Əдібай Табылды



жүктеу 5.01 Kb.

бет6/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

           
БІР КҮН ӨТТІ  
 
Сəулесімен  оятты күн  анамыз,  
Сəулетімен жадырап нұрланамыз,  
Уақыт  тез  келіпті қарбанатын  
Бақытты кез тірлікке  тырбанамыз.  
 
Көрем  селдей ағылған  жыр  ғұмырды:  
Терең көлдей зерттеймін бір  ғылымды.    
Көп  іздеймін  табамын  мақсат  шыңын, 
Өткізбеймін  табыссыз нұрлы күнді.  
 

Өтті бір  күн  тағы да туар  ісім,  
Жетті бір  күн, уақыт – құмарымсың. 
Ұлы күнмен  жалғайды ғұмырымды  
Үмітім мен бақытым, қуанышым.  
 
 
         
ҚҰРДАС  
 
Құлын-тайдай жарысып, 
Қуып ойнап  алысып,  
Кейде кейіп,  налысып,  
Қас  қаққанша табысып,  
Бірге өскен жолдасым!  
Қиындықта қолдастың,  
Қиылғанда жалғастың,  
Маған  сүйеу болғансың,  
Өзіңе бас иемін!  
Саған  алғыс үйемін,  
Жанашыр деп,  сүйедім,  
Жаның жақын, сүйемін, 
Сенімен бір  тілегім!  
Бірге соққан  жүрегім,  
Сен  күлсең, мен де күлемін,  
Қадіріңді білемін,  
Сүйенішім-тірегім!  
Бақыт болып  басыма,  
Аман жүрші қасымда!  
 
  
ҚАЗАҚ ТУРАЛЫ ЖЫР 
 
Қазақ деген Бауыржандай батырлар, 
Ғажап ерен тəуеклшіл батылдар. 
Жарқылдаған мінезі бар тым өткір, 
Аңқылдаған Абай сынды ақындар. 
 
Жауы болса, аянбаған алысқан, 
Дауы болса, əділ шешкен қалыс жан. 
Сарабымен сан қиынды шешкендер 
Фараби мен Дулатидей данышпан. 
 
Жауы пысып Москваның тұбінен 

Жанын қысып, ол қуғанда тұңілген. 
Мазақтарын, мақтауында білмей жау, 
Қазақтардың бейнесіне ұңілген. 
 
Анасына балап жерін қорғаған, 
Даласына  құт болып ол орнаған. 
«
Шын дұшпанға- мір оғы!»- деп, қазақтан 
Шыңғысхан да соққы көріп, сорлаған. 
Нағыз қазақ Қажымұқан- балуан, 
Аңыз, ғажап ерендігі алуан. 
Ер сымбатты қазақ өзі танылар, 
Ең қымбатты, аса биік арынан. 
 
Жол салыпты  ғарышына кеңістің, 
Ол халықты дейді- достық, келісім. 
Ер боздағы рейхстаққа ту тіккен, 
Сарбаздары əкелген ел жеңісін. 
 
Орнағанда тəуелсіздік, азат күн 
Бар ғаламға атын жайды қазақтың. 
 
       
ДАСТАРҚАН  
 
Мінекей қазағымның  дастарқаны:  
Бір өңкей дəм  байлығы – ас дарқаны.   
Оңынан  келген мейман құрметіне 
Қолынан  жамбас, жілік,  бас тартады.  
 
Сойыпты, қонақтан  кім  мал аясын, 
Қойыпты қазы-қарта, жал-жаясын.  
Жасапты түрлі тағам үй анасы,  
Ас тəтті: тəбет тартсын, балдай асың..  
 
Ақ нан тұр, қасиетті дəм үлкені, 
Аққан нұр – күніміз ғой нанның тегі.  
Асылдан артық сыйлық, парыз  санап,  
Асынан ағайынның  ал жүлдені.  
 
Дос дарқан дəм басына кеңесуге:  
Дастарқан – достық, бірлік кемесіндей.  
Қасиет-мұнда, шындық, ақыл, өнер...   

Нақыл бар мəңгі қалар  ер есінде.  
 
Досыңның артты пейіл  берекесі, 
Осы күн – үйдің шаттық мерекесі. 
Жаралған дəм-тұз  сыйлы қонақ үшін, 
Əр  адам дос қонағы, ел  еркесі. 
 
 
  
          
ЖАЙЛАУДА  
 
Жайлауда  шақырады шаттық  əні,  
Жайнауда төрт  түлікпен атырабы.  
Күніге  думан-тойға  келіңіз деп,  
Гүлі де басын иіп,  шақырады.  
 
Ақ  басты алатаудың  бауырында,  
Ат басын бұрдық шопан  ауылына,  
Құп  алып  келгенімді, құлдық ұрып,  
Қуанып  құшты досым  бауырына.  
 
Салтымыз  жарасып  тұр, ойынымыз да,  
Бал қымыз,  балқыған дəм тойымызда:  
Ер  екен ел дəстүрін жандай күткен, 
Мереке  болып  кетті тойы қыза.  
 
Алдым да домбыраны керегеден, 
Алдында топтың айттым  зерек өлең,  
Өлеңді кез-келгені құйқылжытты,  
Өнерді  бұл қазаққа  бере берген.  
 
Бар  маңды  дуға бөлеп  тұрды жиын,  
Арналды досқа жырым,  сырлы күйім.  
Ерлерге ет жүрегім  елжіреді,  
Көргенде  дос құрметін,  құрбы сыйын.  
 
Мол  артып міндетімді,  сенімін де,  
Жомарттық биіктетті мені мүлде.  
Өнердің шын  қадірін білген  достар, 
Берермін  мен де жауап  елдігіңе.  
 

             
МЕКТЕБІМ 
 
Мектебім білім  берген  дарынды анам,  
Еккенің  жүрегіме дарын  маған.  
Уақытым  қымбат  маған  өзіңде өткен,  
Бақытты жастығым  ол  жалындаған.  
 
Алғашқы қоңырауға мен  табындым,  
Жалғасты  ол думанымен ел  таңының.  
Сағынам тəтті ғұмыр,  бал  балалық,  
Шадыман  қызық  дəурен, «ең тəуір»  күн.  
 
Сабақтың қоңырауы қағылғанда,  
Тағатың  өз  ойыңнан  табылған  ба?  
Ғарышқа ұшқандай-ақ  болушы едік,  
Жарыса көп бүлдіршін  ағылғанда.  
 
Қиынын  ғылымдардың  жаттап  алып,  
Сүйіндім  ұстазымнан  мақтау алып.  
Ұқсаппын  мен де құйттай білімпазға... 
Кітаптың  қанша түрін  ақтармадық.  
 
Күлімдеп  шат жүретін қауымымыз,  
Гүлім деп  қуанатын ауылымыз.  
Əн өріп,  күй толқытып,  биге бассақ,  
Сəн  беріп  тұрды жастық  сауығымыз.  
 
Өзіңмен өткен  күнім  жазым екен,  
Кезінде жырлап  соны жазып  өтем.  
Сен менің құрметіме қуана бер,  
Мен  сенің  құдіретіңе  тəжім  етем.  
 
 
          
ОТАУ ИЕСІ  
          (
Бақбергенге
Өмір  бақыт  қиыпты үміттіге,  
Өрен  өсті, иықты жігіт  міне.  
Сылаң жүрмей,  үйіме бұрын  қайтты,  
Сырын  айтты сүйіне,  күліп  кіре.  
 
«
Хабарым бар тамаша бүгін» дейді.  

Мамасына оңаша күбірлейді:  
«
Келін» дей ме, жұртым-ай бұл сөзді естіп,  
Əке-шешем  қалайша тірілмейді?!  
 
Атасының  тілегі табылмай ма?  
Əже берген  желегі жабылмай ма?  
Ау,  мамасы,  барыңды шығар  тойға,  
«
Ақ түйенің қарыны» жарылмай ма?!  
 
Балам,  бойла, шырағым,  қалың ойға,  
Отаудың жақ  шырағын, қамын  ойла,  
Ақ отауың–  бөлшегі үлкен  елдің,  
Алға бастар  ел  сені – қалып  қойма.  
 
Келінім де өзіңе  сай ма, күнім,  
Берікпісің  сөзіңе,  ойлан, ұлым,  
Қарқаралы қайын жұрт құтты болсын,  
Отауыңды, жайыңды сайла бұрын.  
 
Отау ісін түйін ұқ, оңай емес,  
Алда қанша қиындық,  талай белес... 
Ер  талпынар  намысын  отқа жалдап,  
Елі мақтар:  табысын талай көрмек.  
 
Отыңды жақ  шуақты, қызығы мол,  
Тірлігіңе  қуатты, қызулы бол.  
Бақыты бар  келіннің  бабын  тауып,  
Тату болсаң, өмірдің қызығы сол.  
 
Ісіне сəт, отаудың  бас иесі,  
Борышың  мол, Отанның жас иесі.  
Рахатың – кең ұяң, өз  босағаң.  
Қадірлей біл отбасы қасиетін.  
 
Сүйген  жарың біреудің қимас гүлі,  
Қайын-жұртың-тіреуің,  сыйлас, ұлым!  
Қасиетте қос ана,  қос əкеңді,  
Бұл бір дəстүр  атадан мирас, ұлым.  
 
Сертін  айтсам  еліңнің баяғыдан,  
«
Жарылқасын  келіннің аяғынан».  

Еңбегі мен құрметі сүйіндіріп,  
Болсын  бізге құрметті,  аяулы жан.  
 
Қос шынардың отауын  халық  білсін, 
Жұраттарым ошағын  танып жүрсін.  
Үйдің  іші жаңғырып  бала  үнімен,  
Шырақтарың  мəңгілік  жанып  тұрсын!  
 
 
 
 
               
ҚЫЗ СЫРЫ  
 
«
Гүлім» - дедің,  мен  саған  күлімдедім,  
«
Күнім» - дедің, назданды үнім  менің. 
Жүрегіме от тастап,  шырақ  жақтың,  
Шыдап  бақтым, сен менен түңілмегін.  
 
Отты көзден  мейірім нұр көргемін,  
Гүл  бергенің толғантты, - сыр  бермедім.  
Мен өзіңе болсам да бұрын  ғашық,  
Сырымды ашып  əлі де үлгермедім.  
 
Бірінші рет  балқыдым  құшағыңда,  
Бір құдірет, шалқыдым, күш  ағынға!  
Енді сені көруге тағат  таппай,  
Қанат  таппай  отырмын ұшарыма!  
 
Қыздың сыры оп-оңай ашылмайды,  
Шашылмайды қыз деген, тасымайды.  
Ұғын  бəрін  көзімнен сез де,  жаным,  
Көз  жанары сезімді  жасырмайды!  
 
    
МЕН ҒОЙЖАНЫМ  
 
Мен ғой, жаным сəріден əн  сап тұрған,  
Таңда қырдан өзіңді аңсап тұрған.  
Сенің үнің келер деп құлағыма,  
Нұр ағынға көз  тігіп,  таң шақырған.  
 
Мен ғой, жаным, таң күтіп, көз  ілмеген,  

Төзім деген таусылды,  сезім ерен.  
Күттірместен жолымды бұл  жазымда,  
Гүл  жазира бағыңа өзім келем. 
 
Мен ғой, жаным, таң нұрын  алып  келген,  
Жанып  келген,  махаббат  танып  келген.  
Ер  жігіттің  арманы қалмас сірə,  
Шарбатына лəзаттың  қанып  көрген.  
 
Мен ғой, жаным, оятқан  жарық  болып,  
Анық  көріп жүзіңді.  Талып,  төніп.  
Күліп  тұршы күн  жақсы уақытыңда,  
Бақытына ғұмырдың  қарық  болып.  
 
Аруларға кім  əнін  арнамаған, 
Ар ма, панам, сенімім  алдамаған.  
Қабыл  алсаң,  сыйым  көп,  келем  артып,  
Сенен артық  шын  бақыт бар ма маған?!  
 
              
КЕЛІНІМЕ  
             
Үржамалға
Есігімнен  енгенде  күлімдеп  ең,  
Есіміңнен айналып  күбірлеп ем.  
Немеремді сүйдірген,  сыйлы балам,  
Сенен  енді  əулеттің  гүлін  көрем.  
 
Келдің жаным  жат  емес  жақыныңа,  
Енсін  жалын  жүрек пен  ақылыңа.  
Тың  көрініп  тұрғанмен отау құру,  
Шын  беріліп  кетерсің  ақырында.  
 
Мен  емеспін  қатыгез қатал  адам,  
Менен есті мейірлі бата,  балам.  
Əдеп  күні жарқырап тұрсын  сенде,  
Əдептіні мақтаған  ата бабаң.  
 
Тайталаспа қайныңның мінін сауып,  
Байқамасын өзіңе  тілің - қауіп. 
Менің  еңсем биіктеп  көкке жетер,  
Мейірленсең енеңнің  тілін  тауып.  
 

Артта қалған  шалалық, балалығың, 
Артқан  саған  бұл  өмір  ана жүгін.  
Зеректігің  бар  болса,  өз  бақытың,  
Керек бүгін  сабыр мен  даналығың.  
 
«
Келін  сөзі келісаптай» керіскенде,  
Елдің сөзін  ақылын  теріс  көрме.  
Ақыл  парқын  ұғынсаң ашудан  без,  
Ашық  жарқын  болайық  көріскенде.  
 
              
ТҰҢҒЫШ  
 
Даусыңнан айналайын  іңгəлаған,  
Дүниеге келгенің  шын ба,  балам?!  
Кемістігім жоқ  енді  отбасында,  
Кемелденем өзімді шыңдап  алам.  
 
Шыңдап  алам  өзімді ұрпақ  үшін   
Атқарысам адамның  ортақ  ісін... 
Неге жылай бересің нəрестем-ау,  
Тірлішіктің  күйінен қорқамысың.  
 
Қорқамысың? Қорықпа,  бақыттысың
Бал шырынын  өмірдің  татып,  түсін.  
Мына жарық  дүние қызық, қымбат,  
Талпына бер  талайлы бақыт  құсым.  
 
Бақыт құсым  түлеп ұш  қанаттанып,  
Жорығына ғүмырдың сан  аттанып,  
Қанатымнан  қайырлып  қалмаймын ба,  
Арманыңды қумасам  талаптанып. 
 
Талаптанып өсе гөр  балам, күнім,  
Тақсіреттен, қайғыдан аман  күнің.  
Жалғасы бол  жасампаз дүниенің  
Жан басы бол  тыныштық  заманыңның.  
 
             
ТЕРЕЗЕ  
 
Ашылмалы терезе күн  жағымда,  
Ғашық  жаным  құдірет  күн-жалынға.  

Асылдарын  жайып тұр  Алатауым  
Асығамын  паркіне гүл-бағына. 
 
Аймалады биігім  ақ бас анам,  
Айналайын ұйығым-бақ босағам,  
Құдіретпен жасалған айдын Медеу, 
Құрметпен қарайды жат та саған. 
 
Алматының бұлқынып ақ бұлағы, 
Алмай тыным күн-түні шапқылады. 
 
Өрнекті шың гүлзарлы орманына,  
Өрлеп жүрсін дегендей шақырады. 
 
Маған бейім ой берген асқаралы, 
Панам деймін алмалы астанамды. 
Көз үйірген керемет біздің Отан 
Өз үйімнен осылай басталады. 
 
 
      
ҚАРЫНДАСЫМА 
              
Мəйкөге
Аманбысың, қанатым, қарашығым, 
Жаңа келді жаныңа жанашырың. 
Көптен күткен сағынып жалғыз ұлын, 
Көріп тұрмын бейнесін анашымның. 
 
Білесің ғой, шырағым, ана сырын: 
Құрбандығы болатын баласының, 
Шапағатын ананың дастан етіп, 
Əңгімемен мені де таң асырдың. 
 
Əкең келіп қонғандай мақтанасың,  
Шешең келіп қалғандай шаттанасың.  
Бал  шырынды туыстық туын  ұстап,  
Бар  сырыңды сен маған  ақтарасың.  
 
Кінə тақты дейсің бе сыйларыңа,  
Қайта-қайта қарайсың  дидарыма. 
Əлде панаң қасыңда болмаған соң,  
Мен жоқ  жерде көп  өксіп қиналдың ба?!  

 
Жаны жарқын, жарқыным – қарындасым,  
Жарқылдап  жүр,  бақытың  арылмасын.  
Сені қорғап жүремін жүрегіммен,  
Қасымдасың қашанда, қанымдасың.  
 
 
    
КӨКПАРШЫ  
 
Құрышпын,  
                    
көкпар тақымда,  
Қуғандар көп-ақ...  
                    
жақында...  
Мəреге жетсең, тұлпарым,  
Жүйрікпін  деуге қақың бар.  
 
Қайрасын  намыс, пырағым,  
Қайшылап қамыс құлағың,  
Зулағын,  
                
тағы зулағын,  
Ізіңде  қалсын нұр  ағын!  
 
Желпінтіп  жібек жалынды,  
Жел  сүйіп  сені,  жалынды.  
Қуырып  жердің  танабын  
Қуып  жет өстіп сағымды.  
 
Ақ  самал  мені өпкендей,  
Мəрбетем көкке жеткендей.  
Ана жер  көзге ілеспей,  
Айналып  билеп  өткендей.  
 
Көкпардан қалу – ерге мін,  
Көкдауыл тұлпар  өрлегін.  
Намысты  қолдан бергенім –  
Намыссыз  ез боп өлгенім.  
 
Пегастай өршіп құжырың,  
Басылмай əсте қызуың. 
Көсіле шауып,  
                          
озудың,  

Көрсете берші қызығын!  
Тақымда көкпар, ер -еге: 
Қарқында, тез жет сөреге. 
 
          
АЛАТАУЫМ  
 
Алатауым-менің биік мəртебем, 
Алыптардай айбарлы шың, бар төбең. 
Бақытымның алғаш болған куəсі, 
Баурайында қанат жайған қарт емен. 
 
Кеудең жұпар, кербез төсің керілген, 
Шыңдарыңмен күн шапағын теріп ем. 
Құзар құздар бұлтпен ойнап, күн сүйіп, 
Орман-шашың тарам-тарам өрілген. 
 
Естіледі сенен ғажап сыршыл үн, 
Абай болып елестейді бір шыңың. 
Жамбыл атам сен емес пе, ақсақал, 
Көріп тұрмын көкке өрлеген жыр шыңын. 
 
Сол шыңдарға жету үшін тырбанам,- 
Өмір жолы асуындай шырғалаң. 
Қажетіңе жарау үшін, жыр айтып, 
Биігіңе келе жатыр бір балаң. 
 
 
    
ЖЫР ТУРАЛЫ СЫР 
 
Əлдилеген ананың жырын естіп, 
Əн билеген даланың сырын естіп, 
Шартараптың, өңірдің күйін шертіп, 
Салтанатын өмірдің құрып өстік. 
 
Жаттағамын тіл шыға халық жырын, 
Мақтанамын сол əнге салып жүрмін. 
Өнерлінің өнерін қасиеттеп, 
Өлең-жырдың нəріне қанып жүрмін. 
 
Жырлай жүріп ерлігін батырлардың, 
Жырдан ұғып ерлікті батылдандым. 

Ар жалынын от жырмен тұтандырып, 
Арманымның шыңына батыл бардым. 
 
Жырсыз өмір мəні жоқ, тіл аздырған, 
Нұрсыз өңір сияқты құлазыған. 
Көріп жүрмін қызығын өлең сөздің, 
Көңілімнің шуағы-жыр қазынам. 
 
Көңіл шіркін тым жиі кірбендейді, 
Өмір шырқын сол кезде жыр емдейді. 
 
Сыршыл үні жүректің отын қозғап, 
Тіршілігі бар елде жыр өлмейді. 
 
 
 
 
           
КƏРІ  САРБАЗҒА 
 
Отан үшін отқа түскен батырсың, 
Отан ісін бастап бара жатырсың. 
Қоғам жүгін көп арқалап келесің, 
Командирім – менің сергек ақылшым. 
 
Жүр етіңде жарқыншағы бомбаның, 
Сыр еттің де алапатың болғанын: 
«
Ойран құрысын ! Бейбітшілік болсын! » деп, 
Ойлап жүрсің келешектің мол қамын. 
 
«
Жаным менің садаға,- деп, - арымнан!» 
Жалын едің кегің оқ боп жарылған. 
Тəлім бердің біз өсеміз жарқылдап, 
Туған елдің қылышындай жанылған. 
 
Айқасқанда сұм ажалмен мың рет, 
Шайқасқанда жауға болдың  құдірет. 
Ар сынаған арпалыстың еріне, 
Барлық адам көрсетеді құрмет. 
 
Болаттайсың жігерің күш, əрі нық, 
Жолатпайсың, 

                  
сенен аулақ кəрілік.  
Мақтанамыз сен бұйырған жұмысты, 
Атқарамыз ағымыздан жарылып. 
 
 
   
ЖҮРЕГІМ  МЕНІҢ 
 
Ата десе, алып ұшқан жүрегім, 
Бата берсе, бақыт таптың, үдедің. 
Ана десем, алауладың елжіреп, 
Бала десем, оған бақыт тіледің. 
 
Жанып тұрған жалындайсың жарыма, 
Жаным құрбан деп соғасың аруға. 
Жан досымның берілгенсің еркіне, 
Қандасымның дақ салмайсың арына. 
 
Арқаладым адамдардың намысын, 
Бар талабым- еңбегімнің жанысың. 
Біз – үміткер досшыл, көпшіл жандармыз, 
Ізгіліктер өзегіңнен табылсын.  
 
Мен адаммын  ет- жүректен жаралған, 
Ел – анамның қызметіне жараған. 
Ыстық отын – махаббатты жандырып, 
Күш- қуатым, жүрек, сенен тараған. 
 
Күтінгенің бақыт,  бірлік əманда, 
Лүпілдедің жақсыға да жаманға. 
Бұл əлемнің əрбір жүгін көтердің, 
Бұлан едің, жан- қуатың аман ба? 
 
Соқ, панашым, соғасың – ау тым ыстық, 
Тоқтамашы, кідірмеші тыныс қып! 
 
            
АРМАНЫМ 
 
Күнді құштың қанат боп қыял маған, 
Күннен ұшқын алуды қыялдағам. 
Өрлетуге мақсаты талпынбаса, 
Жер бетіне қалайша сияр адам. 

 
Ісі бітпей өмірден қалған жаман, 
Кісілік пе кеміске арланбаған. 
Аналарша махаббат отын бағып, 
Даналарша ой іздеп, қарбанбаған. 
 
Ардан туып, мақсатым биіктеуде, 
Арман қуып келемін биіктерге. 
Асуыңды, арманым, асар едім,  
Асылымды бере алсам сүйікті елге. 
 
 
Арманым – мың, іштегі сырларым да, 
Арманымның арқауы – тырбануда. 
Келмес небір қызықтар тіршіліксіз, 
Көнбес өмір ырғалып – жырғалуға. 
 
Мен тегін ой ойламан, ұққын, елім, 
Еңбегім ғой арманға мықты сенім. 
Алдағы күн жемісін əкелсін деп, 
Арманымның жолымен нық жүремін. 
 
 
     
УАҚЫТ ТОЛҒАНТАДЫ 
 
Уақыт, жүйріктігің жарығымдай,  
Тоқтамай құйғытты күн, арыным-ай! 
Асығып, өткеніңе өкінемін,    
Бақытқа жетуіме сабыр қылмай. 
 
Бір күннен бір күнімді артық көрем, 
Сондықтан сыншыл күйді тартып келем. 
Мен үшін құйғытқаның қуаныш па, 
Ғұмырдың минуттарын сарқып келем. 
 
Зымырап алға менен озып кеттің,- 
Қолымды арманыммен созып жеттім. 
Бағаңды сезінем де құлшынамын, 
Кейбірде өзіңнен де озық еттің. 
 
Көбінше жарысыңнан қаламын да, 

Ажырап алысыңнан, қалам мұңға. 
Өзгелер сынап алды соным үшін, 
Өзіңнен сыбағамды аламын ба? 
 
Уақыт, жүрсем екен сенен қалмай, 
Парқыңды білсем, жетем саған талмай. 
Таусылған тағат та мұң үміт озса, 
Қуаныш сағаттарың  маған балдай. 
 
    
АҚ ШОҚЫМ - БИІГІМ  
 
Күнім сенен шығатын күнде жайнап, 
Жүрдім алғаш шың атын күн деп ойлап. 
Таңда жұлдыз жұратын шығарып сап, 
Аппақ шоқы тұратын күнге бойлап. 
 
Бөбек едім көркіңе ғашық болған, 
Еркең болдым еркіндеп, тасып-толған. 
«
Күн ұясы» сенде деп келдім алғаш, 
Күнсіп өттім өрмелеп тасты жолдан. 
 
Дегендейсің: шын ием, келіп жеттің, 
Сонда менің дүнием кеңіп кетті. 
Алатаудың шыңына көз жіберіп, 
Арманымның нуына еніп кеттім. 
 
Тұнғыш рет ғарышқа жайдым құшақ, 
Арман самғап алысқа, айды құшпақ: 
Күнім қашық болса да нұры менде, 
Нұрымен де марқайтты ойлы бұл шақ... 
 
Асқарыңнан əлімді оқып едім, 
Аспаныма шығардың шоқым менің. 
Қалың ойға қандырдың құдіретіңмен: 
Жалын бойда: сезімнің отын өрдім. 
 
Анамдайсың, Ақшоқым, аялаған. 
Панамдайсын сағынып саялаған. 
Күш ағынды табиғат тарту етті: 
Құшағымды құлшына жаям саған. 
 

    
АҢСАУ  
 
Қарақат көзіңді, 
Қалжыңды сөзіңді, 
Алаулы сезімді  сағындым. 
 
Іздесең, гүлім, сен,  
Шадыман үніммен, 
Шалқыған жырыммен табылдым. 
Аңсадым күніге, 
Зарымды гүліме 
Жеткіз деп күніме табындым. 
 
Оймақ от ерніңмен, 
Ып-ыстық лебіңмен, 
Балқыттың деміңмен , жарқыным, 
Жаралдың бағыма, 
Келші, кел тағы да, 
Төзімді сағына сарқыдым. 
Сен-оты жүректің, 
Сезімге  нұр ектің, 
 
Өзіңмен бір өтсін бар күнім! 
 
БАЛАЛЫҚПЕН ДИДАРЛАСУ 
  
Талғамайтын асы көп, 
Таңдамайтын досы көп. 
Балалығым, армысың, 
Жасыл бақтай жайнаған, 
Жаз бұлбұлы сайраған 
Лала гүлім бармысың! 
Ойламайтын уайымды, 
Ойға бай тым пайымды  
Дара күнім, армысың! 
Білместігі болса да 
Білгішсінген соншама, 
Шалалығым бармысың? 
Қатері көп өмірден, 
Қапері жоқ өлімнен 
Бала күнім армысың! 
Көп ырыңның бірі жоқ, 

Көңілнің кірі жоқ 
Адалдығым, армысың! 
Сүйген елге мақталған, 
Сүйегімде сақталған  
Адамдығым, бармысың! 
 
 
БОЗЖОТАМ МЕНІҢ 
 
Қамқадай көркем өрімнен, 
Қастерлі биік төрімнен 
Қарасам ыстық көрінген 
Киелі шыңым- Бозжотам, 
                              
Сүйеді сені бозша таң.       
Адам боп көзді ашқаннан, 
Анаммен алға басқаннан, 
Алатау-менің баспанам, 
Күш алып əсем көркіңнен, 
Еркең боп өстім еркін мен. 
Қараспан таудың басына  
Қараумен өстім жасымда. 
Құмарлық артып асылға, 
Көкірегіме құйып құт, 
Көркейтті мені биіктік. 
Өмірді күнде тойладым, 
Өнерге мен де тоймадым. 
Өзіңнен сонда, Бозжотам,     
Өшпес сый алдым ойға тəн. 
Əкемнің өскен ордасы, 
Шешемнің жатқан торқасы. 
Қырыңның қымбат əр тасы, 
Алдыңа келді өз ботаң, 
Аяла мені, Бозжотам. 
 
          
ДЕЛЬФИНДЕР  
 
Ялтада- Қара теңіз жағасында , 
Таңғалдым табиғаттық жарасымға. 
Дельфиндер жүзіп келіп, анталады , 
Дегендей: «Сəлем ерлер қаласына». 
 

Адамның сеніп келіп мейіріне нық, 
Адамша қуанады мейірленіп. 
Ойқастап, жақындықты жаны сүйіп, 
Ойнады кейі қашып кейі төніп. 
 
Барады дельфин достар шоршып ойнап, 
Осылай еркіндікке толсын аймақ! 
Теңізім-телегейлім, далам, тауым, 
Бостандық құдіретіне болсын айғақ! 
 
 
 
 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал