Шұбартайдың төлеуіне келген тілеу тайымдікі !-деп, 
Төлегетайға  қосыпты.  Өрнайман  Қаракерей,  Садыр,  Матай,  Төртуыл-қожа 
қызынан  туғандар.  Баяғы  сарғая-сарғая  сақтап,  тосып  отырған  жеңгесін 
алып, онан бір ер ұл туып, атын Қытай қояды...» (50, 10 т.,30-31 бб.). 
  Мәшһүр  жазбаларының  бір  нұсқасында  Төлегетай-Төлеқатай  болып 
жазылып жүр (50, 10 т.-30 б.).  
  Қалай болғанда да Найман шежіресінде Қытай атауы ерекше орын алады. 
Шыңыс  Қазақстан  өңіріне  белгілі  Уахап  Қыдырханұлы  деген  азамат  өзінің 
«Әттең, Алтай-Марқакөл» кітабында «Қытай батыр болды, би болды, сал-сері 
бролды, жау қолынан қаза тапты дейтін аңыздар бар» дей келе Қытайға қатысты 
ел  аузында  жүрген  бірсыпыра  әңгімені  баяндайды.  Уахаңның  айтуынша   
Найманның  Сүгірші  деген  баласынан  Төлегетай  туады  екен.  Төлегетайда  ер 
бала  болмай  ұзақ  зарығып,  жарым  жастан  асқанда  әйелі  бір  ұл  туып,  үйсін 
Аусар деген тәуіпке ат қойызыпты. Сонда тәуіп балын ашып отырып «Айтады 
балым, Жақсы лебіз-жарым ырыс, бұрыннан қалған тәлім. Қояйын атын Қытай, 
ұрықты қылсын Құдай. Жарылқады Тәңрің, жылама Төке,  бұдан былай» депті-
мыс.  Айтқандай,  найман  ішінде  Қытай  ұрпақты  ел  болыпты,  Қытайдан  -
Төртуыл,  Қаракерей,  Садыр,  Матай  төрт  ұл  туыпты.  Бұл  жоғарыда  айтылған 
Мәшһүр  шедіресімен  келісе  бермейді,  бірақ  Қытайдың  Найман  шежіресінде 
үлкен орын алатыны күмәнсіз (60, 11 б.). 
  Жалпы жоғарыда баяндалған Найман шежірелері бұл елдің, қазақтың ерте 
замандарда мемлекет құрған басқа да ірі тайпалары сияқты, әр түрлі рулар мен 
қауымдардың  қосындысы  болғанын  көрсетеді.  «Өкіреш»  атауы  жылқышылық 
өркениетке дейінгі дәуірді, біздің арғы замандағы ата-бабаларымыздың бұқаны 
жаңа  үйретіп,  оны  күш-көлік  ретінде  пайдаланып  және  қадірлі  көріп  жүрген 
заманына жетелейді. Бұқа -қара күштің, қайтпас қайсарлықтың, жауынгерліктің 
символы. Сонымен бірге сиыр малы біздің арғы замандағы ата-бабаларымызға 
молшылық пен тоқшылықты алып келді. Осы шаруашылық негізде Еуразиялық 
алғашқы  әлеуметтік-құрылымдар  мен  мемлекеттік  пайда  болды,  олар  әлемді 
бағындырмақ болып Еуразияның отырықшы өлкелеріне қарай аттанды. Атақты 
американ тарихшысы Самуил Крэмер «Тарих -шумерлерден басталады» дейтін 
шумерлері қазақ жерінен б.з.б. ІУ мыңжылдықта өгіз жегілген шабақсыз тұтас 

65 
жасалған  ауыр  доңғалақты    арбаларына  мініп    Евфрат  пен  Тигр  өзендері  
арасындағы  құнарлы  Месопотамия  жерін  басып  алды  да,  алғашқы  отырықшы 
өркениеттің негізін салды.    
  -Міне,  Өкіреш  атауы  бізге  ертегі  сияқты  болып  көрінетін  неолит,  яғни 
соңғы тас ғасырын еске түсіреді. 
  Найман  шежіресіндегі  Шұбартай  атауы  да  ерекше  назар  аударуды  қажет 
етеді.  Ең  қызығы  бұл  атаудың  найманның  өз  ішіндегі  шежірелерде  емес, 
көбінесе  арғын  арасынан  шыққан  шежіре  деректерде  сақталуы.  Аға  баласы 
шамасы  өзінің  ағалық  жолына  сәйкес  деректердің  көне  нұсқаларын  сақтап 
қалғанға  ұқсайды.  Шұбартай  бізге  бір  жағынан  сақтың  атасы  Тарғытай  атын 
еске түсірсе, екінші жағынан Алаша атауына да ұқсастығымен таң қалдырады. 
Қырғыз  елінде  «біздің  арғы  замандағы  ханымыз  Алатай»  деген  сөз  барын 
Ш.Уәлиханов жазады: «к этому периоду времени относится предание о первом 
и  последнем  хане  Дикокаменной  орды  Дучи  хана,  по  прозванию  Алатай, 
который  был  сыном  Джанибек  хана,  называемого  некоторыми  ханом 
ногайским,  другими  же-казачьим»  (23,  с.62).  Қырғыздың  Алатай  деп  тұрғаны 
біздің қазақ шежірешілері «жалпы хандардың бабасы, татар мен моңғолдың -
атасы»  дейтін  Алаша  ханның  өзі  емес  пе,  ендеше  Шұбартай  да  сол  заманға 
баратын болар деген пікірдеміз. 
  Найман  тарихы  мыңжылдықтардың  қойнауынан  басталады  деген  пікірді 
«найман»  сөзінің  мағынасы  да  дәлелдейді,  себебі  қытай  жазба  деректерінде 
VIII-ғасырдан  бастап  кездесетін  олар  қазіргі  Моңғолия  жеріндегі  Орхон  өзені 
мен  Алтай  тауларының  қойнауларын  мекендеген  сегіз-оғыз  тайпаларының 
тұқымы  делінеді.    «Найман»  атауы  моңғолша  «сегіз»  дегенді  білдіреді  деп 
көптеген  ғалымдар  дәлел  ретінде  қолданады.  Найманның  Оғыз  хан  дәуірінен 
тамыр алатынына біз шәк келтірмейміз.  
  Біздің жыл санаумыздың басында Ғұндардың ұлы қозғалыстарынан кейін 
Орталық  Азия  мамыражай  қалыпқа  бір  енді.  Орта  түркі  дәуірінде  осы  негізде 
толып жатқан түріктік мемлекеттік бірлестіктер өмірге келді.  Олардан кейін өз 
бетіне  жеке  отау  көтерген  Найман  мемлекетінің  күшейген  кезі  1160-1203 
жылдары,  әсіресе  Наркеш  Дайын  ханның  билігі  тұсында.  Оның  інісі  Инаншы 
Білге Бұқахан кезінде Найман хандығы гүлденіп, егін және мал шаруашылығы, 
сауда  қатынасы,  қолөнер,  әскери  өнер  сияқты  салаларды  табыстарға  жетті. 
Жазба  деректер  Найман  хандығы  өздерімен  көршілес  ұйғыр,  қырғыз,  қидан 
ұлыстарымен  соғысып  тұрды  дейді.  Хандықтың  орталығы  Орхон  өзенінің 
бойындағы Балықты қаласы болған.  
  Енді  негізгі  тақырыпқа  келсек.  Тарихи  мәліметтерге  қарағанда  Найман 
мемлекеті  ұзақ  жылдар  шығыс  көршілері  Ляо  атаған,  ал  шын  мәнінде  Қидан 
империясының ықпалында болып келді. Л.Н.Гумилев УІІ-ІХ ғасырларда тарих 
сахнасына  алғаш  шыққан  қидандар  туралы  «дербес  саясат  жүргізуге  күш-
қуаты  жетпегендіктен,  олар  бірде  түріктер  мен  ұйғырларға  бағынса,  енді 
бірде,  кейін  қайта  бөлініп  кету  үшін,  Тан  империясының  қол  астына  көше 
салатын  болған.  Бірақ  ІХ  ғасырдың  екінші  жартысында  далалық  Ұйғырстан 

66 
құлап,  оның  артынша  Хуан-Чаоның  көтерілісі  Тан  мемлекетін  әлсіретіп 
кеткен  кезде,  қидандар  Шығыс  Азияның  өзгелерден  қуатты  және  тығыз 
біріккен  халқына  айналды»  дейді  (29,  65  б.).  Қалай  болғанда  да  біз  Орталық 
Азиядағы  үлкен  қозғалыстардың  бастауын  Шығыс  Түркі  қағанатының  заңды 
жалғасы  болған  ұйғыр,  қарлық,  басмыл  қауымдарынан  іздеуіміз  керек. 
Қидандар осы үш тағандық жүйеде өмір сүрген және өркениеттік қозғалыстарға 
мұрындық  болған  Ұйғыр  қағанатының  қанатынан  шыққан  құбылыс  сияқты. 
Енисей  бойынан  келген  жабайы  қырғыз  тайпалары  ІХ  ғасырдың  ортасында 
ондаған  жылдар  бойы  орталығы  Орхон  өзені  бойындағы  Қарабалғасын 
(Ордубалық)  болған  өркениетті  аймақтың  тас-талқанын  шығарды.  Бұл 
қырғыннан  аман  қалған  Ұйғырлар  Шығыс  Түркістанға,  Басмылдар  Ұлы  Ертіс 
белдеуіне,  Қарлұқтар  Сарыарқа  даласына  қарай  қашып  жан-сақтады.  Өз 
орнында  қалған  тек  қидандар  еді.  Олар  Мәнжүр  ормандарына  барып,  күш 
жинап ІХ ғасырдың соңында тарих сахнасына шықты.  
  Тағы  бір  қызық  мәселе.  Ол  заманда  Қытайды  көршілері  Қытай  деп 
атамаушы  еді,  Тан  империясы  билеген  өлке  түркі-моңғол  халықтарының 
арасында  Шың-Машын  атанды.  Қытай  деп  қидандардың  басшы  тайпасын 
атайтын.  Осы  Қытайлар  бастап  907  жылы  қазіргі  Солтүстік  Қытай,  Уссурий 
өлкесі,  Моңғолия  жерін  қамтыған  Қидан  империясы  құрылды.  Империяның 
негізін  салушы  Қытай  тайпасының  өкілі  Елюи  Амбаған(қытайша  Абаоцзи) 
көрші  Мәнжүр  жеріндегі  шивэй  мен  чжурчжен  тайпаларын  бағындырудан 
бастады.  Одан  кейін  билікті  оның  ұлы  Дэгуен  жалғастырды.  Осылайша  947 
жылға  дейін  өрлеу  болды.  947  жылы  билікке  келген  Оюнь    Қидан  емес,  Ляо 
мемлекетінің императоры болып жарияланды. Тарихи деректер қидан аталатын 
тайпалардың  V-ғасырдан  бастап  Қытай  жылнамалары  мен  ежелгі  түркі 
жазбаларында  көшпелі  өмір  сүрген  жауынгер  адамдар  екені  көрсетіледі.  Х-ХІ 
ғасырлар  Ляо-Қидан  империясының  күшейген  кезі.  Үнемі  қытайлар  және 
шүршіттермен  (чжурчжен-мәнжүр)  кескілескен  соғыс  жүргізіп  отырған.  Бірақ 
мемлекет саясатына шығыстағы отырықшы көршілерінің  әсерін біз оның Ляо 
атауынан-ақ  көре  аламыз.  Ляо  қытай  тілінен  аударғанда  «темір»  деген 
мағынаны білдіреді.  
  Дэгуен  тұсында  қидан  билігі  Қытайдың  солтүстік-шығыс  бөлігін 
қамтыды.   Ши Цзинь -Тан қидан елінің басшысы Дэгуенге кіріптар болып, бас 
иді.  
  -Міне,  қидан империясын «Ляо» деп  атау осы кезде болған еді. Қидандар 
қытай  жерінде  темірдей  тәртіп  орнатты  және  ол  бірте-бірте  жергілікті  елдің 
наразылығын  тудырды.  Бірақ  Орталық  Азияның  бүкіл  потенциалын  қолына 
жинақтаған қидандар өте күшті еді. Шығыстағы Шың-Машын өлкесі болса өз 
ара  қырғын  соғыстарға  кірісті,  азаматтық  бас  көтерулер  патша  билігін 
әлсіріетті.    Қидандар  осы  наразылық  бас  көтерулерді    пайдаланып  946  жылы 
Қытай  астанасы  Кайфынды  басып  алды  да,  императорды  тұтқындап  Дэгуенді  
таққа отырғызды. Осылайша қиданның билеуші әулеті қытайлана бастады.  
  Қарапайым 
қидандар 
болса 
қытай 
өркениетінің 
материалдық 

67 
құндылықтарын  қабылдағанымен  оның  рухани  дүниесін  үзілді-кесілді  бас 
тартады.  Амал  жоқ  қытайлануға  қарсы  қозғалыс    сол  кезде  Орталық  Азия 
даласына  бойлап  ене  бастаған  несториандық  бағыттағы  христан  дінін 
қабылдауға алып келді.. Несториан көпестері бұл кезеңде Сирия мен Орта Азия 
арасындағы  сауданы  ғана  емес,  сонымен  бірге  Орта  Азия  мен  Қытай 
арасындағы сауда жолдарына да иелік етіп отырды. Бір ғажабы христиан дінін 
алдымен  Орталық  Азияның  көшпелі  тайпалары  көбірек  қабылдады  да  , 
отырықшылары  бұрыңғы  түсініктерімен  қалды.  Орталық  Азияда  қарама-
қайшылық күшейе берді.  
  Осы  себептен  сол  кезеңде  бүкіл  Орталық  Азиядағы  ең  күшті  мемлекет 
Ляо империясының ішінде азаматтық соғыстар жиі орын алды. Соның бірі 1069 
жылы бұрқ ете түскен «Ляо ши» көтерілісі. Белгілі дәрежеде қидан ханзадасы 
Елюй Алусаогу бастаған 1092 жылғы керейттерге қарсы соғыс та осы себептен 
түсіндіруге  болады.  Бұл  жолы  біз  Ляо  империясының  қарсы  соғыста  тек  қана 
керейттерді  ғана  емес,  сонымен бірге басмылдарды  да  көреміз.  Бұл  азаматтық 
қатығыстарға наймандардың да қатысқаны сөзсіз.  
  Қара  қытай  тарихында  Елюй  Дашидың  сіңірген  ерекше.  Ол  1087  жылы 
Ляо  имериясындағы  патша  әулетінде  туған  ханзада  еді.  Қара  қытай  елінде 
патшалықты  алғашқы  құрған  Елюй  Амбағанның  сегізінші  ұрпағы  болып 
саналатын  Елюй  Даши  алдымен  Дай,  Сячжоу  уәләйаттарында билеуші  болды. 
Оның жас  кезі  чжурчжендерге  (мәнжүр)  қарсы  соғыстардың  қызған  уақытына 
келді. Бұл тұста қазіргі Сун империясының батыс аймақтарын алып, сол жерге  
орныққан  Қидан  мемлекетінің  орталық  уәләйаттарының  жағдайы  мүшкіл 
болаты. Елюй Даши жоқтан бар жасап, мемлекетті қайта күшейтуді қолға алды. 
Бірақ шығыс көршілері де жәй қарап жатқан жоқ. 1122 жылы Сун елшілерінің 
ересен  мәмлегерлік  саясатының  арқасында  Шың-Машын  мен  Чжуржендер 
арасында одақ құрылып, енді Қара қытайлар (Қидандар)  екі жақты соққының 
астына  қалды.  Осы  жылы  Елюй  Даши  екі  мың  ғана  әскермен  өзінің  жаулары 
Шын-Машын  мен  Чжурчженнің  үлкен  армиясын  күйрете  жеңді.  Елюй  Дашы 
Шың-Машын Академиясының мемлекеттік басқару саласын үздік бітірген еді. 
Алайда,  жоғарғы  білім  оның  құралайды  көзге  атқан  мерген,  жауырыны  жерге 
тимеген  балуан,  атақты  шабандоз,  асқан  қолбасшы  болуына  кедергі  жасаған 
жоқ. Жас ханзаданың беделі ел арасында өсіп, оның қол астына 30  мың әскер 
жиналды.  Таңғұт елі осы кезде одақтастық шартқа енді. Енді екеулеп Сундар 
мен Чжурчжендерді соққының астына алды.  
  Бірақ  шығыс  көршілерінің  қарымы  қара  қытайлардан  аса  берді.  Ляо 
императоры  Янь-си    елді  дұрыс  басқара  алмады  және  Елюй  Даши  екеуінің 
арасында  ынтымақ  та  болған  жоқ.  Осы  кезеңде  қара  қытайдың  батыс  және 
оңтүстік  астаналары  жау  қолына  кетті.  Ақыры  1125  жылы  император 
шүршіттердің  қолына  тұтқынға  түсіп,  Ляо  империясы  соңғы  иеліктерінен 
айрылды,  қалалар  жау  қолында  қалды.  Елюй  Даши  қарсыласып  бақты,  ол 
қырғын  соғыстардан  аман  қалған  қара  қытайлардың  ендігі  жерде  сенетін 
жалғыз  ғана  басшысы  еді.  Бір рет  ұшып  кеткен  бақ  құсы қара  қытай  төбесіне 

68 
келіп  қонатын  бұл  жерде  сәт  болмады,  шығыс  өлке  моңғол-түркінің  қолынан 
кете бастады. Амал жоқ Елюй Даши батысқа шегініп соғысты кең далаға қарай 
көшірді.  Енді  ол  «гурхан»  атағымен  танылды.  Қытайшыл  өмірімен  қош 
айтысты.  Ұлы  империя  орнында  тез  арада  көшпелілердің  тайпалық  бірлестігі 
құрылды. Сун империясы мен Шүршіттерден ойсырай жеңілген қара қытай елін 
бастап Елюй Дашы Моңғолия даласына суыт жетіп оңғұттардан  400 ат, 20 түйе, 
мың қой тарту-таралғы көмек алып зорға есін жинады.  
   Оның  бағына  осы  кезеңде  өзімен  соғысып  жүрген  Шүршіттер 
(чжурчжен, мәнжүр) одақтасы Сун империясының өзіне бас салды. 1127 жылы 
олар  Кайфынды  алып,  императорды  тұтқындады.  Шың-Машында  қайтадан 
көшпелілер  билікке  келді,  бірақ  бұл  көшпелілер  Қара  қидандарға  жау  еді. 
Заманында  қидандардың  ықпалы  Орталық  Азия  далалық  қауымдары  -керей, 
найман,  оңғыт,  меркіт,  қоңырат,  моңғолдарға  да  жүрген,  енді  олардан  одақтас 
іздеу керек болды. Дәл қазіргі шақта Елюй Даши үшін бәрінен де маңыздысы 
Шығыс  Түркістан  мен  Жетіңсу  аймақтары  еді.  Қатынбалық  қаласында  ұйғыр, 
татар,  керейіт,  оңғыт,  меркіт,  найман,  қоңырат  ұлыстарының  басын  қосып, 
Құрылтай  өткізеді.  Ортақ  жауға  қарсы  күресу  үшін  көмек  сұрайды.  Құрылтай 
Елюй Дашыға 500 сәйгүлік ат, 100 түйе, 3000 қой жинап берді, бар болғаны осы 
көмекпен  саны  өзінен  он  есе  көп  Жиң  патшалығына  қарсы  тұру  мүмкін  емес 
еді.  Мәнжүр әскерінен шегінуге мәжбүр болған Елюи Дашы Еміл өзені бойына 
қала тұрғызып, жергілікті тайпаларға билігін жүргізумен шектелді.  
  Шығыстағы  алып  империямен  қарсыласуға  шыдамаған  қара  қытайлар 
ақыры  1125  жылы  Жетісу  жеріне  қоныс  аударды.  Қашқарияны  басып  алмақ 
болмақ соғыстары сәтсіз аяқталды, енді тек Еміл өзені мен Жетісу алқабы ғана 
қара  қытай  билігіне  қарады.  Тек  1129  жылы  ғана  Қарахан  билігі  әлсірей 
бастаған  Қашқар  мен  Хотан  қара  қытайларға  бағынды.    Шығыс  Түркістан 
өңірінің  Қара  қытайға  бағынуы  мемлекет  қазына  жақсы  экономикалық  негіз 
жасады.  Бұл  аймақтың  қалалық  өлкелері  өте  бай  еді.  Шығыс  Түркістанды 
жағалай  қонған  көшпелі  ұлыстар  да  өздерінің  саудасы  үшін  қалалы  өлкемен 
санасатын еді. Елюи Дашы қайта күшейді.  1141 жылы көшпелі қидан, қыпшақ, 
қарлұқтардан  құрылған  Елюи  Дашының  70  мың  әскері  Самарканд  түбіндегі 
Қатуан  шайқасында  Селжук  сұлтаны  Санжардың  қаңлы,  оғыз,  араб, 
ирандықтардан құралған әйгілі 100 мыңдық таңдамалы, тұрақты әскерінің тас-
талқанын  шығарып  жеңді.  Сұлтанның  өзі  тұтқынға  түседі.  Мұсылман  әлемі 
мұндай  әскерді  «Крест  жорығының»  рыцарьларына  да  қарсы  қойып  көрмеген 
еді.  Қара  қытай  (Қидан)  билігіне  бүкіл  Маураннахр  (Қазіргі  Өзбекстан, 
Түркменстан,  Тәжікстан,  Солтүстік  Иран)  және  Шығыс  Түркістан,  Батыс 
Моңғолия, Жетісу жерлері қарады. Қарақытайлардың астанасы Жетісудағы Құз 
Орда  қаласы  болған.  Бұл  кезең  Орта  Азия  аймағының  гүлденген  кезі  еді. 
Қалалық  аймақтар  аса  бай  болатын  және  руханият  жағынан  бұл  өңір  алға 
кеткен  еді.  Осылайша  Қара  қытай  билігі  бұрыңғы  Қарахан  империясы 
шекарасын толық алды. 1143 жылы Елюи Дашы қайтыс болады.  
  Ерте  замандардан  бері  Қара  қытай  билеушісі  «гурхан»  деп  аталатын. 

69 
«Гурхан»  қытай  тіліндегі  жазбаларда  пу  хуан-ди  титулымен  сабақтас,  яғни  
әлемнің  билеушісі  деген  мағынада.  1143-1153  жылдары  мемлекеті  Елюи 
Дашының  әйелі  Табұян,  1150-1164  жылдары  Елюи  Дашының  ұлы  Іле 
(христианша  аты-Илья),  1164-1177  жылдары  қарындасы  Бұсұған,  1177-1210 
жылдары  Іленің  ұлы  Чжулху  (Джурка,  не  Юрка)  басқарды.  Қара  қытай 
билеушілерінің әулеттік аттарынан-ақ біз осы ортада несториандық діннің етек 
алғанын  көрмеіз.  Әрине,  бұлардың  дені  Орталық  Азия  көшпелілері 
болғандықтан, олардың арасында тәңірілік дәстүрлер терең сақталды. Мысалы 
жорық кезінде Елюй Дашидың өзі бас болып Тәңіріге арнап құрбандыққа ақ боз 
ат  пен  мүйізі  шаңырақтай  сұр  өгізді  соятын.  Оның  терісінің  үстіне  отырып, 
бауыздау  қанына  қолдарын батырып  жаудан  қайтпасқа  серт  беретін.  Қидандар 
Будда  дінін  ұстағанымен  бағынышты  елге  дін  еркіндігін  берді  дейтін  түсінік 
бар, бірақ деректер бәрінің де керісінше болғанын айғақтайды.  
  Қидандар  1125-1130  жылдары  Жетісуға  қоныс  аудара  бастаған  кезде 
мұсылман  тарихшылары  олардың  қытай  тарапынан  яғни,  шығыстан  келгенін, 
будда  дінін  ұстанатынын,  тұлым  қою  рәсімін  негізге  алып,  «қарақытай»  деп 
атап,  дерек  көздеріне  осы  атаумен  енгізді.  Шығыс  тарихшыларының 
қидандарды «Шың-Машын түркілері», яғни қытай түркілері деп атаған тұстары 
да бар. Ислам тарихшылары оларды бірде моңғол тілдес десе, бірде түркі тілдес 
деп  көрсетеді.  Біздің  ойымызша  Қидан  (Қарақытай)  Батыс  Түркі  қағанаты, 
Шыңғысхан  империясы  сияқты  көшпелі  түркі-моңғолдардың  біріккен 
империясы  десе  де  болады.  Мұсылман  тарихшыларының  еңбектерінде  көп 
орын  алған  және  бүкіл  шығыс  әлемінің  белгісіндей  болған  Қидан 
империясының  Қата  қытай  аталуы  нағыз  Шың-Машынның  бітіспес  дұшпаны 
қидан  халқының  қарақытай  атауымен  тарихқа  енуіне  себеп  болды.  Әлі  де 
осылай  аталып  жүр.  Қидандардың  қазіргі  біз  «Қытай»  деп  атап  жүрген  Хань 
ұлтына ешқандай қатысы жоқ.  
  Шын  мәнінде  қара  қытайлардың  найманға  қатысы  өте  көп.  Біз  найман 
тарихын  ХІІ  ғасырдың  соңынан  ғана,  яғни  Шыңғыс  ханға  жете-қабыл  тұстан  
бастаймыз.  Бұл  тек  қана  Орталық  Азия  ғана  емес,  әлем  тарихына  деген 
көзқарастарда  үстем  болып  келген  тарихқа  «шыңғыстық»  идеология 
тұрғысынант  қараудың  әсері.  Шыңғыс  мемлекеті  өмірге  келерде  Найман 
мемлекеті  әйгілі  Инаншы  Білге  Бұқахан  өлген  соң,  екіге  бөлініп  кеткен  еді. 
Ханның екі ұлы Таян хан (Байбұқа) мен Бұйрық хан найман ұлысын екіге бөліп 
билік құрды және ынтымақтың жоқтығынан өзгеге жем болды. Тарихи аренаға 
жаңа  көтеріліп  келе  жатқан  моңғолдардың  наймандармен  күресуге  күші  жоқ 
еді,  сол  себепті  боржігін-қият  әулеті  бастаған  моңғолдар  көрші  керейіттерді 
пайдаланды.    1199  жылы  керейіттермен  біріккен  Шыңғыс  хан  наймандарға 
алғашқы  соққы  берді.  1202  жылы  Алтайдың  таулы  аймағына  билік  құрған 
Бұйрық хан жеңілді. 1204 жылы Таянхан жеңіліп, өзі ауыр жарақаттанып басы 
алынды.  1206  жылы  Бұйрық  хан  ұлысы  толық  талқандалып,  өзі  өлтірілді.  
Найман  мен  Моңғол  арасындағы    шешуші  соғыс  Найман  мемлекетінің 
орталығы  Хачир  узун  маңында  Хангайдың  солтүстік  жоталарының  бірінде 

70 
болса  керек  (50,  т.2.с.147).  Әлкей  Марғұлан  Хачир  узунды  Хожан  усун  деп 
атайды: «Наймандардың негізгі қыстаулары Ертістің бас жағында, Алтайда, 
Шыңғыстауда, Қарақорымда. Олардың негізгі ордасы Хожан Усун»(70, 108 б.).   
  1208 жылы Шыңғысхан Таянханның ұлы Күшілікті күйретті. «Бөлінгенді 
бөрі  жейді»  деген  мақал  осы  кезде  шықса  керек.  Іргелі  мемлекет  Найман 
хандығы Шыңғыс қаған тегеурініне шыдамай осылай тозды. 
  Алтай асып қашқан Күшілік хан Жетісуға келіп, қарақытай атала бастаған 
Қидан  билеушісі  Чжулхудың  Күңке  деген  қызына  қосылып  Гурханның  күйеу 
баласы атанды. Ата Мәлік Джувейни кітабында «Күңке» деген атау Қырақытай 
императрицасы» дегенге келеді дейді (с.552). Ең қызығы, осы Күңкенің үгітімен 
Күшілік  туған  өлкесін  ғана  ауыстырып  қоймай,  несториандық  -христиан  дінін 
будда  дініне  алмастырды.  Бұл  кезде  Хорезм  шахы  шабуылынан  көптеген 
иеліктерінен  айырылған  қарақытай  мемлекеті  әлсірей  бастаған  болатын. 
Күшілік  «Менің  әр  жерде  қорлық  көріп  жүрген,  сонау  Еміл  бойын  толық 
жайлаған,  Қаялық  пен  Бешбалықта  қыстаған  жалпақ  елім  бар.  Егер  маған 
рұқсат берілсе олардың бәрін бір жерге жинап, солардың көмегімен гурханды 
қолдар едім, шексіз адалдықпен қызмет етер едім»  деп елін жинап алады (31, 
ч.1,  с.41).  Алтай  аймағынан  және  Орхон  бойы  жерінен  Жетісуға  үздік-создық 
қоныс аударған наймандар қарақытайлардың билеуші әулетінен билікті тартып 
алып, өз биліктерін орнатты. Біз наймандардың алдыңғы топтары Жетісу жеріне 
Елюй Даши тұсында, соның сенімді серіктері ретінде  келді деп есептейміз. Бұл 
өлкеге  кейіннен  келген  Гильом  Рубрук  сияқты  саяхатшылар  найман    аталатын 
христиан-несториан  елінің  байырғы  шекарасы  деп  Елюй  дашының  иеліктерін 
көрсетеді. Бұл бізге  жазба деректерде қара қидан, ауызша әңгімеде қара қытай 
атанып  жеткен  елдің  түп-тегі  оғыз  екен  және  оның  тағдыры  наймандармен 
байланысты  деуге  мүмкіндік  береді.  Олай  болса    Ляо  империясының  тарихын 
да  біз  белгілі  дәрежеде  Найман    тарихының  ерте  белестерінің  бірі  деп  айта 
аламыз.  
  -Міне,  осы  тараудың  басында  баяндалған  Найман  ата  туралы  аңыз 
шынайы  тарихпен  жерде  түйіседі.  Аңыз  әрине,  әсіреленген,  өзгеріске 
ұшыраған. Бірақ, Шоқан жазып кетекендей қазақ аңыздарының  түбінде ақиқат 
шындық  бар.  Жоғарыда  айтылған  якут  (саха)  халқында  сақталған  Қаптағай 
батыр  туралы  әңгімелер      найман  мен  қидан  тайпаларының  іргесі    ашылмай 
отырған  заманға  бастайды.    Осы  екі  ортадағы  жақын  қарым-қатыакнстардың 
дәлелі Жетісу өлкесіне келген наймандардың қарақытай тарапынан қамқорлық 
көруі.  Ақыр  түбінде  қытайдың  көп  бөлігі  найманға  қосылып  қазақ  халқының 
құрамындағы тоғыз таңбалы найман тайпасын құрап отыр. 
  Күшілік  ханның  билігіндегі  найман-қарақытай  хандығы  шекаралас 
аймақтарға жорықтар жасап тұрды. Бұл әсіресе Шығыс Түркістанның қалалық 
аймақтарына  қатысты.  Қара  қытай  империясының  билігін  қолына  алған 
Күшіліктің  ең  үлкен  қателігі  өзге  діндегі  адамдарға  қысым  жасап,  қуғындауы 
еді. Мемлекеттің берекесін де кетірген осы дін үшін талас болды. Күшіліктің өзі 
белгілі  бір  дінді  ұстанбай  қайта-қайта  сенімін  өзгерте  бергені  де  өзінің 

71 
наймандары  тарапынан  да,  бағынышты  мұсылман  халықтары  арасынан  да 
қолдау  таппағаны  анық.  Ал  соңына  150  мың  сайыпқыран  аламан  ерткен 
Шыңғыс  қаған  1207-08  жылдары  Енисей  қырғыздары  мен  Сібір  халықтарын, 
1207-1209  жылдары  Таңғұт  мемлекеті  мен  ұйғырларды,  1211-1215  жылдары 
Солтүстік Қытайды табанына түсірген еді. 1217 жылы Шыңғысхан Күшіліктің 
көзін  жою  үшін,  Жебе  ноянды  Жетісуға  аттандырды.  Жебе  ноян  найман-
қарақытай  иелігіне  кірісімен  дін  бостандығын  жариялады.  Жалпы  Ата  Мәлік 
Джувейни жазатындай  Шыңғыс әулеті дінді басты орынға қоймаушы еді, олар 
үшін ең бастысы «Жасақ» заңы  еді. Ата Мәлік Джувейни Шыңғыс ұрпақтары 
жөнінде  былай  дейді  «Олар  әртүрлі  діндерді  қабылдағанымен  дүмшеліктен 
(фанатизмнен) аулақ еді және ең бастысы Шыңғыс ханның барлық дінді тең 
ұстау керек, олардың біреуіне басымдық беруге болмайды дейтін «Жасағынан» 
шықпайтын»  (31,  ч.1,  с.20).    Халық  бірден  Жебе  ноян  мен  Құбылай  бахадүр 
жағына  шықты.  Жеңіліп  қашқан  Күшілікті  өкшелей  қуалаған  моңғол  әскері 
1218  жылы  қазіргі  Ауғанстан  мен  Тәжікстан  шекарасындағы  Бадахшан 
тауларында  наймандарды  қуып  жетті.  Күшілікті  бүкіл  найман-қарақытай 
мемлекетінің  мол  қазынасымен  қолға  түсірді.  Күшіліктің  басы  кесіліп,  Қара 
Ертісте  отырған  Шыңғысханға  жіберілді.  1218  жыл  бірнеше  жүзжылдық 
тарихы  бар  Найман  хандығының  ақыры  болды.  Күшіліктің  соңынан  ерген  ел 
тау  ішінде  қалып  кейіннен  қырғыз  жұртының  құрамына  енді.  Осыдан  бастап 
қара  ормандай  қалың  найман  Шыңғысханға  әскери  және  әкімшілік 
жұмыстарына  қызмет  етті.  Жаңа  елдерді  жаулауға  аянбай  тер  мен  қан  төкті. 
Найман жұртының бір бөлігі моңғолдарға бағынышты болып, ата мекенінде қалып қойса 
(Ібір-Сібір,  Ертіс  бойы, 
Зайсан
  мен  Марқакөл),  қалғандары  оңтүстік  -батысқа  (Жетісу, 
Сарыарқа, Әму мен Сыр бойы) қарай ойысты. Үшінші бөлігі Шыңғыс ханның ұлдары мен 
немерелері басқарған моңғол армияларының құрамында Қытай, Кіші Азия мен Еуропа 
асып  кетті.  Кейін  бұл  қоныс  аударушылар    осы  аймақтағы  ұлыстар  мен  халықтардың 
құрамына  енді.  «Найман  ішінде  азшылық  болып  қалған  қидан  –  қарақытайлар 
наймандармен бірігіп, арласып кетті және ол ел аузындағы шежіре- аңыздарда 
ерлікке  толы  ескі  заманның  бейнесі  ретінде  әлі  де  көрініс  береді»  дейді  бұл 
тақырыпқа  қатысты  толыпты  еңбек  жазған  Е.Бекболатов  (16,-2  б.).  Найман 
шежіресінде қытай атауының жүруі бағзы заман тарихымен байланысып жатыр. 
Есте  жоқ  ерте  кезден  жеткен  шежіре  мен  аңыздың  ақыры  тарихи  ақиқатпен 
алмасты.  
   

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал