Жамбыл Омари



жүктеу 5.01 Kb.

бет11/23
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   23

 
13. Моңғол мен найманның соңғы соғысы 
   
  Тоғырыл  хан  өлді  деген  хабар  жеткенде  Найманның  билеуші  әулеті  өз 
ордасында  еді.  Алдымен  бұл  хабарды  естіген  Таян  ханның  шешесі  Гүрбесу 
ханым  болды.  Көп  жылдар  хан  ордасына  билігі  жүріп,  жұртқа  айтқанын  екі 
қылғызбайтын,  ызбарлы  және  адуын  әйел  Керейіт  басшысы  Тоғырыл  хан 
туралы  көп  білуші  еді.    Керейіт  деген  елмен  бірде  дос  болып  табысып,  бірде 
жау  болып  атысып  жүретін  найманның  билеуіші  әулеті  кәдімгідей  қайтыс 
болған  ханды  жоқтады.  Алдымен  Гүрбесу  ханым  қарауылда  тұрған  Хоричу 
бэчиге  адам  жіберіп    «Уаң  хан  ертеден  бері  үлкен  хан  еді.  Марқұмның  басын 
алып  келіңдер.  Егер  өлгені  шын  боса  құрметтейік»  деп  адам  жіберді.  Нөкер 
барып басты  алып келді, қараса Тоғырыл ханның өзінің басы, өлгені рас екен. 
Сондықтан  басты  ақ  кигізге  орап,  арнаулы  ырымын  істеп,  келіндеріне 
жоқтатып,  қобыз  тартқызып,  бастың  алдына  ас-су  құйып  аруаққа  істейтін 
құрметтің  бәрін атқарды.  
  Құданың  құдіреті,  найман  билеуші  әулеті  осылайша  әлгі  басты  құдірет 
санап,  сиынығандай  құрметтеп  жүрсе,  бір  күні  бас  тістерін  ырсыйтып  күлді-
мыс.  Тоғырылдың  басының  бұл  қылығы  Таян  ханның  жынын  келтірді, 
осыншама  құрметтеп,  сиынып  жүргенде  мұнысы  несі  ?  Таян  хан  ашу  үстінде 
басты  быт-шыт  қылып  сындырды.    Сонда  да  жаңағы  елес  кетпеді,  күл  парша 
қылып еді, бас сүйек сынықтары аяқ астына,  жерге түсті. Ызалы күлкі дауысы 
сонда естіліп тұрды. 
  Хан  сарайына  жақын  адамдардың  бірі  Көксау-  Сабрақ  еді.  Өзінің  азды-
көпті  өмірінде  талай  сұмдықты  көрген  кәнігі  жауынгер  шошиын  деді.  Құдай 
тағала бір  жамандыққа  бастап тұр ма,  қалай ? Көксау Сабрақ  өзінің жасының 
үлкендігін  пайдаланып,  хан  сарайындағы  беделіне,  жауынгер  батырлардың 
қолдауына сүйеніп Таян ханға ұрысты:  
  «-Өлген ханның басын кесіп әкеліп, быт-шып қылып тастауға болады ма ? 

116 
Біздің итіміз жаман ұлып, үретін болды. Ертеде Инаншы Білге хан атаңыз: 
Әйелім жас кезінде, 
Әбден кәрі шағымда, 
Таян туып ұл сүйдім. 
Тәңірдің берген бағында,  
Талшыбықтай денелі ол, 
Өңшең мына тобырға, 
Өткізер ме екен бұйрығын,- деп отырушы еді. Енді  міне: 
Қара ит арсылдап үретін болды, 
Қара кемпір Гүрбесу билейтін болды. 
Тақта отырған Таян -ау, 
Болмас ісің баян-ау...». 
  Заманында  Инаншы  Білге  ханға  нөкер  болған,  найманның  қадірлі 
ақсақалы  Көксау-  Сабрақ  Таянға  қалай  батырып  айтса  да  жарасымды  еді. 
Инаншы ханның өсиетін де айтты, хан билігіне тым араласып кеткен Гүрбесуге 
деген  ренішін  де    жасырмады.  Ең  соңында  Таянға:  «Еліңнің  басына  бұлт 
үйіріліп  тұрған,  жұртыңның  тынышы  кеткен  мына  заманда  аң  соңында 
жүргенің не қылығың, аң  аулаудан басқаны сүймейсің, ақыл-білім термейсің» 
деп ұрысты. 
  Ақасақал  батыр  Көксау  -Сабрақ  осының  бәрін  айтып  болып  үндемей 
отырды.  Найманның  хан  ордасында  бірталай  адам  жиналған  еді.  Таян  хан 
намыстанды,  тығырықтан  шығудың  жолы  деп  тапқан  амалы  моңғолды  шабу 
болды. 
  -Күншығыста  аз  моңғол  қыр  көрсететінді  шығарды.  Атасынан  асыл 
жаралған  Уаң  ханды  алуан  түрлі  амалмен  қорқытып,  елінен-жерінен  бездіріп, 
өлімге душар етті. Сөйтіп, олар бәрін иеленіп, қаған болмақшы ғой, тегі ?! Күн 
мен  ай  аспанды  үнемі  жарық  ету  үшін  жаралған  болар.  Ал  жерде  екі  қаған 
болуы мүмкін бе?  Енді сол аздаған моңғолды иеленіп алайық,-деді. 
  Көксау-  Сабрақ  батырдың  таусыла  сөйлеген  сөзінен  кейін  сәл  үндемей 
қалған  Гүрбесу  кемпір  осы  тұста  әңгімеге  қайта  кірісті.  Баласы  Таян  хан 
моңғолдарды  түгел  шауып-шаншып,  тірі  қалғанын    осы  жерге  жаяу  айдап 
әкелетініне  сенімді  адам  сияқты.  Моңғолдардың  да  ел  екені,  Шыңғыс  хан 
бастаған  моңғолдардың  соңғы  кезде  бірталай  елді  алдарына    тізесін  бүккізіп, 
басын игізгені Гүрбесу кемпірдің есебінде жоқ.  
  -Қайтесің  сол  моңғолдарды,  олар  қоңырсыған  иісті,  қомыт-қомыт  киімді 
емес  пе  ?  Оны  әкеліп  қайтесің.  Аулақ  жүргенің  жөн  ғой.  Тек  сұлу  қыз-
қатындарын  ат  сауырына  мінгізіп  әкеліп,  қол-аяғын  жуғызып,  қой  мен  сиыр 
сауғызса болар еді,-деді. 
  Таян хан шешесінің қолдағанына риза болғандай:  
-Олар  қандай  болса,  ондай  болсын,  біз  ол  моңғолдарға  барып, 
қорамсақтарын жинап әкелейік, - деп тағы да өз ойын қайталады. 
  Басынан талай жаугершілікті, талай жекпе-жекті өткерген Көксау -Сабрақ 
Таян  ханның  тайыздығына  пұшайман  болды.  Гүрбесу  кемпірге  не  жорық, 

117 
тыныш отыратын адам емес пе, әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа деп. Оған да 
ішіндегі қыжылы көбейді.  
  Тіпті болмаған соң Көксау-Сабрақ Таян ханға : 
  -Сіз  тым  астам  сөйлеп  тұрсыз.  Е-е,  Таян    хан,  бүйтуге  болады  ма  екен  ? 
Қойыңыз, -деді.  
  Қалай жалынса да, қыр көрсетіп қатаң сөйлесе де хан ордасында Көксау- 
Сабрақтың сөзін елеген адам болған жоқ.  
  Өзіне  одақтас  іздеген  Таян  хан    Торбидаш  деген  елшісін  Қытай  қамалы 
маңында  жайлайтын  Оңғұт  еліне  аттандырды.  Ойы  Оңғұттарды  өзіне  одақтас 
қылып  алу.  Оңғұттың  басшысы  Аланкушқа  Таян  ханның  айтқан  сәлемі: 
«Күншығыста  аздаған  моңғолдар  қыр  көрсетіп,  басынып  барады.  Сен  оң  қол 
болып  аттан.  Мен  бұл  жерден  селбесіп,  екеуіміз  қосылып  моңғолдарды  тас-
талқан қылайық». 
  Оңғұттардың  найман  елшісінің  келуіне  байланысты  жиналған  хан  кеңесі 
көп ойланған жоқ, моңғолдармен жауласып береке таппайтынын тәжірибелі ел 
басшылары бірден түсінді. Көп жылдар «Қытай қорғанына» иелік қылып келе 
жатқан оңғұттар  мәмлегерлікке келгенде тәжірибелі еді. Аланкуш «Мен сенің 
оң қолың бола алмаймын» деп бірден елшіні қайтарды.  
  Таянның Оңғұттардан көмек күтіп, елші жібергені қателік болды. Тонның 
ішкі  бауындай  тым  аралас,  одақтас  емес,  екі  туып  бір  қалғандай  тым  жақын 
туыс, ағайын  емес. Одан да көрі найманның өзі жеке барып, моңғолды отырған 
орнында шауып алса әлде қайтер еді ? Ойланбай, ақылдаспай істеген іс болды. 
Аланкуш  найман  елшісін  қайтарғаннан  кейін,  бірден  Темучинге    өзінің  Ю-
Хунан деген нөкерлерінің бірі аттандырды. Оның Темучинге жеткізген сәлемі: 
«Найманның Таян ханы сенің қорамсағыңды тартып алайық, маған оң қол бол 
деп  хабаршы  жіберген  екен.  Мен  оны  қолдауды  ұйғармадым.  Сондықтан  сақ 
болсын  деп  сізге  арнайы  кісі  жіберіп  отырмын.  Жауға  қорамсағыңды 
алғызбағайсың». 
  Ю-Хунан    Темучинге  аңшылық  жасап  жүрген  жерінде  жолықты. 
Найманның  жаулық  ниетін  естіген  соң    аңшылықты  тоқтатып  Темучин  кеңес 
құрды.  Нөкерлердің  көпшілігі  «Біздің  атымыз  арық.  Қазір  лаж  жоқ.  Күзде  ат 
семіргеннен соң соғысқа кірісейік»-деді. Тек қана Отчигин ноян ғана: 
-Ол не дегендерің ? Мұндай хабарды есітіп, қол қуысырып отыруға болады 
ма  ?  Дереу  соғысқа  аттанайық.  Осылай  жүре  берсек,  Таян  хан  елімізді  алады, 
пәлән жерде моңғолдарды Таян хан басып алыпты деген хабарды бірақ естиміз. 
Соғысқа кіріссек, олар жеңе ме, біз жеңеміз ба, оны Тәңірі білсін,- деді. 
Отчигиннің сөзін Белгутай ноян қолдап шықты: 
Тірлік бізге не керек
Тәуекелден айрылсақ ? 
Тіпі жүріп не керек, 
Туған жерден айрылсақ ? 
Қорамсақты жастанып, 
Қан ғып ұстап садақты, 

118 
Қу толағай бастанып, 
Құмға батсақ сол жақсы
Кешегі кекті наймандар, 
«Кең де байтақ жерім бар
Құмырсқадай халқым бар, 
Құжынаған жылқым бар, 
Барып ойран салам» деп, 
Батыл айтқан сөзі бар
Қапелімде қамдансақ, 
Қапыда басын телімдеу,- 
деп Темучинге ұнамды сөз айтты. Содан бастап Халха өзенінің Ор нудың 
қиясы  деген  жерде  моңғолдың  азаматтарын  жинап,  әскерлерін  реттейді.  Кейін 
әлемді бағындырған моңғол әскерінің тәртібінің негізі наймандарға қарсы осы 
соғыстың дайындығы кезінде жасалды. 
  Бұрын  әр  батырдың  соңында  жүрген  моңғол  жігіттерін  Темучин  ондық, 
жүздік,  мыңдық  қылып  бөлді.  Одан  кейін  сексен  адамнан  түңгі  қарауылшы, 
жетпіс садақшы мен сақтаушыдан қарауыл жасақ ұйымдастырды. Нөкерлерінің 
арасынан Архай Хасарды  еркеше жуық көріп «Ең мықты батырлардың мыңын 
таңдап  ал,  соғысар  жерде  алдымен  жүріп  шайқас  !  Басқа  күндерде  менің 
кезекші жасағым болып жүр» деп әмір етті. 
  Осылайша  әскери  тәртіпті  енгізгеннен  кейін  Ор  нудың  қия  тасы  деген 
жерден  Найман  елімен  соғысуға  аттанып  кетті.  Бұл  1204  жылдың  басқы 
айының  тамылжыған  жазды  күні  еді.  Шайқасқа  аттанар  алдында  түркілердің 
ежелгі  тәртібімен  нән  бұқа  сойып  туды  қандады,  Тәңірілеріне  сыйынып, 
осындай жағдайда қажетті ырымдарын жасады.  
  Негізгі әскердің алдында қарауылшы болып Жебе мен Құбылай батырлар 
жүрді. Керулен өзеніне жақындағанда  Хангай тауыннң Саар хээр деген жерінде 
екі  жақтың  қарауыл  әскерлері  кездесіп  қалып,  алғашқы  шайқастар  басталып 
кетті.  Алға  жылжыған  сайын  бірте  -бірте  жау  қарасы  да  көріне  бастады. 
Барлаушылар  тіл  әкеліп  найман  әскерінің  құрамына  меркіттің  Тоқта  бегі, 
керейіттің  Алан  тайшысы,  ойраттың  Құтықта  бегі,  жаджирайдың  Джамухасы 
барып  қосылғаны  анықталды.  Жалпы  Орталық  Азия  үстіртіндегі  Темучинге 
наразы топтардың бәрі осы жерде бас қосты.  
  Қара  құрым  қолды  көргенде  Темучиннің  жанындағы  батырлары  ойлана 
бастады.    Енді  қайтеміз  деген  уақытта  Додай  черби  «Біздің  әскеріміз  аз,  әрі 
жолда ат соғып шаршады. Сонлдықтан сәл аялдап, атты оттатып алайық. 
Саар  хээрді  жағалай  қонып,  тірі  жан  басы  түнде  бес  жерге  от  жағып, 
найманның үрейін ұшырайық. Олардың ханы үйден ұзап шығып көрмеген ерке 
жан деседі. Біз отпен үрейлендіріп, зәресін ұшырайық. Олар  әрі -сәрі жүрген 
уақытта біздің арық аттарымыз отығып, тынығып қалсын. Содан кейін сәті 
келгенде тап береміз» деді. 
  Бұл пікірді бәрі ұнатты. Темучин «Жарайды, отты жағыңдар» деді. Күн 
батып  қалған  мезгіл  еді.  Найманның  қарауылы  таудың  жотасына  шығып  жау 

119 
қарады. Саар қырынан жыпырлап жанған көп отты  көрді. «Моңғолды аз дегені 
қайда  ?  Жұлдыздай  көп    от  жанып  тұр»  деп  үрейленіп  Таян  ханға  келіп 
көргенін айтты. 
  Қарауылдың  бұл  хабарын  естігенде  Таян  хан  Хангайдың  Қашыр  суы 
деген  жерінде  еді.    Әскер  бастап  көрмеген,  соғыс  ісіне  шала  адам  еді, 
моңғолдардың  қосынында  от  жыпырлап  тұр  деген  соң  жалма-жан  Күшілік 
деген ұлына сәлем жолдады: 
-Моңғолдың аты арық, адамы аз деп еді. Қарауыл қарасақ саны жұлдыздан 
да көп. Енді біз: 
Сүмелек моңғолмен, 
Соғысты біз бірден  
Қиын ғой бастасақ. 
Қапысын таппасақ, 
Жүректен сұққанда, 
Жанарын  жұмбайтын,-  деп  елімізді  Алтайдан  Арай  асуын  асыра 
көшірейік,  әскерімізді  реттейік.  Моңғолдармен  қаша  соғысып,  оларды 
өршелендіріп,  Алтайдың  алқабына  дейін бұлталақтатып  апарсақ,  біздің қоңды 
аттарымыз сол қалпында болады. Моңғолдың арық аттары әбден қалжырайды. 
Сол кезде біз де қайта шабуылдаймыз, -деді. 
  Күшілік хан бұл сөзді естігенде әкесіне әбден ыза болып: 
-Жаман  қатындарша  соншама  неге  үрейі  ұшып,  қорқады.  Моңғолдар 
қашан,  қайтып  көбейе  қалды.  Моңғолдардың  Жамухаға  ерген  көпшілігі  осы 
жерде, бізбен бірге,-деді. 
  Таянның «қаша соғысайық» дегеніне үлкен нояндардың бірі Хорису бэчи  
да қарсы болды: 
  -Инанча  Білге,  хан  әкең,    күші  бірдей  жаудан  ешқашан  қашпаған  еді, 
күресерге  келгенде  белдесіп  көрмей  ығыспаған  еді.  Сенің  мұндай  жүрексіз 
екенінді  білгенде    осында  алып  келіп  әскердің  билігін  Гүрбесу  ханымға    беру 
керек еді -деп ренішін білдірді. 
  Таян  хан  бірдеме  деп  жауап  бергелі  жатыр  еді,  «Е,  жарықтық  Көксау- 
Сабрақ  батыр  дүние  салған  соң  әскердің  тәртібі  босады.  Енді  моңғолға  жем 
болармыз. Е-е,  тоқпақ Таян, сен солқылдақ жан екенсің ғой»,- деп қорамсағы 
делдеңдеп,  әрі  қарай  желе  шауып  жөнеле  берді.  Осыдан  кейін,  шегінейік 
дегенін қабылдамаған Күшілік пен  Хорису бэчиге ыза болып, амал жоқтықтан 
Таян  соғысқа  кірмек  болды.  Бірақ  жүрегін  үрей  жайлап  алған  найман  ханы 
моңғолдармен  алғашқы  шекісіп  қалған  сәттен  бастап  жан-жағына  жалтақтап 
шегінумен болды.  Моңғолдың жігіттері қойға тиген қасқырша алға ұмтылып, 
найман  әскерінің  соңында  қалғандарын  баудай  түсіріп  отырды.  Әскерлер  бір 
тоқайласып қалғанда Таян ханның өзі де өлімші болып жараланып, көп ұзамай 
көз жұмды. 
  Хангай 
тауларында  найман  жеңіліп  мемлекеттігінен  айрылды. 
«Моңғолдың құпия шежіресінде» Таян ханның кіші шешесі Гүрбесу ханымды 
Шыңғыс хан алдына әкелдіріп: «Сен моңғолды сасық депсің ғой. Қандай екен», 

120 
-деп өзіне тоқал етіп алғандығы жазылады. Кейін найманның қадірлі ханымын 
өзінің нөкерлерінің біріне сыйлап жіберді-мыс. 
  Хангай  тауындағы  жеңіс  Шыңғыс  ханға  жаңа  империя  құруға  мүмкіндік 
берді. Орталық Азиядағы де-факто жағдайды Найман мемлекетін жеңу де-юре 
бекітіп берді. Хангай соғысы Шыңғыс хан тарихында «ұлы соғыс»  атанатыны 
да  осы  себепті.  Осы  жеңістен  кейін  1206  жылы  киіз  туырлықты  көшпелілер 
Онон  жағасына  құрылтайға  жиналып,  «тоғыз  сирақты  ақ  ту  көтеріп», 
Темучинді  Моңғол  империясының  ұлы  ханы,  яғни  Шыңғыс  хан  атағымен 
билеуші  етіп  көтерді.  Осы  құрылтайдан  кейін  Шыңғыс  хан  Алтайдың 
күнгейінде әлі де найманның атамекенін қайтарып алуды ойлап жүрген Бұйрық 
ханға  жорыққа  аттанады.  Шын  мәнінде  мемлекеттік  билік  моңғолдарға 
наймандардан  көшті,  енді  соның  бұрыңғы  иелерін  түгел  құрту  керек  еді.  
Бұйрық  хан  бұл  кезде  ештеңеден  хабарсыз  Ұлық  тау  қойнауындағы  Сақсу 
өзенің  бойында  аз  адаммен  аң  аулап,  сейіл  құрып  жүрген  еді.  Қас  қылғандай 
нөпір әскер дәл оның үстінен түседі де, тұтқынға алынып, ата жауы сол жерде 
оның  басын  қағады.  Оған  паналап  жүрген  Күшілік  аман  қалған  елді  ертіп 
Ертіске  қарай  қашады.  Алайда  Шыңғыс  хан  наймандарға  бұл  жерде  де 
тыныштық бермейді. 1208 жылы Ертіс жағасында наймандар мен меркіттердің 
бірлескен  күшін  тас-талқан  қылады.  Жоғарғы  Ертіс  бойындағы  шайқастан  
кейін найман тайпаларының қалдығы Жетісуға қарай босты. 
  Күшілік  хан  Бесбалық,  Тұрфан  аймағы  арқылы  айналып,  бір  кезде 
наймандар  құрамында  болған  Қарақытай  (Қидан)  мемлекетінің  Орта  Азияға 
келіп иеленген жаңа астанасы Баласағұнға жетеді. Бұл дәуірде Жоңғар тауынан 
Иранға  дейінгі  аймақ  осы  Қарақытай  гурханына  бағынатын.  Наймандардың 
Таян  сынды  ханының  баласы  Күшілікті  Қара  қытай  сарайында  ілтипатпен 
қарсы алады. Жилугу гурхан оған қызын беріп, жақын адамдарының бірі етеді. 
Бұл шамада Қарақытай мемлекетінің әлсіреп, бұған дейін оған бағынышты боп 
келген  Хорезм  елінің  дәуірлей  бастаған  да  кезі  еді.  Шамасы  Жилугу  гурхан 
Күшілік  төңірегіне  жиналуға  тиіс  наймандарды  өз  мүддесіне  пайдалануды 
көздеген де болуы  керек.  Әрі Күшіліктің де оған  осы  тектес  уәде  бергенін біз 
Рашид-ад-диннің  «Жылнамалар  жинағынан»,  Қытайдың  «Жол  қатынас 
тарихының материалдары» атты еңбегінен ұшырастырамыз.  
  Күшілік  хан  Жилугуге:  «Менің  қарамағымдағы  елім  көп,  ол  бақытсыз 
жандар  қазір  Еміл  өзенін  бойлап,  Қойлық,  Бесбалық  жерлеріне  келіп  қыстап 
отыр.  Маған  рұқсат  берсеңіз,  оларды  жинап,  олардың  күшін  пайдаланып 
сіздерге  көмек  беремін»,  -  дейді.  Гурхан  мұны  мақұл  көріп,  оған  қару-жарақ, 
қаражат  береді.  Әрине  Таян  ханның  ұлы  Күшілік  хан  Түркістан  аймағына 
келіпті  деген  хабар  осы  маңға  Шыңғыс  ханның  қаһарынан  ығысып  келген 
наймандарға  қатты  әсер  етті.  Олар  тез  арада  Күшілік  ханның  қоластына 
жиналып,  жойқын  күшке  айналды.  Бұл  жағдай  енді  Күшілікті  Жилугу  билігін 
тартып  алу  ниетіне  итермеледі.  Осылайша  аңдысып  жүргенде  Мұхаммед 
Хорезм шах Күшілікке адам салды, Қарақытайдан билікті тартып алуға үгіттеді.  
Екеулеп  қарақытай  илеіктерін  бөліп  алмақ  болды.  Хорезм  шахтың  Гурханға 

121 
қарсы шыққанын естіген соң, Күшілік те ойын жүзеге асырмақ боп Қарақытай 
әміршісіне,  өзінің  қайын  атасына  қарсы  күресті  бастады.    Осылайша  Күшілік 
көп ұзамай-ақ өз қайын атасының тағына отырды.  
  Шыңғыс  хан  әскерінен  1204  жылы    күйреген  Найман  мемлекеті  қайта 
жаңғырғандай  еді,  арада  сегіз  жыл  өтпей  жатып,  Қарақытай  империясының 
билігін найманның билеуші әулеті өз қолына алды.  
  Атамекен  Алтайды  жауға  беріп  Жетісу  жеріне  қашқан  найманның  қайта 
мемлекет құрып жатқаны көп ұзамай Шыңғыс ханға да жетті.   Күшіліктің кең 
байтақ  Жетісуды  місе  тұтпай,  бір  жағы  Шығыс  Түркістан,  екінші  жағы 
Мәуреннахр  аймағында  бұлайша  дәуірлеп  отырғанынан  Шыңғыс  хан  сірә  де 
жібермес  еді.  Қаған    бұл  кезеңде  Солтүстік  Қытайды  жаулап  алу 
жорықтарының басы-қасында жүрді. Сол жорықтан қайтысымен, Шыңғыс хан 
1218  жылы  Күшлікке  қарсы  әйгілі  қолбасшысы  Жебе  ноян  басқарған  күшті 
әскерін  жіберді.  Жебе  ноян  Қарақытай  еліне  жетісімен,  баршаға  дін 
бостандығын  жариялады.  Қарақытай  мемлекетіндегі  жұрттың  дені  мұсылман 
дінін  ұстанатын  болғандықтан,  Күшлік  хан  тарапынан  олар  «не  несториан,  не 
будда дініне кірсін» деген зомбылық талаптар да қойылып  халық наразы болып 
тұрған еді. Шыңғыс хан Күшіліктің осал жерін осылай тапты.  
  Өзіне  өз  қарамағындағы  мұсылмандарды  қарсы  қойып  алған  Күшілік 
шайқастарда  шыңдалып  келген  моңғол  әскерлерінің  екпініне  төтеп  бере 
алмады.  Тас-талқан  болып  жеңіліп,  Памир-Бадахшан  тауларына  қарай  қашты. 
Бірақ Жебе ноян ол жерде де Күшілікті  қоймай қуалап жүріп, ақыры Сарыкөл 
маңында  жергілікті  аңшылардың  көмегімен  қолға  түсіріп,  өлтіріп  тынады. 
Найман  елінің  Шыңғыс  ханға  қарсы  жиырма  жылдай  уақытқа  созылған  қан 
кешті  күресі  осылайша  аяқталды.  Алтай  тауларын  жағалай  жайлап  отырған 
қалың  найман  елі  осы  жаугершіліктердің  кезінде  Орталық  Азияны  айнала 
тарыдай шашырап кетті. 
 
           
14. Кетбұқа және Найман көші 
 
  Алтайдың 
қойнау-қойнауын,  Қара  Ертістің  бойын,  Орхон  мен 
Қарақорымды   жайлаған  қалың  найман  жылы орнын  суытып қопарыла көшті. 
Көше  алмағаны  ата  мекенде  ақалды  да  моңғолдың  билігін  мойындады. 
Найманның  көпшілігі  Күшілік  ханның  соңынан  еріп  Жетісу  өлкесіне  ертеден 
аралас-қоралас, түбі бір  қалың ел қара қытаймен араласып еді, ол шаруалары 
да  оңтайлы  болған  жоқ.  Ә.Марғұлан  Шығыс  тарихшыларының  еңбектеріне 
сүйене  отырып  «Найманның  халық  аңыздары  бойынша  Инаныш  Білге  ханның 
немересі  Күшілік  жойқын  күшті,  ұлы  алып  ер  болған.  Өзінің  күштілігінен  ол 
шайтанның өзін ұстап алып, оның сүтінен қымыз ашытқан» дейді (70, 116 б.). 
Шайтанды    мүмкін  бағындырған  да  шығар,  ал  Шыңғыс  ханды  тоқтатуға 
Күшілік қарсылық көрсете алмады. Біртіндеп «көп қорқытады-терең батырады» 
деген қара қытай мен найман араласты, ақыры қара қытайдың көпшілігі найман 

122 
құрылымының  ішіне  кірді.  Біздің  кейіпкеріміз  Кетбұқа  ноян  жарық  өмірге 
Алтай  аймағында  дүниеге  келгенімен,    Жетісу  жерінде  ер  азамат  болып  елге 
таныла бастады.  
  «Есін  білгеннен  ел  ішінің  азалы  қазасын  көріп,  көкірегі  қасіреттен  қарс 
айырылып,  өксіп  жүріп  ер  жетті.  Жүрегі  жаралы  жан  дертінің  дауасын 
Қорқыттың қобызынан тапты» деп суреттейді Кетбұқаның  осынау аласапыран 
кезеңдегі  рухани  күйзелісін  «Кетбұқа»  атты  тарихи  әфсана  авторы  Тұрсын 
Жұртбай  (2,  23-24  бб).  Күні  кеше  ғана  толған  айдай  толықсып,  айдын  көлде 
жүзген  қаздай  мамырлап,  берекесі  тасып,  алтын  Алтайдың  қос  қапталына 
аударылып-төңкеріле  төгілген  Иналшы-Білге  ханның  тұсындағы  қаһарлы 
Найман  мемлекеті  еді.  Бүгінде    өзара  қырқыстан  мемлекеттілігін  жоғалтып, 
қасірет  теңізін  кешіп,  қайғыға  қамалған  қам  көңілін  қобыздың  төбе  құйқаңды 
шымырлатар  зарлы  үніне  қосылып  зар  еңіреген    ел  қалды.      Таян  хан  да,  
Бұйрық  хан  да  Шыңғыстан  қансырай  жеңілген  соң,  азып-тозған  қарттарды, 
жесір  қалған  әйелдерді,  жетім    қалған  балаларды,  жаралы  жауынгерлерді 
бастап,  Күшлік  хан  Алтайдың  Арай  асуын,  Тарбағатайдың  Етікші  биігін  асып 
Жетісу  жеріне  қарай  шұбады.    Жерге  ие  болып  отырған  өздерімен  ертеден 
аралас  қара  қытай  да,  көрші  қаңлы  мен  қарлықтар  да,  осыдан  батысқа  қарай 
алқапты  иеленіп  отырған  қыпшақ  та  етегін  жиып,  орталарынан  орын  берді. 
Кетбұқа жаралы жұртының жабыққан жанын жұбатып, тозған елінің жыртығын 
бүтіндеуге кірісті. 
   Шыңғыстың  шеңгелінен  құтылған  Күшлік  хан  ерте  замандарда  Қарахан 
дәулетінің орталығы болған  Баласағұнды  билеп,   Қашқар мен  Бұхар  арасында 
мемлекет  құрып  отрыған  қарақытай  гурханы  Жилигумен  тіл  табысты.  1204 
жылы  Темучин  әскерінен  күйреген    Найман  мемлекетінің  соңғы  ханы  арада 
сегіз жыл өтпей жатып, Қарақытай империясының билігін өз қолына алған. Іле 
өзі  таққа  отырды.  Жетім  ұл  -  жетім,  жетім    –    қыз  бойжеткен  атанды.  Ұрпақ 
жаңарып,  үйлі  жан    –    руға,  рулы  ел-  ұлысқа  айналып,  Жетісуды  еңсере, 
Сарыарқаны  кеулей  жайлады.    «Жерінен  босқан  елдің  ата-мекенінен  артық 
сағынышы бола ма? Кетбұқа да қобызын күңірентіп, Алтай мен Тарбағатайдың 
салқын төсін зар күйіне қосты» дейді Тұрсекең (2 , 24 б.).  
  Күшілік  моңғолдармен  шайқастарда  тұқымы  құруға  айналған  найман 
ұрпағын ұлыс  дәрежесіне  жеткізді.  Шежіреге  сүйенсек,  қалай  да  халық  санын 
қалпына келтіру үшін найман елінің билері  жетпістегі шалды да, он үш жасар 
ұлды  да  жесірлерге  үйлендірген.  Шежіреші  қарт  Әз  Мұхаммед  Набиев:    «Дәл 
осы  кезде  Елатаның  ұлы    Серікбайдың  балалары  Кетбұқа  мен  Келбұқа  ел 
билеген.  Тозған  елді  тірілтіп,    «Тоғыз  таңбалы  найман»  дәрежесіне  жеткізген. 
Жиырма  ауылдан  соң  Ақсұлу  келін  Кетбұқаға  кісі  салып,  енді  әрқайсысына 
енші үлестірсін деген:  
  Төлегетайдың  төрт  ұлы,  Саржомартпен    –    бес,  Балталымен    –    алты, 
Көкжарлымен  –  жеті,  Бурамен  –  сегіз,  Бағаналымен  –    тоғыз.  Кетбұқа  –  осы 
Бағаналыдан.  Тоғызыншы,  белгі  жетпей  қалғандықтан,  таңбаны  теріс  салып, 
содан  бағаналы  «терістаңбалы»  атанып  кетті.  Кетбұқа    –терістаңбалы 

123 
найманның ноқта ағасы. Оның еншісі тоғыз ұлға ортақ. Өзіміз осы күнге дейін 
олардың шаңырағына сәлем бермей өтпейміз», - дейді. Қарияның  бұл таратуы 
Мұхамеджан  Тынышбаевтың  Н.  Мыңжанұлының  шежіресімен  дәлме    –дәл 
келеді.  Ол  да  Кетбұқадан    –    теріс  таңбалы  бағаналы,  одан  Мәмбет  пен 
Рысқұлды  кесте  арқылы  көрсеткен.  Мәселе  найманның  шежіресінде  емес, 
Кетбұқаның  өмір  сүрген  тұсын  және  оның  көшкен  қонысын  анықтауда.  Анық 
дәлелденген  шындық:  Кетбұқа    –  найманның  ел  көсемі,  «ел  атасы»  және 
Байбұқа  мен  Бұйрық  хандардың  әкесі  Инаншы-Білге-Бұқа  қағанның  тұсында 
өмір сүрген «әйгілі Құба тегін жыраудың»  шәкірті  дейді Н.Мыңжанұлы ( ).  Ал 
Құба тегін Қорқыттың қобызын ұлы күйші Алтайда жүргенде мұра еткен адам 
деген  аңыз  бар.  Қазақи  шежіренің  барлығы  да  Кетбұқа  мен  Келбұқаны 
найманның  мәйегін  ұйытқан  «ел  аталары»  екенін  тегіс  мойындайды.  Жетісуға 
жиналған  найманның  біразы  Күшілік  ханның  әскерінің  құрамында  Памир 
тауында Жебе ноянмен соғысып, хан қаза тапқан соң Арай алқабына тұрақтап 
қалды. Қазір қырғыздың ішіндегі найман тобы солар және Кетбұқа туралы аңыз 
дастандар да осы «ішкілік» аталатын наймандар арасында сақталған.  Сонымен, 
осы  мағлұматтардың  барлығының  шындығы  ретінде:  «Кетбұқа  –  Орта  жүз 
Найман  тайпасының  руы.  Ол  көбінесе  «бағаналы»  деген  атпен  мәлім,  өйткені 
Кетбұқаның  рулық  таңбасы  бақан  болған.  Сондай-ақ,  қарақалпақтардың 
қоңырат  тайпасының  құрамында  Бақаңлы  деген  Кетбұқаға  жақын  ру  бар. 
Тарихи деректерге қарағанда Шыңғыс хан наймандарды талқандағаннан кейін, 
Кетбұқа  жоғарғы  Ертіс  пен  Алтайдағы  өз  қоныстарын  тастап,  батысқа  қарай 
жылжыған.  Кетбұқалар  қыста  Сарысу,  Шу  өзендерінің  төменгі  сағасын, 
Қаратаудың  батыс  бөктері  мен  Сырдария  жағасын  мекендеп,  жазда  Ұлытау, 
Арғанаты  таулары  мен  Қаракеңгір,  Сарыкеңгір,  Жезді  өзендерінің  алқаптарын 
жайлаған"    деген  сонау  1970  жылдары  ағалар  тарапынан  айтылған  дәйекті 
ғылыми пайымдауды мойындағанымыз дұрыс (46, 5-т., 406 б).  
  Кетбұқа  найман  елі  мемлекеттілігінен  айрылған,  азаматтары  қойдай 
қырылған,  бейбіт  ел  қоныс  аударып  жаңа  жұртты  іздеген  ауыр  заманда  атқа 
мінді. Сол себептен болар қазақ ауыз әдебиетң Кетбұқаны алдымен ұлық жырау 
деп  таниды.  Әрине,  біз  Кетбұқаның  бектік  қызметін  жоққа  шығармаймыз. 
Жаугершілік  заманда  жас  азаматтар  жылдам  есейеді,  бұғанасы  ерте  қатып,  ат 
жалын  тартып  мінеді.  Сонау  Хангай  тауларының  қойнауларында  басталған 
қырғындар Жетісу жерінде де жалғасты, талай елім деген ерлер қан құшты. Сол 
кезде  олардың  орнын  Кетбұқа  сияқты  жас  көсемдердің  басуы  заңды.  Шығыс 
Түркістан  мен  Жетісу  сияқты  өлкелерге  моңғолдың  қосындары  иелік  жасай 
бастаған  уақытта  найманның  соңына  ерген  елін  Кетбұқа  Сыр  бойына  қарай 
бастаса керек. Бір жағы Сырдың бойындағы қысқа жайлы, судасы өркендеген, 
қалалары  тізілген  өлке  болса,  екінші  жағы  Қаратау  ассаңыз  мал  баққан  елге 
жұмақтың төріндей Сарыарқаның жанға жайлы даласы бар. 

1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал