Әлдеқайда үлкен, әлдеқайда ересек екендігіне де қарамадық



жүктеу 233.72 Kb.
Pdf просмотр
бет2/2
Дата10.09.2017
өлшемі233.72 Kb.
1   2

 

Оңаша арал 

 

Түн ортасы ауғанда тас қалада тыныштық орнады. Тоғыз қабатты үйдің 



табанындағы  шағын  кафеден  тынбай  естіліп  тұрған  музыка  енді  ешкімге 

керек болмай қалғанын сезгендей сап тыйылды. Сәлден соң соңғы қонақтар 

есік  алдына  шығып,  такси  күтті.  Күндізгідей  жап-жарық,  кең  кӛшенің 

бойымен ілуде бір зымырап ӛте шығатын бірлі-жарым кӛліктің үні сәт сайын 

қоюлана түскен түн тыныштығына лезде жұтылып кетіп жатыр. 

Қонақтар да біртіндеп-біртіндеп сиреп, әлгі машиналармен бірге сарғыш 

кеңістікке сіңіп барады. Ең соңында қалған екеу – орта бойлы, шымыр денелі 

еркек  пен  талдырмаштау  сымбатты  келіншек,  енді  біз  не  істейміз  дегендей, 

бір-біріне қарап, кідірістеп қалған. 

Үнім  шыға  ма,  шықпай  ма  деп  тексергендей,  тамағын  кенеп,  бір 

жӛткірініп алған ер кісі: 

– Рұқсат болса, мен сізді шығарып салайын, - деді сап-сау қоңыр үнмен. 

Келіншек  үнсіз  келісіп,  оған  жымия  қарады  да,  кӛзін  жұмып,  басын 

изеді. 


–  Ендігі  такси  біздікі,  -  деп  ер  кісі,  оның  оңай  келіскеніне  қуанғандай, 

кӛше бойына үміттене кӛз тікті. 

–  Қажеті  жоқ,  -  келіншек  басын  шайқады.  -  Мен  осы  маңда...  жақын 

жерде тұрам. Бар болғаны бір-ақ квартал... 

–  А-а,  солай  ма  еді...  -  Ер  кісінің  алғашқы  арыны  басылып,  аздап 

абдырап қалғандай болды. 

–  Мен  ӛзім-ақ  қайта  берсем  болар  еді,  -  деді  келіншек  ӛз  тәуелсіздігін 

әлсіз ғана қорғауға талпынғандай ниетпен. - Бірақ ана-а-ау жерде бір саябақ 

бар. Білетін шығарсыз. Содан жалғыз ӛтуге қорқып тұрғаным. 

–  О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, - деді ер кісі шапшаңдата жауап беріп, - 

мен сізді жалғыз жібермеймін! 

Содан  соң  олар  кӛше  жиегіндегі  тротуардың  бойымен  ақырын  аяңдап, 

иық  түйістіре  қатар  жүрді.  Екеуінің  бойы  шамалас  екен.  Келіншек  жігіттің 

қолтығына сүйеніп, сәл иіліп, тақалып келеді. Олар әлгінде кафеде де қатар 

отырған болатын. Екеуі де жалғыз келген соң солай болды ма, әлде күтпеген 

кездейсоқтықтың шапағаты ма, ол жағына ой жүгіртіп те жатпады, бір-бірін 

бұрыннан  танитын  сыйлас  замандастарша  сыпайы  сӛйлесіп,  ептеп  әзіл-

қалжың  жарыстырып,  жарасым  тауып-ақ  отырды.  Кафеден  шыққан  соң  да 

сол  жарасымдылықты  қиып  кете  алмай,  бір-біріне  қарайлап  тұрып  қалғаны 

содан-ды. 



13 

Sauap.org 

–  Қалай, бүгінгі кеш ұнады ма сізге? — деді ер кісі тағы да үйреншікті 

әдетімен тамағын кенеп, даусын тексеріп алып. 

Келіншек әуелі иығын қозғады. 

–   Білмеймін,  -  деді  содан  соң  ұзақ  кештен  шаршағандай  үнмен. 

–  Қазір қырық жасты тойлау модаға айналып бара жатқан сияқты ғой. Бұрын 

қарт  кісілер  қырықты  тойлауға  болмайды  деп  жатушы  еді.  Бірақ  бүгінгі 

тойдың қызықты ӛту, ӛтпеуіне оның зәредей де әсері жоқ шығар, иә. Ал сізге 

ше? Сізге ұнады ма? 

–   Маған,  әрине,  ұнады.  Сондай  бір  кӛңілді,  жақсы  отырыс  болды.  Бұл 

кештің  маған  ерекше  ұнаған  тағы  да  бір  себебі  -  сіздей  әдемі,  тамаша 

келіншекпен таныстырғаны десем, артық бола қоймас. 

–  Ой, ой, - деді келіншек оны жеңіл әзілге қарай бұрып. - Басталды, әне! 

–  Жо, шын айтам. 

–  Мүмкін, сіз маған ғашық болып қалған шығарсыз?! 

Келіншек сыңғыр етіп күлді. 

–  Иә, солай?... - Ер кісі де күлген болды. - Солай сияқты... 

–  Жо-оқ,  сіз  нақтылап  айтыңыз,  «солай»  ма  әлде  «солай  сияқты»  ма?  - 

Келіншек  оны  қолынан  тартып  тоқтатып,  бетіне  күлімсірей  қарап  жауап 

күтті. 

–  Солай,  -  деді  ер  кісі  бірдемені  бүлдіріп  қойып,  қолға  түсіп  қалған 



сотқар баладай қайта-қайта басын шұлғып. 

– О-о, - деді келіншек даусын соза таңғалып. - Ӛткінші жаңбыр секілді 

мұндай қысқа мерзімдік махаббаттар сіздің ӛміріңізде жиі болып тұра ма? 

–  Жо-жоқ,  -  деді  ер  кісі  біртүрлі  абдырап  қалып,  басын  шайқап.  - 

Ӛткінші емес!.. 

– А-а, -деді келіншек даусын құбылтып, кӛзін тӛңкере қарап. -Мәңгілік 

пе 

еді?.. 


Ой, 

кешіріңіз, 

мен 

сізді 


түсінбей 

қалыппын... 

Ер  кісі  оның  әзілін  жаңа  ғана  түсінгендей,  басын  шайқап,  кеңкілдеп  күліп 

алды да: 

– Қайтейін енді, - деді ӛз жеңілісін ашық мойындап, - бар шыным осы! 

       Келіншек  әлдене  деуге  оқтала  беріп  еді,  алдыңғы  жақтан  қарауытып 

кӛрінген  саябақтың  ішімен  ӛтетін  жалғыз  аяқ  жолдың  шетіне  кеп 

іліккендерін  сезіп,  үнсіз  қалды.  Ер  кісінің  қолынан  қаттырақ  ұстап,  жабыса 

түсті.  Саябақ  ішінде  екеу-екеуден  оңаша  отырған  да,  бір  жерге  топтанып, 

темекі тартып, сыра ішіп, музыка тыңдап тұрған да жастар кӛп еді. Олар дәл 

жанынан  ӛткен  ағаштың  түбінде  бір-біріне  жабысып,  ӛліп-ӛшіп  аймаласып 

тұрған қыз бен бала біреулер келе жатыр екен-ау деп айылын да жиған жоқ. 

Қайта  бұлар  жақындаған  кезде,  бізді  кӛрдіңдер  ме  дегендей,  үстеріндегі 

футболкаларын  жанталаса  шешіп,  жартылай  жалаңаштанып  алды. 

Саябақтың сыртына шыққанда барып келіншек «уһ» деп, демін алды. 

–  Құрысын, ӛттік-ау, әйтеуір! 

– Сонша неге қорықтыңыз? - деді ер кісі таңғалып. 


14 

Sauap.org 

–  Уһ...  қалай  қорықпассың,  жер  бетіндегі  сұмдықтың  барлығы  осы 

саябақтың ішінде қайталанып жатқан жоқ па?! 

– О не дегеніңіз, бәріміз де жас болып кӛрдік қой. Түні бойы қыдырып, 

саябақтарды  шарлаған  кезіміз  кӛп  болды.  Соның  бәрі  де  жастыққа  тән 

романтика, қызық емес пе еді... Рас, бүгінгі жастар біртүрлі қаталдау болып 

барады. Әрі... беттері де ерте ашылып кеткен сияқты ма, қалай?.. 

– Ой, айтпаңыз, айтпаңыз, - деді келіншек алақанымен бетін қалқалап. – 

Сұмдық  тегі...  Сіз  бен  біздің  кезіміздегі  саябақ,  айлы  түн,  жұлдызды  аспан 

қайда-а!.. Бұлар ӛмірді мүлде басқаша түсінеді. Қазір ай дегеніңіз  — әскери 

база,  жұлдыз  дегеніңіз  —  бір-бірімен  соғысып  жатқан  планеталар,  ал 

мыналардың  бәрі  -  терминаторлар  мен  киборгтер  болып  кеткен  жоқ  па?! 

Кешіріңіз, сіздің балаларыңыз жас шығар әлі? 

–  А-а,  иә,  -  деді  ер  кісі  ӛзінің  де  балалары  бар  екені  енді  ғана  есіне 

түскендей. - Үлкен ұл алтыншы класта оқиды. 

–  Мінезі сізге тартқан ба? 

–  Қайдам... Ол да мыналар секілді аздап сотқарлау сияқты. Бірақ алма ӛз 

ағашынан алысқа түспейді деуші еді... 

–  Міне,  келіп  те  қалдық,  -  деді  келіншек  тӛрт  қабатты  қызыл  кірпіш 

үйдің  алдына  жеткенде  тоқтап.  -  Мен  осында  тұрам.  Шығарып  салғаныңыз 

үшін мың да бір рақмет сізге. 

– Шайға шақырмайсыз ба? 

–  Жоқ,  -  деді  аяқ  астынан мұңая қалған  келіншек басын шайқап.  -  Түн 

ортасында қайдағы шай? 

–  Иә-ә,  -  деді  ер  кісі  демін  тауыса  шығарып.  Даусында  тереңнен 

қозғалған бір ӛкініш бар сияқты. - Әңгімеміз жаңа ғана жарасып келе жатқан 

сияқты еді. Оның үстіне бүгінгі түн үкінің мамығындай жұмсақ, тамылжыған 

әдемі түн екен. 

–  О-о,  сіз  ақын  ба  едіңіз!  -  деді  келіншек  аздап  таңғалғандай  болып, 

қасын керіп. 

–  Жоқ.  Менің  бүкіл  ӛмірім-математика!  Әйтсе  де  поэзия  мен 

математиканың арасында бір жақындық бар екені рас. 

–  Ол қандай жақындық? 

–  Баяғыда  бір  данышпан  кісі  айтыпты  ғой,  поэзия  дегеніміз  — 

тапқырлық, ал математика — ойлылық деп. 

–  Жүріңіз,  анау  сәкіге  барып  отырайық,  -  деді  келіншек.  -  Аяғыңыз 

талған шығар. 

      Олар  қараңғыда  абайлап  басып  келіп,  аулада  ӛсіп  тұрған  үш-тӛрт 

талдың түбіндегі арқалығы жоқ, жарымжан ағаш сәкіге тізе бүкті. 

–  Ал  енді  әңгімеңізді  жалғастыра  беріңіз.  -  Келіншектің  даусынан 

ойнақы бір наз есті. 

–  І-і,  -  деді  ер  кісі  ернін  жымқыра  ойланып.  -  Енді  сізге...  не  туралы 

әңгіме айтсам екен?.. 



15 

Sauap.org 

– Жаңағы, - деді келіншек жұп-жұмсақ алақанын оның қолына қойып, — 

поэзия мен математика туралы айтыңыз. 

–  Ой,  қайдағы  поэзия,  -  деді  ер  кісі  ӛз-ӛзінен  қысылып.  Жұп-жұмсақ 

алақанның жылуы қолынан ӛтіп, жүрегіне жетіп жатқан тәрізді. 

– Мен қарапайым ғана математикпін, ақын да, жазушы да емеспін ғой. 

Дегенмен,  бүгінгі  түн  кӛңілімді  толқытып,  ӛз  қиялымда  оянған  таңғажайып 

бір аралдың бейнесін кӛз алдыма әкелгендей... 

– Қызық екен, ол қандай арал? 

– Білесіз бе, оны - арал бейнесіндегі адам не болмаса адам бейнесіндегі 

арал деп айтуға болар еді. 

–  .... 

–  Бұл ой... - ер кісі мүдіріп қалды. - Бұл қиял... - тағы да мүдірді. - Бұл 

арман  менің  кеудемде  баяғыда-а  оянған.  Оны  сізге  қалай  бейнелеп,  қалай 

жеткізсем екен? 

–  Түсіне алмайсыз-ау дейсіз бе? 

–   Жо-жоқ,  түсінесіз.  Әрине,  түсінесіз.  Түсінгенде  қандай!  Бірақ  соны 

қабылдай аласыз ба, жоқ па - сол жағын біле алмай, дал болып отырғаным... 

–  Олай болса, айтпай-ақ қойыңыз. 

–   Жоқ,  -  деді  ер  кісі  басын  шайқап,  күлімсіреп.  -  Оны  сізге  айтуым 

керек.  Басқа  ешкімге  де  емес,  тек  сізге,  сізге  ғана  айтуым  керек.  —  Ол  ӛз 

қолының  үстіне  қойылған  жып-жылы,  жұп-жұмсақ  алақанның  сыртынан 

екінші  қолымен  аялай  сипап,  әңгімесін  жалғады.  -  Білесіз  бе...  Апыр-ай, 

қалай  бастасам  екен?!  Білесіз  бе,  бүгінгі  мынау  астаң-кестең,  аласапыран 

тіршілік бәрімізді де шаршатты емес пе?! Иә, қажытты ғой. Содан соң әлгі... 

күнде-күнде  қайталана  беретін  «үй  -  жұмыс,  жұмыс  -  үй»  деген  жаттанды 

маршруттан  да  мезі  боп,  әбден  жалықтық.  Баяғы-ы,  жастау  күнімізде  бұл 

дерт  онша  сезіле  қоймаушы  еді.  Ол  кезде,  сірә,  жүйкеміздің  арқауы  әлі 

босамаған,  мықты  кезіміз  болса  керек.  Кез  келген  отырыс,  кез  келген  бас 

қосуда  құрыс-тырысымызды  жазып,  іштегі  шерімізді  тарқатып  жүре 

беретінбіз. Бір-бірімізге деген әзіліміз де зілсіз, күлкіміз де кірбіңсіз еді. Ал 

қазір мүлде басқаша... Басқаша болып кетті бәрі де. Кеше ғана бірге жүрген 

дос-жаран,  жолдас-жораның  бірі  —  бай,  бірі  —  кедей  бүгінде.  Біріне  менің 

қолым  жетпесе,  енді  бірі  менімен  жүздесуден  қорынып,  сырт  айналады. 

Сӛйтіп  жүріп,  құдай-ау,  бай  -  байды,  кедей  -  кедейді  күндейді.  Сенесіз  бе, 

менде  қазір  адал  дос,  ақ  кӛңіл  жолдас  қалмады.  Кей  күндері  жұмыстан 

шығып,  кӛше-кӛшені  кезіп  ұзақ  қыдырамын.  Алғашқыда  дәл  осылай 

беймәлім бағытпен, беймәлім мақсатпен жүре берсем, жүре берсем, әйтеуір, 

бір күні қарсы алдымнан мен іздеген, әлде мені іздеген беймәлім бір жұмбақ 

адам жолыға кететіндей кӛрінетін... Бірақ, ӛкінішке қарай, оның бәрі де бос 

әурешілік  болып  шықты.  Шынтуайтына  келгенде,  кӛше-кӛшедегі  адам-

ағыстың  ішінен  басқа  біреуді  емес,  тап  ӛзімді,  иә,  ӛзімді  іздеп  жүргенімді 

ұқтым...  Содан  соң  менің  қиялымда  әлі  күнге  дейін  жан  баласы  ашпаған, 



16 

Sauap.org 

адам аяғы баспаған бір оңаша аралдың, тыныштығы шайқалмаған қызылды-

жасылды әлемнің суреті пайда болды. 

– Сіз романтиксіз, - деп жымиды келіншек, - романтиксіз... 

– Иә, біздің бәріміз де белгілі бір дәрежеде романтикпіз. 

–  Сіз  айтқандай,  әлі  ешкім  ашпаған,  адам  аяғы  баспаған  аралды 

аңсайтындар  қаншама.  Бірақ  ондай  арал  қалмаған  болар  жер  бетінде.  Амал 

қанша,  сол  баяғысынша,  «ағыл-тегіл  адам-ағыстың»  арнасымен  сіз  де  қалт-

құлт етіп аға бересіз де, қайтесіз. 

Ер кісі оны ерекше бір мейіріммен, ықыластана тыңдап алды да, енді ӛз 

ойын жеткізуге асыққандай: 

– Білесіз бе, - деді сӛзін қызбалана бастап. 

– Білмеймін, - деп күліп жіберді келіншек. 

–  Ол...  -  деп,  аз-кем  тосылып  қалған  ер  кісі  ежелгі  әдетімен  тағы  да 

тамағын кенеп, бір жӛткірініп алды. - Ол... Ол - мына сіз! 

Содан  соң  орнынан  ұшып  түрегеліп,  ӛзімен  бірге  келіншекті  де 

қолтығынан демеп тік тұрғызды. Екеуі сүйісетін жандардай бетпе-бет келіп, 

мұрын түйістіре қалды. Одан әлдебір шалт қимылды күткен келіншектің демі 

жиілеп, кӛзін тӛмен салды. 

– Қызықсыз... - деді ақырын ғана. - Мен арал емес, адаммын ғой. 

– Сіз... - деді ер кісі де сыбырлай сӛйлеп, - мен үшін достық, сыйластық, 

махаббат  аралысыз.  Міне,  мен  сізді  алыстан  кӛріп,  асығып  жеттім.  Мына 

дүние мүлде ӛзгеріп, жаңаша бір түрге еніп, құлпырып сала берді. 

Ер кісі келіншекті құшағына тартып, ернінен сүймек болып еді...  

Бірақ ол басын алып қашып, қарсылық білдірді. 

– Жо-жоқ... Сіздің жүрегіңізде достық жоқ, сізге тек тыныштық керек... 

– Маған сіз керексіз, мен үшін достық та, тыныштық та, махаббат та — 

сізсіз!.. 

–  Жоқ,  —  деді  келіншек  басын  шалқайта  жымиып.  -  Біз  махаббат 

аралының  тұсынан  әлдеқашан  ӛтіп  кеткен  ескі  кемелерміз.  Достық  та  сол 

аралдың  жағасында  қол  бұлғап  қалған.  Бізге  ендігі  керегі  тыныштық,  тек 

қана тыныштық. Кӛп ұзамай оған да жетерміз-ау... ал, қош-сау болыңыз! 

–  Мен сізді сүйем, - деді ер кісі оны құшағынан босатқысы келмей. 

—  Ой,  мұныңыз  мүлде  артық  сӛз  енді!  Ойланып  айтсаңызшы.  Сіз  он 

тоғыздағы бала, ал мен он жетідегі қыз емеспіз ғой. 

— Сізге телефон шалып тұруға бола ма? 

Келіншек иығын қозғады. 

–  Қажеті қанша... -деді содан соң әлденеден кӛңілі қалғандай. 

–  Маған сіздің даусыңызды естіп жүрудің ӛзі жеткілікті болар еді... 

–  Сонда қалай, бозбала мен бойжеткен секілді бір-бірімізге телефонмен 

сыр айтысып отырмақпыз ба? 

–   Қалай  десеңіз  де,  мен  ӛз  қиялымдағы  оңаша  аралды  жоғалтып 

алмасам  ба  деймін.  Оған  алыстан  болса  да  кӛз  салып,  ынтызар  болып 

жүрудің ӛзі бақыт... 


17 

Sauap.org 

–  Оңаша  арал...  оңаша  арал,  -  деді  келіншек  қайталап.  -  Ол  сіздің  ой-

қиялыңызды  мүлде  шырмап  алған  екен.  Менің  түсінуімше,  сіз  үлкен 

құрлықтағы  қызметіңізді,  атақ-мансабыңызды,  әйел,  бала-шағаңызды 

уақытша  тастап,  ӛзіңіз  ойлап  тапқан  Оңаша  аралға  келесіз  де,  рақаттанып 

демалып,  шаршап  жүрген  жүйкеңізді  тынықтырып,  сосын...  қайтып  кетесіз. 

Солай ғой? 

–  Ол  тек  сырттай  қарағанда  ғана  солай.  Ал  шын  мәнінде  мен  оған 

барлық  кӛрген-білгенімді,  сезгенімді,  жұртқа  айтпайтын  жасырын 

сырларымды  алып  келемін.  Мына  менің  барлық  құпиям,  ішкі  асыл 

қазыналарым сол аралда сақталады. Мен үшін одан артық дос та, махаббат та 

болмақ  емес!  Біле  білсеңіз,  менің  бүкіл  ӛмірімнің  ӛзгелерден  жасырын, 

ӛзімнен  басқа  ешкім  білмейтін  қызығы  мен  бақыты,  мәні  мен  мағынасы  да 

сол арал болып қалмақ, түсінесіз бе... 

Ер кісінің даусы дірілдеп барып үзілді де, ары қарай жалғастыруға демі 

жетпегендей,  ентігіп  қалды.  Әуелде  басын  бір  жағына  қарай  сәл  қисайтып, 

еліте тыңдап тұрғандай кӛрінген келіншек кенет: 

– Жоқ, - деді сап-салқын жауап қатып. - Сіз... сіз ӛте қауіпті романтиксіз. 

Содан  соң  аясы  кең,  бота  кӛзін  тіке  қадап,  сәл  кідірді.  -  Адам  баласынан 

робот,  киборг,  терминатор  жасап  алғысы  келетін  агрессорлардан  сіздің  қай 

жеріңіз  артық.  Олар  адамнан  темір  жасағысы  келсе,  сіз  арал  жасап 

алмақшысыз.  Ол  сізді  күтіп  алып,  барын  алдыңызға  тосып,  жағдайыңызды 

жасап,  ойыңызды  тыңдап,  ойыныңызды  кӛтеріп,  қалаған  уақытыңызда 

шығарып  салып,  қол  бұлғап  қала  бермек.  Солай  ма?  Бірақ...  Бірақ  сіздің 

келуіңіз бен кетуіңіз сол аралдың ӛміріне ӛзгеріс әкеледі-ау деп ойламайсыз 

ба? Алыстан қарағанда тып-тыныш, бейбіт жатқан аралдардың да сырт кӛзге, 

әсіресе  ӛзінен  басқаны  кӛрмейтін  ӛзімшіл  кездерге  байқала  бермейтін 

тіршілігі,  тағдыры  бар.  Ол  да  ӛз  бақытының  баянды  болғанын,  ӛз 

қазынасының  босқа  шашылмағанын,  тек  келіп-кетуді  ғана  білетін 

«саяхатшылардың» табанына басылмағанын қалайды. Оны ескермейсіз бе? 

–  Тәңірім  сақтасын,  -  деді  ер  кісі,  -  мен  сізге  титтей  де  жаманшылық 

ойлап  тұрғаным  жоқ.  Бар  болғаны,  ӛз  кӛңілімнің  қазынасын  сіздің 

кӛңіліңіздегі қазынаға қоссам ба деп ем... 

–  Ӛзгеден  жасырып,  ӛзім  ғана  пайдасын  кӛрсем  деген  қазынада  қасиет 

бола  ма...  Бір  күні  болмаса,  бір  күні  әлгі  Оңаша  арал  да  ӛлі  қазыналарын 

тірілтпек  болып,  сізбен  бірге  құрлыққа  келгісі  келеді.  Ал...  сонда 

қайтпексіз?.. 

–  Неге  ӛйтеді?  Ол  бұдан  бұрын  да  тып-тыныш,  ӛзімен-ӛзі  ӛмір  сүріп 

жатқан арал емес пе еді. 

–  Білесіз  бе,  -  деді  келіншек  ендігі  әңгімені  қалжыңға  айналдырғысы 

келгендей күлімсіреп, - біз ӛмір сүріп жатқан мынау Жер де бір кезде ғарыш 

кеңістігіндегі  Оңаша  арал  болған  ғой!  Содан  соң  Құдай  жұмақ  қызығынан 

жалыққан  екі  пендені  -  Еркек  пен  Әйелді  осында  әкеліп  тастаған.  Олардың 

ұрпақтары  енді Жердің  қызығына  тойынып,  басқа бір  әлем  іздеп  жүр...  Жә, 


18 

Sauap.org 

жарайды, осы тұспалдағанымыз да жетер... — Келіншек сәл шегініп тұрды. - 

Мен,  сіз  ойлағандай,  тып-тыныш,  бейбіт  жатқан  арал  емеспін.  Одан  гӛрі 

қауіптірек,  құпия  аралмын.  Сондықтан,  саяхатшы  мырза,  әдейілеп  келсеңіз 

де, адасып келсеңіз де, қайтып кетер жол жоқ. Ӛйткені менің кӛңілімдегі арал 

— «Барсакелмес!» 

Ер кісі сәл қозғалып, тағы да бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, келіншек 

оның алдын алып: 

–  Ал енді, қош-сау болыңыз! Бүгінгі кеш ӛте жақсы ӛтті,  — деді. - Ол 

үшін сізге кӛптен кӛп рахмет! 

Содан  соң  олар  есік  алдына  келіп,  тағы  да  қол  алысып  қоштасты. 

Мақтадай  жұп-жұмсақ,  жып-жылы  алақан  ер  кісінің  жүрегін  шым  еткізді. 

«Жаным-ау,  шынымен-ақ  алыстап...  алыстап  кетіп  барасың?!»  дегендей  бір 

қимас сезім жан дүниесінде бұлқынып қалғандай. 

Келіншек подъезге кіріп, туфлиі тықылдап жоғары кӛтерілді. Ол ішінен 

санап  тұрды;  екінші,  үшінші,  тӛртінші  қабат...  айтқандай-ақ,  сәлден  соң 

тӛртінші қабаттағы терезе жарқ етіп, «кӛзін ашты». 

Келіншек  аядай  ғана  пәтеріне  кіріп,  дәлізде  бір  қолымен  қабырғаға 

сүйеніп тұрып туфлиін шешті. Сосын ішке ӛтіп, жұмсақ креслоға сылқ етіп 

отыра  кетті.  Ӛзім  жоқта  үй  ішінде  бір  ӛзгеріс  болып  қалмады  ма  екен 

дегендей  телевизор  тұрған  бұрыштан  бастап,  ашық  сары  түсті  гарнитур 

қойылған  қабырғаны  тұтас  шаршаулы  кӛзбен  шолып  ӛтті.  Жоқ,  бәрі  де  сол 

орнында.  Ірістей  ӛзгеріс  байқалмайды.  Тап-таза.  Тап-тұйнақтай.  «Ӛз  үйім, 

ӛлең  тӛсегім»  деген  ой  мизамдай  қалқып  ӛтті  санасында.  Басын  әнтек 

шалқайтып,  рақаттана  кӛзін  жұмды.  «Еркектерге  ермек  керек,  -  деп  ойлады 

содан соң. - Олар бізді ойыншық сияқты кӛреді. Қалаған кезінде қолына алып 

ойнап, қызығымыз таусылған күні лақтырып тастап жүре бермек...» 

Әйтсе де, әлгі бір әзірде ғана айтылған Оңаша арал, құпия ӛмір туралы 

әңгімелер  бәрібір  кӛңіл  түкпірінен  орын  алып,  пеш  түбіндегі  мысықтай 

бұйығып қалып қойған секілді... «Несі бар, басым бос, жалғызіліктімін. Қала 

орталығында жылы да жайлы пәтерім бар. Кӛшеде кездейсоқ кезіккен таныс-

білістердің  кӛзіне  түсіп  қалмайын  деп,  бұқпантайлап  келе  жатқан  байғұс 

«саяхатшыға» есігімді ашып, ешкімге кӛрсетпей кіргізіп алсам, мұнда біздің 

не істеп, не қойып жатқанымызды кім біліпті?.. Сонда бұл жер - Оңаша арал 

болмағанда, не болмақ?..» Ол ӛзін-ӛзі мұқатқандай мырс етті. 

Содан соң орнынан жылдам кӛтеріліп, ваннаға кіріп жуынып-шайынып 

шықты  да,  тӛсегін  ашып  жатып  қалды.  Бірақ  таза  ауада  кӛп  жүргендікі  ме 

әлде  ертең  күн  жексенбі,  қанша  ұйқтасам  да  ӛз  еркім  деген  ішкі  сенімнің 

әсері  ме,  әйтеуір,  кӛңілі  ӛрекпіп,  бірден  сабасына  түсе  қоймады.  Әуелде 

әлденеге  іштей  қуанып,  ӛз-ӛзінен  жымиып  жатса  да,  бірте-бірте  бүгінгі 

кештің  әсері  суып,  жан  дүниесін  жалғыздық  торлай  бастады.  Шеті,  шегі 

кӛрінбейтін  ӛмір  мұхитының  бір  қиырында  ұлы  тіршілікке  қосыла  алмай, 

ұмыт қалған елсіз аралдай кӛңілі құлазып, мүжіліп жатқан тәрізді... 



19 

Sauap.org 

Енді  ойлап  қараса,  бұл  «аралға»  еркек  кіндіктінің  аяқ  баспағанына  да 

біраз  уақыт  ӛтіпті.  Бұрын  жиі  келіп  тұратын,  келген  сайын  кӛңілін  кӛк 

теңіздей толқытып, бірде еркелетіп, бірде ӛкпелетіп, енді бірде жағалаудағы 

маяктай  үміт  отын  жағып  кететін  Ержігіттің  телефон  соғып,  тӛбе 

кӛрсетпегеніне де, міне, үш айдың жүзі болыпты. Ылғи да бір аяқталмайтын 

іссапарлар,  аш  ішектей  созылған  алыс  жолдар  кӛбейіп  кеткен  секілді,  бұл 

телефон  соға  қалса,  қалада  кӛп  болмайтынын  айтып  ақталады.  Бола 

қалғанның ӛзінде, әрине, хабарласпайды. Оны бұл ішкі бір жұмбақ түйсікпен, 

нәзік те сезімтал әйел түйсігімен сезеді. 

Алайда,  соның  бәрін  біле  тұра,  бұл  оның  бұрынғыдай  хабарласқанын, 

бір-екі  сағатқа  болса  да  келіп  кеткенін  қалайды.  Оның  тіпті  есіктен  кірмей 

жатып  қарқылдап  күліп,  бүйірінен  түртіп  ойнап,  «давай,  давай»  деп 

дегбірсізденіп, тӛсекке қарай сүйрейтін есірік мінезін де сағынады. 

Неге?  Неге  сағынады?..  Бәлкім,  соңғы  кӛрген  қызығы  болғандықтан  ба 

екен?  Әлде  бауыр  басып  қалды  ма?  Білмейді.  Әйтеуір,  ол  ӛзінен  бұрынғы 

саяхатшылардың  бәрін  де  киіп-жарып  келіп,  кӛз  алдында  қасқайып  тұрып 

алған секілді. 

Бәлкім,  бұл  оның  сол  ожарлау  мінезін  ұнататын  болар.  Иә,  иә,  солай 

шығар.  Ӛйткені  ол  басқаларға  қарағанда  мұны  ашық  қызғанып,  айналадағы 

жұрттан жасырмай, аңғал да адал кӛңілмен ұнатқан сияқты еді ғой. Бірде ол 

ресторанда  биге  шақырған  жігітке  жұдырығын  ала  жүгіріп,  қызара  бӛртіп, 

тӛбелесіп қала жаздады. Енді бірде удай мас болып келіп, бұл ішке кіргізбей 

қойған  кезде  есік  алдына  түнеп  шықты.  Ал  алдыңғы  жылы...  Жаңа  жылды 

қарсы алатын кеште кӛршілердің пәтерлеріне кіріп, шампан атып, даудырап 

бүкіл  үйді  басына  кӛтерді.  Содан  бері  олармен  осы  үйдің  ӛз  адамындай 

араласып, тонның ішкі бауындай жақын болып кетті... 

Кенет есік қоңырауы бұлбұлдай сайрап қоя берді. Ол ойламаған жерден 

ұрлығы  ашылып  қалған  жандай  шошып  кетіп,  жалма-жан  орнынан  ұшып 

тұрды да, кең халатын жүре киіп, есікке қарай ұмтылды. «Қазір, қазір», - деп 

күбірледі  ар  жақтағы  адам  қашып  кететіндей  дегбірі  қашып.  Ол  тіпті 

«Ержігіт,  бұл  сен  бе?!»  деп  дауыстап  қала  жаздап,  ернін  тістей  қойды. 

(Кӛршілердің бірі болып жүрсе қайтпек...) 

Сонсоң  есік  кӛзінен  сығалап  қарады  да,  «Құдай-ау,  мынау  жаңа  ғана 

қоштасып кеткен кісі ғой» деп, шегіншектей берді. Ол әлі кетпеген екен-ау. 

Есікті  ашарын  да,  ашпасын  да  білмей,  самайына  түскен  бір  уыс  шашын 

қайта-қайта  артына  қайырып,  абдырап  қалды.  Қолы  қалтырап,  жіңішке 

шынжырлы кілтке қарай созыла берді де, шоқ ұстағандай тартып ала қойды. 

Әлденеден үрейленгендей демі жиілеп, жүрегі дүрсілдей соқты. 

Есік қоңырауы тағы да сайрады... 

Жо-жоқ.  Келіншек  басын  шайқап,  шегіншектей  берді.  Аздан  соң 

басқышпен тырс-тырс етіп тӛмен түсіп бара жатқан аяқ дыбысы естілді. Уһ, 

кетті-ау әйтеуір!.. 



20 

Sauap.org 

«Сіз  сияқты  «саяхатшылар»  бұрын  да  келген,  -  деп  ойлады  ол  орнына 

қайта  келіп  жатқан  соң,  -  жайылып  жастық,  иіліп  тӛсек  болып  кӛргенбіз...» 

      Бірақ  соның  бәрі  де  енді  естелікке  айналып,  белгісіз  бір  тұңғиыққа  сіңіп 

кеткен  елестер  сияқты.  Кӛрді  ме,  жоқ  па,  рас  па,  ӛтірік  пе  -  ӛзі  де 

білмейтіндей.  Оның  ойына  жаңағы  кісінің  ӛзін  Оңаша  аралға  теңегені 

оралды.  Бүгінге  дейін  мұхитты  кӛрмесе  де,  кӛз  алдына  шетсіз,  шексіз  кӛк 

айдын  елестеп,  сол  айдынның  бір  қиырында  кіп-кішкентай  боп  бұлдырап 

тұрған аралды кӛргендей болды. Сол арал қазір құлазып, елсіреп тұрғандай. 

Апыр-ай, сен екеуміз тағдырлас екенбіз-ау дегендей бір аяныш сезімі оянып, 

кӛптен  бері  қар  басып,  мұз  қатып  жатқан  жан  дүниесін  алтынкүрек  желдей 

кезіп, ел-сел қып еріте жӛнелгендей. Кӛзіне жас үйірілді. «Білесіз бе, біз ӛмір 

сүріп жатқан жер де бір кезде ғарыш кеңістігіндегі Оңаша арал болған ғой, - 

деген ӛз сӛзі кеудесінде жаңғырып, қайта естілгендей. - Бірақ ол да елсіреп, 

жалғыздықтан  жалыққан  соң,  Жаратушы  иемізден  дәл  осындай  мазасыз 

тірлікті тілеп алған болар...» 

Ол  әншейінде  мына  тіршіліктің  тынымсыздығынан  жалыққан  болып, 

оңашалық  пен  тыныштық  іздеуге  құштар  пенделердің  түптеп  келгенде  сол 

тыныштық  пен  оңашалықтың  үнсіз  азабына  бір  күн  де  тӛзе  алмайтынын 

ойлады. Иә, солай. Солай... Ӛйткені мұнда тыныштық пен оңашалықты іздеп 

келген «саяхатшылардың» бәрі де тӛзімі таусылған күні ӛз құрлығына жетуге 

асықты емес пе... 

Әйтсе де ол ӛзінің шетсіз, шексіз ӛмір мұхитында неліктен жалғыз арал 

болып қалғанын түсінбеді. Ӛзге аралдар қызу тіршілік кешіп, ӛсіп-ӛніп, қара 

қазандай  қайнап  жатқанда,  бұл  неге  бір  қиырда  бӛлек  тұр?.. 

Ақ желкенін тура осылай қарай керіп, алыстан іздеп келетін ақ ниетті, адал 

саяхатшы  неге  келмей  қалды?  Әлімсақтан  бергі  ӛмір  заңына  жүгінсек,  бұл 

аралға да біреу иелік етіп, тіршілік жасап, ұрпақ ӛсіріп, уда-шу болып жатуы 

керек емес пе еді?.. 

Ол  ӛзінің  неден,  кімге  жазықты  болғанын  түсіне  алмай,  расында  да, 

алыстағы  ұмыт  қалған  аралдай  жалғызсырады.  Кенет  оның  кӛз  алдына 

баяғыда-а,  осы  аралға  ынтығып,  аңсап  жетіп,  жолы  болмай,  кӛңілі  қайтқан 

бозбала  саяхатшы  оралды.  Еш  қулығы  жоқ,  тұп-тұнық  кӛздері  күлімдеп 

келіп, сол бұрынғы сүп-сүйкімді, түбіт мұрт, бала қалпында ұяла үн қатып: 

–  Уһ,  Қабылбек  екеуміз  жатақханаларыңды  әзер  таптық.  Никӛлскі 

базардың ар жағына бір шығамыз, бер жағына бір шығамыз. Сӛйтсек, мына 

бұрышта ғана тұр екен ғой. Иә, сабақ қалай? Студент болған қызық шығар, 

ә?!  -  дейді  бұдан  кӛз  алмай,  сүйсіне  қарап.  -  Жүріңдер,  киноға  барайық. 

Қасыңдағы бірге жататын дос қыздарыңды да ертіп шық. 

–  Содан  соң  сендер  ауылға  қалай  қайтасыңдар?  -  дейді  мектепте  бірге 

оқыған балалардың ӛзін іздеп келгеніне қуанып, жатақхананың алдында тал-

шыбықтай майысып тұрған бұның кӛңілі алаңдап. - Кинодан шыққанда кеш 

боп кетеді ғой. Ал біздің жатақханаға түнде бӛтен балаларды кіргізбейді... 



21 

Sauap.org 

–  Жо-жоқ,  біз  ертең  қайтамыз.  Бүгін  осындағы  бір  туысқан 

ағайымыздыкіне барамыз! 

Кейін  білді,  бұл  қалада  олардың  ешқандай  да  туысқан  ағайлары  жоқ 

екен.  Сол  күні  олар  вокзалға  түнеп  шығыпты.  Ал  кинодан  қайтып  келе 

жатқанда  құрбы  қыздары бұларды  әдейі бӛлектеп, оңаша қалдырып кеткен-

ді. 


–  Әттең,  сендермен  бірге  студент  бола  алмағаныма  ӛкінемін,  -  деді  ол 

біртүрлі  мұңайып.  -  Мені  осы  кӛктемде  әскерге  шақырып  жатыр.  Алдағы 

айда, мамырда алып кетеді. 

Сосын ол қалт тоқтай қалып, мұның қолынан ақырын ғана, батылсыздау 

ұстап  тұрып,  мектепте  оқып  жүрген  кезден  бері  жақсы  кӛретінін,  қазір  де 

күндіз-түні ойлап, қатты сағынатынын айтты. 

– Күтесің бе, мені? - деді даусы дірілдеп. 

Бұл  да  ұялшақ,  жас  қыздарға  тән  әдетпен  кӛзін  тӛмен  салып,  сәл  үнсіз 

тұрып: 

– Иә, - деді сыбырлап. 



Ол кезде, расында да, сол бір бозбала жігітті іштей ұнатушы еді. Бірақ 

күте  алмады.  Оның  әскерден  жазған  сағынышқа  толы  хаттарын  жиі  алып 

тұрды. Әуелде ӛзі де жүрегі лүпілдеп, кӛзіне жас алып отырып жауап жазды. 

Дегенмен, бірте-бірте мұндағы ӛмірдің қызығы, би кештерінде танысқан сері 

жігіттердің  тәтті  сӛзі  мен  ыстық  демі  он  сегізге  жаңа  толған  бойжеткеннің 

кеудесіндегі  алғашқы  балаң  махаббат  отын  үрлеп  ӛшіріп,  бас 

айналдыратындай сиқырлы да қараңғы дүниеге жетектеп алып кетті... 

Әскерден  оралған  соң,  сүйген  қызынан  салқын  жауап  алып,  сол  бір 

кинотеатрдың  жанындағы  саябақта  темекісін  тартып,  үнсіз  отырып  қалған 

балаң  жігітті  бұл  содан  бері  есіне  алмағанды.  Ол  баяғы-ы  бір  кезде  кӛрген 

таныс  сурет,  қызық  естелік  сияқты  болып  қана  қалған.  Ӛз  ӛмірінің  ӛткен 

шағын  ойлағанда,  кӛбіне-кӛп  студенттік  жылдарда  ӛзін  ӛкінішке  қалдырып 

кеткен сұлу жігіттің бейнесі оралатын кез алдына. Ол сонау бір кезде гүлге 

оранып, құлпырып тұрған аралға келіп біраз күн тұрып, ұнатып, енді осында 

тіршілік  етіп,  мекендеп  қалу  үшін  керек-жарақтары  мен  жүктерін  алып 

келуге кетіп, қайтып оралмай қалған опасыз саяхатшыға ұқсайтын-ды... 

Одан  кейін  де  жаздағы  демалушылар  секілді  уақытша  келіп,  қызықтап 

кӛргендер болған. Бірақ бүгін, арада ұзақ жылдар ӛткенде солардың бәрінің 

де  ниеті  бұзық,  қара  ниет  қарақшылар  екенін,  ал  бұл  аралға  шын  ниетімен, 

ақ-адал кӛңілімен келген тұңғыш саяхатшы ӛзі екенін анық та айқын сездіріп, 

сол бір балаң жігіттің бейнесі келіп тұрғандай... 

Терезеден  ағараңдап  атқан  таң  белгісі  біліне  бастады.  Түні  бойы  кӛз 

ілмеген келіншектің жанарынан мӛлдіреп бір тамшы жас үзіліп түсті... 

 


22 

Sauap.org 



Кітаппен танысқаннан кейін, оның қағаз нұсқасын сатып алуды 

ұмытпаңыз! 

Сайттағы барлық кітаптар тек танысу мақсатында ұсынылған. 

Кітапті  жүктеп,  мазмұнымен  танысқан  соң,  Сіз  оны  қалдырмай, 

жоюға тиіссіз. 

Кітаптың  мәтінін  көшіре  және  сақтай  отырып,  Сіз  авторлық  және 

аралас  құқықтар  туралы  заңға  сәйкес,  барлық  жауапкершілікті  өз 

мойныңызға аласыз.  

Сайт  әкімшілігі  пайдаланушыларды  кітаптарға  заңды  жолмен  қол 

жеткізуге шақырады. 

 

Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Филология кафедрасы
2016 -> 46-ғылыми-әдiстемелiк конференция материалдары
2016 -> №70 (858) Сенбі, 3 қыркүйек
2016 -> Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж
2016 -> ҚазаҚстан Республикасының Мәдениет Және споРт МинистРлігі МинистеРство культуРы и споРта Республики казахстан
2016 -> Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы тоқсандық журнал 2001 ж шыға бастаған 2016
2016 -> 2016 жыл №89 (8009 ) 12 Қараша сенбі (Жалғасы 3-бетте)
2016 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығЫ

жүктеу 233.72 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет