Жамбыл Омари



жүктеу 5.01 Kb.

бет1/23
Дата09.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


 
 
 
 
 
           
 
 


 
 
 
 
 
Жамбыл Омари 
   
 
 
 
 
 
 
 
 
 
   
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
   
 
 
 
Кетбұқа – жырау, аталық, қолбасшы   
 
   
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
   
 
 
 
Астана-2015 
 


 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Жамбыл Омари. Кетбұқа ноян. Тарихи-танымдық кітап 
 
  Бұл  кітап  ортағасырлық  Еуразия  көшпелілері  әлемінің  ұлы  тұлғасының  бірі  -
Кетбұқа ноянға арналады.   
  Кітап  мазмұнына  қым-қиғаш оқиғаларға  толы дәуірдің  ғажап оқиғалары,  адамзат 
көшін  бастаған  ұлы  тұлғалар  өмірбаяны  енді.  Автор  Ұлы  дала  тарихының  тым  көне 
замандардағы көмескі сүрлеулерінен бастап, жазба деректері мен тарихи аңыздары мол 
ортағасырларға  дейін  оқырманды  алға  жетелеп  отырады.    Кітап  ата-бабаларымыздың 
тарихының ғажап оқиғаларын көркем сипаттап, оқушысын қанаттандырып, жігеріне жігер 
қосады. 
  Бірнеше мың жылдар бойы ескі құрылықты билеген түркі-моңғол тайпаларының  
соңғы империялық кезеңінің алапат тұлғасы, аталық және қолбасшы Кетбұқа ноян туралы 
ғылыми-көпшілік еңбек дегдар және зейінді оқырманға арналады. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 


   
 
 
 
 
Кіріспе 
 
  Қазақ  халқының    ортағасырлық  тарихындағы  өмірбаяны  ертегі  -аңызбен  өрілген 
ғажайып  тұлғаның  бірі  Кетбұқа.  Бірде  дәулескер  күйші,  бірде  жас  ханзадалардың 
тәрбиешісі  және  қамқоры    болған    аталық,    бірде  жиһангер  қолбасшы  бейнелерімен 
Еуразия  тарихының  шешуші  сәттерінде  қылаң  беретін    даңқты    тұлға  жөнінде  кәсіби 
тарихшылар арнайы қалам тартқан жоқ. Дегенмен біздің алдымыздағы ұрпақтың ішінде 
Кетбұқаның атын жазба тарихи деректердің арасынан, қазақ руханиятының ұлы мұрасы -
ауыз әдебиетінен іздеп, осы Кетбұқа кім деп толғанған азаматтар болды.   
  Солардың бірі өз мамандығы инженер бола тұра туған халқының тарихына терең 
бойлаған,  ХХ  ғасыр  басындағы  Ресей  мен  Қазақстанның  тарихқа  қатысы  бар  зиялы 
қауымының  ортасында салмақты пікірлерімен беделді болған Мұхамеджан Тынышбаев. 
Ол  1925  жылы  Тәшкент  қаласында  жарық  көрген  «Материалы  к  истории 
киргиз-казакского  народа»    атты  кітабының  түсіндірмесінде:  «Кетбұқа    -  
аңыздарға қарағанда көне замандағы қазақтың ең ұлы  бақсысы және емшісі, 
бақсылар  осы  күнге  дейін    оның  атын  атап  сыйынады,  аруағын  көмекке 
шақырады», - деп баға береді  тарихи тұлғаға (120, -72 б.).  
  Міне,  Кетбұқа  тақырыбына  қазақ  зиялы  қауымының  бет  бұрысы  осы 
қысқаша  ғана  пікірден  басталатын  болса  керек.  Кейін  орыстың  тоталитарлық 
тәртібі  билеген  заман  келді,  халқымыздың  асыл  азаматтары  ұлтшыл  деген 
атақпен  қырылып-жойылды, Кетбұқа тақырыбын жалғастыру мүмкін болмады. 
Жалғастырмақ түгілі қазақ тарихы туралы пікір білдіру, қазақтың өз мемлекеті, 
ұлы тұлғалары болды деп айтудың өзі мүмкін емес еді. Сол бір қиын кезеңде, 
қазақтың  ертедегі  дегдар  ортасын  көрген,  шежіреші  қариялардан  тәлім  алған  
Әлкей  Марғұлан  ғана  анда-санда  фольклор  зерттеу  тұрғысынан  елдің  есінде 
ұмытылмай қалсыншы дегендей Кетбұқа атын атап отырды. Әлекеңнің  қазақтың 
ежелгі жыр-аңыздарына қатысты  түйінді өрнектерінде  Кетбұқа аты  бірнеше рет аталады. 
Бірде «...ХІІІ ғасырда жасаған атақты жырау  –  «Ақсақ құлан», «Жошы хан» 
күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін 
танытқан Аталық жырау (шын аты  –  Кетбұқа, кейбір жерде Кербұқа)» деп 
тамсана  сипаттайтын    қазақтың  ғұлама  тарихшысы,  кітабының  келесі  бір  тарауында 
«Кетбұқа -қобызбен  күй шерткен атақты күйші» дейді (69, -144 б.). 
  Әлекеңнің ізін ала ғылымға және әдебиетке келген қазақ зиялыларының арасында 
Кетбұқа  туралы  және  оның  күйлерінің  шығу  тарихы  жөніндегі  ел  аузында 
жүрген аңыздарды  баяндап, қағазға түсіріп, пікір білдіргендер арасынан Ахмет 
Жұбанов,  Мұхтар  Мағауин,  Ақселеу  Сейдімбеков  аттарын  ерекше  атау  керек. 
Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесінде» «Нарату» күйі туралы: «Нарату» күйі туралы 
тағы  мыналдай  аңыз  бар.  Онда  бұл  күйді  шығарған  Абыл  емес,  Кербұқа  деген  күйші 
дейді. Нарату жаудың қолының көптігінен көріп, сескенейін дегенде Кербұқа «Нарату» 
күйін тартып, оның рухын көтерсе керек. Айта кетуіміз керек, Кербұқаның «Наратуы» - 
Абылдың «Наратуынан» тіпті өзге күй»  дейді (38, -45 б. ). Бұл жерде халықтың аузында 
Кетбұқа  аты  Кербұқа  болып  та  айтыла  беретінін  ескерген  жөн,  ал  аңыздың  мазмұны  
Кетбұқаның Айн-Джалут өзенінің жағасында өзінің жанындағы жасақтан бірнеше есе көп 


мәмлүк әскерімен соғысар алдындағы көңіл күйіне келеді.  
  Кетбұқа жөніндегі  аңыз-жыр  түріндегі деректерді  талдай келіп  Мұхтар  Мағауин 
“Қобыз сарыны” атты еңбегінде:  «Әрине,  осы мәліметтердің бәрін кездейсоқ 
деп  қарауға  болмайды.  Шыңғыс  заманында,  XIIІ  ғасырда  найманда  Кетбұға 
атты  ұлы  жыраудың  жасауы  анық.  Өз  кезінде  Кетбұға  жырлары  халық 
арасына кең тараған болуға тиіс. XV ғасырдың аяғы, XVI ғасырдың бас кезінде 
жасаған Доспанбет жырау Кетбұға биді аузына алады, оның сөздерімен өзінің 
таныстығын білдіреді. Бірақ біздің заманымызға Кетбұғаның аңызға айналған 
есімі ғана жетіп отыр» деген пікір білдіреді ( 64, -95 б.).  
 
  Ноғайлы  заманының  атақты  жырауларының  толғауларында  да  Кетбұқа  аты 
кездесетіні керемет емес пе ?  Кетбұқадан бірнеше жүз кейін өмір сүрген Азаулы елінің 
ағасы Доспамбет жырау  «Кетбұғадай билерден, Кеңес сұрар күн қайда ?» деп Шыңғыс 
хан заманында билік айтқан, Жошыға жанашырлық танытқан, Хулагу ханды Кіші Азияға 
бастаған  Кетбұқа  атын  сағынышпен  еске  алады.  Кетбұқа  атының  ел  жадына  алтын 
әріптермен жазылғанына осы мысал жеткілікті емес пе ?! 
  Ақселеу  ағамыз    «Қазақтың  күй  өнері»  атты  іргелі  еңбегінде  Кетбұқаға  қатысты 
көптеген  деректерді  қорыта  отырып,  оның    күйшілік-жыршылық    өнеріне  тамаша 
сипаттама  береді.  «Шежіре  сөздің  қай-қайсы  да  Кетбұға  есімін  әйгілі  «Ақсақ  құлан», 
«Нарату»  күйлерімен  байланыстырады.  Шығыс  Түркістаннан  бастап  Еділге  дейінгі 
байтақ  алапта  әр  кезде  хатқа  түскен,  күні  бүгінге  дейін  айтылатын  шежіре  сөз 
бойынша,  бүкіл  Дешті  Қыпшақты  аузына  қаратқан  Жошы  хан  аңда  жүріп  мерт 
болғанда, осынау қаралы хабарды Шыңғыс ханға естірту үшін ешкімнің батылы бармаса 
керек. Сонда  Найманнан  шыққан ұлы  жыршы,  дәулескер күйші  Кетбұға ақыл  тауып, 
қаралы хабарды күймен естіртіп еді» дейді»  Ақаң (108, -268 б.).  
  Қазақтың ауыз әдебиетінде, күй өнерінде аты қалған ұлы тұлғаның  есімі Кетбұқа 
емес  Кетбұға  болар  дейді  Ақаң:  «Осылардың  ішінде  «Кетбұға  атауына  тоқтаған  дұрыс 
сияқты». Біз Кетбұқа ма, жоқ әлде Кербұқа ма, жоқ әлде Кетбұға ма деген бұл әңгімеге 
төменде  бір  айналып  соғамыз.  Шыңғысханға  дейін  және  одан  кейін  түркі  ортасынан 
шыққан ел билеген азаматтардың аттарына бұқа атауының телінбегені кем де кем. Бұқа 
күштіліктің,  беті  қайтпайтын  жігерліліктің  символы.  Қазақтың  өз  ішіндегі  әңгімені 
айтпағанда,  сонау  Испанияның  Арагон  өлкесінен  шыққан  атақты  Борші  (Борджиа) 
әулетінің  таңбасы Қызыл  бұқа және ол таңбаның мағынасы «көшпелі  елге тән ерлік, 
қажырлылық, күштілік белгісі» делінеді. 
  Жоғарыда  аттары  аталған  азаматтардың  арқасында  ортағасырлардың 
шешуші тұлғаларының бірі - Кетбұқа ноян аты ұмытылып қалмай біздің бүгінгі 
күнге,  қазақтың  тәуелсіздік  алған  заманына  жетті.  Осы  күнге  бізді  жеткізген 
Құдайға шүкіршілік айту керек. 
  Шығыс  шежірелерінде  Кетбұқаның  аты  аталмағанымен  Жошы  ханның 
өліміне қатысты әңгімені баяндай келе Ұлығ жыршы аты аталады.  Соның бірі 
В.Г.Тизенгаузеннің    құрастырған  екі  томдық  «Сборник  материалов, 
относящихся  к  истории  Золотой  Орды».  Осы  жинақтың  «Извлечения  из 
персидских  сочинений»  (М-Л.,  1941)  аталатын  екінші  томында    Кетбұқаның 
Шыңғыс ханға Жошы өлімін жеткізген әңгімесі бар. Түпнұсқада бұл оқиға «В 


то время когда известие о  смерти Джучи-хана пришло в орду, никто не мог 
сообщить  это  Чингиз-хану.  В  конце  концов  все  эмиры  решили,  что  Улуг 
Джирчи, который был приближенным и одним из великих эмиров, сообщит об 
этом...»  деп  басталады  (111,  т.2.  с.203).  Бұдан  әрі  әңгіме  «Теңіз  бастан 
бұлғанды, кім тұндырар, а ханым ? ...»  деп түркі жырымен өрілген.  
  Кетбұқа ноян туралы деректердің екінші қайнар көзі сан ғасырдың сәулелі 
тұлғалары  мен  салмақты  оқиғаларын  аңыз  түрінде  жинақтаған  қазақ 
шежіресінде.  Қазақ  өзінің  ұлы  тұлғаларын  шежіреде  сақтайды.  Халқымыздың  ұзын-
сонар жолында  әр рудың-тайпаның насаб-намасында жүздеген аталардың тізбегі болған, 
бірақ тарихи жад солардың ішіндегі ең мықтыларын сақтайды. Себебі шежіре мемлекеттің 
идеологиясы, ал ол халықты алға бастайтын, қателіктерден сақтандыратын кодексте тек  
халыққа еңбегі сіңген, тарихта аты қалған  ірі тұлғалар болуы керек Қазақ шежіресіне 
назар аударсақ біздің қарияларымыз Жошы ханды Шыңғыс ханмен емес, аңыз қаһарманы 
Алаша  ханмен  байланыстырады.  М.-Ж.Көпейұлы  жазбаларындағы  «Алаша  хан  ұлы 
Жошы хан әңгімесі» «...Алаша ханның тамы Қаракеңгірде, өзеннің күнбатысында 
бір  мұралтайдың  үстінде.  Өзінен  қаған  нәсіл-жұрағат  жоқ,-  деп  бастайды  да 
Жошы ханның өлімі және оны Кетбұқаның Шыңғыс ханға жеткізген әңгімесімен 
жалғасады:  
  -Жалғыз  баласы  Жошы  бала  күнінде  аңға  шығып,  аты  кұланмен  елігіп-
желігіп,  бала  атына  ие  болып  тоқтата  алмай,  жығылып,  аты  сүйретіп 
өлтірген. Сонда қасында бірге шыққан жігіт-желеңі ел бетін көре алмай қашып, 
зым-зия  жоғалып  кеткен.  Аңға  кеткен  бала  келмеген  соң,  хан  да,  жұрт  та 
түсінген: 
- Бұ  бала  енді  жоқ  болды.  Кімде-кім  баламның  өлімін  есіт- 
тірсе, басын аламын!- деген. 
Сонда бір Кетбұға деген домбырашысы бар екен, күй тартады екен. Бір 
күн домбыра тартқанда, домбыраның күйімен баланың өлгендігін сездіріпті: 
Алаша хан, Жошы хан, 
Ақсақ құлан жосыған. 
Қүлан теуіп өлтірді-ау, 
Бұйрығын ақтан келтірді-ау!- деп, тартады дейді күйді....» (50, 8 т,-118 
б.). 
 
Бұл аңыздың қазақ арасында бірнеше нұсқасы бар. Олардан Алаша хан, Жошы хан, 
Кетбұқа аттарына қоса біз Домбауыл батыр туралы да мәлімет кездестіреміз. Түрік-моңғол 
халықтарының  көне  аңыздарының    кейіпкері  қазақ  шежіресінде  біресе  қыпшақ,  біресе 
торғауыт  т.б.    елдің  өкілі  ретінде  аты    аталады,  яғни  оның  шығу  тегі  тым  әріде 
болғандықтан нақтыланбаған. Қалай болғанда да Домбауыл батыр (Домдағұл, Тоқтағұл, 
Домрул)  және  Дабу  соқыр  (циклоп)  түркі-моңғолдың  түпкі  қайнар    бастауынан.  Біздің 
ойымызша «Домбауыл қият еді»  деген қазақтың қария сөзінің де қисыны бар сияқты, 
олай  болған  жағдайда  біздің  заманымыздан  бір-екі  мың  жыл  бұрынғы  оқиғаларды 
жырлайтын  «Авестадағы»    қиян  (хион,  хон)  елі  де  бізге  бөтен  болмағаны.  Осыған 
қарағанда    Жошы  хан  туралы  аңыздарда  бірнеше  тарихи  замандардың  әңгімелері 
қабаттасып,  қатпарланып  кеткенге ұқсайды. Мысалы аңыздың екінші бір нұсқасында: 


«Алаша хан екі қатын алған кісі дейді. Үлкен қатыннан бала тумай, кіші қатыннан 70 
жасқа келгенде бір бала туып атын Жошы хан қойған. Шыңғыс ханның Жошы деген 
баласы болған екен. Сол Жошы хандай болар ма екен деп. Алаша ханның Домбауыл деген 
мергені  болған.  ..»  дейді.  Бұл  аңыздың  тым  көне  екендігін  біз  тек  Домбауыл  атының 
кірігуінен ғана емес, сонымен бірге Құлан өтпес, Бес құлан т.б. жер-су атауларының шығу 
тарихынан да анықтай аламыз. Аңыз нұсқаларында кездесетін жер атаулары  Сарыарқа 
және    Шу  бойында  белгілі,  көш  керуендер  мен  елшіліктер  меже  қылатын  атаулы 
топонимдер. Осыған байланысты топонимиялық материалдардың аңызға қосылуы оның 
шығу мөлшерін тереңдете түседі деген пікірдеміз.  
  Жошы ханды  Алаша ханның  ұлы  қылып  шежіреге  еңгізу  Ұлы  даланың орталық 
алқабын мекендеген  ұлыстар үшін өзінің билеуші әулетінің жалғастығын сақтау ниетінен 
туындады  деуге  келеді.  Кетбұқа  сияқты  кемеңгер  ел  басшыларына  Алаша  хан  жалпы 
хандардың бабасы, қазақтың үш жүзінің атасы болғандықтан, оған алып барып Жошыны 
жалғау    ұлы  даладағы  саяси  жүйенің  тұрақтылығы  үшін  керек  болды  деп  есептейміз. 
Қазақ  шежіресіндегі  Жошы  ханның  ата-тегі  туралы  мәліметтердің  моңғол 
деректеріне негізделген ресми тарихнамадан елеулі айырмашылығы бар. Біздің 
пікірімізше  қазақтың  шежіреші  қариялары  Жошы  ханның  шығу  тегін,  ата-
бабасын  нақты  біле  отыра,  қазақ  мемлекетінің  билеуші  әулетінің  құқықтық 
және  сакралді  маңызын  сақтап  қалу  үшін,  оның  генеалогиясына  түбегейлі 
өзгерістер  енгізген.  Осылайша  Жошы  хан,  атағы  жер-жаһанға  жайылған, 
Моңғол  империясының  негізін  салушы  Шыңғыс  ханның  үлкен  ұлы  емес, 
қазақтың  бірінші  ханы,  әфсаналық    қаһарман  Алаша  ханның  баласы  болып 
саналады.  
  Кетбұқа  тұлғасы  біздің  ұлттық  тарихымызда  өзінің  орынын  тапты  ма,  тек  тарих 
ғылымы ғана емес, қоғамдық дамуда Кетбұқа сияқты  жаһандық тұлғалар керек болып 
тұрған осынау  уақытта біз осы тақырыпты неге қаузауламаймыз ? Бірақ орта ғасырлар 
тарихына қатысты  толып жатқан ұсақ мәселелерді, тарихи тұлғаның туған және өлген 
уақытын  шамалап  болса  да  анықтай  алмай  жүргенімізде  Кетбұқаның  ұлттық 
тарихымыздағы маңызды орны бар ма деп сұрақ берудің қандай қажеттілігі бар ? Ілгеріде 
баяндалатын «Ақсақ құлан», «Бозінген», «Нарату»  күйлерінің шығу оқиғалары тұсында  
Кетбұқа  қазақ  даласының  кемеңгер  биі,    әлемді  алақанына  ұстаған    Шыңғыс  ханның 
өзімен тең  сөйлесетін азамат.  Әр тұлғаны  бағалау үшін, ең алдымен оның өмір сүрген  
уақыт мерзімін,  туып-өскен, қызмет атқарған жерін,  оның азамат есебінде қалыптасуына 
әсер еткен қоғамдық және саяси  ортасын білу қажет. 
  Бұл тұрғыдан сол заман туралы кесек шығармалар, келелі ой қалдырған Иранның 
ұлы  тарихшыларының еңбектеріне көбірек үңілуіміз керек сияқты. Кетбұқаны жаһандық 
тұлға  қылған  он  үшінші  ғасыр  қандай  еді?    Бұл  ғасырда  Орталық  Азияның  таулы 
қыраттарында бір-бірімен  күнде  қырқысып,  атой  салған  шағын жауынгер  тайпалардың 
басын  қосып,  ескі  құрылықты  дүрліктіріп    Шыңғыс  хан  шықты  тарихтың  сахнасына.  
Сонау  Ғұн  заманынан  бері  адамзат  мекендеген  ойкуменалар  арасындағы  үзіліп  қалған 
қатынасты,  Батыс  пен  Шығыстың  арасын  Орталық  Азия  көшпелілері  қайта  қосты. 
«Кетбұқаның  тағдыры  да  тістескен  тамыр  сияқты  Шығыс  пен  Батыстың 
арасындағы  ондаған  халықтың  бақ-талайымен  байланысып  жатыр»  дейді  Тұрсын 


Жұртбай ( 2, -22-23 бб.).  Рас, қазақ тарихынан осындай ірі тұлғаны қазір табу және тану 
көзін жаңа ашқан күшіктей әлемдік саясатқа жаңа еніп келе жатқан біз үлкен тәжірибе 
және бақ. Қазақ шежіресінде Кетбұқа  елі үшін аңырата қобыз тартып, домбырамен күй 
шертіп, көкірегі қарс айырылған абыз; қабағынан қар жауған Шыңғыс ханның өзіне елі 
үшін басын тігіп, ұлының өлімін естірткен дана жырау, ақылман қария, қазақтың бағаналы 
сияқты  үлкен  бір  атасының  түп  қазығы.  Ал  тарихнамада,  әлемдік  геосаясатта  Кетбұқа 
бүкіл Иран мен Кіші Азияға үстемдік жүргізген,  Иерусалимге жорыққа аттанған Хұлағу 
ханзаданың саяси кеңесшісі және  әскербасы.  Көп заман өз еркі өзінде болмаған, орыс пен 
қытайға жалтақтаған, серілік және тұлғалық қасиеттерінің көбінен ада болған, бір жағы 
Қырым  мен  бір  жағы  Ұрым  арасында  еркін  жүрген  еркіндігінен  айрылған  біздің 
хадлқымыз  үшін  мүмкін,  Кетбұқаны  Еуразиялық  тұлға  деп  атағанымыз  нанымсыз 
көрінер. Бірақ шындық солай, оны біз осы кітапта барынша көрсетуге тырысамыз.  
  Бүкіл  кәрі  құрылықтың  тарихында  ерекше  із  қалдырған  ұлы  тұлғаның  қазақ 
тарихшыларының зерттеу  нысанасына айналмағаны қынжылтады. Тіпті қазақ даласынан 
шыққан    азаматтардың,  мен  Байбарыс  пен  Кетбұқа  туралы  айтып  отырмын,  
ортағасырлардың төрінде, Айн-Джалут жерінде қылыш түйістіруі керемет емес пе ?  Бірі 
Шыңғыс  хан  құрған  дала  империясының  өкілі,  екіншісі  Шығыстың  отырықшы 
өркениетінің  ежелгі  орталығы  Мысыр  өлкесінің  қорғаушысы.  Тіршіліктің  мағынасын 
іздеген  адам үшін  далалық  екі  тұлғаның жат  жердегі  күресі  тарихты  жасаушы  әлемдік 
орталықтың  сол  дәуірде  біздің  жерімізде  болғанын  аңартса  керек.  Бізге  жаңа 
методологиялық  қағидалар  керек,  біз  әлі  де  орыс  большевиктерінің  жасап  берген 
сорамбымен тарих жазғымыз келеді.  Кезінде олар моңғол кезеңін «монголо-татарское 
иго» деді, өздері сол Шыңғыс немересі Бату хан құрған империяның арқасында естерін 
жинап, етектерін жапқанын ұмытты. Сол себепті Шыңғыс хан дәуірін құбыжық қылып 
көрсетіп  бізге  де  осы  көзқарасты    таңды.  Ақыр  түбінде  бізге  Шыңғыс  ханға  қарсы 
шыққанның бәрі дос,  Шыңғыс хамен  бірге жүргеннің бәрі қас болды.  Қырым түбегінен 
Мысыр жеріне барып қалып, сол елді өрге сүйреген Байбарысқа ескерткіш соғамыз, ал 
Жошының өлімін Шыңғыс ханға жеткізген, Хулагудың аталығы болған, қазақтың жыр-
аңыздарында аты сайрап жатқан  Кетбұқадан қашамыз. Парадокс.  Бұл біздің тарихшылар, 
жалпы  мәдениеттанушылар  мен  философтар  әлі  де  қалам  тартпаған,  өресі  биік 
тақырыпты ашу болашақтың міндеті.   
  Шығыстың  ұлы  тарихшысы  Рашид-ад-дин  Кетбұқа  ноянның  өмірінің  соңғы 
сәттерін тамаша суреттейді. Кетбұқаның әр сөзінен нағыз дала ұлына тән қайсарлықтың, 
адалдықтың, адамшылықтың нұры сезіледі: : «Кетбұқа ноян қан майданның  ортасында 
жүрді. Адам таң қалатын ерліктер жасады. Оңынан келгенін де,  солынан келгенін де 
шауып құлатты. Кейбіреулер оған қашып құтылайық деп ұсыныс жасаса да, ол «тура 
келген өлімнен қашып құтыла алмайсың, қорқақ қояндай қашып ардан тайып, жұртқа 
күлкі болып өлгенше, намысты қолдан бермей даңқты өлген жақсы. Күндердің күні осы 
әскердің ішінен не кәрі, не жас, әйтеуір біреу болмаса біреу тірі қалып патшаға қызмет 
етуге барады да менің сөзімді жеткізеді, Кетбұқаның қорқақтарша бұқпай, арсыздарша 
шегінбей, ерлікпен өзінің тәтті өмірін құрбандық шалғанын  айтады.  Тек біздің иеміздің 
қасиетті  жүрегі  қан  жыламасын  моңғол  әскері  бұл  жерде  қырылды  деп,    біздің 
жауынгерлеріміздің  әйелдері  бір  жыл  екіқабат  болмаған  шығар,  біздің  жылқы 


табындарымызда  биелер  бір  жыл  құлындамаған  шығар  деп  шүкіршілік  қылсын. 
Патшамызға бақ берсін. Егер басшымыздың қасиетті тұлғасы аман болса, әлі жоғалған 
табылады, дүние орнына келеді, ал біз сияқты оған қызмет қылатын нөкерлердің өмірі 
деген не, тәйірі ?! » (100, т.3, с.52).  Саны көп, күші басым жаудан қашып жан сақтайық  
дегендерге  атақты азаматтың берген жауабы .  
  Кетбұқа ноян майданның ортасында бірнеше нөкерімен жалғыз қалып, жан-жақтан 
қоршаған жау ортасында қайтпай соғысты. «Бір өзі мыңға төтеп берді» деп сипаттайды 
шығыс тарихшысы эпос тілімен.  
  Атағы  жер  жарған  Фазлаллах  Рашид-ад-диннен  басқа  парсының  текті  әулетінен 
шыққан  Ата  Мәлік  Джувейни  деген  тарихшының  жазғаны  біз  үшін  аса  құнды  дерек 
болмақ.  Рашид-ад-дин  Хулагу  ханның  әулетіне  ХІІІ  ғасырдың  соңында  қызмет  жасаса, 
Джувейни  тікелей  Хулагудың  өз  заманында  өмір  сүрген,  патша  сарайына  жақын 
адамдардың  бірі.  Ата  МәлікДжувейнидің  моңғол  империясының  оңтүстік-батыс 
аймақтарына  жауап  беретін  ойрат  Арғын  шахтың  жанына  еріп    Мөңке  ханның 
Қарақорымдағы ордасында болғаны да ерекше айтылатын тарих. «650 жылы (1252-1253 
жылдар ) маған тағдыр оң көзімен қарап, бақытым жанып, мен Әлемнің императоры, 
Жер  мен  Көктің  патшасы,  Жер  бетіндегі  тыныштық  пен  бейбітшіліктің  кепілі, 
хандардың ханы Мөңке қағанның сарайының табалдырығын сүю құрметіне ие болдым» 
деп бастайды өз еңбегін Джувейни (31, с.4). 
  «Тарих-и- жаһан гуши» кітабын Ата Мәлік Джувейни осы сапарында бастағанын 
айтады.  Бұл    Құбылайды  Қытайға,  Хулагуды  Иранға  аттандыруға  шешім  қабылданған 
атақты  құрылтайдың  болған  жылы.  Моңғол  империясы  Үгедей  қаған  өлімінен  кейін 
бірнеше  жылға  созылған  сарай  күресінен  кейін  есін  қайта  жинап,  аталары  Шыңғыс 
ханның өсиетін орындауға белсене кіріскен, Мөңкенің қаған сайлануына қарсы жақтың 
бастары шабылған уақыт.  
   Ата Мәлік Джувейни Хулагу қолының алдында Иран жеріне Кетбұқа (мәтінде Кед-
Бұқа  деп  жазылған)  ноянның  аттанғанын  және  Хулагу  келгенше  дейін    Дамаск  (Шам 
шаһары)  бағытында  шабуылдарды  бастап  кеткенін  сипаттайды.  Біз  осы  кітаптың  өзегі 
болып табылатын Кетбұқа тақырыбын ашуға  Ата Мәлік Джувейнидің «Тарих-и- жаһан 
гуши», яғни әлемді жаулап алушының тарихы атты ғажап еңбегін мүмкіндігіміз келгенше 
пайдаландық. 
  Кетбұқа  тұлғасын  сомдауға  араб  тілді  деректер  орасан  зор  көмек  жасайды.  Араб 
тарихшыларының  еңбектеріне  қарасақ  Кетбұқа  Шыңғыс  ханның  немересі  Хулагудың 
жанында аталық қызметін атқарады. Хулагудың Құрылтайдың шешімімен және  Мөңке 
ханның ақыл-кеңесін алып  Әмудариядан бастап Мысырға дейінгі алқапты жаулап алуға 
аттанған жылы 1255 жыл. Ал оның алдында  Мысырға дейінгі жолды ашуға 1252 жылы 
аттанған Кетбұқа екені деректерде айтылады.  Әл –Айни деген араб тарихшысы «Кетбұға 
ноян  Хулагу  ханның  Шам  еліндегі  орынбасары.  Парсы  елі  мен  Шамды  (қазіргі  Сирия) 
қаратқан қолбасшы. Хулагудың атасы Шыңғыс  ханды көрген адам» дейді.  
  Арабтың  Құтбуддин  әл  Юнан  деген  тарихшысы  «Моңғолдар  Ливан  жеріндегі 
Баалбекті алғанды Кетбұғаның көрдім. Ұзын, жұмсақ  сақалды, кейде оны құлағына іліп 
қоятын  әдемі  қария  еді.  Сын  сипаты  салтанатты,  мінезі  өктем  болатын»  дейді.  
Арабтың сұңғыла тарихшылары Кетбұғаның Хулагу әскерін бастап бүкіл Батыс Азияны 

10 
жаулау  алуын  сипаттай  келе  аталықтың  тамаша  әскери    әдіс-айлаларды  қолданып,  аз 
күшпен ұлан-байтақ жерді бағындырғанын жазады. Тәңірберді деген тарихшы «Кетбұға 
ноянның беделі татарлар арасына ерекше еді. Оның сөзі, ерлігі және ісі әрдайым есепке 
алынып отыратын. Ол ержүрек, батыл, бекіністерді алудың нағыз шебері еді. Хулагу 
оған  толық  сенетін,  ешқашан  оған  қарсы  келмейтін,  сөзін  жерге  тастамайтын. 
Кетбұғаның  шайқастары  туралы  таңғажайып  әңгімелер  айтылатын»  дейді.  Бір 
ескеретін  мәселе  араб-парсы  тарихшылары  «моңғол»  атауын  қолданбайды,  барлық 
шығыстық деректерде моңғолдар «татар» атымен білгілі.  
  Ресей ғалымдарының ішінде Ұлы дала тарихын, Қиял патшалығын, Биосфера мен 
этногенез  мәселелерін  зерттеу  барысында  Л.Н.  Гумилев  Кетбұқа  туралы  пікір  білдірді. 
Тарих  философиясы  бағытында  жазылған  Л.Н.Гумилев  еңбектерінің  ішінде  үлкен 
Еуразиялық,  әлемдік  десек  те  болады,  панорамада  Кетбұқа  Шығыс  пен  Батыс, 
христиандық  және  мұсылмандық  діндер  тоғында  көрінетін  ұлы  тұлға  бейнесінде 
суреттелген. Осы кітаптың жуан ортасында ғалымның келтірген  тарихи қүжаттары мен 
пайымдауларына арнайы тоқталамыз.  
  Сонымен қазақтың ауызша дәстүрінде кемеңгер қария, саусағынан күй тамған өнер 
адамы, Шыңғыс  хан әулетін тәрбиелеген аталық есебінде сақталған Кетбұқа туралы азды-
көпті деректер осымен  тәмәм. Кетбұқа сияқты ұлы тұлғалар өз заманының,  өз ортасының 
жемісі.    Адамның  бағын  көтеріп,  даңқын  шығаратын  өз  замандастары,  сол  заманында 
қалыптасқан  әлеуметтік-мәдени  ахуал.  Қанша  жерден  қабілетті  болсаң  да,  Алла  тағала 
саған  толып  жатқан  дарын  берсе  де  заманың  сәйкес  келмесе,  өрге  қарай  тартпаса  сен 
ешқашан  өз  мүмкіндіктеріңді  аша  алмасың.  Құдай  тағала  Кетбұқаға  адам  баласының 
талайына  жазған  бақты  түгел  берді,  оны  байырғы  Орхон  жазуларында  айтылғандай 
«Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде Қара Жер жаратылғанда екі арада кісі оғлы жаралған екен. 
Кісі оғлының үстінен менің арғы бабаларым...отырған екен»  көтерді.  Сол заманнан қанша 
уақыт  өтті.  уақыт  өте  келе  Кетбұқа  аты  аңызға  айналып,  шындығы  өтірікке,  өтірігі 
шындыққа бергісіз хикаяларға ұласса да, әйтеуір қазақ жадында өмір сүріп келе жатыр.  
Ғажап емес пе ?!   Біздің ата-бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа осы жыр-аңыздарды, күмбір 
күйлерді  мұра  қылып,  олар  қиялдың  құдіретімен  өмірдегі  нақты  болған  тұлғаны  
аруақтандырып, оның жер басып жүрген пенде болғандығын ұмыттырып жібереді.  
  Қазақтың  жадында  алтын  әріптермен  жазылған,    шежіресіне  енген 
қасиетті дегдарларының бірі  –  би, аталық және  ұлы жыршы Кетбұқа туралы 
аңыздар  мен  күйлерде  тек  қана  Ұлы  дала  елінің  мүддесі  қозғалады.  Бірде 
Кетбұқа  заманында  іргелі  ел  болған  найманның  Шыңғыс  ханға  кіріптар 
болғанын уайымдаса, бірде Қара Қытайдың тағдырына қынжылады, бірде Таяу 
Шығысты бағындырып, оны Хулагу иелігінде ұстаудың амал-айласын ойлайды, 
ал  бірде    тарихтың  терең  соқпақтарына  түсіп  ата-бабалардың  заманы,  ақсақал 
заман  туралы  толғанады.    Қалай  қарасақ  та,  қай  жағынан  алсақ  та  Кетбұқа 
Орталық Азия масштабынан асып кеткен жаһандық тұлға.  
  Тарихшының міндеті қай заманда болса да оңай болмаған. Қандай бір мемлекеттің 
тарихынан  біз  қоғамдық  ойды,  тарихи  жадыны  қудалауды  кездестірсек  алдымен 
тарихшылардың  басы  домалайтынын  көреміз.  Бұл  сонау  Рашид-ад-диннен  бастап 
өзіміздің Ермұқан Бекмахановқа дейін сан рет қайталанған жағдай. Осы ауыр да, жауапты 

11 
жұмысқа кіріскен  авторға қол үшін беріп, жігерін жаныған азаматтарға алғысымыз шексіз. 


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал