Әож 821. 512. 123 Кбж 84 (Қаз)-6 с 93 Самитұлы Ж. с 93 Сарыала қаз



жүктеу 2.19 Mb.
Pdf просмотр
бет1/21
Дата15.09.2017
өлшемі2.19 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

1
САРЫАЛА 
ҚАЗ
Әңгімелер
ЖАҚСЫЛЫҚ САМИТҰЛЫ
«Мерей» баспасы
Алматы, 2015

2
ӘОЖ 821.512.123
КБЖ 84 (Қаз)-6
С 93
Самитұлы Ж.
С  93  Сарыала  қаз  /әңгімелер/  Жақсылық  Самитұлы.-
Алматы: “Мерей” баспасы,. 2015. - 392 бет.
ISBN 978-601-7478-26-9
Бұл кітапқа көрнекті жазушы Ж.Самитұлының Қытайда 
және Қазақстанда жазған бір топ әңгімелері мен новеллалары 
топтастырылды. Бұлардың көбі еш жерде жарияланбаған жаңа 
туындылар.  Жазушы  қандай  тақырыпта  жазса  да  шынайы 
болмыс  пен  өмірдегі  құбылыстарды  нанымды  суреттейді. 
Әңгімелері қызықты әрі тартымды, тілі шұрайлы.
                                                        ӘОЖ 821.512.123
                                                     КБЖ 84 (Қаз)-6
ISBN 978-601-7478-26-9        © Самитұлы Ж., 2015
                                                © “Мерей” баспасы., 2015

3
ӘКЕ БЕЙІТІ
 Бесін ауып кетсе де, күннің ыстығы әлі қайта қоймаған. 
Жалпақ дала жалын бүркіп, шыжып тұр. Үйдің іші одан да 
қапырық, тынысыңды буып, тұншықтырып шыдатпайды. 
Жұмабек ақсақал есік алдындағы көлеңкеде таспа сыдырып 
отыр.  Жасы  жетпістен  асса  да,  көзі  әлі  жақсы.  Кәнігі  қол, 
өткір сары пышақ таспаны сымға тартқандай етіп, жұп-жұқа 
қырнап өтеді. 
Жүкең  осы  кәсібіне  өзі  де  риза.  Қыста  малма  салады. 
Жазда  бастромке, қамыт түзейді, айыр, тарақ, сабыр жөндейді. 
Әйтеуір, қысы-жазы үйінде. Ел құсап дала еңбегіне, су қоймаға 
барып, тоң сирақ болып, бүрсеңдемейді. Кемпірінің қасында, 
жылы үйде отырып ішкен шай-шалаң, көже-көлмегі де бойына 
қонады. Осыған да шүкір етеді. 
Енді міне пішен шабатын уақыт та таяп қалды, Жүкең 
соған бола қарбалас еді. 
Арбақ мүйіз қызыл өгізбен тасырлатып, дәл қасына жетіп 
келген баланың ажарына қарап, Жүкең тіксініп қалды. Қолы 
қалт  етіп  барып,  таспасын  да  қиып  ала  жаздады.  Аузынан 
ақ көбігі шұбырып, ілгерінді-кейінді кетіп, солықтап тұрған 
өгізден қарғып түсіп, бұйдасынан ұстап тұрған, он төрт-он 

4
бес жасар баланың өң-сұрқы да бөтен екен. Алты айрығынан 
тер ағып, екі иығынан дем алып, өгізбен бірге ентігіп тұр. 
– Ойбай, Жүке, ағам мен Бөкен екеуі төбелесіп жатыр. 
Сізді шақырып келдім. Тез жүре қойыңызшы, – деді аман-
сәлем жоқ, сөзін алқына үзіп-үзіп сөйлеп. 
–  Е,  не  бопты?  –  деді  шал  ажырая  қарап.  Бала  жауап 
қайтарған жоқ. Жапақтай берді. Жүкең де қырыстана қалды. 
–  Ана  бригадірлерге  барып  неге  айтпайсың?  Соларға 
барып айт, – деп  иегін бір көтеріп қалды да, жұмысын қайта 
қолына ала бастап еді. 
– Сізді әдейі шақыртып еді, – деді бала күмілжи міңгірлеп. 
Әңгімеге шүйкесін созып отырған Жүкеңнің бәйбішесі 
араласты: 
– Бара салсаң нетті, ауылдың басалқасы деп келіп отыр 
ғой саған, – деді күңк етіп. 
– Не жетпей жатыр екен? – деді Жүкең әлі де орнынан 
қозғала қоймай.
  Бала үндеген жоқ. 
– Қай жерде?
  Бала күмілжіп жауап берді: 
– Зират басында.
Жүкең аңырған бойы отырып қалды. Қабағы сәл түйіліп 
барып,  ауылдан  анадай  жердегі  қоңыр  қабақтың  үстіндегі 
зираттыққа басын кекжите қарап, әлде нені есіне түсіргендей 
кіржие берді. Шалғысы ұзын, аппақ мұрттары да жыбыр ете 
түскендей болды. Ойға шома отырып, ақырын күрсініп алды. 
Бір сойқанның болғаны анық. 
Анау  қаңсардағы  зират  та,  онда  кімдердің  жатқаны  да 
оған  анық.  Талай  заманнан  бергі  осы  маңда  жер  бетінен 
көшкендердің  бәрі  де  сонда.  Нелер  боздақ,  нелер  сабаздар 
да, жақсы да, жаман да– бәрі де сол арада, бір төбеде жатыр. 
Келіп тұрған мына баланың әкесі Әкілбай да, бұның ағасымен 
жанжалдасып жатыр деген Бөкеннің әкесі Нұғыман да өткен 
қыста осы зираттан мәңгілік орын алған.
Жүкең кенет басын жұлып алды да: 
– Мен бара алмаймын. Ана жотаға барып келе алатын 
мағдырым да жоқ. Биыл өзімнің де белім кілтілдеп, екі тізем 

5
бастырмай, халым азайып барады, – деді де мұңайып қалды. 
Қонышынан шақшасын алып, насыбайынан асықпай иіскей 
отырып, “уш-ш” деп ұзақ соза ысқырта бір күрсініп алды. 
– Ататай-ай, – деді бала жыламсырай мөлтең қағып.
– Сен шал бүгін неғып керги қалдың? – деп еді кемпірі.
–  Ей,  сен  жайыңа  отыр,  –  деп    қағып  тастады  оны 
тыжырынған Жүкең.
–  Әкем-ау,  не  болып  еді  оларға  соғұрлы.  Ерубай  мен 
Бөкен  тату-ақ  сияқты  еді,  бір  шайтан  кірді  ғой  араларына. 
Маңайларында басқа адам жоқ па еді? – деді кемпірі өзінше 
қиналып.
– Қажым менен Сағи бар, – деді бала, – Жүкеңді шақырып 
кел деп солардың өзі жұмсады. 
–  Ей, жазған-ай, а, соғұрлы не болды екен оларға? – деді 
кемпір өзіне-өзі сөйлегендей күбірлеп. 
– Ағам екеуіміз әкемнің зиратын жинап жатыр едік, Бөкен 
келіп «менің әкемнің қабыры» деп таласып жатыр, – деді сөзін 
тоқтатып. Алқынын басқан бала енді ғана даудың бетін аша 
сөйлеп, – Анығын Жүкең біледі деп шақырып еді. 
Жүкең еш нәрсе естімеген адамша тұқырып алып, пышағын 
қайраған болып отыра беріп еді, мән-жайды түсінген бәйбішесі 
оны еркі алдына қоймады.
– Қой, шал, таста андағыңды. Қолыңнан қойғаның рас 
қой, анықтап көрсетіп бер. Біреуі жаңылып жүрген болар тегі. 
Басқаны қойғанда аруақтан ұят болады, – деді қолды-аяққа 
тұрғызбай. 
Бала да сілейген қалпы әлі тұр. Мылқау кісіше мелшиіп 
отырып қалған Жүкең не заманда барып орнынан әзер қозғалды. 
– Әй, кемпір-ай, – деді кейіген раймен міңгірлей сөйлеп. 
Бала екеуі жайдақ қызыл өгізге мінгесіп алды да, қоңыр 
қабаққа бет түзеді. Жол үстінде де Жүкең қайта-қайта  түкірініп, 
әлсін-әлсін күрсіне берді. Анда-санда есінеп алып «ой, алла...» 
деп күбірлеп те қояды. Зиратқа таяған сайын тынышы кете 
бастады. 
Бұлар жеткенде зират басындағы адамдардың қарасы да 
көбейіп қалған екен. Айғай-шу, ұрыс-керіс те білінбейді. Бәрі 
жым-жырт көрінеді. Бір-екі жігіт шалды өгізден түсіріп те алды. 

6
Жүкеңнің қастарына таяуы-ақ мұң екен, түстері қашып 
түнеріп алған Ерубай мен Бөкен қайтадан ерегесе бастады.
– Міне, келді ғой Жүкең де, қазір-ақ жүзің айдай болады, – 
деді Ерубай ісініп қалған қабағының астындағы шегір көздері 
от шаша жарқылдап. 
– Кімнің жүзі айдай болар екен, – деді қап-қара болып 
түтігіп алған Бөкен де жейдесінің айрылған жағасын бір сипап 
қойып. 
– Айтыңызшы, Жүке, ана уақытта «сенің әкеңнің зираты 
осы»  деп  маған  өзіңіз  көрсетпеп  пе  едіңіз,  –  деді  Ерубай 
жақындап. 
– Сен  миғұла сөз ұғушы ма едің? – деді Бөкен Ерубайға 
шатынай қарап.– Ал айтсыншы, Жүкең. Маған да айтқан өзі 
ғой, Сағидың апасының оң жағында қойылды деп. Сағидың 
апасы мынау емес пе? Былтыр күзде өз қолымызбен қойғамыз. 
Жүкең бұлардың дауын түсініп отыр. 
Өлген адамның орнын қадірлейтін ежелгі салт бойынша 
бұл елде аруағын қабыр топырағымен тастаған адамды ешкім 
де жақсы атамайды. Ел болып сөгеді. Сүйекке таңба деп бетіне 
басатындары да болады. Бір орайын тауып: «өлгеніңнің аруағын 
сыйламаған сен кімге опа бересің?» деп жерден ауыр сөгіс 
айтады. 
Ерубай  мен  Бөкен  екеуі  де  ұлан  қыстай  «секірмелі 
даму»  тоғанын  қазу  жұмысында,  сонау  алыста,  күншілік 
жерде  бұлдырап,  көгілдірленіп,  әрең  көрініп  тұрған  қара 
таудың  бөктерінде  болды  да,  әкелеріне  бір  күрек  топырақ 
та  сала  алмады.  Әуелі  жазға  салым  жұмыс  бітіп,  үйлеріне 
келгенде бір-ақ естіді. Бұған олар кінәлі емес, әдейі жасырып 
естіртпей қойған бастықтар жауапты. Бұл үшін оларды ешкім 
де жазғырмайды. Бірақ сол бойы елемей, зират та тұрғызбай 
жүре берсе, оны кешірмейді де. Сондықтан биыл жазда олар 
ертелі-кеш демалыс кездерінде астырттағы бұлақ жағасынан 
керпіш құйып, дайындап қойған. Анау сыртын жауын мұжыған, 
кейі алты қанатты, кейі төрт құлақты үлкен зират сияқты қорған 
соғуға шамалары келмесе де, бұларды оған бола ешкім сөкпейді. 
Әйтеуір, әкелері қабір топырағымен қалмаса болғаны. Екеуінің 
де ойы осы ғана. 

7
Бірақ бүгін ойламаған жерден мына жаңжал шығып қалды. 
Таң сәріден келген Ерубай шалқар түске дейін әкесінің қабірін 
жиып болып та қалған еді. Бөкен келді де әңгіме шығарды. 
«Менің  әкемнің  зиратын  жинап  тастапсың»  деп  соқтықты. 
Бастабында әр қайсысы өздерінікінің дұрыстығын дәлелдемек 
болып өңештесті. Бара-бара қызарақтасып та қалды. Аяғында от 
шықты. Бөкен жүгіріп келіп, енді орнаталып жатқан құлыптасты  
жұлып  алып,  лақтырып  жіберді.  Бұл  қорлыққа  шыдамаған 
Ерубай Бөкеннің жағасынан ала түсті.
Өткен  қыс  «Дажайдан  үйрену»
1
  қозғалысының  ең  бір 
дабыралы кезі болды да соған орай тауды кесіп, тоған қазу маңдай 
алды жұмыс есептелді. Ауылдағы еңбек күшінің тайлы-таяғын 
бір-ақ әкетті. Бірен-саран, ауру-сырқау, мүгедек, жарымжан 
шал-кемпірлер ғана қалған еді. Міне, Жүкең солардың бірі. 
Қаңтардың қақаған аязында болса да, екі шалды арулап көмген 
осы Жүкең ғана. Бүгінгі даудың төрешісі де сол кісі болмақ. 
Елден ерек Жүкеңнің шақыртылуының мәні де осы еді.
Жүкең  олардың  сөзін  естіп  отырғаны  қайсы,  қалғып 
отырғаны қайсы, астыңғы еті ісініп, салбырап тұратын көздерін 
жұма жерге қарап, үн-түнсіз отыра берді. Не деп төрелік айту 
керектігін білмей отырған да жоқ. Бұл жерде кілтең бір әңгіме 
бар. 
***
Жүкеңнің осы жолғы қиналғанын,  қысылғанын құдай 
тағала адам баласына бере көрмесін. Күн деген жалап тұрған 
кез, ақырзаман аяз, қызылдап соққан үскірік бет қаратпайды.
Өткен  күз  жауынды  болғандықтан  жердің  тоңы  қалың 
екенін Жүкең де білетін. Зираттың ішін олай аралап, бұлай 
аралап, «биттей жұмсақтау болар ма екен» деп жотасы дөңкиген 
биік  үрдесін  қардың  астын  таңдаған.  Қасат  қардың  өзі  де 
сығырдаң, қатты болғанымен, әр беріден-ақ ойып жіберіп еді, 
жердің беті шауып жатсаң шақылдақ түспейтін, көк мұздың 
өзі болып шықты. Қадап тұрған қайла қайта-қайта  дүмпіп, 
қолыңды  қайтарады.  Кішкене  қиғаш  тиіп  қалса,  бытырлай 
бетіңе шапшиды. 
1
 Дажайдан үйрену– Мәдени революция кезіндегі әсіре солшыл  
саяси  ұран.

8
Қанша  қайрат  қылғанымен  түк  өндіре  алмаған  Жүкең 
түске таяп өзі де үміт үзді. Буындары құрып, қол-аяғы дірілдей 
бастады. «Кәрілік меңдетіп әбден жұбына жеткен ғой, шіркін, 
қайран жастық дәурен» деп налыды өзіне-өзі.
Қиналғанмен, налғанмен бола ма? Бас тартуға келмейтін, 
қалжы-бұлжыға көнбейтін үлкен борыш. Талай заман дәмдес 
болып, бақыр сорпасын бірге ішкен замандасының сүйегін 
бір  уыс  топырақпен  жасыра  алмаса,  махшар  күнінде  оған 
не бетімен кезігеді? Ел бетіне қайтып қарайды? Бүйткенше 
өлгені артық.
Осы ой оған тағы бір аз қайрат берді. Екі тізесіне сүйеніп 
орнынан әрең тұрса да, бір тұрып алған соң сүйекке қарысып, 
қыбырлай берді. 
Жүкеңнің  тақымына  кетпен,  күрегін  қыстырып, 
күлапарасын  шарта  байлап,  қоңыр  өгізбен  тепеңдеп,  зират 
басына  келіп  жүргеніне  міне  үшінші  күн.  Үш  күн  болсын, 
бес күн болсын, Жүкең онымен есептеспейді. Әйтеуір, қазір 
тоңнан құтылып, тізеден төмен түсіріп қазып алды. Осыған 
қуанышты. Алғашқы күн қатты сасқалақтап еді. Сол бір әдісті 
тапқанына өзі де мәз. Өмір бойы ашты мен тұштыны бірге 
татқан, түсінісіп, сыйлап өткен кемпіріне де риза. Үйдегі бар 
қалған екі қап қиын да аямады ғой. «Сабан жақсақ та, ыстық 
істеп ішеміз, марқұмның аруағы разы болсын» деген. Даланың 
оты тамбай қойып жүрмесін  деп құмыраның түбінде қалған 
екі елі керосинді де қанжығасына байлап берген.
– Апыр-ай, шал, қиын болды-ау, – деген  қаймыға жаны 
ашып, – Екеуіміз екеулесек мұнша қиналмайтын да едің сен 
байқұс.
– Болмайды ғой оған, – деп  басын шайқады Жүкең, – 
Егер шариғат көтеретін болса, осы ауылдағы қатын-қалаш, 
кемпір-кешекті түгел жиып апармас па едім.
Десе де кемпірінің себі тиді. Екі қап қи жарым күнде жанып 
болмады.  Сол  күні  зират  басынан  будақтаған  қара  қошқыл 
түтін кешке дейін үзілген жоқ... оттың орны ертеңінде жібіп 
қалған екен. 
Міне  енді  соның  арқасында  қабыр  қазылып  та  болды. 
Оның  есесіне  үш  күн  ұдайы  жанталасты  көтере  алмай, 

9
Жүкең өзі де тұралап, титықтап бітіп еді. Белуардан келетін 
шұңқырдан қанша тырбанса да шыға алмады. Екі тізесі де 
иліктірмейді. Қолдары да қарысып, дірілдей береді. Жүрегі 
қағып, көзі қарауыта бастады. Бір аз отырып дем алып еді, өзі 
де қорқайын деді. Отырған сайын аяқ-қолының жаны кетіп 
бара жатқан тәрізді сезілді. Саусақтарына дейін ұйып, белі мен 
тізесі илікпестей болып, сіресіп барады. Енді біраз аялдаса 
бүкіл денесі бірақ ағашқа айналып қалатындай. Ажал қайдан 
дейтін емес, Әкілбайға арнап қазған қабырынан өзі шыға алмай 
қалатындай көрінді. Ол жер таянып әзер тұрды да, қабырдың 
ернеуіндегі екі-үш  кесек тоңды ішіне түсіріп алып, аяғына 
соны тиянақ қып қойып, сүйретіліп әрең шықты. 
Жүкең шынында да мұрттай ұшқан екен. 
– Басым, белім, сүйек-сүйегім шағып әкетіп барады, – 
деп  қалпақтай түсті.
– Тер қатырып алдың-ау, сүзек болып жүрмесе игі еді, – деп  
уайымдады кемпірі. Аузына дән салмай, нәр татпай қойғанына 
қарап  қорқайын  деді.  Абдыраның  түбіндегі  түйіншектерін 
ақтарып жүріп, қарандыз, жалбыз тауып алып, соны қайнатып 
ішкізді. 
Жүкең содан кейін титтей тыныстағандай болып еді, ол да 
баянды болмады. Кірпігі айқаса берсе болды, қайланың үшінен 
бытырап ұшқан қиыршық тас, тоң көзінің отын жарқ еткізеді. 
Селк етіп оянады. Енді бірде бықсыған қиды үрлеп жатады. 
Ілінбей,  сөніп  кетер  ме  екен  деп  қорқады.  аузын  толтыра-
толтыра, жеделде те үрлейді. Кенет қызыл жалын лап ете түседі 
де, бір жақ мұрты сырылдай жанады. Шошып оянып мұртын бас 
салады. Оқыс қимылдан кенет белі кілт ете түседі. Өне бойы 
шаққылап, сұққылап, тағы да кеміре жөнеледі. Ұзақ түнді көз 
ілдірмей өткізген Жүкең қалжырап барып, таңға жақын ғана 
бір сәт мызғып кеткен екен: «Жүке, әй, Жүке, мен қысылып 
барамын» деп айғайлап тұрған Әкілбайдың дауысынан шошып 
оянды. Тынысы әрең шықты. Көзі бажырайып, құлағын тіге 
қалды. «Марқұмның аруағы ренжіп жатыр ғой» деп ойлады. 
Терезе тағы қағылды. Жүкеңнің жүрегі одан арман зу ете 
түсті. Демін ішіне тартып тыңдай қалды. 
– Жүке, – деп  айғайлады енді бір әйел дауысы.

10
  Жүкең үндеген жоқ.
– Жүке, әй, Жүке, Нұғыман қысылып тұр, – деді терезеден 
қалтыраған бір үн. 
  Бәйбішесі ояу жатыр екен: 
– Аттеріс қой... Кеше барып көңілін сұрағанымда шалы 
төмендеп қалған көрініп еді, – деді күбірлеп. 
  Жүкең басын көтерді:
– Қанипамысың? Я, барайын қазір.
  Жүкең сүйекке қарысып, киініп барғанша Нұғыман жүріп 
кетіпті. Жүкең оның жылап отырған әйеліне жұбату айтты да, 
Нұғыманның аяқ-қолын дұрыстады. Бақырайып қалған көзін 
уқалап аясына түсірді. Жағын таңды... Көйлегінің иінішінен 
айырып шешіндірді де, құйындырып оң жаққа салды... Таң 
атқанша күзетіп отырды. 
Ертеңінде  ол  тіпті  де  ауырлап  қалған  екен.  Денесі  де 
зілдей, қозғалтпайды. Белі де, тізесі де тас болып қатып қалған 
сияқты. Сынықтан кем болса не дерсің. 
– Апыр-ай, ауылда бір де бір азаматтың болмағаны-ай, – 
деп  қамықты Жүкең әрең созылып өгізіне мініп жатып. Зират 
басына барғаннан кейін де көп ойланды. Басқа не амал бар? 
Жүкең жерлемей кім жерлейді оларды. Шыбын жаны бойында 
тұрғанда мұнан бұлтару деген намыс қой. Кіндік қаны осында 
тамып, тіршіліктің бар қызығын осы арада көріп, алал кәсібін 
теріп жеген, сақал-мұртын да осы арада ағартқан кешегі ер 
азаматқа өзінің осынау ұлан-байтақ туған өлкесінен бір уыс 
топырақ бұйырмаса олардың аруағы да тірілерге қарғыс айтпай 
ма? 
Өзінің де төрінен көрі жуық. Ертең өзінің де көзін қарға-
құзғын шұқып жатса... мұны ойлағанда Жүкең көзін тарс жұмып 
алып, басын шайқай берді. Құдай оның бетін ары қылсын. 
Бірақ, қазір Жүкең өзінің дығдыры құрып бара жатқанын 
қадам  сайын  айқын  сезді.  Көзі  қарауытып  теңселе  берді. 
Қалтылдап тұрып ойға шомды. Қыстың күні ғой, сүйек бұзыла 
қоймас. Ертең көрейін, бәлкім, бір мысал тәуірленіп те қалармын  
деп қорытты да биіктеу бір қардың бауырына жетелеп әкеліп, 
суықтан ширығып аласатып тұрған өгізінің бұйдасын ердің 
қасына  қымқыра  ұстап,  үзеңгіге  аяғын  сала  берді.  Өгіз  де 
жүріп кетті. Одан кейінгісін білмейді...

11
Есін  жиғанда  өгіз  шанада  келе  жатыр  екен.  Қасында 
бәйбішесі отыр. Бір әйел өгізді айдап келеді. 
Бұйдасын  сүйретіп  барған  өгізді  көріп  шошып  кеткен 
бәйбішесі адам ертіп келіп, жығылып жатқан жерінен тауып 
алып барады екен. 
Жүкең бұл түні де ұйқы көрген жоқ. Кірпігі айқаса берсе 
болды, шытырман, қым-қуыт бірдеңелер көзіне елестей береді. 
Қабырдан  шыға  алмай  қысылады...  Әкілбай  өкпелеп  кетіп 
бара  жатады.  Нұғыман  келіп  жалынады:  «көзім  жұмылмай 
жатып-ақ ұмыттың ба? Жүке, замандас едік қой, қандай тату 
едік. Екеуіміздің арамызға түскен көк лақты ешкім тартып 
ала алмаушы емес пе еді. Шілдехана, той болса жұбымызды 
жазбай, тізе қоса отырып айтатын әндеріміз қандай айысты еді. 
Талай-талай әріптестің сыңқылдаған күлкісін жырғап отырып 
бірге тыңдамаушы емес пе едік...– дейді жүдеп.
Жүкең ыңқылдайды. Ойға шомады. Күрсінеді. Қабағын 
түйіп аунап түседі. Көзін жұмады. Сонда да көз алдынан әлгі 
бейнелер бір кетпейді. Көрер таңды көзімен атырады. 
Таңертең Жүкең бәйбішесіне де, ешкімге де бір ауыз тіл 
қатқан жоқ, өгізіне шана жектірді де, Әкілбай мен Нұғыманның 
сүйегін қатар салып алып зират басына тартты. 
–  Қайран  замандастарым-ай,  мен  де  барамын  ғой 
арттарыңнан...  Аруақтарың  біліп  жатқан  шығар...  Аянып 
тұрмын ба? Құдай кешірсе, кешіріңдер осы күнәмді, – деді 
бір шұңқырда қатар жатқан екеуіне үңіліп отырып. Бір тамшы 
көз жасын топырақпен бірге көмді. 
***
– Ана кезде сендерге не деп айтарды білмеп едім. Әуелі 
осы сырды кемпірімнен де жасырып жүргемін, – деп  Жүкең 
дауысы дірілдеп барып тоқтап еді. 
  Бөкен отырған орнында міз бақпай, мелшиіп қалды да, 
Ерубай  бетін басып, өкіріп қоя берді: 
–  Ей,  құдай  тағала-ай,  қабырдың  топырағына  да 
таластырдың-ау, – деді ышқына айғайлап. 

12
ТОСЫН ОҚИҒА
Алыс-жақынға  аса  беделді,  «тү»  деген  түкірігі  жерге 
түспей тұрған облыстық соттың бастығы Қоқымбайдың әйелі  
Гүлиша аймақтағы партия мектебінен, бір жылдық саяси курстан 
көңілді оралды. 
Қала тұрмысы деген қызықты ғой. Бір жыл дегенің бір 
күнгідей білінбей өте шықты. Қандай ғажап! Қайда барса да 
көзге  ап-анық  көрініп  тұрған  жаңа  реформаның  жемістері. 
Қайда барса да аузы аңқиып қалған. Бәрі тамаша. Босқа жүрген 
ешкім жоқ. Елдің бәрі өз еңбегінің бодауымен игіліктенуге 
жатылып алған. Көз көріп, құлақ естімеген жаңа дүниелер. 
Бәрі де ұнап тұр-ау. Жалғыз-ақ...
Гүлиша  орта  мектептің  мұғалімі  болатын.  Үлгілі  озат 
мұғалім. Сонша керемет өзгерістердің ішінен оған жақпағаны 
жалғыз-ақ нәрсе. Қыз-келіншектердің тым еркіндігі. Тіпті орта 
мектептің жоғары класында оқитын ересек қыздардың өзі де 
тым бейбастақ. Өте шалдуар. Нарыққа бейім.
Ұзақ сапардан аман-есен оралғанына қуанып, құттықтап 
келіп жатқан туыс-туған, ел-жұртқа басқасының бәрін майын 
тамызып, тамсанып отырып айтса да, жалғыз-ақ көңіліндегі 
осы түйткілді  ол іркіп қалған. Тіпті айтуға арланған. «Мал 

13
құлағы саңырау» деп аузын тиған. Бірақ сондай бір келеңсіз 
оқиға үш күннен кейін өз үйінен, өз алдынан шыға келгенде... 
Өзі    де  көргенді  боп  өскен,  қыз  кезінде  де  әдептен  аттап 
көрмеген,  келіншек  болғаннан  тартып,  бүгінгі  мынау  орта 
жастағы толысқан шығына дейін де күйеуінің көзіне бір де 
бір  рет  шөп  салып  көрмеген,  оқытқан  балаларына  да  өмір 
бойы соны дәріптеп, құлақтарына құйып келген үлгілі ұстаз,  
мейірімді  ана,  опалы  жар  а  дегенде  аяқ  астынан  төбесінен 
жай түскендей болды.
Мейхуа деген олардың төртінші перзенті. Кенже қызы. 
Атын да әдейі қытайша «раушангүл» деп таңдап қойған. Осы 
үйдің еркесі де, әулиесі де сол. Бір жасынан бастап әкесінің 
мойнына мініп өсті. Не ішем, не кием деген жоқ. Мектепте 
де маңдайы жарқырап, өз қатарының алдында жүрді.
Сол  қыз–  Мейхуа  шешесі  қайтып  келгеннен  кейін  бір 
түрлілеу көрініп жүрді. Өңі азғындап жүдеген. Бет әлпетінде, 
нұры тамып тұратын дөңгелек жүзінде бір жадаулық бар. Әдемі 
қара көзіне ұялап қалған мұң табы да айқын. Мінезі де өзгерген. 
Қырлы мұрнының үсті тепшіп, секек қағып, жүгіріп келіп бас 
салатын тентек қыз қазір өте салғырт, марғау тартқан. Ерініп 
әрең қозғалады. Үстіне кигені де сөлекеттеу, қолқылдап тұрған 
кең көйлек.
– Жүдеп кетіпсің ғой, жаным, – деген  шешесі оны алғаш 
көрген кезде-ақ аңғара қойып.
– Ауырдым, мама, – дегенқызы күрсініп.
– Қай жерің ауырды?
– Асқазаным...– деген  қызы тырнағын шұқылап.
– Мен жоқта жақсы тамақтана алмағансың ғой. Бірдеңеден 
бұзылған  шығар.  Ащы-тұщы  бірдеңе  жеп  пе  едің?  Бәлкім, 
суық  бірдеңе  ішкен  шығарсың.  Жарайды.  Келдім  ғой  енді. 
Дәрігерге қаратам. Бәрі де жақсы болады...– деген  шешесі 
оның аппақ маңдайынан сүйіп.
Қатарынан  екі-үш  күн,  күндіз-түн  демей  амандаса 
келгендерден қолы бір босамады да, Гүлиша тек үшінші күні 
ғана қызының халын білуге уақыт тапты.
– Дәрігерге алып барайын, – деді таңертеңгі астан кейін 
қызы екеуі оңаша қалғанда.

14
– Жоқ. Бармаймын, – деді қызы басын шайқап. Сөйтті 
де көз жасын көл қылып жылап қоя берді.
Шешесі сонда білді. Қызының қолқылдап тұрған көйлегінің 
сыртынан қармалап сипап қалды да, есі ауып, қисайып құлап 
түсті.
Шешесі есін жиғанда күнәһар қызы шермиіп алып, аузынан 
суы ағып әлі жылап отыр еді. Гүлиша ыза болды. Ұрысты, 
қарғанды, сіленді. Зайыры ақылды адам еді. Ақыры телефонын 
алып, өзінің немерелес туысы, акушерка  Мағираны шақырды.
–  Жоқ.  Жасанды  түсік  жасауға  болмайды.  Айы-күні 
таяп тұр ғой. Бүгін бе, ертең бе? Әуелі бұдан ары кешіксең, 
масқара болғанда көшеде түсіп қалғандай екен. Енді отырма. 
Перзенханаға апар. Мен бір оңаша бөлме дайындатайын. Ешкім 
әлі білген жоқ қой. Онда жақсы. Тез қамдан, – деді ол мұны 
асықтырып,  қолды-аяққа тұрғызбай, үрейін ұшырып, қалғанын 
сонан кейін сөйлесеміз.
Он  жеті  жасар  қыз.  Толғағы  ашты  болды.  Кейде  тіпті 
есінен танып кете жаздап, талықсып жатты. Шешесі сонда 
қызынан арман қиналды. Ол да қайтерін білмей, жаны мұрнының 
ұшына келді. Кеше қанша ренжіп, ыза болғанымен енді «шіркін, 
қызымның орнына, керек болса, өзім-ақ өле қалсам..» – деп  
шын тілек етті.
Қыз екі көзі шарасынан шыға, алты айырығынан тер ағып, 
ауық-ауық түйіліп, қатты шыңғырып, арада бір сәтке тыныстап 
алып, қайтадан зар илеп, бебеу қақты. Сондай тыныс тапқан, 
әредік  сәттердің  бірінде  шешесі  әйелге  ғана  тән  гүманхор, 
осындайды алдын ала білгісі келіп тұратын  бір мінезбен:
–  Айтшы,  кім  еді  ол?  –  деп    сұрады  қызының  аузына 
құлағын төсеп.
Әлі оннан бір гүлі ашылмаған балауса, жас қызды алдап 
соққан сұмырайдың кім екенін біле алмай шеше көңілі әлем 
тапырық. Жүрегі де ауырып соғады. Соны білсе, сонан кейін 
өзінің бар өші,  кегі соған ауып, көңілі тыныстап қалатындай. 
Дүниеге келгелі тұрған нәрестенің әкесінің атын білсе, бәлкім, 
мынау қырсық толғаққа да бір себі тиетіндей. Шеше аңсары 
сонда.
–  Кім  еді  ол?  –  деп    түйілді  шешесі  қызының  мына 
қиналысына дәтке қуат бір дауа іздегендей.

15
Қатты  бұрап  ширықтырған  толғақтың  ашты  бір  сәтіне 
тура келді де, қыз жауап беруге үлгіре алмады. Тән азабымен 
жанталасып, оны дереу ұмытып та кетті.
– Қайсы сұмырай, күнім, айтшы маған, – деп  жалынды 
шешесі толғақ тыныс тапқан тағы бір әредік шақта.
Қыз кезерген ернін тістелеп, басын шайқады. «Айтпаймын» 
дегені. Осы арада шешесі бір қулық ойлады.
– Сен айтпағанмен құдай бәрін біліп тұр. Баланың әкесін 
айтпасаң,  бәрібір  босана  алмайсың,  –  деді  зіл  танытып.– 
Алдыңғы күнәң да бір басыңа жеңіл емес. Сонан ғой мына 
қиналып жатқаның. Аллаға қарсылық қылма!
Қыз бір жеріне пышақ сұғып алғандай ышқына ыңырсыды. 
Қатты ауырсынып, қабағын түйді. Ессіз жанталасып, басын 
шайқап-шайқап жіберді. Қылғына жұтынып барып, бір талай 
үнсіз жатты да, әрең тіл қатты:
– Қаһар, – деді ерні әзер жыбырлап, көз жасын да көлдете 
төгіп.
– Қаһар? Қайсы Қаһар ол? – деп  шешесі түршігіп басын 
көтеріп алды.
Қыз үндеген жоқ. Осы орайда шешесі Қаһар аттас кімдер 
бар екенін ойланып көрді. Ондай атты...
Иә, ондай есімді еркектен... Ой, айтпақшы, қызы оқитын 
мектепте сондай атты біреу бар. Гүлишамен қызметтес. Былтыр 
ғана үйленген жас жігіт. Спорт мұғалімі.  Ұзын бойлы, сып-сида, 
сұлу мүсінді тамаша еркек. Әсіресе, волейбол, баскетбол ойнаған 
кезде бір қабат спорт киімінің сыртынан барлық мүшесі айқын 
көрініп тұратын тұста, кейде бір пендешілікпен, жасы өзінен көп 
кіші болса да, өзінің мынау саркідір шағына қарамастан, күнәлі 
болып, соған қызыға бір көз қиығын салып өтетін мезеттері 
де жоқ емес. Жас кезінде әйел заты  бір көргенге қызыққыш, 
құлағыш болады. Әсіресе, он алты мен он жетінің төңірегінде, 
әлі ештеңенің қызығын көрмеген, өзін өзі тоқтата алмайтын 
ессіз, есер шағында тәуекелге көп барады. Сол шығар алдап 
қолына түсіріп алған. Әттең өзін!.. Айпақшы, иә, әйелі бар. 
Әйтпесе соған бере салса да болар еді. Әй, бірақ ол мінезді, 
сабырлы, моралды жігіт болатын. Мұндай ақымақшылыққа 
бармайтын шығар. Оның үстіне оқытушы тұрса...

16
Қаһар аттас онан басқа, ой, әлгі бір саудагер біреу бар. 
Қиылған  қара  қасты,  қыр  мұрынды,  түрік  пошымды,    өңді 
жігіт. Бірақ, қазақ емес. Қыс болсын, жаз болсын, бұп-бұйра 
қалың кеудесін ашып жүретін жалаң төстің өзі. Әй, сол әлі 
үйленген жоқ-ау, сірә. Былайша ауқаты да жаман емес. Мінезі 
де жайдары. Бір әйелді мәпелеп бағып кетуге мүмкіндігі толық 
азамат.  Бірақ,  оның  бұл  семьямен  араласы  жоқ.  Қызын  да 
танымауы мүмкін. Кім біледі, бәлкім...
Ал, бірге оқитын оқушылардан анау тоғызыншы сыныпта 
ондай есімді бала жоқ. Оныншы «А» класта, жоқ. Оныншы 
«б» класта, иә, анау өлездеу біреу бар. Қызға қырындағанды 
қойып, жанын баға алмай жүрген бір маубас. Әй, бір есептен 
мұндай жасырын сұмдық көбінесе сондай өлез, сілімтірлерден  
шығады.
Тұра тұр. Онан өзге? Бұл көшеде, анау базардың бергі жақ 
бұрышында ашық далада насыбай сатып, бөтелке алып отыратын 
тағы біреу бар. Оның да аты Қаһар, бет-аузы ұйпалақтанған 
қалың жүн. Желкесіне түскен шашына да, қауметі қалың ұзып 
сақалы мен қою мұртына да өмірі бір рет ұстара тиіп көрмеген 
қауға сақалдың өзі. Сөйлегенде дыбыс шыққанда аңғармасаң, 
тіпті, аузы да көрінбейді. Түксиген қалың қабағының үстіндегі 
бас бармақтай боп топтанған қалың қара қасы да ерекше ұзын. 
Арасында өрмекшінің сирағындай андыз-андыз кесек талдары 
да бар. Бет бейнесі де сағал-сағал. Кір ме, тер ме, белгісіз. Үнемі 
тұқыжыңдап, бірдемені шұқылап,  тұқырып кеп отырғаны. 
Әлде қалай біреуге басын көтеріп қарай қалса,  ең алдымен 
биік қаңсарлы мұрнының доп-домалақ ұшы көрінеді. Үстіндегі 
киімі де қомша бірдеме. Жазы-қысы киетіні сыртында тысы 
жоқ қара қожалақ тері желетке. Аяғында добалдай үлкен, дорба 
бас әскери бәтіңке. Үй дейтін үйі де жоқ. Төбесі майысып,  
ортасына түскелі тұрған ескі қопын. Қырық  жамау ескі үй. Есік 
алдында сым темірмен шандыған қоршаудың ішінде дағарға 
салып, аузын шандып тастаған тау мая бөтелке. Бұл жаққа 
оның қызы қуаласа да бармайтыны анық. Маңынан өткенге 
жиіркенеді әуелі... Сонда кім болғаны?
Осы кезде шешенің ойында тағы бір есеп тұрды. «Дәл 
мынадай  қиналыс  сәтте,  қыл  үстінде  айтқызып  алмаса, 

17
босанып кеңігеннен кейін мәңгі тіс жармай кетуі де мүмкін  
ғой. Күйеуі қанша жылдық тәжірибелі, керемет сот болғанымен 
де, қылмыскердің кім екенін білмей тұрып, не істей алады?!»
Ол қызын әрі қорқытып, әрі арбап шүйліге түсті:
– Айта ғой, ұрыспаймын. Өзім ғана білемін. Ешкімге де 
айтпаймын, – деді оның маңдайынан сипап.
Қыз  сонда  да  жауап  берген  жоқ.  Түтігіп  кеберсіген 
еріндерінің қайызғақ тектес аппақ қабыршықтарын жалады. 
Бір жұтынып алды да, тымпиып қалды.
– Әлгі мұғалім Қаһар емес пе? – деді шешесі аузына сөз 
салып.
Қыз басын шайқады.
– Саудагер Қаһар емес пе?
Қыз тағы белгі берген жоқ.
– Бірге оқитын біреу емес пе?
Қыз тағы басын шайқады.
– Айтшы, күнім, кім болса да айтшы. Аллаға сиыншы. Бір 
жеңілдігін берер, – деді шешесі өмешегі құрып, өзеурей түсіп.
Қыз көзін жұмды. Көп уақыт үнсіз жатты. Көзінен мөлдір-
мөлдір  меруерттер  төкті.  Бір  заманда  аппақ  желімдермен 
жабысып,  ашылмай  қалған  еріндерін  зорға  қозғап,  жыбыр 
еткізді. Шеше де ұмсынып, құлағын  төсей қалды.
– Сол...
– Кім? Қайсы Қаһар?
Қыз ұзақ күрсінді.
– Сол... Насыбайшы шал.
Шешесі шыңғырып жіберді. Дауысты естіп, Мағира жетіп 
келді. Укол салып, дәрі құйып, шешесіне әзер ес жиғызды.
Қызға  түк те болған жоқ. Аман-есен босанды. Балпанақтай 
ұл туды. Енді ол шешесіне бәрін де жасырмай айтты.
Екі жылдың алдында,  Мейхуаның он бес жасқа толған 
туған күнінде, үйінде, кілең ығай мен сығай жиналып, көл-
көсір қонақасы болған күннің ертеңінде саудырап қалған бос 
бөтелкелерді жинап-теріп пәкетке салып алған қызы базардың 
бір жақ шетіндегі насыбайшы шалға барады.
–  Кімнің  қызысың?  –  деп    сұрайды  насыбайшы  шал 
бөтелкелерді аузының бүтіндігін сипалап, тексеріп көріп жатып.

18
– Қоқымбайдың.
Шал бұған бастабында шошыған кісіше ажырая қарайды. 
Сонан кейін жымың қағып күліп жібереді.
– Әлгі сот бастығы Қоқымбай ма? – деп  сұрайды бұған 
барлай қарап.
– Иә.
–  Өз қызысың ба?
–  Иә, өз қызымын.
– О-о... онда жақсы адамның қызы екенсің. Әкеңді білеміз 
ғой. Бүкіл аймаққа әйгілі адам. Жарайды, жарайды, – дейді ол  
ойланып қалып, – Мұнда бөтелке әдетте бір де екі Мао
2
. Ал сен 
жақсы адамның қызы болғаның үшін мен саған бір бөтелкеге 
бес маодан төлейін. Бірақ, әке-шешеңе айтушы болма. Олар 
өте әділ адамдар. «Базар бағасын бұздың»– деп  маған әлек 
салып жүрер, – дейді ақшасын санап беріп.
Қыз  қуанып  кетеді,  әрине.  Кетіп  бара  жатқан  қызды 
насыбайшы шал қайта шақырып алады.
– Атың кім, айналайын? – дейді оның арқасынан сипап.
– Мейхуа.
– Атың да жақсы, өзің де әйбәт қыз екенсің. Бұдан кейін 
де келіп тұр. Саған ыңғай осындай баға. Бірақ, басқа ешкімге 
тіс жарушы болма, –дейді қадағалап.
Күндер өте береді. Мейхуа да әркез насыбайшыға келіп 
тұрады. Шал оның уысына кейде тіпті есептен тыс та кесек-
кесек ақша ұстатып жібереді. Әр жолы осындай кезде: «әкең 
жақсы адам ғой. Бұл соның құрметі» дегеннен жазбайды. Оның 
үстіне былайша үндемей отырғанымен, насыбайшы шал өте 
әңгімеші адам болып шығады. Көп қызық әңгімелер естиді. 
Шалдың білімділігіне таң қалады. Әр жолы қуанып қайтады. 
Бара-бара Мейхуа онан тартынбайтын да болады.
Бір жолы шал оны «ақша алып беремін» деп үйіне ертіп 
барады. Оның үйі  Мейхуа ойлағандай болмай шығады. Сырты  
жарбиып тұрғанымен, іші тап-таза.  Жалғыз кісілік төсек орын 
да  тап-тұйнақтай. Түсті телевизор, жаңа үлгідегі радио, кір 
жуатын машина...
Оның  сыртында  тағы  бір  қызығы,  Мейхуаны  ерекше 
2   Мао – қытай ақшасы. Он тиын.

19
таң қалдырғаны, үйдің  аппақ қабырғаларына ілінген музыка 
аспаптары. Скрипка,  гитара,  домбыра. Бәрі бар. Төсектің бас-
аяғы түгел шашылып жатқан ақша. Юан да, доллар да жайрап 
жатыр. Қыз байыбына бара алмай, сілейіп тұрып қалады. 
Келесі жолы бір барғанында насыбайшы шал оған басқа 
адам болып көрінеді. Жаман киімдерін ауыстырып алғаннан 
кейін ол  бет-аузын жапқан,  бейберекет қоя беріліп, ұйысып, 
ұйпалақтанып  қалған  сақал-мұрты  ғана  ерсілеу  демесең, 
салауатты, ғұлама бір ғалымға да ұқсап кетеді.
– Домбыра тарта білесің бе? – деп  сұрайды Мейхуадан.
– Енді үйреніп жүрмін.
– Гитараны ше?
– Жоқ.
Ол  алдымен  домбырадан  Құрманғазы,  Тәттімбеттің, 
Динаның күйлерін дүркіретеді. Онан соң гитараны алып, татар 
әуендерін, «керуен» күйін ойнап, аядай бөлмені мұңлы, қоңыр 
сазға толтырады.
– Саған үйретейін бе? – дейді қыздың өзіне бар жанымен 
құлап, үйіріле қалған сезімтал көңілін аңғара қойып.
Қыз үндемейді. Ол қызға  гитараны ұстатады да, өзі оның 
ту сыртынан келіп құшақтай отырып, қыздың екі қолын кезек-
кезек ұстап, икемге келтіре бастайды.
Сонан бір кезде, күз маусымының жауын-шашынды, сүркей 
күндерінің бірінде, насыбайшы шал қызға арнап гитарадан  
айысты бір күй ойнап береді де, күй сарынына ұйып, көзін 
жұмып, манаурап отырған еліккіш қызды қапсыра құшақтап 
көтеріп алып, төсегінің үстіне алып ұрады. Осы күнге дейін 
ешбір ұл баланың иегі тиіп көрмеген балғын жүзіне, уыздай 
үлбіреген ақ бетіне ұйпалақ-ұйпалақ болған қалың сақалын 
үйкелейді. Насыбайдың қоңырсық шаңыты мүңкіп тұрған сасық 
демімен ұлпадай үлбіреген қызыл ерінге жабысады. Қыздың 
жүрегі айнып, құсқысы келеді. Қолқасы үзіліп кетердей болып, 
өмешегін суыра лоқсып-лоқсып жібереді...
Қоштасарда қыздың қалтасын ақшаға толтырады. Жақұт 
көзді  жүзік  сыйлайды.  Онан  ары  үстелдің  суырмасында 
тұрған, қынына ұйғыр өрнектері ойылған, жетесіне Иіңісар
3
 
ұсталарының таңбасы шегілген, дүзінен қызылды-жасылды от 
3   Иіңісар – жер аты

20
ойнап, қыл қауып тұрған кере қарыс пышақты алып шығып, 
үстелге шарқ еткізіп, шаншып қояды да:
–  Мынау  немене,  білесің  бе?  Сертке  соғылып,  кекпен 
суарылған  ақ  алмас.  Осының  алдында  ант  бер.  Ешкімге 
айтпаймын  де.  Егер  серттен  тайсаң,  саған  да,  маған  да 
осы  жалынады.  Ұқтың  ба?!  –  дейді  жүрегін  онан  араман 
шошындырып,  ып-ыстық  үйден  сұп-суық  сүркей  далаға  
шығарып салып...Шешесі қызының әңгімесін түршіге, көзінің 
жасын көлдете отырып тыңдады. Бірақ, күйеуіне тіс жарып, 
ештеңе  деген  жоқ.  Тіпті  қызының  осындай  халге  душар 
болғанын да әзірше жасыра тұруды жөн санады, «алдымен 
өз ақылыма жүгініп көрейін, ер адамға айту қашпас. Еркек 
жүрген жер ерегіссіз болушы ма еді!? Айғай-шу, жаңжал, бүлік 
қажет болса, ол оңай ғой...»– депсабыр сақтады. Дегенмен, 
оңай болған жоқ. «Мейхуа перзентханадан шыққаннан кейін 
қайда  апарамын?  Қайда  жасырамын?»–  деп    күндіз  күлкі, 
түнде ұйқы көрмеді.
Үш күннен кейін, Мейхуа өзіне өзі келіп, сергіп, тыңайып 
қалған бір күні, дәл түскі тамақ ішіліп болғаннан кейінгі бір 
әредік сәтте, оңаша бөлмеге бейтаныс еркек кірді. Бет-аузын  
жапқан қою да қалың сақалдан қып-қызыл мұрнының ұшы 
ғана көрінеді. Орта бойлы, құж денелі біреу. Үстінде жоғары 
сортты қоңыр түсті костюм-шалбар. Ине-жіптен жаңа шыққан. 
Ақ көйлек киіп, қызыл галстук таққан. Аяғында дәл осы кездегі 
модаға лайық үшкір тұмсықты бәтіңке. 
Есік  қақпай,  рұқсат  сұрамай  төте  кірді  де,  аман-сәлем 
ретінде ернін ғана жыбырлатып, орындыққа өздігінен келіп 
отырды. Табалдырықтан а деп аттағанда басын сәл төмен иіп, 
тұқырыңқырап  кіргендей  болып  еді,  енді  Гүлишаға  қасқая 
қарады. Қара  күйемен сызып, әдейі жасағандай қара қастың 
астынан жалғыз көз қадала қарайды. Бір жақ көздің орны ғана 
бар. Ойылып, шүңірейіп, ішіне кіріп кеткен титтей шұңқырдың 
астыңғы жақ шетінен жас па, сора ма, бірдеңе жылтыраған 
сияқты көрінеді. Онан төмен қыртысы қалың талауратқан қып-
қызыл  беттің  қақ  ортасын  тіліп  өткен,  майлап  тастағандай 
жып-жылтыр болып біткен, бір жақ ұшы ұйысқан қауметтің 
ішіне кіріп барып көрінбей кеткен ұзын тыртық жатыр.
Гүлиша шошып қалып, кеудесін қос қолымен  баса қалды 

21
да,  екі  көзі  шадырая  беріп,    келген  адамға  бір,  қызына  бір 
қарады. Қызының көзі де бақырайып кеткен еді.
– Рұқсатсыз кіргеніме ғафу өтінем. Сіз Мейхуаның мамасы 
боларсыз? Айыпқа бұйырмасаңыз, сізбен сөйлесетін төтенше 
бір жұмысым бар еді, – деді отырар отырмастан Гүлишаға 
төтесінен тіл қатып.
Гүлиша қайтерін білмей, аузына еш сөз түспей,  аңқиып 
отырып қалды.
–  Мен он жеті жылдың алдында консерватория бітірдім. 
Сонан  осы  Н  ауданына,    анау    №1    орта  мектепке  музыка 
мұғалімі болып келдім.Дәл сен мына қызыңа босанған, тамыз  
айының соңғы кезінде. Сен мені сонда көргенсің. Ұмытып 
қалмаған болсаң, осы қызыңның шілдеханасында мен музыка 
ойнап берген болатынмын. Осы ауылда, анау шеткі көшеде 
жалғыз  шешем    тұратын.  Білетін  де  шығарсың.  Елдің  бәрі 
«қисаң апа» деп атайтын ақсақ кемпір. Мен соның жар дегенде 
жалғыз ұлымын. Сонан келесі жылы көктемде, Наурыз мерекесі 
қарсаңында концерт дайындадық. Сол күні мен кешкі сағат онға 
дейін репетицияда болдым. Онан шығып, бір кафеден тамақ 
іштім. Сол арада аяқ астынан жанжал шықты. Біреулер даяшы 
қызды шашынан сүйреп, соғып жатты. Қарап шыдап отыра 
алмай мен қызға араша түстім. Әлгі озбырды жұдырықпен бірді 
асатып, қызды босатып алдым. Дәл осы кезде милиция келіп 
қалды. Әлгілер– содырлар қас пен көздің арасында бәрі тайып 
беріпті.  Кафеде  қызметшілер,  онан  басқа  кеудесіне  пышақ 
ұрылған қызды құшақтап мен қалыппын... Мені уақытша тергеу 
изоляторына апарып қамады. Көп тергеу болды.  Ақырында, 
мына сенің күйеуің Қоқымбай  менің көзімше әлгі қызға пышақ 
салған қылмыскерден бес мың доллар пара алды да, мені  он 
бес жылға соттап жіберді. Сүйген қызым бар еді. Өмір бойы 
мен деп жанын шүберекке түйіп келе жатқан байқұс  шешемді 
қуантып,  той жасауға дайындалып жүргенмін. Енді ол қыз 
да жайына кетті. Дос-жарандар да өз жөнін тапты. Жалғыз 
шешем ғана, менің соңымнан қаңғып жүріп, ақыры түрменің 
босағасында, ай далада жан тапсырды. Сонымен, ит көрмеген 
қорлықты көріп, мына бір көзді шығарып, мына бетті осылай 
тыртық қылып жүріп, – деді ол сұқ саусағын соқыр көзі мен 
тыртық бетіне тигізе нұсқап қойып, – Он бес жыл да бітті-ау, 

22
әйтеуір. Қайтып келдім. Түрмеден босанып шықтым да, бір жыл 
сенделіп бос жүрдім. Абақтыдан  шыққан  адамды кім қызметке 
ала қояды деп едің. Сонан... Атымды өзгерттім. Сақал-мұртымды 
қоя  бердім  де,  базардың  бір  бұрышында  отырып,  насыбай 
саттым. Бөтелке жинадым. Есі-дертім «әттең, Қоқымбайдан 
өшімді бір алсам!» деп ойладым да жүрдім. Аз емес, тұп-тура  
он бес жыл ойладым. Іргеңде отырып алдым да, сенің үйіңді 
аңдыдым. Адамға қастық жасау, кісі өлтіру туада қолымнан 
келмейтін еді. Жүрегі жұмсақ сезім адаммын. Музыкантпын 
ғой.  Ақыры,  аяқ  астынан  сенің  қызыңды,  мына  Мейхуаны 
көрдім де, соны аңдыдым. Онан арғысын өзің де көріп отырсың. 
Менің атым, кейінгі есімім– Қаһар. Ел насыбайшы Қаһар деп 
атап кеткен қайыршы мен боламын. Менің қолымнан бұдан 
басқа ештеңе де келмейді. Оны сен де, сенің күйеуің де, ел де 
біледі. Айтайын дегенім бұл ғана емес, мен Мейхуаны алып 
кетемін. Солай. Көріп отырсың, ұлым бар ғой әне. Қазір мешітке 
апарамын да, некемізді қидырамын. Онан соң үкімет жолы 
бойынша некеге тіркелетін шығармын. Білем, Мейхуаның жасы 
он сегізге  толған жоқ. Оны қажет болса, әкесі өзі толтырады. 
Жөнін  білетін  адам  ғой.  Оған  қинала  қоймайтыны  белгілі. 
Егер осыным үшін тағы да жазалы болсам, оған да шыдаймын. 
Алда-жалда  басқаша болып, іс насырға шауып, бөлек әңгіме 
шығып жатса, онда ең алдымен ел алдында өздерің масқара 
боласыңдар.Әйтпегенде, мен келгенше Мейхуа менің үйімде, 
менің абақтыдан екінші рет босауымды күтіп, тосып отыратын 
болады. Шеше-еке, – деді ол осы арада кенет сөзін жұмсарта, 
сыпайылай сөйлеп, – Мен сізге айтарымды айтып арылдым. 
Қалай түсінсеңіз де өзіңіз біліңіз.
Қыз шешесі қайтерін білмей, мелшиіп отырып қалды.
Жігіт орнынан тұрды да, Мейхуаға жақындап барып, тұмса 
ананың қасында ораулы жатқан тұңғыш ұлын қолына алып, 
төбесіне биік көтерді:
– Сенің атың да Қаһар болады, – деді маңдайынан иіскеп. 
Сонан соң Мейхуаға бұрылды:
– Баяғыдан  әдейі айтпай, дәл осы сәтке деп, сары майдай 
сақтап жүрген бір сөзім осы еді. Қарсы болмасаң, жүр, кеттік, 
Мейхуа! – деді.
Қыз еңіреп жылап қоя берді.

23

Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Филология кафедрасы
2016 -> 46-ғылыми-әдiстемелiк конференция материалдары
2016 -> №70 (858) Сенбі, 3 қыркүйек
2016 -> Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж
2016 -> ҚазаҚстан Республикасының Мәдениет Және споРт МинистРлігі МинистеРство культуРы и споРта Республики казахстан
2016 -> Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы тоқсандық журнал 2001 ж шыға бастаған 2016
2016 -> 2016 жыл №89 (8009 ) 12 Қараша сенбі (Жалғасы 3-бетте)
2016 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығЫ

жүктеу 2.19 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет