Әлихан бөкейхан еңбектеріндегі ұЛТҚА Қызмет идеясы болбаева Парида Абдирамановна



жүктеу 22.94 Kb.
Дата31.10.2022
өлшемі22.94 Kb.
#23102
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ Парида

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ИДЕЯСЫ
Болбаева Парида Абдирамановна
(Теміртау қаласы, №9 лицей директорының орынбасары)
ХХ ғасыр – өзгерістер ғасыры. Қазақ қоғамы ғана емес, бар әлем өзгерді. Адамзат баласының өмірге, құқық пен еңбекке қатысты ойы, көзқарасы мүлдем басқа арнаға бұрылды. Бұл үрдістен сол дәуірдегі қазақ оқығандары да шет қалмады. Олардың алдындағы басты мақсат – ұлтты ұшпаққа шығарып, қалың қазақты жарық күнге бастау еді. Көсемсіз қозғалыс, басшысыз іс болмайды ғой. ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының басында Әлихан Бөкейхан тұрды. Ұлт азаттығы жолында Алаш идеясын ұсынып, өмірінің соңғы сәтіне дейін осы идеяға адалдық танытып өтті.
«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Алаш көсемі, бұл сөзді айтып қана қоя салған жоқ, өмірлік ұстанымына айналдырды. Қандай қиын заманды, жабылған жала мен азаптауларды көрсе де, алған бетінен қайтпай, ұстанымынан танбай өмір сүрді. Тіпті, 1937 жылы қуғынға ұшырап, абақтыға қамалған сәтінде де жауапкершіліктен жалтармай, өз идеясы жолында құрбан болған. Алаштанушы ғалым Мәмбәтәлі Қойгелі «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Әлихан Бөкейхан бастаған топтың өз идеясына, ұстанымына беріктігі, құлай берілген тұлға екенін айтады.
«Әлекең өз идеясын тұжырымдап, сол ойдың төңірегінде халықты топтастыра білді. Соңына ерген халықтың жауапкершілігі де өз мойнында екенін анық түсінді. Әлекеңдер ұлтының, мұраттас серіктерінің алдындағы жауапкершіліктен ешуақытта жалтарған емес. Бір мысал келтірейін. Отыз жетінші жылы Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылды. Оған тергеуші: «Алаш қозғалысын кім бастады, оның басында кім тұрды?» деп, сұрақ қояды. Әлекең: «Алаш қозғалысын бастаған менмін, Алаш идеясын да айтқан менмін, Алаш съезін, партиясын өмірге әкелу үшін бастамашы болған да мен едім. Екінші жалпықазақ съезінде Төраға болып сайланғаным да рас» деп, бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алады. Қандай қуғын-сүргін көрсе де ол өз идеясын сатқан жоқ, өз ұстанымынан жалтарған емес. Ұлт алдында, тарих алдында жауапкершіліктің жүгін мойнымен көтере білді, керек десеңіз, қанымен өтеді», - дейді Мәмбетәлі Қойгелді. [1]
Қазақ жұрты Шыңғыс ханның дәргейіне бас ұрған сәттен бастап, Ресей империясының отарына айналғанға дейін аралықта елді төрелер басқарып келген еді. Қарапайым қазақ Шыңғыс тұқымын ақсүйек деп әспеттеп, төре деп төріне шығарды. Тұтас ұлттық тағдырын соларға сеніп тапсырып, суырылып шыққанын ақ киізге көтеріп, хан сайлап отырған. Рас, Қазақ мемлекетін қалыптастырған Керей мен Жәнібек, берідегі Қасым мен Есім, Тәуекел, Тәуке, Абылай хандар ел үмітін ақтай білді. Кенесары хан заманауи от қарумен жарақтанған отаршылдар әскеріне жалаң қылышпен қарсы шауып, отарлау қамытын он жылға дейін кері шегіндіргені тағы бар. Әйтсе де, төре тұқымы арасында тұтас ұлттың емес, қарақан басының қамын ойлап кеткендер де болды. Олар Сұлтан атанып, отаршылдардың қызметіне жүгінді. Сөйтіп, арзан атақ пен дүние байлыққа бола ұлтты бодандыққа қиған. Әлиханның «Хан баласында қазақтың қақы бар» деуі осыдан. [2]
Ұлт көсемінің күрескерлік жолына көзжүгіртер болсаңыз, оның әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің ешбірінен кем түспейтінін аңғарған болар едіңіз. Алысқа бармай-ақ, сол дәуірде өз ұлтының азаттығы жолында арпалысқа түскен Мұстафа Кемал Ататүрікпен өзара үндестігін де саралап көруге болады. Екеуі де бауырлас ұлттардың өкілі. Екі лидер де мерзімдік басылымдарды жарыққа шығаруды – оқу-ағарту ісі мен халықты ояту мақсатының жалғасы деп біліп, оған белсене атсалысқан. Ә. Бөкейханның «Қазақ» газетін шығарып, қазақ халқының тарихына орасан зор үлес қосқаны – баршаға мәлім. Ә. Бөкейханның «Қазақ» газетінен басқа да «Иртыш», «Омич» және «Голос степи» сияқты көптеген газет шығарғаны – өте маңызды факт. [3]
Мұстафа Кемаль Ататүрік болса, Анатольядағы қоғамдық мәселелерге күйзеліп, ашынып, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастап газет шығара бастайды. Осы себептен Осман Империясының үкіметі тарапынан қудалауға ұшыраған. Мектеп газеттерінен басқа, «Халықтың Басқаруы» деген мағынаға келетін «Hakimiyet-i Milliye» деген газетті 1920-ыншы жылы Анкарада шығара бастайды. Бұдан басқа, мемлекеттің тәуелсіздігі жолында жүргізіп жатқан күресті халыққа жария ету үшін, Ататүрік зиялы жазушылармен бірге 1920 жылы 6 сәуірде Анатолья агенттігін (Anadolu Ajansı) құрады. Бұл агенттік әлі күнге дейін өз жұмысын жалғастыруда. Бұдан басқа, екі көреген жетекші де әйелдердің құқығын арттыру, оларды оқуға тарту үшін бар күштерін жұмсайды. [4]
Дей тұрғанмен, ұлтқа қызмет ету жолында Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының алдында кедергі көп болды. Бірінші кедергі, әлемдік өзгерістерден, саяси оқиғалар мен ғылыми жаңалықтардан хабары жоқ қараңғы қазақ қоғамы. Екінші кедергі, қазақ даласында өндірс пен білім ошақтарының жоқтығы. Үшінші кедергі, әскер мен заманауи әскери өнерді білетін адамдардың болмауы. Сондықтан да, Алаш Орда үкіметі алғашқы күннен бастап бірнеше бағытта жұмыс істей бастады. Ауыл қазағына баланы оқытудың, білім берудің артықшылықтарын насихаттау, оқимын деген азаматтарға қолұшын берді. Ұлттық буржуазияға арқа сүйеп, халық жасағын, милиция құрды. Бұл туралы Әлихан Бөкейхан: «Асыққанда істейтін ісіміздің ең алды – милиция жасау. Милиция жасау ісіне білгендер білімін, малдылары малын, азаматтар жанын аяп қалмаса керек… Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз. Сондай-ақ, ол өз еңбектерінде мемлекет құрудың әскери жинаумен ғана шектеліп қалмайтынын, ұлттық республика құруда оқу мен білім алудың айрықша маңызға ие екен де естен шығармаған. Сондықтан да, әскер құру мен білім беру ісін қатар алып жүреді.
«Менің ойымша, қазір бар күшті жұмсап қауырт кірісетін екі нәрсе деп білемін. Бірі милиция – әскер жасау; екіншісі – оқу жағы. Әрине, басқалары да өз ағынымен істеле жатар, олар тоқталсын демеймін. Бірақ бұл екеуі өзгелеріне негіз: бірі кейін қала тұруға болмайды» деп жазады Ә.Бөкейхан. [5]
Алаш идеясын ту көтеріп, осы оймен пісіп-жетілген қазақ зиялылары мектеп, университет ашуға, дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеуге, кітаптар мен түрлі оқулықтар жазуға атсалысты. Бұл еңбектердің барлығы Қазақстандағы ғылым мен білімнің дамуына дүмпу беріп, заманауи білім игерген жаңа зиялы буының қалыптасуына септігін тигізді. Алашорда өздерінің түпкі мақсаты – тәуелсіздікке қолжеткізе алмады. Бірақ, бұл олардың еңбегі еш кетті деген сөз емес. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандары ұлттық санын оятып, мемлекеттік алғышартын қалыптастырды. Кеңестік-большевиктік үкіметтің Қазақстанды РКФСР құрамындағы көп округтың бірі емес, одақтас Республика сапына қосу туралы шешім қабылдауына, шекарасын сызып, территориялық тұтастығын бекітуіне ықпал етті. Бұлардың барлығы 1991 жылы ел Тәуелсіздігін жариялауға жасалған алғашқы қадам, нық баспалдақ еді. Егер, ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш қозғалысы болмағанда, ғасыр соңында қазақ тәуелсіздігі туралы сөз қозғалмауы да мүмкін екені тарихи шындық. Әлихан Бөкейхан еңбектеріндегі ұлтқа қызмет идеясының өміршеңдігі де осында. Мемлекет құрып, ұлтқа қызмет ету үшін ең алдымен білім мен ғылымға, ағартушылыққа ден қою керек. Сонда ғана, негізгі ой, түпкі мақсат орындалады.
Қорыта айтқанда, Заманауи Қазақстан Республикасының іргетасын ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Алаш қайраткерлері қалап кетті. Әлихан Бөкейхан хан баласы, төре тұқымы болса да баяғы хандық жүйені қалпына келтіруді емес, демократиялық, республикалық бағыттағы үкімет құруды мақсат тұтты. Ол кісінің ұлт үшін туған ұл екенінің бір айғағы да осы болса керек.
Алаш қайраткерлерінің еңбегі өскелең ұрпаққа өнеге болуы тиіс. Қазіргі білім беру ісінде, әсіресе тарих пәнінде бұған баса мән беріледі. Оқу үрдісін ұйымдастыру барысында, оқушыларға Алаш қайраткерлері туралы толыққанды ақпарат ұсынылып, олардың өмір жолы, қаламынан туған шығармалары таныстырылуда. Сонымен қатар, түрлі дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар мен көрмелер ұйымдастырылуда. Бұлардың барлығы оқушылардың Алаш Орда тарихын толық тануына, Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейхан есімін жандында тұтып, өнеге тұтып өсуіне жол ашпақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:


1. «Ана тілі» газеті., Мәмбет Қойгелді: «Әлихан – ұлт алындағы жауапкершілікке адал тұлға., 4 наурыз 2021 жыл.
2. «Түркістан» газеті., Заңғар Кәрімхан: «Азаттық аңсаған тұлғалар»., 27.12.2019 жыл.
3. Аққұлы Сұлтан Хан. Әлихан Бөкейхан: Зерттеулер, мақалалар және сұхбаттар. Алматы: Ер Жәнібек, 2016.
4. «Қазақстан тарихы» порталы, Гүлжанат Құрманғалиева: Әлихан Бөкейхан мен Ататүріктің тәуелсіздік жолында күресі., 12 желтоқсан 2016 жыл.
5. Жұртбай, Тұрсын. Ұраным - Алаш. Алматы: Ел-шежіре, 2008
жүктеу 22.94 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет