Issn 2306-7365 1996 жылдың қарашасынан бастап екі айда бір рет шығады



жүктеу 6.24 Kb.
Pdf просмотр
бет26/28
Дата09.01.2017
өлшемі6.24 Kb.
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

РЕЗЮМЕ 
Сегодня  многие  телевизионные  фильмы  и  передачи  снимаются  в  естественных 
интерьерах.  Это  намного  выгоднее  в  финансовом  отношении:  не  нужно  строить 
дорогостоящих  декораций,  нет  необходимости  занимать  павильонные  площади.  Однако 
съемка  в  естественных  интерьерах  предъявляет  к  оператору  определенные  своеобразные 
требования, о которых в данной статье и пойдет речь. 
(Сердали Б. Телесъемка интерьера) 
 
SUMMARY 
Today, many TV films and programs are shot in natural interiors. It is much more profitable in 
financial  terms:  no  need  to  build  expensive  sets,  there  is  no  need  to  take  of  the  pavilion  area. 
However, shooting in natural interior presents to the operator some unique requirements, which in this 
article will be discussed. 
(Serdali B. Telephoto interior) 
  А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

221 
 
 
ӘОЖ 070.194:778.59 
А.СӘДІБЕКОВ  
А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің магистр-оқытушысы 
 
РЕАЛИТИ ШОУ – ТЕЛЕВИЗИЯНЫҢ ЖАҢА  
СИПАТТАҒЫ ЖАНРЫ 
 
Бұл  мақалада  теледидардың  барлық  жастағы  көрермендері  арасында 
соңғы  жылдары  үлкен  беделге  ие  болып  келе  жатқан  реалити-шоу 
жанрының  қалыптасу  тарихы  және  бағыты  қарастырылған.  Сондай-ақ, 
осы жанрда дайындалған  бірнеше бағдарлама талданған. Реалити шоу - бұл 
телевизиядағы  ойын-сауықтық  бағдарлама.    Негізгі  идея  аудиторияны 
күнделікті  шыншыл,  боямасыз  өмірге  жақындату,  оны  телевизия  экраны 
арқылы бақылау болып табылады. 
 
Кілт  сөздер:  реалити  шоу,  телевизия,  коммуникациялық  ақпарат, 
технология,  экран,  сценарий,    рекреативті  функция,  эфир,  коммуникативтік 
функция, аудитория, жанр, идея. 
 
ХХІ  ғасыр  коммуникациялық  ақпарат  құралдар  технологиясының 
дамыған    заманы.  Әлемдегі  адамдардың  бір-бірімен  ақпарат  алмасуының 
қарқыны  жоғары  деңгейге  жетті.  Бұқаралық  ақпарат  құралдары  кез  келген 
хабарды  “айшылық  алыс  жерге”  көзді  ашып-жұмғанша,  тіпті  тікелей 
жеткізуге  мүмкіндік  алды.  Бүгінгі  таңда  ғажайып  жетістіктерге  жеткен 
көгілдір экран, миллиондаған адамдардың өмірінде айырылмас бір құралына 
айналды.  
Қазақ теледидарының алғашқы телебағдарламаларын тәжірибе түріндегі 
кинофильм,  театр,  эстрада  шығармалары  түзді.  Осыдан  бастау  алған 
телевизия  өзінің  таралу  ауқымын  кеңейтіп,  ұлан-байтақ  кеңістікті  шарлап, 
жылдам  дами  бастады.  Телевизия  —  театр,  кино,  радионың  барлық 
артықшылықтарын бір өзінің бойына жинап, ақпарат тарату мен эстетикалық 
тәрбие берудің ерекше құралына айналды. Ол белгілі бір құбылысты деректі 
көрініс  арқылы  беретіндігімен  радиоға  қарағанда  мол  мүмкіндікке  ие[1,  23 
б.],-деп жазады А.Я.Юровский мен Р.А.Борецкилер өз еңбектерінде [1, 2].  
Ғаламдану  процесіне  орай  хабар  таратудың  жаңа  әдіс-тәсілдері  пайда 
болуымен  қатар  телеарналарда  сан  түрлі  жанрлардағы  бағдарламалар  
көрсетіле бастады. Бұл арқылы көзі ашық, көкірегі ояу көрермен талғамының 
артқанын  да  білуге  болады.  Яғни,  көрермендер  сұранысы  мен  уақыт 
талабына сай телевизияда жаңа жанрлар мен бағдарламалар дүниеге келуде.  
Соңғы жылдары телеэкранда үлкен беделге ие болып, телеаудиторияның  
көзайымына айналып отырған соны жанр – реалити-шоу. 
Реалити-шоу  немесе  реалити-телекөрініс  (ағылшынның  reality  – 
шынайылық,  шындық)  [2.35]  –  телевизиядағы  ойын-сауықтық  бағдарлама. 
Телесюжетте   белгілі   бір   топтың   немесе    топ    мүшелерінің   бағдарлама  
                                      А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

222 
 
 
барысында кездескен түрлі кедергілерге орай әрекеттері шынайы көрсетіледі. 
Реалити-шоуды  ең  алғаш  американдықтар  ойлап  тауып,  жоба 
концепциясын  жасаған  болатын.  Экрандық  туынды    телевизиялық 
кеңістіктегі    шындыққа  бағытталып,  көріністегі    бейненің  сан  алуан 
мазмұндылығы,  әрі  мінез-құлық  үлгісі  болып  табылады.      Реалити-шоу 
дегеніміз 

көшедегі 
адамдармен 
сұхбаттасу, 
пікірлесу, 
біздің 
замандастарымыздың  күнделікті  тыныс-тіршілігі    туралы  мазмұнды  хабар. 
Кейіпкерлер де кеңістіктегі уақытта  өмір сүруші жандар.  
Аталмыш телевизиялық жанрдың басты белгілері төмендегідей: 
 
Сценарийдің болмауы. 
 
Телеэфирге алғашқы дубльден-ақ берілуі. 
 
Ойынға  қатысушы  кейіпкерлердің  қарапайым  жандардан  құралуы, 
кәсіпқой актерлардың қатыстырылмауы. 
 
Түсірілімнің басты талабы, шындыққа барынша жақын болу [1.34].  
Реалити-шоу  бағдарламасын    жасаушылар  оны    ойын-сауық  түрінде 
ойластырған.    Негізгі  идея  аудиторияны  күнделікті  шыншыл,  боямасыз 
өмірге жақындату, оны телевизия экраны арқылы бақылау болып табылады. 
Телеарнадағы бұл пішін телевизияның рекреативті  функциясымен өзектес.  
Бұл  жанрдың  қалыптасу  тарихына  көз  жүгіртер  болсақ,  ең  алғашқы 
реалити-шоу    1948  жылы  Американың  көгілдір    экрандарында  көрсетілген.   
Ол  «Candid Camera» яғни «Жасырын камера» деп аталған болатын.  Мұнда 
адамдардың  күнделікті  тыныс-тіршілігі  боямасыз  көрсетіліп  отырады.    Бұл  
реалити-шоу  пішініндегі  хабардың    негізін  қалаған  бірден-бір    бағдарлама 
болып есептелінеді.   
Келесі реалити түріндегі бағдарлама "Seven Up!" болды. Ол 1964 жылы 
ұйымдастырылды.  Бағдарламада  14  адамның    өмір  сүру  тәртібі  егжей-
тегжейлі  көрсетіледі.  Олардың  әр  жеті  жыл  сайын  өмірлерінде  болып 
отырған  өзгерістермен  көрермендер  етене  танысып  отырды.    Осы  фильмнің 
жалғасы  ретінде    "49  Up"    реалити-шоуы    2005  жылы  қыркүйек  айында  
эфирге    шықты.  Әлемдегі  ұзақ  уақытқа  жалғасқан  реалит-шоудың  бірі  әрі 
бірегейі осы болды [1]. 
Ал,  1973  жылы  PBS  арнасы  "Америкалық  жанұя"  («An  American 
Family»)  [6]  бағдарламасының  алғашқы  көрсетілімін  түсірді.  Бағдарлама 
кейіпкерлері  қарапайым  америкалық  отбасы  еді.  Көрермендер  жеті  ай  бойы 
осы  отбасының  тыныс-тіршілігімен  танысты.  Бір  айта  кетерлігі,  хабар 
барысында көрермендерге қажетсіз жағдайлар да көрсетіліп отырған.  
90-жылдары  реалити-шоудың   аясы  кеңейіп,  бет-бейнесі  жаңарып, жаңа 
бағытта  дами  бастады.  Американың  «MTV»    телеарнасын  «Шынайы  әлем» 
(«Real  World»)  [6]  бағдарламасын  эфирге  шығарды.  Бұл  бағдарламаның 
бұрынғы  реалитилерден  өзгешелігі,  әр  түрлі  сала  мамандарын  яғни,  биші, 
жазушы, суретші, рэппер және әншілердің қатысуымен өтуінде. Бір үйде өмір 
сүрген  кейіпкердердің  мінез-құлықтары  мен  олардың  бөтен  ортамен  тіл 
табыса  білуін  бақылауға  бағытталған.  Көршілерімен  саналы  түрде  жақсы 
  А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

223 
 
қарым-қатынас   орната   білген   кейіпкерлерге   арнайы    бағалы  сыйлықтар  
берілді.  Бағдарламаның мақсаты — көрермендерге адамгершілік, түсіністік, 
өзара сыйластық  сияқты асыл қасиеттерді насихаттау болған [1].  
Осы  арқылы  теледидарға  телмірген  көрермен  өзіне  қажетті  ой  түйіп, 
кейіпкерлердің  іс-әрекетін,  олардың  жақсы-жаман  мінез-құлықтарын 
таразыға салып отырды.  
Қалыптасу  тарихы  ХХ  ғасырдың  екінші  жартысынан  басталатын  бұл 
жанр, 
уақыт 
өте 
келе 
дамып-жетіліп, 
телеаудиторияның 
аса 
қызығушылығына  ие  болды.  ХХІ  ғасырдың  басынан  бастап  реалити-шоу 
жанры  сипаты  мен  мән-мазмұны  және  түсірілу  формасына  және  бағытана 
қарай бірнеше түрге бөлінді: 
Астыртын бақылау (Шоу подглядывания) – өздерінің ойындарын ұдайы 
бақылап  отырған  телекөрерменнің  назарын  өзіне  аударып,  көрермен  үшін 
ерекше әсер беру. («За стеклом», «Голод» - (Ресей)). 
Дәл  осы  үлгіде  1999  жылы  Нидерландияның  «Veronica»  телеарнасында 
«Үлкен  аға»  («Big  Brother»)  реалити-шоуы  көгілдір  экраннан  көрінді.  Бұл 
бағдарлама    Д.Оруэлланың  "1984"  деген    романына  негізделген.  Мұнда 
тоталитарлық  мемлекетте  өмір  сүріп  жатқан  достарының  тыныс-тіршілігін 
қадағалап, оларды басқарушы үлкен адам туралы жазылған.  
Осы  көріністерді  бейнесюжетке  айналдырған  шығармашылық  топтың 
еңбегін    көрермендер  аса  қызығушылықпен    үш  жарым  ай  экран  арқылы 
бақылады.    Сонымен  қатар  «Үлкен  аға»  реалити-шоуындағы  әзіл-қалжыңға 
құрылған сюжеттер де көрермендердің көңілінен шыға білді.  
Ал,  Ресей  телекеңістігіндегі  астыртын  бақылау  үлгісіндегі  реалити-
шоудың алғашқы қарлығашы   «За стеклом», яғни «Шынының ар жағында» 
бағдарламасы  болды.  Бұл  бағдарлама  Нидерландық  «Үлкен  аға» 
бағдарламасының көшірмесі іспетті еді.  
Жаңарту  (Шоу  обновления  (модернизации)  –  бағдарламаға  қатысушы 
басты кейіпкерлердің ойыны өздеріне ұсынылған үйге немесе жұмыс орнына 
және  көлік  құралдарына  тың  өзгерістер  енгізу  немесе  жаңа  үлгіде  қайта 
жасаумен бағаланады. («Тачку на прокачку», «Займемса ремонтом» - (Ресей)) 
Бейімделу  (Шоу  выживания)  –  мұндағы  басты  ерекшелік  күнделікті 
қалыпты  өмірдегі  жағдайға  қарама-қайшылығымен  ерекшеленеді.  Яғни 
кейіпкерлер  өмір  сүруге  қолайсыз,  кең  далада  немесе  мұхит  аралдарында 
ешбір  ас-ауқатсыз,  құралдарсыз,  үйсіз-күйсіз  жағдайға  төзе  білу,  тосын 
келген қиындыққа еш мойымау басты мақсат болады. Барлық қиындықтарға 
шыдаған  жігерлі  жандар  ғана  жеңімпаз  атанады.  («Последний  Герой»  - 
(Ресей)) [3, 6]. 
Әлемдік  озық  үлгідегі  бейімделу  реалити-шоудың  бірі  Швецияда  1997 
жылы эфирге шықты. Ол  "Тірі қалған" («Survivor») деп аталды. Оның сюжеті  
"Робинзон Крузоша өмір сүру" сипатында  жасалған еді. Арнайы азық-түлік, 
тұрмысқа қажетті басқа да  заттармен қамтамасыз етілмеген бір топ адамды  
мұхит  аралына  апарып  тастап,  олардың  сол  жақтағы  тіршілік  ету 
                                      А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

224 
 
жағдайларын арнайы фильм етіп  түсірген. 
Адамдарды  екі  топқа  бөліп,  олардың  өмірде  кездесетін  қиындықтарға, 
ауыртпалықтарға  шыдамдылықтарын  тексерген.  Хабар  барысында  өте 
төзімділік  танытқан  адамдар  ғана  жеңімпаз  атанды.  Сонымен  қатар 
кейіпкерлерге  көптеген  риторикалық  сұрақтар  қойылып,  бағдарламаның 
мазмұны тереңдей түскен болатын. 
Осы  үлгідегі  Ресейлік  жоба    "Соңғы  батыр  "  («Последний  герой»)  деп 
алталды.  Негізгі  шарт  оған  қатысқан  он  алты  кейіпкердің  көптеген  қатал 
сыннан  сүрінбей  өтіп,  тірі  қалуы  болды.  Көрермен  таусыла  күткен  бұл 
бағдарлама  да  америкалық  «Тірі  қалған»    («Survivor»)    реалити-шоуының 
көшірмесі  болды.    Оған  қатысуға  көптеген  елге  белгілі  адамдар  да  ынта 
білдірген екен.  
Үйрету  (Шоу  обучения)  –  бұл  шоуда  көңіл  көтеріп  демалудан  өзге 
көрермен  үшін  де  кейіпкердің  өздері  үшін  де  пайдалы  жақтары  мол.  Ойын 
барысында  кейіпкер  түрлі  кәсіпке  бейімделуге  мүмкіндік  алады  және 
бағдарламаның  тұрақты  көрермендері  де  ойынды  бақылай  отырып  әртүрлі 
кәсіптің қыр-сырына қаныға алады. («Фабрика звезд», «Дом» - (Ресей))  
Ойын  (Шоу  игры)  -   ұйымдастырылған  кезекті  бұл  шоудың  мақсаты 
кейіпкер  мен  көрерменнің  ойынға  деген  қызығушылығын  арттыруға 
бағытталады.  Ойын  барысында  күтпеген,  тосын  жағдайлар,  ойламаған  іс-
әрекеттер көп кездесіп жатады. («Битва визажистов» - (Ресей) [4]. 
Ресейдегі  ТВ-6-ның  «За  стеклом»,  ТНТ  ның    «12  негритят», 
Ұлыбритания теледидарының (Channel 4) «Русская рулетка» бағдарламалары 
реалити-  шоудың  әлемдік  дәрежедегі  үлгілері.  Зерттеушілер  тарапынан  
әлемдегі    «Реалити»  телебағдарламасының  бүгінде  көрермендерін  кері 
бағытқа  алып  бара  жатқандығы  сөз  болып  жүр.  Себебі,  мораль  мен 
адамгершілік  нормасы  қалыптасқан    коммуникативтік  функция  алдыңғы 
орында  болуы  тиіс.  Сондықтан  жас  ұрпақ  үшін  әдепсіз    болып  табылатын 
көріністердің  аудитория  үшін  қажеттілігі  жоқ.  Ақпараттық  кеңістікке  
теледидар бейнелі  таңбалық кодты кіргізген  уақытта,  бұған аса үлкен  мән 
беріледі. Егер осы код көңіл күйді жаулау болса  онда оның қоғамға әсер етер 
күші  мол.  Телебағдарламаны  жасаушыларға  оның  болашақтағы    жастарға 
берер кері әсерінен гөрі бүгінгі қызықтылығы мәндірек болып табылуда [5].  
Телестудиялар    қоғам  мен  ақпарат  әлемі  арасындағы  коммуникатор 
рөлін атқарады. Сондықтан коммуникатордың  міндеті қоғамға сапалы, жаңа 
бағыттағы білім беру болып табылады. Отандық теледидарда «Реалити-шоу» 
пішінінде    жасалған,  көрермендер  қызыға  тамашалайтын    «Шіркін  Life» 
бағдарламасын атауға болады.  
М.Барманқұлов:  «Теледидар  қазір  журналистиканың  барлық  ескі 
жанрларын  жаңарған  түрге  айналдырды.  Олардың  бар-ау  деп  есте 
жүргендерінің  жаңа  қырларын  ашты.  Жаңа  әдістерді  дүниеге  келтіріп, 
журналистикаға  жаңа  жанрлар  мен  формалар  сыйлады»  деген  екен.  Бүгінгі 
күнде осы  пікір шындыққа айналып келеді [4].  
Телевизия  бағдарламаларының  тақырыбы  жағынан  өте  тартымды,  ал 
  А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

225 
 
мазмұны  жағынан   көрермендерге    мейлінше   ұғынықты   болуы   экран
  
шарттылықтарының бірі.  
Бүгінгі  қоғамның бар  саласын қамтып  отырған   реформалар  жастардың 
тәрбиесіне,  рухани  сана-сезіміне  көлеңкесін  түсірмеуі  керек.  Көгілдір  экран  
тек  жастарымыздың  ғана  емес,  күллі  елдің  тәрбиешісіне  айналып  отыр. 
Ақпарат  құралдары  арқылы  халық  санасына  кез-келген  идеяны  сіңіруге  
болатындығы    дүниежүзілік  тәжірибеде  толық  дәлелденді.  Қандай 
туындының  да  негізгі  тірегі,  басты арқауы  -  адам.    Сондықтан адамның  ой-
түйсігі, мінез-құлқы,  сөзі және солардың  арасындағы үйлесімділік, сәйкестік 
осы  атаулардың  ішіндегі  басымы  болуы  керек.  Сценарий  туындысының 
авторына    қойылатын  қатаң  талап    биігінен  қарағанда,    тележүргізушінің 
бейнелі де бедерлі  сөз өрнегінен деректердің бай жиынтығы  басым жатады. 
Оқиғаларды  бір-бірімен  заңды  жымдастыру,    кейіпкерлердің    бітім-
болмысындағы    тартымдылық
,    сөйлеу  ерекшеліктері,  көркемдік    көрсеткіштер 
шымырлығымен сүйсіндіреді.  
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.
 
 Абраменко  А.  Жанр  реалити  и  его  особенности  на  российском  телевидении 
//Acta Diurna, 2008. - № 1. - С. 34-37. 
2.
 
 Борецкий Р. «Телевизионная пропаганда». –Москва: Профиздат, 1967. 
3.
 
 Масғұтов С. Телевизиялық журналистика негіздеріне  кіріспе. –Алматы, 1975. 
4.
 
 Шыңғысова  Н.  Қазақ    теледидарының  жастар  бағдарламасы.  –Алматы:  Қазақ 
университеті, 1999. 
5.
 
 Уразова  С.Л.  Show-clon  телевизионной  реальности  Телерадиоэфир.  –М.: 
Аспект Пресс, 2005. 
6.
 
 Уразова  С.Л.  «Reality  TV  в  России.  Первый  опыт  телеклонирования»  //   
Вестник Московского университета. –Серия 10. Журналистика. –2003. –№3. 
 
РЕЗЮМЕ 
В статье рассмотрена новая форма телевизионного жанра - реалити шоу. 
(Садибеков А. Реалити шоу – новая форма телевизионного жанра) 
 
SUMMARY 
This article discusses the genre of reality show. 
(Sadibekov A. The reality show is a new form of television genre) 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
                                      А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

226 
 
 
 
ӘОЖ 818.992 72  
Ә.ТӘШІМОВА  
Шымкент университетінің магистранты 
 
АКАДЕМИК РАХМАНҚҰЛ  БЕРДІБАЙДЫҢ ӨМІРІ МЕН 
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ 
 
Мақалада академик Рахманқұл Бердібайдың өмірі мен шығармашылығы 
жайлы  баяндалады.  Академиктің  шығармашылығын  кезең-кезеңге  бөліп, 
жазушы-сыншы,  публцистік  қырларына  тоқталады.  Шығармашылық 
тағдырындағы  айтулы,  белесті  сәттеріне  шолу  жасалып,  сындарлы 
сыншының,  зерделі  ғалымының  ғылымдағы  қол  жеткен  табыстары,  іргелі 
ізденістері, толымды еңбектері сараланған. Мақаланың  түйінінде  артына 
мол  мұра,  іргелі  ғылыми  мектеп  қалдырған  ғалым  есімін  еске  алу,  ұстазды 
ұлықтау жайын да сөз етіледі. 
 
Кілт  сөздер:  әдебиеттанушы,  фольклор,  фольклортану  бөлімі,  сыншы-
публицист, монография, эпостану, түркітану, түркітанушы, ғалым. 
 
Академик    Рахманқұл  Бердібай  1927  жылы  2  желтоқсанда  Оңтүстік 
Қазақстан  облысының  Түркістан  ауданына  қарасты  Көкіш  деген  ауылда 
дүниеге келген. 
Ғалымның  балалық  шағы  Қаратаудың  баурайындағы  Ащысайда  өтті. 
Осындағы  орта мектепті бітірді. Ащысай ол кезде  қазақ елі ғана емес, Одақ 
көлеміндегі  ірі  кен  орыны.  Ащысай  түсті  металл  комбинатының  клубы 
болған. Осы клубтың жанында Алматыдан халық театрын құру үшін арнайы 
шақырылған  маман,  күйші-композитор  Ысмағұл  Көшекбаев  домбыра 
үйірмесін ашады. Жас талапкер Рахманқұл үйірмеден 20-30 күй үйренеді.  
Рахманқұл  Бердібай  жасынан  өлең-сөзге,  шешендік  өнерге  әуес  болып 
өседі. Ғалымның айтуынша, сөз өнеріне құштар болуына  әңгімешіл зерделі 
әжесінің, ән-жырға әуес анасы Ұлдардың, әнші-күйші, жыршылардың  қона-
жатып,  түсетін  үйі  болған  өнерсүйер  отбасының  әсері  мол  болған.  Міне, 
осындай  ортада  өскен  болашақ  ғалым  жасынан  сөздің  қадірін  ұғып,  өлең-
жыр,  әдебиетке  құмартып  өседі.  Рахаң  бала  күнінде  Қаратау  атырабына 
танымал жыршы Сұлтанбек Аққожаевты көрген. Жыршы үйлерінде апталап  
жатып өнер көрсетеді. «Әсіресе, Қаратаудың Торлан асуында отырғанымызда 
біздің  үйге  жиі  келіп  тұратын.  Жұрт  алқа-қотан  жиылып  отырады.  Жыршы 
таңды-таңға жалғап «Мың бір түн», «Сауда ишан», «Қыз Жібек», «Алпамыс 
батыр»  сынды  дастандарды  жырлайды.  Арасында  арқаның  әсем  әндерін 
шырқайды, Қаратаудың кербез күйлерін шертеді, Сырдың сырбаз термелерін 
айтады. Қысқасы бір өзі – бір театр»[1].   
1941  жылы  Ащысайға  өзінің  үгіт-насихат  бригадасымен  тылдағы 
еңбеккерлерге  өнер  көрсету  мақсатында  Нартай  Бекежанов  келген.  
  А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

227 
 
«Нартайдың  салған әні,  оның  сырнайының  сазы   жатсам-тұрсам   ойымнан  
кетпейді.  Ақыры  әкеме  «гармон  алып  беріңіз»  деп  қолқа  салдым.  Әкем 
көңілімді  қимай  жалғыз  ешкісін  сатып,  соның  пұлына  12  тілді  гармон  алып 
берді» [1] -деп еске алушы еді ғалым. Міне, осындай ортада өскен Рахманқұл 
аға  арман  қуып  Алматыға  аттанады.  1945  жылы  ҚазМУ-дің  Филология 
факультетіне  түсіп,  М.Әуезовтен,  Ә.Қоңыратбаевтардан  дәріс  алады. 
Қызылорда  педагогтік  институтында  сырттай  оқып  бітіріп,  елде  мұғалім, 
мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінде басшылық  қызметте істейді.  
1953 жылы әдеби, ғылыми ортаға жақындау үшін Алматыға келіп Қазақ 
мемлекеттік  университетінің  аспирантурасына  әдебиеттану  мамандығы 
бойынша түсіп, 1954 жылы оның теориялық курсын тәмамдайды. 
1955  жылы  ұзақ  жылдар  бойы  шықпай  қалып,  кейін  қайта  шыққан 
«Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөліміне қызметке шақырылады. Газеттің бас 
редакторы  С.Мәуленов,  орынбасары  Ж.Молдағалиев,  жауапты  хатшы 
Т.Әбдірахманов  болған  газет  қазақ  баспасөзі  тарихында  болмаған  (сол 
дәуірдің    өлшемімен)    жетістікке  жетті.  Талай  тасада  жатқан  мәселелерді, 
ұлттық  құндылықтарымыз  бен  мәдени  мұрамызға  қатысты  ащы  шындықты 
батыл  көтере  білді.  Соның  бірі  1956  жылы  22-сәуірде  газетте  жарияланған 
Р.Бердібайдың «Ең үлкен мәдени байлық» мақаласы болатын. Мақалада автор 
мектептерде  қазақ  тілі  сағаттарының  қысқаруы;  қазақ  мектептері  қатарының 
сирей  бастауы;  қалаларда  қазақ  мектептерінің  тым  аздығынан  қазақ 
балаларының  ана  тілінен  мақрұм  қалуының  қауіпті  межеге  жетуі,  қазақ  тілінің 
ішкі  зандылықтарына  сәйкес  қалыптасқан  терминдердің  қисынсыз 
орысшалануы;  қазақ  тілді  кейбір  басылымдардың  орыс  тілінен  дубляж-көшірме 
болып  шыға  бастауы  ана  тілінің  дамуына  тосқауыл  екендігі;  қазақ  мектебін 
бітірген  талапкерлерге  оқуға  түсерде  ана  тілінде  емтихан  тапсыруға  рұқсат 
етілмеуі;  ана  тілін  қадірлемеу  республика  басшылары  жүргізіп  отырған  саясат 
нәтижесі екендігін қатты сынады. 
«Жоғары оқу орнының, әсіресе техникалық, жаратылыстану факультетін 
бітірушілердің басым көпшілігі қазақтың әдеби тілін мүлде білмей шығады. 
Осыдан барып орысша сөйлей, жаза алатын, бірақ ойындағысын қазақ тілінде 
ауызша  да,  жазбаша  да  дұрыс  жеткізе  алмайтын  кадрлар  пайда  болады. 
Мұның  ақыры  неге  соғатындығын  өмірдің  өзі  көрсетіп  келеді.  Бізде  қазақ 
тілінде  жаза  білетін  инженер,  агроном,  физик,  зоотехникті  ілуде  бір 
кездестіруге  болады.  Мұның  өзі  кейде  кісі  күлерлік  жағдайға  душар  етеді. 
Қазақ инттеллигенті өз ана тілін білмейді!"- деп жазды қаламгер [2]. 
Журналистің  өткір  проблемалық  мақаласы  оқырманның  ойын  оятып, 
зиялы  қауым  арасында  пікірталасқа  ұласты.  Газеттің  алқа  мүшесі 
М.Әуезовтің  өзі:  "Великий  мәселе  көтеріпсіңдер!  Газеттің  осындай  мінезі 
болуы  керек.  Мінезсіз  газет  —  газет  емес.  Бұл  мәселе  жиырмасыншы    
жылдардан    соң    қозғалмай    кетіп    еді.    Дұрыс қозғапсындар", - деп 
ризашылығын білдіреді [3]. Редакцияға толассыз ағылған оқырман хаттары, 
пікірлері  қорытылып,  газеттен  орын  алып  отырды.  Тақырып  жарты  жылға 
                                      А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

228 
 
жуық талқыланды.  
Р.Бердібайдың аталған мақаласы көпшіліктен қолдау тауып қана қоймай, 
көкейде  жүрген  көп  жайдың  қозғалуына,  мәселенің  тереңдей  талдануына 
түрткі  болғаны  байқалады.  Мысалы,  Ә.Нарымбетов  журналист  пікіріне   
қосыла  отырып,  өзінің  «Ана  тілін  ардақтайық»  мақаласында:  «Бізде  көп 
жағдайда  қазақ  тіліне  немқұрайлы  көзқарас  орын  алуда.  Егер  бірде-бір 
жиналыс,  мемлекеттік  қаулы-қарарлар,  указдар,  қатынас  қағаздар  о  баста 
қазақ  тілінде жасалып көрмесе кейбір  басшыларымыз  алдымен  өздері  қазақ 
тілін ұмытса, жоғарыдағыдай ой әркімге-ақ келуі мүмкін,-деп жазды.           
Әкімшіл-әміршіл  жүйенің  сіресіп  тұрған  тұсы  50-жылдарда  мұндай 
пікірлердің баспасөзде жариялануына билік тарапынан жол берілмейтін. Көп 
ұзамай-ақ  газеттерде  Р.Бердібайдың  "ұлтшылдық"  көзқарасын  сынаған 
мақалалар  жариялана  бастады.  Олар  әйгілі  "отыз  жетінің"  қаралағыш 
мақалаларымен  сарындас,  тіпті  айырмасы  болмады.  Осы  мақаладан  кейін  
газеттің жайы Орталық Комиттетте қаралып, үкіметтің арнайы (1956 жылғы 
10 желтоқсандағы) қаулысы шығады [3].  
Газет 
редакторы 
С.Мәуленов, 
орынбасары 
Ж.Молдағалиев, 
Т.Әбдірахманов қызметтен босатылады. 1957 жылы 9-ақпанда Р.Бердібайдың 
мәселесі  Жазушылар  Одағы  бастауыш  партия  ұйымының  мәжілісінде 
қаралып,  қызметінен  босатылып,  партиядан  шығарылады.  Орталық 
Комитеттен арнайы келген хатшы Н.Жанділдин, жуырда ғана Одаққа төраға 
болып  келген  (ұзақ  жылдардан  кейін  партиялылығы  қайта  бекіген)  
Ғ.Мүсірепов  те  Р.Бердібайға  қатты  шүйлігеді.  Н.Жанділдин:  «Бұл,  баяғы 
А.Байтұрсынов идеясымен қаруланған адам газетті кеңестік қоғамға қауіпті, 
санасы  уланған  мұндай  адамдардан  тазарту  керек»,  -дейді  [4].  Қаламгерлер 
С.Мұқанов,  Ә.Тәжібаев,  Т.Ахтановтар    жас  сыншы-публицисті  қорғаштап, 
газеттің бағытын ақтауға тырысады. Сөйтіп, қаламгер билік тарапынан біраз 
уақыт қуғын көреді. 
Академик  Рахманқұл  Бердібайдың    «Қазақ  әдебиеті»  газетіндегі  әдеби 
сыншылық, журналистік қызметі (1955-1959) оның өміріндегі  ең бір белесті 
кезең.  Ғалымның  өзі  де  жиі  айтып,  еске  алып  отырғандай:  бұл  кезең  үлкен 
өмір  мектебінен  өткен,  белді  сыншы-публицист  ретінде  қалыптасып, 
болашақта ғалым-әдебиеттанушы болуға бастаған сара жол болды. 
1961  жылы  Р.Бердібай  Қазақстан  Республикасы  Ұлттық  Ғылым 
академиясының  М.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер  институтына 
ауысты.  Осы  кезден  бастап  сыншы-публицистің  өткір  қаламы  ғылыми 
байсалдылыққа,  тереңдікке  бет  алды.  Осы  ғылымның    ордасында    «Қазіргі 
қазақ  романдарындағы  сюжет  проблемасы»(1961),  «Қазіргі  романдарының 
теориялық  мәселелері»  деген  тақырыптарда  кандидаттық,  докторлық 
диссертацияларын қорғады.  
1960-шы  жылдардан  1973  жылдарға  дейінгі  Р.Бердібай  әдебиеттің 
тарихы  мен  теориясы  жайлы  күрделі  мәселелермен  ұдайы  зерттеп  отырды. 
Ғалымның осы  жылдары  жарық көрген  мақалалары, әдеби сын мақалалар 
жинағы мен монографиялары көркем әдебиет ерекшеліктерін білетін, әлемдік 
  А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

229 
 
даму тәжірибесімен салыстыра отырып талдауға қабілетті зерттеуші  
ғалым  екендігін  көрсетеді.  «Роман  және  заман»,  «Қазақ  романы»,  «От 
легенды к роману», «Биік парыз», «Қазақ тарихи романы», «Тарихи роман», 
«Мұхтар шыңы» деген кітаптарында кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті, әсіресе 
роман  жанрының  қалыптасу  және  даму  процесін  жан-жақты  талдап 
көрсетеді. Р.Бердібайдың  бұған дейін әдебиеттанушылар көп бара бермеген 
роман  теориясына  терең  барлау  жасап,  қазақ  романының    жанрлық 
ерекшеліктерін  талдаған  тұстары  да  осы  кезең.  Рахаң  қазақ  романының 
теориясын  тиянақты  зерттеген  ғалым.  Қазақ  романының    даму  тарихы  мен 
даму  эволюциясы  оның  теориялық  мәселелері  туралы  ғалымның  парасатты 
пайымдаулары  қазақ  әдебиеттану  ғылымының  түйінді    мәселелерін  шешуге 
ықпал  етті.  «Р.Бердібайдың  «Қазақ  романдарының  теориялық  мәселелері» 
деп аталатын  докторлық  диссертациясы  күрделі жанрдың  қазақ ғалымдары 
тісі  батпаған  құпияларын  айқара  ашып  берді.  Зерттеуші  көркемдік  сапасы 
асыра  бағаланып  келген  (даңқы  аспандап  тұрған  «Миллионер»,  «Оянған 
өлке»,  «Сырдария»,  т.б.)  көптеген  қазақ  романдарының  олқылықтарын  тап 
басып  танып,  романға  қойылатын  талаптарға  сай  келмейтіндігін  ашып 
айтты» [5].  
1973  жылы  Рахманқұл  Бердібай  Ғылым  академиясының  президенті    
Ш.Есеновтың  ұсынысымен  М.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер    
институтының  фольклор  бөліміне  меңгеруші  болып  тағайындалды.  Бөлімді 
бұған  дейін  М.Әуезов,  Е.Ысмайылов,  М.Ғабдуллиндей  көрнекті  ғалымдар 
басқарып  келген.  Басшылар  тарапынан  сенім  білдіріп,  фольклор  ғылымын 
ұйымдастыру, жолға қою жауапкершлігі тапсырылды. Бұл ұсыныс, бұл сенім 
оның  шығармашылық  тағдырына  үлкен  бетбұрыс  жасаған  қадам  болды. 
Рахаң өзі айтқандай: «әдебиет сыншысының бірден фольклоршы болып кетуі 
оңай  емес».  Әдебиет  пен  фольклор  бір-біріне  өте  жақын  болуымен  қатар 
күрделі  айырмашылықтары  да  бар.  Сондықтан  да      ғалымның  тез  «қайта 
мамандану»  жолынан  өткені  түсінікті  де.  Расында,  Рахманқұл  Бердібай 
зерттеу  арнасын  әдебиет  сынынан  фольклорға  шұғыл  әрі  тиімді  бұрған  
бірегей  талант.  Фольклор  бөлімін  басқаруы  да    ғалымның  өміріндегі  ең  бір 
белесті кезең деп есептейміз.  Олай  дейтініміз, сол бөлімді басқарған 20 жыл 
ішінде  (1973-1993)  бөлім  тікелей  ғалымның  жетекшілігімен  «Қазақ 
фольклористикасы», 
«Қазақ 
фольклорының 
типологиясы», 
«Қазақ 
фольклорының    поэтикасы»,  «Фольклор  және  оның  этнографиялық 
негіздері»,  «Қазақ фольклорының тарихы»,  «Қазақ    фольклористикасының 
тарихилығы»,  «Фольклор  және  шындық»,  «Қазақ  тарихи  жырларының 
мәселелері» атты ондаған күрделі ұжымдық  еңбектер   жарық көрді. Ғалым 
осылардың  кейбіріне  жауапты  шығарушы,  біреуіне  жауапты  редактор, 
кейбіреуіне  бас  редактор  болып,  бір  еңбектің  редакциясын  басқарып, 
осындай  құнды  еңбектердің  жарық  көруіне  мұрындық  болды.  «Қазақ 
фольклористикасының  тарихы»  еңбегі  үшін  Р.Бердібай  және  басқа 
авторларға    бірінші  дәрежелі  Ш.Уәлиханов  атындағы  сыйлық  берілді. 
                                      А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

230 
 
Ғалымның  редакторлығымен  және  құрастыруымен  Е.Тұрсыновтың  «Қазақ  
халық 
әдебиетін 
жасаушылардың 
байырғы 
өкілдері», 
академик 
Ә.Марғұланның  «Ежелгі  жыр  аңыздар»  атты  монографиялары  жарық  көрді. 
Бұл  еңбектер    фольклортану  ғылымында  70-жылдардан  бастап    жаңа 
бетбұрыстың, жаңа ғылыми мектептің қалыптасқанын көрсетеді.   Сонымен, 
ғалым өзінің саналы  ғұмырының  20-25 жылдай уақытын қазақ фольклорын, 
эпосын  зерттеуге  арнады.  Осы  уақыт  аралағында  ол  әдеби,  ғылыми  ортаға, 
қоғамға  фольклор  зерттеуші  ғалым,  фольклор  ғылымын  зерттеуді 
ұйымдастырушы  ретінде    танылды.  Оның  қаламынан  «Жыршылық  дәстүр» 
(1980),  «Қазақ  эпосы»  (1982),  «Сарқылмас  қазына»  деген    монографиялар 
туды.  Аталған  еңбектер оны  фольклортану  ғылымының  көшбасшысы,  қазақ 
эпостану  ғылымының  негізін  салушылардың  бірі  екендігін  айғақтайтын 
еңбектер. 
Рахманқұл  Бердібай  ұзақ  жылдар,  Кеңестік  идеологияның  салқынынан 
зерттелмей  келген  қазақ-ноғайлы  жырларының    қайта  оралуына,  игерілуіне 
көп  еңбек  сіңірген  ғалым.  Ол  80-ші  жылдары  Одақ  көлеміндегі, 
республикалық  басылымдарында  жазған  мақалаларында  қазақ  эпосының 
қымбат  қазыналары:  «Едіге  батыр»,  «Қарасай-Қази»,  «Шора  батыр», 
«Ерсайын», т.б. жырларды зерттеу, жарыққа шығару мәселесін күн тәртібіне 
қойып,  тегеурінді  түрде  көтерді.  Бұл  жөнінде  жұртшылықтың    пікірінің 
қалыптасуына ықпал етті. Аталған және басқа эпикалық мұра жайында «Эпос 
– ел қазынасы» деген монография жазды.  
Қазақ эпостары мен қатар түрік халықтары дастандары мен жырларын да 
зерттеді.  Бір  жырдың  бірнеше  халықтардағы  вариант-нұсқаларын 
салыстырып зерделеуі нәтижесінде қазақтанудан түркітану атты кең құлашты 
ғылыми  өріске  түскенін  аңғарамыз.  Ол  қырғыз  халқының    бай  мұрасы 
«Манас»  эпопеясы  мен  қазақтың    эпикалық  дәстүрінің  байланысы  жөнінде 
үлкен  еңбек  жазды.  Ол  «Адамзаттың  Манасы»  атты  кітапқа  енген  (1995). 
Түрік  халықтарының  ертедегі  рухани  байланысы  жөнінде  зор  ескерткіш  – 
«Қорқыт»  жайындағы  ел  аузындағы  аңыздарға  арналған  мақаласы, 
баяндамалары қазақ, орыс, түрік тілдерінде басылды. Түрік халықтары ауыз 
әдебиетіндегі  сарындастық,  ортақ  белгілер,  туыстық  жайлы  пайымдаулары, 
олардың түп негіздерін ашу туралы тұғырлы  концепциялары бүгінгі, тәуелсіз 
қазақ  халқы  фольклортану  ғылымын  жаңа  белеске  көтеретін  бағыт  болып 
отыр [5].  
Академиктің «Байқалдан Балқанға дейін» деген (1996) ғылыми-көпшілік 
мақалалар  жинағында  25  түрік  тілдес  халықтардың  мәдени,  тарихи, 
фольклорлық  ескерткіштері  баяндалады.  Осы  халықтардың  арасында 
байланыс,  туыстық,  тұтастық  сөз  болады.  Бұл  еңбек  те  түрік  тіліне 
аударылып,  Анкарада    басылды.  Түбі  бір  туыстас  елдің  құрметіне  бөленді. 
Түрік  ғалымы  Шериф  Акташ:  «Рахманқұл  Бердібай  –  бүгінгі  Деде 
қорқытымыз» деп таныды.  
Көрнекті  ғалым,  зерделі  әдебиеттанушы,  сыншылығымен  қатар 
Рахманқұл  ағамыз  –  талантты  публицист.  Қазақ  әдебиетіндегі  ғылыми 
  А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

231 
 
публицистиканың негізін қалаушылардың бірі. Оқымыстылығы, ғұламалығы  
– ғалым деген атақ алып берсе, азаматтығы, қашан да қоғам үшін, қазақ үшін 
жаны  күйіп  жүретін    азаматтығы  –  публицист  деген  титулды  сыйлады.  
Қаратау аймағында туып өскен  жыршы-термешілер, айтыскерлер, күйшілер 
Р.Бердібайдың публицистикасы арқылы халыққа танылды. Ол ұлттық рухани 
мұрамыздың  шын  жанашыры.  Р.Бердібай  публицистикасына  тән  басты 
ерекшелік  –  қара  қылды  қақ  жарған  әділдікті  ту  ету.  Халқымыздың 
мәдениетіне    келген  нұқсанды    дер  кезінде  көріп,  қоғамдық  пікір  туғызып, 
кедергі  болу.  Ұлттық  рухани  құндылықтарымызды  көздің  қарашығындай 
сақтауды әрбір азаматқа парыз ретінде міндеттеу. Біздің ойымызды Рахаңның 
ізбасар  інілерінің  бірі,  марқұм  Жұмабай  Әбілдің мына  сөзі  дәлелдей  түседі: 
«...кеңестік  идеологияның  ұлттық  сананы  ауытқуға  барынша  бағытталған 
саясатынан қаймықпай, ағысқа қарсы жүзіп, туған халқының ұлттық тілі мен  
сан  ғасырлық  дәстүрлі  мәдениетін    сол  қалпында  сақтап  қалуға    бар  күш-
жігерін  жұмсады.  Р.Бердібай  шығармашылығында  қазақ  халқының 
тағдырына  қатысты  ақтаңдақ  бет  жоқ.  Кеңестік  идеология  қазақ  халқының  
өткен  тарихын,  дәстүрі  мен  салтын,  әдебиеті  мен  өнерін  ақтаңдаққа 
айналдыра  бастағанын  дер  кезінде  көріп,  өзінің  жан  айқайын  сол  мезетте  
халқының  бар дауысымен жеткізіп отырды. Сондықтан, Р.Бердібай айтпаған 
шындық  жоқ.  Ол  қамтымаған  мәселе  жоқ.  Шындықты  жеріне  жеткізе 
айтудың  ғажап  үлгісіне  публицист,  қаламгердің  әрбір  мақаласын  жатқызуға 
болады [6]. 
Ғалымның  Алматы  қаласының  қазақ  әдебиеті  мен  өнері  халық 
университетін  35  жыл  басқарып  (қоғамдық  негізде)  соңғы  1500-2000  жыл 
бойындағы    тарихымыз  бен    мәдениетімізге  қатысты  500  мазмұнды  дәріс 
өткізуі  өз  алдына  бөлек  әңгіме.  Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамының  
басқарма  мүшесі,  Түркиядағы  «Түрік  тілі»  қоғамының  құрметті  мүшесі, 
Ш.Уәлиханов  атындағы,  М.Қашқари  атындағы  халықаралық  сыйлықтың 
иегері.  ҚР  Үкіметі  «Қазақстан  ғылымына  еңбек  сіңірген  қайраткер», 
«Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атақтарын берді. 
1998  жылы  еліміздің  ғылым  мен  мәдениетіне  сіңірген  еңбегі,  көп 
жылдық жемісті еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.  Түркияның 
халықаралық «Түрік дүниесіне  қызмет» сыйлығын иеленді. 
Артына  мол  мұра  қалдырған,  50-ден  астам  кітабы  мен  1500-дей 
мақалалары  баспа  көрген,    ғұлама,  Алаштың  ардақты  абызы  –  Рахманқұл 
Бердібай  туған  жері  Түркістанда  мәңгіге  көз  жұмды.  Артында  мектеп 
қалдырды.  Із  қалдырды.  Академиктің  саналы  ғұмыры,  соңында    қалған  сан 
тарапты  жолы,  ғылыми  еңбектері  талай  іргелі  зерттеулерге    негіз  боларлық 
салмақты қазына. Бұл қазынаны игеру, өлшеусіз білім қорын пайдаға жарату  
кейінгі  буын  жастарға  парыз.  Алдағы  уақытта  «Рахманқұл  Бердібай 
оқуларын»  ұйымдастыру,  академиктің  атына  дәстүрлі  конференциялар 
өткізу,  тіпті  үздік  оқитын  білімгерлерге  академик  атындағы  шәкіртақы 
тағайындалса өзі шаңырағын көтеріп, іргесін бекітіп кеткен оқу ордасы үшін 
                                      А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013 

232 
 
абыройлы  міндет деп  білеміз.  Мұның  бәрі  болашақтың еншісінде. Өйткені  
оның мәңгілік өмірі енді басталды [7].  
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.
 
 Талант  пен  тағдыр  //  Ғалым  мұраты  (Белгілі  ғалым,  ҚР  ҰҒА  академигі 
Р.Бердібайдың 75 жылдығына арналған материалдар). –Түркістан, 2004. –195 б. 
2.
 
 Бердібаев Р. Ең үлкен мәдени байлық // Қазақ әдебиеті. – 1956, 22 сәуір. 
3.
 
 ҚР Президент Архиві. –708 қор. –30-тізім. – 168 іс. 
4.
 
 ҚР Президент Архиві. –474 қор. –1-тізім. –34 іс. 
5.
 
 Бердібай  Р.  Қазақстан  ғалымдарының  библиографиясы  /Құрастырушылар: 
Қорабай С., Жақанова Д. –Алматы: Ғылым, 1998. 
6.
 
 Әбіл  Ж.  Рахманқұл  Бердібайдың  өмірі  мен  шығармашылығы  /  «Р.Бердібай 
және  ХХ  ғасырдың  екінші  жартысындағы  фольклортану,  филология,  түркология 
мәселелері»  атты  халықаралық  ғылыми  теориялық  конференция  материалдары.  –
Түркістан, 2008. –22 б. 
7.
 
 Камалқызы Ж. Мәңгілік өмірі басталды. –Түркістан, 2012, 8 желтоқсан. 
 
жүктеу 6.24 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет